Ардақты пайғамбарға (с.ғ.с)
Әз пайғамбар, жалғыз Хақтан нәр алған,
Кетпейсің Сен жүрек, көңіл, санамнан.
Пайғамбарлар сұлтанысың, иә, Расул,
Мына ғалам Өзің үшін жаралған!
Саған деген мың өлең бар санамда,
Сен дегенде құлпырады далам да.
Жаратқанның елшісі һәм құлы, Сен,
Рақым нұры болып келдің ғаламға.
Алла десем жүрегім де жай табар,
Сен дегенде иман-гүлім жайқалар.
Міндетіңнің ауырлығын сезінген,
Үмбетіңмін кәлиманы қайталар.
Қадырыңды дәл жеткізіп жаза алман,
Айтқаныңдай сабақ алам ажалдан.
Дінім еріп келіп еді өзіңмен,
Мұзым еріп бара жатыр азаннан.
Алла ғана бар дерттердің дауасы,
(Білсе, шіркін, бар адамзат баласы!)
Көз алдымда Алматыдай шахар тұр,
Ал, көңілде – «пайғамбардың қаласы».
Әз пайғамбар, иман еді жиғаның,
Адамзатқа Хақтың дінін сыйладың.
Сені аңсаймын, екі дүние сардары,
Уахи күткен үңгіріндей Хираның.
«Лә иллаһа илла Алла» боп ұраным,
Жүзімді тек Қағба жаққа бұрамын.
Я, расулым, жүрегімде Хақ Алла,
Рухымда – Сен, ал қолымда – Құраным.
Сеніменен түрленгендей бар алап,
Жүрем енді әр ісімді саралап.
Аллаға – құл, ал Өзіңе үмбетпін,
Әз пайғамбар, айтам саған салауат!
«Саллалаху ғалейхи уассалам...»