Әкесінің жаназасында үйленген жігіт - 4 бөлім
Алты жасқа толып оң мен солды ажырата бастаған бала өзін әкесі алып кеткенін қалап сенбі күні келген әкесіне түрлі шағымын айта бастады. Анасы көбінесе той-томалақта жүргендіктен көбіне жеңгесі бас-көз болып қалушы еді.
« Апам мені ұрды. Бұзық болғаным үшін мені қараңғы бөлмеге қамап қойды»- деп, осы секілді өтіріктерді айтып әкесіне шағымданды. Бұл сөздерді түсіндіре алмай сақауланып қиналып жылаған баласын құшағына қысып үнсіз көз жасын ешкімге көрсетпеуге тырысты. Онсызда қайғыдан қабырғасы қайысып, өлердей сенген жеңгесінен мұндайды күтпеген Мадияр ешкімді тыңдамай жеңгесіне өте ауыр сөздер айтып жүрегіне жара салды.
Ұлын жетектеп бұл үйге қайта. келместей есігін тарс жауып кетті де қалды. Қыркүйек айы келіп жетті. Мақсат даярлық сыныбына бара бастады. Әкесі үнемі өзімен бірге жетектеп қай сыныпқа сабақ берсе сол сыныпқа алып барып отырғызып қоятын. Мақсат күн өткен сайын тұйықтала берді. Айтқан сөзін сыныптастары түсінбей бірнеше рет қайталап сұрай бергенінен, дұрыс сөйлей алмағанына ызасы келіп қолын бір сілтеп сөйлемей кететін. Айналасындағы адамдардан алшақтай берді.
Педагогтың жұмысы өте ауыр әрі төзімділікті талап етеді. Бітпейтін қағаздар, тексерулер одан қалса әр оқушының мінезі, сабақ үлгерімі үшін сөгіс естуі бар. Ал енді бұл шаруаға жас әкенің үй шаруасын қосыңыз. Өзі әке, өзі ана болып, баласының асын беріп, кірін жуып, үтіктеп жүргенде өз баласымен тілдесуге мүлдем уақыт таппайтын. Мақсатты жарының аманаты санап, көзінің қарашығындай сақтап жан баласынан қорғап жүргені мен оған көңіл бөліп, әңгімесін тыңдауға әкесінің уақыты жетпейтін.
Солай күндер өте берді. Әйел үйдің берекесі, мерекесі екенін әйелсіз үй қаңыраған бос сарай боларын Мадияр ұғына бастады. Әйелімен қол ұстасып жүрген отбасыға сүйсінсе әйеліне қас-қабағын түйіп жүретін жігіттерге өз ақылын айта жүретін.« Әйеліңнің жылдық асы өткен соң теңіңді тауып үйлен»-деген таныс-туыстың сөзіне мән бермейді. Баласына өзге біреудің ана болғанын қаламайды. Өз күнімді өзім көрем деп тіршілігін жасап жүр. Бірде өз анасы келсе енді бірде марқұм әйелінің анасы келіп үйдің іші-сыртын реттеп кем-кемтігін түзеп жыртығын жамап беріп кетеді.