file loc phone login_m arrow_left arrow_right author ca cat compl coms del down fav fav_del fav_m fav_m_del fb gp left like login mail od reply right search sort sort_down sort_m sort_up tw up view vk ya

  21.05.2023
  178


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Теңіз саяхаты

(1776)

Жүк тиеулі тұрды кемем, жел күтіп.
Тұрды біраз. Ал мен кәрі достармен
Зығырданды тоғыттым-ай шарапқа
Жағасында теңіздің.
Достарым да менен бетер тықыршып,
Дейді бәрі: «Алыс сапар оң болсын!
Қазына-мүлік мол ғой жетсең жат елге;
Аман-есен келсең, біз де құшақтап,
Саған сыйлық тартармыз».
Ертеңіне шын дүрбелең басталды.
Тұрды ұйқыдан мәз-мейрам боп теңізшің,
Байыз-баян табар емес асығып
Таңмен бірге шығу үшін сапарға.
Желкен біткен желпілдейді жел керіп,
Шомыльш күн шұғыласына шалқиды.
Самға, желкен! Көкте, бұлттар, самғаңдар!
Артта достар көңілді әнді шырқайды.
Жырлайды олар алыс сапар шаттығын,
Ең алғашқы түннің жарық жұлдызын,
Біз жағадан кеткен күнді жырлайды.
Бірақ — ойбай!—Қу құдайдың жел-сөрі
Тура жолдан тайқытады кемені,
Кеме де оның көнгендей күш-ырқына;
Бірақ, сорлы-ай, желден қулық асырып,
Тар кешуде таяр емес бағыттап.
Кенет меңіреу, қорғасындай қиырдан
Жетті теңіз дауылының үні сәл;
Төнді құстар баурын төсеп толқынға,
Жұрттың тегіс кетті түсіп еңсесі.
Соқты-ау сосын! Қарсы келмей долыға,
Теңізшілер желкендерін жинады;
Дауыл, толқын зәресі ұшқан кемені
Қақпақыл ғып ойнады.
Жұбай-жора сонау алыс жағада
Жаны қалмай, зәре-құты тұр ұшып:
Үйде отырса болмады ма, ойпырмай!
Дауыл долы! Ұшты-ау бағы басынан!
Сұм ажалдың жеткен жері осы ма?
Неге шықты бұл сапарға? Жасаған!
Ал ол болса бұлқына тұр мізбақпай;
Кемесімен толқын, дауыл ойнайды.
Жел, толқынға селт етпейді жүрегі.
Батыл қарап астан-кестен түнекке,
Тұр тапсырып өмірі мен өлімін
Құдыретіне тәңірінің.





Пікір жазу