16.05.2023
  108


Автор: Ермахан Шайхыұлы

Шойын қара кемпірдің зары

(Жақсылық Сәтібеков ізімен, «Қара кемпірдің зары» әнімен)

О-о-о-о, Дүние-ай!
Қос ессіз Виноқұлым, Тостығұлым,
Бас жарып, көз шығарған қос шыбыным.
Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,
Зарына құлағыңды тосшы бүгін.

Қырық жыл тасып жүрмін шарабыңды,
Бірің де демедіңдер анам мұңды.
Спирт ап дүңгіршектен сақтап жүрмін,
Самапал улатар деп қарағымды.

Түрменің сендер жатқан бекеті көп,
Мың тәуба, бірақ оның рэкеті жоқ.
Қылмысты өз қолыңмен жасап алған,
Мойныңмен көтерудің сөкеті жоқ.

О-о-о-о, жалған-ай!
Виноқұл, Тостығұлым, қарақтарым,
Басжазар табыла ма арақтарың?
«Қос ұлым ішіп кеткен атау» ед деп,
Жүремін шөлмектердің санап бәрін.

Сендерсіз мына қу үй қыстай екен,
Арақты жұрт ішкенмен құспайды екен.
Зәһарды ел секілді іше алмаса,
Түрмеге жатпас бұрын қыспай ма екен?!

Қара шаш аппақ бүгін қырау болды,
Теңге жоқ, елден қайыр сұрау болды.
Әр күнім зона есігін көзбен «бағып»,
Әр түнім сендерді ойлап жылау болды.
О-о-о-о, жалған-ай!
Көңілім мұнша неге қоңырлайды,
Сен түгіл малды да олай қорымайды.
Виноны қайнататын қазандарға,
Қос қозым неге тегін шомылмайды?

Мен қайда, сендер жатқан қиыр қайда,
Беретін пара орнына сиыр қайда?
Рахымы түсіп кетіп Тәңірімнің,
Ертерек амнистия бұйырмай ма?

Қамауда қос шыбыным бүрге жоқ па,
Шығар-ау, жегендерің күнде ботқа?
Виноқұл, Тостығұлым шығып қалар,
Бір барып қайтайыншы түрме жаққа.

1997 жыл





Пікір жазу