Кентау
Роман
I
Бұл 1945 жылдың көктемі. Совет Армиясы бар майданда жеңіске жетіп жатқан шақ. Жеңістің алтын күрегі соғуға жақын. Мұнымен бірге осы шақтың елге жетіп жатқан ең қатал өкімінің бірі қара қағаз. Қамбарбектің үйіне сол қағаз келіпті. Жаппарқұлдан қалған көнетоз қара шаңырақтың несі болар деп үміт еткен, жар тұтқан жалғыз ұл қан майданда ерлікпен қаза тауыпты. Міне бүгім үш күн бойы Хантағы шоқысының алқымдағы тауға жақын жатаған ғана кесек үйдің әбден ыстанған қожалақ-қожалақ қара мұржасынан түтін шықпай қалды. Өмірде қайыспастай көрінген қаншырдай қара әйел бүк түсті, ұзақ жолда нар жүгін көтерген боз інгендей кілт шөккен, оқыс қулаған. Оқтын-оқтын өксіп, ет жүрегі езіле, кәрі қабырғасы сөгіле жылады. Көңіл айта келген көрші-қолаңды көкіректен шымырлап ащы үнмен, кәдімгідей дауыс сап қарсы алды.
— Қыршынынан қиылған боздағым ай! — деп еңірегенде тыңдаушының құйқа тамырын шымырлатқан. Бұдан басқа сөз аузына да түспеді.
Ана даусы ащы да мұңды еді. Келушілердің сай сүйегін сырқыратып, әркімді ақ өз қайғысының тұңғиық зарына ортақ етті, жұдырықтай беймаза жүректі ыстық қан басты. Алғашқы келген топ не айтарын білмей ақтарылып тұрып қалды. Ана дауысы сабыр таппады. Бірде төмендеп, бірде жоғарылап өксікті өксік басты, жылан аузына түсер болған балапандарын қорғаған бозторғайдай бебеу қағып, безілдеп тұрып алды. «Қой, Хадиша, жетер, сабыр ет» деуге ешкімнің дәрмені жетпей, мысы құрып таусылған. Өйткені ана дауысы шерлі де шемен. «Жалғызым, Бекзатым!» дегеннен басқа сөзі жоқ, жоқтауға бергісіз мұңы бар жарықшақ та қайғылы дауысты ешкім батылы жетіп, дәті шыдап үзе алмаған.
Хадиша кескінді ғана емес, ақылды да адам еді. Шаптықпа оқыс мінезі жоқ, жетесі мол, сабырлы болатын.
Бірақ, бұл жолы ол, мынадай қайғыда өзін-өзі тежей алмаған. Мынау жарық дүниеге не бәрі екі перзент — бір ұл, бір қыз әкеп, соны да місе тұтып тоқтаған ана, қызын жатқа санап, баланы «жалғызым» деп өсірді. Сол жалғыз қазір жарық дүниеде жоқ деп отыр. Бұған ана жүрегі қалай шыдар? Бел тұтып, медеу етер, медет қылар кім қалды, не қалды? Ана айта алмаса да көкейіне осыны түйген. Дәтке қуат, жанға медеу еткен, шаңырақ иесі, түтіп саларым деп жиырма жыл әлдилеген өрімталдай солқылдақ, қабырғасы енді қатып, бұғанасы жаңа бекіп келе жатқан боздақтың суық хабары аланы есінен тандырып, сең соққан жайындай есеңгіретіп тастаған. Ол көңіл айтушылармен көрісуге де шамасы келмей, кесек үйдің суық қабырғасын екі қолымен бірдей тіреп, кеудесін көтере алмай, белі шойырылып, бүйірін таянып титықтап отыр.
Алғашқы келгендердің басу сөз айтары Дәулен еді. Шүңірек көз, ат жақты, ақ сұр кісі. Қылыштай қыр мұрны сол жағына қарай қисайып тұратын. Ол Қамбарбекпен әшейін жамағайынның бірі емес, немерелес. Ол үйден өз туысын көре алмай, жападан-жалғыз зарлап отырған жеңгесін көріп, ие істерін білмей сасып та қалды. Әлден уақта барып ол өзі есін жаңа жиғандай боп:
— Хадиша, ау, Хадиша! Басыңды көтер, басыңды. Орныңнан тұр, мына көршілерін келіп тұр! Көріселік те... Қудай қылған іске амал бар ма?
Оның дауысы қалтырап әрең шықты. Сәл тұрып сөзін қайталап айтты. Бірақ, бір-екі рет ұмсынғанмен Хадиша орнынан тұра алмады. Буындары дірілдеп, еңсесі түсіп кеткен екен. Дәулен оны қолтығынан сүйел тұрғызды. Көршілер жағалай керісіп жатты. Дауыстар ұласып кетті. Зар шашқан жалғыз дауысқа көп дауыс үн қосты. Кішкене үйдің іші ащы мұңға толды.
— Бөлме, Дәулен, жыласын, шерін төксін! — деп қалды көптен біреу, — өксіктің іште қалғанынан сыртқа шыққаны артық.
Жұрт тізе бүгіп отырған кезде Дәулен жеңгесіне осы келген көршілер атынан көңіл айтты. Соңында:
— Хадиша, өлмек артынан өлмек жоқ. Алланың әміріне қарсылық тағы жоқ. Бірдің емес, көптің басына түскен зілзала ғой бұл. Сабыр қыл, Бекзатжанның топырағы торқа болсын! Ел үшін, туған жер үшін, халық үшін бас тіккен азаматтық өлім ғой бұл! — деді. — Сабыр да сабыр...
Туыс деген қиын ғой, дауысы дірілдеп, көмейіне жас тығылып, сөзінің аяғын айта алмай тоқтады Дәулен.
Зар сазы бәсең тартты. Осы шақта Дәулен Хадишадан Қамбарбекті сұрады.
— Білмедім. Сүлдесін сүйретіп шығып еді, әлгінде... Қайбір жетісіп жүр дейсің. Не істерін білмей, басы мәңгіріп қалды ғой бейбақтың!
Дәуленнің жүрегі дір етіп, іші мұздап кетті. «Апыр-ай, оқыс мінезді, ожар жан еді, өзіне-өзі бір пәле істеп жүрмесе қайтсын?» деп ойлады да орнында тағат тауып отыра алмады. Бірақ, Хадишаны, оны қоршай отырған көпті тастап кетуді әдепсіздік санады.
Бұл кезде Қамбарбек Хантағының Құсшы ата жағындағы мал ұстап отырған бес-алты үйлі ауылға қарай кетіп бара жатқан-ды. Мұнда оның анда-санда мінетін өзінің меншікті аты тұратын. «Бекзатжанның теңбіл көгі» деп атайтын.
Басы ың-дың, іші әлем-жәлем боп, осы ауылға қалай жеткенін де білмей қалды. Толық келген, етжеңді, дөңгелек жүзінде емге әжімі жоқ, қызыл күрең өңі бұрынғыдан да қара қошқыл тартып, түнеріп кеткен. Өткір қара көзінің төңірегі жасаурап, қызарып тұр. Толықтығына қарамай жұмыр да жинақы біткен сом денесі қатып қалған қара тас сияқты бүлк етер емес. Тек шапшаң қолдары ербеңдеп, келген бойда теңбіл көк атты асығыс ерттей бастады. Мұның келгенін бұл ауылдағылар байқаған да жоқ.
Қамбарбек атты шешіп қорадан шығарды да үстіне қарғып мінді. Қайда баратынын өзі де білместен кішкене көк жотаны бойлап, Түркістанға қарай шаба жөнелді. Ағызып келеді. Қайда келгенін, қайда баратынын байқаған да, бағдарлаған да жоқ. Төмен қарап, аттың су-су еткен көк селеудей жалпылдаған жалына қарап, ешбір ойсыз тарта берді. Бір ретте оң жағына көзі түсіп кетіп еді, Құсшы атаның шоқ талының тұсынан етіп барады екен. Аттың бойы жіпсіген сайын құлашын кең тастап, шабысын үдете түсті. Тізгінді тартқан жоқ. Көктемнің қоңыр желімен жарысқандай суырылып көсілді көп жануар, көсілді ай! Көптен бері байлауда тұрып, арпа мен жоңышқа жеп, әбден ширығып қалған екен, шабысты аңсағандай, бір-екі рет қатты осқырынып алған соң бұрынғыдан да көсіле түсті. Ескен желдей аңқылдап жосыды ай көп жануар!
Көзінің төңірегі қанталап, қара күрең өңіне қан жүгіріп, әлгі бір кезде әбден құрыстап қалған денесі жадырағандай болды. Әсіресе, суық хабарды алғашқы естігеннен бері соқпай қалғандай түйіліп жатқан жүрегіне бүлкілдеп, жаңа ғана жан біткендей еді.
Қамбарбек қатал, мінезі тік, бір бет адам. Оны сонау жас кезінен-ақ жақын жеңгелері, құрбылары «тасбауыр», «без бүйрек», «қара тас» атаған. Кейде өзіне-өзі де таң болады. Өйткені есін білгелі бері көзіне жас алған емес. Қандай қатал ұрыс, сөгіс, төбелес болса да, біреулер боздап жылап жатса да, қара тастай қасқайып, безереді де тұрады. Міне, сол бір дағдысына басып, жалғыз баласының жаман атын естігенде де безеріп қалды. Хадиша дауыс салып, еңірей бастаған сайын, ол қатая, қасара түсті. Қатая қатая келіп, жынданып кетердей ширығып алды. Бойды дел-сал қылған осы бір ширығудың құрысын жазбақ болғандай аты тұрған ауылға далбасамен асыға көп еді. Ол ойы дұрысқа шықты. Жыламаса да ат шабысынан көзі жасаурап, байланған тілі, ештеңеге парық беруден қалған ойы қайтадан бұрынғы қалыпқа келді. Ол аршындай түскен аттың суылдаған жалынын қолымен ақырын сипады: «Сорлы көк, сорлы көк, сен де сорлы, мен де сорлы, екі сорлы, мына кең далада, жападан-жалғыз қай жетіскенімізден шапқылап келеміз! Әсіресе, сен сорлы. Сен сорлы болмасаң, мен сияқты жалғыздан бөтен жаппар етері жоқ, жалғыздан өңге медеу тұтары жоқ адамға ат болар ма едің? Сен сорлы болмасаң менің, тақымыма нақ осындай күндері, су орнына қан жұтқан қаралы күнімде тап болар ма едің?»
Ат едәуір алқынып қалды. Жалының асты ақ көбіктеніп кетті. Сонда да ат басын тартпады. Тек Ораңғайдан өте беріп, келген ізімен Хантағыға қарай, жотаны өрлеп қайта салды. Ойын үзген жоқ. «Соры бар мал, соры бар адамға тап болады. Сен сорлысың. Сенің сорлы болатын себебін сенің иең сорлы. Мен сорлымын. Ал енді сорыңның біразын төк, сыртқа шығар, шер тарқат!»
Сабынға салғандай ақ көбік болған аттың шоқтығына етжеңді қалың алақанымен соғып, шапақтап қойды. Ол есіне, 1944 жылдың жазында, он тоғызға енді ғана толғалы отырған жалғыз ұлын қалай шығарып салғанын түсірді. Сонда ол батысқа қарай кетіп бара жатқан эшелонның соңынан ұзақ қарап тұрып, әр нәрсені ақ ойлап еді. Оған неше түрлі жаман ойлар да келген. «Жаппарқұлдан қалған қара шаңырақтың енді қайтып илаға жарамастай боп, қаусаған жері осы ма? Осымен бітті ме екен, жоқ әлде Бекзатым аман-сау қайта орал ар ма екен? Кім білсін, кім біледі? «Жалғызым» деп айтуға аузы бармай, өз сөзінен өзі үркіп, «осымен бітті ме екен?» деген сөзін де артық керіп, — асылық айттым, мылтым бар! Қайтып алдым. Жақсы сөз жарым ырыс деген емес пе! Бітпеген шығар. Асығысым, асылығым болғай. Қайтып алдым. Жаппарқұл шалдың қара шаңырағының түтінін түтетіп отырғанда бір келсе, келгенін көзім көрсе болды. Бұдан басқа арманым да, тілегім де жоқ. Өйткені, онсыз, Бекзатсыз менің, қалған өмірімде не мән, не сән бар дейсің? О, тоба, тоба қылдым, сапарын он. болсын, Бекзатжан! Ең болмаса туған үйдің түтінін иіскеп өлуге жазсын саған. Ал маған ше, маған сенің жаман атыңды естіртпесін! Барым осы! Бұдан басқа тілегім де, сұрауым да жоқ».
Қызыл поезд батысқа бет алып, көзден ұзап, көңілге бұлдырап қалған кезде Қамбарбектің айтқаны да, ойлағаны да, тілегі де осы болып еді.
Міне енді сол үміт, сол тілектің күл-талқаны шықты. Кезерген көнтек ернін ішіне қарай жымыра тістеп, атына қамшыны басып-басып алды. Теңбіл көк бойындағы соңғы күшін жинағандай ышқына шапты.
Жел таудан, қарсы алдынан екен. Оның қатулы қатқыл жүзін көктемнің майда желі қақты. Екі-үш мәрте күрсініп алды да, ойын жалғай түсті. «Мен сорлымын. Сенен де өткен сорлымын. Жалғызбын. Қамшы ұстар, түтін түтетерім жоқ. Жаппарқұлдың ұрпағы осымен бітті. Қара шаңырақ қаңыраған, иесіз қалған. Қазір оның ішінде Хадишадай тірі өлік, мендей қуыс сүлде отыр. Жаппарқұлдан көп боп туып, жан-жағымды жылан жалағандай жайпап шығып, жалғыз қалып едім. Жалғызға жалғыз бала тиіп еді. Енді о да жоқ. Өмір бойы тілегенім, сұрағаным қайда? Осы бала дүниеге келгенде емес пе еді, мынау бір ауыз өлеңді аяттай жаттап алғаным:
Басында емен ағаш жапырағы,
Жалғыздың шашылмаған топырағы.
Екеудің бірі өлсе қалар бірі,
Жалғыздың өзі кетсе соры дағы!
Өмір бойы осыны айттым. Бұл менің аятым да намазым. Бар тілегім тек осы ғана еді. Соны да бермеді. Енді не қалды. Ештеңе де қалған жоқ...»
Оның ойы да өзінің көп жылғы тілегі тәрізді кенет үзілді. Хантағының қара шоқысының алқымына таяна бергенде табанына тас тиді ме, кім білсін, ат қатты сүрінді. Қамбарбек ұшып кете жаздап, тақымын қатты қысып қалды да, бір қолымен шоқтыққа сүйенді. Ат омақасып барды да, еңсесін тез көтеріп алды.
Адам көп. Үй іші ыстық. Дауыстар басылды. Қайтадан толастады. Хадиша талықсып, шаршапты. Үні шықпайды.
Көңіл айтудан кейін біразға дейін үй іші жым-жырт боп тұна түсті. Осы үнсіздікті бұзған Қамбарбектің өзі болды. Үш күн, үш түн ләм деп аузын ашпаған ол бұ да бір шер төгерім болсын дегендей, мұңы аз, арызы жоқ қалыс дауыспен сөйледі. Бірақ, не керек, өзін-өзі мықты көрсеткісі келгенмен даусынан да, ажар пішінінен де өкініші мол жанның ыстық лебі есіп-ақ тұрған-ды. Көзі мұнартып, дауысы қамыстай дірілдеп шықты.
— Сонау, әлгі жиырма сегізінші жылдың күзінде, мынау әлгі Созақ үстіндегі екі көзі жоқ, өзі өз Дайырбек деген соқыр шалдың малын жарлы жалшы, кедей көпшікке үлестіріп берді. Малдың аты мал екен, әркімнің айдауы мен жетегінде кете берді. Ал, Дайырбектің қасқыр түстес көк қасқа төбеттері ешкімнің асырауына көнбей. шақыруына бармай, әрқайсысы Мойынқұмның бір төбесіне шығып ап, ұлып-ұлып өлгенін көзімен көргенмін. Қатты айтты ғой, қатал екен, өзін-өзі аямайды екен демеңдер, анау Алматыда оқып жүрген Нұрбиді қоспағанда біз Хадиша екеуміз нақ сол Дайырбектің иттері сияқты боп ұлып қалдық...
Осы шақта ол әке сөзін, жастау кезінде әкесі Жаппарқұлдан естіген сөзін еске алды. Оны да айтқысы келді: ол айтатын, тағдыр деген қиын да қатал, ол алам деп бәрін алады. Бірақ әр адамның өле-өлгенше ешкімге бермейтін бір-ақ қасиеті бар, ол — ар. Бұдан басқаны бермеймін деп таласпа тағдырмен деген. Ділмарси бергісі келмей, осыған келгенде бөгелген.
Ол жаңа ғана жолда түскен, ойын басқашалау етіп айтқан, өзін-өзі бекіте түсетін осы сөздей-ақ ешбір риясыз қаталдықпен айтты. Мұны біреу ұқты, біреу ұқпады. Бірақ, үй ішін үнсіздік, жанды жеп, жүйкені үзер сұрқай үнсіздік қайта басты.
II
Нақ осы күні Ащысай, Хантағы, Мырғалымсай, Байжансай шахта бастықтары мен партия ұйымы секретарьларының үлкен кенесі болып жатты. Онда СССР-дің Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің хаты талқыланды. Хатта ең алдымен Совет Армиясының өткен қыс пен үстіміздегі көктемдегі қол жеткен табыстарына шолу жасалған. Жаудың бағы қайтып, күні бата бастаған. Совет Армиясы бар майданда жеңіске жеткен, үздіксіз алға басып барады. Міне, Армияның осы табысын баянды етіп, түпкілікті жеңіске жету үшін майданға тылдың зор көмегі керек. Көмектің ең үлкені — оқ-дәрі. Майданға баратын әрбір екі оқтың бірін Ащысай комбинаты береді. Міне, сол оқты екі, үш есе көбейту керек! Ол оқ қайдан алынады? Ол қазақ тауларының қара шаңырағы тәрізді ежелгі Қаратаудан, соның қыртысынан алынған қызыл күрең топырақтан шығады.
Кен қазбаларын молайтуға бағытталған ұсыныстар көп айтылды. Сонымен өнімді екі есе көбейтеміз деген ұсыныс қабыл алынды.
— Осы ғой, майданда жауынгерлік міндетті орындаудың үлгісін ең алдымен командирлер, оның ішінде кіші командирлер көрсетеді. Бізде, өндірісте неге олай емес. Біздегі бригадирлердің көбі нормасын жай шахтерден кем орындамайды. Оған біз әбден көнбіс боп кеткенбіз. Бригадирлердің бәрін озықтардан қойып, қане соған, бригадирге теңеліңдер деген ұранды неге тастамаймыз. Мәселен біз Қамбарбек Жаппарқұловты бригадир жасасақ, басқалар оған теңелсе жоспар екі есе емес, үш есеге жуық орындалады. Әрине, бұл ой, үміт қана. Кім біледі? Үміт ақталар да...
— Онда мен көрсеткіштеріне қарап, үздік адамдардың өз алдына бір тізімін жасайын.
— Жасау керек. Ең алдымен Жаппарқұловты жаз!
— Ол өзі бүгін шахтада жоқ дейді.
— Қалайша жоқ, неге жоқ?
— Білмедім.
— Енді кім біледі? Ауырып қалған болар. Үйіне адам жіберіп біл! Ойбай-ау, балшықтан адам жасайтын шақта, ондай кеншінің бір күн жоқ, болуы орасан нұқсан ғой.
— Дұрыс ақ. Ондай адамның жұмыста бір күн болмауы күндердің күнінде майдандағы бір взводқа ататын бір күндік оқ жетпей қалады деген сөз.
— Жолдас хатшы, осы сөзіңді ұмытпа! Бұл ертең кеңесте айтылатын ақылды сөздің бірі.
Александр Левченко шын ықыласымен айтты. Кеңес таңертең басталды. Онда Қамбарбек болған жоқ. Шахта басқармасының бастығы мен партия ұйымының хатшысы үйіне кіріп көңіл айтқан соң, екі күнге рұқсат беріп кеткен. Кеңеске келмегені болмаса, қабырғасын қайыстырып, Хадишаның қасында отыра бергенше, жұмыспен айналысып сергу, қайғыны бір сәт болса да ұмытуды ойлап, ол шахтаға кеткен.
III
Кешегі атқа шапқаннан ауырып та, ауырлап та қалған денесіне қарамай Қамбарбек шахтаға қатулы көп түсті. Ол қатуланса қиын, бұрынғысынан да қайратты боп кетеді. Бұл жолы да ол адымдай басып, алға шықты да, бұрғыны қолына ап, артында тұрған жолдастарына қарады. «Ал, мен кеттім» дегендей, бұрғыны қос қолдап, қабырғаға әкеп тіреді. Ол қасындағыларға қайта қарады. Бәрі де әзірленіп жатыр екен. Мұның бәрі оған тым шабан көрінді. Күткен жоқ.
Тас араласқан, жосадай қызыл күрең жыныстар омырылып түсе бастады. Кейбір жерлері қолдан құйып, жыныстан тастағандай қатты екен, бұрғы тесіп терең енгенмен қуламайды да үгілмейді. Бұрғы орны тасты тескендей дөңгеленіп қала берді. Ондайда кенші бұрғыны суырып ап, бүйрегінен қайта салады.
Маңдайы тершіп сала берді. Қолындағы бұрғы мен алдындағы қызыл қабырғадан басқа дүниені есінен шығарып, дамылсыз қимылдады. Төңірегінде не болып жатқанына зер салған жоқ. Қарай-қарай көзі қанған үйреншікті өмір, шахта ішінің өмірі оның көңілін бөле алмады. Осы бір шыдамдылық, ыждағат оның ес білгелі өмірінің діңгегі. Осы діңгек қазықтай берік қағылған. Бір үйге қонаққа бара қалғанда есіктен кірген бойда малдасын құрып жайғаса отырады да, қашан кеткенше, мейлі қанша уақыт өтсін, селт етіп қозғалмай, отырысын өзгертіп, олай-бұлай қисаймай, қимылдамай кетеді. Мұнысына өзі таңданбайды. Кейде онысын сезбей де қалады.
Ол өзінің қанша уақыт істегенін, қанша кен қазғанын бүгін де сезген жоқ. Бар болғаны екі-үш рет маңдай терін сипап тастағаны бар. Жанды қинап, алас ұрмай-ақ, талмай, үздіксіз істеген еңбектің рақатын Қамбарбек бұрыннан біледі. Дегенмен, бүгін, жүрегін шор басып жүрген шақта оның қуатын, құдіретін ерекше сезді. Содан да ол дем алмады, қопара берді, бүйректі ойын басқалардан алыс кетті. Онысын білген жоқ. Әлден уақта Дәуленнің:
— Қамбарбек ау, шаршаған шығарсың, дем алсаңшы! — деген күңгірлеген дауысын естіді. Бірақ, кімнің даусы екеніне мән берген жоқ. Ішінен: «дем алатын кісіні тапқан екенсің» — дегендей, бұрғыны тұтасқан қызыл қабырғаның тағы бір тың жеріне сүңгіте берді.
Қазылған руда вагонеткаға тиеліп, зырылдап сыртқа кетін жатыр. Әшейінде вагон санап жататын Қамбарбектің бүгін онымен де ісі болмады. Шахта іші әдеттегіден де ысып кеткен сияқты. Ол маңдайдан моншақтап аққан терін сыпырып тастап, жар қабақты қопара түсті.
— Ау, Қамбарбек, жетеді енді, жетеді. Кезек бер бізге! — деп иығына қолын салған шахтерге қараса, екінші сменаның адамы екен.
— Ерте келдіңдер ғой.
— Ерте емес, дәл уақытында келдік, Қамбарбек!
— Алты сағат өтіп те кетті ме?
— Өткенін білмей қалдың ба?
Қамбарбек жауап берген жоқ. Бұрылып есікке, сыртқа шығатын жаққа беттеді. Сыртқа шыққанда есепші оның бетіне қарап:
— Қамбарбек аға, сізді құттықтаймын! — деп оған қолын созды.
Ол қолын күле созған баланың бетіне бажырая қарады да:
— Пәтшағар, құттықтайтын кезді, құттықтайтын адамды тапқан екенсің! — деді де, бұрылып жүре берді.
Есепші аң-таң. Бұған не болған? Жайдары еді ғой. Бүгінгі табысын айтайын деп едім. Мейлі. Ертең білер. Әлде біреумен ұрсысып, шахтадан ренжіп шықты ма екен?
Ойда тұрған баланың қасынан ете берген екінші шахтер:
— Бала, анау сом қара бүгін қалай сілтеді? — деді.
— Сілтегені қалай?
— Норманы ше?
— Ә, соны айтасың ба? Тым қатты кетті.
— Бәсе ау, қимылы бөлек еді.
— Өзі бір түрлі ашулы ғой! — деді есепші бала.
— Ашулы емес, қаралы. Майданда баласы өлген. Жұмысты жаудан кегін алып жатқандай жапыра істейді ау, бишара!
— Не дедің, аға, баласы өлген дедіңіз бе?
— Иә.
— Жалғыз еді-ау, ә?
— Бір бала, бір қыз.
— Ұлы жалғыз дегенім ғой. Бізден төрт класс жоғары оқып еді. Жақсы бала. Аты Бекзат.
— Енді айтып не, айтпай не? — деді де шахтер үйіне қарай бұрыла берді.
Қамбарбек маң-маң басып, алыстай берді. Шаршағанын енді сезді. Әсіресе екі иығы удай ашып, қолы жансызданып, салақтап қалған. Мойыны қарысып қалғандай, бұрылмайды, басын көтере алмай келеді. Қолын көтермей, сілкіп-сілкіп қалды. Ештеңе ойламауға бел байлағанмен жауырыны сыздап маза бермеді. «Ештеңе де емес, мен көрген құқай, мен көрген еңбек салмағы осы ғана ма екен? Сыздасын. Жүрегіме қосылып бүтін тұла бойым сыздасын Менің жаным кімнен артық? Майданда оққа ұшып, танкке езіліп, зеңбірек добынан күл-талқаны шығып жатқан азаматтардың, жас боздақтардың жанынан артық па? Басқасын былай қойғанда қара тұтқан, үміт еткен жалғыз баламның жанынан артық па?..»
Ол үйіне жеткенін, алдынан Ақтөс күшік еркелеп шыққанда бір-ақ білді.
IV
Левченко мен Жаппарқұлов шахта алдында, смена ауысар алдында ұзақ сөйлесті.
— Мен сіздің қазіргі жағдайыңызды жақсы түсінемін. Бірақ, оны жеңілдете қоятын күш қазір ешкімнің қолында жоқ. Бұл ғаламат кімнің басына туспеді дегеннің өзінде сізге аса ауыр екенін де білем. Заман мен уақыт өкімі осылай.
Қамбарбек жай ғана басын изеді. Әлдене айтпақ боп оқталып еді, Александр Терентьевич оны байқамады да, сөзін жалғай берді:
— Сіз балаңызды армияға жөнелткен бойда Түркістан аудандық соғыс комиссариатына арыз беріп, майданға жіберуді өтіндіңіз. Олар жібермек боп жатқанда біз қарсылық білдіріп, Отан Қорғау комитетіне дейін хат жазып, өтініш айттық. Сізді ғана емес, тәжірибесі мол, байырғы шахтерлердің бәрін қалдыруды сұрадық. Өйткені біздің өндірісіміз Отан қорғау мәселесімен тікелей байланысы бар, аса маңызды өндіріс. Жауды құр қолмен соғуға, немесе таспен, таяқпен ұруға болмайтынын кім білмейді. Сіз мына бір нәрсені жақсылап ұқсаңыз, бәрін түсінесіз...
— Оның, не еді тағы да?
Александр Терентьевич Қамбарбекке қарап, миықтай күлді.
— Дәл санын айта алмаймын. Бірақ осы Ұлы Отан соғысының сонау Солтүстік теңізден бастап Қара теңізге дейін созылған зор майданында атылып жатқан екі оқтың, бірі осы Қаратаудың топырағынан алынып жатқанына күмәнім жоқ. Бұл не деген сөз? Бұл Қаратаудың асты екінші майдан деген сөз. Бір майданды тастап, екінші майданға өз бетімен кете беретін солдат болмайды. Ондай солдатты патриот демей, дезертир дейді. Мен сізді оған қимаймын.
— Ау, Александр Терентьевич, не деп кеттің түсінбей қалдым?
— Сіз бәрін түсініп отырсыз.
— Бұйырмасын, түгіне...
— Сіз балаңыздың хабарын естіген күні атпен Түркістан барып, соғыс комиссариатына тағы да арыз беріп қайтыпсыз. Бізге адам, күш керек. Тастан, балшықтан адам жасай алмай жатқан кезде оныңызға жол болсын?
— Оны кім айтты?
— Естідік. Кім айтқанында емес мәселе.
— Александр Терентьевич, сен кімнен естігеніңді айтсаң, мен де шынымды айтамын, — деп Қамбарбек езу тартты.
— Арыз бердің бе, жоқ па, оны анық білмейді. Бірақ, ат сабылтып барып қайтқаныңыз рас па? Рас... Мұны маған шахтер Досаев жолдас айтты.
— Атпен Оранғайға дейін барып қайтқаным рас. Түркістанға барғаным жоқ. Басында бір сәті түспеген соң, екінші қайтып көнбес деп жүрмін. Оның тағы да мүмкіндігі болса, ойланатын жайды өзің айттың... Бар шыным осы.
— Ойланбай-ақ қой. Біз бәрібір ешкімді де жібере алмаймыз. Ол майдан, бұл майдан — бір майдан.
— Маған бәрі бір емес.
— Неге бір болмайды?
— Біздің бір аталарымыз айтатын, артында қарайлайтын ботасы жоқ түйені Қаратаудың күнгей беті мен теріскей бетінде ұстау бірдей емес. Қай жағында жантақ көп болса сол жағына жайған жөн дейтін. Сонда-ақ артында ізбасары жоқ, мен сияқты пенденің шахта астында, немесе, пенсияға шығып, әбден қартайып өлгенінен гөрі қан майданда жаумен айқасып мерт болғаны артық емес пе? Мен бейбақ, бір жағынан осыны ойлап тұрған жайым бар...
Александр Терентьевич күлейін деп еді, күле алмады. Астыңғы ерні жыбыр етіп, төмен қарады. Қарапайым жұмысшы сөзі оны ойға қалдырды.
— Философ екенсің. Бірақ, сенімен ой салыстырып тұруға уақыт аз. Майданда сенің кегіңді он есе, жүз есе қайтара алатын ер жігіттер жүр. Қайта соларға қол ұшын берген артық. Қазіргі заманғы кек алу жолдары көзсіздікті көтермейді. Ал бұдан қалса, өзің айтқандай, мына тула бойы толған кен боп кеткен таудың бар байлығын Отанға, оның игілігіне берген жөн. Бұл да майдан.
— Пилосоп дегенің адамның аты ма өзі, қалай? Маған сенің өзің де Пилосоптап тұрған сияқтысың ау?
— Солай боп кетті, — деп жымиды. Өйткені ол Қамбарбек бетінен бір жылылық нышанын байқады. Онысы «біз енді ұғыстық» деп тұрғандай көрінген. — Кеше біз жаңа бригада құрдық. Оған өзіңді басшы еттік.
— Ондайың тағы бар ма еді? Жиырма жылдан соң үлкейтейін деген екенсің де...
Бұл екеуі әңгімесін аяқтап үлгермеді. Қолтығында бір бума қағазы бар хатшы келді. Ентігін баса алмай тұр.
— Дәулен Досаевтың бір жүз елу тоғыз процент орындағаны жайлы плакатты суретімен бітіріп буып-түйіп, енді шығайын деп жатсам, ойбай, не айтасың, бұл рекорд болмай қалды, кеше күндігін шахтер Қамбарбек Жаппарқұлов екі жүз процент орындады деп кеңседен телефон соқпасы бар ма? Жұмыс басынан кетпей отырып, екінші плакат жасаттым! — деп ол қолтығындағы қағаздарын алды.
Плакатты жайып көрсетті де, алдымен Дәулен Досаев жайындағыны оқыды.
«Неміс фашист басқыншыларына өлім келсін!»
«Ащысай түсті металл комбинатына қарайтын Хантағы шахтасының шахтері Дәулен Досаев нормасын жүз елу тоғыз процент орындап, жауды тезірек жеңуге зор үлес қосты.
Шахтер жолдастар, алдыңғы қатардағыларға, Дәулен Досаев жолдасқа теңеліңіздер!»
— Өте дұрыс! Суреті де жақсы шығыпты. Ал, екіншісін оқы! — деді Левченко.
«Неміс фашист басқыншыларына елім келсін!»
«Ащысай түсті металл комбинатына қарайтын Хантағы шахтасының байырғы да атақты шахтері Қамбарбек Жаппарқұлов жолдас сменалы нормасын екі жүз процент орындап, бұрын болмаған аса зор рекорд жасады. Сөйтіп, ол Отанымыздың қас жауы басқыншыларды жеңетін күнді жақындата түсті.
Шахтер жолдастар, алдыңғы қатардағы озаттарға, оның ішінде Дәулен Досаев пен Қамбарбек Жаппарқұловқа теңеліңіздер! Сөйтіп, Совет Армиясының алдағы ұлы жеңісіне тартымды үлес қосыңыздар!»
«Бұған не дер екен!» дегендей, бастық, пен хатшы Қамбарбекке қарады. Ол болса бұлардың көз қарасын аңғармады. Көптен бергі жақсы жолдасы, ауылдасы, туыстығы да бар Дәуленнің сопақ жағына, ашаң өңіне, қисық мұрнына ұзақ үңілді. «Әзіл-күлкісі, кішкене қулығы болмаса, жаны адал, досқа берік, жөн-жоба білетін адам...»
Ол өз суретінен құс тұмсығынан басқа ештеңе таппады. «Осылардың бәрінің керегі не? Жұмыс істейтін адам болса мұңсыз де істейді, істеп те жатыр. Біз Дәулен екеуміз қай плакатты оқып алды дейсің?..»
Оның ойын Левченконың сұрауы бөлді.
— Қамбарбек Жаппарқұлович, бұған қалай қарайсыз?
— Жаман емес. Бірақ, анау Дәулен Досаев жайындағы болмаса, мен турасындағы іліп қоюдың қажеті болмас.
— Неге олай дейсіз. Осы сіз ақ өзіңізді өзіңіз кішірейте береді екенсіз? — деп Қойшыбай тыз ете түсті.
— Олай дейтінім, дос барда дұшпан бар деген емес пе, біреу болмаса біреу мына шіркін, несіне жетісіп рекорд жасап. жүр деуі де кәдік. Екіншіден, шынымды айтсам, мен рекорд жасай қояйын, халықты, елді таң қалдырайын, атаққа шығайын деп жасағаным жоқ. Кек, ыза, ашу үстінде болған іс.
— Міне! — деп Александр сөзді іліп әкетті, — міне, мен айтатын жауапты өзің айттың. Рекорд кектен, жауға деген кектен туған. Ызадан, басқыншыларға ыза болғандықтан туған. Жолдас хатшы, талқыға салып жатуға уақыт жоқ. Плакатты қазір ілгізіңіз! Барлық шахтаға, Хантағы, Мырғалымсай, Ащысай, Байжансайға таратыңыз! Ал, сен Жаппарқұлов жолдас, кеше менің бұйрығым бойынша жаңадан құрылған бригадаға бригадир болдыңыз. Бұйрық мынау, таныстым деп қол қойыңыз.. Мынау тізімді алың.ыз! Осы шахтерлер, барлығы алты адам, өзіңмен жетеу. Бір бригада.
— Қамбарбек ойлана тұрып, бастықтың бұйрығына қол қойды да, тізімді алды. Бәрі де бұрыннан таныс адамдар. Бірақ, жаңадан жасалған бригада бұрынғылардан жырып ап, сұрастыра жүріп құрылған болса, оған кім жақсы шахтерін бере қояды дейсіз. Көбі-ақ, жұмысты мандыта алмай жүргендер екен. Әсіресе, Қамбарбекке Жайынбайдың осы тізімге ілінгені ұнамады.
— Ал, адамдарың қалай екен? — деген бастықтың сұрағына:
— Бәрі бір, — деп жауапты селқос берді.
— Смена жақындады. Адамдарың қазір келеді. Ал, табысты болуыңды тілеймін! — деп Левченко оның қолын қысты.
Бастық пен хатшы кеткен соң да, Қамбарбек шахта алдында біраз тұрды. Есепші бала шахтаның айналасындағы ағаш, қабырға, тақтайлардың бәріне Дәулен мен Қамбарбектің суреті бар плакатты жапсырып та үлгерді.
Қолындағы тізімге аты жазылған алты адамның әрқайсысын көз алдына келтірді. Бәрінің жүзі таныс болғанмен, ісі, мінезі, азаматтығы бірдей таныс емес. Осылардың ішіндегі ең ұнамағаны әлгі Жайынбай. Ол туралы шахтерлер арасында неше түрлі күлкілі, сықақ, әзіл, ойын-шыны аралас сөздер, алып қашты әңгімелер бар. Оның ең негізгісін, әскерге алынып, майданға қарай кетіп бара жатқан поездан әжетханада ұзақ отырып, қалай қалып қойғанын есіне түсіріп күлді. «Амал не, Қиын күнде, қаралы шағымда бұл да болса басқа түскен сын, артылған жүк шығар. Қоқан мен Марғұланға алтын артқан аруана да жетеді, қомшасын сүйреткен қотыр тайлақ та жетеді дегендей, бұл азаматтарды мен де бір жерден алып шығармын».
Осы ой үстінде тұрған жаңа бригадирге шахтерлер, жаңа бригаданың адамдары келді. Біреулері, үйіне барып үлгіре алмағандары көңіл айтқан болды. Енді біреулері бригадир болуымен құттықтады. Ол мұның екеуіне де онша мән бермеді.
— Мәселе осылай бопты. Кейде бұйрық дегенің берілген бата сияқты. «Көш жүре түзеледі» дегені тағы болады, жүре, іс үстінде сөйлесерміз, көрерміз, не шығарын. Не тұрыс бар, ал кеттік.
— Бұлар шахтаға түсе бастады. Қамбарбек ең соңында келеді. Бағана бастық айтқан сөзді есіне дәл түсіре алмай, «Қаратау асты — екінші майдан, Кендітау майданы. Екі оқтың бірі осы таудан алынады» деп ойлады.
V
Түркістан аудандық соғыс комиссариатының адамдары Қамбарбекті үйінде күтіп отыр екен. Бұларға қара қағаздан кейін Бекзаттың ерлігін жазған газеттердің кесіндісі, оның командирінің жазған хаты және бұғап дейін алған наградтары жайлы қағаздар кепті... Ең соңғы жасаған ерлігі үшін берілген Отан соғысының Бірінші дәрежелі орденін жіберген. Ереже бойынша бұл орден үйде сақталады. Бұлар осыларды тапсыруға келген. Ерлі-зайыпты екеуінің көнере бастаған жарасының ауызы қайта ашылды. Әсіресе, Хадиша сап-салқын орденді алақанына қысып ап қайтадан еңіреді.
— Боздағым ай, жалғызым ай, ендігі қалған белгің осы болды ма? Ып-ыстық жүрегіңнің орнына алақандай суық темір ұстадым ау!
Қамбарбек бұрынғысынша селт еткен жоқ. Жатқан жерінен көтеріп шоқайта салған күбідей қара тасқа ұқсап, мелшиді де қалды. Бекзаттың өз командирі жазған хат оқылды.
«Қымбатты Қамбарбек Жаппарқұлович!
Сізге бұл хатты жазып отырған балаңыз Бекзат Қамбарбековтың қызмет еткен взводының командирі Андрей Шулькин.
Балаңыз майданға келгелі бері менің қарауымда болды. Алдымен қатардағы солдат еді. Қызметі ұнап, оны взвод командирінің көмекшісі, өзіме ең сенімді серік етіп алдым. Не көрсек екеуміз бірге көрдік, бірге жүрдік. Майданда көрсеткен ерлігі, тапқырлығы үшін баланың бұған дейін екі рет орден алды. Мына жіберіліп отырған оның үшінші ордені.
Бекзат ең соңғы ерлігінде аса үлкен тапсырма орындады. Біздің әскерлердің үлкен өзеннен ойдағыдай шығынсыз өтуін қамтамасыз етті. Осы тапсырманы, аса маңызды тапсырманы орындау үстінде ерлікпен қаза тапты.
Сөйтіп жақсы жолдас, ержүрек кіші командирден, помкомвзводтан айрылып қалдық.
Сіздің қайғыңызға ортақ
Кіші лейтенант Андрей Шулькин».
Хат оқылған кезде Хадиша жылауын қойып тыңдады. Қамбарбек болса бұрынғысынша селт етпеді. Хат оқылып біткен кезде:
— Қай жерде, қалай опат болғанын, моласы қайда екенін айтпайды екен де, қыз талақтар! — деп қойды.
— Мүмкін мына газетте айтылатын шығар. Өзі тым көп, ұзақ. Енді осыны оқиық.
— Оқыңдар! — деді Қамбарбек.
Солтүстік Батыс майданында қазақ тілінде шығатын «Алға, жауға қарсы» газетінің бір санында «Аға сержант Бекзат Қамбарбековтың ерлігі» деген газеттің екі бетіне жуық ұзақ мақала басылыпты. Қанша ұзақ болса да түгел оқылды. Балшықтан жасалған аласа үйдің іші ысып кетті. Бірақ, үн қатқан ешкім болмады. Жаназада құран оқылып жатқандай үй іші жым-жырт.
«...Сөйтіп помкомвзвод, аға сержант Бекзат Қамбарбеков бастаған он жігіт түн ішінде, қараңғыны жамылып, өзеннен өтіп, жаудың батыс жақ тылынан шықты. Жау бұлардың тылға өткенін білмей қалды.
Бұл шақта біздің осы маңдағы әскерлер өзеннен өтуге әзірленіп жатты.
Шығыстан таң енді бозалаң тартып келе жатқанда ракетамен белгі берілді. Аға сержант Бекзат Қамбарбеков бастаған совет жауынгерлері қамсыз жатқан жаудың өкпе тұсынан оқ жаудырды. Жау жартылай қоршауға алынған екенбіз деп ойлады. Қатты састы. Өзен жағалауын күзеткен әскер топтарын тастай қашты. Сөйтіп, ер жүрек жауынгерлердің ерлік қимылы біздің әскерлердің өзеннен өте аз шығынмен ойдағыдай өтуін қамтамасыз етті. Бірақ өздері Отан үшін ерлікпен өлді...
Дивизия штабының бастығы мен артиллерия командирі бұл он бір жауынгердің қимылын биікте тұрып, ұзақ бақылаған. Олар жау тылында өздерін көп етіп көрсету үшін бір-бірінен алыс жатып, оқты бірден емес, кезекпе-кезек әр жерден атқан. Жағалаудан жапырыла қашқан жау әскері бұлардың оғына тап болды. Берекесі кетіп, тым-тырақай қашқан жаудың көп солдаты әр жерден алма-кезек атылған оққа кездесіп, шығынға ұшырады. Көпке дейін олар жаудың қайда, қанша екенін біле алмады. Негізгі атыс шебін де таппады. Ондай шеп жоқ та еді. Дегенмен, өзеннен түгелдей өтіп үлгерген біздің : жауынгерлердің оғына шыдай алмай,өз тылындағы аз топтың үстін басып өтуге бел буды. Біздің ер жігіттер жаудың жүзден аса солдатын келмеске кетірді.
Осындай ер жігіттердің үлгісі, өнегесі жауынгерлерді жігерлендірді. Барлық майдандағы сияқты Екінші Балтық майданының жауынгерлері де үздіксіз алға кетіп барады. Олар әздерінің ерлік өлімге ұшыраған жауынгер, батыр достарын ұмыта алмайды...»
— Ер жігіттер екен! — деді әлдекім.
— Ым! — деп қойды Қамбарбек, — сөйтіп, бұлардың қайда, қалай жерленгенін айтпады ау. Бізге ендігі керегі сол еді. Ол жоқ.
— Жау үстінен таптап өтсе, еліктері жоқ та шығар.
— Ә, жоқ шығар, — деп күрсінді Бекзаттың әкесі. — Жоқ шығар. Ең қиыны осы. Ер жігіттің жер бетінде ең болмаса аты тұрмаған соң бола ма?
— Рас-ау! — деп бастарын шұлғыды отырғандар.
— О да оқа емес. Бірге артық, бірге кем кетіп жатқан заман ғой. Арғы атамыз Нұр деген кісінің бір емес, екі моласы болған. Көп болса қудай соның бір есесін қайтарған шығар! — деді Қамбарбек.
Босаға жақта отырған Дәуленнің құлағы елең ете қалды. Ол да осы айтылған Hұp деген кісіден тараған ұрпақ. Бірақ, Қамбарбек айтқан мына сөзді ешқашан ешкімнен естіген емес. Содан да, не деп отыр, шыны ма, өтірігі ме, жоқ, әлде көңілге медеу етіп айта салған жай сөз бе деп ойлады. Бірақ, Қамбарбектің өтірікке, жел сөзге құмарлығы жоғын ол біледі. Әңгімені басқа жаққа бұрып, кеудені басқан қайғыны жөндету үшін әлгі жайды сұрауға оқталды да, тоқтап қалды. Оның бұл халын сезе қойғандай Қамбарбек:
— Дәулен, сен таңданбай-ақ, қой. Мен мақтанып отырғаным жоқ. Нұр деген кісі өз заманында асқан батыр болған. Балам сол батыр бабаларына тартыпты. Бірақ, моласыз қапты. Ал, оның есесіне әлгі батыр бабасының екі бейіті бар. Бірі сонау Бұхар төңірегінде, Жиделі мен Байсында, сондағы Нұрата деген биікте тұр. Бірі мына Қаратаудың теріскей бетінде, кәдімгі Баба атада...
— О қалай болған?
— Оны сен қазір сұрама. Кезі бір келер. Айтармын сонда. Бәрі бітті, болары болды ғой. Енді анау Нұрбиге жалғыз ағасының қазасын қалай естіртеміз. Соны ойлап қабырғам қайысып отыр. Айтар не ақылын бар. Одан да соны айт.
— Ол жағы менің есімде де жоқ. Бәсе, қайтеміз?
— Сен өзімнен сұрасаң, айтар ақылың болмағаны. Баруға уақыт жоқ. Сонау Алматыға барып қайтуға бір жеті керек. Оны бізге кім береді? Мына хаттарды жібере салсақ, не болады? Болмайды. Басқаны болмаса да өз баламды білемін. Ол мен сияқты да, Бекзатжан сияқты да емес, шешесіне, нағашы жағына тартқан. Нәзік. Ол бұл қағаздарды көре сап, бізді, Хадиша екеумізді де өлген екен деп ойлауы кәдік. Сөйтіп, өзі де опат болады. Сонда қане не істейміз? Ең дұрысы басқа бірдеңені сылтау етіп шақырып алу. Оқуынан қала ма деп тағы алан боламын.
— Дұрысы шақырып алу.
— Осында келсін, ол сорлының сүйеу бола қояр онда кімі бар еді? — деп Хадиша Бекзаттан басқа да перзенті бары есіне жаңа түскендей, қызының есімі аталғанда сөзге бір-ақ араласты.
Сонымен Алматыға, Медицина институтына мынадай телеграмма кетті: «Мамаң сырқаттанып жүр, келіп кетсін дейді. Әкең...»
VI
Жаңа бригаданың жұмысы мандымады. Әлдебір өзгеше қатты жынысқа түсті ме, жоқ болмаса жұмыс уақытын дұрыс пайдалана алмады ма, норма орындалмайтын болды. Тіпті, кейбіреулер норманың жартысын да бере алмады. Бәріне бірдей өнеге көрсетсін деп қойған атақты бригадирдің өзі там-тұмдап жүзден әрең асып жүрді. Бірақ жұмысты жақсартуға болатынына сенім бар. Қамбарбекті қуандырған осы. Алты адамның үшеуі норманы асыра орындап, үшеуі орындай алмаса да, жалпы саны түгелденер еді. Оның бірінші мақсаты — жартысын өз қатарына әкелу. Бірақ, осының өзіне қол жетпейді. Жанды қинаған жай осы еді. Мұның үстіне бұрын да әлденеше рет наградалар алған атақты шахтер жақында ғана Отан Қорғау Комитетінің тағы да бір сыйлығын алды. Соғыс кезіндегі, майданға көмек тигізген, жеңіске үлес болар жанқиярлық енбегі үшін деп атап көрсетілген. Осы сенімді ақтау бас парыз. Бірақ қолды байлап келе жатқан нәрсе сол — адамдар тең емес.
Дәулен Досаев өткен жылы тұңғыш рет награда алып, үйіне шақырғанда, оған ойын-шыны осы дегендей: «Ал, Дәулен, алмақтың да салмағы бар» деген осындайдан шыққан. Бұрын жүз жиырма берсең енді жүз елу береді», — деп еді. Енді сол айтқаны өз басына келді.
Ол бір мезгіл ата-бабаларының «Жақсымен жолдас болсаң — жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң — қаларсың ұятқа» деген данышпан мақалын еске алды. Міне, ол Жайынбайлармен жолдас болды да ұятқа қалып отыр. Ол осынша сенім көрсеткен Левченко Александр Терентьевичтен өте қатты ұялады.
«Адамға адам көрсеткен сенім аса зор қасиеттен туады. Сенімге ие болған адам тау құлатардай күшті сезінеді. Бригаданы алғаш бастаған кезде онда осындай күш, жігер болды. Сол қайраттың қазір қайда сарқылып бара жатқанын өзі де аңғара алмай қалды. Енді не болмақ? «Қымбатты Александар Терентьевич, көрсеткен сеніміңізге, жақсы көңіліңізге, жылы сөзіңізге көптен-көп рақмет! Бірақ тапсырған істі орындауға талап болғанымен күш жетпеді. Сіздің алдыңызда, анау хатшы жігіттің алдында ұяттымын. Бригаданы менен басқа біреуге беріңіз. Мен бұрынғы өзім істеген жерге, бұрынғыша қатардағы шахтерлыққа барамын. Осыған келісіңіздер!» — деп басшының алдына да бармақ болды. Мұның да қисынын таба алмаған.
Қамбарбек затында көп сөйлемейтін адам Сөйлей қалса ойланып айтар ойы бар. Ал қасындағы Жолдастарымен еңбекте дұрыс тіл таба алмаған соң, былайша сөйлесуді мүлде қойған. Өзі ғана қатуланып, жұмысты өндірте істейді. Бірақ жұмыстан көңілсіз қайтады. Шахта ішінде, жұмыс үстінде ұмытылған қайғы нақ үйге қайтарда есіне қайта түседі. Ілгері басқан аяғы кейін кетіп, жүрісі өнбей қояды. Оның көз алдына ең алдымен Бекзат келеді. Нақ өзінің аузынан түскендей бүркіт тұмсық, қара күрең, толыққанды, денесі жұп-жұмыр, өрімдей улы сол бір тірі кезіндегідей көз алдынан жайдары ғана күліп өтеді. Қалың ерні, аппақ тісі, қою қара қасы оны әке көзіне тым сүйкімді көрсетеді.
Ол жүріп келе жатып күле жаздады. Бір сәт баласы әкесіне жымиғандай болды. Тіпті, күлді. Бұл да күлді. Қасына жақындай түскендей, тағы да жымиып әкесіне еркелегендей еді. Тек қана сонау бір жылдағыдай, «қалай, көке, шаршап жүрсіз бе? Асықпаңыз, сіздің орныңызға шахтаға өзім түсем» дегенін айтқан жоқ.
Сонда бұл да масаттанып:
— Асығып жүрген мен жоқ. Ал шахтаға түсуге сен де асықпай-ақ қой. Осы кездің балалары шахтаға емес, білімге, өнерге ұмтылып жатқан жоқ па? Сен маған қарама, өз қатарыңа қара! — деп күлетін.
— Көке-ай, қызық екенсіз! Жанның бәрі ғалым, өнерпаз, инженер, артист, дәрігер, сот, басшы болса, шахтаға кім түседі? «Арық айтып, семіз шық» деп үйреткен өзіңіз. Ең болмағанда шахтаға ешкімнің таласы болмас дегенім ғой.
— Шахтер деген жаман жұмыс емес. Өмір бойы, сонау ата-бабасынан бері қарай шахтер боп келе жатқан адамдар көп. Олар құрметке, атаққа ие болған. Өз ісін сүйеді, ұнатады. Олардың балалары әкелері істеген жұмысты басқа жұмыстардың қандайынан болса да артық санайды. Ондай болса шахтер дегендер тегін жан емес. Ең болмағанда деп айтпа.
— Ең болмағанда дегенім жоқ. Шахтаға талас болмас дедім. Оным дұрыс қой деймін.
— Онда, дұрыс ақ! — деп Қамбарбектің мәз болып күлгені бар.
Әке осы келе жатқанда баласымен екі арада болған әңгімені есіне алып жымиған еді. Артынша оған суық ой келді. Баласымен сырласып жүретін сол шақта оның еңсесі биік, көңілі бүтін еді. Сол домалақ қара бала оның әрі қанаты, әрі мұраты, әрі қайраты болатын. Ол осы баланың күлкісіне қарай отырып күлетін. Әке баласының жүрісін, тұрысын, сөйлеген сөзін бағып, соны мақтаныш ететін.
Ол барда Қамбарбек Қаратаудың үлкен бір жартасын жөн арқасымен тіреп тұрғандай алшақ басып, еркін жүруші еді. Енді міне, ілгері басқан аяғы кері тартқандай жүрісі өнбей келеді. Ол үйіне жете алмай келеді. Ал, үйіне жеткенде оны кім күтіп отыр, не күтіп отыр? Хадиша болса анау, қайта-қайта жылаудан, жуылған шүберектей боп қалды, аз күнде-ақ мүлде шөгіп, қартайып кетті. Отыз жылға жуық жолдас болған жарының бұл халы оны жүдетпесе, жігер бере алмаған. Далада, немесе шахтада жүрген кездегіден көрі ол өз үйіне келгенде тым жаншылып қалатын болды. Өз үясы өзіне суық көрінді. Бұл неден деп себебін білгісі келген ол жоқ.
«Мына таудың биік көрінетіні, асқақ тұратыны, мына даланың кеңдігі мен шалқарлығы, төңірегінің бәрінің күліп тұратыны, жақсылығы, қарапайым тұрмысының рақат болатыны көңіл шіркіннің бүтіндігінде екен ғой» деп ойлаған ащы ой оны жерге қарай шегелеп қаққандай, ауыр боп кетті. Сонда да болса шаршаған денесін сүйретіп келеді.
Нақ қазір өзінің осынша босаң боп кеткенін сезбеді. Ащыдан ащы шығып, суық ойын жинай алмады. Хадиша мен Нұрбиді бір сәт ұмытып, өзін жалғыз қалған, елсіз, сусыз, қу мекиен далада жалғыз жүрген адамдай сезінді. Құлазыған көңілді көзбен көргені де қуантпады. Анадайдан өз үйі көрінді. Сырты тегіс сыланбаған алабажақ қара үйдің мұржасынан түтін көрінбейді. Бұл денесін дір еткізіп, көңілін жасыта түсті. Ол үйіне қайта қарады. Танып келеді. Бірақ ол өз үйіне емес, жалғыз баласының моласына келе жатқандай жасып, жабырқана түсті. «Өзіңе ұқсаған, өзіңе тартқан бір жұрт, бір пенде, тірі жан етегіңнен ұстамаған соң, бәрі бекер ме деймін?..»
Осыдан аз күн бұрын келген қара қағаздың барлық мәнін, барлық салмағын енді ғана түсінген жандай омырылып келеді. «Сол күні теңбіл көкке мініп шапқаным не? Есім дұрыс па еді? Одан да, ой бауырымдап, Қожа Ахмет Яссауидің мавзолейіне неге барып бас ұрмадым. Теріскейдегі туған жеріме ата-бабамның ауылына, жатқан жеріне неге ат қойып, айқай салып жетпедім?»
Ол үйіне тақалып қалды. Еңсесі көтерілген жоқ. «Үйіме емес, баламның бейітіне келемін!» деп ойлады да, қайтадан жоғары қарады. Нақа бір осы ойды дұрыс емес дегендей, немесе, бұл үйде де тірлік барын сездіргендей Ақтөс тазы арсалақтап алдынан шықты. Ол өзіне жаңа ой салған Ақтөсті жақсы көріп кетті де, маңдайынан сипады. Оның бұл мейіріміне ит те аң-таң боп, тілін шығарып, иесіне сүйкене берді.
— Е, досым! Ішінде болсын, екеуміздің қазіргі қалымызда ешқандай парық жоқ.
Ол үйіне сөйлей кірді. Ішкі үйден көптен бері естімеген, тіпті ұмытылып та кеткен жас дауыс, нәзік үн, әйел баланың дауысы шықты. Бекзат өлді деген аз күннің өзінде ұмытылғаны болмаса тым таныс дауыс. Бұл өзінің қызы Нұрбидің дауысы.
Қамбарбек осы сәтте ғана дел-сал боп келе жатқан бойын тез жинап, қызына қарай құшағын жайып, қолын созды. «Мен адам емеспін. Менің бойымда жылы қан жоқ, соғатын жүрек жоқ» дегендей қайта түйіліп, денесі ширықты да қалды. Қызы оны байқамады. Жұдырықтай боп әкесінің кең құшағына еніп кетті. Қызы солқылдап, егіле жылады. Арасында:
— Қайран көкем ай, көкешім ай, жалғыз қалдың ау! — деді ол.
Нұрби нақ осы кезде әке дітінің үстінен түсті. сені ұқтым, сен де ұғады екенсің» дегендей Қамбарбек қызын бауырына тартып, маңдайынан сүйді де, босатып жіберді.
Хадиша да, басқалар да таң боп қалды. Оның себебі бар-ды. Әкесі Жаппарқұл ғана емес, бүтін үрім-бұтағымен, сонау Абыз атасынан бастап, бір ауыл, кейін бір тайпа ел қыздарын жақынға, туысқа санаған емес. Сол бір қанға сіңген қаталдық мұның бойында мол еді. «Қыз деген жат жұрттық» деп қоя салатын. Содан да Қамбарбек Нұрбиді перзент санағанмен жұрат санамаған. Мұнысын ол өзінше білдірмеймін, сездірмеймін деп ойлайтын. Бүгін олай болмай шықты. Нұрбидің өзі айтты. «Көкешім ай, жалғыз қалдың ау!» деді. Жас та болса, қыз да болса сезеді екен әке ойын. Сол сезігін бүкпей айтты. Бұл аса қатал сөз. Қайбана халық өз алдына, жақыннан, туыстан, оның ішінде туған қыздан естіген қатал сөз оған ақаусыз жетті. Бар шындық осы сөзде. «Мен жалғыз қалдым» деп түйді ол.
«Мен жалғызбын. Қарайлайтын ешкім жоқ. Содан да қаталмын» дегендей, төрдің шетіне, қызына жақын отыра беріп:
— Нұрбижан, сенің де жалғыз бауырың, туысың ғой, жылап. шеріңді тарқатып ал. Маған қарама! Мен, мен бе, мен таспын. Тас қашап, таспен істес боламын деп тас болғанмын. Жыла, қалқам, жыла, шерінді тарқатқанша мауқыңды басқанша жыла. Мен үшін де жыла! — деді.
Бұл оның көз алдында отырған өз перзентін, туған қызын көргенде . босағаны, шешілгені еді. Көп жылғы жолдасының сырын жақсы білетін Хадишадан басқа жұрт, өзі жыламай, қызына жыла деп, оның ішінде мен үшін де жыла деп отырған Қамбарбекке таңданды.
Ал әке болса қызы келгенде анасымен екеуінің көрісіп жылағанын көрмегенін тәубе етті. Бірақ, көз алдына келтірді. Ана мен қыз бірі бауырын, бірі баласын жоқтап ұзақ жылаған.
Күн жексенбі еді. Нұрбидің келуіне байланысты бұл үйге тағы да біраз адамдар жиналды. Ең алдымен Айна келді. Бұл Бекзаттың мектепте сонау бірінші кластан бірге оқыған құрбысы. Оныншы кластан соң майданға барамын деп медсестраларының оқуын бітірді. Бірақ, денсаулығы көтермеді. Бара алмады. Сонымен осындағы емханада істейді.
Бекзат пен Айна бірге оқыған балалардың ішінде ерекше тату болды.. Бірақ, ашық айтылған, анық сездірген ештеңе болған жоқ. Бұлардың мектепке бірге барып, бірге қайтуын, киноға баруын үнемі сырттан байқап жүрген балалар бұларға күлетін. Кейбірі кере алмайтын. Чеховты оқып алған біреулері «влюбленные антропосы» дейтін, немесе «Төлеген мен Жібек», «Қозы мен Баян» дейтін.
Жастықтың, тіпті балалықтың көп күндерін осылайша бірге өткізген екі жас ең соңғы қоштасқан кезінде бір-біріне ұзақ қарады. «Сен не айтасың, сен не айтасың?» дегендей бір-бірін күте қарады. Тілсіз ұғысып, үнсіз тіл қатып екі жас ұзақ тұрды. Не айтарын, сөзді неден бастарын білмей, екеуі де дал болды. Бекзат жігіт екен, жүрегі дірілдей тұрып, сөзді бірінші бастады; олақ бастады.
— Күтесің бе? — деді ол.
— Иә! — деді қыз.
Он жылға созылған достықтың түйіні осы болып еді. Енді міне, ол адам жер басып жүргендердің ішінде болмай шықты.
Айна бала, одан жастық кездің досы, жақыны, сырласы болған адамның жаман атын естігенде күйзелді. Басқалардан көз тасалап, ақ жастықты құшақтап, солқылдап, шын ниетімен жылап та алды. Оған алдында тұрған бір нысанасын бұлт басып, түнек торлап, көзден тасалап қалғандай, немесе, алдында сарнап жатқан ұзақ жол, даңғыл соқпақ күтпеген жерден шорт кесіліп, енді барар жер қалмағандай көрінді.
Ол осы ойдан айықпаған. Нұрби кепті деген соң келіп отыр. Оның қайғысына ортақтаспақ. Бірақ, алғашқыда ол жыларын, жыламасын да білмеді. Бар болғаны әзінен үш-төрт жас кіші Нұрбидің қолтығына қарай тығыла берді.
Әбден жайғасып, жылау-сықтау басылған кезде Хадиша ең алдымен Айнаға қарады. Баласының досына, оның бет-ажарына, көңіл-күйіне зер тастады. Оны қыз бала сезе қойды. Төмен қарап, көйлегінің етегін жұмарлай берді.
Айна әдемі емес, сүйкімді екен. Беті нұрлы, көзінде от бар. Ақ сары өңі әлі де үлбіреп, бала кейпін бермеген. Онша толық та, ашаң да емес. Орта бойлы. Әсем киінген. Үсті-басы тап-таза мұнтаздай. Осының бәріне Хадиша зер сала қарап көңілі тағы бұзылды. «Бір емес, екі бірдей қыршыннан айрылған екенмін. Бірінен өлі айрылдым, бірінен тірі айрылдым».
Хадишаның қарай беруге дәті шыдамады. Бірақ ойға батты. «Баламның жары, қосағы болар» деп ойлаушы ем,сеп де бір тумай жатып сорлы боп туған жан екенсің. Әйел баланың бақсыз болғаны жаман».
Айна болса үй ішіндегі мауқын басқасын, ал Хадиша қарауын қойған соң жайғаса отырды. Өз көңілін өзі аулап, жан-жағына жасырына қарады. Оның ішінде қасында отырған Нұрбиге көп тоқтады. Бұдан екі-үш жыл бұрын тұлымына ақ, қызыл, көк лента байлап, жүгіріп жүретін арық қара қыз әдемі ғана емес, сұлуланып кеткен. Өскен, толысқан. Өңі де, көзқарасы да өзгерген, ағынан қарасы көп, ұзын кірпікті көзінде тұнықтық басым. Мойыны жұмыр, иегі үшкір, қасы қиылып тұр. Айна көп қарады, тесіле, әрбір қимылын баға, бақылай қарады. Қызға қыздың мұндай әуестікпен қарауы тым сирек болады. Ол үлкен қала, жоғары оқуда оқып жүрген өзінен жас, бір кезде туыс болуды ойлаған қыздың қазіргі кескініне үңілді. Қарап отырса Нұрби сұлу екен. Мұң басқан, қайғы қарпыған өңінің өзінде жарқындық бар. Қанатын қомдап, сілкіне отырған қара аққудың балапаны тәрізді мөлдіреп те, жаудырап та отыр. Айна Нұрбидің осы бір әсем жүзіне қарай отырып: «Мен болмасам, сенің дегенің алдында ғой. Жүзің қандай жарқын болса, маңдайыңа біткен бақыт шамы да сондай жарқырап тұр» — деп ойлады. — Мына көрік саған бақ әкелмесе, бақытсыздық әкелмес. Сенің қасыңда мен бір шамы сөнген, жұлдызы тайған жанмын. Онымнан туған ай солыма шықты. Ендігі барар жолдың жүрер соқпақтың қайсысы қандай екенін біле алмай ақтарылған жайым бар...»
Оның ойын жаңа келген хатшы бөлді. Үлкен көзді, ақ құба жігіт алдымен Қамбарбекке сәлем берді де, төрге шықты. Қыздар ығыса отырды.
Қойшыбай бұл екі қызды танымайтын, бұрын көрген емес. Содан ол алақтап анда-мұнда қарай берді. Ақ сары қызды үйдегілердің ешқайсысына ұқсата алмады, ал қара торы қызды Қамбарбектің бәйбішесі Хадишаға тартқан екен деді де, әрине, сіңлісі емес, қызы болар деп түйді. Ал қызы болса, мына Қамбарбек пен Хадишаның өлген баласын жалғызым деуі қалай? Оның бұл күдігін үй иесі сезе қойғандай:
— Қойшыбай шырақ, мынау отырған қара шұнақ менің қызым, аты Нұрби, Алматыда докторлықта оқиды. Мынау сары қыз да менің қызым. Осында доктор боп істейді.
Айна қызарып кетті..
— Мен доктор емеспін. Емханада істеймін. Әшейін сестрамын.
— Бізге бәрібір. Емханада істейтіндердің бәрі доктор. Өйткені басына темір қалпақ киіп, қолына шам ұстағанның бәрін өзіміз шахтер дейміз.
— Балаларыңыздың екеуі де доктор екен ғой! — деп хатшы ойлана сөйледі де. — Ақсақал, балаларыңыз бір-біріне ұқсамайды екен...
— Ой, Қойшыбай шырақ, осы заманда кімнің баласы өзіне ұқсап жатыр дейсің.
Қамбарбек айтарын айтса да, жастардың отырғанын еске алын, қысыла түсті.
— Ойын сөз деген болады. Ойын ғой. Мына Айна қызым қазір майданда жүрген, бұрынғы шахтер, жолдас жігіттің қызы. Анау өз қызым. Шешесіне ұқсайды ау деймін.
Әкесі бұл сөзді айтпаса да, Қойшыбай Хадиша мен Нұрбиді іштей салыстырып, өңдерінен көп ұқсастық тауып отырған.
Хадиша жасында өте сұлу еді. Бір тайпа ауылда мұндай көрікті қыз болмаған. Қарақаттай тұнық көзі, қиылған қасы, толқынды шашы, өзінің сұлулығын сезетін әсем жүрісі, киім киісі талайларды ақ есінен. тандырған. Сол бір көркіне лайық мінезі бар-ды. Ұялшақ емес, биязы, сыпайы еді, әдейі жөн білер, көргенді еді. Қатты сөйлеп, шайпау мінез көрсеткенін ешкім естіген де, көрген де, білген де емес.
Хадишаға сол шақта сөз салмаған, жеңгелеріне жалынып: таныстыруды өтінбеген боз бала кемде-кем болар. Әке-шешесін мазалап құда-жекжат болуды көксегендер де көп еді.
Сол көптің бірі Қамбарбек болатын. Әкесі Жаппарқұл да баласының қалауын ұнатты. Бірақ бірден долы жетпеді...
Қамбарбектің де осы бір шақ жастық жұлдызы ерек¬ше жанып тұрған сәті. еді. Жиырмадан жаңа ғана асқан жас жігіт шабандоздығымен, ерен күшімен, қаршыға салып, ит жүгірткен саятшылдығымен ерекше ( аталып жүрген. Оның үстіне Мәнжі мен Шұқыршиде, артынша Қасқабұлақ түбінде болған салымда Хадиша Қамбарбекті өз көзімен екі рет көрді. Бірінде, ол Хадишаның осы жиында екенін сезген де жоқ. Бірінде көрді. Бірақ төңірегін қоршаған қалың топ, қыз-келіншектерден тайсақтап, қасына жақын бара алмай, күрең атпен ойқастап өте шықты.
Қыз көзі өткір ғой. Хадиша қасындағыларға сездірмей, алыстан да, жақыннан да Қамбарбекті сыртынан бақылаумен болды. Өйткені бүркіт тұмсық қаршыға көз, домалақ қара жігіт сәйгүлік үстіне қондыра салған суреттей боп, көзіне сүйкімді көрінді. Мұның үстіне қайраты еренді. Әсіресе, қыран құстай шапшаң да тез екен.
Хадишаны топ ішінен көріп қалған күнгі көкпар мен салымда ол ерекше қимылдаған. Додадан сытылып шыққан бойда жол-жөнекей сілкілескендердің біріне алдырмай салымды өз жағына бірінші боп тастады. Көруші көп бұған сүйсініп қалды. Жан-жақтан «Қамбарбек, жарайсың!», «Жігіт болса сендей болсын!» деп айқайлап жатты. Мұны Хадиша өз құлағымен естіді. Әлдекім топ ішінен:
— Осы жігіт, мынау Хадишаға көп ынтықтың бірі дейді! — деп күңк етті.
Әдейі қыз естісін дегендей, екіншісі:
— Ел сүйген, көпті сүйсіндірген жігітті қыз сүймейтін заман боп па еді? — деп дүңк еткізді.
Осыдан соң ай өтпей-ақ, Қамбарбек Хадишаны алып қашып әкетті. Сезіп қойып жол тосқандармен шайқас болып, екі адамның шекесі жарылды. Қолынан ештеңе келмей, қайта таяқ жеп қалған жігіттер, елге айтсақ өзіміз масқара болып қалармыз дегендей, «қол сынса жең ішінде, бас жарылса берік ішінде» деп жабулы қазанды жабуымен қалдырған.
Міне, сөйтіп қосылған Хадиша отыз жылға жуық тату-тәтті өмір сүрді, екі перзент көтерді. Соңғы күндері бала күйігі оны жеңіп кетті. Жылы суға малып алған шүберектей боп, бәсең тартты. «Сырлы. аяқтың сыры кеткен ең сыны кетпес» дегендей, жасында көрікті де сымбатты болған адам екенін ажырату Қойшыбайға қиын тиген жоқ. Ол мұның үстіне шешесінің нақ бір жас кезіндегі суретіне ұқсаған қызын көріп отыр.
Қойшыбай Нұрбиге көп қарап қалғанын сезген жоқ. Ең бір шебер деген суретшінің бар ықыласымен, өзінің сүйген жанын, немесе ғашық жарын салған сурет тәрізді боп Нұрби Қойшыбайға тым ерекше көрінді. Нақ осы кезде оның көкейіне салыстыра қоятын жөнді сурет те, көрген тірі пенде де түсе қойған жоқ.
Ол есін әлден уақытта жиды. Өзінен-өзі қысылды. Әке-шешесі байқап қалмады ма екен деп сезіктенді. Екі қыз орындарынан тұрып есікке беттеді. Бәрібір ол қыздардың аяқтарына төмен қараған бойы ұрлана көз тікті. Есікке қарай беттеген төрт аяқтың ішінен Нұрбидің түп-түзу жұмыр балтырына көзін бірден тоқтатты. «Шіркін, мұндай да сұлу болады екен-ау. Қыз Жібек, Баян осындай-ақ қыз болған шығар. Асығыппын ау, бұрынырақ туыппын ау!» — деп ойлады ол. Бұдан екі жыл бұрын үйленіп, балаға әке болуды армандап жүрген жігіт бұдан артық не ойлай қойсын. Бұл ойын да артық, көргендей, бойым жиды да, Қамбарбекке осында келген жұмысын айта бастады.
VIII
Нұрби Қойшыбайдың не ойлап, не қойғанын сезген де, білгісі келген де жоқ. Ол бұл күндері әке мен шешенің қайғысына, мұңына көбірек зер сап еді. Әдепкіде шеше шері тым терең көрінді. Аз күнде ана жүдеп-жадап кеткен. Ботасынан айрылған аруанадай-ақ, боздауын, жоқтауын тыяр емес. Ұйқы да жоқ. Кейде не істеп жүргенін өзі де сезбей, әлденесін жоғалтып алғандай үй ішінде айналсоқтап, күйбектейді де жүреді. Аңырып көп отырады. Күрсіну одан да көп. Өзі де шүйкедей боп, шөгіп кеткен. Шешенің бұл халы қызын тебірентпей, ойға түсірмей қойған жоқ. Оқуын тастап анасының қасында, оған сүйеу болуды да ойлады. Бұған ананың өзі көнбес, әке де мақұлдамас. «Біздің ұрпақтан да бір оқыған адам шықсын» деп әдейі берді ғой оқуға, әйтпесе, «қыз балаға алысқа барып білім алу қиын ғой» деп күңкілдеген көршілердің сөзіне ең алдымен тойтарыс берген осы ана еді. Нұрби оны да есіне түсірді.
— Оқымысты болсын, ел сұрасын деп отырған біз жоқ. Қызым өз қатарынан, осында өзімен бірге оқығандардан қалмасын. Өз құрбыларымнан қалдым деп қорланбасын деп әдейі бердік. Ертең кім боларына, қандай адам боларына көзі жетпесе де, балаларының оқығанын мақтан ететін болды ғой, осы жұрт. Оқыса несі бар. Біздің қызымыздың басқалардан ақылы кем бе екен!
Шешесі айтқан осы сөз Нұрбидің есінде әлі күнге дейін сайрап тұр. Бұл оның ойынша Хадишаның өз сөзі ғана емес. Мұнда әкенің де айтқаны бар. Міне, енді сол шешенің қазіргі халін көріп, оны аяйды. Қасында болғанда, онымен қосыла жылағанда не етемін деген ой оны тағы да мазалайды. Осындай көп сұрақ беймаза ой Нұрбидің бұрым ештеңе көрмеген нәзік жүрегін езіп тастағандай болды.
Анасына қарағанда әкесі мықты да берік екен.
Ол неде болса ештеңені сездіретін емес. Қуанышын ғана көппен бөлісіп, қайғысын өзі жұтып үйренген жан екен деп ұқты. Әлде «безбүйрек», «тасбауыр» деген жұрт сөзі рас па? Нұрби әркімдерден «Әкенің жақындығы жездедей-ақ» деген мақалды да естіген. Осы бір кезде ол сол мақал өте орынды айтылған болар ма деп те түйген. Бұл әкенің алғашқы кездегі, сол суық хабарды естіген шақтағы жай-күйін көрмегендіктен ойға келген болса да, қыз бір сәт нақ осындай әнтек пайымдап еді. «Ер адам әйелге қарағанда қатал, берік болатын шығар» деп те ойлаған. Оның бұл ойларының дұрыстығы мен бұрыстығы әкенің өзімен бетпе-бет келіп сөйлескенде біраз ашылып еді:
— Ал, Нұрбижан, — деді ол бір күні кешке қарай жұмыстан оралған соң, — саған бауыр, бізге іштен шыққан перзент қазасы қанша ауыр болса да көтеріп отырмыз. «Өлмектің артынан өлмек жоқ »деп бұрынғылар айтыпты. Мынау біздің жұртымыз өз басынан көп қайғы да, қасірет те, ауыр-ауыр күндерді өткізген. Біздің осы Қаратау бойын жайлаған елдің басынан өткен қорлығы мен мазағын, қайғысы мен мұңын, қасіреті мен қазасын айтсақ та болады. Түлкінің. жоныңдай осынау қаракүрең жалаңаш таудың әрбір тасы қанмен, кәдімгі адам қанымен суарылған дейді. Содан да бұл таудың тасы ерекше қатты болған. Содан да бұл таудың тасында асыл зат көп. Мынау мен, анау сен, сенің анаң сол тауды мекендеген, әрбір шөкім жеріне қаны мен терін төккен ата-бабаның ұрпағымыз. Жау найзасына жалғызы ілініп, аттан ұшып түскенде олар да жылаған, сықтаған. Садақ оғы бауырының жүрегін тесіп өткенде оның да қарындасы жасын төккен. Ал қазір ше, қазір ше? Қазір бұл ғаламат біз үшеуіміздің ғана басымызға келіп отыр ма екен? Оны да ойлайық. Тағы айтайын, мына таудың адам қаны тамбаған тасы жоқ дедім ғой. Соның бәрі осы жерді басқаға бермейміз, жауға бастырмаймыз, өзіміз құл болмаймыз, қызымыз күң болмайды деген текті ойдан шығып, төгілген қан. Міне, мынау соғыс. Өлімнің де өлімі бар. Біреу қартайып, алжып өледі. Біреуді біреу нақақтан бауыздап кетеді. Біреу аттан жығылып, шахта астында қалып, машинаға соғылып мерт болады. Осының бәрінен де қан майданда жаумен бетпе-бет келіп, айқасып өлген артық. Мынау қағаздарды оқып көрсең, Бекзатжанның ерлігіне, азаматтығына көзің жетеді. Менің де жүрегім бар, жаным бар. Айта берсем әкелік қаным бар. Мен де жыладым. Жүрегіммен жыладым. Мен әсіресе, жер ортасына жақын келгенде жалғыз қалдым деп жыладым. Көзімнің жасын көл етіп жылағам жоқ. Дос бар, дұшпан бар дегендей, ешкімге де қайғымды көрсеткім келген жоқ. Барында жақсы көрген ағайын жоғында сені сыйлай бермейді. Сондай-ақ сенің қуанышына ортақ болған дос, қайғыңды бөлісіп ала алмайды.
Хадиша мен Нұрби оның сөзін бөлмей тым ықыласты тыңдады. Өз ошағының басынан, ең жақын адамдарынан жақсы тыңдаушы тапқан соң Қамбарбек те шешіле сөйледі.
— Жақсыны бөлісіп, жаманыңды бөлісе алмаған соң, ондай осал жағыңды көрсетпей-ақ қойған артық. Мен көзімнен жас төгіп жыламадым. Бірақ, жүректі қан басып кетті. Қан жұттым. Мен өзімнің қатал емес осал, тасбауыр емес ет бауыр, безбүйрек емес, жүйкесі нәзік адам екенімді осы қайғы үстінде ұқтым. Әкеміз Жаппарқұл бейбақ айтып отыратын. Бір кемпірдің жалғыз баласы қатты ауырып хал үстінде жатыпты дейді. Сонда кемпір күн сайын құдайға жалбарынып, о, алла, оны алғанша мені ал, — дей беріпті. Осыны естіген Дайрабай деген бір қу кешке қарай, апақ-сапақта әлгі үйге кіріп келіп, ал мені қудай жіберді. Екеуінің бірін алып кел деп жіберді. Кәне, қайсың алайын дегенде, кемпір сасып қап: «Алатының мен емес, әне, анау жатыр, анау жатыр» — деп жалғыз баласын қолымен көрсете беріпті дейді. Бұған қарап жанның бәрінің өз жаны ғана тәтті екен, жұрттың бәрі әлгі кемпір сияқты өлімнен қорқа береді екен деп түсіну әнтек іс. Бала, перзент үшін ғана емес, жақын, дос үшін басын өлімге тігетін адамдарды білем. Біздің Бекзат өзінің ерлігімен көп адамды, көп жолдастарын өлімнен алып қалды деп жазып отыр. Маған мұның өзі дәтке қуат. Біреу ерте, біреу кеш кетіп жатқан дүние емес пе?
Қамбарбек тоқтап қалды. Нұрби әкесінің түтіккен қарасұр өңіне қарады. Оның көзінен ол қайғы мен қасірет араласқан әке жүрегінің демеу тұтқан, мұның ақтармақ, болған отын қоса көрді. Бала да болса тауып кетті.
— Біз соғысқа, соғыс құмарларға нәлет айтуға тиіспіз! — деді ол нақ бір әке ойындағы көмескі күдігі бар жүдеу ойдың, демеуі жоқ жастық оттың жалынын үрлеп тұтатпақ болғандай. — Бәріне соғыс айыпты. Дұрыс айттыңыз, бұл осы отырған үшеуіміздің басымызға келіп отырған ғаламат емес.
— Мен неге болса да белімді будым. Бірақ, сен жеуіңе бір ойымды айтайын. Менің қалқам өлген жоқ тірі жүрген сияқты, — деді Хадиша да сөзге араласып.
Бірақ, оның сөзіне ешкім мән берген жоқ. Өзі болса қамкөңіл ана ғой, мұны да бір сүйей салайын дегендей.
— Иншалла, солай болғай, — дей салды Қамбарбек, содан кейін қызына қайта бұрылып, — Бекзатжан барда сен екеуіңнен жасыратын, тек соның өзіне ғана айтқым келетін сырларым болатын. Енді ол жоқта, оны сен екеуіңе айтпағанда кімге айтамын? Соның бірін айтсам, бұрынғы ата-бабадан құлағыма сіңіп, қаныма араласып кеткен дағды бойынша қыз баланы, мына сені жат жұртқа бола жаратылған жан деп келдім. Жаным жақсы көріп тұрса да Бекзатжанға теңемедім. Енді ойлап отырсам оным асылық па, астамшылық па деймін? Енді қарап отырсам, сенен, сен екеуіңнен басқа сүйенішім жоқ. Бізге сен әзірше қарайлама! Біздің өз қуатымыз өзімізге жетіп жатыр. Сен оқуыңды оқы, жақсы оқы! Алаңдама, жалтақтамай төрт жағы түгел, құбыласы сай адамдай жүр. Құрбы-құрдас алдында жүзің сынық болмасын. Әзірше саған сүйеу болуға, арқа тұтарың болуға жарайтын әкең бар. Осы әкеңнің көзінің тірісінде қанатыңды қатайтып ал. Қай заман болса да өзінің желі, өзінің өкпегі болады.. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалайтын арманды шақ, озық заманның өз ызғары, өз заңы, жауын-шашыны болар. Ондай болса, желге ұшып, батпаққа түсіп кетпес үшін, ең алдымен өзіңді-өзің ұстай біл. Оның мен солыңды біл. Бес саусақ бірдей болып жаратылмаған.
Қамбарбек, сөзім біткен жоқ, әлі де айтарым бар. «Іштен шыққан шұбар жылан» дегендей, перзентке деген ақылды ақылсыз жылы сөзі болмаған әке бар ма? Мен сол бір жылы сөзімнің жарым жартысын шала-пұла айтып отырмын» дегендей, қызына қарап біраз отырды. Нұрби болса әкесін бүгін танып отырғандай ойлы еді.
— Сен ертең жүріп кет! Оқуыңнан қалма. Керегіңді айт. Бәрін ал. Бала жеңіспен келсе, ұлан-асыр той жасап үйлендіремін деп жиған қаржым бар. Енді оның керегі болмас. Бәрі сенікі. Қалағанша киін, қалауынша іш. Өзім тірі жүргенде қатарыңнан, құрбыларыңнан кем болмасаң бопты...
Сөзімнің тоқ етері осы еді дегендей, Қамбарбек қасында жатқан жастыққа қарай қисая берді. Қыз әкесі жайлы сонарлы ойда қалды.
Түркістан станциясынан Нұрби Москва — Алматы поезына отырды. Оны Айнадан бөтен ешкім де шығарып салған жоқ. «Әуре болмаңдар» деп әке-шешесін өзі ертпеген.
Екі қыз вокзалға жеткенше бір-біріне қарайлап, сөйлесе алмады. Кім, неден бастамақ? Жасы үлкендеу Айна да не айтарын білмеді. Тіпті оған бұл екеуінің арасында енді ешқандай жақындық қалмағандай боп көрінді. «Соңғы сөзім осы, шығарып, салуымның соңы да осы» дегендей, ол жерге қарай берді. Нұрби де оны осылай түсінген. Іштей ол Айнаны қатты аяды да. Бірақ одан не пайда? Айтар ақылы қайсы? Мұның, да жөнін таба алмады.
Поезд жүрер алдында ғана Айна бойын жиып, қайраттанғандай болды да:
— Ал, Нұрби, сау-саламат болып тұр! — деді.
Даусы бұзылып, дірілдеп шықты.
— Сен де сау-саламат бол! — деді Нұрби, артынша үлкен кісілерден естіген мына бір сөздің есіңе қалай түскенін өзі де сезбей қалды білем. — Бағыңды байлама, Айна!
Нұрбидің көмейіне жас тығылды. Ол булығып қалды. Артынша көзінен ыстық жас ыршып түсті. Ол бұл сөзді айтарын айтса да неге екені белгісіз, қызарып та кетті. Әрине, ол мұны неге айтқанын білді, бірақ кімнің атынан айтқанын білмеді. Артында жылап-сықтап қалудан әке мен шеше атынан ба, әлде жарық дүниеде жоқ! Өз сөзін өзі айта алмай кеткен бауыры атынан ба?
Нұрби бетін қолымен көлегейлеп, тез ғана ішке еніп кетті. Айна болса перронда жалғыз қалды. «Осы жұрт қызық. Бағымды байламау, байлау менің өз қолымда ма екен? Оның бәрі өз қолымда болса мен осындай болар ма едім?» дегендей ойлы еді ол. Осы ой үстінде поездың қозғалып, кетіп бара жатқанын да байқамады. Нұрби болса вагондағы топтың ішіне енгенмен Айнаны ұмыта алмады. Мұңды жүзді, үндемейтін ақ сары қыздың перронда жерге қарап тұрғаны көпке дейін көз алдынан кетпеді. Ол осылайша өмір бойы жалғыз өтетіндей көрінді. Оны тағы аяды. Артынша әлгі бір сөзді, соңғы көріністі ұмытсам деп, көңілін басқа жаққа бұрды. Ырық бермей қойды. «Бағыңды байлама, Айна!» деген сөз қыз жүрегін қатты тырнаған болар. «Сенің бағың не де болса алдыңда, ал менің бағым қайда? — деп сұрауға оның мұршасы келмей қалды. Солай деп сұрай қалса не дер едім? Тез вагонға еніп кеткенім де дұрыс болды-ау. Көкем айтқандай ақырын жүріп, анық басу қажет». Өз ойына өзі қуанып кетті. Ойы Айнадан әкесіне ауды.
Ол әкесі туралы, оның баласына, қызына деген ықыласы, ниеті, жалпы әке махаббаты жайлы ойлап көрген емес. Оны өзі оқыған кітаптардан да кездестірмеген. Ана махаббаты дегенді көп естіген. Көп оқыған. Сонда қалай, әке баласын сүймей ме? Сүйсе, әлде анадай сүймей ме? Нұрби төңірегіндегі жолаушылардың өзіне көпке дейін зер салмастан осы бойлы ойлап еді. Ол ең алдымен осы күнге дейін өз әкесі жайлы, оның. мінезі, ақылы, өз жұртына деген сүйіспеншілігі жайлы ойламағанына, оны білмей келгеніне өкінді. Бірақ, ол жайлы ойын жинақтап түйе алмады. Бірақ, әкенің де балаға деген жүрегі барын, оны сүйетінін білді. Бұған дау жоқ. Сонда ол қандай махаббат, қандай сүйіспеншілік, бұған баға беруге бола ма?
Ол өзінің кішкене өмірінде адамға, оның ішінде жақын адамына баға беруге ниет еткені де осы болар. Оның көз алдына әкесінің бүркіт тұмсығы мен қыран қарасы елестеді. Одан соң үнемі жалындап тұратын әжімсіз қара сұр өңі тағы келді. Сол бір қатал көрінетін жүзінен қызы талай-талай жылылық тапты. Ол үшін кеше кешкісін болған әңгімені түгелдей есіне түсірді. Ақырында ол әлдеқалай бір түйінін тапқандай, өз ойын жинақтай түсті. «Жоқ, әке баласын, өз перзентін ешкімнен, мәселенки, шешеден кем сүймейді. Тек, әке махаббаты шешедей ақиық сыртқа шығып, ап-анық боп керіне бермейді. Әке махаббаты — ердің махаббаты. Ол салқындау да салмақты. Құпия да берік...»
Жасырақ кезінде әкесінің Бекзатқа бір айтқанын естігені бар. Сонда ол:
— Бүркіт ұясын неге құзға, биікке, суық желдің өтіне салады? Өйткені ол балапандарым да өзім сияқты ыстық суыққа төзімді, батыл, жүректі боп өссін дейді. Бүркіт баласын қаталдықпен өсіреді. Қаталдығы оның махаббаты. Ұрпаққа қаталдықтың бір шегі оған деген сүйіспеншілікпен келіп жалғасады.
«Нақ сол өзі айтқандай-ақ әкенің балаға деген сүйіспеншілігі бүркіттің сүйіспеншілігі, махаббаты тәрізді қатал. Қаталдық, ұрпағы өмірде қор болмасын деген зор махаббаттан туған...»
Поезд Қарақоңырдан етіп, Ақдаламен келеді.
IX
Қызы кеткен соң үй іші мүлде қақырайып, бос қалғандай болды. Енді ол осы шақты бастан тез өткізіп жібергісі келгендей ақ, төңірегінен медеу іздеді. Нақ қазір бұл маңнан еңбектен басқа сүйеу табу қиын-ды. Оның өзі де осылай түсінді. Шахтада еңбек қызу еді. Шахта бастығы Александр Левченко мен партия ұйымының хатшысы Қойшыбай Шүленбаев осында жұмысшылармен бірге келіп, бірге кетіп жүрді. Шахтаның маңдайшасына жаңа плакаттар ілінген. Оның бірінде әйелдің суреті тұр. Жас баласын қолтығына қыса ұстаған. Бір саусағын шахтерге сұқтаған. «Жауынгерге оқ керек!» деп үстіңгі жағына қызылмен жазылған. Ал төменде «қанға қан, жанға жан, жаудан кек алайық!» — депті. Ана түрі тым сұсты. Оның қолтығындағы бейкүнә'нәрестенің ойында ештеңе жоқ. Ол өзінің қорғаны — анасы барын сезіп тұр. Ол анасының айбынды, жігерлі екенін сезетіндей қамсыздау. Ал ана кекті, ашулы. Оның бойындағы қаһар да, жігер де көзінен, жүзінен көрінеді. Ана айбыны — Отан әмірі. Мына плакатты көргендер оны нақ осылай түсінеді, Тек Жайынбай ғана осы суреттерді көрушілердің қасына жақын көп, өзінше қулығын танытпақ болғандай.
— Мына қатынның көзінің шатынауын ай! — дегені бар емес пе?
— Бұл қатын емес, ана ғой, ана!
— Ана қатын емес пе?
— Ой, сен де қызық екенсің? Сен басқалар ештеңеге түсінбейді деп ойлайсың ба? — деді Қамбарбек оған ұнатпай, зілдене қарады, — ол ана, ол Отан боп бізге әмір беріп, талап етіп тұр. Қисық айтып, қыңыр жүрудің де бір жөні, шегі болса керекті ғой...
Қамбарбектің сонау жас кезінен келе жатқан әдеті — біреуден көңілі қалып, ұнатпай қалса оған жуық арада іші. жылымайтын. Мына Жайынбай мұның өз басына әлі. ешбір жамандық істеп көрген жоқ. Бірақ бұл оның жалқаулығын ұнатпайды. Жайынбай . жалқау болғанда, жұмысқа қыры жоқ, әшейін көп еріншектің бірі емес... Оның мінезінде, жүріс-тұрысында қиқарлық қырсық бар. Ол жұмысқа өзі ғана салқын боп қойса бір сәрі ғой. Оның топшылауынша мына жұмысқа жан тәнін салып, тер төгіп істеп жүргендер өмір сүрудің, оның ішінде рақаттанудың ауырдың үстінен, жеңілдің астынан жол тауып жүре білмейтін ақымақтар. Ол өзін зымиян, қу санайды. Қулық ақылы бардың ғана қолынан келеді.деп түйген; өзіндік байламы тағы бар. Көптің бәтуа еткен ынталы ісіне күдікпен, күлкім ең қарайтын қулығына бола Қамбарбек оны жек көреді. Ол бүгін де сол қылығын көрсетті. Мұның үстіне оның әжетханада отырғанда эшелоннан қалып қойғаны есіне тағы түсті. Ол өзінше мұнысын да қулығым деп ойлауы кәдік. Өйткені басқалар кетті де, бұл қалып қойды. Қалғанда да соңынан едәуір әңгіме бопты. Соғыс трибуналы соттайын деп жатқан жерінен шахтерлер кепілдікке сұрап, арнаулы өкіл жіберіп, соттамай-ақ, жұмысшы батальонына, немесе, майданға аттандыруды өтінген. Бірінші өтініш қабылданған. Жайынбай. жұмысшы батальонында. істеп жүрген жерінен қашып, Хантағыға келген. Жұмысшылар оны шахтер боламын деп ант-су ішкен соң тағы қорғап, Қарағандыға, оның қашып келген жеріне хат жазып алып қалған.
Міне, сондағы антын орындап, шахтер боп жүрген шағы осы.
Жайынбайда жасанды қылық көп. Ол кейде өз деміне өзі пісіп, өз буына өзі бусанып, жарылып кете жаздап жүреді. Ал кейде шәлтиіп ап, өзінше салмақты бола қалады. «Осы Жайынбай — қу» деген сөзге ол ешқашан шамданып көрген емес. Өйткені қулықты да қолынан келген, ақылы жеткен адам істейді деген өз болжамы ең дұрыс түйіндеу деп ұғады. Содан да ол «қу» деген сөзді естігенде жымыңдап, екі езуі құлағына жеткенше ыр жыр боп қалады. Оның осы мінезін талай рет байқағам Қамбарбек бетіндегі зілін тез жинап, оған қайта қарады.
Бәрін біле тұрып, қуланып айтып тұрсын ғой. Оныңды да білем. Іш мерез, қулығың мол жігітсің ғой сен.
Жайынбай жымың етіп, қайта сөнді.
— Іш мерезіңізді білмеймін, түсінбеймін де. Ал, өз басына жетерлік қулық әркімде ақ бар ғой, ақсақал.
— Сонда дүние тұп-тұтас қулықтан тұрады демексің бе?
— Солай десе де артық емес, ақсақал.
Қамбарбек басын шайқады. «Мынаған дауа жоқ екен» деп ойлады да, онысың жасыра алмай:
— Қулық дегеннің бір жағы өтірік айту, алдау емес пе? Сонда сен өзіңше алдаумен, өтірікпен өмір сүріп жүрмін деп ойлайсың ба?
— Жоқ, ақсақал, қулық деген алдау емес, ақыл. Оны да қолынан келген, не, айтпақшы ақылы жеткен адам істейді.
— Қулық пен ақыл жайындағы екеуміздің ұғымымыз мүлде қарама-қарсы, басқаша екен. Мен қойдым! — деді Қамбарбек, — қойдым. Екеуміз мүлде түсінісе алмаспыз.
— Басқа-басқа, қулық жөнінде мен сізбен таласа аламын. Кімге болса да түсіндіремін. Сіз менікін дұрыс демесеңіз, өзіңіздің дұрысыңызды айтпайсыз ба?
— Сенімен айтысып болмай ма деймін.
— Оны өзіңіз білесіз. Мені қашан біреу әбден ұқтырып, көзімді жеткізгенше өз ойымнан қайтпаймын.
— Айтқанды ұқпасаң, өз ойыңнан қайтпағанын да оңды.
— Сіз мен сенетіндей әлі ештеңе айтқан да жоқсыз.
— Әй, Жайынбай, сенімен айтысуға, сөз жарыстыруға мүлде уақыт жоқ. Сені білмеймін, өз басым оқымаған адаммын. Бірақ аздаған тоқығаным бар ғой деуші едім. Оны былай қойғанда, әкем Жаппарқұл деген кісі ақтаушы еді: «Әй, Қамбарбек, ақ жүр, ақ тұр, адал бол! Қулық пен сұмдықтан аулақ бол», — дейтін. Мен осыған қарап әке өсиетімен өскен жанмын. Енді байқап отырмын, біздің айырмашылығымыз екеумізді екі әке тәрбиелегенінде екен. Содан да біз бір-бірімізді түсіне алмай тұрмыз.
— Жоқ, ақсақал олай демеңіз! Кім өз әкесін жаман адам еді дейді. Менің әкем де өз жөнін өзі білетін адам болған. Оны былай қойып, сіздің әкеңіз айтқан сөздің дұрысы да, бұрысы да бар. Мәселен қулық пен сұмдықтан аулақ бол дегенде, сұмдықтан аулақ болған жақсы шығар. Ал, қулықтан аулақ бол дегені әбес.
— Енді сен менің өзімді былай қойып, әлдеқашан сүйегі қурап қалған әкемді үйретіп, соның қатесін айтайын дедің бе?
— Жоқ, ә, ақсақал. Сөздің салтын айтамын. Қулықсыз дүние бос. Онсыз өмір сүру қайда. Қулық деген ақыл ғана емес, айла, әдіс, өмір сүрудің, дүниеде тіршілік етудің мына қолымызға ұстап тұрған бұрғымыз сияқты бұрғысы. Мұнсыз бізге қорғасын жоқ, қулықсыз өмір сүру жоқ.
— Ау Жайынбай, әлгі айтқан айла, әдіс тамар сүру тәсілдерін білу, ақылдан шықпай, қулықтан неге шығады?
— Ақсақал ау, қызық екенсіз, ақылыңыздың өзі қулықтан тарап жатқан жоқ па?
Ұсталған жерің осы болар деген адамша Жайынбай Қамбарбекке ойнақыланып, қулана қарады.
— Ал мен жеңілдім. Сен жеңдің.
— Жеңілдім деп өзіңіз айттыңыз. Оныңыз да дұрыс болар. Еш уақытта да аңқаулықты ақылдылық санамаған. Аңқаулық ақымақтық, қулықтың аты қулық, бір аты айла. Қараңызшы, мына соғыстың өзінде өліп жатыр...
Соғыста өлген баласын жақында ғана естіген Қамбарбекке мына сөз түрпідей тиді.
— Е, енді ұқтым, сен ақылды болған соң соғысқа бармай, өлмей жүр екенсің ғой. Өліп жатқандар тек ақымақтар дейсің ғой. Онда мен сенен тағы жеңілдім.
— Жеңілгеніңізді кекетпей-ақ, мойындасаңыз болғаны.
— Жайынбай, осы сенің әйелін бар ма? — деді Қамбарбек әңгіме бетін басқа жаққа бұрғысы келгендей.
— «Көк етікті кездеспей, көн етікке көз түспей, әзірше салт атты, сабау қамшылы» боп жүріп жатқан жай бар. Немене, көмектесіп, біреулермен кездестіріп жіберейін деп пе едіңіз? Мен дайын, ақсақал.
— Жеңгетайлыққа жүретін уақыт өтіп кетті ғой. Қанша қумын десең де қу емес екенсің, соған қарағанда ақылың да, шамалы болар. Әйелді таңдап жүріп, маңдайынан шертіп жүріп алатын кез осы уақыт емес пе? Жанның бәрі, ең, жақсы жігіттер соғыста жүр. Олар жоқта сендерге таңдап алуға болады ғой...
Қамбарбек кілт тоқтады. Неге айтқанына өкінді.
— Өзім де соны ойлап жүр едім. Ойымның дәл үстінен түсіңіз. Ақсақал, сіз де қулықтан кенде емес екенсіз.
— Өзіңіз ойда жоқта серік тауып, қатты қуанып қалдың ғой...
Қамбарбек шахтаға бет алды. Жайынбай әжетханаға кетті.
X
Қамбарбек Левченкоға барлық сырын айтты.
Екі мәселемен келдім. Бірі мынау жаңа құрған бригада жайында, бірі өзімнің жеке бір сырым. Хатшыға бармай, өзіңе келдім. Ол дегенмен әлі жас жігіт қой. Сырды неге болса алдымен тұстас ұғады.
Александр Терентьевич күле отырып басын изеп, мақұлдаған ишарат білдірді.
— Ех, мен бір емес, екі құрдас таптым ба? Дұрыс, дұрыс, Ольга Николаевнаға мұны да айта барайын. Сіз де жолдасыңызға жеткізіңіз.
— Мен де жеткізермін. Бұрында болса арамыз алшақ емес еді, енді болса құрдас болдық. Тіпті, қалай болғанда да, басшымыз өзіңнен жасыратын дәнеңе жоқ. Айтпасаң тағы болмайды. Мына жаңа бригада мәселесі тым нашар боп тұр. Норма орындалмайды. Адамдардың жұмыс істеу жағы біркелкі емес. Біреулері тіпті қатарға ілесе алмай келеді. Соларға алақтап бақылаймын, үйретемін, қалай өндіруді көрсетемін деп жүргенде, масқара боп, норманы өзім де орындай алмайтын болдым. Кейде, тіпті жүзді тарта алмай қалам. Не өзің істеп жарытпасаң, не қарауыңдағылар істеп, норманы өндіріп тастамаса, бригада дегеніңіз қиын. Әсіресе, менің қолым емес пе деп ойлаймын.
— Тыңдап отырмын, айтып бол. Бәрін айт, әлде болғанын осы ма?
— Болдым.
Левченконың әдемі шегір көзінің жиегі жиырылып, кіп-кішкене түймедей боп, түйіле қалды. Оның көзінің тұнығында от ойнап жатқандай жалт-жұлт ұшқын шашты. Бұл қалжыңы аралас салиқалы сөз айтарда болатын құбылыс еді.
— Құрдас боп, сол құрдастықты анық білген күні осындай арыз айтады деп ойлағаным жоқ. Бұл арызыңызды қабылдай алмаймын. Әсіресе, құрдас екеніңді білгеннен кейін қабылдағым жоқ. Осы сен шыныңды айтсаң мен де шынымды айтайын. Бұл менің өз басымның жұмысы емес. Жұртты басқар дегенсің басқарасың. Көптің көңілінен шығудың қиындығы өз алдына. Құрдастың, ағайын-туыстың, көңіл жақпастың діттеген жерінен шығамын деп жүргенде өзің бір жерге, таза емес жерге жығыласың. Жай бір, бейбіт кез болса бір сәрі, мынадай соғыс жүріп жатқан кезде жеке бастың, бір адамның әлгіндей ағайын көршілікпен айтылған арызын орындаймын деп көңілшектік көрсетсең ақ болды, ар жағы өзінен-өзі ыдырай бермек.
Қамбарбек жаңа тапқан құрдасы, өзі бұрыннан білетін Александр Терентьевичтің мына сөзінде зіл барын ұқты. Зіл — ашусыз, ақыл зілі.
— Шын болмайтынына, тіпті алалауға келмейтініне өз көзім жеткен кезде ойланамын. Біліп қой, онда да бірден істей қоймаймын, ойланамын.
Ол тағы да Қамбарбектің майлаған бидайдай қоңыр қызыл, батыр сипатты өңіне қарады. Қамбарбек томсырайып, міз қақпады. Мұның да өз қылығы мол адам. Көбіне ол бетімнен ештеңе оқып шығара алмайсың, ал мықты болсаң ішімдегіні тап дегендей қалатыны бар. Сол әдетіне басып, ол көпке дейін үндемеді. Бірақ басқа түскенді иықпен көтеріп үйренген Қамбарбек онша пұшайман бола қойған жоқ. Өмір тепкісін өз мойынымен, өз басымен көп көтерген адамға жақсылы-жаманды жандар арасында қалт-құлт етіп жүре берудің ешбір әурешілігі жоқ-ты. Басқасын былай қойғанда ол Ащысай кеніне сонау 1930 жылдың көктемінде келді. Содан бері табаны күректей он төрт жыл өтіпті. Осы он төрт жыл ішінде ол талай-талай сарбаз жігіттермен, неше азаматтармен, атап айтса нақ бүгін қасында жүрген Дәулен сияқтымен де, Жайынбай сияқтымен де істес, қайла болғаны бар. Тұрмысы, өмір талқысы иілгіш мойынды ғана емес, қайсар кеудені де басам десе, жансам десе жөндеп тастайтыны бар. Ат желігі мен құс желігінен кеудесі өсіп, көкірегін шаң-тозаңы шарпыған жас жігіт сол жылдардан бері басқаға да көндіккен. Әсіресе, сөз тыңдағыш, елгезек. Жас кездегі айттым болды, кестім, піштім деп қарыса беретін, қасара түсетін мінездер жастық жалынымен бірге сөнген. Ендігінің бәрі салқын ой мен саралаған толғамдікі. Содан да болар, мұның да бар ойлағаны бар шығар деген сабырмен тоқтады.
Бұл жайында райдан қайттым. Ал екінші айтпағым — кемпірімнің жайы онша жақсы емес. Баласының суық хабарын алғаннан бері күн сайын шөгіп барады. Тамақ істеу, от жағу, отын-су мәселесі қиындап барады. Оның үстіне қазіргі үй баламыздың өскен үйі. Оның әрбір қуысы кемпірдің есіне баласын түсіреді.
Түсіне бастадым. Саған жаңа үй керек.
Дұрыс айтасың.
Мен мұны баяғыда ойлағам. Бірақ, осындағы байырғы қазақ, шахтерлердің көбі-ақ өздерінің үйренген ескі үйінде тұрғанды жақсы көреді. Сен де соның бірі болар дейтінмін.
Қамбарбекке үш бөлмелі жаңа да жақсы үй берілді. Бірақ, бұл үйге көшуге ешкім асыққан жоқ. Асыққанды былай қойып, Хадиша ол үйге мүлде бармаймын деп әлек салды.
— Менің жаным жар дегенде жалғызым Бекзатжаннан артық емес. Бұл үй жаман да болса сол жалғыздың ұшқан үясы еді. Кетпеймін. Сол баланың иісі сіңген, сол баланың көлеңкесі түскен, сол баланың бала болғанын есіме түсіретін әрбір бұрышы маған қымбат.
Қамбарбек не істерін, не айтарын білмей ақырып қалды. Хадишамен кеңеспей, келіспей барғаны рас. Ол өзінше Хадишаны елестен, баласы боп қараңғы бұрышта жүретін көлеңкеден құтқарғысы келген еді. Қоныс аударса, үй-жай өзгерсе ұмытар, сейілер деген ойда болған еді. Ол әлі де осы ойда. Бірақ, өмір бойы Қамбарбекке құдай мен пайғамбарыңдай бас иіп келген момақан кемпір осы жерге келгенде нақ осыншалық қасарар деп ол ойламаған. Бір қызығы нақ осыған келгенде Хадишаға тіл де бітті:
— Көзімнің тірісінде жалғыздың жаман ұясын бұза алмаймын.
— Бұзбай-ақ қоямыз. Анау жаңа үйге қыстап, жазда, шілдеде осында келеміз.
— Бір кеткен соң, келу қайда?
— Келеміз!
— Қайтып келетін болсақ, аз күнге әуре боп неміз бар?
Ерлі-зайыпты екеуінің ортасындағы бұл айтыс көпке созылды. Әшейінде баса-көктеп, әйелге дес бермеген Қамбарбек те ананың баласына деген махаббаты тәрізді нәзік нәрсеге келгенде ол да осалдық көрсетіп алды. Өстіп жүргенде осы үйдің әлегі әсер етті ме, Хадиша ауырып ауруханаға түсті. Қамбарбектің қаталдығы осы жерде ұстады. Осы кезде ол жаңа үйге көшіп алды да, ескі үйді трактормен құлатып тастады. Осылайша істерін істесе де, мола тәрізді томпайып қалған ескі үйінің орнын көріп қобалжып та кетті. Қанша дегенмен өз қолымен салып, көп жыл пана болған үй. Мұның үстіне жалғыз баланың осы үйде өскені де, осы үйден мектепке, оқуға барғаны да рас. Ал, Нұрби болса осы үйде есті, осыдан оқуға кетті.
Қамбарбектің кейінгі кезде жасырынып қалған ер көңілін толғаған бұл ғана емес. Кесек қабырғалы балшық үйдің бұрышын трактормен соғып, ішіне қарай омсырайта құлатқан кезде Ақтөстің, Қамбарбекке қарап нақ бір жалынғандай ақ, жан даусымен қыңсылағаны бар емес пе? Ол құлаған үй, гүрілдеген трактордан қорыққандай ақ иесінің аяғына басын соғып, етегіне тығылды. Осы иттің қылығы Қамбарбекке нақ бір Хадишаның айтуымен істегендей, немесе, соның ойын, ниетін сезіп, әдейі істеп жүргендей әсер етті. «Осы жерде Хадиша болғанда бұдан да сұмдық болатын еді-ау!» деп ойлады ол. — Болар іс болды. Ендігісін кім білсін? Көп болса, Хадиша жылар, сықтар. Артынша басылар, көнігер. Баладан айырылып өлмеген басым, екі бөлмелі қуыстан айрылғанда не болар дейсің? Мынадай сұрапыл соғыстың болып жатқанына қарамай, әлемдегі бар ескінің қирап жатқан заманы емес пе? Ал, жаңа ше... ол да опат боп жатыр. Менің ебедейсіз қолыммен қалаған кесек үйім кімнің үйінен артық? Анау соғыс боп жатқан аймақта мұндай баспана түгіл, зәулім сарайлар, салтанатты үйлер, тарих білетін ата-мекенді жайлар қирап жатқанда, мен мұның несін аяймын? Бір кезде тоқтап қалсам, анау қамкөңіл, шерлі кемпірдің көңілі үшін, ниеті үшін еді...»
Енді бұған иттің күйігі көп тағы қосылды. Бұзылған үйге бір, соған оймен, мұңмен қарап тұрған Қамбарбекке бір қарап қыңсылайды көп, қыңсылайды. Алдап шақырса да, тамақ берсе де, жаңа үйге қарай аяқ басқысы келмеген Ақтөсті жіпке байлап, жетектеп алды. Сөйтіп, апақ-сапақта Қамбарбек итін жетектеп жаңа үйіне бет алды.
XI
Қамбарбек үйіне қара қағаз келіп, қаралы аза тұтқалы келмеген жақындардың бірі Әйкен еді. Әйкен екі жыл осылармен көрші-қолаң отырған, әрі қыз алыспайтын алыс дейтін алыс та, жақын дейтін жақын да емес, жамағайын Жарбек деген жігіттің әйелі еді. Мұның да күйеуі майданда. Хат көп тұрады. Көңіліне дәт осы.
Бекзаттан қара қағаз келгенін естігенде көп жылаған адамның бірі осы Әйкен. Көп жыл көрші тұрып, нақ бір туған қайнысындай боп кеткені өз алдына. Мұның үстіне оның ең тұңғыш, жастық та, балалық та махаббаты осы келіншекке ерекше ауған еді. Әйкен оны армияға шығарып салардың алдында ұқты.
Әйкен сұлу десе сұлу еді. Ал, сұлу болмағанның өзінде ерекше сүйкімді, әдемі бір көз тоқтар рең жүзі бар, ойнақы мінезді, жаудыраған күлім көзді, көзінде, жүріс тұрысында тартымдылығы мол сұқсырдай қара сұр, байланбаған құлын мүшелі қоңырша келіншек еді. Жасында бұған көз қырын салмаған бұл өңірде жігіт азды. Сөйтіп, өз әсемдігінің, өз сұлулығының бағасын жігіттер оған ерте білгізді. Жігіт көзінің сәулесі оны ертерек бой жеткізді. Сөйтіп, ол өз бағасын ерте ұқты да, кейде пан, кейде ерке, кейде жайдары боп, күннің сәулесі қайдан түссе солай қарай жапырағын жаятын гүлдей бұлғақтап, еркін өсті. Осы еркелік пен еркіндік оған төңіректеген бозбаланың қайсысының болса да жүрегін қатты қытықтады. Мұның үстіне күлкісіне лайық әзіл қалжыңы бар, оспақ оқыс сөзді көтерер жайдары мінезі бар сүйкімді қызға көзінде ынтығушы да, армандай күрсініп қол созушы да, ғашықтығын айтып хат жазушы да, ұзақ-ұзақ махаббат өлеңдерін төгушілер де аз болған жоқ. Әйкен мұның көбіне миығынан күле қарады. Енді біразына дос-жаран құрбылық назбен жауап берді. Енді бір тобы еленбей бос қалды. Бірақ, ешқайсысына да тізгін бермеді, маңайға келтірмеді. Сұқтана қараған көп жігіттің көзқарасы арасында қысыла қымтыла ескен қыз әрең-әрең, әупіріммен қанатын сындырмай қалған қоңыр ала үйректей, сытылып шыға берді. Келе-келе көп сөзге ет үйреніп, қайта мақтанышпен еркін басты, дарқан жүрді. Бұл мінез, өктемдік, пандық біраз жігітті өшіктіре түсті. Қыз соңына өршелене түскендер көбейді. Қойшы, сөйтіп жүрген Әйкен ойда жоқта, жұп-жуас, момақан жігіт, әлгі ғашық болған топтың санатына бірде қосылып, бірде қосылмай жүрген Жарбек деген жігітке жар бола кетті. Шын ғашықтар «ах ұрып» сан соғып қала берді.
Мұны кезінде әркім өзінше, әртүрлі жорыды. «Ойбай, Жарбек Әйкенді зорлап кеткен екен. Содан әке-шешелері жабулы қазан жабулы күйінде қалсын. Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жөн ішінде» демей ме? Елге жұртқа масқара болмасын, одан да екеуін қоса салайық депті-міс...
Енді біреулер: «Бұл қыз сұм, қу. Өз бағасын біліп, тәуір керетін жігіттердің көбін біліп алған соң, соның біріне тиіп, өз бағын өзі байлағанша, біріне тәуелді болғанша, момын жігіт — Жарбекке тиіп, өзінше онды-солды шайқамақ ойы бар. Жас тері илеуге, жасық жігіт билеуге жақсы. Көңілі кеткен ғашықтан өзін де аулақ ұстамай, өзгені де үмітсіз қалдырмай, бәрін де жартылай үміткер етіп қалдырмақ төңірегінде ұстамақ», — десті.
Тағы біреулер ақылды екен дескен. Сұлулық пен ақылы бар әйелге әдемі еркектің көркем жігіттің керегі не? Ерке өсіп қалған қызға еркін, ерке боп өту үшін өзінен төмен адамға шыққаны дұрыс.
Мұның қайсысы екенін кім білсін? Бірақ, момындығы болмаса, Жарбек жаман да жігіт емес-ті. Ол соғысқа дейін армияға қызмет етіп келді. Содан шахтада істеді. Жау бас көтерген күні-ақ қайтадан армияға алынды. Оған дейін екі жыл Қамбарбекпен көрші тұрды.
Жарбек соғысқа кеткен соң үш жылдап соң кезекті шақыруға Бекзаттың жасы ілікті. Аттай үш жыл бойы күйеусіз тұрған жас келіншек қайтадан құландай ойнап, жайнап сала берді. Осы кезде көрші баланың көзі ойнақы мінез, күлім көз жас жеңгесінің жамалына назары түсіп еді. Кезінде көп жігітті көзінен танып әккіленген келіншек мұны бірден сезді. Бірақ, өзі сыр бермей, іштен бақылап, тұна түсті. Сөзді Бекзаттан күтті. Жігіт айта алмай қор болды. Әйкен мұны да сезді. Баланың бала мінезі, еш нәрсенің жөн-жосығын білмейтін аңғалдығы, өзі тіленіп тұрған әйелді танымайтын аңқаулығы Әйкенді де қатты қызықтырды. Сабыр етті. Қақпанға өзі келіп түскелі тұрған қоянды үркіткен де мансаптық қой... Мұндайды білмейтін әйел тағы аз. Сөйтіп жүргенде бір-ақ күнде жер соқтырып кетер деп те ойлаған. Сондай бір күдікті ойды ұшқындырып жіберген от Бекзатты Түркістанға, соғыс комиссариатына шақырғанда лып ете түсіп еді. Ол алғашқыда «жай басар басым, айырылдым ғой. Өлім мен өмір отына белсеніп түскелі бара жатқан бүлдіршіндей жастан нені аядым? Өмірде ештеңе білмеген, күнәден пәк періште ғой, ауызданып кетсе несі бар еді?» деп ол кәдімгі әйелше, әйел болғанда кімге де болса, көңілі түссе жақсылық жасаудан, назарына алғанын ең болмаса бір рет бақытты етпей тынбайтын елгезек, қайырымды жанша ойлады. Мұның үстіне ол кейбір әккі, тіс қақты еркектердің кейде жас иіске, жас әйелге, өзінен әлдеқайда жас кісіге ынтызары ерекше сияқты, әйелдің де кейде өзінен жасқа аңсары ауа ма екен деп қалды.
Әйкен өткінші самал қуған ақ шарбы бұлттай тез серпілді. Бекзат енді екі күннен кейін жүруге шақыру қағаз алып үйіне келді. Ең алдымен ішінен болса да, жүрегі лүп ете қалғанның бірі көрші жөнге болды. «Өзі білсе білді, білмесе, қарап қалудың орны жоқ. Ең болмаса, бұрын ештеңе көрмеген бір жастың көңілінде қалайын, есінен шықпайын. Тірі қалса, қашан кәріліктен басы жерге жеткенше есінде жүрейін!» — деп түйді ол. Оның бойын жастықтың қызуы биледі. Ойына берік бекінді: «Армияға, соғысқа аттанғалы бара жатқан жас жігіт, алғашқы сонау бір күндердегі еркеназды, қалжың қылжақ сөзін де естен шығарып алуы кәдік. Ондай болса ойына өзім сап, әрекетті алдымен өзім жасайын...»
Бекзат әке-шешесімен сөйлесіп, біраз жолдастарымен қоштасып, мектепте бірге оқыған ұялшақ Айнаны көріп қайтқан соң өзі де не істерін білмей, үй төңірегінде ерсілі-қарсылы жүріп алды. Осы шақты аңдыған жеңге есіктен басын қылтың етіп көрсетті де:
— Молда бала, мұнда келіп кетші! — деді де, қайтадан үйіне сүңгіп кетті.
Ойында дәнеңе жоқ жас жігіт, арсалақтап жетіп келді.
— Ал, соғысқа кететін болдың ба? — деді ол көрші қайнысына тіктей қарап. — Қашан жүресің?
— Арғы күні таңертең.
— Бағыт қалай?
— Айтпайды ғой. Не де болса, майданы жақсы болар.
— Оны кім біліпті. Ағаң жүр ғой, ең болмаса уақтылы хат жазуға да мұршасы келмей. Қайсының жақсы, қайсының жаман екенін бара көрерсің. Күні бұрын не деп болады. Майданы жақсы деп жастықпен айтасың да... немесе, соғыста, ұрыста тұрған не жақсылық бар? — деп біраз қамыға, булыға сөйледі. — Ағаңды көре қалсаң сәлем айт! Мына менің сені құшақтап сүйгенім сияқты құшақтап сүй.
Әйкен шап беріп. Бекзатты құшақтай алды да, өзіне қарай тарта түсіп, қатты қысып, дем алысы жиілеп, аузына жабыса, шөп-шөп етіп сүйіп-сүйіп алды. Ту биедей жас әйелдің ыстық демі, жұп-жұмыр денесі, тіп-тік кеудесі денесіне тигенде жігіт өзінің не болғанын, қайда тұрғанын білмей қалды. Басы айналып, көз тұнып, төңірек бір сәтте сағым боп кетті. Келіншек уыздай жас жігітті алғашқы құшақтаған күйінен ажырай алмай, төрге, өзінің төсегіне қарай тарта берді. Жігіт мас адам сияқты буындары босап, қайда барарын, не істерін білмей қалған.
Әйкен оны құшақтаған бойы төсегіне құлады да, шөп-шөп сүйе берді...
Бекзат майданға жүрер алдындағы екі түнді осы үйде өткізді. Жеңге құшағы оған жылы да тәтті көрінді. Екі түнде-ақ бәйге қосуға әдейі жаратқан тай құнандай сылынып, қабағы қатып, бірақ көз жанары ерекше жайнап, от шашып, ұшқын атып шыға келді.
Бұл екі түн әйел құшағының ыстық та тәтті дәмін тұңғыш татқан жас жігіт Бекзат түгіл, екі жылдан аса ерлі-зайыпты боп тұрған Әйкеннің өз есінен мәңгі шықпастай боп, айқын да, дәл естелігін қалдырды.
Міне, Әйкен сол Бекзаттан қара қағаз келді дегенді естіп жылаған, көп жылаған, енді оның ата-анасына көңіл айтуға келді. Жол-жөнекей сол екі түннің кейбір қылықтарын есіне де түсірді. Көңіл шіркін, кейде осындай арсыздық жасайды. Енді ол бұл дүниеде жоқ, көзін мәңгі жұмған адамның орынды-орынсыз, жақсылы-жаманды ісін еске алудың, оны кейбір шұқырына дейін еске түсірудің қажеті болмаса да, Әйкен осы жолы одан арыла алмай қалды. Әсіресе, мына бір жайлар естен кетер емес. Екі күн бойы шарап ішіп мас болған, сөйтіп тілі байланып қалғандай, көзі жасаурап, мең-зең боп жүрген жас жігіт, кетер кезде, киініп сыртқа шығарда енді ғана тіл бітіп, екі түн бойғы ісіне есеп бергендей:
— Жеңеше ай, тәтті екенсің ғой, білмей кеппін ғой, — деп еді.
Жіпсіген денесін ақ жібек халатымен бүркегендей боп, сиқырлана күліп Әйкен қалған...
Енді қарап отырса ол да бір күн екен-ау. Одан соң Әйкен көшіп төркініне, Түркістан қаласына кетті. Содан бері бұрынғы көршілер көріспеген. Бүгін Әйкен Қамбарбек пен Хадишаны іздеп қаладан Хантағыға әдейі келеді. Қотырбұлаққа дейін поезбен көп, қалған жерін біраз жолаушы боп жаяу жүріп өтті. Көп ой осы жаяу жүріс үстінде қайта келді. Оның ең бастысы Бекзаттың Әйкенге эшелон үстінен, Орынбор мен Бұзалық ортасынан жіберген хаты еді. Ол ұзақ жазған екен. Соның бір жерінде былай депті:
«Мен ауылдан, кәдімгі Хантағыдан ұзап шықпай-ақ ақын да, әнші де боп кеттім. Өлең жазғым келеді, айқайлап ән салғым келеді. Неден екенін білмедім, маған әйтеуір, бір желік панда болды. Басыма кейде ештеңе түспейді. Айқайлап, «жеңеше ай» — деп ән салғым келеді. Айналайын жеңеше, өзін білесін, мен әнші де, өлеңші де, ақын да емеспін. Кетерде өзің берген күш-қуат, ләззат, тәттілік маған желік әкелді, өрепкілік, көңілділік, шаттық әкелді. Мен енді ғана адам боп, кәдімгі жұмыр жердің үстімен томпаңдап жүріп бара жатқандай сезінем. Азамат болғаным, адам екенім енді есіме келгендей. Әттен, қасымда жора-жолдас, таныс емес жандар көп, әйтпесе, шырқап бір ән салар едім, ол әнге сенің атынды қосар едім. Қайтейін, ішке сыймай бара жатқан соң, ыңылдап ән салам. Кейде нендей ән салып отырғаныма да көңіл бөлмеймін. Мен көп білмеймін де ғой. Көңілге қайдан сап ете қалғанын білмеймін, бірнеше күннен бері «Жеңеше» әні қалмай дос боп келеді. Ойлаймын, шамасы, жеңеше, сенің рухың, сенің қылығың, сенің маған деген ықыласын, осы әнді маған жолдас етіп берді ғой деймін. Жақсылап сала алмасам да, сол әнді көңілмен де, ыңылдап та, айқайлап та, қайта-қайта айта бергім келеді. Ішімнен құран аятындай, дұға сөзіндей қайта-қайта қайталайтыным екі шумақ, сегіз жол өлең.
Айдап салдым жылқымды тепсең жерге,
Сендей адам табылмас ексем жерге.
Намаздыгер намазшам арасында, жеңеше ау,
Асыққаннан тимейді ау, өкшем жерге, жеңеше ау!
Ой, жеңеше ау, Мінезің сенің өзгеше ау!
Міне, ұзақ жолда сүйеу боп, қанат бітіріп келе жатқан қуат берер сөздің басы осы.
Көзімді жұмсам болды, алдымда күлімдеп сен тұрасың. Содан да ұйқым келмейді, көзімді тас жұмып, сені көріп отыра берем. Кейде түстей, кейде өңдей болады. Құдайдан жасырмағанды адамнан иесін жасырамыз дегендей ақ, сенен несін жасырамын, сенің бауырында өткен екі түн бүкіл өмірімнің қызығы да, тамашасы да, есте қалатыны, бәрі, бәрі де сол ғана сынды боп көрінеді. Көзімді ашып алсам сен жоқсың. Көзімді қайта жуамын. Қайта көремін сені. Неге екені белгісіз. Айнаны тіпті көз алдыма келтіре алмаймын. Кішкене күннен бірге оқыған дос, жақын еді деп көз алдыма келтіргім келеді. Жоқ, сенің бейнең басып кетеді. Ол мүлде көрінбей қалады. Сені ұмытып, оны да бір мезгіл көргім келеді. Болмайды. Көлеңдеп сен турасын көз алдымда. Ал Айнаны көре алмадым, көз алдыма келтіре алмадым. Осыған қарағанда не ол, не мен, әйтеуір біреуміз бір-бірімізді сүймейтін сияқтымыз ау.
Міне, көзімді жұмдым. Алдымда сен тұрсың. Жүрегімнен күмбірлеп ән келеді. Қайта-қайта айта берем:
Айдап салдым жылқымды ошағанға,
Салсам құрық түсер ме қашағанға,
Жеңеше ау!
Ауыл алыс қалғанмен көңіл жақын,
Жалбарынып жүре көр жасағанға!
Жеңеше ау!
Ойлаймын, жеңеше, осы әнді шығарған адам да жеңгесін осы мен сияқты, тіпті одан қатты сүйген болар-ау. Қандай күшті, қандай әсем ән? Мұнда ешқандай өтірік жоқ, бәрі шын, бәрі шындық. Бәрінен де әннің қайырмасы күшті ме деймін. Қайырмасында мұң мен шаттық аралас,әдемілік пен жан сұлулығы аралас әсем сарын, көркем әуен бар. «Ой, жеңеше ау, мінезің сенің өзгеше ау!»
Мен әнді жақсы сала алмайтынымды өзін жақсы білесің! Бірақ, әнді, оның ішінде осы әнді сүйіп кеттім. Осы әнді нақ бір өзім шығарған, саған арнап әдейі шығарғандай жаныммен ұнатып алдым. Бәрінен де ән қайырмасындағы «мінезін сенің өзгеше ау!» дегені қандай дұрыс айтылған. Менің саған айтатын сөзім осындай-ақ болар. Тауып айтылған, дәл шыққан сөз. Шынында да, екі-үш жыл көрші тұрып қадіріңді қалай білмегенмін. Мінезің өзгеше екен ғой.
Сарт-сарт соғылып, жүрек дүбіріңдей дүрсіл қаққан поезд доңғалағының үстінде отырып ойлауға жақсы екен. Төңіректегі бірге келе жатқан жігіттердің абыр-сабыр сөздерің де елең қылмай, кейде ойлап кетесің. Сонда көз алдыма тағы да сен келесің. Ойлаймын. әрбір адамның басы жерге жеткенше өмір бақи есіне түсіріп, рақаттана ойлайтын бір-бір оқиғасы, ұмытпасы болса, ол менде бар. Менің мақтанышым, сүйеуім осы боп келеді, демек өзін боп келеді...»
Қотырбұлақтан Хантағыға жеткенше талай жер. Даурыға сөйлеген он шақты жаяудың ішінде келе жатып Әйкен бұл хаттың мазмұнын есіне әлденеше рет алды. Осы хаттан кейін ол амандықты, саулықты білдірген ашық хаттар болмаса, ұзақ хат жаза алмады.
Әйкен Хантағыға қалай тез жеткенін байқамай да қалды. Хат қат-қабат келіп, оны қатты толғантқан еді. Осы ой үстінде ол тез келді. Хантағы аталатын нән қоңыр төбенің түбіне келгенде өзеннің он жағын ала, әлгі төбені бауырлай жүрді. Сонадайдан көрініп тұратын қара мұржалы кесек үйдің көрінбегеніне бұл алғашқыда мән берген жоқ. Ал, осы шама еді ғой деп жақын келгенде де ештеңе көрмеді. Ол алғашқыда өз көзіне өзі сенбей, аң-таң боп қарады. Қамбарбектің үйінің орнында томпайып бір төбешік жатыр. Төбешіктің үстінде қара киім жамылған біреу отыр. Әйкеннің жүрегі жиі соқты. «Қорыққанға қос көрінер» дегендей тұрып қалды. Түсі емес, өңі. Бұл сол Қамбарбек үйінің жұрты, соның ескі орны, құлаған үйдің үйіндісі. Жол бойы әлдилеп келген жастықтың жақсы ойы быт-шыт болды. Бұл не сұмдық? Жалғыз баладан айрылған соң ерттеп кетті ме? Өздерін де, үйін де құртты ма екен? Анау отырған кім?
Бір сәтте Әйкен басына мың сан ой келді. Буындары дірілдеп, тұрған жерінен қозғала алмай қалды. О құдірет, мұндай сұмдық соғыс боп жатқан жерде болады деуші еді? Мынасы несі! Мына жерде не пәле?
Ол үй орнына жақын келді. Қара жамылып, үй жұртында отырған Хадиша екен. Екеуі бір-бірін тани кетті. Кеуде қағысып, бір-бірін құшақтай алды. Сол айқасқан құшақ көпке дейін жазылмады. Солығын баса алмай, жас балаша өксіп өксіп жылады екеуі де...
Хадишаның буындары дірілдеп, қолын жазып, Әйкенге қарады. Әйкен оған қарады. Хадиша келініңдей болған жас әйелдің жүзінен бұл не сұмдық, қайынаға қайда деген сұрауды оқыды. Осы ойды сейілтер мына сөз болар дегендей Хадиша бірден ақ:
— Жаңа үйге көштік. Мен ауруханада жатқанда шал мынау үйді бұзып, жаңа үйге көшіп апты.
Көңіл айтуға келген Әйкен жаңа үйге құтты болсын айтқан жоқ.
— Иә, онда, оқасы жоқ. Бұл не сұмдық деп қалып ем.
— Шалдың бұл үйді неге құртқысы келгенін кейін ұқтым! — деді Хадиша шаршаған үнмен.
— Бұл үйде тұрған не бар?
— Не бар емес. Бар, қудай біледі деп айтайын, бар. Менің балам тірі. Ол бір жерде жүр. Өйткені осы үйде тұрғанда ол көлеңдеп, кәдімгі үйде жүрген күндері сияқты көз алдымнан шықпай қойды ғой... Қаракөлеңкеде көлбеңдеп, кәдімгі тірі кезіндегі тәрізді ана бұрыштан бір, мына бұрыштан бір көріне берді. Мен шалға осыны айттым. Ол үйді өзгертті, мына үйді бұзып тастады. Міне, енді бұл үй, өзі өскен үйі оның қабырына ұқсап томпайып жатыр.
Хадиша қайта жылады. Әйкен бұл жолы міз қақпады. Әлгі бір «тірі» деген сөз оны тағы да ойға қалдырды. «Тірі. Несі бар, тірі болса тірі шығар. Немене, әлгі бір, тұтқын дей ме, жаралы боп ауруханада жатқан дей ме? Сондай боп жүрсе құпта құп. Ана жүрегі әлдене сезіп жүрген болар. Ана ғой, ана. Ол көп нәрсені ұғады, көп нәрсені біледі».
Оның көз алдына тағы да тірі Бекзат елестеді. Бойшаң, иығы тік, жауырыны қақпақтай, кеудесі кең, сымбатты қара сұр жігіт. Бойындағы көптеген сымбаты, көзі, қасы, өңінің әсемдігі шешесіне, Хадишаға ұқсаса, денесі, сырт пошымы әкесіне ұқсаған. Ана мен әкенің бар жақсы қасиетін бойына жинаған жас жігіт әсем көріктісің. Әйкен ойымен ақ сол бір сүйкімді жігітті көз алдына қайта әкелді.
— Апа, Хадиша апа, мен сізге көңіл айтуға келген едім. Әлгі сөзіңіз маған да ұнады, енді көңіл айтпаймын. Ол тірі шығар. Илахым, солай болсын. Енді көңіл айту емес, балаңыз аман-сау келсін деймін. Соған тілектеспін, апа!
— Иә, жаным, Әйкенжан, айтқаның келсін, аузыңа май!
Хадишаға күтпеген жерден қуат пайда болды.
— Жүр, енді жүр, шалдың жаңа алған үйіне барып, шай-пай ішейік.
Бұл екеуі нақ бір қабыр басынан қайтқан әйелдер сияқты бір-бірін сүйемелдеп, қолтығынан демеп үйіне қайтты. Әсіресе, Әйкен көңілі серги түсті. Оған «шын тірі» деген бір әдемі сезім пайда болды. Оны осы сезім демеп кетті. Баланың жеңешесі жайлы айтқан жақсы сөзі, айтқан әні көңілге қайта көп қонақтады. Оның әнді қайталап айтқысы келді. Әттең, қасында өзінен үлкен, сол қайнысының анасы келе жатыр, әйтпесе, ыңылдап болса да ән салар еді-ау. Дегенмен ән сазын ішінен айтып, сол сарыннан жігіттің өзін көріп келе жатқандай Әйкен:
Намаздыгер намазшам арасында, жеңеше ау,
Асыққаннан тимейді ау, өкшем жерге.
Жеңеше ау,
Ой, жеңеше ау,
Мінезің сенің өзгеше ау!
Осы бір жылы да тәтті ой оны тағы әлдиледі. Хадишамен бүгін алғаш кездескен кезінен өңі өзгеріп, беті алаулап, жайнап сала берді. Тұп-тұнық мөлдір қара көздің жанары от шашты. Сонау бір Бекзат әскерге жүрер алдындағы екі түн, сол түнгі жүректің жиі соғысы сияқты жаңа ырғақ бір сәт қайта соқты, соғып өтті.
XII
Нұрби өзінің дәрігерлікке әзірлік ісін осы Хантағыда өткізуге жолдама алып келді. ұған шешесі де, әкесі де қатты қуанды. Екі-үш бөлмелі жаңа, жарық үйге енгенін білгендей қызы келді. Бәрібір бұл қызсыз мынау үйдің іші жарық та, қарық та болмас еді. Қамбарбек болса уақыттың көбін шахтада еткізеді. Өз сөзімен айтса, осы үйде ом алып жалғыз Хадиша отырады. Шүйіркелесіп сөйлесе қоятындай бос жүрген көрші әйелдер де жоқ. Үйде тым аз болса да Нұрбидің келгені Хадишаны тірілтіп, ел санына қайта қосты. Ендігі ұл да, қыз да осы. Ендігі сүйеніш, ана қуаты осы қыз.
Мұның үстіне Хадишаның Нұрбиді, өзінің іштен шыққан перзентін көргенде ерекше толқитын өзгеше жайы тағы бар. Бұл өзінің аузынан түскендей, нақ суреті тәрізді. Өзінің он сегіз бен жиырмадағы шағын еске алғанда. ол үнемі өзінің қызына қараумен өткізеді. Іштен шыққан шұбар жыланды кім жек көрген, бірақ, Хадиша қызына қарап, өзінің жастық шағын, құпиясы көп, балалығы одан да көп кезін есіне алады. Өз қызына өзі ғашық болған ананың жасырын қуанышында, құпия сырында шек жоқ-ты.
Бала қайғысын да ептеп-септеп көмескілеп, бірте-бірте ізін шайып келе жатқан да осы қыздың келуі еді. Өйткені, бұл қыз аға қайғысын не де болса сыртқа шығармай ішке жұтты. Онсыз да күйзеліп қалған әке, қаусап қалған шешенің әуеніне төңкеріле кетпеді. «Болар іс болған болса, оны осылай көтерер болар» дегендей, ер адамнан бетер қайсарлық көрсетті. Тіпті, ағасының бір кезде бірге оқыған құрбысы, үміткері боп жүрген Айнаға бірден ақ: «енді бағынды байлама!» деді.
Міне билік, міне қаталдық. Оны бұл мінезіне қарағанда, түрі, түсі шешесіне тартқанмен, мінезі, қаталдығы, кесімі әкесіне тартқан деу артық емес-ті.
«Әдемілік, сұлулық бар жерде қаталдық болмайды» деп түсінетін Қойшыбай да ей алдымен нақ осы жерден қателескен еді. Гүл өсетін жерде тікенек те өсетінің ол осы бір кезге дейін аңғара алмаған екен.
Өткен жылы бір көріп қалған қыз Қойшыбайдың есінен шықпай қойды. Тіпті ойламайын, одан маған аспандағы ай жақын емес пе деп, өзіне-өзі сабыр айтып, тоқтау сала.тежесе де көндіге алмаған жайы бар. Ол кейде өзіне-өзі таң боп та көрді. Әйелі бар, үйленгеніне екі-үш жыл болып қалған сақа жігіттің бұл ойы, түстен кейінгі сабырсыздығына, әбігерлігіне жол болсын? Бірақ ол бұл сұрақтарға басалқы жауап бере алмады. Содан да ол шын ғашықтық оның өзі дүниеде бар болса, енді басталды ден ойлады.
Қосылғанына екі-үш жыл болса да әлі түсінісіп, бірін-бірі біліп жетпеген. Бұдан былай бір-бірімізді түсініп, ортақ тіл тауып кете қоямыз ау деген үміт нышаны әлі көрінбеген. Қойшыбайдай әдемі, сұлу жігітке ғашық болдым деген жарасады да, женіл. де... Оның бер жағында кінә кімнен деп ерлі-зайыпты екеуі сұраспаған да еді. Қойшыбай онсыз да бір жарықшақ барын сезетін. Бірақ қандай екеніне, неден екеніне жауап іздеген емес.
Міне, Қойшыбай қисынды, қисынсыз себептермен емханаға жиі келетін болды. Қыз оның бұл қылығына мән берген жоқ. Өзі осындай ақ жарқын адам болар. Көп адам жастан әдет болған көптеген оғаш мінездің, оқыс қылықтың, өзі де сезе бермейтін, сезсе де қоя алмайтын мінездердің құлы емес пе? Оның Нұрбиге қарап күлгенінен не оған, не бұған келер-кетер не бар?
Дегенмен күлкі деген сиқырлықтың басы. Шындап келгенде күтпеген көп пәле сол күлкіден басталады. Күлкіде әзәзіл мен арбаудың іздері болады. Бұл жайды Нұрби ұға қойған жоқ. Күлкісіне күлкімен жауап қатып, жастығына қарамай басшы атанған жас жігітті сөзбен, көзбен қарсы алып шығарып салып жүрді. Өзінше инабат көрсетіп, жылы жүзіне жылы қабақпен жауап қатты. Мұның артынан не боларын қыз сезбегенмен, жігіт ұға бастаған еді. Ол өзінше талай нәрсеге қолы жеткен, кемінде үлкен бір белестен асқандай боп көңілді жүрді. Бірақ ойын дәл. сездіре қояр ұрымтал жерін іздеді. Мұндай ұрымтал жерді табу қиын. Оған ыңғай көрсетуші кім, Нұрби ме? Мінезі ауыр, бәрін өзінше ақылмен өлшеп, пішіп істейтін бала. Ол тіпті біреудің жаманды-жақсылы ойын сезе қойғанның өзінде де оған онша зер сала қоймауы кәдік. Қызға, қызылға кім қызықпайды? Оның бәріне назар сап, мән беріп жатсаң шашың жетпес. Қыз түйіндеуі осылай болғанмен жігіт сезер, білер, менің көзқарасымды ұғар деген үмітте жүрді. Үміт ақталмады. Қыз Қойшыбайдың көзқарасын, өзін ұнататынын сезгенмен оған қуанған. да, қайғырған да жоқ. Ол өзінше екеуінің арасын тым алшақ санады.
Қойшыбай емханаға бір күні жұмыс аяғында келді. Нақ бір күтіп тұрғандай ақ:
— Қарындас, машинаға отырыңыз, үйіңізге жеткізіп тастайын! — деді ол.
— Рақмет, аға, үйренбеген нәрсеге үйір болудың қажеті не? — деді сыпайы ғана.
Қойшыбайдың ойынша жас қыз қапелімде ештеңе айта алмай келісе кетеді деп ойлаған еді. Олай болмай шықты. Қыз саспады, қайта өзі қысылып қалды.
— Үйренбегенің бәрінен қашсаң бола ма? — деп тоқтады ол.
— Бәрінен емес қой. Машина сияқты өзінде жоқ болар деп арман етпеген нәрседен аулақ болған жақсы.
— О, сіз солай ойлайсыз ба? Арманшыл, шыншыл емес екенсіз. Бүгін болмаған нәрсе ертең болады.
— Біздің жоспарымыз өз жайымызға лайық, шағын.
— Шағын болса да жоспар бар жерде бірдеңе шықпай қоймайды. Шағын да болса жоспарыңыздың бары жақсы екен.
— Шайтаннан басқада үміт бар.
Бұл сөзді Нұрби жүре айтты. Бәрібір машинаға мінбей кетті. Жігіттің алғашқы қимылы іске аспай, сағы сынып қалды. Бір жақсысы не де болса бетін ашып алды. Тілге келді. Енді кездессе тағы да бір әңгіме табылар. Қойшыбайдың ойынша жоспар болған жерден бірдеңе шықпай қоймайды.
Қойшыбай қайсарлыққа кенде емес еді. Ол алғашқы әңгіменің оңды шықпағанына қарамай, бұрынғыдан бетер бекіне түсті. Ендігі кездесуге бұдан гөрі ашығырақ қызды толғайтындай, ең болмаса бір ой салардай етіп сөйлесуді ойлады. Бірақ, мұндай жолды таба алмады да, ашық кетті:
— Нұрби қарындас, сізбен бір сөйлескім келіп жүргені, уақытыңыз болса, мерзімін өзіңіз айтыңыз!
— Мерзім, уақыт дегендер айтылар сөзге байланысты емес пе? Сіз бен біздің арамызда арнаулы уақыт бөліп сөйлесетіндей не бар еді?
Қойшыбай бұл сұрақты күтпеген еді.
— Табылады ғой, қарындас, табылады. Сіз уақыт бөлсеңіз болғаны.
Қыз үндемеді. Өйткені «Бұл не айтқалы жүр» деп қыз ойға кеткен-ді. Қосарлана келген бөгде ой қыздың жауабына тежеу болды. Оны Қойшыбай не де болса ойға бір түсірдім деп өзінің жеңіске санады.
— Ойланыңыз, қарындас, ендігі кездескенде уақытыңызды айтарсыз. Кеңесуге тұрарлық әңгіме бар.
Қойшыбай шығып кетті. Нұрби оның есікті қайырыла тұрып, аса бір сақтықпен жай жапқанын байқады. Кімге ұқсайды? Ұрланып келіп, ұрлана кеткен қуға ма, әлде тым мәдениетті, әйел баласына деген ерекше ілтипаты бар адамға ма? Бұл жағын ажырату қиын-ақ.
Нұрби екінші жағынан қорлана ойлады. Мұнысы несі? Әйелі бар, үйі жайы бар адам? Менде несі бар? Әлде қызметінің үлкендігін пайдаланғысы келе ме екен? Әлде мені қалада оқыған, әбден беті ашылған, жолда жатқан біреу дей ме екен? Әлде елде жігіттердің аздығын пайдаланып қалған қудың бірі ме? Немесе, менің шахтер, оқымаған. әкемнен басқа қорғаным, панам жоғын біліп, қорлауға оңай деп ұқты ма екен?
Қыз ойынша мұндай арзан ой, қияңқы сауданың бірі болса жігіт нағыз оңбаған адам. Ондай адамды маңайға жолатудың, сөйлесіп сөз шығын етудің қисыны жоқ. Ол осыған бекінді. Бірақ не де болса оның ойын білгісі келді.
Кезекті жолығысты Қойшыбайдың өзі де алысқа созғысы келмеді. Араға күн салып қайта келді. Жұмыс аяғы болатын. Нұрби аға сестраның қызметін атқарып, соның кабинетінде отырған. Ойда жоқта тағы да Қойшыбай кіріп келді. Сақалын қырып, шашын түзетіп, сымбатты боп кеткен. Үстіне костюмының сыртынан ақ халат киіпті. Мұның өзі оған сүйкімді рең, әдемі оң беріпті. Оның жымыңдап күле, жайдары келгеніне орай, не де болса ашық сөйлесіп, жігіттің ішін білуге ынтыққан қыз да оны еркін қарсы алды.
— Сізге ақ халат жарасады екен, — деді қыз.
— Осы күні дәрігер болмағаныма өкінем.
— Сонда, қалай? Тек халатқа бола ма?
— Жоқ, халат кигендерге бола...
— Ақ халат кигендердің бәрі сізге ұнай ма?
— Бәрі деу қиын.
— Ақ халат кигендердің ішінде де түрлі-түрлі пенде бар. Әрине, ақ түс өзі қасиетті, сүйкімді түс. Адамдық, адалдық ар осы ақтай таза сақталса жақсы. Намыс осы ақ халаттай кіршіксіз болса құпта құп.
— Нұрби, — деді ол, даусы дірілдеп өзгеріп шықты. — Мен кен нәрсе білмеуім мүмкін. Бірақ менің ойымша ақ халаттың ішінде қатал, қара жүрек болмауы керек...
— Бәрі бірдей нәзік, қалай болса солай үзіліп тұрған, не болса соған иіліп тұрған, сағыз басындағы үлпілдекке ұқсаған жүректер деп айтуға тағы келмес.
— Түсінем, ол да жақсы емес.
Қыз өз сөзінен кейін жігітке көзінің астымен күле қарады. Анау оны көрсе де көрмегендей, сезсе де сезбегендей боп, төмен қарап қалды.
— Иә, Нұрби, түсінем, түсінем.
— Түсінсеңіз, онда сөзіміз осымен бітті де...
— Біткен жоқ. Енді басталып келеді, Нұрби.
— Басталуының өзі осындай болса, бітпес бірдеңе болар. Одан да сіз, кәдімгі ер жігіттерше тоқ етерін бір-ақ айтсаңызшы.
— Мен тоқетерін айтпайын деп жүр дейсіз бе? Сол тоқ етердің қайдан басталып, қай жерден, қалай бітерін біле алмай көр боп жүрмін ғой. Білсеңіз, өзіңіз көмектесіңіз.
— Сіздің көкейіңізді білген болсам, тоқетерін айтар едім.
Қойшыбай аз ойланып төмен қарады да, тіке тартты.
— Мен сізді жақсы көремін, сүйемін десем не дер едіңіз? Бұл тоқ етері емес пе?
Қыз бұл сөзді де күткен еді. Содан да ол қысылып-қымтырылған жоқ.
— Сіздің бұл сөзіңізді ең алдымен мазақ одан қалса қорлау, одан да қаттырақ айтсам басыну, менмендік, асылық, асқандық дер едім...
— Неге соншалықты оғаш, соншалықты жаман түсінгеніңізге таңым бар.
— Аз ғана ақылға салып ойласаңыз, таң, болатын түгі де жоқ.
— Ойлап тұрмын. Бірақ, сіз тым асығыс, әрі қатал айттыңыз ба деп ойлаймын.
— Бір мысқал да артығы жоқ. Өз бағын өзі әлі сынға салмаған, қазақшалап жалпақ тілмен айтса он екі де бір гүлі ашылмаған, бірақ әлі көрері алда тұрған қызға үйлі-жайлы болған, атап айтса,әйелі бар адам сөз айтса, сүйем десе, махаббатын түсіндіре бастаса меніңше, мен айтқаннан да қатал, одан да ауыр жауап алған болар еді.
— Мен жеңіліп турмын. Асығыстығым үшін жеңілдім. Мен өзімнің, ең алдымен, өзімнің бос, басы бос адам екенімді айтуым керек еді. Менің балалықпен, жас кезде сүймей алған жарым бары рас. Бірақ біз бір-бірімізді енді түсіндік. Ең, алдымен ол түсінді, одан соң мен түсіндім. Жақсы жар сүйер кезім енді келді ме деген . тәтті ойдамын. Кім білсін?
Қыз «е, бағанадан бері осыңызды айтпайсыз ба» дей қойған жоқ. Қайта астынғы ернін жымқыра тістеп, әдемі қоңырша өңі оқыс сұрлана кетті. Қыздың толқу үстіндегі күйін көріп, жігіт өзінше алдын алмақ болды білем:
— Нұрби, қалқам, өмір деген қиын нәрсе. Бұл өмірде қателеспейтін, адаспайтын адам аз болады. Ең көп болғанда мені сол көптің бірі, басы жұмыр пенде деп түсін.
Ол өзінің «сізден», «сенге» ауысқанын да анық байқай алмай қалды.
— Мойындаймын, қателескенім рас.
— Бізді, біз сияқты қыздарды өмірде қателескен жұбайлардың қатесін түзеу үшін жаралған деп ойласаңыз, тағы да қателесесіз.
Қыз келеке еткендей жымиып күлді. Жас қыздың осынша тапқырлығына Қойшыбай аң-таң қалды. «Бұл сүйкімді, сұлу ғана қыз емес, сонымен бірге түсі келгеннен түңілме дегендей, ақылы бар, сөйлесе сөз табатын есті жан» деп түйді ол. Осындай жарым болса, осындай жолдасым болса деген құмарлық бұрынғыдан бетер арта түсті.
— Жо жо, жоқ. Біреудің жіберген қатесін түзеу үшін жаратылған жан деуден аулақпын. Жігіттің бағы болуға жаралғаныңа шегім жоқ.
Нұрби әлгі бір кездегіден гөрі қайтадан өз шарасына түсіп, ойнақши бастаған асау ойын тез жинап алды. Қайтадан күлімсіреп, орнынан тұрды да, халатын шешіп, өзінің киімін киді. Сөйтіп, ол жұмысты да ,әңгімені де біттіге санап, сыртқа шықпаққа ыңғайланды. Халатын шешіп, ілді де, Қойшыбайға бұрыла қарап:
— Менің көкем мына бір әңгімені көп айтады. Осы Қаратауды бөктерлеп бір жалғыз атты жолаушы келе жатса, оның қарсы алдынан тағы да бір жолаушы, аттылы адам кездесе кетіпті. Алғашқының басында әдемі түлкі тұмағы бар екен дейді. Екіншісі соған қызығып кетіпті. Және өз атын ана кісінің атынан жүйрік санапты да, тұмақты ала қашыпты. Қашқынның аты шыға шаппа, жүйрік екен, «ал» дегенде алыс кетіпті. Қуғыншының аты ұзаққа сілтейді екен. Бауыры жазылып, тер шыққан соң, тумақ алып қашушыны қуып жетіпті дейді. Сонда қашқын сасқанынан ыржақтап күле беріпті: «өзі ойнасақ та біраз жер шаптық ау» деген екен. Біз де ойнасақ та біраз жерге бардық. Енді қайталық.
Қойшыбай да орнынан тұрып, есікке беттеді. Есік тұтқасын ұстаған бойы бұрыла қарап.
— Көптен бері, өзіңді алғаш көрген, өткен жылдан бері айта алмай жүрген арманымды, мұнымды алдыңа салдым. Түсінеді, ұғады деп айттым. Іштегіні айтып, шерім бір тарқады. Айтарым бұл ғана емес. Әлі көп. Бетімнен қақпа, Нұрби!
Нұрби мұның бәрін терезеге қарап, қырып тұрған күйінде тыңдады. Жауап қатқан жоқ.
Бұл түнді Хантағыда екі адам кәміл ұйқысыз өткізді. Оның бірі — Нұрби. Ол дөңбекшіп, олай аунап, былай аунап көп жатты. Онысын әкесі мен шешесіне білдірмеуді ойлады. Жай ғана, демін ішіне тартып, әрең күрсінді. Оның көз алдына Қойшыбай келді. Онымен екі арада болған әңгімені түгелдей есіне түсіріп етті. Қате кеткен, әнтек айтқан жері бар ма? Мұны да ойлады. Бәрі де дұрыс, бәрі де өз орнымен айтылған сияқты. Оның бір ойы, ендігәрі маңайлап келместей етіп, қатты айтып неге жібермедім деген қаталдық еді. Шынында, ол өзінше жасықтық етті. Әйелі бар, жоқ, болса, бұрын болған адаммен осындай жайма-жай мәмілеге келудің қажеті не еді? Теңім емес. Неге теңім емес? Әйелі болған. Бәрі сол ма? Бұрын ештеңе білмейтін күнәдан пәк, өзің теңдес жасты қайдан тауып ала қоймақсың? Ондайлар жоқ па екен? Бар. Жоқ. Бар болса ол кім? Бұл күнге дейін болашақ жайлы, келешек жар, дос, жолдас жайлы неге ойламаған. Ертеден кешке дейін оқу кітаптарына үңіліп, латынша жазып, дәрі-дәрмектің атын жаттай бергенше, бір мезгіл болашағын неге ойламаған. Оқи бергеннен не шығады?
Қап, әттеген-ай, сонымен таныспағаным, немесе, соның сөзін неге қайтарып тастадым деп өкінетіндей кім бар еді? Ондай адамды Нұрби есіне түсіре алмады. Демек болмаған...
Алматы жоғары оқу орындарында, оның, ішінде медицина институтында соғыс кезінде кілең қыздар оқыды. Көшеде кімге тиісесің? Таныса қояр, достаса кетер ешкім болған жоқ. Мұның өзін ол бүгін ғана ойлады. Кеш пе? Жоқ, кеш емес. Әлі жас. Жиырма екіге енді он бес күннен кейін келеді. Одан екі ай өткен соң дәрігерлік диплом алады.
Ал, тіпті ешкім табылмай кетсе де, бұрын әйелі болған адамға күйеуге шыққан деген не сұмдық? Ол не, махаббат па, есеп пе? Сүйіспеншілік пе, әлде, көзі қарайған жар сүйер деген далбаса ма? Қаншама ыстық құшақ болса да, сенен бұрын біреу жатқан жерде жатуға дәтің қалай шыдайды? Сені құшып-сүйіп жатып, басқа біреудің қылығын ойлап жатса, оның саған адал жар болғаны қайда?
Ол осы бір ойлардың төңірегінде едәуір ойлады... Сонда, өзі махаббат деген не? Ол өзі бар нәрсе ме? Бар болса қандай? Жауап таба алмады.
Ойламайды екенмін ғой. Ойлай берсең бұл дүниенің қылығы мен қызығы, қулығы мен сұмдығы көп екен ғой. Мәселен, мен не істеуім керек? Мына жігіт соңыма түсе берсе, жауабым, ақырғы жауабым, үзілді-кесілді жауабым қайсы? Ал, бұл үзілді-кесілді жауап алып жөніне кетсе, менің барар, өз бетіммен кетер жолым қайсы? Біреуге дұрыс жөн сілтеу үшін ең алдымен өзіңнің қайда, қалай кетіп бара жатқаныңды дұрыс білгенің абзал емес пе? Айталық, мына жігіттің бетін қайтарып тастадым, бетке салып қалдым, қатты айттым.. Енді қайтып оралмастай болды делік. Сонда, оған қыр көрсетіп, ең болмаса менің мынауым, досым бар дейтінім кім? Ол қайда?»
Нұрбидің қиналған, сан сұрақтың көп түйіскен жеріндегі негізгі сұраққа жауап бере алмаған жері де осы болып еді. Ол өткен жылы ағасының қазасына келіп қайтардағы әкесі айтқан бір сөзді де осы жолы есіне алды. Ол айтқан: «Әр кездің, әр шақтың өз желі, өз өкпегі болады», — деген. Міне, сол жел, сол өкпек, жастықтың өкпек желі қыз арқасын бірде мұздатып, бірде ысытып жатты.
Қыз кірпік ілген жоқ. Бәрін, бәрін, осы жігітті алғаш көргенінен бастап, бастан-аяқ қайта ойлап, есіне қайта түсіріп шықты.
Бүгінгі сөз бұрын мәлімсіз, соншалық көріне қоймаған сезімді оятты, оқыс оятты, қатты қозғады. Қыз мүлде теңселіп кетті. Бірақ ойынын ұштығынан шыға алмады...
Хантағыда екінші ұйықтамаған адам Қойшыбай. Бұрын да болса суысып жүрген ол әйеліне арқасын беріп, мызғымастан жатты. Көзі жұмулы болғанмен көңілі ояу. Бұл да бүгінгі әңгімені бастан-аяқ есіне түсірді. Өзінше талдау берді. Қыз сөзі өткір де тапқыр. Жап-жас боп мұндай ділмарлықты қайдан білген? Мұның әкесі тілді, ойлы адам.
Бұл тәжірибесі аз қыз тәрізді шым-шытырық ойлаған жоқ. Айтылған сөздің дұрысы болса да, бұрысы болса да, бәрі мұның пайдасына айтылған сияқты. «Әрі кет» деген ақырғы сөз айтылған жоқ. Қайта жылы-жылы қалжың айтылды. Қойшыбай «сізді» тастады. Мұның өзі ол үшін үлкен жеңістей көрінді. Алда екі белес бар деп түйді: бірі — қыздың бетін бері қарата түсу, бірі — мынау қасында жатқан жыландай суық әйелден құтылу. Біріншісі болмаса, екінші мәселе шешіліп қалған. Мәселе сотқа берілген. Себебі біреу-ақ: мінездері келіспеген. Екі адам тұратын аядай үйдің іші тынышсыз. Бір-біріне кешірім жасайтын, аяушылық көрсететін сыңай тағы жоқ. «Менікі дұрыс емес екен, мен жеңілдім» дейтін біреуі тағы көрінбеген. Бір-бірін әбден билеп, есекше мойнына мініп алғанша көңіл көншір емес. Әйелдің жалғыз талабы бар.
Ол талабы — үйді, мүлікті түгелдей, бөліске салмай маған бер дейді. Жар қызығын, бала қызығын көре алмаған әйел дүние қызығын, кең сарайдай үш бөлмелі үй қызығын көрмек.
Қойшыбай мұның бәріне де бел байлаған. Тіпті, Нұрби сөзін бермеген күннің өзінде әйелімен айырылып, қыз соңына біржола алаңсыз түспек.
XIII
Жайынбай екі күннің бірінде шахтаға, жұмысқа келмей қалатынды шығарды. Ауырып қалады. Доктордан қағаз алып алған. Сұрап кетіпті. Бір жамағайыны ауырып қапты. Осы тәрізді көп себеп табылады да тұрады. Бәрінен бұрын Дәулен айтқан бір сөз шындыққа айналып келеді.
— Бұл дәйс, шахтер болғысы келіп шахтер, боп жүр дейсің бе? Шахтерлерге бронь беріп, соғысқа алмайтын болған соң шахтер боп жүр. Құдай біледі деп айтайын, осыдан қара да тұр, соғыс біткен күннің ертеңіне бұл шахтерлікті тастайды. Ден саулығым жарамайды, аурумын деп арыз береді, — деген ол.
Ол соғыс бітпей-ақ жеңістің лақабын естіп сыр бере бастады. Жұмысқа бұрын да қыры шамалы еді. Кейінгі кезде айланкес жалқаудың өзі боп алды. Оның үстіне соғыстан қайтқан жігіттер көбейіп кетпей тұрғанда, осы бір домалақ сары қызды қолыма түсіріп алайын дегендей, Айнаның соңына шам ап түсіпті. Жақында той болатын көрінеді.
Жайынбайдың үйленетінін естігенде Қамбарбек қуанып қалды.
— Ол шіркін, мүмкін енді адам болар! — деп қалып еді. Артынша кімге үйленетінін естіп, өңі бұзылып кетті. Онысын қасындағы шахтерлерге сездіргісі келмеді. Бірақ, іші удай ашыды. Баласы тірі келсе «келінім» деп отыратын адамды Жайынбай сияқты бір сұмпайы иеленіп кетпек. «Сыр бойының тып-тыныш, тапа тал түсте соға жөнелетін ақ құйыны тәрізді аумалы-төкпелі, толықсыған заман-ай! Бірде бетіңді, бірде жоныңды көрсетіп бақтың ау. Шынымен шырай беріп, не бір мейір қандырмадың, мүлде сырт айналып, бетке түкіріп тағы кетпедің. Шөре-шөре боп мен келем. Жалғыз баланың өлімінен кейін естіртейін дегенің осы ма еді? Бірге өскен, ойын күлкісі жарасқан құрбысы еді. Енді мен оны Жайынбайдың қасында көремін бе?»
Қамбарбек қатты толқыды. Өмірдің қаталдығына, өмір заңының қайта қарауға жатпайтын беріктігіне налып толқыған.
Оның бойын ыза биледі. Бірақ, оған жеңдіргісі келмеді. «Қайтемін, өлемін бе, өлсем баламнан артықпын ба? Ал қасардым, не болса да көтердім, тағы нең бар. Салмағын сап, бұғананы қайыстыр! Көтеремін, көтере береді иығым! Саларың болса сала бер, аяма!» деп іштей ожарлана ойлады да, даланың ақ құйыныңдай тез басылып, тез өшті:
Өз ойын басып, әбден өз сабасына түскен соң, кешке қарай бұл жаңалықты Хадиша мен Нұрбиге айтты.
Хадиша көзінің жасына ие бола алмай еңіреп жіберді.
— Құдіреті күшті құдай-ау, мұны да естіп, мұны да көрсетейін деп пе едің?
— Жылайтын ештеңе де болған жоқ, мама, қайғыланатын да ештеңе жоқ. Болар іс болған. Оған көнгенсіңдер. Ал, Айнаға «бағынды байлама» деп рұқсат берген мына мен. Жас адамның бағына бөгет болудың керегі не? Бауырым тірі болып, аман келсе, одан да жақсы жар табылады. Болмас істің несіне өкінеміз, несіне жылаймыз.
Қамбарбек орнынан тұрып көп, қызының маңдайынан иіскеп, қайта-қайта сүйді.
— Күнім ау, сен бар екенсің ғой. Мен сені тіпті ұмытып кетіппін ғой. Кешір, алжи бастаған әкеңді, кешір! Мен сенің дүниеде бар-жоғыңды ұмытыппын. Сөйтсем тіреуім де, сүйеуім де әлі түгел құламаған екен ғой. Сені мен адамға санамай келдім, сонымды кешір!
Нұрби әке сөзіне қатты толқыды. Бірақ рай бермеді. Өзін-өзі берік ұстады.
— Сөйтсем, сөйтсем, әкесі мен шешесіне ақыл айтатын адам бар екен. Сені қарайтып тастап кеткен құдайға да шүкір!
Қамбарбек қызының басу айтқан сөзіне қатты риза болды. Сол ризалық үстінде оның алдында өзінің кінәлі екенін мойындады. Бірақ, Нұрби әкенің бұл мінезін ешқашан кек тұтқан емес. Әркімнің өмірге деген өз көзқарасы болады. Білікті адам сол көзқарастардың қандайын болса да ең алдымен құрметтейді, содан кейін барып, оған ескерту жасайды. Тіпті ескерту емес, іштей жай ғана күледі де қояды.
— Сөйтіп, Айнаға рұқсатты өзім бердім де... Мен оны күн ілгері білгенде нақ бүгінгідей ашу шақырмаған да болар едім. Дұрыс, аға орнына үлкендік етіп, рұқсат бергенің дұрыс. Бағы ашылсын делік. Бірақ, күйеуі оңбаған біреу болып түр. Оны қайтеміз. Ол біздің қабырғамызға батпай ма?
— Бұл басқа мәселе. Бұл жайды сөйлесуге, ойласуға, кеңес айтуға болады. Ал, егер, алда-жалда сөз байласып, бір-біріне ұнап қалса, кен,естің де жолы жоқ. Ол да артық.
Бірақ, бұлар кеш, қалып еді. Жайынбай алдағы жексенбіде той жасауға әзірлік жасап қойған. Алыс-жақын қол жетердің бәрі шақырылды. Той жабдығы түгелденді. Қыз көнген. Жігіт риза. Риза ғана емес, қуаныштан екі құлағы екі езуіне жетеді. Содан да бұлар бұған ешқандай май бермеуге, іске кіріспеуге келісті.
Осы кеште Қамбарбектің қызына тағы бір риза болғаны бар. Кезекті бір әңгімеден соңғы сабыр кезінде, қызы оған:
— Көке, мені тым жақсы көре бермеңіз. Одан да бұрынғыдай салқын тек іштен ғана сүйгеніңіз дұрыс. Әйтпесе, бүгінгі сөзіңізге қарағанда «айналайын, ұлым да, қызым да, сен!» деп өзіңізді өзіңіз алдап, бір жағынан өзіңізді жаман үйретіп алатын түріңіз бар.
— Бұрын айтпағаным болмаса, алдауым емес, шыным осы өзін айтқан. Сен неге маған өз баланды жақсы көріп жаман үйренбе деп тұрсың. Бізді тастап кетуге жасаған әзірлігін бе? Кете бері, бәрі бір менің баламсың.
— Көнем өстіп, кілең бұрып кетеді. Солай-ақ болсын делік. Ескертіп-ақ жатайын. Бірақ мен сендерді тастап алысқа кетпеймін.
— Оның да шүкір. Біз, Хадиша екеуміз не де болса көнген жанбыз. Барар өрісін кең болса, бізді ойлап, бізге қарайлап байланып та қалма. Сендер жассыңдар, кәрі жасқа тұсау болса, бақ байлағаны сол болады.
— Бақ іздеген адам алысқа бармай-ақ, туған, өскен жерден де табылатын шығар.
— Бақтың ең тәуірі туған жердің өзі.
Қамбарбек күле айтты.
Бұрын шүйіркелесіп, көп сөйлесіп үйренбеген соң болар, әкесі мен қызы арасындағы сөз онша шынайы шықпады. Оның үстіне Қамбарбек ойына әлдене түсіп кеткен деп кейінгі сөзді селқос айта салды. Содан да Нұрби «бақыттың», «тәуірі мен жаманы да болғаны ма?» деп ойлады. Сонда «Бақ» дегеніміз не?
Ол бұл жайлы да ойлап көрмеген еді. «Сендей жарым болса, өзімді бақытты санар едім» — деген жігіт сөзін өз басы бұрын естімесе де, құрбы-құрдастарына, бірге оқыған қыздарға пәленбай деген жігіт сөз айтып, осылайша ант-су ішіпті дегенді сан тыңдаған.
Қамбарбек қызының көңілі басқа жаққа бөлінгенін аңғармай-ақ, басқа бірдеңеге алданып кетті. Нұрби өз ойымен өзі қалды: «Сонда, бақыт деген әйел болғаны ма? Әйелі жақсы адамның бәрі бірдей бақытты ма? Жақсы әйел ғана бақыт болса, онша қиын да емес болар-ау, бақыт дегеніміз. Әлде жақсы әйел аз, жаман әйел көп пе? Бақыт саналатын жақсы әйел дегеніміз кім? Оны қалай білуге болады? Бұл ма, бұл, ер адамның ойлайтыны ғой. Мен қызбын. Мен жақсы әйелдің баққа пара-пар әйелдің қандай болатынын білуге тиіспін ғой. Оны қалай білемін? «Көке, сіз бақыттысыз ба?» деп әкесінен де сұрай жаздап, оқтала беріп тоқтады.
«... Ал, жақсы әйелі бар еркек бақытты болсын? ! Әйелдің бақыты неде? Мәселен, мына мен өзімді қашан, қай кезде, не үшін бақыттымын дей аламын?»
Жас қиялы жүйрік те ғой. Ол осы кеште, кешегі әңгіменің әсерімен талай нәрсе ойлады. Бұрын ойына кіріп-шықпаған жайлар келді. «Ал, айталық, жақсы сөз жарым ырыс делік. Мен бір жақсы әйел болып шықтым. Мені біреу алды. Сөйтіп, ол өзін аса бақыттымын деп санады. Бұл дұрыс ақ, болсын. Ол бақытты бола қалды. Ал, мен ше? Менің бақытым неде? Мен сол біреудің бақытты бола қалғанын қызықтап отырамын ба?»
Осы бір екі кеш, кеше мен бүгін Нұрбиді мүлде есейтіп кетті. Оның ойына бұрын мүлде кіріп-шықпаған, түсіне енбеген жайлар келді. Ол тіпті, бір сәт өзін күйеуге шыққан, жар сүйген адам сияқты санатқа қосылып та көрді. Оғаш ештеңе көре алмады. Осы күні көріп сезіп жүрген, күнделікті өмір, бір сыдырғы сарыннан асып төгіліп жатқан, артық кетіп, кем қалып жатқан жағы тағы жоқ. Ол бұл жерде шешесі Хадиша айта беретін бір жайды есіне алды. Әрине, ол мұны қызына арнап емес, ерігіп отырғанда жалпылама сөз ретінде айта салатын. Бұрынғы әйелдер қандай еді, қазіргі әйелдер қандай? Екеуінің арасы жер мен көктей...
Хадиша айтарын айтса да, айырмасы неде, жері қайсы, көгі қайсы, ол жағын үзілді-кесілді дәлдеп айта алмайтын. Әйтеуір ұқсамайды, әйтеуір бөлек. Ол қайсысы тәуір еді дегенді де жөндеп айта алмайтын. Ал, оқыған қыз Нұрбидің көргені мен білгені, өмір тәжірибесі шешесінің маңына жуи алмайды. Оның бер жағында бүгінгі әйел болмаса кешегі әйелді ол көрген де жоқ. Бүгінгі әйел демесең, кешегі әйел жайлы оның түсінігі қараңғы.
Жастық алау, балауса жалын кімді қыздырып, кімді күйдірмеген? Кешегі әңгіме оның ойын он саққа, қиялын жүз саққа алып қашып, тынышсыз мазалады. Бес жылдан аса оқудан бас алмай, өнер, ғылым өнерін қуған жас қыз енді болдым, өстім, жетілдім деген кезде алдан тағы бір белгісіз, мұнарлы кезең көріне кетті. Ол неткен асу, қандай кезең, неге бұлыңғыр деген сұрақтарға ол әлі жауап іздеп, оны тауып та үлгерген жоқ. Бірақ, не де болса асу барын, әлі жүрер жұмбақ жол барын қыз есіне анық түсірді.
Ол кеш жатты. Ұйқы қашты. Ауыр-ауыр күрсінді. Әкесі мен шешесіне сездірмей әлденеше рет аунап түсті. Оның денесі ысып кеткендей болды. Кеудесін жапқан көрпенің шетін кейін қарай қайырып тастады. Екі қолын тарақтап кеудесіне қойған күйі көзін жұмбай көп жатты. Шам сөнген. Ол қараңғы бұрышқа, күңгірт төбеге зер салды. Әлгі бір жаңа асу, жұмбақ белес осы қараңғылықтың ар жағында жатқандай көрінді. Ол белесті күңгірт, жұмбақ көргенмен, ол асудың кейінгі үлкен өмірдің асуы екенін анық ұқты. Оның алдында өз анасы өткен жол жатты. Осы жол оны өзі көрмеген белеске алып шықпақ.
XIV
Қаратау өңірінің гүл-гүл жайнап құлпыратын шағы — апрель май. Бұл кезде осы өңірдегі дүниелік қайта туып, қайта жасарғандай бәрі де балауса тартады. Таудың жота-жота, бел бел боп қолдың саласында қара күрең беткейлері алқызыл түркімен кілеміңдей жайнайды. Басқасын былай қойғанда жан-жағыңа көз салып, назар тіксең бір ғана қызғалдақтың өзінен көз тұнады. Жауқазын бүршігінен жаңа ғана ашылған дала қызғалдақтарының өзі көңілдің хошы, көздің нұры секілді жүректі қытықтайды. Қызғалдақ, қызғалдақ! Бұл таудың көктемгі көркі. Бүкіл күніскей бетті алып жатқан ақ, көк, сары, көгілдір, шұп-шұбар қара ала қанат көбелектерге ұқсаған тау гүлдерінің түрі көп-ақ. Міне, бүгін гүл теруге шыққан бір топ қыз-келіншек Хантағының қауқиған қара төбесіне өрмелеп бара жатты. Бұлар ерте тұрған. Күн шықпай-ақ тау беткейіне жеткен. Ертеңгі шыққа малынып етек-жеңі су болды. Оны да елең қылмай таңертеңгі таза ауаға мейлінше тойған көңілді топ тау төсіне өрмелеп ұзай түсті.
Бұл Нұрби бастаған топ еді. Бәрі де өрімдей қыздар, келіншектер, шыққа малынып онсыз да су болған етектерін тізесіне дейін түріп алған. Кейбірінің өмірі күн тимеген аппақ балтыры ертеңгі сәулемен шағылысып таудан қашқан еліктің таңындай ағараң-ағараң етеді. Бұлар алқына алқына ертеңгі шық буымен бірге бусанып, Хантағы тауының нақ төбесіне шықты. Тау төбесі жап-жалпақ, біраз ел қоныс етердей теп-тегіс. Бір кезде осы Қаратау жерін жаулап алған жауыз бір хан бопты деп әкесі Қамбарбек айта беретін әңгімені есіне бірінші алған осы Нұрби болды. Хан қатыгез, қатал бопты. Мал баққан, жай жатқан, бірақ ерлік тарихы бар елдің жерін, суын, тауын басып алғанымен тұрмай ел басына қара күн туғызып, асып атып, зынданға салып, ұлын құл, қызын күң етіпті. Жауыздық жүрген жерде үрей қоса жүреді. Хан қозыдай қорқақ, түлкідей залым екен. Оның үстіне қаһары күшті, ер ұлдары бар мынау елден өлердей қорқады екен. Содан да ол жаулап аларын алса да ел арасына, нақ қасында тұрған Түркістан, Сауран, Қарнақ, Оранған, алысырақтағы Сунақ, Шорнақ қалаларының бірде біріне батыл кіріп, қоныс тебе алмай, осы таудың басына көкала шатырларын тіккізіп, тауды айнала күзетші әскер қойып жата беріпті. Жай жатпапты.
Бір жауыздық екінші біреудің жауыздығын еске түсіреді ғой деймін. Нұрби қанішер ханның шатыры тұрған жердегі қызыл гүлдерді үзіп жатып, Европада. Гитлерді шағып өлтіретін қара құрт та жоқ-ау деп ойлаған. Бірақ онсыз да күні таяу қалған.
Бұлардың құшағы гүлге толды. Күн сәскелікке көтерілді. Қыздар тау биігінен ойдағы шахтерлер поселкесіне қарады. Хантағы поселкесі аядай боп алақанда жатты.
Нұрби де сөзінің аяғын жөндеп айта алмады.
Қосағыңмен қоса ағар! — деген ескі сөз, өз әкесінің жаңа үйленгендерге айтатын үйреншікті сөзін айтты.
Айна болса «рақмет» дегендей басын изеді. Жайынбай болса лақа балықтың аузындай ырбиған екі езуін Жия алмай, жақында алған жарын күтіп, нақа ол әйел баламен емес, жігітпен сөйлесіп тұрғандай ақ өз-өзінен берекесізденіп, буларға алақ-жұлақ сұқтана қарап, сөзіне құлақ тосты. Ештеңе де ұққан жоқ. Бірақ, әйелінің мына қыздың алдында осынша әбігер боп, сасқанына іштей намыстанып, қорланған еді. Мұны Нұрби де байқап қалған екен, содан да Айнаға тағы да бір жылы жүз көрсетіп:
— Айналып қалдың ғой, жолын болсын, бақыт тілеймін саған! — деді Нұрби.
— Өзіңе де, өзіңе!
Осы кездесудегі қысылып-қымтылудан, Айна жанындағы әбігершіліктен әлі ойын ажырата алмай келе жатқанда:
— Бүгін жеңістің болатынын білгендей, гүл теріп қайтқан екенсің ғой! — дегенге жалт қараған Нұрби, құшақтап сүюге ыңғайланып, қолын қанатша қомдап келе жатқан Қойшыбайды көріп, екі беті бірден ду ете түсті: — Бұл бүкіл елдің қуанышы ғой, кел, сүйейін!
— Ойбай, сабыр ете тұрыңыз! — деп ол сасқанынан қолын жоғары көтеріп, бетін көлегейлей берді. Бірақ, жігіт мұны есепке алмады. Қызды қапсыра құшақтап бетінен сүйді. Нұрбидің тұла бойы электр қуаты жүріп өткендей жай ғана дір ете түсті.
— Болдыңыз ба? — деді қыз сасқанынан.
— Қарсы болмасаң тағы сүйейін.
— Қанағат етсеңіз, осы да жетер. Мұның өзі мына ұлы күннің құрметі деп білерсіз.
— Өзім де солай санағам.
— Тек жеңістің, ұлыстың ұлы күнінің құрметіне бола деп сүйгеніңіз рас болса, мына гүлді қоса алыңыз! — деп Нұрби Қойшыбайға бес тал қызғалдақ ұсынды.
Қыздың ерініңдей үлбіреп тұрған қып-қызыл гүлге жігіт бір сәт елжірей қарады. Ішінен «О, тәубе, мына гүлді осы қыздың қолынан нақ мынадай ұлы жеңіс күні алғызғанына қарағанда, мені де есіркеп, бір жеңіске, әйтеуір бір арманды, үмітті нәрсеге жеткізер деп ойлаймын. Бұл тегін емес. Нышаны жақсы. Жақсы сөз жарым ырыс болғанда, жақсы ой жарым бақыт неге болмайды. Шүкір еттім!» деп ойлады. Осы ойымен боп, ол сәл кідіріп те қалды.
— Өте үлкен рақмет, гүліңізге! Мынадай адамзаттың зор қуанышы, жеңісі үстінде, әдейі арнап сонау биік тауға шығып, алып келген, арнап берген сыйыңызға рақмет!
— Тұп-тура сол сіз айтқандай болса артық та емес.
— Артық еместігін білген соң де айтып тұрмын.
Қыз Қойшыбайға тік қарады. Ол да ұрлана қарап тұр екен, Нұрби көзінің отты, ыстық жалынына төтеп бере алмағандай жігіт көз қырын бірден тайдырып әкетті. Артынша қайта қарады. Қыз көзінің жиегінде күлкі ізі қапты. Онсыз да оттай жанған, мөлдір де тұнық қара көздің жанарында, тереңінде қыз жүрегінің лүпілі, ырғақты соғысы аңғарылады. Осы көздің оты жүректі қатты қытықтайды. Көзі ғана емес, Нұрби Қойшыбайға ерекше сұлу боп көрінеді. Қияқтай әдемі де, жіңішке, қарлығаштың қанаты секілді қасы, жазық маңдайы, сүйір иегі, сәл сәл түріңкі келген үлпілдек, қызғалдақтың жапырағыңдай еріні, қара да емес, сүр да емес, қоңырлау келген қарасұр өңі оған тым сұлу да, сүйкімді де көрінген. Екі иығы тік те жұмыр. Денесі алақанға салып көтеріп тұратын бишілердей қағылез. Артық, сөлекет ештеңе жоқ, бәрін өлшеп жасағандай, бір-біріне қисындап әдейі келтіргендей сымбатты екен. Осының бәрін нақ бүгін ғана көргендей жігіт қайта-қайта қарай берді, және алғашқыдай сөйлей де алмай, тілі байланып, жағы қарысып қалғандай қыздан бір сәт көз ала алмай, үнсіз қалды.
Оның көзқарасы Нұрбиге ауыр көрінді. Осы бір жүкті нықтап сілкіп тастамақ болғандай ақ:
— Бұл күнге де жеттік-ау! — деді Нұрби.
Нақа бір ұйқысынан оянғандай Қойшыбай да селт етіп:
— Көптен күткен күн еді. Бұл да келді. Енді аз күннен кейін жеңімпаздар туған жеріне орала бастайды.
— Не, өлмей қалғандар...
Қойшыбай енді ұқты. Қыз көңіліне келмейтін туыс түскенін сезе қойды.
— Бұл күнге бәріміз бірдей қуанамыз ғой. Бейбіт, тыныш күнге не жетсін!
Бұлардың сөзін көшедегі лек-лек топ, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан халық бөлді. Біреулері келіп парторгті сүйді. Біреулері дәрігер қызға ұмтылды. «Жәкетайлап» Нұрби әрең құтылды.
Поселкенің төменгі жағынан гармонь тартқан, баянға қосылып ән шырқаған топ көрінді. Олар орталыққа қарай келе жатты. Күн қызбай-ақ зор мереке, үлкен той боп кетті. Шырқалған ән, билеген топ. Көп күндер, тіпті жылдар бойы сыртқа шықпай, үйде селт етпей жатқан кемпірлер мен шалдар да далаға, көшеге шығыпты. Сөйтіп, майдан болған жерлерден де, жеңіс шебінен де әлденеше мыңдаған шақырым қашықта жатқан, әлі жөнді картаға да түспеген кішкене ғана шахтерлер поселкесінде, Қаратаудың бір қуысында Отанымыздың ұлы жеңісіне қуанған ұлан-асыр той болып жатты. Тамаша құрған топтың ішінде Қамбарбек те, Хадиша да жүрді. Бұлар қызына кездесті. Үшеуі бір топ боп көптің ойын-сауығын қызықтады.
Хадишаның көптен бергі өзінше шешіле сөйлеп, өз қуанышын айтқаны болар:
— Бәсе ау, бүгін түнде жақсы бір түс көріп едім, — деді ол қуанышты үнмен, — осының боларын, жеңісті сезген екенмін. Таңертең ерте тұрған екенмін деппін. Күн шығып келеді. Қараймын, күн бұрынғысынан екі есе, үш есе үлкен екен деймін. Сол күн астынан қол адам жығып келеді. Өлеңдеткен, кернейлеткен, сырнайлатқан. Қараймын, ішінде біздің Бекзатжан да жүр. Көре сап тұра жүгірдім. Құшағымды жайып жүгіріп келе жатып ояндым. Меніңше, үлкен күн жеңіске көріпкел. Ал Бекзатжаным тірі. Көрерсіңдер, көппен бірге ол да келеді.
Әкесі мен қызы «илахым» солай болғай дегендей үндемей тыңдады.
— Құдай-ау, біздің алақандай Хантағының өзінде мынадай тамаша, қуаныш, той болып жатыр. Ал үлкен қалаларда, Москвада, Ленинград, Киевте, Алматы мен Шымкентте не боп жатыр екен? Той ғой, жеңіс. тойы ғой. Халықтың төрт жыл бойы сарғая күткен күні ғой бұл! — Қамбарбек Хадишаға қарап, көңіл қошына білгісі келгендей, осындайда басыңқы кеудесін бір көтеріп қалсын дегендей, зерттей назар сап еді. Әлгінде ғана өзі айтқан түсіне қуанып келе жатқан да болар, бетіне қан жүгіріп, көңілді келеді екен. — Дұрыс ақ, өте дұрыс. Халықтың нақ осылайша қуанатын, серпілетін кезі жеткен. Бұл бүкіл адамзаттың жеңісі.
Хадиша мен Нұрби Қамбарбектің сөзін онша өлең қыла қойған жоқ. Өйткені олар төңіректі тамашалап, жан-жаққа алаңдаумен болды.
Хантағы поселкесіндегі жеңіске арналған, ешкім әдейілеп ұйымдастырмаса да, ұйымдасқаннан қызық, тамашаға толы үлкен мереке түн ортасы ауғанша басылған.жоқ. Аспанда жеңістің үлкен күміс табағыңдай боп, ақырын ғана ай жылжып бара жатты.
XV
Қамбарбек жеңістен соң төрт жылғы демалысын бір-ақ алып, қайда барып тынығуды ойлады. Басқаны былай қойғанда мына тұрған жонның арғы астында, әудем жерде тұрған туған ауылына бармағалы табаны күректей бес жыл бопты. Сонау бір жылдары әне барам, міне барам деп жүргенде соғыс басталып кетті. Бірде ол туған жерге барудың реті енді келген шығар деп ойлаған-ды. Олай ойлап, былай толғап ол туған ауылына — Теріскейге баруға бекінді. Сәби шақты, балалық кезді, одан қала берді сағымдай бұлдыраған, алғашқы арманға ұмтылған қанатты кез жігіттікті еткізген көңілге жылы, көзге ыстық туған жер бар. Демалысты сол жерде өткізуге бекінген. Бұл ойын ол Хадишаға, Нұрбиге айтты. Олар мақұлдады. Тіпті, Хадиша бірге бармақ та ойда еді. Дәрігерлік диплом жазып, әрі тәжірибелік жұмыс істеп жүрген қызын қия алмай мұршасы кетті. Сонымен туған ауылына Қамбарбек жалғыз аттанды. Кішкене бір қол сандыққа бір-екі сыпыра киім-кешек салып ап жолға шықты. Қотырбұлақ теміржол станциясына келіп, Ащысайға баратын кішкене поездың аядай көк вагонына отырып кетті. Бірақ Ащысайға жетпей, Сергодан түсіп, сол жерден тракторға жанар май алып, тау асқалы тұрған арбакештермен бірге Теріскейге бет алды. Арбакештің бірі Исахан боп шықты. Екеуі жылап көріскендей, құшақтасып төске төс соқты. Амандықты, саулықты қайта-қайта сұрасты. Бірақ, алыстаған жоқ, еркін ағытыла қоймады. Себебі сол болар — бұлар бұрын өте етене жақын адамдар бола тұрып, көп жылдар бойы көріспегені өз алдына, мүлде біліспеген. Содан да кім бар, кім жоғын екеуі де білмейді.
Исахан мен Қамбарбектің келіскені рас. «Қандай жағдай туса да, тіпті қырық күн қырғын болса да мен сен жақтамын» дегені бар. Қамбарбек осыны сүйеу етті. Басқа ешкімге «менімен жүре қой, маған көмек көрсет, жақтас бол» деп айтқысы келмеді. Мұнда Қамбарбектің өзінше екі есебі болған. Бірі, қол жиып барып, көзге түсіп, елдің ызасына, жігіттердің онсыз да кектенген қаһарына ілінбеймін десе, екіншіден, өз басымды осал адам қып көрсеткенше тапа тал түсте қыз ауылына жалғыз барайын, жақтасты, досты сол жердің өзінен табайын деген байламға бекінген еді. Осы ойын ол серт етті де, уәделі күн жақын қалғанда жолға жалғыз аттанды.
Хадишаның ауылына ол тапа тал түсте мұздай қара көк дөненмен жалғыз келіп түсті. Ауыл-аймақ тез хабарланды.
— Хадишаны алып кетуге күйеу жігіт кепті!
— Қалыңдық ойнауға келген бе?
— Жоқ, ә, біржола алып кетпек көрінеді.
— Не дейді? Ондай да бола ма екен? Айттырып болған соң қалыңдық ойнар болар, содан соң алып кетеді емес пе?
— Ой, оның несіне дауласып тұрсыңдар, осы жазда, ауыл Ожар төрінде отырғанда, Қамбарбек жасырын келіп, қалыңдық ойнап қайтқан! — дегенді де Исахан нақ бүгін, арада екі-үш күн өткен соң айтты.
Дегенмен ауылдың ызақор, желөкпе жігіттері қамсыз жатпады. Екі ауылдың арасында қыз бен жігітті тосып ап, біраз тәлкек етпек, мазақ етіп, әурелемек болып келісті. Қарсыласа бастаса бас жарып, жағасын жыртып кетуден де аулақ емес.
«Не де болса жарық барда көрейік» дегендей қыз бен жігіт намаздыгер шамасында ауылдан, Жарты төбенің нақ түбінде, өзенді жағалай қонған ала қоңыр ауылдан шықты да, тұп-тура Аққолтыққа бет алды. «Сендер біраз ұзаған соң шығамын» деп Исахан үйіне ат ерттеуге кеткен.
Қамбарбек пен Хадиша Үштөбенің тұмсығынан айналып Ақколтыққа түсе бергенде қарсы алдынан сабаудай боп төрт салт атты шыға келді. Қамбарбек пәле іздеп жүрген жігіттердің осылар екенін бірден сезді.
— Қашпайық. Не істер екен? — деді Қамбарбек Хадишаны мақұлдата сөйлеп. — Ал тиісе бастаса мен шаба жөнелемін. Қуып жеткенін жеткенше жекпе-жекте түсіріп алам да қайта ораламын. Сен ол кезде қашпа да, аттан түс те, шылауын ұстап тұра бер. Мен орағытып қайта соғамын.
— Сенде қару да жоқ, қой! — деп Хадишаның мұңайғаны бар. — Масқаралап ұрып кетсе қайтеміз?
— Осы қара қамшының өзі-ақ жетеді! — деп Қамбарбек сегіз өрмелі, топшысына бас бармақтай қорғасын құйып түйген, бұзау тіс қамшысын жоғары көтеріп қойды.
Хадиша оның бұл батырлығына онша сенген жоқ. Ішінен тұнып, не боларына көзі жетпей, екі беті дуылдап келеді.
Төрт атты жақындай беріп, екі-екіден қақ жарылды. Екеуі оң жақтан, екеуі сол жақтан шықты. Екеуі таныс. Екеуі беймәлім. Біреуі адамның басын алуға келе жатқандай қабағын түйіп апты. Енді бірінің жүзінде, езуінде мысқыл күлкі бар. Олар төртеу, бұлар екеу, алты атты бір-біріне ат басын тірей келіп тоқтады.
— Қасқыр қара (Қамбарбек өзінің мұндай аты барын тұңғыш рет естіп тұр), Жарты төбенің бауырынан оңай олжаға, алтайы қызыл түлкіге түсіп, қанжығаң қан болып келеді екенсің, жол болсын айтайық деп әдейі шықтық.
— Сауға сұрайық! — деп біреуі күлді.
— Берсе қолынан, бермесе жолынан!
— Көк дөненді аударып ап, нақсүйердің артына мінгестіріп жіберсек те болады ғой. Сүйгеніне қол жеткен ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді?
Қамбарбек пен Хадиша әлі үн қатқан жоқ.
Төрттің екеуі жақсылап қаруланған. Бірінің тақымында әдемі ырғай шоқпар. Екіншісі ортасынан үзбелі шоқпарды ердің басына, екі басын екі жаққа салбыратып ілген. Түсін суытып шатынап тұр, түнерген беті шара табақтай құжбан қара қайтадан кекесінмен тіл қатты.
— «Күйеуді пайғамбар да сыйлаған» деген мәтел бар ғой. Мұны біз де сыйлайық. Өзіне ерік берейік. Күйеудің қазір жаны мен жары, және аты бар. Осы үшеуінің өзі қалаған екеуін тандап алсын да, үшіншісін бізге қалдырып кетсін. Олай болмаса өз обалы өзіне, бізге өкпелемейсің. Ойымызға не келсе соны істейміз. Ал, күйеу бала, қапы қалма, ойлан! Кейін: «қап, Хадишаны неге тастап кете бермедім. Атымды неге бере салмадым», — деп өкініп жүрме!
— Бұл үшеудің бірі де болмаса ше? — деп Қамбарбек әлгі құжбан қараның бетіне тіктеп тура қарады.
Дәу қараның беті шымыр етпеді.
— Ол жағын сұрамасаң да болады. Өзіміз білеміз, күйеу бала.
Қамбарбектің көмейіне әлдене, нақа бірдеңе көлденең тұра қалғандай булығып, өңі қуарып барып тоқтады. Сол ашудың толқынын бөгей алмай:
— Айтқан үшеудің біріншісінен басқасын ала алмайсың.
— Бәрінен арзаны жаның болса, оның бізге де аса қымбат емес. Ал! — деп әлгі құжбан қара қолын жоғары көтере бергенде, Қамбарбекке жақын тұрған біреу оның басындағы барқытпен тысталған әдемі ақ қалпағын көз ілескенше жұлып ап, ата жөнелді. Қамбарбек қай жаққа бөксесін, денесін бұрып қисая қалса, сол жаққа шұғыл бұрылып үйренген көк дөнен, қалпақ алып қашушыға Қамбарбек бұрыла бергенде-ақ соның ізімен аға жөнелді. Әудем жерге бармай-ақ Қамбарбек қуын жетті де, қалпақты ұстап бара жатқан қолының қарынан сып еткізіп салып өтті. Қалпақ оның қолынан мылтыққа құлаған қырғауылдың қанатындай қалбаң етіп, желмен төңкеріле барып жерге түсті. Қашқын аттан әлденеше ауытқып ауытқып барып, ат жалын құшып ұзай берді. Бұл кезде Қамбарбек Аққолтықтың бауырына бет алып, шыға тартты. Әлгі үшеуі далбақтап, екеуі сойылын көтеріп, шауып келеді.
Бұлардың күнілгері құрған айласы Қамбарбекке енді айқын болды. Дәу қара басшы. Анау қарулы екеуі ұрушы. Қалпақ алып қашушы арандатушы, төбелесті бастаушы. Арандатушы өз басымен өзі боп, лағып кетті. Сойыл ұстағанның бірі жақындап келеді. Аты жүйрік емес. Бір шабар. Қамбарбек ат тізгінін еркін жіберіп, қаша берсе ұзап кетеді. Бірақ ойында ол жоқ. Баурайда аттан түсіп, оны шылаудан ұстап, жалғыз қалған Хадишаға қарап-қарап қояды. Ат басын тежей түсті. Қарулы жігіт жақындап қалды. Жетсе жетсін дегендей, Қамбарбек алдын орап, кері қарай салды. Аққолтықтың нақ Үштөбеге тірелген жеріндегі сайда екеуі қабаттаса түсті. Қуғыншы ұрымтал жер осы болар дегендей қаруды қып еткізіп, шапшаң ақ сілтеп қалды. Қару сол көтерілген бойы кері қайтпай жоқ боп кетті. Қамбарбекті қолында келеді. Алақаны ду-ду етеді.
Қамбарбек болса өз ойымен өзі. «Мұның басы былай болды, соны қалай боп, немен тынар екен? Осындай ұрыс-таласпен тандап алған жарымның алғашқы қадамың мынадай болады деп кім ойлаған? Басына адал, ақ тілекпен салған ақ жаулығы ағасының қызыл қанына боялды? Алды қатты болса, соны тәтті болар дегендей, артынан сүйсіндірсін. Жолы ауыр болмаса жақсы» деп өз тілегі, өз ойымен келеді.
Исахан мен Қамбарбек арасындағы әке достығы, баба достығы, бұрыннан алыс-берісі бар жекжат, туыстығы өз алдына, екеуінің жеке достығы осылай басталған. Міне, сол екеуі бүгін Қаратаудың жанында, жанармай артқан екі атты арбаның соңынан үнсіз аяндап келеді. Ие, үнсіз келеді. Нақа бір бұл екеуінің арасында айта қоярдай ортақ әңгіме жоқ сияқты, немесе, бәрі ұмытылып кеткен бе? Неге ұмытылады? Алғашқы махаббат, алғашқы достық, тұңғыш көрген қорлық, бірінші қуаныш ешқашан естен шықпақ емес. Әрине, уақыттың бұл екі ортаға салған өз таңбасы бар. Оның ең үлкені — Исахан болса туған жерден тап жылжымай, колхоздың бар тарихын өз басынан кешті. Оның ыстығына күйді, суығына тоңды. Жер жыртты. Шөп шапты. Егін екті, мал бақты. Қарауылда болған. Ең соңында міне ең жақын жердегі темір жолдан колхоздың тракторына жанармай тасып жүр. Қамбарбекті көптен бері көрмеген. Екеуі де көп жылдар бойы бір-бірінен бейхабар жүріп, бүгін күтпеген жерден кездесті. Мұның да баласы Көбей майданнан қайтпай қалды. Соңғы жайды Қамбарбек естімеген.
Қамбарбек болса сонау отызыншы жылдары теріскейден күнгей асқан. Содан бері өзінің бір-екі салт келіп кеткені болмаса, үй-іші бала-шағасымен келмеген. Содан да бұл екеуі бір-бірінің кімі бар, кімі жоғын да жақсы білмейді. Араға көп уақыт салған осы бір тосын екеуін әлі бөгеп келеді.
Бұлар осы бір үнсіздікпен жонға шығып, Мариям бұлағына, ойға тақап қалды. Тіпті: Исахан жалғыз жүруге әбден үйреніп көнігіп қалған адам емес пе, қасында қатар келе жатқан Қамбарбекті де ұмытып, жапан түзде жалғыз аяңдап келе жатқандай ойлы. Шашы ағарған, сақалы көк, беті әжім. Дегенмен осы үнсіздікті бірінші бұзған Қамбарбек болды.
— Исахан, Сұқсыр қалай, дені басы сау, күйлі-қуатты ма? — деді.
— Е, құдайға шүкір, Хадиша қалай, жақсы ма? — деп қалды.
— Жақсы, тірліктің арқасында жүр ғой. Сұраған жанның бәріне сәлем айтып жатқан.
— Саламат болсын!
Екі араны тағы да үнсіздік басты. Жас кезден бір-бірін жақсы білетін екі әйелдің атын екеуі есіне әрең түсіргендей, солардың жайын, екеуінің де тірі екенін біліп алды да, емді айтар сөз таусылғандай тағы да міз қақпай, дыбыс шығармай, үн-түнсіз аяндай берді. Қамбарбек қолындағы кішкене қол шабаданың май құйған бөшкенің артындағы бос жерге таңын қойды.
Хадишаны алып келердегі оқиғадан соң да, бұл екеуі арасында талай-талай қызық кездесулер, той-томалақты, көкпар, бәйгеде, салымда нелер кездесулер, күш сынасын, тізе қағыстырып, ашу-ыза шақырып, таласқа түскен, бір-бірін иек қағыстан, қас пен қабақтан ұғып, үзеңгі қағыстырып, шылау тіресіп, бірге болғаны қайда?
Адам баласының өмірінде, тұрмысында, жалпы тірлігінде сол адамдардың өзінің ақылы, қиялы жете бермейтін нәрселер болады. Кешегі отызыншы жыл мен мынау қырқыншы жылдардың арасындағы әлеуметтік өзгеріс, оның ішінде соғыстың төрт-бес жылы адамдардың тұрмысына, ісіне, күнделікті өміріне, сол өмірге көзқарасына сұмдықтай өзгерістер жасап кетті. Сол өзгеріс бұл екеуінің басында басқадан көп болмаса аз болған жоқ. Бірақ, бұл жайды ап-айқын ұғып отырған да ешқайсысы жоқ-ты. Содан да болар, екеуі де ішінен «Е, мынау баяғы шақылдауық Исахан ғой», немесе, «Е, білеміз, мынау баяғы Жаппарқұлдың ожар мінезді, оспадарсыз қара баласы ғой» деген ойда келе жатқандай еді. Шынына жығылса олай деп айту қиянат. Сол кәдімгі Хадиша оқиғасынан кейін де бұлар талай-талай тайталаса бетпе-бет келіп, басқалар болса айқасып қалатын қысылшаң жерде, аға ағалығын, іні інілігін істеп, бейбіт кеткен, тіпті қайтадан қол соғысып, төске төс тигізіп, дос та туыс боп тарасқан жері көп. Осылардың бәрін екеуі ішінен ойлап, есіне қайта түсіріп келе жатқандай үн-түнсіз аяңдады да отырды. Әсіресе, Исахан арба соңынан үнсіз жүріп, ұзақ жолда жалғыздыққа әбден үйренген әдетінше бұл сапарда да селт етпеді. Қамбарбек те мұндайда сөзге үйір адам емес. Мариям бұлағынан өтіп, Торланның аузына жеткенде алдан шетсіз кең жазық жарқ ете түсті. Алыстан қарауытып Шолақ көрінді. Одан басқа көз тоқтатар бұдыры жоқ кең даланың бір шетінен ноқаттай боп, әлдебір көк аспанды кезген қыран қанатындай сағым көтеріп, бұлдыр қағып Қасқа бұлақтың шоқталы тұрды. Бұл екеуінен басқа көз сүрінер тұлдыры жоқ жазық дала теңіздің беті тәрізді көгілдірленіп, алыс көкжиекпен тіресіп шалғай тартып жатыр. Торлан асуының теріскей беттегі аузынан шыға келгенде он иықтан Қаратаудан бөлектеніп, төрт биік шоқы жатты. Мұны жергілікті ел «Үштөбе», «Жарты төбе» дейді. Бұл осы келе жатқан екі азаматтың туып өскен жері. Әлгі бір көкейде сайрап келе жатқан жайлардың бәрі осы өңірде, осы төрт төбенің бауырында өткен. Ең алдымен Қамбарбек жазыққа шыққан бойда ақ, жан-жағына көз тастап, өзі өскен жердегі тау-тасқа, жер суға зер тастай қарады. Баяғы бір момақан қоңыр төбелер сол қалпында қатар-қатар тізіп қойғандай қимылсыз, өзгеріссіз, сулық көрінді.
Асу аузында жол үш жаққа кетті. Солға қарай кеткен жол Балдысуға, оңға қарай кеткен жол Байжансайға, тура кеткен жол Шолаққа барады. Бұлар оңға бұрылды. Қамбарбектің мұрнына теріскей жусанының ерекше өткір, жұпардай аңқыған әдейі иісі келді. Бір сәт ғана басы айналып кеткендей болды. Ол көзін жұмды. Буындары дірілдеп, аяғы әлсіреп бара жатқандай теңселіп кетті. Әрі тереңнен, әрі іштен күрсінгендей кеудесін кере дем алды. Тау бөктеріндегі балапан жүні секілді үлпілдеген балауса көк жусанның жұпар иісі ішке қайта соқты. Ішкі сарайы кең ашылып, нақа бір науқастан енді айыққандай денесі балбырап, көңілі сергіп сала берді. Басындағы қара барқытпен жиектеген ақ қалпағын қолына ап, бетін желпіп желпіп қойды. Тершіген маңдайын кең алақанымен сүртіп, шекесін уқалап алды. Түссіз, таза ауаны сіміріп ішіп келе жатқандай демін ішіне тартып, терең күрсінді. Туған жердің ауасы оның басын айналдырды. Ішпей-жемей мас етті. Аяқты теңселе басып, ең алдымен қолын көтерді.
— Исахан, сенің есіңде бар ма, сонау көрінген Шолақ сүресінің оң жағы, қазіргіше, оңтүстік шығысындағы борпылдақ, шиі көп кен жазықта күздің күні бір қалың көкпар болды. Сол көкпарларда күн сайын кездесіп қап жүрдік. Соның ішінде бір күн ерекше есте қапты.
«Ол қай күн еді?» дегендей Исахан сақалын шошиып Қамбарбекке шегір көзін қадай, енді ғана тіктеп тура қарады. Бұл да оның ықыласын байқап қалды.
— Қай күн екені есімде жоқ. Әйтеуір сол көкпарлы күздің бір күні.
— Мәнжіде ғой? — деді Исахан.
— Иә, Шуқырши мен Мәнжінің екі ортасында. Көкпардан айрылып қалғаныңды бір-ақ білдің. Сен бірдеңе деп айқайладың. Мен ұқпадым. Көкпарды кері қайырып қалың топқа қайта салдым. Көкпар қайта қызды. Атыңа дем алдырып, аяңдап сен де келдің. Көзім түсіп кеткенде байқадым, маған ба, әлде басқаға ма, анық білмедім, әйтеуір ашулы екенсің. Несіне тыраштана қойдым деп өзім де іштей өкіндім. Енді ала алса кете берсін, қайта көмектесейік деп ойладым. Бірақ сен көмек күтпедің. Қайта өз бетіңмен әкетпек боп, тағы да бір-екі рет сытыла шыққаның бар. Бірақ, ұсталып қала бердің. Көкпар созыла берді. Таң атар кезге аз қалды. Сіздің ат та алғашқыдай емес екен. Оны сол өзің де ұқтың ғой деймін, қасыма жақын келіп, «Бала көкпарды алып шығып, әлгіндегі қатеңді түзе! Мәнісін былай шыққан соң айтамын» — дедің. Мен додаға түстім. Сен шетке шығып дайын тұрдың. «Ә» дегенде ала қою қиын болды. Додаға қайта-қайта түсіп, ештеңе шығара алмаған соң, айнала шауып, алып шығар ер жігіттердің алдын тостым. Бір кезде додадан суырылып Бұзау шықты. Көкпарды көтеріп, тақымына толық баспай жатып, жармаса кеттім. Бірақ тартпадым. Қабаттасып шыға бердім. Бұзау маған қайта-қайта жалтақтап қарай береді. Менің ойымды танығысы бар. Көпке дейін қатар шаптық. Байқаймын. Бұзаудың аты додаға көп түсіп, алқынып қалған екен. Менің атым тың. Көкпарды сілкіп қалдым. Оның тақымынан сусып, жерге қарай кете бергенде қайта көтердім де, сен тұрған жаққа бұрыла тарттым. Сен де дәл ұқтың. Қашан ұзап, көкпарды алдына өңгертіп бергенше ілесе бердім. Мен оны саған өңгерттім. Сен сонда «Бағанағың қиянат еді. Енді оны ақтадық. Бүгін әйелім ұл туды, үйде босанып отыр. Мен көкпар салып, ақ жем болған ешкінің жас сорпасын ішкіземін» деп уәде еткенмін. Рақмет, саған, Қамбарбек!» дегенін әлі есімде.
— Мәссаған, оның бәрі есімде, бүгінгідей есімде тұр. Көбейдің туған күні еді. Сол Көбей екі беті қып-қызыл нарттай әдемі жігіт болды. Он саусақтан өнері төгілген домбырашы атанды. Өзім тарта білмесем де оның домбырасына құлағымды тосып ұзақ тыңдайтынмын. Тілін безетіп, сөйлететін. Кәдімгі адам сияқты үн қатып, қайғысы мен қуанышын, жақсысы мен жаманын, сүйініші мен күйінішін айтып зарлайтын, жылайтын, күлетін тәрізді болатын.
Исахан бұрынғыдай емес, шешіліп, тіл бітіп, сөйлей бастады. Әсіресе, баласын есіне түсірген соң жаңадан жан біткендей боп, түрі де, сөзі де өзгеріп сала берді.
— Сөйтіп балам асқан күйші, естігенін қағып алатын домбырашы болды. Ел ортасында бабасы Құлыншақ әнші, ақын еді, мынау күйші болды. Әйтеуір тегін емес, бабадан ауысқан өнер бар деп аңыз етті. Міне, сол бала қырық екінші жылы соғысқа кетті. Содан бір жылдай хат алып тұрдық. Міне, екі жыл хабар-ошарсыз. Кім білсін, бір жерде жүрген болар. «Кебін киген келмес, кебенек киген келер» дегендей, әйтеуір жаман атын естімеген соң үмітсіз шайтан болсын деп отырған жайымыз бар.
— Біз, Хадиша екеуміз жалғыз баланың жаман атын естіп те, күн кешіп, таң атырып, күн батырып отырмыз.
Исахан түсіне қойды. Шоқша сақалын қолымен тартқылап бір-екі рет жұлқып-жұлқып, не істерін, не айтарын білмегендей жерге қарай берді.
Әлден уақта барып:
— Ә, Қамбарбек, солай ма еді? Қиын екен де... Баяғы бір мұңдастық біз екеуміздің басымыздан әлі де, әлі әлі кетпеген, кетпеген екен де...
Исахан тілін тістеп алғандай, кекештеніп қалды.
— Сен, сен болсаң, әйтеуір, еркексің ғой. Қайран Хадиша, ие, Хадиша қабырғасы сөгіліп отыр екен де... Сіздің Сұқсырдың да жайы мәз емес. Көз жасын маған көрсетпей жылайды. Оның неге себебі бар? Жалғыз менің балам емес, көптің басына түскен ауыр күн. «Көппен көрген ұлы той» деп өзімше ерленіп, Сырдың суын сирақтан санап мен жүрмін. Жеңіс күніне де жеттік. Шикі өкпем ошарсыз.
Бұлар ауылға кештетіп жетті. Қамбарбек басқа туыстары мен жамағайынына түсуді мүлде ойлаған жоқ. Исахан мен Сұқсыр тұрғанда қайда бармақ?
Бағанағы Исаханнан гөрі Сұқсыр жылы қарсы алды. Көз жасын жаулығының ұшымен сүрте отырып:
— Қамбарбек ау, сені де көретін күн бар екен ғой? Бұған да шүкір. Хадиша қалай, хал-жайы жақсы ма, аман-сау жүр ме? Ол да мен сияқты көк бас кемпір болған шығар? Өзін жақсы көрінесін. Баяғыдан көп өзгермегенсің. Толыпсың самайға ақ түскен. Одан өзге сенен өзгеріс тауып отырғаным жоқ. Біздің Исахан май тасыған ат пен арбаның соңында айқайлап жүріп-ақ қартайды. Сен бұған қарағанда асыл, алтынның сынығыңдай екенсің. Оған да шүкір!
Ол езуін сылп еткізіп бір тартып қойып суырыла сөйледі. Сұқсыр бұрында болса Хадишаға қарағанда мінезі қарама-қарсы, сөйлемпаз, тым ашық-жарқын жан болатын. Оған уақытты, ұлғая бастаған жасты қосса не болады? Сұқсыр көзінің жасын жаулығының шетімен бір ысырып тастап, тағы бастады.
— Әкесіне тартса нағыз асыл біздің Исахан болар еді. Кім біледі кімге тартқанын. Өлең түгіл сөздің өзін зорлағандай қып әрең айтқызамыз. Мұның өз әкесі Жұлыншақ, туған ағасы Мысқақ ақын, елге белгілі шешен адамдар болған. О, құданың құдіреті, «бір биеден ала да туады, құла да туады» деген осы ау!
Қамбарбек мұртының астынан мырс ете қалды.
— Сұқсыр ау, Құлыншақты Жұлыншақ дегенше, Ысқақты Мысқақ дегенше, жасы келген әйелге құдайдың өзі кешіреді дейді, тұп-тура атай бермейсің бе? — деп күлді.
Исахан қоса күлді.
— Бие сауғанда «құлын», «құлын» деп құлдыр құлдыр етеді де, «шағына» келгенде табандап аяғын баспай қояды. Құлының айтқан соң «шағында» не тұр екен деймін-ау?
— Мәні құлынында емес, шағында ғой, — деп Сұқсыр өз ойына бекіне түсті. Баба атын атап отырғанын бұл жолы сезген жоқ.
— Қамбарбек, осы қатынның сөзін қойшы. Ал сен, кісіге маза бер, Сұқсыр. Одан да шайыңды қой, тамағыңды ас. Мәмілені содан соң бастаймыз. Шыны пыны бар ма? Бұл Қамбарбек, сол көл-көсір арақ-шараптың ішінде өскен адам ғой. Онсыз болмайтын шығар.
— Ондаймен зауқым жоқ, Исахан!
— Пәлі деген екенсің, шахтер болсын да, арақ ішпесін? Ол бола қоймас. Біз оған нана да қоймаспыз. Қазір біреуді біреу алдай салу қиын боп кетті емес пе? Жанның бәрі оқыған, бәрі тоқыған. Ал, сөйлеп көр! Көмейің қандай жарқырап керіне кетеді. Солай де, Қамбарбек, солай де... Арақ-шарап татпаймын дейсің ау. Шамасы сен бізден гөрі Ғазірет Сұлтанның үйіне бір табан болса да жақындығыңды көрсеткің келеді-ау?
— Ішпейтінім рас, Исахан!
— Айтарсың.
— Шыным.
— Көрерміз. Алдымен Сұқсыр тапсын.
— Әуре болмасын.
— Сол да әуре ме екен?
— Шынын айтып отыр ол саған, Қамбарбек! Шыны сол. Арақ десе ішкен асын жерге қоятындардың бірі біздің Исахан, — деп Сұқсыр далаға кеткелі жатып сөзге қайта араласты, — осы күнгі еркектер үйге қашан бір құдайы қонақ келер екен деп көзін сүзіп күтіп отыратын болды ғой. Әрине, Қамбарбек, сені айтып отырғаным жоқ. Келгенің жақсы болды. Мен тез-ақ тауып әкелемін.
— Қиналмай-ақ қой. Бәрібір ішпеймін.
— Әй, Сұқсыр, онда бұған дәрет су әзірлеп қой.
— Исахан, шыным, татып алмаймын.
— Не дейсің енді? Дәрет су тап дедім ғой.
— Әй, Исахан, шыны болса қинамасаңшы!
— Сен әкеліпсің де, менің қинағаным қап па? Бара бер, саған қалған сөз жоқ, мұнда. Тауып кел! — деп ол әйеліне бұйыра сөйледі де, Қамбарбекке қайта бурылды. Сұқсыр шығып кетті. — Әй, Қамбарбек, осы баяғы, осы өзіміздің ауылдағы қылышынан қан тамған қып-қызыл шолақ белсенділер бар еді ғой, солардың біразы қазір намаз оқып, құдайға құлшылық етіп мәймөңкелеп кетті. Немене, сен де солар сияқты тәубеге келіп, сәждеге бас ұрып жүргеннен саумысың?
— Одан аулақпын. Белсенді болып елге қиянат жасаған жерім жоқ. Ешкімге зияным да, залалым да болмаған соң, ешкімнен қорқатын, үркетін жайым тағы жоқ. Тәубеге күнәсі көп адам бас ұрады.
— Мұның да жаны бар сөз. Бірақ, қашан Сұқсыр арақ тауып, алдымызға әкелгенше нанбаймын.
— Өз еркін нанбасаң.
Исахан күйбеңдеп, қазан жаққа кетті. Қамбарбек бір сәт жалғыз қалып, үй-ішіне көз салды. Мұның, да үйі, үскенесі өз үйіндей жұпыны, ебіне лайық қана екен. Мұны ол кедейліктен, табатын табыстың аз көбінен көрген жоқ. Исаханның өзінен, сері болмаса да, соған тақау ақкөңіл, алаңғасар мінезінен көрді. Теріскей, Қаратаудың Көкше құмға қараған солтүстік беті қандай кен, жатқан жазира дала болса, бұл жерді мекендеген елдің де пейілі, қөңілі, жақын туыс, құда-жекжат, ағайын абысын ғана емес, құдайы қонақтың өзіне мол дастарқан жайып үйренген дарқанды. Бұл мінезден кемдік көріп, жәбір шеккен ешкім жоқ. Көштен қалып, көсеу мінген де болмаған. Бірден артық, бірден кем боп, сонау алыстан азбай-ақ, тозбай-ақ жұрт қатары келе жатқан жайы бар. Мұны Қамбарбек басқадан артық білмесе, кем білмейді. Бір кезде мұның бабасы да, өзінің туған әкесі де осы далада нақ осы Исахандарша тұрған. Тіпті мұның өзі де осы өңірде салт атты, сабау қамшылы серілер жүрген. Ол шақта кенші боламын, қолыма қамшы орнына қайла ұстаймын, далада емес, қалада тұрамын деп ойлап па еді? Өмір кемесі замана теңізінің жаңа толқынында теңселе шайқалған шақта колхоздасу кезінде Қамбарбек тау асып, қорғасын кеніне келді. Жұмысшы болды. Ол көптің арасында, солардың тобында жаңа кәсіпке үйренді. Қатардан қалған жоқ. Бірден ілгері, екіден кейін боп, дүбірлі топтың жұмысшы қауымның өз адамы, нақ бір солардың арасында туып өскендей сіңісті де кетті. Келе-келе сол қауымда абыройлы адам, еңбек адамы болды. Ал, Исахан ше? Исахан да пенде. Ол да Қамбарбектің өзі тәрізді кештен қалып, адасқан жері жоқ. Заман, уақыт дүбіріне ілесіп, өз ауылында, туған жерінде өз үлесі, өз еңбегімен күн көріп, түтін түтетіп отыр. Өз өміріне, өз тағдырына жүрдім бардым, қалай болса солай қараған алаңғасар ақ көңіл тентек серінің бірі Исахандай ақ, болар. Бірақ уақыт пен еңбек, қалың көп оны сыртқа теуіп тастай алмады. Замана теңізінің ақ жалды асау толқыны әйтеуір біреулерді жағаға лақтырып тастайтын болса, соның бірі осы Исахан еді. Өйткені ол елге қадыры мол, көптің сый-сияпатына, құрметіне не болған Құлыншақ сынды үлкен ақынның кенже ұлы, ерке тентегі боп өсті. Сол адамды кіші де болса өз замандасы көптің арасынан, еңбек адамдары тобынан көріп отыр. Бұл шүкірлік ететін жай...
Қамбарбек замандасы жайлы осындай ойда тұрғанда шынысын салдыратып Сұқсыр келді. Қазан жақтан миықтай күліп Исахан шықты. Шыны сылдырын естіп қалған сыңайы бар.
— Е, бәрекелде, келдің бе, Сұқсыр!
Қамбарбек болса қанша уақыт өтсе де әлі өзгермеген Исахан мінезіне, не болса соған балаша қуанатын қылығына іштен күліп қойды.
— Міне, тәуір қатын деп осындай адамды айтады. Ал, Қамбарбек, кел мұнда, мына дөңгелек столға шынтақтап отырамыз. Әңгіме-дүкені енді басталады. Ерінімді жылы суға батырмай аузыма жөншемді сөз түспейтін ауруым бар. Бұрын болмаған ауру. Адамға екі нәрсе жүре пайда болады. Ол ақыл мен ауру.
— Сен тіпті аузыңа алмай-ақ, шынының сыңғырын естісең болды-ақ, көсіле жөнелесің бе деп қалдым.
— Оныңды да бекер дей алмаймын.
Бұл екеуі төңірегіне көрпе төсеп, жастықтар қойған дөңгелек столды қоршай отырды. Екі шыны, екі кесе, бір табақ еттен бөтен ештеңе әлі қойылмаған. Сұқсыр буын бұрқыратып ыстық сорпа әкелді. Исахан бір шыны алып екі кесеге мөймілдете құйды.
— Ал Қамбарбек, он бес жылдан кейін аман-есен, денсаулықта, туған жердің топырағында қайта кездескен қуанышымыз үшін алып жіберейік! — деп Исахан шегір көзін қадай түсіп, сақалы шоштиып, қонағына шұқшия түсті. — Ас алдында, ыстық тамақпен, бұл шіркін кәдімгі жылқының жал майы тәрізді тастай батып, судай сіңеді ғой. Ал, көтер.
— Исахан, Сұқсыр жеңеше, мен мұны ішпейтін едім дедім ғой. Расым сол. Мені қинамаңдар. Тамақ жейін. Ал Исахан, өзің ала бер!
— Жоқ, ондайыңды, мұндайыңды қой. Осы кезде арақ-шарап ішпейтін пенде жоқ. Бұл өзі ауруға шипа, сауға ас боп кетті емес пе? Сөзді қой да, тап-таза қып мынаны алып жібер.
— Қинама, іше алмаймын.
— Ішесің.
— Жоқ, ішіп көрмеген затым.
— Оныңа нанбаймын. Работчай класс дей ме сендерді? Менің білуімше осы арағыңды ойлап тауып, жасап шығарғандардың өзі солар. Олар өз қызығы, өз тамашасына бола жасамағанда, менің үйлену тойыма бола жасады дейсің бе? Өзі жасап, өзі ішпейді дегенге кім иланады?
Қамбарбек кесені алып Исаханмен шық еткізіп, бір соғыстырды да, қолына ұстаған бойы кесенің сап-салқын ернеуіне ернін тигізді. Бұл кезде Исахан сылқ еткізіп бір-ақ тастады.
— Міне, бәрекелде! — деп Қамбарбекке жалт бұрылды да, — ой, шырақ, мұның болмайды. Әлде сен, әне бір қызылын, сарысын ішіп үйренген қусың ба. Ондайын табыла бермейді. Не деуші еді, Сұқсыр кемиек пе? Әлде сен сол жоқ деп отырмысың. Ерегіссем оны да табамын. Бірақ бүгінше осы да жетеді. Алып жібер, жолды бөгеме! Тамақ суып қалады. Суыған тамақта қасиет қалмайды.
Қамбарбек астыңғы ернін жымыра тістеп, ойлана қалды.
— Арақ-шарапқа үйірлігім жоқ. Шыным осы. Оның бер жағында туған жерге, өз ауылыма тынығуға келген жайым бар. Арақ жүрген жерде демалыс жоқ.
— Мәссаған, керек болса, өзіміз осымен жан шақырамыз.
— Ол әдет алуға байланысты. Мен олай етіп үйрене алмадым.
— Сол да сөз бе? Мынаны көтеріп таста! Үйренген деген сол.
Қамбарбек үндеместен тамақ жей берді. Исахан тағы бірін тастап ап, бұған қайта шұқшиды.
— Әй, Қамбарбек, осы ғой бабамыз дос болған. Әкеміз дос екен. Екеуміз доспыз. Сөйте отырып мұның, қалай, әлде менің дастарқанымды менсінбей отырсың ба?
— Бәрі де дұрыс қой. Бірақ, олар арақ үстінде, араққа бола дос болған емес қой. Біз де солардай болайық.
— Әй, өзің де бір қу бопсың. Ол заманда арақ болса, олар да ішкен болар еді. Мұным өтірік пе?
— Мүмкін.
— Мүмкін ғана емес, расы сол. Ішер еді. Ал, сен неге ішпейсің?
— Мұнсыз да қонақ сыйлап, жекжат қабылдап, мұнсыз да дастарқан жайып, дархан атанған, меймандос елдің баласымыз ғой, өзің іше бер, мені қинама!
Қамбарбек салмақпен, салқын айтты. Исахан қайта сөзге келген жоқ. Тағы бір тастап ап, ас жеді. Үнсіздік қайта орнады. Бірақ, қонақ өз райынан қайтпауға бекінді. Оның ішпейтіні де рас. Мұның үстіне Исахан жайын көріп, оған ой салуды да іштей түйген еді. Ол мұнысымен өз дегенінен бұрылмас қатал, өзіне берік жан екенін тағы танытты. Исаханды былай қойғанда Сұқсырдың өзі, «опырай, осы күні мұнымен әуес еместер де бар екен-ау», — деп қалған. Сөйтіп, бұл үйдің іші бұған да көнді. Бірақ «осы әдейі ішпей мені сындырмақ мені тәлкек етпек пе екен?» деген ой көпке дейін Исахан басынан шықпай қойды. Келе-келе түсінді. Әлі күнге дейін сонау бір балалық шақтағы екі бетінен майы тамған, торсықтай қара күрең жігіттің өңін бермей тұрғаны осы ішпеуден де болар деп топшылаған. Кейде ол өзін Қамбарбекпен іштей салыстырып, өзіне-өзінің қарыны қалатын. Бұған қарағанда ол қарт. Ол мұнымен кездескенге дейін бұған мән бермеген. Қайта далада, таза ауада жүрмін. Жақсы сақталдым, бұрынғыдан көп өзгерісім жоқ деп ойлаушы еді. Өзіне түсініксіз боп келген біраз жайларды енді ұққандай болды. Содан да ол үйіне келген, өзі осы біздің үйде бол деп қалдырған қонағына қолын беріп:
— Дұрыс, ұқтым сені, іш деп айтпаймын! — деді.
XVI
Қамбарбек Исахан үйінде бір айдай жатты. Басқа шақырған ағайын туысқанға осы үйден барып, қайта көп қонып жүрді. Қайтадан бір-біріне үйренісіп қалды. «Ат кісінескенше, адам сөйлескенше» деген емес пе, бұрын да құлын-тайдай тебісіп өскен бұлар қайта кездескенде онша көп оқшауланбады.
Ал осы келісте Қамбарбекті ойға қалдырған бір жай болды. Ол мына өзі туған жердің табиғаты.
Ол туған жерінің ой-шұқырын, тау-тасын, өзен суын, өзі білетін аты бар жерлерін, түгел аралады. Бұрынғы ескі қала, үлкен қала Құмкент, Баба Ата, Қызылкөл, Құрсай, Қызылсеңгір, Қаратас, Қызылтас, Қапшағай, Сасықбұлақ, Шиліөзен, Қанымсай, Ожар, Тоған, Шаштөбе — бәрін бірін қалдырмай аралап шықты. Осы аралауда табиғаттың кәрілік кезін, ұлғайған кезін есіне түсірді. Жер-су қартаяды екен. Қартайғанда кейде, тіпті бір адамның көз алдында қартаяды, азады, тозады. Мұны Қамбарбек өзінше жер кәрілігі деп ұқты. Кеше ғана шиге тұнып тұрған, сол мол шиі үшін Шиліөзен атанған жердің жүрсе адам адасатын қалың шиі қайда? Бұл шиді жергілікті жердің өзіндегі адамдарды былай қойып, сонау Сарыарқадан, Сарысу, Шу бойынан келіп тартатын. Шиліөзен шиінен тоқылған тоқыма шилер талай-талай әдемі үйлердің салтанаты болған. Ал ши таусылған, өспей қалды делік. Қысы-жазы арық-арық боп Үштөбе мен Жартытөбе бауырынан қайнап шығып жататын мөлдір сулы сылдыр бұлақтар қайда? Бір ғана Үштөбе бауырынан ағатын бұлақ сулары бүкіл өңірді суландырып, атақты тоған арқылы сонау Мәнжі мен Тазшабайдың даласына шығатын. Көктемде су тасып, сай сайды қуалап, жойқын күші бар қызыл сулар ағатын. Басқаны былай қойғанда Шиліөзендегі бұлақтан шыққан өзен тола су сонау, Құрсайға дейін жетіп, Шыбықбелгіге дейін баратын. Көктемде Ақжардағы отыз-қырық көлдің біріне жетіп құятын. Қамбарбектің таң болатыны сол, қазір сонау бала күнінде көргеніңдей емес. Ол мұны ешкімнен де көрген жоқ. Жер өзінен-өзі азады, тозады, қысқасын айтса қартаяды. Ол өзі өскен жердің ұлғая бастаған тұрпына қарап өзінің де тарта бастағанын мойындаған. Мұның да бетінде Қаратау бедеріңдей әжімді, қатпарлы таңба көп.
Май айында Қаратау жотасында тобылғы гүлдейді. Оның гүлі ақ, сары, қызыл, ала, қоңыр келеді. Жапырақтары кішкене де, әдемі болады. Бұл гүл басқа гүлдердей көріне сап түспейді. Ұзақ тұрып, әбден піскенде түседі. Гүлі түскенмен тобылғының сыры кетпейді. Қайта жапырағы майлап қойғандай жасылданып, көркейеді, түрленеді. Ал, діңгегі жуандап, қызыл торғын береді. Тобылғы түлейтін шақ көктем болса, толыса беретін шақ күз. Қамбарбек көп болса өз шағының күзіне енді келді. Алда әлі аты аталмаған, шұғылалы сәулесін шашпаған жақсы күндер бар. Тіпті басқаны былай қойғанда Хадишаның айтқаны келсе, оның түсі рас болса, енді көре алмаспын деген ұлын да көруі кәдік. Жорамал мен түсті қойып, соғыстың аты соғыс емес пе? Мұндай қиын күндерде басы жұмыр пенденің басына не келіп, не кетпеген. Қалай дегенде де оның. басындағы бүгінгі ой жер туралы да, ел, ағайын жайында да емес, қызы хақында еді. Кеше Ащысайдан келген біреу Сұқсырға «мынау сенің үйіңде жатқан Қамбарбектің қызы күйеуге шығайын деп жатыр» деген. Мұны естіген бойда Сұқсырда тағат болмады. Әйел естіген сөзін екінші біреуге жеткізгенше іші жарылып кете жаздайтын жұрт емес пе?
— Қамбарбек, сенде бой жетіп отырған қыз бар екен ғой! — деп бір қойды Сұқсыр.
— Иә, биыл Алматыдан Доктордың оқуын бітірді.
— Бітіре ме, жоқ бітірді ме?
— Бітірді десе де болады. Диплом дей ме, бірдеңесі қалған әйтеуір?
— Доктор болса жақсы екен-ау. Өзі не, атастырып қойған адамдарың бар ма еді?
— Жоқ, ә, ондай ештеңеміз жоқ сияқты еді, — деп Қамбарбек Сұқсырға сұраулы қарады.
— Жоқ ә, кеше, әлгі бір Ащысайдан қатынаған біреулер, сіздің үйде жатқан кісінің қызы күйеуге шықпақ екен ғой. Бұл кісі тегін келмей, той алдында ағайын-туыстың алдынан өтпекке келген болар деп жатыр да...
— Ойбай, одан құдай сақтасын! Одан мен аулақпын. Қызымның күйеуге шығатынын естіп отырғаным осы! — деп Қамбарбек қанша дегенмен едәуір қаупақтап, әрі не дерін білмей сасқалақтап қалды. — Ал Сұқсыр, бұл не де болса жаңалық екен. Ондай болса мен Хантағыға қайтайын.
Қамбарбек жамбастап жатқан жерінен тұрып, қабырғада ілулі тұрған плащына қол созды... Сұқсырда дегбір қалмады. Өңі сұрланып, отырған жерінен ұшып тұрды. Қамбарбекке қыз ұзату алдында жылу сұрай келіпсің дегенді өз жанынан шығарып айтқандай-ақ ыршып түсті. «Қызының күйеуге шығатынын біліп келсе, бұл хабарды жаңа ғана естігендей боп неге асығады?» — Дегенмен Сұқсыр аң-таң боп қалды. Білмейтіні рас па екен? Онда да маған тәуір тимеді ау. Қонақтап не ғып жатырсын, қызын кеткелі жатқанда деп үйімнен қуып жібергендей болдым ау...» Қапелімде оның аузына жөншемді сөз де түспей қалды да:
— Ойбай-ау, енді не дейін? Ең болмаса Исахан келсін де... — Сұқсыр Қамбарбектің плащ алған қолына жармасты. Ай-шайға қарамай киімін қолынан жұлқи тартып алды да, қабырғадағы шегеге қайта іліп қойды. — Қайда асығасың, ең болмаса Исаханды күт. Қазір-ақ келеді. Сонша асығып, күйеуге шыққан қыз көрмеп пе едің? Әлде, қызыңды күйеуге бермей қояйын деп пе едің? Оған осы заман жастары көне ме?
Бір бастап алған соң бұл да байы Исахан тәрізді қиялай тартады. Орағыта сөйлеп, анау-мынауға болмай, сөзге қонақ бермей, ауыздығымен алысқан асау аттай ойқастай беретіннің бірі осы Сұқсыр. Қазір де ол алғашқы қыспақтан, ойдан айығып алған соң, Қамбарбекті бастырмалатып, нықтай жөнелді.
— Біз де қыз болғанбыз. Бізді де ұзатқан. Басқаны былай қойып, осы өзін емес пе едің, Хадишаны алып қашқанда, саған жақтасам деп жүріп Исаханның шекесі жарылып, көйлегінің қанға боялып келетіні қайда, есінде ме? Ол кезге қарағанда қазір құдайдың рақаты емес пе? Мен мынаны сүйдім дейді де, қол ұстасып жүре береді емес пе, осы күні? Өткен жылы мынау әлгі ұзын тұра Арабай бой жеткен қызына жең ұшынан жалғасып қалың мал алғалы отырғанда, жоқ, мен оны емес, мынаны сүйемін деп басқа біреумен қашып-ақ кеткені бар емес пе? Соғымға ту бие соямын деп селебе пышағын қонышына қайта-қайта қайрап отырған жазған аузы аңқайып, санын бір соғып қала берді емес пе? Бетім ау, енді не дейін, Арабай бір жыл бойы ел бетіне қарай алмай, жерге қарап қалды. Құдай сондай сақтасын де... Бұрыннан құда түсіп, сөйлесіп жүрген адамың болса оның несіне абыржисың! Танымайтын, білмейтін біреумен кетіп, жер соқтырмаса бопты да...
Сұқсыр сумаңдап, суырыла сөйлеп жатқанда бір Кулагин ғана тосып, Қамбарбек өз ойымен өзі болды. Бірақ, оның басына он саққа бөлінген көп ой түскен жоқ. Кім болды екен деген бір сұрау оны мазалай берді.
— Кімге шықпақ екен, күйеуі кім деп сұрамадың ба, Сұқсыр?
— Сұрамадым. Өзің білетін шығар деп ойлағаным рас. Сөйтсем, өзің білмейді екенсің ғой...
— Бала қайғысымен жүріп, мүлде бұл қызды ұмытқанбыз. Оның күйеуге шығатыны да есімізде болмапты... Е, солай еді де... Солай, солай... Амал не, айла қайсы? Бәрі өмірдің өз заңы дейді ғой. Дұрыс та.
— Дұрыс болмағанда не істей қоясың? Көнесін, көнген соң, бәрін дұрыс дейсің Қолыңнан бұдан басқа не келеді сенің?
— Соны айтамын ау. Көндігіп үйренген басымыз ғой көне береміз.
— Дұрысы сол. Көнбіс болсаң, құлағың тыныш болады.
Бұлардың үстіне Исахан келді. Сұқсыр оған қонақтың кетемін деп асыққанын, өзінің жібермей отырғанын айтты. Басқасын айтпады.
— Иә, Қамбарбек, не болды саған, жатқан жеріңнен, жанбасыңның астынан су шықты ма? Арақ-шарап ішпейтін сопылықпен тұрмай, бір орында дем алып, тағат тауып жата алмасын әдетің тағы бар ма еді? — Исахан рақаттанып күліп қойды. — Ал, сөйле, саған не болды?
— Менің сөзімді Сұқсыр айтсын.
— Енді сөз айтуға да еріндің бе?
— Еріншектіктен емес.
— Қамбарбек дұрыс айтады. Біреу сөзіңді сөйлеп берсе аузың қышып бара ма деген емес пе? Мен сөйлеймін. — Сұқсыр Исаханның иығынан жұлқылап, өзіне қаратып алды. — Мынау Қамбарбектің қызы, әкесі жоқта, аты кім еді? — Бұл жолы ол Қамбарбекті өзіне қаратты.
— Нұрби.
— Иә, Нұрби, әкесі мұнда жүргенде, онда бүрісуге күнсуге шыққалы жатыр дейді. Міне, бұл соған асығып, бүгін кетемін де кетемін деп жұлқынбасы бар ма! Ау, оң болмаса Исахан келсін деп әрең тоқтаттым ғой.
— Пәлі, бәрекелде, сол да сөз екен? Көбейжан мен Бекзатжаннан тірідей айрылып өлмей отырған Қамбарбек пен Исахан қыз байға кетті деп өле салады екен? Ха-ха-ха! Міне, қызық. Сұқсыр, арақтың қалғанын әкел, аты кім дедің, Нұрби, Нұрбибі, кім еді, ие соның тойын осы жерден, әкесі Қамбарбек туып-өскен жерден бір-ақ бастаймыз, әкел бері. Ал, мұндағы тойдан соң Қамбарбекті өзім нақ анау күнгі кездескен жерім, өзіміздің Сергоға дейін мұрнынан жетектеп шығарып саламын...
Ертеңіне нақ солай болды . Исахан мен Қамбарбек бос бөшкелер тиеген қос атты арбаға жаяу ілесіп, Торлан асуына бет алды. Тағы да бұлар сонау күнгі алғаш кездескені тәрізді көп уақытқа дейін үнсіз жүріп отырды.
Жол үстіндегі үнсіздік жерді шалғай көрсетеді. Бұлар асудың аузына жете алмай-ақ қойды. Исахан бір-екі рет терең күрсініп алды. Онымен жол қысқармады. Қасындағы жолдасына қарап еді, ол өз ойымен өзі боп келеді екен. Оның ойын бөлмейін деп бір ойлады да, «бәрібір не ойлап келе жатқаны белгілі ғой» дегендей:
— Әй, Қамбарбек, қызың кімге тартқан, өзіңе ме, жоқ, әлде Хадишаға ма?
— Кәдімгі бар, нақ бір Хадишаның аузынан түскендей...
— Ә, онда сұлу екен ғой..Хадишаның жас кезін, өзін үйленген кезді білесің ғой, шіркін-ай, адамзаттың әсемі де, сұлуы да еді-ау! Қарай бергін келетін көркіне! Әлі есімде, қарындасыма, Хадишаға, екеулеріңнің араларыңа жеңгетай боп өзім жүрген кезім, бір күні сенің атыңды атап, мақтадым. Сері дедім, шабандоз дедім, ақылды жігіт дедім. Сонда ол ердің серілігі әйелдің соры, қара күшін қайтейін, сексеуіл жарғанда керек болмаса, ақылы болса дұрыс та деп еді. Сөйте тұрып, сенің ақылыңды сынамақ боп, ақ қағазға бір бет жұмбақ жазып бергені есінде ме? Сол жұмбақты саған әкеле жатып өзім жаттап та алдым:
Бір бақты бір топ бұлбұл жайлайды екен, Бір бұлбұл тым ерекше сайрайды екен. Әншіні әнші жақсы ұға алады, Сол бұлбұл қандай әнді тыңдайды екен?
Мен қыз хатын саған әкелдім. Сен жауап жаза" алмай Сұлтанбек жыршыға бардық. Ол шешуін өлеңмен жазып, сенің атынды қойып Хадишаға қайта жіберді.
Сонау бір күні көп жылдан соң алғаш кездескен шақтың керісінше бұл жолы Исаханның ауызы тыным таппады. Сандырақ арбаға жегілген қос күреңді ұзын қамшымен қалың бөкседен анда-санда бір ұрып қойып, әңгімесін жалғай түседі. Мұның үстіне оның ежелден-ақ қатты, айқайлап сөйлейтін әдеті. Бір жақсысы сол, ол тыңдаушының ықыласына, тыңдап, немесе, тыңдамай селқос келе жатқанына онша мән бермейді. Тыңдаушыға қарамайды, тыңда деп иықтан қағып, шұқшия қадалып, бүйірден түртіп сөйлемейді. Ол өз ойын айта береді. Тында, тыңдама өз еркін! Тіпті оның сөзіне сенің қалай қарап, не деп бағалап келе жатқаныңда да оның шаруасы жоқ.
— Сұқсыр дегендей ақ, есіме түсіп кетті-ау, өзің білесің, біздің қатын Сұқсыр десе Сұқсырдай сұлу еді-ау. Ақ тамақ, қоңыр ала, сүңгуір әдемі үйректей әсем еді. Қаншырдай қатып, мойнын әсем бұрып, сылаңдайтын. «Қыз күнінде қыздардың бәрі жақсы, жаман қатын шығады осы қайдан» деген сөз затында тауып айтылған, асыл да, аталы да сөз. Обалына не керек, Хадишаны білмеймін, көптен көргенім жоқ, ал біздің Сұқсырда не қалды? Шанаштай қатқан, қазықтай қара қатын болды. Сонысына қарамай бұрынғы әдетінше мойнын сұқсыр үйректей қоқиып, сылаң сылаң ететіні бар. О, тоба деймін ішімнен, ауру қалса да әдет қалмайды деген рас екен-ау. Баяғы өзін білетін, Хадишаның жұмбағын шешіп, оған жауап хат жазып беретін Сұлтанбек жыршы бар ғой, сол үнемі, екі сөзінің бірінде: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деп отыратын. Сол айтқандай ақ көк дөненнен жүйрік көңіл ай деп мен отырамын. Саған да қарап қоямын. Боз балалықтан қалған не бар екен деймін. Байқаймын, сен аяғыңды әлі күнге дейін қиғаш басасың. Көрдің бе, ол қайдан қалған? Ол ма, ол — шоңқайма өкше, қисық табан, сықырлауық, әміркен етік киіп жүрген кездегі сал жүрістен қалған...
— Исахан, сен өзің өте байқағыш екенсің....
— Әкеме тартпай, нағашыларыма ұқсап тусам да, атағы шыққан ақын Құлыншақтың баласымын ғой! — ол көтеріле сөйлеп, қамшысын жіті көтеріп, шегіншектеп келе жатқан атты қара саннан зып еткізіп тартып өтті. Артынша Қамбарбекке масаттана қарап алды. — Міне, солай, әр нәрсе кезінде, кезегінде деген де бар. Ал, менде не бар, не қалды деп ойлайсың?
— Мен оны ойлаған да емеспін.
— Сен ойламасаң өзім айтайын.
— Ал, құлағым сенде.
— Ал мен бар ғой, мен өзім, сонау ту бастан-ақ белгілі мінезі, тұрақты қылығы жоқ адаммын. Мұның үстіне жасанды қылық жасанды мінез тағы болмаған. Баяғы аңқылдақ ақкөңіл Исахан сол Исахан қалпында. Құдай берген мінезге қосып алары жоқ құлын мен. Сонда да ешкімнен кем болғаным жоқ. Көштен қалмадым, көжеден тарықпадым. Бірден кем, бірден артық, ұзын көштің алдында да емес, артында да емес, ортасында келе жатырмын. Біреудің бермесін алған қуды да, іш мерез сұмды да, ақылгөйсінген білгірді де, өтімі мол пысықты да, керден мінезді кербезді де, сал мен серіні де көрдім. Олардың менен асқан ештеңесі де жоқ. Бәріміз сол, бір-бірімізді бөрікпен соғып алатындай жерде іркес-тіркес жүріп келеміз.
Қамбарбекке Исаханның бұл ойы бір түрлі қызық боп көрінді. Көне шалбар мен көне етік киіп колхоздың тракторына жанармай тасыған Исаханның ішінде ит өліп жатыр ма деп қалған. Сен қаншама аңқылдақ, ақкөңіл болғанмен сені өз толқынына батырып алмай, жанамалап, жай ғана өте бермейді. Исахан сол толқынға көмілген, керек десең, бір-екі мәртебе тұншығып та қалған. Ол оған өз салқынын тигізген. Содан да ол өз өміріне, өз тағдырына риза. Ол өз төңірегін, өз замандастарын түгел көріп отыр.
— Сөзіңнің жаны бар, жақсы сөз.
— Е, ол бағана да шүкір! Имандай сырым, осы бар ғой, Исахан тентек, Исахан аңғал, Исахан аңқау, тіпті айта берсем, Исахан ақымақ деп жүргендеріңнің көбі-ақ, сол менен қамшы сілтем жерде жүргендер. «Аяз би, әліңді біл, құмырсқа, жолыңды біл» дегендей ақ, өз әлін білмей, әлек боп жүргендер, өзіне қарамай, басқаға баға бергіш, сын айтқыш, мін таққыш боп келеді. Ауылдағы сумаң тіл қатындар мені «бақырауық Исахан» дейді екен. Соны Сұқсыр естіпті. Өзінше намыстанып маған айтты Сен Сұқсыр, оған шамданба, «жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан шөп ереді» деген бар емес пе? Ел аузына елек қойып, қақпақ бола алмайсың. Болмас жерде ашу шақырып өз осалдығыңды көрсеткенше Сырдың суын сирақтан келтірмей жүре бер деп қойдым... «Ей, бақырауық Исахан, сен бізден кемсің?» деп маған кім айта алады? Сыртымнан болмаса, көзіме ешкім ештеңе айта алмайды. Бетке айтылмаған сөз өсек. Ол есепке алынбайды.
Ол қамшысын сілтеп қалды. Бұл жолы да қара бөксеге дәл тиді. Қамбарбек оның сөзіне де, керекті жерінде қамшы сілтесін де сүйсініп қалды Арақты ешкім де ақылына ішпейді. Бұл бір. Екінші, арақ-шарап ішкендердің бәрі бірдей ақылсыз емес. Кейбіреулердің ішуінде де себеп болады. Исахан болса өз жөнін біледі. Сұрап та, іздеп те ішпейді. Кезі келеді, себебі табылады. Осы бір қайту сапарында, сөйтіп, Қамбарбек өзінің ескі досы Исаханға алдымен күдіктене қараса да, артынан көп нәрсені кешкен еді.
Бұл екеуі Сергода жылап айрылысты. Қамбарбек не де болса, қызының тойына шақыруға уәде беріп кетті.
XVII
Қамбарбек Хантағыға кештетіп жетті. Хадишаның аман-саулығын көріп, іштей қуанып қалды. Келмей жатып әйелінің көңілін бұзбайын дегендей, ештеңе білмеген, сезбеген боп, жайбарақат отырып шай ішті. Шайды ойлана отырып, аздап ұрттап, ұзақ ішкен. Хадиша да тіс жарған жоқ. Әлде қыздың өзі айтатын боп келісті ме екен? Қыз үйде жоқ. Ол қайда деп әкесі сұрамады, шешесі айтпады. Бір үйдегі екі жан аз уақыт болса да үнсіз отырса, уақыт көптей, ұзақ боп көрінеді екен. Бұған төтеп бере алмай, алдымен сыр берген Хадиша болды.
— Сұқсыр қалай екен, қартайып па? — деді.
— Шайтаннан басқаның бәрі қартаятын көрінеді ғой.
— Тым қарт па?
— Үзіліп отырған да, сызылып отырған да Сұқсыр жоқ. Түйенің күнге қатырған мойнақ терісіндей қара сұр қатын қаншырдай боп қатып отыр. «Сұлудың сыны кеткенмен міні кетпейді» дегендей, біздің Сұқсыр отыр ғой саф алтынның күйелі ошаққа ұшып түскен сынығы болып деп, Исахан арақ ішіп алғанда көз алмай, оған сүзіле қарап отырады екен. Жастықтан қалған әдет те. Екеуі де саған көп-көп сәлем айтып жатыр.
— Иә, саламат болсын! Баласының жаманаты жоқ па екен, әйтеуір!
— Жаманаты да, жақсы аты да жоқ. Көптен бері мүлде хабарсыз көрінеді.
— Е, олардың да күні сол өзіміз сияқты екен де...
Қамбарбек үндеген жоқ. Шайды кесе шетінен ұрттап ішіп, өз ойымен өзі боп, бөлме бұрышындағы жаңа ғана өрнек сала бастаған өрмекші торына қарап көп отырды. Бұрыштың екі қабырғасын жалғастыратын әлденеше ұзын-ұзын жіптерді айқыш-ұйқыш тартып тастапты. Өзі көрінбейді. Не де болса өзіне лайық күн көріс қамын жасап, соған бола мекен-жай жасап жатқан жайы бардай. Қамбарбектің ойына өрмекшінің өрмекті не үшін құратыны түсті. Өрмек күн көрудің тәсілі. Өрмек тартқан өрмекші мұхитқа ау тастаған балықшымен тең. Әрбір өрмекші өз өрмегіне түскен шыбын-шіркейді жеп күн көреді. Әлемдегі әрбір тірі жәндік, бар мақұлықтың өзінше күн көру, тіршілік ету тәсілі бар. Міне, осы өрмекші әрекетінен келіп оның ойына ұрпақ мәселесі түскен. Бұл да бір өзінше қызық дүние. Қандай мақұлық болмасын өз ұрпағын өз бетінше тіршілік етіп, өз бетінше күн көре алатын шаққа дейін ғана асырап, бағады, қарайлайды. Тек адам ғана жақындықты, туыстықты сақтайды. Бірақ әрбір адамның өмірде өз тіршілігі бар. Міне, нақ осы тәрізді оның ұрпағының да өз бетінше өмір кешетін, тіршілік ететін шағы жеткен. Ал, енді мұны қалай мойындамассың? Бала да балапан. Балапан өсіп құс болды. Қанаты қатып, топшысы бекіген. Енді ол өз бетінше ұшып көрмек. Мұнда тұрған не бар? Бұл заң өмір заңы, табиғат заңы. Немесе, оның ұрпағының біреудің дайын үйінің қос қабырғасын қосып, өзінің өмір сүретін торын құрып жатқан өрмекшіден кемдігі бар ма еді?
Өмірдің бет-жүзіне әрі адал, әрі әділ адам ғана тіктене, тура қарай алады. Ал тіктеп, батыл қарай білген адам ғана оның шындығын түсінеді, ұғады да мойындайды. Қамбарбек өзінің қызы жайында, оның бүгіні мен ертеңі жайында ойлағанда осындай бас бұра алмас, талассыз қағиданы есіне алған еді. Нақ осы ойдың үстінде отырғанда сырттан Нұрби келіп кірді.
Нұрби үстіндегі сырт киімін де шешпестен үйге енген бойда әкесіне тура жүгіріп, мойнына асылып, құшақтай алды. Әкесін аймалап, балалық мейірмен сүйді. Бірақ,бетіне тура қарай алмай, қайтадан құшып, тағы аймалады. Ештеңе айта алмады. Әкесінің нақ бүгін келерін, білмеген. Дайын жауабы, айтар сөзі әзір емес-ті. Күтпеген кездесуден кейін әкеге не айтарын, не деп айтарын білмей абыржып қалған еді. Оның бұл жайын әке де ұқты. Бұрынғыдан, әлгі бір өрмекші хақындағы ойдан да бетер жұмсап, іші жылып кетті.
Бұл сезімге қоса, қызының жалынған, әлде кешірім сұраған жүрек дірілін, балалық өксігін естігендей болды. Қызы кәдімгідей жылап жіберді. Әкесінің мойнына асылып, иығына сүйене тұрып, бетін бүркей жылады. Оның құлағына жас шақтағы сәби кездің өксігі келді.
— Көке! — деді ол, жасын тия алмай. — Көке, кешір мені! Кешір, көке! Мен сенімен келіспедім. Кешір, көкетай! Келіспегенім үшін емес! Сені, осындай кезінде, серік керек, бала керек, сүйеу керек, ағайын-туыс керек — бәрі-бәрі керек кезінде, бәрі керек кезде, апам екеуіңді жалғыз тастап бара жатқаныма өкінем! Міне, көке, соған, соған кешірім сұрап отырмын. Маған тек осыны кешсең болды. Басқасын өзің түсінесің...
Қамбарбек өз әйелі, өз қызын былай қойып, жалпы әйел баласын ақылдылар сапына қоспайтын адам еді. Нұрбидің мына өтініші, әкеге деген мейірімді балалық қылығы, сәбилік бейкүнә арызы оны аң-таң етті. Бұл да не айтарын білмей едәуір састы. Жүрегі жылу ғана емес, әкелік махаббаты сол жүректі уыстап ап, қатты-қатты сығып жібергендей өн бойы шымырлап, екі иықтағы қара кесек қон еті сыздап кетті:
— Қалқам Нұрби, не дейсің маған? Кеш дейсің бе? Нені кешем? Саған қояр менің ешбір кінәратым жоқ. Нені кешем? — деп Қамбарбек қызының жүзіне тура қарағысы келіп еді, бірақ қыз мойын бұрмай қойды. — Жылағаныңды қой. Мұнда ешкім жоқ. Мына апаң үшеуміз сөйлесейік... Бізге түсіндіріп айт. Ақылдасайық!
Қамбарбек шын ниетімен жылы сөйледі.
— Көке, көкетай, ақылдасатын ештеңе де қалған жоқ,Кешір, кешірсең болғаны... Мен уәдемді беріп қойдым. Қайта сөйлер жайым жоқ. Тек қана осындай серік керек кезде екеуіңді тастап бара жатқанымды кешіңдер!
— Тым алысқа кетіп барасың ба? — деді Қамбарбек алғашқыдан салқындау үнмен.
— Жоқ-жоқ, ә, көке, алысқа бармаймын. Осы жер, осы Хантағы...
— Е, онда асығатын не бар? Одан да ақылдасып алайық.
— Несіне ақылдасамыз. Мен уәдемді бердім. Енді болды. Екі сөзім жоқ. Тек кешір, көке Нұрби де әкесінің қасынан шегіне беріп, көзінің жасын сүртті. Ата-анасына кезек қарап, солардан бір сыр тартқандай, қандай халде екенін, қызына қалай қарайтынын ұққысы келгендей зерек те, жіті де қараған. Осы бір жайды сезе қойғандай Хадиша енді ғана сөзге араласты.
— Біз әкең екеуміз, енді қалған жалғыз сенің бағына байлау болмаймыз. Одан да күмілжімей, айтарыңды айта бер.
Нұрби көкейіндегісін түк қалдырмай ақтара салғысы келіп, оқтала түсті де, әкесінің бірдеңе білгісі, сұрағысы келгенін аңғарып, тоқтай қалды.
— Сенің билігін шешенде. Сонымен келісіп, соны мақұлдатсаң мен ешқайда қашпаймын. Бірақ енді түсіне бастадым, күйеуге шыққың келеді екен. Оның не айыбы бар. Сенің менімен мәңгі бірге тұрмасын сен шыр етіп жерге түскен күні-ақ білгенмін.
— Кешір деп жалбарынып отырғаным сол ғой, көке! Қорлайсыз, кешірмейсіз.
Қыз қинала сөйлеп, сырт айнала берді.
Қыз әкесіне аң-таң боп, жұмбақ қарады. Әкенің шын ойын түсіне алмады. Әкенің қыран бүркіттің көзіндей алғыр да өткір, зерделі де зерек көзі мұны да байқап қалды.
— Жоқ, олай емес. Сен түсінбей тұрсың, Нұрбижан, түсінбей тұрсың. Мен сені кекетіп, мұқатып тұрғам жоқ. Біреуден кем, біреуден артық етіп өсірдім. Оқу оқыдың. Қатарыңнан озбасаң қалмадың. Кім біледі, не деп болады, сенің маған қоятын кінәратың болмаса, менің саған тағар мін, сыным жоқ. Баламсың, өзім өсірген балапанымсың. Қайта маған сенің ұшқанын, ұядан ұшқанын, басқадан биік ұшқанын керек... Біз болсақ өмірдің ащы-тұщы дәмін талай-талай татқан адамбыз. Ащы бола ма, тәтті бола ма, енді сен тат, кезек сенікі. Сенің кешір, көке, деген үніңнен ұққаным сол — мен қазір жалғызбын, сен мені тастап кетіп бара жатырсың. Мен оны кешіре алмайтын сынды. Жоқ олай емес, мен кешіре аламын. Маған бір-ақ сөзің керек. Ол не дейсің ғой? Дұрыс сұрақ. Маған керегі біреу-ақ: «Көке, мен өз бағымды таптым, енді өзімше ұшып, өзімше қонамын», — десең болғаны... Тіпті кімге барасың, қайда барасың деп те сұрамаймын.
Нұрби күліп жіберді. Онысынан артынша өзі қысылып, ұялып та қалды. Жас балаша әкесіне еркелей парады.
— Бірақ, қашан өзің келіп, үйіңе шақырып, мекен-жайыңды көрсеткенше, бізді алаң қылмай, тұрағыңды айтып кет! Маған айтпасаң шешеңе айт. Біз де біліп отырайық.
— Апам сізге айтпады ма?
— Айтқан жоқ.
— Ой, құдай ай айтуға мұрша болды ма? Енді айтамын да...
Қаратаудың қара тасындай қатал қара шалдың келісе кеткеніне қуанғандай ана да жадырап, жарқылдап сөйледі.
— Алыс емес, осындағы адам. Өзің білетін кісі. Осы үйге де келген.
— Білсең несін жұмбақтап отырсың, айтпайсың ба?
— Жұмбақтап, жасырып отырған мен жоқ. Әлгі Александр Терентьевичтің қасында жүретін парторг бала ше...
— Сол ма? — деп Қамарбек аң-таң боп қайта сұрады.
— Сол.
— Е, сені жын соғып кеткен бе? Нені шатастырып отырсың? Оның әйелі бар емес пе?
— Әйелімен ажырасып бөлек тұрғанына екі-үш ай бопты.
— Нұрби қалқам, өзің айтып түсіндір. Мына кемпір әлденені шатастырып алған жоқ па?
Нұрби аз-кем қызарып төмен қарады да, артынша шешесінің сөзін мақұлдап:
— Солай, көке, өзің айтқандай тағдыр осылай болды. Басын, ең бастысын кешірген соң бәрін кешіреріңді білемін.
Қамбарбек бұл жолы бірден жауап бере алмады. Әлде ойланып, әлде бірдеңеге тығылып қалғандай сазара түскен. Оның бұл кескінінен шеше де, қыз да секем ап, кәдімгідей шошып қалды. Қайта сөйлеп, жаңағы райдан қайтуы да кәдік. Қыздың ойына мынадай бір жаман көрсе де келді. Мүмкін ол әкемнің ұнатпайтын адамы болды ма, тіпті қасы да шығар. Бұл Нұрбидің білмеген, өте қараңғы жағы еді. Содан да күдігі арта түсті. Бірақ, қандай пәле болса да уәдеден, серттен қайтқалы тұрған қыз жоқ-ты.
— Мейлің, Нұрбижан, мейлің... Өзің бақытты болсаң бопты. Менің бақытым біреу-ақ, енді сенің көз жасыңды көрмесем болғаны. Мейлің жолың болсын! Басқа ешкім табылмаған! Қамбарбектің жалғыз қызы әйелін тастаған жігітке шығыпты деген сөзді өзің көгере алсаң, мен көтере аламын..
— Мен оны да ойлағам. Бірақ шешімде уәде де біреу-ақ. Басқаша болмайды.
— Өзіңе өзің сенімді, сөзіне берік болсаң, мен көлденең тұра алмаймын. Жаңа да айттым, тағы айтамын, жолың болсын, бақытты бол Нұрбижан!
— Мына шал ақылды екен ғой. Немесе, құдайдың өзі түртіп, аузына сап тұр ма екен? Әкеңнің мына ықыласына қарағанда, Нұрбижан, сен бақытты боларсың, иншалла, бақытты болғайсың. Әкең айтқандай біздің бақытымыз сол — сенің көр болғаныңды, көз жасыңды, жамандығыңды көрсетпесе... Қамбарбек ау, саған көп рахмет! Дұрыс болды. Сені әлі құдай жарылқар. Жүз жаса сен, мың жаса сен, Қамбарбек!
— Мына кемпірге не болған?
— Саған риза боп тұрмын.
— Неменеге?
— Рұқсатына.
— Бермес деп ойлап па едің?
— Құдайдан жасырмағанды сенен несін жасырамын. Рұқсатын бермей, ұрыс шығарып, қыздың бетін қайтарып тастар деген жаман ойда едім. Олай болмады. Ақылын бар екен.
— Иә, сен мені өзіңнен ақылсыз санап жүр екенсің ғой, — деп Қамбарбек күліп алды, — әркімнің өзін өзгеден ақылды санайтынын білетінмін, бірақ нақ сенің өзіңді менен ақылды санайтыныңды енді біліп отырмын. Мұны білгізгеніңе де шүкір!
Бағанадан бері қалшиып тұрған қыз әрең қозғалғандай боп, шешесіне жақындай түсті де, бетінен шөп-шөп сүйіп алды.
— Сенің екеуің де ақылдысыңдар. Саған көп-көп рақмет, көке! Бұл үйден кеткенмен бұл жерден кетпеймін. Мен сендердің қастарыңда боламын.
— Білемін, қалқам, білемін. Бақытты бол! Біздің көз алдымызда жүрсең бопты. Той жасап, тамашалап ұзатамын дей .алмаймын. Менің оған құдіретім, қаржым жетпейді емес, жетеді. Бірақ менің басыма түсіп тұрған күн оны көтермейді. Баласының қара қағазын төс қалтасына салып ап, қызына той жасап жатыр деп елдің сөзіне қалам. Сөзден де қорықпас едім. Қисыны келмейді. Әкем той жасап бермеді деп өкпелеме! Кезі келер, оның есесін қайтарамыз.
— Көкетай, той дегенді айтпаңыз! Оны жасамады деп кінәлайтындар кінәлай берсін. Тойдың керегі аз.
— Бұл шалдың рұқсаты тойдай боп түр ғой, — деп Хадиша да қуанышын баса алмай, бір бүйректен қосылып қалды. — «Өлмеген құлға, шіркін-ай, болып қапты-ау, мына жаз» дегендей ақ, амандық болса, Бекзатжан келген соң тойды да жасаймыз. Екі тойды, тіпті үш тойды баламның келгенін, үйленгенін, сенің тойыңды, бәрін бірге, бір-ақ жасаймыз.
Кейінгі кезде Хадишаның балам тірі, келеді деген сөзіне құлақ үйреніп, шындай болып кеткен. Оған олай емес деп айтып түсіндіргенмен ол ұқпайды да, түсінбейді де. Сонымен одан жеңіліп, қойған. Бұл жолы да Қамбарбек пен Нұрби «мақұл ақ, солай» дегендей қарсы болған жоқ.
Нұрби екінші бөлмеге кетті де, екеуі қалды. Қамбарбек Хадишаға жақын келіп:
— Ал, енді онда түсіндір. Оның, әлгі Қойшыбайдың әйелі қайда кеткен?
— Қайда кеткенін ит біле ме? Ажырасқан. Соттасып ажырасқан, дүние-мүлікті бөліскен. Үйді бұған тастапты да дүниені екі-үш машинаға сықап алып кеткен көрінеді. Бас аман болсын, әркімнің өз несібесі өзімен деген. Нұрбиге де табылар.
— Ау, қатын, сен дүние мүниеңді қоя тұр. Сауалыма жауап бер. Қалай-қалай өзі, сонда не болғаны, осы біздің қара қызды алу үшін өзінің айдай ақ сары қатынын әдейі қоя берген бе?
— Әйелін көріп пе едің?
— Көргенмін. Бәйбіше болатындай көрікті әйел көрінген.
— Сенің кәрі көзіне айдай көрінген шығар. Әйтпесе, былшық сары қатын дейді ғой. Тұзы жараспады. Сонысына қарамай қызғаншақ көрінеді. Байғұс бала әупірім деп, екі-үш жыл қайта шыдап бағыпты. Басқа бір тентек жігіт болса, бір күн де отаспас еді, момындығынан тұрған дейді. Оның үстіне қызметінен қорықса керек. Әйелін тастаса, қызметінен алатын көрінеді ғой. Оған басын байлап отырса керек.
Қамбарбекке біраз жай енді түсінікті бола бастады. Қызғаншақтық деген әйелге де, ерге де дерт. Бұл көп жайда теңсіздіктен, ерлі-зайыпты екеуі бір-біріне тең болмаудан, немесе, тең болады. Кейде бірі сүйіп, бірі сүймей қосылатын ала ауыздықтан шығады. Әсіресе, әйелдің шайпау мінезі ер жігітті жүдетеді, жүнжітеді. Қамбарбектің есіне сонау бір жылдары әкесі айтып отыратын жалғыз ауыз елен түсе кеткені ғой:
Әкесі баласына қатты айтады,
Жаманға жақсы бол деп жат та айтады.
Шабан ат, өтпес пышақ, шайпау қатын,
Үшеуі ер жігітті қартайтады.
Мұның ойынша, қайта жігіт ер екен. Қамбарбек білетін біраз жігіттер басына әйел салған ноқтаны бір іліп алған соң, не де болса соған көнігіп жүре берер еді. Кейбірінің өңі түсіп, иығы салынып кетеді, енді бірі күйіктен арақ-шарапқа үйір болады. Енді біреулері басқа қиындықтан құтылуға батылдығы жетпей, басқа түскенге баспақ деп итшілеп өмір сүреді. Өткен жылы бір үйде қонақта отырып, Дәуленнің едәуір қызып қалғаны бар.
Сонда ол иығынан тартқылап, бүйрегінен түрткілеп отырған әйеліне ыза боп:
— Әйел теңдігі, әйел тендігі деп, бұл әйелдерге теңдік бердік. Бұл дұрыс ақ болсын. Олар теңдігін алып, бізді тыныш қойса екен-ау! Тендікті алады да, «өзіңнің иығына мініп алады. Бұл теңдік пе екен? Бұл билік, билеу. Міне, көрдіңдер ғой, әйелге теңдікті беріп алдық та, енді өзіміз теңдік ала алмай қалдық. Тең болған соң шын тең болғаны жақсы. «Қу есіктен қарады дегенше, төрге шықты дей бер» дегендей ақ, әйелге теңдік бердің дегенше, басыңнан билік кетті, қолыңнан күш кетті, қалтаңнан ақша кетті дей бер, — дегені бар.
Дәулен айтқандай тендік қана емес, биліктен дәме еткен шайпау қатындардың бірі болса, Қойшыбай үлкен ерлік жасаған. Мұндай нәрсе екі жігіттің бірінің қолынан келе бермейді. Оның бұл ойына өз қызы жайындағы ой жалғаса кетті. Ал, біздің кішкене қара домалақ қыз ол жігітке қандай әйел болар екен? Әке-шешесіне тартса жаман да болмас, кім біліпті? Маған тартса шама шарқына орай бір беттеу, бірақ райдан тез қайтып отыратын, ақылы оқиға өткен соң барып түсетін біреу болар. Обалына не керек, Хадишаға тартса жаман әйел болмайды. Шешесі өз ісін, өз жөнін, өзіне тиісті жұмысты жақсы біледі. Жолдасын қас-қабағынан ұғады. Артық талабы, ерекше мінезі жоқ, жол-жобаны білетін, кішіпейіл, әдепті, жолдасын сыйлай алатын әйел. Мұндай шешеге тартса көр болмас. Әлгі бір кешірім сұрап, көзіне жас алғанына қарағанда маған емес, менен көрі ақ көңіл, елгезек, кешірімшіл, жаны жақсылау шешесіне ұқсаған ба деп қалдым. Ал, уәде бердім, серт бітті, енді қайту жоқ дегені менің мінезіме ұқсайды екен. Кім білсін, мүмкін бақытты боп та кетер. Маған керегі жыламағаны.
Әкесінің кешіргені де, көнгені де рас. Ол іштен шыққан шұбар жыланның жер бетінде өзінше тіршілік етіп, өзінше күн көріс табуын құптады. Өзінің жақсы жұбай тауып қосу қолынан келмеген соң, қыздың өз тапқанына ара түсе алмады, ақыл қосар, олай болмасын, былай болсын деп кесіп-пішуге өз мұршасы келмеді. Қызға рұқсат берді. Бірақ іште, тереңде бір шешілмеген түйін жатқандай оның бойын бір сәт зіл басқан. Осы зілдің не бір ұшқының, не жалының сыртқа оқыс шығарып аямайын деп іштей көп бөгелді, түйіле берді. Дұға оқып отырғандай іштен «тәубені» көп айтып, алысқа тереңдеп бармады, көмейдегі зіл толқынын көміп тастады. Мұның көп себебі де болды: «Қара шаңырақтың иесі Бекзатжаннан айрылғанда, соған шыдағанда, қаршадай қыздың алдына көлденең тұрғаным нені алған?» Осы бір ой әлгі зілді ашуды, улы ойды сендірген. Бұл болмағанда, «Ау, қызым, қайда асығып,. қайда кетіп барасың? Әйел алған,. бұрын жар сүйген адамға тиіп, басына не қара күн түсті? Басқа саған табылмады ма. Табылмаса күте тұр. Соғыс бітті. Майданнан жеңіспен жігіттер келеді. Мұның бәрін былай қойғанда туысыңнан, жалғыз бауырыңнан келген қара қағазға ең болмаса жыл толсын да... Осындай кезде мені, шешеңді тастап қайда асықтың, балам? Сен оқыған, ілім ғылым үйренген соң, мен оқымаған адаммын. Екеуміздің бір затқа көз қарасымыз, берер бағамыз, айтар сынымыз екі түрлі. Менің өзіме салсаң, немесе, мен сенің орнында болсам, нақ осылай ойлаған болар едім. Мен бұл жолы өзіммен өзім болмай, сен болып ойладым, мәселені сен болып, сен түсінгің келді. Сен ең болмаса, әкеңнің осы халын аңғара алдың ба? Қайран жастық ай, қанша білімді, қанша көп оқығаныңмен жастық иісің аңқып тұрады ау! Мен әкемін. Содан да сен болып ойлан аламын. Ал, сен мен болып, ойланып та, толғанып та көрген жоқсын. Ол сенің қолыңнан келмеуі де кәдік. Оқығансың — тоқығаның аз, білімің бар — білігін жоқ. Әлі жассың менің сәбиімсің. Содан да сені кінәламаймын. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегендей, іш қазандай қайнағанмен өз ұрпағына қарсы қолданар қандай қаруың бар еді? Көнесің, көндігесің, бәрін мойындайсың. Жаңа ұрпақ, өзінің жаңа толқынымен, жаңа әдеті, жаңа салты, жаңа дәстүрімен келеді. Оған да бөгет болып алдына көлденең жата алмайсың. Әр нәрсе өз кезінде, өз кезегімен келеді. Бұл да заң. Мұндай заңға қарсы тұру ессіздік».
Қамбарбек өз ойын, өзін-өзі қайрағандай бекіте түсті. Болған істің бәрін жақсылыққа жорыды. Кезі келгенде қызды құтты жеріне қондырғанды ата-бабасының өзі жақсылық санаған, парыз тұтқан. Менің де сол парызды өтейтін көзім жеткен...
Ол бұдан кейінгі көкейге келген бір ойын бойына дарытпай біраз отырды... Ал, Қамбарбектің осы ойын оның кейде қара күрең кейде қызыл күрең боп, құбыла беретін қалың бетінен оқып танығандай Хадишаның соны айтуға әлденеше оқталғаны бар. Бірақ бірден батып айта алмады. Онысы — «Қамбарбек ау, неге қуанбайсың, ең болмаса немере сүйеміз ғой» деп айтпақ еді. Бірақ, оны қалай қабылдарын біле алмай кідірген. Ерлі-зайыпты екеуінің бұрынғы айтуынша қыздан туған бала немере емес, шаңырақ иесі емес, келер ұрпағының жалғасы емес, болғаны жиен ғана. Ал, енді төңірегіне қол созып, қарманар ештеңе таппаған соң, әлі аты жоқ, дүниеге келмеген жиенін медеу тұтып, ұрпақ сүйеміз деп қалса, бұған құжбан қара шал қалай қарайды? Бұған Қамбарбектің не дейтінін білмеген соң, айтуға бата алмады. Бірақ ана ішінен осыны әрі медеу, әрі қуат тұтқан. Ана балаға, әсіресе қызға әкеден гөрі жақындау деп түйді Хадиша. Содан да болар, ол осы сәтте, өзінің аналық мейірімен «маған баладан туған немере мен қыздан туған немеренің ешбір айырмасы жоқ, екеуі де менің баламның ұрпағы, екеуі де менің өмірімнің жалғасы. Баяғыдай ру намысы дегенін Қамбарбекке болмаса, маған керек емес», деп түйді.
Кеш тым ұзақ көрінді. Ерлі-зайыпты екеуі алғашқыдай шүйіркелесіп сөйлескен жоқ. Қайта әрқайсысы өз ойымен болды. Ойға келгенді ортаға салудан ері де, әйелі де қашқақтай берді.
Қамбарбек төсекке жатқасын да көпке дейін ұйықтай алмай, дөңбекши берді. Хадиша не де болса өзінің ойға түсіп, әлі ұйықтамай жатқанын бірдіргісі келмегендей, қимылсыз жатты. Қамбарбек кемпірін ұйықтап дем алсын, қайғы жүгі көп, шерлі ана деп аяды. Бірақ, оның бүгінгі қуанышын оңды ұға алған жоқ. Бірақ әкесінің қызына жасаған кешіріміне өте риза болғанын өзі айтты. Бұдан басқа ойын Қамбарбек ұқпағаны анық.
Бұл үйдің іші ежелден-ақ ерте тұрып үйренген. Сонау бір кезде мектепке баратын ұл мен қыз болды. Қамбарбек жұмысқа ерте кетеді, кілең күндізгі, оның ішінде таңертеңгі сменада жұмыс істеп әдеттенген. Сүйекке сіңген осы әдет бойынша бүгін де ерте тұрып, шахтаға жөнелді. Бұл кезекті демалыстан қайтқан күннің алғашқы таңы болатын. Ол үйден шыққанда Хадиша да бірге шығып есік алдында оған:
— Қамбарбек ау, шахтадан шыққан соң бір жерде кідіріп қалып жүрме, тамақ істеп қоямын. Кім біледі, Нұрби күйеу баланы ертіп көп, алдыңнан өтер! Кешікпе! — деген.
Қамбарбек үн-түнсіз жүріп кетті.
XVIII
Қамбарбек кезекті демалысқа кеткен кезде оның бригадирлік қызметін Дәулен атқарған. Қашан келер екен деп күтіп-ақ жүр екен. Қамбарбекті көргенде қуанып кетті. Әр нәрсені айтуға да оқталды. Бірақ, смена басталды, шахтерлер кезекті жұмысқа ден ұрып, шахтаға түскен соң ештеңе де айта алмады. Не де болса ол жұмыстың соңын күтті!
Бұл екеуі бірге қайтты. Әңгімені Дәулен бастады:
— Аман-сау барып қайттыңыз ғой, әйтеуір. Ондағы ел-жұрт, ағайын-туыс тегіс саламат па екен? Әдейі арнап демалуға барған соң, елдің де амандығы жақсы ғой.
— Елдің аты ел ғой. Ел іші алтын бесік. Соғыстың азабы мен зардабын аз күнде-ақ сілкіп тастар күш бар көрінеді. Жұрт пейілі қайтадан кеңіп қапты. Бейбіт күнге не жетсін? Енді соғысқа кеткендердің қайтқанын күтіп отыр. Той-томалақ көп болатын түрі бар. Кейінірек, қолың босаса кел деп жалынып қалғандар көп. Оған уақыт болса жақсы. Айтпақшы, Дәулен, сен мұндағы жайларды айтсаңшы! Жұмысың қалай боп жатыр? Норма бар ма?
— Әй, білмедім. Сол норма жоқ-ау деймін. Біз ғана емес, басқалар да норма орындамайтын көрінеді. Біреулер айтыпты дейді, руда азайды деп. Мүмкін онысы да рас болар.
Қамбарбек бұрынғы әдетінше мойнын қасындағы серігіне жайлап бұрып, миықтай күлді. Арқасынан қақты.
— Соғыстан бұрын жетіп артылатын, соғыс кезінде бәрін артығымен берген Қаратаудың рудасы нақ соғыс біткен күні таусыла қалған кен де... Бұған бала-шаға болмаса, бұл таудың сырын білетін тірі пенде иланбайды.
— Бүтін Қаратаудың астын аралап, тінтіп шыққандай-ақ, сіз ғана нанбайсыз. Бізге бәрібір. Бар десе бар, жоқ десе жоқ, деп жүре береміз.
— Сенің айтып отырғаның күнкөрістің өте оңай жолдарының бірі екені рас. Мен бейбақ, баяғы көкірекпен сол сен айтып отырған жайға үйрене алмайтынымды білемін. Жүйріктің алқымыңдай кең тынысқа үйреніп қалған адал көңіл, ақ жүрек, таза тұнық арымызды былғайтындай, уы солардың үстіне шашылып, датты таңбасын қалдыратындай көреміз. Біз екеуміз қаншама жақын, туыс болсақ та, сенің мен, менің сен бола алмайтынымыз міне осыдан. Бұдан сенен мен артықпын, немесе, сен менен жақсысың деген ұғым тумайды. Бар болғаны біз екеуміз, егер тас болсақ екі түрлі тастан қашалғанбыз. Ал етік болсақ екі түрлі қалыптан шыққанбыз. Бірақ шыққан тегің бір. Не тас, не тері. Міне, адам баласы осылайша бір-біріне ұқсамай кете береді. Адамдардың бармағындағы таңба бір-біріне ұқсамайтын болған соң ақ қағазға әркімнің бармақ таңбасын түсіріп алу содан шыққан дейді. Көрдің бе, Қаратаудың астында енді руда жоқ дегенде сен үндемей қалдың, ал мен бол сам айқай салып, өре тұрған болар едім. Ағайын, туыс адамдар, осы келе жатқан сені мен менің арада осындай айырма бар. Сонда басқалар не болмақ?
Дәулен алдымен жымиып күліп алды. Содан кейін барып, Қамбарбектің бетіне қарады.
Оның жүзі жайдары екен. Әлгі бір сөзді ашусыз, қажаусыз айтқан көрінеді.
— Адам болған соң, әйтеуір бір-біріне ұқсамас, өзіне ғана тән бірдеңелердің болатынын білемін. Бірақ, сіз бен менің айырмам шамалы.
— Маған ұқсағың келсе, оныңа рахмет! Ал тағы не болды?
— Айтпақшы қызық бар. Жайынбай ше... Ол қызық. Сіз кетісімен арыз берді. Жұмыстан босатуды сұрады. Босаттық. Бір жетіден кейін шахта бастығының бұйрығымен қайта келіп тұр. Ие, не болды, дейміз. «Ештеңе де болған жоқ. Не де болса үйреніп қалған жұмыстан қол үзу қиын екен. Қолымды қайда қоярымды білмей, әбден қор болдым. Бір жақсысы бастықтың көне салғаны оңды болды. Мен келдім» деп түр. Бұйрық бұйрық. Біз Қайта алдық.
— Маған біреулер айтқан, ол шахтада бронь барын біліп, соғысқа бармау үшін әдейі келген қу. Көріңіз де турыңыз, соғыс біткен күні мұндай сұмдар шахтадан кетіп, жеңіл-желпі, көлденең табысы бар, жылы орын іздейді деген еді. Сол айтқаны басталған екен. Бірақ ол неге кетіп, неге қайта келді екен? Шамасы дұрыс жұмыс таба алмады ау!
— Ақиқатын біле алмадым.
— Білу абзал еді. Егер нақ солай екен, арамдыққа арамдық. Жұмысқа алудың жөні жоқ еді. Бастыққа айтып, ұқтырған жөн еді. Бәрі әбес болған. Енді одан құтылу қиын. Жұмысты ықыласпен істемейді. Қайта көпке түрткі сап, іріткі тастап шырық бұзады.
— Бұйрық болған соң, есімізді жия алмадық. Бастық бұйырды, болды дедік.
— Бұйырмас бұрын жөнін айтып, түсіндіргенде әлдеқалай болатын еді.
— Ол кімнің есінде бар?
— Бәрібір. Не де болса өтті. Ол шіркін жұмысты енді тәуір істесе оңды болар еді-ау. Әй, сенбеймін, сенбеймін. Ондай қу шахтаға тағы бір есеппен келді-ау, шамасы?
— Қандай есеп болуы мүмкін? Осы жақында жоғарғы жақ қаулы апты, соғыс кезінде, Отан қорғау маңызы бар заводтарда, кендерде істегендердің бір жылы үш жылға есептеледі екен дейді, Ол рас болса, біз ол қаулыға жататын болсақ, соған бола келген шығар.
— Ондай қаулы бар болса, оған біз жатпағанда кім жатады? Бұл қорғасын деген оқ қой! Жайынбай оның, бәрін біліп алған екен де... Он екі жылдық жұмыс стажын қайда тастап кетпек? Мұның үстіне он екі жылдық жұмыс стажы бар шахтер ауырып қалса да жалақыны жүз процент алады. Міне, Жайынбайдың есебі енді шықты, — ден Қамбарбек Дәуленге қарады. Осы менің сөзімнен күншіл адамды керіп келе жатқан жоқ па деген күдікпен, сыншыл сыңаймен барлаған. Артынша осы күдігін шайып жумақ болғандай. — Алса ала берсін, жатса жата берсін ау! Бірақ тапсырылған іске адалдық болмаса бәрі бекер. Топта болып қараны көбейткені болмаса, қару ұстап қайрат көрсетпеген жауынгердің бары не, жоғы не? Шахта деген де нақ сондай. Мұндай іске адалдық, азаматтық керек. Ондай сапаны былай қойғанда, Жайынбай бойында іш мерездіктен, қулық-сұмдықтан, біреуге қараулық жасаудан басқа ештеңе жоқ па деп ойлаймын. Мәселен мен командир болсам, мұндайлармен, Жайынбайлармен шапқан жаудың бетін қайтарамын деп те, немесе, олармен барып жауды мұқатып, шауып келемін деп те айта алмас едім. Байырғы үлкен кісілердің «Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа» деген мақалы осындайдан шыққан. Жайынбайлармен мұрат мақсатқа жету қиын, ұятқа қалу оп-оңай. Басқа түскен соң баспақ. Ендігісін көре жатармыз. Тағы не айтасың?
— Бәрі осы ғой.
— Дегенмен.
— Ешбір жаңалық жоқ. Иә, айтпақшы, кейінгі кезде мына хатшы жігіт жайлы жұрт алып қашты сөздерді көп айтып жүр.
Қамбарбектің жүрегі дір ете түсті де, онсыз да қара күрең жүзі күреңденіп кетті. Не дерін білмей мүдіре қалды. «Ол не қылған сөз» деуге де мұршасы жетпеді. Бәрін іші сезеді. Нұрбиге берген сөзі тағы бар. Өсек сөздер және алып қашты оғаш сөздер, оған өзі берген уәделі сөз қосылғанда, нақ қазір не айтарын білмей састы. Оның осы қалпын көрген Дәуленнің өзі қолайсыз бір іс қылғандай ыңғайсыздана берді. «Несін айттым? Табалағандай болдым ау. Мұнсыз да өмірден пұшайман боп жүрген жан еді» деп ойлады да, жерге қарай берді.
Екеуі көпке дейін үнсіз қалды. «Мынау осыны неге айттың десе, анау осыны неге айттым» деп іштей ойлап, екеуі де жауап таба алмайды.
Мұндайда Қамбарбектің тапқырлығы емес, батылдығы алға түсе кететіні бар.
— Хатшы жігітті айтқан кезде ағайынды екеуіміздің де тіліміз байланды да қалды. Неге байланды? Біз оның алдында, немесе, ол біздің алдымызда жүз көріспестей, бетпе-бет келіп дидарласа алмастай қылмыс істеген жайымыз бар ма? Менің білуімше ондай ештеңе жоқ. Жұрт алып қашты ма, шындық па, білгенін айта берсін. Біз одан несіне үркеміз. Менің бір білетінім сол осы бала жерге шыр етіп түсіп, әй, Қамбарбек, құтты болсын, әйелің қыз тапты» дегенде-ақ, тірі болса бұл қыздың ерге шығатынын білгенмін. Бірақ, кімге шығатынын білмедім. Болжаудың қажеті де аз еді. Әр нәрсенің өз кезегі, өз уақыты бар ғой. Сол уақыт келді. Уақтысы келгенде астықты орады, гүлді жұлады, қауынды үзеді. Енді қыз бала жаман атын шығармай тұрғанда баратын жеріне барсын, еркі өзінде, сүйгеніне тисін! Қалау өзінікі. Жалғыз баладан айрылып та өлмей жүрмін ғой, қыз күйеуге шығады екен деп қайыса қояр мен жоқ. Бірақ бақытты болуына тілектеспін. Іштен шыққан шұбар жыланды жек көретін пенде жоқ. Мен де сол пенденің бірімін. Бақытты болсын!
Дәулен ағасының тым кең етектігіне, қызының кімге тигеніне мән бермей, өз еркіне жіберер сиқын онша сүйсіне қойған жоқ.
— Баланың бақытты болуын тілеген әке, оны еркіне жібере ме екен? — деп қалды ол.
— Сенің мұныңа да түсінем. Басқаны былай қойғанда, мен өзімнің әкем Жаппарқұлға ұқсауды білем.
Ол қызын күйеуге бергенде, қалқам, сүйесің бе, жоқ па деп сұрамаған. Өзіне ұнаған адамға теліді де жіберді. Сонда ол қызына жаман бол.сын деген жоқ. Қыз бала ұялшақ, қалауды білмейді, адам танымайды деп солай істеді. Менің қызымның, менің анамнан айырмасы көп. Ең алдымен оқыған, жоғары білім алған, өз бетінше адам болуды, кісі тануды үйренген. Мен оған не деп ақыл айтамын? Былай деп айт деп сен маған үйрет, көкейіме қонса айтып-ақ көрейін!
— Бұрын әйелі болған адамға қиғым жоқ. Өзі бір түрлі ыңғайсыздау ма? Нұрби әдемі ғой. Нағыз жігіттің бағы, қуанышы, көркі болуға туған бала еді де... Бір түрлі ішің ашып, бүйрегің бүлкілдейді екен. Қыз да болса бауырың ғой. Мейлі де, дегенмен өзіңіз біліңіз.
— Сен әдемісің, сондықтан тек әдемі жігітке ғана күйеуге шық деп айтудың орны бар ма? Орны болса ойланайын. Бірақ, бұрын әйелі бопты демесең, сол жігіт көріксіз де адам емес. Бұл бір де, Дәулен. Екіншіден, жаңа ғана айттым ғой, әкеме ұқсау, оның істегенін істеу менің қолымнан келеді. Бірақ, олай еткім жоқ. Қызыл қоңыр шұнақтың бір жігітіне салды да өзі көз жұмып кетті. Соңынан не болғанын білген жоқ. Мен де сол сияқты бүгін оның ойына, болашағына, бүтін тағдырына ара түсіп, қол сұғып, ертең соңынан не болғанын, немен біткенін білмей кетсем, өкініш кімдікі болар еді. Қысқасын айтқанда мынау әкем марқұм жасап кеткен ботқа еді деп көзінен жас ағыза отырып жеген астан, өзім қайнатқан ыстық шай еді деп, соны үрлеп ішкені әлдеқайда артық. Мен осының бәрін әке жолын қуудан бас тартып, немесе, ертеңгі күннің жауабынан қорқып, немесе, заңнан сескеніп, немесе, қызымды жек көргеннен істеп отырғаным жоқ. Қайта әкеде балаға деген мынадай да кеңшілік бар дегім келеді.
Бұл екеуі есік алдында тұрып та сөйлесті.
— Міне, менің халым да, жайым да нақ осы өзің көріп тұрғандай. Мұның үстіне Нұрбидің өзіне уәдемді беріп қойғанмын. Араласпаймын, араға түспеймін, ерік өзіңде... Бірақ, жылаған жасыңды көрмеймін, жаман атыңды естімеймін дедім. Осы сөзім сөз. Мен Бекзаттан соң неге болса да көнген, білек сыбанып, бел шешкен адаммын. Көнген соң аяғына дейін көнген жақсы.
Бәрін де ұқтым, бәрі де түсінікті деген адамша Дәулен өз үйіне қарай бет алды.
XIX
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген емес пе, не де болса той дүрілдеп бір күнде өтті. Оның қызық тамашасы, өсек-аяңы жайлы әркім әр түрлі алып қашты сөздер айтты.
— Қанша мықты боп, қызғанбаймын дегенмен қиын екен, адам жаны қиын екен, өзі соттасып ажыраса тұрып, бұрынғы қатын той үстінде әдейі ұрыс шығарды. Бірақ, Қойшыбайдың жора-жолдастары мәселені ушықтыруға жеткізбей, әйелді қақпайлап алып кетті, — деді Әйкен.
— «Жан ашуы мен мал ашуы деген қиын» деп бұрынғылар айтушы еді. Сол рас қой!
— Қайтсын ай, о бишара, о да пенде емес пе, өзінен әлдеқайда жас, өзінен әлдеқайда сұлу қызды алып отырған өз байын қалай қызғанбай шыдасын?
— Қанша әулие болсаң да, өзің болсаң қайтер едің? Қойнында жатқан байдың ыстық құшағынан айрыла салу кімге оңайға түсер еді?
— Қайтсын ай, бейбақ, бұл да болса құдайдың ісі де. Сүттей ұйып отырған қосақ еді. Қаймағы бұзылған айрандай іріп шыға келді. Байы да бір ұшқалақ неме ғой деймін, сұлу қызды көргенде қызыл көрген қырғидай боп, басы айналды да қалды бейбақтық. Дуалап тастағаннан сау ма өзін?
— Қойшы, қайдағыны айтпай, дуалап, қайдан дуалайды, әлі ештеңе білмейтін жас қыз ғой.
— Мәссаған, жас қыз дейсің ау, қазіргі заманның жастары пәле-жаланың бәрін біледі, керек болса жер астындағыны да біледі. Мұның үстіне, бұл қыз өзі доктор ғой. Соның оқуын тауысқан көрінеді. Білгенде сол білсін...
— Доктор соқтырын білмеймін, әйтеуір өзі сұлу екен. Анау әлгі ақ жамылып, ақ көйлек киіп, кәдімгі жаңа түскен келін құсап отырғанда қарай бергім, қарай бергім көп, аузымнан су аққанша қарадым ау! Әйелге әйел де мұнша таңсық боп қарайды екен-ау, мынау жеңешем маған неғып қадалып қалды дегендей, бір кезде қара көзі мөлдіреп ол қарады. Көзі де әдемі екен. Бірақ, отты етсең, көзіне көзім түсіп, кездесе қалғанда шыдай алмадым. Төмен қарай бердім! — деді Бикен.
Бағанадан бері кезектесіп, бір-бірін құптап, жарыса сөйлеп отырған екі әйелдің сөзі нақ осы араға келген де жараспай қалды білем, қаншырдай қара қатынның соңғы сөзіне әдемі ақ сұр келіншек тыз ете түсті.
— Ойбай, апа, кейде тіпті ойланбай айта саласыз, үкі көз қара қыздың несі сұлу? Сұлулықты қайдан көре қойдыңыз? Ол сұлу болса, өзінің, сұлу екенін білсе, бұрын қатыны болған сұр бойдаққа басын байлай салар ма еді? Ойбай-ау, ол сұлу емес, сұлулықтан жұрдай. Оның үстіне, мен білсем, бұл сайқалдың ішінде құмалақ шіріп жатыр. Олай дейтінім, апатай ау, мұндай адам байсыз өтсе де, қатыны бар адамға тимес еді ғой. Бұл бүлініп қалған, немесе, тіпті, айтайын, мұның ішінде басқадан болып қалған бала бар. Сұлу сұлу деп сен отырсың, міне, саған апатай, сұлу керек болса... Ойбай-ау, мұндай қыз әйелі болған адамға оп-оңай қолын ұстата салмайды. Бір пәле барына дау айтпаңыз.
Қара қатын аузын ашып, аң-таң боп қалды. Қанша дегенмен мына Әйкенге қарағанда ана болған адам емес пе, көз алдында өскен, біреудің бүлдіршіндей қызын мынадай жамандыққа қиғысы келмеді. Бағанадан жарыса сөйлеп, бір-бірін ұғыса, шүйіркелесе сөйлескен өзінен жас Әйкенге бажырайып, таң боп қараған. Шіркіннің беті қандай бедерсіз, терісі қандай қалың? Біреуге жазықсыз күйе жаққанда сол бір бедірейген, безерген қалпыңнан шіміркенбеді. Бикен басын шайқады. Нанғысы келмеді. Ештеңесін білмейтін адамға күйе жаға салуға дәті шыдамады.
— Әй, Әйкен! — деді Бикен. Дауысы сәлкем дірілдеп шықты. — Сен ғой сол қыздың үйімен пәленбай жыл көрші болдың. Сен жеңгесі, ол қайын сіңлісі тәрізді болды. Бұл ұят болады. Қой, сен, қой оны, ештеңесін көзіңмен көріп, қолыңмен ұстамаған соң, босқа күнәлі болма! Обал ғой, бала ғой ол. Өзің де ана боласың, сондай ұл-қыз өсіргелі отырсың, айтпа ондайды. Меніңше ол әйелі бар, бар емес-ау болған адамға күйеуге тисе, оның да бір есебі бар шығар. Сөз байласып жүрген жігіті майданда қаза боп, үмітін үзген болар. Майданнан тірі қалған ер-азамат әлі келіп болған жоқ. «Мынау маған жар болады» деп білегінен ұстай салатын тағы кім бар еді. Мен білсем, қыз емес, баланың басын айналдырған анау сұлу жігітің. Оның күс тұмсығы мен білсем әлі талайдың басын улайды. Осындай аузым қызып кеткенде, өзім де білмей қалам, ие, өзімді өзім тоқтата алмай қалам, әне бір кезде соны сенім.ең де жақсы екен деп ел гулеп жүретін. Менің қызды, аты кім еді, ие, Нұрбиді сұлу деп мақтағанда тыз ете қалғаныңнан есіме түсе кетіп еді, кешіре көр! Біздің құлағымыз не естімеген. Біз оны да естігенбіз. Естіген құлақта жазық жоқ.
Әйкен сазара түсіп, зіл тартып, іштей шүйлігіп қалды. Артынша есін тез жиып:
— Бұл жерде ешкім жоқ қой. Бұл сізге айтқан сырдағы. Кейде мен де аң-таң боп қалам, анадай қара тастан мынадай бүлдіршіндей сүйкімді қыз туған. О, тоба, деймін. Мына жалғанда не болмайды деген осы ау!
Сүйір ауыз, сумаң тіл ақ сұр келіншектің сөзіне орай Бикен Қамбарбекті көз алдына әкелді. Оның көзіне Қамбарбек қара тас қана емес, тұтасып жатқан зор бір жартасқа ұқсады. Бикен оның не бір асыққанын, не бір үскен соң, көрер көзге абыржып қалғанын көрген емес. Басқан ізі күрзідей салмақты, жүріс-тұрысы тым ауыр. Мұның үстіне көп сөйлемейтін әдеті тағы бар. Бұл әйелдің ойынша Қамбарбек тіл тигізетін адам емес. Оның тұрысында, жүрісінде, бір сөзбен айтса, барлық тұлғасында әйтеуір бір ірілік, кесектік бар. Кейде тіпті оның осы таудың тасынан жаратылғандай қасиетті көрінетін де кездері болады. Күнделікті өмірдің анау-мынауынан абыржып, сасқалақтап, ертең не болар деп күйбеңдеп жүретін адам емес. Әр кезде, әрқашан бір қалыптан, өз бойына табиғат берген қалыптан өзгермеген Қамбарбекті Бикен сыртқа шығарып айтпаса да, өз ішінен еркек кіндіктілердің ішіндегі бір сұлтанына санайтын. Әйел болсын, еркек болсын, бұл екеуінің арасында әйтеуір бір шешілмес жұмбақ болатын болса, ондай құпия, шешілмес жұмбақ ең алдымен ер кісіде болады деп ойлайтын Бикен, өзінің қайнағасы тәрізді Қамбарбекті үлкен деп бір, тегін адам емес деп екі сыйлайтын. Ол ғана емес, әйтеуір бір әйел баласы тіл тигізбейтін, тіл тигізуге болмайтын ер адам болса, соның бірі осы Қамбарбек болар деп топшылайтын. Ол өзінің осы бір пайымдауларын көз алдына түп-түгел әкелді де, ақ сұр келіншектің майлаған бидайдай жүзіне тағы да бір тіктеп қарады:
— Әй, осы сенің еркек сыйлап көргенің бар ма? — Ол Әйкенге қадала қарап, тіктеп сұрады. Бұл да бедірейе қарап, не айтар екен деп сынай күтті. — Сыйлаған жерің болса айт. Ал, сен айтпасаң мына мен айтамын.
— Ал, менің іші-сыртымды түгел білген босаң сен ақ айта ғой.
Әйкен қанша бетпақтық көрсеткісі келіп, іштей ширығып қалғанмен мынау абысынының әлгі бір «сенің өзін де ол жігіттен сау емессің» дегені жасыта берді. Содан да бұрынғыдай көсіліп, көмей көрсете алмай қалған мүшкіл халы бар-ды. Осы халдан айыға алмай отыр.
— Мен білсем сен өзіңнен басқаны сыйламайтын адамсын. Қызына бір соқтықтың. Ол да өзімдей әйел баласы екен-ау деп аямадың. Әкесіне тиістің. Жасы үлкен, әкемдей болған адам, қайнаға деп тағы ойламадың. Міне, мен тонды осыларыңа қарап пішемін. Періштедей қызды, әкеңдей үлкенді сыйламадың. Соныңа қарап та, әлгі алып қашты сөзді рас па деп қаламын. Ішің күймесе, бейкүнә әке мен онда бір гүлі ашылмаған қыздағы жұмысың не? Олар менің екі туып, бір қалғаным емес. Бірақ әділдікке, шындыққа сүрініп құлаған мың да бір дауа ғой.
— Апатай ай, күйдірдіңіз ау, нақақ күйдірдіңіз ау!
— Өзің күйген соң, біреуді қоса күйдіріп ала кеткің келеді. Сенің сөзіңе күймей, мен бір қай жетісіп отыр дейсің. Бәріміздің де бір құдайдан тілеген бірді-екілі тілегіміз бар. Олар да өзіміздей пенде. Күпір болма!
— Айналайын апатай, жаздым, жаңылдым. Сіздің қайнағаңызға соншалықты ықыласты екеніңізді қайдан білейін.
Бикен әлденеден секем алып қалған тау ешкідей басын ербең еткізіп, көтеріп алды да, аңыра қалды.
— Сен тағы нені бықсытып отырсың?
— Ештеңені де бықсытпадым.
— Жоқ, сен тағы бірдеңенің басын шатып, бүлдіріп отырсын? Менің қайнағама қандай ықыласым бар екен?
— Сезікті секіреді деп, оныңыз не, апатай ау! — деп Әйкеннің көзі қайтадан күлімдеп сала берді.
— Айттым ғой, бықсытып отырсын деп. Мұнда сөз ұқпайтын ақымағың жоқ. Қане, айт, менің қайнағаммен нем бар екен, бәрін айт! Айтпасаң, өзіңді жер қыламын! Бәрін айтам, бәрін жария етемін. Мені түк білмейтін пақырдың бірі деп отырмысың. Сен Қойшыбайды қызғанып, ішің күйіп отыр. Сен тіпті, осы қыздың ағасын да айландырып алған сайқалсың. Ел-жұрттың алдында масқараңды шығарамын.
— Дұрыс ақ, алдымен сен менің қылмысымды айтып жариялап көр. Содан соң мен айтамын. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс болар екен, кереміз. Мен дайын, атыссаң атысуға, шабыссаң шабысуға бармын.
— Мен ғой естігенімді айтамын. Тіпті қысылып бара жатсам, кімнен естігенімді айтамын. Ал, сен не айтасың?
— Менің не айтатынымды білмейтін шығарсың? Мен сен сияқты естігенімді айтып сандалмаймын.
— Енді не айтпақсың?
— Тұп-тура көргенімді айтамын.
— Не көріп едің?
— Көргенмін, өткен күзде көргенмін.
Бикен қанша адал, ақ болса да, беті шіміркенбей, нақ бір қолымен ұстағандай етіп, бедірейе айтқан жала сөзден әрі абыржып, әрі сасып қалды.
— Ойпырмай, сұмдық, екенсің, не көрдің, қашан көрдің? Кәні айтшы!
— Аузымды қышытып қайтесіз?
— Өтірік айтқалы аузың қышып отыр ма еді?
— Қышытқан соң, қышымай қайтсын? Біз де өзіңдей тірі жанбыз.
Әйкен қас пен көздің арасында қорғасындай салмақты аюдай айбатты болды да кетті. Түсін суытып, тырнағын ішіне қарай бүріп алды.
Бикен тау ешкідей атыла тұрып, Әйкеннің шашына қолын сала бергенде есік қағылды да, ашыла кетті. Қолында сырнайы бар Желеу екен. Ол сөзді естімесе де, айқасқалы тұрған екі әйелдің үстінен шықты да:
— Ой, көк долыларым ай, айқасқалы жатыр екенсіңдер ғой! Бұларыңа жол болсын! Не жетпей қалды сендерге? Бикен мен Әйкен деген ұқсас аттарың бар. Бір біріңе не ғып албасты көрініп қалдыңдар? Мұның үстіне өздерін абысын-ажын, оның ішінде тату-тәтті едіңдер ғой? Бірақ не деп болмайды? Бала кезімде, Түркістанның қан базарында Көккүшік төренің екі әйелінен туған екі жігіттің төбелескенін көргенмін. Сондағы айтатыны: «Сен де сұлтан, мен де сұлтан, ал мына есекті кім айдайды?» — ден, соған бола араздасып еді. Сондай-ақ, бір-біріне жол бермей, иық көрсетіп жатырсыңдар. Қайран, қазағым, кейде қатынына дейін тыраш ау!
Екі әйел үнсіз тұрып қалды.
XX
Желеу осы Қаратаудың, оның ішінде Теріскейдің тумасы. Жасында өлең айтып, сырнай тартып, домбыра ұстап, бозбала атанды да, соны серілікке соқты. Өлеңді суырып сан айтатын, жиын-тойда бел шешіп, айтысқа түсетін болды. Басқалар белді байлап, жеңді сыбанып көкнарға, салымға, күреске түсіп жатқан кезде, бұл белді шешін, жағаның түймесін ағытып, қоңыр әнге басатын. Сонау колхозда су кезінде ол Ащысайға келіп, жұмысшы, шахтер боп кетті. Бұл кезде домбыра мен сырнай, ән мен өлең жайына қалды. Ал, соғыс жылдарында ол бала кездегі, жас шақтағы өнерге қайта соқты. Желеуді бұл күнде жай атамай, Желеу ақын, «халық ақыны» деп атайды. Сонау бір күнгі жиында Ащысай комбинатының директоры қатты мақтады. Ол айтты: «Желеу ақын біздің алдыңғы қатарлы қорғасындардың еңбегін мадақтап, оларды басқаларға үлгі нысана етіп, талмай жырлаумен келеді. Бұл үгіттің басқаға да, әлгі озықтарға да әсері мол. Озық қалмауға, оза беруге ұмтылса, халықтар қатарға жетуге асығады. Сөйтіп, бұл өзінің өнерімен бізге аса зор көмек көрсетіп келеді.
Ақын адам ғой, бұрын да болса көкірегі бар еді. Әсіресе әлгі сөзден соң Желеудің кеудесі желденіп кетті. Біреулер Желеуді көргенде «тауды тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұзады» деген бұған да келеді екен-ау! Бұрын да болса сау емес еді, енді мына Желеудің сырбаздануын қара» дейтін. Ал енді біреулері ақын болған соң кілең толғанып, ой үстінде жүретін шығар деп те түйген. Мұның қайсысы болса да Желеудің нақ осы шақта халық ақыны атанып кеткені хақ. Сол атағына өзінің де шексіз риза екені де рас. Көкіректі бұрынғыдан аша түскен осы леп оны әдеттегіден батыл да, батыр да еткен. Қазір оның. кей кезде ақынша шалқып та, шарықтап та, кейде тіпті әр нәрсені тұспалдап, шатып сөйлейтін жайы бар. Оның осы сырын білетін қос келіншек ақын төбесін көрген де едәуір абыржып қалды.
— Ал, екеуің күреске түскелі тұрған палуан тәрізді едіңдер, айқасыңдар, көрелік күштіні? — деп қалды Желеу күлімдеп, екеуіне кезек қарады.
— Ақын жігіт ау, күш сынасқалы тұрған ешкім жоқ еді мұнда, — деп Бикен төмен қарады.
— Жай ғой, ақын қайнаға! — деді Әйкен.
— Бұл дүниеде түлкі мен қатыннан қу мақұлық жоқ. Жаңа ғана екеуі айдардан айдар қалдырмай жұлысатын әтештер сияқты боп тұр еді. Енді, міне түк көрмегендей бола қалды. Мен келмесем ғой, екеуін бет жыртысып, шаш жұлысып жатар едіңдер!
Желеу әйелдердің үнсіз қалғанына қарап өзінің тапқырлығына сүйсінген. Сол сүйсініс оны еркінен айырды, өзін-өзі ұстай алмай, әйелдерге қайта шүйіле түсті.
— Ақын деген көреген, сезгіш, байқағыш, байымдағыш жан. Біздің көзіміз рентген сәулесі тәрізді. Менің көзімнен ештеңе қалт кеткен емес. Екеуің ұрысқалы, ұрыс болғанда жұлысқалы тұрдыңдар. Бұл рас. Ал, енді не боп қалды, екеуіңе не жетпейді? Осыны айтпасаңдар, екеуіңді де өлеңге қосып, бүкіл Ащысай, Хантағы, әрісі Түркістанға дейін таратып жіберемін. Бірің жеңге, бірің келін екен деп қарамаймын. Ал сөйлеңдер!
Желеу қос келіншекке шүйіле қарады. Екеуінде де үн жоқ. «Бір-біріміздің қылмысымызды, қылығымызды айтып, бет жыртысып едік» деп айта алмады. Қиналған жерде дегенмен сөз тапқан Бикен болды.
— Ақын қайным ау, абысын-ажын арасында не болмайды. Ақын басыңмен, ақылды басыңмен, тіпті еркек басыңмен қатын өсекке араласып нең бар?
Желеудің қойнына тағы да бір уыс ыстық жел еніп кеткендей ақ, мұның үстіне өзінің сөзге тұратын ақындық жомарттығын көрсеткісі келгендей ақ, қолындағы сырнайын төрдегі жүкке сүйей беріп, сылқ етіп киіздің үстіне құлай кетті.
— Жеңілдім, жеңеше, жеңілдім! Енді жұлысыңдар, жұлысыңдар, мен көрген де, білген де жоқпын.
— Иә, ер адам ерлігін істемесе, онда қасиет бола ма? — деп Әйкен жымия күлді.
— Ал, Бикен, байың қайда?
— Жұмыста ғой.
— Үйде болар деп келіп едім.
— Шаруаң болса күте тұр, кешке қарай келеді.
— Әдейілеп келген соң күтемін ғой. Өзін мақтап бір өлең айтайын, бүкіл облысқа атын шығарайын деп едім.
— Е, бәсе, қатын-қалаштың өсек-аяңын тыңдағанша, сөйтіп ағаларыңның атын шығарсаңшы.
— Әй, Бикен, келіскен сөзді бұзба! Жеңілдім дедім ғой. Өсек-аяңды мен саған көрсетермін.
— Жаздым жаңылдым!
Осы екеуінің арасында да бір ілгіш жоқ па екен дегендей, Әйкен Желеу мен Бикеннің әзіл-қалжыңына сынай қарап, байыпты тыңдады.
Желеу ақын сырнайын алып, әлдеқалай бір сазды бастады. Ол осы сарынға, өзіне үйреншікті болған сазға ұзақ отырып құлақ түрді, өзін-өзі тыңдады. Ертең Дәулен тәрізді кеншілерді мадақтап айтатын жырының бас жағын, ең болмаса кіріспесін тауып, соны әзірлеп қоймақ еді, қапелімде ойына ештеңе де түспеді. Ән сазына еліктей отырып, талай-талай ұтымды жолдарды есіне түсіргенмен бас-аяғы жиылмай қойды. Толып жатқан шалыс шалыс ұйқастардың басын біріктіре алмай, іштей әлек болды.
Бұл кезде екі әйел есік алдына шығып тағы да сілкілесіп қалған еді.
— Менің хатшы жігітпен тәуір екенімді білетін... Ие, білетін емес-ау, солай деп айтып отырған сен ғана. Осыдан осы сөз Хантағы мен Ащысайға тарайтын болса, сенен, жалғыз ғана сенен көремін де... Өз бетін аямаған, кісі бетін шиедей етеді деген, абыройыңды айрандай төгіп, қара тастай дәу қара қайнағанды бір соғып, ақын қайныңды екі соғып жүргеніңді бүтін аймаққа жаямын.
— Астапыралла ай, қайдан, қандай пәлені әкеліп, жапсыра қойып едің?
Бикен әбден састы. Не айтарын, не істерін білмей ақыра берді.
— О, тоба, пәле екенсің. «Пәледен машайық қашыпты» деген емес пе. Менен аулақ, мен сенен аулақ болайын. Қойдым бәрін. Міне, қолымды көтердім төбеме.
— Сүттен ақ, судан таза болсаң, неменеге осынша шыжбақтап кеттің. Мен жердің астындағыдан басқа пәленің бәрін білем. Тегін емессің екеуінен де тегін емессің.
— Міне жаным, міне иманым! Ақпын, екеуінен де ақпын. Бірақ, сенен қорқайын дедім, жеңілдім.
— Мені аяп жеңілме. Біреудің мінін көргіш адам алдымен өзі мінсіз болады. Белуардан саз балшыққа батып отырып, біреудің қолының кірін көрген неңді алған, одан да анау байың келгенше ақын қайныңның көңілін аулап қой! — деп зілдене сөйледі де, Әйкен жөніне тартты. Бикен өз үйіне өзі жүнжіп келді.
Жаңағы айқастың ақыры жас келіншек, ақ сұр долы атанған Әйкеннің жеңісімен тынғанын, мына жеңгесінің одан шайпау көріп, қорланып келгенін Желеу бірден сезді.
— Бикен деймін, есін бар адам десем, сен де қызық екенсің. Әйел болсын, еркек болсын, ең алдымен кіммен сырлас болуды білген жөн. Көңіліне келсе де айтайын, сен оны білмейді екенсің. Ұлың бар да қызын бар, есі ұрыс адам Әйкен тәрізді көк долы, көбік ауыз, өсекшіл қатынмен сырлас болар ма? Мен сенің көзіңнен көріп тұрмын, ол сені қан қақсатып, жер соқтыра отырғызып кетті.
— Оның рас. Алыстан төбесін көргенде оқ бойы қашып жүретін адам екен. Шіркіннің бетпағын қайтерсің? Беті шіміркенбей, кірпігін қақпай, бедірейе тұрып айтқан өтірігін қайтерсің! О, тоба, мұндай жүзі қара қаншықты көрсем көзім шықсын.
Бикен Желеуге мұңын шағып, өзінше шер тарқатпақ болғандай, жаңа әңгіме бастауға оңтайланып келе жатыр еді «бәрі де түсінікті» дегендей, қолын көтеріп әңгімесін айтқызбады.
— Не қыласын сол пәлені, көзінше бірдеңе айтуды былай қойып, сыртынан да сөз айтпа!
Желеу Әйкенді осы Хантағы поселкесіне келін боп түскеннен білетін. Алғашқы жылы Әйкенді әсем, ақылды, парасатты адам екен деп жүрді де, артынша ойбай, несін айтасың, орақ тілді, отты ауыз, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын қатал екен десе, келе-келе, сөзі де көп, қылығы да көп, қырлы келін екен деп шығарған. Мұның артынша үлкен қызметтегілермен таныстық арттырғанды ұнататын, атағы бар көршілерді қонаққа шақыруды жақсы керетін адам боп шыға келді.
— Қонақ шақырып шығынданған соң, әуре болған атағы, қызметі бар, кімді шақырыпты дегенде, пәленше екен деп ұялмай жауап беретіндей болу керек қой! — дегенді де шығарған осы Әйкен көрінеді. — Қонақ шақыру, қонаққа бару дегеннің де есеп-қисабы болса жақсы да. Жерде жатқан, шашылып қалған дүниені, ашылған көмбенің үстінен шыққан кім бар дейсің? Шығынға батқан соң, қаруы қайтатын болғаны жаныңды бір түрлі жай таптырады.
Бұл сөзді Бикен өз құлағымен, өз аузынан естіген. Өйткені ол бұған қалай өмір сүрудің бір мысалы ретінде ақыл етіп айтқан. Онда бұл сөз Бикенге де ұнаған. Енді мынау Желеу ақын айтқан сөзден соң оның бұл ақылы да сұмдық, зымиян адамның сөзі боп көрінді.
— Жоқ, ә, тіпті күйемін ау! Кейде өзімнен өзім қылығы еске түсіп кеткенде зығырданым қайнап кетеді. Бірақ, тағы да ішімнен «О, тоба!» деп жағамды ұстап, шүкірлік етем. «Пәледен машайық қашыпты» дегенді шешеміз көп айтып отырушы еді жарықтық. Сол айтқандай мына жезөкше немеден машайықтың өзі бір шақырым аулақ жүретін шығар. Енді пәлем көрерсің өзің түгіл көлеңкеңді көргенде әудем жер алыс жүрермін.
— Дұрыс айтасың, жеңеше, дұрыс айтасың. Бұрынғылар «балаға тиме пәлесі жұғады, қатынға тиме қарасы жұғады» деп бекер айтпаған. Сол қатынның бірі мына отырған өзін. Саған, ең момыны деген саған жууға әзіміз жүрексінеміз.
— Тәлкек етпе, ақын жігіт.
— Тәлкек емес, шыным.
— Шының болса, шық үйден!
— Айттым ғой, қатынның бәрі пәле деп.
Сырттан Дәулен келді.
— О, сен бе едің Желеу! Көптен бері көрінбей кеттің ғой. Қайда жүрсін, қайдан келдің?
— Айтыс болады деп, соған материал жинайсың деп.
Созақ жіберді. Екі ай сандалып, барлық колхозын аралап, жеткенім осы. Енді мұнда келсем, әлгі хатшы жігіт, айтыс пайтысыңды білмеймін. Шахтадағы передовиктер жайында, мына Қамбарбек аға, сендер жайында өлең жазасыз дейді. Мен айтам, о заманда, бұл заман өлеңді бұйрықпен жазғанды көрсемші десем. Көрмесеңіз енді көрерсіз. Мұндай зат бұрын да болған. Ертедегі хан сарайының ақындары өлеңді жарлықпен айтқан дейді. Өзі білгіш пе деп қалдым. Сондайлардан да хабары бар. Қамбарбекке күйеу бопты өзі.
Дәулен басын сол иығына қарай қисайтып ап, кішкене шегір көзімен Желеуге тесіле қарады. Желеу десе Желеу, өзінің көкірегіне жел ұялаған. Адам деген қызық. Көбіне жылқы мінезді боп келеді. Жемдеп күтсең, сылап-сипасаң ат деген құлағын қайшылап, көзі жайнап шыға келеді. Адам да сондай. Желеуді сен ақынсын, деп көтермелеп еді, енді міне сауырына қамшы салдырмай, осқырынып, желдей есіп отыр.
— Ал сонымен сен Желеу ақынсың. Біз жайлы өлең шығарасың, оны газетке басасың. Оның. Дұрыс ақ болсын. Ал, енді сен айтысқа түскенде кіммен, кімнің ақынымен түспексің? Алдымен соны айтшы.
— Кіммен болушы еді? Созақпен, солардың ақыны Құлжабаймен айтысасың дейді.
— Сен не дедің?
— Айтысамын дедім.
— Оның бола ма екен?
— Болмағанда ше?
— Мәссаған, сенің өзің созақтық емес пе едің?
— Болса несі бар? Палуанға оң-терісі бірдей деген емес пе?
— Сонда сен ұялмай-қызармай, Баба ата, Үштөбе, Жартытөбе, Құмкент, Қызылкөлді жамандап өлең айтасың ба?
Желеу аз ойланып қалды да, тағы да сол ақындық желге салып:
— Олардың намысын қорғайтын Құлжабай атты төре бар ғой, — деді күліп.
Бірақ Дәулен күлген жоқ. Сырнаймен айтатын ашаң қара Құлжабайды ол көптен білетін және өзін сыйлайтын. Әйелі сол төре төлеңгіттің қызы болғандықтан оны қайын жұрт есептейтін. Содан да болар, Желеудің Құлжабайды кеміте сөйлегені оған ұнаған жоқ. Ақын мен ақынның күндестігін, бақастығын ол бұл жерде есіне де алмаған.
— Сен туған жеріңді, ауылыңды жамандап ақын болам, ақындық бәйге алам, жарысқа, айтысқа түсемін деп отырсың ғой. Ондай болса, туыстарың бізді де мадақтап оңдырмассың, одан да бізді де мақтамай-ақ, жайымызға тыныш қой, жаным!
Дәулен салмақпен зілді айтты.
— Дәуке ай, ауыр айттыңыз ау!
— Ауыр айтсам, мақтамай-ақ қоярсың.
Желеу үндемей қалды. Лепірген алаулы көңілдің жалынына суық су бүркіп жібергенін Дәулен бірден ұқты. Не де болса ақын көңілін алдағысы, жұбатқысы көп:
— Әлгі Жайынбай деген жалқау шахтадан, қызметтен шығарды. Оның кейінгі кезде бізге істемегені жоқ. Жұмысқа ішіп келеді, жұмыс істемейді, нормасы орындалмайды. Бәрімізге бір масыл болды. Арамызға от тастап, бір-бірімізге шағыстырып, ұрыстырып та қоя жаздады ау бізді. Бәріміз айтып жүріп, бірігіп рапорт жазып, Қамбарбекті әрең көндіріп, қол қойғыздық. Шал қоймаймын деп безек-безек етеді. Жұмыс істесе істесін, істемесе істемесін, көптің ішінде бір жалқау стахановшы боп кетпей ме? Оның нормасын көтеретін нар жігіттер, нар жүгін көтерген адамдар осы бригадада әлі жүрген жоқ па дейді. Естійін ғой. Біздің Қамбарбек өте қызық адам. Көп ретте мен өзім, осындағы жақын туысы оны түсінбей жүремін. Бірде қарасаң өте қатал, өз дегені болмаса, емен иілмей тұрып алады. Кейде қарасаң нағыз әлгі Қожанасыр тәрізді. Ал енді бірде кәдімгі машайық, әлде тақуа. Тірі жәндікке тиюші болма, ол да алланың мақұлығы деп қарайды да түрады. Сонымен не керек, Жайынбайдан құтылдық.
— Жоқ, сендер одан құтылған жоқсыңдар, керісінше, сендер енді оның шырмауына тұтыласыңдар. Ол Осал жау емес. Айтпады демеңдер, ол әлі талай пәлені шығарады. Сендердің әлі талай самай шаштарыңды ағартады. Содан кейін барып ол өз жайына кетеді.
— Оны сен қайдан біліп отырсың?
— Мен ештеңесін де білмеймін. Бірақ, ол сендермен жауласады да, дауласады да. Ең алдымен әлгі зорлап қол қойдырған шалдың өзінен бастайды. Меніңше Қамбарбек шал сендерден гөрі көреген боп тұр. Ол шал біледі. Жайынбайдың алып отырған әйелі Айна Қамбарбектің жалғыз баласы Бекзатқа айттырып қойған қалыңдығы емес пе! Тіпті, олай болмаса да, солай еді деп соғады. Міне, Жайынбай мен білетін пәлеқор, біреуге қанын шашпай өлгісі келмейтін Жайынбай болса, мәселені нақ осыдан бастайды.
Желеу «бұған не айтасың?» дегендей Дәуленге қарады. Ол тым ойлы екен. Не де болса, болар іс болған, Қамбарбек қинала-қинала қол қойды, енді оны тау құлап кетсе де қайтып алмайды. Не де болса артын күтуге бел байлады Дәулен. Өйткені Қамбарбекті қорқытып та, үркітіп те, енді рапортты қайтарғыза алмайсың. Мұның үстіне оған қояр да қоймай қол қойғызғанның бірі осы Дәуленнің өзі. «Олай емес, былай екен» деп айтуға мұның да қауқары жетпей отыр. Сонымен Желеу айтқан сақтық сөзін әзірше ешкімге айтпауға бел байлап, Дәулен әңгіме бетін тағы да басқа жаққа бұруға жықты.
— Бәрі ойын ғой, шынымды айтсам осы сені жақсы ақын деп мақтаушы көбейді. Бірақ өнеріңді бір көре алмай қор болдық. А л, енді қашан көрсетесің өнеріңді? — Дәулен шегір көзін қыса қарап, басын сол мағына қарай қисайта отырып Желеу ақынға қарады. — Бұл аруақ саған қашан, қайдан, кімнен қонды, Желеу? Ата-бабаңда ақын болған ешкім бар ма екен? Әлде нағашы жағында біреулер болған ба?
Желеу сызданып қалды. Дәуленнің шыны қайсы, кекесіні қайсы екенін білгісі келгендей аңыра түсті. Дәуленнің көзі мұның сазара қалған ақсары өңіне қайта түсті. Құлағы қалқан, беті қызыл, көзі шегір, шықшыты шығыңқы келген Желеуді жаңа көрген деп бір шолып шықты да, сөзінің шындығын жеткізгісі келді білем, сөзін қайта бастады.
— Бұрынғылар айтушы еді, ақындық әншілік аруақ сияқты қасиетті, киелі нәрсе, ол да байлық, ырыс сияқты, басқа қонған бақ тәрізді қонады деуші еді. Сондай қонған нәрсе ме деп, әдейі сұрап отырмын. Мүмкін ғой, өзің білмесең де, арғы түбіңде біреулер болуы кәдік емес пе? Негізінде бір болған қасиет әйтеуір бір кезде, бір соқпай өтпейді деп те айтатын кәриялар.
Ақын бұдан әріге шыдай алмады.
— Бәрі де дұрыс, қарғаны мақтағанмен сұңқар болмайды. Әне, анау бір кезде атақты болған, үлкен-үлкен қызмет істеген туысың қазір Құсшы атада қаз-үйрек, түйе тауық бағып отыр. Әрқайсысы он сомнан болғанда, табаны күректей мың сом дейді. Намысы жоқ дүниеқоңыздар деп сондайды айтады. Соны қазір ел басқарған адам деп кім айтады? Білмедім, мен тегін емеспін ғой, — деді ол кеудесін көтере түсіп. Сырнайына қарай қолын созып барды да, қайта тоқтады. — Басқасын білмеймін. Жасымда осы ақын болады деп, Нартай мен Сұлтанбек жырау аузыма кезек-кезек түкірген екен.
— Міне, міне, бәсе десе ау, сондай бірдеңе бар. Мен Нартайды да, Сұлтанбекті де көрдім ғой. Екеуі де ақын, жыршы, сырнайшы еді. Шіркін тарлан боздар ау, қонақасы, кешкі ақшамнан бастап, таңның атуына дейін талмай сілтеуші еді-ау. Әбден кәнігі боп кеткен бе, дауыс деген бір үзілмей, қайта айтқан сайын кеудесі ашылып келе жатқандай аңқылдап, әдемілене түсетін. Ой, сабаздар ай, екеуі де саңлақ еді-ау! Аузыңа түкіргені бата бергені ғой, ол екеуінен бата алсаң, оңай болмадың. Ал, кәне, Нартайшылап па, әлде Сұлтанбек ағаңшылап па, соғып жіберші!
— Сен Дәулен, ол екеуін айтасың анам марқұм айтып отыратын, маған жерік кезінде, түсімде Құлыншақ ақынды көрдім деп. Ал, оның баласы Ысқақ ақын менің әкеммен дос-жаран болатын.
— Міне, міне, бәсе десе ау. Міне, анау-мынау емес, пілдей төрт ақынның аруағы қонған екен де... Әй, айтпақшы, Желеу ау, осы Құлыншақ ақын демекші, әкесі Құлыншақтың, ағасы Ысқақтың аруағы, қасиеті осы біздің Исаханға неге қонбай кетті екен? Кейде отырып, о, тоба деймін. Неге олай болды екен?
— Исахан бәдікке қасиет қонушы ма еді? Қудай да қызық. Исаханмен мені шатастырып, өлеңді маған берген. Сөйтіп Исахан бос қалған. Бірақ, ол түйе тауық өсірген ағамыздан гөрі арлы да намысқой...
— Осы сөзді Қамбарбекке айтып көр. Ол Исаханды қызғыштай қорғап шыға келеді. Исахан ақын болмаса да азамат дейді. Несі ұнап қалғанын бір құдайдың өзі білсін?
— Мен оны да білем. Қамбарбек осы қатынын Жарты төбеден алып қашқанда, Исахан оған күйеу жолдас та, жеңгетай да болған дейді. Екеуі содан бері дос.
— Бәсе, десе ау, сондай бірдеңесі бар. Исахан десе, Сұқсыр десе, ішкен асын жерге қояды.
— Оны да білем.
Бұл екеуі осындай бір ағайын-туыстардың әңгімесімен түннің дәл ортасына дейін отырды.
XXI
Өз сменасына Қамбарбек тым қатулы келді. Қабағы тым қатыңқы. Түні бойы ұйқысыз жатып, беймаза ойда болған адамдай көнілсіз. Бірақ өзінің бұл жайын ешкімге сездірмейін десе де, онсыз да қалың қабақтың түйілісі, көзіндегі оттың шашыраңқылығы «не істесем» екен дегендей, ізденген, сұраулы көзқарасы жағдайының тынышсыздығын байқатқан. Дәулен де, тағы басқалары да мұны оның оқтын-оқтын соғып ететін ежелгі қайғысына — жалғыз баласының күйігіне жорыған. Жалғыз бүгін емес, шынында да Қамбарбектің кей кезде у жеген қасқырдай не істерін білмей, өзінен-өзі булығып, ширығып жүретін шағы болатын. Бүгінді де мына жігіттер сол бір соқпалы дерттің әсері деп ұққан. Мұның үстіне түскі аз үзіліс кезінде ол ауыр-ауыр күрсіне отырып:
— Артыңда қарайлайтын ботасы болмаса кәрі түйе тісінің мүжілгеніне қарамай шөңге мен тікенегі көп жантақты тек өз жанына бола өзеурей жемесе керек-ті. Өмір деген шіркіннің бір қызығы, бар қызығы сонда екен ғой! — деген.
Ол бұдан басқа сөз де айтқан жоқ. Бірақ Дәулен оны өзінше деп ұқтым деді. Содан да болар, Жайынбай хақында Желеу айтқан ойды қайталап айтып, оны тағы да күйзелтіп алмайын деп түйген. Жайынбайсыз да іштей мүжіліп, күйреп қалудың аз-ақ алдында жүрген жанды қажыта бермейін деген жақынның жақсы тілегінде болған Дәулен тіс жармай қалды. Ол осы ойымен өз үйіне бет алды. Қамбарбек те үн-түнсіз үйіне қайтты.
Қамбарбек жұмыстан келген бойда екі қолын төбесіне қойып, аяғын жоғары көтеріп, шалқасынан біраз жатты. Кешегі кешкісін оқиғаны есіне алмай, аз: дап та болса дем алып, сәті түссе мызғымақ еді. Бірақ не керек, кешегі оқиға оның көз алдынан кетпей қойды. Қайта күндізгі, жұмыс кезіндегіден де анығырақ болып, бәрі де қайта келді. Кәдімгі Жайынбай, өзімен бірге бүтін соғыс жылдарында бірге, бір шахтада, бір сменада істеген жас шахтер жігіт бет-аузы түтігіп, көзі қанталап есік алдына келді. Қолында үлкен селебедей пышағы бар. Бұрынғыдай «Қамбар аға» дегені де жоқ, бүтін көше бойына айқайлап:
— Әй, қу бас Қамбарбек, атаңа нәлет қара тас, шық далаға, тас болмақ түгіл, темір болсаң да құбылаға қаратып бауыздайын!
Қамбарбек терезеден қарай салып, сыртқа, Жайынбайға қарай құр қол ақ тұра жүгірмек болып еді, әйелі шап беріп білегінен ұстады да, желімдей жабысып жібермей қойды.
— Ойбай, Қамбарбек, ойбай, шал, шыға көрме сыртқа, мас көрінеді. Маспен мас боп саған не болды. Тоқта ойбай, тоқта! Мас адам, ішкен адам не демейді!
Әйелдің қолы қатты екен. Жұмыстан шаршап кеп жатқан күйеуін қимылдатпай қойды. Мұның үстіне «қайтер екен» деген бір ой келді оған. Әйелі есікті іштен іліп алды.
— Көрейік, не де болса...
Қамбарбектің аузына бұдан басқа сөз түспеді. Кемпір болса шыж көбелек болып, шалын аңдып, далаға оқыс шығып кетпесін деп бәйек боп жүр.
Жоқ, Қамбарбек далаға шығуға асықпады. Не де болса бәрін естіп алайын дегендей сыртқа құлағын салып отыра берді. Жайынбайдың сөзі бірде есіктің алдынан, бірде терезенің тұсынан шығады.
— Әй, қу бас, жалғыз бас, тас бас, безбүйрек, шық далаға, немесе есігіңді аш! Бүйтіп қу бас боп жүргенше өлгенің артық! Кел мұнда, өз қолымнан бауыздайын!
— Барсам ба екен? — деп қалды ол іштей күбір етіп, — не қыла қояр дейсің?
— Ойбай, қозғалма!
Кемпірі тағы да тізесін құшақтап, аяғына жармаса кетті.
— Мас неме, айқайлап айқайлап кетер. Ертең сөйлесерсің әлгі милиция бастығымен...
— Қашан сөйлескенше, сөзі кетіп барады, кек нетіп барады. Іш қайнап, қан тасып барады. Баланың жоғын бетке салық етті ау, мынау күшік! Кешегі соғыста майданға барып, өліп кетсем, мұндай сөзді естімес те едім-ау! Сол баланың өзімен бірге өлгенім қандай абырой еді. Онда мұндай қаңқуды естімей, тыныш жатар едім.
Жайынбайдың сөзін естімеймін дегендей құлағын екі алақанымен жауып отыра кетті. Бірақ мұның да себептігі болмады. Оның айқайы сампылдап естіліп тұрды.
— Әй, қу бас, сенің өлгенің не, тірлігін не, кел шық мұнда, өз қолымнан бауыздап салайын!
Қамбарбектің жүрегі лүпілдеп, құлағы шуылдап кетті. Бұл оның өз өмірінде естімеген, естимін деп ойламаған сөхзі еді. Алғашқы естіген ең ауыр сөз оның жанына қатты батты. Тулай соққан жүректің қаны басқа шапты: Сөйлеуге тілі келмей, буылып та, күрмеліп те қаяды. Бұл жерде жол тапқан кемпірі болды. Ол терезенің желдеткішті ашып, Жайынбайға айқайлады:
— Құдай бар болса, біздің қайғымыз, қасіретіміз сенің басыңа келсін! Есітер сөзімізді есіттік, енді кет жайыңа, жайыңа кет!
— Жоқ, кетпеймін. Мен қанын төгуге келгенмін. Төкпей кетпеймін.
— Кет енді, кет дегенде ит те кетеді.
Қараңғы болғанда айқай шу бір-ақ басылған...
Міне, осының бәрін Қамбарбек қазір есіне қайта түсіріп шықты. Есіне түсіріп қана қойған жоқ, не істеу керек, мұны айту, шағым ету керек пе, жоқ па? Әлде іште жүрген бітеу жараның бірі боп жүре берсін бе? «Мені қу бас» деп кемітті дегенде, мен қу бас болмай шығамын ба? Әлде артымда түтін түтетерім жоқ екені өтірік пе! Басымда бар шындықты мынау айқайлап өзіме айтты дегенде не түседі маған? «Өлтіремін», «бауыздаймын» дегені ашынған соң айтылған ашу сөзі болар. Онда тұрған не бар?
Ол осылардың бәрін есіне түсіріп, енді не де болса, ешкімге тіс жарып жария етпеуге тоқтап, орнынан тұра бергенде, сырттан келген дауыс қайта шықты.
— Қу бас неме, шық далаға!
Кешегі дауыс, Жайынбайдың дауысы. Қамбарбек нақа біреу маңдайына қара таспен салып қалғандай сылқ етіп орындыққа отыра кетті.
— Ойбай-ай, мына арсыз тағы келіп пе еді?
Хадишаның дауысы ілесе, сыртқы дауысқа жалғаса естілді. Қамбарбек орнынан қайта тұрып, төрде ілулі тұрған қосауыз қара мылтыққа қарады. Оның бұл көзқарасын Хадиша да байқады.
— Айналайын, бар тілегім, итпен ит болмайық. Арашашы болатын ел бар, өкімет, сот бар. Не де болса тырп етпе!
«Осы ақылың дұрыс ақ» дегендей Қамбарбек ыңғай көрсеткенмен өңі бұзылып, үйдің ішінде нақ бір темір торда тұрған жолбарыстай теңселіп, ерсілі-қарсылы жүрумен болды. Орнығып, тағат таба алмады. Хадиша болса шалдың әрбір қимылын бақылап, осы бір оқыс іс істеп қоймасын дегендей, бәйек боп жүр. Бармағын тістеп Қамбарбек отыр. Ең болмаса сөзге сөз қайтара алмады. Тіпті, Жайынбай жалғыз ба, әлде қасында біреу бар ма, оны да дұрыстап көрген жоқ. Жалғыз емес, осыны айдап сап жүрген біреулер де болуы кәдік қой...
— Қамбарбек, өлімісің, тірімісің? Тірі болсаң шық сыртқа! Өзім ақ жайратып берейін!
— Қап, қылды-ау мынау қылықты.
— Шыда, шыда! Үндемесең үйдей пәледен құтыласың! Үндеме!
— Қашаңғы шыдайсың, қорлық қой бұл! Бұдан да пышаққа жығылып, қан болып өлген артық еді.
— Атама ондай сөзіңді. Жақсы сөз жарым ырыс деген. Үмітсіз шайтан болсын, Бекзатжанның тілеуінде отырмыз. Мен білсем балам тірі. Ол келеді.
Қамбарбек қатты ашу, ыза үстінде отырғанына қарамай, Хадишаның сеніміне, сенім болғанда неге сенетініне аң-таң болды. Бұл әлде түс көре ме екен? Сонда көрген түсіне сеніп далбасалап жүр ме екен деп ойлады да, артынша Жайынбайды, өзін кешеден бері өлтіремін деп пышағын жалақтатып жүрген адамды көз алдына әкелді. Жайынбайдың қулығы, сұмдығы, әр түрлі айлалы қылығы болатын. Бірақ, оны адам өлтіретін, қан іше қоятын пенде деп ешкім де ойлаған емес. Дөң маңдай, кебіс ауыз, шодыр сары жігіттің көзі отсыз, өлген қойдың көзіндей бозарып тұратын. Қамбарбектің өзі осы бозалаң көзіне қарап, «Әй, кейбір сасық қулық, арамзалығын болмаса, намысын, арың жоқ біреу боларсың» дейтін ішінен. Ал, енді қарап отырса жуастан жуан шығып, нағыз арлы, намысты осы боп көрінді. Жайынбайға қарағанда осы бір батыр да батылсымақсынған дәу қара шалдың өзі ештеңе болмай қалды. Етекке жармаса берген қайыстай қара қатынды сілкіп тастап, Жайынбайдың алдына қасқая барып, «ал мен келдім, не істейсің?» деуге жарамай қалды.
Ол іштей қорланды. Сонау бір жылдары қара көк дөненмен бүтін Теріскейді шандатып та, шулатып та көкпар алып қашатын жылдары Қамбарбек бегіме келер жігіт бар, алдыма түсер жүйрік бар, тіресе қалар шабандоз бар деп ойламаған. Енді бір сәт өл, өзін-өзі өлі жандар қатарына қосты. Бойыңда күшің, білегіңде қайратың бар, астында жел қанатты жүйрігің бар шағыңда мұратты жеріңе жетіп қалғаның абзал екен ғой. Аяғы күйген тауықтай мына күйге, ендігі қалған халге не айтасың? Қатты шауып келе жатқанда іркілмей келіп, іліп әкететін, тақымға лақша басатын Жайынбай енді бұған пышақ көрсетіп, үрейін ап, апшысын қуырып тұр. Сонау бір кезде атын байлауға жарамайтын жасық жігіт енді бұған иық көрсетті. Ол қатты қорланды, іштей қорланды. «Не де болса, бәрін де көтердім» дегендей, тағдырына мойынсынып, төмен қарап, бүктеле түсті, сынып қалды. Бұл кезде нақ кешегі әдетінше, ақшам шағында Жайынбай жым-жылас ғайып болды.
Сырттағы айқай жоғалғанмен іштегі айқай, Қамбарбек жүрегінің жан дауысы басылған жоқ. Қайта іштен тынып, іштен булығып, ширыға түсті. Ол түні бойы ұйықтай алмады. Ең алдымен шалқасынан түсіп, үн-түнсіз ұзақ жатты. Ойы шар тарапқа бөлінді. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан қалың ойдың қайсысынан ұстауды білмей қалың шырмауға оралды. Көзін тас жұмып, бәрін ұмытайын десе де ой деген қайта-қайта оралып соға берді. Ол кен төсегіне сыймай жатқандай алайда былай аунады. Дамылсыз дөңбекши берді. Бірақ мұның да себептігі болмады. Екі шекесі зырқылдап, құлағы шулады. Кейде не ойлап, не қойғанына да есеп бере алмады. Таң, алдында, әбден шаршап, талықсып барып, көз шырымын алды. «Не де болса сыр сақтаған орын ғой, менің қайғы-қасіретімді, көрген қорлығымды өздері білер де, басқа ешкімге айтпас. Сырымды айтсам милицияға айтайын» деп түйді. Осы ойын тиянақтап, бекіне түсті. Ертеңгі шай үстінде де осы түйіндеуін іштей қайталап, сабырсыз отырды.
Жұмыстан бұрын Қамбарбек милиция бөліміне соқты. Милиция бастығы Төлепберген Жолдасбеков сонау бала жасынан білетін дәу қара шалды жылы қарсы алды. Төлепбергеннің ниетіне қарай Қамбарбек шешіле сөйледі. Екі тәулік ішінде болған оқиғаны, өзінің көрген бар жәбірін алдына жайып салды. Милиция бастығы оны сабырмен, сөзін бөлмей тыңдады. Тек қана Қамбарбек бәрін айтып болған соң барып, бір-ақ сұрақ берді.
— Жұмыстан шығару жайындағы рапортқа қол қойғанға дейін, Жайынбаймен екі араңызда ешбір кінәлі іс болған жоқ па еді? Есіңізге түсіріңізші!
— Міне, қасиеті мол заң үйінде отырмын. Біздің арамызда ешбір ұрыс кейіс, дау-жанжал болған емес. Мен өзіме біреу тиіспесе, қозғала қоятын, өз бетімше біреуге тиісе қоятын адам емеспін. Бұл бір. Екіншіден, бұл көрген Жәбір-жапамды өзіңе ғана айтып отырмын. Ел құлағы елу. «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге кетеді» дейтін бұрынғылар. Қорлансам да, қорлық болса да көпшілікке тарамаса екен деймін.
Төлепберген қайсар шалдың намысқа бағып, сыр сақтағысы келетінін бірден ұқты.
— Аға, Қамбарбек аға, ешбір қам жемеңіз, ешкім білмейді. Біз мұның бәрін тексереміз. Анығына жетеміз. Оған дейін ешкім де білмейді. Бүгіннен бастап тыныш боласыз.
Қамбарбек риза болып, орнынан тұрды. Төлепберген оны есіктің алдына дейін шығарып сап, қолын қысып қоштасты.
— Бәрін де тексереміз, білеміз. Алансыз болыңыз!
Қамбарбек екі-үш күннен бері бойына ауыр зіл болған қасіретін айтып, оған жылы жауап алып, бойы жеңілдегендей болып қалды.
Кешегі оқиға бүгін қайталаған жоқ. Үй төңірегі жым-жырт. Кешкі ас алдында терезеден қарап еді, анадай жерде, көше бұрылысында олай-бұлай, ерсілі-қарсылы жүрген милиционерді көрді. «Біздің үйді сырттан торытып, әдейі адам қойып қойды ма екен?» Бұл да жақсы емес қой. Жоқ, әлде өз бетімен, басқа шаруамен жүрген біреу болар. Оны кім біледі? Қамбарбек не де болса өткенді ойламауға бел байлап төсегіне жатты. Тыныш ұйықтады. Ертеңінде оқиға қайталанған жоқ. Қамбарбектің болжауынша осымен бітті. Өткенде болған екі күн бойындағы оқиға «жабулы қазан жабулы күйінде қалсын» дегендей, ішке шемен боп не қатпаған, бұл да соның бірі болар деп түйді. Шындап ойласа, адам баласынан көнбіс, адам баласынан берік дүниеде ештеңе жоқ екен-ау! Көнбеймін дегенге көнесің, ойда жоқта басқа түскен қиындықты жеңесің нар көтере алмас ауыр, жүкті иығыңмен тіреп тұра қаласың. Қанша салмақты болса да шыдайсың! Не жасыңда, не ұлғайған шағыңда мұндай ауыр, мұндай сұмдық қорлауды үнсіз көтеріп, тілсіз қабылдап, жер басып, бұрынғыша жүре беремін деп ойламаған еді. Міне, енді қараса мұның да жүрегі біреулер айтқандай тас емес, жұдырықтай шикі ет екен? Бұл да көптің бірі, басы жұмыр пенде екен. Таспен ұрсаң, басы жарылады, пышақ салсаң қаны төгіледі. Бұл да басқалар тәрізді айқай естігенде тітіренеді екен. Басқасын былай қойғанда, бұл да пенде боп, қорлыққа, мазаққа шыдайды екен. Әділетсіз сөзді, арды былғаған анайы сөзді бұл да естіп, оған пенделер төзе біледі екен. Жаппарқұл шал, қара танымаған, Қаратаудан басқа тау көрмеген, Түркістаннан басқа қала көрмеген шалдың өзі айтатын: «Балам, тағдыр деген қатал, өмір деген қиын. Оңтайға келіп қалғанда ол сенің жөн-жосығыңа қарамайды. Іштен шалып, жамбасқа алып, қағып тастайды. Тағдырдың айласы көп, әдісі мол. Сақ бол, мығым бас, ақырын жүр. Құдайдың өзі сақты ғана сақтайды».
Осынау бір күтпеген кездейсоқ оқиғадан кейінгі оның ойы осындай бір қапас тұйыққа келіп тірелген еді. Бірақ, осы оқиға екі күн өтіп, үшінші күнгі кеште тағы да қайталанды. Ал бұл жолы ол шыдай алмады.
— Шық далаға, қу бас! — деген сөзді естігенде сыртқа қарай ата жөнелгенін өзі де байымдай алмай қалды.
Қара кемпір қайыстай боп созылып, етегінен ұстаған бойы ол да атыла шықты. Көзді ашып жұмғанша Хадиша пышақ ұстаған Жайынбай мен құр жұдырығын көтерген Қамбарбектің арасына килігіп, құлашын жайып, екеуіне де қақпайлай берді. Бірақ, кәрі тарлан емес пе, жас кезіндегі шапшаңдығы, көз ілеспестей қимылынан қалғаны мол екен, Жайынбайды қардың түбінен қағып жібергенде пышақ есік пен төрдей жерге ұшып түсті де, пышақ иесі қаңғалақтап, шыр айналып кетті. Пышағына қарай енді жүгіріп, қол соза бергенде Жайынбайды бөкседен тағы бір қағып қалып еді, омақаса құлады. Хадиша «осы да жетер» дегендей, әй шайға қаратпай, шалын үйге қарай сүйрей жөнелді. Осындайда әйел бойына, аналық қасиетіне лайық ерекше бір қайрат, қуат біте ме деп қалған Қамбарбек Хадишаның жетегімен үйіне еніп кетті. Жайынбай орнынан тұрып, пышағын алып, келген жөніне кетті.
Бұл да бір әнеу күнгідей мазасыз түн болды. Көңіл алаң, ұйқы шала күйінде Қамбарбек таңертең милицияға қайта келді.
— Қайтадан бұзылды тыныштық қалқам Төлепберген, кеше кешкісін қайтадан кездестік. Тіпті соқтығысып қала жаздадық. Біздің кемпір қайрат көрсетіп, ортаға түсіп, қан болудан аман сақтап қалды. Осындайда әйелдің ерекше күшті боп кететініне таң қалам. Менің өзімді қолдан сүйреп, дедектетіп алып кетпесі бар ма?
— Сөйтіп, ақсақал, не болды, бастан-аяқ, асықпай айтыңызшы?
Жазған құлда не жазық бар. Қамбарбек оқиғаны қайтадан, бастан-аяқ айтып шықты. Бәрін тыңдап болды да Төлепберген қайталап айтуды сұрады.
— Кешкі апақ-сапақта, екі-үш күннен бері ұмытылып кеткен айқай қайта шықты. Терезеден қарасам қолында пышағы бар Жайынбай. Қаным қайнап кетті. Есікке қарай ата жөнелдім. Кемпір етекке жармаса шықты да екі ортаға түсті. Соған да қарамай, Жайынбай жалт еткізіп пышағын көтерді, мен пышақ ұстаған қолдың қарына салып қалдық. Пышағы ұшып кетті. Өзі тәлтіректеп жығылып қала жаздады.
Төлепберген Қамбарбек айтқан сөздің бәрін ақ қағаздың бетіне түсіріп болды да:
— Мына жазғаным сіздің атыңыздан бізге жазылған арыз. Арызда өзіңіз айтқан сөздің бірі қалмай, түгелдей көрсетілді. Ие, айтпақшы, кешегімен үшінші рет пе?
— Иә, үшінші.
— Міне, енді қол қойыңыз.
— Ал, қалқам Төлепберген, бұдан соң не болады? Бұл арыздың керегі не? Өмірімде арыз жазып көрмеген адам едім. Енді оны да жаздым ба! Арызсыз ештеңе болмай ма?
— Арызсыз ештеңе болмайды, ақсақал. Қайта сіздің атыңыздан өзім жазып отырмын. Бұл да заңсыз. Қол қойыңыз. Арызсыз мәселе қарауға бізге болмайды, заңсыз болады.
— Осы арызбен бітсе дұрыс та болар еді-ау, — деп Қамбарбек қолын қойып, жұмысына кетті.
Мәселе арызбен бітпеді, қайта асқына түсті. Екі-үш күндей Қамбарбек үйінің төңірегін милиция алыстан бақылап жүрді, Жайынбай мүлде көрінбей қойды. Милиционер қашанғы тұрсын, бұл маңды күзетуді қойған күні кешке Жайынбай қайта келді.
— Әй, арызшыл қу бас, ендігі қалған кем-кетігіңді арыз беріп, адам соттатып толтырмақ па едің? Сен оны қой, одан да өз қолыммен бауыздап тастайын, шық далаға, шық деймін далаға!
Қамбарбектің құлағына оның дауысы бұрынғыдан да ашулы, ащы боп жетті.
— Мені соттатқанда саған не түседі? Сүйегі қурап қалған балаң тіріліп келе ме? Әлде мені соттатып жіберіп, өзің өмір сүре бермексің бе?
Қамбарбек не дерін білмеді. Тізесін құшақтап отырып қалды. Жазған арызына дейін біліп алған. Шынында да Жайынбай да адам. Оны жұмыстан босатқыз, арыз беріп соттатып жібер. Сонда әділдікті былай қойып, адамгершілік қайда? Бұл да жар сүйіп, бала-шаға асырап отырған адам. Анау бригададағылардың тіліне еріп, масқара болған екенмін. Жұмысты нашар істесе істесін, бәрібір менің нанымды, менің сыбағамды жеп жүрген жоқ дегендей бір сәт ол өзін-өзі айыптап та көрген. Содан да ол қол-аяғын қозғалта алмай бір орында отырып қалды.
Ауланы төңіректеп, пышағын жалаңдатып, Жайынбай әлі жүр.
Өмір салмағын бір адам мендей ақ көрсін деп, өзінше іштей түйіндеп, көңілден байыптап жүрген қара шал көп осалдығын енді сезді. Батырсынған кеуде, батылсынған көңілдің де сынатын жері бар екен. Әсіресе, қонсам құйрығым, ұшсам қанатым деп санаған баладан айрылып қалғалы осындай әлсіз күйге, көңілсіз ойларға көп соқтыққан. Мұның аз дегендей, мына бір соққы ойда жоқта тағы ұрды. Бұл соққы бітіп кетпесе де бойы үйрене бастаған ауыр жараның ауызын тырнап алды. Қазіргі отырысында күйзеліс басым. Жаны қатты ауырды. Ол ішінен «ойпыр-ай, тірі жүріп қорлықпен өткен өмірден ерлік өлім артық екен. Елі, отаны үшін құрбан болған баланы қайғым, қасіретім санағаным асылық па деп қалдым. Баласын берген жалғыз мен бе екем? Сол Бекзаттың өзімен бірге кеткен талай-талай боздақтар қайтпай кетті. Олардың да ата-анасы, туған-туысы бар. Олар да мен сияқты ет пен сүйектен жаралған жандар. Менің олардан артығым не? Коппен көрген нәрсе ғой деп көңіл тоқтата бастағанда кездескен оқиғаның сыңайы мынау. Бұған да көніп, мұңая түстім. Басқасын айтса айтсын қолынан келсе бауыздаса бауыздасын, бірақ өлген адамды бетке салық етіп, жанды жегені қабырғама қатты батты...
Оның ойын Жайынбайдың соңғы айқайы тағы бөлді. Бір тәуірі айтарын айтты да, қарасын жоғалтты білем, үні өшті. Оны ауыр ой қайта басты. Тез жиналып, милицияға осы кеште бармақ болды. Хадиша оны жібермеді.
— Ой, сен түнде жүрме! Өз шаңырағыңның астында отырғанда, пышағын жалақтатып жүрген жауыз қараңғы бұрышта өлтіреді. Шықпа үйден, жібермеймін сені!
Әйелінің жылаған, жалынған дауысы оның белін еріксіз шешкізді.
Ертеңгі шайын ішпестен Қамбарбек милиция бөліміне келді. Төлепберген оны бұрынғыдай емес салқындау қарсы алды. Бірақ, бұл оның қабағына қарап отырған жоқ, өзі іздеп жүрген ісі әділ де шын болғандықтан іркілген жоқ. Кешегі болған оқиғаны қайта баяндап шықты.
— Біз бәрін де тексердік. Жайынбайды осында шақырып сөйлестік. Мен ондай істейтін бала емеспін. Қайта Жаппарқұлов жолдас мені жазықсыз қызметтен босатқызды. Мен онымен жамандаспаймын, әйтпесе сотқа беріп, шахтаға қайта барам, жалақымды оның өз айлығынан өндіріп алуға праволымын дейді.
Қамбарбек бір сәт не айтарын білмей, сасқалақтап қалды. Артынша:
— Сонда қалай, екі жетіден бері менің сендерді алдап жүргенім бе?
Жолдасбеков иығын бір көтеріп отыра берді.
— Менің көзіме шайтан көрініп жүргені ме?
— Оны біз айта алмаймыз.
— Айта алмасаңыздар, онда жазықсыз адамды жұмыстан қуғызғанымен тұрмай, үстінен өтірік арыз бергені үшін мені түрмеге жабыңдар! — деді ол аздап қатулана түсіп.
— Сіздің бізге өкпеңіз болмаса керек. Біз сіздің үлкендігіңізді сыйлап, айтуыңыз бойынша үйіңіздің жанына үш рет пост қойдық. Ешкім келген де жоқ, сіздің ұйқыңызды бөлген де жоқ. Міне, мына үш қағаз сол түндері постыда болған милиция қызметкерлерінің өз қолдарымен жазып берген рапорты. Үлкен адамсыз, көңіліңізге келмей-ақ қойсын, сізден гөрі мен өз қызметкерлеріме көбірек сенемін. Ал, сіздің үйдің жанына күн сайын қоюға менде басы артық адам жоқ.
Сөз де, арыз да сонымен біткен сияқты болды. Бірақ Қамбарбек кетуге асықпады.
— Апырмай, қартайған шағымда осынша масқара болармын деп ойламаған едім. Мынау бір сұмдық болды-ау! Мұндай болса, әнеу күнгі өзің жазып, қол қойғызып алған арызымды өзіме қайтарып бер. Өлсем арыз жазбай-ақ өз бетімше өлейін.
— Бізге түскен арыз делоға тігіледі. Оны тексерген мына сияқты рапорт, протоколдар қоса тіркеледі. Сондықтан, Қамбарбек ақсақал, иә, Жаппарқұлов жолдас, сіздің арызыңыз қайтарылмады.
— Оны тігіп қайтесіңдер, өтірік қой...
— Өтірік болса да, тексеріліп біткен істер қатарына жатқызамыз. Сөйтіп архив дегенге саламыз.
Қамбарбектің тауы жығылып, мысы қайтты. Не айтарын білмей, аңыра берді. Төлепберген мәселе осымен бітті дегендей, теріс айнала берді.
— Сендерден қайран болмады. Қайта өзімді айыптауға тап-тап беріп отырсыңдар. Енді кездесіп, үйіме келіп, сайран салғысы келсе, өзім ақ бірдеңе етермін.
Қара шал бұдан ары ештеңе айта алмай, кеңседен шығып кетті.
— Біз сіздің арызыңыз жайында парткомға да айтқанбыз.
— Онда мүлде дұрыс болған екен!
Қамбарбектің бұл сөзінде мақұлдаудан гөрі кекесін басым еді. Хатшы жігіт оның, күйеу баласы екенін Төлепберген жақсы білетін. Соны біле тұрып, соған да жеткіздім дегені шалға ұнаған жоқ.
Ол шахтаға қарай кетті. Қалын ойдан сейіліп, серпілетін, бәрін де уақытын ұмытатын жері осы шахта. Осында ол жұмыс істеп бәрін ұмытады, рақатқа батады. Істі жапыра істеп жатқан қарулы, ынталы жігіттерде жұмысына сүйсінеді. Шахта ішінің қысыңқы, топырақ иісі шыққан ауасына әбден үйренген. Қатулана істеген өнімді іс қана кеудесін ашып, кепілін сергітеді. Маңдайдан шып-шып шыққан әрбір тамшы тер оның бойындағы ашуын, ішіндегі мұңын сыртқа шығарып жатқандай ақ рақатқа батады. Құрыстаған денесі жадырайды. Бүгін де ол жан дүниесін рақатқа бөлеген еңбек құшағына бұлқына, жеңін сыбана кіріскен. Маңдайдан төгілген ащы терді брезент комбинезонның шанаштай қатқан жеңімен сүртіп тастап, дамылсыз қимылдады.
Ол үйіне манауран, әбден шаршап, бір жағынан өзіне өзі сүйсініп оралды. Ақтөс құйрығын бұлғалақтатып есік алдынан қарсы алды. Мұздай тұмсығымен қолының сыртын иіскелеп, төрге дейін шығарды. Осы шалдың үйге оралғанын күні бойы есікке қарап, күтіп жататын бұл да бір осы шаңырақ астындағы мұңды тілеуқордың бірі еді.
Баяу басып, үйіне келе жатқан жолда ол еткен күзде болған бір саятты есіне алды. Сол күні нақа бір түс көріп шыққан жандай-ақ таңертеңнен елеңдеп, тауды, таудың сыңғырлаған ашық та тәтті, тәтті де шипа ауасын, биік-биік қоңыр жоталарын, түксиген асқақ шындарын, сылдырап аққан мөлдір бұлақтары мен өзеншелерін аңсап та, сағынып та кеткені бар. Тау таудың арасымен, етектегі жалғыз аяқ сүрлеу жолдармен алаңсыз ойсыз жүрсем деп армандады. Аяқты аң, қанатты құс көрмегеннің өзіне бірталай бопты. Тіпті басқа аңды, арқар мен тау ешкіні, тау түлкісі мен қасқырды кездестіре алмаса да, тастан тасқа түлкіше өрмелеп, кезі келгенде құсша ұшып кететін осы таудың қара сұр да тарғыл тасына ұқсаған кекіліктерін көремін деп қиялдады. Жастан үйір болған тауды ол қатты сағынған. Тіпті таудың неше бір қилы шөптерінің мұрнына жұпар иісі келгендей ақ мұрты жыбырлап кетті, Ол ауыр бір күрсініп алды да, әйеліне қарап:
— Мен тау жақты бір шолып келейін..
— Аңға барасың ба?
— Аңға ғана емес.
— Жоқ іздейтін, қай малыңды жоғалттың,
— Малым түгел. Әшейін бір, аңсарым ауып, тауды сағынып кеттім.
Әйелі үндемеді. Тауды сағындым дегені сылтау, іші күйіп, баласын сағынып, сонау елсіз, меңіреу тауға, тасқа барып, арызын айтпақ, мұның шақпақ. Еңіреп жылап, шер тарқатпақ. Бұл қанша қатал, тас бауыр, ұстамды болса да, адам ғой, жыласа мұның көзінен де жас шығады. Шын егілсе, мұның да ет бауыры елжіреп, іші уілдейді, жүрегі солқылдайды. Міне, ол аңға емес, сол тауға барып, дос-дұшпаннан аулақта, ешбір куәсіз жылап алмақ, шер төкпек деп ойлады Хадиша. Бұл қанша қатал болса да өзі тәрізді тасқа, маңқиған қара тастарға шешіліп сыр төгеді, мұң шертеді ден түйгендіктен де, әйел оған қарсы болған жоқ. Қайта жолға тамақ әзірлеп, бәйек боп қалды.
— Кеше кешкісін айтсаң ғой, ет пісіріп қояр едім. Енді не берем.
— Түсте өзек жалғар бірдеңе болса жетеді.
— Май, нан, құрт берейін.
— Сол да жетеді.
— Құрт жеген соң шөлдейсің ғой.
— Тауда не көп, су көп емес пе?
— Қайнамаған су ішесің бе?
— Қай заманнан бері мен самауырдан ғана дәмді шай ішіп үйренген едім.
Хадиша оған сөйлей жүріп түстік орап берді. Қамбарбек Ақтөсті ертіп, теңбіл көкке мінді, қосауызды тақымға басып алды. Хантағы сайын өрлеп тауға енді де кетті. Оның алдынан тау самалы соқты. Көкіректі кере әлденеше рет қатты-қатты күрсініп алды, Бетке, жүрекке салқын ауаның лебі келді. Теңбіл көк пысқырынып, тынысын кеміткендей, алшаңдай басты. Ақтөс жорытып алға кетті. Бірақ көптен бері сыртқа шықпай үй күшік боп қалған екен, ұзамай, айналсоқтап, иесінің бет-жүзіне, әрбір қимылына қарай берді. Бір жағынан бұл өзі затында нақ осылай үйретілген ит. Аңға шықсын, үйде отырсын, тіпті қораның ішінде, үйдің алдында отырсын, әйтеуір ол Қамбарбектің қимылын, көзқарасын бағумен болады. Бұл оның тәрбиесін, парасатын көрсететін. Анығын өзі де білмейді, осы Ақтөсті кішкентай күшік күнінде бергенде Исахан шал әбден мақтап, жеті атасына дейін таратып, тарихын айтып берген:
— Әй, Қамбарбек, қазіргіні білмеймін, сенің жас кезіңде шабандоз болғаның, жақсы аңшы болғаның есімде. Одан не қалды, не кетті, өзің білесің. Менің айтайын дегенім ол емес, менің саған ескертейін дегенім, міне мынау: жақсылап асырамасаң аңға алып шықпасаң бұл күшікті алып, әуре болма, обалына қаласың. Олай дейтінім, бұл күшік әшейін көп күшіктің әйтеуір көк күшіктің бірі емес. Бұл, естуін бар ма, жоқ па, білмеймін. Әйтеуір осы Теріскейде Нарынбайды білмейтін аңшы болмайтын. Сол Нарынбайдың Сарымойнақ атты жүйрік тазысы болды. Міне, мынау көзін аша алмай жатқан, қазір сен қоржынға салып алып кеткелі отырған Ақтөс, сары күшік сол Нарынбайдың Сарымойнағынан тараған. Міне, айтайын Сары мойнақ Нарынбайда отыз екі, отыз бесінші жылдары болды Содан бері он жылдан аса уақыт өтті. Міне, енді есіме түсті. Сарымойнақтан Ақтабан, Ақтабаннан мына жатқан Қара қаншық, ал Қара қаншықтан міне төртінші буын мынау сен әкеткелі отырған сары күшік. Өзім атын қойып беремін. Мұның аты Ақтөс болды. Көрдің бе, мына төсін, аппақ болған төсіне қара.
Бұл Исаханның осы Ақтөсті берерде айтқан сөзі еді. Одан бері де төрт жыл өтті. Ақтөс екі жасынан бастап талай саятта болды. Соның бірде-бірінде дарақылық көрсетіп, несін тыңдамай, өз бетінше арсалақтап, қайда болса сонда жүгіріп кеткен емес. Бәрін айтумен, нұсқаумен істейді. Иесін қас-қабағынан, қамшы көтеріп, немесе қолын шошайтып, бір сілтеуінен түсінеді. Шынында да, Исахан айтқандай бұл тазының әйтеуір текті жерден шыққанын Қамбарбек те жақсы түсінген. Артық қимылы жоқ, арсалақтап, әйтеуір иесіне қызмет көрсетуді, көзге түсуді, жақсы атты көрініп қалуды мақсат етпеген бұл иттің заттылығы, тектілігі иесін қатты сүйсіндірген.
Содан да Ақтөс Қамбарбек үйінің бір семьясы тәрізді боп кетті. Бірақ, ол өзінің бар-жоғын онша көрсетпейтін. Тіпті осы үйдің ішіндегі қайғы-мұң, қуаныш күлкі жайын да ұғатын. Осы үйге сонау бір қара қағаз, суық хабар кірген кезде, Нұрби ерге шыққан шақта бұл ит өзінің бар-жоғын білдірмей, ертеден кешке дейін бір бұрышта бүк түсіп жатты да алды. Ертелі кеште Қамбарбектін қасіретті жүзіне мұңая қарап, тұмсығын бауырына тығатын. Мұның бәрін иесі ұмытқан жоқ. Қайта, Исахан айтқан жайларды тірілтіп, сонау жас шағында талай көрген Нарынбай аңшыны есіне түсірген.
Нарынбай аласа бойлы, шымыр денелі, шоқша сақалы бар, қызыл бет кісі еді. Өте шапшаң, қимылы тез. Бірақ, бәрін ойлап, кесіп-пішіп істейтін адам еді. Оның аң мылтығы, жүйрік тазысы, алғыр ителгісі, немесе, қаршығасы болатын. Жалғыз атқа мініп ап, өмір бойы анды, саятты кәсіп етіп өтті. Көптің айтуынша отыз екінші жылдың қиын кезінде өзінің бүтін туған-туыстарының семьясын аңмен асырапты. Әлгі айтқан Сарымойнақ, мынау Ақтөстің арғы атасы оның сол кезде болған жүйрік тазысы екен. Нарынбай кедей еді. Содан да жүйрік атқа қолы жетпеген соң, ит ұстады, күс бақты, мылтық атты. Бұл кәсібі өзіне қатты ұнады. Аңшылықты кәсіп еткендер ішінде мақтанбайтыны, қосып, қосарлап айтпайтыны кемде-кем. Бірақ, Нарынбай нағыз кішіпейіл, көп сөйлемейтін, мақтануды білмейтін адам еді. Әдетте таяз су ғана шуылдап, қатты сарқырап, айналасын дүрліктіре ағады да, терең судың ағып жатқан, жатпағанын білу қиын ғой. Сол тәрізді жаман аңшы, ата алмайтын аңшы көбірек мақтанып, біреу істегенді өзім істедім деп өсіре айтады, нағыз мерген, тапқыр аңшы, ойлы бапкер мақтанбайды. Өзінің ісіне, күшіне, әдіс-айласына сенеді. Оның атақ-даңқы мақтансыз ақ алысқа кетіп жатады. Міне, Нарынбайдың нақ осындай аңшы екенін кезінде бұл да білген, көрген. Міне, мынау Ақтөс құйрығын дөп-дөңгелек етіп, иіріп алған, Қамбарбекке жалтақ-жалтақ қарап ап, жанай жорытып келеді.
Қамбарбек осы таудың аңын, құсын, әрбір жөндігін қандай ұнатса, салқын суын ішуді қаншалық жақсы Көрсе, одан да жақсы көретіні осы таудың тобылғысы мен үшқаты, иісі жұпардай аңқыған көк жусаны, одан да гөрі бұлақтар жағасында өсетін жалбызы мен биік шыңда, тастардың жарықшағында шығатын киік оты еді. Осылардың бәрінің хош иісі бір-біріне араласып, адамның бойын дел-сал ететіні тағы бар. Кептен бері сыртқа шықпай, шахтадан босай алмай қалған оның көңілі мүлде сергіп кетті. Ешбір аңсыз ақ, нақ осылайша сонау Біресек асуына дейін барып, Мың жылқы жаққа бұрылсам деп өзінше діттеп келеді.
Нақа бір сонау бала кезден таныс еместей ақ тастақты терең сайдың екі бетінде бұж-бұж, айғыз-айғыз, тілім-тілім болған жарлы қабақтар, үлкен тастар тұр. Бәрі де үнсіз, бәрі де меңіреу. Тасты жерді тасыр тасыр басқан ат тұяғының дыбысы алғашқыдан ұлғайып құлағыңа қайта соғады. Ол шөгір тасты терең саймен ұзақ жүріп барды да, асудың үстіне шыққан соң қырқа қырқаны қуалай тартты. Бірақ, осы маңнан бірдеңе кездесе қояр деген үміттен аулақ еді. Қарсы алдындағы қоңыр жотаға көтерілген бойда Ақтөс тұра қалып, желге қарай тұмсығын кетерді. «Мені көріп тұрмысың, менің не сезіп тұрғанымды байқадың ба» дегендей ол иесіне қарап-қарап алды да, тұмсығын көтере түсті. Қамбарбек тазының қасына көлге тоқтады. Ақтөс қараған, тұмсығын созған жаққа зер салып көп тұрды. Көз алды сағымдалып, бұлдыр тартыл, тау биігі бір-бірімен шағылысып, оны күзгі сағым көтеріп, низам басып, ештеңені де анық аңғара алмады. Ол атынан түсіп, маңдайын алақанымен көлегейлеп, тағы да қарады. Тазы әлденені шын сезгендей, құлағын селтитіп, тұмсығын жыбыр-жыбыр еткізді. Қарсы беттегі биікке бір, өзінің иесіне бір қарап өтті. Ақтөстің әлденені сезгені анық. Жоғалған мал, басқа аңшы, тіпті аңның өзі болса да ол сезіп тұр, немесе көріп тұр. Бірақ Қамбарбек көре алмады.
Ол мұндайда сақ аңшы. Ат шылбырының бір ұшын тазының қарғысына ілді. Атты да, Ақтөсті де жетектеп, ерте жаяу көтерілді. Есік пен төрдей жүріп барып, тын тыңдап қабаққа көз тастады. Ит жел жақтан әлденені сезгенін байқатудан танған жоқ. Ақтөс бостан-бос алдамайды да, алданбайды да, оны аңшы да сезіп келеді. Бірақ, қайда, қанша жерде? Арқар ма, тау ешкі ме? Әлде түлкі, әлде қасқыр? Немесе, борсық па? Тіпті бұлардың бірі де емес, таудағы өлексенің жемтіктің иісі болар? Не де болса ол сақтықпен аяғын санай басып, екінші белестің қырқасына көтерілді, де, тағы тоқтады. Төңіректі түгел шолды. Әсіресе, Ақтөс сезіге де, сенімді де қараған жаққа, баяу желдің самалды өтіне көп қарады, тесіле қарады. Сол көп қараудан тесіле қараудан көз алды жасаурап кетті. Ол көзін қайта-қайта сүртті.
Тазы жетекке алынса да қарсы беттегі, жел жақтағы қабаққа қарай елеңдеумен келеді.
Қамбарбек жүріп келеді. Көптен бері тау көрмей, биікке шықпай қам боп қалған екен, ол борша-борша боп терледі, Көзіне жаспен бірге тер құйылды. Бірақ, шаршағанын ұмытып, таза, тау ауасын жұтқан сайын бойына өзгеше бір қуат, күш пайда болғандай, алқынғанына қарамай биікке қарай өрмелей түсті. Жетектегі Ақтөс тұмсығын көтерудің үстіне шегіншектеп тұра қап, құлағын тікірейте қарады. Қамбарбек те тоқтады... Тазы қараған қабаттың үстіндегі биік жартастың басында, буларға арқасын, ту сыртын беріп, ол да желге қарай тұрған ай мүйізді текені көрді. Қарауыл теке екенін бірден білді. Жүрегі лүп ете қалды. Қамбарбек не істеу керектігін ойлады. Атпен жақындау қиын. Не де болса, атты осы жерге тастап, тазымен, мылтықпен жақындағанды қалады.
Ол теңбіл көкті үш аяқтан шідерледі, шылбырды жуан тобылғының діңгегіне байлады. Мылтығын оқтап, тазысын жетектеп, алдағы еңіске түсті. Мұның ойынша нақ осы жақтан, ықтасын жақтан барса жақындау мүмкін. Ол жай басып ойға түсті. Енді ешкі тұрған жотаның өріне қарай тырманып келеді. Қарсы қабаттан қарағанда онша қиын көрінбеген, осы таудағы басқа да қоңыр жоталардан ешбір айырмасы жоқтай көрінген қоңыр қызыл жота өрмелей бастағанда қиын да, тік те көрінді. Әйтеуір, өзі төмен қарай сырғанап кетпей, аяқ астынан тас домалатып, қатты дауыс шығарып алмайын деп, барынша сақ басып келеді. Жақындаған сайын тау ешкі иісін дәлірек сезген Ақтөс екі-үш рет жай ғана қыңсылап қойды. Қамбарбек оны қарғыдан төмен қарай сілкіп қалды. Бұл оның «үніңді өшір» деген сөзі екенін Ақтөс бірден ұқты. Өрмелеп келеді, өрмелеп келеді. Апыр-ай, адам деген қандай жансебіл, өлермен келеді. Мұндайда адам тамақ ішейін, сол ешкінің етін жеп бір тойынып қалайын деген ойдан гөрі, қызығы, тамашасы, ешкі атыл ап қайтыпты деген атағы, лақабы артық. Нақ қазір бәрінен де қызығы жақсы. Ол ішінен осыдан сәті түссе, Ақтөстің бағын да, ақыл-парасатын да, жүйріктігін де тағы бір сынға сап көрмек. «Сонау отызыншы жылдары Нарынбай аңшы ұстаған Сарымойнақтың тұқымы екені рас болса, соныңды осы арада тағы бір корсет» деп тазысына, оның оттай жайнаған ақылды көзіне қарап қояды.
Бұлар қылт етіп кезеңнен төбесін көрсеткен бойда жартастың басында тұрған қарауыл теке сатыр-сұтыр тұяғымен тас қармап, төменге секіріп түсті. Бәрі де осыны күтіп жатқан екен, тас түбінде жусап жатқан топ ешкі дүр сілкініп, биікке қарай өре түрегелді. Бір мезет ай мүйіздерін алшитып, жан-жағына қарасты да, жақындап қалған жауды сезіп ұра жөнелді. Мылтық жететін жерге келтірмеді. Аз болса жүз елу, көп болса екі жүз метрдей жерден шұбыра тартқан топ ешкіге мойындағы қарғысын сыпырып, Ақтөсті қоса салды. Тазы бір-екі рет жай ғана қыңсылап, әлдеқалай бір назды, ерке дыбыс шығарды да, зыта жөнелді. Қызығы сол — Ақтөс ешкіге тұп-тура ұмтылмады. Қиғаштап, өкпе тұстан шықты да, тізіліп бара жатқан топты нақ ортадан бір бөліп тастады. Алдыңғы топ биікке салды да, соңғы топ тауды бөктерлей салды. Бұлар да төмендемей қойды. Тазы алдыңғы топтан қара үзді, оған қараған да жоқ, соңғы топтың арт жағында бара жатқан мүйізі жаңа ғана қайқая бастаған жас текені бөліп ап, алдына салды да еңіске қарай бұрды. Теке еңіске қарай қаша алмады. Иә, жалпы тау жәндіктерінің ең басты ерекшелігі осында Олардың артқы аяқтары ұзын да, серпінді де келеді. Өрге салса, ерен жүйрік. Олар өзінің осы қасиетін жақсы біледі. Ылдиға баспайды. Тазы әлденеше рет жетіп, тірсектен алмақ болды да, шегіншектей берді. Теке таудың биігіне, өзінің тобыры кеткен жаққа бұрылғысы көп, олай-бұлай бұлтақтап еді, тазы алдын орап, мойын бұрмай тастады. Ешкі мен тазы арбаса арбаса торы төбелді байлап кеткен қырқаға көтерілді. Ат үркіп, бір-екі рет тулады да, тазыны көріп тоқтады. Мықты шідер, қыл шылбырдан тырп ете алмады. Қамбарбек тазысына қатты разы болды. Өзінің қайда жүргенін сездіру үшін екі-үш рет «қиқулап» дауыс берді. Ақтөс ешкіні дауыс шыққан жаққа қарай қайтадан айдады. Әлгінде ғана өздері жүрген еңістен өрге салды. Қамбарбек кезеңге бір тізерлеп отыра кетті. «Ә» дегенше болған жоқ, ешкі нақ алдына, не бәрі отыз метрдей жерге келді. Аңшы көздемей-ақ қол мөлшерімен басып салды. Дәл кеудеден тиді білем, ешкі алдыңғы екі аяғынан сылқ етіп құлап түсті. Ақтөс ешкінің үстіне төне көп, аңқайып тұра қалды.
Аңшы ең алдымен итіне қарады. Тілі салақтап, ентігін баса алмай тұрған Ақтөс сары тазының көзі оттай жайнап тұр екен. Ит екеш иттің өзі әйтеуір бір іс бітіргеніне, иесінің тапсырмасын орындағанына шаттанып тұр. Бұл мәртебе оның көзінен көрінді. Аңшы оны өзіне шақырып ап, ең алдымен маңдайынан сипады.
— Ақтөсім, жақсысың, ақылдысың! — деп тізесіне отырғызып, маңдайынан қайта сипап, құлағының түбін қасыды.
Мұның өзінің аңшылық салтында білікті аңшы бірден атылған, қолға түскен аңға ұмтылмауға тиіс. Ең алдымен соған көмектескен тірі мақұлыққа, құс болса құсқа, ит болса итке көңіл бөліп, оны мипаздап, мақтап алу қажет. Бұл оның ақылды болуы, тыңдағыш болуы, екіншілей бұдан да дұрыс қызмет көрсетуі үшін қажет. Бұл оның ежелгі әдеті. Сол әдеті бойынша Ақтөсті әбден еркелетіп, солығын бастырып алған соң барып, ешкіні бауыздады. Ақтөс тастың күніскей бетіне барып жатты.
Қамбарбек ешкіні асықпай сойды. Бір шыққанда ол бірден артық аң атуды бұрында болса артық көретін. Немене, алты ай азық, отыз күн үнем етемісің аңның етін? Қызығы құр қол қайтпасаң болмай ма? Ол ешкі сойды. Әлем тып-тыныш, төңірек тұнық болатын. Енді бір сәтте қараса ең алдымен ала қанат, ақ құйрық сауысқан жетіпті. Қайдан келді, қайдан жетті? Ең жоғарыда, алыстан бақылап, анда-санда бір саңқ етіп, қос бүркіт жүрді. Бұл екеуін Қамбарбек бір қарағанда ақ тани кетті. Мың жылқы тауының теріскей бетіне, Келіншек тау жағына, нақ таңертең күн түсетін биікке ұя салатын қос бүркітті бұл көптен білетін. Міне, сол екі қыран иісті сезіп, қызылды көріп күнгей бетке шығыпты. Анда-санда бір саңқ ете түсіп, бұл екеуі төңіректі дамылсыз айнала берді. Басқа қомағай құстар төмен түсіп, нақ төбеде қалықтап жүр.
Аңшының көп жылғы бақылауынша бұл екі бүркіт жыл сайын балапандап, ұя баспайды. Көп дегенде жыл аралатып ұяға отырады. Мұның өз есебі бойынша бұл екеуі биыл ұя басқан. Содан да бұларға жем жетік әдеттегіден көбірек керек. Сойып жатып ойлағаны төбедегі қос қыран болды. Атқа ауыр еткенше ішек-қарын, өкпе-бауыр, өңешін, кеңірдегін, төрт сирағын тастаймын. Аш болса мен атқа қонысымен-ақ бүркіттер жерге түседі. Өз сыбағасын ешкімге жем етпей иеленеді деп түйді. Күн бесіндікке еңкейгенде аңшы атқа қонды. Ақтөсті ертіп, еңіске бет ала бере-ақ ешкі сойылған жерге құс деген құмырсқадай үймелеп кетті. Бірақ қос қыран төбеден зуылдап тез түсті де, нақа бұл бізге тастап кеткен сыбаға еді ғой, сендер қайдан келдіңдер дегендей, күшіген мен тазқараларды, сауысқандар мен күйкентайларды қанатының сұсы айдап шықты. Қос қыран жемсауын сығай толтырып көп отырды. Қамбарбек өз олжасымен қыр асып кетті...
Шахтадан шаршап, аяғын санай басып келе жатқанда ойына өткен күздегі осы суреттер ап-анық болып қайта түсті. «Шіркін-ай, — деп ойлады ол, — осындай бір тынысың тарылып, кекілсіз жайға тап боп жүргенде, тағы да бір сондай сапарға шығар ма еді? Шіркін, Қаратау, ауаң жұпар, тасың алтын, суың бал, шөбің ырыс — қасиетің де, құдіретің де мол ау! Әке сүйген, шеше сүйген бала сені анасындай, әкесіндей сүйеді. Алтын бесігі санайды. Шешесінің ақ сүті, әкесінің әлдиінен соң ол бала сенің ғажайып суреттеріңді, кескін-келбетіңді көріп өседі. Ол көзі алысқа жететін болғанда ақ ең алдымен Мың жылқы шоқысына, Келіншек тау суретіне, Сандықтау тұлғасына қарап тамсанады. Осы таудың ғажабы мен кереметі қиялды тербеп, ойды толғайды. Әркімнің туған жері өзіне ыстық, өзіне сұлу. Дегенмен сенімен сұлулық салыстыра беретін таулар көп емес шығар? Сен сұлу ғана емес, әрі кәрі, әрі жассың. Сен тым байсың, қазыналысың! Жақынын, жақсысын, туған жерін, өз кіндігінен қан тамған жерді сүйе алмаған, сүйе білмеген, құмарлана тұшынбаған адам басқа ештеңені де сүйіп жарыта алмайды.
XXII
Жақсы ойын үзген жоқ. Көзінің алды күлімсіреп, босағасынан үйіне жылылық ала кірді. Ақтөс күндегі әдетінше қолының сыртын жалап алды. Бұл оның иесімен амандасқаны, аман-сау келгеніне, көріскеніне қуанғаны еді. Қамбарбек те тазының маңдайын бір сипап төрдің алдында көрпе жаюлы жатқан текеметтің үстіне қисая кетті. Шалқалай жатқан. Көзі енді ғана ілінген екен. Тыстан әлдекімнің айқайы шықты. Ол алғашқыда түсім екен деп ойлады да жата берді. Айқай бірнеше рет қайталанды. Қамбарбектің ойынша оның құлағы Жайынбайдың үрейіне әбден жаман үйреніп қалған. Көзін жұмса болды сол айқай мұның түсіне енеді. Бұл сол елес деп көзін ашпай біраз жатты. Айқай қайта шықты. Артынша. терезені темір сияқты қатты нәрсемен соқты. Басын жастықтан жұлып ап, терезеге қарады. Терезенің сыртында Жайынбайдың кескіні көрінді. Әдепкіде мұны да елес деп ұқты. Терезе қайта қағылды. «Қорыққанға қос көрінеді» деген, бұл не пәле, қорыққаным ба деп орнынан тұрды. Терезеге жақын келді. Есік алдында пышағын жалақтатып, қолына жалаңаш ұстап Жайынбай тұр. Ешбір елес емес, өзі — Жайынбай. Жалпиған сары шодыр беті күреңденіп кеткен. Іштен Қамбарбектің тұлғасын көріп қалды да, терезені қайта-қайта пышақтың қырымен соғып:
— Шық далаға, қу бас. Енді сенің кімге керегің бар? Одан да бауыздайын!
Қамбарбектің құлағы шыңылдап, жүрегі соғып, көз алды қарауытып кетті. Алғашқыда не істерін біле алмай, үйдің ішінде арсалақтап, ерсілі-қарсылы жүгіре берді. Хадиша келіп әдеттегі аяғына жығылып, «сабыр, сабыр» деп күбірледі. Қолына, аяғына, етегіне жармасты. Бірақ, кенет келген қатты ашудан ол мұның бірін де сезген жоқ. Кенет келген жын оқыс соққан сендей-ақ теңселе теңселе, көзі қабырғада ілулі тұрған, өткен күздегі саяттан кейін атылмаған қос ауыз мылтыққа түсті. Қолын созып ұмтыла бергенде Хадиша тағы көп жармаса кетті. Оны шынтағымен қағып жіберді. Онсыз да сүйретіліп әрең жүрген, қатқан қайыстай қара кемпір жалп етіп, еденге ұшып түсті. Екі патронды стволына жүре салып, ол есікке беттеді. Ақтөс әлдеқалай бір сұмдықтың боларын сезгендей-ақ немесе иесіне мылтық алып, мені ертпей қайда кетіп барасың дегендей ақ екі-үш рет қыңсылап, аяғына оралып дауысын шығарды. Қамбарбек мұны да бүйірден теуіп қалды. Ол қаңқ етті де, жатар жеріне оралды. Әп-сәтте ол есікті сілки тастап, сыртқа шықты.
— Шықтың ба, ақыр, қара төбет! — деп Жайынбай мылтыққа қарамай тұра ұмтылды. Салуға оқталып келе жатқан шалғы орақ тәрізді селебені мылтықтың стволымен қағып жіберді. Пышақ анадай жерге ұшып түсті. Жайынбай апыл-құпыл пышаққа қарай қайта жүгірді.
— Таста пышақты, атамын әйтпесе! — деуге Қамбарбектің тілі әрең келді.
Бірақ анау мұны тыңдамады, пышақты қолына қайта алып, тұра жүгірді. Қамбарбек жақындап келе жатқан қызыл көз пәлені таянған кезде кеудеден стволмен тіреп тұра қалды. Пышақты бетіне қарай сілтеп қалды. Қамбарбек мойнын бұрып, басын сауғалады. Пышақтың жүзі зу етіп құлақтың нақ түбінен өтті. Мүлт кетті, тимей қалды. Шегіне беріп қайта ұмтылды да пышақты көтере бергенде Қамбарбек басынан асырып атып салды. Мылтық гүрс ете түсті. Енді ғана есін жиып сыртқа ұмтылмақ болған қара кемпір есікке жете беріп өзінен-өзі қалпақтай ұшты. Ақтөс ұли қыңсылап үйдің ішін кезе берді. Арсалақтап есікке шапты. Табалдырықта құлап жатқан қара кемпірді аяп кеткендей оның қан-сөлі қашқан бетін жалады.
Бұл кезде сырттағы айқас әлі бітпеген. Басынан асыра атқан кезде шегіншектеп барып құлап түскен Жайынбай қолындағы пышағын өзінің ішіне тығып ала жаздады. Артынша қайта тұрып ащы тілін аямай сұқты.
— Қара қатын болмасаң ат қане! — деп кеудесін тосты. Артынша пышағын көтеріп. — Міне, мен саған пышақ сала аламын. Ал сен ата алмайсың! Мен, мен бауыздаймын.
— Таста пышақты! — деді Қамбарбек. Ең соңғы дауысы тәрізді тарғылданып оқыс шықты.
— Ата алмайсың, қара төбет!
— Атамын, тоқта!
— Атып көр, қақбас!
— Атамын.
— Ата алмайсың, қу бас қара төбет!
Жайынбай соңғы сөзін тістене айтып, Қамбарбек тұрған жаққа қарай мысықша қарғыды. Жақын келіп пышақ ұстаған қолын көтере берген шақта Қамбарбек екінші серіппені басып қалды. Мылтық гүрс етті. Жайынбай сылқ етіп қисая кетті. Қара шалдың көз алды қанталап ештеңе көрмеді білем, мылтықты таяқ тәрізді таяныш етіп, мас адамша теңселе басып, Хантағының орталығына қарай, милицияға қарай кетті. Бұл бұрышты айналған кезде бір адам анадайдан жылт етіп бір көрінді де, жүгіре басып жоқ болды. Алғашқыда әлгі адам жаңа ғана оққа жағылған Жайынбай сияқты боп көрінді. Бірақ, бұл кезде Қамбарбекте мұның кім екеніне мән беретіндей хал жоқ еді. Ол бара-бара жүгіре басып, милицияға қалай жеткенін де білген жоқ. Есіктен кіре бере:
— Мен келдім! — деді ол.
— Келсеңіз жақсы бопты! — деді Төлепберген бір түрлі кекесінді үнмен.
Ол келгеннің кім екенін дауысынан танығанмен бетіне қараған жоқ. Өзі терезеге қарап, киініп жатыр екен. Бір жаққа асығыс кетпек тәрізді.
— Мен келдім! — деді ол тағы да ауызына басқа сөз түспей.
— Келсеңіз не дейсіз? Мен асығыспын.
— Асықсаң да келдім.
— Не айтасыз?
— Айтарым жоқ, өзім келдім.
— Айтарыңыз жоқ болса, қайта беріңіз.
— Қайтпаймын!
— Мұнда қалуға болмайды. Мен асығыспын.
— Мен де асығыспын. Өзім келдім. Асығып келдім.
«Мына кісі мастан сау ма?» дегендей Төлепберген үлкен қара көздерін қадап, шалға сұқтана қарады. Өні бұзылып, қап-қара боп, түтігіп кеткен екен. Көзі өңінен де жаман. Көздерінің жиегі қып-қызыл боп қанталаған, екі езуі әбден шөлдеген адам сынды көбіктеніп кеткен. Мұнда келерде қатты жүргені бар, Жайынбаймен тірескені, мылтық атқаны бар, әлі демігін баса алмай, ентігіп отыр. Жолдасбеков енді бір қарап, қара шалдың түсінен шошыды.
— Ақсақал, не болған, аурусыз ба?
— Ауру болсам, өзім келем бе? Міне өзім келдім?
— Өзіңіз келсеңіз не айтасыз? Баяғы мәселе болса қайта беріңіз. Керек десеңіз, тағы да тексереміз.
— Енді тексеретін түгі де жоқ. Міне, өзім келіп отырмын.
— Өзіңіздің келгеніңіз жеткіліксіз. Оған біз нанбаймыз. Өз көзіміз жетпесе, ештеңе істей алмаймыз. Қайта беріңіз!
— Қайтпаймын! Қайта алмаймын. Өзім келдім. Енді мені қама!
— Сізді не деп қамаймын?
— Ә, сен әлі білмей отырмысың?
— Ақсақал, уақытты босқа алмаңыз!
— Жоқ, сен әлі білмей отыр екенсің. Өзім келдім. Сен мені қама!
— Ақсақал, сіз массыз ба? Не деп қамаймын?
— Міне, өзім келдім. Не деп қамайсың? Қамауға алғандарды не деп қамаушы едің?
— Қылмысы болса қамаймыз.
— Ие, міне, мен қылмыс істеп көп отырмын.
— Ол қандай қылмыс! — деп шалға елең етіп Төлепберген қайта бұрылды.
— Адам өлтіріп көп отырмын. Мылтық анау есіктің кіреберісінде тұр.
— Не істедім дейсіз? — деп ол күлмекші де болды. Артынша тез тыйылып оған қайта қарады. Жүгіріп есік алдына шықты. Қабырғаға сүйеулі тұрған қос ауыз мылтықты алып көрді. Қос стволдан оқ дәрінің иісі аңқып тұр. Жаңада ғана атылғаны рас. Ол жүгіріп ішке, өз кабинетіне қайта кірді. Қамбарбек ешбір қимылсыз мелшиіп қапты.
— Сіз, не істеп келдім дейсіз? — деп Төлепберген қатулы сұрады.
— Өлтіріп келдім.
— Кімді?
— Жайынбайды.
— Рас па?
— Рас.
— Шын айтыңыз? Мұндаймен ойнамайды.
— Мен де ойын білмеймін.
— Өлігі қайда?
— Біздің есіктің алдында.
Төлепберген Жолдасбеков шын сасайын деді. Не дерін білмей, тіпті нанар нанбасын білмей, кішкене тар бөлменің ішінде олай да, бұлай да жүріп, теңселіп кетті. Қара шалға қайтадан төне түсіп:
— Ақсақал, мұндай нәрсемен ойнамайды. Дұрысын айтыңыз! Шын болса мен қазір опергруппаны шақырамын. Ол сізге, өтірік болса жеңіл тимейді. Штраф деген бар.
— Иланбасаң өзің білесін. Мен өзім келдім. Қама!
— Қамау ешқайда қашпайды. Сіз шын айтыңыз.
— Мен осы жасқа дейін өтірік айтқан жан емеспін.
Әлі де болса сенерін де, сенбесін де білмей, ол шалға тағы қарады. Мас емес. Есінен адасуы да кәдік қой. Әйтпесе, тау қозғалса қозғалмайтын сабырлы, ақкөңіл, арақ-шарап ішпейтін, керек десе темекі шекпейтін байсалды адамның, ақсақал кісінің мына сөзіне иланар иланбасын білмей, «Жедел жәрдемге» телефон соқты.
— Милиция бөлімі. Жолдасбеков. Жедел жәрдем көрсетуді сұраймын. Осында, бізге, бөлімшенің кеңсесіне келіңіздер.
Артынша ақ дәрігер мен сестра келді. Амандасудан соң Жолдасбеков оларға:
— Мына кісіні қарауларыңызды сұраймын, — деді.
— Жоқ, мен ауру емеспін!
Қамбарбек есін енді жиып алған адамша түрегеп, дәрігерге қарады. Ол Төлепбергенге бір, Қамбарбекке бір қарап, аң-таң.
— Қараңыз бұл кісіні.
— Ауруым жоқ.
— Жоқ болса да...
— Қамай бер, ауру емеспін.
— Қамау үшін де денсаулығын біліп аламыз.
Қамбарбек енді жым болды. Дәрігер оны қарап шықты.
— Ешқандай ауруы жоқ! — дей бастап еді.
— Мұнда келіңіз! — деп Төлепберген дәрігерді ауызғы үйге шақырды. Екеуі күңгір күбір сөйлесті.
— Сау ма?
— Сап-сау.
— Ішпеген бе?
— Жоқ.
— Соның бәрін жазып беріңіз.
— Бұл кісі, әлгі біздегі жас дәрігер қыздың әкесі емес пе? Жаппарқұлованың...
— Сол.
— Не істеп қойыпты? — деп сестра да сөзге араласты.
— Әлі белгісіз.
— Өзі не дейді?
— Өлтірдім дейді.
— Кімді?
— Кемпірін бе?
— Жоқ, ә... Ал кеттік.
Мен үй жаққа енді бара алмаймын. Қама мені. Мен оны өлтіріп келдім. Дәрігер, сестра, Төлепберген үшеуі жалынып, оны бөлмеден шығара алмады да, ауыздағы кезекші милиционерге Қамбарбекті тапсырып, бұл үшеуі оқиға болған жерге тартты. Опергруппаны шақырды.
Қамбарбек үйінің алды толған адам. Топ-топ болған гу-гу әңгіме. Төлепбергеннің көзі бір сұмдықтың болғанына енді жетті. Машинадан қарғып түскен бойда, топты қолымен итермелеп, ыдырата түсті де, ортаға енді. Етпеттей сулап біреу жатыр. Оның кепке берген бірінші сұрауы мынау болды:
— Өліп қап па?
— Солай ма дейміз...
Көше қап-қараңғы. Топырлаған халық. Терезеден түскен жарықтың сәулесі болар-болмас. Милиционердің бірі қол шамын жақты. Дәрігерлер өлікті аударып-төңкеріп қарай бастады.
— Өліп қапты.
— Онда салыңдар машинаға!
Жайынбайдың өлігін көтеріп жедел жәрдем машинасына салып жатқанда осында тұрғандар жан-жақтан тамсана сөйлеп, әр түрлі сөздер айтып жатты. Төлепбергеннің құлағы мұның көбін ақ қалт жібермеген.
— Апыр-ай, қара тастай қатып қалған нағыз жауыз екен. Қолы қалтырамай қалай атты екен?
— Ой, сен де қызық екенсің! Ашынған албырт, ашу адамға не істетпейді.
— Ашу бәрімізде бар. Ашуланған сайын адам өлтіре берсе не болады?
— Өзі мылтығын арқалап қашып кеткен дей ме?
— Ол жолда тағы кімдерді майып қып, ең соңында өзін-өзі атып тастаудан да тайынбайды.
— Әлі ұсталмаған ба?
Жайынбай жағының адамы болса керек, өзеуреп ортаға шықты да, Дәуленді жағадан ала түсті.
— Біз де елміз жұртпыз. Қанға қан алмай тынбаймыз.
Жолдасбеков артына жалт қарап, айқай салды:
— Тараңдар, бұл жер сендерге театр емес.
Жайынбай өлігін салған машина жүріп кетті. Төлепберген жиналған халықтан үйді-үйіне тарауды өтінді. Олардың көбінің тарағысы келмей, әлденені біле түскісі келіп, айналсоқтай берді.
Біреу Төлепбергенге келіп:
— Қамбарбек қашып кетіпті дейді. Рас, па? — деп сұрады.
— Рас емес. Өтірік.
Төлепберген төңіректегі халықты зорға дегенде таратып, қылмыскердің үйіне еніп, кемпірден, ең бірінші куәден алғашқы жауапты алмақ болды.
Қасындағы жас милиционермен екеуі келіп есікті қақты. Көпке дейін іштен ешбір сыбыс болмады. Қайта қақты. Әлден уақта барып, іштен:
— Құдай-ау, тағы кім, бұл қайсың? — деген әлсіз де нәзік, жылаған, сол көз жастан шаршаған әйелдің дауысы шықты.
— Шеше, біз ғой, біз.
— Бізін кім? Доспысың, қаспысың?
— Шеше, біз доспыз.
— Кім болсаңдар да ашайын.
Хадиша аяғын тырп-тырп басып есік алдына әрең жетті де, ауыр-ауыр дем алып, күрсіне күрсіне есіктің іштен салған ілгегін ағытты. Қарсы алдынан екі милиционер шыға келгенде, қасында тұрған Ақтөстің мойнына сүйене беріп, құлап кетті. Тазы кемпірдің салмағымен жата қап, қайта тұрды. Есік.ашқанда бұл тазының нақ қасына келіп тұратын ежелгі әдеті. Өйткені.ол иесін, үнемі Қамбарбекті күтеді. Бұл жолы үйге енгендердің ішінен иесін көре алмай, тазы, бұрылып ап, жатар жеріне кетті. Бұл екеуі не істерін білмей сасып қалды. Төлепберген кемпірді қолтығынан сүйеп, ішкі бөлмеге әкелді.
— Шеше, қорықпаңыз, біз бөтен емеспіз! — деді жас милиционер.
— Шеше, біз әдейі сіздің жайыңызды білейік деп келдік.
Төлепберген Хадишаның басын сүйеп, жас жігіт шелектен салқын су әкеп жұтқызды. Дегенмен тергеуді осы үйден, осы кемпірден бастауды ойлап келген екі жігіт не істерін білмей едәуір аңырды. Ессіз жатқан адамды тастап шығып кету тағы ыңғайсыз.
Әлден уақта Хадиша басын көтерді де, қайта жатты, сандырақтап өзінше бірдеңелерді айтқан болды. «Қамбарбек, сен қайдасың?» деп күбірледі. Артынша «Нұрби! Нұрби! Сен қайдасың? Ә, сен бе едің Бекзатжан, сенсің бе? Ие, әкең, әкең...»
Төлепберген қасындағы жігітті дәрігерге жұмсады да, өзі осында қалды. Төңірек жым-жырт. Сөйткенше болған жоқ есікті сілке тастап, үйге асығыс кірген Нұрби екен. Ол келген бойда шешесін құшақтап, аймалады. Бірақ, көзіне жас алмады.
— Апа, апа! Басыңды көтер. Қасыңда мен отырмын. Мен Нұрбимін.
Нұрби көзінің астымен Төлепбергенге бір қарап қойды да, қайтадан шешесін аймалап, аузына бір дәрі тамызды. Хадиша біраз жатып, басын қайта көтерді. Нұрби Төлепбергенге қайта қарап:
— Сіз біздің қай қызығымызды тамашалап отырсыз? — деді.
Төлепбергеннің қалың келген қоңырқай өңі бір сәт қара-қошқыл тартып, қан басып кетті де, төмен қарады.
— Мен бұл кісіге бола докторға адам жіберіп едім, соны күтіп отыр едім.
— Оныңызға көп рақмет. Бізге доктордың керегі аз. Өзіміз де бірдеңе етеміз. Басқа жұмысыңыз болмаса, оған бола қарайламай кете беріңіз!
Төлепберген не дерін білмей, түрегелді. Есікке қарай аттай бергенде, Хадиша есін жиғандай боп:
— Анау, әлгі, баладан сұра! Әкеңді ендігі атып тастаған болар. Өлігін, ең болмаса өлігін берсін де... Айт...
— Айтыңыз, ол кісі бізде отыр. Ешкімді ешкім атпайды. Тексереміз әлі...
— Адам өлтірсе де атпайсыңдар ма?
— Бізде тексермей ештеңе болмайды. Сабыр етіңіз, шеше!
— Әй, білмеймін. Біреудің пілдей азаматын өлтірген адамды кім атпаушы еді?
— Ештеңе ойламаңыз, шеше. Бізде ондай болмайды.
— Өлтіріп тастамасаңдар...
Төлепберген кейіннен келген дәрігердің машинасымен кеңсесіне жетті де, Қамбарбекті абақтыға жіберді. Кетерінде:
— Ал, ақсақал, өзіңіз айтқандай, біз сізді қазір жабамыз. Дұрысы сол, заң солай. Жаңа ғана сіздің үйіңізден келдім. Бәрі аман. Жолдасыңыз сұрап жатыр. Қасында қызы отыр. Атып тастаған жоқсыңдар ма дейді әйеліңіз. Бізде ондай заң жоқ. Тексеріп ақ қарасына жетпей ештеңе болмайды деп түсіндірген болдым. Ал, әзірге сау болыңыз, ақсақал.
Қамбарбек алғашқыдай емес, болған істің бәріне есебін беріп, бір қалыпқа көп қапты. Жалғыз отырып біраз ойланса керек. Бұл жолы тым сабырлы көрінді.
— Хабарыңа көп рақмет. Қызы қасында болса, кемпір де бір тірлігін етер. Қош, жігітім!
Қамбарбек қолын ұсынды. Бірақ Төлепберген оның бетіне тура қарай алмады. Неге қарай алмады? Мұны Қамбарбек сезе қойды. «Дегенмен ұяты бар, әділ жігіт екен» деп түйді де:
— Жігітім, бағанадан бері бәрін де ойладым. Бұған ешкім де кінәлі емес. Қолыммен істеген нәрсені мойыныммен көтеруге бармын. Ауыр да болса, осылай болды. Қош бол!
— Жоқ, сіз бен біз әлі күн сайын кездесетін боламыз.
— Онда дұрыс.
Қамбарбек елуден асқанша көрмеген, өзі үшін мүлде беймәлім үйге көп орналасты. Дегенмен қиын екен. Түні бойы көз ілмей, нақ бір тастан қашап соққан сурет тәрізді жалаң қабат матрац төсеген тақтайдың үстінде малдасын құрып отырды да қойды. Міз қақпады, кірпік ілмеді. Камерада бұдан бұрын жатқан екі жігіт жаңадан адам келген екен-ау деп селт еткен жоқ, қорылдап ұйықтаумен болды. «Бас көтермеді ау шіркіндер! Күндіз жұмыс істеп, шаршады ма екен» деп ойлады да, қайтадан өз жайына көшті.
Оның көз алдына талай-талай нәрселер келіп кетті. Ол сонау жас шағынан бастап, осы бүгінге дейінгі өмірін бір шолып өтті. Тым тез, асығыс шолды. Ойында ештеңе қалған да жоқ. Бір жағынан қараса әйтеуір өмір сүрдім, тірі жүрдім дегені болмаса, көңіл тоқтатар, көзге ілігер ештеңені ойына түсіре алмағаны да рас. Ол жас жігіт боп, селтеңдеп атқа мінді. Ойын-той, қыз бен қызық іздеді. Көкпар тартты, салым салды. Табанының желі бар, ұшқыр ат мінгені де бар. Ал, бұдан басқа тағы не боп еді? Шахтаға келді. Жұмысшы болды. Бұл да дұрыс болсын. Атақ алды, ақшаны мол тапты. Басқалардың алдында жүрді. Мұны өңгелер мәре тұтты, достар мақтан етті. Бұдан басқа тағы не болып еді? Әйел алып, үйлі-жайлы, бала-шағалы болғаны бар. Бір қызық, бір серпіген кез сол еді. Ол қызықтың аяғы мынау. Өмірдің қызығы не, сұмдығы не, жаманы қайсы, жақсысы қайсы, оны жіктеп айта салу бұған нақ қазір қиын. Ащы-тұщы: сын араластыра ішіп үйренген ауыз көбінің дәмін дәл ажырата алмаған. Ауыздағы кермек дәм ішке түскенде уға айналып, жүректі лоблытады, басты айналдырып, кеудені қысады. Оның ойынша, егер әмір деген үлкен бір арналы өзен болса, оның, да өзіне лайық ағу заңы бар, белгілі арнасы тағы бар. Бірақ иірімсіз, тұңғиықсыз өзен тағы жоқ. Қамбарбек сол өзеннің ағысымен ағып ағып келді де, енді иірімге тап болды. Осы иірімнен шыға алмаса тұңғиығы тағы тұр. Бұл оны да көреді. Бұл ғана емес, ол бұдан да зорына көнгелі отыр. Сонау жас кезінде ауылдағы дүмше молдадан «Әр пенденің жұмыр басы — ең алдымен ол алланың ойыншық добы» дегенді естігені бар. Осы түнде есіне бұл да бекер түскен жоқ. «Менің де жұмыр басым алла-тағаланың көзіне түсіп кеткен ғой» деп түйген.
Ол түні бойы өз ойымен алысып шықты. Таң атып қалса керек, темір торлы, өте биікте тұрған кішкене терезеден бөлме ішіне болмашы ғана бозалаң сәуле түсті. Қамбарбек жайлап қана бөлмеде жатқан екі жігітке кезек-кезек үңілді. Таныс біреу болса, өзінше онымен бетпе-бет сөйлесуге әзірлік те қажет. Бөтен болса, әйтеуір бірдеңе деп тіл табар. Осының артынша оған бұрын талай естіген сөз — түрме дегеннің өз заңы бар, оған бағынбасаң өмір сүре алмайсың дейтін лақап сөз есіне оралды. Сонда заңды жасайтын кім? Мына жатқан екеуінің жатысы да қызық. Екеуі екі түрлі. Бірі осы Қамбарбектің өзі тәрізді қойыртпақ қара да, енді бірі — мыж-мыж былшық сары. Екеуі де топ-толық, жауырындары аяқ қаптай. Қарасы шалқасынан түсіп, екі қолын екі жаққа жайып тастап, нақ бір әкесінің үйінде жатқандай ақ маужырап жатыр. Қабағы қалың, беті майлаған бидайдай жып-жылтыр екен. Жасы әлі отыздан аспаған. Ал, сарының беті тілім-тілім. Бірнеше жерінде пышақтың, таяқтың, әлдеқандай соққының таңбасы түскен тырнақтар. Бір қолымен басын бүркеп жатқанмен бет пішіні ап-анық көрінеді. Сақал-мұртын өсіріп жіберіпті. Бірақ, онша ұзын емес. Соған қарағанда бұл түрмеге көп болса бір апта бұрын түскен. Ал, қарасы болса, екі-үш күн беделінде түскен тәрізді. Не болса да бұл екеуіне әбден қарап, көзін үйретіп, алдағы кездесуге өзінше әзірленіп алды. Бір тәуірі екеуі де бейтаныс боп шықты. Әйтеуір шу дегеннен қысылмай қымтылмай сөйлесуге болады. Көңілге осыны медеу тұтты да, түрегеп, бөлме ішінде олай-бұлай жүрді. Аяқтың дыбысынан ба, әлде оянатын кезі болды ма, қарасы көзін ашып, жаңа көрген бейтаныс кісіге сұқтана қарады. Оның көз алдында шашын ұстарамен тақырлап алдырған, аздап құс тұмсық тобылғы түсті, қызғылт десе де, қара қоңыр десе де келе беретіндей, жасы елуді алқымдап қалған сом тұлғалы адам тұрды. Екі иығы, жауырыны, кеудесі жұп-жұмыр, Тіп тіп екен. Көзқарасы сабырлы да баяу. Көзі тым отты. Қара жігіттің бір ұққаны интеллигент емес. Жұмысшы ма, шаруа ма? Әлде саудагер ме? Кім білсін? Кім де болса бұған бәрібір.
Оның бірден тиіскісі келді. Бірақ мынаның түріне, тұлғасына қарап ойланып қалды. Дегенмен аурудан әдет жаман. Ол өзін бұдан әрі ұстауды артық көрді. Өйткені Қамбарбек онымен амандаспады. Жасы менен кіші екен. Алдымен сәлем содан болсын деп түйген. Мынаның ол түйінде ешбір шаруасы болған жоқ.
— Келіпсің ғой ақыр! — деді ол бірден, бұрыннан таныс-біліс адамша. Көзін жұдырығымен уқалап қойды да. — Сенің келетініңді білгенмін. Бәрін жайғап келдің бе? Молодец, молодец! Сенің сөйтетініңді де білгенмін. Молодец, шойын қарам, молодец. Бәрін жайғап, жалмап алып, енді түк көрмегендей, түрмеге жазықсыз түскендей, мұңаюын қара! Айт шыныңды, жайғадың ба?
— Сен мені танып тұрсын ба? Мен сені танымадым.
— Бәрін жайғап, жалмап алған соң, әрине көзін көр болады.
— Е, сен танысаң, алдымен амандық сұраспайсың ба?
— Бәрін бір өзің жайғап-жалмап алған соң, саған амандықтың қажеті не?
— Сен, жігітім, сөзіңді түсіндіріп айт. Біріншіден, мені сен танымайсың. Екіншіден, мен кімді жайғап, нені жалмадым? Соны ашып айт.
— Қазір, мен сені дұрыстап түсіндіріп жіберейін! — деп кеспелтек қара жамылғышты лақтырып тастады да, атып тұрды. — Түсіндіріп жіберейін сені. Ештеңеге түсінбейтін қой болсаң да... Еркіндікте аюдай ақырып, бәрін жайғап, бәрін жалмап жүретіндер түрмеге түскенде құйрығын қысып бәрі де қой аузынан шоп алмас арамза бола қалады.
Ол Қамбарбектің алдына жүгіріп көп сұқ қолымен иегінің астын көтерді. Көзіне көзін қадап қалды. Кірпік қақпай қадалды. Өзінше.әлденені білгісі келгендей аяғынан басына дейін көзімен түгел тінтіп өтті.
— Ал, сөйле, қанша жайғап, қанша жалмадың?
— Осы сен мені біреумен шатастырып тұрған жоқсың ба?
— Мен, мына мен, сені біреумен шатастырады екенмін. Тапқан екенсің, сен ессізді?
— Танысаң кім екенімді айтпайсың ба?
— Айдан ақ, Күннен жарық нәрсенің несін айтамын. Молодец, молодчик, сен мына түріңмен таудай пәледен құтылып кетпексің ғой. Сандыққа салып, қатыныңа тастап кеткен, немесе, жерге көмген миллионға сенесің ау.
Мұның танымаса да бопсалап тұрғанын ол енді ұқты. Түрмеге жаңа келгенді бұрынғылары әр түрлі айламен өзіне бағынышты етіп алады деуші еді. Мынау соған басып тұр-ау шамасы. Екіншісі оянғанша мынау мені жаңа түскен келіндей етіп сызылтып қоймақ ау! Екеулеп кетсе қиын ғой. Мынаның өзі менің иманымды бір уыс қып әкетті. Мұның ығына жүре бермейін. Не қылар екен? Төбелесуге болмайды. Төбелессе, бұлар екеулейді. Төбелес деген ұят. Қамбарбек кісі өлтіріп абақтыға жатқанымен тұрмай, онда барып та шайқасыпты деп шығарады ғой жұрт. Одан да әлгі абақты бастығына айтып, басқа бір дені дұрыстау, өзім қатарлы адамдар арасына ауысайын. Әлде бұлар мен сияқты қылмыскерлерді, кісі өлтіргендерді осындай сойқандардың тепкісіне әдейі сала ма екен. Ондай болса бұлармен бітіспей, тіл таппай болмайды. Тіл тапқанда қалай, осылардың айтқанын істей беру керек пе? Онда тым қорлық қой. Намысқа бола, арды сақтап адам қанын төккен адам екінші жерге келіп, арын аяқ астына тастаса не болғаны? Сонымен төбелеске бармайын, бірақ шықпайын деп түйді де, бөлме ішін ерсілі-қарсылы жүріп өтті.
Кеспелтек қара өзі сияқты, бірақ өзінен гөрі зорлау, салмақтылау қара шалдың әрбір қимылын, жүрісін бақылап біраз тұрды Мұның ойынша әлгінде «сандыққа салып, қатыныңа тастаған, немесе жерге көмген миллионға сенесің ау» дегеннен кейін үндемей қалғанына қарағанда, бұл мұның кім екенін өзінше тауып кетті. Енді ешбір сескенбей еркін сөйлесуіне, тұра шабуылға шығуына хақысы бар Демек, оның алдында жатқан мынау тірі жемтік — магазинде, немесе, колхозда, әлде совхозда істеп, бәрін жалмаған, жайғаған. Сөйтіп, қолға түскен Енді сол жеген ақшаны параға беріп, еркіндікке шыға келетін қудың өзі. Тағы да, мұның өз топшылауынша ақшасы көп, жиған-терген қазынасы мол, дүниеқоңыз, сараң адамдар қояндай қорқақ келеді. Олар өз жанынан гөрі артымда қазынам босқа қалады, әлдекім пайдаланады деп үрейленеді. Мынау қуатты да күшті көрінгенмен жаны тәтті, жиғанын қимайтын жалмауыз. Мұның ойынша мына дәу қараға еркін тиісуге болады. Жанынан гөрі дүниесінен қорқады.
Ол осы ойымен Қамбарбектің қасына жетіп көп, иегінің астына сұқ қолын төсеп жоғары көтерді деп.
— Жаның барда шыныңды айт, қанша жайғап, қанша жалмадың? Айтпасаң, миллионың иесіз, жерде шіріп босқа қалады, — деді.
Қамбарбек екі қолын тарақтап, артына ұстап жүрген еді Сол қалпын өзгертпей, бірақ түсін суытып, салмақпен айтты:
— Әкеңдей адамның сақалына жармаспа? Ол ұят болады.
— Мынаның ұяттысын қарай көр. Мемлекеттің миллионын қалтасына салып алғанда шіміркенбеген қасқа, түрмеге келген соң ұятшыл бола қалғаның! — Ол осыны айтты да иегін саусағымен жоғары қарай көтере түсті.
— Тарт қолыңды, найсап!
— Мынау жалмауыз не дейді?
— Тарт қолыңды, хайуан!
— Қайталап айтшы қане!
— Міне, — деп Қамбарбек басын көтере беріп, иек астындағы қолын қағып жібергенде, әлгінің өз қолы өзінің майлаған бидайдай қып-қызыл, жалпақ бетіне барып сарт ете түсті. Мұрыны қанап қалды. Оны көйлегінің етегімен сүрте сап, Қамбарбекке тұра ұмтылды. Жағадан ала түскен қолын қардан төмендеу жерден қысып қалғанда сылқ етіп жерге отыра кетті. Маңдайынан шып етіп тер шықты. Есінен адасқан адамша бақырайып, аң-таң боп қалды. Ұялған тек тұрмас дегендей, артынша:
— Ие, енді есіме түсті. Мен сені циркте кергенмін. Палуансың ғой.
— Енді таптың! — деді Қамбарбек кекей күліп.
— Пәле, күшіңе болайын! — Бұған енді қарамастан, қор-қор етіп ұйықтап жатқан сабалақ-сабалақ сарыға жармасты. — Әй, тұр. Көзіңді аш, қара жан-жағыңа. Мұнда сенен де мықты біреу келді. Тұр деймін, сабалақ.
Сабалақ десе сабалақ, бет-аузы кір-кір, шашы ұйысып қалған шегір көз сары тұра сап Қамбарбекке нақа бір жемтігін көрген қасқырша сұқтанды.
— Әй, Тас қайрақ, мынауың кім? Өзі айта ма, өзің айтасың ба, жоқ, әлде өзім айтқызайын ба? Өзіңнің кім екеніңді таныттың ба?
— Кімсің деп сұрайтын сыңайы жоқ.
— Онда бұның мықтының өзі болды ғой.
Қамбарбек бұл екі жігіттің бір-біріне қойып алған лақап аты барын білді. Сарысы — Сабалақ, қарасы — Тас қайрақ екенін ұқты.
Тас қайрақ қайта тірілейін деді. Сабалақтың қасына келіп, Қамбарбекке қарай қолын шошайтып:
— Білсең айтшы, осы кім деп ойлайсың?
— Ойлап басты ауыртатын ақымақты тапқан екенсің. Мен түгін де ойлап әуре болмаймын. Бәрін, бәрін өзіне айтқызамын. Мен ондайға ұстамын. Сайратып жіберемін. Боздап ала жөнелгенін өзі де сезбей қалады. Бір бастатсам, тоқтата алмай көр болатынмын.
Сабалақ асықпай отырып киінді. Анда-санда көз қиығымен бұған сынай қарап қояды. Қамбарбек бұлардың жайын, ермегін ұққан сияқты. Білген соң да болар, ол бұлардан қорқа қоятын, үрке салатын көрінбеді. Өз ойымен өзі боп, төсегіне отырды. Бұл отыра бергенде, Сабалақ киініп боп, түрегелді.
— Мен тұрдым. Сен отырдың. Бұл не деген бейбастақтық. Нұқа түрілерді, кісі өлтіргендерді осындай сойқандардың тепкісіне әдейі сала ма екен. Ондай болса бұлармен бітіспей, тіл таппай болмайды. Тіл тапқанда қалай, осылардың айтқанын істей беру керек пе? Онда тым қорлық қой. Намысқа бола, арды сақтап адам қанын төккен адам екінші жерге келіп, арын аяқ астына тастаса не болғаны? Сонымен төбелеске бармайын, бірақ шықпайын деп түйді де, бөлме ішін ерсілі-қарсылы жүріп өтті.
Кеспелтек қара өзі сияқты, бірақ өзінен гөрі зорлау, салмақтылау қара шалдың әрбір қимылын, жүрісін бақылап біраз тұрды Мұның ойынша әлгінде «сандыққа салып, қатыныңа тастаған, немесе жерге көмген миллион сенесің ау» дегеннен кейін үндемей қалғанына қарағанда, бұл мұның кім екенін өзінше тауып кетті. Енді ешбір сескенбей еркін сөйлесуіне, тұра шабуылға шығуына хақысы бар Демек, оның алдында жатқан мынау тірі жемтік — магазинде, немесе, колхозда, әлде совхозда істеп, бәрін жалмаған, жайғаған. Сөйтіп, қолға түскен Енді сол жеген ақшаны параға беріп, еркіндікке шыға келетін қудың өзі. Тағы да, мұның өз топшылауынша ақшасы көп, жиған-терген қазынасы мол, дүниеқоңыз, сараң адамдар қояндай қорқақ келеді. Олар өз жанынан гөрі артымда қазынам босқа қалады, әлдекім пайдаланады деп үрейленеді. Мынау қуатты да күшті көрінгенмен жаны тәтті, жиғанын қимайтын жалмауыз. Мұның ойынша мына дәу қараға еркін тиісуге болады. Жанынан гөрі дүниесінен қорқады.
Ол осы ойымен Қамбарбектің қасына жетіп көп, иегінің астына сұқ қолын төсеп жоғары көтерді де:
— Жаның барда шыныңды айт, қанша жайғап, қанша жалмадың? Айтпасаң, миллионың иесіз, жерде шіріп босқа қалады, — деді.
Қамбарбек екі қолын тарақтап, артына ұстап жүрген еді Сол қалпын өзгертпей, бірақ түсін суытып, салмақпен айтты:
— Әкеңдей адамның сақалына жармаспа? Ол ұят болады.
— Мынаның ұятшыл екенін қарай көр. Мемлекеттің миллионын қалтасына салып алғанда шіміркенбеген қасқа, түрмеге келген соң ұятшыл бола қалды! — Ол осыны айтты да иегін саусағымен жоғары қарай көтере түсті.
— Тарт қолыңды, найсап!
— Мынау жалмауыз не дейді?
— Тарт қолыңды, хайуан!
— Қайталап айтшы қане!
— Міне, — деп Қамбарбек басын көтере беріп, иек астындағы қолын қағып жібергенде, әлгінің өз қолы өзінің майлаған бидайдай қып-қызыл, жалпақ бетіне барып сарт ете түсті. Мұрыны қанап қалды. Оны көйлегінің етегімен сүрте сап, Қамбарбекке тұра ұмтылды. Жағадан ала түскен қолын қардан төмендеу жерден қысып қалғанда сылқ етіп жерге отыра кетті. Маңдайынан шып етіп тер шықты. Есінен адасқан адамша бақырайып, аң-таң боп қалды. Ұялған тек тұрмас дегендей, артынша:
— Ие, енді есіме түсті. Мен сені циркте кергенмін. Палуансың ғой.
— Енді таптың! — деді Қамбарбек кекей күліп.
— Пәле, күшіңе болайын! — Бұған енді қарамастан, қор-қор етіп ұйықтап жатқан сабалақ-сабалақ сарыға жармасты. — Әй, тұр. Көзіңді аш, қара жан-жағыңа. Мұнда сенен де мықты біреу келді. Түр деймін, сабалақ.
Сабалақ десе сабалақ, бет-аузы кір-кір, шашы ұйысып қалған шегір көз сары тұра сап Қамбарбекке нақа бір жемтігін көрген қасқырша сұқтанды.
Сабалақ асықпай отырып киінді. Анда-санда көз қиығымен бұған сынай қарап қояды. Қамбарбек бұлардың жайын, ермегін ұққан сияқты. Білген соң де болар, ол бұлардан қорқа қоятын, үрке салатын көрінбеді. Өз ойымен өзі боп, төсегіне отырды. Бұл отыра бергенде, Сабалақ киініп боп, түрегелді.
— Мен тұрдым. Сен отырдың. Бұл не деген бейбастақтық. Ну-ка тұр!
Сабалақ жас балаға айқайлаған адамша, әлде солдатқа ескерту жасаған айқайшыл шолақ командирлер түтігіп кетті. Қамбарбек отыра берді. Сабалақ досына қайта қарады.
— Бәрін үйретіп тастаған екен десем, мына қара дәуге түк істемепсің ғой, албасты!
— Оның, рас. Бірақ, сен осыны кім деп ойлайсың?
— Кім болса о болсын.
— Жоқ, айтшы, бұл кім дейсің, сен?
— Ұры ма? Баукеспе ме?
— Жоқ.
— Жалмауыз ба?
— Жоқ.
— Растратчик пе?
— Жоқ.
— Саудагер, алыпсатар, делдал.
— Жоқ, бірі де емес.
— Өзің білесің бе?
— Білемін.
— Білсең айт.
— Жоқ сен тапшы!
— Парақор, алаяқ. Афера, афера!
— Жоқ.
— Қанішер, жанкешті, бас алғыш.
— Жоқ.
— Енді кім? Әйтеуір министр емес. Мынау бастық болуға пошымы келмейтін адам.
— Таппадың ба?
— Таппадым. Бір-ақ минут, өзіне айтқызамын. Айтпай көрсін, көкесіне көрістіріп бөркін теріс кигізіп қояйын.
Сабалақ Қамбарбекке қарай ұмтыла түсіп еді, Тас қайрақ шап беріп білектен ұстай алды.
— Ойбай, абайла, бұл цирктің палуаны.
— Оны қайдан білесің? Өзі айтты ма, жоқ сен бұрын көріп пе едің?
— Өзі айтты.
— Онда өтірік. Кім екенін қазір айтады.
Қамбарбекке жақын көп, жауырынына қолын сап өзіне қарай сілкіп қалды. Қолы қарулы екен. Иығы солқ ете түсті. Бірақ тұрған жоқ. Ендігі кезекте анау қолды желкеден салып, төмен қарай жұлқып-жұлқып тастады. Қамбарбек қопаң етіп, көтеріле берді де, жерге жүресінен отыра кетті. Сабалақ құлаттым, мысын бастым, тауын жықтым деп ойлады.
— Ал сөйле!
— Не керек саған?
Бұл Қамбарбектің Сабалаққа бірінші қойған сұрағы. Әрине, оған ұнаған жоқ.
— Мынау не керегін әлі білмей жүр ғой!
— Сен екеуін менің балам қатарлы жігіттер екенсіңдер, мені бекер мазақ қыласыңдар! Әкеңдей адаммын.
— Бізді бала етіп, өзі әке болмақ. Оны сен не ақылыңмен, не айлаңмен, не күшіңмен жеңіп алмасаң, бостан бос әкем деп танитын ашықауыз, сары ауыз балапандарды тапқан екенсің? кәрі шал! Әттең сақалың жоқ. Әйтпесе, осы сөзің үшін бір талдап жұлар едім. Әзірше мұртыңа тимеймін. Ал, мына сені біз жақсылап үйретеміз.
Сабалақ зып еткізіп Қамбарбектің құлағына шертіп жіберді. Құлағы шың ете түсті. «Бұл да болса көретін нәрсе болған соң, көріп тұрған болармын. Бірақ ол да пенде, оның да көресісі бар емес пе?» — деп ойлады да, бұл жолы шыдамдылық жасады. Бірақ сөз кезегін жібермеді.
— Әй, жігітім. Ойнар білмес бала, әкесінің сақалынан тартқылап ойнайды дегендей, бұл ойының ба, шының ба?
— Бұл әлі ойын. Қуырдақтың әкесін түйе сойғанда көресің. Түскі асқа дейін ішек-қарыныңды тазалап, жіптіктей етіп қоямын.
— Соясың ба? — деді оның сөзіне түсінгісі келіп.
— Біз қан шығармай бауыздаймыз.
— Ал қазір істе соныңды.
— Міне, битіп! — деп Сабалақ оң қолының қырын алқымға тақай бергенде Қамбарбек жоғары көтерген қолдың астынан нұқып қалды. Анау бук түсіп, шыр айналып құлап кетті. Астыңғы ернін тістеп, аунап жатыр.
— Астапыралла! Тағы бір пәле келмесе! — деп жағасын ұстады.
Тас қайрақ қайта тірілгендей боп:
— Айттым ғой, айттым. Тиіспе дедім. Бұл цирктің палуаны. Оңбайын, бұл палуан!
— Не қылған цирк? Мен жұмысшымын, жігіттер!
— Айтарсың, ақсақал. Жұмысшы емес, сен циркашсың. Цирктің ақшасын жалмап келдің ғой, мұнда. Әй, қуым ай!
— Жұдырығында тасы бар ма? — деп Сабалақ жатқан жерінен бүйірін ұстап әрең тұрды. — Қойдым. Палуан екенсің. Сен сияқтымен байқап ойнаған дұрыс. Кел, дос болайық! Өзімнен күші асқанды ғана сыйлап үйренген басым. Қолымды бермеске шарам жоқ.
Ол бір қолымен бүйірін басып, бір қолын ұсынды. Қамбарбек қолын алмады.
— Дос болмай-ақ, әшейін таныс болсақ та жетеді.
— Онда айт кім екеніңді.
— Жастарың кіші, алдымен сендер айтыңдар.
— Менің атым — Қиқым. Былайша айтса Тас қайрақ. Кілтшімін. Сейф ашам. Магазинге, кассаға түсемін. Кілтім көп. Байлығым сол. Бұл үшінші рет тұтылғаным. Мамандығым — монтер, Кейде қарап жүре алмай, өзімше, әрине басқашалау монтаждап жіберетінім бар.
— Мен бе, мен, не десем екен, айтуға да ұят. Қысқасын айтсам, бөрік құмармын. Біреудің басынан әдемі бөрік көрсем көзім жайнап, қаным қайнап кетеді. Атым — Сабалақ Әкем марқұм атымды дардай қылып, Бектөре қойыпты. Өз бөркімнің төбесі тесік. Басқалардың бөркіне құмарым күшті. Мен өзім, әшейінде төрт дөңгелекті шыр айналдырам. Шофермін.
— Дұрыс ақ жігіттер, — деп қойды Қамбарбек. — Дұрыс ақ. Екеуін де өнерлі жігіттер екенсіңдер, бөгде жүрістерің тым ұсақ па деп қалдым. Мен болсам, айттым ғой, жұмысшымын. Бір оқыс шаруа жасап қойдым да, соның жазасын тартуға келген жайым бар.
— Жұмысшы болғанда қалай, шахтермісіз?
— Ие, шахтермін.
— Ауыр қылмыс жасадыңыз ба? — деп Тас қайрақ мұның қасына келіп, бетіне қарады.
— Өте ауыр. Ес білгелі көрмеген нәрсе.
— Сонда не болғаны? Шахтаны өртедіңіз бе, әлде құлаттыңыз ба?
— Жоқ ә, шахтада нем бар? Өз үйімде болған оқиға.
— Ә, мен таптым, — деді Сабалақ қуанып кеткендей ақ. — Таптым, сіз кемпіріңізді өлтіріп келдіңіз ғой, шамасы.
— О заманда, бұ заман, қойынындағы адал жарын өлтірген адамды естімедім. Мен басқа біреуді, егесте, оқыс қимылда, атып тастадым.
— Охо, шалым! — деп Тас қайрақ ұшып тұрды.
— Өлді ме? — деді Сабалақ.
— Солай болды.
Бұдан соң ешбір әңгіме болған жоқ. Үшеуі де үнсіз ғана, әркім өз ойымен отыра берді. Сәскеде Қамбарбекті алғашқы тергеуге шақырды. Істі жүргізу Төлепберген Жолдасбековке тапсырылған екен. Екеуі бетпе-бет отырып, ұзақ сөйлесті. Тергеуші бір сөзін де қалт жібермей жазып отырды. Қамбарбек ештеңені бұқпай, бәрін де анық, бәрін де қысқа айтты. Қалған ештеңе болған жоқ. Әсіресе, Жайынбайды жұмыстан шығарғанға дейін екеуінің арасында ешбір ұғыспау, түсініспеушілік, бір-бірін жек көрушіліктің болмағанын көп ескертті. Соңында Төлепберген одан:
— Жаңа орында қалай ұйықтап тұрдыңыз? — деді.
— Шүкір, жаман емес, — дей салды ол.
— Көршілеріңіз бір бұзық жігіттер деп естідім. Сізге тиіскен жоқ па?
— Байқап көріп еді. Беттері қайтып қалды ма деймін. Жым болды.
— Қалай көніп қалды?
— Әдейі отырғызып па едіңдер?
— Ойбай, жоқ. Қайта ол бөлмеден сізді ауыстыруды сұраған едім.
— Оныңа рақмет! Бірақ, сол үйренген бөлмеде жата берейін. Өлім мен өмір арасында отырып, жайлы орын іздеп, күй таңдау қисынсыз да болар. Менің тілегім — сол бөлмеде қалдыр. Олар мені үйрете алмады. Мен үйретіп алдым.
— Тілегіңіз болсын.
XXIII
Хадишаға қарағанда қызы әлдеқайда байсалды боп шықты Бірінші басу айтқан да, ақылдылық көрсеткен де осы қыз. Баладан бір, шалдан екі айрылған әйел алғашқыда мүлде шөгіп те, жүнжіп те қалған. Қызы өз үйіне бармай, екі тәулік бойы шешесімен бірге болды. Әйтеуір шеше көңілін тауып, жұбатуды, осы бір сынды кезеңнен тағы бір өткізіп салуды көздеген-ді ол.
— Өксігіңді бас, есінді жи! Көз жасыңды көл етіп төге бергеннің неге септігі бар. Одан да сабыр ет, жасыңды тый! Сөйлесейік! — деп өтінді Нұрби шешесінен. — Сөйлесейік! Ақылдасайық мұның ақыры не болар екен, оны көрелік. Менің өз ойымша, болған іске өкіну артық. Мұндай істің алдын алған жақсы, Болдырмаса жақсы. Болған соң өкін не, өкінбе не, бәрі бір емес пе? «Өткен іске өкінбе» деп үйреткен өзің едің ғой, апажан! Жалынамын, енді қой. Өзіңді-өзің қажыта берме! Қайта берік бол! Дос та бар, дұшпан да бар бізде. Берік болсаң дос сүйсінеді, дұшпан күйінеді.
Хадиша Нұрбиді құшақтап одан бетер жылады.
— Жаным ау, мен сені әлі бала деп жүрсем, есің кіріп, адам боп қапсын,. Ақылыңнан айналайын! Маңдайымдағы жалғызым, күнім де, айым де сен! Енді менде сенен басқа қарайлайтын, қара тұтатын ештеңе қалған жоқ. Көз алдымда көлбеңдеп сен жүрмесең, маған енді жарық көріп, жанмын деп өмір кешудің қажеті қанша? Айналайын, сен жылама десең енді жыламай-ақ қояйын. Бірақ, біз екеумізді құдай жұрдай етіп, жан-жақтан тонауын тонады ғой. Соншалықты жазалайтын біз құдайдың ала тайын алдап сойып па едік?
Тағы да бір дауыс сап, өкси өкси жылап алды да, қызын бауырына басып, құшақтады, сүйді. Аналық ыстық жүрегімен егіле сүйді. Одан соң бір сәт мауқын басқандай боп, күрсіне күрсіне дем алып, көп отырды. Қызы шелектен салқын су, алдына шылапшын тосып, беті-қолын жуғызды. Бұдан кейін де екеуі біраз үнсіз отырды. Әлден уақта Нұрби:
— Апа, бұл үйде жалғыз тұру саған қиын. Ауру-сырқатың болса тағы бар. Менімен бірге тұрасың! Ертең машина әкеп көшіріп әкетсем деймін.
Хадиша шошып кеткендей селт етіп, қызына қарады:
— Ойбай, Қамбарбектің қара шаңырағын қаңсытып, далаға тастап кетемін бе, атама, жаным, атама! Ел бар, жұрт бар, әлгі өзің айтқандай дос бар, дұшпан бар. Басқасына көнсем де, қисық шалдың қара шаңырағын қаңсытып, ай далаға аңыратып тастап кете алмаймын. Өлсем осы шаңырақтың астында, мынау сорлы әкеңнің мекенінде тұрып өлем. Жақсы тұрмыс, бақ-дәулет іздейтін уақыттан мен өттім. Осы үйдің табалдырығын аттап, мен енді осы ошақтың басына иелердің бірімін дегенде, ертең басыма қиын күн туған күні тастап кетемін деп келгенім жоқ, қайта не көрсем де осы үйде көремін ақ деп бел шешіп келгенмін. Ондайыңды атама!
— Жалғызілікті болып, тіршілік ету қиын болады ғой саған. Мен саған алаңдап, сен маған қарайлап, екеуміз екі жақта жүргенше бірге болайық дегенім ғой. Әлі де болса ойлан!
— Ойланатыным жоқ, құлыным!
— Көкем келгенше дегенім ғой.
— Көкең бұдан қайта ма, жоқ, па? Оны кім біліпті.
— Қайтады. Күтіп аламыз.
— Үмітсіз шайтан болсын.
— Келістік пе?
— Жоқ, оны атама!
— Неге олай дейсіз?
— Неге олайын айтпадым ба саған? Құлыным ау, мен саған шынымды, кәдімгі көкейімдегіні айтсам, маған Қамбарбектің өзін жоғалтудан көрі оның ошағының басын көзім тіріде тастап кету әлдеқайда, әлдеқайда қиын, жаным! Сендерді, кейінгі жастарды білмеймін. Бізге осылай төлім берген ата-анамыз. Құдай ма, адам ба, әзәзіл ме, әйтеуір бірдеңе себеп болып күйеуге шықтың. Менің саған да айтарым сол — енді сол үйдің босағасынан, жаман айтпай жақсы жоқ, тек өлігін ғана шығатын болсын. Мені де қозғама!
Нұрби шешесінде де нақ әкесі тәрізді ожарлық, бір беттілік барын бүгін ғана ұғып, өзі де аң-таң боп қалды. «Ерлі-зайыпты адамдар көп жылдар тату-тәтті тұрғаннан кейін бір-біріне мінез-құлқы ғана емес, түрі де ұқсап кетеді» дегенді естіген еді. Нақ осы жерде сол естуін есіне алып, рас па екен деп қалды. Сөйте тұрып, «неге олай» дегендей, ол шешесіне сұрақты жүзбен мұңая қарады. Өзінің қажып та, жасып та отырғанына қарамай, бұл кішкене қара кемпірдің бойына мұншалық күш, қайрат, тіпті қайсарлық қайдан келген?
— Мен сенің, маңдайының соры бес елі әкеңе тек қана жар болу үшін емес, оның сорын да, ырысын да, қайғысын да бөлісуге, соны бірге көтеруге, көтерісуге келгенмін. Ол абақтыда көзі бақырайып жатқанда мен сенің үйінде, қос-қабат көрпенің үстінде, қою шайды үрлеп ішіп, рақатқа батып отырады екенмін? Жоқ, құлыным, оным болмайды. Басқаны былай қойғанда оның мына жатқан серігі Ақтөсті не қылам, қайда тастап кетем?
Аты аталған кезде басын көтеріп, мұңды жүзді екі әйелдің отырысына бір қарап қойды да, тазы қайта жатты. Нұрби тазының басын көтергенін байқап қап, назар салып еді, қабағы тым қатыңқы, көңілсіз екен. Ит екеш ит те осы үйдің ішіндегі ауыр оқиғаны сезген, түйген тәрізді. Бірақ, бұл да қайсарлыққа салып, ожарлана түсіп, бәрінің соңын, ақырын күткендей сабырлы екен. Оның балалығы болса да, шешесіне назы болса да, тіпті бар білгені осы болса да:
— Апа, апатай ау, мені ең болмаса көкемнің тазысы құрлы көрмейсің бе? — деп салған.
Бірақ Хадиша бұл жерде де сүрінген жоқ.
— Ой, балам ай, құлыным ай, мәселеге түсінбедің білем. Нақ қазір мен кімнен кімді жақсы көретінімді салыстырып отырмын ба? Мен басыма ақ жаулық салған, шашым ұзын, ақ шашты әйел болсам да еркектің намысын қорғап отырмын. Байқап па, байқамай ма, әйтеуір оңбастай боп бір жығылған сорлыны, жығылған үстіне жұдырық деп тағы бір жыққым келмей отыр. Қара шалдың қара шаңырағы менің ендігі жасыма жетіп жатыр. Одан да келіп жүр. Сырттан қарайлап көз қырын сал! Шамам келсе өзім де барып тұрамын. Мені қинама, мына жерден қозғаймын деп іштегі жараны түрткілеп алма. Сенің білімін бар, оқығаның барын білетінмін. Ал ақылың барын енді ұқтым. Адам болу, ел санына қосылуды ойлаңдар. Дүниенің бір азабы қатардан қалу деп әлгі бейбақ әкең баласына екі сөзінің бірінде айтатын. Ол бекер сөз емес.
Нұрбидің мөлдіреген, оты мол қара көзіне қарап, өзінің жас кезіндегі суретін көргендей боп біраз отырған. Нақ өзі, аузынан түскендей. Көзі қап-қара тұнық. Үлкен де емес, кіші де емес, әдемі ғана қияқты, қарлығаштың қанаты тәрізді қасы бар. Бетінде мін жоқ, әжімсіз. Көп қою қара шашы самайдан төгіліп, құлағын жауыпты. Қыр мұрынды. Ерні сәл ғана томпақтау. Ешбір бояусыз ақ қып-қызыл боп, жас сәбидің ерініңдей үлбіреп тұр. Көптен бері ұйқысы шала боп, шешесінің қасында, соның қайғы мұңына, әке бейнетіне күйінгеннен болса керек, көзінің алды сәл ғана, болар-болмас дөңгелектеніп қалыпты. Оның аса сұлу болмаса да, өте сүйкімді өңіне шешесінің өзі мейіріммен, сүйіспендікпен қарады. Қарай-қарай сүйсініп қана қойған жоқ, сонау қыз болып, елдің көзіне, жігіттердің көзіне түсе бастаған кездегі өзін көргендей болғаны рас. Содан да болар, қара кемпірдің еріндері күбірлеп, өзінше іштей мінажат етті. «Тіл аузым тасқа, көз алдымда селбеңдеп қалған осы ғой. Шалды күткенде де осы қызымды қара тұтып күтемін де... Көрсеткеніне шүкірлік етсем, мұны қалдырғанына да шүкір етемін».
Хадиша осы сарынмен едәуір ойлады да, ақырында қызына тағы да бір шынын айтты.
— Бәрі бір, сенің үйіңе барып тұрмағаным болмаса, сырттай болса да сенен басқа қара тұтарым жоқ.
Бірақ, сен енді қайтып ол сөзді айтып, мені қинама! Сендердің замандарыңа, салттарыңа онша келмесе де айтайын: бөтен үйдің есігін аттаған қыз бала енді осы үйдің түндігінен қараңғы түскен күні өз үйіме қайтып кетемін деп келмейді. Қайта осы үйдегілердің басына не түссе, соның бәрін солармен бірге көтеремін деп келеді. Мен түгіл, ақылы болса мынау жатқан тазы екеш тазы да бөтен үйге барып, нақ осындағыдай өмір кеше алмайды. Дүниеде не жаман, «қайта шапқан жау жаман, қайта келген қыз жаман» деуші еді әке-шешеміз. Сөйтіп, қайта келген қызды қайталап шапқан жаумен теңейтін. Сол сипатты, баласыздықтан, байсыздықтан қызының қолына кіріп күн көрген не кемпірді, не шалды біз әлі көрмей өскенбіз. Көңіліңе келмесін, қызым, бізде мұндай да салт бар. Естимін, қазір үлкен қалаларда, анау Алматы мен Шымкентте көптеген шал-кемпірлер бұрыннан өзіміз білетіндері де бар балаларының қолында емес, қыздарының қолында тұрады деп. Бұл рас па?
— Расы сол, қазір бәрі солай.
— Солай бола берсін. Мен оның неге олай болғанына баға бере алмаймын. Күні кеше ата-анасының қызының қолында, күйеу баласының қолында тұруы әйтеуір зор айып еді.
— Өйткені сіздер қыз балаларды жат санадыңыздар.
— Содан ғана ма екен?
— Содан. Жаттың қолына барып тұру да жат болған.
— Болса болар! — деді де, Хадиша тазыға тамақ бермек боп түрегеп, ас үйге шықты. Оның нақ осы кезде ас үйге неге шыққанын білгендей-ақ Ақтөс те түрегеп, бір-екі рет керілді де, кемпірдің соңынан ас үйге кетті. Нұрбидің көз алдына ауыр бір сурет келді. Мынау екеуі, әкесі, ағасы бар кездегі, өзі де осы үйде тұрған сәби кезіндегі көңілді шақтың қайда кеткенін есіне қайта түсірді. Сол шақтың әдемі күлкісі енді міне ауыр күрсініске айналған тәрізді ау. Мына Ақтөстің өзі қабысқан іші, салбыраған құлағы, мұңды көзі, иесін аңсаған, Қамбарбекті жоқтаған салыңқы кейпімен ақ, Нұрбиге көңілсіз ойлар туғызған еді. Өмір деген қызық. Қалыпты күйі жоқ. Ол үнемі өзгере береді. Кешегі қызық бүгін таңсық болмайды. Өткендегі жаңалық қазір ескі. Бірақ оның шешесі бәрін бұрынғыша ойлап, бұрынғыша түйеді. Ескінің жаңарғаны, немесе, жоғалғаны оның ойында жоқ. Қыз қазір бұрынғыдай жат жұрт саналмайды. Ол да бала. Оның, туыстығы ешкімнен кем емес. Осы жайды ұқса да ұқпаған боп, Хадиша қасарып отыр. Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген. Екеуінің мінезі бір-біріне ұқсап кетіпті. Намысқа басып, ар сақтап, қасарып қалған. Оның бұл шақтағы мінезі құдды әкесі. Қыз қолына барып тұрғанды намыс көреді. Баласынан, одан соң шалынан ажыраған соң байғұс кемпір амалсыз қызының қолына барып паналапты дегенді өлімнен де күшті санап отыр. Жанына жағары, өзіне ұнары сол болса қалай көндіремін деген ой аз қинаған жоқ.
Нұрби шешесімен қоштасып үйіне қайтқанда осындай ауыр ойды арқалап ала кеткен.
Хадиша үйінде жалғыз қалды. Өзінің қызымен сөйлескен әңгімесін есіне түсіріп, бәрін бастан-аяқ ойлап шықты. Өз ойына берік бекінген екен. «Не де болса, осы шаңырақ астында көресімді көріп-ақ, не болса да көніп-ақ кетейінші. Мынау жарық дүниеде қасірет көрген, мұң басқан, қайғы жұтқан жалғыз мен бе екенмін? Рас, қыз да балам. Қолына барып тұрсам ешқандай қорлығы да жоқ. Әркімнің теріп жер өз наны, өз тұз-дәмі бар. Маған тиген үлес осы болса, қашып құтыламын, жоқ бұдан оңды табамын деп басымды тауға тасқа соғатын жас адам болсам екен. Маған не керек, не жетпейді?»
Ол осы ойға бекінді. Ертең сот болғанда да жылап-сықтап, осалдық көрсетпей, сабырмен тыңдап, несі болса да шыдауға бел байлады. Нұрби де айтты. «Өткен іске өкіну әбес» деп үйреткен осы қара кемпірдің өзі.
Нұрби екі күн өтіп, үшінші күні қайта соқты. Бірақ жақсы хабар әкелмеген. Бірінші хабар аудандық комитеттің бюросында Қойшыбайды қызметінен босатыпты. Себебі айтпаса да түсінікті. Екінші хабар, енді екі-үш күнде Қамбарбекке сот болады. Осыларды айта отырып қызы шешесіне:
— Мықты да берік екеніңізді енді көрсетіңіз! — деді.
— Өзім де ойлап-ойлап бекіндім. Өлгім де келмейді. Балам мен шалымды күтем. Мен тастай қатты, емендей берікпін. Сен өзіне сақ бол!
Нұрби таңданса да үндемеді. Шалын күткені күткен, қолында қара қағазы тұрып, баласын күткеніне жол болсын, қайдан күтпек? Мұны ол қандай үмітке, неге арқаланып айтты екен? Шешесін аяды. Сұрау берген жоқ.
Қызы мен шешесінің келісімі осы болған. Айтылған күнінде сот басталған. Ұзаққа созылмады. Бас-аяғы жарты күнде бітті. Қарсыласып, сөз таластырушы болған жоқ. Керек десе, Қамбарбек өзіне қорғаушы алудан да бас тартқан. «Қорғаушыны не деп алам? Адам өлтіргенім жоқ, мені содан қорға деймін бе? Маған ешқандай қорғаушының артымнан іздеу салушының қажеті жоқ» деп ол кесіп айтқан. Төлепберген өзінше кеңесші боп:
— Ақсақал, өзіңізге қорғаушы алыңыз! Ол заңды болады. Ертең сіздің артыңыздан іздеу сап, істі жеңілдетуге де себептігі тиеді.
Қой, қалқам, Қамбарбек адам өлтіргенімен тұрмай, одан себеп, қорғаушы іздеп, адвокат жалдап, құтылып кетуге әрекет етіпті деген лақаптың өзі жаман. Мені азғырма! Мына жарық дүниеде бір адамға бір рет мықтап шатасудың өзі жетеді. Екіншісі артық. Заңы солай да, мен қорғаушы алудан бас тартамын.
Ол осы сөзін сот мәжілісі басталған бойда берілген сұраққа, сот председателінің:
Айыпкер Жаппарқұлов, сіз неге өзіңізге қорғаушы алудан бас тарттыңыз? — деген сұрауына ол асықпай-саспай, түрегеп тұрды да:
— Жасаған қылмысыма қарап, қорғануды мүлде артық санаймын.
— Айыпкер Жаппарқұлов Қамбарбек, қорғаушы алуды өлі де болса ойлаңыз.
Қорғаушы алу жайлы ойлауды мүлде артық, деп санаймын.
— Онда сөзді айыптаушы аудандық прокурорға берем!
Айыптаушы едәуір сөйледі. Ол мәселені сонау басынан, соғыс кезінде Жайынбай мен Қамбарбектің бірге, бір бригадада жұмыс істегенін, соғыстан кейін де жұмыстас болғанын баяндай келіп, соңғы кезде Жайынбайдың бұған мүлде ұнамай кеткенін айтты. Мұны ақыры бригада мүшелерімен қосыла отырып, Жайынбай үстінен комбинат директорына, шахта бастығына рапорт жазылған. Ол рапортқа бригадир Жаппарқұлов Қамбарбек қол қойған. Осыдан кейін Жайынбайдың бригада мүшелеріне, әсіресе бригадир Жаппарқұловқа өшігуі басталған. Айыпкер Жаппарқұловтың өз айтуынша Жайынбай оның үйіне бес рет келіп, пышақпен қорқытып «өлтіремін», «бауыздаймын» «далаға шық» деген қорқынышты, үрей туғызатын сөздер айтқан. Бірақ, айыпкер Жаппарқұловтың бұл айтқандарын растайтын дәлелді документтері, жасалған акт, белгілі куәлар жоқ. Бірақ, осы қақтығыс үстінде, азамат Жайынбайдың өлігінің айыпкер Жаппарқұловтың нақ есігінің алдынан алынуы оның осы үйге ішіп алып, қызу үстінде келгенін, пышақ көрсетіп үрейлендіргенін растайды. Дәрігерлер оның едәуір ішкенін, мас екенін растады. Сонымен қатар көршілерінің айтуынша ұзындығы он тоғыз сантиметрдей селебе пышақ та азамат Жайынбайдың үйінікі екені де анықталды...
Бұдан соң айыптау қорытындысы оқылды. Он жыл сұрапты.
Бұл екеуінен кейін сот мәжілісінің председателі айыпкерге бірнеше сұрақтар берді:
— Айыпкер Жаппарқұлов Қамбарбек, сіз айыптау қорытындысында, айыптаушының сөзінде өзіңізге қойылған айыптар жөнінде айтарыңыз, қосып-аларыңыз жоқ па?
— Тағылған айыптарға ешбір қосып аларым, мына жері артық деп қарсы айтарым жоқ. Тек қана Жайынбайдың менің үйіме бес рет келгені жайлы анықталмаған тәрізді. Солай болса болсын, бірақ мен милиция бөліміне әлденеше рет барған және арыз жазып, қол қойған едім. Сол арызым мынау іске қоса тігілсе екен деп өтінемін.
«Мына кісінің заңнан да хабары бар ғой. Әлде біреу бұған үйретті ме екен» деп Төлепберген елең ете қалды.
— Ондай арыз милиция бөлімінде сақталған. Оны іске тігуге әбден болады, — деді айыптаушы.
— Бұдан басқасын түгел мойындайсыз ба?
— Мойындаймын.
— Тағы қандай өтінішіңіз бар?
— Ешқандай өтінішім жоқ. Тек қана аздаған өкінішім бар.
— Айтыңыз, айыпкер Жаппарқұлов.
— Менің өкінішім сол. Мен алғаш мылтық атқан кезде біздің үйге қарсы қараған бұрыштан біреу қараң етіп, орталыққа қарай жүгіре жөнелді. Менің ойымша сол Жайынбаймен бірге келген адам. Менің өкінішім сол адамның кім екенін анық біле алмағаным.
— Сіздіңше, оны кім деп ойлайсыз?
— Білген болсам, оны өзім ақ айтпаймын ба?
— Кім екенін білмесеңіз, ешбір күдігіңіз болмаса, оны неге айттыңыз?
— Менің өз пайымдауымша Жайынбай біздің жаққа жалғыз келген жоқ. Оны мас болған кезінде әдейі маған қарсы айдап сап жүрген адам бар. Менің өкінішім сол, оның серігінің кім екенін біле алмадым. Сіздер анықтай алмадыңыздар.
— Серігінің кім екенін білетін бір-ақ адам бар еді. Оны сіз атып тастадыңыз, Енді оны кім айтады? — деп сот мәжілісінің председателі күмілжіп барып тоқтады.
— Тағы не айтасыз, айыпкер Жаппарқұлов?
— Болдым, айтарым жоқ.
— Ешбір айтарыңыз жоқ болса, сот мәжіліс құруға кетті! — деп жоғарыда отырғандар түрегеп, басқа бөлмеге кетті.
Залдан айыпкерді де басқа бөлмеге алып кетті. Залдағылар онша көп емес екен. Мынадай бұрынды-соңды бұл өңірде болмаған істі тамаша санап, қызықтаушы.аз болған. Келгендер Жайынбайдың төрт-бес туысы мен Қамбарбектің қызы, әйелі, күйеу баласы, бригадада бірге істейтін жеті-сегіз шахтер. Бұлар өзара күбір-күбір әңгіме айтқан. Екі жаққа да бірдей ет жақындар ғана үнсіз отыр. Сот құрамы қайта оралғанша сыбырласа сөйлескендердің сөзі Хадиша құлағына еміс-еміс жетіп жатты.
— Он жыл берсе, жақсы ғой, аз ғой.
— Мен ататын шығар деп едім.
— Мұндайды атуға болмайды.
— Неге?
— Мынау өлген адам өзі барып тиіскен. Өлтірмек болған.
— Атпаса атпасын, бірақ аз емес пе?
— Қайта көп пе деймін.
— Бұл бейбақ, биыл елуге келді.
— Несі бар, алпысқа, пенсия жасында қайтып келеді.
Қамбарбекті алып кірді.
Сот мәжілісінің хатшысы айтқан:
— Орындарыңнан тұрыңдар, сот келе жатыр! — деген сөз естілді.
Жұрт қалт тұрып, жым бола қалды. Сот мәжілісі председателінің дауысы дара шықты. Айыпкер Жаппарқұлов Қамбарбекке тағылған айып, бастан-аяқ түгелдей оқылды да, соңында жеті жылға сотталғаны айтылды.
Мәжіліс тарады. Жұрт дабыр дабыр сөйлесіп үйді-үйіне қайтты.
Былай шыға беріп, Хадиша қызы мен күйеу баласына:
— Құдай ақы шыным, мен шалымды атып тастайтын шығар, ең болмаса көмуге өлігін бермес пе екен деп уайымдап келдім, жандарым ау, мыналары жуда жақсы ғой. Заңға ризамын. Әділ екен. Мен бейбақ мұндай екенін қайдан білгенмін. Қанға қан, жанға жан деп, баяғыша сандалып жүр екенмін ғой, балаларым ау! Шал тірі қалды. Қайда жүрсе де тірлігін біліп жүрсем, өзім өлгенше сол да жетеді, — деді. Ол көзін жаулығының шетімен қайта-қайта сүртіп, залдан шыққан соң, тек қуаныштан ғана жылады. Онысын өзі де жасыра алмады, — бәріне шыдап-ақ отырып едім. Солай деп бекінгенмін де. Жұрт көзін ала беріп, қуанғанымнан, шалдың оқтан аман қалғанына қуанып жыладым.
Хадиша сөзін басқалар үнсіз тыңдады. Ал, Жайынбай жағы өкімге риза болған жоқ. Біреулері сот залынан шықпай жатып, даусын көтеріп:
— Бұл не екім? Адамды атып өлтірген адамға жегі жыл бергені несі... Жеті жыл деген не, жеті айдай боп өте шығады. Мұны аяқсыз қалдыруға болмайды. Жоғары жаққа жазып жіберсе, сотыңды да, прокурорыңды да быт-шыт қылады.
— Онда мұны жазған дұрыс.
— Жазамыз, несі бар.
— Бұл бізге намыс қой.
— Сот та, прокурор да, тергеуші де ашпаған, айтпаған бір мәселе бар. Соны айтып жіберсе, арызда, бұлардың әкесін танытады.
— Ол не?
— Мен білемін! — деп ақсұр келіншек Әйкен сап ете қалды, — ол ма, ол, егер білгің келсе мынау, Жайынбайдың әйелі Айна, қазір жесір қалған Айна, Қамбарбек қара шалдың соғыста өлген баласы Бекзатқа айттырып қойған қалыңдығы болатын. Соны Жайынбай алды. Ар жағы ясное дело. Қамбарбек баласының қалыңдығын, өзінің жесірін алған адамды қуғындап, ақыры оны өшіктіріп, есебін тауып атып тастаған. Міне, осыны айтсаң, ар жағы өзінен-өзі кетіп жатыр.
— Апыр-ай, келінжан ай, ер боп неге тумадың екен? Тұрған бойыңның бәрі ақыл ғой... Мынау кімді де болса қатырып жіберетін факт. Мұны тергеу кезінде, немесе әлгі сотта неге ауызға салып жібермедің? Қап, айтып салғанда, бәрінің абыройы айрандай төгілетін еді.
— Мә, саған, қайнаға, сізді де бірдеңе біледі екен десем? Тергеуде айтсаң не соттың өзінде айтсаң, ісі бірден түзеліп, заң жолына түсіп кетеді.ғой. Маған керегі жұртты ғана емес, сол заңқойлардың өзін оңды-солды шатастыру.
— Мынау да ақыл екен.
— Ие, олай болмағанда ше. Бәрі ішімде қайнап, көкірегімде сайрап тұрды емес пе? Бірақ ләм деп ауыз ашпадым. Ертең төбелерінен найжағай тастағым келді. Мен айттым, енді сен таста сол найжағайды. Осыдан арыз жазбай көр, өзім жазып бәріңді әшкерелеймін. Екіншісі тағы бар.
— Оның не тағы?
— Мұның күйеу баласын әшейін басқаға көз қылып, уақытша босатып отыр. Мына сотты осындай қып өткізу үшін ғана алған. Бұл ертең-ақ бұдан да үлкен қызмет алып шыға келеді. Мынау сот-мот, прокурор-трокурор дегендер, әйтпесе соның бірге жүретін, ымы-жымы бір, бірге ішетін, карта ойнайтын достары емес пе?
— Оны сен білесің, мен қайдан білемін! — деп дудар бас қайнысы намыстанып қалды. Өйткені магазин ұстаған кезде осы келіншек хатшы жігітпен әуейі бопты дегенді жұртшылық көп айтқан. Оны бұл сабаздың өзі де естіген. Хатшыны айтқанда сол сөз есіне түсе кетті де, өзінше қыңырайып қалды. — Хатшы жағын жазуды саған қалдырдым.
— Бетім ау, ол не болғаны? Намыс бар ма өзіңде?
— Намысқой болсаң сені алмай, Қамбарбектің қызын алғанына намыстан да, сен жаз үстінен арызды.
— Бетім ау, енді не дейін? Онысы несі ай? Сорлы неме ау, мен онымен шын жақын болсам арыз жаз, оны құрт деймін бе? «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деп жүре бермеймін бе? Намыссыз, жасық неме. Не жақынның намысын, арын қорғап, қанын жоқтай алмайды. Не қойнында жатқан қатынының ақ қарасына көзін жеткізе алмайды. Әлдекімнің намыссыз туған бейбақтары, ас ішіп, аяқ босатар көк төбеттері. Адамды сонша қорлап, осынша ашындырып.
Қайнысы булығып сөйлей алмай жеңгесіне қарай жұдырығын ала жүгірді. Әйкен дір-дір қаққан есіктей кен де, көтеріңкі де кеудесін оның алдына тосып тұра қалды да:
— Мә, мә, ұр! Мә, ұр деймін, құдайдан қорықпасаң, адамнан ұялмасаң ұрып көр. Ағаңның қаны үшін Қамбарбекке жұмсай алмаған жұдырығыңды жазықсыз қатынға жұмса... Пышақ сал маған, ел көрсін ерлігіңді.
Қатыннан басқаға әлі жетпейтін жетесіздер деп таратайын дүйім жұртқа.
— Тфу! Жүзі қара, бетбақ екенсің! — деп ол бұрылып жүре берді.
Мынау үстемдік алды. Әбден езбей мойыннан түспейін дегендей ақ, қайта тиісті.
— Осы заманның еркектері намыссыз, миғұла боп кеткен, арақтан әбден ессізденген, меңдуана шайнап, есек миын жегендер. Бірде біріңде ар, намыс жоқ. Ең болмаса қойнында жатқан қатындарын қорғап, ашылған етегін жабудың орнына өздері қосыла ашады. Қара мұның білгірін, намысшылын! Сенің жеңген сондай десе, қан болғанша жатып төбелесудің орнына өзі мені батпаққа батырып келеді. Намыс қайда?
— Қойсаңшы енді! — деп жайлау айтып еді.
Мынау одан сайын өршіп кетті.
— Езуімді қышытып, аузымды қыздырып, әбден сөйлетіп алдың да, енді мәймөңкелей қалдың ба? Сендердің еркек екеніне шегім бар.
Қайнысы тарпа ұмтылды. Сұқсырдай ақ сұр келіншек бұлт етіп, бұрыла берді де, төңкерген қазандай жуан бөксесін тосып:
— Ал, кәне, еркек болсаң, соқ! — деп тұра қалды.
Жігіт шындап-ақ ұмтыла беріп еді, қасындағы біреу шап беріп, білегінен ұстай алды.
— Көшеде, жұрттың көзінше, бұл не қылған бейбастақтық? — деді әлгі қолын ұстаған адам.
— Ең болмаса қатын ұрып көрмеген көргенсіз, есектер, көшеде әдейі көрсін, жұрт көрсін деп ұрады. Қоя берші, қайнаға, ұрсын, ұрып та бір құмардан шықсын ініңіз? Адамның езуін қышытып, тілін қыздырады түге, әйел ұрмаса мұндайлардың еркек екенін кім біледі?
— Ә, құдай, қу құдай, мен мына қатыннан естідім өз әйелімнен естімеген едім. Қоя берші, өзің бір жайғайын!
— Жауыңды жайғансың да, енді қатын қапты ма, жетесіз! — деп Әйкен шай көйлегі көлеңдей алға түсе берді. Көшеде ұрыс шығарып масқара болдық ау, бұрын сыр мінез емес, қайын қайнаға, абысын-ажын алдында сыр алдырдық ау дейтін ол жоқ,Қайта осы келе жатқан еркек кіндіктердің бәріне тиетіндей шайпау, бейсауат, былапыт сөздер айтты. Мұнда үлкен-кіші бар екен-ау демеген.
Сырттан бақылап жүрген жақын қайнағаның бірі, қазір ара түсіп келе жатқан домалақ қара шал өзінше тон пішіп ініміз Жарбек әйелге жарыған екен-ау. Түр десең түр, кеуде десең кеуде бар. Өзі мал тапқыш көрінеді. Дәу де болса, бұл қатын талайды жарылқайды. Адам етеді, ел қатарына қосады. Жарайды келін!» деп ойлайтын. Сол бір жақсы ойдың ыстығына суық су құйғандай қайнағасы не дерін білмей, іштей мұжылып, тіпті пұшайман боп қалды. Әлден уақта барып:
— О, тоба, мұныңа да шүкір. «Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме» деген рас екен-ау! Қайнысын ғана емес, мына келін бәрімізді байқасам етіп, жерлеп тастады ғой. Қатынның теңдік алғаны, еркекпен бірдей болғаны рас, бірақ, намысқа тисін, ерді қорласын демеген шығар. Келін, сенің мұның бекер. Ердің намысын өйтіп аяққа басуға болмайды. Заң сен жағыңда болғанмен, бір мезгіл құдайдан, адамнан қорық. Ердің аты ер ғой. Ерді қорлаған әйел ердің құзырына ұшырайды.
Әйкен қайнағасының сөзін бөліп, аяғын айттырмай-ақ.
— Қайнаға, тым намысшыл екенсіз. Оны да көрерміз. Немесе, сіз өзіңіз молдасыз ба?
— Шаптықпа, келін, молдалығым жоқ. Оны қайтейін деп едің?
— Әшейін ғой, еркектің құзырымен қорқытқаныңызға қарап айтамын.
— Ие, келін, ұялған дұрыс. Ең болмағанда еркектің құзырын сыйлап, құзырынан қорыққан дұрыс. Ерді ер деп таныған әйел ақылсыз болмайды.
— Қайнаға, құзыр құзыр дейсіз. Менің бір сауалым бар.
— Қайбір дені сау сауал дейсіз? — деп өл күбір еткенше болған жоқ.
— Менің түсінуім бойынша «Құзыр» — «кие» ғой. Білсеңіз айтыңыз, сіздіңше қалай, әйелдің құзыры, киесі жоқ деп ойлайсыз ба?
Домалақ қара шал үндемеді.
Бұлар үйді-үйіне айрылысар жерге жетті. Әркім өз ошағының басына қарай бұрылды. Келіншек булығып-ақ, долылығы ұстап, арқасы құрыстар, сіркесі су көтермей келе жатқан екен. Өз үйінің табалдырығын аттай беріп, көз жасымен долданып:
— Еркек мысықтың бәрі ақымақ, бәрі идиот! Өздерінің ақымақтығына қарамай, өзгені де ақымақ көреді. Қолдарынан ештеңе келмеген соң, беттері бүлк етпестен, құдай-ау, қайдағы жоқ, еркектің құзырымен, аруағымен, ер атағымен қорқытпақ болады. Тапқан екен ақымақтар ақымақты. Ондай құзырдың барынан жоғы... Сыйлауға тұратын еркек болса, біз де ақымақ емеспіз...
Әйкен төсегінде дөңбекшіп, аунай түсті де, еркектерді жақсылап сыбап шықты. Соңында оған қоса тағы да былай деді:
— Оңған еркек болса, құзыр – мұзырсыз ақ ештеңеден қорықпай-ақ білеміз қалай сыйлауды...
XXIV
Қамбарбек айдалудан бір күн бұрын қызымен кездесіп едәуір сөйлескен. Алғашқыдан да өзін тым мықты ұстады. Бәрін ойлап, кесіп-пішіп тастаған тәрізді. Өзін тіпті әдеттегі, үйдегі қалпынан да жайдары көрсеткісі келді ме, Нұрбидің алдынан күліп шықты. Қолын алыстан созып, баласын бауырына тартып, маңдайынан сүйді.
— Келгенің өте жақсы болды. Өзім де сезгендей, келіп қалар деп, елеңдеп отыр едім. Мәселе анықталды. Ертең бұл жерден алып кететін көрінеді. Соған өзім де қатты риза болып отырмын.
Нұрби әкесінің бетіне аң-таң боп, сұраулы қарады. Оның көзінен «бұл жерден алысқа алып кеткеннің несі жақсы, оған несіне қуанасыз» деген сөзді әке анық көрді. Ол осы күдікті сауалдың жауабын тез беруге асықты білем. Қызын сонау бір жас кезіндегідей кекілінен сипап, бетіне күлімсіреп қарады:
— Апаңа да түсіндіріп айт. Бұл арада бостан-босқа жатқаннан гөрі, алысқа барған жақсы дейді осындағылар. Еркіндікке шығасың, жұмыс істетеді дейді. Жазаның ең ауыры қуыс үйдің ішінде қолыңды қайда қоярды білмей, сазарып, қарап отыру ғой. Ол-ол болса, өзімнің ойлағаным тағы бар. Мына жерден алысырақ кетсем біраз нәрсе ұмыт болып, көңілде қалса да, көзден кете ме деймін. Тағы да, сендерді жақын жерден күн сайын мазалай бермей, амандық-саулықтарыңды алыстан естіп жатсам да болады ғой. Бұл сендерге де, маған да жақсы.
Әкесі соншалық салқындықпен, жай ғана баяндаған айдалу, алысқа кету мәселесіне бұл өзінше басқаша қараса керек, әңгімені аяғына дейін айтқызбай, ортадан бөлді:
— Басқа жақ болғанда, қайда жібереді екен? Оны сізге айтты ма?
— Қайда жіберсе де бәрібір емес пе? Шет жұрт болмас. Әйтеуір осы Советтің мол жерінің бірі шығар. Бір білгіштер айтады, нақ осы Хантағы, Ащысай тәрізді кен шығатын, оның ішінде қорғасын шығатын жерлерге жібереді. Онда да осындағыдай шахтер боласың дейді. Кім біледі, сол айтқандай болса, маған онша жаман болмас деп ойлаймын.
Ол аузына келіп қалған бір сөздерді жалма-жан бөгеп те қойды. «Қайда барсам да илейтінім бір терінің пұшпағы болса, ол теріні қайда барып илесем де бәрібір емес пе?» деген сөз еді. Мұны ол екі себеппен айтпады. «Бірі болса, Нұрби бұған түсінбес деді, екіншісі, алысқа кетсем де өз баламды өзіме жат ете бермейін». деген ой еді. Осы кезде қызы да әкеге сауалды қараған. Оның өңінен: «Немене, бізге мүлде жат болып кетпексің бе» дегендей, айтылмаған сөзді көрген.
— Құдайға шүкір, менің бағыма сен өстің ғой, жетілдің, жеттің ғой, шешең сенің арқаңда қор бола қоймас. Маған үлкен медеу осы.
Қыздың да әкеден қымтыған бір ойы бар-ды. Ол шешесінің мұның қолына барып тұрғысы келмеген жайы еді. Соны әкеге шағым етіп айтып, ертең қоштасар кезде оған айтса, сен адаспа да, алжаспа да, Жаппарқұлдың қара шаңырағында тұрған, сонау айтқандай асып бара жатқан қасиет жоқ. Егер керек болса, ол шаңырақ деген аты ғана. Әйтпесе, ол шаңырақтың, кәдімгі шын шаңырақтың қайда қалғанын, керек десе, Қамбарбектің өзі де жөнді білмейді. Міне, осыларды айта көп, Қамбарбек Хадишаға: «Сен қызыңның, күйеу баланның қолына барып сағалай түр» десе ғой. Нұрбидің ойлауынша бұл шал оны айтпайды. Олай болса шешесінің сөзін бұған жеткізіп әуре болғысы келмеді. Әке шаңырағы десе бұл әкенің де қасара қалатынын бұл да өзінше сезген. Содан да ол өз ойын айтпады. Әке алысқа кеткен соң шешесін айтқаныма көндірем деп ойлады. Ал, ойын қазір айтса, әкесі Хадиша ойын тірілтіп, өз ошағыңды түтіндетіп отыр деп шегелеп те тастауы мүмкін. Сонда да болса ол осы ойын онша бүге алмады:
— Мені медеу тұтқаныңыз дұрыс. Егер біз бұл жерден басқа жерге ауыссақ, апамды өзімізбен бірге ала кетуге рұқсат етесіз ғой.
— Е, сендер бұл жерден кетесіңдер ме?
Қамбарбек күйеу баласының қызметінен босатылғанын естімеген боп шықты.
— Кетіп қалсақ дегенім ғой.
— Жоқ, қозғамаңдар. Алыс кетпессің. Әлде маған бола сендерді де қуғындап жатыр ма?
— Қуғындай қалса дегенім ғой.
— Әлгі әкеге бала күймейді деген заң бар демеуші ме еді.
— Заңды жанның бәрі бірдей сақтамайды.
— Ондайы тағы бар ма?
— Не деп болады, көке! — дей салды қызы.
«Шындығын айтсам мең өзімді-өзім құртып қана қойған жоқ екенмін. Төңірегімді түгел жалмаппын. Абақтыда бірге жатқан Тас қайрақтың бәрін жалмап, жайғап келдің бе дегені рас бопты да... Кемпірімді, қызымды, күйеу баламды өзіммен бірге тұңғиыққа ала кетіппін» демек.
Нұрби әке жүрегін осындай мұң басады, кір шалады деп айтпады. «Онсыз да әке болса алысқа кетеді екен. Бәрін айтып, өкіндіріп жібергенше, артымда тұяғым бүтін, ошағым аман қалды» деп сүйемелді ойды медеу етіп ала кетсін. Өзімізбен өзіміз қалған соң ар жағы бірдеңе болар деген ол.
— Баяғыда біздің елдің бір сал жігіті ел кезіп, үлкен қалаларда болып келгенде, соның көріп қайтқаны бір тайпа жұртқа жылдан аса қызық әңгіме, көп ермек болған. Жылға жуық айтылған қызық әңгімеден есімде қалғаны — базарда тәтті, тандырға жабылған нан, наубайға жабылған нан сатылады. Соны сатушылар себет себетке толтырып, төбесіне көтеріп жүреді. Жай ғана көтеріп жүрмейді. Базарды бастан-аяқ кезе жүріп: «суын сүттен қылдым, тұзын қанттан қылдым, үлкен ыстық нан!» деп айқайлайды дейтін. Сондағы оның көріп жүрген қаласы онша алыс емес, мынау тұрған өзіміздің Түркістан, Шымкент, Сайрам әрі кетсе Ақмешіт екен. Сол айтқандай «қанша алысқа кетсем де, сендер мені алысқа кетті, базар базарлап, суын сүттен, тұзын қанттан жасаған наубай нанын жеуге кетті» деп ойлаңдар да, жүре беріңдер! Мені қайда кетеді дейсіңдер, келемін ғой. Қазақтың «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген нақыл сөзі бар. Мен келемін ғой. Келемін. Сендер мені көп ойламаңдар. Ал мен де сендерді көп ойламауға уәде етемін. Мұнда сен барсың ғой.
— Көке, бұрын мен есебіңде жоқ болушы едім ғой, — деп қалды Нұрби.
— Оның рас. Бірақ, кейін ойласам оным әбес екен, асылық екен. Мұны мен сені жұбата қояйын деп әдейі айтып отырғаным жоқ. Қазіргі шыным осы. Ал, қоштас деп тұр қарауыл. Ертең келіндер. Апан екеуің ғана келіңдер! Көкем айдалып барады деп басқаларға жария етудің қажеті жоқ. Екеуің ғана, екеуің ғана келіңдер! Басқалардың, кім біледі, дос бар да, дұшпан бар, білмегені жақсы. Есіркеу күтіп, маңдайымды алақанына тосатын жас бала емеспін. Ие, айтпақшы, апаңа, әлгі мен айтқандарды айтып, әбден түсіндіріп қой, Сөйтіп, жыламайтын етіп, жұбатып әкел. Өзің білесің, мен адамның көз жасын көргім келмейді...
Әке ойын қызы дұрыс түсінген болар. Ол ешкімге тіс жарып, әкесі жайлы, оның бүгін алысқа, белгісіз жаққа айдалатыны жайында айтқан жоқ. Шешесін ертіп, екеуі ғана боп келді. Хадишаны көрген бойда Қамбарбек болса да жадырап сала берді.
— Ау, Хадиша, хал-жайың қалай? Басыңды жоғары көтеріңкіреп жүр! Бәрібір аяушы таба алмайсың!
— Оны өзім де ұға бастадым.
— Міне, ақылды адам сондай болады.
— Басқа түссе баспақшыл деген, басқа түссе ақылды да, қайратты болады екенсің.
— Мен де өзің тәрізді ойладым. Есіркеуді алыстан емес, жақыннан күтемін. Өзгеден емес, тек өзімнен күтем. Басқасының бәрі бос. «Жаны ашымасқа иілген басты жау алғаны жақсы, жақынға жаттай көрінген басты жау алғаны одан да жақсы» деген екен баяғыда бір батыр. Батыр емеспін. Бірақ, болар іс болған соң бұл бастың ешкімге иілмей кеткені артық. Мен де өзімше ойладым. Ойлап та, толғап та келіп тоқтаған жерім сол — басқа не түссе де мойынмен көтеріп, иықпен тіреген абзал. Нұрбижан айтқан шығар. Бүгін түнде біраз адамды басқа жақтағы өндіріске жібермек. Күндіз ел көзіне түсірмей, түнделетіп жіберетін заңы екен. Ол заң маған да шек болмай тұр. Бізді түнде жөнелтеді. Қоштасып қалсын деп кеше айтқанмын. Жайды Нұрбижан түгел біледі. Сендерге тағы не айтайын? Аман-есен көріскенше сау-саламат боп тұрыңдар. Құдай төтенше бірдеңе жібермесе, асылық болмасын, өле қоймаспын. Амандықпен көріселік. Дендерің сау болсын! Денсаулықта бәрі жақсы. Ақтөсті жетімсіретпе, жақсылап бақ. Ол да болса тілеуқор болар. Қанша жасар екен, әлі жас қой...
Ол әйелі мен қызына құшағын жайып, қайта-қайта құшақтап қоштасты. Хадиша үйден шыққанда өзінше ойлап, өзінше пішін шалына талай-талай нәрсе айтпақшы болып келген еді. Шалдың ауыр да кем құшағына енген бойда бәрі де быт-шыт боп, жан-жаққа шашырап кетті. Ойын жинақтай алмады. Бар болғаны:
— Бізді аясаң, өзіңді аясаң, тағы бір пәлеге ұрынып қалмай, өзіңді-өзің сақта! — деді ол. Алқымына булығып келген жасты қайтадан ішіне қарай жұтып жібергендей, көзіне жас келмеді. — Өзіңді сақта, бізді көп ойлама! Тазыңды жау алар дейсің бе? Оны қоя тұр. Сен қайтқанша Бекзатжан да оралып қалар.
Оның соңғы сөзіне ешкім де таң қалуды қойған. Бүгін де оған мән бермеді. Хадиша сөзін бітіре беріп, шалына үйден пісіріп әкелген тамағын, жолға деп арнаған асын берді. Газетке, ақ шүберекке ораған тамақты алып ол бөлмесіне оралды. Қызы мен әйелі салы суға кеткендей, үнсіз оралды. Сол күні түнде Қамбарбек ұзақ жолға, Түркістан қаласынан шығысқа тартқан темір жолмен белгісіз сапарға шықты. Нақа сол шалдың жастай үйренген жерден, туған-туыстан, ошағының басынан ұзап бара жатқанын жүрегі, жүрек құрғыры сезгендей-ақ, Хадиша да түні бойы кірпігін ілмей, дөңбекшіп шықты. Далаға шығып қарағысы да келді. «Кетіп қалды ма екен? Қайда алып кетті екен? Поезға мінгізсе, көз көрмес, құлақ естімес жаққа кеткені ау. Оның құлағына дүрс-дүрс соққан поезд доңғалағының ырғақты үні де келді. Кетіп бара жатыр-ау, ә? Мені, Нұрбиді ойлап бара жатыр-ау? Қанша қатал, қаншама қара тас болса да, поезға отырғанда ең болмаса поезд қозғалып, станциядан ұзай бергенде көзіне жас алған шығар. Қанша жыламайды десе де, Бекзат армияға кеткенде, одан жаманат қағаз келгенде, бізге көрсетпегені болмаса, көз алды домбығып жүрді емес пе? Бейбақ шал бізді, көген көз, жетім қозы сияқты болып қалған біз екеумізді көз алдына келтіріп жылап алды ғой»... Ақтөсін ше? Оны да есіне алды. Әне, оның, көз жасын Ақтөс те сезгендей, ұйқысырап анда-санда қыңсылап қояды. Бұрынғы, әшейіндегі қыңсылаған емес. Адам тәрізді күрсінгендей болады. Қыңсылы мұңды. Ақтөстің осы қыңсылына қосылып, Хадишаның да сыңсып жылағысы келді. Жүрегі солқылдап, қабырғасы сөгілгендей, бауыры елжіреп кетті. Бұдан әрі өзін-өзі ұстау мүмкін болмай қалды білем, Хадиша көз жасын төгіп жылады. Бірақ, нақа Ақтөстен ұялғандай, үнін шығармай, жастықты құшақтап, тұншыға, өзін-өзі тежей жылады. Отыз жылдан аса отасқан ең жақын адамның енді қайтып көрместей жаққа, ұзаққа кетіп бара жатқаны оған тым ауыр тиді. Шалын қайта-қайта. көз алдына келтірді. Оның өзі көрмеген көз жасын енді көріп, сол жаспен өз көз жасын қосқандай халде жатты.
Орта жастан ауа бастаған әйелдің өткен кезін, жастық шағын, осы қара шалмен алғаш тұрмыс құрған, тағдыр қосқан шағын есіне алуы бірінші рет, осы кеште, осы түнде болар. «Жарым» деп етегінен ұстаған күннен бастап, бүгінгідей ажырасу болады деп үш ұйықтаса түсіне де енбеген еді. Қаймағы бұзылмаған сүттей ұйып отырған шағын үйдің төрт адамын тағдыр төрт жаққа лақтырып-лақтырып жіберді. Тағдырдың қол добы тәрізді бұлар да ұшып ұшып кеткенін білмей қалды. Ошақ басының ойраны шықты деген осы да деп ойлағанда қара кемпірдің қабырғасы қайта сөгілгендей болды. Әбден жылады да, шаршады да... Көзі ашық, қараңғы үйдің күңгірт төбесіне қарап көп жатты. Әлден уақта ерні күбірлеп «Өмірде ешкімнің ала жібін аттамаған, ұрлық-қарлық жасамаған, пендеге қиянат істемеген біз төртеуіміздің жазған жеріміз, жаза басқанымыз қайда еді?» деп қатулана ойлады. «Рас, шал шыдай алмады. Қорлыққа көне бергісі келмеді. Бұл бір оқыс оқиға ғой. Мұны да құдайдың өзі жасап отыр ғой».
Хадиша әбден шаршап ұйықтады. Бұл кезде Нұрби болса ерте тұрып, емханаға қарай кетіп бара жатыр еді. Ол үйден шыққан бойда, сонау поселке шетіндегі шешесінің үй жағына қарады. Мұржасын көрсем, сол мұржадан шығып жатқан түтінді көрсем деп ойлады. Оның көзіне сол жақтан шығып жатқан көгілдір түтін көп шалынды. Бірақ қайсысы кімнің түтіні екенін ажырата алған жоқ. Ол ошақ басында бір уыс боп отырған мұңды жүзді шешесін де көз алдына келтірді. Айтпаса да, оның кешеден бергі қайғы жүгі тым ауыр. Қара тұтқан адамнан күтпеген жерден көз жазып қалғаннан ауыр нәрсе жоқ екенін білмесе де, Нұрби шешесінің халын, оның қиындығын бүгін түнде ерекше сезінді. Бұл да көз алдына әкесін келтірді. Көз алдында көпке дейін ұстап, әкесінің жүзіне қарады. Оның, жүрегіндегі әкеге деген жақсы сезім ойнақ сап, бүйрегін бүлк-бүлк еткізді. Ол да осы мен сияқты ұйықтай алмай, мені ойлап, апамды ойлап барады. Ол да нақ мен тәрізді, мені, апамды көз алдына алып келді. Оның да жүрегі шым-шым етіп, мазасын ап барады деп түйді.
Бір сәт Нұрбидің көз алдына әкесі жарымжан адам тәрізді боп елестеді. Оның қолы жоқ, оның аяғы жоқ. Құр сүлдесі селк-селк еткен поездың үстінде кетіп бара жатыр. Алысқа кетіп барады. Қайда кеткенін өзі де білмейді. Мынадай жарымжан адамды тым алысқа апарып не етеді екен?
Осы түнде бір үйдің үш адамы үш жерде, үш түрлі ойда болды. Қалғандардан гөрі, кетіп бара жатқан әлдеқайда ауыр ойдың қыспағында еді. Әкесі Жаппарқұл шал сексеннен асып, аштық жылы дүние салды. Сонда осы Қамбарбек оның. «Сексен бес көремін деген жасым ба еді?» деп көкірегі қарс айрылып, қоштасқанын көрген. Сол әке айтқандай-ақ, әжептәуір үйлі жайлы боп, ел қатарында түтін түтетіп, өз ошағының басында бейбіт отырған адамның айдауға кетем, атын білмес алысқа кетем деген үш ұйықтаса түсіне кірмеген нәрсе еді-ау! Енді міне, поезда селкілдеп кетіп барады. Қайда кетіп барады? Оны да анық білмейді. Кеше әйелі мен қызына бел қылып, аман-сау ораламын дегені болмаса, нақ қазір оған өз көзі жетіп те келе жатқан жоқ. Әйелін, қызын көре ала ма, көрсе қалай, қашан көреді? Оған өзінің қуаты жете ме? Мұның бәрі нақ қазір қараңғы түн тәрізді боп, көмескі тартты. Аядай екі бөлме болса да өз ошағының басы еді. Бүйірі томпайған кішкене қара қазан бүлк-бүлк етіп күнде қайнайтын. Сол ошақ басының қуаты кемпірді құлпыртып, түзететін, күш-қуат беретін. Сол қара қазанның буына Хадиша ішпей-жемей тоятын, қанағат қылып, шүкірлік ететін. Осы ошақ, осы қазан, қара тастай қара шал осы бір мұңы да арызы, арманы да жоқтай үнсіз жанның бар бағы, бар тірегі еді. Осы үшеуі барда мен қор боламын, мұңға батам, көз жасыма булығам деп кейінгі кезде ойламаған да еді. Рас, баласының жаманатын естігенде қатты шөкті. Кейін неге сенгенін, неден олай дейтінін кім білсін? Оны тірі санап, қайғы-қасіретті тағы ұмытқан. Міне, Қамбарбек ойламаған жерден, өзінің ең жақын адамына, өзінің отыз жылдан аса отасқан жарына күтпеген жерден қан жұтқызып, қайғы түнегіне тастап кетті. Қаратаудың Хантағы атты бір қуысында оның күнделікті мекені, қара кемпірі, қара қазаны жылы ошағы, Ақтөсі мен теңбіл көк аты қалып барады. Атты қойшы! Жайынбайдың туыстары оны құнға алдық, азаматымыздың жылдығына арнап соямыз деп жатты деген. Солай болса болсын. Теңбіл көк пәледен құтылғаныма шалынған құдайым болар. Әңгіме атта емес. Әңгіме артта қалған екі тірі. пенде — көген көз кемпір мен қызда, одан қалса саяттағы жан серігім Ақтөсте ғой. Осы ғана ма. оның тастап бара жатқаны? Туған жер, өскен ел, әке-бабаның мекені, олардың құлап жер болуға айналған моласы қайда? Қаратау атты қасиетті жер ертең таң атқан кезде қарасы көзге көрінбей, алыста бұлдырап, сағымға оранып қалатын шығар.
Жер, туған жер демекші, бұл түнде Қаратаумен оңдап қоштаса да алмады. Не ойлап, не қойғанына, ес білгелі өмірінің ішінде есеп бере алмай қалған күні осы болар. «Құдай адамды есебінен бір жаңылдырған соң, қайта қалпына келтіру қиын екен». Қамбарбек кірпік қақпай, ең болмаса құсша мызғымай, ойлауда болды. Оның шекесі солқылдап, көз алды бұлыңғыр тартты. Аздап-аздап басы айналғандай, құлағы шыңылдады. Бұл да оның ес білгелі басына түспеген ауру. Қайдан пайда болды? Бұрын неге көрінбеген?
Төңірегінің бәрі пыс-пыс, қор-қор ұйқыда. Жалғыз өзі басын көтеріп, шынтақтап жатыр. Поезд доңғалағы сарт-сұрт, дік-дік етеді. Кейде оны да естімей, өзімен өзі боп, шар тарапты ойымен кезеді. Талай-талай көкпарда, бәйгеде, ат жарыста, салымда, додаға түсіп жүрген жас кездің қызығы да елестеп өтті. От қызулы жас дәурен, сенің, де сәнді күнің мол. Бір қызығынан бір қызығы асып, бірімен бірі ұласып жататын кез ғой ол. Мұның артынша өзінің қоштаспай кеткен туған-туысын, жора-жолдасын, жас кездің, осы шақтың сырласы есіне түсірді. Жартытөбе мен Үштөбе, Шиліөзен, Қанымсап бойын есіне алғанда оның көз алдына Исахан мен Сұқсыр келіп тұра қалды. Жас кездің, жігіт шақтың жақсы серіктері нақ қазір Қамбарбектің қандай күйде, қайда кетіп бара жатқанын қайдан білсін? Ертең естіген күні не дер екен? «Қайран, Қамбарбек, ақылың бар, сабырың мол сабаз едің бұл торға, бұл байлауға қалай түстің, қашан түстің, не күйдесің» деп есіркеуші пенде табылар ма екен? Болғанда не? Одан бұған келіп-кетер не бар?
Ол көп уақыт баласын есіне түсірді. Өзінің аузынан түскендей шойыртпақ қара еді. Күші де өзінен артық болмаса кем түспес деуші еді. Сол бала өзінің жоқ боп кеткенімен тұрмай, артына көптеген қайғы-қасірет, мүсәпір пенделер тастап кетті. Артында қалған қорғаны жоқ, қанаты сынық үшеудің де басы бірікпей, үшеуі үш жаққа тозды. Қарғысқа ұшырадым ба? Кімнің қарғысы, кім қарғады, кім қолын теріс жайды? Ата ма, аруақ па? Неге ол қатал келді? Не жазып еді? Ең болмаса білсе екен, жазығын? Бұл өзінің пендешілікпен тап болған жайы емес тәрізді көрінді оған. Баласы аман тұрса ол намысқа тиетін жаман сөзді естімес еді. Оны естімеген болса, мұндай күтпеген оқиғаға душар да болмас еді. Құдай жалғыз ұл берген. Оның жолын осындай қырсықты еткен. Мұнысы несі?
Осындай көп сұрау, қиын сауал ұзақ түнде Қамбарбектің басын көп шатты. Әйелі, қызы, баласы, Исахан мен Сұқсыр сынды жақсы туыс, достар оның көз алдынан әлденеше рет өтті. Ең соңында ол тазысын тағы ойлады. Күнде кешке, жұмыстан қайтқан кезде, құйрығын бұлғақтатып, есік алдында қарсы алатын. Қолын жалайтын. Иесінің келгенін көзімен көріп, сол екеніне көзін жеткізіп, жатар жеріне бір-ақ баратын. Енді ол кімге еркелемек? Шіркін, Ақтөс, қылығың көп, қызығың мол мақұлықсың ғой. Саятта із кесіп, сонарға түскенде адамдай ақылы мол. Енді сені аңға алып шығар кім бар. Мені күтіп, ертеден қара кешке дейін бүк түсіп жатасың да енді...Пай-пай ой, тау ешкіге, киік пен қарақұйрыққа жібергенде садақтың оғындай зулап, жөнеуші еді-ау! Анда-санда саңқ қыңқ етіп, өзінің қайда кетіп бара жатқаныңды үніңмен сездіретін едің. Алдыңа түскен аңға осы күнге дейін жетпей қалған, адасып қалған кезің жоқ. Алдыңнан қашқан төрт аяқты аңның біреуін иеңе қарай қайырып әкелмеген күнің бар ма еді? Әр жотадан жоның бір қылт етіп, қанша алысқа кетсең де айналдырып алдыма бір әкелмей кетпеуші едің-ау! Затты едің. Алған аңға қанша аш болсаң да ауыз салып көрдің бе? Мінезің қызық еді. Тұп-тура бала тәрізді, әлдеқалай жақын туысың тәрізді еркелейтін әдетін бар. Кейде мұңды жігіттей қабағын салыңқы, құлағың салбырап, көңілсіз жүресін. Сен, тіпті менің де қас-қабағыма қарап, қандай күйде екенімді сезетін едің. Артқы екі аяғың ұзын да имек. Кәдімгі жаңа туған ботаның тірсегіңдей иіріліп жататын. Бұл сенің өрге салғанда, құмды жерде жүгіргенде баға жетпес қасиетің ғой. Омырауың алшақ, төстігің аяққаптай кең, аяғың, табаның жалпақ. Бұл сенің ойға, еңіске салған алдыңа желден бөтен ештеңе салдырмауға болатын ерек сырың еді. Белің аш күзеннің беліңдей қабысып, ішіңді тарта тарта өрши түсетін едің. Міне, енді мені қара, сені тастап кетіп барам. Сен қалдың, иесіз қалдың. Ең сор болғанда сенің ешбір сырыңды, ешбір қасиетіңді адам баласына тіл жарып айтқан емеспін. Мен сені қызғандым, мен сені аядым. Кейде, тіпті сені тілден, сұқтан сақтағым көп, мінезіңді айтпадым. Мен кетіп барамын. Енді ол жерде сенің тіліңді білетін, сенің қасиетіңді білетін ешкім жоқ. Сені әшейін тазы дейді, сені кәдімгі ит, иттің баласы дейді. Бұл саған берілген жаза. Сені асыраған, біраз қызығыңды көрген мынау бейбақ иеңе бола алған жазаң. Енді сен бұрышта бүк түсіп жатасың. Тілеуқор боп мені күтесің. Ит тілеуін де медеу тұтып мен жүремін. Өзіңді қызыл шақа күніңде әкеп, тұп-тура қырық бір күн тұмағыма салып, қабырғаға іліп асырағанмын. Мен саған жасыңда қойдың қою сүтін ішкізгем, тауықтың жұмыртқасын жегізгем, қысырақтың жалын сордырғам. Сен оны ұмытпайсың. Мені күтесің, тілеуқор боласың. Ие, сен менің кемпіріме серіксің!
Поезд селкілдеп келеді. Таң бозарып, кішкене торлы әйнектен ішке сәуле түсті. Жігіттер ұйықтап жатыр. Бір-екеуі оянып, басын көтерді де қайта жатты. Қамбарбек те бір сәт ойдан құтылғысы көп, кішкене терезеден сыртқа қарады. Ештеңе де көре алмады. Көк жиек мұнар тартып, бұлдырап терезе сәулесінен өтіп жатыр, өтіп жатыр. Ойға қайта оралғысы келмей, өз көңілін өзі аулап, терезеден сыртқа қарай берді. Мардымды ештеңе көрмесе де қарады. Оның көзі талды. Қисайып жата кетті. Әбден шаршаған екен. Тамақ салған қапшығын жастық қып, ұйықтап та кетті. Қанша ұйықтады, кім білсін? Ба¬сын көтеріп, жан-жағына қарады. Төңірегіндегілер түгел ояныпты. Біреулері тамақ жеп отыр. Қамбарбек жайлап қана кеше Хадиша мен Нұрби әкелген ақ қапшықтың аузын ашты. Қаптың аузын қайырып, әлденеше рет тігіпті. Оның жібін үзбей секті. Жібін домалақтап жинап алды. Туған ошақтан алыстай бастағанда оның сабақты жібі де бұған қасиетті теберік көрінді. Мойын созып терезеден қарап еді Қаратау ма, әлде Алатау ма, әйтеуір бір тау алыстан бұлдырап қабаттасып келе жатты. Қапшықтың ішіндегісін енді көрді. Пісірген ет, әдемі тандыр нан, бауырсақ, ірімшік, құрт екен. Оның басына алыс жолға шығар кезде, ертеде, әкесі Жаппарқұл жасайтын бір ырым түсіп кетті. Бұл да солай етпек. Ол өзі ешбірінен ауыз тимей тұрып, қапшықтан жеті тандыр нан, жеті шелпек, жеті бауырсақ, жеті бөлек ірімшік, жеті құрт, жеті тілім ет алды да, қасындағыларға қолма-қол үлестіріп берді. Олардың ешқайсысы мұны санына, немесе, істеп отырған ырымына көңіл де бөлмеген, мән де бермеген. «Рақметін» айтып, бәрі де тамақ жеп жатты. Ас иесі де тамақ жеп отыр. Ол өзінше тон пішіп, кіммен танысам, кіммен сырласам деп, тамақ жей отырып, төңірегіне көзін көп салды. Оның. көзі қараңғылау түкпірде үнсіз отырған балаңдау жігітке түсе берді. «Менің балам қатарлы, тіпті ерімдей жас жігіт екен-ау, не қылмыспен, не істеп түсті екен, бейбақ бала?» — деп ойлады да:
— Әй, жігітім, мұнда кел, дәм ауыз ти! — деді.
— Рақмет, ақсақал, сіздің нанды да, ірімшікті де, құртты да жедік. Рақмет сізге!
— Жоқ, рақметті кейін айтасың, мұнда кел!
— Ақсақал, болмадыңыз ғой! — деп ол мұның қасына келді. — Есімім Серікбай. Фермадан көп мал шығын боп. Соны басшылар маған жаба салды. Зоотехник едім де...
Әрине, Қамбарбек Серікбайдың бұл сөзіне нанған жоқ. Бірақ өзің «кет әрі» демеді. Кім білсін? Жаба салса, өз жегенін біреу жеді десе бола бере ме? Заң қайда? Оны тексермей ме екен?
— Ал, дұрыс. Енді оныңды қой. Тексеріліп те, кесіліп те пішіліп қойған заттың қайтадан басын ауыртар жайымыз жоқ. Одан да басқа бірдеңе айталық та.
— Болады, ақсақал, сонда не айтамыз?
— Ештеңе айта алмасаң мына газетті қарап шықшы! Мынау ұзақ-ұзақ тізілген жыр не екен, жыр ма, әлде не өзі? Көзім жетпейді. Жетсе де жүгіртіп оқи алмаймын. Әбден буының қатып кеткен соң оқыған оқудың өзі де қонбайды екен. Тілді жаста сындыра алмадық қой?
— Тіл сындырғаны қалай, ақсақал?
— Жаста оқыған оқуды айтпай ма?
— Оншасын білмеуші едім.
— Ең болмаса жас күніңде ауыл молдасынан аздап оқысаң былайша айтқанда тіл сындырсаң, кейін қай кезде, қай жаста оқысаң да соның пайдасы болады екен. Оны өзіміз, сол әлгі тіл сындырып алғандардың кейін оқығандарынан көрдік. Ал, тілі сынбаған бізге өте қиын болды. Әлгі ересектерге арналған сауат ашу мектебінен, әйтеуір әрең-әрең қара танып шықтық қой. Үнемі оқып, жаттығып жүрмесең, оның өзі қолдың кірі тәрізді тез жуылатын нәрсе екен. Ал, бала, сен мынаны оқы!
Серікбай газетті қолына алып, олай-бұлай аудара төңкере қарап шықты.
— Мынау газетті әдейі алып шықтыңыз ба?
— Жоқ ә! Әдейі газет алып .не қылайын. Кетерде жол азық орап әкелген еді. Ие, несі бар екен?
— Жолға әдейі алғандай қызық екен.
— Ал, не қызық?
— Екі ақын айтысыпты.
— Ие, кімдер екен?
— Бірі Желеу, бірі Құлжабай.
— Екеуі де таныс. Екеуі де жақын адамдар. Бұл екеуі айтысады екен дегелі қашан. Ақыр айтысып тынған екен де... Ал, енді сен жайлап, баппен оқы. Мен тыңдайын. Бұрынғылар айтатын, қорықсаң от жақ, жаурасаң от жақ. Ал жол қысқарсын десең не өлең айт, ән сал, не әңгіме айт деген. Мына газетті оқып шыққанша талай жерді басып өтпейміз бе? Ал, енді оқы. Өзім де сезгенмін деймін. Газетті тастамаппын.
Серікбай әнге салмай, ұйқас қумай, кәдімгі қара сөз оқығандай, қалыпты сарынмен, барынша түсінікті оқыды. Қамбарбек сөзді жаза жібермей, тыңдап отыр. Айтысты үлкен ауданның, үлкен қаланың ақыны, Түркістанның атынан Желеу бастапты. Ол салған жерден аруағы мол, қазынасы көп деп Қаратауды мақтапты. Осы тау жайлы алыстан басталып, ұзақ толғаулы жыр Қамбарбекке ұнады. Осы бас толғаудың өзін Серікбайға әлденеше рет қайталап оқытты. Қамбарбектің пайымдауынша Желеу ақындық сөз қуатының бар күші мен сырын осы туған жерді суреттеуге, соны тамаша етіп көрсетуге арнаған. Қаратау қасиетті. Мұның байлығы, қазынасы көп, мұны Кендітау десе керек. Бұл Отанның салмақты, қорғасынды қазынасы.
Желеу ақын толғай-толғай келіп, жер қыртыстарында ел тарихы бар депті. Бұл екеуі қашаннан-ақ тағдырлас. Адам, ел сәби сынды бала болғанда, жер тербелген алтын бесік. Қаратау сол бесіктердің ішіндегі әрі кәрісі, әрі жасы. Бұл тау жайлы ел арасында жыр мол, түрлі-түрлі ән-күй, әсем дастан бар, тамаша аңыздар бәрінен көп. Мұның себебі Қаратау әлгі айтылған алтын бесік, аялы жер, ата мекен қонысжай болғандығынан. Ал бұл тауды Қаратау дейді. Басқа таулар аппақ боп тұрғандай ақ, мұнысы несі деймін? Таудың бәрі қара, бәрі көкше. Ал қара болса болсын. Оған да айтар дауым аз. Мүмкін, бұл оның қара жамылғандығынан, көзінде қайғы-қасірет азабын көп көргендіктен, көз жасы тарғыл қызыл, қара шұбар тасына көп тамғаннан да берілген ат болар-ау!
Көз жасы ғана ма екен? Бұл таудың әрбір тасына қан тамған. Содан да оның тасы қап-қара емес, тарғыл да тарлан. Мұндағы әрбір тасқа адамның ащы маңдай тері төгілген. Ол тарғыл тастарды тарлан етіп, айғыз-айғыз еткен. Содан да мұның әрбір тасы өмірдің қиын жолын қияда еткізген, көпті көрген кәрінің әжімді жүзіндей мыж-мыж, айқыш-ұйқыш бедерлі. Демек мұндағы әрбір тасқа адамның ыстық көз жасы, жылы қаны, ащы тері қоса тамып өзінің із таңбасын мәңгіге қалдырған. Бұл ғана емес, Қаратау қазақ елі тарихының ескі беттері тәрізді қатпарланып жатыр.
Қаратаудың басынан кеш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Алғашқы ұғымға қайым өлең сияқты боп көрінген осы бір екі жолда қаншама қайғы, қасірет, мұң ізі жатыр десеңізші? Тау басынан, әлгі осы таудың өзіндегі Келіншек тау сияқты тізілген көш жоғарыдан төмен түсіп келеді. Жайма-жай түсіп келе жатқан жоқ. Жоғарғы сөзбен айтылатын халық сазында орасан мұң бар. Көштің қазасы мол, шығыны көп. Оның дүбірлі сазы бүкіл денені тітіркендіріп, құйқа тамырды шымырлатып, ащы зар төгеді. «Елім-ай!» деп зарлаған дауыс күні бүгінгідей боп, нақ бір өзің естіп, осы сойқанды өзін көріп тұрғандай мұң тереңіне батырады. Көзбен көріп, құлақ естімеген қасірет көш тізбегіңдей боп ете береді, өте береді. Ал осынау қайғы кешіне мұңды дауысты жоқтау сазына әкеліп бос келе жатқан тайлақ зарын әкеп қосса ше?
Бұл жай тайлақ емес, бос тайлақ. Иесі бұдан, бұл одан айрылған кім екен дейсің?
Қарындастан айрылған жаман екен, Мөлтілдеп екі көзден жас келеді.
Міне, енді түсінікті. Бос келе жатқан, қайғы-мұң бейнесі секілді боздап келе жатқан бозша тайлақ қарындастың еншісі, бәсіресі екен ғой. Бота көзі жаутаңдап, жау қолында тұтқында отырған, тұлымы кесіліп тұл болған қара көз қарындастың тайлағы. Тайлақ бос, көштегі орны тағы бос қалған. Осынау қайғы көшіндегі мұң сазын тереңдете түсетін осы бір көрініс — кешегі өткен қайғы-қасірет күннің орны толмас қайғысы. Міне, мынау жатқан, әр түлкінің қызыл жосық жоныңдай боп көсіліп жатқан кәрі тау осы дауысты естіп, осы мұңды тыңдаған, бәрін көзімен көрген, басынан кешкен. Содан да бұл тау анда-санда мұң төгіп, зар шегіп, еңірейді, жылайды:
Мына заман қай заман, қысқа заман,
Басымыздан бақ-дәулет ұшқан заман
Шұбырғанда ізіңнен шаң борайды,
Қаңтардағы қар жауған қыстан жаман...
Мұны ешбір ақын ойлап, әдейі арнап шығарған жоқ. Бұл көздің жасы, көңілдің шерімен булыға булыға жүректен жарып шыққан халық сөзі. Жерден, судан, елден айрылған, босқын көрген, сүргін тапқан соры мол елдің көз сорасымен бірге шыққан аз сөзі тарих сөресінде Қаратаудың сай-саласында сол кездің көз жасының тамған ізі, жүрек қаны, шер айқайы, мұң дауысы бар. Сол кездегі көш өткен асулар Кесеге, Торлан, Суындық, Ақ ұйық асулары қайғылы босқындардың зіл тартқан ауыр салмағынан ойсырап шөге түскен, кезең тартқан, аласара түсіп, бел тартып қалған. Қаратаудың өзі де қайғы-зардан, қан мен жастан қабырғасы қайысып, тасы бұрынғыдан бетер тарғылдана берген, әжімдене түскен. Міне, сол Қаратау сенің де, менің де ата-мекен жерлерім. Бар айырмамыз сен Күнгейінде, мен Теріскейінде тұрамыз депті Құлжабай ақын.
— Жапырақ пен өсімдік, жәндік қалдықтарын айтсам жаңалық деп айтып едім. Сен оған өзіңнің білгіштігіңді көрсетпек боп, көп тарихты айтып кеттің. Ол мен білмейтін тарих па еді? Сен тарихты айтсаң, мен де айтып көрейін! — деп Желеу ақым толғауын қайта бастаған:
...Міне, сол сен айтқан Қаратау көз алдымызда жатыр. Қазақ жерінің картасына қарап жіберсең ескі Әулиеатадан басталып сонау Ақмешітке дейін созылған қон.ыр бояулы өңірді Қаратау деп таны: аласа тау, ұзынша келген шағын тау. Алатаудың баласындай кішкене де жұпыны көрінгенмен, әкесі ғана емес, бабасы секілді жасы бар кәрі тау. Ертеде бұл таудың Күнгей беті мен Теріскей бетінде көптеген қалалар, отырықшы, бау-бақшалы ел болған. Теріскейінде Тараз, Саудакент, Құмкент, Баба ата, Жарыққорған, Шолақ, Созақ болса; Күнгейінде Сайрам, Шымкент, Бұзық, Отырар, Яссы, Шапғар, Қарнақ, Шорнақ, Сауран, Сунақ тәрізді ондаған қалалар болған. Бұл таудың екі бетінде Айша бибі, Домалақ ана, Қарахан, Шаян, Қанаха, Бабай түкті Шашты Әзиз, Қожа Ахмет Яссауи тәрізді халық ескерткіштері тұр. Мұның бәрі сол кездің мәдениетін, тұрмысын көрсететін белгілер.
Отырар қаласының ескі орнын ғалымдар қазып жатыр. Бірнеше жерден ойып ойып қазылған терең орлардан тарихи қаланың қатпар-қатпар қабаттары көрінеді. Бұл қабаттардан қаланың әлденеше рет қирап, әлденеше рет қайта тірілгенін көру оп-оңай. Ескі үйдің кесекпен өрілген қабырғалары, ошақтары, астық құйған қамбалары анық көрінеді. Қаланың бір кезде өртенген қабаты күл күл боп, өз алдына қабаттанып ол жатыр. Бұл қабаттарынан да сынған ыдыстар, қираған үйлер, оның неше түрлі үскенелерінің қалдықтары көрінеді. Күйдірген қыштан жасалған монша, пеш, нан жабатын тандыр ошақтардың орны бәрінен де жақсы, тіпті бұзылмай сақталған. Астық сақталатын қамбалар мен ұралардың іші күйдіріледі екен. Бұл құйылған астық шірімес, көгермес үшін, өнбес үшін жасалған.
Мұндағы байлық, қазына көзін тұрғын халық білген. Мұны дәлелдейтін талассыз жайлардың бірі ерте кезде қолмен қазылған кен орындары — қазылған шұқырлар, құпия үңгірлер, қопарылған беткейлер. Мұндай жерлерден халық алтын, күміс, мыс, қола, қорғасын тәрізді асыл заттар алған.
Тау болған соң сайы мен саласы, белі мен жотасы жоқ тау тағы болған емес. Сондай сайлар, жылғалы салалар, үлкен арналы өзектер мұнда да бар. Басқасын қойып, өлке тарихында аты бар Сүлейменсай, Байжансай, Таскөмірсай, Ащысай, Мырғалымсайды алып қарасаңыздар, бұлар ескіден келе жатқан кен орындары. Бұлардың көбі осы заманда үлкен өнеркәсіп орнына, кен көзіне айналды. Бұл бүгінгі тарих. Ал ертеде осы өңірде Байжан атты асқан мерген, аңшы бопты. Сол осы сайдан етек етек қызыл топырақты алып, қоржынына салады екен де Ақпай деген кісінің жайлауына келіп, сол жерден от боп жанатын тасты алып, топырақты табаға салып қорытады екен. Одан өзінің аңшылық кәсібі үшін оқ болатын қорғасын алыпты дейді.
Жас кезінде Құлжабай ақынның өзі Байжанды да, Ақпайды да көргенін айтқан.
— Аңыз ең алдымен Ақпайдың ауылынан шықты. Ақпайдың өзі асқан бай емес, орташа ғана дәулеті бар, екі-үш үй боп, Үсіктас пен Жартытөбенің арасындағы қоңыр белде отыратын. Бір күндері ой бой, несін айтасың, Ақпай үйінің шайы ерекше тәтті екен. Самаурыны селкілдеп, бір орында тұра алмай, теңселіп, қос бүйірі солқылдап, жүріп кеткелі тұратындай боп, ырғалып тұрады екен деген шықты. Мұны көзбен көргісі келгендер көбейді. Бір жаз, бір күз бойы Ақпай ауылын күтпеген, шақырылмаған қонақтар басқан. Естіген жанға, аңызға таңсыққойлар біртіндеп те, топтанып та Ақпай үйінің биіктігі кісі бойындай ақ самаурыннан шай ішкен. Бәрі де «шын тәтті екен» дейді. Неге тәтті екен десең, ешқайсысы жөндеп айта алмайды. Бірі суынан болса керек десе, бірі, жоқ отынан дейді. Енді бірі сол теңселіп тұратын бүйірлі ақ самаурынның өзінен десті.
Таңсыққойдың бірі Құлжабайдың өзі бопты.
— Бардым, — депті ол, — күтпеген қонақтан, жас баладай әуесқой, естігенін екі есе, көргенін он есе қомпитып айтатындардан әбден мезі болған ба, онша жарқын қарсы алмады. Бірақ, анда талай кездескен, бұрын да талай-талай дәмдес-тұздас болған адамбыз ғой, кет әрі дей алмады. Мен шынымды айттым.
— Ал, Ақа, біз де пендеміз ғой, ел арасында аңызды әңгіме көбейді. Соны бөтен құлақтан естігенше, өзіңнен естіп, көзіммен көрейін деп келген жайым бар.
Ақын толғауы, Құлжабай кезегі әлі бітпеген екен. Жыр қайта басталған:
Ел арасындағы аңызға қарағанда Байжансай деген жер аты да тегіннен тегін шықпаған. Байжан атты осы тауда мерген, аңшы бопты. Жалғыз ауыз, білтелі сұр мылтығы, ақ төс қара тазысы болады. Жалғыз атты қас мерген аштық, жұт жылдары баяғы қарақасқа атты Қамбар батыр сияқты бір өзі бір аймақты асырайды екен. Оғы таусылып, жерге қарап қалған шағында бір терең сайдың қия беткейінде бармағын тістеп ойға қалыпты.
Аштықтан бетінің нұры тайып, көзінен от қашқан балаларды көз алдына келтіріп, жартас түбіндегі қызыл топырақты оғы жоқтан таяқ боп қалған мылтығының дүмбісімен шұқылап көп отырған. «Ау, сен не ғып отырсың» дегендей екі көзі төрт болып, құлағы салбырап, қасында қара тазы жатыпты. Бірде жер шұқып, бірде қара тазының құлағының түбін қасып, маңдайынан сипап Байжан мерген ыңылдап әнге салады екен:
Қоянды шалмай алған қара қаншық,
Сұңқарға жем іздеген болар талшық
Ай күндер қаздай зулап өтіп жатыр,
Сыртым су болып жүрмін, бауырым балшық.
Көмеймен салған баяу әнді тау желі, тас жаңғырығы көтеріп, талай жерге әкетеді екен. Қара тазы жүгіргенде тасқа тиіп, тілім-тілім, қызыл шақа болған табанын жалап, әнді тыңдайды. Бірақ ұқпайды. Тек болғаны қос жанары мөлдіреп, иесінің мұңды қабағына жалтақ жалтақ қарай береді. Байжан әнді қайта толғайды.
Басқан жер сораң тартып, болды шалшық,
Адымдап баса алмадым, қалдым малтып,
Саятта әрі серік, қанатым ең
Оғым жоқ, мен қайтейін, қара қаншық?
Байжан әнді қайыра беріп, суға кетіп бара жатқанда тал қармағандай, тас түбінде өзі босатып тастаған қоңыр қызыл топырақты уыстай апты.
Топырақ ауыр екен. Алақанына салып көп отырды. Ол топырақта ұлпа қардың ұшқыны тәрізді жылт-жылт еткен жылан көз үгіндіні байқады. Байжан топырақты тастамады. Қайта еңкейе түсіп, уысын толтырып алды. Көзіне от ойнап жүрегі дір етті. Бақ ұшқыны көзіне ілініп, кезеңнен қылт ете түскен еліктей үміт сәулесі жарқ ете түскен. «Міне, бұл қорғасын!» деп түйді.
Ол қоржынның екі басын қоңыр қызыл топыраққа толтырып, Таскөмірсайдың «қара тасына» қорытып қорғасын алыпты дейді.
Сөйтіп, Байжан мерген Таскөмірсайдың сырын Ақпайдан бұрын білген. Кейінірек, Байжанның топырақ алған сайы — Байжансай атанған.
XXV
Қамбарбек Сарыарқаның кең жазығына шығып, Қоңырат кенінде шахтер болды. Қөңілін сөйтіп едәуір жайлағанмен, жаны тыныш тапқанмен Хантағы мен Ашысай тыңшы қоймаған. Әсіресе, кек алғыш туыстар тыншымады. «Қанға қан, жанға жан» деп ата-бабаларымыз тастап кеткен салт бар. Біз оны аяққа баса алмаймыз. Жайынбай жаман ба, жақсы ма, мәселе онда емес, біз кек алмай қоймаймыз. Бұл бір. Екінші бізге ұят, арысымызды жалмап ап, не бәрі жеті жылға кесілді. Ол аз. Мұндағылар жазаны женіл берді. Қамбарбек таныстығын, осындағы үлкендермен жақындығын, атақты шахтер атанған кездегі беделін пайдаланып кетті. Бұл қорлыққа шыдамаймыз. Қамбарбекке қарсылар осыған келісті. Әйкеннің бұл істе атқарған ісі ерекше. Ол сол Жайынбай төңірегіндегі еркек кіндіктің намысын қоздырды. Анау-мынау деп илана қоймаған, жел өкпе сөзге елікпейтін қайын қайнағасын сөзбен мінеп, тілімен шенеп, сеңдей соғыстырды.
— Осы заманның еркегі не боп кеткен? — деп бетін шымшыды, көзін бадырайтып отыратынды шығарды, — Бәрі бір ынжық, қуыс кеуде, қорқақ пәлелер. Еркек ынжық болды дегенше одан үміт үзген көш жақсы.
— Е, сен бұрынғының еркегін қайдан көре қойып едің? — деген қылжақбас қайнысына.
— Көрмесем, естігенмін. Шет жағасын көргенмін де... Оны менің бетіме салық етпексің бе?
— Сен, шет-жағасын керсен, аржағын көрмей тынбайсың да ғой...
— Ал, көрдім, сонда сен не қыла қоясың? Қу бас қара шалдан кек ала алмай отырғанда маған бірдеңе ете қояйын деп пе едің? Ынжықтық жетесіздіктен шығады. Жетесіз еркек емес, көк есек.
Жасық қайны екінші сөзге келе алмай жым болды.
Міне, ол осылайша бет бақтырмай, төңірегіндегі қайраумен, жүнін жығып, жерге қаратумен болды. Артынша құлаш-құлаш арыздар жазылды. Олар Шымкентке, Алматыға кетіп жатты. Қамбарбектің ісі қолдан-қолға өтіп тексеруге түсті. Бәрінде де, бетіне бір-бір жапырақ қағаз қоса тіркеліп, онда мынадай сөздер жазылды. «Істі алып, мұқият қарап шықтық. Азамат Жаппарқұлов Қамбарбектің қылмысты ісі дұрыс тексерілген, одан дұрыс қорытынды шығарылған. Бұл іс қайта қарауға жатпайды»...
Бірақ, ізденуші жақ бұны да қанағат тұтпады. Бәріне ақылгөй боп шыға келген тағы да сол ту биедей қайқаңдаған ақ сұр келіншек еді. Оның айтуынша заң қызметкерлерінің көбі-ақ, арыздар мен шағымдарды оқи оқи, тексере тексере әбден көк ми боп кеткен, ал енді біразы арыздардан мезі болған, ал одан қалғандары пара алмаса қағаз оқып, қалам түртпейтін пәлелер.
— Ойпыр-ай, деймін, осы біздің Әйкен келін білгіш. Дүниеде не боп жатқанын түгел біледі ау! — деп Жайынбайдың жақын ағасы Жарбол тамсанып қойды.
— Дүниеде не болып жатқаны да сөз бе екен? Ол жер бетінде не болып жатқанын былай қойып, жердің астында не боп жатқанын біледі. Білмесе, жобалап соға береді. Ақымақтың айтқаны емес, сандырағы келеді дегендей, айтқанының бірі болмаса бірі келіп жатады, — деді арыз жазушының бірі Елеу.
— Ойбай, бетім-ай, енді не дейін? Маған күліп отырған сен бе? «Жығылып жатып сүрінгенге күледі» дегендей, ақымақты тапқан екенсің? Ойбай-ау, енді не дейін, күйдірді ау, мына су мұрын, сүмелек қайнымыз. Отыздан асқанша мұрнынан тамшылап су аққан адамда ми қала ма? — Ол шынымен Елеудің нақа бір ұшынан су тамшылап тұрғандай сүйір тұмсығына, оты аз, бозарған шегір көзіне, борсыған еттей босаң, былшық жүзіне сүзіле қарап өтті. Елеу болса келіншектің отты көзінің жалынына төтеп бере алмай жерге қарады. — Бәсе, деймін-ау, ақылшым осы ма еді? Қалқам қайным, жаным ашығандықтан айтамын, бұдан былай есіңде болсын, қанша ақылды боп асып кетсең де, алысқа бара алмайсың, ең алдымен әйелдің, мына мен сияқты әйелдің көйлегінің астынан шыққаныңды ұмытпа!
— Тып-у, албасты басқыр, қалай-қалай сөйлейді. Тілің көзіңнен жаман біздей өткір екен ғой. Қойдым, сенімен салғыласқанды.
— Солай ма екен? — деп біреуді мұқатқанына рақаттанып, жаны жай тауып қалатын әдетінше жайраңдап күліп алды. — Мен айтпаймын, айтсам біліп айтамын. Заң қызметкері дегенді қой, олар бір шешкен соң, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай пәлен статья, түлен статья, бәрі дұрыс шешілген, статья дұрыс сақталған дейді де қоя салады. Меніңше, қайнаға ау! Жер ортасы осы, жеткен жерім осы екен деп қолды қусырып, отырып қалуға болмайды. Арыздана берген жөн. Сот, прокурор тағы несі бар еді? Әйтеуір заң орындарынан қайран болмаса енді тұп-тура центрге айдау қажет.
— Оның тағы не еді? — деп Елеу басын қайта көтерді.
Ол Әйкенге сұраулы қарап, тіктене қалды.
— Міне, енді соны білмейсіңдер, тағы да, соған қарамастан менсіз бірдеңе істемек боласыңдар. Ол Орталық деген сөз.
— Ал айдадық делік. Сонда ондағылар не дейді?
— Әділін айтады.
— Онда оған да жіберелік! — деді Елеу.
— Ал, центрді әурелегенше, тағы бір ұрымды, мұндай іске қатал қарайтын, бір жабысса түп етектен ұстап, айрылыспай, намысына тырысып, өліспей беріспейтін бір орын бар. Ол бір айқасса жаман айқасады, сот-мотыңа қарамайды.
— Тағы да не деп кеттің, келінжан, оның не әлі?
— Ол — газит.
— Мұны түсінемін.
— Түсінсеңіз сол, мұны қатырып тұрып, газитке тартып жіберу керек. Сонда олар Балқаштың кең жерінде, таза ауада, Сарыарқаның самалды желіне кеудесін жалаңаш төсеп жүрген дәу қара шалды ол арадан суырып алады да, екі көзін бақырайтып абақтыға жабады да қояды.
— Бұл бір табылған ақыл. — Елеу қуанып кетті. Өйткені ол газетке жазыпты, газет арашалап қапты, газетке жазған соң орнынан түсіпті дегенді бұл жасында көп естіген жанның бірі еді. — Дұрыс, газетке жазған жақсы. Олар қолға бір алса кімің болса да мойынын алмадай қағып түсіреді. Ол газеттің аты не еді? Соған айдайық.
— Газеттің аты біреу бола ма екен? Газет көп қой, — деп түсіндірді келіншек.
— Көп болса, соның бәріне жазбай, біреуіне жазамыз да! — деді Елеу де сөзге араласып.
— Меніңше, жазған соң, жазған сияқты бәріне бірдей жазған жақсы. «Тисе торғайға, тимесе борбайға» деп бәріне бірдей айдап салсаң, бірі болмаса бірі тарпа бас салып, бұл іске жармаса кетеді. Сонсын, гәп болды дей бер.
Бұлар осыған келісті де, бұрын облысқа, жоғарғы соттарға жазылған арыздардың кешірмесін алып, соларды енді қолдан, қара қағаз арқылы бірнеше дана етіп қайта кешірді. Бұл көшірмелерді, не керек, әйтеуір өздері білетін, естіген газеттерінің атына бір-бір данадан жолдады.
— Міне, енді бір іс бітті. Бірдеңе шықса осыдан шығады. Ақырын күтіп көрелік! — деп түйді Елеу.
Қара қағазды оңдап салып, көшірілген бес құлаш арыз астана, облыс газеттерінің хат бөліміне келіп түсті. Мұның біразы, сол әлгі болжауынша, заң орындарына тексеруге жіберілді де, біреулерін папкасына салып алған арнаулы тілшілер жолға шықты. Алматыдан шыққан бірінші тілші, жас тілші Сәукен Досов бірден Хантағыға келіп түсті. Ол ең алдымен сотқа кіріп, істің егжей-тегжейімен танысты.
Сот председателі ең алдымен оған істің қалай тексеріліп, қалай аяқталғанын айтқан. Әр нәрседен ақ хабары бар жас тілшіге біраз нәрсенің беті ашылғанмен, қалған біразының күңгірттене түскені хақ. Содан да болар, ол Қамбарбек Жаппарқұловқа байланысты істерді қолына алып ап, сол сот кеңсесінде отырып, бастан-аяқ өзі оқып танысты. Аз да болса қап-қалың төрт жүз беттей бір том екен. Оны ежіктеп оқып шығуға екі күн уақыты кетті. Бірақ көп нәрсе ұқты. Тіпті, өзіне белгілі емес, осылай болар-ау деп топшылауға келмейтін жайларды да енді білді. Бәрі де заңға сай, бәрі де заң бойынша. Бірінен соң бірі сарт-сарт етіп, статьяларға келіп тұр. Алғашқы көзге мына бір жері неге былай, мынасы былай емес, былай емес пе деуге келетін саңылау жоқ көрінді. Әсіресе, Жайынбай жағының сөзін растап, арыз берушілерді қуаттайтын ілгіш көзге түспеді. Шынын, нағыз расын айтса ол осы арада едәуір ақырып, тоқырап қалды. Өйткені ол Жайынбай жағының арызы бойынша, соның әсерімен келген адам. Оның көкейіндегі журналистік адал ойдың өзі кісі өлтірген адамның жанын тірі алып қалған заңшылардың аяғын аспаннан шығармаса бір сүріндіру ниетімен келген. Сөйтіп, милиция мен соттарды сеңдей соғыстырып, істі қайта қаратып, әділдік сотын қайта құрмақ ойда еді. Әлі де үмітсіз емес, бірақ бас сұғатын саңылау қайсы? Соны таба алмай әлек. «Өзін-өзі қорғау мақсатымен үйіне қайта кіріп, мылтық алып шыққан» деген сөйлемді қойын дәптеріне кешіріп те алды. Осы сөйлемнің жанына қатарынан үш-төрт сұрақ қойды. Бірінші — өзін-өзі қорғау мақсатымен үйіне қайта кірген соң, үйдің есігін жауып ап, іште отырмай қайта шыққаны несі! Мұны не деп бағалаймыз? Жайынбайдың қолында пышағы барын көре тұрып қайта шыққаны қалай? Ал бұл екеуінен басқа үйге кіре салып қайта шыққанына қарағанда, мылтық бұрыннан оқтаулы тұрғаны емес пе? Оны неге күнілгері оқтап қойған? Төртінші — сот «өзін-өзі қорғау мақсатымен» деген сөзді қайдан алып отыр. Айыпкер Қамбарбек Жаппарқұловтың нақ осы кездегі ішкі ойын кім білген, куәсі кім? Мылтық атылған кезде бұл екі адамның басы-қасында болған бір пенде бар ма? Бар болса ол кім? Бұл жоқ. Демек, оның барлық қылмысты ісін жеңілдетіп тұрған «өзін-өзі қорғау мақсатымен» деген төрт қана сөз болса, бұл төрт сөз қайдан алынған. Мұны кім ойлап тапқан?
Ол осы түйсігіне арқаланып, іштей қуанып та кетті. Құпия кілтті тапты. Енді сотты да, милиция мен тергеушіні де бұра бастырмайды. Ол осыны ойлады да үлкен томның бетін енді қайтып ашпайтындай ақ сарт еткізіп жапты да, сот хатшысының қолына табыс етті. Енді ол, амандық болса, құдіреті күшті баспасөздің атынан шешуші шабуылға шықпақ. Сөйтіп, сотпен тергеушінің аяғын бір етікке тықпақ. Міне, осы оймен ол сот председатель бөлмесіне енді. Жайлап отырып, іспен түгел танысып біткенін айтты. Ендігі мәселені сөз үстінде, сұрақ-жауап түрінде шешпек. Осы істі сотқа дейін жүргізген тергеушіні шақыртты.
— Бұл істі жүргізген тергеуші осындағы милиция бөлімшесінің бастығы еді. Шақырайын.
— Онда жұда жақсы. Ол кісімен де сөйлеспек едім. Екі іс бірге бітетін болды.
Төлепберген Жолдасбеков келіп кірді. Көзі үлкен, алалау, ұзын бойлы, толық денелі қара жігіт тілшіге алдымен тым сүйкімді, көркем боп көрінді де, артынша тәкаппарлау боп танылды. Ол өзінің ежелгі әдетінше үлкен де, әдемі де ақ тістерін жарқырата күліп, жылы амандасты. Бұл кезде ол милиция қызметкерінен гөрі ұстазға, педагогке ұқсаған. Төлепбергеннің бұрын педагог, мұғалім болғаны да рас. Оның мамандығы — мұғалім. Атаққұмар, мансапты тәуір көретін туыстар оны жан-жақтан қау-қаулап, бір кезде өздерінің қолы жете алмай қалған, осы бір қызметке, боларда-болмай жіберген. Бірақ кейін бұған Төлепберген де өкінген жоқ. Милиция қызметі нағыз батыл, іскер, айласы мол адамдардың ісі екеніне көзі жетті. Содан да ол өз қызметін сүйген де ұнатқан. Кейде, тіпті, мынау нағыз қайнаған өмір ғой. Осындай істе пісіп, қатсам өзіме де жаман болмас. Өмірдің ық жағымен, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен әркім жүреді. Ал, өмірдің жел жағымен ұрма өтімен, қиын асуларымен жігіттің жігіті жүреді деп өзін-өзі қайрап та, бекітіп те қоятын. Ол осы бір өзі атқарып жүрген істің аса бір адалдықты, сақтықты, әсіресе, әділдікті керек ететінін де жақсы білген. Өзінше әділ болуға зейінді. Бірақ, кейбір істің әділдігіне, шындығына жету қиын. Өмір деген шытырманы көп, қиын-қыстау асуы одан да көп, ауыр жол. Жолдың кедір-бұдыры, қия беткейі, шырқау биігі, шөлейт шалғайы тағы бар. Кейде даңғыл жол үстінде дөңкиіп қара тас жатады. Әділ болмайын демейсің, кейде нақ осы жол үстінде көлденең жатқан қара тас тәрізді алдыңды кесе көлденеңдеп ағайын-туыс, жора-жолдас деген шыға келеді. «Ол олай емес, былай» деп жолдың теріс бетіне нұсқайды. Олардың мұнысы, шынын айтса, көбіне, адасқан адамды дұрыс жолға салып жіберудің есебіне, қайта, адасқан үстіне адаса берсін деп, бұрыс жолға біле тұрып салғандай көрінеді. Төлепберген басында мұндай жайдың көп болмаса да, ебіне лайық болғаны рас. Бірақ, оның бірде-бірі Қамбарбек Жаппарқұловтың ісіңдей өкіндірген емес. Өкініш не де болса ішінде еді. Іс бітіп, болатын іс болған соң, бұл өкінішін сыртқа шығара қоямын деп өз басы әлі ойламаған. Сол кеңсесіне шақырғанда ол неге шақырғанын білмей келді.
Сот председателі Төлепберген мен Сәукенді бір-бірімен таныстырып болды да:
— Бұл кісі сонау Алматыдан, газеттен, әдейі мынау Қамбарбек Жаппарқұловтың ісімен танысуға кепті.
Төлепберген өзінше жылдамдық қылып:
— Е, танысса несі бар, бәрі де «делода» тұр емес пе? — деп қалды.
— «Дело» дело ғой. Бұл кісінің кейбір күдігі бар тәрізді ау. Соны сіз бен біз тыңдамағанда, оған біз жауап бермегенде кім жауап береді.
— Мен сіздер «дело» деп отырған іспен түгел таныстым. Өзімше бәрін ұқтым деп отырмын. Дегенмен бір-екі сұрағым бар.
— Сұраңыз.
Тілшінің беті сазарып, ойлана қалды. Мұнысы аса бір бағалы, қиын сұрақ бергелі отырмын деген хабарды ұқтырғандай еді.
— Менің түсінуім бойынша, сіздердің кісі өлтірген адамды өлім жазасына кеспей, соншалық жеңіл жазаға жіберу себептеріңіз, не, тілге тиек еткен дәлелдеріңіз «өзін-өзі қорғау» деген сөз екен. Солай ғой.
— Жалғыз ол емес. Иә, айта беріңіз! — деп қалды сот председатель
— Ие, жалпы алғанда негізгі себептеріңіз сол ғой...
— Сол-ақ делік...
— Маған тіпті, одан басқа себеп бары белгісіз. Сондай болса деймін-ау, сондай болса, сол әлгі «өзін-өзі қорғау мақсатымен» деген сөзді сіздер қайдан алдыңыздар? Міне, осыны білгім келеді.
Сот пен Төлепберген бір-біріне қарады. Мұны тілші жігіт «бәлем, жанды жерден ұстадым ба» деп ұқты. Тілшінің осы ұғысына орай сот та, Төлепберген де әдепкіде жауап бере алмай кідіре берді. Әңгіме сұраққа жауап таба алмай, өздері жіберген қатені енді сезуден емес-ті. Кім жауап береді, не деп бастайды? Осы жайындағы аз ақтарысты тілші мүлде басқаша түсінді. Содан да ол жауабын күте тұруға шыдай алмай:
— Карта ойнайтын жігіттердің тілімен айтқанда сіздердің қолдарыңызда болған жалғыз көзір осы болатын. Бұл көзірді ұмыта салу сіздерге кешірілмес кінә ғой.
Өзі жауап іздеп, айтар сөзінің сарынын іздеп отырған сот ағасы жарылғалы тұрған қауындай тырсиып отыр еді, енді оны тағы да бір шертіп өткенде, тырс ете түсті.
— Кешіріңіз, мен сіздің алдыңызда кінәлі болып, кешірім сұрайын деп отырғаным жоқ. Өткен істің жөн-жосығын есіме түсірейін деп ойландым. Осынша несіне асықтыңыз. Сот, соттау жайында жазылған заң бар. Біздің басымыз екеу емес. Алды-артымызға қараймыз. Содан сіздің сотты карта ойынына ұқсатып, көзірге теңеуіңізге қарсымын. Біздің тілімізде көзір деген сөз жоқ. Бізде «заң», «статья» деген сөздер бар.
— Артық, айтсам кешірім сұраймын. Бірақ сіздер басты себептің жайын жақсы білмей отырсыздар ғой.
— Неге білмейміз? Оны қалай біліп отырсыз? Мен сізге айттым ғой. Сізге ол жайды қандай тілде, қай түрде айтуды, түсіндіруді ойлап отырмын. Оған шыдағыңыз келмесе, айта берейін. Өзін-өзі қорғау мақсатымен деген сөздің дәлелі көп. Оның біріншісі, шабуыл жасаушы көшеде емес, немесе, өз үйінің емес, нақ айыпкердің қорғанушы жақтың үйіне келген, қолында пышағы болған. Оның бұрын да осылайша әлденеше рет келгенін көршілері көрген. Мұның бәрі үкімде тайға таңба басқандай боп, ап-анық жазылған. Мұның үстіне, Қамбарбек Жаппарқұлов азаматтың өміріне қауып төндіріп, шабуыл жасаушы батылдау болу үшін ішіп алған. Мұны дәрігерлік анализ анық көрсетті. Екіншіден, айыпкер мен зардап шегуші арасында бұрын ешқандай ұрысу, келіспеушілік, алауыздық, араздық, басараздық болмаған. Мәселе, азамат Қамбарбек Жаппарқұлов өміріне қауіп төнген кезде қарсы қару жұмсаған, осының нәтижесінде адам өлген. Меніңше, бұдан басқаша түсінік болуы, дәлел болуы мүмкін емес.
— Сіз айтасыз, ішіп ап, пышақ алып әдейі барған дейсіз! Ол жағы сізге қайдан белгілі? Мүмкін айыпкер арақ ішкізіп, өзі алып барған шығар? Сөйтіп, пышақты қолына ұстата салған шығар. Демек, бұдан, оқиғадан сәл ғана бұрынырақ, Жайынбай қайда болған, кіммен ішкен? Пышақ кімдікі? Бұл жағы сіздерге мәлім бе?
— Мәлім болғанда қандай. Азамат Жайынбай Керімбаев ішімдікті үйінен, өз үйінен ішіп шыққан. Пышақты өз үйінен алып келген. Керімбаевтың әйелі, көршілері пышақ біздікі деп ешбір күдіксіз таныды.
— Айыпкер бұл күні Керімбаевпен бірге болмаған, екеуінің арасында ешбір талас, келіспеушілік болмағанын сіздер қайдан білесіздер?
— Біз қайдан білеміз? Біз тексеру, зерттеу, куәлар арқылы білеміз, — деп Төлепберген де сөзге араласты. — Мына істі егер сіз өте ұқыпты оқыған болсаңыз, осында бәрі де бар.
— Оқуын оқудай-ақ оқыдық. Ал, сіздерше, Керімбаев шабуыл жасаған, Жаппарқұлов қорғанған, болмай бара жатқан соң қару жұмсаған болсын. Ал, бұл шабуылды Керімбаев өзін шахтадағы қызметінен босатқан бойда жасамай, бақандай үш ай бойы ойланғаны қалай?
— Жоқ, ол үш ай бойы ойланған жоқ. Оқтын-оқтын шабуыл жасап, балағаттап, қорқытып келген.
— Оны біз қалай білеміз?
— Істе бар ғой.
— Бар болғанда тек сөз ғой.
— Сізге енді не керек? Тілшілердің іздегенінің өзі сөз емес пе?
— Жалаң сөз емес, куәлі, зерделі, дәлелді сөз болар. Ойланып айтыңыз! — Тілшінің дөңгелек жүзі дыз ете түсті.
— Артық, айтсам кешірім өтінемін!
— Оныңызға да рақмет. Бірақ айтылатын сөз айтылды. Сіздер заң баққан болсаңыздар, біз сөз баққан – ақ болайық. Бірақ заң да, сөз де жалан болмайды. Екеуінде де негіз, дәлел болады. Логика деген бар. Біз көбіне осыған жүгінеміз.
— Апырай, жігітім, дегенмен заң қызметкері болмай, журналист болғаныңызға таңым бар. Заң қызметкері болсаң көп пайда келер ме еді!
— Кекетсеңіз де, берген бағаңызға рақмет. Мен егер білетін болсам, оныңыз рас болса, газетте жүріп те заңға пайда тигізуім мүмкін ғой, — деп тілші өзімен сөз жарыстырып отырған Төлепбергенге енді қарады.
— Мен кәдімгі шынымды, таң қалғанымды айтып отырмын. Мұнда ешбір кекесін жоқ.
— Болмағаны жақсы, — дей салды ол өзін-өзі бекіткендей боп. — Бірақ, сіздер маған Керімбаев Жаппарқұловтың соңына өзі шахтадағы қызметінен шыққаннан бастап түскен дегенді дәлелдеп көріңіздер! Өйткені Жаппарқұловтың «Жайынбай менің үйіме мас боп, пышақ алып пәлен күні келді, түген күні келді» дегені болмаса ешбір айғақты қағаз жоқ. Сіздер, ақыр мені не кекетіп, не шынымен білгіш деп отырсыздар. Мен де сіздердің сол үміттеріңізді ақтауға тырысып Көрейін, Қане, бұрында талай-талай шабуыл жасап, Жаппарқұловтың өміріне қауіп төндірген деген сөзді сіздер немен дәлелдейсіздер?
— Бұл айтқандарыңыз, әсіресе, өз қолымен жазған арыз мынау істе неге жоқ?
— Алғашқы тексеруде бар. Жалпы іске тігуді артық көрдік.
— Сіз қалай артық көресіз, мәселенің өзі сонда тұрған жоқ па? Ал, сол кезде, оған қарсы, қылмысты істі болдырмау үшін сіз не шара істедіңіз. Мен енді осыны білгім келеді.
— Мен өзім тексердім, тіпті бірнеше рет, ұмытпасам, екі мәртебе пост қойып байқадық.
— Нәтижесі не болды?
— Пост қойған кезде, Жаппарқұлов тұратын үйді әдейі байқауға алған кезде ешбір күдікті нәрсе байқалмады.
— Сонсын?
— Сонсын, не болсын, біз бұл мәселе жайында сөз етуді қойғанбыз.
— Кісі өліміне жеткенше бұл мәселе сіздерді мазалаған жоқ қой.
— Солай десе де болады.
— Қылмыстың болуына себепкердің бірі мен өзім едім деп баяғыдан бері айтпайсыз ба? — деп тілші жылмия күлді.
— Мен қатемді аудандық партия комитетінің бюросында мойындағанмын.
— Мойындау мойындау, қылмысты қайтесіз?
— Қылмысты болсам оны да мойынмен көтеремін. Бірақ әңгіме қылмыста ғана түр ма? Мен өзімнің қатемді азаматтықпен мойындадым. Мәселе, тіпті онда да емес. Мен өзімді өлген адам алдында да, сотталып түрмеде отырған адам алдында да едәуір айыпты санаймын.
Мен басқарып отырған милиция бөлімшесіндегі екі-үш жігіт осы кішкене шахтерлер қалашығының барлық тыныштығына, қауіпсіздігіне жауап береміз. Мұның үстіне менің үлкен қатем пост қойып, солардың көзіне ештеңе түспеген соң, Жаппарқұловтың ауызша айтқанына, тіпті қол қойып жазып бергеніне иланбағаным болды. Менің өз білуімше бұл үлкен қате. Істің мәнділігіне тиісті баға бере алмаудан туған қате. Бұл үшін мені, менің қарауымда істейтін, оның ішінде постыға тұрған жігіттерді қалай айыптаса да болады.
— Бұл қате неден болды дер едіңіз?
— Неден болғаны сол. Поста тұрған адам мас боп, пышақ ап жүрген бейсауат, күдікті кісіні көре алмады. Оның себебін кейін ұқтым. Марқұм Жайынбай Керімбаев ішіп алса да есінен айрылмаған. Ол да аңдып, пост тұрған күндері милиционердің торуын сезіп, Жаппарқұловтың үйіне жақын келмеген. Демек, оның қимылында бізше ешбір кездейсоқ, ойланбаған нәрсе жоқ. Мас бола тұрып ол қолға түспеуге, көзге көрінбеуге шамасы келген. Демек, ол бәрін де ойланып істеген. Айыпкердің жазасы жеңілдеп, зардап шегуші жақтың талабының төмендеп қалуына басты себептердің бірі осы ма деймін.
Тілші Төлепбергеннің ешбір бүкпесіз айтқан сөзіне таң боп қалды. Алғашқы ойлар бірте-бірте сейіле түсті. Ол бір сәт, заң болса да, болмаса да заң ғой деп түйді. Онымен таласу қиын. Сол заң статьяларының көлеңкесінде, әрбір әріптің тасасында адам, кісі тағдыры тұрғанын, оны көретін сезгіштер болатынын ойлап та кеткен. Заң — заң. Ол көрсетуші, кездесуші, адастырмас темір қазық. Бірақ бұған адам ойы, сезімі, қиялы, адалдық тәрізді асыл қасиеттер келіп қосылғанда оның рухы көтеріле түседі. Мына жігіт қатесін біліп те, сезіп те, оны ашық түрде мойындап та отыр. Бұл біздің замандастар бойынан іздейтін асыл қасиет. Оның жер астында алынбай жатқан кен байлықтары сынды кейде күтпеген жерден кездесе кететіні де болады. Сәукен Досов өзі көріп, өзі сезіп отыр. Мынау алдында отырған ала көз, ұзын қара жігіт әдемі, сүйкімді ғана емес, ол сонымен бірге бойында адалдық қуаты, шыншыл қасиеті мол жігіт. Осындай жылы ойдан туған ыстық леп жаңа ғана күдікпен қарап отырған адамды оған мүлде жақын етіп жібергендей еді. Сот ағасын қоя тұрып, ол осы мәселе жайында, тергеушімен әбден сөйлесіп алуды жөн көрді. Тілші әлгі бір кездегі сұрақтарды қоя сап, ойға батқан. Берген сұрақтарым қандай асығыс, шапшаңдау болса, қайтуым да сондай тез емес пе? Адамға сену, сенім көрсету, оның адалдығына иланудың өзі жақсы қасиет емес пе? Міне, мына жігіт бір кезде өзінен әлдеқайда жасы үлкен адамның сөзіне иланбағанына пұшайман жеп отыр. Сол сенбеуден кеткен қате бар, әттең көп те емес, жетіп те жатыр. Жас журналист соны ұғып отыр. Әлден уақта ол әлі қалыптаса қоймаған жасаңдау бір байсалдылықпен сөйлейді:
— Осымен бәрі түсінікті болды деп айта алмаймын. Ата-бабаларымыз «кеңесіп пішкен тон келте болмайды» депті ғой. Сондай-ақ, тон келте боп қалмасын десек, тағы да кездесейік, сөйлесейік. Мен комбинат директорымен кездеспек едім. Әрине осы мәселе жайында. Соған асығып отырмын. Әзірше, сау болыңыздар! — деп орнынан тұрды. — Қоштаспаймыз. Біз журналистер көп ретте заң қызметкерлеріне ұқсаймыз. Олай дейтін себебім, біз де сіздер тәрізді бастаған істің статьясын тауып, өкім айтпай, орта жолда тоқтау дегенді білмейміз. Енді үкім шығармағанмен соған жақындау етіп, бір қорытындыға келмесек, көңіл көншімейді.
— Алғашқыда тіктеу келгеніңіз болмаса, түбінде осыны айтарыңызды білгенмін! — деп Төлепберген де өз ойын қыстырды.
— Оныңызға да рақмет! — дей салды тілші.
Өйткені асығып отыр еді. Комбинат директорымен кездесетін уәделі кез де жақын қалған.
Тілші Александр Терентьевичпен де ұзақ сөйлесті. Әрине, әңгіме Қамбарбек Жаппарқұловтан басталды. Директор бұл шахтер жайындағы көзқарасын бүкпей, ашық айтты.
— Мен сізге, айтар едім, мәселені шын зерттеп білгіңіз келсе, ол кісі қайда отырса да тауып ап сөйлесіңіз. Өте қызық адам. Адал, шынын айтады сізге. Мен заң қызметкері емеспін. Оны дұрыс соттады ма, жоқ па, ол арасын мен жақсы білмеймін. Мен, әрине заңның барын білемін. Оны әрқашан да әділ деп ұғамын. Бізге осында ол кісіні алып қалайық, оны шахтада істетейік, немесе кепілдікке сұрайық деушілер болды. Мен бұған бара алмадым. Ол адам бізге қанша керек болғанмен, екінші адамның соңынан жүрген бір топ адам тағы бар. Олар да өзінше өлген адамының ісін дұрыс деп санайды. Сонымен шынымды айтсам, бұл іске араласа алмадым. Менің қатем де, қате емес жерім де осында... Ал нағыз шынын айтсам, Жаппарқұлов Қамбарбек маған нағыз ұнайтын, құрметтейтін, оған тұратын адам еді. Ащысай мен Хантағы шахталарында сонау отызыншы жылдардан шахтер болған...Өмірінде бір рет сөгіс, ескерту алмаған. Соғыстан бұрын да, соғыс кезінде әсіресе, өз нормасын үнемі артығымен орындады. Біз адамды еңбегіне, істеген ісіне қарап қана бағалап үйренген өндіріс еңбек адамдарымыз. Бұл жағы, тілші жолдас, сізге ерекше түсінікті болса керек-ті. Бізде біздің елімізде адам еңбегімен, қызметімен ғана құрметке бөленіп, өзіне деген абыройды жеңіп алады. Біздің сөз етіп отырған адамымыз, осындай бір асыл, абыройлы адам еді Өкініш, сүріну, тіпті құлап қалу кімде болмайды. Міне, жақсы шахтер, жақсы азамат күтпеген жерден қатты сүрініп, осыңдай оқиғаға душар болды. Милиция мен соттың қатесін білмеймін, өз басымның осы жайында үлкен қатем болды.
Тілші Левченкоға сездірмей, жайлап қана қойын дәптеріне қол салды. Мұнда оның оқыған кітаптарынан алған сан қилы ақылды сөздері, қанатты ойлары, өзіне ерекше ұнаған данышпандық пікірлер толы болатын. Нақ осы арада соның бірін айтып жібермек, болды. Жас жігіттердің көбіне-ақ тән осы қылық бұған ерекше ұнайтын. Дәптерін алып ашқан мезетте, оның көзіне Феликс Дзержинскийдің айтқан бір ақылды сөзі көзіне оттай басылды. Өзі де қуанып кетті. Сол қуаныш үстінде сөйлеушіні бөліп:
— «Человек только тогда может сочувствовать общественному несчастью, если он сочувствует какому-либо конкретному несчастью каждого отдельного человека» — деген біздің көсемдеріміздің бірі. Сіз неге дұрыс, не бұрыс сотталғанын білмеймін дейсіз? Қатені мойындап қана құтылып кету, бұл жерде адам тағдырынан іргені аулақ салудың ең оңай жолдарының бірі емес пе?
— Азаматтық, моральдық жағынан келсек, менің қатем анау-мынау қате емес, үлкен қате. Бірақ сіз маған ескерту жасауға әлі асықпаңыз.
Бұл тағы қандай жаңалықтың бетін ашқалы отыр дегендей, журналист оған сұраулы қарады.
— Бұл шахтердің жанындай жақсы көрген жалғыз баласы болған. Ол бала майданда ерлікпен .қаза болды, деп қара қағаз келген. Оны шал адам, баласын ерекше жақсы көретін адам өте қатты аза тұтты, қайғылы жүрді. Мен осы кезде сол қайғысын сейілтер ме екем, жеңілдетер ме екем, көңілін басқа жаққа аудара түсем бе деген мақсатпен оны бригадир етіп әзірледім. Ол болмаймын деп, бұлқынып керді. Мен қайтпадым. Енді ойлаймын, осы мансап оған мүлде керек емес еді. Ол жай шахтер болса, рапорт жазбас еді, оған қол қоймас еді. Онда Керімбаев оған осылайша жармаспас та еді. Әрине, бұл әшейін бір пендешілік өкініш, екінші қатем, біздің комбинаттың парторгі, бұрынғы әйелін тастап, оның осында енді ғана оқу бітіріп, осы жерге дәрігер болып келген қызына үйленді. Бұл жайды Жаппарқұловтың абыройын, беделін көре алмаушылар басқаша талқылап, өсек айтты. Шалдың жанына жазықсыз тиді. Біз бұл мәселенің де, кезінде алдын алып, бетін қайтара алмадық. Жас жігітті, әлгі парторгті жазалап жіберді. Бұл оған да қатты тиді. Қазір басқа жерде оқытушы боп істейді. Біз сөйтіп, жақсы шахтерден, өсіп келе жатқан партия қызметкерінен, жаңадан келген дәрігер маманнан ажырап қап отырмыз. Мұның бәрінде де комбинат директоры менің кінәм бар. Мен мұны ойланамын. Бізге енді адам тағдыры, адам ісі, оның тілек-мұраты дегенді ең бірінші сапқа қоятын кез жетті. Біз анау-мынау ел емес, жеңімпаздар еліміз. Дүниежүзілік екінші соғыс, адам баласының тарихындағы ең үлкен, ең қырғын соғыс біздің жеңісімізбен бітті. Біз Европаның тең жартысына бостандық теңдік алып бердік. Біз енді адам баласының болашақ тағдырында өз орны, өз үлесі бар елміз. Сондай елдің адамы, мына сіз бен біз адамдықты адалдықты құрметтемесек, Отанымыздың даңқы мен салтанатына лайық бола алмаймыз. Заң да адам баласының қолымен жазылған, соның ойынан, қиялынан, логикасынан туған. Демек, оны да қайта қарауға, дұрысын қалдырып, керісін түзетуге тиіспіз. Меніңше, мұндай істе әсіресе, журналистиканың рөлі зор болса керек.
— Менің асығыстау айтқан ескертуіме ренжімеңіз. Бірақ, әлгі өзіңіз айтқандай, адам тағдырына, жеке адамдардың тағдырына жіті қараған жөн. Александр Терентьевич, өте дұрыс айтасыз, журналистиканың ең алғашқы сабағында бізге журналистика дегеніміз ең озық, ең шыншыл қоғамдық, әлеуметтік пікірдің командир бастаушысы деп үйреткен. Бізден кейінгіні де нақ осылай үйретіп келеді. Бірақ бұл әр кезде-ақ адамына ие, журналистің қадір-қасиетіне, ақыл-парасатына байланысты.
— Әрине, адамына байланысты. Мәселен, менің орнымда, менен гөрі жіті ойлайтын, алдындағыны алыстан көре алатын біреу болса, мынадай оқиға болмас па еді.
— Александр Терентьевич, сіз өте кішіпейіл әділ басшы көрінесіз. Бірақ, соның өзінде де өзіңізді өзіңіз құрбан етіп сөйлегеніңіз артықтау ма деймін.
— Міне, тізеден қағатын нағыз журналисті енді көріп отырмын. Дұрыс, молодец!
— Мен әлі сіздің ол сөзіңізді ақтай қоятын жайға жеткенім жоқ. Қанша әділ болғыңыз келсе де, кейбір басшылардың иықтан қағып, бос маңыздануы сізде әлі де бар екен.
— Дұрыс! — деп Левченко қызарып кетті. — Журналистің аяңшыл, асықпайтын, тым сағынан гөрі, ұрмалауын жақсы көремін. Әрине, сенен оның ешқайсысын да көріп отырғаным жоқ. Осы сапардан соң сенің де аяқ алысыңды байқаймыз.
Ол жымиып күліп қойды. Сәукен де оған қарап күлді. Ол бұл сөздің әзіл-шынын аңғарғысы келді.
— Біздің халқымыздың сүйіп айтатын, барынша әділ мақалдарының бірі «дайын іске сыншы көп» деп аталады. Журналистердің жақсысына да, жаманына да мінші, сыншы жетеді ақ. Бірақ өзіңіз өте жақсы көрген тәуір шахтердің ісіне араласып, зәредей болса да қол ұшын бере алмапсыз. Ал, енді соның есесіне мені қайрап отырған болсаңыз, ол сырыңызды ашық айтыңыз. Әлгі өзіңіз айтқандай мен де адаммын, ойланайын, толғанайын.
— Мен енді не айта аламын? Өз кінәмді айттым. Менің өз түсінігімше оқыстан, мен сияқтылардың қатесінен болған нәрсе. Әйтпесе, Қамбарбек Жаппарқұлов өте сабырлы, көпті көрген адам. Әр нәрсенің жөн-жосығын білетін, өмірлік тәжірибесі мол кісі. Менің тілшіден, мына сізден бір өтінішім бар. Сен жолын тауып сол адаммен бетпе-бет, көзбе-көз бір сөйлессең. Оқиғаның өткеніне жылдан асты. Содан бері ол қандай ойға келді екен? Мұны білу журналист үшін артық болмас еді-ау!
— Пікіріңізге көп рақмет! Бүгін осындай бір ой өзімді де мазалап отыр.
— Дұрыс. Шал, қара шал қандай күйде, қандай ойда екен. Білген дұрыс. Бізді айыптауың ешқайда қашпас та. Біз деген үлкен нысана емеспіз, кішігірім қыспа желдің күшімен атылатын тир мылтықтарымен де ата салуға болады.
— Атуды тілеп отырсаңыз, атып түсіруге кішкене нысанадан гөрі, сіздер тәрізді үлкен қомақты нысана оңды болады.
— Мұның да жаны бар. Бірақ, мен үлкен нысанаға жатпаймын дедім ғой.
— Жатқанда қандай, жүздеген жұмысшы коллективін басқарып отырған, үлкен комбинаттың директоры үлкен нысана болмағанда кім болады?
— Мені шынымен үлкен нысана санасаң, менің мына бір мақаламның республикалық газеттің бірінде жарық көруіне көмектес. Ал, біз туралы жазарын, болса жаза жатарсың!
Александр Терентьевич Сәукенге алты-жеті беттей, машинкаға басылған қолжазба ұсынды.
— Кейін оқырсың, бұл да бір көкейде жүрген ой еді. Соны жаздым. Ұнаса, керек деп тапсаңдар, көрерсіңдер,
Левченкомен қоштасты. Ертеңіне ол Төлепбергеннің кеңсесіне келді. Бұл да күтіп отыр екен. Екеуі әлдеқалай бір бұрыннан таныс адамша жылы амандасты.
— Бір-бірімізді дұрысырақ түсіну үшін оңашада бір шүйіркелесіп көрелік! — деп Сәукен бар көңілін білдіре келді.
— Ондай жақсы ниетіңіз болса, мен әзірмін! — деп Төлепберген маржандай тізілген, үлкен тістерін көрсетіп, жайдары күлді.
Сәукеннің де қалыңдау ерніне күлкі үйіріліп, қисықтау көзінің жиегі жиырыла қалған. Журналист осы екпінімен қайтадан шындыққа шақырғандай боп:
— Теке, мәселе маған едәуір түсінікті бола бастады. Бұдан да гөрі айқынырақ болу үшін сіз бен біздің кеңесіп алатын бір жайымыз бар. Мәселен, сіз ғой, тергеу жүргіздіңіз ал әттең ау деп іс жайында өкінген жеріңіз бар ма? Давай, өте ашық, әділ сөйлесейік.
— Мен ол жайды ашық айттым. Тағы бірінші рет айттым. Менің әттеңім де, қатем де осында. Алғашқы сигнал бойынша-ақ мен Керімбаевты жауапқа шақырып, біздің тілімізше профилактикалық істер жүргізуім қажет еді. Онда бұл іс мүлде болмас па еді деп ойлаймын. Екінші мені ойландыра беретін нәрсе, соншама адал, ақкөңіл, бала мінезді Қамбарбек Жаппарқұлов менің ісіме аса үлкен күдікпен қарап кетті. Бұл қағазға жазылмаған аса үлкен айып. Ол менің кейбір қимылыма қарап, біздің заң қызметкерлерінде шындық аз екен деп ойлауы да кәдік. Бұл менің, мінім. Оның бұл ойының кінәлісі мен.
— Дұрыс! — деп қойды тілші, — сіздің бұл айтқаныңызда есте болады, Төке! Өзі Левченко жолдас айтқандай ете жақсы адам ба?
— Жақсы адам. Арақ ішпейді, шылым тартпайды. Жасының біразға келгеніне қарамай ете қуатты, күші мол, батыр ма, палуан ба — тұлғалы адам. Ал, мына оқиға оның, күйініп, қайғыда жүрген, рухани шаршап жүрген кезінде тап болды, да күйіп кетті. Мұның үстіне біреулер Жайынбай үстінен жазылған рапортқа алдап-сулап қол қойғызып алған. Әрине, ол қайсар, бір бет, күрт мінезді адам екені белгілі болатын. Бірақ ол мінезін себепсіз көрсеткен емес. Сол бір қайсарлықтың, намысқорлықтың алғашқы екпініне жем боп кетті дейміз бе, қалай? Әйтеуір, жеткізе алмай отырғаным болмаса, қылмыс жасайтындай адам емес еді. «Ашу дұшпан, ақыл дос» — дегенді айтқан адам данышпан. Сол ашу азаматты батпаққа итеріп-ақ жіберді. Ал, қылмыс жасалды, қан төгілді. Енді айыпты кім дегеннен не шыға қоймақ? Мені айыптауға болады. Сигналға дұрыс құлақ аспады, өзінің міндетті ісіне салқын қарады деп партиядан шығарып, қызметтен алуға болады. Бірақ онымен іс біте ме?
— Ал, сіз мынау зардап шегушілер жағының наразылық арызына, жаза бермеді, жеңілдетті деген талабына қалай қарайсыз?
— Меніңше оның бәрінің негізі жоқ. Оған ешкім де женіл жаза берген жоқ. Қайта, қайта ауырлау. Оның себебі біз өзіміз кінәлі болған соң, зардап шегіп, адамдарынан айрылып отырған жақтың үнін тыңдамасқа, оған құлақ аспасқа болмады.
— Осы кәдімгі шыныңыз ба?
— Шыным.
— Оны қалай дәлелдер едіңіз?
— Мәселен, мен іске Қамбарбектің әлденеше рет сигнал бергенін, оның үстіне қолымен арыз жазып бергенін қоса тіксем, жеті жылдан әлдеқайда аз берілер еді. Заң солай. Мәселені ушықтырып алмайық дегенді ойладым...
— Ал, бұл жағы түсінікті. Қамбарбек Жаппарқұловтың Керімбаевқа өшіккен бір себебі, майданда өлген баласына атастырған қызды Жайынбай алған екен дейді. Бұл жөнінде не білесіз?
— Атастырған дегенді ешкім білмейді. Жайынбай алған қыз бен Қамбарбектің баласы бірге оқыған. Бірге оқыған қыз көп. Оның бәрін атастырып қойған дегенді айта алмаймын. Екіншіден, Қамбарбек өз қызын ешкімге атастырмаған. Ал, біреудің қызын оқыған, өзі сымбатты, ерке боп өскен баласына атастырып қойған деу артық тәрізді. Ал, атастырып қойған күннің өзінде де, өлген баласының әлі некесі қиылмаған адамын басқа біреу алғанға намыстанбайды. Бұл жала жабушылардың көп себептерінің бірі болар.
Тілші тағы бірдеңені білгісі келіп, оңтайлана түсті.
— Ие, айтпақшы, осы екі кісінің арасында бұрыннан талас, келіспеушілік болмаған деп ойлайсыз ба?
— Қызмет бабындағы анау-мынаудан басқа ештеңе болмаған. Өлген марқұм барынша жалқау, қу адам, қулығы мен сұмдығы, арамдығы одам да көп. Ал, мынау айыпкер адал, еңбекқор, жаны таза адам. Міне, осы қарама-қарсылық бұрын да болған, ақыры осындай қайғылы іске әкеп соққан.
Тілші арызданушы жақпен де көп сөйлесті. Екі жақтың сөзін де ұқыпты жазды, жадына жақсы түйді. Бұрын кездесе қоймаған ауыр қайғы екендігін ол іштей мойындады. Алматы қайтуға дейін бұл екі жақтың біріне бел шешіп құлаған жоқ. Жарысқан, тайталасқан екі ой оны Түркістан станциясына әкелді. Поезға отырды.
Оның орны екінші қатарда екен. Ол бір жағынан бұған қуанып кетті. Төменде болсаң, қасыңда келе жатқандармен амалсыз сөйлесіп кетесің. Ал, бұл енді екінші қатарға шығып ап, өзімен-өзі боп, ой сапарымен бірге болмақ.
XXVI
Поезд доңғалағы сартылдап ұрып келеді. Журналист ой сапарында. Оның, осы ойын әлдилеп тербеткендей поезд бүлк-бүлк селк-селк етеді. Әдемі бір тербелу, шайқалу бар. Ойға бөгеті жоқ, қайта ақырын шайқап, жанды жай тапқызады. Қанша күн бір істің соңында боп, қаншама адаммен сөйлесті? Хантағыдан шығарда, поезға келе жатқанда әлдеқалай ақтың қайсы, қараның қайсы екенін біліп қалғандай еді. Енді ол ой серіліп кеткен бе, жым-жылас. Әлде де бірдеңе жетпей жатыр? Не жетпейді? Оны өзі де нақ қазір кесіп айта алмас еді. Талай іс бітірдім деп түйген еді. Енді қараса біткен де, ұққан да ештеңе жоқтай. Ол ыза боп кетті. Келесі станциядан түсіп, Хантағыға қайта барғысы келді. Одан не шығады? Бір жетіден аса әркімдермен сөйлесіп, беттерін шиедей .етіп толтырған қойын дәптеріне де үңілмек боп, қабырғада ілулі тұрған костюміне қолын созып барды да тоқтады.
Оның басына тағы ой келді. Осында неге келгенін есіне қайта-қайта алғанша, бұған қатысы жоқ басқа бірдеңені еске түсіруге асықты. Александр Терентьевич берген мақала есіне түсті. Ол папкасын ашты да, бас жағында тұрған шамды жағып, Левченко мақаласын оқуға кірісті. Мақаланың бас тақырыбы бұған қызық көрінбеді. «Жұмысшы табының болашағын ойласақ» деп қойған. Мұнысы несі, жұмысшы табының болашағында ойланатын не бар? Бұл тап өзі күрестерде піскен, еңбекте шыныққан, әбден қалыптасқан тап. Енді бұған Александр Левченконың не қосып, не алатыны бар? Оның осы мақаласын тап сол жерде оқып шығып, пікірімді айтып қайтарып бермей, мойныма қарыз қып, папкама ауыр етіп, несіне алдым деп іштей өкінді. Алып кеттің, енді басқыза алмасаң тағы пәле? Ұяты тағы бар. «Не де болса оқып керсем» деген бір ой тағы келді. Кім біліпті, тақырыбы келіспей тұрғанмен, мазмұны дұрыс болса, басын өзгерте салу оңай емес пе? Адамның бас киіміне қарай сап, оның ақылын біле салуға бола ма дегендей, өзіне-өзі сұрақ қойып ап, мақаланы оқуға кірісті.
Міне қызық! Левченко мақаласы оған салған жерден ұнады: «Мен көп жылдар бойы өндірісте, оның ішінде түсті металдар өндірісінде, жұмысшы табының қайнаған ортасында өсіп келе жатқан адаммын. Әкем Днепропетровскінің байырғы жұмысшысы болған. Жұмысшы адамды сыйлау, оны құрметтеу, оның еңбегіне қарау, дұрыс баға беру, оның болашағына зер салып, қадағалап отыру дәстүрі қалыптасқан, айнымайтын дәстүр. Ал, қандай бір жақсы, пайдалы, қалыпқа түскен дәстүр болмасын оны байытуға, жетілдіре түсуге болады. Міне, біздегі жұмысшылық дәстүрді, жұмысшылық мамандықты жетілдіре түсетін шақ жетті. Оған мүмкіндік мол. Ал, соғыс бітті. Біз жеңдік. Жасыратын не бар? Байырғы, тәжірибесі мол, еңбекте шыныққан жұмысшылардың біразы Отан үшін шайқаста құрбан болды. Ал, енді біразы мүгедек боп қайтты. Соғысқа әдейі жіберілмей, маңызды өндірістерде ұстап қалған білікті жұмысшылардың аға буыны қартайып та қалды. Бұл үшеуінің үстіне қазіргі өндірісте ешбір техникалық мамандық алмаған, өз бетінше үйренген слесарьлар, токарьлар, электриктер тағы басқа оқымай алған мамандықтар бар. Бұларға арқа сүйеу де онша сенімді бола бермейді. Міне, осындай жайдан келіп, бүгінгі жұмысшылардың ертеңгі күні қандай болуы қажет деген сұрақ өзінен-өзі шыға келеді.
Меніңше, соғыс салған жараның бірі сол — бұрын өзінен-өзі кезегімен ауысып келе жатқан жұмысшылар ұрпағын өзінің жетілу, өсу ырғағынан жаңылыстырын қырып жіберді. Енді бізге соғыстағы шығын болған жұмысшылардың орнын басатын жаңа буынды іске қосуға тиіспіз.
Бұл мәселенің үстіне біздің ендігі, бұдан былай қарай өсу жолында алатын белгілі асуларымызға да зер салуға тиіспіз. Біз енді біраз уақытта соғыс салған жараны жазып қана қоймаймыз, қираған қалаларды, қаусаған техниканы, заводтар мен фабрикаларды қалпына келтірін қана коймай, жаңадан, бұрын болмаған техникаларды жасайтын боламыз. Ал бұзылғанды қалпына келтіретін кім? Жұмысшы ма, жұмысшы. Жаңаны жасайтын кім? Жұмысшы ма, жұмысшы. Ондай болса сол жұмысшыны біз қайдан, кімдерден жасақтаймыз? Міне, мәселе. Әрине, бізде жастар өсіп келе жатыр. Біз ешкімге де көз сүзіп, бізге жұмысшы бер демейміз. Сол өз жастарымыздан жұмысшы табының бүгіні мен болашағын жасаймыз. Солай етуге тиістіміз. Олай ете алмасақ, біз өндірісті соғыс кезіндегі дәрежеден алыс алып кете алмаймыз. Басқаны былай қойып, Ащысай түсті металдар комбинатын тұтас алып қарасақ шахтада істеп жүрген байырғы, тәжірибелі жұмысшылардың саны бұрынғыға қарағанда төрттен біріндей ғана. Қалғандары тәжірибесіз жастар, соғыс кезінде келген жай жүмысшылар, немесе пенсия жасына келіп қалғандар. Ешкімнің де көңіліне келмес, біз бұндай адамдармен мардымды іс жасай алмаймыз. Өндірісті алысқа бастай алмаймыз. Біз өндірісті, шахта жұмысын ерге бастырып, оны дамыта түсу үшін көптеген жұмыс істеуге тиіспіз. Оның ең бастысы жұмысшы кадрларын жасау, оны тәрбиелеу, оқыту, білім беру. Мұның ең бастысы — жастарға техникалық орта білім беру дер едім. Осы күнгі фабрика заводтық оқу жүйесін барынша, батыл түрде жақсарту қажет. Бұған бастауыш, толық емес, орта білімі бар, сауатты жастарды көптеп қабылдау қажет те, оларға жалпы біліммен бірге, техникалық білім, арнаулы мамандық беретін білім берген жөн. Келе-келе осы фабрика заводтық оқу жүйесін, атап айтқанда осылардың базасында орта дәрежелі арнаулы білім беретін техникумдар мен училищелер жасаған дұрыс.
Мұндай техникумдар мен училищелер әрбір оқушыға арнаулы орта дәрежелі мамандық берсе, оған қоса жалпы программа бойынша орта білім берсе, қандай орынды болар еді. Меніңше, мұнда ешбір сәуегейлік жоқ. Ерте ме, кеш пе, біздің бұл айтылған шараларды іске асыруымыз хақ. Бірақ, оны соза бермей, міне нақ осы кезде, соғыс кезіндегі өндіріс қарқынын баяулатпай, осыдан әрі қарай жалғастырып әкете беретін кезеңде іске асыру өте қажет.
Меніңше мұндай шараларды іске асыру керектігін өмірдің өзі көрсетіп, өзі дәлелдеп отыр. Мәселен, біздің өз өндірісімізді — шахталарды алып қарайық. Шахта жұмысы жыл санап қиындап күрделі тартып, техника өсіп, әдіс, айла көбейіп келеді. Ал, осындай өсу үстіндегі техниканы басқаратын мамандар қайда? Біз техника жасаудың алдында оны басқарып, бірден игеріп алып кететін кадрлер жасақтауға тиіспіз. Қазіргі заманғы өскен және өсіп келе жатқан үлкен өндіріс, завод, фабрика шахталардың бүгінгі талабын қанағаттандыру үшін, болашағын қамтамасыз ету үшін сол объектілердің қасынан арнаулы училищелер, техникумдар ұйымдастырылса деген ұсыныс ете орынды тілек. Атап айтқанда, Ащысай түсті металдар комбинатының жанынан тау-кен техникумын жасаған өте орынды. Сонда ғана біз өзімізге керекті тұрақты жұмысшы кадрлерін жасақтап, оларды тәрбиелеп өсіріп отырар едік. Бұл өзі заңды түрде айналып, ауысып келіп отыратын маман жұмысшылардың тұтас бір қауымын, білімді буынын жасаудың басты шарты болар еді...»
Александр Левченконың мақаласы Сәукенге қатты ұнады. Ол осы мақала әсерімен өзінің тексеруге, анығына жетуге келген мәселесін бірауық ұмытып та кетті. Алматыға келген соң, ол редакция қызметкерлерінің дәстүрлі кезекті бір кеңесінде өзінің тапсырманы орындай алмаған себебін ұзақ баяндады.
— Егер, сіздер, рұқсат етсеңіздер, менің Балқашқа, әлгі айыпкер Жаппарқұловтың жұмыс істеп жүрген жеріне барғым келеді.
Сәукеннің бұл сөзін біреулер күлкіге айналдырып жіберді.
— Ие, сен келді екен деп, айыпкер, не мен шынында айыпты едім деп мойындай қояр деп пе едің?
— Нақ солай болмаса да, қызығы бар. Ол кісі өзін айыпты санап, қорғаушы алудан да бас тартқан дейді. Өзі бір қызық адам болса керек.
— Сен не, қылмыстыны іздеп жүрсің бе, жоқ әлде қызық іздеп жүрсің бе? — деп қалған редактордың сөзі оған бәрінен де қатты батты.
— Жоқ, ә... Жоқ, қызық емес! Бір нәрсеге көзім жетпей тұр.
Редактор Сәукенді түсіне кетті. Жас журналистің жүзінде әлі де бір шешілмеген жұмбақтың ізі бар-ды. Ол осыны байқады да алғашқы ойын шайып – жуғандай боп әңгімесін қайта жалғады:
— Бастаған ісін аяқтауға мүмкіндік берелік. Бала бұл жолы, өзінің негізгі тапсырмасын орындай алмағанына қарамастан, басқа бір жақсы іс бітіріпті. Менің алдымда, ол алып келген бір жақсы мақала жатыр. Ол Ащысай түсті металдар комбинатының директоры Александр Левченко жазған мақала. Мақала маған қатты ұнады. Онда жұмысшы өмірінің, өнеркәсіп мұқтажының ең бір жонды, манызды мәселесі сөз болады. Бір сөзбен айтқанда актуальды, проблемалы мақала. Бұл мақала үшін рақмет айтып, негізгі шаруаны бітіруге мүмкіндік берелік. Дұрыс па, жолдастар! — деді.
Редактордың сөзін көп қолдап «Дұрыс! Дұрыс!» — деп жатты.
Сөйтіп, Сәукен жолға қайта шықты. Алматыдан Балқашқа екі сағаттай ұшатын «Л-16» самолеті оны бұрын көрмеген жаңа қаланың аэропортына әкеп түсірді. Сол күні түс ауа Балқаштан тамақтанып алды да, самосвал кабинасына отырып, Қоңырат кеніне сапар шекті. Кештетіп келді. Мұнысы дұрыс та болды. Жұмысшылар қонысына енді ғана қайтқан екен. Ол коменданттан рұқсат қағазын алып, жұмысшылар барағына келді. Қамбарбекті сұрап, онымен кездесті. Өзін арнайы сұрап келген бейтаныс, дөңгелек бет қара жігітке ол алғашқыда сұраулы қарады да, артынша, кім болса да шаруасы бар біреу шығар деп, өзін бекіте түсті. Тілші оған қол беріп амандасты.
— Сәукен Досов, тілшімін! Саламатсыз ба? Әдейі іздеп келдім.
— Саламат бол, шырағым! — деп ашық шахтада жұмыс істеп, әбден күнге күйген шомбалдай шойын қара, мыртықтау болса да, темірдей қатты саусағымен жігіттің қолын қысып-қысып қойды. Тілші төмен қарай иіліп барып, еңсесін көтерді. Қамбарбек ыңғайсызданып қалды. Ұялған тек тұрмас деген емес пе, артынша:
— Тілші іздеп келетіндей адам емеспін, шырақ, мүмкін іздегенің басқа шығар.
— Сіздің есіміңіз Қамбарбек, фамилияңыз Жаппарқұлов қой?
— Ие, солай.
— Онда менің іздегенім сіз.
— Онда, онда құлдық. Алматыдан ба?
— Алматыдан...
Екеуі де біразға дейін үндемеді. Бірақ, бір-біріне сынай қарасты. Әсіресе, жас тілші адам өлтірген кісінің түрінен, түсінен қаталдық, хайуандық іздеп еді. Қан құмар адамға, оның көзі мен жүзінде басқаларға ұқсамайтын дөрекілік, суықтық болады деп ойлаған ол өзімен жана кездескен мұп-мұғал, шойыртпақтай қара кісінің өң-түсінен осындай бір ізді, салқындық қана емес, сұмдықты іздеп-ақ еді. Амал не, нақ қазір оның бойынан ондай қанды ізді байқай алмады. Бірақ тілшінің есіне өз әкесі қайта-қайта айта беретін бір мақал түсті. «Мал аласы түсінде, адам аласы ішінде...» Мұның сыртына қарап несін білемін? Сөйлесейін, ашық сөйлесейін дегенге бел байлап алды да:
— Сонау Алматыдан, сізді әдейі іздеп келдім. Сөйлесейін, істің жайына өз аузыңыздан қанайын деп келдім.
— Қандай істі айтып отырсың, шырағым?
— Мынау, не, осы жерге келу себебіңіз ше?
— Оның не мән-жайы бар?
— Сол істің анығына қану қажет сияқты.
— Онда не мәніс болсын, шырағым? Ол енді не де болса біткен іс. Оған қайта айналып соғудың қажеті не?
— Сіз солай дегенмен, басқалар олай демей отыр ғой, отағасы.
— Сонда енді не дейді? Ол жағы маған мүлде беймәлім ғой.
— Талап етуші жақ аз берілді, жаза жеңіл болды десе, екінші жақ кінәсі аз еді, жаза көп берілді дейді. Маған енді осы сөздің шындығына жету тапсырылды. Мен сіздің өзіңізді көріп, сөйлескім келген-ді. Сол мақсатпен келдім. Шындыққа көз жететіндей етіп, әңгіме айтсаңыз, мен тыңдар едім.
Қамбарбек аң-таң боп жас жігітке қарады да:
— Кінәсі аз деушілер де бар ма?
— Ондайлар да кездесті.
Мен қайсысы болса да басымды байлап, осыған тіккен адаммын. Аз деп қайта жазаласа оған барын, көп екен деп кемітсе, не мүлде шығарып жіберсе, жоқ кетпеймін, осында қаламын. Қылмысымды өтемей қайтпаймын деп тағы да айта алмаймын. Бірақ, кінәсіз еместігі өзіме аян.
— Қылмысты екеніңізді біле тұрып, ал босандыңыз десе кете бересіз бе, шынымен-ақ?
— Міне, мықты да жанды сұрақ. Ие, қалай етер едім? Қылмысты екенімді біле тұрып кете берер едім деп ойлаймын. Өйткені, мойнымда адам қаны тұрғанына қарамай, арым, жаным таза сияқты. Мұны мен, кейін осында келген соң ойладым. Мем қорланушы, жәбір көрушімін. Алдында біздің ұрпағымыз өзім ес білгелі жасамаған қылмыс жасап, адамдар алдында өзгеше қара бет, айыпты, қан төккен адамдай жүрдім де, кейін бұл ауыр ойдан аздап та болса сейіле бастадым. Өйткені, мен адам қанынан да ауырырақ салмақ көтеріппін, сөз естіппін. Қазақ айтады: «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» деп. Сүйектен өткен сөзден соң атылған оқ көтерілген қолда кінә аз болса керек-ті. Бірақ, мен мұны талап етпеймін. Маған жеңіл жазаның керегі жоқ. Мен жер ортасынан ауған жанмын. Оған қоса менің артымда өлмелі кемпірден басқа қарайлайтын ешкімім де жоқ. Мұның өзі-ақ маған қайта күйсеуді қажетсіз деп айтып отыр. Шынымды айтсам маған қазір оны да терісі де, бәрібір. Маған деген күн қайта батса, оған өкінбеймін, қайта шықса оған қуанбаймын. Менің шахтада бірге істеген Гриша деген бір досым айтатын: «Болар іс болғасын, өкін, өкінбе, бәрібір шайтан араласқан іс. Шайтан араласқанша сақ болса, бір араласып кеткен соң бәрібір...» Сол айтқандай маған қазір бәрібір.
Сәукен сөйлесіп отырған қара шалдың асықпай, саспай, салмақпен, тіпті ерекше бір байыппен айтқан сөзіне аң-таң боп біраз отырды. Өзі түрмеде отырғанына қарамай арыз -арманы, асығыс шаруасы жоқ, бойында мол жігер-қуаты бар, неткен сабырлы жан? Осындай адамды ашу үстінде адам өлтірген деп айтудың өзі сиымсыз тәрізді. Бұл неткен жұмбақ адам?
— Ақыр сөйлесуге келген екенсің, асығыс болмасаң, мысалға бір әңгіме айтайын. Жас кезімде әкемнің туған жері Шиліөзен деген жерде диірмені болды. Сол диірменге келетін судың бойында діңгегі жуан, сұңғақ бір ақ терек өсіп тұрушы еді. Терек өзінің сымбатты көркімен, жапырағы мен бұтағының көптігімен төңірегіндегі басқа ағаштардан гөрі көзге түскіш, көрікті болатын. Ол өткен-кеткендердің немесе, алыстан жол азабын шегіп келе жатқан керуендердің, жолаушылар мен көшкен елдің ғана көзін тартпай, сол жердің күнде керіп жүрген ауыл тұрғындарының назарын өзіне жиі аударатын. Осы теректің есуін, сымбатты, сұлу тұрысын жақсы білетіндердің көбі-ақ әбден толысып, биіктеп есуіне, көркіне қарап көп Жасағанын, өткен талай жылдардың куәсі, сырын ұққан шежіресі, екенін аңғаратын, көшкен елді адастырмас нысана, белгі, меже, қазіргіше айтса дала теңізіндегі маяк тәрізді болатын. Міне, осындай көрнекті болған соң оны көп жылдар бойы талай-талай керуен, көш, жолаушы, жоқ қараушы өзіне белгі, нысана етті, талайлар жазда көлеңкесіне паналады. Жастардың, қыз-келіншектердің кездесетін уәделі жері болды. Айта берсем осы терек, менің әкем қолымен отырғызған ақ теректің түбінде талайлар бас қосып, әңгіме айтты, сыр шертісті, арман-мұңын айтысты. Тіпті айта берсем, осы терек түбінде ең алғаш кездескен жастардың талайы-ақ өмір қосып, жар сүйіп, тағдырлас боп кетті. «Осынау Жаппарқұлдың ақ терегі түбінде жолығайық!» деген сөзді бұл өңірде айтпаған жас аз болар. Мүмкін мен өзім де, сонау жас кезімде сонау сөзді айтқан да болармын.
Шырағым Сәукен, сен әлі өрімдей жас жігітсің, керерін, қызығың, қуанышын — бәрі, бәрі әлі алда. Содан да саған біле берген, көре берген, сезе берген, ұға берген артық, емес. Сөйтіп, менің әкем еккен ақ теректі кімдер аузына алып, кімдер нысана, белгі етпеген дейсің! Оның бер жағында осы теректің түбінде қандай сырлы сөздер, тәтті армандар айтылмады дейсің! Тау бектеріндегі жазықта тұрған сол теректің түбінде, саясында қандай арманды асыл ойлар айтылмады дейсің! Нақ сол теректің саялы түбінде, соның сылдыр қаққан көк жапырағын жамыла тұрып, талай-талай ыстық сөздер, тәтті қиялдар төгілмеді дейсің! Айта берсе, шырағым-ау, сырлар мен сөздер ғана ма екен? Жасыратын не бар, осы терек түбінде алғашқы ыстық сүйісулер, тіпті ақырғы, ақтық сөздер айтылмады ма! Сол күнгі алғашқы сүйіс, алғашқы сыр, айтылған сөз бен серт талайлардың тағдырын қосты-ау!
Сөзімді ұзаққа созып, не басынды ауырта берейін, әлгі әкем тіккен ақ терек осы бір айтылғандардың бірден-бір кәрі куәсі, алғаш таныстырған тіс қақты, сары азу жеңгесі тәрізді көзге ыстық көңілге медеу саналып тұратын. Осы күні Қаратаудың Теріскей бетіндегі, Баба ата, Шиліөзен бойындағы балалы-шағалы, үрім бұтақты болғандардың көбі-ақ кезінде: бұл терекке бір бұрылып қарамай жайбарақат өте алмайтын. Мұның себебі айдан анық емес пе? Осы терек сонадайдан қол бұлғап, мен мұндалап ескі таныстығын есіне сап тұратын. Ашық аспан, айлы түн, айтылған сыр, берген ант еске қайта түсіп кететін. Терек те өзінің осындай бір қасиетін сезетіндей-ақ, жапырағын, кең жайын, кербез тұрушы еді. Меніңше, дүниедегі қасиетті нәрсенің бірі, ол терек болсын, тау-тас болсын, мейлі адам, болсын, көп назарын, өзіне қарата алған зат қана. Мына теректе сол қасиет болатын, содан өте маңғаз тұрушы еді.
Соғыстан кейін туған жерге, жас кездің жақсы досы, Құлыншақ ақынның бел баласы Исаханның үйіне бардым. Ауылға келіп, төңірекке зер салсам, баяғы ақ терек өзінің сәнін де, мәнін де жоғалтыпты. Оның тамырына су бармай қалды ма, әлде өзінің тартуға күш-қуаты жетпеді ме, әлде ұлғайып жеткен жері осы болды ма, әйтеуір бұрынғыдай жапырақ жайып, бой сылап, көріктене алмапты. Бұтақтары қаудырап, жасыл жапырақтан өң қашып, өзінің бар сымбатын жоғалтып сала берген. Міне, нақ осы ақ терек сол көктемнің ызғырық қатты желі соққан күні нақ түбінен омырылып құлап түсті. Өмірімде көзіме жас алмаған, кезінде тасбауыр, безбүйрек атанған мен нақ бір әкемнің басына тұрғызған сағыналы мазары құлап түскендей көзіме жас алмасам да көңілім босап кетті. Ол өз күнін өткізді. Терек бұдан былай ,ешкімге пана да, сая да нысана-белгі де бола алмайтын күйге жеткенде құлады. Осы терек құлағанда барып соғыс алдында ғана отырғызылған басқа жас теректердің жыпырлап өсіп келе жатқанын байқадым. Әлгі кәрі Терек өзінің нысаналық, межелік қасиетін, сая да пана болатын сымбатын осыларға берген бе деп қалдым. Кім білсін, әке қолымен тіккен теректі қимастықтан да шығар. Әйтеуір мен әлгі теректі жоқ дегім келмеді. Бірақ, ол шынымен-ақ жоқ еді.
Сөйтіп, талайдың көз құртын жеген қайран ақ терек, көктемнің үрдіс желінің өтіне, тегеурініне шыдай алмай, діңгегінен опырылып құлап түсті. Бірақ, біз, Исахан екеуміз көзін көргендер, тарихын білетіндер болмаса, оны жоқтаушылар болған жоқ. Мүмкін, сол маңнан нақ сондай жас теректер өсіп келе жатқандықтан да болар. Немесе, әр нәрсе өз уағында, өз кезінде қадірлі шығар. Міне, бала, шырағым Сәукең, мен де сол кәрі терек тәрізді жанмын. Мүмкін көзінде досқа, жолдасқа, ағайын-туысқа өзімше пана да, сая да болған шығармын. Әлгі терек тәрізді біреулер қара да тұтқан болар. Меніңше, мен ғана емес, адам ұлы болсын, кіші болсын, өзінің жайнап өсер, көзге түсер, пана, сая болар, меже, мәре, нысана, белгі, боп көрінер көзі болады. Міне, ежіктеп айтып, сенің алтындай уақытыңды алып отырғандағы айтайын дегенім, мені ақтамай-ақ та қой, тым керек болып бара жатпаса қайта, соттатпай-ақ та қой. Әлгі кәрі теректің жасындай жасым бар. Біреудің ұрғанынан, соққысынан құлағанша өз бетімше, желдің шайқауынан құлайын. Міне, ұзын сөздің қысқасы осы...
Қамбарбек бар ниетімен шешіле сөйледі. Жіпсіген маңдайын алақанымен айқара сүртіп, тыңдаушыға барады. Бала ойлы екен. Кім білсін не ойлап отырғанын, әйтеуір ойда. Мұның үстіне Қамбарбек менің барым осы, айтарым да, тілегім де осы дегендей үндемей қалды. Тілші — сезімтал, алғыр жігіт болғанмен, өмірлік білігі аздау адам. Өйткені ол әлі жас. Бұл да өзінше, Қамбарбек әңгімесін бітіріп, енді бұдан жауап күтіп отырғанын сезгендей, ойлы қалпымен бұрыла қарады да, сөзінің бас-аяғын жинай алмай, бел ортадан бастады және олақтау бастады.
— Мен сіздің, немесе, басқа біреудің осы тәрізді тілегін, өтінішін орындай берсем, онда тілші бола алмас едім, — деп аз тоқтады. Бұдан соң ол тілші деген барынша әділ, қара қылды қақ жаратын төреші, әділдік, шындық іздеушілерге жол сілтеуші, өйткені, ол, ең өткір, ең жетімді, тамаша құрал — баспасөздің өкілі дегенді қоса айтқысы келді де, ертең осы бір ділмар, қарапайым ел адамының алдында ештеңе бітіре алмай, шындық бетін аша алмай қалса ұят боларын ойлап, мұны айтпады. — Ал, менің сізге бірнеше сұрағым бар.
— Сұрағын, шырағым!
— Әлгі өзіңіз айтқандай бояр іс болды ғой. Сіз жазаландыңыз. Менің сұрағым мынау, сол, әлгі атылған адам мен сіздің араңызда бұрын ешқандай бас араздық болған емес пе?
— Қазақтар ертеде адалдығына құран ұстап, ол болмаса нан-тұз жеп, ант беретін. Нақ қазір бұл жерде оның екеуі де жоқ. Бірақ, ешбір қасастығым болмағаны рас. Ол да мені сыйлайтын адам еді. Неге екенін білмедім, әйтеуір біз екеуміздің арамыздан бір әп жылан жүріп өтті. Немесе, әлгі Гриша айтқан шайтан араласты.
— Сонда оны біреулер әдейі айдап салды дейсіз бе?
— Менің өз ойым, жаман ақылым солай дейді. Ол өзі ішімдік құмар жігіт емес еді. Ал, біздің үйге, мені өлтірмек боп, пышақпен келіп жүрген кезде, кілең ішіп көп жүрді. Осының өзі мені аң-таң қалдырды. Бір күдігім осында. Екінші күдігім бұл өзі де шахтада істеуге зауқы болмай жүрген жігіт еді. Біз оны қызметтен шығарсын дегенде бір жағынан осы ниетін біліп айтқанбыз. Ақыр бұл шахтада тұрақтап істемес дегенбіз. Нақ оның. өз басы шахтадан кеткеніне осынша өкінеді, намыстанады демегенбіз. Мұның осынша ызалануы тағы тегін емес. Ал, үшінші күдігім, мылтық атылған кезде, бізден кейінгі, келесі үйдің бұрышынан ағараңдап біреу қаша жөнелді. Ал, ол осы оқиғаны хабарлау үшін жүгірген адам дейін десем, біріншіден өзімнен бұрын милицияға барған ешкім болған жоқ. Сондай-ақ, сотта да атқанын мен көрдім деген куә тағы болмады. Сонда бұл кім деген жаман ой тағы келеді маған.
— Сол Жайынбай Керімбаевтың алған әйелі сіздің балаңызға айттырып қойған қалыңдық екен деген не сөз?
— Бұл бекер. Қазіргі қала, қалаға ұқсаған жерде атастырып қою деген жоқ. Ол мен құда болатындай жердің де қызы емес. Олай дейтінім, біздің тұқым бұрын құда-жекжат болған адамдармен сүйек жаңартуды жақсы көретін. Қыздың әкесін білмеймін де. Бар болғаны қыз баламмен мектепте, бір класта оқыған. Өздерінше, тату болған. Ал, атастырып қойған, құда түскен екен дегеннің өзінде, балам қайтыс болған соң, қайта ол қыздың жаманды-жақсылы жар сүйіп, өз бақытын тапқанына қуанбасам неге нала болам?
— Сонда сіз оны не үшін атқан боп шығасыз? Әрине, сіз сотша, тергеушіше ежіктеп сұрағанымды айып етпеңіз! Мен де көзімді бір шындыққа жеткізгім көп отыр. Мұның үстіне, сіз пендешілікпен сотта бүгіп қалған жайларды енді жасырмайды деп сұрап отырмын.
— Түсініп отырмын, жігітім, түсініп отырмын. Менің тергеуде де, сонсын сотта да ұғындырып, дұрыстап түсіндіріп айта алмаған жайымның өзі әлгі айтқан, біреулер айдап салды ма деген еді. Ал, енді саған не деп, қалай ұқтырсам болады?
— Біз, журналистер, қалай айтсаңыз да ұғамыз, — деп Сәукен осы жерде бір серпіліп қойды. — Ал, айтып көріңізші!
Қамбарбек төменгі ернін жымырып, бетін оң қолының алақанымен сипап қойды. Ол әңгімесін бастады.
— Ал, екінші түсіндіре алмағаным мынау еді. Мен пендемін. Кәдімгі көптің бірімін. Бірақ, үлкен болсын, кіріп болсын пендеде пендешілдік намыс болады. Адам адам болғансын көп нәрсені-ақ мойнымен көтере біледі. Менің өз ұғымынша оның көтере аямайтын бір-ақ нәрсесі бар. Ол — намыс. Менің білуімше бұл алмағайып нәрсе. Намыспен ойнау, оны саусақпен түрткілеу жақсы емес. Нан-нанба, ол өз жұмысың. Менің мылтық ұстап қол көтеруіме себеп болған осы намыс. Мен алғашқыда ата қояйын, өлтіре. салайын да дегенім жоқ. Қарумен қорқытып, өзімнің күйінішімді, намысымды,қорланғанымды білдірмек болдым. Ол қаруға қару көтеріп, қарсы ұмтылғанда, маған өз жанымды сақтау керек болған жоқ, жанымды қиып, кек алу қажет көрінді. Әрине, куәм жоқ. Ал куә болса айтар еді. Мен бірінші оқты оның басынан асыра аттым. Соның өзінде аң атқанда қалтырамайтын қолым қалтырап кетті. Өзімді өзім билей алмай, әлгі бір намыс бұған көздің өзінде осы істің қауіпті екенін денем сезді. Бірақ, қазір айтып, айтпай не керек, болар іс болды. Айраным төгілді. Айыпты менмін. Алыс жердің дәмі бұйырды. Бәрі бір қайда барсам да илерім бір терінің пұшпағы ғой. Осы ой мені жұбатады. Қазір маған нақ осы жерден жайлы қоныс болмас деймін. Әкем Жаппарқұл өмірдің тауқыметін, тепкісін көп көрген, сөйтіп, өз тағдырына мүлде мойынсұнған, не де болса көтере, көне беретін адам еді. Ол маған айтатын, балам, тағдыр деген қатал, ол алам десе, сенің малынды, дүниеңді — бәрін-бәрін алуы мүмкін, бірақ, оның адамнан тірлікте ала алмайтын бір нәрсесі бар. Ол — ар. Қазір менде, сол әкем айтқан соңғыдан басқа ештеңе қалған жоқ.
— Әңгіме сіздің қоныстың жайлы, жайсыз да емес, әңгіме шындықта. Біз жаңа адамдармыз. Бізді, журналистерді жаңалықтың жаршысы деп қана қоймайды. Біз шындықтың жақтаушысымыз. Мәселен, мен өз басым осы істің шындығына жетуді өзім қалап алған адаммын. Бірте-бірте көзім едәуір нәрсеге жетті-ау деймін. Сіздің жасырмай, бүкпей айтқан әңгімеңізге көп рақмет айтамын. Әрине, менің ойланатын, әлі де кесіп-пішетін жайларым бар.
— Дұрыс қой. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп халық орынды айтқан. Қабырғаңмен кеңес.
Қамбарбек тағы да жап-жалпақ, зор алақанымен бетін сипап өтті. Оның, есіне әкесі Жаппарқұл айта беретін тағы бір әңгіме түсті. Ол да осы шындық жайында еді. Ол айтатын: «Жақсылық пен жамандық бірге туған. Сондай-ақ шындық пен өтірік туыс. Жақсылықтың жақсылығын, артықтығын, жамандық бірге жүрген жайда ғана анық көресің. Шындықтың көлеңкесі тәрізді боп, оған қоса өтірік деген жүреді. Шындықтың да нағыз шындық екенін өтірікпен бетпе-бет келгенде бір-ақ ұғатын» дейтін. Сол айтқандай нақ осы жерде жамандықты жақсылық жеңсе, өтіріктен шындық жоғары тұрса, оған Қамбарбектің таң болар түгі де жоқ. Бұл өмірде болатын нәрсе. Бірақ, Қамбарбек қан төкті. Онысын мойындап отыр. Оның бер жағында ол жақсылық іздеп, шындықты аңсаушы емес. Қолыммен істеген істі мойныммен көтере аламын деп жүрген адам. Қан шашқан күнәм бар деп ұғады. Содан да болар, ол осы жамандықтан мені құтқара гөр деп ықылас білдірген жоқ. Қайта намыс жайында айтқан сөзін өзінше артық, көрді. Сонымен ол тілшімен:
— Жолын болсын, жігіт! Дәм-тұз бұйырса кездесерміз де, — деп жай ғана қоштасты.
XXVII
Бұған дейін мүлде бейтаныс адамның тағдыры Сәукенге маза бермей қойды. Жатса да, тұрса да, көп уақыт осы бір оқиғаны ойлай берді. Кентауда сөйлескен адамдармен болған әңгімені есіне түсірді, қойын дәптерді қайта ашып, осы іс жайында жазылған жолдарды қарады. Ол Қамбарбектің бет-жүзін, түр-келбетін көз алдына сан келтірді. Сөзін, әңгіме айтқан кездегі бет құбылысын, қимылын есіне түсірді. «Мал аласы түсінде, адам аласы ішінде» деген ел мақалың есіне ала отырып, Қамбарбектің ішінен алалық та іздеп көрді. Мұның өз пайымдауынша ішінде аласы аз, қажетінде ағынан жарылатын, ақкөңіл, ашық жан. Былай қарағанда, намысқа булығып, ар қызбалығына жүгініп, кетердей де адам емес тәрізді. Өзін де, өмірді де білетін адам болса, мұндай оқиғаға қалай, барды? Осындай шым-шытырық, қым-қиғаш сансыз ой оны көп айналдырды.
Жаза салуға, ойлағанын айта салуға дәті бармады, зауқы соқпады. Алматыға, өзі істейтін беделді газеттің редакциясына қайтып келгенде де, ол ой үстінде жүрді.
Не бітіріп келгені жайында редакция басшыларына айтудан да тайсалып жүрді. Олар да жас талапкер журналиске ерік берген адамдардай ежіктеп сұрамады. «Өзі айтар, өзі жазар, немен тынғанын баяндар» дегендей үндемеген. Бір жағынан басшылардың үндемегені де мұны қинады. «Е, олар білмей жүрген жоқ, өзі білсін, не істер екен» деп жүр ғой деген ой мұны да мазалады. Осы мазалау бәрібір оны бүгін, демалыс күні жазуға отырғызды. Ең алдымен ол мақаланың бас тақырыбын таба алмай сарыла берді. Ойына келген алғашқы сөз «Қылмыс пен заң» еді. Мұнысы алғаш өзіне қатты ұнағанмен, артынша айныды. «Мұндай тақырыппен жазатын мен не прокурор, не сот, не депутат емеспін». Оны өшіріп, қайта толғанды. «Шындық пен заң». Бұл да келмейді. Шындықты заңға, заңды шындыққа қарсы қоюға болмайды. Өйткені заң дегеннің өзі шындық. Бұдан гөрі «Адам және заң» десе бір сыдырғы келіп түр. Адам адам, заң заң емес. Заң адам мінез-құлқынан алынған. Ол не де болса осыған тоқтады да, ақ қағаздың дәл ортасына «Адам және заң» деп, үлкен етіп, сойдита жазды, астын екі сызып қойды. Ендігі қиындық неден, қалай бастау қажет?
Сәукен ақ қағазға сүзіле қарап, көп отырды. Бір кезде «Адам және заң» деген тақырыптың астына қосалқы тақырып қойсам қайтер еді деді де. «Бұл Хантағыда болған еді» деп жазды. Міне, ой түйіні шешілгендей болды да, ол жаза бастады. «Өткен жылы....
...Өткен жылы нақ осы кезде, шахтерлер поселкесі Хантағыда күтпеген бір оқиға болды. Байырғы шахтер, атақты кенші Қамбарбек Жаппарқұлов бұрынғы кенші Жайынбай Керімбаевты кешқұрым, сағат тоғыз-он шамасында, өз үйінің алдында атып тастапты. Сөйтіп, өзі милицияға барған. Бірінші хабар беруші де өзі болған. Бұл екі ортада айғақты куә де жоқ. Бұл екі адамның арасында не болды, қандай егес, жанжал болды? Мұны ешкім білмейді. Әңгіме мұнда да емес. Біздіңше бұл тату-тәтті сүттей ұйып отырған шахтерлер арасында бұрынды-соңды болмаған суық хабар, оғаш та оқшау оқиға. Содан да болар, шахтерлер семьясы бұл хабарды жиіркеніп қарсы алды. Екіншіден, өздері өте жақсы білетін, бөтен мінезі жоқ, әдепті, сыйлы адамның, соғыс кезінде үздік-үздік еңбек үлгісін көрсеткен, баласы майданда ерлікпен қайтыс болған егде кісінің бұл қылығына қатты таң қалысты Сол жердің байырғы тұрғындарының айтуынша мұндай оқиға Ащысай, Хантағы кендерінде бұрын-соңды болмаған және болар деп күтпеген оқиға. Осы жайында редакцияға бірнеше шағым көп түсті. Оны.н, бірінде: «Ау, о заманда, бұ заман адам өлтірген қанды қолды тірі жіберіп, жеті-ақ жылға соттай ма екен? Жаза әділетсіз, жеңіл болды» дейді. Біз осы жайдың ұштығына жетіп, анығын білу үшін жолға шықтық.
Басты мәселе әлгі оқиғада. Қаймағы бұзылмаған шахтерлер поселкесінің шырқын бұзып, кешқұрым мылтық атқан кім? Соғыс біздің ұлы жеңісімізбен аяқталды. Мылтық ату, қан төгу тоқталды. Ал, бейбіт күнде біздің қауымымыздың мазасын алып, тағы да оқ атқан кім? Соғыстағы азамыз, қайғымыз, жетім мен жесір мұңы аз болғандай ,тағы да аза тұтқызып, тағы да бір әйелді жесір қалдырып, баланы жетім еткен кім? Бізді әділетсіз үкім, женіл жазамен бірге жолға аттандырған осы сұрақтар еді. Нақ қазіргі шақта, біздің қауымымызда бұл мәселе кімді де болса қатты толғандыратынына күмәніміз жоқ. Өйткені біздің адамдар бейбіт күнді, жайдары жарастықты күнді соғыс, сұрапыл жылдарында көп аңсады. Сол күн арай беріп атқан шақта қасиетті ауаның тұнығын бұзып, ауаны былғап, түтін шығарған тағы кім деп сұрауға ел ерікті де біз оған жауап беруге тиіспіз. Бейбітшілік көшесінде оқ атқан кім?
Екіншіден, біз соғыстан кейін жаңа адамдар тәрбиелеу мәселесін батыл көтеріп отырмыз. Газетіміздің бұрынғы бір санында сол Ащысай түсті металдар комбинатының директоры Александр Левченконың проблемалық мақаласы шықты. Онда жұмысшы табының жаңа жас буынын тәрбиелеу, өсіру, оқыту, орта білім беру мәселесі сөз болады. Сөз жоқ, жақсы ой, дұрыс пікір. Ал, осыған орай тағы бір сұрақ туады. Біз болашақ жас буынды, жұмысшы табының келешегі болатын саналы жандарды кімдердің үлгі-өнегесімен тәрбиелемекпіз? Әрине, жұмысшы табы еткен жауынгерлік үлкен жолда үлгі-өнеге көп. Бірақ, сол жақсы ісімізді кейде осындай оғаш істер былғайды. Адам, әсіресе, жас адамдар кейде жақсыға емес, жаманға еліктегіш келеді. Мұны ескерер болсақ, біздің ойланатын жайымыз жоқ емес.
Міне, осыдан да, сонау оңтүстік жерінде, кәрі Қаратаудың бір жырасында жатқан Хантағы жерінде болған оқиға бізді ойландырмай қоймайды. Мұндай мәселеге үлкен деп те, кіші деп те қарау обал. Маяковский айтқандай кімде-кім біздің сапымызда аяғын алып жүре алмаса,. ол бізбен бірге емес. Сондай-ақ, кімде-кім біздің шырқымызды бұзса, ұйқымызды бұзса, кімде-кім біздің бейбіт еңбегімізге бөгет болса, ол біздің саптың адамы емес. Демек бізге жаза ауыр ма, жоқ әлде жеңіл ме дегенді білумен бірге, ол өзі қандай адам дегенді айту басты мәселе. Осы талаппен біз бұл оқиғаны жете білуге, анығына жетуге зер салдық.
Тергеу мен сот ісінің жинағаны көп емес. Қылмыскер ештеңе де бүкпей, бәрін айтқан. Тағылған айыпты түгелдей мойындаған. Өзінің айыбын сезіп, кінәлілігін ұққандықтан қорғаушы алудан бас тартқан. Сонымен істің көлемі аз. Небәрі жүз бет. Ал, осы жүз бет қағазда екі адамның тағдыры бірінің өлімі, бірінің қылмысы түгел. Тергеуде де, сот үкімінде де заңға қайшы келетін жайлар көрінбейді. Бәрі де заңдағы көрсетілген статьяларға сай. Ал, ондай болса, мұны неге әңгімелеп, оқушымын басын қатырып отырсын деген сұрақ және туады емес пе? Бұл заңды сұрақ. Бірақ мен айтар едім. Біз адам баласының жанын түсінуге, оның қат-қабат астарын ұғуға ынта қоя, зер сала, ыждағатпен қарауға, құштарлық көрсетуге міндеттіміз. Заң заң да, адам адам деп айтқым келмейді. Өйткені заң адамдар үшін шығарылған. Бірақ оны жасаған сол адамның өзі. Онда әбестік те, ағаттық та болуы кәдік. Мұның үстіне адам дүниедегі ең қасиетті, ең ақылды, ең сезімтал деп қараймыз. Олай болса, оның жаны, ішкі дүниесі, сезімі мен қылығы заң қағидаларына, үкім тармақтарына сия да бермеуі мүмкін.
Міне, нақ осы айтқанымыздай заң тармақтарына сия бермейтін қылықтар жайында қандай үкім болуы шарт деген сұрақты қоямыз. Біздіңше, заң, тергеу, сот адамдарының сезімтал, алғыр қасиеттері, осындайда ерекше көрінер болар. Әрине, мен Хантағыдағы оқиғаға байланысты іс жүргізген адамдарды білместік істеді, заңды бұзды, немесе, тергеу мен сотты дұрыс жүргізбеді деп айыптаудан аулақпын. Бәрі де заңға лайық, статьяға сай. Ал, солай бола тұрса да, осы істе аздап та болса қиялдау, толғану, адам жанына тереңдеп ену, сезіну жары жетпеген бе деген күдігім бар.
Мен нақ осы арада біздің партиямыздың аса зор ардагерлерінің бірі Феликс Дзержинскийдің мына бір сөзін аудармай, сол айтылған қалпында келтіргім келеді. «Человек только тогда может сочувствовать общественному несчастью, если он сочувствует какому-либо конкретному несчастью каждого отдельного человека».
Бұған тағы не қосуға болады. Ештеңе де қосудың қажеті жоқ. Тек қана осындай адамдық әділ көзқарас кем болды ма, деп күдіктенесің.
Әңгіме осы аз күдік хақында болмақ. Ең біріншіден, Қамбарбек Жаппарқұлов кішкене ғана Шахтерлер ауылының ең құрметті, сыйлы, атағы мол, абыройы мен бедел! бар ақсақалы екен. Бұрын ешбір жаман қылығы, оғаш мінезі, оқыс ісі болмаған. Мұның үстіне қаймағы бұзылмаған, сүттей ұйып отырған бір үйдің әрі басшысы, әрі несі екен. Ол оқыған, білімді қыз өсіріпті, майдан алаңында ерлікпен қайтыс болған жаужүрек батыр ұл өсіріпті. Бұл ғана емес, сонау отызыншы жылдан бері шахтер екен. Соғыс жылдарында ерекше еңбегімен көзге түсіп, абырой-атаққа бөленіпті. Қаратаудың қойныңдағы тереңнен алған оның әрбір қадақ топырағынан бір оқтан жасалып, ол оқ жауға өлім боп атылыпты. Бұл да ерлік. Бұл азаматтың майданға қосқан үлесі. Мұндай үлес қосқан әрбір азамат сол соғыстың қаһарманы.
Міне, осындай адамды жазаға тартқанда, өмірде бір рет қия басып, шалыс кеткені үшін айыптағанда, оның жоғарыда айтылған өткендегіні еске алуға тиіс, сөйтіп жеңілдік берілуі қажет дегім де келмейді. Өйткені менің ұғымынша оның өткенде кім болғанын, нендей енбегі барын заң есептеп, өлшеп жатпайды. Бұны да дұрыс дейміз. Бірақ, кейбір қылмысты істе айғақты болып, көзге көріне бермейтін, дәлелдеуі қиын нәзік мәселелер болады. Мұндай нәзік осал пернені сезімтал, сол осалдықты, айғағы жоқ нәрсені іздеген ғана табады. Әрине, қате болса түзетер, менің өз пайымдауымша Қамбарбек Жаппарқұловтың ісінде осы осал нәрсе, нәзік, жанды перне анық басылмаған. Ал, айыпкер ол жайды жеріне жеткізіп айта алмаған. Мен дұрыс басылмаған бұл перненің атын «ар» деп, бұл шектің атын «намыс» деп атау берген болар едім. Бірі перне, бірі шек. Бұл екеуі де бір домбыраның бойында болатын ең негізгі заттар.
Қайталап кетсем, ғафу өтінем! Адамның аты адам. Онда ете күшті де нәзік жан бар. Сол жан пернелері түрлі дыбысты, түрлі үнді болар. Домбыра бойындағы шек пен пернеге салыстырып отырғаным сол адам жанының белбеулі де сезімді күйі. Бұл күйдің дыбыс беруін, үн шығаруын перне мен шекке де теңеуге келмес еді. Басқа теңеу болмаған соң осыған балап отырмын. Ал, осы ар пернесі мен намыс шегін кім қалай басады, одан қандай дыбыс, қандай үн шығады? Мұны білу аса қиын да, күрделі аспаптың бар тетігін білуден әлдеқайда зор болар. Меніңше, Қаратаудың ғасырлар бойы сұлап жатқан қасиетті қара тасы қозғалса да қозғалмайтын тас жүрек, жұмыр білек, қара шалды осынша қозғап, ауыр қылмыс істеуге мәжбүр еткен күш не десе ар пернесі мен намыс шегі, сол екеуінің дұрыс басылмауынан шыққан әрі шалыс, әрі ащы даусынан дер едім.
Адам жанын қандай да болмасын музыкалық аспаппен салыстыру кем соғады. Соны біле тұрып, мен ар пернесі, намыс шегі деп отырмын. Ал, шынын айтқанда қазір дүниеде жоқ марқұм болған азамат Жайынбай Керімбаев өзіндей азамат Қамбарбек Жаппарқұловтың ең осал жағы — ар пернесін, намыс шегін білмей, не біліп, не әдейі, әйтеуір оқыс басқан. Басқанда аяққа басқан. Жанға тиетін ең осал жерден тиген. Мәселен бала, ұрпақ деген адам бойындағы аса нәзік, күйзеліс пен толғаныс туғызатын ұрымтал, адам бойындағы оса л жай. Балаға, ұрпаққа деген махаббат, оған деген сүйіспендік сезім, қызғаныш, қорғаныш сезімдері әрбір пенде бойындағы ең ірі, ең үлкен қасиет. Мұның үстіне Қамбарбек Жаппарқұловтың жалғыз сүйеніші — ұлы майданда ерлікпен қайтыс боп, қамығып, қайғы үстінде жүргенде жанға бататын жаман сөздер, намысты қоздыратын, арға тиетін былапыт сөздер естіген. Мәселен, қай халық, қай елде болса да «алжыған, қу бас», «саған өмірдің керегі не?», «кім үшін, не үшін жер басып, жексұрын боп жүрсің, одан да бауыздап тастай салайын» деген сөздерді есту қандай ауыр? Бұл қарғыс үкім тәрізді сөздерді есту — балағаттаудан, ең жаман нәжіс сөздермен сөгуден әлдеқайда зәрлі. Тергеуде, сот үкімінде бұл сөздер жоқ. Мұның орнына «мас боп көп қорқытқан, өлтіремін деп пышақ ала жүгірген. Әлденеше рет осындай бейбастақтық істеген» деген сөздер жазылған. Меніңше, жай сөгу, балағаттау бар да, жанға тиетін улы, зәрлі сөздерді айту бар. Осы жерде аз толғанып, әркім өзін Қамбарбек Жаппарқұловпын деп қиялдап көруі қажет еді.
Екіншіден, мас боп көп балағаттады, қорқытты де¬ген ұғымдар бұған қарсы қойылған екінші жақтағы қылмыскердің айыбын жеңілдете түседі. Меніңше, оның есін білмейтіндей, не істеп не қойғанына есеп бермейтіндей мас еместігін дәлелдей түсетін жайдың өзі жанға, оның ішінде осы адамның жанына қандай сөздер бататынын анық білуінен-ақ, аңғаруға болар еді. Міне, ұзын сөздің қысқасы сол — адамның жанын қорлайтын, арын оятатын, намысына тиетін сөздердің естушіге ететін әсері жайында заңда ештеңе жоқ. Ал, осы жайында статья болуы қажет деп отырған мен де жоқ. Бірақ, тергеуші, сот, әрбір заң қызметкері мұндай нәзік сезімдердің оқыс оянуы оғаш-істер жасап кетуі кәдіктігін ұқса, есепке алса деймін-ау! Мен шынымды айтсам, адам өлтірген, кісі қанын шашқан қылмыскерді неге ауыр жазаға тартпай, жеңіл жаза берген деп, осының себебін білуге шыққан едім. Мұның үстіне Қамбарбек Жаппарқұловтың жазасы жеңіл болды деп, оны қайта қарауды талап етушілер тағы бар-ды. Бұл істің мән-жайына қана келіп, мен бұрынғы ойымнан қайттым. Менің өз топшылауымша Қамбарбек Жаппарқұловқа жаза ауыр берілген. Жоғарыда айтылғандай жанды мәселелер еске алынбаған. Бұған қоса тағы бір күдікті мәселе бар. Біздің топшылауымызша марқұм Жайынбай Керімбаев жалғыз емес, оны Қамбарбек Жаппаркүловқа қарсы айдап салушы, азғырушы адам бар. Осы істі ушықтырушы өзі қараңғыда, көлеңке жерде көзге түспей қалып қойған. Мылтық атылған кезде көшенің екінші бұрышында қараңдап, жүгіре жөнелген белгісіз адам куәлікке келген жоқ. Сонда бұл кім? Бұны тергеуде Қамбарбек Жаппарқұлов айтқан. Бірақ, оның кім екенін ешкім білмеген соң істі қоюландыра бермес үшін соңғы жағында көмескіленіп, із-түзі жоғалған.
Алғашқы көзге қораш көрінгенімен, меніңше аса үлкен нәрсе деп осы көтерілген екі мәселеге сай іс қайта қаралуға тиіс қой деймін. Әрине, мен заң қызметкері емеспін. Осы іспен егжей-тегжейіне дейін танысқанмен, менің де ағат кеткен жерім болар. Бірақ, қайткенде де, әділдік үшін, совет заңының абыройы үшін осындай істердің ұштығына жету әбден дұрыс болар еді...»
Жас журналистің алғашқы жазған, көп ізденіп жазған мақаласы едәуір жөндеумен, қосымшаларымен Қамбарбек Жаппарқұлов жайында айтқан жұмысшы-шахтерлердің пікірлерімен қоса басылды. Нақ осы тұста Түркістан мен Хантағыда күтпеген бір оқиға тағы болды. Қара қағазын алып, өлдіге санаған Бекзат Қамбарбеков сол аяғын сылти басып, Польша жеріндегі госпитальдан туған жеріне келді. Соғыстан кейін ол аттай бір жыл жатқан. Оның алдынан еңсесін әрең сүйретіп, шанаштай қатқан қара кемпірден өңге ешкім шыққан жоқ. Хадиша жылай-жылай көзінің жасы суалып қалғандай бедірейіп баласына қарай берді. Қолдары дірілдеп, иегі кемсеңдеп сүюге де, құшақтауға да шамасы келмеді. Әлден уақта барып:
— Мен айттым ғой, аллатағала біледі, аян береді. Балам тірі, келеді дедім ғой, келеді дедім. Міне, келді! — деп алақанын жайып баласына ұмтылды. Баласы оған иіліп маңдайын тосты. Бүтін денесі селкілдеп, саусақтары дірілдеп, баласын әрең құшып, маңдайынан иіскеп, сүйе берді, сүйе берді. Бұл да бір мауқын бассын дегендей, Бекзат та буындары босап, көзіне жас келіп, тұра берген. Ана мен бала құшақтасып көп тұрды. Әлден уақта бала да тіл қатып, сәбише ыржақтап, күле тұрып:
— Көкем қайда? — деді.
— Көкен тірі жүр. Амандық болса көрерсің! — дей салды Хадиша. Жаңа көрген, сағынып табысқан баланың жанын ауыртқысы келмеді. — Аман-сау келдің ғой, көрдік қой. Ендігісі бола жатар.
Бекзаттың келгенін естіп, алдымен көріскеннің бірі баяғы ақ сұр жеңгесі болды.
— Дуалы ауызды, тілеуі дұрыс, ниеті түзу жеңге екем, көрдің бе, шырақ келдің ғой! — деп мойнына асылды. Есіне баяғы түн түсіп кетті білем, емірене сүйді.. Кеудесін кеудеге тіреп, құшырлана қысты. Кемпірден ұялуды да қойып, қайта сүйді. — Тілеуқорың боп, ақ ниетіммен аттандырып ем, келдің ғой, жақсы болды. Амал не, ағаң қайтпай кетті. Көзден кеткенсін көңілден өзге боп, сағымдай бұлдырап, алыстап барады бәрі де...
Бекзат сол бала кезіндегіше, ұяла, қысыла тұрып, жеңгесіне көз қиығын салды. Қамыға сөйлеген сөзі болмаса, оты сөнген, жалыны басылған жүдеу жанға ұқсамады. Қайта беті ашылып, есейген, толысқан, жалын атып кемелді шағына енді келген тәрізді. Көптен бері құрық тимеген, ту биедей бөксесі бұлтылдап, шайқала басып, төсектің жиегіне отырды. Хадишаға сөз бермей, алдын орай кетті.
— Баяғы дүние бір дүние. Кедейдің кепеге қамаған бес ешкісіндей боп, бір-бірімізге қабырғамызды сүйеп, үйілісіп отырмыз. Баяғы Хантағы мен Ащысай, өзін көрген Қотырбұлақ. Бәрі де өз қалпында, Жаңалық аз, жақсылық та көп емес. Қарындасын Нұрби күйеуге шығып, бақытты болған. — Ол осы жерде мұныма не айтасың, не қосасың дегендей Хадиша кемпірге бір қарап қойды. — Адам, шіркін, қанша дегенмен пендешілдігін істемей қоймайды екен-ау. Баласынан айрылып, аза тұтқан кемпір мен шалды аңыратып, өзім бақытты бол сам жетпей ме дейтініңіз аз ба? Ие, бетінен жарылқасын. Бір анадан туып, бір бесікке бөленгенмен, қыздың аты қыз ғой...
Бекзаттың жеңге сөзін нақ қазір тыңдағысы келмеді. Соны сезді ғой деймін, Әйкен төменгі ернін жымырып, тістене барып, жым болды.
— Сөйтіп; көкем қайда дедіңдер, жұмыста ма? — деді. Шеше жұбатуға ыңғай көрсетіп қолын баласына қай созып, дірілдеген әлсіз саусақтарымен маңдайынан сипады.
— Аман-сау, хат келіп тұрады. Аздап істі болып, — дей беріп еді, ақ сұр келіншек тағы да іліп әкетті.
— Нақ осы Хантағы тәрізді шахтада істеп жүр дейді. Балқашта.
Бала бәрін де ұқтым дегендей төмен қарап ойланып қалды.
Бұл кезде Нұрби болса Алматыда, дәрігерлік білімін толықтыратын жоғары курста оқып жатқан. Ол ағасының тірі келгенін естіген күні жүрегі дауа таппай, сабақтан кетті де, рұқсат алып, жолға әзірленді. Бірақ қайда барарын білмейді. Айдауда, абақтыда жүрген тірі өлік әкені қуанту керек пе, әлде өліден тірілген бауырды барып құшу қажет пе? Осы екі ой оны көп мазалады. Соңғысы басым түсе берді. Ағасын көргісі келді. Бірақ, бұл хабарды ең алдымен әкеге жеткізбек болып, орталық почтаға келіп, ешкімді жыға танымаса да комбинатқа телефон соқты.
— Балқаш па, Балқаш! Мен Алматыдан сөйлеп тұрмын. Сіз кімсіз? Маған бәрі бір. Бір өтінішім бар еді. Өте бір үлкен өтініш. Сізге мыңда бір рақмет айтар едім. Ие, сонда, Қоңырат шахтасында әкем бар еді. Абақтыда... Жұмыс істейді. Шахтер! Қамбарбек Жаппарқұлов. Жазып алыңызшы! Көп жасаңыз, рақмет! Жазып алыңыз. Сіздің атыңыз кім? Әбуәлі... Жазып қойдым. Ұмытпаймын. Ие, сөйтіп, сол шалды қуантыңыз. Майданда, бұдан бір жыл бұрын ұрыста қайтыс болды деген баласы үйіне аман-сау келді деңіз. Келді. Егер, сіз осы хабарды жеткізсеңіз, біздің көріспеген жақсы досымыз болар едіңіз. Ие, жалғыз. Байқап айтыңыз, жүрегі жарылып өліп қалып жүрмесін. Қорыққан мен қуанған бірдей деген... Жаппарқұлов Қамбарбек! Баласы Бекзат. Менің кім екенімді сұрайсыз ба! Мен қызымын. Алматыдан.
Өзім еліме, әлгі бауырымды көруге бара жатырмын. Дәрігермін. Рақмет! Көрісеміз. Атым ба, атым Нұрби. Сізді мен өзім іздеп табамын. Ие, шал бейбақ бір жасап қалар еді. Бұдан соң, ол сізді де ұмытпайтын болады. Сау болыңыз!..
Нұрби почтадан шығып, поезға келді. Жүргелі тұрған поезға апыл-құпыл билет алып, елге тартты. Доңғалағы тарс-тарс ұрып, жөңкіп келе жатқан поезд үстінде ойына ештеңе де түскен жоқ. Бірақ, ұзақ түнді көзін жұмып, ұйқысыз өткізді. Әйтеуір бір туысқандық сезім билеп, ағасын көз алдына қайта-қайта келтіре берді. Оның. өзімен тең өскен, мектепте екі-үш класс бұрын оқыған кездерін еске алды. Мектепте жүргенде ол ағасын өзіне қорғаныш, бел санайтын. Ол да қарындасының арқа тұтып, біреуден қорлық керсе, жәбір шексе алдымен өзіне келетінін біліп, қисыны келген жердің бәрінде болысатын. Енді ойласа, сол күндер тез өтіпті, тез ұмытылыпты. Есейген сайын екеуінің арасы алыстай берді, алыстай берді. Ақыры ағасы жоқ боп кетті. Міне, енді ол келіпті. Қуанышы осы! Әсіресе, Нұрби әкесіне бола қатты қуанды. Бекзат өзі ғана тіріліп келген жоқ, ол өзімен бірге әкесін де тірілтті. Әлі де дені сау, бойында сарқылмастай қара күші бар шал қайта жасайтын болды. Әкенің сөнді деген шырағы қайта жанды, үзілген үміттің арқауы қайта жалғанды. Жаппарқұл шалдан қалған қара шаңырақты құлады деп еді, ол қайта көтерілді. Ой, құбылмалы жарық дүние-ай, қызығын қандай көп болса, қасіретің де аз емес!
Ол артынша, Әбуәлі, бет-жүзін көрмеген адам, ертең әкесіне баласының хабарын жеткізіп, сүйінші алатын кісіні де есіне түсірді. Әкесі қандай қуанар екен. Хадиша ұл тапты дегенді естігенде қандай қуанса, бұған да сондай қуанар. Жылар ма екен? Жоқ, Нұрби білетін әке болса ол жыламайды. Онсыз да күрең жүзі құбақан тартып, не де болса іштей толғанады. Ішінен шүкірлік етеді.
Кірпігі майысып қалғып та, мүлгіп те отырып, Нұрби: «Қайран әке, көген көз екі сәбиін Бекзат пен мен үшін, қайыстай қатқан қара кемпірің үшін не көрмедің, ыстыққа да, суыққа да түстің. Әлі де түсудесің. Сенің бұл бейнетіңді еңбегіңді, қасіретіңді біз немен, қайтып ақтар екенбіз?» — деп бауыр еті езіле отырып ойлаған қыз көпке дейін көз ілмеді, «Қайран көкем, сөнген шырағың қайта жанды. Сен қуандың. Сен қуанды деп мен қуанып келем. Көке, көкешім, білемін мен сені, түсінем сені, сен балаңды, қызыңды ешкімнен де кем сүймейсің. Сен бізді құпия, іштей жасырын сүйесін. Жүрегіңде қайнаған бізге деген жалынды, отты сыртқа шығармайсың. Апам тәрізді бәрін айтып, жария етіп жатпайсың. Мен түсінемін, әкенің баласына деген махаббаты анадай ашық көзінен, сөзінен көрініп тұрмағанмен жүрегіңде, тереңде жатады. Содан да бізді анамыз жақсы көре ме жоқ, әкеміз жақсы көре ме деген сауал ағайынды екеуміздің, Бекзат екеуміздің басымызда болмаған... Ана жүрегін қандай ұқсам, әке көкейін сондай түсінем. Әкем, қайран әкем, сен менің Қаратауымсың...»
Ол сәске түсте Түркістанға келіп түсті.
XXVIII
Көк етікті көптің әуеніне төңкеріле түсетін иі жұмсақ, қиынды қыбы мен қисынын іздейтін, орай қуатын шүбәлі жанға ұқсамайды. Кірпігін қақпай ұзақ қарайтын отты көз оның жылы жүзін суытып, ызғарлы көрсетеді. Бұдан бір-екі ай бұрын осы Рысбек қатарлы армиядан қайтқан Бекзаттың айтуынша бұл өзі соғыста саяси қызмет атқарса керек. Өйткені белдігінің доғасында бес тармақты жұлдыздың тұрпаты бар екен. Солай бола тұрса да саяси қызметкерден көрі командирге тән қаталдығы бар жан болар дегенді ол қоса айтқан. Бірақ нақ қазір ол Дәуленге сұсты боп көрінбеді. Қайта жылы жүзді, ұяңдау боп байқалған.
Міне, сол Рысбек партия жиналысын ашпақ боп, түрегелді. Дәуленнің ойы кілт үзілді де, оның бетіне қарады. Ол шашын кейін қарай қайыра сипап, белдігін түзеп, гимнастеркасын жөндеді. Жаңа ғана жайдары көрінген қабағын түйіп ап, «жолдастар» деп бастап кетті.
Партия жиналысын басқаратын президиум сайланды. Күн тәртібі талқыға түсті. Негізгі мәселе «Жас жүмысшыларды тәрбиелеудегі партия ұйымының рөлі мен міндеті» екен. Бұл жайында партия ұйымының хатшысы Рысбек Тлеулин баяндама жасады. «Жолдастар!» қайта басталды. Бұл жолы даусы әдепкідегідей шіңк ете қалмай, байыпты да зілді шықты. Содан да болар, зал тына қалды. Жұмсақтау темірге соққан қоңыраудың тіліндей күмбірлі қоңыр дауыс төбесі аласа, бірақ бүйірі кең жалпақ залдың ішін меңдеп әкетті. Дәулен аузын сәл ашыңқыраған бойы хатшының сөзін зейін қоя тыңдады.
Ол жай басып мінбеге қарай тартты. Залдағылардың көбі-ақ Дәуленді, тәуір білетіндер аң-таң боп, бір-біріне қарады. Жиналыс түгіл жайшылықтың өзінде сөзге саран, да олақ Дәулен нақ қазір, жұмысшы табының болашағы, жас жүмысшыларды тәрбиелеу мәселесі тәрізді үлкен іс әңгіме боп жатқанда оған қосатындай не айта қоймақ деп таңданған. Осы таңданудан болса керек, зал іші құлаққа соққан танадай жым-жырт боп, тұна қалды. Не айтар екен, неден бастар екен дегендей құлағын тосып, ауызы ашылып қалған топқа қарап Дәулен де мінбеде сілейіп тұрып қапты. Үн жоқ. Қалқақтау келген екі құлағы мінбенің ар жағынан селтиіп тұр. Қасқаланып кеткен маңдайы жалтырап, шекесінде қырым еті жоқ қалақ басы бір жағы күнге піскен қауындай боп, сопайып қалған. Міз қақпай, мелшиіп қалған. Әлден уақта ол:
— Жолдастар! — деді. Біраз тоқтады да, қайтадан. — Жолдастар! Осы мен, өздерің білесіңдер, сөйлеуге әуестігім жоқ-ақ адаммын.
Қолын шоштаң еткізіп көтеріп алды да, сұқ саусағын шошайтып, жоғары көтерді.
— Бір мәселе, мені бар ғой, орынымнан көтеріп әкетті. Сөйлегім келді. Қуанышымды айтпақпын. Біз көбейеді екенбіз. Осы жерде қала болады екен. Ие, қала болған жерде, менің, түсінгімше, бәрі, жанға керектін бәрі болады. Мәселен, мен санайын, жаңылып кетсем түзеп жіберіңдер. Ал санаймын. Мектеп. Бір деңіз. Ол өзі қала болған соң біреу болмайды. Көп болады. Кино көрсететін жер. Екі деңіз. Мынау жиналыс жасап отырғанымыздан әлдеқайда кең, жарық, үлкен, әдемі, көп адам сиятын клуб. Бұл үш деңіз. Ие, айтпақшы, буы бұрқыраған ыстық монша. (Бишараның арқасы қышып жүр екен-ау деп біреу залдан күліп жіберді). Күлетін түгі де жоқ. Көрермін ыстық буға барып арқаңды шапақтамағаныңды. Сонсын, әлгі, от жақпай жылынатын зәулім биік үйлер болады. Бұл бес деңіз.
— Төртеу-ақ болды!
— Бәрібір. Әңгіме осылай болса оған кім қарсы болмақ. Өте дұрыс. біз коммунистер бәріміз бір кісідей ондай іске, жақсы іске қол көтереміз.
Ол мінбеден түсті.
— Өте дұрыс айттың. Дәулен! — деп қойды қасында отырған шахтер.
Бұдан соң да бірнеше адам пікір айтты. Ең соңында Левченко сөйледі.
Қызу жиналыс Дәуленнің пендешілдік ойын елен етпеді. Коммунистердің пікірін қорыта келіп, қаулы алды. Онда ең алдымен жас шахтерлерді оқытып шығаратын мектеп, немесе, техникум ашуды, жаңадан орта мектеп үйін және тұрғын үйлер салуды белгілеген, жоғарыдан рұқсат сұраған қарар қабылданған.
Коммунист жұмысшылар партия жиналысына риза болып, көңілді тарады. Әсіресе, әлі ыстық-суығы басылмаған, армиядан, кеше ғана дүрілдеп өткен майданнан қайтқан жас хатшы, жаңа хатшы Рысбек Тлеулин коммунистердің көбіне ұнап қалды.
Дәулен үйіне қайтар жолда Қамбарбек үйінің терезесінен әлсіз сығалап тұрған жарықты көрді. Кеш те болса жеңгесіне сәлем бере кетуге аңсары ауып, солай қарай бұрылды. Бұл екі баласымен шүйіркелесіп отырған жеңгесін көрді. Міне, адам деген қызық кеше ғана аяғын әрең сүйретіп, өлмелі кемпірге ұқсап қалған Хадиша жауыннан кейінгі ашылған гүл тәрізді жайнап кетіпті. Әсіресе, көзіне от ойнап, бетіне қан жүгіріп, шілденің аптап ыстығынан соң салқын су ішкен мақта гүлі секілді үлбіреп қапты.
— Дәулен аға, жақсы келдіңіз, жоғары шығыңыз! — деп ең алдымен лып ете түскен Нұрби болды.
— Сау-саламат жүрсіз бе, аға! — деп Бекзат түрегеп көп, қос қолдап сәлем берді.
— Ие, мырза бала, үй ішін аман ба? — деді Хадиша.
— Жиналыстан шығып ем, шам жанып тұрған соң, амандық білейін деп бұрыла салдым. Хал-жағдайларың қалай? Қамаңнан не хабар бар?
— Бәрі бұрынғыша! — деді Хадиша ежелгі бір қалыпқа түскен естілер-естілмес төмен дауыспен. — Амандық болса Бекзатжан жақын күнде әкесіне барып қайтпақ ниетте отыр. Нұрби болса, енді барып, екі-үш айда оқуын бітіріп, ол да осында оралады. Амандық болса, қара шалдан басқа үшеуіміздің басымыз бірге қосылды ғой. Бұған да мың да бір шүкір! Тоба, тоба деп, жағамды жалбарына ұстап отырған жайым бар.
XXIX
Бекзат армиядан қайтып, үйіне келгелі Әйкен басынан тағы бір сиқырлы ой шықпай қойды. Әсіресе, Бекзат армияға кететін түнді есіне түсірсе-ақ болды, жүрегі лүпілдеп, шекесі солқылдап, бетіне желікпе қан ойнайтын. «Не де болса, нақ осы шақта, өзінің ойлап-толғануға мұршасын келтірмей, төңірегіне көз тастатпай қармақты мықтап тастап жіберген оңды» деп түйген-ді ол. «Ауыр жаралы болып, бір жылдан аса хабар-ошарсыз, есінен айрылып жатқан бейбақты есін жиғызбай, ағайын-туыстың кеңесіне, ақылына түсірмей, меңдуана жеген қойдай ғып, бірден қағып кеткен артық». Қызыл көрген қызғыштай шүйіліп осы бір ойының төңірегінен айналсоқтап шыға алмады. Сөйтіп оны нәпсі тылсымы қол-аяғын шідерлеп, өрмекші торындай шырмап тастаған.
Ол осы сойқанды ойына бекінді де түйінді. «Менен жас болғанмен өзі әбден мүжіліпті. Аяғы ақсақ, жарым жан. Менен артық оған кім шәкірт?» деп түйіне түсті. Осы оймен келесі күні-ақ оны дастарқанына шақырды. Ақшамда өзі көп боларда-болмай ертіп кетті. Бір үйде екеуінен өңге ешкім болмаған. Жалғыз қонаққа мол дастарқан жайылыпты. Жақсы жеңге қайнысына дарқандығын да аңғартпақ болғандай соғыс жылдарында жоқ боп кеткен тәуір шараптарды да тауыпты. Қақталған өрік, мейіз, шақпақ қант Ташкент жақтан келген-ау деп түйді Бекзат. Ал, сұр ет, сап-сары боп сақталған бұғана қазы, тағы басқа тағамдар көзді тұндырды. Бекзат тамсана-тамсана ел тамағын әбден құмарлана жеді. Құмарлана жегенмен құныға ішкен жоқ. Екі шөлмектен соң есіне әкесі түскен. Ол үнсіз отырып, әкесінің өзі білетін, сонау сәби кезден көзі қанық түр-түсін көз алдына келтірді. Бұл оның армияға кеткелі бері әкесі жайында дұрыстап ойлағаны, кен толғана ойлағаны болар. Әке кескіні ең алдымен ешбір өзгеріссіз, сонау бала кезде көрген, көре-көре көзі қанған қалпында келді. Көп адамның көзіне әкесі Қаратаудың ыстық-суығын көп көрген қара тасындай добал да домбал көрінгенмен, өз көзіне жүрегі бар, қаны бар, балаға деген мейірі бар көз толар тұлға боп елестейтін.
Ол көзін жұмыңқырап, жастыққа бір жамбастап сүйене берді. Әкесі нақ бір есіктен кіріп көп; босағада аң-таң боп тұра қалғандай, көз алдына күлімдей келді. Кімге де болса кірпік қақпай қарай білетін отты да өткір қара көзінен ұшқын атып, баласына мейірлене, әкелік ықыласымен, әкелік жылылықпен, жүрек қанын шымырлата зер тастаған-ды. Енді бір сәтте оның аздап дөңес келген етшең мұрны, майшаң қалың беті баласына сүріне де, сүзіле де қараған кезде жыбыр-жыбыр ете түсті. Әсіресе, көнтек келген қалың ерні өксіген баланың аузындай кемсең-кемсең еткен. Ол өзінің осы қалпын сезгендей-ақ, ішкі толғанысын, жан дүбірін ешкімге сездірмей, білдіргісі келмегендей өзіне-өзі «Сабыр -сабыр, қара шал!» деген. Бірақ оған тоқтамай, баласына қарай құшағын жайып, ұмтыла да ұмсына түсті. Құшақтауға дәрмені жетпеді білем, екі қолы салбырап, иығы түсіп кетті. Әлсіз, мұршасыз көрінді.
«Е, жалғызым, аман-сау келдің бе? Туған жердің дәм-тұзы тартқан екен де... Көремін деп күтпеп едім. Ие, күтпеп едім, балам. Құдайдан жасырмағанды сенен несін жасырамын...»
Ол бұдан ары бармады. Бәрін сабырға, ақылға жеңгізді. Бұл сәтте ол Бекзат көзіне Қаратаудың нәннән шомбал жартастарынан қашап шығарған жансыз мүсіндей боп мелшиді де қалды. Добал қашалыпты, бірақ, әдеміленіп сымбат қашалыпты.
Қаратаудың мынау жатқан тарғыл-тарғыл қара тастары не көрмеген? Мұндағы әр тастың өз алдына дербес тарихы бар. Оның, әрқайсысының көрген қорлығы, жеген жапасы, шеккен азабы бар. Ол әжімді жүзін күнге төсеп, мұңын айтып, арызын шағып еңіреген, көп жылаған. Қаратау тастары да осы өңірдің өз тумалары тәрізді өмір азабын, тағдыр тепкісін көп көрген.
Бекзаттың көз алдына ұмытылған ескі сурет келіп, ойына кенет оралуына себеп болған, сонау бір бала кезде, аңға бірге барамын деп, жылап, ақыры бірге барған кездегі сапар түсіп еді. Ие, сонда әкелі-бала екеуі үлкен бір жартастың көлеңкесіне келіп отырды. Біраз дем алған соң Бекзат жан-жағына қарады. Жақын жерден, тіпті нақ қасынан тырс-тырс етіп, тасқа әлдененің оқтын-оқтын тамып тұрғанын ол келгенде-ақ естіген, Енді назар сап қараса биік жартастың төбедегі биік қабырғасынан төменге мөп-мөлдір, күміс тамшылар тамып жатыр екен. Ең алдымен Бекзат алақанын тосты. Мөп-мөлдір, кәдімгі моншақ тәрізді ірі тамшылар екен, төрт-бес тамғанда баланың алақаны толды. Сонда ол әкесіне қарап:
— Көке, мынаны қараңызшы, су, кәдімгі су ғой, ішіп қояйын ба?
— Іше бер, қалқам, тасты жарып шыққан таза су ғой.
— Таза ма, көке?
— Таза.
— Ішіп қойдым.
Әке мен бала көпке дейін үнсіз отырды. Қамбарбек көзін жұмып, біраз мызғып та алды. Бұл кезде баласы жартасты жарып шыққан тамшы суға сылқия тойып алған.
— Көке, бұл су қайдан келіп тұр?
— Тастың ішінен.
— Тастың іші бар ма?
— Бар.
— Іші болса, басы, аяғы, қолы да бар ма?
— Бар! — дей салды ұйқылы-ояу отырған Қамбарбек.
— Сонда тастардың іші тесік пе?
— Жоқ, көзінен ағып тұр.
— Көзінен... Жылап тұр ма?
Жауап болмады. Баланың өзі қиялдап кетті. Көзінен ақса жас болды ғой. Сонда бұл жартас әлденеге риза болмай, қорлық көріп, соған ыза боп, жылап түр ғой... Бала осылайша, өз қиялымен ойлай берді. Бұл тас жылап тұр. Көкірегінде шері бар. Көмейге келіп тірелген жүрек сөзін сыртқа шығара алмай, ойын, жан сырын жария ете алмай жүрген пенде тәрізді бұл да ызадан жылап тұр.
Көкесінің қалғып отырғанын ұмытып, әлден уақта:
— Көке, мен сонда тастың көз жасын іштім бе? Кішкентай болғанда сен де ішіп пе едің?
Ол әкесінің бетіне қарады. Әкесі көзін жұмып, басын бір иығына қисайта салып, ұйықтап кетіпті. Ол қолын тамшыға қайта созды. Оның дөңгелентіп ұстаған торғайдың ұясы секілді дөп-дөңгелек, шұқыр алақанына тамшылар, тастың өтін жарып шыққан мұп-мұздай, мөлдір тамшылар тырс-тырс құйылып жатты. Тамшыға-тамшы қосылып, алақан тола түсті. Кезекті тамшы келіп, су толы алақанға түсіп, су ұшқыны сап-салқын боп бетіне шашырады. Ол алақаны толған салқын да мөлдір суды ішіп салды. Соңғы жағын жұтпай тамсанды. Аузына кермектеу дәм келді. «Шынында да көздің жасы болар-ау. Көз жасы кермек болады деуші еді ғой. Бұл тау сонда неменеге жылап тұр?»
Бала қиялы талай жерге кетті. «Мен көздің жасын іштім. Мұны жасында көкем де ішкен. Енді мен іштім. Кермегі болмаса әшейін судан дәмді. Кермегі ашынғаннан болар».
Сәлден уақта әкесі оянды.
— Жақсы ұйықтаппын. Түс көріппін. Сен сонау Мың жылқы шоқысына қарай өрмелеп барасың, өрмелеп барасың. Тым жоғары барма, құлап кетесің деп айқайлап жатыр екенмін. Оянып кеттім. Сен естідің бе, мен кәдімгідей айқайладым ба?
— Жоқ, даусың шыққан жоқ. Жайлап қана қорылдадың. Көке, сен, мына мен сияқты кішкентай болғанда тастам аққан көздің жасын іштің бе?
— Е балам, әкең не ішпеді дейсің?
— Бәрін-бәрін, бәрін де іштің бе?
— Бәрін, бәрін де іштім, күнім!
Осы әңгімеден соң әкелі:балалы екеуі қатарласып, бел асып бара жатты. Бала қара тастың кермек көз жасын көп ішіп ескен әкесінің қара қошқыл өңіне тағы да бір рет құпияланып сырмен қарады. «Әкем ішкенді мен де іштім, мен де сондай күшті, қарулы, қатал болармын» деп ойлаған...
Осындай бір жылы-тәтті ой үстінде Әйкен Бекзаттың иығына жұп-жұмсақ алақанын салды. Салмақты екен, селт етіп, жалт қарады. Қатарласып, бел асып бара жатқан әке мен бала кескіні көз алдынан ғайып боп кетті.
— Жаным-ау, анау жылдағыдай емес, толысыпсың! — деді ып-ыстық алақанын Бекзаттың иығынан алмастан. Қайта өзіне қарай еппен тарта түсіп, оның әкесі Қамбарбектің көзінен аумаған тұп-тұнық қара көзіне үңіле қарады. — Сен толысып қана қоймаған соң, сен әдемі боп кетіпсің. Қазір сен нағыз толысқан жігітке ұқсайсың.
Балауса кезінде жақсы еді, енді одан да, одан да өскенсің.
Әйкен өзіне қарай тарта түсіп, оның иығына кеудесін тіреп еді. Жігіттің есіне сонау бір түнгі ыстық кездесу түскен. Жігіт қызып та, қызынып та, Әйкеннің ыңғайына қарай төнкеріле берді. Жеңге жақындай-жақындай келіп, білегін мойнынан асыра сап, екінші иықтан қапсыра құшты. Жігіт оның ыңғайына көніп, иіле түсті, оның қолын қақпай еркіне жіберді. Неге екенін өзі де байқамай қалды-ау шамасы, алғашқы кезде дірілдеген жүрек, толқи бастаған қан ешбір себепсіз бірден келіншектің ерніне жармасып, құшырлана сүйгенінен бе екен, жігіттің жүрегі шым етіп, тітіреніп барды да, от ала алмай қалған ескі мотордай тез басылды. Артынша «бас-көзі жоқ, мұныңа жол болсын?» дегендей жеңгесіне қарады. Бұған ол да қарады. Әйкен көзінен көптен бері тоя алмай жүрген аш иттің сұғанақтығын, бір жерге, бір ноқатқа тағат ете алмай ойнақшыған отты жанардың тойымсыз қомағайлығын көрді. Көздің шарасында толған сауал белгісі, жалыныш өтініш, тілек нышаны, «мені қайтесің?» деген ауыр-ауыр сауалдар тұрды. Жігіт оның көзіне қайта қарады. Әйел көзінің отына, жалынды, жалмауыз жалынына шыдам бере алмай, кірпігін жиі-жиі қағып, тайсақтай берді. Әйкен көзі бедірейіп, от пен тұман басып мұның мысын құрта түсті. «Көзін-ай, сойқанның көзін-ай! От шашады, жалын атады. Жеп қоюға, жұтып жіберуге бар» — деп ойлады ішінен жігіт.
— Сен не, өзің есейген сайын батыл болады десе, жасық боп кеткенсің бе? — деп өзіне сілке тартып, өз кеудесіне жігіт басын сылқ еткізгенде, Бекзаттың көзі көзіне тағы түсіп кетті. Екі көздің қарашығы бір сәт бетпе-бет айқасып қалды. Әйкен көзі бұл кезде оған отардан бөлініп қалған, сөйтіп айдалада жатқан кескекті ақсақ қойға енді шапқалы тұрған, көптен бері қызыл көрмеген аш қаншықтың ашқарақ көзі тәрізді қып-қызыл жалын боп елестеген.
Бұл көрініс оны тағы бір жирендірді. Алғашқы, сонау армияға, майданға аттанатын түнгі қызықты есіне ап, ыңғайға емін-еркін көне түскен жігіт, бұл сәтте тағы тоқтап, Әйкен кеудесінен басын көтере беріп, құшағынан сытылып шығып кетті. Әлгі бір кездегі жалын атып, от шашып, алас ұрған аш көз енді қараса, жиегі қызарып, жасқа толғандай мұнартып тұр екен. Ашу, ыза, күдік қат-қабат кепті. Бұл кезде Әйкен бұған тым мұңды, арашашы,аяушы сұрап тұрғандай да болған еді. Ал, бір жағынан қандай сұмдыққа болса да, іркілмей баратын, тайсалмай ұрынатын, өлімге болса да бел байлаған кісінің сынайын танытқан.
— Әлі асау екенсің! — деді Әйкен көнтек келген қалың еріндері дір-дір қағып, көзі жасаурап. — Әлі балалығың басылмаған ба? Мен шындасам, шыңдасам, жын ұрған бақсыдай етер едім. Әлі де болса аяймын. Алысқа кетпесін де білемін.
Ол жігітті құшағына қайта тартып, нақ маңдайын кеудесіне әкеп тіреді. Құлағын әйелдің жүрек дүбіріне амалсыз тосты. Дір-дір еткен тығыз да, қалын кеуденің ар жағында бір шахтаға қуат беретін мотордың күшін дүбірлі сарын әлек сап, бұлан-талан боп жатқан-ды. Немесе, алас ұрып, алысқа шапқалы тұрған жүйріктің дүбіріндей толқулы, үрейлі, тынышсыз еді.. Бұл жай жігіт жүрегін тағы да қайта шымшып өтті. Мұның үстіне адамның ең алғашқы дағдысы қайталана береді алғашқы көргені есіне түскіш келеді. Жастық шақтың құлағы түрік, қиялы бар, есінде бәрін де, бәрін, жаманын да, жақсысын да сақтай береді. Сол сақталған жайлардың тағы бірі есіне түскенде Бекзаттың да жүрегі дүрсілдеп қатты соқты. Көзі жасаурап жеңешесіне қарады. Мұндайда аса қырағы, алғыр көзді, аш көзді әйел ымсыз түсінді. Бар пәрменімен жігітке құшырлана жармасты. Мойнынан қапсыра құшып алды да, өзіне қарай асығыс тартты. Өзі де, жігіт те тер алдындағы көрпеге жамбастай құлады.
— Қолыма тағы да түстің бе? Құдай тілегімді берді ме? Енді, енді сенен құдай болмаса, не, құдай болмаса, адам, адам, ешбір адам баласы ажырата алмас! — деп асығыс сөйледі, даусы үздік-үздік шықты, бір жағынан жігіттің маңдайын, шашын, құлағының түбін, қалың ернін қайта-қайта шөпілдетіп сүюмен болды. — Ризамын, құдай, бердің бе! Енді сен менікісің, мен сенің мәңгілік күңіңмін, құлынмын. Біліп қой, қайсарым! Қара тас болсаң да жібітемін, жібисің!
Бұл жігіттің бірінші естіген сөзі. «Қайсары» несі? Әлде мені біреумен шатастырып жатыр ма? деп ойлады да, бауырында жатқан әйелдің жасаураған, құмарпаз көзіне қарады. Оқып та, түсініп те болмайтын жайды көрді. Келіншектің екі беті манаурап, жаңа ғана ұйқыдан тұрған, әлде қанжылым ыстық моншадан енді ғана шыққан жандай алаулап та, алабұртып та кетіпті. Мұнар тартып, жасқа, толған көзін ашып-жұмып, ашып-жұмып, танауының екі жақ желбезегі елпең-елпең етіп жатыр екен. Тынысы кең, ұзаққа шабатын ат тәрізді, әлі зорығардай ентіге қоймапты. Бекзат бетін тұйық қабырғаға қарай бұрып әкетті. Бәйгеге шапқан бала қарсы алдынан гуілдеп соққан желден қаймығып, басын он жағы мен сол жағының біріне бұра отыратын да, не. тұқшиып, ердің басына қарайтын. Бұл да сол атшабар баладай басын он иығына бұрып алды.
Уақыт деген алып та жеңімпаз. Ол неге болса да шыдайды, бәрін де жеңеді. Бәрін де тояттатады, тойдырады. Нағыз ашқарақ, өзі тойса да көзі тоймастай көрінген Әйкен де бір сәт маужырап тынши қалды. Әлден уақта шын ниетімен-ақ, әлде қайда тереңнен, жан-жүрегінен суырып алғандай етіп:
— Ие, бәсе, қайсар қайным, есімнен жатсам-тұрсам неге шықпай қойды десем.. Бәсе -бәсе, елден ерек, басқадан бөтенше... Өзін, бәсе, тым тәтті екенсің ғой! — деп дауысы тот басқан жерінен жаңа ғана қиыршық құмға үйкеп тазартқан күміс кеседей сыңғыр ете түсті.
Бекзат снаряд дүмпуі соғып, есеңгіреп қалған жауынгердей сұлық түсіп, екі қолын екі қабырғаға соза, шалқалай жатты. Әйкен оның өңіне тәнті болған адамша күлімсірей қарап біраз отырды да, енді бір сәтте нақа өліктей боп жатқан жігітті бас салып сүйе бастады. Әлгі бір шақтағы аштықтың уыты тез қайтып, енді бойына тоқтық буы, ләззат қызуы жеткен кезде тағы да құтырынып кетті. Жігіт қолымен қақпайлап орнынан әрең тұрды.
— Шаршадың ба? Мына бір кеседегі арақты ішіп қой, бәрі де орнына келеді.
Келіншек жігіттің аузына кесе апарды. Бекзат көзін жартылай жұмған бойы, кесе ішінде не барына да, қанша барына да зер салмай, сылқита салды.
— Өзің де, өзің ішсейші! — дегенді Бекзат әрең айтты.
— Мен бе, мен... Сен дегенде арақ емес, у іш десең де көнемін.
— У ішпе! Су іш, мына ақ суды іш!
Әйкен толы кесені қайтадан Бекзаттың аузына тақай берді. Жігіт ерніне тиген суық кесені ұстай алды да, Әйкеннің өз аузына апарып:
— Кәне, мені жақсы көретінің рас болса, ақ қып ал! — деді.
Әйел іркілген жоқ.
— Міне, қайсар қайным! Сен дегенде, аянар, тайынар жерім жоқ. Су десең су, у десең у іше берем.
— Су... у... су да су, у да у... су да су...
Бекзаттың тілі күрмеле бастады. Көптен бері, бір жылдан аса уақыттан бері татып отырғаны осы еді. Ауыр жаралы боп, госпитальға түскелі спирт иісі мұның тек мұрнына ғана келетін. Енді арақ қызуы бір жылдан аса балбыраған ішекке, тамырға түсіп, жүрекке, басқа шапқан соң не болсын, өз тіліне өзі ие бола алмай, көз алды бұлдырап сала берді.
— Су десең су, у десең у берген, жеңгем-жеңгем, жеңгем-ай! — деп қойды.
Бұл екеуінің бұдан кейінгі сөзі де, ісі де, тіпті өздері де бір-біріне тек елес тәрізді, еміс-еміс қана сезілген. Қай кез, қай уақыт болғаны белгісіз. Аядай бөлменің іші әрі қапырық, әрі мүңкіген арақ иісі екен. Шойын құйғандай боп қалған басын Бекзат әрең кетерді. Электр шамы көмескілеу жанып тұр. Дала тастай қараңғы тәрізді. Жігіт басын қайта көтеріп, жан-жағына, одан соң, жатқан жеріне қарады. Оның ең алдымен көзіне түскені Әйкен болды. Анадан жаңа туғандай күйінде жатыр. Ештеңені сезер емес. Жігіт алғашқыда қызылға қызыққан қырғиша сұқтана қарап, қоқилана қалды да, қомағай ниетін тез басты. Тіпті, көрпені сілке тастап атып түрегелді. Жалаңаш әйелдің бөксесінен аттап, сыртқа тұра ұмтылды. Бірақ, есікті ептеп өте сақ ашты да, жай жапты. Мұнысы соңына түсіп қуған адамды адастырып кетемін дегендей, айласы да ширақ көрінді. Осы бір сәтте оның масаңдығы да, басының ауырғаны да ұмыт боп кетіп еді.
Дала қап-қара екен. Хантағы арнасын бойлап салқын жел соғып түр. Алыстан тау өзенінің бірсыдырғы әдемі шуылы естіледі. Бекзат қайда барарын білмей, табалдырыққа жүресінен отырды да, күрсіне-күрсіне ауыр да терең дем алды. Солқылдаған екі шекесін қолымен қос қолдап ұстап, алақанымен көзін жапты. Таза да салқын ауада есін жия бастады. Ең алдымен қайда, кімнің үйінде отырғанын, мұнда қашан, қалай келгенін есіне түсірді. Бұдан кейінгі жайлардың көбі-ақ, елес тәрізді үздік-үздік бірдеңе боп кетті. Әсіресе, дастарқан басындағы әңгімеден кейінгі жайлар көрген түс тәрізді боп, бірі еске түсіп, бірі түспей, пышырап кетті. Ең көп айтылған сөз «Қайсар қайным, енді сен менікісін,Мен сені ешкімге бермеймін, ешкімге қимаймын», — деген айқай тәрізді жүректің, жанталастың үні еді. Бұл оның құлағына әбден сіңді. Бұл оныкі, ол мұны ешкімге бермейді де, қимайды да... Бірақ, мәніне, мағынасына түсінген жоқ. Еркекті менікі деп әйел айтса, оның мәні не болатынын бұл білмейтін. Бірақ, бұл оны менікісің деген жоқ. Өйткені оның бөтен екенін, бұрын иесі болған бөтен әйел екенін білетін. Одан өзгеше ұғым Бекзатта жоқ.
Осының артынша жігіттің есіне түн ортасында, төсекте жатқан кездегі бір сөз түсті. Әйкен олай дөңбекшіп, былай дөңбекшіп жатты да, Бекзатқа қайта оралып, құшағына қысты. Аузын құлағына тосып, ұзақ сөйледі. Ең алдымен ойланды да толғанды. Одан соң сырын айтты. Одан соң енді бұдан былай өзінікі болатынын тағы ескертті. Артынша өзінің Бекзат алдында аздап та болса кінәлі екенін айтты. Кәдімгі адал досқа, қол алысып серт байласқан досқа айтқан сыр, шын сыр ретінде бар ықыласымен, ниетімен айтты. Соны есіне түсіре алмай Бекзат басын ұстап тағы біраз отырды. «Опыр-ау, не деп еді?» «Осы, менің сенің алдыңда кінәм де бар» деді-ау. Ол не кінә? Менің кінә қояр бұл әйелге еткізіп қойған, пұлдай түсетін, базыналық ететін нем бар еді. Бұл, егер біз жоқта қылмыс істесе, ақ төсекті арамдаса, күйеуінің не өлі, не тірі аруағына күйе жағып, адал жардың көзіне шоп тастаса, одан менің алдыма кінәлі, күнәһар болатындай не бар? Ие, не деп еді? Жоқ, оның айтқаны бұл емес, ол кінәм бар дегенде, Қамбарбек пен Нұрби жайында айтты. Не деді, неге айтты?
Есіне әрең түсірді. Ол айтты, Әйкен, аузы-басы қисаймастан, «Нұрбиге ерегісіп, біраз нәрсе істедім» деді-ау.
Бекзаттың көзі Әйкеннің лапылдап жанған, алабұртқан бетіне түсті. Ол түнде, осы өткен түнде нақ бұлай сайрамаған. Қазір жүзіне қарағанда да қара шалға Жайынбайды айдап салушының бірі осы қатын. Осы күдік оны ойға қайта батырды. Содан да болар, Бекзат орнынан жай ғана дыбыссыз тұрып, есікке беттеді. Әйкен орнынан қалай атып тұрғанын байқамай қалды. Ол есікке қарап, артынан ере шықты. Өзін-өзі тоқтата алмады білем, Әйкен қызарақтап, әлденесін ұмытқан, жоғалтқан адамдай, не істерін, не айтарын білмей тұрды да, ақырында:
— Шешіміңді, ойыңдағыны айтпай кеткенің бе? — деп лып ете қалды.
— Ойланатындай халде емеспін...
— Несін ойланасың! Мен де тыншы, айт кесіміңді...
— Қандай кесім болуы мүмкін?
— Бәсе, қандай кесім, соныңды айт?
— Нақ қазір үйлене қоятын жайда емеспін. Әкем, қарындасым, апам...
— Оларға не бопты? Баласы келді. Бәрін көрдің. Олардың сенімен кіндігі бір емес қой. Бәрібір сенің тағдырың менің қолымда...
— Ә, солай ма еді? Мен тағдырым өз қалтамда деп жүрсем, жеңеше, сенде ме еді?
— Менде...
— Өзіңде болса, асығып қайтесің?
— Әзәзілдерден қорқам.
— Өзіңе өзің сенімді болсаң, несіне қорқасын.
— Дегенмен, дегенім ғой. Сен, дегенмен біліп қой, жайсаң, жатсаң төсегіңмін, тұрсаң құлыңмын, күтушіңмін, отырсаң ырысын мен бағыңмын, жүрсең таянышың, серігіңмін. Менен артық бақ, бақыт саған жоқ.
Бірақ, Бекзатқа мұның бірде-бірі инедей әсер еткен жоқ. Өйткені ол осы күні, келгелі бері бақ іздеп, ырыс қуып, таяныш сұрап, тіпті, әйел аңсап жүрген жоқ-ты. Оны бір шаңырақтың астындағы не бәрі төрт адамның дүниенің төрт бұрышымда жүргені таң қалдырған. Басқадан емес, нақ осы таң, қалудан айыға алмай жүрген жайы бар. Ол екінші сөзге келместен Әйкен үйінен ұзай берді. Әйел болса, көзі бошалаған інгеннің көзіндей жасаурап, жігіттің соңынан ширығып, шүйіле қарады.
Бекзат нақ желкеден тіктене де сұқтана қараған жеңге көзінің отына төтеп бере алмады білем, кенет артына жалт қарады да, жайлап бұрылды. Оны осы кезде сабырлы да салқын ой билеген. Ол Әйкенге таяу көп:
— Жеңеше, көкем айтушы еді. Мына Қаратау бөктерінде бір-біріне қарсы көп қалған екі жолаушының бірі екіншісінің басындағы құндыз бөркіне қызығып кетіпті, бір жағынан атының шыға шаппа, ұшқырлығына сеніпті де, әлгінің бөркін ала қашыпты. Бөріксіз қалғанның аты ұзаққа сілтейтін жүйрік екен, біраз жерге барған соң қуып жетіпті. Сонда бөрік алып қашқан ыржақтап күле беріпті: «Өзі, ақсақал, ойнасақ та біраз жерге шаптық -ау деймін» деп бөркін қайтарып берген екен. Сол айтқандай-ақ, ойнасақ та, шындасақ та біраз жерге бардық-ау деймін, жеңеше! Өзім бағамын, асыраймын, бақытты етемін дейсің. Оныңа да түсінем. Бір кезде адамдар тым кедей, жүдеу-жамаулы болған. Сол кезде олар баққа, бақытқа, мансапқа көбірек ұмтылған. Қазір біз баймыз, рухани баймыз. Заман ар мен намыстың, соны сақтай білетін жігіттің заманы дер едім.
Ол жүріп кетті. Әйкен ақырып тұрып қалды.
— Ұқсамай кеткір, әкесіндей қара тас екен!
Әйкен долылықтан жылап жіберді.
XXX
Сәукен өзінің неге қуанғанын анық аңғара алмай қалды. Жазғаны дауа боп, бәрі анықталып, осы қалай болар екен деген күдігінің өзі расқа шыққанына, сөйтіп редакция қызметкерлері алдында мерейі үстем боп, редактордан мақтау алғанына қуанды ма, жоқ, әлде көкірегінде мұңы бар, ызадан қылмыскер болған қара шалды құтқаруға себепкер болғанына қуанды ма? Әйтеуір қуанды. Көз алдына сол мақаланы жазу кезінде кездескен, танысқан жандар келді. Әсіресе, Қамбарбекпен сөйлескенін, оның кескін-келбетін көз алдына әкелді. Беті қалың, көп сөйлемейтін, сөйлей қалса мәнді, мағыналы нәрсе айтуға бейім, бірақ өзінің дұрыстығы мен бұрыстығына зер сала қоймайтын, қайсар десең қайсар момын десең момын, өз дініне, өз дегеніне берік, тұлғалы қара шалды тағы да бір тамашалағандай көпке дейін көз алдынан таса етпеді..
Ол бүгін баспаханада кезекші еді. Газеттің қорғасын бояу иісі шыққан, әлі суы кеппеген бетін алдына жайып сап, осындай бір ойға кеткен. «Неде болса оңды болды. Мәселе дұрыс шешілді. Баспасөз, оның ішінде газет деген үлкен күш қой. Әділдіктің жаршысы, бұқараның үні, көптің сүйіктісі деп газетті оңды айтқан. Газет менің жазғанымды қолдап, басып шығармаса, менің ол кісіге себептігім қалай тиер еді? Бәрі осы алдыма жайып тастап оқиын деп отырған газеттің ісі. Газет ақылшы, ұстаз, кеңесші. Мен сол газеттің кішкене ғана еңбеккерімін. Егер, мен бүгін үлкен іс істесем, ол осы газеттің құдіретімен болған.. Ал, қара шал, сен бұған не дейсің? Сен шал, алдымен маған сенбедің-ау? Енді не айтар екенсің? Енді көзіңе газет көрінсе басыңа құран сияқты жастанып жататын шығарсың, немесе,. жайнамаз етіп, төріңе жиып қоятын шығарсың! Қайсысын істесең де, газетті қалай сүйіп, қалай құрметтесең де, сен шалдың еркін бар. Басқаны білмеймін, әйтеуір саған жарасады. Мен сен жайлы жазған мақаламда сенің не айтқаныңның бәрін бірдей, жіпке тізіп жазғаным жоқ. Өйткені, сен шал кейде алдырған албырт дегендей, оқыс-оқыс сөздер де айттың. Мен оның бәрін жаза алмағаным, жазудың қажеті де жоқ еді, жазбағаның болмаса, ұмытқаным жоқ. Бәрі де, бәрі есімде. Сен айттың-ау! Кәдімгі баяғының молдалары тәрізді — дүние деген не? Ол фәни, ол аз күндік. Сол аз күнде адам жақсы тұра ма, жаман тұра ма, бәрі бір емес пе дедіңіз-ау! Мен бұл ойдың қате екенін түсіндірдім. Түсіндім дедіңіз! Мен «фәни», «жалған», «аз күндік» деген сөздерде молда сымақ қара халықты үрейлендіруге әдейілеп: тапқан дедім. Бәрін «жалған» көрсетіп, рахаттан бездіру, сөйтіп, аз күн болса да өздері рахат, қызық, көру үшін ойдан шығарған дедім. Мен де ұғамын, заты солай-ау дедіңіз. Бұл маған жылы естілді. Сіздің шындыққа, адалдыққа жақын адам екеніңізді ұға бастадым. Бәрін бірдей несіне жіпке тізе берейін. Біз аталы-балалы адамдар тәрізді сырласқан соң, әрине, неше түрлі жүрек сөздері, осы қалай болды деген көкей сөздері көп айтылды. Бірақ мен сізді қатты сыйлауға, құрметтеуге, қолымнан келсе, сізге көмектесуге мәжбүр еткен бір сөзіңіз болды. Ол да сіздің ойыңыз, сіз айтқан сөз. Сіз, өзіңізге біткен табиғи салқын қандылықпен, аса ойлы түрде, салмақты үн, салиқалы кескінмен былай дедіңіз.: «Адам баласы дүние мақұлықтарының ішіндегі ең бір естісі, ақылдысы. Содан да ол дүниенің иесі, қожасы.
Таңым сол. Осы бір сөздердің өзін сіз байсалды айттыңыз. Мен оның дұрыс, бұрыстығына зер салмай, сіздің әйтеуір тегін жан еместігіңізді ұқтым... Қазір де ойлаймын, сіз тегін жан, әйтеуір көптің бірі емессіз...
Сіз тағы бір ғажап сөз айттыңыз. «Өмір бойы достықты сыйлап, соны құрметтеп келген жан едім.. Ал, сол достықты сүймейтіндер мені жолдан тайдырып жіберді. Бәрі бір соның өзінде менің, түсінігімше достық деген ұлы сөз. Оны сүймеген, оның қасиетін ұқпаған адам науқас. Ондай адамды емдемесе, елді бүлдіреді дедіңіз. Не деген жақсы ой. Мен сіз айтқанның .бәрін қағаз бетіне түсіре алмағаным болмаса, бәрі есімде. Сол жазылмаған сөздердің өзі сізді арашалап, ақтап тұрды. Мен сіздің адалдығыңызға қандай семсем, адамгершілігіңізге де сондай сендім, Осы сенім мені жақсы іске бастады».
Сәукен газет оқып отырып та, қара шалды есіне оқтын-оқтын алды және хат жазып, өз қуанышын, солай деп айтуға келсе, жеңгесін хабарламақ ойға бекінді.
Газетті басуға берді де, оның шығуын күтіп отырған екі аралықта Қамбарбекке арнайы хат жазды. «Ақсақал, сізді, егер сіз шын қуанған болсаңыз, сол қуанышыңызбен, жеті жылдың үш жылға түсіп қысқаруымен құттықтаймын. Сізді білмедім, ал өз басым, нақа өз әкемнің жазасын жеңілдеткендей қуаныштамын. Еңбек зая кеткен жоқ. Жазылған сөз желге ұшпады. Менің басшыларым істеген істің нәтижелі болғанына ризалық етіп, мені мақтап та жатыр. Қолына қалам ұстағанына аз-ақ жыл болған, мен тәрізді сары ауыз балапан тілшіге (бұл сөзді сіздің айтуынша айтып отырмын. Бізді журналист дейді) бұдан асқан абырой дәреже бар ма?
Сіздің қуаныштан қуанышқа бөленіп жатқаныңызды да жақсы білемін. Балаңыз кепті. Құттықтаймын. Өлген тірілді, өшкен өнді деген осындайдан шыққан болар. Сіздің Қоңырат кенінде жақсы істегеніңіз үшін бір күніңіз екі күнге саналады екен. Сонда сіз отырғалы бір жыл болды десек, үш жылдың екі жылы өтіп қалыпты. Амандық болса, сізбенен енді жарты жылдан соң Қаратау шахталарының бірінде кездесіп қалармыз деп ойлаймын.
Қуанғанымды жасыра алмадым. Әрине, сіз айтқан бір сөздің әсері деп ойламаңыз. «Біреудің күйігіне, қайғысына ортақ болу, немесе, қайбана біреудің қуанышына қуану жігіттің жігіттігін, азаматтығын көрсетеді» дегенсіз. Мен бұл сөзді арқаланып емес, шын қуанып отырмын. Мүмкін қуаныштың көбі өзім істеген істің нәтижесінен, соған шат болғанымнан да болар. Не де болса қуаныштымын. Сол қуанышымды сізге жеткізуге асықтым.
Сәлеммен сізді аса құрметтеуші Сәукен».
Ол баспаханадан таң саз бере шықты да, жол-жөнекей хатты почтаға салды. Таң ауасы, Алматы көшесі оған бүгін ерекше әсем, көрікті боп көрінді. Түні бойы жұмыс істеп шаршағанына қарамай көңілі өсіңкі де, көтеріңкі. Ол ең алдымен, өз өмірінде тұңғыш рет адамға пайдасын тигізгеніне, бөтен адамның тағдырына араласып, одан дұрыстық тауып кеткеніне масаттанған. «Жер бетіндегілер бір-біріне осылайша септігін тигізе берсе, тек бір-біріне жақсылық қана ойласа, мынау жердің беті түлеп кетер еді-ау деген оған асқақ бір ой келген. Осы бір көтеріңкі, жылы да тәтті ой оны баспаханадан үйге дейін шығарып салды. «Жақсы деген сөздің өзі жақсы. Қолдан келсе адамға жақсылық жасағанға не жетсін! Адамды көгертетін, адамды адам ететін дүниеде осындай зор күш бар. Оның аты -Жақсылық!»
Жас журналисті осы таңда әлдилеген тәтті ой осындай еді.
Қамбарбек те нақ осындай тәтті де жылы ойдың құшағында болатын. Ол өзі жөніндегі істің қайта қаралып, жеті жылдан үш жылға түскенін өз бастықтарынан бүгін естіген. Бұған, оның осы қуанышына баласының Хантағына келгені, енді оның әкесін іздеп жолға шыққан қуанышы көп қосылған. Бұл екі бірдей қуаныш анау-мынау емес, осы қара шалдың қалған өміріне жетіп-артылатын шаттық. Содан да болар, нақ бүгін жер бетінде бұдан бақытты адам жоқ еді. «Дүние, шіркін, қызық! Оның қызығы сондай, кейде кәдімгі Мың жылқы биігіне шоғырланған көктемнің ала құйын бұлты тәрізді. Күні кеше, енді біттім, күнім батты, ошағым өшті, Жаппарқұлдан қалған қара шаңырақ қаусап, ортасына омырылып құлады» деп түйген Қамбарбектің оң иығын ап бүгін жаңа күн шыққандай, көзі жайнап, беті танау тартып, қара нөсер жауыннан соң сәуле шашқан күн нұрына бөленіп, жалындай жарқырап, алыстан көз тартқан дала қызғалдағыңдай құлпырып кетті. Тот басқан шойындай боп, зіл жатқан кәрі жүректің көптен бері лүпілдей соққаны да бүгін шығар. Оның осы қуаныштан Қоңырат тауының басына шығып ап, бүтін Сарыарқаға даусы жететіндей етіп айқай салғысы да келді. Артынша сабыр етіп, өзін-өзі тәубеге шақырып, аз тынышталды. Осы шақта ол көз алдына кемпірін, баласын, қызын келтірді. Төртеуінің тағы да баяғыдай от басында, ошақ қасында дегендей, шүйіркелесіп отыратын күнді көз алдына әкелген. Ол ішінен «О, тоба, тоба, тоба қылдым!» деп қайта-қайта айтты.
Сол күні кештетіп Қоңыратқа Бекзат келді. Бірден әкесі тұратын баракты іздеп тапты. Бұл да әкесі тәрізді есіркеуді, мүсіркеп маңдайдан сипауды тәуір көрмейтін болса керек, аяғының сылтып басатын мүкісін сездіргісі келмей, аяғын шапшаң басып, әкесінің алдына келді.
Әке мен бала бірнеше жыл көріспеген адамдарша ұзақ көрісіп, құшақтасып жатпады. Осыдан аз уақыт бұрын сапар шегіп, енді содан оралып тұрған адамша баласын жай ғана маңдайынан иіскеп, басынан сипады. Көзіне жас алмады. Онсыз да мүжілген, мұқалған пышақты тасқа салып не қылам дегендей, баласын тым жайдары, ажырасу мен көрісудің арасында ештеңе болмағандай қарсы алды. Не де болса, қара тастай қатқан қара шалдың өксігі де, өкініші де, бүгінгі сүйініші де, тіпті көзінің жасы, көңілдің мұзы мен зілі де іште, тереңде еді. Иілмей сынатын емес, майыспай морт кететін асыл темір. Осындай-ақ болар, қара шал өзі білмейтін көптің алдында да бойындағы сүйекке сіңген бағы қасиетінен ауытқымай қалды.
Ол қолын алға қарай әрең созып, баласын маңдайынан қайта иіскеді де:
— Аман-сау оралдың ғой, балам? — деді жай ғана. — Бопты. Апаң қалай, бақуат па екен? Нұрбиді көрдің бе?
Оның бір жылдан аса үйінен шалғай жүргендігі, білгісі келгендігі, анығына жеткісі келетіні осы үш сауал ғана болатын. Сол сауал баласына берілді. Мұны да шүкір санап, берген сұрауының жауабын да күткен жоқ. Өйткені сауалдардың жауабын өзіне ұқсаған, мүлде бір аузынан түскендей тығыршық қара баланың отты көзінен, көнтек ернінен, тіпті қас-қабағынан ұққан. Баласы өскен, таралған. Кең кеудесіне әскери киімі жарасып-ақ тұр.
— Көке, аман-сау жүрсіз бе? — деген сөзді бала да зорлағандай боп әрең айтты. — Апам, Нұрби сізге көп, көп сәлем айтып жатыр.
— Е, саламат болсын!
Осынау аз сөздердің, алғаш көзге тым сабырлы, немесе, салқын көрінген қабақтардың астында от жанып, жалын атып жатқан жайларды да аңғару қиын да емес еді. Бала әкесіне, әке баласына сабырмен сырлы да, сұраулы да қараған. Бар мән осы көз оттарының тоғысуында еді. Әке болса сонау «шыр етіп» жерге түскеннен бастап, дауысына, түріне, көз қарасына қарап, ішін білетін, жүрек соғысын ұғатын баласына шүйіле қарамай-ақ жайын түсінген. Бала қиналып жатқан жоқ, ол да әкенің қас-қабағын, әрбір қимылын қарап өскен. Бұл да әке жүрегінің лүпілін, қуанышын айтпай таныған. Әке мен бала бір-бірін үнсіз, көп сөзсіз-ақ ұғып, әркім өз қуанышымен жылынып еді.
Жататын жайың жоқ шығар. Рұқсат берсе, менің қасымда боларсың.
— Мақұл, көке!
Әкелі-балалы екеуі бір-бірінің тынысын, жүрек дүрсілін тыңдап, бірге жатты. Бекзат әкесінің сол қолтығында еді. Әке жүрегінің ырғақты дүрсілін емін-еркін естіген. Барақ іші әрі тар, әрі қапырық. Төңіректе қорылдап, пысылдап ұйықтап жатқандар. Бұл екеуінің қабырғасына қабырғасы тиісіп, сығылысып жатқан. Жүрек соғысы, дем-тынысы бір-біріне анық естіледі. Екеуі де әлі ұйықтаған жоқ. «Жолдан, жүріс қағып шаршап келген бала ұйықтасын» деп әке ойласа, «Шахтадан шаршап келді ғой, көкем ұйықтасын» деп бала жатқан. Анда-санда күрсініп қойып, екеуі де көп жатты, ұйқысыз жатты. Жуық арада ұйқының оралмасын екеуі де сезді білем, әке бастап:
— Қалқам Бекзатжан, шаршадың ба? — деді жай ғана.
— Жоқ, көке.
— Соғыста деймін.
— Соғыста ма! Болды ғой.
— Аяғың ақсақ қой. Жарасы үлкен бе?1
— Онша үлкен емес.
— Әзің қисықтаусың ба, бір жағыңа!
— Бір жақ бұғана қабырғаны қаусатып кеткен.
— Жаралы жерің, сөйтіп екеу ме?
— Екеу.
— Қазір ауырмай ма?
— Ауа райына қарайды.
— Сонда қалай?
— Суықта, жауын-шашын боларда...
— Сыздай ма?
— Ие.
— Кәне, қолымды ұстап, жараңды көрсетші!
Баласы әкесінің қолын ұстап алдымен қабырғасын, одан соң жуан санындағы тыртығын көрсетті. Әке қолы жұмсақ тиді. Бірақ қолы қалтырап, дір-дір ете қалғандай болды. Бекзаттың да тұла бойын электр қуаты тигендей шымырлап кетті.
— Опыр-ай сақтаған екен! Жараңның екеуі де үлкен ғой.
— Жазылды ғой.
— Жазылды ма әйтеуір.
— Ие, жазылды.
— Апаңның ақ тілегі сақтаған да сені.
— Солай шығар.
— Жаралы болғанда жыладың ба?
— Есімде жоқ.
— Жылаған шығарсың.
— Қорқып емес, жанға батқан соң әрине.
— Жылағаның есіңде жоқ па?
— Дәрігерлер айтады, сандырақтап сөйлесем керек.
— Сенің жас кезіңде жылағаның есімде бар. Есейген соң, сен де өзім сияқты, бедірейіп, көзіне жас алмайтынсың. Сандырақтап жатқанда, мені, апаңды, Нұрбиді атап шақырып, жылаған да боларсың. Оны білмейсің ғой. Ең болмағанда жас күніңдегі тәрізді иегін кемсендеп, өксіген боларсың.
Бекзат үндеген жоқ.
— Сонсын, есің кірген соң, бізді — апаңды, Нұрбиді, мені есіне алдың ба?
— Алдым. Нұрбиді түсімде көрдім.
Ұйқың келді ме? Ұйықта.
— Жоқ.
— Хат неге жазбадың?
— Алғашында жаза алмадым. Кейін әбден жазылғанын айтармын деп көп күттім.
— Жазылмай кетсем, оларды несіне әурелеп, несіне мазалаймын деген шығарсың.
— Солай ойлағаным рас.
— Біз сенен қара қағаз ап, бетті бір-ақ сипадық қой.
— Қате бола береді. Бірге болғандардың көбі-ақ мені өлді деп жүр.
— Солай де.
— Жоғалып табылған бір мен емес. Көп қой.
— Көп болғаны жақсы. Көрген азабыңды ұмыт. Сонда оңала бересің. Тұяғы бүтін тұлпар қалмаған, қанаты бүтін сұңқар қалмаған, ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заман алақанындай төрт жыл да құйындатып өте шықты ғой. Бірақ, сол төрт жыл бір үйдегі біз төртеуімізге шеңгелін қатты салды. Төртеуміз төрт жаққа тозып, басымыз қосылмай кетті. Бұл да болса, уақыттың аумалы-төкпелі зілзаласы шығар. Енді жасыма! Тірі қалғанын бізге де, өзіне де олжа.
— Сені көргенде апаң жылады ма?
— Жылауға шамасы келмеді.
— Нұрби ше?
— Жас сәбише өксіп-өксіп алды да, артынша үнсіз отырып ұзақ жылады. Өзінің жүрегінде менен басқа да бір кірбің бар-ау деймін. Қыздар жылауық келеді. Сонда да болса өкініші көп пе деп қалдым.
— Бауырың ғой. Сен оны ая! Ал, Ақтөс сені бірден таныды ма?
— Алдымен құлағын селтитіп біраз тұрды да, артынша кеудеме алдыңғы екі аяғын сап, еркелене бастады.
— Сенің келгеніне, ол да қуанған екен... Жақынды адам түгіл ит екеш ит те біледі.
Әке мен бала бұдан соң бір сәт үнсіз жатты. Бекзаттың жаралы қабырғасы сыздап, солдан оңына қарай аунап түсті. Әкесінің қолтығына беті тиді. Оның мұрнына әкенің ежелден таныс иісі келді. Осы таныс иіс оның көз алдына өзінің сәби шағын, балалық кезін әкелді. Ол осы қара шалдың тұрса қолтығына қыстырылып, жүрсе етігіне жармасып, жатса төсінде ойнап өскен. Жұмыстан шаршап көп, екі қолын желкесіне қойып, шалқалай жатқан әкесінің кеудесіне мініп ап, тікірейген мұртының енді-енді андыздап келе жатқан ақ қылтықтарын санайтын. Күндіз келген бойда әке жүзіне зер тастап еді. Сол ақ қылтықтар ден алып, сақал-мұрт көк ала бопты. Беттегі әжім де көбейген. Әсіресе, оты мол қара көздің төңірегін өрмекшінің торындай етіп, әжім шарлап тастапты. «Бұ да қай бір жетісіп жүр дейсің» деген бір ой келгендей, Бекзаттың ақырын соққан жүрегі жай ғана бүлк ете түсті. Әкесін аяп кетті.
— Көке, шаршадың ба? — деді артынша.
— Ет үйреніп кеткен жұмыс қой.
— Жоқ, былай, мені ойлап шаршадыңыз ба, дегенім ғой.
— Шаршап-ақ едім, бір күндей болмай, бәрін ұмыттым.
— Іс қысқарды емес пе? Енді дем аласыз да...
— Жақсы демалыс еңбек қой.
— Шахтада қаласыз ба?
— Үйренген іске не жетсін.
— Денсаулығыңыз жарай ма?
— Кейде сен есіме түскенде жүрегім шымырлап, әлгі сенің жараң тәрізді сыздап кетуші еді. Енді онысын қойды.
— Дегенмен дем алған жақсы.
— Оның жаман жағы да бар. Ауру-сырқау дегендер іссіздіктің досы, серігі. Дүниеде қарманары, далбайы жоқ адам ұзаққа бара алмайды. Іссіздік өліммен тең. Алдында белгілі мақсаты, мүддесі, қойған нысанасы болмаған адам тобаң аяқ, қанаты жоқ, соқыр тауық тәрізді, қайда басып, не жеп, не қойып жүргенін білмейді. Менің нысанам сен. Сені белгілі жерден, дітке алған мүдделі белден асырмай тыншымаймын. Шешен сезді. Келеді деп күтті. Мен де күттім. Сол күту мені неден болса да аман ап қалды.
— Көп ойладыңдар ма? Несіне сонша азаптандыңдар. Бір мен емес, бір сендер емес. Көптің басына түскен нәрсе емес пе?
— Көптің көбі бар. Жалғыз деген қиын. Жоғалып кетіп бір қинадың, жалғыз боп екі қинадың. Бірақ, бәрі өтті кетті. Енді тәубе етіп, шүкір дейміз.
Осының артынша ол тағы да бір аз уақыт үнсіз жатып, осы бала дүниеге келгелі бері дуасындай етіп, көкейінен тастамайтын бір шоқ өлеңін есіне түсірді:
Басында емен ағаш жапырағы,
Жалғыздың шашылмаған топырағы.
Екеудің бірі өлсе, қалар бірі
Жалғыздың өзі кетсе соры-дағы.
«Осынау жарық дүниедегі, кейбіреулер «жалған» деп жаңсақ айтқан жалғыз дүниедегі бар тілегім, бар дуам, бар үмітім осы бала еді. Сол балаға арпаған аталы сөз, киелі тілегім осы еді. Сол бала нақ қазір маған бүлк-бүлк соққан жүрегі мен жылы бауырын денеме тигізіп қасымда жатыр. Мен оның жүрек дүбір, жай тынысын, дене жылылығын сезіп, біліп жатырмын. Қатарыңда, нақ жылы қолтығыңның астында өз жүрегің тәрізді тағы бір жүректің бүлк-бүлк соққаны қандай рахат!»
Қамбарбектен ұйқы қашты. Тәтті-тәтті ойлар шырмап, рахатқа батты. Баласына қарай аунап түсіп, қараңғыда ешкімге көрсетпей, әлдекімнен қызғанғандай құпияда оның шашын, құлағының, түбін, мойнын иіскелеп алды. Бірақ, сүйген жоқ. Бала бәрін сезіп жатқан.
— Бәрі де кешегідей, жас кезіндегідей, сенен жөргектің, ана сүтінің иісі келеді, — деді ол өзіне-өзі күбірлеп.
— Көке, не дедің? — деді баласы ұйқылы-ояу қалпында.
— Иісіңді айтамын.
— Дәрі сасып кеткен шығармын.
— Ондай иіс сезілмейді, бәрі баяғыдай.
— Қайдан баяғыдай болсын. Сізге, әшейін, солай көрінеді де...
— Жоқ, шыным. Аңшы адам ізшіл, иісшіл келеді.
— Аңды да ұмытқан жоқсыз ба?
— Ақтөс кейде түсіме енеді. Бәтшағар, жүгіруді аңсап, мені сағынып жүр-ау деймін, қыңқ-қыңқ деп қыңсылайды. Төрде ілулі тұрған қамшының өрімін қайта-қайта жалайды.
— Қыңсылағаны қыңсылаған. Өрім жалағаны несі?
— Аңға шығарда ащыны-тұщы алатын. Сонда ол ат тері сіңген қамшының ерімін жалаушы еді. Жүгіргенді аңсап, зеріге бастағанын сонда біле қоятынмын.
— Ит деген ақылды-ау.
— Тілі жоқ демесең, ақылды ғой.
Әке мен бала түн ортасы ауа әрең ұйықтады. Соның өзінде күндегі уақытында тұрды. Қамбарбек жұмысқа кетпек. Бекзат еліне қайтпақ, ол әкесімен қоштасарда:
— Көке, енді көп ойлама? Көрісер күн жақын! — деді.
— Апаңа, Нұрбиге сәлем айт! Жақсы де жағдайы. Мынаны апаңның қолына ұстат! — деп кір-кір орамалға түйген кішкене бір түйіншекті баласының қалтасына салды.
Бала бұл не деп сұраған жоқ. Шалдың қиын жолда жүріп-ақ кемпіріне сақтаған сәлемдеме-сыбағасы екенін айтпай білді.
— Апаңа бер, ақша ғой. Жұмысты жақсы істесең, мұнда да алғыс, сыйлық береді. Ал, сау бол, апаңа, Нұрбиге тағы басқа сұраған жанға, тілеуқорларға сәлем айт. Бүгін поезға іліге алмасаң, далаға түнемей, осында қайтып кел!
Сарыарқаның самалды сары желінің өтінде тұрып, Қоңырат тауының тарғыл тасты бөктерінде әке мен бала бір-біріне жалтақ-жалтақ қарай-қарай әрең ажырасты. Бекзат кетіп бара жатып, әкесіне әлденеше рет бұрыла қарады. Ол да жөн арқасынан бала кезінің қуатын сезгендей, нақ сол сәтте жалт қарады. Осылайша бір-біріне жалтақ-жалтақ қараумен екеуінің арасы ұзай берді. Қамбарбек шахтаға жете бере артына бұрылып тағы қарады. Қырдан асып бара жатқан баласының жөн арқасын ғана көріп қалды. Сонау бір кезде жөн арқасын емес, соның көлеңкесіне ұқсаған қараны бір көруге зар болған әкеге бұл зор медет еді. Осындай бір жылы оймен, тәубеге келген, тоба қылған сезіммен ол шахтаға ұртынан күліп, көңілді түсті. Осы көтеріңкі шат көңілде әлдебір әнге, немесе ақ өлеңге, тапқыр мақал-мәтелге, қанатты сөзге ұқсас ұшқыр тізбектер бар еді: «Дүние деген қызық нәрсе! Құдай-ау, кейде адамның арманы, үміті дегеннің өзі нақа сонау жапан түзде тізгіні мен шылбырын қоса сүйретіп, соларын өз тұяғымен бырт-бырт үзіп, салт кетіп бара жатқан жалғыз да жетім жүйрікке ұқсайды. Бірақ, ат жалын тартып міне алар, алтын ерге қонақтар ер табылмас деп өкінген артық.
Үзілген шылбыр жалғанар үзілген тізгін тігілер. Әр нәрсе өз кезегінде, өз сәтінде екен. Сәуірде кеткен аққу-қаз қараша болмай қайтпайды. Бәрі де уақытында екен де»... Ол өзінің осы бір ойын тамсана жұтқандай, іштен оқыған дұға сөзіндей қайталап айтты.
Қамбарбек жұмыстан шықты.
Оның басына күтпеген жерден нұр жауды. Қуаныштан қуанышқа кезікті. Бүгін ол баяғы кейде ұяңдау, кейде ұрыншақ көрінген дөңгелек бет, қисық көз қара бала Сәукеннен хат алды. Бұрын естіген хабар болғанмен жанға жайлы да жылы тиген жақсы сөзден бір жасап қалды. Оны қуаныштан әр кімге бір оқытты. Ерте жатты, кеш тұрды. Кешегі ұйқының есесі қайтқан. Жайлы жатты. Көңілді тұрды, сосын оған хат жаздырды:
«Қазақ бір күн дәм-тұз татқанға қырық күн сәлем дейді, балам! Қолымнан ештеңе келмесе де, саған деген қырық күн, қырық түн емес. Тайқы маңдайым тасқа тиіп, жастықтағы басым қара жерге домалап түскенше сәлемім түзу, ниетім ақ тілеуім дайын. Мен сенің бұл ісіңді неге, қалайша ұмытамын? Мен сені көріп, сенімен сөйлескенше, сенің сөзің газет бетін көргенше, содан мынадай себеп болғанша, жапан түзде жабымен жол шеккен салт атты, сабау қамшылы, жалғыз ғана емес, басар тауы, қонар сайы жоқ, қаңсыған қара жолдың үстіндегі мақсаты да, мұраты да, қанаты да, қайраты да жоқ, жел мен шөлдің, шаң мен аңызақтың ермегі болған сайқы мазақ жолаушы едім. Сол өзің көріскен діндар себеппен мені іздеп сен келгенше, мен қара қолдың үстіндегі үлкен керуеннен жырылып қалған, бұйдасы үзік, қомшасы ауған делбе тайлақ сынды едім».
— Ақсақал, өзіңізді-өзіңіз бүйтіп тұқырта бермеңіз. Адам деген ит, еркелете берсең есіріп кетеді. Кім екені есімде жоқ, әйтеуір орыстың бір мықты ақыны былай депті.
«Кто втерся в чин лисой, тот в чине будет волком!» — деп. Міне, адам дегендерің осындай!
— Басқада шаруам жоқ. Бұл жігітке не айтса да жарасады. Сөзді қой да, бала, жаза бер.
— Ал, кеттік, ақсақал! Артық мақтап жақсы жігітті бұзсаңыз, обалы сізге.
— Е, маған-ақ болсын!
«Немесе, қалқам Сәукен, есіңе аспандағы құс тізбегін алшы. Бәрі бірдей қатарласып ұшпайды ғой. Бір-біріне себін тигізіп, естісі жол бастайды, ауаны бұзып жол салады. Соя қаңқылдап қайтқан құстан бөлініп қалған соқыр үйрек болады. Дыбыспен, жаппай сарынмен ұшады. Сәл кешіксе, бітті. Саралы топтың санатына іліге алмай адасады».
— Міне, бұл да артық. Немене, сіздің тілші енді жазғыш қана емес, көзді жазатын доктор Филатов болып кетті ме?
— Серікбайжан-ай, жаза берсеңші.
XXXI
Оның қайтуына бір жарым ай қалды. Сағыныштан болар, немесе қайтатынына сенімділіктен шығар, әйтеуір кейінгі кезде үй-ішін, бұрынғы достарын көп ойлайтын. Бекзат келіп қайтқан бойда әкесіне хат жазып, үш адам түскен сурет жіберген. Мұндағы үшеу Хадишаны ортасына алып отырған баласы мен қызы. Бұл үшеуінің бірге отырғаны шалдың тас боп қатқан жүрегін талай жібіткен. Міне, енді ол өзінің Қаратауды ойлап отыр. Оның көз алдында тау. Құдай-ау қай заманнан бері көзі үйренген сүйікті де сүйкімді жер. Туған өлке, өскен жер, жұпар иісті ауасын жұтып, хош иісті көк жусанына аунаған. Қарай қалса көз талдырған ақ, сары, қызыл, көк гүлдерін қайтесің! Қара тастарын қақ жарып шыққан тобылғы мен үшқат, арша мен қызыл қайың басқа таудағылардан аласа, мыртық өскенмен мық тәрізді қатты келетін. Суы аздау, жауын-шашыны кеміс болған соң, аңызаққа, ыстық желге, аяз бен үскірікке бой бермен өскен пәкене шөптер мен ағаштардың өзі құнарлы, мықты. Қаратау малының еті — тәтті, сүті — бал. Мұның бәрі шөбінен.
Қамбарбек кейінгі отыз жылдың өзінде Қаратауды бір емес, екі емес, табаны күректей үш рет кезіп шықты. Сонау бір жылдары ол осы таудың ой шұқырындағы көкпар мен бәйгені іздеп, Әулиеата мен Ақмешіт ортасын жаңа жауған ақша қарға із тастаған түлкідей шарлап бір өтті. Одан отызыншы жылдары болса.осы таудан алтын, күміс, қорғасын, мыс, қалайы, жез іздеген инженерлердің бірінен соң бірін бастап екінші мәрте шарлады. Бұдан кейінгі көп мерзім, шахтадан қолы қалт етсе болды, Ақтөсті ертіп, тастан тасқа шығып, аң қаққан шақ. Сөйте-сөйте бұл таудың әрбір жырасы мен шоқысы, биігі мен белесі, аң мекендейтін қия беттері мен қалыңы өзі туған Қанымсай мен Ожар үзілген шылбыр жалғанар, үзілген тізгін тігілер. Әр нәрсе өз кезегінде, өз сәтінде екен. Сәуірде кеткен аққу-қаз қараша болмай қайтпайды. Бәрі де уақытында екен де»... Ол өзінің осы бір ойын тамсана жұтқандай, іштен оқыған дұға сөзіндей қайталап айтты.
Қамбарбек жұмыстан шықты.
Сонау бір жылдары, Бекзат мектепте оқып жүргенде, Отанның табиғи физика картасынан Қаратауды көрсеткені бар.
— Көке деймін, мына бір қоңыр сызықтар бар ғой, бұл Қаратау. Міне, мынау Әулиеата қаласының нақ түбінен басталады да, Қызылордаға жетпей, міне мынау Жаңақорған мен Шиелі тұсынан бітеді. Мынау Мың жылқы, міне Келіншек тау, Хантағы, Ащысайды қараңыз!
— Мынауың, қалқам, жорытқан түлкінің жоны ғой! — деген сонда.
Шынында да қарт аңшыға Қаратаудың картадағы көрінісі жорытқан, немесе, төрт аяқтап, етпеттей жатқан алтайы қызыл түлкінің көк ала қоңырқай арқасын елестеткен. Құйрық жағы Шолақтау, Жаңатас, Сүлейменсай, Байжансай болғанда, белі Ащысай, Мырғалымсай да, басы — Мың жылқы, Келіншектау, Тұмсығы — Ақұйық пен Суындық, мұрыны — Ақсүмбе мен Күмісті. Қағазға түсірген түлкі суреті тәрізді.
Міне, содан бері қарай Қамбарбектің есіне осы тау түссе, немесе, атын ес?ісе, ең алдымен оның, көз алдынан оңтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай, құбыланы бетке алып, жорытып бара жатқан әдемі түлкі елестейтін. Осыдан барып, үлкейе-үлкейе келіп, соңында көк жиекпен тірескен, көгілдір сағым, көкшіл мұнар басқан қоңыр тау жатады.
— Балам, біліп қой, соңғыларға айта жүр, мынау жатқан қасиеті мол, киелі тау — Қаратау біздің ата-мекен, туған, өскен, кіндік кесіп, кір жуған, суын ішіп, мейір қанған жеріміз. Бұл жерге теріміз төгілген, қанымыз төгілген, көз жасымыз төгілген. Адам үлкен болсын, кіші болсын, данышпан болсын, мейлі бай, мейлі кедей болсын, бәріне тән бір қасиет болмаса қиын-ақ. Ол әркім өзінің кіндік қаны тамған жерді қастерлемесе, сүйе алмаса, сол жерде басы қалмаса қиын! Туған жерін, туысын сүйе білген жігіт қана басқаны, әнге жерді сүйеді. Өзін, өз жерін сүйіп оңдырмаған жан басқаны сүйіп жарытпас.
Бұл сөзді Қамбарбек әкесі Жаппарқұлдан естіген. Бірақ өз баласына айтып үлгірмеген. Сонау күндері айтатын адамынан оқыс ажырап, енді кімге айтарын білмей аңырған. Бұл кезде ол әке сөзін айтып кететін адам таппағанына өкінген, Ол өкініш бұлты енді сейілген де серпілген.
Заман өткен сайын, күн жылжып, айналып келген сайын ойға ой қосылады. Олай болса, Қамбарбектің әке сөзіне қосып айтары тағы бар. Қаратау сол Жаппарқұл шал айтқан қасиеттерімен бірге қазына тауы. Қаратаудың қойны толы қорғасын, мыс, күміс, алтын, жез, қалайы, тыңайтқыш, әйтеуір асыл тастар. Алланың мың да бір аты бар, соның бір аты Ахмет деген сияқты, Қаратаудың да аты көп. Сол көп аттың бірі Кендітау, Кентау. Қайсы болса да жарасып тұр. Осы таудың ең байлығына сай. Сол асыл қазыналы тастарды, нешеме мың жылдар бойы жер астында жатқан мол байлықты алатын, елдің игілігіне айналдыратын шақ туды. Оған Қамбарбек өз үлесін қосты. Енді кездескенде баласына айтар ақылының бірі осы.
Ол бүгін ерте тұрған. Ертеңгі асты ішіп, жұмысқа кетер шақ әлі алыс. Ол жатақханадан алыстап, ашық карьер жасалған қоңыр шоқының биігіне қарай өрмеледі. Уақыт әлі ерте екен. Шығыс жақ енді ғана бозалаң тартып келеді. Қамбарбек ойын бөлместен жайлап басқан қалпымен биіктің басына шықты. Ауасы ауыр жатақханадан шыққандағыдай емес, танғы таза лепті сіміре жұтып, көңілі есіп, денесі сергіп алды. Сонда да болса үйден шығардағы ой үзілген жоқ.
Қоңырат шоқысының басында отырып есіне алған оның қат-қабат ойының өзекті тынысын үзген Балқаш көліне түнеп шыққан құстар керуенінің таң алдындағы қым-қиғаш айқай-шуы еді. Қамбарбек алыстан көрінген Балқаш айдынына зер тастады. Оның назарында көптен бері көрмеген ғажап көрініс жатты. Көл беті тұтасқан қарақұрымдай құс екен.
Қараша күз кепті. Солтүстіктен ызғырық жел соғып түр. Айдың беті қиқулаған құс. Көпті көрген сары тіс аңшы айдындағы құстар тобына аңыра қарап, дүниенің басқа бір қызығын тамашалап кетіп еді. Өзі күс ату саятына көп шықпаса да, атқандарды, қаз-үйрекке қаршыға, ителгі салғанда, бөдене мен шүрегейге қырғи мен күйкентай салғанды талай-талай тамашалаған. Ол ғана емес, құстар дүниесі олардың өмірі, әсіресе, ұзақ-ұзақ сапарлары жолдары Қамбарбек жанының құпиялы ғашығы, ынтызары еді. Міне, бүгінде күн шықпай шығыстан сәуле көтерілген сайын құстардан тыныштық кете бастады. Олар тағы да ұзақ сапарға тартпақ. Ең алдымен көл бетіндегі аққулар .тобы стартқа шыққан самолеттердің моторын қыздырғаны сияқты қанаттарымен көл толқындарын сабалап, бір-бірін қуып, қанат-топшысын қыздыра бастады. Аққулардың ұшуға әзірлігін сезгендей қаздар мен үйректер де қиқу сап, ұрандасып, өз тобын жинап жатты. Әсіресе, күздің ең суығын ала келетін қараша қаздар да сапарға әзірленіп, қым-қиғаш қиқу мен қаңқылға басты.
Күн шыққан жоқ. Қиқу үдей түсті. Көк жиекке күннің алтын иегін арта бергені-ақ мұң екен, Балқаш айдынынан ең алдымен ырғала-ырғала қаңқылдап, қоштаса сұңқылдап, үнін әсемдікпен әндете созып аққулар тобы көтерілді. Олар көлден тіп-тіке күнге қарай көтерілді де, керуен басы алға шығып, санын түгендеп алған соң тұп-тура оңтүстікке, Қаратауға, Сырға, Аралға, Каспийге бет алды. Аққулар тізбегі көл үстін бір айналып өтіп, бетін өз бағытына қарай бұрған шақта ұшқыр үйректер, топ-топ боп, өздерінше аққуша тізбек-тізбектер жасап, жол бастаған аққу арулар соңынан асығыс ұшты. Ең соңында қараша қаздар қалбақтап, көл үстінде у-шу боп, бей-берекетсіз көтерілді де, жоғарылай -жоғарылай келіп, сапын түзей бастады. Ең алдымен кейбірі тым көп қаңқылдап, керуен бастыға таласты. Бір-бірін итермелеп, сапты түзеп, батылы мен батыры алға шықты. Аққулар салған керуен жолына түсіп ап, оңтүстікке қарай бұлар да самғай тартты. Сәске түске дейін көл үсті бұлан-талан боп, көшкен құстан айықпады. Тізбек-тізбек күс керуендері көлден кетіп үлгермей жатып, Балқашқа солтүстіктен басқа керуендер келіп қона бастады.
Балқаштан қаздар керуені ұзай бастағанда Қамбарбек Қоңырат шоқыдан төмен қарай түсіп келе жатып, бағанадан бергі көп ойы мен кергендерінің түйіні сияқты әлденелерді айтып, күбірлеп келе жатты. Ең соңында ол ешбір күрсініссіз, сабырлы үнмен былай деді:
— Қараша түскен, қаздар қайтқан екен!
Қарашада қараша қаздардың солтүстіктен оңтүстікке қайта бастаған шағы еді. Қаны суық, бөтегесінде тасы бар құс екеш құстар да сәтінде жылылықты сүйеді. Ал бұл ше? Бұл адам ғой...
1970 — 1972 Алматы — Түркістан.