11.05.2023
  167


Автор: Сергей Аксаков

Дала бораны

Күн батты. Жаңа ымырт жабылып бара жатқан кезі. Шығыс тұстан ақша бұлт кенет көтеріліп өсе берді. Бір кезде қар бұлты көк жартысын түнеріп, құрсап алды, уақ қарды себе бастады. Бұрқырап борасын жүріп жатыр, жел ішін тартып соғып-соғып жібергенде, біресе жас баланың ыңырсып жылағанындай, біресе аш қасқырдың ұлығанындай дауыс естіледі.


— Балалар! Кеш қалдық. Енді атты қатты айдап, қинаудың жөні жоқ. Аяңдалық. Жолдан айырылып қалмасақ, Құдай сақтар, — деді шал.


— Беке! — деді шал бұрыла беріп, ұзын бойлы, ұстағанды қарттау кісіге қарап, — сен артқа түс, торың жүрдек болмағанмен, сылпылға танбайды болдырмас өзің де қалғымайсың. Мен алға түсейін, кірпігіңді қақпай байқап отыр, біреу-міреу я артта қалып, я соқпақ жолға бұрылып кетіп, адасып жүрмесін, — деді. Шалдың шанасын зорға дегенде алға сүйреп шығарысты. Бекеңнің атын күртікке жолдан итеріп жіберіп, артқылар өтіп кетті. Сонан соң омбыдан шығарып алысып, Бекеңді артқа салды. Шал сары тымағын баса киіп, шанасына мінді.


— Ал, Көкше! — деді қуанышты болмағанмен қатты дауыспен шал, талай рет қазадан құтқарып едің, тағы бір қызметіңді көрсет, жолдан шығып кете көрме, кіре жылжып, қозғала берді.


Қардың үлкен бұлты аспанның бәрін жауып алды. Күн қызылын бұлттың ақ шәлі қаптап, көрсетпей кетті. Бар кәрін, бар қорқынышты қуатын жинап алып боран басталды. Еркін далада жел ойнақ сала бастады. Қарды үрлеп, суырып, мамықша ұшырып, аспанға шығарды. Айнала аппақ болып, дым көрінбей, күзгі қараңғы түндей болды. Маңайдың бәрі алай-түлей. Жер, ауа, аспан тек бұрқыраған қардың ұшқынына айналды: ұшқын кіріп, көзді аштырмай, дем алу қиындалды, жел біресе ұлиды, біресе өкіреді, біресе ыңқылдайды, біресе сабалап, біресе жұлқылайды, біресе жан-жағынан, астыдан, төбеден шыр айналады, кейде жыланша оратылып, жолындағы нәрсенің бәрін буындырып үйіріледі.


Қорықпаймын деген кісінің де жүрегі сескенеді, қан суиды. Суықтан болмаса да, қорыққаннан қан тоқтайды, үйткені боран кезінде аяз басылыңқырайды. Арқадағы табиғат қысының долданғаны өте қорқынышты. Кісінің үрейі қашып, есі кетеді, ақылынан адасады. Көп байғұстардың құрбан болатын себебі де осы.


Шаналарының үстінде жиырма пұттан жүк, кіре малтығып, көп уақыт жүрді. Жол көміліп қалды. Аттар тынбастан омбыға құлап, тұрып келеді. Кірешілер көбінесе малтығып, жаяулап келеді. Бір кезде көліктің де, адамның да сілесі қатты, бірталай ат болдырды. Шалдың Көкшесі алда жол салып келе жатса да әлі тың, сонда да кірекестің әлсірейін дегенін байқап, шал кірені тоқтатты.


Шырақтарым! — деді жұрттың бәрін дауыстап шақырып алып шал, амал жоқ, тоқтамасқа болмайды, енді қоналық. Шананы қоршап, ық қылайық. Тертені жоғары көтеріп байлайық. Үстіне киіз жауып, баспана қылып отырайық. Құдайдың күні ашылуын я бір қайырымды жүргіншілерді күтіп алмасақ болмайды. Кім біледі, бәріміз бірдей қатып қала қоймаспыз.


Шалдың ақылы құлаққа әрі жат, әрі шошырлық болды, бірақ жанды сауғалауға тек шалдың ақылынан басқа шара қалған жоқ.


Талайсыздыққа кірешілердің ішінде жол жүріп, ысылмаған жастар да бар екен. Солардың аты тыңдау біреуі шалдың сөзін тыңдағысы келмеді.


— «Бабай! Сенің Көкшең болдырды деп бәріміз бірдей қамалып жатып, қырыламыз ба? Сен асарыңды асап, жасарыңды жасап болдың, саған бәрібір. Біз әлі өмір сүргіміз келеді, жолдағы ауылға шейін 7 шақырымдай қалды, онан артық бола қоймас, жүріңдер, азаматтар! Бабай аты болдырғандардың жанында қала берсін. Құдай сақтап аман қалсақ, ертең қайтып келіп қардан ашып алармыз», — деді әлгі жігіт. Көкше басқалардан гөрі тыңырақ деген шал сөзі де, қалыңдар деген Бекең мен бір-екі адамның сөзі де жастардың миына қонбады. Алты кісі он екі көлікпен тартып жүріп кетті.


* * *


Боран долданып, күшейе берді, сол түн, келесі күн бойын тоқтамастан соқты, жүріс қалды, терең сайлар отау болды. Бір кезде боран толастаңқырады, алақаншықтады. Аппақ болып толқындалып жатқан қардың үстінен жаяу борасын жүре бастады, аспан көгеріп, бұлттар айықса да, сырылдап қар беті жүгіріп жатыр.


Тағы да бір түн өтті, құтырған жел тынды, жаяу боран тоқтады. Даланың түрі бірден қатып қалған толқынды теңіз сияқты. Жарқырап күннің көзі шықты, толқындалып жатқан қар бетінде күн сәулесі күлімдеп, ойнай бастады. Боранмен тоқталған кірешілер, жүргіншілер қозғала бастады.


Тап сол жолмен Орынбордан бос кіре келе жатыр екен. Алдыңғы көлік қар астынан қылтиып тұрған тертенің басына келіп соқты, айналасына кебен сияқтанып жарланып қар үйіліп қалыпты. Тертенің айналасында қар астынан жылы бу шығып жатқанын жүргіншілер көрді. Не екенін бірден түсіне қалып, қолына түскен нәрселерімен жұрт қарды қаза бастады.


Ең әуелі екі жолдасы мен Бекеңді қазып алды. Бұлар қысты күні ініне кіріп, ұйықтап жатқан суыр сияқты талмаусып қалыпты. Айнала қар еріп қалған. Жатқан жері сырттағы ауадан жылырақ. Бұларды суырып алып, шанаға салып, жүргіншілер жолда қалған ауылға қайтып келді. Ауылдың жақын екені де рас екен. Салқын ауа талып қалғандардың жанын кіргізіп, ширата бастады, азырақ қимылдап, көздерін ашты. Сонда да әлі есін білмейді, бір нәрсе қағып кеткен тәрізді. Үйге кіргізбей, тұла бойларын қармен ысқылап-ысқылап, арақ ішкізді, ұйықтасын деп сәкіге салды.


Әбден ұйқысы қанып тұрған соң әлгі кісілердің есі еніп, өлмей аман қалды. Жас батырдың сөзіне еріп кетіп қалған алты ақылсыздар шыға бере жолдан адасқан көрінеді. Жаяулаған аяқтарымен жолдың қатты табанын іздеп, түрткілей-түрткілей, тұс-тұсына бытырап кеткен, әбден діңкелері құрып, бәрі де қатып қалған. Жазғытұры сорлылардың сүйегін әр жерден тауып алысты. Біреуі әлгі ауылдың қорасына сүйеніп отыр екен.





Пікір жазу