23.05.2023
  180


Автор: Мұстай Кәрім

Еті сенікі, сүйегі менікі

Айналаны боз қырау басқан таңертеңгілікте Үлкен шешем мені мектепке алып кетті. Мен одан оқшаулау, қыраулы шөп үстімен жүріп келемін.


"Баланың оқитын кезі келді, жылқы қысқы тебінге кеткенде тоғызға толады, — деді ол Кіші шешеме — Мұғаліміне әлде өзің ертіп барасың ба?" Кіші шешем менің көзіме ұзақ қарап тұрды да: "Өзің ертіп баршы, бәйбіше, сен сөйлесе білесің ғой..." деді.


Мектеп сайдың ар жағында, Мешіт көшесінің төменгі басында. Мен оны сыртынан кергенмін. Ішіне кірген емеспін әлі. Кіруге де асықпаймын. Маған не бар ол мектепте? "Оқығанның бәрі молда болмас, шоқығанның бәрі қарға болмас" деді әнеугүні Уәлетдин, балалар сабақ оқу туралы соз қозғағанда. Рас айтады. Оқығанның бәрі молда болып кетсе, атқа пішен кім салар? Онысы оз алдына, пішені болса, салушы да табылар-ау. Ең жаманы: молдадан жұрттың бәрі қорқады. Албасты сияқты кісі қорқытып өмір сүргеннің несі жақсы...


— Менің молда болғым келмейді, — дедім мен неге айтқанымды өзім сезбей қалып.


— Неге олай дейсің, қалқам?


— Оқи-оқи молда болып кетіп, артынан өкініп жүрсем...


— Құдай қаласа, молда бола қоймассың. Мұғалім боларсың, әлде жер өлшеуші. Әйтпесе, іншалла, үй толы соқырдың арасында көзі ашық кісі боларсың, — деп түсіндіріп берді Үлкен шешем. — Надан кісі бүл заманда соқырмен бірдей. Біз бәріміз наданбыз, балам. Сондықтан бізді, қара халықты, қара қойға санайды.


— Бүгін бармайық мектепке, ертең барайықшы! — дедім мен кенет тоқтай қалып. Осы кезде менің көз алдымда мектеп толы қара қой қаптап кеткендей болды. Олар бірін-бірі баса көктеп, жамырасып жатқандай.


— Бүгін тек төбемізді көрсетіп, тізімге тіркеліп қайтамыз. Сабақ бір аптадан соң басталады, — деді Үлкен шешем, жолда келе жатып.


Үлкен шешем айтқанынан қайтпайды, жолынан бұрылмайды. Біздің алдымызда ғана қайыстай қатқан баласы Ғылметдинді ертіп темірші ұста Ағлам кіріп кетті мектепке. Мен сол Ғылметдинді танимын. Тым жуас па, әлде ақылы қысқа ма, жүрген бір бозай, құйттай балалардан да қорқады.


Үлкен шешемді Махмуд деген мұғалім құрақ ұша қарсы алды.


— Келіңіз, апай, мархабат! Мында отырыңыз, мына жаққа... Ағлам ағайдың баласын тіркеймін де...


— Жарайды, біз асықпаймыз, — деді Үлкен шешем, — балаң бойшаң екен, Ағлам, игілігін көргейсің.


Ағлам онымен қол алысып көрісті де Ғылметдинді жетектеп, мұғалімнің алдына барды. Баланың шұқыр желкелі қылдырықтай мойны үзіліп кетсе, тықыр басы еденге домалап түсетіндей. Қалайша ілініп түр екен сол бас?


— Мінеки, Махмуд, — деді ұста қарлыққан дауыспен, — үлкен ұлымды әкелдім, еті-майы сенікі, сүйегі мен терісі менікі. Арам етпе, адам ет.


Мен алғаш "ет" дегені не, қайдағы "май" екенін түсінбей тұрдым. Түсінген кезде шыдай алмай, ішек-сілем қатты, кейін зәрем ұшты. Былайша да көйлегінің ішінде сүйегі салдырап жүрген Ғылметдинді, міне, қандай қасірет күтіп түр? Егер Махмуд менің де етім мен майымды сорып алып, терім мен сүйегімді ғана қалдырса ше?... Қазір-ақ тұра қашқым келді.


— Жарайды, қолдан келгенше, ақылымыздың жеткенінше тырысып бағармыз, ағай, — деп сендірді мұғалім.


Әлгілер шығып кетті. Мұғалім қалың кітабына мені де тіркеп қойды.


— Міне, мұғалім, баламды өзіңнің қолыңа сеніп тапсырамын. Өжет, өкпешіл, ерке мінезді, бірақ көңілі нәзік, жалған сөйлемейтін бала. Сенің қолыңда басынан бір тал шашы түссе де риза емеспін, келісе алмаймын. Кешірмеймін. Осыны күн бұрын ескерткенім, — деді Үлкен шешем. Дауысы баяу естілгенімен, қатаң сезілді.


— Бұл жайында мүлдем қам жемеңіз, апай, имандай сертім, — деп Махмуд тағы да орнынан тұрды, — өзің сияқты құрметті ананың баласына тырнақ та тимес. Абыржи көрмеңіз тіптен.


— Айтқанды тыңдағаныңыз үшін рақмет, мұғалім! — деді Үлкен шешем, — Осылай бастан түсінісіп алған жақсы. Қош болып түр.


Мектепке пәлендей таңырқай қоймадым. Бөренеге жабыстырылған түрлі-түрлі қағаздарға да, қара тақтаға да, қара парталарға да таңданбадым. Мұғалімнің көгілдір көздері де ұнамады маған.


Оның "имандай сертім" дегені де, неге екенін қайдам, көңіліме қона қоймады. Әйтеуір, қайтып кеткеніміз жақсы болды.


Мұғалім бәрібір сөзінде тұрмады. Рас, тырнағын тигізбесе де, одан басқаша тәкит жедім. Оқу басталып, үш-төрт күн өткен соң үзіліс кезінде жасырынбақ ойнап жүріп, пештің қуысына жасырынғаным үшін менің құлағымды жұлып ала жаздады. Бұдан соң мен шаппаның ұшымен ойып, "К" әріпін жазғаным үшін ұзын ағаш сызғыштың қырымен қолымның сыртынан қойып қалды. Үшінші рет басқа біреудің кесірінен тәкит жедім. Менен кейінгі қатардағы әлде Хамитжан, әлде Ғылметдин мені түртіп ойнап отырған, қара тақтаға бормен жазып тұрған мұғалім мұны көріп, әлгі қылжақбасты бормен ұрғысы келген. Бор менің маңдайыма сарт етті. Тіпті көзімнен әлдеқандай дөңгелек ұшқындар жарқ етті. Мұғалімнің өзінің де зәресі ұшты: мені алдарқатып, жұбатуға тырысты. Мен әдейі жыламадым, ашуымды ішке сақтаған болып.


Өзімше көптен көңілімде жүрген ниетіме жеткендей, ендігәрі мектепке келмеуді ұйғардым. Бұл жағдай қар жауып, таудан шанамен сырғанау, Шәйхаттардың темір конькиін бір тиынға жалдап, Ақ Жұмағұлдың көшесінен құстай ұшып түсетін кезде болған еді. Ешкімге ештеңе айтпай, мен білім алуды тоқтаттым. Сол үзіліс екі жылға созылды.


Екі жылдан соң қарындасым Сәлисәмен бірге мен тағы да бірінші сыныпқа келдім. Мені ең кейінге, қарындасымды ең алдына отырғызды. Бізді жап-жас апай оқытады. Алғашқы күндері бізді таяқша сызуға үйретті ол Менің қарындасым бір таяқшаны сызады да, мұғалімге қайырылып қарамай, маған жүгіріп келеді. "Аға, дұрыс па?" деп сұрайды. Мұғалім көрмеген болады, мен ыңғайсызданып қаламын.


Екі жыл бос жүргеннің орнын бір қыста толтырдым. Көктемге салым ана жылы бірге оқыған жолдастарыма келіп қосылдым. Бәрі таныс, тек мұғаліміміз басқа.


Ал әлгі қыстың, мен оқымай кеткен бірінші қыстың аппақ қарының үстіне коп өтпей қып-қызыл қан тамды. Әуелі тамып тұрды да, жосыла ағып кетті... 





Пікір жазу