АЙБАР
Махамбет ақын Исатайдай қолбасшының портретін бер-генде:
Құландай ащы дауыстым, Кұлжадай айбар мүйіздім!–
дейді. Мұндағы айбар сөзі қазірде айбат, айбын, ызбар сөздеріне мағыналас деп танылады. Бәрінде де «қорқытатын, сұс көрсететін» деген мән бар. Тегі, бұл сөздер мәндес болғанмен, олардың поэтикалық образ жасаудағы салмақтары бірдей еместігі байқалады. Қырғыз тілінде айбар сөзі «сұс көрсететін, таяныш-тірек ететін нәрсе» мағынасында жұмсалады да, айбат сөзінен («қаталдық, қорқынышты түр») бірсыпыра ажырап тұрады (Юдахин, 28). Сірә, қазақ тілінде де бұл екі сөз – таза синонимдер емес, яғни мағыналары бірдей емес. Айбар бұл күнде сирегірек қолданылады. Ол көбінесе образ жасайтын элемент ретінде келеді: құлжаның қарағайдай мүйізі, дағарадай мүйізі демей, айбар мүйізі десе, соңғы тіркестің образдық бояуы әлдеқайда бөлек болып шығады. Айбар мүйіз – жай ғана қорқытатын сұсты мүйіз емес, сүйсіндіре имендірер пішіндегі мүйіз. Бұл тексте құлжа сөзінің өзі образ жасап тұр: құлжа – арқар, ол адамзат пен ит-құс, анау-мынау аң мекендей алмайтын қия-құз, тау-тас сияқты қиын-қысталаң ортада өмір сүре алатын әрі күшті, әрі еркін жануар. Сондықтан ол – күштіліктің, еркіндіктің символы.
Сөйтіп, айбар – көбінесе поэтикалық образ жасауға қатысатын, сирек қолданылатын сөз.