Бақытты жұбайлар
(1802)
Мамырдың нөсер — маржаны.—
Аңсаған ек-ау таңдарда —
Қарашы. қара, жан-жарым,
Төгіліп жатыр тауларға.
Көгілдір таулар келбеті,
Көзіңнің жауын алады.
Махаббат тұнған жер беті
Тек бақыт бүрін жарады...
Көгілдір гүлдер нұрланып,
Толқыды алыс көк көлдер.
Самғады солай ырғалып,
Көгілдір көкте кептерлер.
Шалғынын кешіп қырлардың,
Шешегін тердік алқынып.
Алқызыл гүлмен бір жандық,
Жалынға жүрек шарпылып.
Органның сазы жапты кеп,
Толқындай оң мен солымды.
Пастор да бізге бақ тілеп,
Ұстатты маған қолыңды.
Күні мен айын аямай,
Пейілін берді құдайым,
Кең дүние бізді аялап,
Аялай берді ұдайы.
Сезімнің отын жандыра,
Тірліктің астық сынағын.
Қашан да Амур алдыда
Жебеді жағып шырағын.
Орман да, жартас, шағыл да,
Бұталар бұған үңгір де,
Орағанда Муза лағылға,
Адастырмады Амур бір күн де.
Алаңсыз тыныш әлемде,
Екеуден-екеу едік біз.
Үшеу де болдық әу демде,
Төртеуге тез жетіппіз.
Бесеуміз...
Алтау...
Апыр-ау!
От басы толып қалыпты.
Ержетер күн де жақын-ау,
Озарын бізден танытты.
...Даланың жұпар лебі өбіп.
Кемері биік жағада,
Жамылып емен желегін,
Отау тұр құрған жаңада.
Жамылып таңның шуағын,
Тырбанған аула төрінде.
Фриц пе?!
Ұлым, қуатым!
Жанында жап-жас келін бе?
Жартастар қысып-алқымдап,
Ашынған өзен күйініп.
Дөңгелекке әкеп арқырап
Соғады көбік бүйірін.
Ерекше елден сымбатты
Әзіл мен ісі жарасқан,
Диірменші қыз — қымбатты
Қызымыз күнмен таласқан.
Қарашы, шіркеу ауласын,
Бүркенген бұта, шалғынды.
Мекендеп ұшар тау басын,
Көк жасыл шырша қалғиды.
Қарашы, туған Отанға!
Аударып жұрттың назарын,
Бейіттер біздің қатарда
Жырлайды ғұмыр ғазалын.
Найза мен сауыт жарқылдап,
Күркіреді ауыр зеңбірек...
Солдаттар шықты саңқылдап,
Жеңістің туы желбіреп.
Алдында жүрген бәрінің
Кім екен алтын оқалы.
Аумайды...
Сақта, тәңірім!
Карл ғой. Сақта, ботамды.
Тасыды ән-күй тағы да,
Қымсынады ептеп қалыңдық.
Үйлену тойы. «Бағыңа
Биле!»—деп біз де жалындық.
Той десе, құмар қайнайды,
Үн-түнсіз жүрген қамығып
Кенжемнің көзі жайнайды,
Көргенде, думан дабылын.
Ән менен күйдің сазымен,
Оянды сонау жылдарым.
Жүректің іңкәр назы мен
Іштегі бұққан сырларым.
Сеземін тулап нетеміз,
Ұзамай біз де тынармыз.
Соборға қарай екеуміз
Немеремізді алып шығармыз...