10.05.2023
  118


Автор: Сәуірбек Бақбергенов

Өрімші

Повесть


Бірінші өрім


Біздің ауыл Қаратаудың теріскейін, Аққолтық деген жерді мекендейді. Совхозымыздың қазіргі аты «Жарты тебе». Дуалы ауызды ата-бабамыз солай деп жер атын қойғаны рас. Бірақ, сондай әжептәуір жерде отырып-ақ, құдай оларға ең болмаса бүтін тебе бермегендей жарты төбесі несі деп те ойлайсың. Бұл ой ғана. Жеме-жемге келгенде туған жердің аты туған жер. Оны сен сүйесің, аңсайсың да сағынасың. Жас кезде жалан аяқ, жалаң бас асық ойнаған, қозы-лақ баққан, құлын жетектеп, ат суытқан, бота қуған, одан қалса әңгіртаяқ, ақсүйек, қызды қуған, алтыбақан тепкен, осыларды есіңе алған тақта жөргек иісі аңқыған бесігіңді бір сәт ойлап кетесің. Сол сәт шарасыз бір сезім биледі. Құдайдың үйі Меккеге жақындап келе жатқандай жүрегім шым етіп толқыды. Менің. Меккем осы жер, осы ауыл. Зәмзәм суы да, балқыған қара тас та осы өңірде. Алғашқы толқудан есімді жия бергенде көңіл шіркін қайта серпінді. Өткен шақ, ондағы татқан дәм, ащы мен тұщы, көрген түсінен бастап, әмбе қызық-тамашасы есіңе түседі. Бір ғажабы, сол әр адамның жаста көргені, білгені, естігені ақ қағазға түсіріп алғандай ойыңа келеді, елестейді, елең еткізіп, көз алдыңнан өте шығады. Сол шақта көрген түс те ұмытылмайды. О, құдірет, албырт шақта тот-тозаң баспаған көңіл, кір-қолаң шалмаған пәк ой, арамдық-қулық қаппаған таза қанды жүрек қандай алғыр, қандай қасиетті десеңші. Жастың жарты ғасырды алқымдап тастағанына қарамай бәрі де, бәрі нақ бір бүгінгідей көз алдымда тұр-ау!


Сағынып келдім. Жарты төбеден өтіп, Аққолтыққа жете бергенде көз алдым тұманданып, бұлыңғыр тартты. Тамағым құрғады, кеудені кере дем алып, ауасын жұттым. Таза, әдемі ауадан басым айналып кеткендей боп, әрең айықтым. Туған жер баяғыша көкжиекпен септесіп, сағыммен жалғасып, етек-жеңін кенге, алысқа созған Көз алдымда біздің үйдің ежелгі қонысы — Шилі өзеннің аңғары жатты. Өзеннің арнасы қапсағай қабақты қара тасқа тірелген. Сол тіреуден солтүстік-батысқа шұғыл бұрылып, басқа өзендерге қосылады да, Көкшеқұмның шетіндегі құм жұтып жатқан отыз көлге құр сүлдесі ғана барып жетеді. Көктем болмаса, жаз бен күз, қысты күндері тамшы суы болмайды. Дегенмен көзге ыстық көңілге медеу өзен деген аты бар. Бір кезде көп ауылдың көк жайлауы, салқын сусыны, самалды рахаты болған. Қазір лау аттардың қысы-жазы тебіні ғана.


Осы өзенді өрлеп кетсең, Ханымсай атты тау аңғары басталады. Тау аңғары салқын. Қырық күн шілдеде малды ауыл осында отырады. Менің жақындарым осында екен. Бастықтардың үйіне үйірлігім жоқ басым, өз туыстарымды іздеп тауға кеттім.


Малшы ауыл Ханымсайда екен. Келмегеніме көп болған. Ересектер болмаса бала-шаға, қыз-қырқын тосырқап қалған. Көбі танымайды Үлкендердің біразы сұрап білісті. «Әкең өлсе өлсін, әкеңнің көзін көргендер өлмесін» дегендей, әкемнің замандастары жоқ екен де, ал көзін көргендер әлі бар екен Сол Ханымсайда бір ағайынның үйінде қонақта отырғанда буырыл тартқан теке сақалды, емектеу, ашаң келген шал кіріп келді. Бидай өңді, қыр мұрын, көзі жанарлы екен. Есіктен еңкейіп кіріп келе жатқанда оның кейбір кескін-келбеті, бет пішіні менің әкеме ұқсап кеткені бар, немесе маған солай боп көрінді. Жасы да сол кездегі әкем парапар. Амандықтан кейін әлгі кісі теке сақалын саусағымен тал-талдап, әлденеше сипап өтті де, маған сынай қарап көп отырды. Әлден уақта:


— Балам, кім боласың, таныса отыралық! — дегенде, үй иесі:


— Ақсақал, бұл менің... — дей беріп еді.


— Бөлме, әзіміз танысалық! — деп оның сөзін үзіп тастады.


Қияңқы шал ма деп қалдым. Артынша жөнімді айттым.


— Өз атыңды білмедім, әкеңнің аты кім еді?


Әкемнің атын айтып едім, бәрібір жыға танып кете алмады. Мұның үстіне бұл өңірде менің әкем аттас адамдар әлденешеу болуы да кәдік. Соның қайсысы екенін кәміл ажырата алмады білем, ақсақал ойлана отырып, бас киімін шешті. Міне, қызық! Көзім бірден басына түсті. Маңдайы қасқа, басында қырым ет жоқ, соп-сопақ асқабақты күнге күйген шанашпен қаптап қойғандай екен. Желкесі мен маңдайы шығыңқы, түйенің жадысы тәрізді сопақ. Оның басына қарап күлкім көп кетті. Біріншіден, біздің халықта қасқа бастар жоқ десе де болады. Екіншіден, нақ мынадай маубасты Оспан Қабанбаевтан соң көргенім осы.


Күле жаздап тоқтағанымды сезіп қалды ғой деймін. Шекесіне пышақ жанығандай қасқа басын қолымен сипап-сипап қойды да:


— Менің әкем қойған шын атым Құдайназар. Атымды тура атай алмайтын келін-кепшік, жеңгелеріміз қилы-қилы етіп атаған. Біреулері «маябас қайнаға» десе, екіншілері «найзабас қайным» депті. Ұнатпағандары «шақшабас» деп те қояды. Қазір қайсысын айтса да келіп тұр. Бәріне көнгенмін.


Оның күн қақты жүзіне қарадым. Табиғи өңіне қарағанда аздап тотыққан. Заманның көпті көрген көне тарихының жер астында жатқан мыс-қоладан құйған мүсіні тәрізді тот басып, күн аптаған. Көзі отты да өткір. Қаратау мен Көкшеқұм ортасындағы кең даланың сәулесі мол қуатынан нәр де нұр алған. Алысқа зер тастап, қиядан қырымға қарап өскен қыран көзіндей өткір, беймаза да тағатсыз екен. Оның өзіме берген сауалын да ұмытып, оған жас баланың әуестігімен ынтыға қарап қалыппын. Бұл да менің әкемдей ыстық пен суықты көп ішіп, көп кешкен бе? Бұл да сол тәрізді «ищай» деп оқыс айтпаған, тіктенбеген, өмірде өз көргені, өз сезгені, өз істегенінен басқа артық тілегі, артық талабы, бөлек-салақ арыз-арманы болмаған адам ба? Менің әкем қызық адам еді. Ол бәрі де, не болса да өзі келеді, өзі кетеді, қайта келеді, қайта кетеді, кетсе өкінбе, келсе қуанба деп үйренген жан еді. Міне, мынау да сондай талайын талапсыз күткен, бәрін ақырынан жарылқасын деп отыратын момақан шалдың бірі ме екен, әлде өмір үшін жарғақ басын жастыққа салмай, әр тал шашын талдап жұлып, бағына бола талақ еткен қарусыз сарбаз болды ма екен? Мұны білмедім, менің әкем өмірге бала боп келген де, алпыстан асып, пайғамбар жасына келгенде сол бала күйінде «қыңқ» етіп тілек, арман айтпай, өз жеңімен аттанған бейбақ еді. Жалғыз кәсібі ат суыту, ат баптау, бәйге мен көкпар іздеу еді. Ат оның жаны еді, қуанышы, тірегі еді, Өз басым оның аттан басқа кәсібін білмедім.


Құдайназар әлден соң, маябасын тік көтеріп, маған өткір зер тастады.


— Ие, сен бабаңның атын білесің бе? — деді.


— Білемін. Нұрке.


— Е, бала, енді түзелдің. Дұрысы енді табылды. Бағанадан бері осыңды айтсаң ғой, біле кетер еді. Сен мынау кәдімгі, бүкіл осы таудың теріскейі мен күнгейіне аты шыққан тапкердің (бізде бапкер, сайыпкер — деген сөздердің орнына тапкер деген сөз жиі қолданылады) баласы екенсің ғой. Дұрыс, дұрыс, міне, енді түсінікті болды-ау. Сөйтіп сен Бақтыбай бапкердің заманында «Толыбай сыншы» атанған бәйгегердің баласы болдың ғой. Асылдың сынығы болмағанмен, тұлпардың тұяғы екенсің, сапарың оң, жүрген жеріне гүл бітсін! Әумин! — деп пышақ жанығандай ашаң, емге еті жоқ, сүйектен қаланған екі жағын арық саусақтарымен сипап өтті. — Қазақта Толыбайдан асқан ат сыншысы болмаған дейді. Оны көзіміз көрген жоқ. Менің өз білігімде бұл аймақта Бақтыбайдан асқан ат сыншысы, ат бапкері болған жоқ. Шіркін, білуші ,еді-ау!


Ол әкемді мақтай жөнелді. Мен салғырт тыңдадым. Мұны да сезе қойғандай, әлі ерте ме деп сөзін басқа жаққа бұрып кетті.


— «Алыстан алты жасар бала келсе, алдынан шығып алпыстағы шал сәлем береді». Бұл ілгерідегі данышпандар қалдырған ұлағат. Бұған қоса Лұқпан хакім айтыпты дейді. Жас болсаң, танысаң да танымасаң да кездескен үлкен адамға сәлем бер, қайдан білесің, ол сенің әкең шығар, ал үлкен болсаң, кез келген жас баланың маңдайынан сипап өт, қайдан білесін, мүмкін, ол сенің балаң шығар. Сол айтқандай үлкенге сәлем бергеннің, кішінің маңдайынан сипағанның айыбы жоқ. Бірақ, сен маңдайдан сипайтын кішіліктен өтіп кетіпсің. Тереземіз тең адамдарша сыр айтып, ұғыссақ та болады.


Тағы да күле жаздап, әрең тоқтадым. Қашаннан бері біздің ауылдың ділмарсыған, сөзуар шалдары бір тәуір сөзді айтады да, ол қулық болса Алдар Көсеге, аңқаулық болса Қожанасырға, батырлық болса Абылайға, данышпандық болса Лұқпанға таңа салады. Шамасы, өз сөзім десе ешкім мән бермес деп, әлгіндей білікті адамдарға жапсыра салатын болса керек. Сол есіме түсіп кетті. Күлкім келді.


Тағы да секем алғандай:


— Қой баққаннан басқа айыбым жоқ. Кезінде бармаған жерім, баспаған тауым қалмаған сары етек шалдардың бірі едім. Сонау он алтыншы жылы жасым жетпесе де бай баласының орнына окоп қазу жұмысына алынып, Карпат тауына бардым. Ақ патша тақтан құлады. Жол жөнекей Әліби Жангелдиннің қызыл керуеніне тап боп сарбаз атандым. Соғысқа, төңкеріске қатыстым. Одан елге келіп, көкпар тарттым, құс алдым, ит жүгірттім. Кешегі сұрапылда Калинин майданында боп, екі-үш орден алдым. Колхозға келіп жылқы бақтым, қой күзеттім, шоп шаптым, жер суғардым. Қазір жылқыдан гөрі момақан ғой деп, қой баққызып қойды. Қойдан жуас тағы бір түлік бар. Ол түйе. Оған да кезек келер деп күтудемін. Бұған да шүкір. Әр нәрсе өз кезегінде емес пе? Үнемі толысып тұрар ай бар ма? Бетін бұлт қаппас, ақшамда батпас күн қайда? Аумалы-төкпелі дүниенің қисық-қисық жолы бар. Жылдың да қақаған қысы, көк майса көктемі, сұрқай тартқан сары күзі, бет қарыған керімсал, ыстық шілдесі бар. Адам өмірі де сондай боп өте бермек. Өмірдің бір қызығы осындай ғой. Қысына тоңып, жазына күйіп, қисық жолдың үстінде қыңырайып жатып қалмай, екі етекті белге түріп, төте-төтемен жүріп келе жатқан Найзабас шал менмін. Мен жүргіншімін. Жүргінші.


Қуланып, жымия күлді. Бетінің етсіз терілері жиырылып, ар жағынан күн көрінгендей жұп-жұқа жарғақ құлағы жыбыр-жыбыр қозғалып кетті. Қараймын, осы шалдың қой баққаны, жұпыны киінгені болмаса өзі шынында да тегін емес сияқты. Әлгі бір сөзден соң, ол аз ойланып, сақалын тарап отырды да, бір кезде басын маған бұрып, тағы да бірдеңе айтуға оңтайланып келе жатты. Далада болсын, тау-таста, ну орманда болсын, жалғыз жүріп мал баққан адам оңтайы келгенде сөзшең адам, әңгімешіл боп кетеді-ау деймін, Қайтсын, ертеден қара кешке дейін жалғыз жүріп іші пысады, жалығады. сөзді, сөз тыңдайтын адамды күтеді. Сонда адам табыла кеткенде ішіндегі бәрін, білгенін түгел ақтарып тастағысы келетін болар. Оның ішінде Найзабас сияқты көп жерді, көп елді, көп ерді көрген шалдардың ішінің жарылып кетпей жүргеніне таң боласың. Менің алыстан іздеп көп, қонақ боп отырған туыстарым жайына қалды. Найзабас шал мені алқымдап дегеніне көндіріп алды. Ол әңгіме айтуға оңтайланып алған кезде әлдеқалай жемтікке түскелі отырған қыран сияқты, әлде көзі отты, жалақтаған аш бүркіт тәрізді әлденеше тамсанып, даусын қырағаттап алады, Ол мұнысымен әңгімесін еріксіз тыңдататын, әйтеуір тегін адамдардан еместігін аңғартатын.


Жолдан шаршап келдім. Оның. біраз әңгімесін салғырт тыңдадым. Дем алып, түскі асты ішкен соң, біз екеуміз Ханымсайдың ауызындағы таудай биік қоңыр төбенің басына шықтық. Көкшеқұм жақтан самал жел соғып тұрды. Сол желге кеуде тосып, жусаны сарғая бастаған төбе басында екеуміз қас қарайғанша отырдық. Біздің алдымызда Көкшеқұмның сары жалдарына дейінгі кең дала жатты. Қаратас, Қапшағай, Мәнжі, Шолақ, Қасқабұлақтан соң алыстан қарауытып, Қанжуғанның собалақбас қоңыр төбесі көрінеді. Осы бір алыс та болса жақындай, кезінде талай жүрген жерлерге қарап отырғандағы ойымды бұзған Найзабас болды.


— Ау, жігітім, алысқа қарап қапсың ғой, жас кездерің есіне түсіп отыр ма? Қара, сүйсін! Қарай түс! Мен бірдеңе білетін болсам туған жері барын білген, оны сүйген адам қасиетсіз болмайды. Адам басынан қасиет, жақсылық, адамдық сапа сол кезде кетеді, кімде-кім көкек сияқты көрінген ұяға жұмыртқасын тастап, өзінің белгілі мекенін білмей өссе! Баяғыда біз сияқты қариялар балаларға «жеті атасын білмеген жетесіз» деп ұрсатын. Мұнда да бір мән бар. Жетеуін білмей-ақ әкең мен атанды білсең де жетеді. Туған жерді сүюге сол екеуінің аруағы-ақ жетіп артылар.


«Мынау Маябас қалай-қалай көсіледі?» дегендей Құдайназарға қарадым.


Ол да әлденені сезе қойғандай.


— Ата-бабаны білу — туған жерді сүю туыс сөз, егіз ұғым. Атасын білген адам сол атаның туған жерін, өзінің туған жерін сүйеді. Оны қасиет-қадір тұтады, — деді ол. — Көрдің бе, сонау Қасқа бұлақтың батыс жағын ала, Шолақпен тұтас көрінген қоңыр төбені. Оның аты Қанжуған.


— Білемін Қанжуғанды. Қалың шеңгел өсетін құм төбе.


— Дұрыс-ақ. Есінде екен бәрі де. Қанжуған Қанжуған аталғалы талай заман. Содан бері талай рет қанға боялып, қанға бөгіп, жуынған да жуылған. Соның бірі сенің атан Нұркенің атына байланысты.


Ұзақ әңгіменің басталғанын сездім де, далаға қарап үнсіз отырдым.


Сендерді ата баласының ішінде соқыр шалдың балалары деп атайды. Соқыр шал кім? Ол неге олай атанған? Бұл бір жатқан хикая. Ел басына күн туып, ердің етігімен су кешкен, аттың ауыздығымен су ішкен шағы көп болған. Соның бірінде жау Талас өзенін бойлап, «су не нуға апарады, не жауға жеткізеді» деп келе жатқан жер қайысқан қыруар қолдың алдын тосып, Нұрке осы Қанжуған төбеден шеп құрыпты. Шеру тартып жау шапқан. Тұтқиылдан жол тосқан Нұрке қолы жауды көп шығынға ұшыратып, Қанжуған төбенің көк шенгелін қызыл қанға бояпты. Жау лек-легімен кепті де, Нұркенің күші сарқыла беріпті. Жаудың көп айласының бірі сарбаз басын тұтқынға алу, сөйтіп, сол арқылы қолды қашырып, елге үрей туғызу екен. Қаша ұрысып, анда-санда ұрандап, қайта шауып жүрген боз атты, боз шекпенді қара сақалдың басшы екенін білген жау соны тірідей колға түсірмек боп, төрт-бесеуі соңына бөле түсіпті. Бірі атын садақпен атып омақаса құлатыпты да, екеуі екі жақтан асау атқа салатын тұзақ тәрізді ұзын-ұзын қыл арқанды Нұркенің мойнына салып, еңсесін енді көтере берген атты төртіншісі көп шылаудан шаужайлап жетелей жөнелген. Мойнына екі жақтан қыл тұзақ сап, бірі атты шылаудан ап, бірі шыпыртып бөкседен соғып, қау-қаулап алып бара жатқан төрт жігітті айнала шауып жауға тиісуге бата алмай, «ағатай-ай, Нұр ағай, кеттің-ау» деп жүрген Дәлдубай інісіне ыза боп, бір жағынан оқыста колға түскеніне қорланып:


— Әй, Дәлдубай, қолыңнан келері болмаса да шырылдап болмадың ғой: мә, Нұрке қайда десе, елді де, өлігі қайда десе, мынау деп осыны кем! — деп, сол қолының бармағын қылышпен шауып тастап, желе-жортқан ат үстінен Дәлдубайға бармағын лақтырып жіберіпті. Дәлдубай қағып ап, бармақты қалтаға салып, Бабатаға кепті де, бармақты кебіндеп, ақ жуып, аққа орап жерлепті де, басына «Нұркенің бейіті» деп көктас қойыпты. Қазір, мына Бабатада жатқан көктас Дәлдубай қойған бір белгі. Нұркенің шын бейіті — анау көрінген жотадағы жалғыз төбе — Жырық қорғанда... Сөйтіп, бабаң Нұркенің екі моласы бар.


— Сіз мұны емес, неге соқыр шал атанғанын айтпақ едіңіз ғой. Жаңағы әңгіменің шет-жағасын естігенім бар.


— Өзім де аяндап соған тақап келе жатқаным жоқ па? Ол кезде жау қолына түскен ер азаматтың тірі қайтқаны кемде-кем. Нұрке батыр хабар-ошарсыз кете берсін. Бір жылдан соң Дәлдубай ағасының жылдығын берді. Содан бір ай өткен соң Нұркенің нақ сүйері, сенің әжең Айнаш сұлуға, жеңгесіне үйлену тойын жасады. Міне, қызық! Қызық емес-ау, ел естімеген сұмдық, нақ сол неке қияр кеште, оған алла аян бергендей, тұтқыннан қашып Нұрке келмесін бе! Ел шулап, ауыл азан-қазан болды. Аздап азған-тозғанына қарамай Нұрке әлі де бақуат екен: «Жау жағадан, бөрі етектен алып, елді қызыл өкпе шұбырындыға салып тонап жатқанда, бұл не қылған той?» — деп айқайды салмасын ба батыр Нұрке.


— Бұл інің Дәлдубайдың Айнашқа үйлену тойы! — деп біреу жеткізіп те үлгіріпті.


— Дәлдубай қайда? Шақыр мұнда? — демесін бе Нұрке. — Бауыздайын өзім-ақ.


Ағасының мінезін білетін Дәлдубай қашып үлгірген. Содам елдің бетін көрмей, Дәлдубай жат боп кетті. Оның қорлығына, әсіресе, туыса тұрып жасаған пасықтығына ыза болған Нұрке өзі кескен шолақ бармағын тістеп, бір жыл күтеді, екі жыл күтеді. Дәлдубайдан із-түз жоқ. Ақырында, Созақтан әрі, Телкөл жақта жүр дегенді естіп, Нұрке оған «кешірдім, қайтсын» деп елші жібереді. Бірақ оған Дәлдубай нанбайды. Елші бір емес, тағы екі рет барады. Дәлдубай ағасының айтқанына нанар-нанбасын білмей, ел биі Алшыбайға кісі салады. Өзінің күдігін айтады. Алшыбай би оған мынадай кеңес айтады. Екеуің бір анадан жалаңаш тудыңдар. Сол анадан туғандай жалаңаш күйінде, елсізде, бидің бақылауымен кешірім жасап, құшақтасып, төске-төс қосып табысатын болса, келіс дейді. Бұған Нұрке де көнеді.


Алшыбай би Дәлдубайды ертіп, анау Жырық қорғанның басына шығады. Киім шешкізіп, жалаңаш күйінде төбенің басында қалдырады. Нұрке келіп, төменге шешінеді де, тырдай жалаңаш күйінде, кебісін ғана киіп, екі қолын төбесіне қойып, Дәлдубай тұрған биікке көтеріледі. Бәрін Алшыбай қадағалап отырады.


Нұрке төбенің басына жете бергенде, Дәлдубай кешірім жасағанына қуанғаннан шыдай алмай:


— Нұрағай, жаман ініңнен білместік бір қателік өтті, Өмір бойы басыбайлы құлың, жетегіндегі итің болайын. Кешірдің бе? Екеуміз бір анадан осындай боп жалаңаш туған жан едік. Сол жалаңаш күйімізде, төске төс соғып, табысалық, келші аға, келші, келші! — деп қолын созып, Нұркенің екі иығына екі қолын көтеріп сала бергенде, Нұрке қойнына тығып, көрсетпей барған сұқ қолдың ұзындығындай болат кездікпен Дәлдубайдың тамағынан орып жіберген екен. Дәлдубай серең етіп құлап түскенде ойдан жүгіре шығып, Алшыбай да жетіпті.


— Алшыеке, осылай болды. Мұндай туысты мұрагер етіп, артыма тастап кеткенше, алдыма салып, ала кеткенім дұрыс емес пе, биеке! — деп бетін қанды қолымен қайта-қайта сипай берген екен.


Алшыбай жақын көп қараса, Нұркенің екі кезі су қараңғы боп көрмей қапты. Екі қолын, қанды саусақтарын ауада бостан-бос ербеңдетіп, көтере берген. Қанша жаман болса да туыс деген қиын-ау, зорлана салған пышақтан көтерілген қолдан Нұрке батыр соқыр боп қалған екен.


— Ал, биеке, алдыңда тұрмын. Көзіме ештеңе көрінбейді. Қан толып кетті білем. Үкіміңді айта бер! — деген екен Нұрке.


Содан көр боп қалған Нұрке.


— Осыдан бастап Нұрке батыр соқыр шал атанған. Сен сол соқыр шалдың немересісің. Сенің әкең Бақтыбай сыншы-бапкер сол соқыр шалдың тұңғышы еді. Осы күнгі балалардың нені мақтаныш ететіні маған беймәлім. Мен сенің орныңда болсам, соқыр шалдың жұратым дегенін мақтаныш тұтар едім...


Мен үндемедім.


Екінші өрім


Ауылға қарай қаптап жайылған бір отар қойдың соңынан Найзабас екеуміз асыға басып, қоңыр төбеден ылдиға түсіп келе жаттық. Екеуміз де нақа бір сона ескі дүниені аралап-аралап, жаңа ғана музей керіп шыққандай ойлы едік. Әсіресе мен әлгі айтылған атам жайындағы әңгіменің ырқымен, соның ауыр әсерімен көз алдым күңгірттеніп келе жатты. Біз ауылға келіп, қойды иіріл, үйге енгенше үн қатпадық. Соңында кетуге ыңғай көрсетіп:


— Әңгімеңізге көп рахмет! — дедім.


— Жоқ, сен бүгін менің баспанама түнеп, қонағым бол! Ағайыныңмен көрісіп көзайым болдың! — деп жата жабысты.


Көңілшекпін, Көндім. Кешкі астан соң Найзабас басқа бір өнер шығарды.


— Балам, ертеректе біз ғой, осы «түсі келгеннен түңілме?» деп беті түзу, өңі жылтыр кісімсінгендердің бетіне қарап өстік. Кепка кисе, шаш қойса одан да бетер қорқып сыйлайтын едік. Заман өзгерді, мақал-мәтел, салт-сана өзгерді. Жасыратыны жоқ, қазір өз басым түсі жылтыраған, шаш қойған, шляпа киген, мойнына шүберек байлаған, тар шалбар, жылтыр байпақ кигендердің бәрін сыйлап, бас шұлғи беруден аулақпын. Бұл менің жетілгенім бе, жоқ әлде анау қулардың сыр алдырып қойғаны ма? Ол жерін кесіп айту қиын. Әр нәрсе өз кезегінде ме деймін. Қазір, кейде сол қулардан оқымаған қулардың оза шауып, асып тұрғандары бар. Кезінде есе бермей шабатын әумесер егеспе жүйріктер де болады.


Найзабас мына оқыған жігіт мұныма не айтар екен дегендей бетіме тесіле қарап, ақыра отырып жауабын күтті. Маябасы бұрынғыдан бетер сопайып, көзі сығырайып, тым кішкене боп кеткендей боп көрінді. Әңгіменің артын күтіп, үн қатпадым. Ол мені тоса сөйлеп, сөзге шақырып, дауға бастап отыр. Оның күткені болмады. Үндемедім. Ол шарасызданып, сөзін қайта бастады.


— Оқығанның бәрі бірдей қу сирақ деп ұғады екен дей көрме, ондай оғаштықтан аулақпын. Ол тым оғаштық қой. Оқыған, үлгі-өнеге көрген зиялы, игі жақсылар бұрын да болған, қазір мүлде көп. Ақылды, парасаты мол жақсы жандарды жиі көрем. Ал, соларша шаш қойған, соларша шалбар киген тіпті соларға бәрінен еліктейтін қулар тағы да бар. Мен соларды айтып отырмын. Дүние дүние болған соң жақсыдан кенде емес. Ал, сенің өзіңе жақын келсем, алдымен әкең марқұм жаман адам емес еді. Сен қандай боп, қалай өскеніңді, не біліп, не қоятыныңды кім біледі? Жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде. Әкең өз ақылы өзіне жететіндей, өз жолын өзі білетіндей, момын ғана жан еді. Барлық қуанышы, қызығы, ермегі ат болатын. Әкеге біреудің өзі тартады, біреудің көзі тартады, ең болмаса сөзі, ісі, қылығы тартады. Адам қанша оқып, тоқып, өзгердім дегенмен оқымаған әкеден де балаға мұра-мирас болар әлденелер қалады, жұғады. Бұл маған салсаң шындық, ал бұған сен қалай дер едің? Менің өз әкем «қатты айтсам қарындастың көңілі қалады, ақырын айтсам ақым кетіп барады» деген мақалды көп айтатын және артынша өз ойын бүкпей, естіген-білген шындығын, көңіліне келіп, көмейге тірелгенін мәймөңкелемей дәл айтатын. Сол әдет менде де бар. Саған бұлдырата-сылдырата беретін ештеңе де жоқ. Бірақ, білгім келген жайым бар.


«Сауалға уәж айтуға зауқың соға ма?» дегендей, Құдайназар шал көзін қыса түсіп, маған зер тастады.


— Дұрыс та, ақсақал, — дей салдым селқостықпен. Өйткені оның не білгісі келіп отырғаны беймәлім.


— Дұрыс десең, тыңда!


Өзім де ұқпай қалдым, шынымды айтсам кенеттен пиғылым айнып, Найзабастың ділмарсығанын іштей ұнатпай, көңілден тығылып, тыжырына қалдым. Ол мұнымды байқамады. Қайта ерік берген соң, еркінси түсіп, өктем алды.


— Сен енді, тыңда, бала! Бірақ артық айтып, көңілдегі жерден аса төгіліп кетсем, кешір! Қандай болса да әке балаға сыншы. Мен әкеңдей адаммын. Содан да шығар, сені сынағым да келіп отыр. Мұндайдың айып-шамы, ала-бөтені болмаса керек. Қалағаның рас болса, үш сауалым бар. Асықпа, ойлана отырып, уәж-жауабын айт.


Басымды изедім.


Ол сабасына енді түскендей еркінси қарап, даусын кеней жөтеліп, қырағаттап алды.


— Сұраңыз, — дедім жайлап қана.


Маябас шалдың жұп-жұқа езуі жыбыр ете түсті де, мәстек көзі сығырая күлді.


— Бірінші сауалым: әкең саған не қалдырып кетті?


Найзабастың мұны сұрайтынын кім білген, бірден аң-таң боп, аз-кем ақыра түстім де, иығымды қопаң еткізіп бір көтеріп тастадым. Ол мойнын қисайта бұрып, маған қарады. Жауабын күтті. Әлден уақта:


— Ештеңе де қалдырған жоқ! — дедім.


— Ым, — деп Найзабас тіссіздіктен ішіне қарай омырыла бастаған иегін ішке қарай одан сайын жымыра түсті де, — ойланып айттың ғой, бала? Ал енді екінші сауал: әкеден өзін бірдеңе алып қалдың ба?


Жаңағыдан мына сауалдың қандай айырмасы бар дегендей иығымды тағы да қопаң еткіздім.


— Ештеңе де алып қалмадым.


Құдайназар менің жауабыма риза болмай, іштей мүжіліп, едәуір пұшайман жеп қалды білем, етсіз келген, қалақтай жағының бос терісі тыржың ете түсті. Соның өзінде райдан қайтпай, сауалын түгелдеп шықпақ болғандай:


— Ал, соңғы сауалым, бала: әкең саған не үйретіп кетті.


Иығымның тағы да бір бүлк ете түскенін өзім де байқамай қалдым.


— Ештеңе үйреткен жоқ.


Ол не дерін білмей бір ауық аңырып қалды. Қолындағы добал келген келтек көсеумен от басын шұқылай берген. Әлден соң басын көтеріп, маған қарады. Бетімнен әлдене оқығандай, зілдене зер тастап етті.


— Егер осы айтып отырғандарың рас болса, не сен шыныңды айтсаң, онша жақсы емес екен-ау! Әкенің қалдырғаны болмай-ақ қойсын, әкеден әйтеуір бірдеңе үйренбеген, одан өз керегін алып қала алмаған жұрат болушы ма еді? Сен не менімен сөйлескің келмей отыр, не білместік етіп, әбес айтып отырсың. Не болмаса мұндай сауалға жауап беруге әзірленбегенсің. Ал бұдан да қаттырақ айтсам, өзің әке болғаныңа қарамай, бұл сауалдар жайында мүлде ойланбағансың. Менің топшылауымша, дәл сен айтқандай болуы мүмкін емес. Әке деген әке, ол қасиетті жан. Балаға, өз жұратына, өз нәсіліне оның тастары да, берері де, қалдырары да болса керек. Қожанасыр әпенде қызын ұзатыпты дейді. Құдалар мен күйеу бала қызды алып, ауылдан ұзай бергенде, әлдене ойына түсіп кеткендей Қожанасыр артынан тұра жүгіріпті. Жұрт аң-таң боп, Қожаға қарап қалған. Сәлдесін қолына алып, соңынан жүгірген әкесін көріп, қыз ат басын бұрыпты. Сонда оның қызының құлағына сыбырлап айтқаны мынау екен:


— Жан балам, қара басын ұмытып барады екем, саған көптен айтпақ боп жүрген ақылым бар еді. Соны айтайын. Басқа-басқа, ине сабақтап, іс тіккенде жіптің екінші жағын түйіндеп қоюды ұмытпа! Ал, бар ғой жіптің бір жағын түйіндеуді ұмытсаң, тіккен ісің сөгіледі. Иненің көзінде түйінсіз жіп тұрмайды. Түйіні болмаған соң тіккен ісің өре баспайды. Қызым-ау, бәрі быт-шыт боп, сетінеп-сетінеп кетеді. Сонсын Қожанасырдың қызы іс тіге білмейді екен деген өсекке қаласың. Біліп қой, сенің әкеңнің момындығы болмаса, ақылы ешкімнен кем емес. Мұны да біліп қой, — деп Қожанасыр үйіне оралған екен. Ал сенің әкең жуас, көп сөйлемейтін, былайша айтқанда қой аузынан шөп алмас адам болғанмен, ақылсыз адам емес-ті. Мұны өз басым жақсы білем. Талай бәйге жиында одан жас та болсам, тізе қағысып отырғанмын. Әсіресе, атты, тануы, жүйрікті білуі таң-тамаша еді-ау! Сондай адам ең болмаса әлгі Қожанасырдың үйреткеніндей бірдеңелерді үйретпей кетті дегенге өз басым нанғым келмейді. Егер шыны сенің айтқаныңдай болса, ол саған ештеңе үйрете алмаса, әкең арманда кеткен екен де...


Мүмкін, арман дегенде, шынында да әкемнің бір арманы осы Қарақұлақ шығар! Болса болсын, мұны ат сүйген, тұлпар күткен сыншы ердің жақсы арманы емес деп кім айтады? Қарақұлақ қолына қамшы ұстап, тақымы қыл құйрықтың желдей ескен әсем жүрісін, ерен шабысын аңсаған ердің қай-қайсысына болса да арман болардай қаз мойын, бота тірсек, қазан аттың, будандаса-будандаса келіп, сымбатты тұлпар шыққан жылқы баласының сұлуы да, жүйрігі де еді. Қазақ жерінде қарақұлақ деген тағы аң бар, халықта осы аттас ойын бар. Бірақ Қыздарбектің Қарақұлағы тұяқты малдың көркемі де, шапқышы да, жел құйрық, тесік өкпе, жез тұяқ тұлпары да болған.


Көз алдым сағымданып, құлағыма қиқу келді. Тозаң басқан сары сағым ішінде, көп аттың алдында қос құлағын қайшылап, әкем қолына түсіре алмаған Қарақұлақ көсіле шауып бара жатты...


Үшінші өрім


Ауылымыз Қаратау мен Көкше құмның ортасындағы кен дал ада көшіп жүретін. Жазда тауды, қыста құмды мекендейді. Көші-қоны көп осынау әбігершіл елдің ермегі көп емес. Барының ішіндегі оңдысы анда-санда жыл құсы сияқты келіп-кететін бақсы-балгер, жарапазаншы, ақын-жырау еді. Әсіресе, ауылға ақын-жырау, әнші-күйші келгенде ауыл-аймақ бір түлеп қалатын. Осындай ауыл аралап жыр айтатындардың қисса, дастан, хикаясын тыңдап болған соң әкем кілең мына бір сөзді қыстырып қоятын:


— О, тоба, дүниеден армансыз өттім деген бір пендені естісем құлағым керең болсын!


Енді ойлап отырсам, Найзабастың сөзіне бақсам, әке арманда кетіпті. Әкеден жас қалдым. Ол өкініп аттаныпты. Неге өкінген? Бұл жайлы сезетінім, аз дейтін түк те, көп дейтін көл-көсір де емес. Неге азырқанды, неге тұшынбады, онысы беймәлім. Әйтеуір менің анық аңғарғаным — ол өте момын еді. Момын болғанда, кәдімгі «қой аузынан шөп алмас». бұйығы еді. Ертеден к,ара кешке дейін аузынан бір ауыз сөз шықпайтын күндерін көрген де, білген де бар. Бар болғаны бір атын сипап-сылап, соған шаң-тозаң, қыл-қыбыр жуытпай, соның төңірегінде күйбең-күйбең етіп жүретін де қоятын. Мұның шет жағын өзім де көргенмін. Оның бар тірлігі ат баптау еді. Атпен жаны бір болатын. Атты суарады. Қыста қанжылым су, жазда бастау су береді. Жемдейді. Қатқан жоңышқаны алдына су бүркіп, бұлау салады. Суды да, шөпті де өлшеп, қадақтап береді. Артық боп кетсе таң асырып қояды. Тоқ ат шаппайды. Шабыстан соң бірден отқа, жемге қоймайды. «Өйтсе аяғына жем түседі» дейтін.


Оның көп қызығының бірі өзінің қыздары Жамалжан мен Ұржанды қырық сегіз алмай-ақ, бір-бір жүйрік атқа баспа-бас айырбастап та жіберген. Мұнысы бүтін аймаққа тараған, даңғаза боп жайылған.


Ешбір данышпаннан оқығаным жоқ. Бірақ, өзім ойлаймын. Осынау жарық дүниеде нәпақа теріп жеп жүрген әрбір басы жұмыр пенденің өмірінде бір сүйенері, тірегі, мақсаты болса керек. Ол болмаса ондай пенде, үміті, мақсаты жоқ жан өледі. Ал менің әкемді осы жарық дүниеде азды-көп ұстаған құдіретті тірек, — ат, ат қызығы.


Өзі үндемес момын болса да құлағы түрік. Қайдағы қиянда, күзде болатын бәйгені елден бұрын, сонау ерте көктемде біледі. Енді атын соған әзірлейді. Күнара шоқытып келеді де, киіз үйге кіргізіп, қамау тер алады. Жаз бойы баптап, күзде бәйге іздейді. Бірін алады, бірінен қалады, сонымен жерге бозқырау түсіп, тезек қатқанда үйге бір-ақ оралады.


Жылқы баласын жанындай жақсы көретініне қарамастан екі аттан басқа құйма тұяқ біткен емес. Бірі — қарабайыр, күнде мінетін мініс-шобыры, бірі — жүйрігі. Бұл екеуінен басқа аша тұяқты, не ойсылқара, не зеңгібаба, не шопанатаны мал санаған емес. Оларды қызыққа емес, күнкөріске ұстады. Оларды мәз қылып бағып-қаққан да емес, Қызығы да, тамашасы да, сүйініші де — ат. Оған ат — қанат қана емес, қуаныш, абырой, атақ, даңқ әперетін әлдеқалай бір құдірет, қасиет еді.


Момындығына, сөзуар еместігіне қарамай, қисса-дастан тыңдап отырғанда дүлдүлдердің шабысын, тұлпарлардың тұяқ алысып суреттеген жерлеріне келгенде жауырыны бүлкілдеп, шайқалақтап қозғала беретін. Қобыландының, Тайбуырылын, Қамбардың Қара қасқасын. Төлегеннің Боз жорғасын өзі көріп, шабысына риза боп, нақ қазір соған қарап отырғандай жыршыдан, жыршы болғанда өзіміздің Сұлтанбектен көз алмай қалатын.


— Ой, пәлі, айналайын Сұлтанбекжан, көп жаса, өмірлі бол! Жалғанда жағың түспесін! Сүйексіз қызыл тілін-ай! — деген сөздерін де нақ осы атты, оның шабысын баяндаған жерлеріне келгенде ғана қыстырып қоятын. Немесе ат шабысын баяндаған жерлерше жеткенде көзі жасаурап, қабағы оқыс көтеріліп, әлдеқалай бір тылсымдап тастағандай шөге отырып қалатын. Кейде еріндері жыбырлап: «О, тоба, о, тоба! Осындай да тұлпар болған?» — деп қайталай түсетін. Атты, жүйрік атты піріңдей көретін.


Көк сіңір дүлдүл, құйма тұяқ тұлпар, қолтығы тесік, ар жағынан өкпесі көрініп тұратын, желден озып, құспен жарысатын арғымақтар жайлы аңызға ол сенетін, әлде, сенбесе де, сүйсінетін, түбінде сондай ат болады деп ұғатындай еді.


Ол өзі сүйгенін пір тұтқан. Оның құдай мен пайғамбардан соңғы табынатыны, сиынатын пірі — ат. Өкпесінің тұсында тесігі бар, жанбасы бітеу, қолтығында көзге көрінбейтін қанаты бар, кәдімгі құйма тұяқ, құс тұмсық, алшақ тос арғымақты арман еткен. Өзі баптап, талай бәйгенің алдын алған Тор алаяқты да сондай жылқының тұқымы санайтын. Көз жетер, көңіл сенер, құлақ естір жердегі аты шыққан жүйріктердің бәрін білетін. Арыс бойында «Жел тимес», Шаянда «Шаң тимес», Үшбаста «Құлан сары», Шоқы таста алысқа ма, ұзаққа ма, әйтеуір әрқайсысының қандай жерде қалаң қылық көрсететінін сыртынан айтып отыратын. Қыздарбектің Қарақұлағы болса өз алдына бір арман. Ол қолы жетпей кеткен қызғаныш арманы. Қазіргі заманғы футбол өнерінің білімді сайыпкерлері қандай топта қандай жұлдыз барын, оның ойын әдісін, оған қарсы ойнау тәсілін саусағымен санап, ымы-жымын түгелдей біліп отырмап ма? Өз заманының сайыпкері, ат бапкері болған әкем де өз атының күндесі, бәсекеге түсер жүйріктерінің мінезін алақанына салып қойып, тақырдағы шабысын көріп отырғандай, қолын жайып сап, тізе жөнелетін.


— Шаң тимес «ә» дегенде алға түсіп кетсе қиын. Бір кетсе қарасын үзе береді. Олай ете алмай, салған жерден шаң жұтса, одан қайтып оңалмайды. Пәтшағар жүйрік: бірақ, қыздың баласындай қылықты, әрі нәзік, әрі бапшыл. Өрге салса Қақпан белдің құйрығын құс та тістеп алмайды. Ал Тарланбоз болса мына Жалғанбай, Құрсай тәрізді тасты жерде менің атыммен қатарласа алмайды. Тұяғы жұқа, тағалығы төмен, менің Тор алаяғым тәрізді шашасы биік, құйма тұяқ емес. Ал, біздің мына Шұқырши мен Мәнжі, Шыбық белгі мен Қанжуған тәрізді боранда, майда, жұмсақ жерде әрі тірсекті, әрі серпінді Жылан құйрық қауіпті-ақ...


Бәйге атын күтіп, содан қылт етіп қолы босап кетсе-ақ сауыр сипасып сайысқа түсер күнді аңсап, тағы да қиялдап кететін. Осы бір қиял оны әлдилеп, тербеп отырғандай болушы еді.


Адамның сәні ат пен қамшы. Көкпарды бір қайырып тастауға жарамайтын жігіттің жігері құм. Қамшы қазақтың айбары, қаруы.


Өз өмірінде қылқұйрықтан асар қуаныш, жүйріктен ат мінгеннен, бәйгеге ат қосқаннан өзге қызық-тамаша жоқтай түсінген әрі бұйығы, бірақ жайында серілік оты бар кәрі шал сонда нені армандап кетті екен? Атын, құйрығын кесіп, жалын қырқып, белсенділер мініп кеткен Торалаяғын тағы бір міне алмағанын армандады ма екен? Оның несін армандайды? Торалаяқ жасарын жасап, асарын асап, талай жарысқа түсіп, әбден сары тіс болған, аяғына жем түсіп шор аяқтанған, дәурені тайған кезде құйрықтан, жалдан айрылды. Астыңғы еріні сапты аяқтай салпиып, қабағы түсіп, көзі жасаурап қалған кәрі жүйрікте арман қалмағанда, кәрі шалда, өз сөзімен айтсам, пайғамбар жасына көп дүние салған кәріде не арман болды екен? Талай-талай дүбірлі шабыста, ұзақ жолда, қиын асуда бәсекеге түсіп, нелер қанатты тұлпарды шаңына кеміп, артқа тастаған Торалаяқта да, әкемде де ешбір арман қалмағандай еді-ау! Кім біледі? Туған баласының көкейінде не барын туған әке біле де бермейді; кәрі әкенің дат басқан, көне тартқан, тілім-тілім қан жоса боп, көп лүпілдеп, сан толқып, әбден шаршау мен шалдықпаған кебін шүберегіңдей бозалаң тартқан жүрегінің түкпірінде не кетіп, не қалғанын оның баласы қайдан білсін? Қызық қой, дүние деген, қызық қой. Осынау жарық дүниеге өзі әкелген перзенті мына менің көкейімді дәл тауып әкем білмеген, мен оның жүрек соғысын қалай біле қоямын?


Ал, оның арманы болғаны рас делік. Шешіле көп сөйлемейтін тұйық та, бұйық та адам еді дедім ғой. Не арманы болса да іште жанып, сол жанған жерінде сөніп қала береді екен де. Дыбысы шықпай, жылт ете алмай сөнген қиял аз ба, арман аз ба деймін де ойға кетем.


Ол неге өкінді, нені армандады? Дәл айту қиын. Әшейін бір пендешілікпен, кейде ойлаймын, мүмкін ол, артында қалған қара табан, шикі өкпе, буыны бекіп, бұғанасы қатпаған мына маған — ұлына ештеңе үйрете алмай кеткеніне, ең болмаса сол ұлдың өз қолын өз аузына жеткізе алмай, атпен, атақпен даурықпамен жүргенде қапыда қалғанына өкінген шығар?


Не де болса әкені айыптаудан аулақпын. Жас едім, сонда да есімде әкемнің ауыр-ауыр күрсінгені бар, кәрі көзінің жиегі суланып, маған аянышпен қарағаны рас. Осынау ауыр да терең күрсінудің артында кәрі жүректің лүпілінен гөрі өксігі басым көрінген. Бірақ онысын сыртына шығара алмады. Соңғы демімен жұтылып іште кетті. Енді аңғарсам, сол бір тұншығып, ішке кеткен өрекпі өксік, жүрек тереңнен алса да ауыр күрсіністі сыртына дарыта алмаған өксігі оның арманы секілді. Әкенің қаны азайып тарғыл тартқан жүрегінің жүрісі шабан, жасы бітіп, бозалаң тартқан көз жанарының көрісі нашар боп, бейуақтай боп қалған кезін назарымнан тағы өткізем.


Сөйтіп, ол ең соңғы күрсіну мен ең соңғы өксігін сыртқа еркін шығара алмай, аздап қуарған, сұстанған, қаны қашып, әлде қатуланған, әлде сұрланған күйімен көз алдымнан бұлдырап алыстай берді.


Төртінші өрім


Ол кетті ғой, мен қалдым. Бала көңілді дық басты. Әке көңілінің бей-жай боп күпті кеткенімен қоса, арман сырын ұға алмай қапы қалғаным тағы бар. Нендей арман болды екен деп ойлаймын. Бірақ дәл түскенім жоқ. Содан да болар, ол жайындағы ойда қалғандарымды шым шымдап, түбі терең шегенді шыңыраудан қаңсып қалған тесік қауғамен су тартқандай еппен есіме түсіре бастаймын. Тесік қауға қашан қолға тигенше бір жұтым судан артығы төгіліп қалғаны сияқты, есіме ең алдымен анық түсетіні бөрік жайлы әңгіме.


Бөрік болғанда, әкемнің өз бөркі. Қырық күн шілденің сары тамызы. Ауыл Аққолтықта отыр. Екі-үш-ақ үйміз. Іргесін түріп тастаған қараша үйдің көлеңкесінде солықтап жатқан қозы-лақ уақытсыз, ерте өріп кетіпті.


— Әлі күн қапырық. Бәрібір жайыла алмайды, қозыны кері қайтар! — деп біреу сәуегейлік айтты.


Әкем көнбіс.


— Әй, балам, қозыны ауылға қайтарып келе қойшы! — деді маған.


Күн ыстық. Бірақ, әке тілін алмайтын бала болған ба бұрын? Еріне басып үйден шықтым. Аяғымда шоқай етік, бұтымда бөз дамбал, ақ көйлек. Жаз бойғы бар киімім осы.


Үйден ұзай бергенде, артымнан әкемнің даусы шықты. Жалт қарадым.


— Әй, балам, басыңа күн өтіп кетер, қазір керімсал аралас аптап қой, бас киім ки! — деді.


Менде жаздық бас киім болып көрді ме екен? Есімде жоқ. Болмаған шығар. Соны өзі де сезе қойды ғой деймін:


— Кел, мұнда кел, міне, менің бөркімді кие сал!


Қайта келіп, әкемнің қолынан қоңыр елтірінің пұшпағымен жиектеген, қысы-жазы бірдей киетін бөркін алдым. Басыма кидім. Әке бөркін киюге жеткенімді мақтаныш етем. Көзіме түсіп бара жатса жоғары көтеріп қоямын.


Қозы соңынан жүгіріп келем. Едәуір ұзап кеткен. Сасық бұлаққа құятын Құрөзектен барып, қозыны ауылға қайтардым. Қозылар да қызық, бірінші байқағаным, ыстықта өз көлеңкесін өзі қуып кете береді екен. Мен ауылға, күнге қарай қайтарам. Жүрсейші, кәні! Өз көлеңкесіне өзінің тұмсығын тығып-тығып, айналшақтай береді. Төпеп келем, әрең басады аяғын. Кейде бірінің көлеңкесіне бірі басын тығып, қосақтап қойғандай ұйлығып қалады. Әбден шаршадым. Сөйтіп жүргенде көктемде су ағатын құрғақ сайдың бір жарына кезіктік. Қозылар көлеңкеге ұйысып тұра-тұра қалды да, тыныш тапты. Сайдың өзегінде қауқиып өскен шашыратқының көлеңкесіне мен де жайғастым. Әрі отырдым, бері отырдым, ішім пысты. Қозыларды ауылға айдайын десем, күн қайтпай ештеңе шықпасын да білдім. Қайтерімді білмей біраз отырдым. Қарсы алдымда сорайып бір сағыз шөп тұр. Көлеңкеде отырған адамға бөріктің керегі не? Басымнан бөрікті алдым да, әлгі сағыздың басына іліп қойдым.


Берікті басына ілген кезде сағыз шөптің сабағы шайқалып, басына бөрік киіп отырған адамның әлденеге ренжіп, немесе бірдеңені ұнатпай басын шайқағаны сияқты боп көрінді. Есіме ауылдағы би атамыз Шойынбет түсе кетті. Мұның себебі ауыл арасындағы ұрыс-керіс, дау-жанжал, дау-дамаймен ол кісінің алды босамайды. Соның бәрін ол кісі өз үйінің төрінде отырып ап, ұзақ тыңдайды, ерінбей-жалықпай, тыңдап отыра береді. Ең артынан, даушы екеуі әбден кезек сөйлеп, айтарын тауысқан бойда өз өкімін айтады. Екі айтпайды. Айтты — болды, кесті — пішті. Бұл оның қыңыр жағы, бір беттігі. Шойынбет десе шойын бет, кейде беті сазарып, безереді де қалады. Ал, кейде тыз етпе, шыға шаппа жүйріктей райдан тез қайтады. Мұнда ол жұмсақ, аса сақ. Ол өзінің қайда құлап, қайда жығыларын алдын ала сезетін үркек, сезімшіл.


Дау шешу қиын. Екі жақтың бірдей көңілін табу тағы бір сор. Әменде-ақ, дауласушы екеудің бірі Шойынбет алдынан басын шайқап, бармағын шайнап шығады. Мына бөрік, қозы қайыруға киіп келген әкем бөркі бір мезет сол би атаның алдынан әділдік таппай басын бұлғақтатып, шайқай шыққан талапкердің жеңілген біреуіне ұқсап кетті. Балалық болар, менің өзім Шойынбет болғым келді.


Бөрік шөп басында ырғалақтап түр. «Әй, әй» дегендей теңселе береді. Мен сөйлеп кеттім.


— Сен, жігітім, басыңды шайқама. Босқа шайқайсын. Қайда барсаң да әділдіктен асып кете алмайсың. Әділдік деген бар. Ол талапкерден үлкен. Ол дұрысын айтады. Ол сенің өкінішіңе, басыңды шайқағаныңа қарамайды. Әділдік деп біз айтамыз. Құранда ғадалат, шағатайда әділет. Бұл үшеуі бір сөз. Әркім өзінше бұрмалап алғаны болмаса, шыққан тегі біреу-ақ. Одан асар би жоқ. Өйткені «ғадалат» құран сөзі. Құдай сөзінен асар ешбір би жоқ. Мен сол көп бидің бірімін.


— Әй, әй, білмеймін. Бір сезді әркім өзінше бұрмалап алды дейсіз. Сол сөздің өзі бұрмалауға көніп тұрғанда, би аға, айтқан билігіңізден қандай қасиет қалады?


Бөрік шайқалып-шайқалып кетті.


Бір сәт уәжден жеңіліп, аңыра қалдым. Артынша:


— Әй, жігітім, нысап керек, нысап, асылық айттың, тәубеге кел! — дедім.


— Ағымды қара етіп отырғанда әділдік-мәділдік, тәубе-сәубе маған шорт-морт! — деді бөрік.


Мен де Шойынбет атам сияқты тас тұйнақтай түйіліп, малдасын құрып, көктемде су жүрген кезде пайда болған қайраңдағы қиыршық тасқа жүгіне отырдым да, сөзімді мығымдап, төндіре бастадым.


— Ақты ақ деп әділдік айтады. Қараны қара деп те әділдік айтады. Ақты қара деуге әділдіктің хақысы жоқ. Байқаймын, сен жігітім, дүниеде әділдік барына күдік келтіріп, әшейін босқа, жайдан-жай күпір боп отырсың. Дүниеде әділдік бар. Ол сол әділдікті айтушы биден бұрын жаралған.


— Әділдік биден бұрын жаралса жаралған шығар. Бірақ, оған әрбір би өз сұмдығын қосып, өз қулығын араластырып, әбден әлпештеген. Бір сөзді үшке түрлендірген деп өзіңіз айттыңыз ғой.


Беріктің мына сөзі қабырғама батып кетті. Не дерімді білмей сасып қалдым. Ең алдымен, өзім Шойынбет емес, бөрік болмағаныма өкіндім. Би емес, бөрік болсам, сөзім жөнді, өткірлеу келе ме деп қалдым. Өйткені нақ осы жерде би атамыз иі жұмсақ, қатты сөйлемейтін, кісі көңілін қалдыра, кесіп-пішіп, түйіндеп айтуға онша зауықты еместей көрінді. Менің де қазір, шөп басында қалт-құлт еткен берік алдында кібіртіктей беруім содан да болар. Басында сондай болып тумаған соң да қиын екен, би атамды қор қылдым, оның сөзіндей тапқыр сөзді айта алмадым, Менің міңгірлеп, мүдіре қалғанымды малданып кетті білем, бөрік батыл бастап кетті:


— Ой, би аға-ай, әділін, шын төрелігін берсеңіз беріңіз, бермесеңіз бермеңіз. Өз басым дүниеде әділдік, теңдік, дұрыстық жоқ екеніне әлдеқашан көзім жеткен.


— Не дедің, әй, жігітім? — деп бөрікке состия қарадым.


— Әділдік жоқ дедім. Сізде емес, дүниеде...


— Дүниеде болмаса бордай тозсын. Мен не істедім. Әділсіздігім қайсы? Ашып айт, жігітім!


— Дұрыс айтыңыз, би аға, дұрыс айтыңыз, сіз де осынау бір дұрыстығы жоқ бордай тозған кене дүниенің бөрік киген бір пендесісіз; мал ашуы, жан ашуы деп, әдеттен озып, бетіңізге басқаным болмаса, сізге де арта қояр кінәм жоқ. Тап-таза мұнтаздай дүниені сағымдатып, тозаңын шығардыңдар. Сондағы жеткен дәрежең шыққан биігін, қайсы? Нәпсі ме, мансап па, шен бе? Сендер нәпсінің құлысыңдар. Тақ, данқ, дәреже, жеке бастың бағына бола, алақандай жердің бетін әбден ластап болдыңдар. Ар қайда, намыс қайда? Бет қызарса, жүрек тіксінсе, дене шіміркенсе болмай ма?


Жаман састым. Өзімнің Шойынбет, бөріктің дау айтушы талапкер екенін ұмытып:


— Әй, бөрік, сен не деп кеттің? Мен түсінбей қалдым. Қайдағы бір адам ұқпайтын сөздерді айтады екенсің? — деп даусым қатты шығып кетті.


Бөрік шайқалуын қоймады. Үштөбенің бауырынан керімсал есе бастады. Одан сайын ырғала да теңселе түсті. Әділетсіздікке төзе алмай, толғана сөйлеген, толқып-тасына, ісіне-ашына айтқан ары мол арынды жігіттей тоқтамай даттанды. Жай сөз де, бос сөз де емес, таныстықты әшкере етіп, дүниенің мешелдігі мен мешкейлігін қолдан жасаған кердеңдерді қапталдамай, іремей сойып, таспен бауыздады. Шойынбет болған нені алған екен, менде үн жоқ, тілім байланып, жағым қарысып қалғандай.


Ал бөрік болса дес берер емес:


— Білемін, біле тұрып келгенмін. Тағы да бір алдыңнан өтіп, бетпе-бет, жүзбе-жүз келейін деп ойлап ем. Ойыма жеттім. Көрдім жүзіңді, байқадым бет алысыңды. Түзелер, тезге түсер сиқың жоқ. Аузы қисық болса да ақшасы бар, аты бар сөйлейді. Кигізер тон-шапаны бар жанмен белдесе кеткенде алып соғар, ең болмаса итжығыс түсер қауқарым жоғын алдыңа келмей жатып білгенмін. Біле тұрып келгенмін Ие, біле тұра келгенмін. Ең болмаса әділдіктің ақ шапанын жамылған алаяқтың бетіне тіксінбей бір қарап келсе бір түкіріп кетсем деп келгенмін. Сертіме жеттім, түкірдім сенің бетіңе! Ақ жаулықты ананың бала деп ақ жүрегін жарып шыққан махаббатыңдай адал, таза әділдік қайда бар? Сенде жоқ та, елде бар.


Мен Шойынбет атам бола алмай қалдым. Ол кісі көп тыңдап, аз сөйлейтіні болмаса, мен сияқты сасқалақтап, мүдірмейтін. Жайлап та болса, сөзінен жаңылмай, бір ырғақ, бір сазбен аспай-саспай, еселеп, ептеп сөйлей беретін. Менің тілім байланып қалды. Анау бөрік ырғалаңдап, тағы жөнелді.


Бөрік әбден ызаланып алғаннан кейін, дауын төге жөнелді.


Ожардың төріне күздік бидай ектім. Екі пұт тұқым шаштым. Біреудің қосын жалдадым. Шығыны шаш етектен болды. Қазір аларымнан берерім көп. Жаңа ғана бас тартып келе жатқанда Айболдың бір қора ешкісі бәрін таптап, мен ол жерден астық алмақ түгіл, енді тұқымдықты да ала алмай отырмын. Қос ақысын қалай төлеймін. Тұқымды да қарызға алғанмын. Төлесін деймін осыларды. Сіз айтсаңыз қосқа бір ешкі, тұқымға бір ешкі. Екі ешкімен мені аттандырып жібермексіз. Бұл болмайды. Ешкінің ешкісі екі пұт бидай болмайды. Бұл бір. Жер айдап берген қосшыға, қос өгіздің иесі Айдарбекке екі пұт астық беремін дедім. Бұл төрт ешкі деңіз. Ал, енді сол жерден кем дегенде жиырма пұт астық алатын едім. Мұны өзіңіз есептеп керіңіз дедім бе, дедім. Ал есептеңіз.


— Жиырма төрт ешкі болды. Сонда сен сол бидайды жеген жиырма ешкінің бәрін алмақсың ба?


— Айболдың ешкісі жиырма ғана ма екен?


— Енді қанша?


— Екі жүз ешкісі бар.


— Айбол бай екен ғой.


— Бай ғой, ойбай, екі жүзден жиырма ешкі түк емес, жұмырға жұғын да, тақияға талқан да болмайды.


«Талқан» деген сөзді естігенде шегім шүр ете қалды. Қарным ашқан екен. Сонда да болса билікті бітірмей кетпейін деген адамша, берікке қарай бедірейіп, тамсана тұрдым да:


— Жиырма деген тым көп, ол сенің бидайыңа әдейі ешкі жайған жоқ,Ешкі деген шайтан сияқты жүрдек, желаяқ мал, тастан-тасқа секіріп жүргенде, артының дау болатынын ешкі байғұстар қайдан білсін! Ал, екіншіден, еңбек етіп еккен екен соң, оны басқадан, ит-құстан, ешкі мен егізден қори білген жөн. Өзіңе де обал жоқ.


— Сонымен билігіңіз қайсы?


— Жиырма көп деймін.


— Он тоғыз болсын.


— О да көп.


— Он сегіз болсын.


— О да көп.


— Он жетіден төмен түспеймін.


— Он жеті деген көп, тағы бір секір.


— Он алты-ақ болсын.


— Ал болдың ба? Енді секірер жерін, барар жерің жоқ па?


— Жоқ.


— Ондай болса, он екі ешкі. Кесім осы. Айболды осыған көндіремін.


Бөрік әлі шайқалып тұр. Менің кесіміме риза емес сияқты. Өзімнің қарным ашып ашуым көп кетті. Берікті құлаштап тұрып, беріп көп жібердім. Сағыз шеп жапырайып қалды. Берік анадай жерге ұшып кетті. Қалпақтай қағып түсірдім даукес берікті.


Осы кезде ту сыртымнан біреудің:


— Әй, балам, әкенің өзін ғана емес, бөркін де сыйлай білу қажет! — деген сабырлы, зілі жоқ, қоңыр даусы шықты.


Жалт қарасам, әкемнің өзі екен. Қысылғаннан қызарып төмен қарадым. Әкем қайтып тіл қатпады. Жерде жатқан бөрікті көтеріп алып, әкеммен қатарласа бердім. Екеуміз қозыларды айдап ауылға қайттық.


Бесінші өрім


Көпке дейін қуыстанып жүрдім. Әкем берікпен айтысқанымды, не үшін бөрікті ұрып жібергенімді сезді ме екен, өзі әрі Шойынбет боп, әрі даушы талапкер боп сөйлегенімді естіп қоймады ма екен? Әкем әнеукүнгі бөрікпен екі арадағы әңгіме жайлы ләм демейді. Не ұмытып кетті ме, не ешбір мән бермеді ме, әлде осы күнге дейін күдікте жүр ме? Неткен күдік? Ойлауымша, менің ес-ақылым жайындағы күдік.


Құрғақ сайда, шашыратқының көлеңкесінде отырып, бөрікпен айтысқанымды естіген адам, әрине, кім де болса бір күдіктенуіне күдіктенер. Бірақ, көпке дейін осының қайсысы екенін біле алмай, өзім де күшті жүрдім.


Әкем күндегі әдетінше күні бойы Торалаяқты баптаумен жүрді де, кешке қарай ақшам кезінде асық ойнап жүрген мені жанына шақырды. Келдім. Ол маған бастан-аяқ қарап өтті.


— Асықты қалай ойнайсың?


— Еһе!


— Жақсы атасың ба?


— Еһе!


— Сақаң тигіш пе?


— Еһе!


— Сен «еһе» дегенді қой! Дұрыстап, кәдімгі адам сияқты, сөзге сөзбен уәж айт!


Мен үндемедім. Ол бетіме күдікпен, сұраумен қарады.


— Әлгі сауалдарыма жауап бер! — деді ол жай ғана. Дауысы аянышты, аялы шықты. Бәрін де шын ниетімен білгісі көп тұрғанын ұқтым.


— Асықты ойнаймын. Бірінде ұтам. Сақам жаман емес. Кейде жақсы тиеді, кейде тимейді. Көбінесе мүлт кетеді. Өзі ауыр...


— Мүлт кетеді дейсің, ә? Ол жақсы емес екен. Кәні, сақаңды көрсетші.


— Дара қошқыл бояумен боялған, шігесіне қорғасын құйған сақамды қолына алып, олай-бұлай қарады да, кәдімгі асық ататындай шиырып-шиырып қойды.


— Жаман сақа емес екен. Өзі оңқай ғой.


— Еһе, оңқай.


— Қолыңды, сақа ататын оң қолыңды көрсетші!


Әкем алдына алақанымды жайып салдым. Ол қолымды өз уысына салып, айналдыра қарап шықты. Бас бармағымды күлдіреп тұрған, жауыр аттың арқасы тәрізді алынған жерді көрді.


— Мынау не?


— Сақадан ғой.


— Ой, мұның жарамайды. Сенің сақаң жауыр ат мінген жаман жігіт сияқты екен. Бұл сақаны атарда мытым ұстамай, бос атқаннан болады. Сен сан білесін бе?


— Білем.


— Кәне, санашы!


— Нені?


— Саусағыңды сана!


— Бір, екі, үш, төрт, бес!


Бармақтан бастап бес саусақты біртіндеп жұмып шықтым да, әкеме қарадым.


— Енді мына сол қолыңның саусағын сана?


— Бұл да бесеу.


— Екеуі қанша болады?


Осы әкем мені түк білмейтін кеше деп тұр ма дегендей күдікпен бетіне қарадым.


— Ие, қанша болады?


— Он.


— Дұрыс-ақ.


— Әкем әлденеге қуанғандай, жымиып қойды. Мен де күлдім. Ондағым «өз қолымдағы саусақтың қанша екенін білмей, маған не бопты» дегенім еді.


Байқаймын, әкем көңілді, менімен сөйлесе беруге ықыласы ауып, менің есімнің бүтін екеніне көзі жетіп, көңілдегі күдігін шешкен сияқты-ау!


— Дұрыс. Мұның дұрыс-ақ. Ал енді сен осы бес саусақтың неге бірдей еместігін білесін бе?


Аңыра қалдым. Әкем күтіп тұр. Өзі ойлы.


— Білмедің, ә! — деп кішкене шоқша сақалын сипап қойды. — Білмедің ғой, мұны білу саған ерте де шығар. Анау бір күнгі бөрікпен әңгімеден соң секем алған бір жай бар-ды, — деп өзіне-өзі күбірлеп, артын бәсеңдетіп жіберді.


— Айтыңызшы, бес саусақ неге бірдей емес, ә? — дедім сөзінің кейінгі жағына мән берместен.


— Ол әлі саған ерте. Одан да бір қызық әңгіме айтып берейін, сенен сөйтіп құтылмасам болмас...


Екеуміз киіз үйдің жанына келіп отырдық. Ол әңгімесін бастады.


— Мынау тұрған Үштөбенің ту сыртында Ожар деген жер бар. Ожардың терін қақ жарып Ханымсай деген терең арна өтеді. Бұдан екі-үш жыл бұрын сол сайды өрлеп, осы Торалаяқпен келе жаттым. Ат деген жарықтық, оның ішінде мына біздің Торалаяқ, шіркін, адамнан да сезімді ғой. (Әкем «Торалаяқты тіл-көзден сақта!» деп жерге қарап «түпу-түпу» деп қойды). Бір кезде атым оқыс осқырынып, дір етіп тоқтай қалды. Қарасам, тобылғының түбінде таудың әдемі бір алтайы қызыл түлкісі жатыр. Аттан түспей, аңырып біраз тұрдым. Әлгі түлкі былқ етпейді. Көзі жұмулы, нақ бір өліп қалған сияқты. Аттан қарғып түстім. Мыңқ етер емес. Енді өлген түлкі екен дедім. «Апырмай, олжа деген қайдан дерін, бар ма? Не де болса, келесі күзде түлкі тымақ киетін болдым-ау» деп ойладым, қуаныштан жүрегім лүп-лүп етеді. Қасына жақын келгенде:


— Жақсы тымақтың іші бұдан табылды, тысы қайдан табылар екен? — деп сөйлеп жіберіппін. Түлкі қатты ұйықтап жатса керек, атып тұрып, Ханымсайдың биігіне қарай ұра жөнелді. Қайда, мен атыма қайта мініп үлгіргенше жар қабақтан асып та кетті. Санымды соғып қала бердім.


— Осы ма?


— Бәрі осы. Бірақ, ол түлкі осы тауда әлі бар. Сыртынан көрем, ізін танимын. Үмітсіз шайтан болсын, үмітімді әлі де үзген жоқпын. Мынау әлгі өзің сөйлесетін бөрік қой! — деп, басындағы бөркін алақанына салып маған көрсетіп қойды.


Әңгіменің тез біткеніне көңілсіздеу боп отырдым да:


— Жалғыз жүргенде сіз де сөйлейсіз екен ғой! — дедім.


— Ә, солай ма, сен, сен оны да байқап па едің? Бірақ, мен жалғыз емеспін ғой, астымда Торалаяқ бар, жатқан түлкі бар. Білдей үш жанбыз.


— Мен де жалғыз емес, қасымда бөркім бар еді ғой! — дедім.


— Сөз тапқанға қолқа жоқ! — деп әкем біраз күліп алды.


Өмірде аттан басқа қызығы да, қуанышы да жоқтай көрінетін бұйығы шалдың осы бір дыбыссыз жай күлкісі есімде қалды. Оның аттан басқаға да қуана білетін жүрегі барын көрдім.


Алтыншы өрім


Бірі өтірік емес, баяғы берікпен әңгімеден кейін әкем мені үйге кісі келсе-ақ мақтай жөнелетін болды. Мақтағанды жек көрер бала бар ма? Бала түгіл, мақтау сөзді қызармай, нақ бір оның өзін емес, өзгені мапаздап отырғандай тыңдайтын үлкендер бар. Алғашқыда мен де масаттанып, әрбір сөзін естіп алғым, жадымда сақтағым көп жүрді де, келе-келе құлағым әбден үйреніп кетті.


Әкем мен жайлы әңгімесін:


— Құдай қаласа, менің осы балам атасы Шойынбет сияқты би болады! — деп бастайды да, менің, бөрікпен қалай сөйлескенімді жыр етіп, өзінше оған әлденелерді қосып айта жөнеледі.


Бәрінен бұрын өзі кілең төрдің алдында отырады. Алдында темекі қалтасы, тілдей-тілдей етіп кесіп қойған жұқа ақ қағаздары жатады. Оған темекі орайды. Сүйріктей етіп орап алады да, түтінін бір езуінен шығарып қойып, ойланады да отырады. Келушілер оның аузын бағады, алдын күтеді. Кезекпен арыз-арманын айтады. Соның бәріне ол өзінше, әрине, өз білуімше, төрелік береді, ақыл айтады. Осының бәрін көріп жүріп, мен Шойынбет болмаймын, немесе, бола алмаймын деп қалай айтам? Рас, бөрікпен айтысқанда мен жеңіліп қалдым. Шойынбеттің атын ақтай алмадым. Бірақ кәдімгі Шойынбет болудан үмітсіз емеспін. Мен де пендемін. Өсемін ғой деймін.


Әкемнің тағы бір қонақ келгенде «осы балам Шойынбет атасы сияқты би болады» деген сөзіне масаттанып, қасына келдім де, тізесін баса отырдым.


— Ал, — дедім, — мен Шойынбет атам сияқты би болатын болсам, сіз мені тыңдаңыз!


— Мынау не дейді, ей! Балам, әлден билік айтпақсың ба?


— Жоқ, билік емес, сұрау.


— Ал сұра!


— Сіз әнеугүні маған бес саусақ неге бірдей емес деп сұрау бердіңіз де, әлі ерте деп айтпай қойдыңыз. Міне, бүгін соны айтыңыз?


— Сен өзі маған билік құра бастадың ғой, шамасы. Бірақ, әлі ерте.


— Ерте емес.


— Сен алдымен бес саусақтың неге бірдей еместігін білмей тұрып, олардың аты-жөнін біліп ал! Неге бірдей еместігін кейін, содан соң айтамын.


— Саусақтардың ба?


— Ие, саусақтардың.


— Бұлардың аты бар ма?


— Аты болғанда қандай! Әкел қолыңды!


Қолымды бердім. Ол менің кішкене саусақтарымды өзінің жұмыр, сүйекті алақанына сап, аударыстыра қарады да:


— Ал үйрен, жатта! Бір-ақ айтам. Бас бармақ, балаң үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек! Міне, бесеу болды.


Сол күні ертеден қара кешке дейін ішімнен: «Бас бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек», — деп айттым да жүрдім.


Ертеңіне әкемнен үйренген жаңалығымды өзімнен ересектеу Итаяқ деген балаға айтып едім, о да өзінше білгіш екен, дұрыс емес деп шыға келді. Ол айтты: «Бас бармақ-ақ болсын, мына біреуін сұқ қол» дейді. Мыналарын: «аты жоқ», «ортан қол», «шынашақ» деп атайды», — деп ақыл айтты. Бәрібір мен әкем айтқан атқа дақ түсіргім келмеді. Итаяққа көнбедім. Ол мені келемеж етті. Мен ықпадым.


— Сөз емес! — дедім. — Сөз емес, ондай-ондай бола береді. Бұлардың ту бастағы әкесі қойған аты әлгілер. Сенің айтқандарың беріде шыққан.


— Қалайша ол беріде шығады?


— Несі бар. Әйелдер Тойлыбай көкемнің атын тура атай алмай «Майлыбай» дейді. Әлтекті «Шәлтек», Алшынбайды «Малшынбай» дейді. Сенің айтқандарың да солай.


Ол мені жеңе алмады. Менің Шойынбет атам сияқты би болатыныма сенімім молая түсті. Бірақ Итаяқтың айтқанын да жаттап алдым. Оны әкеме айттым.


— Дұрыс! — деді ол. — Дұрыс. Ондай да аты болады. Ол атқаратын ісіне, түріне қарай берілген ат. Түпкілікті аты — мен айтқан. Содан жаңылма!


Мен жаңылмадым. Бес саусақтың аты-жөнін білдім. Ендігі қалғаны олардың неге бірдей еместігі ғана. Ойлаймын: «Неге бірдей емес?» Әкем айтуға асығып жүрген жоқ. Мен асығамын. Түсіме енеді. «Айтыңыз, неге бірдей емес?» деп кілең әкемнен сұрап жүремін.


Өңімде талай-талай қасына жақын көп, сан оқталдым. Бірақ ыңғайы келмеді, сәті түспеді. Жаз шығып, күз келерде оның үрдіс ісі басталды. Таң сәріден тұрады. содан ақшамға дейін Торалаяқты айналып күйбеңдейді де жүреді. Бір тынбайды. Ең алдымен Торалаяққа мінеді де, шоқытып ала жөнеледі. Аққолтықтан Қаратасқа дейін, одан Қызылтасқа дейін, Құрсай, Қапшағайға дейін өрісін бірте-бірте ұзартып, шаба жөнеледі. Бұл атын баптауының басы. Бұдан соң үйге кіргізіп қамау тер алады. Терінің ащы-тұщысын жалап көреді. Одан жалпоштап, сыртқа алып шығады да, жаяу жетектеп көп жүреді. Белдеуге байлап тердің датын үгеді, тазалайды, сүртеді, әйтеуір, не керек, үстіне шыбын қонғызбайды. Содан кешке қарай, әбден қараңғы түскенде жемдейді де, қаңтарады, сөйтіп таң асырады.


Күндегі ісі осы. Қасына келе қалсаң саған аттан бөтен ештеңе айтпайды.


— Біле бер, білген артық емес. Жүйрік атты тани білген жақсы. Жүйріктің көптеген белгісі болады, — деп өзімен-өзі сөйлеп жүргендей, саған тура қарамастан, атын сылап-сипауын тоқтатпастан сөйлей береді, — мына Торалаяқтың тұяғына қара! Төңкерген кесе сияқты, темірден құйған тәрізді. Шашы — тықыр, әліпі — ұзын, тірсегі — имектеу, құйрығын денесіне тигізбейді. Бөксе тұтас, төңкерген қазан сипаттас. Ал енді басына қарашы! Шекеде қырым ет жоқ-ау! Құлағы тік, жағы сопақ, шықшыты кең. Ал енді, беліне, жалына қарап көр!


Ол сөйлеп жүреді, Маған қызық емес. Мен қасынан жылысып кетем. Ол сезбей қалады. Мені қасында тұрғандай көріп, сөйлей береді.


— «Жаман ат, өтпес пышақ, шайпау қатын — үшеуі ер жігітті қартайтады» деп неден айтқан, кім айтқан? Кім айтса да біліп айтқан. Жүйрік ат адамның қуанышы, қанаты мақтанышы. Өтпес пышақты өтпесе қайрап алуға болады. Атың жаман болса жақсы қып көр!


Сөйтіп жүріп атын жүзіктің көзінен өткендей етіп, әбден жаратты, баптады да, сонау Қозмалдақ, Сызған жақтағы бәйгеге кетті. Мен бес саусақтың неге бірдей еместігін сұрай алмай қалдым. Ауыл жаз жайлаудан, Аққолтықтан көтеріліп, Қызылтас асып, Мәнжіге келді. Одан Шұқырши, Қасқабұлаққа қонды. Әр қонысты екі-үш жеті жайлап, ақыры Қанжуғанға тоқтады. Бір қызығы жаздай бірге асық ойнаған Итаяқтың ауылымен іргелес қоныппыз.


Жетінші өрім


Ауыл Қанжуғанның Көкшеқұм жағында, Шыбық белгі деген жерде отыр. Осы жерден Көкшеге қар түскенше көшпейді, көшуге де болмайды. Көп болса Ірге жалға тоқтайды. Мұның бәрі Көкшеге байланысты.


Көкше деген саусақтың саласы боп бөлінген, қырат-қырат, қобы-қобы, аттың жалындай қызыл шағылды белдер. Екі жалдың ортасы терең-терең қобылар. Шөп мол өседі, көкпеңбек, көк жасыл боп құлпырып тұрады. Содан мұны Көкшеқұм дейді.


Оның мұнысына сүйсіндім. Бұрынғыдан да ұната бастадым. Оны о да сезе қойса керек, мені өзінен кіші санап, қамқоршы боп, іш тарта бастады. Оның. үстіне реті көп қалғанда маған жәрдем етуге, ақыл айтуға, кеңес беруге әзір. Екеуміз жақын боп кеттік.


Итаяқ біреудің жалғыз баласы екен. Балалары болмай көп күтіп, сарыла жүріп көрген баласының атын әке-шешесі ырым етіп Итаяқ атаған. Сол Итаяқ менің жолдасым. Өзі пысық, алғыр, сөз тапқыш, ойын тапқыш. Ойнаса ұтады. Қатарымен жарыса қалса озады. Күреске, алысқа да мықты. Әдісі мол, Күтпеген жерден алып соғады, шалғаны қызық. Қимылына көз ілеспейді, Іштен де, сырттан да, ыңғайы келсе белден де шалып құлата салады. Тіпті болмай бара жатса, өзі жата қап, бастан асыра лақтыратыны бар. Осының бәрін қайдан үйренген? Таң қалам. Өзі біреудің көзінің ағы мен қарасындай жалғызы. Өскен жері де, туған жері де — осы Қаратау мен Көкшенің арасы. Осынша өнерді қайдан үйренген деп таң боламыз. Оны біреу жақсы мінезі, ашық-жарқын сөзі үшін сыйласа, біреулер асық пен күрестегі өнері, шапшаңдығына бола тәуір көреді. Ал, енді біреулер оны қорқып сыйлайды. Ал осының бәрін Итаяқтың өзі де ұғады.


Мен оны ағалығы, жанашырлығына бола ұнатам. Ол мұнымды біледі. Екеуміз асық ойынынан кейін ауылға бірге қайттық. Ол менен ұтып алған асығын қайтып берді. «Алмаймын» десем де болмады. Нақ осыдан кейін көптен бері, жаз бойы көкейде жүрген, әкем айтқан, бірақ жауабын бермеген сұрауды оған қойып қалдым:


— Итаяқ, сен білгішсің ғой, айтшы кәне, осы мынау бес саусақ неге бірдей емес?


Алдына қолымды жайдым. Ол тұра қалды. Қолыма бір, бетіме бір қарады. «Мұндай сұрауды қайдан таптың, кім үйретті, кім менен сұра деді» дегендей бедірейіп тұрды да:


— Бұл да сөз бе екен? — деді. — Бұл ма, бұл сөз емес. Бұл бесеуі бірдей болса қызық болмайды. Осындай болып тұрғаны жақсы.


Ол осы бір сөздерді айтарын айтса да, өзі ойланып тұр. Жан-жағына қарады, маған тоқтады.


— Сенің өзің қызықсың. Мұндай миды қатыратын сұрақты қайдан ойлап таптың, оның саған керегі не?


— Керегі бар!


— Керегі болса өзің неге ойлап таппадың? Мәселен, айтайық, маған бұл бес саусақтың неге бірдей еместігін білудің мүлдем де қажеті жоқ. Содан да білмеймін, білгім де келмейді. Саған керек екен, өзің біліп ал!


— Сен үлкенсін.


— Сөз бе екен, қодықтан есек те үлкен.


— Сен тапқырсың.


Ол қолын шошайтты, мен қарадым. Тауды көрсетті. Көз алдымда ес білгелі таныс Келіншек тау тұрды. Өркеш-өркеш боп жатыр. Көшіп бара жатқан елге де, алысқа тартқан керуенге де ұқсайды.


— Міне, таудың өзі бірдей емес. Бірі биік, бірі аласа.


Ондай болмаса қызық болмайды. Саусақ деген де сол тау сияқты бірі ұзын, бірі қысқа. Айырмасы осы-ақ.


Үндемей тыңдай бердім. Дұрыс та ма деймін? Бірақ ішім иланбайды. Мен үнсіз қалған соң, өз ойын әбден шегелемек болғандай, Итаяқ сөзді көбейтіп жіберді.


— Бес саусақ неге бірдей болады? Бірдей болса жараспайды. Өйткені дүниеде жаратылған жанды, жансыздың бәрі бірдей емес. Саусақ неге бірдей болады. Анау қойға қара, ол да бірдей емес. Бірі қара, бірі ала, сары, қоңыр, қызыл. Ешкі де сондай, Түйе ше! Нар, аруана, мая, жампоз... Әй, тіпті, мына жерге шыққан шөптердің өзі түрліше.


Итаяқтың сөзін тыңдап келем. Ол сөйлеп келеді. Ең соңында былай деп түйді.


— Енді болдым. Бұдан кейін мұндай әулекіні, лақпа нәрсені сұрап басымды қатырма! Дүниедегі жәндіктер, тау-тастар бір-біріне ұқсап тұрса жақсы болмайды... Сән, сән керек пе, керек.


Ауылға жалғыз келдім. Итаяқтың айтқаны рас па, егер рас болса, әкем оны менен несіне сұрады, әлі жассың деп несіне айтпады. Жоқ, деймін, бұдан да басқа сыры бар шығар. Итаяқ дүниедегінің бәрін біле бере ме?


Үлкен болсын, кіші болсын, ойлай берсе қиын екен-ау! Бірте-бірте мақтаулы, тапқыр Итаяқтың бұрыс жерін таба бастадым. «Мен ғой, оған адамдар неге түрлі-түрлі болады дегенім жоқ. Бір адамның қолындағы, мәселенки, оның өз қолындағы бес саусақ неге бірдей емес дедім. Қойдың өзі түрлі-түрлі болғанмен, алдыңғы екі тұяғы, артқы екі тұяғы айна-қатесі жоқ, құйып қойғандай. Сиыр да сондай. Әкем бәйгеге қосып жүрген Торалаяқтың да тұяғы бірдей, аяғы бірдей, қалқиған екі құлағы да бірдей. «Ой, — деп қоям ішімнен, — білгіш, тапқыш десем, Итаяқтың да білмейтіні бар екен ғой».


Ал Итаяқтың айтқаны бұрыс болмасын, сонда бес саусақ неге бірдей емес? Итаяқтың қатесін білем, бірақ саусақтардың неге бірдей еместігін білмеймін. Өткен жаз бен келген күздегі менің бір ісім осы болды. Бірақ, ұштығына жете алмадым. Не де болса әкемді күттім.


Сегізінші өрім


Әкем келуін келді. Бірақ менімен сөйлесуге мұршасы болған жоқ. Ертеден қара кешке дейін ауыл адамдарын, көршілерді жинап алады да, Торалаяқты қай жерде, қандай бәйгеге, кімнің бәйгесіне қосқанын баяндайды. Оны жұрт ерінбей тыңдайды. Өстіп жүргенде кәдімгі күз келді. Таудан қара жел соқты. Қарашаның желі. Құмға қар түспеді. Келіншек таудың басы аппақ боп кетті. Бір күні біздің ауылдың жайлауы — Ханымсай жақ та қарауытып тұр екен. Әкем алғашқы сонарға бармақ боп атқа мінді. Екі-үш күн тағы жоқ боп кетті.


Бір күні кешқұрым бәйге атын сабылтып ауылға келді. Жерге түсіріп, жайып жібергенде ұзындығы есік пен төрдей келетін көкжалдың жаңа сойған терісін бөктеріп әкелді. Міне, сұмдық, қасқырды алыстан болмаса, жақын көргенім осы еді, мұндай да нән қасқыр болады екен? Бауыр жүні сап-сары, жоны көкпеңбек теңбіл. Басымен, құлағымен сойған. Ауызы кере қарыс. Жарғақ құлағы әлі тірі тәрізді, енді ғана қойға шабайын деп тұрғандай едірейіп, қалтиып қалған. Әбден тамашаладық.


«Қалай ұстадың, қалай соқтың?» — деп сұрағандарға «асықпа, анау-мынау әңгіме емес, кейін айтам» дегендей, қызықтырып қояды. Енді сол қасқырдың терісінен от басына төсейтін төсеніш-бөстек жасай бастады.


Ойыма кейін түсті. Сол күні әкем бөріксіз, жалаң бас келді. Тек қана маңдайын ақ орамалмен шарт түйіп алған.


— Берік қайда? — дедім.


— Әлгі сенімен айтысатын бөрік пе?


— Ие.


— Бүлк етпе, оның да қызығы бар.


Бірақ, не қызығы барын айтпайды. Оған уақыты жоқ. Бәрі асығыс. Қайда асығады, неге үсігеді? Білсем бұйырмасын.


Кешкі астан соң әкем көңілді отырды. Қасқырды қалай соққанын айтты.


— Алдымен Ханымсайдағы түлкінің ізіне түстім. Бәлем, бір соқсам деп көптен, екі-үш жылдай тісімді қайрап жүруші едім. Әнеу бір жылы ұйықтап жататын, мені алдаған түлкі. Түлкі еңіске салды. Қары жұқа ылдиға тартса жөн. Ізге түсіп бердім. Шилі өзеннен өтті. Жым жылас. Тасқа сіңіп жоқ болды. Содан не керек, бұл ылдиға түсіп бара жатқан түлкі болса ізіне қайта кездесермін деп, Қаратастың ту сыртына шығып ап, жоннан із кестім. Түлкі ізі әлденешеу боп кетті. Біреуінің ізіне қоймай түсіп, ақыры келіп індеттім. Індеткенім бар болсын, осы жерде бөріктен айырылып, жалан бас қалдым. Бұл өз алдына бір әңгіме. Содан, не керек, басыма орамалымды байлап атқа қайта қондым. Түлкі жылға салып адастырды да кетті. Ыза боп көп іздедім. Бір кезде табаны күректей арланның ізі тап бола кетті. Сөйткенше болған жоқ, Қызылтастың жотасына шықтым, төмен қарай жосып бара жатқан екі қасқырға көзім түсті. «Қиқулап» бүйірден қосылып кеттім.


— Неге «қиқулайсыз?» Одан да білдірмей қуып жетпейсіз бе?


— Одан пайда жоқ. Бәрібір бара салып, жете салып соғып ала алмасымды білдім. Маған ең, алдымен екеуін екі жаққа бөлу керек. Одан соң бірінің соңына жеке түсіп, әбден діңкелетіп алуым қажет.


...Қуғыншының даусын естіген бойда-ақ қаншығы бөлініп тұп-тура тауға қарай салды, ал арланы Мәнжіге, қалың шиге бет алды. Қайсының соңына түсем деп аз ойладым. Қаншықты соққанда не қылам? Жаз бойы ұя басып, жүні енді ғана жетіліп келеді. Жүні жұқа терісі әлсіз. Оның үстіне ұрғашы ғой. Келесі жылы да күшіктей берсін. Керек кезінде қасқырда да қасиет болды. Қаншық жөніне қалды. Арланның соңына түсіп бердім... Тіке қусам қасына жетіп баруым хақ. Бірақ, олай еткенде не қылам. Әбден шаршатып, әлсіретейін дедім. Қасқырдың бір жақ бүйіріне шығып ап қусаң, сен келе жатқан жаққа қараймын деп әбден бір мойын боп, басқа жаққа бұрыла алмай мойыны қарысып қалады. Жанамалай, бір бүйірден тидім. Өзі арыстандай жоталы екен. Шіркіннің алымдысы-ай! Көпке дейін қара үздіріп кетердей-ақ жосады-ай көп. Бірақ, Торалаяқ қоя ма, тізгінді тежеп келем, әйтпесе әлдеқашан жетемін ғой.


— Қорқып келесіз, ә?


— Қорықпасқа да болмайды. Атты майып қып кетсе... Содан, бастарыңды несіне ауыртайын, оң жағына шығып ап, Мәнжіге дейін қабаттастым. Енді бірде сол жағына шықсам, қасқырым бұрыла алмайды. Көзі алақтап, тілі салақтап, ыржаң-ыржаң етеді. Қайтадан оң жағына шығып жақындай түстім. Көзі ақшаң-ақшаң етіп, тісін сақылдатады, айбат шегеді, тіпті иіні келсе шаппақ та ойы бар. Бұл оның мықты жағы екен. Сол жағына қайта шықтым. Ат тізгінін шұғыл бұрып, қақ маңдайдан үзілмелі шоқпармен періп өттім. Қаңқ етіп аунап түсті де, тұра сап қайта жөнелді. Сол жағынан қайта жақындадым. Бұл жолы алғашқыдай қапы қалмай, шошқаның қабаны тәрізді қарысқан жағына төрт аяқтап әрең айналды да, тұра ұмтылды. Ат ыршып түсті. Ауып қала жаздадым. Үріккен атты әрең бұрып сол жағына қайта шықтым. Бастырмалата келіп, солға бұрыла бергенімде арлан арс етіп шапшып, үзеңгіліктен бір қармап қалды. Әйтеуір солына шығып үлгердім де, нақ екі көздің арасын ала, қасқа маңдайдан салып өттім, «қаңқ» деген даусы бір-ақ шықты.


Серейіп құлап түсті. Аузы-мұрнынан жылымшылап қан ақты. Әбден өлгенін күтіп ат үстінде көп тұрдым. Күн Келіншек таудың басына мінді. Қасқырды апыл-құпыл сойдым да, терісін алып ауылға қарай тарттым...


Торалаяқтан соңғы әңгімесі осы еді. Қонақ келсе болды, не атын мақтайды, не қасқыр соққанын айтады, ең соңында менің берікпен сөйлескенімді әңгімелейді.


Бөрік демекші, қасқыр соққанын айтып болғасын, «бөркің қайда?» деп қайта сұрадым. Әкем сол берік туралы қиялға батқан адамдай үнсіз отырып қалды.


Әлден уақытта ыңылдап қана, өзі білетін жалғыз әуенін қайталады. «Жалғыз әуен» деп отырғанымда мән бар. Әкем домбыра тартқан, ән салған адам емес. Оның анда-санда ыңылдап айтатын бір әні ғана бар. Оның, өзінің аты жоқ. Оған қосатыны екі ауыз өлең.


Дүние — бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Адамзат, жан-жануар бәрі қонақ,
Бұл дүние бір орнында тұра алмаған.


Бұл әлгі әуенмен айтатын алғашқы сөзі. Оның соңғы екі жолын қайталап айтатыны тағы бар. Артынша:


Басыңнан бағың кетсе құда кетер,
Айрылып ауыз тамыр жүдә кетер.
Басыңнан ұшқан бағын келмей кетсе,
Жат болып жамағайын бұ да кетер.


Оның бұл сөздерінің мәніне қарасақ «бақ» деген бір құдірет бар. Барлық күш, құдірет сонда. Ол болса сенің құда-жекжатың, ағайын-туысың да, тамыр-танысың да көп. Олар сені төңіректеп шықпайды. Ал сол бақ бастан тайған күні бәрі жым-жылас боп, сенен кетеді. Бақ қайта келсе, олар да қайта айналып соғады. Сонда бақтан күшті дүниеде ештеңе болмағаны ма? Ал, ол бақ дегенің өзі сонда не болғаны? Ол не екен, бақ деген деп тағы ойлаймын. Бірақ бәрінен бұрын бөріктің қайда екенін біліп алғым келеді. Мүмкін, бақ деп отырғаны оның бөркі шығар? Олай болса әкем бағынан айрылған екен-ау! Бір жағы осыдан да болар, бөріктің тарихын білгім келеді де тұрады. Оған ырық беріп отырған әке жоқ. Өз қиялымен өзі боп, ыңылдап өз әуенін қайта бастады:


Басыңнан бағың кетсе құда кетер,
Айрылып ауыз тамыр жүдә кетер.
Басыңа бақ айналып қайта қонса,
Бәрі көп ор түлкідей сылаң етер!


Ән аяғын тостым. Соңын екі қайырып айтты. Енді болды ғой дегенде:


— Кәне, айтыңыз, бөрік қайда?


— Әлі ұмытпаған екенсің ғой. Айтайын. Сол қасқыр соққан күні алдымен баяғы Ханымсайдағы қызыл түлкінің ізіне түстім дедім ғой. Оның тауда бір, ылдида бір іні болса керек, таудағы інін тастап, Қызылтасқа тартты. Ізіне көп түстім. Бұлтақтап із тастады да отырды.


Жолай қуып кеттім. Түлкі қалыңға, тасқа салып біраз қашты да, қабақтағы ініне тығылды. Былай қарасам, іні онша терең емес сияқты. Біраз қаздым. Ар жағы тас екен. Қазылмады. Інге түтін салдым. От жаққан кезде есіме түсе кетті. Түлкі інінің екі ауызы болады. Екінші ауызын іздедім. Бір түп қалың тобылғының түбінде шынында іннің екінші ауызы бар екен. Басымнан жұлып алдым да, бөркіммен ауызын тыға салдым. Ал іннің екінші аузына емін-еркін түтінді сала бердім. Өзімше қамсызбын. Бөрік әрі түлкіні жібермейді, әрі түтінді шығармайды. Түтін барған ауыздан жан керек болса өзі-ақ шыға келер деп ойлаймын. Аңқау басым байқамаппын. Бір кезде атым қатты осқырынып қалды. Атты шылаудан ұстап та үлгірдім. Енді болмағанда аттан айрылып, жаяу қалар едім. Атымды ұстап, бұған не болды деп, енді бір қарасам, басына бөркімді киіп ап, құйрығы бұлаң-бұлаң етіп, түлкі кетіп бара жатыр. Санымды соқтым да қала бердім... Сөйтіп, бөрікті түлкі киіп кетті. Әбден тозып, төбесі тесілген еді. Сол тесіктен басын шығарып, желкесіне іліп алған. Түлкіден тымақ киемін деп жүріп, өз бөркімнен айрылдым. Түлкі қоянның қалың жымына салып, жоқ боп кетті.


Мен күлдім. Бірақ нанбадым. Оның бұл әңгімесі Тоты әжемнің «Бөрік киген түлкі» деген ертегісіне ұқсайды екен.


— Жоқ, бұл шындық емес, ертегі. Осындай бір ертегіні өзім де білем. Оны маған Тоты әжем үйреткен.


Әкем де күліп қойды.


— Ал енді нанбасаң бөрік қайда? Түлкі киіп кеткені рас.


«Бөрік кигеннің намысы бір», ертең мен де бөрік кием, қамшы ұстаймын. Бұл екеуі менің, ел қатарына жеткенімнің белгісі. Сонда мен бөркімді қолды етсем не болғаны?


Осындай шым-шытырық алып қашты, бұралқы ойлар мені аз толғады ма? Бұдан да басқа мені қинайтын, білгім келетін жайлар бар. Оның бірі — бес саусақтың неге бірдей еместігі еді. Оның да сәті бүгін келді. Өйткені оның бөрік жайында айтқан әңгімесіне күдік туып қалды. Осы бір мойындай қоймаған кінәсін жуып-шаю үшін ол нақ қазір не сұрасаң да жауап беруге әзір еді.


Тоғызыншы өрім


Үлкен адамдардың қай қылығын түсініп жатырмыз? Олардың да өзінше ойлағаны бар шығар. Жаңа ғана ақжарқын көрінген әке жүзін қайтадан бір мұң басып, ой торлап алғандай тұра қалды. Ыңылдап, кәдімгі таныс әуенге қайта басты. Жаңа айтары, қосары жоқ, сол баяғы дүние.


Дүние — бір қисық жол бұраңдаған...


Немесе:


Шабан ат, өтпес пышақ, шайпау қатын,


Үшеуі ер жігітті қартайтады...


Тағы тыңдадым. Еріксіз тыңдайсың. Әуен аяғын күтем. Әлден уақытта тоқтады да, маған қарады:


— Әлі күтіп отырсын ба?


— Еһе!


— Бес саусақ неге бірдей емес дерсің-ау!


— Бұл сұрақты өзің айттың жауабын кейін айтам дедің — деп мен де түсіндіріп жатырмын.


— Бәрі де дұрыс. Ал, бұл бесеуінің аты-жөнін білесің бе?


— Білем.


— Оны саған кім үйретті?


— Шын атын сен, өтірік атын Итаяқ айтты.


— Сенің Итаяғын да білгіш екен. Ал, бесеуінің шын атын айтып шық!


— Бас-бармақ, балан үйрек, ортан терек, шылдыр шүмек, кішкене бөбек! — деп тақ-тақ етіп, сайрай жөнелдім.


Әкем менің қолымды өз алақанына жайып салды да, сабырмен сөйлей берді.


— Бұл бесеуінің бірдей болмаған себебі бар. Дұрыстап ұқ, мен саған рет-ретімен айтайын. Мынау бас бармай болса бәрінен бөлек, анау төртеуінен оқшау тұр. Ол неге олай? Мұны да ұғасың...


Демімді ішке тартып, үнсіз тыңдап отырмын. Бір айтқанын жаттап ап, әкемді тағы бір таң қалдырмақпын.


— Көл адам бойындағы бас қарудың бірі, онымен әдемі үйлер жасалған, салтанатты сарайлар салынған. Қолмен небір шебер суреттер жасалған Қолға ұстаған қару күшімен талай-талай жаудың да беті қайтқан. Жердегі жақсылықтың молын жасаған осы қол. Бір күні ерігіп, іссіз отырғанда болған бір әңгіме екен. Бұл бесеуі ерігіп, не істерін білмей отырыпты да, әрі ойлап бері ойлап, қой бұлай отыра беруге болмайды, бесеуміз бірігіп бірдеңе істейік депті. Не істейміз? Кәне, кімде, қандай ой бар? Тым-тырыс. Ешкімде дайын ой, істейтін жұмыстың не екені анық болмаса керек. Бұлар аңырып, әрқайсысы өзінше ойлап, біраз сарылыпты. Бір кезде бас бармақ тұрыпты да:


— Мен таптым, — депті.


— Ал айт! — деп басқалары шу ете түскен.


— Бәрін олай ойлап, былай ойлап жөнді ештеңе таба алмадыңдар. Одан да, достар, қарап отырғанша бірігіп ұрлық қылайық! — депті.


Әкем маған тесіле бір қарап алды да:


— Байқадың ба, балам, ұрлық істеу дегеннің өзі іссіздіктен, не істеуді білмегендіктен шыққан, — деп бір қойды.


Балан үйрек:


— Ие, несі бар, қылсақ қылайық! — деген.


Ортан терек.


— Әй достар, құдайды қайтеміз? — депті де бір сәт аңырып, ойлана қарапты.


Шылдыр шүмек:


— Со да сөз бе екен, құдай не қылушы еді? — депті.


Кішкене бөбек, мынау пәкене шынашақ тұрып:


— Қарап отырғанша, достар, құдайдың ала тайын сояйық, қан-жынына тояйық! — деген.


Әкем «осы қалай ұғып отыр екен» деген адамша маған тағы бір сынай қарап өтті.


— Міне, бұл бесеуі сол түнгі ниетіне, әрқайсысы өзінің қылығына, мінезіне, ойына қарап, түрлі-түрлі болған. Мәселен, ұрлық қылайын деп пәлені ең бірінші бастаған бас бармақ, әрі пәкене боп, әрі басқадан оқшау боп, дара қалған. Ал қалғандары қатар тұр. Бірақ, олар да бірдей емес. Балаң үйрек бас бармақтың арам ойын бірден, ойланбастан құптағаны үшін ортан теректен әлдеқайда қысқа. «Құдайды қайтеміз» деп ұрлық істеуге бірден күдік келтірген ортан терек бәрінен үлкен, ұзын. «Құдай қайтеді» деген шылдыр шүмек оңып тұрған жоқ. Ал, ұрлықты тұп-тура сол құдайдың ала тайынан бастауды ұсынған кішкене бөбек бәрінен аласа, бәрінен әлсіз, бәрінен іссіз боп қалған. Онысына қарамай «елді қортық, қойды шартық бүлдіреді» дегендей, ішіндегі бүлігі де осы. Ал, енді ұқтың ба?


— Ұқтым.


— Ұқсаң бопты. Енді жатып ұйықта! Бес саусақтың неге бірдей болмағанын білдің ғой, білдің. Енді сен үлкен жігітсің!


Мен төсекке жаттым. Бәрібір көпке дейін кірпік ілмей бес саусақтық неге бірдей болмағанын жаттап жаттым. Оның әрқайсысы маған түрлі-түрлі, бірі тәпел, мұғал, бірі орта бойлы, мығым, бірі ұзын сымбатты, бірі боркемік, бірі қортық, қу, білгіш деп жүрген Итаяқтың айтқандары дұрыс болмай шықты. Мен енді онымен таласа аламын. Таласа қалсам, жеңемін. Мені балалар Итаяқтан да білгіш деп кетуі кәдік.


Мазасыз ұйықтасам керек. Таңертең бетім домбығып, көзім қызарып тұрдым, әкем маған күле қарады.


— Балам-ау, бес саусақтың неге бірдей еместігін білген соң тыныш ұйықтайды екен десем, қайта мазасыз ұйықтапсың ғой. Бес саусақтың бірдей еместігі жай көзге де аян. «Неге олай екен» деп ойлай берудің орыны жоқ. Саусақтар да дүниедегі адамдар сияқты түрлі-түрлі боп жаратылған ғой. Сонау бір жылдары осы өңірде Молжан деген сал сымақ, өзін сері санаған, кем ақыл бір жігіт болды. Салдардың жаттанды өлеңдерін айтатын. Келе-келе ауыл-аймаққа күлкі боп кетті. Бала да, шаға да мазақтайтын, қорлайтын. Бір күні әлгі тентек қолына балта алып, бұлан-талан ашуланып жүр.


— Ау, Молжан, не болды?


— Не болғанын білесіңдер, көресіңдер! Мен енді білдім. Бұл дүниеде теңдік жоқ екен. Мен дүниені теңестіремін. Бәрін бірдей етемін!


— Ие, қайтіп теңейсің?


— Көріңдер де тұрыңдар. Дүниені теңеймін. Оны мына бес саусақтан бастаймын.


— Әй, Молжан, тоқта, алдымен бізге түсіндір, сен дүниені қалай теңемексің? — дейміз күліп.


— Күлмеңдер! Күлмеңдер! Қарап түр, мен дүниені бірдей етемін. Оны мына бес саусақтан бастаймын. Бұл бесеуі неге бірдей емес? Ең аржағы өз қолыңдағы көзіңнің ағы мен қарасындай бес саусағын бірдей емес, басқалар қалай бірдей болады? Мен ең алдымен дүниені теңестіруді өзімнің бес саусағымнан бастаймын.


— Қалай бастамақсың, қолындағы балтаң не?


— Қалайы қалай? Мен ең алдымен мына өзімнің бес саусағымды шауып, бесеуін бірдей етіп теңестіремін. Дүниені теңестіруді осыдан бастаймын.


Біз оған күлдік. Бір жағынан аядық. Болмайды деп түсіндірдік. Сонымен не керек. Молжан өз қолын өзі шаба алмады. Балам, сен енді Молжаншылап жүрме, бес саусақты теңестіре алмайсың. Тек тең еместігін, неге бірдей еместігін ұқсаң бопты...


Әкем жайлы есімде қалғандар осы ғана болар.


Құдайназар шалдың Ханымсайдағы қараша үйінің төрінде жатып түні бойы ойлағаным да осы.


Оныншы өрім


Түні бойы ойладым. Есімде бардың бәрін көз алдымнан өткіздім. Таң алдында әбден шаршап ұйықтадым. Сәске түсте басымды көтерсем, үйде жан жоқ. Бәрі мал ергізіп, ертеңгі шаруаның қамында жүрген көрінді. Шаңырақтан төрге, нақ мен жатқан жастыққа күн нұры түсіп тұр. Киініп сыртқа шықсам Құдайназар шал үйінің жанындағы қызыл қоңыр жартастың басында отыр. Аса үлкен, қызыл мәрмәрдің үстіне орнатқан ескерткіш тақылеттес, көз қырын алысқа тастап, тапжылмастан, қатып қалған. Сыртқа шыққан мені керіп орнынан тұрды. Бойы тым биік боп көрінді. Басы найзадай боп, бойы сорайып, ертеңгі күн оны тым алып етіп көрсетті...


Ол жайлап ылдиға түсті. Алдынан қарсы шықтым.


Жаңа көріскендей, ұйқыдан соң қайта амандастық... Түні бойы ойлаған, түйген жайларымның көбі пышырап, басы бірікпей, быт-шыт боп кеткен. Оны айтуды қойдым. Қайта Найзабастың өзін сөйлетіп қояйын деп іштен қуланып, сұрақты бірден жаудырдым.


— Ал, сіз ғой, сонау он алтыншы жылы Карпат барып, Бірінші дүниежүзілік соғысты көрдіңіз. Одан Әліби Жангелдинге ердіңіз. Революция, Азамат соғысына қатыстыңыз. Оны қойып, кешегі Ұлы Отан соғысына да бастан-аяқ қатыстыңыз. Мұның бәрі үлкен іс, тамаша еңбек. Кім де болса мақтаныш етеді. Одан соң жылқы бағып, қой күзетіп жүр екенсіз. Бұ да жақсы. Өздеріңіз айтасыздар, «жігіт бір сырлы, сегіз қырлы болсын» деп. Ал, бір сырыңыз бар екен делік. Сегіз қырыңыз қайда?


— Ұқтым, бала, сөзіңді ұқтым. Мұның ескі жараның аузын тырнағанмен бірдей. Өйткені заманына лайық бізде де қыр болды. Уақытқа қарай біздің қырды сіздің қыр басып-жаншып, сілікпесін шығарып тастады. Сөйтіп, біздің қырдың қыртысы мүжіліп, қыры сынып, алқа-салқасы шықты. Әр нәрсе өз көзінде екен, бала!


— Сіз, менің сауалымды қалжыңға айналдырып жібердіңіз бе, қалай?


— Бұйырмасын, қалжың емес. Мен білген анау мынау өнер сымақтың кәсіпкерліктің бәрі бұл күнде түк болмай, пайдаға жарамай қалды. Мәселен, мен де сенің әкең тәрізді көкпар шаптым, салымға түстім, доданы, бәйгені қызықтадым. Одан қала берсе ит қосып, тазы жүгірттім. Бүркіт салып, қанжығаны қызыл қанға боядым. Ителгі, қаршыға ұстап, Көкшеқұмда қиқулап, қызыл шағыл жалдарын кездім. Кезінде бұл да жігіттің өнері саналған.


— Бұлардан басқа...


— Бұлардан басқа не болды? Осы ғой, бала, аздап өрімші екенімді айтпасам...


Бұл мүлде менің жадымда жоқ өнер. Содан да болар, шалға сұраулы қарадым. Ол сезе қойды.


Қыздарбектің қызыл беті өрттей шатынап барып, жай ғана лып етіп, сөне қалды. Жоралы да жонды жеріне тигенін сезе қойған Шойынбет сөзден іркілмеді.


— Жамандықпен шыққан атыңды жаңартқан жердегі басынды егіздей өрге сүйреген, Қыздарбек атыңды шығарған қырғыздың қара биесінен туған Қарақұлақ еді, бәйгенің бәрін садақа етіп, жолына құрбан ететін шығар деп артық ойлап, асығыста айтып қалдым! — деп би шал да бұрыла берді.


Сонда Бақтыбай тұрып, Шойынбетке:


— Сөзіңізді әуре етіп не қыласыз, беті қызыл еркекте ұят-ар болмайды. Ұрлықпен болса да, әйтеуір аты шыққанына мәз! — деп еді. — Даңқы шықса болғаны. Соның құлы болады, қолын нәжіске батырып отырғанын байқамайды.


Дегенмен, пенде шіркін, пенделігін істемей қоймайды ғой, Қыздарбектің беті шылп етпей, сол қып-қызыл болған күйі қала берді. Сонда бір байқағаным, сенің әкең әлгі сөзді қызғаныштан, Қарақұлақтың шабысын армандаған адамның ойымен айтқандай боп еді. Кім білсін, арман деген сондай, өрдегі қызыл шағылдан жалт беріп, жонын көрсеткен қызыл түлкідей бұлаң қағып, өте шығатын болар. Ал, мүмкін, шемен боп жүрекке жабысып, өле-өлгенше іште кететін шығар. Мұның бәрі адамның құпиясы.


Әңгіме үстінде Найзабас қамшыны өндіре өріпті. Төрттен үші біткен. Саусағының қимылына көз ілеспейді. Қай таспаны қай жерден қалай ілу, өткізіп алу әбден кекіректе жатталып кетсе керек, шатасу, жаңылыс басу деген жоқ.


— Арман деген осындай нәрсе, жігітім! Басында аз-мұз шәлкес кетсек те, енді түсіне, ұғыса бастадық қой деймін.


Ол сөйлеп отыр. Анда-санда селкеу қалған, іркіс түскен таспаны зорлана тартып, жеңіл ағаш балғаның шүйдесімен жайлап соғып-соғып қояды. Әрбір өрім жымырылып, жымдасып жатады. Жез таңдай өрнек қалыпқа салып құйғандай тізіліп, ұзара түскен.


Он екі өрімді, жез таңдай, сары қамшы өріліп болғанда үйден бір-ақ шықтық. Күн түстікке көтерілген. Маужыраған көктем. Бүгін Ханымсай көкмайсаға бөгіп қапты.


Он бірінші өрім


Найзабастың соңына еріп үйден шықтым. Күн шаңқан тартып, жер-көкке сәулесін мол теге бастаған. Шөп басы мөп-мөлдір шық. Моншақтай жылт-жылт етеді. Көктемнің жайма-шуақ сәнді күні екен. Ханымсай бойы енді бусанып, сағымды бу басып, жотасы көк ала жасыл тартып, сәнді бір желекке бөленген сұлудай шық пен буға оранып маужырап қапты. Махаббат буына балқып, керенау керілген кербез сұлудың кесапатқа толы қылығы тақылеттес құлпыра түсті, көздің құртын жеп, тауын шағып, сары боз сағымға оранып, бұлдырап ойнайды көп, ойнайды. Көзді қауып, жүректі дірілдетеді. Сонау бір кездерде менің әкем Бақтыбай, би Шойынбет, ақын Құлыншақ, Әжең мен Жүніс, Құдияр мен Данияр мынау келе жатқан Найзабас шалдың балалық, жастық, жігіттік, сал-серілік шағын көрген сұлу Ханымсай әлі сол әдемі, сымбатты шағын жоғалтпады. Ал, осы жердің қызыл гүлін таптап, қыз аулына барған менің серілерімнің, аруақтарымның сүйегі әлдеқашан қурап қалған. Мынау маябас, қиқар шал солардың ең соңғы жұраты. Бұл әлі түк көрмегендей куақы, ширақ. Өзіне керек емес нәрселердің өзін білгісі келеді. Төңірегіне сынай, міней қарайды. Оқыған, тоқығаны және бар, шаш қойып, шанаштай тар шалбар киген, кешегі сұрапыл соғысты бастан-аяқ өткізіп, жарты Европаны керзі етігімен жаяу жүріп өткен менің өзімді сынап та, мінеп те қояды. Сауал беріп жауап ала алмай да отыр. Дәмесі таудай. Көкірегіне нан піседі. Кешегі менің жас шағыма шаққанда сендердің көргендерің, білгендерің түк емес дегендей, мін таға қарайды-ау бұл шал. Мен адам танитын болсам, осы маябастың өзі жасында нағыз қиқардың өзі болған. Жасымнан бармаған жерім, баспаған тауым жоқ, деп мақтанады. Кеше, оның жас шағында, мына өңірде ол үшін қызық-тамаша, ойын-күлкі, тіпті бақыт боп көрінген көп нәрселердің енді күн өткенін де онша мойындағысы келмейді.


— Ақсақал, кеше ғана осы аймақта бәйге жасап, көкпар шауып, ой, шіркін-ай, Қыздарбектің Қарақұлағы, Әжеңнің Алаяғы, Құдиярдың Теңбілкөгі, Бақтыбайдың Бурылы деп мақтап, тамаша еттіңіздер. Енді бүгін сіздер оның орнына Шаихтың боз «Волгасы», Берденнің «көк машинасы», Есіркептің «сұр жорғасы», Еңсебайдың «қызыл торы жүйрігі» деп, кімнің «Волгасы», «Москвичі» болса, соны мақтан етіп, тамсана қарап жүрмейсіздер ме? — деп оның бетіне қарадым.


— Ие, сен ат қызығы өтті ғой, демексің бе?


— Әр нәрсе уақытында емес пе?


— Әнеу бір кезде мен де солай ойлағам. Кейін бақсам, ат қызығы, ат желігі, ат тамашасы өз алдына бөлекше ме деп қалдым. Міне, бүгін түсте сонау Бағай бұлақтың басында шопандар тойы болады. Соған барамыз. Сонда өзің де көрерсің. Көкпар, бәйге, салым болмақ.


Менің де ойым жылқыда. Оның ішінде бүгінгі бәйгеде, бәйгеден келген Толыбайдың қара аты жайындағы, «Қарақұлақ, Қарақұлақ» деп шапқан баланың даусы құлағымнан кетпей, соны ойлап келем. Осы бір ойдың жалғасы септі етіп:


— Сонымен, ақсақал, Бақтыбай шалдың Торалаяғының тағдыры не болды? — дедім.


— Нақ осы Ханымсайдың басында күзге салым, жылан шағып өлтірді жануарды.


— Қарақұлақ ше?


— Қарақұлақ жал-құйрығы күзеліп, осы Әдежанның астында жүріп өлді ғой.


Бұдан соң екеуміз де көпке дейін үнсіз қалдық.


Он екінші өрім


Құдайназар шалдың баспанасында, оның өзімен бірге болдым. Бірақ оның маған берген үш сауалының үшеуіне де жауап бере алмадым. Ойлағандарымның бәрі өзімде. Сол ойға алған күйінде іште қалды. Ең жаманы осы болды, Көмейге келіп тірелген сөздің сыртына, соның ат сүйген, ат дүбіріне ұқсаған жүрегіне тартқан екен-ау деп пайымдаймын. Өйткені әкем атты әскер болмаса да, өмір бойы — алпыс үш жылының елу үш жылын, он жасынан бастап атпен өткізген адам. Ол шаппаған көкпар, ол қатыспаған салым бар ма? Ол ат жарысқа, ат сайысқа түспеген толас бар ма еді? Ол қасқыр да қуған, түлкі де шалған, жоқ қарап із де шалған. Атқа мінбедім деген күннің өзінде ол күн сайын атпен екі-үш шақырым шоқытатын, сөйтіп одан қамау тер алатын.


Міне, өздерің де байқап отырған боларсыңдар, елу үш жыл бойы күн сайын атқа шапқан адамның баласының жүрегі қандай болуға тиіс? Менің жүрегім де әке жүрегіндей тулағыш, ойнақы, мазасыз, асау ат тәрізді алып қашпа, ұрма орынды-орынсыз жерде ұрыншақ. Ұзақ сонарға жіберген ат бәйгесіне қалаулы жүйрігін қосып, енді жүрегі лүпілдеп, асығыс та, шыдамсыз да соның ақыр соңын күткен әке жүрегінің ырғағыңдай ырғақ менің кеудемде де бар. Бағын да, талайын да кілең алдан, келер таңнан, шығар күннен күтіп үйренген талапкердің күдікке толы, ойнақшыған жүрегі менің жүрегіме өзінің дүбірі мен дүрсілін қоса қалдырған екен де... Нақ қазір кеудемде бүлкілдеп тынымсыз соғып тұрған өз жұдырығымдай (әр адамның жүрегінің үлкендігі сол адамның жұдырығымен өлшенеді) кішкене жүрек әкемнің жүрегіне ұқсайтынын мен сонда, Балдай қаласында жатқан түнде ұғып едім. Менде көкемнің тынышсыз, асау, ат тұяғының дүрсіліне ұқсаған мазасыз, бас білмеген тайдай ойнақы жүрегі барын білем. Ал ең қиыны Найзабас шал әкеден не алып қалдың деп сауал қойғанда, оның жүрегін алып қалдым, немесе, ол маған өзінің асыл қазынасы, ұлына қалдырған мұрасы деп, жүрегін қалдырып кетті деп айта алмадым.


Ал әділіне жығылып көрейікші! Әкеден бұдан басқа, бұдан асқан қазына-байлық, әйтеуір бір асыл нәрсе алып қалу мүмкін бе еді?


Көкемде ат сайысының білгір бапкеріне лайық жүрек болған да, менде талапкердің, әр нәрседен үміткердің жүрегі неге болмасын. Онда сайыпкердің жүрегі болғанда, менде бәрін келер күннің шуағынан күткен, немесе, бұрын жүрмеген жолмен сапар шеккен салт атты, сабау қамшылы қанталап саяқ жігіттің шелдеп келе жатып көкжиекке еріні кезеріп, өзеурей қарағаны сынды арман оты бар-ды. Бар айырма осы ғана. Әйтпесе, бір ырғақпен, толқынмен, асау соғып тұратын жүрек менде де бар. Ол кейде алдына қара салмай, қос құлағын қайшылап, ұзақтан келген қарақұлақтың дүбірлі шабысына ұқсап, бүлк-бүлк, дүрс-дүрс соғады.


Осыларды ойлағанда, әнеу күні Ханымсай төрінде шопан үйінде, менің көкеме ұқсаған шоқша сақал, еңкіш келген кішкене шалды, Найзабасты енді кездестірер ме едім деп қиялдаймын. Мен оған, Құдайназарға, көкемнің маған не қалдырып кеткенін айтар едім. Асықпай-саспай, баптап қана, әкеге деген баланың мақтанышымен айтар едім. Оған «Көкем маған әзінің жүрегін қалдырған» дер едім. Оның бұған түсінбеуі де кәдік. Онда мен басқаша сөзбен айтамын: «Көке маған шапқан аттың дүбіріне, тұяғының дыбысына ұқсаған, әлгі өзіңіз айтқан Торалаяқ пен Қарақұлақтың шабысына, сол жүйріктер жүрегінің ырғағына ұқсаған әрі тулағыш, әрі ойнақы, әрі мазасыз, әрі ұрыншақ өз жүрегін қалдырып кетті. Бұдан артық ештеңе керек те емес» деп масаттана айтар едім.


* * *


Жолға шықтық. Құдайназар мені машина жолына дейін шығарып салмақ боп, қос ат ерттеген. Жирен қасқа денесі қызып алған соң, аяғында шоры барын да ұмытып, алшақ-алшақ басады. Таудан ылдиға қарай түскенде жаңа күш-қуат пайда боп, бітіп қалған тынысы ашылғандай қолтығы терлеп, денесі бусанған соң, қамшы салғызбай көсіле жүрді. Жирен қасқаның осы бір еркін, алшақтап басқан жүрісіне қарап:


— Құданың құдіреті осы жылқы малы адам мінездес. Кейбір қылықтары айна-қатесі жоқ адам тақылеттес боп тұрады, — деді Құдайназар. Ол жирен қасқа қайта-қайта қарап алды. — Адам да қызық. Бұрын жоғарыда отырып қалған адам кілең төрге қарайды. Кезінде сөйлеп үйренген адам мылжыңға жақын. Айтып қалған ауыздың тыңдаушысы болса да, болмаса да айта бергісі келіп тұрады. «Жеген ауыз жесін», «Ауызы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» деген мақал-мәтел осыдан қалған. Өзін ойлашы, бұрын ішіп-жеп үйренген адам әбден құнығып кетеді де, іше берсем екен, жей берсем екен дейді. Міне, «ашыққаннан құныққан жаман» деген сөз осыдан шыққан. Ал, жылқының осындай адамға ұқсас жері сол — жылқыда, егер ол шауып қалған, шапқанда озып жүрген жылқы болса, кейде өзінің күні өте бастағанын байқамай, тағы да шапсам, тағы да озсам деп желігіп тұрады. Міне, соның айғағы мынау астыңда келе жатқан жирен қасқа. Мұның денесі қызды. Енді шауып кеткісі келіп, шаба қалса озып кеткісі келіп, құтырынып келеді. Қайран көңіл, шіркін кеуде не істетпейсің құлыңа!


Құдайназардың сөз саптауына таң болған адамша, оған тесіле қарадым.


— Таңданба! — деді ол қамшысын жай ғана жебей сілтеп. — Мен білем, көбінесе адам көңілдің, кеуденің, нәсібінің құлы. Мен өзімнің нақ орнымда жүрмін, лайық орынымда тұрмын дейтін пендені табу қиын, бала. Бұл жерде адамның атқа ұқсайтын жерін айтайын. Шап айыл мен төс тартпаны қатты тартып, ауыздықты салып, тізгінді босатып, қамшы көтергенде, ол жүйрік пе немесе тұлпар ма, тіпті болмаса қарабайыр жабы ма, не болса ол болсын, аяғын көтеріп, басын шұлғып, ә дегенде айқайға елігіп шаппайтын қылқұйрық болмайды. Нағыз жүйрік созыла келе, шабу үстінде, ұзағы мен қашығында, аяқ алысына қарай кейін, келе-келе, бара-бара көрінеді емес пе? Адам да осы сипаттас қолына билік, басына бақ, қонғанда, мансапқа жеткенде, «қой, ойбай, мына жұмыс менің қолымнан келмейді» деп айтпайды. Не де болса шабыста, не оза шауып алға шыққанда, не шаң жұтып дүбірдің артында қалғанда бір-ақ көрінеді. Міне, ат та осы. Бәрі жапа-тармағай лап қойғанда ұшқыр мен шыға шаппа бірден көрінеді де, нағыз жүйрік созылма шабыста көрінеді. Жабы болса шоқақтап артта қалады. Мұндайда қамшының ауыр, жеңілі, әдемі-жаманы, оны төпеп ұрғаны себепкер болмайды. Өйткені қамшы деген жүйрікке сүйеу де жебеу, жабыға сабау да білеу. Мұндайда қамшы сеп емес, себеу. Ол ат үстінен уілдеп соққан желді анда-санда зуылдатып кесіп-кесіп түседі де, сол ысқырығымен шапқан атқа күш-қуат береді. Міне, қамшының керегі осында...


— Атқа күш-қуат берсе, адамға қару, жігітке сән болса қамшы нағыз керекті нәрсе ме деймін?


— Дүниеге керексіз нәрсе келген де емес, жасалған да емес. Оны кейін айтам. Ұмыттырма, есіме сал кейін одан да, есімде тұрғанда адам мен аттың тағы бір жақындығын айтайын. Ал халқымыздың өлең-жыр, дастандарын, ертегілерін алып қара. Соның бәрінде ат адамның ең жақын досы, жүрсе, шапса қанаты, ұшса, қонса құйрығы саналады. Қамбардың Қарақасқасы, Тарғынның Тарланы, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Дүлдүлі, Төлегеннің Боз жорғасы, кешегі өткен Ақанның Құлагері ел көкейінде жатталған, құрмет-құдірет тұтқан қылқұйрық, жүйріктер, тұяқты тұлпарлар айшылық жерді аптада алған дүлдүлдер. Халықтың қызығы да мақтанышы. Ел қорғаған батырдың да, қыз сүйген, жар күткен ер жігіттің де, сал-серілік құрған өнерпаздың да әрі серігі, әрі досы, әрі қанаты, қуса жеткізетін қуаты, қосса бәйге алатын қызығы, қашса құтқаратын айласы да осы ат. Тіпті, басқаны былай қойып, елдің жезтаңдай сөз зергерлері Сара мен Біржанның айтысын бір мәрте шолып шық. Екі шешен сөзді жүндей сабап, дүрілдете келіп, өздерін жүйрік атқа теңейді. Құдай-ау, не деуші еді. Ие, Біржан айтады-ау: «Қаз мойын, қамыс құлақ, қара көкпін, тұнықтан жүзіп ішпей қанбайтын»... десе, бірде ол «кең қолтық арғымақпын алқымы іспес»... деп... Енді бірде «жел қабыз, жез тағалы еңіреумін, қаратер шыққан сайын кетем ағып». Сонда Сара да бұдан қалыспай «Сан жүйрік жете алмаған самғағанда» демеп пе еді...


— Аттың мақтауын жеткіздіңіз. Ал, кейбір елдерде аттан түйені, ал енді бірі түйеден сиырды, енді біреулері итті, мысықты жақсы көреді.


— Оны білемін. «Әр елдің заңы басқа, иттері қара қасқа» деген мәтел де осындайдан шыққан. Құдай-ау, сен айттың ба, әлде басқадан естідім бе, қазір есімде жоқ, тіпті кейбір елдер, мәселен, прансоз елі дей ме, әйтеуір бір ел адамдарды өрттен құтқарған бір итке алтыннан дей ме, күмістен дей ме, әйтеуір жақсылап ескерткіш қойған дейді.


— Ондай ескерткіштің бары рас. Ескі грек, рим, араб елінде аттың неше түрлі мүсіндерін алтыннан құйып жасаған. Венгрияда қасқырға, Индияда сиырға, Африкада түйеге қойылған атақты ескерткіштер бар.


— Ондай болғанда, мынау теріскейде Қарақұлаққа біз неге бір ескерткіш қоймаймыз? — деді де, «бұған сен не дейсің» деген адамша маған күле қарады. Екі жарым күн бірге жүріп, оның күлгенін көргенім осы Ашаң жүзінің терісі тек езуі мен көзінің төңірегіне келіп жиналған бет-ауызы әжімденіп кетті. Бірақ, көзі сығырайып, жанып тұр.


— Қарақұлаққа дейсіз бе?


— Жоқ ә, әйтеуір сол сияқты жылқы тұқымына дегенім ғой.


— Әлгі ескерткіштегі сурет Қарақұлақтың суреті сұлу, сымбатты, әдемі болсын дейсіз-ау, шамасы.


— Дұп-дұрыс. Мынау Қарақұлақ демей-ақ сұлу аттың суретін салса, біздің теріскейдің жылқы сүйген дос, қанат, пір тұтқан елдің салтын көрсетіп тұрар еді-ау деймін.


Мен үндемедім. Құдайназар біраз күтті. Ақыры болмаған соң қайтадан өзі сөйлеп кетті.


— Өткен жылы Алматыда оқып жатқан немеремді, тұңғыш немеремді көрейін деп, сонда бардым. Шымкенттен машинаға мініп, Қырғызстан арқылы жүрдім. Машина жолы тым ұзақ екен. Сондағы айтайын дегенім, тас жолдың бойында, әр жерден ай мүйізді арқардың, ақиық бүркіттің жез киіктің, тауешкілердің суреттері көрінеді. Бұлардың бәрі жақсы-ақ. Ал, біздің жеріміздің, еліміздің көркі, өткені, тарихи жабайы аңдар мен қанатты құстар ғана емес, оның сұлу қызы, көркем жігіті, жүйрік аты, аруанасы, шопанатасы, зеңгібабасы, ойсылқарасы, қой бастаған алшақ мүйіз серкесі болған. Бұларды да ескерсе деймін ғой. Бәрін айт та, бірін айт — жылқыны. Абай мақтаған «жүрісі тымақты алшы кигізетін» міністі, жүрісті, шапқыш атты айтсайшы.


Автобус жақындап қалды. Мен соған қарадым. Құдайназар маған қарады.


— Ал, бала, жолың болсын! — деп Құдайназар таспа тіліп, тарамыс тартып, қамшы өріп әбден шыныққан етсіз ашаң қолын маған ұсына берді. — Жолың болсын, сөге жамандамай жүргейсің!


— «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» дегенді алдымен айтқан сіздер. Біз бір күн емес, екі жарым күн дәмдес-тұздас болдық. Бәрі есімде. Сау боп тұрыңыз! — деп Құдайназар шалдың қолын қайта-қайта қысып, машинаға асығыс отырдым.


Машина Қаратаудың жонын бетке алып, тас жолмен зырғып барады. Терезеден қарадым. Құлан түстес сүр байталға өзі мініп, шораяқ жирен қасқаны салт жетектеп өрімші Найзабас шал Аққолтыққа қарай кетіп барады екен.


Арамыз қашықтай түсті. Теріскей елінің соңғы өрімшісі даланың соңғы серілері тәрізді қосағына салт ат алып, ұзай берді, ұзай берді.


1970-1973 жыл


Алматы — Шолақ





Пікір жазу