23.05.2023
  97


Автор: Мұстай Кәрім

Ескендірдің Асхаты

Асхаттың көшесін "Губернатор көшесі" дейтін жұрт. "Мұнда губернатордың өзі тұрады екен-ау" деп ойлап қалмаңыз тағы. Баяғыда, шамасы, осыдан жүз жыл бұрын, осы көшенің ортасынан үш ат жеккен күймелі арбасын күмбірлетіп, губернатор құйғытып өткен көрінеді. Сол дөкей төренің күймесінің шаңдағына шомылғанына қуаныштан жүрегі жарыла жаздап, төбесі көкке жеткен қарашылар осы көшені Губернатор көшесі атандырыпты. Алайда бар болғаны бес үйдің басын құрайтын құйттай тығырықтың "Ешкі оймақ" деген аты да оңай ұмытылмағанын айтқан жөн. Губернаторлар, байлар, төрелер төрден түсіп, биліктен қалған заманда "Ешкі ойнақты" қайта жаңғыртқысы келгендер де болған. Әйтсе де "губернаторлар" кез келген үйдің қоқырында ешкілер күйсеп жатқанына қарамастан, мұндай ыңғайсыз атты қабылдамады. Ауылдағы "Тоңмұржа", "Үшәтеш", "Байғыз", "Сарқырама" атанған көшелерден "Губернатор көшесінің" шоқтығы биік емес пе? Басқа көшелерден мешеулік, надандық, топастық иісі мүңкіп тұрады.


Бұл көшенің екі ерекшелігі бар-кедейлік пен тәкаппарлық. Бес үйдің төртеуіне ешкі мен тауықтан басқа түк бітпеген. Тек Асхаттың үйінде ғана соқыр бие, жалғыз сиыр мен тай өгіз бар. Кедейлік бұлардың ата-бабаларынан қалған мұра, .таңдайларына талай татыған. Ал тәкаппарлық десе, бала-шағасына дейін шетінен шікірейіп, шіреніп шыға келетін паң. Кілең губернатордың әулеті сияқты шынында. Ылғи даңғой, мақтаншақ. "Губернатордың" қайсысын сөйлетіп қарасаң да өзгеде жоқтың бәрі өздерінің қолында тұрғандай. Соққан бөрісі өгіздей, ұстаған жайыны бөренедей, атқан үйрегі тырнадай. Тек өздеріне шыр жұқпайтыны, қолдары құтаймайтыны қызық. Тіпті бөсетін жөні жоқ ақсақ Шәрәй да қызып кетсе, жыртылып-айырылады. "Ақсақтың аяғы тынбас" — деп мен туралы айтқан ғой. Ярман соғысынан алып қайтқан ағаш аяқтан жарығаным-ай: талмайды, ауырмайды, тоңбайды, терлемейді. Өзге екі шабата тоздырғанша, өзімізге сыңары да жетеді" деп соғады.


Кішкентай кезімде Губернатор көшесі маған ит арқасы қиянда жатқандай көрінетін, онда тұратын әр адамның өз алдына қызық құпиясы бар сияқты еді. Сол мақтаншақтардың ерсі қылықтарын мен кейін өсе келе түсіндім. Тәкаппарлық олардың құралы, қорғаны, арқа сүйер тірегі екен. Басқалардың дүние-мүліктеріне, атағына, дәулетіне қарсы қояр бірдеңе болуы керек қой. Сондағы тапқан айласы тәкаппарлық түге. Кедей-кепшік, тәкаппар, аңғал "губернаторлар!" Мен сендердің бәрінді де сағынып, есіме аламын-тірілеріңді де, өлілеріңді де...


Сол "губернаторлардың" біреуі Асхат еді.


...Мен Губернатор көшесімен қыр астына бұзау іздеуге кетіп барамын. Қақпасының алдында зығырдың сабағындай аппақ шашы күн шапағына малынған Асхат түр. Көздері де зығырдың гүліндей көкпеңбек. Мен оны танитынмын. Тек осы кезге дейін бір рет те бірге ойнамағанбыз. Өзіме тас лақтырса, әлде тілін шығарып мазақтаса, "Кіндік" деп әжуалай қалса, жауап қайтарғалы дайындалып келемін.


— Әй, бала, бері қарай кел былай! — деп айқайлады ол


— Өзің бері кел. Мен бұзау іздеп барамын, — деп тұрған орнымнан тапжылмадым.


— Қорықпа, тимеймін, — деді Асхат. Мен қайырылдым. Қажеті болар деп оң жұдырығымды түйіп, қолымды арқама қайыра ұстадым. Екі көзі көгілдір сәуле шашқан "зығыр бас" маған қарай өзі келе жатты. Келді де жаюлы алақанымен мұрнымды басты.


— Ненің иісі?


Мен сасқанымнан аузымды жұма қойдым. Ниеті бұзық болса, алақанын емес, жұдырығын иіскетер еді. Төбелес шығаратындар сөйтеді.


— Айтшы, ненің иісі? — деп қайталады.


— Иттің иісі, — деп аузына қойып жібергім келді, тек ақсия күліп тұрған соң тимедім. — Жоқ, ештеңенің иісі шықпайды, — деп басымды шайқадым.


— Жақсылап иіскеші, — деп қоймады ол, — танауыңды бері әкелсеңші...


Жарылып кеткен лас алақанын иіскеп көрдім. Тек ненің иісі екенін айыра алмадым.


— Әй, сен де, — деп кекетті мені Асхат. — Соны да білмейсің-ау. Көмеш иісі, майға піскен көмеш иісі. Жаңа ғана көмеш жеп шыққанмын.


Мынауысы қызық екен-мақтануын қарашы! Көмеш жегеннің несі таңсық!


— Жесең жепсің-дағы. Мен бұзау іздеуге барамын.


— Мен де саған бұзау іздесейін бе?


— Іздессең, жүре ғой...


Шұңғыл сай деген жерге жеткенде Асхат екеуміз қол ұстасып алдық. Лезде-ақ бір-бірімізге үйренісіп, шүйіркелесіп кеткенбіз.


— Әй, тоқташы, шалбарымның қалтасында томпайып тұрған не мынау?


— Қатқан нан.


— Өтірік, тас шығар.


Miнe, сенбесең, деп мен қалтамдағы қолақпандай қара нанды шығарып көрсеттім.


— Бұзауды алдауға алып шыққанмын. Мінекей...


Бұзауға бергені несі, оны былайша да айдап қайтпаймыз ба? Одан да нанды өзіміз соғып алайық.


— Ау, жаңа ғана майға піскен көмеш жедім деп мақтанғаның қайда...


— Көмешке тамағың тоя ма, оны қара нанға қосып жегенге не жетсін.


— Ау, неге қосып жемедің?


— Қара нан болмады...


Өмір деген ғажап қой. Біреулерде кілең көмеш, қара нан жоқ, біреулерде қара нан бар да көмеш жоқ. Біздің үйде көмеш тек жұма күні болады. Асхат менің қолымдағы қара нанға жұтына қарады да, тамсанып, ернін сылп еткізді.


— Мә, жей ғой, — деп нанның сынығын ұсындым. Нанды қақ бөліп, жартысын қайтып берді. Мен басымды шайқадым.


— Қара нанға қызықпайтын адамды көріп тұрғаным осы, — деп сидиған сидам сирақтарын созып, шөп үстіне отырды. Тізесіне көйлегінің етегін жазып, асықпай нан жеуге кірісті. Етегіне түскен нанның ұсағын қағып алып жей берді.


— Нанды түрегеп тұрып жеуге болмайды, — деді ол, — түрегеп тұрып жесең, тіпті тоймайсың. Ұсағы жерге түссе күнә жасағаның. Күнәң үшін өлгенде тозақ отына өртенесің. — Ол соңғы түйір нанды шайнап жұтты. Тек орнынан тұруға асықпады. Тамағы тойып, көңілі көтерілген соң қызық бір әңгіме бастады.


— Әкем айтады, бұрынғы өткен заманда салт атты бір патша далада кетіп бара жатыр екен дейді. Бара жатып қарны ашыпты. Қойнындағы нанын алып, ат үстінде жей бастапты. Мұршасы болмаған көрінеді асыққан патшаның. Соңғы түйір нанын жей бергенде бір ұсағын жерге түсіріп алыпты. Патша аттан секіріп түсіп, әлгі ұсақты іздепті. Іздей беріпті, іздей беріпті. Үш күн, үш түн еңбектеп, іздемеген жері қалмапты. Қалай іздесе де таба алмапты. Төртінші күні үйіне қайтса, бүкіл сарайы қайғырып отырған үстінен шығыпты. Осыдан тап үш күн бұрын патшаның ең сүйікті ұлы суға кетіп өліпті. Құдайдың бұдан да жаман кәріне ұшырармын деп қорыққан патша әлгі нан ұсағы түскен жерге қос мұнаралы мешіт салыпты, — дейді. Бұдан соң оны құдай жарылқап па, жоқ па — онысын қайдам...


Қайдағыны біледі-ау, қу бала! Шықылық-шықылық етіп тас төбемізден бір дүркін сауысқан ұшып өтті. Мұны білем: алақанат сауысқан балапандарын ұшуға баулып жүр. Өткен аптада ғана қара торғайлар мен қарлығаштар балапандарын ұшырған болатын. Бүгін сауысқандар ұшырады. Дереу бір тасты ала салып, сауысқандарды көздеп лақтырдым.


— Сауысқан, сауысқан, жұмыртқасын тауысқан!


— Тиіп кетсе қайтесің? — деп атып тұрды Асхат.


— Тисе, тие берсін, сандуғаштың балапаны емес қой.


— Сауысқанға да өз балапаны аяулы. Оның да жаны бар. Дүниедегі барлық заттың жаны бар-ағаштардың да, тастардың да, өлең шөптің де... жаны болмаса, өмір сүре ала ма олар? Біздің саусағымыз кесілсе қызыл қан ағады, ағаш бұтағы қырқылса, ақ қан ағады. Темірге темірді соқсаң, шықылдайды ғой, солай емес пе? Темірдің шықылдағаны-жылағаны.


Білмейтіні жоқ бұл Асхаттың. Адам ба өзі? Оның ақ шашы, көкпеңбек көзі, сары кірпіктерінен күдіктеніп қалдым. Осы маңайдағы аппақ бала бір өзі-қара тауықтың ұясында өскен үйректің үлбіреген аң балапаны сияқты. Бесікте жатқанда пері айырбастап кетпеді ме екен? Пері оз баласын қалдырып, кісі баласын алып кететін көрінеді ғой. Қой, олай емес шығар! Пері баласына мұндай ақыл, мұндай жақсы болу қайда!


Біз Шұңғыл сайды да, Терең сайды да түгел аралап, Таудың ар жағын айналып шықтық. Жөкелі қол орманына жеттік, Мүкіш бұлағынан су іштік. Талай бұзауға кездестік, әйтеуір, біздің Ақмаңдайдың ізін де таппадық. Арып-шаршап үйге қайттық. Қайтып келсек, Ақмаңдай біздің шарбақтың көлеңкесінде маңқиып жатыр. Дереу қақпаны ашып, бұзауды қақпайлай қуып, қораға қамадық.


Лашықтың сыртында айналақтап жүрген Үлкен шешем мені мақтап жатыр.


— Бәрекелді, балам, есейіп, ержеткенің, қолғанат болғаның ғой енді.


— Мен емес, апа, есейген мына бұзау ғой...


— Онда екеуіңнің де есейгенің.


— Апа, мынау Асхат деген бала. Маған бұзау іздеуге көмектесті.


— Оған да рақмет. Ендеше үшеуің де үлкейгенсіңдер. Қоймаға барып, қонағыңмен салқын қатық ішіңдер.


— Нанмен ішейік пе?


— Нан осында.


— Жарайды, мен қайтайын енді, — деп міңгірледі Асхат, — үйде жұмыртқа пісіріп қойған шығар.


Мұны есіткен Үлкен шешем қулана жымиып, Асхатты жібермеуге тырысты.


Ас-асқа, әp астың орны басқа. Жұмыртқаға да орын табылар. Қатық құйған тостағандарыңа бір қасықтан қаймақ қос. Соңғы сөздерін ол маған арнап айтты.


Асхат көп жалындырмады... Лашықтағы салқын саяда қатықты сылқытып соқтық. Қонақ тостағанын жалап қойды да, бір жаңалық айтты:


— Бағана көмеш жедім дегенім шылғи өтірік. Ашыққан соң өзімді алдарқату үшін айтқаным ғой. Жұмыртқа да солай. Екі аптадан бері күніне бір рет пісірген атала көжемен күн көріп отырмыз. Әкем мешіттен келмеді, ағам қалаға кеткен. Үйдегі тіріліктің бәрі ЬІбырай екеуіміздің мойнымызда. — Енді оның дауысында манағы тәкаппар тоқмейілдіктен түк жоқ. Алдымда шүйкедей шал өзінің мұң-зарын қақсап отырғандай. — Қазір денемізде титтей де май қалмаған. Кеше Ыбырай екеуміз қарнымызды біраз күнге қыздырып жаттық. Жылт еткен май көрінбеді. Содан ағамды мазақтап өлең шығардым. Ешкімге айтпайтын болсаң, оқып берейін.


— Нан ұрсын, айтпауға ант етемін! — дедім мен.


— Былай да, ант бермесең де сенемін.


Ыбырай жатыр мақтанып, Күнге қарнын қақтанып, Екі қадақ май шыққан Шарбысына шаттанып.


— Тамаша. Ыбырай не деді бұған?


— Шабата тігетін қалыппен қақ маңдайдан қондырды. Шекем ісіп кетті. Жазылар, мәңгі тұрар дейсің бе, бірақ мына өлең есте қалады. Оны қалыппен ұрып құрта алмайсың.


Асхат аңқылдаған ақ көңіл бала екен. Бар сырын жайып салды.


— Менің қосалқы атым "Сары маса", — деді ол — Түріме, тіліме қарай қойылған ат. Тілім ащы. "Барлық пәле тілден" дегендей, осы тілімнен жазып жүрмін.


Бұл атағымнан ұялмаймын. Бір жерім кеміп қалар дейсің бе? "Сары маса" дегенде не тұр...


— Менің де қосалқы атым бар, — дедім одан қалғым келмей. — Тек жұрт айтқанда ұялам.


— А-ха-ха!-деп шек-сілесі қатып күлді Асхат. — Сенің атың керемет — Кіндік! Дүниедегі ең қажетті нәрсе Кіндік қой. Арбаның қаңқасын ұстап тұратын не? Арысы, кіндігі! Ең құрметті, атақты адамды не дейді? "Жердің кіндігі" дейді. Бұған қоса, сенің ауылда бөбек туған сайын үй-үйді аралап жұрттан сый көретінің сол кіндіктің арқасы!


— Тағы айта берсең төбелесемін, — деп ескерттім мен.


— Өй, әумесер, сенің атыңды маған берсе, мақтанар едім.


— Мақтанатын түгі жоқ, — деп шорт кестім мен, ол да сөзді созбады.


Әйтсе де, "Кіндікті" Асхаттың аузынан есіткенде пәлендей ызаланбадым. Оны қайырып тастағаным жақтырмағандықтан емес, "қонақ, жөніңді біл" дегенді ескерткенім еді. Ал басқалар айтса, жыным келеді. Таяуда Хамитжанмен қораздай қырқысып, қанға батқанымыз сол үшін ғой. Бірақ "Кіндік" келе-келе тістесең де, тырнасаң да айырылмайтындай мықтап жабысты. Түбінде ол мені жеңді, жеңілгенімді мойындадым...


Бір күн ішінде Асхат мені баурап алды. Үйіне қайтып кеткен соң оны сағына бастадым. Осыдан соң біз ажырамас дос болып кеттік.


Асхат өмірде бағы жанбаған сорлы. Өмір бойы басы шырғалаңнан шықпады. Құрбан айтының алдында басына бірден екі қасірет тап болды.


Мал өрістен қайтқан кезде шарбақтың бір шетінен шығып, Асхаттың үйіне бардым. Ағасы Ыбырай екеуі қораға малын қамап жатыр екен. Өгізі қораға бірден кірді де, сиыры кегежектеп, жоламай қойды. Жалынса да, шыбықтаса да қасарысып қалды. Қорасынан безген-ау, шамасы. Айласы қалмаған Ыбырай сиырдың үстіне мініп, қораға кіргізгісі келді. Бұған да көнбеді. Сиыр кенет мөңкіп қалды да, абайсызда тақымы бос шабандозды үйіліп жатқан қоқырдың үстіне алып ұрды. Өз обалы өзіне. Кісіге күліп, қылжақтауға құмар ғой, сазайын тартсын.


Інісі табан астында тақпақ шығарды:


Атың арық, Ыбырай!


Артың жарық, Ыбырай!


Қос мүйізді тұлпарың.


Жүйрік екен, сұмырай!


ЬІбырай Асхатқа кезін бақырайта тап бергенде, інісі дереу жалтарып:


— Өгіз күшті ме, сиыр күшті ме? — деді.


— Өгіз! — дедік біз Ыбырай екеуміз қабаттасып. Еркек кіндіктің күшті болатынын құйттай бала да біледі.


— Жүріңдер, онда сиырды сүйреп кіргіземіз.


— Қалайша?


— Құйрығын өгіздің құйрығына байлаймыз!


Ыбырай маубас бала. Мұндай қулық оның үш ұйықтаса түсіне кірмейді. Бірақ інісіне бой бермеуге тырысты:


— Қыстырыла кететін, найсап! Бұл ақылды өзім де тауып тұрғанмын. Ағаңның шаужайынан алғанды қайдан шығардың?


— Жай айтып жатқаным ғой.


— Ағаң аман жүрсе, қор болмайсың, бауырым, біздің бас сарқылмас қазына ғой, — деп мақтана жөнелді "губернатор" қоқиланып. Мұны менің көзімше әдейі айтып түр. — Бар, әкел өгізді!


Асхат жуас ала өгізді сиырдың қасына айдап келді. Ыбырай олардың құйрықтарын мықтап байлады. Асхат өгіздің мүйізінен ұстап, ақырын қораға қарай тартты. Төрттағандап кері шегінген сиыр тұрған орнынан тапжылмады. Өгіз өжеттене тартып, омыраулап алға ұмтылды. Екеуінің құйрықтары да созылып, жіңішкеріп кетті. Демеу болар деп Ыбырай ұзын шыбықпен өгіздің жонынан шықпыртты. Бірдеңе шырт етті. Жалт қарасақ, өгіздің құйрығы бір қарыстай болып шолтиып қалыпты. Жұлынған жерден қан бұрқ етті. Өгіз ышқына өкіріп жіберді де, қораны басына көтеріп, ауланы шыр айнала шапқылады. Үйдің қасындағы қисайып тұрған шарбақтан шапшып, құлатып кетті. Өлердей қорқып, есінен танған сорлы сонау қыр астына қарай шығына қашты.


Үшеуіміз өгіздің ізінен тұра жүгірдік. Тек оны іңір түсе кері алып қайттық. Құйрығының ауырғанына шыдай алмай, шаба-шаба сілесі құрыпты. Басын да көтере алмайды. Аузынан сілекейі шұбырып тұр.


Басына сәлдесін орап, мешітке құптан намазына баруға шыққан Ескендір ағай бізді қақпа алдында қарсы алды. Манағы өгіз оқиғасын Асхаттың апасы көріп тұрғанды. Бәрін әкесіне жеткізген болуы керек, шамасы. Сондықтан Ескендір ағай әй-шайға қарамады:


— Мынау қай иттің тапқаны? — деп қолындағы өгіз құйрығын шолтаң еткізді.


— Асхаттың тапқамы, — деді Ыбырай, — үш ұйықтасам түсіме кірмейтін нәрсе, әке.


— Ә, тағы да сен тапқан екенсің ғой! Әкең жақсы, шешең кейуана, өзің төбеттен туған күшіксің!


Мешіт сағалайтын діндар қарт шамданған шақта талай дөрекі, былапыт сөздерді айтып салды да, кенже баласының құлағына шап беріп, екінші қолындағы өгіздің жуан қанды құйрығымен Асхаттың арқасын осып-осып жіберіп, қораға қарай дірдектете сүйреп кетті. Құптан намазының орнына қарт қайыстай қатқан арық баласын естен танғанша сабады. Ыбырай табан астында зым-зия жоғалып кетті. Асхатта үн жоқ, тек өгіздің құйрығы суылдап, арқасына шырпылдап тиіп жатыр. Тастай қараңғы. Ақырында қораның ішінен Ескендірдің ақ сәлдесі сумаң етті.


— Саған не керек мұнда? Бар, үйіңе қайт! — деп жекірді маған. Бірақ қайырылмай кете берді. Есік алдындағы құманды теуіп, ұшырып түсірді де, үйге кірді.


Мен Асхаттың қасына жүгіріп бардым. Ол үйілген қидың үстіне құлашын жая етпетінен құлапты. Ара-тұра солқылдап қояды. Не дерімді білмей, аңқиып тұрмын. Бас жағына тізерлеп отыра қалдым. Ол ақырын қолын созып, менің тіземді сипады. Сол сәт тап түбімізден Үлкен шешемнің мені шақырған дауысы саңқ етті.


— Мен мұндамын, апа!


— Қайдасың?


— Қораның ішінде отырмын. Ескендір ағайдың қорасында! — Дауысым шыққанымен, тұрып кетуге әл-дәрменім жоқ па, әлде зейінім жетпей ме, мелшиіп отыра бердім.


Үлкен шешем қораның аузына келді.


— Кісінің қорасында не бітіріп отырсың, тастай қараңғыда?


— Асхатты әкесі өлтіре сабады. Өгіздің құйрығы үшін. Тұра алмай жатыр.


"Өгізі несі, құйрығы несі?" деп тәптіштеп бір орнында тұрмады шешем. Қараңғыда қарманып жүріп ыңырсып жатқан Асхатты тапты да, ақырын қолынан тартып тұрғызды.


— Жүр, балам, үйге барайық.


— Ойбай, арқам! — деп айқайлап жіберді Асхат. Үлкен шешем оны қолынан жетектеп, үйге алып кірді.


Ескендірдің төрінде соқыр шам жылтырап түр. Үйдегі жан біткен шымылдықтың ішіне тығылған ғой, шамасы. Селт еткен дыбыс жоқ. Ескендір бір қуыста сәкі үстінде тасбиқ санап отыр.


— Тасбиғыңды қоя тұршы, Ескендір! — деді Үлкен шешем даусын көтере түсіп. Анау тыңдамады. — Саған айтам! — деп нығарлады шешем. — Шал тасбиғын тастамады, тек санағанын қойды. Алға созылған екі қолының саусақтары тасбиқ тізбегін ұстаған қалпында сіресіп, қатып қалды.


— Келіңіз, жеңгей. Хош келіпсіз... — деді тісінің арасынан ысылдап. — Төрлетіңіз.


— Иманың бар ма сенің? — Ол Асхаттың борша-борша тілінген арқасын ашып көрсетті. — Нағыз жыртқыш екенсің сен. Хайуан да өз баласын осылай сойып тастамас. Сен хайуаннан да қаталсың. Құдайдан қорықпасаң, адамнан ұялсаңшы. Осы қаныпезерлігіңе қарамай, мешітте намаз оқығаның құрысын!


— Тәңіріңнің әміріне тіл тигізбе, жеңгей. Құдайдың қарғысына ұшырарсың...


Сен адам баласын ренжітпе. Адам қарғаса, көріңде де тыныш жата алмассың.


Үлкен шешемнің бұлай ашуланғанын мен бұрын-соңды көрмегенмін. Балапанын қорғап, бөктергіге шырылдай жүгірген мама қаз сияқты. Әрі өз балапаны емес қой. Өз балапаны емес деймін-ау... Үлкен шешем Асхаттың да кіндік шешесі еді.


— Байқа, — деп ескертті ол қартқа, — ендігәрі маңдайына шертпе баланың. Оның көңіліне қазір дық салсаң, кейін азап тартасың. Жазаның жаманы-әке мен баланың өшпенділігі.


Ескендір қарт одан әрі егеспеді. Басқа біреу оған осылай тіл тигізіп, шымбайына батырса, шаптығар еді. Менің Үлкен шешеме қарсы тұра алмайды. Ауылда оның бетіне келер бір жан жоқ.


— Әй, шымылдық ішінде кім бар? — деп дауыстады Ескендір. — Қонақ келгенін есітпедіңдер ме, немене? Самауыр қойыңдар!


Бір қуыстан бірдеңе тысыр етіп, бірдеңе салдырлады, бірақ ешкім жауап қатпады. Үлкен шешем Асхатты қолынан ұстап, сәкіге отырғызды да, біз қайтып кеттік.


— Өгіздің жұлынған құйрығы жетіле ме, апа? — деп сұрадым мен қайтып бара жатқанда.


— Жетіледі. Бәрі де жетіледі. Тек үзілген үміт пен қалған көңіл түзелмейді, — оның осы соңғы сөздерінің мағынасын мен, әрине, терең түсіне алмадым.


Екінші бәле Асхатқа ертең құрбан айт деген күні келді. Көшенің барлық баласы мейрам күні түстен кейін Ақманай көліне ат жалдауға бармақ болып, күні бұрын уәде байласқанбыз. Мұртаза ағам маған көк айғырды бермекші. Ақманайға ат жалдаудың өзі тамаша. Оған барғанша әр бала өз атының жал-құйрығын тарақпен тарап, тікенектен тазартады, тіпті қыздардың бұрымы сияқты өріп қояды. Әсемпаздар әлгі бұрымдарға түрлі-түрлі жемелік қосып өреді. Біздің үй мұндайды ұнатпайды. Мен көк айғырды бойым жеткенше жерде тұрып, бойым жетпегенін үстіне мініп тарап, сылап-сипадым да Асхаттың үйіне кеттім. Асхаттың арқасындағы жараның қабыршақтары қара қотыр болып түсе бастады, бетіндегі қарайып қалған жерлері де сарғыш тартып келе жатты. "Не болды?" деп сұрағандарға ол: "Өгіз сүзді" деп жауап қайтаратын. Маған да солай деуді өтінді. Бар айыпты байғұс өгіздің басына аудара салатынымыз неліктен екенін қайдам? Бұған ақылым жете бермейді әлі.


Қораның ортасында күйеуге ұзатылатын қалыңдықтай жасандырып, сәндеп қойған сыңар көз қара бие маңқиып түр. Бие емес, өн бойы сурет. Қос құлағына кестелеп тігілген шашақты бет-орамалдар байланған, тіпті алдыңғы аяқтарына ақ шүберек оралған, жалына қызыл ала жемелік қосып өрілген, құйрығына ірілі-уақты теңгелер тағылған. Қара сүліктей жылтылдап тұр. Әттең, көзі жалғыз. Ол да түлен түрткендей тынымсыз жыпылықтап, ірің ағады, қасқа. Мұндай мол жиһаз қара биеге қайдан келді екен дейсіз бе? Шамасы, балалар екі апасының сандығын сарқа ақтарған болуы керек. Бәлкім, бұлай емес шығар. Апалары қолынан беруі де мүмкін. Ажал аузынан қалған Асхатты екеуі де мүсіркеп, қатты аяйтын.


Осылай әшірепілеп сәндеген қысқа мойын, салпы қарын қара биенің жөкеден ескен ноқтасын екі жағынан Ыбырай мен Асхат ұстап, тақпақ айтып, секіре билеп жүр:


Шу, қара жорға! Шу, қара жорға!
Аққу мойын, бұраң бел,
Желдей жүйткіп, желдей жел
Шу, қара жорға!
Тоты құйрық, тік құлақ,
Бір адымы бес болар.
Оны мінген шабандоз,
Хан қызына кез болар.
Шу, қара жорға! Шу, қара жорға!
Алтын тұяқ, жібек жал!
Бір жалт етіп қарап қал!
Қарап қал; қарап қал!


Мұнша мақтағанда қара бие тіпті басын да шұлғымады, құйрығын да қимылдатпады, міз бақпай тұра берді. "Қарап қал, қарап қал!" деп жалынғанда сәл селт еткен сияқты. Шамасы, осынша марапат-мадақты жақтырмаған-ау. Асхат жаққа басын жалт бұрып, абайсызда оның сол құлағын түбінен тістеп, қыршып түсті. Қап, ертеңінде құрбан айты еді...


Сөйтіп, биылғы мейрамның берекесі қашты. Мен қан түкіріп жаттым, досым өмір бойы сыңар құлақ болып қалды.


Көп ұзамай Үшәтеш көшесіндегі Қадырқұл қарттың жеті жылдан бері бедеу жүрген жас зайыбы ұл тапты. Мен соңғы мәрте осы шілдехананың дастарқанынан сый көріп, рақаттанып бөбек моншасына түстім. Қадырқұл атай шаруасы күйлі кісі, туған-туысқаны да толып жатыр. Шашу мол, жұрт қаймаққа қарық болғанымен, үй иелерінің көңілі көтеріле қоймады. Енжар қарсы алды жұрт баланы. Үлкен шешемнің бір кемпірмен ас үйде сыбырласып айтқан сөздеріне қайран қалдым.


Кескініне қарашы, айнымаған құзғын ғой, — деді әлгі кемпір.


— Кімнен туса да дүниеге келген пенде, — деді Үлкен шешем, — Өз тілегімен келді дейсің бе, өзгелердің тілегімен келген, бірақ бәрібір өзі үшін туған, оз тағдырын ала туған. Жылы шыраймен қабылдаңыз. Шүбәланып, шек келтірмеңіз, күллі руыңыз ұятқа қалар. Қағып-соғып ренжітпеңіз, обалы бар-ды. Кім білсін, бәлкім, киелі бала шығар. Тіпті пайғамбардың қайсыбірі осындай жеңіл жүрістен жаралған көрінеді.


Басым қатты: құзғыннан айнымайтыны несі? "Жеңіл жүрісі" қалай? Әлде бұл баланы біреу құс ұясынан тауып алды ма десем... Әй, қайдам! Бөпені "құдықтан алады-мыс" әлде "тырнаның ұясынан тауып алады-мыс" деген ертегілерге сенудің заманы өткені қашан. Адамның қалай туғанын да, кімнен туғанын да білеміз енді. Сондықтан "құзғын" дегені ақылға сыймайды-ау. Осы ақылға сыймас нәрсенің сырына бірнеше жыл өткен соң қандым. Байқап қарасам, бәрі де қарапайым-ақ жай екен...


Қадырқұл қарттың сыртынан айтылған өсектің бір ұшы құзғын атанған Ысмағұлға тірелетін тәрізді. Екеуінің арасында салалы сай бар, сайдың түбінде жылтырап ағып жатқан жылғашық бар. Сай онша терең емес, жылғашығы онша кең емес. Қадырқұл қарт қалаға үн сатуға кеткен түндер онша қараңғы да, онша жарық та болмаса керек. Адаспай көрісерлік, оңаша сырласарлық, әйтеуір, ойдағыдай болған ғой сол түндер. Ау, қайдағыны соғып тұрмын мен мұнда! Не болғанын көзіммен көріп, құлағыммен естіппін бе? Қой, кісінің сөзі кісі өлтірер деген бар...


Есмырза есімді бала ай өсерін күн өсті. Өскен сайын Қадырқұлдың жан-жүрегін баурап, сүйікті перзентке айналды. Есмырза алғаш ат жалын тартып мінгенде Қадырқұл құрдастарына қызық бір хикая айтыпты. "Есмырзаның шешесі келіншек боп түскен көктемде, — депті ол, — менің картоп егетін бақшамда бір алма ағаштың шыбығы когсріп шықты. Қолымнан көшетін тігіп, не тұқымын еккен емеспін. Тұқымын құдайтағаланың құдіретімен жел ұшырып әкелген. Қанша қырау, қанша шыққа малынды әлгі нәзік шыбық. Ыстыққа күйді, суыққа тоңды. Сонау қыстағы сұрапыл боранда алма ағаштарының үлкендері үсіп құрыды. Мынау аман қалды. Небір қиындықтармен алты жыл арпалысып, жетінші жыл көктемде тәңірі маған кенже ұлымды сыйлады. Ақ жарылқап, күн туды".


— Пай-пай,-деп бас изейді көпті көрген көнелер. — Алма ағаштың хикаясын қарт өзі айтпай, мұны оның тілімен өзгелер шығарған-ау, шамасы...


Солай болуы да ықтимал. Талай кездессем де Қадырқұлдың өз аузынан есіткен емеспін мұндай сөзді. Әйтеуір, Есмырза қайғы-қасірет көрмей өсе берді...


...Осы Есмырзаның сыйынан мен Асхатқа да біраз сарқыт әкеп бердім. Екі қалтамды сықай толтырып, бал қосқан шақшақ алып қайтқанмын. Бір қалтамдағыны қарындасым мен ініме бөліп бердім де, екіншісіне тимедім. Кешке таман көк айғырды төбенің сыртына жаюға бара жатқанда Губернатор көшесі арқылы жүрдім де, Асхаттың ауласына соқтым. Ол да қара биесін мініп шықты. Терең сайдың ар жағына шығып, аттарды шідерлеп жіберген соң көк шалғынға көсіліп жаттық. Досыма арналған сарқытты шығармақшы болып қолымды қалтама салсам, бал қосқан шақ-шақ езіліп, шалбарымның бір жамбасына жабысып қалыпты. Қалтамды теріс айналдырып, әрең дегенде сыпырып алдық. Сарқыттың тең жартысын Асхат өзіме қайта ұсынды.


— Кеңірдегіме келгенше тойғанмын, міне, — деп аузымды ашып көрсеттім.


Ол кәдімгі әдетінше шақ-шақты асықпай шайнауға кірісті.


— Бүгін тағы да бәлеге қалдым, — деді ол шұнақ құлағының орнын сипап.


— Неге?


— Өлең шығарғанмын. Таңертең тұрсам, әкемнің бет-аузы қаздың мамығынан көрінбейді. Түнде жастығының тысы жыртылыпты. Мен табанда мына өлеңді суырып салдым:


Әкейімнің міндері —


Пыр-пыр ұшқан жүндері.


Әкем тозып барады,


Міндерінен ілгері.


— "Ой, жағың қарысқыр!" деп айқайлап, көн шарықпен қойып қалды. Жанды жеріме доп тиді. Бүктеліп түстім. Өзім де өсермін-ау, тілімде тікенім бар.


Ақ бас, шұнақ Асхат бірден қарағанда бір тұтқасы түскен самауырдан айнымайды. Батып бара жатқан күн шапағы сол самауырдың бүйірінде құбылып ойнағанда оның шашын да жалтыратып жіберді. Төбенің баурайына үлбіреген көк торғындай көгілдір арай жылжып келе жатты.


— Анау көгілдір арай, — дейді Асхат, — көктен түседі. Күні бойы күмбезі қызады да кешке таман одан көгілдір арай шашырап, төңірекке көк тозаң шашады.


Әрине, дұрыс айтады ол Әйтпесе, қайдан шашырасын мұндай көгілдір арай? Жерден көтерілсе, бу болып бұрқырар еді ғой. Жер беті әлдеқандай мұңды тыныштық құшағында маужырап жатыр. Жоғарыда бұлт, төменде жел жоқ. Таяу тұстағы тоғайдан әлдекімнің өте мұңды, өте зарлы әні әлгі тыныштықты тіліп өтті. Атты кісі-ау, шамасы. Жаяу келе жатқан кісі мұндай еркін, мұндай зарлы әнді шырқай алмас еді. Мен өзім де атқа тақымым тисе, көңілім көтеріліп, шерімді тарқатам, әлде қатты мұңаямын.


Біз әннің тек соңғы сөздерін анық есіттік.


Шортан өрлер, судың еріне,


Кісі кірмес, кісі көріне...


— Шайхының баласы Рамазан бұл — Асхат әншіні даусынан тани кетті. — Әкесі марқұмды жоқтағаны ғой.


Бәрін біледі Асхат...


Осыдан бір апта бұрын болған оқиға бүкіл ауылды тебірентті. Кашафетдин мен Шәйхүлла атты ағайынды екі кісі Лекаревка деген орыс деревнясының қасында Дим өзеніне көпір салып жатыр екен. Кәпір енді-енді бітті дегенде Кашафетдин жаңсақ басып, суға құлап түскен. Жүзу білмейтін ағасын құтқармақ болып Шәйхүлла Димге секірген. Сүңгіп кетіп, қайтып шықпаған. Кашафетдин әрең дегенде жағаға шығып, Шәйхүлла ұшты-күйлі ғайып болған. Үш күн өткен соң ғана оның денесі Димнің төменгі саласынан қалқып шыққан. Басы судың астындағы ескі бағананың түбіріне соғылыпты. Содан есінен танып, батып өлген.


Рамазанның даусы тынса да, сөзі мен әуені көңілімізде сайрап қалды.


Кісі кірмес, кісі көріне...


— Асхат, әу, Асхат, — дедім мен мұңайып қалған досыма. — Ойлап қарасаң, Шайхы өзінің көріне емес, ағасының көріне кірген-ау. Кашафетдин ағай өлуге тиіс еді ғой.


— Қайдан білейін, — Асхат басын шайқады, — мұны мен білмеймін. Үлкен шешеңнен сұра. Адамның тууы туралы бәрін біледі, өлім туралы да білетін шығар.


Бірақ Үлкен шешемнен мен мұны сұрамадым. Өлім туралы тәптіштегенді жақтырмайды.


Біраз үнсіз отырған соң Асхат бір түрлі сырлы үнмен әңгіме бастады.


— Мен қазір өзім үшін өмір сүріп жүргенім жоқ, өзге бір бала үшін өмір сүріп жатырмын. Ешкімге жарияламайтын болсаң, екі түрлі сырымды айтам. Айтпауға ант бересің бе?


— Нан ұстайын.


— Сен сіздің көшенің басындағы шымқай қара шашты, қара көзді Фариза деген жетім қызды білесің ғой. Әлгі үйі биік...


— Білем.


— Сол Фаризаны өгей шешесі күн сайын балағаттап, сабайды. Мен сияқты ол да бақытсыз жан. Біз жетім Фариза екеуміз мұңдаспыз. Маған бұл туралы анау Әулие бұлақтың қасындағы қос қайыңның біреуі айтты. Жалғандағы жалғыз аяйтыным тап сол қыз. Өзімді де сондай аяп көрген емеспін. Ол жайында өлең де шығардым.


Биік-биік ызмала


Зар жылайды қыз бала.


Зар жылаған қыз баланы


Аяймын да қызғанам.


— Осы өлеңді айтамын да жылаймын.


— Сенің жылағаныңнан оған не пайда?


— Әзірше түк пайда жоқ. Ержеткен соң мен оған ғашық болмақпын. Күндердің күнінде, көктемгі күн шығып келе жатқан сәтте, мен оны жетектеп аламын да күнге қарай тартам. Біз әрден өрге өрлейміз. Төбемізде құстар толассыз сайрап тұрады, алдымызда көлбеңдеген ақ көбелектер ұшып, бізге жол сілтейді. Қуанышымызды көріп, гүлдер бас иеді, жылан ініне, қасқыр үңгіріне қашады. Біз дүниенің ең шырқау шыңына-Қыздар тауынан да биігірек тау басына шарықтап шығамыз, тіпті көктің өзі төменде қалады. Бұдан күллі әлемнің барлық ауылдары, барша қалалары көрініп тұрады. Таудың үсті көкорай шалғын, қалың шөп. Сәл еңкейсек, мүлдем көрінбей кетеміз. Сол көк шалғынды бүркеніп, қыздың сол жақ бетінің алмасынан сүйіп аламын. Сол бетінде әдемі меңі бар...


— Түу! Тапқан екенсің. — Асхаттың сүйіскені маған ұнамады. Әсіресе қалың шөпке жасырынып, бетін сүйгізген Фаризаның қылығы тіптен ерсі көрінді.


— Ғашықтар сүйісуі керек. Сүймесе болмайды. Мен дәл қазір деймісің, өскен соң... Фариза жетім болмаса, өгей шешесі оны жәбірлемесе, бәлкім мен оған ғашық болмас едім... Бақытты адамға менің де керегім бір тиын. Әлгі қос қайыңның біреуі маған: "Біреуге біреу керек, қисыққа тіреу керек" деді. Фариза мен менің ісім қисық. Бір-бірімізге тіреу болуымыз керек. Тек бүл жайында жан баласына жариялаушы болма енді.


— Ант еттім ғой, — дедім мен, — немене, антқа сенбейсің бе?


— Сенемін.


Неге екенін қайдам, Асхаттың мына "сыры" көңіліме қона қоймады. Білем, ол қаласа Фаризаны ең биік тауға да алып шығады, күн нұрына да орайды, сайрағыш құстарды да ұстап береді оған, бұлақтардан үйренген әндерін де шырқайды. Көктен асып, шығанға шарықтайды. Құдіретінде шек жоқ оның.


Бірақ әлгі Фаризаны да білемін. Оның үйінің қасынан өткен сайын тақиямды жөндеп, қиғаштап киемін, мұрнымды да сирегірек тартуға тырысамын... Бекер айтты Асхат бүл "сырын". Сүмбіл қара шашты, қара көзді, сол бетінде қара меңі бар жетім қыздың теңі емес көрінемін мен Себебі, әлі азап шегіп көрмеппін.


Қандай қиындық көрсем де досымның сырын жан баласына айтпаспын Ақ түйені көргенім жоқ... Менің көңілімде арпалысып жатқан аласапыран ойларды досым сезбеді. Оның өз қиялы езіне жететін.


— Құс болсақ, қазір-ақ ұшып кетер едік, — деді Асхат. — Мен оны қалайда көндірер едім.


— Сен қандай құс болуды қалайсың-сұңқар ма, аққу ма, әлде қараторғай ма? — дедім мен. Ол бір сәт ойланып қалды да, біраздан соң жауап қайтарды:


— Жоқ, мен бәрібір құс болмас едім. Құсқа айналсам, мені іздеп келген құйын таба алмай, кейін қайтады ғой.


— Қандай құйын?


— Екінші сырым осы құйын. Антыңды қайтала.


— Нан ұстайын!


Асхаттың жүдеу жүзіне қарадым. Оның көк көздері ойға толы.


— Мен бұл жерде емес, басқа елде-жібек майса, тәтті жемістер піскен сахарада туғанмын. Бір кезде қатты сұрапыл соғып, мені көтеріп, асқар таулар, дарқан дариялар, қара ормандар асырып, осында әкеліп тастаған. Менің орныма осыдан басқа баланы ұшырып әкеткен. Әлгіге рақат, маған бейнет көру үшін солай еткен. Мезгілі жеткенде бізді қайтадан алмастырады. Жат жерден келмеген болсам, мені жат ұяның балапаны сияқты осылай шеттетер ме еді? Бүл бейнеттің де шегі бар шығар. Анау қайыңды көл жақтан көтеріліп келіп, мені алады да кетеді. Дауыл тұрған сайын мен қораның басына шығып, күтемін. Тек әзірше мезгіл жеткен жоқ. Тататын дәмім бар, кешетін отым бар, көретін бейнетім бар.


Менің жүрегім су етті.


— Онда сені пері айырбастаған ғой... Перінің баласы шығарсың


— Жоқ, перінің баласы ақ емес, қара болады. Айтып тұрмын ғой, мені өзге дүниеден, бақыттылар елінен әкеліп тастаған. Мені түбінде іздеп табады...


Бұдан соң да талай сұрапыл соқты, құйын көтерілді, бірақ бәрі де менің досыма тимеді. Асхаттың езі де қайталамады бүл әңгімесін. Мен де қайтып есіне салмадым.


Тағдырмен таласа түлеп өстік. Буынымыз бекіп, қанатымыз қатты. Асхат ойлы, байсалды жігіт болды. Кішкентай кезінде әкесі оған: "Шайтанның сабағына жолама!" деп мектепке баруға тыйым салды, кейін өзі де ықыластанбады. Шала сауатты қалпында қалды. Бірақ бүкіл ауылға сөз тапқыр, әнші, әрі жыршы атанды. Ащы тілі, өткір сөзі үшін талай таяқ жеді. "Жазықты жанға жаза көп" болса да ол тілін тыймады, айтқанынан қайтпады.


Бір заманда күллі ел үстіне зұлмат қара құйын төнді. Ол жігіттерді үйіріп-үйіріп, қиянға әкетті. Бақыт елінен емес, бақытсыздық елінен келген бүл алапат. Ол керісінше, бізді рақат дүниесінен қауіп дүниесіне лақтырды. Жібек майса, ғазиз атамекен Асхатқа сонда ерекше ыстық сезілді. Сол сұрапыл шайқастарда шыңдалдық. Біріміз ажалға кезіксек, біріміз даңққа бөлендік. Бірақ туған топырағымыздың ізгі нұры бәрінен биік көтеріліп, тірілердің рухына, өлілердің қабіріне шұғыла шашты.


Көбімізді отты құйын ит арқасы қиянға алып кетті. Асхат та хабар-ошарсыз ғайып болды. Жоқ, бұған сене алмаймын. Ол хабарсыз кететін жан емес. Мүмкін, оның көк көздері көгілдір аспанға қосылып кеткен шығар. Өлгенде ол жерде тыпыршып, жиырылып өлмеген болар: ат үстінен ұшып түскен шығар, әлде ұшақта самғап келе жатқанда әуеде лапылдап жанып кеткен болар. Ол аңқылдаған, сұлу адам еді. Жалтырақ емес, хас сұлу еді. Ақ көңіл асыл адамның жаман өлуі мүмкін емес. Ол ақын еді. Ақынның жаман өлуі мүмкін емес.


Асхатты заман тұңғиығына біржола батып кетті десем, коп жыл өткен соң ол туралы көзге көрінбес жел сияқты, құлақ есітпес нұр сияқты бір хабар ел ішіне толқи тарады. Бұл хабарды ғарышқа жол ашқан ерлердің біреуі жеткізген көрінеді. Сол ғарыштан келген азамат шырқау шағандағы галактикалардың бірінде планетадан — планетаға секіре аттап жүрген ақ басты, көк көзді, сыңар құлақ жас жігітті байқап қалған. Қолында лапылдаған шырағы бар екен. Сол шырағымен жігіт жаһандағы сөнген жұлдыздарды біртіндеп қайта жандырып, сөніп бара жатқандарына от тамызып жүр екен. Бұған кәміл сенуге болады. Өйткені ол ақын еді. Демек, ақын өзінің басты ісімен айналысқаны ғой...





Пікір жазу