22.05.2023
  243


Автор: Айбатыр Сейтақ

Жарқылдаған жауһарлар...

Сезімтал жандар сағынар
Айтады асқақ ән қылып.
Жастықтың жасыл бағы бар
Жүректе тұрар жаңғырып.


Қарамай боран, мұз-қарға,
Қыран-жыр көкке ұшырдым!
Ең асыл көркем қыздарға
Жанымның гүлін ұсындым.


Қуатты жырдан алушы ем,
Ғашықтық дерті үдетті.
Қолына бере салушы ем
Алаулап тұрған жүректі!


Өткен соң ширек ғасырдай
Әр қырдан іздеп табам тек.
Жеткізер сырын жасырмай
Сағынып еске алам деп.


Жүректе мәңгі жатқанын
Айтамын ешбір жасқанбай.
Ей, менің махаббаттарым,
Шашылған асыл тастардай!


Жыр-алау жанған ұям бар,
Жүрегі сияр мың қыздың!
Бар асыл тасты жиям да,
Махаббат тауын тұрғыздым!
28 шілде 2011 жыл. Сағат 09.23
Алматы қаласы.





Комментарии

Айтбек
Айтбек 22.05.2023 16:04
құтты болсын жаңа жыр, ғашықтар жыры. әдемі жазылған. жазар көбейсін.

Пікір жазу