22.05.2023
  170


Автор: Рәбиға Сыздықова

АБЖЫЛАНДАЙ ТОЛҒАНУ

 


 Қазақтың эпостық жырларынан абжыландай толғанып деген сөздерді кездестіреміз. Мысалы, «Қыз Жібек» жырында Төлеген мен Қаршығаға Жібектің көшін тапқанға дейін кездесетін, бірінен бірі асып түскен сұлу қыздардың біреуі:


Алтынды қамшы қолға алып, Абжыландай толғанып, Бұралып кетіп барады,


деп суреттеледі. Немесе «Алпамыс» жырында батырдың қарындасы балғын жас Қарлығаш та:


Алтыннан кемер байланып, Абжыландай толғанып, –


келе жатады. Бір ғажабы – бұл теңеу-образ сұлу қызды не батырды суреттегенде айтылады. Мысалы, жас батыр Алпамыс:


Саймандарын сайланып, Алтыннан кемер байланып, Абжыландай толғанып, Қызыл найза қолға алып, Шұбарға қарғып мінеді.


Осы жырдың 1961 жылғы басылымындағы (Алматы, «Ғылым» баспасы) ғылыми түсіндірмеде бұл тіркеске: «су жылан сияқты деген сөз, ол шапшаңдық пен тездіктің символы» деп анықтама берген.


Абжыландай толғанып деген теңеуді әдебиеттанушылардың көбі шапшаңдықты білдіретін немесе сұлу қыздың жүрісінде тал шыбықтай бұралған түрін суреттейтін образ деп таниды. Оған жыланның су ішіндегі тез қимылы, ирелеңдеген көрінісі негіз болып тұр деп біледі. Бұл – бір жағынан, абжылан дегенді сужылан (аб – парсыша «су») деп танудан шыққан түсінік. Сөздің бұл этимология-сын (төркінін) бір кездерде тіл мамандары ұсынған болатын. Тіркестің ненің образы үшін қолданылғаны дұрыс көрсетілген, ал образға негіз болған нәрсе сужылан деп тану – жаңсақтық. Абжыланды сужылан деп ұққаннан кейін сужыланның «жүріс-тұрысын», «кескін-кейпін» іздеп, оның «тал бойынан» табылған қасиеттерін сұлу қыз бен батыр жігітті суреттейтін образды тіркеске икемдестіреді.


Ең алдымен, абжылан – сужылан ба? Жоқ. Ол жөнінде алғаш пікірді А.Махмұтов айты да осы сөздің төркінін жаңаша «төрітті» (тудырды). Зерттеуші мұндағы аб бөлігі парсы сөзі емес, кейбір түркі тілдеріндегі аба, ап сөзі дейді, якутша: аба, ап – «ащы дәм, суда өсетін улы шөптің тамыры» және «сиқыр, арбау, жадылау», алтай-


 


10


 


ша: «екі жүзділік» деп келтіреді де, абжылан – «арбайтын, сиқырлы жылан», мұның ең бастапқы мәні – «улы жылан» деген этимология ұсынады (Этимол. сөздік, 17). Шынында да, якут тіліңдегі «сиқырлау, арбау, қызықтыру, магия» деген ұғымды білдіретін ап сөзінің төркіні – осы мәндегі монғолдық аб, һаб сөзі.


Егер абжылан дегеннің бірінші сыңары «сиқыр, арбау» мәніндегі сөз деп тапсақ, әрине, аб сөзі қазақ тіліне якут тілінен енді деуге болмайды. Ол – сірә, ежелгі түркі-монғолға ортақ сөздердің бірі бо-лар. Бұл жорамалға саятын және бір дәлелді осы тіркестің толғану сөзімен келуінен іздеуге болады. Толғану сөзі қазірде негізінен «ой-лану, терең ойға бату» деген ұғымда қолданылады. Ал бұл сөздің «жиырылу, оралу, бір нәрсені айналу, төңкерілу» деген мағынасы бұл күнде қазақ тілінде ұмытылған. Л. Будагов толғамақ (толғау) сөзінің өткен ғасырдағы қазақ тілінде «бір нәрсені орау, айналды-ру» мағынасы бар екенін көрсетеді (Будагов, I, 752). Шағатай тілінде толғаштырмақ сөзінің ауыспалы мағынасының бірі «алдап соғу, ал-дап түсіру» екенін тағы да осы Будагов сөздігі білдіреді.


Толға етістігінің ертедегі түркі тілдеріндегі бір мағынасы «орау» екендігін XI ғасырдағы Махмұт Қашқари сөздігі танытады. Ол өзіне жіп орап алды дегенді сол кездегі түркі тайпаларының бірқатары: ол өзүне йуң толғанды деп айтатындарын мысалға келтіреді (ДС, 573). Сонда абжыландай толғану дегендегі толғану сөзі «ирелеңдеп жылжыған» немесе «шиырылып оралған» деген ұғымды, одан ба-рып «арбаған, қызықтырған» деген ауыспалы мәнді білдіреді. Сірә, бүл тіркестің образдық қызметі жыланның әйтеуір жылжуына теңеу емес, оның адамды арбайтындай, қызықтыратындай көрінісіне теңеу болса керек.


Толғау (толғану) сөзі ауыспалы мәнде «қызықтыру» дегенді білдірер болса, абжыландай толғану деген тіркестің екі сөзінде де адамды өзіне тарту, қызықтыру ұғымын табамыз.


Абжылан (әбжылан) сөзін «арбаушы, сиқырлаушы, қызықты-рушы» деген образ ретінде қолдану тек жырда ғана емес, ақын-жырауларда да кездеседі. Мысалы, Бұхар жырау (XVIII ғ.):


Ұрғашының жақсысы Әбжыландай сумаңдап, Боз жорғадай бұлғады, –


дейді. Немесе Жамбыл осы образды айдаһарға қатыстырып айтады. «Өтеген батыр» жырында айдаһар (қазақ ұғымында ол да – жылан):


Жүз құбылып толғанып, Өтегенді шақырды, –


 


11


 


деп келеді. Тек қана абжылан емес, жалпы жылан атаулыны арбаушы, сиқырлаушы образында ұсыну қазірге дейін жоқ емес. Мысалы, жазушы Ғабит Мүсірепов «Оянған өлке» романында Игілік бидің қонақ күтіп жүрген сылаң тоқалы Айғаншаны «қысыр жыландай жүйткіп жүр» деп суреттейді (Ғ. Мүсірепов. Таңд. шығ. 1955, II том, 10).


Сөйтіп, бір кездерде абжыландай толғану деген тіркес образды білдіруге жұмсалған. Келе-келе жылан сөзінің көбінесе жағымсыз образға қатысты айтылатыны себеп болып, адамның жағымсыз іс-әрекетін бейнелеуге қолданылатын болған. Мысалы, Ілияс Жансүгіровтің мына өлеңінде:


Албасты Арқадағы аб(ы)жылан Молда отыр ысқырынып, оқып Құран. Атты арбап, атан жұтып жатыр молда Құранмен жем түсіріп жуан-жуан, –


деп ысқырынған абжыланды жағымсыз жемқор молданың образын беруге жұмсаған. Жамбыл да бір өлеңінде жыланды арбаушы, сиқырлаушы образ ретінде алса, келесі бір өлеңінде бұл атауды мүлде жағымсыз образды беруге қолданады:


Ысқырынып өрмелеген тау мен тасты Мен көргем абжыланды сұры қашқан.


Бұл жолдарға қарағанда, ақын абжыланды сужылан деп түсінбеген: сужылан тау мен тасқа өрмелемейді ғой.


Тіпті қазіргі сөздіктер абжыландай толғанды деген тіркесті «айбат шекті, буырқанды» деп түсіндіреді (Кеңесбаев, 9). Бұл түсін-дірме, әрине, біржақты, ол – талданып отырған фразеологизмнің осы күнгі қолданысына қарай берілген анықтама. Бұл сияқты әрқилы танымдар − абжылан тіркесіндегі аб сөзінің «сиқыршы, арбаушы» мәнінің мүлде көмескіленуінен туған жайт, яғни соңғы дәуірлерде абжылан сөзі жалпы жыланның, тіпті улы жыланның синонимі ретінде таныла бастағаны байқалады. Өйткені қазіргі қазақ тілінің толық түсіндірме сөздігі абжылан сөзін: 1) үлкен жылан, 2) ауыспа-лы мағынасы «жауыз, қанішер» деп көрсетеді (ҚТТС, 1974, I, 35).


Сөйтіп, осы талдаулардан кейбір сөздердің образдар жүйесі заман өткен сайын өзгеріп отырғаны көрінеді.





Пікір жазу