11.05.2023
  188


Автор: Тәжіназар Шадықұлов

Бұлан санды бұрғышы

«ТЕНТЕК СКВАЖИНАДАҒЫ» ТЕҢСЕЛІС


Маңғыстау жерінде мұнайдың мол қоры бар екенін айдай әлемге 1961 жылғы 5-шілдеде Жетібай алқабынан қазылып жатқан №6 скважинадан атқылаған қарақошқылдана атқылаған арынды фонтан тұңғыш рет паш етті. Бұл жайлы жергілікті, республикалық, бұрынғы Одақтық және дүниежүзілік баспасөз материалдарында, жекелеген кітаптар мен кітапшаларда жеткілікті баяндалды. Біз бұларды қайталауды артық санадық. Бірақ, сол қуатты мұнай атқылауын өмірге әкелген арыстай азаматтың еңбекқорлығы мен қарапайым адамгершілігі жөнінде тым сараң қалам тартылыпты. Біз осының орнын толтыруға септігі тиер ме екен? — деген оймен қолға қалам алдық.


...1961 жылдың 4 және 5-шілдесінде бүгінде тарихқа аты енген, ал ол шақта қатардағы біраз бұрғылардың бірі болған № 6 скважинада Жолдас Тоғжанов пен Сабырбай Шонтабаевтың бұрғышы бригадалары ауысымдаса, жер қазып жатқан. Ал қашау басы — 2365-2880 метр тереңдікке жеткен тұс еді. Әрбір метр ұңғылама бүткіл бригада жігіттерін діңкелетіп барып қазылатын. Кейде күні бойы тырбанғанмен қашауы түспегір баспай қоятын. Кенезе кептірген ыстықта мігір таппай бұрғы салған Тоғжанов бригадасы кешкі салым өз орнын әріптестеріне берді. Бұл — 12 сағат бойы бұрғымен жағаласты деген сөз. Шонтабаев жігіттері де кідірместен қашаудың жайына кірісті. Тоғжанов бастаған «нояндар»


— Жөкең кейде солай атайтын — тәуліктің қалған бөлігін дем-тыныш алып, ас-суандап дегендей тың күшті өз бойларына қосуға жұмсамақ. Ол кездері ауысымды «вахта» деу мода болған. «Вахтасын» тапсырған Тоғжанов «нояндары» тынығу үстінде еді. Бәрі де күні бойғы ақ тер, көк тер қарбаласының ләззатын енді татып, тәтті ұйқы құшағында-тын. Түн ауып, таң сібірі де ұлан далаға себезгілей бастаған. Міне, осындай құмар таңды бұрау басындағы оқыс, бірақ қысқа дүр сілкініс шырт ұйқыда жатқандарды төсектен бір аунатып алды. Содан скважина басында шуыл мен гуіл де, гүрсіл-тарсыл дауыстар да ұлғая, созыла берді. Жолдас байыз тауып, жата алмады. Тез киініп, бұрау басына жүгірді. Бұрау басы азан-қазан. Мұны қазуға қатысы бар елу шақты кісінің көбі осында аяқ үстінде жүр. Таң ағарып та қалған. Бұдан бірнеше сағат бұрын көрген скважинасын енді танымай дал. Бойы қырық метрлік мұнара жалғыз дірілге басып тұр. Қақ төбесінен шапшыған қарақошқыл сұйықтық маңына жолатар емес. Ол қырық метрдің ар жағында көкке тағы да бірнеше метр биікке төбе көрсетіп барып, мұнара айналасына жаңбырша төгіліп жатыр. Сонда бұндай күшпен атқылаудың болатынын жолдас енді, міне, ғұмырында алғаш рет көріп тұрғаны. Өйткені, скважина бұрғыланып жатқанда қашау төбесінен әр шаршы сантиметріне 260-280 атмосфералық қысым түсіріліп, етікшінің бізді сіңіргеніндей салмақ салынады. Ал мына мұнай ма, әлде жер астының басқалай қоспалы сұйықтығы ма, әйтеуір, бұл ағыс мұншама күшті тек жер астынан алуы мүмкін. Жеті қат жер астынан өрекпіп соққанда нешеме трактор тарта алмас алып мұнараң бебеулегендей солқылын баса алмауда.


Осының бәрін санаулы секундта көзбен көріп, санасында салмақтай бастаған Жолдас әу дегенде өзіне келе де алмады. Мұнай табылды деуге де батылы жетпеді. Әйтеуір, жер астынан жұмбақ сұйықтықтың зор күшпен атқылап жатқаны анық. ІІІонтабаевтың жігіттері де дәл осындай күй кешулі екен. Оны бұлардың қобалжулы сыңайының өзі айқындайды. Олар өздерін кінәлі кісілерше сезіне ме, имене қарайды. Әні, Шонтабаевтың өзі де көрінді. Жолдас бригада басшысына қарсы жүрді. Қысқа қайырым тілдесті. Рациямен экспедиция басшыларына тілдесіп келе жатқан беті екен. Бір емес, осы «тентек» скважина жайын екінші рет хабарлаған көрінеді. Алғашында жер астының қатты қорыл-гүрілге басып, тереңге қашауды батырмай тұрғанын айтыпты. Олар скважина ішіне, сол қашау желкесінен атмосфералық қысымды мейлінше — 260-280-ге дейін арттыруды ұсыныпты. ІІІонтабаев өз жігіттеріне солай істеуді айтуға келсе, «тентек» скважина тентектігін де жасап үлгеріпті ғой.


Жер астынан қарақошқыл сұйықтық ұңғы басындағы құралдарыңмен, тереңдегі қашауыңмен қоса сыртқа допша атып, өзі 40-50 метрлік төбеден жерге қайта сорғалап тұрғанын байқап, бұл адам көрмеген десе артық та шығар — әйтеуір, Маңғыстау өлкесіндегі халық естіп білмеген жаңалықты алдымен өзінің экспедиция басшыларына қайталап, рациямен хабарлап келе жатқан беті екен. Шонтабаев затында — сабырлы кісі-тін. Бірақ, осы жолы Жолдас оның дегбірсіздеу халін таныды. Даусы дірілдеп шықса, қолы да қалтырап тұр.


— Бір Құдай біледі-дағы мұның мәнісін... Қап, әлгінде жер асты өкіріп жатқанда «затворды» бұрай салмағанымыз-ай...


Осыларды айтып, Шонтабаев қасындағы Тоғжановтай әріптесіне «Енді не істейміз?» дегендей бұрылды.


Мына «№6 скважина» деп аталатын бұрау басында қарағайдай қаптаған халықтың көкейін тескен бұл сұраққа:


— Ұңғы аузын жауып, ауыздықтау керек дағы, отағасы, — деп, Жолдас оның арқасынан қақты. — Бірақ, әні, мұның шешуі қиын сұрақ.


Шонтабаев экспедиция басшыларының да жолға шыққанын, әрісі Москваға, берісі Алматыға — үкімет басшыларына дейін хабарланып жатқанын қосты.


Иә, сонымен, міне, 1961 жылдың 5-шілдесі таңында «тентек» скважина Маңғыстау тарихында тұңғыш рет тіл қатты, дін ашты. ЬІстық та, қарақошқыл сұйықтық фонтанданып арындап тұр. Бірақ, кәдімгі мұнай екенін де, нe балшықтанған қара су екенін де жөнді ажырата алмады. Онымен, керек десеңіз — сол минутта бұрау басындағылардың онда шаруасы бола қоймады. Расында былай. Геолог-бұрғышылар геологтардың «қаз» деген тереңдігін қазып, скважинаны сынауға, тереңде мұнайдың барын, қанша шамада екенін анықтаумен шұғылданатын арнайы қызмет орны бар. Оның қарауында да ондаған маман істейді. Бірақ, мына «тентек» скважина бүгін басқаша үкім шығарды ғой.


Бұның арты жақсылық па, әлде басқа ма? Сонда бұл атқылауыңыз немене өзі? Әні, мыңдаған сомдық мұнараңды тарыша шашып жіберді. Сонда бұл өзі жер қазудың геологиялық, технологиялық талаптарын ұстанбағандыққа жата ма? Олай болса, алдымен бұрғышылар төмен қарап қалмай ма?


Ал 5-шілде таңында, Жетібай жеріндегі № 6 скважина фонтанды ойынын неге жорыса болар?


Жолдасты осындай ойлар санаулы секунд ішінде шырмап та қалды. Шақшадай басы шарадай болды.


— Қанша дегенмен, жер астының тылсымы мол ғой. Мына фонтан да геологтар болжап үлгірмеген, оқыс оқиға сияқты. Сондықтан қобалжитын ештеңе жоқ. Ендігі біздің міндет — қалай да скважинаны бітеу.


Жолдастың мына сөзі Шонтабаевқа ұнағаны сонша, сөзі жылтырап, шұнаңдап шыға келді. «Әй, балдар, алға» басып, екеуі іс қамына ойыса берді.


Сарғайып атып келе жатқан таң алтын күннің іргеден сығаларына дайындалғандай, сайын даланың кіреуке пердесін жүрекпен ғана сезерлік құбылыспен сыпыра сәт сайын ағарып келеді. Мұнара басынан өрекпіте шапшыған қарақошқыл сұйықтық қара жерге жаңбырша жауып жатыр. Мұнара іргесінің ат қорадай аумағы қаққа айналған. Қақтың кей тұсы жыра-жықпылды қуалай, сай-салаға ұяң да мөлдір мойнын созып та үлгірген. Жігіттердің бірқатары мына қарақошқыл ерітіндіге шындап назар тастауда. Отыра қап, қақтың шетіне қолын салып, көсіп ап, иіскеп те қарайды, үңіле де қарайды. Ақыры: «Ей, мынау мұнай ғой» болысты. Дабыр-сабыр ұлғая берді. Арты «уралауға» ұласты.


— Ур-ра-а! Мұнай. Мұ-на-ай!


— Ур-ра-а, нефть!


Былайғы тұстан әлде біреу күңк етті.


— Бұраудың талқаны шығып жатысы анау. «Уралайсыңдар-ау, артының не боларын кім білген?».


Жолдас естіп, таңғы сағат бестерде мән-жайды толығырақ білді де вагон-үйлерде дем-тыныш алып жатқан бригада жігіттеріне қарай аяңдады. Келсе, «нояндарының» көбі байыз тауып жата алмаса керек, орындарында болмады. Қалғандарын сәлден кейін өзімен бірге ерте-мерте «тентек» бұрау басына оралды. Жолдас қайта келгенде көрді — бұрау басы бағанағыдай емес, адам-қараға толыңқырапты. Аспанға мұнай болса, бәз-баяғысынша фонтандап атып жатыр.


Мамандары бар, бұрау басындағы орта буын басшылары бар — бәрі жиналып, фонтанды бөгеу керек деп түйді. Рациямен хабарласқанда экспедиция бас мамандары да осылай дескен. Және өздерінің сапарға бастап шығып жатқанын Гурьевтен, Москва мен Алматыдан хабарлаған. Фонтан атқылап тұрған бұрғы станогына жолау мүмкін емес. Себебі — шапшып жатқан мұнай өте ыстық — 80 градус ыстығымен булама шапшиды. Мұншама ыстық мұнай денеңді күйдіре қарып тастайды. Өзі жабысқақ неме емес пе, сол бойы бір қабат теріңді күлбіретіп, сылып түсіреді. Көре-пара отқа түсуге тағы жоқ. Әйтсе де тек қатты арынды емес, бет қаратпайтын ыстық мұнайды табу керек-ақ.


Сол оймен Тоғжанов пен Шонтабаев басқарған бригадалардың жігіттері қарбаласып бақты. Қалай да мұнай атқылаған скважина көмекейін бітеу керек. Соның қамына кірісті. Бұл істің басшысы Дүйсен Үсенов деген бұрғышы мастер болды. Ақырында скважина түбіне үстеріне ыстық мұнай күйдірмейтіндей киім киіп, бет-ауызды да тұмшалап жауып, шапшыған мұнай фонтанына жету ұйғарылды. Ол үшін төрт, бес жігіт әлгіндей киініп, құрал-саймандарын арқалап, скважина түбіне жүгіре жөнеледі. Барып жіберіп, скважина аузына салмағы недәуір темірді көптеп қалса, онысы аспанға допша домалап, мұнаймен бірге атылып кетеді. Бірақ жігіттер бұндай ыстық мұнай астында он шақты минуттан артық жұмыс істей алмайтын. Қайта-қайта, кезек-кезегімен фонтан түбіне бұрғышылар жетіп отырды. Қалыңдығы бір еліден кем емес металл пластиналарды тосып көрді. Жолдас жағасын ұстағандай болды. Тереңнен атқылаған мұнай фонтанының күштілігі сонша — әлгі пластинкаңды сол фонтан ағыны пышақпен май кескендей тіліп түседі. Қаратемірді нанша тураған мұнай фонтанына құрық салар қауқар бұл маңнан табылар ма екен?


Тоғжанов өз жігіттерімен соңғы рет ыстық фонтан астынан шығып жатып, осыны ойлады. Скважина басына жақындап, бес-алты кісі дәл ұңғы аузына кигізе салмақ боп, ауырлау да берік құбыр тораптарын да төңкеруге әрекет жасады. Бірақ, жер астынан шапшыған андыздаған арын оны іске асырмай тастады. Тағы басқа да амалдар қолданылды. Кезекпе-кезек әр 15 минут сайын оқша атылған ыстық мұнаймен жағалас үздіксіз жалғасты. «Оқша» деуіміздің төркіні мынада: жер астынан шапшыған ыстық мұнай скважина аузына кептеуге апарған бармақтай қалыңдықтағы металдарыңды нан құрлы көрмей қиып түсіреді. Ал пистолет тұрмақ, автоматтың аузынан жалын шашқан оқтың бір елі қалыңдықтағы металды тесіп өтуі екі талай-ау?


Не керек, бұрау басы азан-қазан. Таң атып, алтын күн де ұясынан нұрын төге сығалай берді. Алтыншы скважина басы бұл шақта автомашиналар мен тракторларға толып кетті. Бұларға назар тастауға Жолдаста да, оның қасындағы кісілерде де мұрша жоқ. Әр 15 минут сайын оқтын-оқтын тың күшпен скважина желкесіне қолына түскен қалқан-темірлерін сүйрете жетеді. Скважина болса, «сәлеміңді» алмай, қара майын шалқайта аспандатып тұр. Ең жаманы күйік емес екен. Үсті-басыңнан саулай аққан бұл ыстық мұнайдың құрамында басқа да қоспалар жеткілікті болса керек. Бұны Жолдас және оның «нояндары» бертін келе әбден таныды. Сол шақтарда-ақ, кезі құрғырың удай ашып, зар қақсай берген. Жанға батқан ауруына шыдас бар, бірақ маңдайдағы қос шырағың бітеулене, алдың су қараңғы тартқаны батыңқырайды екен. Өйткені, аяқ жолыңды байқай алмай, не болса соған маңдаймен сүзе құлайсың. Біраз жігіттер қарақошқыл қаққа аунап қалды да. Содан бұрауды қоя сап, құлаған жігіттерге көмекке ұмтылатын. Жолдастың өзі де бір аунап тұрды. Абырой болғанда орнынан өзі көтерілді. Және маңдайдан сорғалаған ащы тер удай ашыған көзді жуып-шайды ма, соның алдында су қараңғы тартқан көзі бірер мәрте қаттырақ жұмып ашқасын-ақ тұман сейілгендей, біртіндеп аяқ-жолын кере бастады. Көзді қолмен қайдан уқаларсың? Кигенің қолғап, ол да қара майға, ол да буы бұрқыраған ыстық мұнайға баттасқан. Тек сенерің бір Алла, әулиелер мен аруақтар. Соларды атап-атап тер ме, мұнай шашырандылары ма, топырақ па, әйтеуір – кір-қожалақтарды көзді ашып-жұмумен аластағандай боласың.


Иә, Шонтабаев пен Тоғжанов бригадаларында сол бір шақ тым қауырттығымен, тым ыстығымен дараланғаны рас. Фонтан да фонтан деп қазір біртүрлі жүректері opнына түсе мәз болғанымен кеуде түкпірінде әрқилы дүдәмал жорамалдар да бүлкіл қақты. Алдымен мына дүлей күшпен атқылаған фонтанды қайтсе бекітсе болар? — деген ой маза бермеді. Бірақ, бұл шаруа тек осы екі бригаданың еншісі емесін, оған бүкіл экспедиция, қалды трест және одан арғы лауазымды орындарда білгенін сала бастағанын күн тұсау бойы көтерілгенде байқасты. Тек бұл фонтан атқылаудың соңы немен тынарын әлі болжай алмай дал-тын.


Иә, 1961 жылдың 5-шілдесі таңында № 6 скважинадан атқылаған мұнай фонтаны бұл екі бригада үшін алабөтен жаңалық, тосын оқиға болатын.


Рас, мынау Жетібай деп аталатын кең жазықтықтың тереңінде газ ба, мұнай ма, құр емесі алдымен Жолдас және оның «нояндарына» 1961 жылдың ерте көктемінде-ақ байқалып еді. Сонда бұл бригада осы № 6 скважинадан қол созым — екі шақырым жердегі № 2 скважинаны қазып жатырған-ды. Ал жалпы бұрғылау жұмыстарына Салық Рысқалиев аға (марқұм) басшылық еткен, қара жұмысты Жолдастың өзі бастаған «нояндары» атқарысты. Сөйтіп, № 2 скважинаны қазып, тереңдікті екі мың бес метрге жеткізген кезде болат бұрғы одан әрі жүрмей тұрып алды ғой. Қашау әрі жүрмей, қысымға көнбей жүргенде № 2 скважинадан газ көтерілді. Скважинадан мұнай орнына газ атқылады. Осы жайды Салық Рысқалиев пен Жолдас Тоғжанов экспедиция басшыларына хабарлап та тастады. Сөз жоқ, бұл да қуанышты хабар. Жетібай жері тұңғыш рет тереңінен тіл қатып бақты. Онда да «қойнымда табиғи газ толы» дегенді ұқтырып жатыр. Ал табиғи газ жүрген жерде мұнай да алшақ кете бермейді. Бірақ, Тоғжанов өз басшысы Салық Рысқалиевпен келісіп, сонда — 1961 жылдың көктемінде № 2 скважинадан бұрқ етіп, сыр бере бастаған арынды басып тастады. Бұнысы — уақытша шара еді. Экспедиция басшыларынан хабар күту осы-тын. Газ атқылау белгісі бары бас мамандарға белгілі болды. Алайда, жоғарыда отырған шаруашылық басшылары «мұнай болмаса, газ деп әуреленбей-ақ қойыңдар» дегенді ұқтырып, тереңдігі екі мың бес метрдің үстіндегі № 2 скважинаны жаптырып тастады.


Бірақ, көреген, жөн білетін геолог мамандар: «Жөке, Жетібай жер астынан тұңғыш рет хабар алып берген өзің болды ғой» десіп қойды. Кейінгі жылдары мәлім болғанындай, Жетібай кен орны табиғи газ қорымен де атағын аспандатты. Демек, Жолдас Тоғжанов жігіттері осы Жетібай алаңының қасиетінен 1961 жылдың көктемінде-ақ нақты әңгіме ұшығын танытты. Ал 1961 жылғы 5-шілдеде атқылаған мұнай фонтаны сол Тоғжанов және оның «нояндары» әкелген тың жаңалықтың жалғасы екенін екінің бірі қайдан білсін!


Иә, 1961 жылдың 5-шілдесінің таңы атты, күні де ұясына қонды. Скважина маңы автомашиналар түгілі вертолеттер мен қосқанат самолеттерге дейін қаптады. «Тентек скважина» ырыққа сол күні де көнбеді. Келесі 6-шілдеде «тентек» скважина бұрқ-сарқ қайнаған қайратынан қайтпады. Вертолеттер мен самолеттердің бірі қонып, бірі ұшып, алақандай алаңды басына көшірді. Қалың нөпір халық мұнара айналасында кілкіген қарамай қағын айналсоқтап, әлі де «тентек» скважинаны ауыздықтаудың қамымен сарсылумен жүр. Мұндай «тентек» скважиналардың талайын көрдік деген «білгіштер» арнайы самолетпен, вертолетпен Кавказ жағындағы Краснодардан, Майкоптан, Башкирия мен Татарстаннан келіп жетті. Азербайжан жағынан — Бакуден көбірек қонақ көрінді.


Жөкең айтады: бұлардың бәріне бөтен сөз айта салу әбестік қой. Келген қонақтар «тентек» скважинаны басуға қолғабыс етті. Бірақ қара жұмыстың бел ортасында екі бригада жігіттері жүрді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара дегендей жұмыла қимылдап, ақыры «тентек» скважина 7-шілде күні түс ауа бізге қол бергендей, сыртқа мұнай атқылауын мүлдем тоқтатты. Ұлан-ғайыр дала төсі осылайша тынышталды. Бұл тыныштық — Маңғыстау өлкесінде жаңа дәуір, береке басы — мұнай өнеркәсібі саласына бетбұрыс жасар, тұсау кесер алдындағы салтанатты шаққа баласа болғандай. Жолдас өзінше осылайша түйіндеді. Ал сол бір тыныштықты дала қосында атқылаған ақ шампандар тарсылы, еңбек адамдарының шаттық лебі ескен ақжарқын ойын-күлкілері, әуелей жөнелген ән мен күйлері қанат қаға бұрғышылардың думанды тіршілігімен қабыса жаңғырды дейсің!


Тілекті беріп Құдайым,


Ашылды, Жетібай, мұнайың,


Халқыңның жаңа ырысы бұл.


Айтады жұртың — көзайым.


Кешкі салымға ұласқан сауық-сайранды қоңыр дауысына сап соза түскен осы бір ән көтеріп-ақ тастады ма, жұртшылық елең етті. Әнтек әуелеп, біртіндеп бәсеңдеумен аяқталған осы бір төрт жол жыр тыңдаушының жүрегіне жол тапқан болар: «О, жарықтық шырқай түс» десіп, қол соғысты. Жолдастың есінде бұл жырдың басқа шумақтары сақталмаған. Бірақ, жоғарғы төрт жолды кейінгі кездері рахаттана әндетіп жүретін.


Иә, 1961 жылдың 7-шілдесі «тентек» скважинаны ауыздықтау мерекесі болуымен есте қалды. Ал «тентек» скважинаны «тұсап» бекіткендер тобына кімдерді қосса болар. Олар: сол кездегі геологиялық барлау тресінің бас инженері Асабай Хисметов (марқұм), экспедиция бастығы Хасан Тәжиев, бас механик Карл Шульц, бұрғышылар, механизаторлар: Назар Сейтімбетов, Атыраубай Аяғанов, Әділ Жанғалиев, Оңғар Қобжанов, Найзабек Толтырбаев, Сайлау Смағұлов, Қайып Азанбаев, Қаршыға Жалғасбаев, Әнетбай Жақыпов, т.б. көптеген азаматтарды Тоғжанов құрметпен еске алып жүреді. Бәрінің аты-жөнін сол бойда келтіре алмауы кәдік. Біз де оның сол күйін ұғып, естіген күйімізде беріп отырмыз.


— Ал сондағы көптеген азаматтар ыстық мұнай фонтанын — өзіңіз айтқандайын — «тұсаулаймын» деп жүріп, бір қабат терімізді күйдірдік те, — деп, Жөкең әдемі жымиып қойды. — Адамның денесі бір күйсе, оның жазылып, бітіп кетуі-ақ қиын болады екен. Және алпысыншы жылдары геологиялық дала қосы — Жетібайда қалыпты емхана қайда? Қазіргі тұтас Маңғыстау облысы орналасқан өлкеде екі-ақ аудан болатын. Ал Жетібай жері ол кездері Маңғыстау ауданынан алыс та емес, қашық та емес — орта қашықтықтағы мал жайылымы екен. Содан, денеміздің жараға айналған, қан сорғалаған тұстарын өзімізше ем-дом жасап, бірнеше күн қара жұмысымызға ене алмадық. Бірақ, жұмысқа бұрғышылыққа жегіле бердік. Және басшысы өзім ғой. Шамалыны білдірмей, жара-параны байлап, таңып, бұрғы басына домалай бердім. Сонда жігіттер:


— Әй, қанша дегенмен, «Бұлан да бұлан бұлан сан, бұлан санды оқ тесер, бұлаңдаған жігіттің жомарт қолын жоқ кесер» дейтіні рас-ау. Мына, Шөкеңе бұлан сынды жігіт деп, Жылой жағында бекер ат қоймаған. Жомарттығына, қолының ашықтығына қайсың тең келер екенсің? Өзі ішіп-жеймінге жоқ, барын алдыңа тоспай ма? «Басшымыз — жара емдеуге жәрдемдеспедіге салмайық, — деп бір шұқырға түкірісті. Соңымнан ерді. Бұрғы келесі скважинада одан әрі тоқтаусыз айналса, бұл да біздің жігіттердің арқасы. Тек жігіттер маңдайдағы қос шырағы — көздің әуресіне түсті. Бұл өзі алтыншы скважинада екі күн бойы ыстық мұнайды тоқтатамыз деп жүріп, жабысқан пәленің бірі болды. Бақса сол ыстық мұнай құрамында түрлі қоспалар бар-дағы соның кейбірі көзге дарыса, қарашығыңа ма, әйтеуір, алды-артыңды байқауға кедергі келтіреді екен. Араға аттай отыз жыл түсті. Ал ыстық мұнайға түсіп, кез ауруына ұшырағандардың көбін қазір де жазбай тануға болады екен. Бұлардың көзі қашан болмасын қызарып тұрады. Жасаурап, алды көмескілене береді. Әсіресе, шақырайған сәулеге төзбейді, тесіліп ауырып, қолымен бе, басқамен бе, көлегейлей қояды. Құрбылар «қызылкөзділер» деп қояды екен...


Бұлан санды бұрғышы Жолдасымыз кім? Оның арғы-бергі тегінен бірер сөз қозғап жіберейік.


БІРІНШІ ШЕГІНІС


Жолдастың әкесі Тоғжан Бәтиев болғанда бұлар Маңғыстауда Дәулеталы Жары деген атаға жатады. Тоғжанның ағасы Сәттіғұл 1870 жылы туылған, ауыл-еліне сыйлы кісі деседі. Сөйтіп, Ұлы Қазан төңкерісінен көп бұрын патша үкімет орындарының назарына ілігіпті, старшина шенін алған. Патша үкіметі құлап, кешегі Кеңестер Одағы орнады ғой. Сол жылдары Бәтиев Сәтекең Кеңестер Одағы үкімет орындарынан қағажу көре ме, қалай, бұрынғы жақсы атақтардан қалады. Қудалауға түседі. «ІІІаш ал десе, бас алатын» заман желі еседі. Сәттіғұлдың інісі Тоғжанды да үкімет орындары көз қырына алуы мүмкін-ау. Үлкендер жағы осылай дегесін ол нағашы жұрты — Сағыз бойындағы таз еліне қоныс аударады. Сол жақта ержетіп, өзі құралпы Зәнзила атты қызбен тұрмыс құрады. Отызыншы жылдардың басы болатын.


Ол жылдары туған жері — Маңғыстауда да, Жем, Сағыз бойында да алғашқы колхоздар-ұжымшарлар құрылып жатты. Бәтиевтер — Тоғжан және Зәнзиба, ерлі-зайыптылар алғашқылардың бірі боп, колхозға мүшелікке өтті. Екеуі бір отар қойға ие шықты. Ал 1934 жылы Қызылқоға ауданындағы «Путь к коммунизму» колхозында Жолдас осы отбасында шыр етіп, жарық дүниеге келді. Малшының баласы Жолдас та бұларға көмекші ретінде еңбекке ерте араласты. Малшы қауым — аудан тұрмақ, ауыл орталығынан да жырақта өмір кешеді. Жолдас жеті кластық мектепті ағайын жуығының, кейде интернатта жатып оқумен аяқтады. Одан әрі оқуға Жолдастың өзі кет әрі емес-тін. Бірақ, әке байғұс көздің қарашығындай ұлын жібергісі келмеді. Сонымен, Жолдас он жетіге келгенше малшылар бригадасында жұмыс істеді. Және бұлардың малбегілік атағы шығыңқырап тұрды. Күй-тұрмыстары да жаман емес еді. Көп кешікпей осы малшы ауылға Доссор поселкесінде тұратын ағайындарының бірі қыдырып келсін. Сол ағасы зіңгіттей жігітке көңілі тола ма, Жолдасты бұдан әрі оқытуды ата-анасына ұсынады. Ол кездері малшыларға ең жақын оқу орны — Доссордағы қолөнер училищесі болатын. Тоғжановтардың қыстауынан 300-350 шақырым жер. Тек алты ай жазда ғана керуеншілеп барып қайтуға жағдай бар. Ол кездері автокөлікпен қатынау жайлы сөз қозғалмайтын. Қонақтың ұсынысына Тоғжан қарт сырт айналумен жауап қайтарған сыңай танытады.


— Көке, рұқсат берсең, бағымды сынайын-дағы?


Жолдастың қиыла қойған өтінішіне үйдегі қонақ та қосылады. Не керек, аз айтып көп айтып, Тоғжан қартты көндіреді.


— Әуелі — Алла, қалды өздеріңе аманат, Жолдасжаным, — деп, ертесіне кемсеңдеп тұрып, Тоғжан қарт ұлын жолға салды. Сондағы Жолдас бір түйе, бір атпен аяңға басып, төрт-бес қонып Доссор поселкесіне жетті. Поселкедегі мықты оқу орны — № 19 қол өнер училищесі екен. Оқысам деп келген Жолдастай балаң жігітті оның ұстаздары қуана қарсы алды. Бұйыртқаны ғой, 1952 жылдың қыркүйегінде Жолдас та училищенің ондаған шәкірттерінің бірі боп, партаға отырды. Айтпақшы, училище ұстаздары:


— Қандай мамандыққа оқығың келеді? — деп сұраған.


Жолдас болса, әйтеуір, оқысам деген арманына енді ғана қолы жетіп, енді содан айырылып қалмасам болғаны деп ұққан қуанышпен:


— Мамандық талғамаймын, — деп бір қайырған.


Ұстаздары болса, «Сендей бойлы-сойлы, бура санды, бұлан сынды жігіттердің орны бұрғышылық» деп, оны бұрғышылар даярлайтын бөлімге қосты. Жолдас осы Доссордан табан аудармастан екі жыл оқыды. Табан аудармастан дегенде — поселкеден бір адым ұзап шықпағанын айтамыз да. Осы екі жылда қырда мал бағып жүрген ата-анасына барып қайтуға жағдай табылмады. Олардың аманшылығын анда-санда барып, қайтатын кісілерден еститін. Ал каникул күндерінде сарғайып күтсе де тура көліктің сәтін келтіре алмады. Ал келесі, 1953 жылы жазда училищені бітірген бұларды Жылой ауданындағы Мұнайлы кәсіпшілігіне бұрғышының көмекшісі етіп, жұмысқа бөлді. Бригаданы көпті көрген жігіт ағасы Беркінғали Досмұханбетов деген кісі басқарады екен. Сол және басқа кісілер жас жігіттің бұрғышының көмекшісі мамандығын тез меңгеруіне көмек-жәрдемін аямады. Әрі мамандығына төселді, әрі материалдық жағдайын жақсартты. Қалтасы тесік оқушылыққа тән таршылық құрсауынан босағанын асқар тауы әкесіне жеткізуге асықты дейсің? Бұған жора-жолдастары да түсіністікпен қарады. Астына шаруашылық басшыларынан автомашина да сұрап aп берді. Сол автомашинамен қырдағы ата-анасын біржола көшіріп әкелумен сапарға шықты. Ұзын ырғасы 400 шақырым жолды артқа сап, туған үйіне жетті. Табалдырықтан аттай бергенде анасы бейшара мойнынан тас қып құшақтап, өкіріп жылады дейсің! Жолдас әкеден көз жазып қалғанын енді білді. Оқу бітірмей тұрып, әкеге уақыт бопты. Бірақ: «Жолдасжан оқысын, қазамды хабарламай тұра-тұрыңдар» деп, соңғы аманатын айтып кетіпті. Сол аманат бойынша қазаны Жолдасқа хабарламаған екен.


Отызыншы жылдары туған жері — Маңғыстаудан сайғақ құрлы сая таппай, (өзі айтқандай) нағашы жұртынан медет тапқан, бала-шағаны осында көрген момын әкесі Тоғжан қартты асқар тау тұтатын. Бір уыс топырақ салуға жарамағанына өзі кінәлідей қысылды. Сол қысылумен әке қабіріне тәу етті.


Араға бірер күн сап, үй мүлкін, ыдыс-аяғын автомашинаға тиеп, анасын кабинасына отырғызып, Доссор жағына жүріп кетті.


ҚАРАМАНДЫБАСТАН ӘРІ ТАСБОЛАТ


Мейлі кей мамандардың салақтығы болар, мейлі енжарлығы, әлде тәжірибесіздігі болар — күтпеген жерден 1961 жылдың 5-шілдесінде мұнай фонтаны Жетібай жерін дүр сілкіндірді. Ол геолог-барлаушылар бойына сөзбен жеткізу қиын соны серпін, көл-көсір шабыт қосты.


Ең бастысы — осы сілкініс арысы Москвадағы, берісі - Алматыдағы үкімет орындары, ведомство басшыларын Маңғыстауда мұнай-газ өнеркәсіп кешенін жасау жоспарын ғылыми тұрғыдан тұжырымдап жасауға Жетібайда, Ералыда, Өзенде, т.б. жұмысшы поселкелерін салуға, халыққа әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар туғызуға қуатты қозғаушы күш болды.


Ғасырларға татырлық мұндай ұлан-ғайыр өзгерістердің басында сол кездері (өз атымен атағанда) КПСС Орталық Комитетінің Бюро мүшелігіне кандидат, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың мемлекеттік, қоғамдық қайраткер ретінде ер тұлғасы ерекше жарқырап көрінді. Д.А.Қонаевтың көрегендігі мен көсемдігі қатар өрілді. Маңғыстауда жылына миллиондаған тонна мұнай мен табиғи газ өндіріп, оны түбектен сыртта жүздеген шақырым қашықта жатқан зауыттарға жеткізуге қабілетті тұтас өнеркәсіп кешені санаулы жыл ішінде өмірге келді. Бұл үшін бұрынғы Кеңестер Одағы тұсында жылына миллиондаған сом (рубль) бөлінсе, бұның бәрінде Д.А.Қонаевтай арысымыздың ерен еңбегін айтып жеткізу оңай ма?


Бұлар жөнінде Жолдас Тоғжанов аға әңгімелеуден жалықпайды.


Иә, бұның бәріне қанат бітірген 1961 жылғы 5-шілдеде Жетібайда атылған мұнай фонтаны екенінде шүбә жоқ. Қанат бітіргені дегеннен шығарайық. Жер астында мұнай бары анықталғасын «Маңғыстаудың ой-қырынан скважина қазу қаулап артты. Тек білікті бұрғышы мамандары жетіңкіремейтін. Сонсын, лажсыздан сонау Кавказ бен Татарстаннан, Сібір мен Башкириядан, Москва мен Ленинградтан, басқа да осы қалай деген орталықтардан жол пұлы түгілі көші-қондық ақысын төлеумен шақырылды. Басқаға жоқ, тағы бұлар десе баспана кезексіз берілді. Тағы өзге әлеуметтік жеңілдіктері қабатталды. Соның нәтижесі болар — алпысыншы жылдардан бастап, көпұлтты өлкеге айналды. Ал маман кадрлар негізінен сырттан келгендер, соның ішінде басқа ұлт өкілдері болды. Бұл өзі қызғаныш немесе іштарлық, ұлтшылдық сезімнің сәулесі емес нақты шындықтың айнасы. Маңғыстауға келіп жұмыс істеген түрлі ұлт өкілдері тиянақты еңбек етті, өз міндеттерін адал атқарды. Және жергілікті ұлт өкілдерінен мамандар даярлауға да үлес қосты. Мысалы, Жолдас Тоғжановты бұрғылау шеберін дайындау курсына оқуға жіберді. Жолдаспен бірге бұл курста Төреғали Қадіров пен Жұмағали Дәуітов оқыды. Кейінірек, Төреғали Қадыров Социалистік Еңбек Ері құрметті атағын алып, өңіріне «Орақ пен Алтын Жұлдыз» медалін, Ленин орденін тақты. Аздаған оқудың пайдасы осындайда танытып қалмай ма? Иә, солай. Жолдас та бұрғышылар шеберін дайындау курсын бітіргесін бұрғышылар мастері қызметіне жоғарылады. Оның бригадасы Жетібайдағы № 3 және № 13 скважинаны қатар қазып, бұл қабаттардың өнімді екеніне мамандардың көзін жеткізді.


Күн өткен сайын барлау нүктелері көбейіп, Жетібай жерінің тереңінде жатқан мұнай қорының жалпы көлемі тиянақталды. Ендігі бағыт — оған жалғас жатқан Қарамандыбас алқабы болды. Міне, Қарамандыбасқа бұрғышыларды бірінші боп бастап бару бақыты Жолдастың пешенесіне бұйырды. Мұнда Жолдастың қарауында екі бірдей бұрғышылар бригадасы жұмыс жасады. Өзі № 1 скважина деп аталды. Құдайдың бергені дағы — сол № 1 скважинадан мұнай фонтаны атқылап шықты. Қарамандыбастың бағын ашқан Жолдастың бұрғышылары еді. Артынша осында № 5 және № 9 скважиналар бұрғыланды. Бұлардан да мұнай алынды. Қарамандыбас алаңының асты мұнайлы екені жөндеп дәлелденді.


Лениндік сыйлықтың лауреаты кәнігі геолог Халел Өзбекғалиев ол кездері экспедиция басшысы еді. Бірақ бұл атақты кейін алды. Сол кісі қос басында Жолдасты әңгімеге тартқан:


— Мықты бұрғышы деген атағың бар. Көпсінбесін, Құдайым. Жетібай мен Қарамандыбаста мұнай мен газ табылды. Бұлар ендігі жерде сенің атағыңды бір шығармас деймісің? Енді мына тұрған Теңге деген жерге барып, бағыңды сынасаң қайтеді? — деп қайырған.


Жолдас «өзіңіз қолдап жатсаңыз, болсынмен» жауап қайырды. Көп кешікпей, 1964 жылдың күзінде Теңге кен орнынан газ фонтаны атқылады. Бұл жалғыз болмасын десті ме, соңынан № 8 скважинаны бұрғылап, Ж.Тоғжанов бригадасы бұдан да газ фонтанын атқылатты. Маңғыстауға, Қазақстанға соңғы кезге дейін атышулы газ кенорны Теңге өз тарихына Жолдас Тоғжанов бригадасы есімін жазды да.


Маңғыстауда 1964 жылда төрт бірдей мұнайлы алаң ашылса, соның Жетібай, Қарамандыбас және Теңге кенорнын ашушы осы Жолдас Тоғжанов және оның бригадасы. Соны білетін экспедиция басшылары Тасболат алаңына жұмсады. Жолы болайын деген дағы, № 1 скважинаның өзінен мұнайлы, газ конденсаты лықсып шықты. Тағы да № 5, № 7, № 25 скважиналар қазу барысында бұны толықтай қуаттады. 1965 жылдың еншісіне тиген төртінші бақытты алаң осы Тасболат қой.


Алдан бесінші алаң қол бұлғады. Ол — Шығыс Жетібай алаңы. Бұған да Жолдас басқаратын бригада № 1 скважинаға бірінші боп бұрғы бойлатты. Бұны мамандар «майлы жілік» деп бағалады. Іле түрен салған № 5 скважинаның нәтижесі де жақсы болды. Және № 7 скважинаны Жолдас бригадасы сол кездегі Одақтық министрлік бойынша шапшаң әдіспен бұрғылап берді. Ұңғылардың бәрі де Шығыс Жетібай жерінің мұнайлы екенін көрсетті.


ЕКІНШІ ШЕГІНІС


Жолдас ата-баба жұрты Маңғыстауға 1958 жылы салт бас, сабау қамшы жігіт боп оралды. Онда ол бұрғышылар сапында келді. Бұлардың бригадасы Форт-Шевченко түбіндегі Түбіжік жерінде жер қабатын бұрғылайтын. Маңғыстау геологиялық барлау тресі де сол шамада құрылып, кеңсесі Форт-Шевченкода орналасты. Түбіжік жөнді кен орны бола алмайтын сыңай танытты. Бұрғышылар Түбіжік, Қосәйнек сияқты алаңдарды сүзіп өтіп, Жетібай алқаптарына барып, бұрғы бойлатты. Осында жүріп те № 6 скважинаның және басқалардың даңқын асыруға қатысты. Міне, осы кезеңде Жолдас Жем бойындағы үйін көшіріп алды. Көшіріп алған жері — Жетібай поселкесі. Ол жылдары ағаш, шетеннен асығыс тұрғызыла салынған аздаған үйлер болды да, бұлар шаруашылық кеңсесі, басшы-қосшылар баспанасы, қонақ үй сияқты ғимараттар рөлін атқаратын. Ал жалпы бұрғышылар, геологтар отбасыларын көшіріп алса да жертөлелерде тұратын. Жертөле салып алу — онша қиындыққа соқпайтын. Трактормен шұңқыр қазып, төбесін қолға түскен темір-терсекпен жауып алады. Міне, Жолдас өз үйін Қызылқоға жерінен осындай жертөлелердің біріне көшіріп әкелді. «Мұнай ашылды» деген хабардан құлақтанған алыс-жақын жақтағы кәсіп, талап іздеушілер ағылып көшіп келіп, қоныстана берді. Халықтың көптеп қоныстануы себепті ме, алғашқы кездері Жетібай ауылынан жертөле табу да күшке түсті. Жолдас өзінің жар қосағы Атжетбес Еменова, араларында кішкентай сәбилері бар — отағасының өзі Жолдастың қолымен салынған жертөледе жеті жылдай өмір кешті. Баспанасы жоқтар үйшік-күркелерді жағалады. Жолдастардың да отын, су, кәкір-шүкір бірдеңелер сақтайтын күркешігіне «құда» түсушілер де аз болмады. Көңіл жақпайтын Жолдас бұған да бірер отбасын паналатты. Дегенмен, жертөлеңіз — ұзақ шыдатпайды екен.


Сорақы тіршілік осыдан басталады екен, битке жылап көріскендей боласың. Құрт-құмырсқа меңдеп, қандала қаптап, түн баласы ұйқыдан қаласың. Балалардың үсті-басын жара қаптап жүретін. Құрттың көбейгені сонша — жертөле төбесін Алдатомпақ торлады. Төрің — сыз, жайған төсегің меңдеп, көктеп көңірсиді.


Жолдастың балалары осындай үй-жайда өмір кешті. Сонда, 1961 жылдың аяғында туған қызы — Бұрыш қазір көпбалалы ана, 1963 жылы туған ұлы Мұхит — Ақтауда тіс дәрігері. Бұл екеуінің сәбилік шағы әлгіндей жертөледе, құрт-құмырсқаға таланумен артта қалды-ау.


АҒИЫҚ АЗАМАТТАР АҒАСЫ


Сүйген құлдың аты көп. Жолдас «Бұлан сынды бұрғышы», «Бұлан санды сабаз» деп еркелетумен өсті. Ал Маңғыстауда мұнай мен газ өркендеген заманда «Ағиық азаматтар ағасы» дегенді алға тоса, алдынан алшаңдап қарсы алатын ауыл аймағына дән риза.


Оңашада өткен-кеткен өмірін сарапқа сап қояды. Геолог-барлаушылар негізгі жұмысын аяқтай келгесін Жолдас Тоғжанов мұнай кәсіпшілігіне ауысты. Сөйтіп, 1975-1979 жылдары Жетібай мұнай кәсіпшілігінде скважиналарды жерасты жөндеу бригадасын басқарды. Байқап отырса, тек сол жылдардың өзінде бұның бригадасында кейіндеу заман ағымына сай алуан дарын иелері жұмыс жасапты. Бірде Жолдастың бригадасына қалтасында Алматы политехникалық институтының табақтай дипломы бар қағылез қара жігіт келді. Қатардағы жұмысшылыққа қабылданды. Бұл қағылез қара жігіттен Жолдас жақсы нышан байқады. Өйткені, ол байырғы танысындай, ешкімді жатырқамай, май-май қара жұмысшылармен тез тіл табыса берді. Арада төрт, бес жылда қағылез жігіттің жұмысшылықтан аға инженерлікке жоғарылады. Бірде цех бастығы еңбек рұқсатына шықты да, цехтың бүткіл жұмысы да, жауапкершілігі де Жолдас пен қағылез қараға тірелді. Ал цех болса, бірнеше ай бойы өндірістік жоспарды орындаңқырамай, «жоғарғы» басшылардың көк қатынның қарғысына бергісіз «сөгіс» дейтін қаңқуынан құтылудан қалған. Міне, осы жерде қағылез қара жігіттің қарымы байқалып қалды. Жөкең екеуі цехта тәртіпті жақсартуды қолға алды. Өзара сыйластық арқауын ширата отырып әркімнен жауапкершілік күтілетіні басты назарда болды. Соның бәрі бос кеткен жоқ, цех ешқандай қосымша шығын, басқалай шара-параңды тілеместен өндірістік жоспар дегенде қатарын басып оза берді. Мұнайшылардың басшысы Саламатов Мұрат дейтін (марқұм) іскер де талапшыл маман еді, сол кісі цехтың тың аяқ алыс себебін сұрады. Жолдас қасындағы жас инженерді нұсқап, «еңбек осы жігіттікі» деп, келте қайырды.


Болайын деп-ақ тұрған жігіт екенсің, мұңсыз бол, қарағым. Саламатов қағылез қара жігіттің қолын қысып тұрып осылай құттықтаған. Сондағы қағылез қара жігітіміз — Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев болатын. Іскер маман да, басшы да әр өлкенің арманы емес пе, Нұрлан Өтепұлын көрші облыс шаруашылық басшыларының көңілін қимай, сол жаққа өз мамандығы бойынша ауысты.


Немесе Қайролла Ережеповты алайық. Ол да Жолдастың осы бригадасының түлегі. Наны осы бригадада жүргенде көтерілді, Маңғыстау облысы деңгейіндегі басшылыққа құлаш сермеді. Қазір Қазақстан Республикасы Парламентінің мәжіліс депутаты.


Маңғыстау облыстық экономика, өнеркәсіп және сауда басқармасының бастығы (бұған дейін облыс әкімінің орынбасары болған) Есен Күмісқалиев 1974-1975 жылдары дәл бригаданың монданақтай мүшесі болатын. Жоғары білімді инженер, бірақ жұмысты ол да қатардағы жұмысшылықтан бастады. Өзін осында көрсетті де. Бойындағы талант, қабілетін Есен Күмісқалиев аудан, дала және облыс басшылығы қызметтеріне ауыса дәлелдеумен көрінді.


Жолдас Тоғжанов «Маңғышлақнефтегазразведка» кешенді экспедициясы және «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы (бұрын «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігі) құрамында жұмыс жасаған жылдары көптеген ақиық ағалармен, алғыр, желкілдеп өсіп келе жатқан жайраң қаққан жастармен жұмыстас болды. Солардың көбі ел үмітін ақтады. Ағалар десе, алдымен Сафи Өтебаев, Халел Өзбекқалиев, Хасан Тәжиев, Николай Петров, Салық Рысқалиев інілер, кейінгі лек дегенде: Маңғыстау облысының қазіргі әкімі Ләззат Қиынов, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директоры Сағын Қырымқұлов, «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамы басшыларының бірі Жақсылық Жанғазиев. «Маңғыстау-геология» АҚ-ның президенті Ғиззат Балмұханбетов...


Жалпы, қазіргі күндері Маңғыстау түбегінде мұнай мен газ өнеркәсібі саласында қызметтеніп жүрген қызметкерлердің дені 60-80-жылдары еңбек жолын Жетібай мен Өзен кәсіпшіліктерінен бастағандар. Ал 70-80-жылдары Жолдас Тоғжанов бұл саланың майталман маманы, бәтуалы бұрғышысы деңгейіне көтерілді. Еңбегімен еленді, адамгершілігімен ардақталды. Қайсыбір басқосуларда алдарынан шыға келген шашын ақ қырау шалған, палуан денелі кісіге жылы ұшырай назар тастайтын жігіт ағасы Жолдасқа олардың көбі жарқылдай үйіріле қалады. Алдында хан тұрса да илігe қоймайтындай паң жігіттер де бой көрсетіп жатады. Бірақ, сондай мырзаларың да Жөкеңдей аға алдында мейір төгіп тұрғаны қандай жарасымды еді, шіркін?! Ағиық азаматтар ағасы болу, ілуде біреудің пешенесіне жаза ма, қалай?


ЖОЛ ҮСТІНДЕГІ ЖӨКЕҢ


Жолдас Тоғжанов Маңғыстау торабында бұрғы салу, мұнай өндіру нәубеті деп жүріп, бармаған жері, баспаған тауы қалдырмады дегендей. Қайда жұмсамасын — тындырымды іс қылатын. Адамға сирек бітер қасиеттің бірі осы ғой, оның бригадасын экспедиция базасынан жарты мың шақырымдай қашықтағы Қансу учаскесін бұрғылауға жұмсады. Қансуда орнатылған тұңғыш скважина № 1 аталса, осыны қазу барысында Жолдастың бригадасы тереңнен газ атқызды. Сосынғы сапарлары: Ақсексеуіл, Бірінжік, Тасойық, Самтыр, Ердәлі, Өтежан, Шаршықұдық, Аманжол, Қарақұдық алаңдарында геологиялық бұрғылаумен озып келді. Бұның соңы Қаражанбас пен Қаламқас сияқты бұл күндері атағы әлемді шарлап кеткен кен орындарына жетеледі. Қарақұдық ойпатында мұнай мен газдың айтарлықтай қоры барын тиянақтаған да осы Тоғжанов бригадасы. Соңғы жылдары осы Қарақұдық кенорнын қазақ-американ бірлескен кәсіпорны иеленіп, мұнай өндіруге кірісулі.


Бұлар да бәрі емес. Жоғарыда айтылған қырлардан бұрғы салып, геологиялық зерттеулер жүргізу бірыңғайлана берісімен Тоғжанов өз бригадасымен Оймаша, Сәрсенбай, Жыланды, Пионерская, Батыс Теңге, Алатөбе, Емал, Атамбай, Аққар, Айрантақыр, Емір, Долинная, Придорожный сияқты қырлар мен жазықтарда жүздеген метр тереңдікке бұрғы бойлатты. Бұлардың қай-қайсысында болмасын «бесжылдық жоспар» деген адуынды аюдай айтыстың арнасымен сындарлы сабылыстардан тұрады-ау. Сол сабылыстар ортасынан маңдайы жарылып, дара шығып жүрген бригада сапында Жолдастың жігіттері болды. Осы сөзімізді қуаттағандай, 80 жылдардың ортасында Арал маңындағы Құмкөл кенішін ашып, зерттеуге жетік мамандар тобына Жолдас ілікті. Бұл өзі Құмкөл сияқты қазіргі байсалды мұнай кәсіпшілігін ашудың, қатарға қосудың негізі қаланар қарбалас-тын. Жолдас Құмкөл кенішін қазбастыру шаруасына үш жыл қолдап, қара жұмысқа жегіле ат салысты. Сонау Маңғыстаудан қатынап істеді. Айына бірер күн отбасына қара беретін. Қалған уақыты Құмкөл мұнайын игеруге жұмсалды. Сол үш жылда аралдық ондаған бұрғышы жігіттер мұның тәлім-тәрбиесін алды, тәжірибесіне қанықты. Кетерінде көбі қимай қоштасты. Байланыстары үзілместен келеді-ау.


Иә, Жолдас Тоғжанов осындай бұлан сынды бұрғышы, ақкөңіл де ардақ тұтар азамат. Еңбек етуді, еліне қызмет етуді ес біліп, етек жапқалы еншілеумен өмір безбеніне түсумен шыңдалды. Сол кездегі үкімет орындары, қоғамдық ұйымдары, әрине, ең алдымен туған елі, дос-жарандары құрмет көрсетті. Бұрынғы Кеңестер Одағы, Қазақ ССР-і, облыстық, аудандық органдары марапаттау ретінде берген Құрмет грамоталарының көлемі жаман тайлаққа жүк боларлықтай, өңірге тағатын медальдардың бірнешеуі сарғайып тең түбінде жатыр. Тек Маңғыстаудың өзінен алты, жеті мұнайлы кенорнын ашуда алғашқы қарлығаш Жолдас ТОҒЖАНОВ ағаның омырауында Ленин ордені жарқырайды.


Бұны көпсінбейміз. Керісінше, олқылау дескен лебізді де естіп жүрміз. Былай қарағанда жаны бар ма, қалай? Оу, тек Маңғыстау түбегінен алты, жеті мұнайлы алаңды тұңғыш рет ашушы бас тұлғаға бас жүлде олқылык етер ме? Бас жүлде дегенде Кеңестер Одағының ең жоғарғы атағы Социалистік Еңбек Ері атағын беруді айтамыз-дағы. Тым болмаса, Москвадағы СССР Жоғарғы Советінің депутаты сияқты құрметке ұсынылмағаны өкініш сияқтанады. Иә, о баста Аллам бұйыртпайын десе, сөз бар ма? Әйтпесе, Жолдас Тоғжановтан көп кейін мұнай саласына кеп, Социалистік Еңбек Ері немесе СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын жамылып шыққандарды айтсақ, біреулерді көре алмаушылық жасамайық дегеніміз ғой.


Қазақ мұнайының 100 жылдың мерекесі қарсаңында сом да ірі тұлғасына жайсаң қалпы құйылып тұрған жігіт ағасы алшаң басып барады. Өмірімен, мінезімен, еңбегімен үлгі болған қазақтың осындай марқасқа ағаларынан айналып неге кетпейміз?


Ақтау қаласы.





Пікір жазу