Қорлық
Баяғы бекеттегі қараша үй,
Көмілген қар астына аласа үй.
Кеткелі Жайсаңбекті Арнай айдап,
Тартуда жылауменен жаңаша күй.
Сахари отар кеткен жылқышы боп,
Қыс бойы бір айналып келе алған жоқ.
«Бір бала, бір кемпірді асырар!» – деп,
Санайтын Жайсаңбекті көңіліне тоқ.
Басқадай жақын да жоқ жаны күйер,
Жас бала, жаман кемпір басын сүйер.
«Жетім ғой, жесір ғой» деп мүсіркеген,
Жəрдемші болды жалғыз көрші үйлер.
Күн өтті, айлар өтті, уақыт озды,
Хал кетті, ас таусылды, киім тозды.
Қамалған жетім, жесір қараша үйге,
Қайтадан қайыршылық қолын созды.
Қыс қатты, жұт болатын белгісі бар,
Сірескен беті мұздақ – тізеден қар,
Ауылында Тұрысбектің тыныштық жоқ,
Азайып қала ма деп мыңдаған мал.
Шөп тартса, күрек ашса, отар барса,
Бұларға жұмыс қолы керек қанша?
Маманның балалары осыны ойлап,
Шығады көзін ілмей таң атқанша.
Тұрысбек болғанымен қанша үстем,
Осылай Жиенқұлға ісі түскен.
Ешқашан қол жазғысы келмейді бір,
Топ құрап мал қоритын даяр күштен.
Тілегі, талабы бар олардың да,
Деседі: «сəті осылай оралды ма!»
Қажының көңілін аулап, ойын тауып,
Жасамақ өзінше бір той аулында.
Бұл кезде Тұрысбек те бəрін ойлап,
Серпілді көзінде арам ұшқын ойнап.
Жағдайы Жайсаңбектің еске түсіп,
Болды оған табанасты бір шарт қоймақ.
Шақыртып Жиенқұлды өз үйіне,
Сөйледі содан кейін сəл иіле:
«Саған бір қалыңдыққа қыз айттырдым»,
Деді де тоқтады істің жай-күйіне.
– Қамаудан Жайсаңбекті шығарып ал,
Айттырып қарындасын құдалық сал.
Жəне де өзің əбден ойлана кел,
Бермекшісің қаншама қалыңға мал.
Жүрегі Жиенқұлдың мұздап қалған,
Секілді үміттен бір жылу алған.
Үй болып, өз алдына бала сүйіп,
Қайырылып қарағандай дүние-жалған.
Әлгі сөз алды да бар есіл-дертті,
Айрылып ақыл-ойдан есі кетті.
«Қажыеке, қайда айдасаң біз даяр!» – деп
Жиенқұл Тұрысбекке берді сертті.
Сұраусыз Жайсаңбек те жатқан сұлық,
Босанды қамау үйден келіп бұйрық.
«Қажы өзі құда болам депті!» – дейді,
Белгісіз: не жақсылық, не бір қулық.
Білмейді не істерін, Жайсаңбек таң,
Істепті құдалыққа қажы өзі қам.
Тіл алмай, тағы тентек атандырса ел,
Қол ұшын беретұғын табылмас жан.
«Жер қайсы?!» – тағы бір іс бастағанмен,
Сыятын жаман кемпір, жас баламен!
Құрығы Құдайға да жеткен қажы,
Жəбірлер тағы қандай масқарамен.
Қуат бар қайда қашып құтылатын,
Не деймін көрінгенге тұтылатын.
Қажының тілін алмай қарайтыпты,
Десе жұрт тағы мен ғой ұтылатын.
Салмақтап өз басының жай-жағдайын,
Жайсаңбек ой түбіне барған сайын.
Мойындап қарсыласар халі жоғын,
Көнетін құдалыққа айтты ыңғайын.
* * *
«Абдыра, Ақсу беті қатқан көк мұз,
Ақ боран аяқ алсаң жабатын із.
Жалбырап желге етегім жар басында,
Келемін су көтеріп мен сорлы қыз».
Жанымнан жанап өтті екі атты адам,
Біреуі жерден тоқтап төрт-бес қадам,
Асыға аттан түсіп, мені құшып,
Қуанып сүйіп жатыр, – деп, – Саражан.
«Әрі ағам, əрі əкем – ол Жайсаңбек,
Қамаудан шыққаны осы көргені көп.
Жиенқұл қасындағы кейін білдім,
Келіпті құда түсіп кетейін деп».
– Қайттың ба, ағатайым, аман-есен,
Жан көкем, сен екенсің, – «бұл кім» десем.
Сен үшін жаратқанға жалбарынып,
Зар қақтық далада мен, үйде шешем.
«Ол күнде жас екенмін əлі бала,
Толмаған қулық-сұмдық, ақыл-сана.
Аға деп Жиенқұлға құлдық еттім,
Бұл күнде маңын баспай жүрген Сара».
...От жағып, зыр жүгіріп, шайын құйып,
Бір мезгіл құлақ тігіп, сөзге ұйып.
Жарқ етіп жайы келсе жауап қатам,
Жайдары мінезіммен, емес тұйық.
Жиенқұл – жантақ жамбас, шолақ аяқ,
Жантайған жағына оң қолын таяп,
Қадайды қысық көзін маған ұдай,
Күнде ойнап жүрген ашына құрбымдай-ақ.
Бір мезгіл құжырайтып құныс белін,
Жия алмай, сілекейлі дүрбік ернін.
Қызығып қыз құшардай қиялына,
Шайнауды ұмытады шайдың жемін.
Қарт анам – көкірек ауру, күрк-күрк еткен,
Өз-өзін шымшылайды екі беттен.
Айтарға амалы жоқ, ернін тістеп,
Дер едік, – сорақылық мынау неткен!
Таң да атты. Жиенқұлдар атқа мініп,
Қажының ауылына кетті жүріп.
Қасына Жайсаңбек те қоса ілесті,
Қайтпақ па, əлде қалың жайын біліп.
Жайсаңбек сол кеткеннен қайтпады тез,
Қажының қалауына болды да кез.
Отарға жылқы айдасып кете барды,
Кедейде кер қай заңдық жоқ қой мінез.
Күркілдеп көнде жатқан сорлы ана,
Шақырып, деді маған: – Ботам Сара!
Қай, қозықаным, бақытты бол,
Қуанар ештеңе жоқ жүрек жана!
– Апатай, жайын айтшы, болды қалай?
Біреуге болмақшы ма Жайсаң малай?!
Әйтпесе, түндегі бір сұмырай адам,
Сұқтанып отыр еді көзін қадай...
– Я, қарғам, түндегі сол қисық көзді,
Айтып ед бытыстырып бірер сөзді.
Болыпты сені соған атастырмақ,
Келісіп қажы аулында өзді-өзі.
Баж етіп, көн үстінен түстім атып,
Қос қолдап бетті басып қалдым жатып.
«Құдай-ау, менен сорлы жан бар ма?!» деп,
Налыдым қабырғама қайғым батып.
«Құдай-ау, əкемді алдың туа сала,
Атанттың «жесір кемпір, жетім бала».
Тезегін теріп елдің, отын жақтым,
Жоқ болып босағамда жалғыз қара.
Ұмтылып істегенмен қанша талап,
Қолдайтын бір адам жоқ жақын санап.
Дүниенің барлық қайғы-қасіреті
Тұрған ба түгел күтіп, маған қарап?!
Апатай, осы ма еді қорлық деген?
Қорлыққа көндіретін зорлық деген?
Жан шошыр – ақсақ, соқыр бір есектің,
Қорланып, қосағында болдық деген.
Беріп пе ең ақ сүтіңді анам қарғап?
Тауып па ең дүниеге осыны арнап?» –
Деп жылап, ащы үнімді ағыттым мен,
Анамның құлағын жеп, күн-түн сарнап.
Қарт анам қолмен сүртіп көздің жасын,
Тіземде жылап жатты қойып басын.
«Жылама, сабырлық ет, – деді ол сосын, –
Тағдырға жазса осылай, не қыласың?!
Кетесің жылай берсең қор боп жасып,
Қорлықтан құтылмайсың бұлай қашып.
Онан да азат болар жолыңды ізде,
Ақылың мен қайратың судай тасып».
Анамның бұл ақылы ішке қонып,
Әр сөзін ұшқыр қиял отыр жорып.
Көз жасы емес, іспенен бақыт табу –
Көңіліме ұялады мақсат болып.