Қонақасы
(1810)
Қайтыңдар деп шай ішіп бір,
Шақырып ем көп мейман.
Дастарқаным майысып тұр:
Балық асып, ет қойғам.
Таныстарым тағы асығар,
Келем деген бәрі де,
Генсхен, сен, қарашы, бар,
Көрінбей ме әлі де?
Әлі күнге жігіттерге
Сүйдірмеген бетінен
Шықсын қыздар күліп төрге,
Шақырғанмын шетінен.
Барлығы да келем деген,
Шулап,
Ән де салар көп.
Генсхен де елеңдеген —
Міне, келіп қалар деп.
Кәрі байы ақылы кем
Әлдеқашан мезі еткен,
Әйелдерді шақырып ем
Жоқты-барды сөзі еткен.
Шақырып ем күліп қана,
Қуаныпты күніге.
Генсхен-ау, шығып қара,
Көрінбей ме бірі де?
Шақырылған қасқалар да
Дәл білетін өз құнын,
Әйелінен басқаларға
Тастамайтын көз қырын.
Азаматтар
Бар атағы,
Қимақ еді бір кешін,
Генсхен-ау, қара тағы,
Келіп қалып, жүрмесін!
Жырын оқыр өзгенің де
Барын білем ақынның,
Қалмайын деп, сөзге мүлде,
Оларды да шақырдым.
Ақындардың бәрі бірге
Келмек болды-ау шамасы.
Көрінбей ме әлі күнге,—
Генсхен, бар, қарашы?
Қонақтардың жоқ бірі де,
Не болды бұл, апыр-ау?
Көже суып кетті, міне,
Қуырдақ су татыр-ау!
Өздеріне сенбеді ме,
Қайтқаны ма көңілдің?
Шынымен-ақ келмеді ме,
Генсхен, сен не білдің?
Генсхен, сен талғамастан,
Жұрттың бәрін шақыр бір.
Дәм-тұзымыз таңдағы асқан
Таңдайына татыр бұл!
Сол-ақ екен жетті бәрі,
Шуға толып төңірек.
Әкеліңдер, етті, кәні,
Аш есікті кеңірек!