21.05.2023
  125


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Ильменау

(1783)

Армысыңдар, бауыры құт көк белдер!
Балалық шақ, бал дәуренім өткен жер!
Баяғыдай жап-жасыл боп жайқала,
Құшағыңды ашшы маған айқара!
Қуанышқа бөлеп тағы жанымды,
Бұрынғыдай қыздыршы бір қанымды!
Қаншама рет, асқар таулар — еңселім,
Құздарыңа қызықпадым мен сенің.
Тағы да бір рақатыңа батайын,
Баурайыңа бауыр төсеп жатайын.
Сендерге ұқсап, сұлық жатқан бөктерлер,
Менің заңғар көңілім де көкке өрлер!
Сені көріп,
Ұмытып-ақ кетемін,
Тірілердің шынжырлаулы екенін.
Ұмытамын, зая кетіп еңбегі,
Диқан құмға егін егіп келгенін.
Өзін езіп келгендерге тақтағы,
Ерінбестен үй тұрғызып жатқанын.
Ұмытамын, ауыр еңбек салмағын,
Әлсіздердің алқымынан алғанын.
Атамекен, қуат қосшы қаныма
Жасарайын, жаңарайын тағы да.
Баяғыдай түс те көріп мен енді,
Ағыл-тегіл ағызайын өлеңді.
Өзім ғана қалғандай-ақ жалғанда,
Жатайыншы,
Жеткендей-ақ арманға!
Сыбдыр қағып — құшақ жетпес емен де,
Сылдыр қағып ақсын өзен төменде.
Қара бұлты төне түсіп бір төмен.
Түн келеді төңіректі бүркеген.
Түнгі аспанның жұлдызында жоқ па мұң?
Қайда менің қалтарысты соқпағым?
Қарқ-қарқ күліп, қарқылдайды қыр неге?
Кәрі жартас қалтырайды іргеде
Аңшыдай-ақ — қансонарға шөлдеген,
Дүние сырын түсінбес боп мен келем!
Taп болдым бір қойнауына шатқалдың,
Шат-шадыман думандатып жатқан кім?
Бұталармен бүркей салған күркеде,
Лаулап жанған оттың өзі бір төбе.
Аспан зәулім ағаш басып жарық қып,
Ошақтағы ас та пісіп қалыпты.
Тек бір күлкі, тек қағыту, тек қажау,
Қолдан-қолға тез ауысып кетті ожау.
Дүрлігісе думандатқан бұл кімдер?
Біразырақ сырттан бағып тұрдым мен.
Кімдер екен? Келгендер ме көрші елден?
Барсам ба екен? Өтіп кете берсем бе?
Аруақ па? Тағылар ма тап келген?
Жезтырнақ па — тұтқиылдан шап бермек
Қараңғыда тағы от жағып қалған кім?
Зәрем ұшып, зытуға да сәл қалдым.
Цыгандар ма дүрлігіскен күніге?
Елден безген ақсүйектің бірі ме?
Шекспирдің өзі ғана жырлаған,
Аруақтардан бұйырып-ақ тұр ма дәм?
Сөзсіз ғана солар болар тегінде,
Не солардың туыстары дедің бе?
Еркіндіктің лебі бар кейпінде,
Табиғаттың төл ұлындай бейпіл де,
Дәл ортада шарт жүгінген қорбиып,
Кім болды екен мына жігіт —
зор, биік.
Жауырынды, жапсаң жігіт, өзі өңді,
Алыптардың тұяғы ма ежелгі?
Дәл ортада шылым шегіп желігіп,
Отыр өзі көк түтінге көміліп.
Аузындағы әрбір сөзін іліп ап,
Жолдастары мәз болады, күліп-ақ.
Бірде кенет қатуланып қабағы,
Ащы тілмен шағып-шағып алады.
Ал мына бір, көз алмаған аспаннан,
Кім болды екен кәрі терек жастанған?
Тәтті ләззат құшағында жатқандай,
Алаңы жоқ, айдай жүзі шат қандай!
Жұмысы жоқ думандатқан құрбымен
Қиялымен көкті кезіп жүр білем.
Дүниеңді парықтамас кеспірлі,
Әндетеді елең қылмай ешкімді.
Думан неге тына қалды еліккен?
Күбірлесіп кетті бәрі неліктен?
Қалғып кеткен қараңғылау әріде,
Бозбаланы сөз етеді бәрі де.
Құлап акқан сарқырама жартастан,
Төбесінен төне қалған қарт аспан
Алаңдатпай жас жігітті бүгінде,
Жатыр ұйықтап жалғыз ағаш түбінде.
Білмек болып неге шеттеп кеткенін,
Енді мен де солай қарап беттедім.
Армысың сен. не болар деп енді үміт,
Жатқан адам, түнге қарап телміріп.
Неге отырсың өзгелерге ерместен,
Думандатып жатқандарды көрместен,
Осыншалық қараңғыда қап-қалың
Қалай болды, мұңға батып жатқаның?
«Жоқ, сұрама! Келімсегім, тоқтағын,
Саған тіпті сыр ашарлық жоқ халім,
Әуре болма, маған жылы назды арнап,
Үндемеуді маңдайыма жазған хақ.
Әуре болып, сұрама да өтінбе,
Досыма да жақ ашпауға бекінгем.
Қайдан шығып, қайдан келдің деме сен,
Өмірде де кетіп жүрген көп есем.
Іштегімнің біле бермес ел көбін,
Достық үшін жапа шеккен пендемін.
Қандай адам дәл айырар өз күшін,
Болашағын болжар қалап дәл бүгін.
Жақсы, жаман, еркекпісің, езбісің,—
Уақыт қана айырады барлығын.
Прометей көктің ыстық шоғымен
Қара жерге жан бітірді десек те,
Тіршілікке тағы да өз қолымен
Жердің қанын сыйлағанын есепте.
Не тындырдым алтарьдағы отты ұрлап?
Жарқырата жандыруға бар ма әлім?
Көкірегім өртеніп те дерт тырнап,
Жатқанымен, қорықпадым,
Қарғадым.
Еркіндікті жырлаған бір шақтарда,
Азаматқа ерлік, намыс жүктегем.
Азаттықты арман етіп жатқанда
Адамдардан тек мейірім күткен ем.
Тәңірім, бірақ маған өнер бермеген,
Өнер — екіжүзділерге бұйырған.
Қара басым қаңғып жүріп мен деген,
Бақытымды таптым осы қиырдан.
Басындағы барша қайғым, нұрлы күн,
Осы лашықта тұр бүгін:
Жан баласы таба алмаған бір емін.
Осында ғой менің асқақ жүрегім.
Бірде мүлде тандырады мені естен,
Енді бірде алысады елеспен.
Маңдайына бұйырғанын жер-көктен,
Табады ол таза ғана еңбектен!
Ешбір сөзге елтімейді сәл көңіл,
Жан толқыны байыздамас әнге бір.
Жер құртының біле тұра жазығын,
Кім анықтап бере алады азығын?
Көре тұра көбелектің ұрығын,
Жұмыртқадан жұлып алар мұны кім?
Сәтін салса, жарып шығып, не керек,
Гүлге барып қонар өзі көбелек.
Өмір заңы: өтеді жыл қаншама,
Тура жолын дұрыс тауып алғанша.
Ақиқатты қаншалықты аңсама,
Адам көрер адасулар бар қанша!
Білуге де құмартады ол бәр-бәрін,
Бір-ақ ырғып шығардай боп құз көрсе.
Қатал тағдыр қақыратып арманын,
Үмітін де біржолата үзгенше.
Содан енді бірден қайтып меселі,
Сұм тіршілік алқымынан алғанда-ақ,
Қаракеттің бәрін қойып кешегі,
Қашып берер, бас саулығып армандап.
Қашқанымен, зұлмат тағдыр құтқармай.
Өр еңсесі бұғаусыз-ақ езілер,
Кеудесінде ізгіліктен түк қалмай,
Тастай батқан төсегінде көз ілер.
Ал мен болсам шеттен бақыт тапқандай,
Жұлдыздарға қадаймын да көзімді,
Ояу жүріп, жайсыз ұйықтап жатқандай,
Түс көруден қорғап келем өзімді».
Құрышы, түс! Музам қайда ежелгі!
Соған еріп жарқылдайтын шақ қайда,
Суырыла шыққанда асқақ сөз енді,
Қара түнек қараң қалып жатпай ма!
Бәрі жарық, бағанағы жоқ тұман.
Нұр мен қуат. тәңірім деп мақтап ем!
Ә дегенше арайланып кетті маң,
Көз алдымда кереметтей жатты әлем!
Шуағына сіңіп кеткен елестер,
Жасарды да жүре берді белестер.
Шалғай жүріп туған жерге жетіп ем,
Таға алмадым енді көрген елге сын,
Ерінбестен еңбек еткен шетінен,
Тартып алып, табиғаттың бермесін.
Қомағайдың бұлтаңдаған ұртындай,
Зыр-зыр қаққан ұршықтарға еріп көр.
Солқылдайды балғалар да бір тынбай,
Бір тынбастан күркілдейді көріктер.
Жалғандықтан ада болып бар көңіл,
Басталыпты бақытты бір сәнді өмір.
Неге ғана басылғаны өр еңсең,
Түсінікті, айтпасаң да, төрем, сен.
Өтеймін деп өктемдіктің парызын,
Шектеулі боп қала берген әр ізің.
Қара бастың қамын жеумен келген кім,
Желік қуып, желіп өтер ол деген.
Елін ойлап, еңіреген ерлердің.
Бас пайдасын ұмытқаны жөн дер ем.
Сен ендеше — еш кетпейді еңбегің,—
Дәннің бекер шаша берме сен көбін.
Дәнді қара шаң үстіне, орға да,
Шашамын деп талай адам сорлаған.
Алақанмен аяла да жер түгін,
Егін егіп, топыраққа бер тыным.
Мол өніммен қуандырсаң халқыңды.
Сонда ғана шығарарсың даңқыңды!





Пікір жазу