Соңғы көш
Жаңаның жолымен,
Көненің ізімен,
Үйленіп ертегі қызымен,
Өлі тарихтың ақсөңке сүйегін,
Артып ап атанға,
Сықырлап үстінде уықтар түйенің,
Сықырлап астында жер бесік,
Барады ел көшіп.
Меңіреу болса да мезгілі,
Өлсе де өткенгі,
Төл тағы төлдеді көктемгі.
Сай-сала жаңғырып көшпенді үнімен,
Артынып-тартынып түнімен,
Жанарын тырмалап тау өлі,
Түн көшпей, ел көшті әуелі.
Мың жылғы болмыстың иісі бұрқырап,
Боздады боталар,
Жылқылар шұрқырап.
Кешегі бөрілер тіріліп,
Бүгінгі төбеттер қыңсылап,
Домбыра тілімен өткенін ойнатқан,
Көш өтіп барады сай жақтан.
Орнығып алғандай ай әбден,
Күн әзер жылжытты сабалап таяқпен.
Топырақ астынан толқындап төркіні,
Бұрқылдақ жолдардың буыны тершіді.
Тарихын түйенің табаны кестелеп,
Мезгілді мең-зең қып,
Көш келед...
Бесікте тербетіп тегінің тамтығын,
Жас ана
жетелеп салтының сарқынын.
Ең соңғы азамат
ең соңғы тұлпарын тебініп,
Төгілтіп барады,
Бүгіннің шаңына көміліп.
Арғымақ жылқылар соңғы рет арқырап,
Көкжиек жүзінде
Болмыстың бояуы қалтырап...
Соңғы көш өтті...