21.05.2023
  79


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

«Батыс-шығыс диванынан» ҺИЖРА

(1814)

Теріскей, Күнгей, Түн жақта
Патша жоқ, тақ жоқ бұл уақта,
Аттан сен алыс Шығысқа,
Ауамен көне тыныста,
Махаббат, шарап, жыр елін
Жаңғыртып, тірілт жүрегін.
Пендесі хақпен тілдескен,
Сұхбатпен сұлу күн кешкен,
Азат боп елі шер, дықтан,
Тәңірінің нұрын жерде ұққан,
Сөзін ұқ сонда нәбидің,
Қалпына түсіп сәбидің.
Дініне берік затында,
Көнбейтін көлгір ақылға,
Саф таза, сара тіл деген,
Өйткені жазу білмеген.
Дұшпаннан айыл жимайтын
Елді көр қартын сыйлайтын..
Аулақ кет, аяр, мекер кіл,
Тұратын ақын мекен — бұл,
Жыр шалқып енді кетеді,
Жаннатқа барып жетеді,
Есігін жайлап қағады,
Өшпейтін өмір табады.





Пікір жазу