18.05.2023
  167


Автор: Құтбай Дүрбаев

Сөз басы

Сөйле тіл, өлшеулі күн демің бітпей,
Ажалға айла бар ма келсе тіктей?
Кім барар өлең айт деп өлгеннен соң?
Топырақ боп төбе-төбе жатқан көктей.
Сайраңда, сазыңды алып, сайра тілім,
Басыңнан қызық дәурен күнің өтпей,
Осындай мерекеге кез келгенде,
Тоқтай ма ақын көңілі өлеңдетпей.
Еркесі ақын елдің ерінбейді.
Ағар ма жырдан бұлақ терең кетпей.
Сөзімді көркем күймен көрсетейін,
Бәйге алған той жиыннан сәйгүліктей.
Төгемін тілден терме көңілден күй,
Иісі аңқып жаңа піскен әңгелектей.
Үнемсіз сөз маржаны қайдан тусын?
Тазартып егін өнбес, тұқым сеппей.
Қадірлі халық ақыны бола алмайды,
Талқылап халқы қалап, сыннан өтпей,
Әсерлі үн, жүрек қозған ән болмаса,
Сөз қонбас қорғасындай ойға шөкпей.
Тағы айт деп тыңдағанды тамсандырса,
Қалатын ойыңда боп естен кетпей.





Пікір жазу