18.05.2023
  151


Автор: Құтбай Дүрбаев

Домбыра алып қолыма ахау...

Домбыра алып қолыма ахау…
Ал, сөзімді енді бастайын.
Көңілге сана тастайын.
Осы өнерді кәсіп қып,
Алып едім жастайын.
Жақсылар сізге жолығып,
Әңгімеге молығып.
Ғанибет болды, қостайын.
Жетпісті қуып желікпей,
Желдемей мінбе көлікті.
Ескілі жау ел болмас,
Езіліп құры елікпе.
Арыстанды қуып арсылдап,
Жетпісті қуып желікпе.
Біразырақ сөйлейін.
Осы отырған жақсылар,
Бекерге қарап желікпе.
Құлақ салсаң жақсылар,
Ақынның кеңес айласын,
Қош алып құлақ салыңдар.
Басыңнан бағың таймасын.
Алдарыңа келгенде,
Тасып көңілің қош ұрып,
Содан әрі қайнасын.
Құдай берген кеңесің,
Ары қарай жайнасын.
Белгілі болған әруақтар.
Гүл ашылған шарбақтар,
Бұлбұлың болып сайрасын.
Бұған тоқтау ете алмай.
Үйдегі мен сар даланы,
Жүреміз іздеп қайдасын.
Жақсыдан көңілім шат болып
Кейде көңілім ақ болып
Жер-жерден көрдік пайдасын.
Сөйткен қайран жұртымнан,
Әйтпесе жүрмей ырқыңнан.
Мына келген ақының,
Үйірді қалай айдасын?
Сөйле десең сөйлейін,
Сөйлемесіме қоймасын.
Тілегенің сөз болса,
Сөз дариясын құяйын,
Жаһанды шарлап айналсын.





Пікір жазу