11.05.2023
  1657


Автор: Саят Қамшыгер

Таныстық

Бірде теңіз шаяны асықпай жүзіп келе жатыпты. Алдынан сегізаяқ жолықты. Жүзінде абыржу барын байқаған теңіз шаяны сегізаяқтан мән-жайды сұрапты.


—  Жаңа ғана бір үлкен акуланы көрдім, жасырынып үлгермегенімде мені жұтып қояр еді, — деп қалтырап сегізаяқ түсіндіре бастады.


Сол кезде бұлардың жанына шортанжақындап келді. Сегізаяқтың акуладан қорыққанынан дірілдеп тұрғанын білген шортан:


— Акуланың түрі қорқынышты болғанымен бізге тиіспейді. Негізінде ол өте мейірімді, — деді.


Оған теңіз шаяны мен сегізаяқ сенбеді.


— Қатыгез де қатал акула қалайша өте мейірімді болады? Оның тістері үлкен, ауызын арандай ашқанда менің де зәрем зәр түбіне кетеді, — деді теңіз шаяны.


— Жоқ, балдырларға оралып, шыға алмай тұрғанымда ол өткір тістерімен балдырлар мен өсімдіктерді үзіп мені босатқан еді. Акуланың тісі үлкен, түрі қорқынышты, ауызы арандай болғанымен мейірімі мол. Жүріңдер, мен сендерді оған таныстырамын, — деді шортан.


Үшеуі акуланың жүретін жағына қарай беттеді. Көп ұзамай алдарынан акуланың өзі де көрінді. Шортан екеуі күлімдеп, жылы амандасты. Шортан оған жанындағы серіктерін таныстырды. Жаңа таныстарын көргенде акуланың езуінде күлкі, жүзінде жылу пайда болды.


— Сендермен де дос болуға дайынмын! — деді күлімдеген акула.


Сегізаяқ пен теңіз шаяны акула жайлы теріс ойлағандарына ұялып, бір-біріне қарады. Біреудің сыртқы түріне қарап ішкі жан дүниесіне баға бермеу керек екенін екеуі де сол сәтте ұғынды.





Пікір жазу