10.05.2023
  263


Автор: Сейітжан Омаров

Қайырлы жаз

ПОВЕСТЬ


Бір жапырақ сенім қағазды қайта-қайта оқимын. Жазу машинкасының тасқа басқан таңбадай айқын түсірген әрбір әрпі өткен аз ғана өмірімнің шежіресін шертіп тұрғандай болады.


«Осы сенім қағазды ұсынушы Айшуақов Сәлкен жолдас Амантай болысы 6-санды ауылсоветке қарасты Тақыртөбе елінде биыл ашылуға тиісті бастауыш мектептің мұғалімдігіне тағайындалды. Сонымен қатар Айшуақов жолдас жоғарыда аталған мектепті салғызу, оған керекті құрал-жабдықтарды әзірлеу жөнінде уездік халық ағарту бөлімінің уәкілі болып саналады.


Өзіне жүктелген тиісті қызметін ойдағыдай атқару кезінде Айшуақов жолдасқа бар тараптан көмектесу жергілікті партия-совет ұйымдарынан талап етіледі.


Атбасар уездік атқару комитетінің


председателі П.Желябин.


Атбасар уездік халық ағарту бөлімінің


меңгерушісі С.Глазунов.


Сенім қағазға қол қойған Петр Желябин — Атбасар уезіне атағы шыққан, осы аймақтың қаласы мен даласына совет туын өз қолымен тігіп, еңбекші халықты азаттыққа бастаған большевик. Сергей Николаевич Глазунов болса, Октябрь революциясының жалынды насихатшысы, қарт мұғалім, Желябин жолдастың үзеңгілес серігі. Маған орыс тілінің әліппесін үйретіп, ақ пен қараны танытқан осы кісі. Ардақты ұстазымның осынау сенім қағазға өрнектеп сызған таныс қолтаңбасы маған бір түрлі ыстық көрінеді.


Глазунов ағайдан тәлім-тәрбие алып, ақ пен қараны таныдым дедім ғой. Иә, мені надандықтың шыңырау зынданынан құтқарып, жаңа заманның жарқын сәулесіне жөн сілтеген — Сергей Николаевич...


Мен ол кезде он жеті жаста едім. Атбасар қаласындағы тоғыз жылдық орыс мектебінің төртінші класында оқып жүрмін. Бір күні сабақтан кейін Сергей Николаевич қазақ шәкірттерін мектепке бөліп алып қалып, алдыңғы парталарға отырғызды. Аздан кейін нәзік даусын созып:


— Өздеріңнің ана тілдеріңде еркін жаза білетіндерің қолдарыңды көтеріңдер! — деді.


Ұстазымыздың тосын сұрағына іле-шала жауап бере алмай, ыңғайсызданып қалдық. Әр класта оқып жүрген он бес шақты қазақ шәкірттерінің ішінен жетеуіміз қол көтердік. Қазақ тілін менсінбей ме, әлде шындап та қазақша жаза білмей ме, оншасы қайдам, жоғарғы кластарда оқып жүрген естияр бай балалары үнсіз отырып қалды.


— Бұларың жарамайды, жігіттер! — Сергей Николаевич сұсты пішінмен қабағын түйіп, басын шайқады. — «Отансыз адам сақау бұлбұлмен тең» деген мәтел бар біздің орыс халқында. — Сидам жирен мұртын ширатып, күлтеленген сарғылт шоқша сақалын салалы саусақтарымен тарағыштап тұрып, байырғы салмақты сипатына қайта ауысты. Ақ жарқын шыраймен сөзін соза түсті! — Орысша оқығандарың жақсы, әлбетте. Бірақ өздеріңнің ана тілдеріңді белкүллі ұмытуға хақыларың жоқ сендердің! Туған ұлтының тілінен, салт-санасынан безген адам шалшық судағы балықпен тең. Естеріңде болсын жігіттер, балық шалшық суда ұзақ өмір сүре алмайды. Сендер, ең алдымен, қазақ халқына қарыздарсыңдар. Осы борыштарыңды халыққа деген татаусыз сүйіспеншілікпен, бекем сеніммен ғана өтей аласыңдар...


Ұстазымызбен сөз таластыру қайда, тіс жарып үн қатпай, ұйып тыңдай қалдық.


Сергей Николаевичтің тапсыруы бойынша, ел өмірінен есімізде қалған жақсы әсерлерімізді, жадымызда сақталған өлеңдерді жазуға кірістік. Естелікті әркім өз қалауымен не қазақша, не орысша жазуға ерікті болды. Өзара шүңкілдесіп қоймасын, бір-біріне кедергі болмасын деген шығар, Сергей Николаевич бізді кластағы бос парталарға бөлек-бөлек отырғызды. Мен орта қатардағы алдыңғы партаға жалғыз отырдым. Басқалардың не жазып, не қойып жатқанында не шаруам бар, біраз ойланып алдым да, іске кірісіп кеттім.


Реті келіп қалғанда айта кетейін: әр класта оқып жүрген алуан жастағы бір топ қазақ балаларының Секен Қорабаев, Темірбек Жамансарин үшеумізден басқалары шетінен шікірейген бай балалары. Менің білуімше, мырза атанып, шекелерінен қарайтын Әбжат Байдалин, Бексұлтан Әленовтар ел бозбалаларының шәлдірік өлеңін жазады:


Жігіттік базарына әркім барған,


Адам жоқ өз әлінше одан қалған.


Жиылып қыз-бозбала араласып,


Жастықтың думанында сайран салған.


Бай балаларының жазатын өлеңдері көбінесе осы іспеттес болып келетініне менің иманым кәміл. Ал, енді ел өмірінен есте қалған әсерлерін жай сөзбен жазатындарының айтары да маған белгілі: «Гүлжазира байтақ далада туып, уыз қымыз бен сары қазыны еміп өстім». — Олардың естеліктері көбінесе осы тәрізді арзан ләззаттан басталады, әрине. Мейлі, солай-ақ жаза берсін, байлықтарына мақтанып көкісін біраз! Бұлай жазуға менің қолым бармайды. Қарғаның ұясындай қараша үкімді, көзінің жасын төгіп, күңіреніп жылап отыратын шешемді, ішер асқа, киер киімге жарымай, қаршадайынан кемдік, қорлық көрген шиеттей жетім қарындастарымды, бір үйлі жанды зарлатып жастай өлген әкемді неге ұмытайын. Әкемнің бейнесі көрген түстей елес беріп, көзімнің алдынан бір кеткен емес.


Осы кезде пайымдап ойлап қарасам, өзіміздің елде біздің үйге ұқсаған ұсқынсыз қараша үйлер көп екен де, күндей жарқыраған ақ ордалар ат төбеліндей аз екен.


Иә, қағазға еңселерін салып, шұқшиып жазып жатқан шәкірттердің дені, шындығында, уыз қымыз, сары қазыны емін-еркін еміп өскен бай балалары. Менің тұрмыс күйім олардың тұрмыс күйіне мүлде ұқсамайды. Мен болсам, жоқ-жітік тұрмыстың қақпайымен қаңғырып қалаға келдім. Кім көрінгенге күшін сатып, әрең күн көріп жүрген бір сорлы қазаққа қолбала болдым. Менің сорыма қарай ол кісінің де өмірінің өресі өте қысқа болды. Мезгілсіз өліп кетті. Басымды тауға да, тасқа да соғып, дағдарып жүргенімде мейірімді мұғалімге кездестім. Анықтаңқырап айтқанда, осы Сергей Николаевич Глазуновқа ат айдаушы боп жалдандым. Киім, тамағым соның мойнында. Бір тиын ақы алмаймын. Оның есесіне ел қатарлы оқу оқып жүрмін. Бірінші, екінші және үшінші кластарда екі жылда үртіс тауысып, биыл төртіншіге көштім.


Тұрмысым да, атқаратын жұмысым да көңілді. Сергей Николаевичтің сыпсың құйрық қара қасқа атын күтемін, оны дәу кеспек тиген қосаяқ арбаға жегіп, Екатерина Михайловнаға күн ара Жабай өзенінен су тасып беремін. Бос уақытымды сабақ әзірлігіне, кітап оқуға арнаймын.


Мұғалімнің тапсыруымен естелік жазғаннан қиын не бар екен! Басымды көтеріп, терең ойланып отырмын.


Шілденің ми қайнатқан бір ыстық күнінде, домалақ қараша үйдің босағасында, күл-қоқыстың арасында туыппын. Бала кезімде өмір-тірліктің кем-кетіктеріне пәлендей көңіл қоймасам керек. Барды қанағат тұтып, шешемнің панасында күн өткізіп жүре беріппін. Ішінде іліп алар мүлік-жиһазы, тойып ішер тамағы жоқ, құлазыған құрым үй маған байлардың күндей жарқыраған ақ үйлерінен артық көрінетін.


Сергей Николаевич бізге өздеріңнің ана тілдеріңді ұмытпаңдар, қазақтың салт-санасын естеріңнен шығармаңдар деп ұстаздық ақыл айтты ғой. Ел өмірінен естеріңде қалған жақсы әсерлеріңді, білетін әдемі өлеңдеріңді қысқа-қысқа жазып беріңдер деп тапсырды ғой.


Ұзақ ойландым. Көкірегімде анталап тұрған сан қилы естеліктердің қайсысын таңдап алсам екен? Өлең жазайын ба? Әлде ойымды жай сөзбен жеткізіп берейін бе?..


Жылдар зымырап өте берді. Енді, міне, Желябин жолдас пен ардақты ұстазым Глазунов қол қойып берген бір жапырақ сенім қағазға ынтыға үңіліп отырмын. Орыс әліппесінің таңбаларын таныған қайырлы күндерімнен бастап, осы сенім қағазды алып, алыстағы Тақыртөбе еліне аттанар шағыма шейінгі сегіз жылдың бел-белестеріне шығып, өткен өмір жолыма көз жібердім.


Абайдың бір шумақ өлеңін жазып, Сергей Николаевичке ұстатқаным әлі есімде.


Әсемпаз болма әр неге,


Өнерпаз болсаң арқалан,


Сен де бір кірпіш дүниеге,


Кетігін тап та, бар қалан...


Сергей Николаевич бұл өлеңді шәкірттерге дауыстап оқып берді де, күлімсіреп мені арқаға қақты.


— Абай асқан ұлы ақын! — деді ол жазып берген бір парақ қағазымнан қазақ сахарасының бейнесін көргендей иіле үңіліп. — Біздің Сәлкен, кемеңгер ақынның кейінгі жас ұрпаққа айтып кеткен дана өсиетін дұрыс ұғыпты.


Жасынан қазақ арасында өскен, талай жылдар бойына ауылдық школаларда қазақ балаларына ұстаздық еткен Сергей Николаевич қазақша мақалдап, мәтелдеп сөйледі.


— «Байлық мұрат емес, жоқтық ұят емес», — деп бастады Сергей Николаевич көзі жайнап. — Мен мұны неге айтып тұрмын? Сендердің көпшілігің әкелеріңнің байлығын айтып мақтаныпсыңдар! Одан дағы жалпыға ортақ нәрлі пікір жазсаңдар болмай ма?


Қарсы дау айтуға шамалары келмей, кінәлы пішінде тымырайып, жым бола қалды, бәрі. «Шоқ-шоқ», — деп алаңғасар бай балаларын ішімнен табалап отырмын.


Осы күні ойлап қарасам, класта бізге сабақ беріп тұрғанда Сергей Николаевич кәдімгі дирижерге ұқсайды екен. Үстіндегі жырық етек, сыптығыр қара фрагі, сұңғақ мойнын қысып тұратын қатырма биік ақ жағасы, аяғындағы сүйір тұмсық жылтыр қара ботинкасы, қолындағы бағдаршы жіңішке шыбығы, биязы жүріс-тұрысы оны шынында да, оркестрді басқарып тұрған дирижерге ұқсататын.


Алыстап кеткен балалық шағымнан бойыма сіңіп қалған бір әдетім бар: көбінесе көңіл күйімді өлеңмен бейнелеуге, есте қалған елеулі әсерлерді қағаз бетіне түсіруге әуеспін. Сөзге құмар болғанда жазушы болайын, атағымды шығарайын демеймін, өмірден көрген-білгендерімді қадари-халімше жаза жүргім келеді.


Осы әңгіме мұғалімдікке тағайындалып, елге аттанарда алған сенім қағаздан басталып кетіп еді ғой. Сонымен уездік өкімет орындарынан жолдама алып, жалынды жас дәуренімнің қайрат-қабілетін еңбекші халықтың мүддесіне жұмсайын деген таудай талаппен алыс жолға аттандым.


Губерния орталығы — Қызылжар қаласында ашылған бір жылдық мұғалімдер курсын өткен май айында бітіріп, ауылдық мектеп мұғалімі атағын алдым. Курс бастығының қолынан куәлік қағаз алып тұрғанда, өзімді Октябрь революциясы ашқан жаңа дүниенің бір кетігіне қалануға жарайтын тас болат кірпіштей сезіндім.


Сергей Николаевич екі жылдан бері уездік ағарту бөлімін басқаратын. Бұл қызметіне шейін ұдайымен үш жыл уездік партия комитетінің үгіт-насихат жөніндегі нұсқаушысы болған.


— Жігітім! — деді Сергей Николаевич өз үйінде менімен оңаша сөйлесіп отырғанда, — туған халқыңа берешек борышыңды енді ақта!..


— Ақтаймын! — дедім жүрегімнің лүпіліне ие бола алмай.


— Біліміңді еңбекші халықтың игілігіне жұмсайтыныңа кәміл сенемін.


Иә, мен ардақты ұстазымның тілек-батасына бөленіп, алыс сапарға аттандым.


Ұзақ жолға шыққан адамды мынадай бір ғажап сезім билеп алатыны бар. Бұрын көрмеген жеріңнің тобылғы-бұтасы, ой-шұқыры, өзен-көлі, тіпті қиядан көз алдайтын сортаң-шақатына шейін саған әрі жат, әрі әсем көрінеді. Ал, енді сол жерге бітегене орныққанда, әлгі көркем де бөтен көріністердің бәр-бәрі көңіліңнен шола, кезіңнен таса болып қала береді де, кіріңді жуып, кіндігіңді кескен атамекеніңнен басқаға жүрегің бір дауаламайды. Өмір бойы ұмытылмайтын небір жақсылық пен машақат-бейнет көрген, тірліктің балы менен уын қоса татқан, туған жеріңнің кең байтақ атырабы, ну тоғайы, айдын-шалқар көлі, асау өзені, бірінен бірі қызғылықты болып, сені өзіне алыстан еріксіз тартады. Аңсап сағынасың. Қанатың болса кешкі самал желмен жарыса әуелеп ұшып, туған жеріңе, үйіңе тез жеткің келеді.


Қамсақты көлін жайлаған қалың елге әдепкі келгенімде мені осындай тәтті сезім биледі. Сыртынан еміс-еміс естігенім болмаса, жан боп жаралғалы топырағын басып көрмеген жерге келдім.


Жолшыбайғы елдерден алма-кезек лау мініп, араға бір қонып, шілде-тамыздың бір күнінде әрең жеттім. Көрген жерден шылбырыма орала кетіп, назданып қарсы алатын сүмбіл шаш, құралай көз ару іздеп келген жоқпын бұл елге. Сахараға өнер-білімнің шам-шырағын жағайын,еңбекші жас ұрпақтың жанына жаңа заманның нұрын құяйын деген зор тілекпен келдім.


2


Бұл елде менің бірінші кездескен адамым ауылдық кеңестің төрағасы Томайұлы Сәмет болды. Келген бетімде атымның басын осы үйге тіредім.


Үй иесі бір көрген кісісінен сыр сақтап, бой тартар болар еді. Сәмет ағай өйтпейді. Келген жерден мені жақын тартып, ескі танысындай еркін сөйлесті. Көңіліне жақпаған адамын көргенде жауар бұлттай түнере қалып, тымырайып үнсіз отырып қалатын, жанына балаған жақын адамын көргенде жазғы күндей жадырап, бұлбұлдай сайрап кететін желқобыз адамдар болады. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Менің білуімше, Сәмет дәл осындай адам болса керек. Оның осы қасиетін келіп түскеннен кейінгі қарбаласпен өткен екі-үш сағатта аңғардым.


Шай ішіп, ел аяғы басылған кезде, Сәмет ағай сөз арасында менен шыжымдап сыр тартты.


— Тамағым сыйлы болсын, жатар орным жайлы болсын десең, шонжарлардың біреуінің үйіне орналастырайын...


— Баймен ауыз жаласар жайым жоқ, ағасы! Ауырсынбасаңыз, әзірше сіздің үйде бола тұрайын?!


Сәмет желбезегі шығыңқы таңқы мұрнын көтеріп, жұқалаң қара сұр бетінің терісін қысық көзінің қиығына жиыра күлімсіреді.


— Мен сені байдың ақ ордасы мен қымызына, сұлу. қызына құмар жігіт екен десем, барып тұрған ақ жүрек екенсің өзің. — Қос қыртыс түрік ерніне шаншыла төнген сирек қара мұртының тікшіл сапарын маңғаздана ширатты. — Мен тұрғанда қарның да ашпайды, жатар орның да жайсыз болмайды.


Сәметтің бес қанат қараша үйі бүгін күндегісінен әлдеқайда көркейіп кеткен сияқты. Түн жарымына тырмысып қалған. Күлән жеңгейдің дәмді қонақ асын жеп, оның артынан қою күрең шайға әбден қанып алып, қызды-қызды әңгімені сапырып отырмыз.


— Волком айтты болды, білек сыбанып іске кірісесің енді, деді Сәмет бір мезетте сөз салмағын маған тастап.


— Іске сәт тілеңіз!


— Мен саған өзімнің өмірбаянымды айтып берейін. Тыңда. Келешекте кіммен істес болатыныңды біліп алғаның зиян емес.


— Құп болады, айтыңыз! Құлағым сізде!..


Сәмет тебірене толғанып алды да, тамағын кенеп, сөйлеп кетті.


— Әке-шешеден он жасымда жетім қалдым. Көзіме көк шыбын үймелеп қорлық көрдім. Жетімдіктің тақсіретін көп тарттым. Туған әкем Томай өмір бойы кісі есігінде өтті. Шешем Қарлығаш сіңірі шыққан кедейдің қызы. Байлардың отын жағып, күлін шығарып, сиырын сауумен ит қорлықта өлді. Әке-шешемді бір жыл ішінде жер алды. Қарақан басым сорайып жалғыз қалдым. Жанашыр туысқан деген атымен жоқ. Кім көрінгеннің босағасына бір түнеп, қалған-құтқан тамағын ішіп, ит қорлықпен күн өтті. Осы күймен үш жыл жүрдім.


Орайын тауып сөзге киліктім.


— Иә, содан кейін не болды?


Сәмет етектей қол орамалымен бетін желпіп, сәл тыныстап алды да, әңгімесін соза берді.


— Не болсын. Амантай қаласында әкемнің Самсон дейтін балықшы тамыры бар еді. Қазақшаға жүйрік еді бәлекет. Жасынан біздің елмен мидай араласып кетсе керек. Соның әкесінің аты кім еді? Есімнен тарс шығып кеткенін қарашы. Иә, иә, Салкусанов! Самсонның жәрдемі көп тиді. Былайынша айтқанда, Самсон мені су түбінен суырып алды. Мен оның істеген жақсылығын өлгенімше ұмытпаймын. «Өстіп қаңғырып жүре берсең адам болмайсың... Әйдә, біздің қалаға жүр! Қаладан саған жұмыс тауып берейін. Тамағың тоқ болады, киімің бүтін болады», — деді Самсон біздің ауылға бір келгенінде.


— Жарайды, барсам барайын, — дедім көп ойланып тұрмай.


Самсон мені арбасына мінгізіп Амантай қаласына алып кетті.


Барысымен Белозеров Мирон деген кулакқа жалдандым... Қыста мал қарадым, жазда далада қоралы қойын бақтым. Тамағым тоқ болғанын, киімімнің бірсыдырғы бүтін болғанын қайтейін, жөнді ақы төлемейді. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүріп дегендей, тесік өкпе боп өстім. Осы күймен тағы да бес жыл өтті.


— Содан кейінгі өміріңіз не болды? — деп тағы да көтерме сұрақ бердім.


— Не болсын, — деп Сәмет іле сөзін жалғап жіберді. — Белозеров кім көрінгенге аюдай ақырып тұратын ашулы кісі еді. Жас деп аяй ма, әлде ұлты басқа деп имене ме, қайдан білейін, анда-санда зекіп ұрсып тастағаны болмаса, қол жұмсамайтын. Алтыншы жылға қараған жазда Мироннан ши шықты. Онысына мынадай себеп бар еді. Бағып жүрген отарымнан бір күні үш семіз қойы ұшты-күйлі жоғалып кетті. Бұл қойлар түзде жоғалды ма, әлде албарда қамаулы тұрған жерінен алынды ма? Құдай ақына білмеймін. Мирон жоғалған қойларының жаласын маған жапты. Сен менің қойларымды өзіңнің бір қазағыңа шығарып беріп жібердің деп зіркілдеді. Мұсылманның алласын, орыстың христосын қосақтап айтып, ант-су іштім. Оған Мирон болсын ба Көк ала қойдай ғып сабап-сабап қуып жіберді... — Әңгіме осы жерге жеткенде Сәмет әлденеден қымсынып, күбірлей сөйледі. — Жеңгеңнің құлағына алтын сырға. Миронның Мария деген әдемі қызы бар-тын. Кейінгі кезде онымен әзілім жарасып, әмпейлесіп кеткенбіз. Мирон Мариямен менің байланысым барын сезіп қалса керек, кейінгі кезде қитығып, қыңыр жүретін. Сынықтан сылтау тауып, қит етсе ұрса беретін болған. Қыздың шешесі Аксинья кемпір қой аузынан шөп алмайтын жуас кісі еді. Қойшы, не керек, Миронның менен құтылуына сылтау табылды. Басыма әңгір таяқ ойнатып жер ортасы «көктөбеге» қуып салды. «Біздің қаладан кет, көзіме көрінбе, жоғал» деп қатты ескертті.


— Адам баласын қой құрлы көрмеген не деген зұлым еді, — дедім.


— Қойды айтасың, ең тегі, тышқан құрлы да көрмейді ғой. Сонымен не керек, Белозеров қуып жіберді екен деп аштан өлейін бе, көршілес Қоскөл қаласынан бір-ақ шықтым. Әлімсақтағы көр-жерді айтып, басымды қатырды деме, бауырым. Құлқын тамақ кімді жеңбеген. Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып кете бардым. Қыста кесімді мезгілге кулактарға жалданып, жазда табыншыларға қосылып, қаланың сиырын бақтым. Басыңды ауыртып неғылайын, кейінгі он бес жылды осы кәсіппен өткіздім. Орыс арасында ұдайымен жиырма жыл жүргенде тауып алған бірден-бір татымды олжам — орыс тілін жетік үйреніп алдым. Орыстың неше түрлі әндерін шырқағанда тыңдаған жұрт қайран қалатын. Бейнеттің қамыты мойныңа бір ілінбесін десейші, одан құтылу қиын болады екен. Аспаннан аяғың салбырап түссе де, желкеңнен мықтап ұстап алады да, дырылдатып сүйрей береді. Несін жасырайын, көп жылдар бойына ел бетін көрмей жат бауыр боп кеттім. Әрі ойлап, бері ойлап, он алтыншы жылдың жазында елге оралдым... — Сәмет осы араға жеткенде басын төмен салып, терең ойланып қалды.


— Елге қайта оралуыңызға не себеп болды? — деп әңгіменің жібін сабақтап жібердім.


— Күлән жеңгеңе үйленуім себеп болды! — Сәмет миығынан күліп сәл кідіріп қалды. — Менің де өз бойыма шақ жатып атар қулығым бар. Былтыр елге келіп қайтқанда Күләнға көзім түскен. Сөз айтуға батылым бармай қобалжумен бір жыл жүрдім. Күлән — Жадыра деген жесір қатынның жалғыз қызы. Жадыра болса, сайда саны, құмда ізі жоқ тақыр кедей. Ақырында, не керек, ауылға әдейілеп келіп, әуелі Күләннің өзіне көңіл білдірдім. Ол кезде әзіл-оспағыңды кім білген. Турасын айтып, қарап тұрдым. «Екеуміз де жетімбіз, қосылып үй болайық», — дедім баяғы. Бірден көнбей, сөзбұйдаға салып сілемді қатырды. «Шошқаның етін жеген шоқындыдан құдайым сақтасын», — деп тауымды шағып тастады. Сылап-сипап жалындым баяғы. — «Маған шошқаның етін жегізіп жүрген жоқшылық қой... Жетісіп жүрді ғой дейсің бе, орыс арасында», — деп ақталып көріп едім, бәлекет онан сайын қитығып кетті. Өсегі құрып кеткірдің жүрген жері қаулап тұрған өрт емес пе. Менің орыс қыздарымен ептеген шатағымның бар екенін де сырттан біледі екен. Тайсалмай, кінәмді бетіме басты. Ақталуға дәлелім жоқ. «Ойлан, Күлән, ойлан! — дедім кетерде, — менен қолайлы күйеу табылмайды саған!» Байқаймын, қыздың оңайлықпен көне қоятын түрі жоқ. Салым суға кетіп, солбырайып, кетпей тұрып алдым. «Әзірге осы сыңаймен бара тұр, Сәмет! — деді Күлән жүзі жылып. — Менен шын көңілің болса, үстіңе отыз шелек құдық суын құйып, әбден тазарып кел...» Қыздың мына сөзінен онша кет әрі емес сыңайын аңғарып, ішім жылып кетті. «Құдай-ақта, қолыма қонарсың», — деп тұрмын ішімнен. Ішім қазандай қайнап, жүрегім лүпілдейді. Үмітімді үзбей кете бердім. Ертеңіне бір қаға беріп оңашада тілдесіп едім: «Әжеммен сөйлес», — деді. Құдайым жарылқады. Көнбесе оған не амал істеймін, қайтейін, жазған құлда шаршау бар ма, орайын тауып Жадыраға сөз салдым. «Екі жарты бір бүтін болайық, күшік күйеу боп қолыңа кірейін», — дедім. Тілегім орындалды. Жадыра байғұс оңай көнді. Ұзын сөздің қысқасы, қасы-көзі қиылған, үріп ауызға салғандай осы Күлән жеңгең құсым болып, күсті алақаныма қона кетті. «Сәмет Жадыраның қызын алды, айды аспанға бір шығарды» деген қалжың тарады бүкіл елге.


— Әңгімеміздің шырайы жаңа кіріп келеді, — деп көтермелеп қойдым.


— Соқа басым Жадыраның даяр үйіне кіре кеттім. Оңай олжа көздеген бірен-саран ағайынсымақтарына Жадыра ойында жүрген қыжылын тайсалмай айтып, беттерін қайтарып тастады: «Отағасы қайтқалы бізді қайсың асырап, сақтадың? Енді келіп, ие бола қалыпсыңдар... Басымды қатырмай аулақ жүріңдер. Сендерге салмағымды салмай-ақ қояйын, өз бетіммен күнімді көрейін. Менде нелерің бар?» — десе керек баяғы.


Мені қолына кіргізіп алам дегеніне жан салып қарсы болған ет жақыны Жұрқабай ит ашуға басып, жеңгесіне күш көрсетіпті. Обалы не керек, қайын енем байғұс оған да дес бермейтін қатал кісі еді, марқұм. Бет бақтырмай қойыпты. Сонда Жұрқабай жеңер-ақынға: «Бүкіл елден қызыңа тауып берген күйеуің осы сімілтір шоқынды болғаны ма?» — десе керек. Қайтсе де менен қол үзбеуге белін бекем байлаған Жадыра марқұм тайсалмай үзілді-кесілді шешімін айтыпты: «Шоқынды болмақ түгіл, кісі өлтірген қандыбалақ болса да қызымды Сәметке беремін. Ішер асқа, киер киімге жарымай, көзімнен жас сорғалап жүдеп-жадап жүргенде жон арқаларыңды көрсетіп, қарайласпай кетіп едіңдер, ағайын! Енді келіп жақынсырай қалдыңдар ма? Титықтауым жетті, көнбеймін тәлкектеріңе, аулақ жүріңдер!» — деп міз бақпай отырып алыпты. Жеңгеңді алғанда осындай талай малағанды бастан кешіргенмін, бауырым!


Сәмет алғашқы махаббаттың шырын ләззатын еске түсіргендей, үнсіз жымыңдап, қиылған қара мұртын сылап, кідіріп қалды.


Көп сөз қоспай, ұйып тыңдаумен отыр едім. Сәметтің көңіл күйі дәл осы арада өзгеше тасқындап кеткенін жымыңдаған шырайынан аңғарып қалдым. Ернінің емеуірініне қарағанда жанындай жақын құрбыға ғана айтылатын асыл сыр бар сияқты ішінде. Осы қиын өткелден қалай аттап өтудің қисынын таба алмай отырған болар. Аузына сөз салып, демеп жіберуім керек.


— Құсыңыз қолыңызға қонды. Ақар-шақар үй боп кеттіңіз?


— Иә, үй боп кеттік. Уақыт дегеніңіз зулап өтіп жатты. Баяғы жалшылық тұрмыс былай қалды. Енді аңшылық кәсібімен айналыстым. Қансонарда дала кезіп күзен, қарсақ аулаймын. Жаз шыға жапан түзде елдің жігіттерімен қостап жатып, қақпан құрып суыр, зорман ұстаймын. Бұл құрып қалғырдың өзі де машақаты мен қиыр-шиыры бастан асатын мәніссіз кәсіп. Нәсіп, нәпақаны іннің аузынан тілеу тіріде қорлық екен. Амал қайсы, «шөп жесең қақаласың, ұрлық қылсаң құрисың» дегендей, он екі мүшесі түгел, дені сау жігітке әйтеуір бір кәсіпсіз болмайды. Бірде құлап, бірде сүрініп, егіз қозыдай бір өңкей күндерді бастан өткізе бердім. — Сәмет бүкіл денесін сықырлата қозғалып, өндіршегі бүлкілдеп, әңгімесін үзіп жіберді.


— Құдай аманаты, бойыңда бір өнеріңнің болғаны да жақсы екен. Орыстың тілін білгенімнің пайдасын көп көрдім. Елге ара-тұра жоғарыдан ұлық келе қалса, оларды біздің қазекеңдермен жалғастырып, ұғыныстыратын тілмәші мен болдым. «Оқымаған адам орыс тіліне мұндай жетік болады екен-ау», — деп ұлықтар аузын ашып, көзін жұматын болды. Баяғы орыс Сәмет атым былай қалып, енді ел ішінде тілмаш Сәмет атанып кеттім. Ұлықтармен қатар отырып, сыйлы қонақтармен үзеңгілес болып кеттім. Қойшы, не керек, мұның бәрі де өткінші жаңбыр секілді бірдеңе ғой. Нағыз қызық дәуренім кейін келді. Жарықтық орыс тілі мені алға сүйреп, өрге шығарып жіберді.


— Әңгімеңіздің ең қызығын кейінге сақтап отыр екенсіз ғой, — дедім естігенше байыз таппай. — Кебіңізді шерте беріңіз!..


— Осы арада аздап секіріп кетейін деп отырмын.


«Екі арадағы бірсыпыра елеусіз жайттарды айтпай тастап кетемін» деген тұспалына бірден түсіне қойдым.


— Мейліңіз! Қалаған әңгімеңізді айтыңыз!..


— Он жетінші жылғы төңкерістен кейін екі жылдай аумалы-төкпелі заман болды ғой. Айғырдай азынап ақтар келді. Елді қырып-жойып бір тарының қауызына сыйғызды. Барғанынан келмесін, жатқан жерінен тұрмасын. Аты өшсін!.. Он тоғызыншы жылдың аяқ шенінде бір топ қызыл әскер біздің ауылға сау етіп жетіп келді. Ақ түйенің қарыны жарылды. Көктен тілегеніміз жерден табылып, жарылқанып қалдық. Ақтардан көрген қорлық-зорлығымызды айтып, шерімізді тарқатайықшы деймін... Осы Нұртай, баяғы, жылмаңдап қызыл әскерлердің алдынан шығып қарсы алды. Ақтармен ауыз жаласып, ымы-жымы бір болғаны есінде жоқ. Барып тұрған зымиян емес пе. Қызылдардың алдында құрдай жорғалап, өліп-өшіп жүр, баяғы. «Біздің үйге түсіңдер! Қадірлі қонағым болыңдар!» — дейді. Қызыл әскерлерді қарсы алып тұрған бір топ адамның ішінен суырылып шыға келдім де, тақылдап орысша сөйлей бастадым: «Сіздерді күтіп отырған Нұртай емес, мына біздерміз, жалаңаш кедейлерміз! Жаман да болса, өз үйіме түсіремін сіздерді!» — дедім. Сонда күрең қасқа атты, сары ала қылыш тағынған, мылтық асынған алдыңғысы маған жақындай түсіп: «Сіз кім боласыз?» — деп сұрады. «Мен, — дедім, — осы елдің тақыр кедейімін. Томаев Сәметпін!» Бастығы миығынан күліп тұрып: «Жолдас Томаев! Бастаңыз, бізді өз үйіңізге!» — деді. «Жолдас» деген сөзді ең алғаш осы командирдің аузынан естідім. «Кәні, кіріңіз, жолдас командир!» — деп, елпеңдеп алдына түсіп, үйге алып келдім. Қызыл әскерлерді маңайдағы әр үйге екіден, үштен бөліп қондырдық. Келесі күні таңертең командир өз қолынан біздің қораның есігінің маңдайына желбіретіп қызыл ту тікті. Қызыл әскерлерді бастап алып жүріп, елдің тұрмыс күйімен таныстырдым. Ел ішінен орыс тілін жетік білетін адам табылғанына қызыл әскерлер қатты сүйсінді.


— Иә, сонымен, қызыл әскер қатарына қосылып кеттіңіз ғой, ә?


— Сені әскерше мұздай киіндіреміз, өзімізбен бірге алып кетеміз, тілмаш боласың, бізді елмен тілдестіресің, — деді командир.


Сен кеңес өкіметін еңбекші елмен қабыстыратын дәнекер боласың, дейді. Командирге риза болғаным сонша, кеңес өкіметінің жолына құрбан бол десеңіз де әзірмін, дедім, баяғы. Маңдайына қызыл жұлдыз таққан қоқайма көк берік, ұзын етек сұр шинель киіп, нағыз қызыл әскер боп шыға келдім. Мен аттанарда Жадыра қатты налыды. «Зым-зия жоғалып кетіп, сорлатып жүре ме, қайтеді?» — деп күдіктенген болуы керек, әдепкіде рұқсат бермей безеріп отырып алды. Маған алаңсыз сенетін Күлән: «Жолын бөгеме, апа, барсын, ел көрсін, жер көрсін!» — деп шешесіне басалқы айтты... Кемпір көнді-ау ақыры. Ақ батасын алып, аттанып кеттім. Сол кеткеннен табаны күректей төрт ай жүріп қайттым. Солай, Сәлкен! Мен дегенің бір кезде жас кеңес өкіметін елмен осылай жалғастырғамын. Ленин ұранын, партия сөзін халыққа жеткізгемін... Партия қатарына жиырмасыншы жылы өттім. Содан бергі аз жылда қолдан келген міндетімді адал атқарып жүріп жатырмын. Тегінде, мына хат танымаудың тауқыметін көп тартып жүрмін. Оның бер жағында, өз бетіңмен кітап оқи алмайсың. Бұл да бір үлкен қорлық. Басқа біреудің ауызша айтқанынан қанша дегенмен шала ұғады кісі. Кітапты қолыңа алып отырып, зердемен ұққанға не жетеді дейсің.


— Тұғырдан түскен кәрі емессіз, оқыңыз, сауатыңызды ашыңыз, — дедім оның үміт-арманына дем беріп.


Менің қалтқысыз адал көңілден шыққан ақыл-кеңесіме дән риза болған ыңғай көрсетіп, сүйсіне сөйлеп кетті Сәмет:


— Оқимын, оқимын! Көлденең бір қырсық кездесіп қалмаса, ең болмағанда хат танып аламын. Айтпақшы, — деді Сәмет жоғалған затын тауып алғандай көңілі көншіп, — әлгі қызыл әскерлерге байланысты бір қызық әңгімені саған айтпай кетіппін. Бұл дүниеде көгермес-ау, бұл Нұртай. Қызылдардан ығысып Қорғалжынға көше қашқан Атбасардың байы Александр Беловтың 500 қойын, отыз жылқысын, жиырма шақты сиырын Көлбаршын деген жердегі күздік қорасына тығып ұстады ғой бұл сұм. Әкесін танытып, осы қылмысын командирге мәлімдеп бердім. Ертеңіне тас-талқанын шығарып, тыққан малдарын айдап әкеліп, осы елдің кедейлеріне табанда бөліп берді. Нұртай жан сауғалап, жалынып-жалбарынып әрең дегенде аман құтылды. Нұртайдың қандай адам екенін білерсің, әлі. Маған дегенде атарға оғы жоқ. Шамасы келсе, әлдеқашан құртар еді көзімді.


Аз ғана тыныстап алғаннан кейін тыстағы әйелін шақырып алды:


— Бері келші, Күлән! Ана әбдірені ашшы!


Күлән қыпша белін қынай қысқан қара мақпал жеңсізінің күміс қапсырмасы жарқылдап, ақ көйлегінің кең етегі көлеңдеп жетіп келді. Сұңғақ бойын тік ұстап, ақ сұр жүзі құбылып, сарғыш үлкен көзін төмен салып, Сәметтің алдына тұра қалды.


— Оны қайтейін деп едің?


— Мұғалімге қылышымды көрсетейін...


Күлән төрдегі жүк-аяқ үстінде тұрған алпамсадай шұбар әбдірені сыңғырлатып ашып, ішінен былғары баулы сары ала қылышты алды да, Сәметке ұстатты. Өзі сыртқа шығып кетті. Ол қылышты жаңа көргендей қызыға қарап аз отырды да, маған берді:


— Сол сапарда қызыл әскердің командирі Патракеев жолдас маған сыйға беріп еді.


Қылышты қынабынан суырып алып көріп отырмын.


Болат жүзін титімдей тот шалмаған.


— Асыл белгі екен, — дедім қылышын өзіне қайтып беріп.


— Иә, сол бір ұмытылмайтын күндердің белгісі ғой, — деді Сәмет маңызданып, — сақталып жата берсін.


Әңгімеміз осымен тынды. Мен тысқа шықтым.


Қою қараңғылық жер-дүниені бүркеп алған. Сәмет үйінің сыртында, жетегін аспанға қаратып сірестіріп көтеріп қойған жадағай тарантасқа сүйеніп, түнгі ауылды көзбен шолып тұрмын. Айнала жиегін жасыл құрақ көмкерген шалқар көлдің күншығыс жақ іргесіне араларын жақын сала қаз-қатар қонған алты ауыл түн-түнектің түпсіз тұңғиығында бейқам қалғиды. Аспан жалтаң. Дала жым-жырт. Ығы-жығы жұлдыздар сиқырлана қылмыңдап, гауһар тастай құбыла жалтылдайды.


Көкірегім шайдай ашылды. Көмекейім күмбірлеп кетті:


Қараңғы түнде тау қалғып,


Ұйқыға кетер балбырап,


Даланы жым-жырт дел-сал ғып.


Түн басады салбырап...


Көлдің оң жақ иініндегі шеткі ауыл жақтан, алтыбақан теуіп жатқан қыз-бозбалалардың асқақ дауысы келді құлаққа. Ел қыздарының ежелгі мұңды әні «Әупілдек» шер-шеменіңді қозғап, сай-сүйегіңді сырқыратады. Түнгі тұнық ауада баяу толықсып, бірде биікке алыстап кетіп, енді бірде төмен құлдырайды.


Қар басты Әупілдектің қамыстарын,


Айтады әркім көрген қасірет-зарын.


Түседі қайғылыға қара тұман,


Кім білер соның қашан ашыларын...


Ән талмаусырап барып, пышақ кескендей үзіле қалды да, қас қаққанша бұлқынып шыға келіп, аспан кеңістігіне қайта шарықтап кетті. Улап-шулап қоңыр күзде жылы жаққа қайтып бара жатқан үйірлі аққудай күңірене сыңсиды. Мың жерден көнтерілі болсам да, жүрегіме от түсті. Біреулер дәулеті шалқыған бай, енді біреулер сіңірі шыққан жарлы болғанымен жаздың кілемдей құлпырған көкорай-шалғыны, гүл-бәйшешегі, жұпар ауасы, кәусар бұлағы барша жанға ортақ. Менің де бала шағымның тең жартысы осындай көрікті жасыл жайлауда, адам атаулының бәр-бәріне ортақ көк майсалы жаздың саясында өткен. Сарыарқаның талай арай таңын көзіммен атқызып, ақсүйек ойнап, асыр салған бейқам түндерім, көбелек қуып, гүл жұлып, дала кезген сайранды күндерім еске түсті.


Алтын табақтай дөңгеленіп, көкжиекті ақ жарқын нұрға бөлеп, кербез ай көтеріліп келе жатты. Самаладай сансыз жұлдыздар айдан ұялғандай көзден үртіс алыстап, әлсін-әлі көмескі тартып барады. Шет-шегіне көзің түгіл, ойың жете алмайтын терең сырлы жұмбақ дүниенің иен ортасында жалғыз тұрмын. Осы сәтте мен өзімді лайсаң нөсер жаңбырдың жалғыз тамшысындай сезіндім. Түн-түнекте дел-сал қалғыған қалың ауылдар маған қарлы жапандағы некен-саяқ қара дақтай көрінді.


Далада ұзақ тұрдым. Ай сұлу көкжиекке баяу өрмелеп шығып, жалтаң аспанның иығына қонды. Таң саз бере бастады. Таң аруы шолпан жұлдыз жайнаң қағып шыға келді. Таң сәулесі сәт сайын молайып келеді. Көп ұзамай сонау, көкжиектен алаулап күн шығады. Мына бейқам ауылдар шырт ұйқысынан оянады. Көкорай шалғын, бәйшешектер құлпырып, өмір-тірліктің қан тамыры тулай соғады тағы да.


Үйге кірдім. Төсекте жатырмын. Таң салқыны денемді мұздатты. Үстімнен сырғып түсіп қалған атлас көрпені қымтай жамылып, оң жақ жамбасыма аунап жаттым. Қанша ұйықтайын десем де көзім ілінер емес. Мейлі, таң тезірек атып, күн тезірек шықса екен.


3


Қамсақты еліне келгелі үш күн өтті. Жіңішке сырыққа байлап, бес қанат қоңыр үйдің маңдайшасына әуелете көтеріп қойған қызыл жалау даланың майда қоңыр самалымен ырғала толықсып, манаурай желбірейді. Елге келген ересен жаңалықтың жаршысындай шартарапқа атой салады.


Алда істелетін жұмыстар көп-ақ. Бірақ «құшағың жетпеген нәрсені құшағыңа сыйғыза алмайсың». Демек, кезектегі оның міндеттерді шет-жағасынан жұқалап бастап, аз-кемнен ұлғайта беру керек. «Тамшыдан тама берсе дария болар» дегендей, ақырында бір молайып кетер дағы.


Бүгін ел тұрмысымен ішінара танысып алайын деген ойым бар. Түске шейін кем дегенде үш ауылды аралап, үй басы кіріп шығуым керек. 18 бен 40 жас арасындағы ересектерді тізімге жазып, сауаттылары мен сауатсыздарын, шала сауаттыларын бөлек-бөлек ажыратып алмақпын. Бұған қоса келешекте оқуға тартылуға тиісті жас балалардың есебін анықтамақпын. Сөйтіп, мәдениет жорығына керекті деректерді жинамақпын. Ел өмірінің егжей-тегжейін осы бастан біліп алмасам, нысанаға жету қиын болады.


Түстен кейін Желдібай деген шалдың үйіне барып, ауызба-ауыз сөйлеспекпін. Кеше кешкісін, қол тоқпақтай қара кемпір мені іздеп келіп, егіліп мұңын шаққан.


Желдібай деген жарымжан кісінің жұбайы едім. Шалым төрт жылдан бері науқастанып жатыр. Біздің үйге кіріп шықшы, қарағым, шалыммен тілдесші! — деген.


Желдібайдың хал-жағдайын Сәмет ағайдан сұрап біліп алдым. Ендігі ойым — сол кісімен сөйлесіп, менен не тілегі барын өз аузынан есту.


Үш ауылды бастан-аяқ аралап шыққанша күн кешкіріп қалды. Сәмет маған өзінің хатшысы Елемес Төлемісұлын қосып берген. Елемес — аузынан мәйегі шығып тұрған жас жігіт. Мені тонның ішкі бауындай жақын көріп, тез үйір боп кеткен-ді. Елеместің салмақты да биязы мінезі ұнайды маған. Әкеден жастай жетім қалыпты. Жиырмаға биыл шығыпты. Ауыл молдасынан үш-төрт жыл оқыпты., Шәкірттердің алды болыпты. Былтырдан бері ауылдық кеңесте хатшылық қызметін атқарып жүрген көрінеді. Үріп ауызға салғандай, ат жақты, ақ құба, сұңғақ бойлы, мүләйім қара көзі мөлдіреген сүйкімді жігіт. «Көп жүрмесеңізші, мұғалім ағай, шаршап қаласыз ғой!» — деп мені қызғыштай қориды.


Кеше кешқұрым Сәмет үйінің сыртындағы ойдым көгалда оңаша отырғанымызда Елемес жас балаша аңғал жымиып, маған бір тосын сауал берді:


— Сіз Ленинді көрдіңіз бе?


— Москваға барудың сәті түспей-ақ қойды. Ленинді қайдан көрейін!


Елемес көзі жайнап, ақ құба бидай өңі күреңіте қалып, жұқалтаң жазық қабағын сәл шытып, шырт еткізіп таңдайын қақты. Басын шайқады. «Өзіңіз келе-қостандай мұғалім бола тұрып, осы уаққа шейін Ленинді бір көрмегеніңіз қалай?» — деп, маған сын тағып тұрғандай.


— Ең болмағанда, Лениннің бір үлкен суретін қаладан ала келгеніңізде тым жақсы болатын еді.


Елеместің орынды сөзінен мойын бұра алмадым. Әйткенмен тілге тиек болсын деген ойға бекініп:


— Осы елде Лениннің бірде-бір суреті болмағаны ма? — деп едім, Елемес сынық шыраймен кішілік көрсетіп, сыпайы жауап айтты:


— Ауылдық кеңестің кеңсесі біздің елге биыл орнады ғой. Кеңседе Лениннің жалғыз суреті бар еді. Айнала төңірегін ағашпен шырғалап бер деп Сәрсенбай дейтін шеберге берсем, ол сабаз суреттің айналасын қызыл жібек матамен безендіріп, өз үйінің төріне іліп қойыпты... Ақсақал-ау, кеңсенің мүлкін иемденіп кеткеніңіз Қалай десем, қолың ұзын ғой, тауып аларсың бәйбішеміз бен екеуміз Ленин жарықтықтың дидарын күнде көріп отырайық та деп қарап отыр. — Сәрсенбайдың ақ пейіл мінезіне сүйсінгендей көзінің қиығын жиыра күлімсіреп," сөзін тыйды.


Ленин суреті турасында сөз қозғағандағы түпкі мақсаты, еңбекші халықтың ұлы көсемге деген шексіз сүйіспеншілігін маған аңғарту екенін енді білдім.


Нұртай аулының алдыңғы жағына оқшау қонған құрым күркеге келдік. Бұл әдейі іздеп келген Желдібайымыздың үйі.


Тым кішкентай құрым күркенің ішінде іліп алар бір жапырақ нәрсе жоқ. Оң жақ босағада, керсеңнен аз-ақ қалқыңқы қара қазан қаңсып жатыр. Арса-арса үш қанат керегенің ішіне айналдыра ескі ақ ши тұтыпты.


Төрдегі қос қабаттап төсеген түте-түте ала текеметтің үстінде, шоқпыт қоңыр көрпеге белуарынан оранып, кірлі қоңыр жастыққа арқасын сүйеп, селдір сақал-мұрты әппақ қудай шал отыр. Түте-түте түйе жүн шекпенін желбегей жамылып, басын қара шүберекпен бастыра таңып алыпты.


— Ассалаумағалайкүм! — Қол қусырып, иіліп сәлем бердім. Салалы тарамыс саусақтарын әрең қимылдатып, сирек біткен ұзын кірпігін жасқана жыпылықтатып, бәсең тіл қатты шал:


— Әликсәлем! Есенбісің, балам!


Малдас құрып шалдың қарсы алдына отыра қалдым.


— Науқастанып жатырсыз ба, ақсақал?! — дедім.


Шал дөңгелек қой көзінің астымен қарап, құптап бас изеді.


— Бұл кісі көптен бері сырқат! — деді артымда тұрған Елемес. — Іздеп келген Желдібайыңыз осы.


Желдібайдың адам шошырлық жүдеу кескініне көз жүгіртіп өттім де, бір табан жақындай түсіп:


— Қандай сырқат, ата? — деп сұрадым.


— Ұзаққа созылған сары ауру ғой. Оң жақ денемде мүтте жан жоқ. — Қинала дем алып, кеудесін кере ауыр күрсінді. Желдібайдың жай-жапсарын Елемес бажайлап айтып берді. Соңғы екі жылда қолдан келген ем-домды істетіп көріпті, көзі қарақты деген бір тәуіпке де көріпті, тамыр дәрі ішіпті. Не керек, солардың бірде біреуі дертіне дауа болмапты.


Шалды аяп кеттім. Ендігі айтар сөзімді оқтап отырғанымда келесі сөздің тиегін Желдібайдың өзі ағытып жіберді.


— Қай елдің баласысың, шырағым? — Сүйегіне жабысып қалған сарғыш бетінен болмашы қуаныш реңі білінді. — Елге мұғалім келді деп еді, сен екенсің ғой! Бәрекелді, қадамың қайырлы болсын, шырағым!..


Аты-жөнімді, руымды, бұл елге мұғалімдікке өкімет әдейі жібергенін қысқа-қысқа айтып бердім.


Желдібай менің жылы сөзіме риза болып, бата берді. Бойы үйреніп, жақсы ықылас-ниетімді танып алғаннан кейін мұңын шақты:


— Жездідегі Байғабыл байды естуің бар шығар? Отыз жыл бойына соның жылқысын бақтым. Қазіргі сиқымды көріп отырсың ғой. Байдан тапқан олжам осы, шырағым!


Төрінен көрі жуық ғаріп адамның жан түкпіріне, сезім тереңіне үңілдім. Қайткен күнде дертіне шипа тауып бергім келді. Желдібайдың қалт-құлт тірлігі маған майы таусылып, өшіп бара жатқан шырағдандай көрінді. Мейірімсіз ажал сорлының көк желкесіне қанжарын төндіріп тұр, міне. Бейшара енді көп ұзамай бауыры суық қара жердің құшағына кіреді де, қараңғы көрден мәңгі-бақи жай табады... — Сезімім осылай сайрады. «Жоқ, осының бәрі бұлдыр болжал, — дедім толқынып, — дәрмені біткен міскін шалдың қоңырқай көзінен өмір-тірліктің сөнбес отын көріп отырмын, жадау жүзінен өршіл үміт, арман нышанын аңғарамын».


— Адамға сары уайым пайда бермейді, ата! — дедім шалдың үміт-тілегін қанаттандырып жібергім келіп, — түк те етпейді, жазыласыз!


— Аузыңа май, қарағым! — Желдібайдың даусы бұл сапар күшейіп шықты. — Қара жерге қара жылан кірсін.


— Қалаға, дәрігерге апарып емдетеміз, құлантаза сауығып кетесіз!..


— Өркенің өссін, қарағым! — Ол қунақ қозғалып, маған қарай сәл жылжыды. — Дәрігеріңе апармасаң да ризамын. Қазір өліп кетсем де арманым жоқ, шүкір... Осындай жақсы сөз естіп, қуанатын күнді де көрдім.


Желдібайдың қазіргі сәттегі жан күйін көңілді көз жанарынан шоласыз танып отырмын. Дөңес қалың қабағы жадырап, көзі күлімдеп отырып қалды. Ұзаққа созылып бара жатқан үнсіздікті бұзып жібердім:


— Сонымен, ақсақал, дәрігерге көрінесіз ғой?..


— Маған бола машақаттанбай-ақ қой, шырағым! Жасаған иемнің бір жазғаны бар шығар. Аманат жанын алам десе, оған не шара?..


— Шын айтам, ата! — дедім әлгі айтқан сөзімнен танбай, — дәрігерге емделсеңіз, сөзсіз сауығасыз!..


Желдібай жастығының астынан алақандай ала сисаны сыздықтап суырып алып, бетін сүртті. Қу сүйектей қуарған жүзі бір сәтке күреңіте қалды да, артынша бәз-баяғы жүдеу қалпына қайта ауысты.


Болыс орталығы тұрған Қаракемердегі ауруханадан дәрігер алдырып, әуелі соған көрсетейік, егерде ол қажет десе Атбасарға апарып емдетейік деп едім, Желдібай дәрігерден ат-тонын ала қашты. Алланың жазмышынан озып кете алам ба, өлер шағымда несіне күнәкар болам деп, діннің етек басты ыңғайынан шыға алмады. Сөзінің сарыны алланың әміріне, пайғамбардың хадисына сайғанда Желдібайдың онсыз да жүдеу жүзі ойсырап, көзіне ғайыптағы жұмбақ дүние елестегендей қалшиып отырып қалды.


Желдібайдың дәрігерге емделгісі келмейтін ыңғайын таныдым да, бұл жөніндегі сөзді үзіп тастадым.


— Менен не тілегіңіз бар? — дедім әңгіменің сарынын өзгертіп. Осыны айтуым-ақ мұң екен, Желдібайдың жүзі жадырап сала берді.


— Мен сенен ие тілейін, шырағым! — Сәл кідіріп қалып, сөзін қайта жалғады. — Ақмырза деген кенже тентегіміз бар. Елдің балалары қатарлы оқыса тәуір болар еді!..


— Оқытамын!


Желдібай мұңсыз жандай күлімсірей қарады маған.


— Олжаның ең үлкені осы болар еді, шырағым!


— Амандық болса байлардың есігінде жүрген екі үлкен балаңыз да азап-қорлықтан азат болады, ата! — дедім тынымсыз ойдың әуезесіне еріп.


Желдібай мұңая сөйледі:


— Ол күнді мен көрмеймін ғой. — Сәл тына қалды да, аздан кейін тебіреніп, сөзін соза түсті. — Ал, қарағым! Айыпқа бұйырмасаң, саған тағы да бір тілек айтайын. Бағаналының бір өлмелі шалы қайдағы жоқты айтып басымды қатырды деме. Маған істеген үлкен жақсылығың болсын. Байғабылда кеткен табан ақымды алып бер!


Желдібайдың бұл өтінішін әбес көрді білем, Елемес қабағына кірбең алып:


— Байдан ақы даулап алып беретін мұғалімді сот деп ойлайсыз ба? — деді.


Желдібай Елемеске сөз қайырмады. Ыңғайсызданып төмен қарай берді.


— Байдан ақыңызды алып беруге әбден болады. Керек десеңіз қазір арыз жазып берейін, — дедім.


— Бәсе, сөйтші, қарағым! Байғабыл найсаптан ақымды алып, құмардан бір шығайын.


— Мен сұрай берейін, сіз айта беріңіз!..


Сабырлы бейне, салмақты дауыспен көңілдене сөйлеп кетті:


— Шіркін-ай, көзімнің тірісінде Байғабылдан теңдігімді ала алмай, арманда кетем ғой деп уайымдайтын едім. Сәті түскей-ақ та... Мендей өлмелі шалға көзіңнің қырын салсаң, өмір-жасың ұзақ болсын, мұратыңа жет!..


Байғабылдың мекен-тұрағын, әкесінің атын, оның есігінде Желдібайдың неше жыл жалшылықта жүргенін, оны дәлелдейтін куәларын, кесімді ақысынан не алып, не қойғанына шейін анықтап біліп алдым. Қалтамнан бір тарақ ақ қағаз алдым да, ескі қолсандықты алдыма қойып, қарындашпен сүйкектетіп жаза бастадым. Жазған арыздың нобайын Желдібайға табанда оқып бердім.


«Атбасар уездік атқару комитетіне. Амантай болысы, 6-санды ауыл кеңесінің азаматы Желдібай Жаңбыршы ұлынан шағым-арыз.


Осы шағым-арызым арқылы айтатын өтінішім төмендегідей: Өзім 66 жасқа келдім. Екі балам байларда жалшылықта жүр. Кенже балам, алпыстан асқан кемпірім бұл күнде осы ауылдағы Байкенже Баянбайұлы деген байдың есігінде. Қолымда мал тұқымынан тігерге тұяқ жоқ. Балаларымның байлардан алған азын-аулақ ақысымен, Байкенже үйінен ара-тұра ауысқан айран-шалаппен әрең күнелтіп отырмыз. Қысқасы, ішер астан, киер киімнен мейлінше жұтаңбыз.


Өзім төрт жылдан бері науқаспын. Қол-аяқтан жан кетіп, кәріпшілік күйге түстім.


Жезді болысы, 2-санды ауылдың аты шулы бай қазағы Байғабыл Сандыбай баласының есігінде ұдайы 30 жыл жалшылықта жүріп, жылқысын бақтым. Науқасты болғаным да осы ұзақ бейнеттің кесірі. Науқасқа шалдығып төсек тартып қалғанымда Байғабылмен қазақшылық жолымен сөйлесіп, ақымды сұрап едім, күстәналап, ұрсып тастады. Сынықтан сылтау тауып, мүйіздей берген соң былтыр Тақыртөбе еліне көшіп кеттім.


Менің Байғабыл Сандыбай баласының есігінде 30 жыл жалшылықта жүргенімді, мардымды ақы алмай, ит қорлықпен күн өткізгенімді, содан барып мынадай ауыр науқасқа шалдыққанымды, сол елдегі, Шынтемір Бекбай баласынан, Қожақ Мұсай баласынан, Досымбек Тілеу баласынан, Бекей Байбақы баласынан, осылар сияқты басқа да жарлы-жалшылардан сұрап білсеңіздер екен.


Байғабылдың қазіргі күнде айдап өргізіп отырған мың жарым жылқысында менің табан ақым мен маңдай терім бар. Кеңес өкіметінің жарлы-жалшылар еңбегін қорғау жөніндегі әділ заңына сәйкес және еңбекші халыққа берілген бостандық-теңдік ұранына муапық етіп, Байғабыл Сандыбайұлынан тиесілі ақымды толық мөлшерде өндіріп берсеңіздер екен.


Осы шағым-арызымның дұрыстығына, айтқан дәлелдерімнің түгел растығына сіздерді сендіремін. Егерде осыдан бір сөзім өтірік болса, өкімет заңы алдында басыммен жауаптымын. Өзім хат білмеген себепті менің өтінуім бойынша арызыма біздің елдің мұғалімі Сәлкен Айшуақұлы қолын қойды.


Шағым-арыз иесі Желдібай Жаңбыршыұлы.


1923 жыл, 30 июнь.


Желдібай Жаңбыршыұлының арызын растаймыз: Амантай болысы 6-санды ауылдық кеңестің төрағасы С.Томайұлы.


Ауылдық кеңестің хатшысы Е.Төлемісұлы».


***


Желдібайдың шағым-арызын ауылдық кеңес арқылы Қаракемердегі болыстық атқару комитетіне жібердім. Өздерінің өте тығыз іс қағаздарына қосып, уездік атқару комитетіне тез жеткізуін өтініп, арнайы хат жаздым.


Өткен екі күнде ел аралап, сауаттылары мен сауатсыздарын және шала сауаттыларын ажыратып жазып алдым. Міне, сол екі күнде тындырған ісімді қорытып отырмын. Қамсақты басындағы 150 түтіннен құралған алты ауылда аяғынан тік басқан 350 жан бар; оның ішінде 8 жас пен 16 жас арасындағысы — 85, олардың ауыл молдасынан оқып, түркіше шала хат танығандары — 25, 16 мен 40 жас арасындағы ересектер саны — 258, олардың сауаттылары 27 адам, шала сауаттылары 12. Ел адамдарымен ішінара пікірлесіп көріп едім, басым көпшілігі білім-өнерге өте-мөте құштар болып отырғанын аңғартты.


Елдің білім өресі осындай!


Бойымдағы бар қайрат-жігерімді, азын-аулақ білімімді надандық құрсауын қиратып, еңбекші елді білім-өнерге жеткізу мүддесіне жұмсауға белімді бекем байладым.


4


Өз қалауыммен Сәрсенбайдың үйіне орналастым. Көбіне-көп Сәрсенбай үйінің таза, жинақты деп ел мақтаған артықша қасиетіне қызықтым. Кемпірімен екеуі оңаша тұрады. Ер жеткен баласы Сағынжан көп жылдан бері Амантай қаласының сиыр табынын бағып, бала-шағасымен сонда тұрады екен. Қолындағы Кемелбек дейтін кенже баласы бұрнағы жылы он төрт жасында қорасаннан қайтыс болыпты. Балапан дейтін ұзатқан қызы ит арқасы қияндағы Қорғалжында, Еспембет елінде. Күн көргіш тақұл-тұқыл дәулеті бар кедей болғанымен аз ғана шаруасына ұқыпты, үй тұрмысы таза. Маған керегі де осы. Малы көп, асы-суы мол деп бір баймен ауыз жаласып, әріптес болар жайым жоқ. «Аллаңнан ойбайым тыныш». Менің бұл әрекетімді Сәмет ағай да теріс көрмеген. «Бір жақсы жері, елдің өсек-аяңынан аман боласың, осының табылған ақыл», — деп құп алған. Бір жағынан Сәрсенбай бізге тілектес адам. Не айтсаң да құлақ қақпай, елпілдеп тәк тұрады. Сәрсенбайдың дінге, құдайға көзқарасының өзі бір жосық. Елдің көзінше құдай, құран, ұжмақ, тамұқ, сауап, күнә дегендерді жиі айтады да, оңаша сөйлесе кетсең, солардың бәрін жылы жауып қойып, тірлік амалына көбірек ден қояды. Бұл мінезі мұқым елге аян. Сондықтан да ел ішінде: «Сәрсенбайдың балиғатқа толғаннан бергі қаза жіберген намазы мен оразасын санасаң, өтеуіне басындағы шашы жетпейді» деген қалжың тараған. «Жас басымнан жалшылықта жүріп тесік өкпе боп өстім, қырыққа келгенше кісі есігінде өмірім өксіді, содан құдайға құлшылық қылуға да қолым тимеді», — деп имандай сырын айтқаны да бар.


Кеше іңір шайын ішіп болып, қызды-қызды әңгіме дүкенін құрып отырғанымызда. Сәрсекең маған бір тосын өтініш айтты:


— Сәлкен шырағым, біздің елдің кедей-жалшылары атынан жоғарғы өкіметке хат жазып берші?


Жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеттім. Келгеннен бергі аз ғана уақытта таратқан азды-көпті үгіт-насихатым желге кетпепті. Осының өзі жақсы. Ылайым осындай игі нышандар көбейе берсе екен.


— Не туралы жаз дейсіз?


Жұқалтаң сарғыш бетінің үшіне қан жүгіріп, қоңырқай қысық көзі нұр жайнап, салауатты қияпатпен:


— Дуаннан мойны қашық елді елеп мұғалім жібергеніне, мектеп ашып бергеніне дән ризамыз, соны жаз! — деді.


— Одан басқа не жазайын?


Сәрсенбай менің жаңағы сұрағыма іле жауап бермей, орнынан тұрып кетті. Ұзын етек, қолбақ жең шөжім көйлегінің қырыс жағасын жөндеп, төргі керегенің басында қаз-қатар ілулі тұрған үй ішінің киім-кешектеріне сүзіле қарап тұрып қалды.


— Көп заманнан бергі ескі-құсқы нәрселер ғой. Киім-кешек, төсек-орынды бір шама жаңартып алуымыз керек еді. — Ғайыптағы бір нүктеге тесіле қарап тұрып, өзінен-өзі сөйлей берді: — Дәмеміз зор-ау, дәрменіміз жетсе...


— Бәрінен бұрын бас аман болсын, — дедім жағымды пішінмен, — тірлік болса, иланып кетесіз әлі. Сәрсенбай дөңгелек столдың ернеуіне екі қолымен таянып отыра кетті. Бір мезетте столдағы жұдырықтай керосин шамды алақанымен бипаздап сипап қойып, көтеріңкі дауыспен тебірене сабақтады сөзін:


— Атам заманнан бергі сықсима шырағданнан құтылып, осы кішкентай шамға қолымыз жеткенде кемпіріміз екеуіміз алақайлап қуанғанымызды көрсең...


Күнделікті тіршілік жайып әңгімелеп отырып, бастапқы кеңесіміздің арнасынан шығып кеттік.


— Сіз әлгіде бір үлкен мәселе қозғадыңыз ғой, — дедім, — хат жазып бер дедіңіз... Не деп жазайын?


— Тақыртөбенің кедей-жалшылары бұдан былай байларға жалынбайды деп жаз.


— Құп болады.


— Бар өнеріңді салып, келістіріп жаз.


Бұдан басқа не айтасыз?


Көңілімде мүддем толып жатыр. Қайсыбірін тізе берейін. Бөстекі сөзбен басыңды қатырмай, тоқетерін айтайын... — Ойлы пішінмен үнсіз отырып қалды. — Естіген шығарсың? Осы күнгі отырған жеріміз Тақыртөбе біздің елдің түпкілікті атамекені емес-ті. Құланөтпес өзенінің ұлан-ғайыр кең саласындағы шұрайлы қонысымызды ерте кезде орыс байлары қол-екі тартып алып, біздің елді осы құрдым далаға қуып тастаған. Жердің сұлтаны еді ғой, қайран Құланөтпес! Тастаған таяғың тал боп өсіп, сепкен бір дәнің мың боп өнетін берекетті өңір еді, жарықтық! — Кеудесін керіп, қинала күрсінді де, өкініп басын шайқады. — О, дариға-ай, туған жерді қимай ұлардай шулап, кете бардық.


Сәрсекеңнің бұл айтып отырғаны маған бимәлім жайт.


— Айта беріңіз!..


— Онда менің уылжыған жас кезім. Жаңылмасам, он жеті, он сегізде болсам керек. Екі жүз шақырым қашықтағы қу медиен далаға жазғытұрғы аласапыранда шұбап көштік. «Жұт — жеті ағайынды» деген емес пе, мимырттап көшіп, жүдеп-жадап, жарым жолға жете бергенде, екі күн, екі түн бойына алай-түлей ақ түтек боран соғып берсін. Боранның артынан іле үскірік қара дауыл басталды. Қыстан титықтап шыққан қара мал, қой-ешкі, арық-тұрақ жылқы шыбындай қырылып қалды. Суықтың зардабынан он бес жас бала, жеті бірдей естияр адам өлді. Өліктердің мүрдесін арбаға тиеп алып, жер ортасы көктөбеге жол тарттық.


Сол бір қысылшаң жылда ел басына орнаған қаралы күндерді Сәрсекең мұңайып отырып баяндады. Алынған жерге, қора-қопсы орнына аз да болса ақы төленеді екен. Оны елдің атқамінер қулары қи-сыпырып жалмап қойыпты.


Сәрсенбай салдарлы кейіппен маған бір сөз тастады:


— Сәлкен, қарағым, сен өзіңнің туған жеріңді жақсы көресің ғой, ә? Солай емес пе?


Сәрсекеңнің бұл бейнелі сұрағы жаныма жағып кетіп, іркілмей жауап бердім.


— Туған жерін кім жек көреді дейсіз, отағасы!


— Бәсе, бәсе! Солай болса керек-ті. Адамға туған жерден ыстық не бар бұл дүниеде?


Сәрсенбай мұны неменеге мегзеп айтып отыр? Аз-кем аңырып отырды да, туған жер жайындағы толғауының арқауын ширата түсті:


— Туған жердің жолы қиын ғой! Айта берсем таусылмайтын ұзақ жыр боп кетер. Төтесінен қайырайын. Біз, мана, езімізге қараған ауылдың бас көтерер азаматтары осы үйге жиналып мәслихат құрдық. Мұғалімге арыз жаздырып алайық та, өкіметке жолдайық. Неколай патшаның заманында байлар тартып алған ата мекенімізді қайта алып беріңіз деп, сұранайық деп пәтуаластық. Ақ гүлдің шоғындай үлбіреген тарлан сақалын уыстап, көзі күлімдеп тынып қалды.


— Сөзіңіз алтын, Сәрсеке! Несі бар, оңдап тұрып арыз жазып берейін.


— Сөйтші айналайын, өркенің өссін! Өмір-жасың ұзақ болсын! Мұратыңа жет! Бұйырса, өкімет біздің арызымызға құлақ асып, жерімізді алып берер-ақ. Ондай атты күн болса, ақ түйенің қарны жарылар еді.


— Мен сізге бір ақыл айтайын, — дегенімде Сәрсенбай құлағы елеңдеп, маған жақындай түсті.


— Құлағым сенде.


— Қанша жақсы болғанымен Құланөтпес қаладан, қалың елден қашықтағы жер ғой, Сәрсеке, — деп бастадым түбегейлі ой-пікірімнің төркінін таныта. — Менің ойымша түпкілікті қонысқа Көлбаршыннан қолайлы жерді іздесеңіздер таба алмайсыздар.


Көлбаршын жайына Сәмет арқылы қанықпын. Жер жөнінде оңаша пікір алысып, сөйлескеніміз бар. Неліктен екенін қайдам, Сәмет маған жаңағы Сәрсекең баяндап берген жағдайды айтқан жоқ-ты. Мына Тақыртөбені мен бұл елдің баяғы заманнан бергі түпкілікті қонысы деп ойлайтынмын.


Сәрсекең менің көлденең кеңесіме бірден ден қоймай, аңтарылып қалды. Сүйікті атамекенін қимай, бір жағынан менің сөзімді жыққысы келмей дағдарып отырған түрі бар. Көкірегін кернеген ой толқыны сыртқа тепті. Қапылыста айырылып қалған жерге деген асыл арманы көз жанарында мөлдіреп тұрып қалды.


— «Ала болсаң азасың, ынтымақ қылсаң озасың» деген екен бұрынғылар. Көп болып ақылдасайық. Ел-жұрт не дер екен?


— Ел-жұрт деген жалпы сөз, Сәрсеке! Байларға салсаңыз, сіздің жер даулап аламыз деген пікіріңізді олар құптамайды. Көлбаршынға да жуытпайды.


— Көпшілік ұйғарса, бай-мырзалар қайда кетер дейсің?..


— Бұл іске кімнің қалай қарайтынын кезінде көрерміз де, білерміз, — дедім сөзді тұжырғым келіп. — Асылы, жоғарғы орындарға арыз беріп Көлбаршынды сұрағандарыңыз жөн болар.


— Бір есептен бұл сөзіңнің де жаны бар, — деді Сәрсенбай ат өтті ыңғай көрсетіп, — бірақ иемденіп отырған жерін Нұртай өліспей бере ме бізге? Арыстанның аузындағы қан соқтаны жұлып аламыз деп жүргенде, құлқынына өзіміз түсіп кетіп жүрмесек.


— Бізді Ленин қолдайды, өкімет қолдайды. — Екі ойлы болып отырған Сәрсенбайдың жүрегіне сенім шоғын тастадым. — Түптеп келгенде біз жеңіп шығамыз.


— Бәсе, бәсе, — деді Сәрсекең, — Ленин айтса болды, тынды дей бер.


— Солай отағасы, Ленинге пар келетін адам жоқ бұл жиһанда.


Сәрсенбай өзімен-өзі сырласқандай күбірлей бастады.


— Туған жер! Әкеміз күйеу болған жер, шешеміз келін болған жер. Ата-баба, үрім-бұтағымыздың сүйегі жатыр ғой оның қойнында... Бізге де топырақ сол жерден бұйырса!


Керегенің басында ілулі тұрған қызыл-күрең домбыраны жалма-жан ала салып, тыңқылдатып шерте бастады. Сәрсекеңнің домбыра шертетін мұндай өнері барын білмейтін едім. Күйіне келген көне домбыра сыңғырлап қоя берді. Қырылдақ кәрі дауыс домбыра күйіне қосыла кетті.


— Ел қайда, Құланөтпес, Нұра қайда,


Бұлақтай ағып жатқан жыра қайда,


Түскенде сен есіме қайран жер-ай,


Егіліп жүрек шіркін, жыламай ма?..


Домбырасын алға ұмсындыра көлденең ұстап тына қалды. Көзінен мөлтілдеген жас көрінді.


Сәрсенбай домбырасын әлгі керегенің басына іліп қойды да, орнына келіп отырып, іле-шала манағы кеңесіне айналып соқты.


Бар қайғы-шері жаңағы домбыра күйімен, ыңылдақ әнмен бірге тарап кеткендей Сәрсекең бәз-баяғы көңілді сипатына қайта ауысты.


— Шынында да Құланөтпес алыс жер. Есіл табанындағы ызғыған қалың елден шалғай жатыр. Орыс қалаларымен аралас-қоралас болғанымыздан көрген пайдамызда есеп жоқ... Мұжықтармен дәм-тұзымыз араласып, бірігіп егін салып, қосылып пішен шауып дегендей, әйтеуір, ең тегі, тарығып қалғанда, аттана шауып барып біреуінен бір қап астық алсаң да...


Сәрсекең осыны айтып тынып қалғанда, жаңағы сөзін еселеп жібердім:


— Біздің қазақ егіннің ебін орыстардан үйренген жоқ па?


— Тура, тура.


— Олай болса, тегінде, Есіл табанынан алыстап кетпей, осы маңайдағы бір қолайлы жерге қоныстанып алған артық.


— Осы пікіріңді көпшілікке айт, пәтуәсін ал, тегі.


— «Кеңеспен пішкен тон келте болмайды», көп болып ақылмен шешкен абзал.


— Мақұл қарағым. Сенің тіліңді алсақ сірә да адаса қоймаспыз. Бірақ түбінде Көлбаршыннан аспандағы бұлт жуық боп кетсе, Құланөтпес естеріңде болсын.


— Ертең-бүрсігүні кедей-жалшылардың басын қосып ақылдасамыз.


— Сөйтіңдер! — Сәрсенбай сөзін жия сөйлеп, орнынан тұрып кетті.


5


Шілденің бір тымырсық күні. Айнала атырап тамылжып тұр. Аспан жалтаң. Ел кеше көлдің теріскей беткейіндегі тың салаға, жаңа жұртқа көшіп қонған.


Жиналысқа елдің кәрі-жасы бірі қалмай келіпті. Көлдің түстік бүйіріндегі жүндес қоңыр төбешіктің басына, ұзын бақанға шегелеген қызыл жалауды тігіп қойдық. Төрт қатар алқа-қотан отырған ығы-жығы көп адамның ортасындағы бос алаңқайға үстіне төгілдіріп қызыл мата жапқан аласа дөңгелек стол қойылған. Столдың шетіне шынтағымды төсеп, келген жұрттың санын көзбен бағдарлап отырмын. Іштей долбарлап санап шығып едім, жиналысқа келген адам саны жүзден асып кеткен екен. Столдың сол жақ бүйірінде бір қырындау отырған Сәмет үздік-создық жайғасып жатқандарға өктем тәртіп берді: «Бытырамай, жақынырақ отырыңдар!» — Осыны айтты да Сәмет маған бұрылып қарады. «Елдегі бары келіп болды білем. Жиналысымызды бастасақ қайтеді?» Құптап бас изедім.


— Басталсын! — Қосарлана шыққан көп дауыс құптай жөнелгенде, Сәмет жер таянып, орнынан көтерілді де, маңғазданып айналаға көз жүгіртіп өтті.


— Жолдастар! Тақыртөбе еліндегі азаматтардың жиналысын ашық деп санаймын!.. — Көпшілік жаппай қол соқты. Жарға соққан толқындай кейін лықсып барып жым бола қалды.


Жиналысқа келген адамдарының ішінде бірде бір әйел жоқ. Бұл қалай? Шақырушы болмағаны ма? Әлде өздері қорынып келмей қалды ма? «Жиынға әйелдер неге келмеген?» — деп Сәметтен сұрасам қайтеді? Қой, бір сапар үндемей-ақ қояйын. Неге десеңіз, Сәмет менен ұялғанынан қазір жұртқа тиіседі: «Әйелдерің қайда? Шеттеріңнен тоғышарсыңдар, түге!» — деп, бұлқан-талқан болады... Әлдебір тентектердің намысына тисе, шатақ шығып кетпеуіне кім кепіл?


— Жиналыс алқасына үш адам сайлаңыздар!


Мұндай ұлы жиынға дағдыланбаған қалың қауым әдепкіде біріне-бірі үнсіз қарасып, аңырып қалып еді, Сәмет екінші рет баса ескерткенде тосыннан көтерілген құйындай тұс-тұстан гулеп кетті:


— Мен айтайын! — Орта бойлы, дөңгелек жүзді шымыр қара жігіт көп ортасынан суырылып шыға келді.


— Сөйле, Бәкібай! («Бұл — Нұртай байдың жалшысы, Бәкібай Күреңбай баласы», — деді Сәмет менің құлағыма сыбырлап).


— Мұғалім, Сәмет ағай, оларға қоса кедей-жалшылар атынан Жаңқабай Өлмесек баласы сайлансын!..


— Дұрыс айтады! Осы кісілер сайлансын! — Әр жерден дауыстар шықты.


Бәкібайдың ұсынысын Сәмет дауысқа қойды. Жаңағы аттары аталған азаматтарды көпшілік бір ауыздан жиналыс алқасына сайлады.


— Хотқа кеттің, Жаңқабай! — Орнынан ширақ көтеріліп, көптің ара-арасымен жиналыс столына қарай жымып келе жатқан шымыр денелі, күлте сақалды, төртпақ қараның екі құлағын делдитіп түріп алған қоңыр елтірі тымағын орта жолда біреу басынан жұлып алды.


— Бұл кісі Байкенже байдың жылқышысы! — Сәмет мұны көпке естірте айтты. — Осындайда бір көтеріліп қалсыншы байғұс!


Жаңқабайға Сәмет екеуміз арамыздан орын бердік. Әдепкіде қысылды ма, кім білсін, үлкен көкшіл көзі жаутаңдап төмен қарап отыр еді. Әрі-беріден соң бойы үйренді ғой деймін, сепкіл басқан жалпақ беті гүл-гүл жайнап, «мені көрдіңдер ме?» дегендей, қалың көпке кербездене қарап, бойын тік ұстап отырды.


— Жиналыста мектеп салу жайын сөйлесеміз... Бұған қарсылықтарыңыз жоқ па? Бұл мәселе турасында, ең алдымен құрметті мұғаліміміз Сәлкен Айшуақұлы сөз сөйлейді. — Сатырлаған шапалақтар күндей күркіреп кетті. Қалың қауым құлаққа ұрған танадай жым бола қалғанда, орнымнан ыршып түрегеліп, сөзімді бастап жібердім. Ең әуелі кеңес өкіметінің, коммунист партиясының еңбекші халыққа берген бостандығы туралы айттым. Содан кейін елді мәдениеттендіру, халықтың сана-сезімін ояту жайында түсінік бердім. Өзімнің бұл елге келген мақсатымды баяндадым.


— Осы мәселе турасында азырақ сөйлеп өтемін, — деп Сәмет орнынан көтерілді. — Біле-білсеңдер мектеп зор жаңалық. Надандықтан көрген қорлығымыз аз болды ма? Айтыңыздаршы, әлеумет! Бір мысал айтайын: Біздің елдің бір өзінен жыл сайын қыруар жанды жер алады. Бұл неліктен? Наданбыз, намайы қараңғымыз! Атам заманнан бері күл-қоқыс арасында өмір сүрін келеміз. Бастарың ауырып, балтырларың сыздаса бақсы-балгерге жүгіресіңдер. Тіпті болмай бара жатса, бір алланың бұйрығы, құнан қойдың құйрығы дейсіңдер де, құрмалдыққа шалынатын көк тоқтыдай өлімге мойын ұсына бересіңдер.


Сәмет ағайдың төрт тараптан атой салған батыл пікірі ұнап кетті. Айызым қанып, балқып отырмын. Айта түссе екен! Оқығаны болмаса да, көргені, тоқығаны мол кемел адам екеніне көзім жетті.


Сәмет діннің орасан залалын, кесел-кесірін жеке-жеке атап, қызына сөйледі.


— Астапыралла! Мына шіркін не дейді?! — Алдыңғы лекте отырған сыпсың сақал, сида қара шал Сәметтің сөзін болды, Шалдың батыл әрекеті әсер етті ғой деймін, жұрт толқып барып әрең басылды.


— Сөзді бөлме, Құлжабай! Құдайекеңнің саған бөліп берген еншісі де белгілі. Мынау отырған Солтабай қарияның үйіндегі Күнімжан жеңгеміз осы жасында 17 құрсақ көтерген екен, бұл күнде солардың екеуі ғана тірі жүр. — Басын самайына дейін ақ дабымен таңып алған, теке сақал, қара сұр шалға көзінің астымен қарады. — Тым әріге бармай-ақ қояйын. Кейінгі он жылда біздің елдің өлген адамдарын санап көрейікші. Тоқетерін айтқанда, орта мөлшермен жыл сайын 20 адам өліп тұрған екен. Менің ойымша осындай бейшаралықтан құтылудың әзірге екі түрлі жолы бар: Біріншісі — жатпай-тұрмай ортадан мектеп ашу, екіншісі — орыс ағайындардың үлгісімен отырықшылыққа айналып, тұрмысты жөндеу... Осы екі шаруаны ретке келтіріп алсақ, басқасы қиын болмайды. Реті келіп қалғанда айта кетейін, мүбәда отырықшылыққа айналып, үй-жайымызды дұрыстап салып алсақ, ең болмағанда бес үйге, он үйге бір-бірден монша салып алсақ, оның не қиындығы бар, ағайын! Сонда өкімет бізге дәрігер де жіберер еді. Ал, халқым, серпілер кезің келді... Байлар не десе, о десін! Менің білетінім, партия мен өкіметтің соңынан ерсеңдер, әсте қор болмайсыңдар! Адаспайсыңдар! Ленин салған сара жолмен тура ілгері тартсаңдар, тұрмыстарың түзеледі, надандық дейтін қырсықтан құтыласыңдар!..


— Дұрыс айтады! — Әр жерден қошеметші дауыстар шықты.


Сәмет аз-кем тыныстап алып, айнала төңірегіне шымқай қызыл кесте шеккен ақ торғын қол орамалымен бетінің терін сүртіп, қайта сөйлеп кетті:


— Өкімет жіберген мұғалімді жан алғыш әзірейілдей көріп кірпідей жиырылып жүргендер де бар осы елде. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, ит үрді екен деп керуен жолынан қала ма? «Мұғалім елді аздырады, дінді бұзады», — деп көкитін көрінеді ойындағы кейбір қиқарлар... Сол көк соққандар, суырылып шықсыншы, кәне! Арам пікірлерін бықсытпай, ашып айтсыншы! Оларға жабыла еріп кеткен ел болса, оны көрейік.


Сәмет сөзін оқыс үзіп, қалт қарап тұрып қалды. Көпшілік қауымның аңыс-аужайын, көңіл күйін барлап алғысы келгендей айналаға көз жүгіртіп өтті.


— Мектепті қай жерге салу жөніндегі ойыңызды айтыңызшы, қоныстануға ел қалай қарайды екен, соны біліп алыңызшы! — дедім көпке әдейі естіртіп.


Ендігі айтар ой-пікірлерін сайлап алды ғой деймін Сәмет жазық маңдайын алақанымен жоғары қарай сыпыра сипап, есіле сөйледі:


— Әкесі өлгенді де естіртеді: мектепті тура Көлбаршын басына орнатамыз. Елді Тақыртөбеден тік көтере көшіріп, суы мол, шұрайлы өңірге қоныстандырамыз. Мектепті асықпай әйбәттап салайық! Азар болса биыл бітпес, бір қысына кең үйлердің бірін жалдап, балаларды сонда оқыта тұрармыз. Мектепті берік, әдемі етіп салып алсақ, келесі жылдан бастап отырықшы болсақ, тура екі жеп биге шығамыз! — Сирек қара мұртын бипаздап сипап қойып, көпшілікке көз тастады.


Дегбірсіз біреулер беталды жамырап бара жатыр еді, Сәмет қолымен кес-кестеп оларды басып тастады:


— Айтып болайын. Кейін бәріңе де сөйлеуге пұрсат беремін. Ұядағы араша дуылдамай тұра тұрыңдар! Және бір жайтты естеріңе салайын. Мектепке керекті қаржыны өкімет бізден аямайды, әрине. Келешекте түпкілікті қоныстанамыз десек, оған да ақшадай, заттай көмек береді. Бірақ «алма піс, аузыма түс» деп алақанымызды жайып отыра береміз бе? Онымыз ұят болады, ағайын! Елдік көрсетейік. Несі бар, мектепке керекті қаржыны ортамыздан бөліп берейік! Көп түкірсе көл болады. Бұған қалай қарайсыңдар?


— Мектеп жабдығына елден не көмек керек, Сәмет шырағым? Бас-басына атап айтшы! — Алдыңғы лектің оң жақ иінінде отырған, буырыл сақалды жалаң бас қара кісі тақылдап сөзге араласты.


— Айтайын! Ең алдымен, қаржы керек. Ақшасы болса басқасын реттеу онша қиын бола қоймас.


— Қанша ақша керегін есептедіңдер ме? — Арт жақтан бір жасаң дауыс саңқ етті.


— Есептегенде қандай! Менің долбарым бойынша, ел ортасынан ұш мың сом ақша бөліп шығарсақ мол жетеді.


— Аз болады! — деді әлгі жасаң дауыс жұлып алғандай. — Ең кем дегенде бес мың сом бөліп берсек, неміз кетеді?


— Жарайды, осы жиылыстың артынан әркім өзінің шама-шарқына қарай ақшадай беретін көмегін атасын, мұғалім жазып алсын.


— Дұрыс!


— Сөйтейік!


— Көп болса, бір тайыншаның құны кетер!


— Өз игілігімізден немізді аяймыз!


— Көпшілік ұйғарса, қатардан қалмаспыз!


Көңілді дауыстар тұс-тұстан сампылдап шықты.


Үнсіз төлежіп отырған Жаңқабайдың тілі шықты. Қалың түк басқан шомбал білегін сыбанып алып, қаудыраған тері шалбарының ышқырын көтеріп қойып, суырыла сөйлей бастағанда, сыбырласып, сыңқылдасып отырған жұрт су сепкендей басыла қалды.


— Мектепті кім салады? Ендігі гәп сонда! Бізде ағаштан түйін түйетін шеберлер бар. Басқасын былай қойғанда, мына Сәрсенбай, Бәшім, Қабдолла, Жанысбайлар мектеп түгілі, зәулім сарай орнатып бер десеңдер де құлақ қақпайды. — Күрек тістерін ақсита, қоңқақ мұрнын көтере көпке қарап, тына қалды.


— Сол үйшілердің құрал-саймандарын, қажетті жабдықтарын сайлап беру керек — Оң жақта маған тақау отырған сопақ бет кексе сары сұңқылдап қоя берді. Басын жоғары көтеріп, бетін шұғыл бұрып, оң жағындағы ырғай мойын, сүлік қараға тесіле қарады: — Ал, Біләл, сен не дейсің бұған? Осындайда шешіліп сөйлемегенде қайда сөйлейсің?!


Жаңағы кісінің сөзі қамшы болды ғой деймін, Біләл басын басқалардан асыра, тізерлеп отырды да, сөз бастады:


— Мектеп саламыз, отырықшы боламыз деген пікірді мен де қостаймын. Мектеп салуға күшіміз мол жетеді. Қолдан келген көмегімді аямаймын. — Қоңыр масатымен тыстаған тоқал төбелі пұшпақ бөркін ойпаң желкесіне сырғытып қойып, көмірдей қара мұртының сапарын ширатып, тік түрегелді де, сөзін соза берді. — Мектепті бөренеден бұрап орнатамыз ба немесе қыштан саламыз ба? Бір көрме әдемілікке бөрененің қолайлы екені рас, өйткенмен, қолға түссе, қышқа не жетсін! Маған салсаңдар, мектепті қызыл қыштан орнатайық. «Беріктігі осындай болсын» дегендей мұқыл тұмсық, ұзын қоныш қара етігінің жалпақ табанымен жерді екі-үш дүркін нұқып қойып, орнына отырды.


— Тасболат қызыл қыш оңайлықпен сенің қолыңа түсе қояр, шіркін! — деді сол жақ шетте оқшау отырған біреу Біләлді кекетіп. — Көрерміз, сәндік іздеп жүргенде, осы шаруаның аяғы қойболдыға айналады, әлі.


Рамазан, сен қыңыр мінезіңді қой бұл арада! Немене, сенің ойыңша қызыл қыш табу сұмдық қиын болғаны ма? — Біләл оның бетін қайырып тастады. — Өкіметіміз аман болсын, иншалла, тауып берер-ақ.


— Оңай болса барып әкеле ғой, көріп тұрайық! — Рамазан күңкілдеп теріс қарады.


Жұқа өңді, жеңіл денелі, шоқша сақалды, орақ мұрын, қой көз сары құлдыраңдап орнынан көтерілгенде жұрт назары соған ауды.


— Мектепті әрі берік, әрі мінсіз ғып салайық деген пікір көкейіме қона кетті. Әкелеріміз орнатып берген мектеп еді деп, кейінгі балалар айта жүретін болсын. Сөзге олақ қазақпын. Тық еткізіп келте айтуды жаратамын. Қызыл қыштан салайық дегенді айтты Біләл жаңа. Дәл айтады. Үйші шебер екенімде қапы жоқ. — Маған көз тоқтатып, іркіліп қалды. — Атышулы Шоң,, Шорманның күндік жерден көрінетін көк төбелі үйлерін өз қолыммен орнатқанмын. Өткенді айтып не керегі бар? Құмға құйған судай зая кеткен есіл еңбек қой. Мына игілікті шаруадан қолымның өнерін аяп қалмаспын. Сәрсенбай Мұқаш баласы, алпыстан асқан шағында, барша қауым көптің игілігіне салынатын мектептің бар қиын шаруасын өзі басқаратын боп, уәде берді деп, қағазыңа жазып қой, мұғалім шырағым! Менімен жарысқа түсем дегендерің кәні, белсеніп шығыңдар!


— Бірінші орынға Сәрсекеңді жазып қойдым, — дедім дауысымды қатты шығарып.


Сол-ақ екен, жиналыстың сарыны күрт өзгеріп кетті. Тұс-тұстан стол басына ентелеп келе бастады.


— Біләл Исабек баласы. Мені жазыңыз!


— Бәшім Мұсабай баласы. Мені де жазыңыз.


— Қабдолла Қарымсақ баласын жазып қойыңыз!


— Жанысбай Бекберген баласы! Мені де жазып қой, қарағым!


Ірі әріппен дәптеріме «Игілікті істің бастаушылары» деп жазып қойдым. Жиналыс тәртібіне шаргез келсе де меселдері қайтып қалмасын деп, жазылған адамдардың тізімін табанда жарияладым. Тізімдегі аттары аталған шеберлер мерейлері өсіп, бір көтеріліп қалды.


— Енді кім сөйлейді? — Сәмет жалпыға көз жүгіртті.


— Мен сөйлеймін! — Қалқаң құлақ, бұжыр бет, құж қара жігіт желбегей жамылған биязы шекпенін жалма-жан шешіп тастап, көйлекшең белсеніп түрегелді.


— Ал сөйле, Жетібай!


— Жетібай сөйлесе, жұртты күлдіреді, немесе бүлдіреді! — Арт жақтағы біреу оны ажуалап жатыр.


Құж қара ә дегеннен-ақ құтырына сөйледі:


— Итжеккенге бүгін айдатып жіберсеңдер де, ашып айтайын: мектеп саламыз, қала боламыз дегендерің — барып тұрған бос сөз. Осы сұмдықты қайдан шығарып жүрсіңдер! Осылай болсын деп, елдің игі жақсыларымен күні бұрын ақылдастыңдар ма? Ақылдасқан жоқсыңдар!


— Айтып болдың ба?  — Сәмет екі қолымен бірдей кес-кестеп, Жетібайды тоқтатып қойды.


— Мен де осы елдегі азаматтың бірімін. Өкімет бәрімізге де ортақ. Сөйлейін десем, мені неге ауызға қағасың, Сәмет! — Жетібай жұлқынып қайта сөйлеп кетті. — Ауылнай сайлағанда, елің саған осындай ұр да жық бол деген жоқ еді ғой. Ұлық болған кісі ыңыршақ түйедей бақырауық бола ма екен? Құдай біледі деп айтайын, мектепке осы отырған кедейлердің бір тиыны да шықпайды. Бар ауыртпалығы ауқатты адамдарға түседі. Әзір асқа кім ие болмайды? Мектепті әзірге қоя тұрсақ не мұртымыз қисаяды? Ең әуелі, басқа керегімізді түгендеп алайық та.


Бір ғажабы, Жетібайға ешкім қарсы дау айтқан жоқ. Мақұлдап бас изегендер көрініп қалды әр жерден. Өз атын өзі шақырған көкекше қақсай берсін, сөйлеп-сөйлеп, бір басылар дегендей, көпшілік тоңторыс бола қалыпты.


Сәмет Жетібайға дүрсе қоя берді:


— Дәйім сенің осындай бір қиқар мінезің қалмайды, Жетібай! Басылар уақытың болды ғой! Қиямпостығыңды неге қоймайсың? Байлардан ішкен-жегеніңе мәз болып, аузыңа келгеніңді тантисың да жүресің ылғи.


Жетібай іштен тынып, томсырая отырып қалды. Бұдан әрі қитыға берсе, басына зобалаң туарын сезгендей, мысы құрып, амалсыз көнген қалпы бар.


Жалтыр басындағы сырма қара тақиясын торсық шекесіне қисайта киген, жұқа өңді, ашаң сары сөзге араласты. Жирен сақалы ешкінің құйрығындай шошаңдап, шүңірек көзінің қарашығы ойнақшып, абыржи сөйледі:


— Мектеп ашамыз, жаңа қонысқа ірге тебеміз дегендерің дұрыс, ағайын! Ел болып, ауқымдасамыз деген тілек үстінде әрі итеріп, бері жықты қойыңдар. Мен білсем, осы Сәмет бізді теріс жолға бастамайды. Ауылкеңес ағасы өкіметтің сөзін айтып отыр. Дуаннан келген мұғалім бала да бізге ойыншық емес. Ел болған соң, арасында неше түрлі адам болады. Ақылы жеткені тап басып, тауып айтады, ойы шолақ, өресі қысқалары шідерлеген аттай секектеп, ауыл іргесінен ұзап шығып кете алмаса, оларға не кінә бар? Шайырғал-шатақтың оңдырған жері жоқ. Ағайын арасының бүтіндігін ойлаңдар. — Оның сөзін Сәрсенбай бөліп жіберді.


— Қабдолла, сен, тілің мен жағыңа сүйенбей, кесімді уәдеңді айт! Балта-шотымды қайрап алып, жұмысқа кірісемін де.


— Япырай, мына сөз қайдан шықты? Құдай-ақ тағы, аманат жаным сау болса, дәл сенен қалыса қоймаспын, Сәрсенбай! Мен қыран бүркіт болғанда, сен күйкі тұрымтай едің! Торғай іліп, тойғаныңа мәз боласың! Түстім жарысыңа! Кім озар екен, мұқым ел көріп тұрсын, кәні!


— Екі қошқар сүзісіп қалды. — Арт жақтағы біреу қолын шапалақтап, қарадай мәз болып қалды. Оған қосыла бір қауым жұрт сықылықтап күлісіп алды. Әлгі Жетібайдың кесірінен пайда болған жайсыз кірбең лезде айығып кетті.


Айран құйған сүйретпе местей іркілдеген ауыр денесін созалаң қозғап, тарлан сақалы шошаңдап, істік мұрын, шикіл сары алдыңғы лектен құлшынып шықты. Өңезденген қалың еріндері жыбырлап, қайқы кеудесін алға ұмсындыра отырды. Сөзден есесі кетіп бара жатқандай-ақ қолын ербеңдетіп, бақылдап сөйлей бастады:


— Ал жарайды! Мектеп ашылсын дейік! Сонда қалай болғаны?! Алланы, пайғамбарды балаларымыз белкүллі ұмытып кете ме?! — Қызғылт томпақ шекесін жұдырығымен ысқылап, төбеге ұрғандай тоқтап қалды.


Шетте отырған сүлік қара шал әлгінің сөзін іліп әкетті:


— Шырағым мұғалім! — Көпшіліктен басын асыра ентелеп, менің бетіме телміре қарады. — Жарайды, балаларымызды мектепке берейік! Солай-ақ болсын. Бір мезгіл мұсылманша оқытсақ қайтеді? Өзіңе серік болатын бір жастау молда жалдайық та, асылы, сөйтейік. Арба да сынбайды, өгіз де өлмейді сонда.


— Қайтер дейсің? — деді көп ішінен бір жасаң дауыс, — өгіз өлсе ет болар, арба сынса отқа жағылар.


— Айдалаға лағып кеттіңіз, Самылтыр аға! — Сәмет зіл тастады. — Әлдеқашан сүйегі қурап қалған Николай патшаны қайта тірілтіп алып, таққа отырғызайық, кеңес өкіметімен қатар елі билесін дегенмен бірдей болды ғой сіздің мына сөзіңіз.


— Аз ғана пұрсат бер, Сәмет, — деді Самылтыр даусы дірілдеп, — мен осындағы елдің тілегін айтып отырмын.


— Мынауыңыз қисынсыз тіпті. — Кәмар белбеулі, сұңғақ бойлы ақ құба жігіттің даусы саңқ етті.


Реті келіп қалғанда мелшиіп отырып қалуды бойыма лайық көрмедім де, орнымнан шапшаң көтеріліп, түсінік айттым. Кеңес өкіметі дінге еш уақытта қысым жасамайтынын, қай дінді ұстаймын десе де әркім ерікті екенін, бірақ жас жеткіншектерді жаңаша оқыту, жаңа заманның жол-жоралғысымен тәрбиелеу қажеттігін айқын дәлелдермен ұғындырып бердім.


Жаңа мектептің оқуын діни оқумен тоғыстырамыз деп қанша әуреленгенмен, одан ештеңе өнбейтініне көздері жеткен өңшең діндарлар тауы қайтып, басылып қалды. «Бір есептен мұның өзі бүгінгі жиналыстағы үшінші елеулі жеңісіміз болды», — деп ойладым.


Бір жақ бүйірде елден оқшау отырған Нартай молда делбе болған жылқыдай жиі қозғалақтай берді. Жетібайға Сәметтің ине қармақтай қадала түскені, құлақкесті құлындай болған жарлы-жалшылардың осы жиында қырын-қырбай келіп, лепіре сөйлегені шымбайына батса керек, талай түндер бойына ұйқы көрмегендей түсі қашып, бозара қалыпты. Не дегенмен, жарамсақ Жетібайдың көлденең киліккен жаңсақ пікірінен жиналысқа аз да болса жарықшақ түскен-ді. Жағымпаз адамның адымы қысқа болады ғой. Бас жоқ, көз жоқ, байлардың жыртысын жыртамын деп жексұрын болып қалды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі». Жетібайдың өлмегеніне қара жер.


Нұртай оң қолына қысып ұстаған қара таяғын шошаңдатып, бір өзі он екі сыбаға болып күпси бастады. Қойдың үлпершегіндей қатпар-қатпар маңдайын сипағыштап, орнынан созалаң көтерілді. Елдің назары таңқы мұрын, тарғақ бет, ықшам денелі қара сұр шалға ауды. Нұртай күйзеле сөйледі:


— Мектеп ашамыз деген пәтуаларыңа қарсы айтар пікір жөні менде. Тақайырсыз көңілден хайырлы болсын айтамын. Мүбәда әммә халайық сіздер қаласаңыздар, ел қатарлы көмек-нафақа беруден бас тартпаймын, ләкин. — Көмекейіне кептеліп тұрып қалған жетім қақырыққа шашала, тық-тық жөтелді. — Ләкин, басымды кесіп алсаңдар да турасын айтайын: жеті атамнан бері иемденіп келген моқанымды зорлықпен тартып алып, жұмыла ел пайдасына түсіреміз дегенге көне алмаймын. Осы бастан баршаңызға мағлұм етейін, өз ықтиярыммен ұлтарақтай жер берер болсам, бұл дүнияда тірлік қып жүрмей-ақ қояйын! — Екі көзі қанталап, айналаға алара қарап тұрып қалды да, сәлден кейін адуындап сөзін жалғап жіберді: — Сендердің бұл сорақы харакеттеріңді осы отырған қалың қауым құп алатын болса, айтсын, кәні! Мұндай мизамға қиғаш келетін істі хүкімәт та қостамайды.


Сәмет ағай бұл сапар ағынға қарсы жүзген кемедей пәрменді қарқынмен Нұртайға ауыз салды:


— Алаң болмаңыз, Нұреке! Жеріңізді аламыз, көк желкесіне қана қоныс орнатамыз. Мұны басыңыздағы бөркіңіздей көріңіз.


Нұртай қап-қара боп түтігіп кетті. Отырғандардың біразы Сәметтің жаңағы сөзін мансұқ қып, бажылдап жатыр. Мес қарын, дәу денелі біреулері шытынап сөз сайысына шықты. Жиналыстағылардың көбісі Нұртайдың жерін аламыз деген тосын әрекетті құптамай, тұлан тұтып, ашуға басты. Енді біреулері әлгі байлардың аужайына еріп, отына май құйды. Жер аламыз дегенді басы бүтін қояйық, мектепті шама келсе Тақыртөбе басына биыл салып алайық десіп, Нұртайдың басына түйіліп тұрған қауіп-қатер бұлтын айықтырып жіберуге жан салды олар. Кейбір тентектері қымс етсе айқаса кетуге оңтайланып, білектерін сыбанып алыпты.


Бірде тасқындап, бірде бәсеңдеп, парықсыз күйге түскен жиналыстың сарынын түзеп алу қиын болды.


— Біздің алға басқан тура жолымызға кімде-кім тосқындық жасаса, біз олармен табан тіресіп күресеміз, — деді Сәмет ызбарланып.


— Апырмай, мына бәлекеттің бүйректен сирақ шығарып тұрғанын қарашы. — Нұртай осыны айтты да басын төмен салып, жерге қарады. Айбар көрсетіп қара таяғын ерсілі-қарсылы сілтеп қалды. Тілі аузына сыймай қаталап отыр ғой деймін, тамағын кенеп, арт жағына оқыс бұрылды да, тісінің арасынан шырт еткізіп түкірігін секіртіп жіберді. Қаймыжықтай еріндері бір ашылып, бір жабылып Сәмет екеумізге алара қарап қойды.


Еңбекші елдің игілігіне айналған көк майса кең дала, толықсып тұнып жатқан айдын шалқар көл, еңселі көркем үйлер, зәулім әсем мектеп елестеді көзіме. Сәметтің Нұртайға найзадай қадалған өктем әмірін бүкіл кеңес өкіметінің қанаушы тапқа айтылған қатал үкіміндей сезіндім.


— Жолдастар! — Сәмет даусын созып, қожырай бастаған жиын-топтың назарын өзіне аударып алды. — Жалпыңызға арнап айтатын бір сөзім бар. Әр нәрсенің парқын айыра біліңіздер. Шынжыр балақ, шұбар тос байлардың мал-мүлкін қолма-қол тартып аламыз, шаңырақтарына қобыз ойнатамыз деп отырған жоқпыз. Мұндай әрекетке жол берсек, барып тұрған сорақылық болар еді. Мардымсыз құрдым далада қаңсып отырған қалың елді шұрайлы қонысқа көшіріп, қала саламыз, мектеп орнатамыз дегеніміздің әбестігі жоқ қой, сірә. — Сәл кідіріп, шалқақ кеудесін ілгері ұмсындыра, екі қолын алға созды. Түптен тартып, елдің алды-артын орай сөйледі. — Большевиктер еңбекші халықтың мұң-мүддесін көздейді, әрдайым солардың қамын ойлайды. Маған десе жарылып кетсін, байларға тәуелді болып отыра алмаймыз. Жер-су жалпы халықтың мүлкі деген Ленин! Шұрайлы өңірді жалғыз Нұртайға иемдендіріп қоя алмаймыз енді. Большевиктер екі сөйлемейді, байлау осы!..


Әр жерден қошеметші дауыстар шықты.


— Байладық осыған!


— Сендермен біргеміз!


— Айта берсін, қолынан келсе қиратып алсын. Алған бетіңнен қайтпа!


— Нұртайдың атасынан қалған жер жоқ. Көптігі, елдікі.


Нұртай желбегей қара шапанының ұзын етегін аласұра сілкіп, таяғын көкке сермеп, топтан бөлініп шықты. Артына жалт-жалт қарап, ақсаңдай басып кетіп барады.


— Тіктім басымды осы жолға! — Сол-ақ екен, Жетібай бастаған бір топ адам дүрліге көтеріліп, Нұртайдың соңынан еріп кетті. Қалған жұрт оларға оқшырая қарасып, жұптарын жазбай ұйлыға қалды.


Талмау түс шағындағы тымырсық ыстық тынысымды тарылтып, таңдайымды кептіріп жіберді. Шөп басы қимылдамайды. Ұшы-қиырына көз жеткісіз жалпақ дала лүпілдеп соққан көп жүректің тынысын қыбырсыз тыңдап қалғандай.


Ойға шомып отырмын. Азаттық таңы атты, қазақ даласы енді-енді жаңарып, жасара бастады. Октябрьдің нұр шұғылалы сәулесі пәрменді қарқынмен, найзағайдай зымырап марғау сахараға шапшаң жайылып келеді. Ленин ұраны, партия ұраны мәңгілік ұйқысынан жаңа оянған қазақ сахарасының мөлдір аспанында жыл құсындай қалықтап жүр.


Манадан бері айтылып жатқан әр алуан пікірлер бір арнаға сарқылып, берік-бекем шешім тапты.


Көңіл күйім тасып, түлеп ұшқан қырандай түрленіп, жалпы көпке арнап бір сөз айтып қалдым:


— Қаулыға жазылған тұжырымды шешімді дәйектілікпен орындасаңыздар ісіміз оңға басады. Біздің бірден-бір мақсатымыз — еңбекші елдің көкірегін оятып, өрісін кеңейту. Бәрінен де бұрын, сайда саны, құмда ізі жоқ, аш-жалаңаш тентіреп жүрген жарлы-жақыбайлар ел санатына қосылады. Ең алдымен, кедей-жалшылардың ырысы молаяды. Сіздерден ендігі бір өтінішім: өкімет берген білімнен балаларыңыз құр алақан қалып жүрмесін.


Ыстық үміт, ынтық арманға елтіп, бойым балқып, өзімнің кең даламдай шалқып кеттім. Осы сәтте тағы да Сәмет ағайға іштей баға бердім. Өмірден түйсінгенімді бір жерге жинақтап, топшылағанда мынадай бір салдарлы ой келді басыма. Ақылы мен қайраты таразының екі басын тең басатын адам сирек туады. Ақылы көл-дариядай шалқыған адамның қайрат-жігері шұқанақтай шағын болуы да ықтимал. Ал, енді қайратымен асқар тауды төңкеріп тастайтын алып адам ақылға жарлы болуы да кәдік. Көзсіз батырлық, еңіреген ерлік кемел ақыл мен ересен қайраттың біте-қайнасқан қосындысынан туса керек. Осы жиыннан алған ғажап әсеріме қарағанда, Сәмет ағайды мен осы соңғы қасиеттің иесі деп білемін. Әттең не керек, білімі шағын, қолы қысқа. Кей-кейде артық кетіп, асыра сілтеп жіберетіні де осыдан болса керек.


— Мектеп салуға ақшалай көмек беремін дегендерің ертеңнен бастап кеңсеге келіп, Елемеске жазылыңдар! — деді Сәмет жиналыс соңында.


— Мақұл!..


— Жазыламыз!..


— Көмектесеміз!..


6


Кешегі жиналыстан алған әсерімді көңілге тоқып, үйде жалғыз отырмын. Күн кешкіріп қалған, — Сәрсенбай үйде жоқ-ты. Жарым-жартылай ашық түндіктен түскен күңгірт сәуле бірте-бірте азайып барады. Қағаздарым мен кітаптарым үйдің ортасындағы дөңгелек стол үстінде ыбырсып жатыр. Осы елге бүгін келіп қайтқан болыстық атқару комитетінің шабарманы маған губерниялық «Бостандық туы» газетінің таяуда шыққан бір санын әкеп берген. Кейінгі кезде қаладан алыстап кетіп, жаңалыққа сусап жүрген басым, газетті түгін қалдырмай құштарланып оқып шықтым. «Арамза ауыздықталса екен» деген тақырыппен жазылған мақаланы мана Сәмет ағай мен Елемеске оқып беріп едім.


Осы мақаланы қайта оқып отырмын. Мұны жазған батыл адам Нұртай молданың мойнына бұғалық салғандай көрінді маған. Мақаланың әр сөзі сайдың тасындай кесек жатыр.


«Атбасар уезі, Амантай болысы 6-санды ауылдағы Нұртай Бекей баласының арам пиғылын аяусыз әшкерелеп бермекшімін. Нұртай — ерте кезде Бұхара шаһарындағы Дарул-Исләм медіресесінде оқыған үлкен ғұлама молда. Революциядан бұрын 1918 жылға шейін 20 жыл бойына төменгі Қыпшақ елінде мешіт ұстап, имамдық құрған. Бертін келгенде соның бәрін тастай беріп, өз еліне көшіп келді де, сауда-саттықпен айналысты. Ішкі Ресей қалаларынан тай-тай кездеме, қыруар шай-қант алдырып ұдайы қымбат бағаға сатып, еңбекшілердің қанын сүліктей сорды. Сөйтіп бұрынғысынан бетер далиып байып кетті.


Нұртай он сегізінші жылы Алаш Орданың Атбасардағы уездік комитетінің құрметті ақсақалы боп сайланған. Оның бер жағында, Атбасарда ашылған «Бірлік» атты тұтынушылар қоғамының басқарма мүшелігіне еткен. Бөркін алшысынан киіп, шаш етектен пайда тапты. Қоғамның елдегі мүшелеріне сатылуға тиісті болған кездеме және басқа керек-жарақтың көбін, ең тәуірін өзі алып, арнаулы адамдары арқылы алыстағы елдерге астыртын жөнелтіп, төрт есе қымбат бағамен сатқызып отырды.


Кеңес өкіметі орнағаннан кейін Нұртай әдіс-айласын шұғыл өзгертті. Қой терісін жамылған бөрідей бұғып жүріп, ел арасында астыртын үгіт жүргізді. Өзі көзге көрініп, ашық әрекет істемесе де, маңайындағы ағайындарын айдап салып, кеңес өкіметінің ауылдағы саяси шараларына ұдайы кесел жасап келді. Жергілікті өкімет орындарының қатал ескертуімен бой тартып, қойғандай болып еді.


Сөйткен Нұртай кейінгі екі жылда қайтадан бас көтерді. Ескі ауруы қозып, қазіргі күнде елді ала тайдай бүлдіріп жүр. Сахараға кіре бастаған жаңалықтардан елді бездіру мақсатымен қай-қайдағы сұмдық пәлелерді ойдан шығарып жүр. «Жер астынан Мәди шығады, аспаннан Айса пайғамбар түседі, ақыр заманның әмірші патшасы Тажал келеді, жер жүзінде су тартылады», — деп халыққа үрей туғызады. Осы секілді сорақы үгітін Нұртай шолақ молдалар мен пірәдарсымақтарға астыртын айтқызады. Өзі бетегеден биік, жусаннан аласа боп, бұғып жүреді.


Нұртай осы күнде көріне имамдық құрмаса да, өзіне қараған екі ауылдың ортасынан жас молда ұстап, балаларына дін оқуын оқытып жүр.


Ауылға мұғалім келеді, мектеп ашылады деген хабарды естігенде Нұртайдың төбе шашы тік тұрды. Қайткен күнде елді мектепке қарсы қою мақсатымен жан сала үгіт жүргізе бастады. Шамасы келсе еңбекші халықты жаңалықтан бездіріп, ынта-талабын тежеп тастамақ. Нұртайдың әуеніне еріп, ел арасында мектеп жайында қисынсыз теріс қауесет таратып жүрген некен-саяқ қулар да бар. Мұндай арам пейілдер еңбекші ел бәз-баяғы надан қалпында қала берсе екен, бай-шонжарлардың қаймағы бұзылмаса екен деген мақсатты көздейді. Біздің ілгері басқан қадамымызға тосқауыл жасағылары келеді.


Нұртайдың бұдан басқа да сорақы қылықтары толып жатыр. Кеңес өкіметінің әйелдерге берген бас бостандығына көрінеу қырсығын тигізіп жүр. Былтыр қыста қайтыс болған Жантемір Қозыбағарұлының жас әйелін Қарақойын болысы 3-санды ауылдың азаматы Көшербай Кеңбейілұлына жуырда 300 сомға сатты. Бейшара Нұржамал көңілі сүймеген шал адамға жылай-жылай кете барды. Кейінгі екі жыл ішінде Нұртайдың ақылымен Сарыбай Елтоқұлы, Бижан Есімжанұлы, Жиренбай Атығайұлы деген жамағайындары бүлдіршіндей жас қыздарын шалға сатты. Олардың алған қалың малдарының бір үлесі Нұртайдың құлқынына түсті.


Айта берсек, Нұртайдың қылмыс-қиянаттары басынан асады. Осы арамзаны заң орындары мықтап ауыздықтаса екен».


— Бұл мақаланы кім жазғанын білмейсің бе? — деп сұрағанымда, Елемес сыр білдіре қоймай, күмілжіп қалып еді, Сәмет ағынан жарылды.


— Елемес екеуміздің қолымыздан шыққан болар, тегі. Әкесін танытып өстіп тізгіндеп қоймасақ, басынып кетеді ол найсап! Нұртайдың әуселесін бір басуға бастық қой.


«Нұртай газетке шығыпты» деген хабар Қамсақты басындағы қалың елге лезде тарап кетті. Газет мақаласын әркім әр саққа жүгіртеді. Біреулер енді Нұртай сотталып кетеді десе, енді біреулер оған құдайдан басқаның шамасы келмейді, бәрібір бұл найсапқа шық жуымайды десіп, озбырдың күшін асыра бағалайды.


Нұртайдың жер-суын алу жайындағы талабымыз бітпес дау-шарға айналып кетсе, қашан жеңіп шыққанша ұзақ уақыт өткізіп, мектеп қамы кешеуілдеп қала ма, қайтеді деп қауіптене беремін.


— Менің айтқаныма Нұртай бәрібір көнбейді, — деген мана Сәмет маған, — шақырып алып, сыпайылап өзің сөйлес. Құйрығын сыртқа салып, қарыса берсе, онысын көрерсің.


Көкейіме орнап қалған бір берік сенім бар. Нұртайдың жерін алып, қала саламыз, мектеп орнатамыз деген игі тілекті мен сөзсіз тынар іске санаймын. Мерейлі жақсы күн алыстан қылаң беріп, дембе-дем жақындап келе жатқандай болады да тұрады дәйім.


— Көлбаршынның игілігін ел көріп, жасарған күнін ертең-ақ көрерміз, — дедім.


— Бір малаған басталды ғой, Сәлкен! Ылайым ұзағынан сүйіндірсін. — Осыны айтты да Сәмет сөзін тиып тастады.


Нұртайды ертең мектепке шақыртып алып, сөйлесетін болдым.


— Асылы, — деді Сәмет сөзінің ақтығында, — өгіз аяңмен алысқа бара алмаймыз, бауырым! Бері салғанда аузымен құс тістейтін жүйрік аттай сілтеуіміз керек.


— Дұрыс айтасыз, Сәмет аға, күресте сылбыр болсақ, ағат бассақ, жаралы қаламыз.


— Нұртаймен батыл сөйлес. Әй, білмеймін-ау, оңайлықпен көне қояр ма екен ол антұрған. — Түңіліп басын шайқады.


— Сөйлесіп көрейін, — дедім.


Бала жіберіп мектепке шақыртып едім, Нұртай кешікпей жетіп келді. Орнымнан тұрып, сәлем бердім. Қолымды қысып, маған деген үміті мен сенімін жылы қабағынан танытып, көңілді амандасты. Нұртайдың мені іш тарта келген ымырашыл ыңғайын қан сонарда із кесіп кәніккен әккі аңшының тәсіл-айласына жорыдым.


Төрдегі тақыр кілемге отыра беріп, мүләйім тіл қатты:


— Мұғалім шырағым, маған айтатын не сөзің бар еді?


Өте бір тығыз шаруамен шақырғанымды жанамалап аңғарттым. Сыртқы тұр-тұрпатынан жасанды парасат білдіріп, менің келесі сөзімді тосып, монтия қалды. Өз білігімен бөтен-бастақ сөзге бара қоймайтын ыңғайын танып қалдым да, алыстан орағыттым:


— Өкімет сеніп тапсырған зор істі көптеп, көлемдеп бастап жатырмыз. Енді көпшілік қауымнан жәрдем-көмек күткен жайымыз бар, ақсақал!..


Менің сыпайы құлақ қағысым көңіліне жағып кетті білем, көзі шырадай жанып:


— Хұзырыңдамын, мұғалім қарағым! — деді.


Ендігі айтарымды іштей оқпандап отырғанымда Нұртай құдды бір етене жақынымен сырласқалы келгендей ақтарыла сөйледі:


— Белсенділерге ерегісем деп, анадағы жиындарыңның ақырына қарамай кетіп қалдым. Солардың қорлығы өтіп барады әбден. Ашылашақ мәктәптәрің, әмишә хайырлы болғай, шырақ! Екі харыптың басын қоса алмайтын, дүниенің ғамал-харақатынан бейхабар топас жандардың қыздырма тіліне ерем деп әммә халыққа жеккөрінішті болып жүрмегейсің! — Тиімді жауап күтіп бақшия қалды.


Көкірегімдегі жеркеніштің салқыны бетіме қалқып шыға келді білем, Нұртай қабағын шытып, тоң-торыс күйге түсті. Менің аузымнан жуық маңда жылы сөз шыға қоймаған соң, әңгімесінің сарынын күрт өзгертіп жіберді. Аты-жөнімді, шыққан руымды сұрады. Қайрақты бойындағы тарақты елінің жігіті екенімді, бергі руымды қысқа-қысқа баяндап бердім.


— Білем, білем! — Киіктің асығындай оңтайлы денесін үйіріп, қағылез қара сүр жүзі құбылып, қарға тамырлы жақын адамның кейпіне кірді. — Қарымсақтың Айшуағының баласы екенсің ғой! Ғұмырлы бол!..


Біздің елдегі құда-анда, жекжаттарын құрттай санап өтті. Сұстанып, түсімді суыта қойдым.


— Бұйымтайыңды айта отыр, Сәлкен шырағым! Апақ-сапақта нақа жай шақырмаған шығарсың?..


— Айран сұрай келіп, шелегімді несіне жасырайын, — дедім ызбарланып, — мектеп ашамыз, жаңа қонысқа жай саламыз деп ел игі тілек үстінде қазір. Осы мақсатқа жету жолында сізден бір тілегіміз бар еді. Мектепті келесі жылы Көлбаршын басына салғызуға дау-шарсыз көніңіз. Уездік орындардың алдына тілек қойып, елді отырықшыландыру мәселесін тез арада шешіп алайық деген ойымыз бар. Егерде біздің бұл тілегіміз құп алынса, жер өлшейтін адамдар шақыртып, болашақ түпкілікті қоныстың орнын Көлбаршын өңірінен кестіріп аламыз. Ең болмағанда, биыл қала мен мектептің орнын межелеп, қаттап қоямыз деп отырмыз. Бұған сіз не айтасыз?


Нұртай от басып алған мысықтай шар ете қалды:


— Шырағым-ау, бұл сұмдықты қайдан шығарып жүрсіңдер?! — Көзі жасаурап, екі иінінен дем алып, ентігіп қалды. — Я ханнан, я маннан! Елден ала бөтен маған ауыз салғандарың қалай?!..


— «Ежелгі бойлауық қашаған» еді деп құрықты сізге бұрын сілтедік. Босқа арам тер болмаңыз, ақсақал! Жеріңіз алынады бәрібір.


— Мұғалім шырағым, ләкин, сен, оқыған зиялы азаматсың ғой. Көз жұбайға салып, қисық кетпесең керек еді. Сәметіңе айт, тоқтасын! Егерки, көнбесе, осы бастан мағлұм етіп қояйын, біреудің ата мәкәнін тартып алуға хүкімәт ешкімге ерік бермейді. Мизам таразысы баршаға ортақ болмаққа лайық. Газетке жазып, халық алдында жәбір-жапа көрсетті. Енді келіп қонысыңды тартып аламыз деп дікілдейді. — Шеке тамыры білеуленіп көгере қалған екен. Басындағы қара масаты тақиясын біресе желкесіне сырғытып қойып, енді бірде жарқабақ қушық маңдайына итите киіп, әбігерге түсті.


Әрі айтып, бері айтып, Нұртайды көндіре алмадым. Пысынап терлесе керек, қолтығынан қолаңса иісі мүңкіп кетті. Дәмі жоқ, татуы жоқ бірдеңелерді айтып, мені арбап алмақ болып еді, оңайлықпен қолына түсе қоймадым. Менің қатал сыңайымды көрген соң морт кетті:


— Егерки осы қисық ойларыңнан тыйылмасаңдар, жоғарғы мәртебелі хүкімәт махкамаларына арза түсіремін. Болмай бара жатса, Мәскеуге шейін қуынамын.


— Әділетсіз арызға өкімет құлақ аспайды, ақсақал! Құр әншейін басыңызға зобалаң сатып аласыз.


— Иншалла! — деді Нұртай аузынан жалын атып. Таяғына қос қолдап сүйеніп, бүкшиіп отырған күйі сөзін жалғады. — Көкке тойған көбеңдей желігіп жүрген дарақыларды күйретпесем, қара да тұр. — Жүрегіндегі күйіктің шарпуы жүзіне лыпылдап шыға келді.


Күн батып, іңір қараңғылығы қоюланған шақ. Мұндай арлан бөрімен жекпе-жек алысып көрмеген, бетім ашылмаған жас адаммын ғой, көңіліме түйткіл кірді.


Шам жақтым. Тысқа шығып үйдің түндігін жауып келдім. Сол екі арада Нұртай құбылмалы кесерткідей өзгеріп қалыпты. Қалтарыстағы айла-тәсілдерін осы тұста сарқа жұмсап, қауырт қимылдап қалғысы келгендей, өзімсінген шыраймен сөз тастады.


— Ағайын арасының бүтін болмағы — бәрәкә-ырыс қазығы. Мәктәп мәсһәләсі халық пәтуәсі бойынша хасыл болғанын бек жақсы білемін. Ләкин, сіздер әлі де болса мұқият пәһімләп көріңіздер. Талай заманалардан бері орнығып қалған қонысынан қалың елді тік көтере көшіру оңай шаруа емес. Мүмкінаты болса, мәктәптәріңізді елдің жиын-шоғыр жері Тақыртөбеге орнатқандарыңыз пайдалы. Иман жүзді бала екенсің! Мәслихатыма құлақ асарсың, түсінерсің.


— Айдан анық бір шындықты мойымдағыңыз келмей, адасып отырсыз, ақсақал! Көлбаршын өңірі жалпы халықтың меншігі екенін ұққыңыз келмейді.


Менің қытымыр сөзім шамына тиді білем, беті талақтай талаурап, көзінің қарашығы қимылсыз қатып қалды., Шырылдауық дауысы өзгеріп, шыбын жаны алқымына келгендей қиналып сөйледі:


— Қолдарыңнан келсе, жеті қат ас панды төбемнен түсіріп жіберіңдер!


Сілкіне түрегеліп, бүкшеңдеп тұра жөнелді.


7


Арада екі күн өтті. Нұртайға қараған екі ауылдың бір түнде түп көтеріліп, Көлбаршынға көшіп кеткен хабары дүңк ете қалды. Нұртайлардың мезгілінен бұрын көшуін ел әр саққа жүгіртіп, сан қилы қауесет айтып жүр.


Көлбаршын — Нұртайға қараған бес-алты үйдің күздік қонысы, мал қыстататын шалқар өрісі. Нұртайдың түпкілікті үй-қорасы Тақыртөбеде. Көлбаршын басында екі жерден соққан кең мал қорасы. Мұңайтпас дейтін ортаншы баласының қысқы отауы бар. Әдетте Нұртайлар Көлбаршынға пішен аяқталып, егін пісіп, шөп басы қатқанда көшеді екен. Елдің өсек-қаңқуына, біздің дүмпуімізге шыдай алмады ма, не болмаса басқа бір ойы бар ма, әйтеуір, кем дегенде мезгілінен жиырма күн бұрын көшіп кетті. Бұл уақиға мені қатты толғандырды. Қолдарынан келсе жерімді күштеп тартып алсын, енді қысқы тұрақты қонысымды Көлбаршын басына орнатамын, ерте бастан үй-жайымды сол жерден қамдап аламын депті Нұртай.


Елдің бірлік-ынтымағы ыдырады, ағайын арасынан жарықшақ шықты деп, дызалақтап жүргендер де бар. Нұртайдың ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс санайтын кейбір жарамсақтар Сәмет екеумізді сырттан күстаналап, ағаш аттың басына мінгізіп жүргенін де біліп жатырмыз.


— Нұртайдың мезгілсіз көшісіне сіз қалай қарайсыз? — деп сұрадым Сәметтен.


— Мейлі, көше берсін. Ұялы қасқыр апанына барып кірсе, бас салып соғып алармыз, — Сәмет Нұртайлардың бұл өрескел әрекетіне пәлендей мән бере қоймады. Оларды бөрікпен ұрып алатын жердегі оңай жауға санайды екен.


— Сіз қалай десеңіз де, Нұртайыңыздың осы көшісінде бір терең сыр бар сияқты, — дедім қобалжып.


— Бола берсін. Бәрібір қайда барса да, әкесін танытамыз оның.


8


Елемес бастаған талапкер жастардың басын қосып, қабырға газетін шығардым. Газеттің «Бақыт таңы» деген атын қызыл, жасыл бояумен әшекейлеп сызып, оң жақ шекесіне алаулап шығып келе жатқан күн суретін бейнеледік. Тұңғыш газетіміз асып кеткен көркем болмаса да, бар өнерімізді салып бір сыдырғы тәуір шығардық.


Мен келгеннен бергі аз ғана уақытта республикалық, губерниялық газеттерді алдырып оқушылар саны көбейе бастады. Ел ішіне азын-аулақ көркем әдебиет кітаптарын тараттық. Кейінгі кезде жастар революция әндерін жиі шырқайтын болды.


Күн сәскелікке көтерілген кез. Бұлтсыз аспан айнадай жарқырайды. Мінгестіріп тіккен қос боз үйдің алдында егдесі, жасы аралас көп адам үймелеп тұр. Алдыңғы үйдің туырлығына жапсырып ілген қабырға газетіне сұқтана қарайды бәрі. Керегеге арқамды сүйеп, газеттің оң жағында тұрмын. Екі қолын артына ұстап, газеттің сол жақ бүйірінде тұрған Елемес шапшаң қозғалып, көпке тіл қатты:


— Қараңдаршы, газетіміз әйбәт емес пе, ә?! — Маңғаз келбетінде құштар сезім нұры ойнайды. Өзі құралпы жігіттерден адақтап озған балғын жастың күлімдеген мөлдір қара көзі шат көңілдің күйін шертіп тұрғандай.


Солқылдақ тал шыбықты газет бетіне ерсілі-қарсылы жүгіртіп, жалпы мазмұнын түсіндірдім.


— Тыңдаңыздар, жолдастар! — Тына қалып, тыңдаушыларыма көз салдым. — Зейін қойып тыңдай қалыңыздар! Мен сіздерге газеттен бірнеше мақала оқып берейін.


— Оқыңыз!


— Тыңдайық!


— Ал тынышталыңыздар!


«Өнер-білімге жаппай жұмылайық» деген бас мақаланы бастан-аяқ нәштеп оқып шықтым. Қабырға газетінің шаршы төріндегі Ленин суретіне көз тоқтатып, оның астындағы «Кемеңгер көсем» деген өлеңге сүйсіне қарап тұрдым. Бұл суретті Елемес бір газеттен қиып алған.


— Мынау Елеместің өлеңі.


— Елеместің өлеңін тыңдайық. — Аласа бойлы қожыр қара жігіт ентелей ұмтылып, менің қасыма жақын келді. Жылтыр дөңгелек бетінен тер моншақтап, томпақ қара көздері шарасынан шығып барады.


— Өлеңді өзі оқып берсін! — дедім.


— Құп болады! — деді Елемес құлшынып.


— Кәні, оқып жібер!


— Сайра, жетімек!! — деді әлгі қожыр қара лыпылдап.


— Қылқылдамай тұра тұршы, Әбу! — деді екінші бір жігіт. Елемес бір қадам ілгері аттап, көлденеңдеп алға шыққанда, жұрт ошарылып, сәл кейін шегінді. Елемес ыңғайсызданған кейіппен, бәсең дауыспен тақпақтай жөнелді:


— Теңдікке қолың жетті, еңбекші елім,


Бастаған тура жолға дана Ленин.


Қырмызы қызыл тудың саясында,


Алға бас, берік ұста көсем жолын.


Жарқырап туды бүгін бақ жұлдызың,


Ұйымдай, еңбекші тап ұл мен қызы,


Гүл атып Октябрьдің бәйшешегі,


Кенелсін бостандыққа жердің жүзі.


Тілеймін көп жасауын кемеңгердің,


Бағына сан миллион еңбекші елдің,


Баласы Төлемістің мен Елемес,


Аз сөзді қалам тербеп айтып бердім.


Өлеңді айтып болды да, қошемет күткендей көзі мөлдіреп тыңдаушыларына қарай қалды Елемес.


— Әп, бәрекелді!


— Ой, пәлі-ай, мына жетім не дейді!


— Ағып тұрған ақын ғой өзі!


— Сөзі дәмді екен!


— Әкесі марқұм төкпе ақын еді! Соған тартқан ғой. Қолыммен ишарат көрсетіп, Елеместің өлеңінің әсерімен қызынған жұртты тыныштандырып қойдым.


Бұдан кейін екі-үш ұсақ хабар оқып бердім. Ілтипат көрсетіп, бәйек боп тұрғаныма дән риза болған қайсыбіреулер жер-көкке сыйғызбай мені мақтап жатыр.


— Жез таңдай екен!


— Аяқты қалай, қалай тастайды сабаз!


— Оқыған шіркінге не дауа бар!


— Қабырға газеті дегеніңнің өзі қызық нәрсе екен ғой.


Осылай біраз гулеп басылған топтың ішінен ұзын шекпенді, орта бойлы, жылтыр қара маған қолқа салды:


Тағы да біреуін оқып жіберіңізші, мұғалім?! Жарайды. Мен сіздерге енді бір мақала оқып берейін, тыңдай қалыңыздар! — Тым-тырыс бола қалды. «Жәмидің зары» деген мақаланы оқи бастағанымда, бірін-бірі түрткілеп, толқынып барып, жым болысты. Мақаланы жүгіртіп оқып шықтым. — «Осы елдің ауқатты адамы Тоқсанбай Жантөре баласы жалғыз қызы Жәмиді шырмап ұстап отыр. Он сегізге жаңа келген балғын жастың мұң-зарына мейірімсіз әке құлақ аспайды. «Оқу оқып, адам санатына қосылайын, бақытқа жетейін» десе, «жын-шайтанға еріп, бұзылып кетесің» — деп қия бастырмайды. Мұны көрген ескішіл бір қауым жұрт қыз-келіндерін оқуға жібермей қойды. «Қой аузынан шөп алмайтын момын адам» деп жүрсек Тоқсанбай барып тұрған іш мерез екен.


Бейшара Жәми әке-шешесінің сөзінен шыға алмай, ішқұса боп, ит қорлықпен күн өткізуде.


Қырдың қызыл гүліндей шешек атып келе жатқан Жәмиді Тоқсанбай Қарақойын еліндегі Сартай Байсал баласы деген қатыны өлген қырқылжыңға қалың малға сатты. Келер күзде Жәмиді зорлықпен алып кетпек. Жылай-жылай сүймеген адамына кете барса, Жәми байғұстың көрген күні не болмақ?


Жәми бауырыңды ескілік торынан құтқарып алып, басына ерік әперу, жаңа заманның нұрлы жолына бастау кеңесшіл талапкер жастар, сендердің ардақты борышың. «Семсер».


Мақаланы оқып болып, тыныстай бергенімде, арт жақта мойын созып кимелеп тұрған мосқал қара кісі айызы қанғандай:


— Тоқсанбайды өлтіре сілейткен екен! Бәлеме осы керек, — деді.


— Ішің жарылып бара ма, қоя тұршы, сөз тыңдайық! — Жаңағы мосқал қарамен иық түйістіріп тұрған кеспелтек шикіл сары тыржың етті.


— Тоқсанбай соттала ма? — деп сұрады әлгі мосқал қара менен.


Менің орныма жаңағы шикіл сары жауап берді:


— Әрине, сотталады.


Мосқал қара оған бұртия қарап, қолын сілтеді:


— Білгішсімей, тұра тұршы, Жанахмет! Мен мұғалімнен сұрап тұрмын ғой.


Жанахмет жуып-шайғысы келгендей, езу тартып күлген болып, әзіл-қалжыңға бұрды:


— Ішіңе шынашақ айналмайтын тарынсың-ау, Балтабай, бір-екі ауыз жел сөзді де қызғанып тұрсың ба менен?..


Балтабайды тұс-тұстан кеу-кеулеп бара жатқан соң есебін тауып тәртіпке шақырдым.


Ойланбай сөйлеймін деп жоқ жерде ұятты боп қалған Жанахмет, әділдігін өзіңіз айтыңыз деп, сөз салмағын маған тастады. Қабырға газетіне шыққан адам табанда сотталып кете қоймайтынын, өрескел қатесін мойындап, халық алдында тәубеге келсе, сүймеген адамына қызын беруден бас тартса, бөгет жасамай оқуға жіберсе, Тоқсанбайдың күнәсіне кешірім берілетінін айттым. Ішінде Тоқсанбайға деген қыжылы бар ма, әлде жаңалыққа жаны құштар ма, Жанахмет қызынып:


— Құдай қарғаған қу шұнақтың жегенін желкесінен шығару керек, — деді.


Бауырсақ мұрын, сыпсың сақал, ұзын сарыдан ши шықты. Әлгі мақаланы оқи бастағаннан-ақ көзі кірбиіп, қыбыжықтап тұр еді. Тоқсанбайға қарата айтылған жаңағы ілгешек сөздер шымбайына батып кетті ме, кім білсін, құрсауы түскен күбі шелектей даңғырап қоя берді:


— Қызыл көрген құзғындай үймелеп, сендерге не болған! Қағаз көрмегендей өліп барасыңдар ғой, түге.


— Осыны да сөз деп айтып тұрсың ба, Жантоқ! — деді Жанахмет оған оқшырая қарап, — немене, ағаңның газетке шыққанына намысың келді ме?


— Жантоқтың өзі кім, сөзі кім, айта берсін, — деді кескен қарта тәрізді тығыз денесін сықырлата қозғалып, ентелеп ілгері ұмтылған біреу.


— Қызық екенсіңдер өздерің. Жақ ашпаймыз ба? — Жантоқ дәуірлеп бара жатыр еді, көп ішінен біреу оны күстәналап, мысын құртып қойды. Қолдаушы таппаған Жантоқ сөйлеген бойымен кетіп қалды.


— Келесі газетіміз бұдан да әйбат болады, — деді менің қасымда тұрған Елемес даусын көтере, — ел ішіндегі жақсылықты мадақтаймыз да, жаманшылықты сілейте сынаймыз.


— Қадамдарың қайырлы болсын, шырақтарым! — Жанахмет көзі жайнап Елемес екеумізге қарап тұрды.


— Мұғалімнен менің бір сұрағым бар, — деді топ ішінен алға шыға келген жұқа өңді имек сары. (Анадағы жиналыста елге өнеге айтқан Қабдолла шеберді тани кеттім).


— Сұраңыз, Қабеке!


— Мен ныспы қараңғы адаммын. Мәселен, ойымда жүрген аз ғана мүдделі сөздерім болса, басқа біреуге жаздырып, кәзетке беруге бола ма, сірә?


— Әбден болады. Кейін айтарсыз, өзім жазып берейін, — дегенімде, Қабдолла қутыңдап:


— Әттең не керек, хат танымаймын, әйтпесе, он саусақты жорғалатып өзім жазбас па едім, — деді.


— Ештеңе етпес, Қабеке! Қартайғанда да оқып сауаттануға болады, — дедім.


— Өзіміз оқымасақ та ештеңе етпес, шырағым! Кейінгі жастар оқыса, бізге одан артық не керек, — деп Қабдолла шалға қарап, әредік ақ араласқан шалғы мұртын ширатып, шертіп қалын бипаздап тарай берді.


Жұрт Қабдолланы жан-жақтан кеу-кеулеп әкетті. Қартайғанда кәрі боз жорға шығарайын деп жүрмесе неғылсын десіп, оның зор іске ұмтылған талабын жорта қалжыңға бұрды.


— Несі бар, — деді Қабдолла оңайлықпен дес бермей, — шындап оқысам, бір жігіттен қалыса қоймаспын, иншалла.


Қабдолладан басталған әңгіме ұзақ сонарға айналып бара жатқасын соны тақырыпқа аударып жібердім.


— Жаңалыққа құштар болсаңыздар, — дедім әр сөзімді салмақтап айтып, — ең алдымен, оқуға өздеріңіз келіңіздер! Екіншіден, бәріңіз де әйелдеріңізді, қыз-келіндеріңізді оқуға жіберіңіздер! — Үн-түнсіз сөз тыңдап тұрғандардың көпшілігі кенет соққан желдей гулеп, менің өтінішімді құп алды.


9


Осы елдің ағаш шеберлеріне асығыс жасатып алған төрт ұзын отырғышта сауатсыздық жою мектебінің алғашқы оқушылары — қылқан кескендей жастар қаз-қатар тізіліп отыр. Жастар отырған түпкі үйдің төргі екі керегесін тұтас жауып тұрған персілік қызыл күрең кілем құлпыра манаурайды. Кілемнің орта тұсына Лениннің қатырма қағазға жапсырған үлкен суретін іліп қойғанбыз. Суреттің алдыңғы жағында, бір адымдай жерде үстіне шымқай қызыл мата жапқан биік үстелдің төрінде, тоқал орындықта отырмын. Сол жақ шынтағымды үстелдің ернеуіне төсеп, Саужой мектебіне тартылған оқушылардың тізімін тексеруге кірістім.


Қолымызда ең тегі күн, ай санайтын календарь да жоқ. Әзірше ілдәбай бола тұрсын деп, дәптер қағазына июль айының ор күнінің атын бөлек-бөлек жазып, жұлдыз санын көрсетіп, календарсымақ бірдеңе жасап алдым. Қолдан жазған календарьді қатырма қағазға желімдеп жапсырып, оң жақтағы керегенің басына іліп қойдым. Бүгін июль айының 10 жаңасы. Сәрсенбі. Бірсыпыра оқушылар тұрпайы календарьға қызыға қарай қалыпты. Кейбіреулері қолдарындағы дәптерлеріне үңіліп, өткен сабақтарын жаттап отырған сияқты.


Менің қағазбен айналысып отырғанымды көріп сақтана сөйлеседі. Оқушыларым үлкен шаһардың зәулім әсем сарайындағы шат көңілді жандардай жарқын күлімсіреп, бір-біріне аса бір ыстық шыраймен қарайды.


Артқы отырғыштың сол жақ шетінде оқшау отырған екі жас жігіттің күбір-күбір сөзі келді құлағыма. Оң жақтағы кесек денелі, қыр мұрынды, томпақ бет қара, шарасы кең қоңырқай көзі жайнап, жолдасына сұқтана қарай қалыпты. Дауысын шығарып сөйлеп отыр:


— Мен бар ғой, мұғалім үйреткен әріптерден сөз құрап жазатын болдым... — Қасындағы жалтыр бас, шегір сары ұнатпаған ыңғаймен тыржыңдап:


— Хат танығанда мақтансайшы, бауырым, — деді.


Кезекті сабағымызды өткізіп болғаннан кейін тиісті жоспарға сәйкес комсомолдың маңыз-мақсаттары жайында оқушыларға арнайы әңгіме айтып бердім. Уәде бойынша, оқу біте бергенде Елемес те келді. Қызды-қызды әңгіме ұлғайып, қызыл кеңірдек айтысқа айналды. Жастардың ақыл-сана тұрғысын, көңіл күйін барлап алайын деген оймен пікір айтам дегендерінің бетін қайтарған жоқпын. Айтыстың басталуына Елемес себепші болды. Көңілінде түйін боп жүрген мүддесін қозғап, жігіттердің делебесін қоздырып жіберді.


— Қыз-келіншектер арасында үгіт-насихат жұмысын байыпты жүргізуіміз керек дегенді айтты мұғалім жаңа... Дұрыс айтады. — Елемес қолындағы қырлы сары қарындашын үстелге сылқ еткізіп тастай берді. — Саужой мектебінің оқуы басталғалы бір жетіден асып барады. Осы уақытқа шейін оқуға бірде-бір қыз-келіншек тартылған жоқ. Бұл неліктен? Оқуға олар құштар емес дейсіңдер ме. Үлкендерден именеді. Үйлерінен шыға алмайды. Жәми бастаған бір топ қыз талаптанып оқуға жазылып еді, қара басып келмей қалды. Тоқсанбай жарықтық өзінің Жәмиіне тыйым салғанымен тұрмай, басқа қыздардың да әке-шешелеріне жел беретін көрінеді. Әйел затының бірде-бірін оқуға тарта алмағанымыз, сірә, ұят. Кешірілмейтін күнә. — Елемес қынжылып осыны айтқанда, менің де намысыма шоқ түсті. Жастар жаңағы айтылған ересен кемістікке жаппай ортақтасқандай, қарсы дау айтуға дәлелдері жоқтай, ұйып тыңдай қалған. Елеместің солыңқы жүзіне енді-енді шамалы қан жүгірді. Кедергі-кеселді жеңудің айла-тәсілін тапқандай,. көңілді кейпін таныта сөзін соза түсті:


— Екі-үш күн ішінде кем дегенде жиырма шақты қыз-келіншекті оқуға тартуды өз міндетіме аламын. Әрқайсың жатпай-тұрмай, бірді-екілі қыз-келіншекті оқуға келтіретін болыңдар!..


Елеместің салмақты мінезі, тапқыр ақылы ұнады маған. Жігіт болса осындай болсын.


Сөзінің соңында Елемес ауылда комсомол ұясын ашу жөніндегі пікірін айтты.


— Айтатын бір-екі ауыз сөзім бар еді? — Босаға жақта отырған қара торы жігіт орнынан көтерілді. Бұл анадағы жиылыста сөз сөйлеген Бәкібай жалшы. Бойын жазып, сіресіп тұра қалды да үр жаңа көйлегінің жағасын ағытып жіберді. Мұқыл тұмсық, қара етігінің сыртына түсіріп киген кең балақ тібін шалбарының ышқырынан төңірегіне әлеміш қызыл кесте шеккен ақ орамалын суырып алды. Көз ілеспейтін шапшаңдықпен орамалын оң қолының алақанына жайып жіберіп, жарлауыт маңдайын жоғары қарай қапсыра сипап, тақыр басының терін сүртті. Күн тиіп, жел қаққан қара торы томпақ беті күреңіте қалып, шарасы шағын, өткір қара көзі жайнап, сұңғақ шымыр денесін тік ұстап, сөзін еркін бастады:


— Байлардан көрген жақсылығым белгілі. — Ескі шоқпардың түбіріндей бүрісіп біткен оң қолын сірестіре жоғары көтерді. Нұртайдың маған бөліп берген еншісі мынау ғой...-Бет-аузы жыбырлап, ызалы кескінмен түйлігіп тоқтап қалды. Қас қағымда бойына ересен қайрат біткендей, ширыға тебіреніп, тілінің күрмеуі шешіліп кеткендей, дауысы саңқылдап шықты. — Мен мәймөңкені білмеймін. Атып жіберсе де турасын айтамын. Бір жақсы жері, байларға енді кіріптар бола алмайтын шығармын. Комсомолға алдымен мені жазыңыз! Қырық жамаулы ескі көйлекті сыпырып тастап, жаңасын киетін күн туды, жолдастар! Байлар мен молдалардың тіліне ерсек арам өлеміз! Оқиық, комсомолға жазылайық. Байлар бізге бергенін қайтып алсын.


Бәкібайдың батыл әрекеті маған қатты әсер етті. Жүрегімді тілмен айтып жеткізе алмайтын бір тәтті сезім билеп алды. Айлар бойы ауыр бейнет шектіріп, күні-түні зар қақсатқан бітеу жарам кенет жарылып кеткендей жаным жай тауып, ішкі сарайым кеңіп сала берді. Үш-төрт жігіт Бәкібайды қолдап сөйледі. Доғал тілмен адал ниеттерін білдірген жастар байлар мен молдалардың зұлымдығын әшкерелеуге келгенде қайсыбіреулері кібіртіктеп қалды.


Нұртай молданың туысқаны Мәжікен менің қарсы алдымда отырған. Ол мана таңертең маған келіп, оқуға алыңыз деп жалынған. Ауыл молдасынан екі-үш жыл оқып, шала хат таныпты.


Елемеске салсаң, Мәжікенді оқуға алдырғысы келмейді. «Кесапатты жігіт, байлардың сойылын соғып, жыртысын жыртады», — дейді. Менің ойымша оқимын деген жастың бетін қайтармауымыз керек. Бай-кедей деп бөлмей, әзірше елдің жалпы жастарын шетінен оқыта бергеніміз абзал. Шындығына келгенде тап жігін айыру саясатына оқуды құрал етсек елді үркітіп алуымыз кәдік.


Нұртайды сылқита жамандап, жастарға бас болып суырыла сөйлеген Бәкібайдың әрекеті Мәжікеннің шымбайына батып кетті білем, шеке тамыры көгеріп, көзі жасаурай қалды. Тісін қайрап, кіжініп отырғаны тоң-торыс ашулы қабағынан көрініп тұр. Алқам-салқам ауыр денесі, қолағаштай қоңқақ мұрны, айран құйған торсықтай іркілдеген қалың беті, қанталаған бадырақ ала көзі оны жиырмадағы жас шамасынан әлдеқайда есейтіп көрсетеді.


— Айтатын бір-екі ауыз сөзім бар еді, мұғалім? — деді ол мүләйімсіп.


— Не айтайын деп едің?


— Мына Бәкібай кім көрінгенге неге тиісе береді? Осынша балағаттайтын Нұртайдың оған не жазығы бар еді? Бетімен кеткен тентекке тыйым салыңыз, мұғалім?!


— Берекелі, жөнді бірдеңе айтады екен десем, баяғы жарапазаныңды тағы да күйседің ғой. — Алдыңғы орындықта маған тұспа-тұс отырған Елемес Мәжікенге сөз тигізді.


— Сенің де жайың белгілі, Елемес! Құр бет алды көки бермесейші! — деді Мәжікен адуындап. — Ауыл кеңеске хатшы болдым деп дәсіме сен.


Етегін бос жіберген қоңыр күрте көйлегінің жеңін түріп, екі білегін сыбанып алды.


— Бар, Нұртайыңның табанын жала, құйыршық! — Елеместің түсі бұзылып кетті.


Мәжікен беті талаурап, өндіршегі бүлкілдеп, Елеместі оқты көзімен атып отыр. Аузына ақ ит кіріп, қара ит шығып, Елемеске тиісе бастап еді, қолыммен кес-кестеп сөйлетпей қойдым. Мәжікен төбеге ұрғандай сілейе қалды.


— Бұл тентекті оқуға алмау керек, — деді манағы ділмар шегір сары. Қолындағы дәптерін сол жағына ысырып тастап шалқая түсті.


— Мектептің маңайынан жүргізбеу керек өзін. — Шегір сарының оң жағындағы қызыл шырайлы көркем жігіт ұмтыла түсіп, орнына қайта қонды.


— Шырқымызды бұзбасын, тайып тұрсын. — Жаңағы шегір сарының сөзінен күш алған Бәкібай дүрсе қоя берді.


— Кетсін. Қиратып алсын.


Мәжікен мұрнын қос-қосынан тартып, алая бір қарады да, күшігендей қоқиып шығып кетті.


— Жолдастар! Мен сендерге бір жаңалық айтайын, — деді Елемес орнынан көтеріле беріп.


— Сөйле, Елемес! — дедім.


— Бәкібай Күреңбай баласы бүгіннен бастап жалшылықтан азат болатын болды. — Елеместің жаңалығы тыңдаушыларға күшті әсер еткенін содан біле беріңіз, көздері жайнап, сұғына қарай қалысты. Біздің Бәкібай ауылдық кеңестің шабармамдығына тағайындалды.


Бұл жаңалық турасында Сәмет ағай маған ештеңе айтқан жоқ-ты. Қарасам, Бәкібай қызарақтап толқып отыр екен. Задында шабармандыққа тағайындалғаның бұдан бұрын оған да айтпаса керек.


— Түсінсем бұйырмасын, — деді Бәкібай таңырқаған пішінмен. — Елемес-ау, сен не айтып отырсың осы?


— Мен ауылдық кеңестің төрағасы Сәмет Томайұлының бұйрығын айтып отырмын. — Елемес басын оң жағына қыңырайтып, алақанын жайып сөзін соза түсті. — Күреңбайдың Бәкібайы бүгіннен бастап құлдықтан біржола азат болады деймін.


Осы сәтте жігіттер Бәкібайға үнсіз-тілсіз қошемет көрсетіп, тым тырыс бола қалып еді, «Керектеріңе жарасам, пайдалана беріңдер, өкімет жолына шыбындай жаным пида», — деп тұрғандай Бәкібайдың күлімдеген қуанышты шырайы.


— Сонда оқуды қоямын ба? — Бәкібай ілгері ұмтыла түсті де, шалқайып қайта жөнделіп отырды.


— Апаңа да барасың, тайлағыңды да үйретесің. — деді Елемес қалжыңдап. — Шабарман да боласың, оқуыңнан да қалмайсың.


«Бәкібай жалшы бүгіннен бастап құлдықтан құтылатын болды», — деп қағазға қайта-қайта жаза бердім. Сәмет ағайдың Бәкібай жөніндегі шұғыл шешіміне таңданған жоқпын. Көктен тілегенім жерден табылғандай, қуанышым қойныма сыймай кетті.


— Біздің Бәкібай адам болады, — дедім бір сәтке аңтарыла қалған жастарға қозғау салғым келіп. — Бүгін шабарман болса, күні ертең сауатын ашып, оң қол, сол қолын танығанда бір үлкен қызметтің тұтқасын ұстар!


— Тағы да бір үлкен жаңалық хабарым бар! — деді Елемес кетуге ыңғайланып ошарыла бастаған жігіттерді кілт тоқтатып.


— Жаңалыққа жарытатын болдың ғой,— деп біреу қалжың айтты.


— Айта ғой, естиік.


— Желдібай ақсақал Байғабыл деген байдан ақы даулап, анада уездік атқару комитетіне арыз берген еді. Сот 700 сом ақы кесіпті. Желдібайға тиісті ақшаны байдан өндіріп алып, болыстық атқару комитетіне жіберіпті. Жаңа болаткомнен қағаз алдық. Алда-жалда Желдібайдың өзі келе алмаса, қалаған адамына сенім хат берсін, тиісті ақшасын береміз депті.


Өзім бастаған игі істің тынымын естігенде қуанғанымнан не дерімді білмей, отырып қалдым. Желдібайға жақсылық күткен құштар сезімім бұрынғыдан бетер тасқындап кетті.


— Жақсы болған екен, ғажап болған екен, — дей бердім. Алдымнан болмыстың бір жаңа пердесі ашылғандай, сәтсіз тұрмыстың іргесі қаусап сөгіле бастағандай көрінді.


— Жаңалықтың көкесі осы болды ғой! — Манағы ділмар шегір сары ойқастап жұрттың алдына шықты.


— Желдібай байғұсқа жақсы болған екен, — деді арт жақтан бір дауыс.


— Өкіметтің жалшыларға істейтін жақсылығы мол ғой. — Елемес ши барқыт қара бешпентінің омырау қалтасынан бір парақ қағазды суырып алды. — Мен сендерге уездік атқару комитетінің Желдібай ақсақалға жазған хатын оқып берейін. — Қағазды көзіне жақын ұстап, суылдата оқи бастады: — «Құрметті Желдібай ақсақал! Байғабыл Сандыбайұлынан ақы даулап бізге жолдаған шағым-арызыңызды аудара қарап, ақтара тексердік. Өзіңіз атап көрсеткен куә азаматтардың берген тура жауаптары бойынша бұлтартпай мойнына қойылды. Тілегіңіз орындалды. Сегізінші аудан халық соты кесіп берген тиісті 700 сом ақшаңызды болыстық атқару комитетінен аласыз. Сіздің өмірде бақытты болуыңызға, сау-саламат ұзақ жасауыңызға тілектеспіз. Уездік атқару. комитетінің торағасы Петр Желябин».


Тосын жаналық осындағы жастардың бәр-бәріне күшті әсер еткені құбылған жүздерінен көрініп тұр. Көп ішінде байлардың шашбауын көтерген бірсыпырасы түк көрмеген соқырдай, түк естімеген тас кереңдей мелшие қалысты.


Бәкібайдың сасқаны ма, қуанғаны ма, маған жақындап келіп, жалынышты үнмен:


— Мұғалім! Қазір Желдекеңе барып сүйінші сұрасам қайтеді? — деді.


Менің орныма Елемес жауап берді:


— Аптықпай тұра тұр! Осыдан шығысымен қазір Желдібай үйінің қасына елді жинаймыз да, сонда естіртеміз. Сәмет ағай да келеді сол жерге.


— Мұның табылған ақыл екен! — Бәкібай бетіне мөлдіреп шыққан терін шолақ қолымен қапсыра сүртіп тастап, күлімдеп отыра кетті.


10


Оқуға қатынасқан жастарды жан-жаққа жүгіртіп жіберіп, елдің бірсыпыра адамдарына хабар айттық. Желдібайдың құрым күркесінің қасына лездің арасында көп адам жиналды. Мұндайда бала-шағаның желігіп кететіні қандай, опыр-топыр боп қаптап кетті. Күн кешкіріп қалған. Бәкібай елдің бәрін тасқаяқтай қағыстырып, лек-легімен отырғызып жүр. Шақырусыз келген адамдар қанша. Кәрі-жас, бала-шаға ығы-жығы. Не ойлары бар екенін кім білсін, бірқыдыру месқарын байлар да шақырусыз келіпті. Шұғыл жиынның түпкі мәніне көздері жете қоймаса да, бай атаулыға жайсыз тиетін бір малаған боларын сезген түрлері бар. Бейтарап сыңай көрсетіп, сыр бермейді, түге. Жиналған адамдарды Желдібай үйінің алдына алқа-қотан отырғыздық. Елемес екеуміз қолтығынан сүйемелдеп Желдібайды ортадағы ашық алаңқайға алып шықтық. Әлдекім сол жерге текемет, бірлән көрпе төсеп қойыпты. Желдібайды соған отырғыздық.


Сәмет қысқаша сөз сөйледі. Ол кеңес өкіметінің кедей-жалшыларға берген бостандық-теңдігі туралы айтты. Оған дәлел ретінде Желдібай шалдың байда кеткен адал ақысын заң орнынан тоқтаусыз алып бергенін атап өтті. Сәмет күлімсіреп, қуанышты назарын Желдібайға аударды.


Уездік атқару комитетінің арнайы хатын Елемес салмақпен оқып берді.


Жұрт дүрліге қозғалып, сүйініш білдіргенде Желдібай кебержіген жалақ еріндері күбірлеп, тарлан шоқша сақалын тарамыс саусақтарымен умаждап:


— Өкіметімнен садаға кетейін, — деді де, жеңімен көзін сүртті.


— Өзіңіз жылағаннан саусыз ба? — Сәмет иіліп, аса бір қошеметшіл қияпатпен Желдібайды арқаға қағып, маңдайынан сипады.


— Қуанғанымнан жылаймын. — Желдібай Сәметке жаутаңдай қарады. — Шүкір, Байғабылдан кегімді алдым. Өлсем де арманым жоқ енді!


— Өлмей-ақ қойыңыз, — Желдібайға бір табан жақындай түстім. — Жасай беріңіз! — Маған деген бар алғысын, көңіл қошын үнсіз-тілсіз жеткізіп, көзі жаудырап отыра берді. «Бар жақсылықты сенен көрдім, өмір-жасың ұзақ болсын, бақытты бол, мұратыңа жет», — деп тұрғандай оның қуаныш нышаны қылаң берген көз жанары.


Жиынның арты думанға айналды. Кезекпен сөйлеу қайда, Желдібайды айнала қоршап алып, қайырлы болсындары мен өкіметке арнаған алғыстарын тұс-тұстан жауғызып жатыр, бәрі.


Жалшылар атынан сөз сөйлеген Бәкібай партияға, өкіметке жүрек алғысын білдірді. Елемес орнынан тұрып уездік атқару комитетіне арнайы хат жазайық деген ұсыныс айтты. Хаттың нұсқасын Елемес екеуміз әлгінде ел жиналғанша асығыс жазып қойғанбыз. — Уездік атқару комитетіне, көшірмесін губерниялық «Бостандық туы» газетінің басқармасына жолдайық, — дей бергенімде Жетібай қарадай үркіп, дүрсе қоя берді.


— Желдібай бір байдан ақы даулап алды екен деп осынша Қызыл май болудың не керегі бар? — Осыны айтқанда Жетібай Сәметтің қаһарына ұшырап қалды. Оның қолтығына су бүркем деп, жоқ жерде тыштыңдай қалған Мәжікен де «сойқан» атанып, сыбағасын алды. Елді бір шыбықпен айдап, әмір жүргізіп келген байлар зымиян пиғылдарын осы арада сездірмеуге тырысып, шарасыздың күнінен беттерін жылтыратқан болып, үнсіз отыр. Жеме-жемге келгенде белсеніп шығуға батылдары бармай, іштей тынып отырған сыңайлары бар.


Өрекпіп барып қайтадан сабасына түскен жұрттың аужайын байқап алдым да, хат сөзін оқып бердім.


— «Атбасар уездік атқару комитетінің төрағасы Петр Иванович Желябин жолдасқа! Амантай болысы, 6-санды ауылдық кеңеске қарасты Тақыртөбе елінің жарлы-жалшылар жиыны сізге, сіз арқылы кеңес өкіметі мен Коммунистік партиясына, ұлы көсеміміз Ленинге сансыз алғысы мен жалынды сәлемін жолдайды.


Біз Желдібай Жаңбыршы баласының байдан ақы даулап алуына байланысты арнайы жиын өткіздік. Сіздің Желдібайға жолдаған мейірбанды сәлем хатыңызды тыңдап, төбеміз көкке жеткендей қуанып қалдық. Кеңес өкіметінің жарлы-жалшыларға істеп отырған шексіз қамқорлығына, татаусыз жәрдем-көмегіне жан-тәнімізбен ризамыз. Біздің білуімізше гәп Желдібай жалшының байдан даулап алған ақысында ғана болмаса керек. Біз бәрінен бұрын нешеме жылдардан бері ішімізге шемен боп қатқан таптық, кегімізді алғанымызға, байлардың қабырғасы күйрей бастағанына қуаныштымыз.


Байларға ауыр соққы боп тиген осы шағын деректің өзін бір орасан зор жеңістей көреміз. Аязды қыстан құтылып, шыбынсыз жазға шыққандай арқа-басымыз кеңіп қалды.


Кемеңгер Лениннің сілтеуін дәйектілікпен жүзеге асырамыз, байлардың тіліне әсте ермейміз деп сіздерге серт береміз. Шабытты жігермен, қарқынды қайратпен өз өкіметімізге көмектесеміз, Коммунист партиясының сара жолынан ауытқымай, алға басамыз.


Бізге өздеріңіз арнап жіберген мұғалімнің айтқанын екі етпей орындаймыз, ортамыздан мектеп ашып, балаларымызды түгел оқуға береміз, ересектер арасында сауат ашу оқуын кеңінен өрістетеміз.


Жарлы-жалшылардың қамқоры, жер жүзіндегі езілген еңбекші таптың асқар белі кеңес өкіметі мен Коммунист партиясы жасай берсін!


Еңбекші халықтың кемеңгер көсемі Ленин жасасын!»


Хатты мақұлдасып, жұрт саябырлай бергенде Сәмет орнынан ұшып түрегелді.


— Бұл хатты ауылдық кеңестің шабарманы Бәкібай Күреңбайұлы уездік атқару комитетіне өз қолынан табыс етсін,— деді де, қарсы алдында отырған Бәкібайға назар аударды. — Жігітім, сен бұған қалай қарайсың?


— Атбасар тұрғай, Мәскеуге апарып бер десеңіз де әзірмін!


— Бәкібай, сен бұдан бұрын Атбасарды көріп пе ең, сірә? — деп сұрады Сәмет.


— Оны маған кім берсін, Сәмет аға! — Бәкібай басын шайқады. — Атбасарды айтасыз, осы тұрған жердегі Амантай қаласының бетін көріппін бе мен.


— Көрмеген жеріңді көресің, жақсылармен дидарласасың, ендеше. — Сәмет көңіл қошын білдіріп, миығынан күлді. — Осы елдің бар жылқысынан бір атты таңдап мін де, ертең боз ала таңнан Атбасарға бір-ақ тарт. Желдекеңнің атынан Елемес, сен бұған сенім хат жазып бер, мөрімді басып, қолымды қойып беремін. Болаткомдегі ақшасын жолшыбай ала келсін.


Бәкібайдың ауылдық кеңеске шабармандыққа тағайындалғанын естігенде көпшілік және бір тосын жаңалыққа тап болды. Әркімнің кейпінде таңдану бар. Әр жерде әр қилы сөз естіліп жатыр.


— Бәкібай тіптен шырқап кетіпті ғой, — деп тамсанды біреу.


— Тәйір-ай, шабармандық та дәреже болып па. Атып кел, шауып кел ғой, белгілі, — деп екінші біреу Бәкібайдың қызметін мансұқ етіп еді және біреуі оған қарсы дау айтты:


— Сенің басыңда ми жоқ, Жағалбай. Ауылдық кеңеске шабарман болу осал-оңтағай жұмыс қой деп пе ең!


Бүгінгі екі бірдей жаңалық әркімдердің-ақ көкейінен орын алып, ой салған сияқты. Енді қайтып үн шығармаса да, қуанышы мен қынжылысы, күйзелісі мен қызғанышы бар алуан кейіптегі адамдардың бәр-бәрі талассыз бір шындыққа бойұсынған қалыптары бар.


— Жиынды осымен аяқтайық! Осындай жаңалықтарымыз көбейе берсін! - Сәмет етегін сілкіп, орнынан көтерілді.


11


Елемес екеуміз ел аяғы басыла, ауылдан аулақта оңаша отырып әңгіме шертуге дағдыланып алғанбыз. Мектепке арнап тігілген қос киіз үйдің сыртындағы тарлан бетегелі ойпаңда отырмыз. Бүгінгі кеңесіміздің арқауы көбіне-көп Жәми болып еді.


Бұл елде не көп, қыз көп. Солардың арасында көркімен көз тартып, көңіл тойдыратын небір сұлулары бар. Әлім-берім келбетімен, ақылымен, сүйкімді мінезімен көзге түскен бірсыдырғы арта қолды қыздар да бар. Көрік дейтін асып кеткен көркі жоқ, «аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен» жөнсу қыздар да жоқ емес. Қыз атаулыдан ерек шығып, барша елдің жұлдызы саналған ардақты қыздар ше? Анада қабырға газетінде әйгіленген Жәмиді өз басым қарабайыр көп қыздардың біріне санайтынмын. Өткен күзде қалаға оқуға кетем деп талаптанған екен, әке-шешесі тістей қатып жібермей қойыпты. Шікірейген талай жігіттер Жәмиге қырындап, әкесіне сөз салғанда, Тоқсанбай солардың ешқайсысын маңайына дарытпай, қатыны өлген қырқылжың біреуден жең үшінен қалың мал алып, басын байлап қойыпты.


Менің кейінгі кезде байқағаным, осы елдің кәрі-жасы Жәмиді артықша қадірлейді екен. Сондай-ақ бұл қыздың елден ерек не қасиеті бар? Осы жайтты бүгін Елеместен сұрап біліп алайын деген тұжырымға бекініп келдім. Даланың кешкі самалындай гулеп, көкейкесті ойымды Елемеске жайлап жеткіздім. Ел жігіттерінің қол жетпес жұлдызындай көрініп, шың басындағы қасиетті құстай албырт жүректерге құштарлық отын жаққан мақтаулы қыздың жайын білуге ынтықтым.


— Елдегі қыз атаулыдан даралап бөліп алып, сонша ардақтайтындай осы Жәмиіңнің не кереметі бар?


Елеместің жұқалтаң қара торы жүзіне көңілді күлкі нышаны ойнап шыға келді. Менің тосын сұрағыма орай жауаптан тартынған жоқ.


— Өзіңіз де көріп жүрсіз ғой. Жәми асып кеткен сұлу қыз емес. Білгіңіз келген екен, айтып берейін. Жәмидің артықшылығы көркінен көрі ақылдылығында ғой деп ойлаймын. — Елемес шамалы кідіріп қалғанда, сөзін іліп әкеттім:


— Асқан ақылды қыз болғанда өз үйінің екі босағасынан арғыны көрмейтін өлмелі әке-шешесіне қалайша шамасы келмейді?


Жібек мінезді Елемес менің қызға қарата айтқан сыныма қарсы айтарға дәлел таппағандай ыңғай көрсетті.


— Жәми — Тоқсанбайдың жалғыз қызы. Алдында ағасы, артында інісі жоқ. Мәпелеп өсірген әке-шешесінің көңілін қимайтын шығар. Әйтпесе...


— Жарайды, солай-ақ болсын дейік. Сонда ақылдылығын танытқандай не қасиеті бар?


Елемес отты қара көзі мөлдіреп, толқынды қара шашын сипағыштап, Жәми жайынан ағыл-тегіл сыр шертті.


— Жәмидің асыл қасиеттері толып жатыр. Бәрін бірдей айырым-айырым айтпай-ақ қояйын. Ең алдымен, туған-туысқандарына, маңайындағы жоқ-жітікке аса қайырымды қыз. Бір жапырақ тамағына шейін соларға аузынан жырып береді. Әсіресе киім-тамақтан тарығып жүрген жарлы жандарға істеген жақсылығын айтып мақтағанда барша ел ішкен асын жерге қояды. Ол қыздың таптырмайтын және бір қасиеті бар: жасы үлкенді сыйлайды, жасы кішіге үлгі-өнеге үйретеді. Ақжарқын ашық мінезіне, алғыр ой, ересен ақылына осы елдің бір қызы пар келмейді десем өтірікші болмаспын. Жәмидің елді таң қалдырған және бір артықшылығын айтайын. Бұрнағы жылы қыс ортасында осындағы Жексенбай деген кедей шаруаның үй-қорасы бір түнде өртеніп кетті., Шиеттей төрт баласы, науқас әйелі шулап қалды. Тірнектеп жинап алған астығы, бар мүлкі жанып кетті. Ағайындары орталарынан жылу жинап беріп, әрең дегенде есін жинады, байғұс. Сонда Жәми әке-шешесін ерік алдына қоймай бір сауын сиыр, үш қап астық бергізді. Өзіңіз сұраған соң айтып жатырмын. Әйтпесе, ол қызды осынша мақтап нем бар? Оның және бір кереметі бар, әсте елден ерекшеленіп киінейін, сылаңдап көзге түсейін демейді, қарапайым күйден бір танбайды. Бай екен, жоқ екен деп ешкімді кемсітпейді. Қылтың-сылтыңмен, өсек-аяңмен ісі жоқ.


Елемес күлімсіреп тынып қалды.


— Жәмидің мақтауын жеткіздің.


Көңіліме күдік кірді. «Елемес Жәмиді жер-көкке сыйғызбай неге мақтайды? Әлде одан дәмесі бар ма екен?» Ойым екі дайға бөлінді. Бір жағы жаңағы дүдәмал күдігіме қарсы дау айтты: «Елеместің сенен жасырын сыры жоқ. Аңқылдаған ақ көңіл жігіттің адал ниетін арамға жорыма». Әлі ойлап, бері ойлап, соңғы бәтуаға ден қойдым да, Жәми турасындағы дәйекті пікірімді жүйе-жүйесімен іштей қорытып алдым. Негізсіз күдік-күмәнім дауыл қуған бұлттай әп-сәтте тарқап кетті.


— Ел мақтаған қызды құтқару жолында аянбай алысып көрсек қайтеді? — деп едім, Елемес жүрегін тебіренткен сезім толқынын тежей алмай, Жәмиді қорғаштап сөйледі:


— Іші қазандай қайнап, пұшайман боп жүр ғой, бейшара. Жеме-жемге келгенде не дейтінін кім білсін. Жөнін тауып құтқарсақ теріс болмас еді. Өсек-аяңнан қорқып, тартынып қалмаса. Шетінен қорғаншақ боп қалған сорлы ғой ел қыздары.


— Осы қызды құтқарып алып, тура жолға бастап жіберсек, — дедім әлгі пікірімді өршіте түсіп, — басқа қыздарға үлгі болар еді.


— Сонда Жәмиді құтқару үшін не істеуіміз керек деп ойлайсыз?


— Еркін оқуға қолын жеткізсек, содан кейін өзің айтқан қырқылжыңның шеңгелінен құтқарып алсақ, бұл да болса кесек жеңіс болар еді.


— Ең әуелі, Жәмидің әкесімен сөйлесіп көрсек қайтер еді? Қызыңды шалға беруден бас тарт, оқыт десек. Тоқаң елден шыққан теріс азу адам емес еді, көніп қалар, қайдан білесіз.


— Мақұл, сөйлесіп көрейік. Алда-жалда көнбей бара жатса, басқа шарасын қарастырармыз.


Айтылмаған сыры бардай, оны паш етуге жүрегі дауаламай отырғандай, үнсіз қипақтап отырып қалды, Елемес.


Кешкі әлетте айналадағы селдір ақ селеулер сымға тартқан күмістей. Қызыл жалқын жалынмен күнбатыс көкжиекті алаулатып балқып батып бара жатқан күн суреті қандай әсем! Шудаланған шұбар бұлттар аспанның түпсіз айдынында баяу қалқиды. Тұнық ауа, тыныштыққа бөленген атырап көңілге көрікті ой салады.


— Ой өрісі кең болмаса, қанша алысқа бара қояр дейсің ол қыз? Қолтығынан демеп жіберсек, бәлкім, ұмтылар, талпынар.


Елемес менің пікірімді құптап бас изеді. Бет алды лекітіп сөйлей берсем, сырымды алдырып, сынға ұшырап қалармын дей ме, кім білсін, сөз аяғын қысқа қайырды.


— Қызбен сөйлесейік, пікірлесейік, не айтар екен?..


Жәми турасындағы кебімізді осымен тындырдық...


12


Кейінгі аптада көптесіп-көлемдесіп, бір жағынан тәтті айтсақ, оған көнбей бара жатса, шамалы қыр көрсетіп, жиырма шақты қыз-келіншекті саужой оқуына тарттық. Әйел заты оқыса аспан айналып жерге құлап кететіндей көретін небір қытымыр кәрілер әуселесі басылып, жуасып қалды. Шет жайылған кейбір тентектердің айыптарын беттеріне басып, тізгіндеп қойдық.


Бірақ Тоқсанбайды көндіре алмай-ақ қойдық. Елемес екеумізбен сырттан қарадай араздасып, бізді атарға оғы болмай жүрген Тоқсанбай суы қанбаған темірдей морт сынды. «Ақты-қарама жетпей, ел алдында масқарамды шығардыңдар», — деп өкпе айтып отырып алды. «Забырыңды тигіздің, бар пәлені шығарып, сыртымнан ор қазып жүрген сенсің», — деп Елемеске зіл тастады.


Тоқсанбай Жәмиді оқуға жібермегенімен тұрмай, өзіне қараған бір ауылдың барша қыз-келіншектерін жолынан бөгеп тастады. Олар Тоқсанбайдың ыңғайына көніп, оның сөзіне ерген үлкендерден именіп, оқуға келмей қойды.


Жасыратын несі бар, Елемес екеуміз осыдан былай қарай Тоқсанбайға бұрынғыдан бетер қитығып кеттік. Қолымыздан келсе елдің алдында абыройын айрандай төгіп, қызын біржола еркіндікке шығармақпыз. Бұл жолда қандай қиындық кездессе де аянатын түріміз жоқ.


Біздің Жәмиге байланысты әрекетімізді Сәмет ағай онша теріс көрмеген. «Шама келсе Тоқсанбайды тақыр мұзға отырғызайық, қызының басына ерік әперейік», — деген.


Енді қалайда ретін тауып ауызба-ауыз сөйлесейік деген ойымыз бар. Елемеске Жәмимен өзің сөйлес десем, баспайды. Тым құрымаса, оңаша сөйлесетін кесімді жерін айтсын, бір қаға берісте тілдесіп қайт деп көндірдім ақыры...


* * *


Елемес Жәмимен қалай кездескенін маған баяндап берді.


Елемес Жәмимен кешке таман, көлден су алуға келген жерінде кездесіпті. Көрген жерден ошағанша жабыса кетпей, алыстан орағытып келіпті.


Қыздың сүйкімді қара торы дөңгелек беті бірде қуарып, бірде нарттай қызара қалды. Жаудыраған құралай көзін төңкеріп, күйентесін сырғытып түсіріп жерге қойды да, қалта қарап тұрып қалды. Жазық маңдайының дәл ортасындағы екі жердегі шешек дағы көріне түсіп жоқ болды. Ортадан сәл ғана биіктеу сұңғақ бойын тік ұстап тұр. Жаңа туған ай мүсінді жіңішке қара қасы, оң жақ танауының үстіне титімдей мең орнаған пісте мұрны, бүкіл сын-сымбаты көргеннен-ақ көңілге қона кетті.


Елемеспен аулақта кездескеніне қыз пәлендей қысыла қойған жоқ, Оңашада айтатын терең мұң-зары бардай көз жанары бал-бұл жанып, айналақтап тұрып қалды. Орайын тауып, әңгіменің тетігін басып қалды, Елемес.


— Жәми! — деді ол түтіндеген шылымының тұқылын қисық табан етігінің тұмсығына сүйкеп сендіріп, — өлмелі кемпір-шалға әлің келмегені қалай? Саған не болды?


— Ештеңе де болған жоқ. Ел аман, жұрт тыныш! — Жәми Елеместің жаңағы қатал сынына берер жауабынан жалтарып, қатар-құрбы арасындағы іліп-қақпа әзіл-оспаққа бұрып жіберді. Манаурай қалған жүзінен абыржу білінді.


— Бұдан артық не болсын деп едің? — деді Елемес ұршықша шыр көбелек айналып, — әкең сені оқуға жібермесе, онысымен қоймай, елдің қыз-келіншектеріне жаман әсерін тигізсе, бұдан асқан қысастық бола ма? Өзің айтшы!..


Осындай теріс қақпайдан мезі болған Жәми қолын күйентеден жазбай, қабағын ашпай қызарақтап тұрып қалды.


Әлден уақытта созалаң қозғалып, нәзік дауыспен:


— Дәйім осындай бір шәлкес мінезің қалмайды, Елемес! Мейлі, соның бәріне мен-ақ кінәлы болайын, — деді.


Әңгіме тез қызса екен деген мазасыз оймен аужайын барлап тұрған Елемес Жәмидің бетіне ұрлана қарап, жерге еңкейіп, бір тал бетегені жұлып алды да, күйбеңдеп қырын қарады. Жәми оның мына неғайбыл қимыл-әрекетін байқап қалса керек, жүзі құбылып жалтақ-жалтақ қарай берді.


— Пәлі, бар кінәны өз мойныңа ала бергенше одан да белсеніп шықпайсың ба? Неден қорынасың? — деді Елемес бетін қызға қарай бұрып.


Елеместің бұл сөзі жауапсыз қалды.


— Тоқаң үйде ме? — деп сұрады Елемес.


— Кеше әжем екеуі Ащылыдағы нағашыма кеткен.


— Үйде жалғыз екенсің ғой.


— Жалғыз болсам, мені қасқыр жер дейсің бе?


— Сенде бір тығыз шаруамыз бар еді.


— Қандай шаруа?


— Қазір айтпаймын...


— Неге?


— Осы түнде ауылыңның сыртындағы терең сайда кездесейік, кел, мұғаліммен кездестірейін.


Қыз тәнті болған пішінмен төмен қарады. Оның кірбеңсіз жайдары қабағынан келісім нышанын аңғарды, Елемес.


— Кел, сол жерге, жарай ма?


Жәми иек қақты.


— Келсем, келермін.


Елдің алды жатып, арты жатпаған кез. Сұр бұлт аспанды айқара жауып алған. Бұлттың ар жағындағы көмескі ай сәулесі қара торғын шымылдықтың тасасындағы шырағдан шамның әлсіз жарығындай күңгірт, көңілсіз.


Қасымда Елемес бар. Тоқсанбай аулының сыртындағы терең сайға, Жәмимен уәделі жерге келе жатырмыз. Ауыл-ауылдың қотанында қой күзетіп жүрген әккі шалдардың айбар-қоқай айтағы оқта-санда дүңк ете қалады. Меңіреу түнде жанның бәріне үрей туғызып, жанталаса айқайлайды олар:


— Айтақ-ау, айт, айт! — Сырттан қой торыған үйірлі қасқырды шошытып, қыр асырып жібергендей, соған көңілдері көншігендей бір ауық жым бола қалады да, әрі-беріден кейін қиқуға қайта басады.


Ұрымтал жерде анталаған көп қасқырдың иісін сезе ме, әлде қой күзетшілерінің мазасыз айқай-суреңіне желіге ме, кім білсін, ауыл иттері әр жерден өршелене абалайды. Сыртта арқандаулы тұрған бірен-саран аттар оқтын-оқтын іштерін тартып, танауларын шүйіріп, пысқырып қояды.


Терең сайдың шөптесін қабағында Жәмиді күтіп жатырмыз.


— Осы қыз, бар болғырың, келмей жүрмесе неғылсын.


— Келеді, — деді Елемес сендіре.


— Әй, білмеймін-ау.


— Көрерсіз, келеді, келеді.


— Келсе көрерміз.


— Келгенде Жәмиге не айтар екенбіз? — деді Елемес біреу-міреу естіп қалмасын дегендей құлағыма сыбырлап.


— Айтатын сөз табылар.


Бір заматта таяқ тастам жерде қараңдап келе жатқан бір адамның нобайы көрінді. Оң жағымда етпетінен жатқан Елемес құлағыма аузын тақап:


— Дәу де болса анау келе жатқан Жәми шығар, — деді.


Жүрегім алып ұшып жиі соға бастады.


Әне-міне дегенше әлгі адамның қарасыны үлкейіп, бадырайып көрінді. Ұрымтал жерге келіп те қалды. Бізге жақындай берігі, селтең етіп, бір-екі қадамдай жерге шегініп кетті.


— Ибәй, сығыр-ау, бұларың кім еді? — деп сескене үн қатты.


— Жәмимісің? Бері кел! — Елемес орнынан тұра салып, дыбыс берді.


— Шошып кеттім ғой! Бөтен біреулер екен десем.


— Қайырлы кеш! — Қолымды ұсындым.


— Келдім ғой, — деді Жәми ернін жыбырлатып.


— Отыр. — Жәми Елемес екеуміздің арамызға отырды.


— Жолдарыңыз болсын! — деді сәлден кейін қыз назданып.


— Жолдамақ сенен болсын.


Меңіреу тұн құшағында бір-бірімізге қадала қарасып, екі-үш минуттай үнсіз отырып қалдық.


— Ұялшақ болма, қарағым, еңсеңді көтер! — дедім мақсатты сұқбат-кеңесімізді бастап жібергім келіп. Қыз жөппелдемеде шешіліп жауап қатпады. Желбегей жамылған шапанының ұзын етегін тізесінің астына қымтай түсіп, томсарып отырды да, сәлден кейін:


— Неден ұяламын, — деді. Жаңағы батыл сөзі жаныма жағып кетті.


Ендеше тастай бекініп ал, қарағым, — дедім.


Мына түн неткен қараңғы еді, — деді Жәми жеңіл күрсініп.


— Бола берсін, — деді Елемес, — қашанғы түнере берер дейсің...


— Иә, солай, — дедім Елеместің жаңағы астарлы сөзін жандандырып, — түн түнегі кетеді, енді көп кешікпей таң атады.


Біздің әлгі бейнелі сөзімізді дәл мағынасында ұққан Жәми аңғал пішінмен:


— Түн ортасы ауған жоқ қой, әлі таң атуға көп бар, — деді.


Аспанды торлаған суық сұр бұлт түн-түнекпен тоғысып, дембе-дем қалыңдап барады. Қытымыр салқын жел өкпемнен өтіп, денем шіміркеніп кетті. Бойымдағы бар жылылық кеудеме қорғалағандай нақ сол тұста ыстық леп еседі.


Елемес үнсіз. Төбесіне тоқсан тоғыз жайдың оғы түссе де әсілі қыңбауға бекінген қалпын танытқандай тас түйін.


— Неге үндемейсің? — Орайын келтіріп қызға қозғау салдым.


— Мен не айтайын, әңгіме сіздерде ғой, — деді нәзік дауыспен. Сұқ саусағымен жердің шымыр құйқасын шұқылап, жуыр маңда ашылып сөйлей қоймады.


— Ендеше сөзді сен бастап жібер, Елемес! — дедім.


— Күнде көрісіп жүрген ауыл адамдарының дағдылы сөзінде құн бола ма, — деді Елемес өзін құрмалдыққа шалып. — Өзіңіз бастаңыз, мұғалім! Біз тыңдаушы болайық.


Біреу-міреудің кезіне түсіп қалып, өсекке таңылып жүреміз бе, қайтеміз деген қауіпті оймен қарадай қылпылдап отырмын. Енді неден бастасам екен? Тілі түскірдің күрмеліп тұрғанын қарашы. Қой, есіл уақытты босқа өткізбейін. Ауыл бозбаласынша түйеден түскендей тоңқ ете қалмай, қыздың көкейіне қондыра тұрлаулы пікір айтайын. Ең болмағанда, жан сарайының әптер-тәптерін шығарып, жүрегін күпті ғып жіберейін.


Айнала жым-жырт. Салқын да сәулетті тыныштық үстемдік тұрған шақ.


— Сен мұсылманша оқыған, аз да болса сауатты қызсың. Мына елге орнап жатқан мектептен оқу кімге де болса ләзім, қарындас! Адам болам деп талпынғанның айып-шамы болмаса керек. Өкімет теңдік беріп отырғанда қарманып қал дегім келеді. — Шұрайлы сөзімді кейінге сақтап қалып, ендігісін өзің ұға берге бастым. Қыз менің жаңағы үгітіме іле жауап айтпай, аңтарылып қалды. Көңіліндегі көрікті ойларын сыртқа шығаруға дәл қазіргі сәтте батылы бармайтындай күмілжи берді.


— Өстіп жүріп, шыныңмен-ақ бақыттан махрұм қаласың ба, Жәми?


Басына орнаған пәле-қырсықты біржолата сыпырып тастауға дәрмені жоқтай лажсыз сыңаймен ауыр күрсінді.


— Маған бақытты кім берсін.


— Сенің бақытыңа бөгет жасайтын сор-қырсықпен күш сынасып көрсек қайтеді?


— Мен үшін мерт боп қалып жүрмеңіздер.


— Шындап алыссақ жығыла қоймаспыз.


Елемес қолайлы кезеңін күтіп отыр екен, осы тұста сөзге араласып, өз ойын айтып салды.


— Бәріміз жиналып бір сені құтқарып алуға шамамыз келмесе, сонда кім болғанымыз?


— Қайдан білейін, — деді Жәми екі ұшты ыңғай көрсетіп.


— Мен саған бір мысал айтайын, — деді.


— Айтыңыз, құлағым сізде.


— Бұл күнде бар қыздар дүниеге жаңа келген бөбек сияқты ғой. Мезгілі жеткенде бөбек қаз тұрады, апыл-тапыл аяқ басып жүре бастайды, былдырлап сөйлейді, өмір-тіршіліктің жеңіл-желпі көріністерін кем-кемнен тани бастайды.


— Сөзіңізге түсініп отырмын, — деді Жәми.


— Түсінсін деп айттым ғой.


— Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды, ашық-ақ айта беріңіз.


— Сені қамау-қапастан құтқарып алғымыз келеді. Бұған қалай қарайсың?


— Жәми! — деді Елемес қобалжып, — әке-шешеңнің тіліне ерсең, суға кетесің тура. Есің барда жол тап. Құтыл!..


Бетіндегі қара пердесі кенет жыртылып кеткендей, түн-түнектің қалың бұлты арасынан бір ғажайып сәуле көргендей ширақ қимылмен жинақталып отырды да алға тура қарады қыз.


— Әке-шешеден безіп шығып кету қиын болып жүр ғой, ағай.


— Қыз басыңмен қайдағы жоқты айтатының не?! — Елемес үйреніскен еркін дағдысына бағып, Жәмиге сын айтты. Ондағы ойы дем беріп ширату екенін сезіп отырмын.


— Менің жаңағы айтқаным парыз-қарызсыз ат өтті сөз емес екенін ұқты ғой деймін, Жәми осы сапар мығым сөйледі.


— Реті келмей жүр ғой, әйтпесе еркіндікті кім жек көреді дейсіз? — Тым еркін кеткеніне кейін ұялғандай, әнтек ыңғайсызданып қалды. Керме қастай керіліп, сұңғыла сипатына қайта ауысты. Ішкі сезімнің аласапыраны толқулы дене қимылынан танылғандай.


— Мойыма, Жәми, тұп қазығың мықты, — дедім.


— Неғыл дейсіздер?


— Оқуға түс, адам бол.


— Оған жету оңай боп па? — деді қыз мұңайып.


Елемес сөзге килікті:


— Мен бір шындықты айтып берейін.


— Айта ғой! — дедім.


— Жәмидің айтуға батылы бармай отыр ғой деймін. Осы айдың аяғында, Амантай базары тарқасымен, атастырып қойған жеріне ұзататын бопты әкесі.


— Елемес рас айтады, — деді Жәми іле.


— Сонда сүймеген адамыңа кете бересің бе? — деп сыр тарттым.


Жәми мойыны сылқ темен түсіп, күйсізденіп төмен қарады.


Елемес қынжыла сөйледі:


— Анау-мынау жалтақты қойсаңшы, Жәми! Ар жағыңда ар-намысың бар болса, талпын да қайраттан, шық серпіліп. Өйтпейді екенсің, су түбіне кетсем де бақұлмын деп осы бастан ашып айт!


— Бәсе, сөйт, қарағым!


— Жоқ! — деді Жәми сілкініп, — су түбіне батуға көне алмаспын.


Әңгіменің беті түзелді. Жәми әке-шешесінен суырылып шығып оқуға келетін болды. Біз оны келешекте қырқылжың шалдан құтқару жолын қарастыратын болдық.


— Уәде ғой, — дедім әңгіменің ақтығында.


— Менде екі сөз жоқ, — деді Жәми құлшына қолын ұсынып.


13


Бүгін — август айының он жаңасы. Жоғарғы орындарға арнаулы адам жіберіп, жерін сұрағалы жатқанымызды естіп Нұртай терісіне сыймай ызаланып жүрсе керек. Хат жазып беріп, Мәжікенді маған жіберіпті.


«Мұғалім шырағым! — деп бастапты Нұртай хатын, — ел-жұртты босқа әурелемеңдер, тоқтаңдар. Бұл шатақтың арты бітпес дауға айналады. Алда-жалда беттеріңнен қайтпасаңдар, айтқаным айтқан, ең арғысы Мәскеуге шейін барып қуынуға да бармын. Елге жаңа келген сыйлы қонақ едің, қосақ арасында қос кетіп жүрме. Сенің айтқаныңнан Сәмет шықпайды. Көндір.


Тиянақты жауабыңды күтемін.


Нұртай».


Хатты тыжырынып оқыдым Мәжікеннің көзінше жыртып, табаныма таптап тастадым.


— Ағаңа сәлем айт! — дедім түсімді суытып, — лай судан балық аулауын қойсын деп айтты де.


Қатал сыңайымды көрген Мәжікен, ләм-мим демей, бұртиған бойымен атына мініп шаба жөнелді.


Барымен базарлап, қолы бос жігіттер мен қыз-келіншектердің оқуын тоқтатпай жүргізе бердім.


Сәмет кеше болыстық атқару комитетіне кеткен. Келешектегі тұрақты қонысқа арнап Нұртайға қараған Көлбаршын өңірін алып беру және тез арада жер өлшеушілер жіберіп, түпкілікті мекеннің орнын межелеуді сұраған көпшілік қауымның қаулы-қарарын, өтініш хатын алып кеткен. Алда-жалда болыстық атқару комитеті бұл мәселені өз билігімен шешіп бермесе, уездік атқару комитетіне барып, бір тынымын істеп қайтпақ.


Қарар мен арызды келістіріп жазып, халық алдында жариялап, көпшіліктің қолдарын қойғыздым. Арыздың мазмұны төмендегідей болып шықты:


«Біздер, Октябрь революциясының тарихи жеңістерімен рухтанып, жігерленген, кеңес өкіметінің кедейшіл мақсатына көзіміз жеткен, Тақыртөбе қоғамының азаматтары сіздерге төмендегі тілек-мүддемізді білдіреміз.


Жүз елуден астам түтіннен құралған бір тайпа ел көп жылдан бері құнарсыз шөл далада өлмешінің күнін көріп келдік. Жеріміздің топырағы тастақты, құмайтты болғандықтан бейнеттеніп еккен азын-аулақ егініміз жылма-жыл нашар шығады. Мал өрісі де тар. Кейінгі жиырма жыл бойында ұдайымен төрт рет жұтқа ұшырадық.


Жазғы жайлауымыз, қысқы қыстауымыз мардымсыз болғандықтан күн көрісіміз жылдан-жылға нашарлап барады.


Біздің күш біріктіріп, қоныстануға ниет еткен талабымызды қаламайтын бір топ байлар бар. Олар, мейлі, Тақыртөбе басында қала берсін. Кейін мың жерден сұранса да оларды арамызға кіргізбеуге бел байладық.


Бұдан былайғы күн көрісімізге Тақыртөбе басының қолайсыз соғатынын ескеріп, Есіл өзенінің алқабына таяу бір құнарлы жерге тұрақты қоныс-мекен орнатайық, мектеп салайық деген шешімге байладық. Жан-жақты ойластырып қарағанда, нақ осындай түпкілікті мекенге бірден-бір қолайлы жер Нартай Бекейұлы деген бай адамның жеке иемденіп келген Көлбаршын өңірі деп таптық. Көлбаршын алқабының және қазіргі уақытта мекендеп отырған жеріміздің нобай картасын сыздырып, осы өтінішімізге қоса жолдадық.


Сіздерден төмендегілерді көптен-көп өтінеміз: Көлбаршынды бізге тұтас қаратып берсеңіздер екен. Тез арада арнаулы жер өлшеуші адамдар жіберіп, тұрақты үй-қора салатын танапты кескізіп, қаттап, қағаздап берсеңіздер екен.


Егерде біздің осы тілегіміз қабыл алынса, үй-қора салуға, егіске қажетті құрал-саймандар сатып алуға үкімет тарапынан ақшалай көмек берілуін сұраймыз.


Жоғарыда аталған шаруамызды реттеп, тындыру мақсатымен ауылдық кеңестің төрағасы Сәмет Томайұлы мен кедей шаруалар атынан Жанақмет Егізбайұлын ортамыздан сенімді уәкіл етіп сайладық.


1923 жылғы, 2 август».


Арызға 90 адам қол қойды. Арыздың дұрыстығын куәландырып, ауылдық кеңестің төрағасы қолын қойып, мөрін басты.


Арада аз күн өтті. Уездік атқару комитеті қаулы шығарып, Көлбаршын өңірін Тақыртөбе елінің пайдасына алып беретін болған. Олардың бұл шешімін губерниялық атқару комитеті аудара қарап, ақтара тексере келіп, ақырында мақұлдап бекітіпті.


Нұртайға арнайы адам жіберіп, жері алынатын болғанын айтқызып, тағы да бір рет алдынан өттік. Ондағы ойымыз, баяғы дау-жанжалсыз, шимай-шатақсыз көндіру еді. Оған Нұртай илікпеді. Ат-тонын ала қашып, маңайына дарытпай қойды.


Ел арасына қилы-қилы қауесет тарап жүр: біздің жер аламыз, қоныс саламыз дегенімізді біраз жұрт құрғақ қиял, бос сандыраққа жоритын болса керек. Оның бер жағында, Нұртайдың қалада бір арқа сүйер адамы бар. Ол — уездік жер-су бөлімінде істейтін Қанай Қабанбаев. Біз жер даулап алған кезде Қабанбаев қалада жоқ екен., Өз қызметіне байланысты Орынбордағы қысқа мерзімді күреске кетіпті. Енді көп ұзамай келетін көрінеді. Нұртай соған сенеді.


14


Кешегі күн нейбет өткен жоқ. Сәметті қасыма ертіп Тақыртөбе басын аралап шыққанда алған әсерлерімді өткен түнде дәптеріме жазып қойдым.


Тақыртөбедегі нәсілі Абақ аталатын ел сеңгірбай, қоңқабай, жаманбай, майлыбай болып төрт атаға жіктеледі. Бір ағаштың бұтағындай тармақталып, ұсақ руларға бөлінген бір тайпа елдің сан жағынан ең азы, дәулеті кемшіні жаманбай, майлыбай тұқымдары. Жиырма бірінші жылғы қабақат ашаршылықтың салдарынан ит арқасы қияндағы Сарысудан көшіп келген отыз үйлі елтоқтар бар.


Сеңгірбайға қараған қырық үй жұбын жазбай Тақыртөбенің теріскей баурайына ұйлыға қоныстаныпты. Қырық үйлі қоңқабайлар Сеңгірбай аулының күнбатыс жақ бүйіріне, арасына жарты шақырымдай ашық алаң қалдырып оқшау орналасыпты. Жиырма түтінге жетер-жетпес жаманбай әулеті көп жылқыдан бөлініп кеткен қысырақтың үйіріндей бытырап, Қоңқабай аулының көк желкесіндегі тастақты қыратқа оқшау жайғасыпты. Тақыртөбенің түстік жағында екі шақырымдай жерде Қазотылы аталатын сызатты ойпат бар. Бұл елу үйлі майлыбай тұқымының қонысы. Жантоқтар «кірме» деген жексұрын атын ақтағысы келгендей, әр ауылға бес-алты үйден сіңісіп кетіпті.


Шымнан долбарлап соққан жаман-жәутік үй-қоралардың сиқы тым қораш. Маңайындағы қара-құралары үй шаруасының әл-шамасын, тірлік күйін айна-қатесіз танытқандай. Сарабдал өмірдің сығымдап берген үлес-еншісі әр үйдің өзіне сай ауласына сыйып тұрғандай.


Салдыр-салақ, сасық байлардың далитып салған қолапайсыз үй-қоралары кедейлердің үй-қораларынан пәлендей асып кетпепті. Көп жылдан бері маңайдағы орыс кулактарымен әріптес болып, сауда-саттық, көлденең кәсіппен айналысқан, момын елдің қанын сүліктей сорып келген бес-алты жебір бай бар. Олардың терезелерін қақпақтатып, асты-үстін тақтайлатып, сыртын әкпен сылаған кірпіш үйлері сиықсыз көп үйлердің әр жерінде боталы түйедей арбиып тұр.


Әр ауылдың арасындағы алаңқайда құдық шығырлары сорайып, құрдым өңірдің белгісіндей көрінеді. Тас бауыр табиғат Тақыртөбе атырабын көз тартар көрік-сымбаттан махрұм қалдырыпты. Байтақ өлке жылан жалағандай жым-жылас. Күзгі сұрқай дала арықтан өлген түйенің қара қайыс жон терісі тәрізді.


Тақыртөбе жотасының қыр арқасындағы төрт құлақты тас мола жұмбақ сырлы жат дүниенің сиқырлы бейнесіндей, өмір-тірліктің аңдысқан қырсықты жауындай, ызғарлы суық түспен айбарлана қаһар шашады.


Есіктерінің алдында қыстай қалай болса солай үйіп қойған төбе-төбе күл-кірне, көң-қоқыстан аяқ алып жүре алмайсың. Ел жайлауға көшіп кеткенде емін-еркін қаулап өскен алабота, түйе қурай, атқұлақ, ермен секілді жексұрын өсімдіктерге енді-енді ғана адам, мал аяғы тиіп, құты қаша бастапты.


Ескі қоралардың жамылғышын жел сыпырып әкеткен маткелері, солқылдақ сырғауылдары, өлімтіктің қыр арқасындай арса-арса. Түте-түтесі шығып, итиген қамыс есіктердің жақтау-шабақтары тиіп кетсең қаусап құлағалы тұр. Жаздай жаңбыр өтіп, он бойының сылағы түскен, терезелері үңірейген тоқал төбелі, қисық мұржалы қара қожалақ шым үйлер атам заманғы молаға ұқсайды.


Ала жаздай есіз қалған қыстауға ел келгелі жан кіре бастаған. Әр қораның іргесіне бір-бір киіз үй орнап, тіршілік оты маздаған. Айнымалы күз күндерінің қарбаласында әркім өз шама-шарқына қарай жиын-терін шаруа қамына үртіс кірісіп кеткен.


Әр қораның қасына үйілген мая-мая көк шөптің, қырманға тасып алған егіннің көңірсі иісі келеді. Еңбек жемісінің азын-аулақ жиынтығы ел еңсесін көтеріп, әр үйдің ауласына қадари-хал ырыс-береке енгізгендей.


Күзгі жалтаң күннің самарқау сарғыш сәулесі жер бетіне түсуге ерінгендей салқын шыраймен сазара қалыпты.


Сеңгірбай аулының күншығыс жақ шетіне шықтық. Сыртын сатпақ қоңыр балшықпен сылаған, екі сықсима терезелі, аласа үйдің қасына келдік. Көйлегін шалбарланып, кимешегінің сыртынан басын ақ шаршымен таңып алған саргідір әйел, домалақ қараша үйдің алдында жанталасып келі түйіп жатыр. Қою қара қасы үрпиіп, үлкен қоңырқай көзі шатынап, келсапты үсті-үстіне қос қолдап соғады. Шөптесін жерге аяғын нық тіреп, басын шалқақ ұстап, кеудесін алға ұмсындыра, сергек қимылдайды. Әйелдің сол жағында, сәл аулақтағы киіз үйдің алдында, сом денелі қара қыз қол диірмен тартып отыр. Кіші-гірім қазандай қол диірменнің серейген жұмыр тұтқасын екі қолымен алма-кезек зырлатып, жұлындай ұшырады. Қол диірменнің ырғағына қосылып, ыңылдап әндетіп қояды. Қол диірменнің бірөңкей гүжілі қыз әнін қақшып алып естіртпейді.


Әйел оқыс тоқтап, келсапқа сүйеніп тұра қалды да, қызға шаншыла қарап, әмірлі пішінмен:


— Белі құрғыр үзіліп барады... Мына әдіре қалғырды түйісер еді. Әлгі көгермегір Жантас қайда жоғалып кетті? — деді.


Қыз жасқана жауап берді:


— Ойнап кетсе керек.


— Ойыны осылсын, қара қағынды келгірдің. Тұра тұр, жайрағыр, келерсің. — Әйел келсапты ырғап-ырғап жіберіп, қауырт қимылға қайта басты.


Біз әдейі бұрылып әйелдің қасына келдік. Онымен әуелі мен амандастым. Шырамытып тұрмын. Ел жайлаудағы кезде бірен-саран көрген сияқтымын.


— Көңіл-қарың тиыш па, Ұлбосын?! — Сәметтің елеп амандасқанына көңілденді ғой деймін, келсапқа сүйеніп тұра қалған әйелдің қара торы жүзіне қуаныш толқыны қалқып шыға келді.


— Денің сау ма, қайным?


Ұлбосын көзіне түскен бір шоқ шашын саусағымен кимешегінің маңдайына сүңгітіп жіберді де, келсапты толғай ырғап қойды.


Қарасам, қыз диірменін тоқтатып, бізді сырттан бақылап тұр екен.


— Бері кел, Сақыш! — Сәмет қол бұлғап қызды шақырды. — Шешесінен айнымаған қара торы қыз жұпыны киімінен, ұн басқан кескін-түрінен қорынса керек, қырын қарап тұрып қалды.


— Амандас ағаларыңмен! — Қыз қолапайсыз бұрылып, аяғын санап басып, қасымызға келді.


Біз Сақышпен амандасып, бір-екі ауыз сөз қағыстық. Қыздың аузынан «шүкір» дегеннен басқа лебіз шықпады.


— Нұртайдың кім көрінгенге саудалап жүрген жесірі осы кісі.


— Солай ма?


— Иә, қарағым! Кім көрінгенге мазақ болған сорлымын. — Ұлбосын ішін кернеген қайғы-қасіретін білдірмеуге тырысып, елеусіз мұңая қалды. Әйелді маған таныстырғанда бітеу жарасының аузын тырнап алғанын енді сезіп, аңдаусызда аузынан әбес сөз шығып кеткеніне өкінсе керек, Сәмет қипақтап мақтабілтеге басты.


— Қалжың ғой. Көңіліңе алма, жеңеше!


— Қайтер дейсің, қайным! — Әйел кеудесін қарс айырып қатты күрсінді. — Алланың азабына, адамның тәлкегіне үйренген бас қой...


— Ренжіме, жеңеше! Қалжыңдаймын деп сүрініп кеткенімді қарашы.


Әйел сұстана қалды. Сәмет пен шешесінің арасындағы қолайсыз әңгімені тыңдап тұруға дәті шыдамады ма, кім білсін, қыз жалт беріп, киіз үйге кіріп кетті. Ұлбосын қызының кетуін күтіп тұрғандай-ақ, Сәметке шағына сөйледі:


— Жетім-жесірге жарық күн бар ма, қайным? Жоқ, әлде Нұртайдың қорлық-зорлығында өлеміз бе? — Сөз сарыны күрделеніп барады.


— Неғыл дейсің? — деп калды Сәмет секем алып. — Басыңа жұмақ орнат дейсің бе?


Ұлбосынның қайғы-шері сыртқа тепті. Күйіне сөйледі:


— Тіліңнің майын ағызба, қайным! Жетім-жесірді шын аясаң, құтқар ана Нұртайдың мазағынан. Бидайықтай қуырып өлтіріп барады, мүтте. Қашанғы шыдай беремін.


— Сабыр ет, жеңеше! — деді Сәмет кінәлы пішінмен, — бәрін де реттеймін.


— Әй, білмеймін-ау, — деді Ұлбосын түңіліп, — жетім-жесірді сендер жарылқағанша, ешкінің құйрығы көкке, түйенің құйрығы жерге жетер.


— Нұртайға тыйым салынады, — деді Сәмет сендіре.


— Ол итке не пәле жуитын еді. Құдайдың да, мизамның да шамасы келмейді оған. Аман болса, талай адамның түбіне жетер әлі...


Әйел егіліп, Нұртайдың кейінгі кездегі істеген қиянат-зорлығын айтып берді. Нұртай бұл күнде Ұлбосынды өзінің жамағайыны Дүйсен деген шалға қатын үстіне алып берем дегенді шығарыпты. Бұрнағы күні жеті түнде Дүйсенді ертіп келіп, басына әңгір таяқ ойнатқан екен, әйел «балталасаң да көнбеймін» деп отырып алыпты.


— Нұртайда қанды кегім бар менің, — дегенде Ұлбосынның көзі шатынап, беті қуарып кетті.


— Қалайша! — дедім.


Сәмет жайлап ұғындырып берді.


— Бұл кісінің қолында бір інісі жүретұғын... Жас атаулының пысығы еді. Нұртаймен жұлдызы қарсы еді. Кез-келген жерде бетің-жүзің демей ит терісін басына қаптайтын.


— Пысықтығы түбіне жетті ғой, — деп Ұлбосын кемсеңдеп жылап жіберді.


— Кенжебек еді аты. Бұрнағы жылы қыста бір түнде ұшты-күйлі ғайып болды. Қайда кеткенін, өлі-тірісін жан білмейді. Содан әлі күнге шейін зым-зия.


— Ойбай-ау, Нұртайдан келді ғой оның ажалы. Құртқан сол сой. Оны ана Күреңбай төбет те біледі, жасырады. — Ұлбосын бұдан кейін інісінің өлімі Нұртайға байланысты екенін дәлелдейтін бірнеше дерек айтып, бізді иландырып қойды.


Сонымен Кенжебектің өлімі тексерусіз, тергеусіз қалыпты. Нұртайға тарпа бас салғанда қылмысын дірдектетіп мойнына төндіріп тұрған куәсі жоқ. Ұлбосынның күдік-күмәні, қайғы-шері өмір бойы тарқайтын емес. Нұртай десе аза бойы тік тұрады екен. Сөйтіп ішқұса боп жүргенде Нұртай Ұлбосынды өп-өтірік жақын тартып, кім көрінгеннің саудасына салып жүрген көрінеді тағы да. Ұлбосын осы мұңын айтып зарлағанда сай-сүйегіңді сырқыратады.


— Осы мұң-мүддеңізді тізіп жоғарғы орындарға арыз беріңіз, — дедім сөзімді шумақтап, — өзім жазып берейін.


Ұлбосын осы арада дағдарып қалды. Арызды айтқанда сескенді білем, менің бетіме бақшия қарай берді. Әрі-беріден кейін екі ұшты ыңғаймен:


— Менің қолымнан не келеді дейсің, шырағым. Өздерің бірдеңе етіп жеңіп бермесеңдер, — деді.


— Амандық болса жеңіп береміз, — деді Сәмет сенімді пішінмен.


— Ондай атты күн болса...


— Болады, көрерсің.


Ұлбосынмен әзірге қоштасып кетіп қалдық.


— Иә, Сәлкен! — деді Сәмет абыржып, — көрдің ғой ел мен жердің сиқын. Осы қу мола сықылды жер қалайша түпкілікті қоныс болады, елге.


— Дұрыс айтасыз, — дедім оның пікірін қостап, — Тақыртөбе сіздің елге түпкілікті қоныс бола алмайды...


15


Бір топ адам елең-алаңнан тұрып, салт атпен Көлбаршынға жол тарттық. Менің астымдағы есік пен төрдей жарау жирен қасқа ауыздығымен алысып, жарасымды қамыс құлағын қайшылап, тұмсығымен жер сүзеді. Аяғымның үші қолдауына сәл тиіп кетсе еліктей орғи жөнеледі. Мені шопақ құрлы көрмей, бой бермей ала-ала жөнеледі. Құранды ердің қапталына тақымымды жапсыра қысып, аяғымды үзеңгіге шірей түсемін. Қыл тізгінді қымтап ұстап, атты еркіне жібермей, іркіп келемін. Сәмет жиырма шақты адамнан бас құраған топтың алдында, таяқ тастам жерде озық кетіп барады. Астындағы қаз мойын, бөкен сан, темір қара көк ор қояндай ытқып-ытқып кетеді. Қолындағы құрыққа байлаған қызыл жалау таңертеңгі шақтағы баяу самалмен жазыла, құбыла желбірейді. Жауға аттанған қарулы атты әскердей қатар түзеп, бірде жортып, бірде сау желдіртіп келеміз.


Күн сәскелікке көтерілген кезде Көлбаршынның күнбатыс желкесіне таяндық. Көлдің солтүстік жағын айнала беріп, аяң жүріске салдық., Шалқар көлдің айнала қамыс-құрағы алашабырлана төңкеріліп, айдыны құдды ғажайып айнадай жарқырайды.


Сәмет шамырқанып, дауыстап жарлық берді:


— Осы араға бір азырақ тоқтайық.


Сыпсың құйрық тарлан көкті тебініп қалып, мойнын соза Сәрсенбай Сәметке жанаса берді.


— Көлбаршынның көркейгенін, ел қонып, қала орнағанда көрерсің — деді.


Басқаларымыз да Сәметтің екі жағын қапталдай, қатарласа қалдық.


Сәмет миығынан күлді. Ат үстінде алақанымен көзін қалқалап тұрып, көлге қарады.


— Иә! — деді ол, — Көлбаршын — таптырмайтын көркем жер!


Ілгері жүріп кеттік. Енді ауылға тақай бергенде манағыдай емес, бәріміз қатар түзеп, қаз-қатар тізіліп жүрдік. Сәмет ортада.


Нұртай аулы көлдің ық жақ бетінде екен. Көлдің теріскей жақ бүйіріндегі құрдым терең сайдан өттік.


Сәмет қайырма барқыт жағалы биязы шекпенінің етегін қымтап, ерге нықталып отырды. Сол қолындағы ұзын сапты жалауын көкке сермеп қалды.


— Кәні! Бәлем, Нұртайдың бір зәресі ұшсын! Ән шырқан жіберейік! Мен бастайын, сендер қосылыңдар!


Көлбаршынның маңайынан көлденең аттыны жүргізбейтін, бір тал шөбінің басы сынса, әкесінің құны кеткендей көретін Нұртай енді қайтер екен? Топ жинап төбелесе ме, әлде оп-оңай тізе бүге ме? Осы оймен арпалысып келе жатқан маған Сәметтің бұл әрекетін іштен ұнатпасам да, көптің ауқымын бұзбайын деп көтермелеп жібердім.


Сіз бастап жіберіңіз, біз қостайық!


Сәмет дауысы барылдап, іле бастап жіберді:


— Кел, қазақ кедейлер,


Ұйымдас жалшымен,


Байларды, молданы


Қойдай қу қамшымен...


Жұбымызды жазбай желе-жортып келіп, аттың басын Нұртай үйіне тіредік, Нұртай аулының қатын-қалаш, бала-шағасы бір жерде шоғырланып бізге қарап тұр екен. Бізді қиядан көріп дүрліккен сыңайлары бар. Ашу, өшпенділік оты ойнаған көздер өңменімізден өтеді. Амандық жоқ, тілдесу жоқ, бізден қарадай үркіп тұр, бәрі. Бізді алғалы келген ажалдай көреді. Сәметтің: «Амансыңдар ма, ел аман ба, жұрт тиыш па?» — деген сыпайы дебізіне бір қиқар кемпір: «Аман болмағанда жау шапты ғой дейсің бе?» — деп қисық жауап айтты. Әлгі басына қоқырайтып күндік ораған шұбар кемпірдің көзі шарасынан шығып барады.


— Нұртай қайда!, Шықсын, бері! — деді Сәмет дауыстап.


Көп ішінен Мәжікен суырылып шыға келіп, Сәметтің қарсы алдына қасқиып тұра қалды. Төкпелеп сөйлей бастады:


— Оған неге құмар болдыңдар? Сағынып келдіңдер ме?


— Тілдесейік деп едік! — Сәмет атының тізгінін жинап ұстап, Мәжікенге тесірейе қарады. Мәжікен бәрімізді оқты көзімен атып тұрған қалпында:


— Нұртайда әкелеріңнің құны бар ма? — деді.


Бір топ еркек пен әйел жарыса сөйлеп шулап кетті:


— Іргемізді түріп қойып, шауып алғалы келдіңдер ме, түге?


— Құдай-ау, бұл не деген сұмдық?


— Үйлерің күйсін!..


— Қатын-балаларың ұлардай шуласын!


— Көрем деген қызығыңды көрме, Сәмет!


— Жазаларыңды құдай тартқызсын!


— Нұртай қайда? Жерін берсе қолынан, бермесе жолынан алғалы келдік. — Сәметтің мына сөзіне ызасы қайнап кетті ғой деймін, Мәжікен көзі аларып, зіркілдеп қоя берді:


— Нұртайды іздесең Атбасарға бар.


— Әй, Мәжікен! Сен не тантып тұрсың!


— Сендердің үстеріңнен арыз айтқалы кетті.


— Қиратып алсын. — Сәмет тыпыршып тұрған қаракөкті омыраулатып Мәжікенге кимелей берді.


— Егестен не шығады. — Топ ішінен бір қартаң жұқа сары кісі шашала сөйледі. — Жөн сөйлессеңдерші!


— Ал, кәні! — Менің оң жағымда тұрған Елемес атынан қарғып түсті.


— Алыстан ат терлетіп іздеп келген кісіміз үйде жоқ екен... Тіпті жақсы болды.


— Осылармен тәжікелесіп тұрамыз ба? Іске кірісейік!..


— Аз сабыр ет, Елемес, — деді Сәмет, — үлгірерміз!


Манадан бері аш қасқырдай қанды көзденіп, сазарып тұрған Жетібай қос жұдырығын тастай түйіп алып, кіжініп шыға келді.


— Сенен-ақ өлетін болдық қой, қу жетім! — Жетібай атының шоқтығына қолын артып, сөз бағып тұрған Елемеске жұдырығын төндіріп жетіп барды. Елемес оның қолын қағып жіберді де, жалма-жан атына мініп алды. Біздің жігіттер тұс-тұстан анталап, Жетібайды жұлмалай бастап еді, ол қорғанып, ауыл адамдарының арасына кіріп кетті.


— Не керек өздеріңе? — Еңгезердей кетік қара кемпір бажылдап шыға келді.


— Бәдіғұл, сен тұра тұр! — Манағы қартаң сары кісі, қолындағы күйелі көсеуін шошаңдатып, Сәметке ұмытылған қара кемпірді ұстай алып, кейін алып кетті.


— Осылармен шатақтасып тұрамыз ба? — деді Сәмет атының басын бұрып. — Тартыңдар ілгері!


— Иә, жүрейік! — дедім екі жағымда тізіліп тұрған жолдастарға көз тастап.


Біз тас-түйін бола қалып, аттарымыздың басын шұғыл бұрып, аулаққа шоғырланып тұрып қалдық.


— Әлгі землемерлердің келмей жатқанын қарашы! — Сәмет атының тізгінін тежеп қалып, ердің үстіне қақшия көтеріліп, Тақыртөбе жаққа көз жіберді.


— Айтты, айтпады, неғып өшігіп жатыр бұлар? — Тақыртөбе жаққа қарап тұрдым. Көз ұшында бір қарайған көрінді.


— Әне, келе жатыр. Солар ғой, — деді Елемес.


Жолсызбен төтелеп жүріп кеткенбіз. Екі землемер жер өлшейтін құрал-саймандарын пар ат жеккен көк арбаға тиеп,, қосшылыққа Бәкібайды алып, үлкен қара жолмен жетуге тиісті болатын.


Ауылда Жетібай мен Мәжікеннен басқа бас көтерер адам жоқ екен. Кемпір-шал, бала-шаға дегендей. Олар қанша айтқанмен, біздің дүмпуімізге төтеп бере ала ма? Шоқтай боп, үнсіз мелшие қалыпты. Солардың арасынан Жетібай мен Мәжікен сытылып шықты. Сөйлесетін ыңғай көрсетіп, бізге қарай солбырайып келе жатыр. Не айтар екен бұлар? Қабақтары қатыңқы. Көздері кірбиіп кетіпті.


— Ал, не айтасыңдар? — деп қалды Сәмет жақындап келе берген екеуіне.


— Шыны, ұқпай қалдық, — деді Жетібай сәл ширап, — осы сендер осында не алғалы келдіңдер, тегі? Жер аламыз дейсіңдер. Сонда осынша жер сендердің аттарыңның сауырына сыя ма?


Сәмет жауап берді:


— Сен мұндай қиқарлығыңды қой, Жетібай! Жерді қалай алудың. жөнін сенен сұрамаспыз.


Мәжікен сөзге араласты:


— Не істесеңдер де, жер иесі келген соң істеңдер... Әзірге елдің зәресін алмай қайтыңдар!


— Солай отта, осылай күйсе! — Сәмет атын тебініп қалды. Сәметтің соңына еріп, көлдің күншығыс бетіндегі жазық далаға келдік. Сәмет атынан қарғып түскен бойда дереу қолындағы Қызыл жалауды төмпешіктің басына желбіретіп шаншып қойды.


Дала жым-жырт. Сәмет топ ортасында тұр. Көңілді күпті қылған күдікті ойлардан арылғандай, сұстана серпіліп барып, қызыл жалаудың саясынан айбарлы үн қатты:


— Нұртай мықты болса, біздің осы жалауымызды жығып көрсінші, кәні! Жыға алмайды.


— Жыға алмайды! — дедік бәріміз үн қосып. Ойдағы мұрат-арман, ашу-кек осы төбенің басына шоғырланып жиналғандай, баяу желмен желбіреген қызыл жалаудан көз айырмай аз үнсіз тұрып қалдық.


Сонда Сәмет сұйық қара мұртының астынан жымың етіп, бір түрлі кемел пішінмен бізге қарап тұрып:


— Байларға өстіп зорлық қылмасақ, төңкеріс заңын іске асыра алмаймыз. Осының өзі жақсы, — деді. Біз оны үнсіз құптадық.


Көп ұзамай землемерлер мен Бәкібай келді.


Көл тарапынан ескен қоңыр салқын жел бойды. сергітіп, көңілді ашады. Айнала дала сұп-сұр. Жер бетіндегі өсімдік атаулы сарғайып, жүдеу тартқан. Желмен жапырыла майысып бүрсең қағады. Ұлан-ғайыр кең атырапта жалғыз-ақ айдын шалқар көл ғана өзінің табиғи көркін бермеген. Көз жасындай мөлдіреп, сынаптай толқып жатыр. Сарабдал күз күнінің сарғыш алтын сәулесі көл бетінде толықсып, шар айнадай жалт-жұлт ойнайды. Қаракөк бұйра толқындар самарқау төңкеріліп, дірілдеп келіп, жайпақ жағаға жайлап соғады.


Землемерлер келе іске кірісті. Орақ мұрын, жалбыр шаш, шегір сары құлдыраңдап, жер өлшейтін аршын таяғын, дүрбі орнатқан мосысын, басқа құрал-саймандарын сайлап жатыр. Серігі одан гөрі жастау. Жиырма бестер шамасында. Жирен шашты, құс мұрын, қызыл бет жігіт. Бұ да анаған көмектесіп, елпең қағады. Көк арбада сыңар түреңді соқа бар екен. Бәкібай қасына бір жігітті алып, арбадағы заттарды біртіндеп жерге түсіріп жүр. Сәметтен басқаларымыз олардың қимыл-ыңғайларын бағып, анда-санда өзара сөз қағысып қойып, айнала атырапқа ыстық, ынтық шыраймен қарап тұрмыз. Мініп келген аттарымызды қаңтарып тастап, бір жерге шоғырлана қалдық.


— Кәні! — Сәмет көпшілікке жалпы сөз тастады. — Жегін білетін екі атты қазір мына соқаға жегіп қойыңдар! Землемерлер жер өлшеп болысымен келешек қаланың орнын кесеміз.


Бәкібай қамыт-сайман, қайыс делбеге, постромка, бәлегіне шейін сайлап әкелген екен. Жігіттер осы қалай деген екі жуас атты дереу жасақтап, соқаға жегіп қойды.


Землемерлер, ең әуелі, биік мосының басына орнатқан шыны дүрбілерін екі жерге құрып, соған үңіледі де жиі-жиі орын ауыстырып, әлденені қағазға түртіп алады. Біз олардың жұмысына бөгет жасамайық деп тұрған орнымызда қалып қойдық. Землемерлердің дүрбіге кәдімгі фотографша үңіліп, дембе-дем ілгері кетіп бара жатқан шапшаң қимылдарын сырттан бақылап сүйсініп тұрмыз.


Землемерлер әлден уақытта жерді дүрбімен қарап болып, мосыларын арқалап қайта оралды. Келе топ ішінен төрт әлді жігітті бөліп алып, қолдарына темір күрек ұстатты. «Біз жер өлшейміз, сендер меженің әр жеріне қада қағып, белгі соғасыңдар», — дейді шегір сары. Жер қазатын жігіттерді алып землемерлер тағы да кетіп қалды.


Бұл сапар біз де қарап тұрып қалмай землемерлерге ілесіп кеттік. Арбаның қасында Бәкібай мен бір жігіт қалды. Бұл біздің Нұртайға жасаған алғашқы ересен шабуылымыз болады. Біз қазір келешек қоныстың орнын, мектеп орнайтын алаңды белгілейміз. Алдымнан бір жаңа дүниенің, жанға жайлы әсем өмірдің пердесі кенет ашыла қалғандай болды, сонда. Болашақ жаңа ауылдың суретін, мектептің көрікті түр-тұлғасын бар болмысымен, сүйкімді сымбатымен көзімнің алдына келтірдім.


Землемерлер жер өлшеуге шұғыл кірісіп кетті. Орақ мұрын, шегір сарысы солтүстік жағынан оңтүстікке қарай, ал жасаң жирен сары күншығыс жағынан күнбатысқа қарай үшкіл аршын таяғын құлаштап сілтеп кетіп барады... Біз екіге бөлініп землемерлердің соңынан кеттік. Мен бес-алты кісіні бастап, шегір сары кеткен жаққа ойыстым. Қалғандарымыз Сәметке еріп кетті. Екі землемер әлгі жер қазуға бөлінген төрт жігітті екі-екіден ертіп алып кеткен. Әр тұсқа бір аялдап күрекпен жер қаздырып белгі үйгізіп барады. Әрбір таяқ тастам жерде бір-бір томпақ қара үйінді қалып жатыр. Сол екі арада Нұртай аулының бір топ адамдарын шұбыртып Мәжікен мен Жетібай жетті. Арбаның қасына шоғырланып тұрып қалғанын анадай жерден көрдік. Әлі де болса жоғарғы өкімет орындарының алдына барып қуынамын, мұң шағамын деп дәмеленіп тұра шапқан Нұртайдың жүрегін қуырғандай болды-ау мына шұғыл әрекетіміз. Ойбайлап жылаған әйелдердің ащы дауыстары келеді құлаққа. Әне, Жетібайлар бізге қарай келе жатыр. Неғылса да ауыз ашпай, әрекетсіз қалды демесін деп, Нұртайға желеу еткілері келетін шығар. Жетібай, Мәжікендер ентелей басып, топты бастап келді. Мен білсем, бұлар қолдарынан түк келмесе де доң-айбат көрсетіп, ұрыс шығарғалы келе жатыр. Иіріліп қарап тұрмыз. Келе берсін. Келгенде не қиратады дейсің. Жер-көктегі бар пәлені тілмен жауғызар да кетер.


— Әй, бұл қай басынғандарың? Жерді неге бүлдіресіңдер? — деп Мәжікен келе бізге тиісті. Сәмет болса, екінші топпен ана жирен сары землемердің қасында. Мұндағылардың сөзге ие боларлық бас көтерері Елемес екеуміз. Бірден қатты кетіп, тіл тигізсек алай-түлей жанжал шығады.


Мәжікенге жауап бермей, жаңағы зілді сөзін аяқсыз қалдырдық. Оларға ерген адамдар манағы ауылдағыдай емес, басылып, жуасып қапты. Жүздерінен ашу-ыза лебі айығыпты. Мына тосын іске таңырқаған сыңайлары бар. Жетібай қас-қабағын жиырып, ұрты суалып, анадай жерде манаурай желбіреген қызыл жалауға жиіркене қарады. Аузына келгенін тантып, бет алды сөйлеп тұр. Мәжікен жын қаққандай құтырынып, екі көзі қанталап кетіпті. Қол-екі төбелеске дәрмені жоғын қайтерсің, бұ да жер-көктегі сұмдық балағатты жауғызып, шетімізден сыбап тұр.


— Мәжікен, сен қысқарт тіліңді! — дедім ызам келіп, — әйтпесе шатақ болады.


— Өздеріңе не керек? — деп, бір жақтан Елемес дүрсе қоя берді.


— Мейілдерің, жерді жырта беріңдер! Бәрібір бұл жерді ала алмайсыңдар! — деп Жетібай кісімсиді.


— Кезінде көрерміз... — деді Елемес.


— Көрсек көрерміз, — деді Мәжікен Жетібайдың жаңағы сөзінен күш алып.


Қолымызды бір-бір сілтеп ілгері кете бердік. Жетібайлар қалшиып тұрып қалды.


Біз Сәметтермен түйістік. Соқа жеккен аттарды алып Бәкібайлар да келді. Осы мезетте белгілер орнатылып, қала орны өлшеніп те болған екен. Шегір сары землемер соқашыларға әмір берді:


— Біз алдарыңнан жүріп отырамыз! Сендер тура, ана балшық үйілген белгілердің бағдарымен, ішкі жағын ала соқамен жыртыңдар жерді!


Мәжікен, Жетібайлар үркердей шоқтанып ортада әлі тұр. Олармен ісіміз болған жоқ. Мейлі тұра берсін!


Сәмет еселеп әмір берді:


— Салыңдар жерге соқаны! Терең жыртыңдар!


— Әйт шүу, әйт шүу! — Бір жігіт соқаның тұтқасын ұстап, енді біреуі соқаны жанасалап, қайыс делбегені сірестіре қағып-қағып жіберді. Екі ат жеңіл жылжып, соқаны сүйрей жөнелді. Жердің қара қыртысы томырыла төңкеріліп, бауырдай тілініп барады.


Біздер енді ортадағы қызыл жалаудың қасына шоғырлана жиналып, жер жыртқандардың қызығына қарап тұрмыз. Ана Нұртай ауылынан келген бес-алты адам лайсаң тасқын кезінде алақандай аралда қалып қойған тағылардай көрінді менің көзіме.


Сәмет соқашыларға дауыстап тұр:


— Тереңірек алыңдар! Екі айналып шығыңдар!


16


Арада бірнеше күн өтті. Бір күн кешкі апақ-сапақта қасына екі жігіт жолдас ертіп, Сартай күйеу келді деген хабар дүңк ете қалды. Кәрі де болса күйеу аты бар ғой, атынан түсіп, анадай жерде аулақта тұрып қалыпты. Жалақтап тұрған қыз-келіншектер күйеудің алдынан шығып, атының шылбырын ұстап, қалтасын ақтарыпты. Күйеу-құдаларды Тоқсанбайдың Нұржан деген інісінің отауына әкеп түсіріпті.


«Күйеу келеді» деген жел-құйын дақпыртпен қарадай әулігіп жүрген қыз-келіншек, бала-шаға, жел бас бозбалалар Нұржан үйіне сыймай кетіпті.


Қасыма Елеместі ертіп қыз ойнаққа мен де бардым. Жігіттер бізді ілтипатпен қарсы алып, төрдегі сыйлы орынға отырғызды. Мақсатымыз күйеуді көру. Қыз ойнаққа қатынасып, көппен бірге көңіл көтеру. Бет алды пысықсынып, теріс сөзге бармайық, ойыншы қыз-бозбалалардың ыңғайына көніп, ырым-кәделерін жұрт қатарлы біз де атқарысайық деп алдын ала пәтуаласып келдік. Ел адамдарының сөзіне қарағанда Жәми өзінің аларман күйеусымағын осы уақытқа шейін көрмеген екен ғой.


Сартай күйеу қоңыр масатымен тыстаған көне пұшпақ бөркін ақ шелей қаптаған оң көзіне баса киіп, қара бұжыр қалың беті жыбырлап, кең танауы лақа балықтың желбезегіндей желбеңдеп, оң жақта мелшиіп отыр.


Күйеу жолдасының үлкені қырықтар шамасындағы Бәкір, сұйық қара мұртын сылап, бессандыра жұқа сақалынан қолын алмай, үлкендік сақтауға тырысып отырған қалпы бар. Ал, күйеудің екінші жолдасы — үрген қарынша қопаңдаған, сопақ бет, бадырақ көз, бауырсақ мұрын, сүлік қара Мамырбай. Күйеудің қалтасын ақтарып, жан-жақтан жұлмалап жатқан қыз-келіншектерді тілдеп тастағысы келгендей, адырая қарап, қопаңдап қояды. Ін аузындағы егеуқұйрық тышқанша жылтыңдап, көзі ойнақшып, ұрынуға қара таба алмай, аузындағы насыбайын іргеге шырт-шырт түкіре береді.


Дәстүр бойынша қыз ойынын жақын-жуық ағайындарының бірі алып, қыз ойнақ сол үйде өткізілуі керек еді. «Күйеуді екі-үш күн аялдатып, сән-салтанат құрар жайым жоқ, ертең-бүрсігүні аттандырамын» деп, бұл кәдені Тоқсанбайдың өзі бұзыпты. Тоқсанбайдың бұл секілді қыңыр әрекетіне ішінара наразылық айтқан бірен-саран туыстары сөз естіп, жаманатты болып қалыпты. «Жетелетіп жіберетін мал емес қой, екі-үш күн аялдаса болмай ма?» — деп қыздың жеңгелері қынжылса керек. Апаш-құпаш ұзатқалы жатқанын Жібек жеңгесі Жәмиге әдейі барып айтқан екен, ол «мейілдері, маған десе қазір неге жөнелтіп жібермейді» деп, қабағын шытып қысқа қайырыпты. Бұл хабарды әлгі әзірде, осы үйге келерде Елемеске бір құрбысы жеткізіпті.


Анадағы уәде бойынша, Жәмиді құтқару жолын әлі тауып үлгерген жоқпыз. Тіпті оны айтасыз, сол Жәми осы уаққа шейін саужой мектебінің есігін де ашқан жоқ. Әке-шешенің етек-басты әуре-сарсаңынан шыға алмай-ақ қойды., Өстіп шарасыздың күнінен қапа боп жүргенде салып ұрып күйеу жетіп келді. Енді не амал істейміз?


Қыз ойнаққа жиналатын жастардың кәрі күйеуге деген көңіл күйлері, көзқарастары қалай болар екен? Араларында Жәмиді аяп, жақтайтындары бар ма? Әлде қыз Сартайға барса, аспандағы ай мен күнге қолы жететіндей көріп, оның байлығына тәңірдей табынып, ойын-күлкі, даңғазамен өте шығар ма екен бәрі? Осы бір сыр-сипатты қыз ойнақ үстінде біліп алсақ.


Ортасын мойнақ пешпен бөлген кең үйде жігіттер бір бөлек, қыздар бір бөлек айнала тізіліп отырған. Екі жерге жағып қойған шөлмекті аспалы шамның жарығы үй ішіне біркелкі мол түсіп тұр. Есіктен жылтыңдап қараған бірен-саран балаларды естияр жігіттер зекіп ұрсып шығарып жіберді.


Кейбір қуақы пысық жігіттер сөзден сөз шығарып, қақпақылдап отырып, құдаларды жылыдай қолға алды. «Мойындарыңа арқан салып, тартамыз, бастарыңды төмен қаратып мәткеге асып қоямыз» деген сияқты әр түрлі қысталаң ырымдарды айтып, мойын бұрғызбай қойды.


— Бір жолға құдаларға мен үшін тимесеңдер қайтеді? — деп тілек білдіріп едім, сыйлас жігіттер, құлақ қақпай менің өтінішіме көніп қалды.


Елемес екеуміз тысқа шығып, біраз желпініп келдік.


Күзгі желсіз тымық түн. Аспанды тұтас бүркеген қара қошқыл қалың бұлт сәуле атаулыны жалмап қойғандай, жер дүние түнеріп кеткен.


Қыз ойнаққа жиналған жастар Сағалбай деген жігітті орталарынан даяшы сайлап, ойынды бастап жіберді. Ең әуелі, құдаларды, содан кейін мені, ауыл жігіттерін қыздардың арасына отырғызды. Елемес екеуміздің арамызда Ұлбике деген әдемі қыз бар. Бұл — Жәмидің ұзатылатын тойына алыстан әдейілеп келген нағашы жұртының қызы. Етженді, дөңгелек бетті, қиғаш қара қасты толықша қыз. Әзіл-қалжыңға жүйрік екен, анау-мынауға бой берер емес.


Әуелі кезекпен өлең айтқызып, жақсы айтқандарын әскөтеріп, дауысы пәс, әнге шорқақтарын зілсіз ажуалап қояды.


Думан-күлкі енді-енді қыза бастағанда тыста шартта-шұрт жанжал шықты. «Тоқсанбайдың шаңырағын ортасына түсірмесем, көрерсің», — деп біреу аласұрып кіжініп жүр. «Ондай күш саған қайдан келді, шірік неме», — дейді біреу дәуірлеп. «Қой-қойлап» дабырласқан көптің шуы жанжалдасқан жаңағы екеудің үнін су сепкендей басып тастады. «Оңбаған неме саған не жоқ, біреуді құртып жіберу сенің қолыңнан келе ме? Қарай гөр бұл сұмның істеп жүргенін», — деп бір қартаң әйел бажылдайды. Қыз ойнақта отырғандар жанжал кезінде бір ауық өрекпіп қалып, жым болды. Кейбір жеңілтек жігіттер тышталаңдап тысқа шығып кеткен. Шамалы уақыттан кейін айқай-шу басылып, тысқа шығып кеткен жігіттер үйге сөйлей кірді. «Әлгі Мәжікен екен Тоқаңа тіл тигізіп жүрген...»


Мәжікеннің Тоқсанбайға қыжылы бар. Былтыр Нұртай қиылып сұраған екен, Тоқсанбай қызын Мәжікенге бермепті. Тегінде, күйеу келді деген соң шатақ іздеп әдейі келген болуы керек. Ақырында, жек көрінішті болып тайып тұрыпты.


Ән кезегі Елемеске келгенде күлісе сөйлесіп отырғандардың үні өшті.


Екі қыздың арасында қызара бөртіп отырған Елемес даяшы ұсынған қара домбыраны алып, оңтайлап отырды. Домбыраның құлағын сықырлата бұрап-бұрап, пернелеріне саусақтарын жүгіртіп, қос ішекті орғыта қағып-қағып жіберді.


«Ана өлеңді айт, мына бір әнді шырқап жібер», деп жан-жақтан қаумалағанда, Елемес аққудай сұңқылдап қоя берді.


— Біз енді алға қарай бастық қадам,


Сипатын хатқа сыймас айтсам тәмам,


Қалқам-ау, неге сонша зарланасың,


Елге алып кетпес пе едім келсе шамам...


Ән тыңдауға келіп, ауыз үйдің есігінен сығалап қарап тұрған бірен-саран кемпір-шалдар мен кексе әйелдердің: «Жігіт болса осындай болсын» десіп, сүйсінген дауыстары келді құлағыма.


Елемес көмірдей қара шашын қапсыра сипап, қиығы мол мөлдір қара көзі күлімдеп, қара торы дөңгелек жүзі нұрланып, келесі әнді шырқап жіберді. Ән арасында аз тыныстап алып, жайлап қайта бастап кетеді.


— Енді айналып келгеніне қош-аман бол, — деп қулана қалжыңдап, домбыраны даяшы жігіттің қолына ұстатты.


— Ибәй-ау, әлгі Мәжікен келмей кетті ме? — деді босаға жақта қылтылдап отырған сүлік қара келіншек.


— Мәжікен дегенде жының бар-ау, Бәдиша, — деді оны еркін иемденіп отырған қысық көз қара жігіт.


— Қойшы, қағынғыр, қайдағы жоқты айтатының не?! Мейлі келмесе, жерге кірсін, маған десе.


— Мәжікеннің жоғы жақсы. Ол келсе ойыңды бүлдіреді, — деп қысық көз қара жігіт келіншектің иығына қолын артып, мәмлеге келді.


Әзілкеш келіншектер ыңғайын тауып Сартай күйеуге сөз тигізіп қояды. Бірінен соң бірі ұмтылып, аузын ашырмай, сөзбен сілейтіп қойды. Сартай осы сапар басына тау құлап түссе де мыңқ етпеуге бекініп алғандай, меңірейіп отыра берді.


— Бірдеңе десейші, жезде! — Күйеудің оң жағында иық қағысып отырған кесек денелі, бұжыр қара қыз Сартайды бүйірге түртіп қалды. — Тілің байланып қалды ма?


Сартай бұжыр қара қызға оқшырая қарап қойды. Добалдай қолымен санын мытып жіберді ғой деймін, қыз ыршып түсті., Өш алғанына көңілі көншігендей, танауын шүйіріп, ыржия күлді күйеу. Қыз ұялғанынан қызараңдап төмен қарады.


— Өгіздей өңкиген неме, — деді қыз ақырын.


Сартай теке сақалын кеңірдегіне жапсыра сипады да, қызға ежірейе қарады. Алара күңк етті:


— Неғылған көргенсізсің өзің!


Қызды-қызды ойынмен мейлінше желігіп алған бозбалалар Сартай мен жаңағы қыз арасындағы болмашы кірбеңге пәлендей мән бере қойған жоқ.


Басқа жұрт ойын-сауыққа кенеліп, мәз боп жатқанда кейбір желбас бозбалалар қыздармен шүйіркелесіп, сыр ақтарысып отырған. Сәтті жерді жаңа тапқандай ауыздары жабысып, әмпейлесе қалыпты. Ойын-сауық жоралғысын сылтауратып, күйеулерінің үйде жоғын пайдаланып, жастық дәуреннің қызығына еркін батып отырған жеңілтек келіншектер де бар.


Жылмақай Күлкен Болтай дейтін бойдақ жігіттің қасына отырып алған. «Қолыңа неге ие болмайсың, ұят емес пе?» деп, жорта қорынғаны не керек, беті қызара бөртіп жайнаң қағады.


— Сен қалай ойлайсың? — деді Күлкен Болтайға бетін бұрып, жұртқа естірте, — әлгі Мәжікен бүлдіреді әлі. Күйеу-құдалардың мініп келген аттарын құртып жібермесе неғылсын.


— Аттары тұрмақ, өздерін құртып жіберсе де, онда менің не жұмысым бар?


— Қашан айттың деме, Болтай! Осы Мәжікен бір шатақты шығарады.


Даяшы жігіт: «Бір ән салып беріңіз, лебізіңізді тыңдайық», — деп маған өтініш айтты. Көпшіліктің ауқымынан шықпай, қадари-хал қоңыр даусыма салып, бір жаңа нақышты ән айтып бердім.


Қасымдағы Ұлбикемен жеңіл әзіл-қалжың айтысып, әдеп сақтап сыпайы отыр едім. Ойын-сауық барған сайын қыза түсті. Әркім шүңкілдесіп, өздерімен өздері болып сұхбат құрып отыр.


Мені бір ауыр ой. басты. Шам жарығы әлсіз. Үй іші ала көлеңке бүкіл қазақ елінің көмескі-күңгірт ескі өмірі осы үйде тоғысқандай. Қыздар екеу-екеу қосылып ән салады. Білген жігіттер домбыра шертіп, білмегені домбыраны жай ұстап отырып өлең айтады. Бәр-бәрінің де айтатыны қайдағы бір зар, мұң, күйініш әуендері. Сол әндердің, сол өлеңдердің бәрі тек қана мына сүймеген адамына, кәрі шалға еріксіз тигелі отырған сорлы Жәмиге арнап айтылып жатқандай. Түпсіз шыңырауға түскендей, алқымым кептеліп, тынысым тарылып кетті. Қинала күрсіндім. Менің осы мезетте шұғыл пайда болған қиналысымды аңдап қалған Ұлбике кенет ауырып қалды деп ойласа керек:


— Түсіңіз бұзылып кетті ғой. Сізге не болды? — деді.


— Жай, әншейін.


Ән кезегі, оң жақтағы шайы шымылдықтың ішінде, екі жеңгесінің арасында отырған Жәмиге жетті. Жәми отырған жерге оюлы қара ал текемет, атлас көрпе төсепті. Екіге жарып төгілдіре құрып қойған желбіреуікті күрең шайы шымылдық қол тиіп кетсе судыр-судыр етеді. Әредікте жеңгелерімен бірен-саран сөз қағысып, мұңды күйде сұлық отырған Жәми даяшы жігіттің сыпайы өтінішін бірден құп ала қоймады. Басқа қыздар өз қалауымен әнді екеу-екеу қосылып шырқаған. Жәми сол жағында отырған Жібек жеңгесіне көзінің астымен мұңдана қарап, бәсең тіл қатты:


— Жеке айтайын:


— Өзің біл!..


Ұзатылатын қыздың өз еліндегі соңғы лебізін тыңдауға ынтық болып отырған жастар аса бір ыстық шыраймен қарай қалысты. Жәми аз-кем кідіріп қалды да, тамағын кенеп, жан-жағына қаранып алып, «Елім-ай» әнін сызылтып бастап жіберді.


— Ауылым қонған Есілдің аралына-ай,


Теңім емес сол жаман барамын ба-ай,


Елім-ай, елім-ай...


Теңім болса сол жаман, бармаймын, деп-ай,


Сау басыма сақина саламын ба-ай,


Елім-ай, елім-ай...


Жәмидің әнге қосып айтқаны баяғы заманнан бері қарай мұңды қыздардың зар-шағымындай болып жалпақ елге тарап кеткен әйгілі өлең. Әйтсе де, сүймеген адамына зорлықпен амалсыз барғалы отырған шерлі қыздың жаралы жүрегін жарып шыққан қасірет сазындай, зар әуеніндей ұйып тыңдай қалдық.


— Шырқа, Жәми! Бұл дәурен екі айналып келмес саған!


Жәмидің батыл әрекетіне айызы қанған Сағалбай даяшы көтермелеп жіберді.


— Айта түс! — деген дауыс шықты әр жерден.


Жәмидің Келесі айтқаны Ақан серінің «Қара торғайы».


— Келеді қара торғай қанат қағып,


Астына қанатының маржан тағып,


Бірге өскен кішкентайдан, беу қарағым,


Айырылдым қапияда сенен неғып.


Қара торғай,


Ұштың зорға-ай


Бейшара, шырылдайсың жерге қонбай.


Жәми асып кеткен әнші болмаса да, қайдағы бір зарлы әндерді күңірене шырқады. Бейне жанын жайлаған қайғы-қасіретін соңғы рет шығарғандай, оң жақта өткізген еркін жастық шағымен осы сағатта біржола қош айтысқандай. Құрбы-құрдас, замандас қауымның жүрегін елжіретіп, енжар көңілге от тастады. Әр жерден көздерінің жасын сығып, қол орамалдарымен бетін басқан қыздар мен келіншектер көрінеді.


Күйеудің жолдастары: «Мына қыздың сыңайы жаман екен, барғанымен де бізге оңайлықпен адам болмас», — деп, сары уайымға беріліп кеткендей, төмен қарап тымырая қалыпты.


Жәмидің мұң-зарын танытып, еркін ән шырқағаны жайсыз тиді білем, Мамырбай аяқ астынан тулап, тақау отырған жігіттерге сөз тигізді:


— Ақ тілек үстінде отырғанда, қалыңдығымызға қисық-қыңыр өлең айтқызып, бұл қай басынғандарың?


Ойын-сауықтың шырқы бұзылмасын деген болар, Сағалбай Мамырбайға салдарлы пішінмен жауап айтты:


— Бізде ондай жаман ой болған жоқ, құда! Бұл өлеңді Жәми өз жанынан шығарып айтып отырған жоқ қой! Әлмисақтан бері келе жатқан ескі өлең емес пе? Әркім білгенін айтады, онда тұрған не бар? Түу, өзіңіз қызық кісі екенсіз, құда!..


Мамырбай тез сабасына түсіп, тынши қалып еді, жас құда Бәкір адуындап қоя берді:


— Немене, бізді түк білмейтін миғұла деп білесіңдер ме? Қасақана айтқызып отырсыңдар. Әйтпесе ұялмай-қызармай біздің алдымызда неге тақылдайды?


— Шайырғалдың не керегі бар.


— Ойынды бұзбаңдар, — деген дауыстар шықты.


Сағалбай бұдан әрі бөтен сөзге бармай, жайраңдап «жүзік тықпақ» ойынын жедеғабыл бастап жіберді.


— Жүзік кімде? — деп сұрайды даяшы жігіт әркімге төніп барып. «Жүзік пәленшеде» десе-ақ болды, шиыршықтап есіп алған шүберек. белбеуін көстендетіп, аты аталған адамның алақанын осып-осып жібереді. «Жүзік күйеуде», «жүзік үлкен құдада», «жүзік кіші құдада» деп әркімдер тұс-тұстан қақылдап, даяшыны әдейі айдап салып жатыр. Күйеу-құдаларға келгенде даяшы жігіт белбеуін қымтып ұстап, алақандарына сілейте соғып-соғып жіберді.


— Жөндеріңмен ойнаңдар, кімді тәлкек қыласыңдар? — Жас құда ашу шақыра бастап еді, бозбалалар оны жан-жақтан бастырмалатып, үнін өшіріп қойды. Содан кейін даяшы жігіт жүзікті қасақана тез тауып алып, келесі ойынды бастап жіберді.


Бұғыбай, балтам тап, орамал тастамақ секілді белгілі ойындарға ұзақ аялдамай, тез-тез айналдырып өте шықты. Қасындағы жігітімен әлсін-әлсін сөзге келіп қалып, шатақтасып отырған кеспелтек қара қыз қояр да қоймай жеңгесін алып кетіп қалды. Бейбастақтық істеді, тіл тигізді деп, қасында отырған Сабырбекті кінәлап кетті. «Серкебайдың осы бір шолжың қызы ылғиына шатақ шығарып, барған жерін дүрліктіреді де жүреді», — деп Сағалбай кейіп, қолын сілтеді.


Түн ортасы ауып барады. Ойыншылар жуыр маңда тарайтын емес. Бүгінгі түнді Жәмиге басы бүтін қиғандай, ойынды дулатып қыздыра берді.


— Бір тамаша ойынды ескермей кеттің, Сағалбай! — деді ырғай мойын, қоңқақ мұрын қызыл жігіт қутыңдап.


— Қандай ойынды?


— Ауыздан қант алысу бар ғой.


— Оның керегі жоқ! — деді ортада қалшиып тұра қалған Сағалбай, — ол ойынды бүгіннен бастап жерге көмейік. Бірін-бірі сүйсін, сүймесін, қыз бен жігітті зорлап жағыстыру келіспейді. Және де бет алды жалбаңдап ауыздан сүйе беру ұят тіпті...


Біреу кекете бастады.


— Өй, білгішім-ай. Несі бар екен?


— Сол құрғырды қайтесіңдер, Сағалбай дұрыс айтады! — деді Елемес бір мезетте.


Әрі-беріден кейін ойын бәсеңдеп қалды. Ойыншылар тоқырап, шетінен ыдырай бастады. Жәми шымылдық ішінен Елемес екеумізге жаутаңдап қарай берді. Бізбен тілдесіп қалғысы келгендей, айтатын ақырғы сөзі бардай сезіндім.


Кетерде сыпайылық сақтап әуелі құдалармен, күйеумен қол алысып, қош айтыстым. Елемес менің істеген жоралғымды айнытпай қайталады. Кетерде Жәмимен әзірге қоштасып, қол алыстық. Жәми менің алақаныма бір қағазды қыса қойды. Жып еткізіп қойын қалтама тастап жібердім. Осы қағазда бір терең сыр бар-ау, тегі. Ойыннан шығысымен Елеместің үйіне бардық та, шам жағып, әлгі Жәми берген қағазды оқыдық.


«Сәлкен ағай! Кінә менде. Алдыңызда айыптымын. Айтқан уәдемнен шыға алмап едім. Енді, міне, мынадай күйге ұшырап отырмын. Құтқарыңыздар мына тажалдан. Ертең Елемес менімен тілдессін. Ж.»


— Қап, мына қыздың қорлығын-ай, — деді Елемес қынжылып, — осы уаққа шейін сөзбұйдаға салып, жаны шығарға таянғанда есіне түскен екен...


— Адасқан адамды айыптауға болмайды, — дедім Елеместің бетін түзеп алайын деген оймен, — қайтесің, одан да сорлыны құтқару жолын қарастырайық.


— Осы Жәми тағы да сөзінде тұрмай, тайқып кете ме деп қорқамын.


— Менің білуімше, дәл осы сапар Жәми сөзінде тұрар-ақ. Әйтпесе жас өмірі біржола қиылып кетпей ме. Осыны ойлап бейшара кетуге бел байлаған ғой деймін.


Елеместің күдігі әлі тарқамаған екен. Жәмиге онша сене қоймайтынын аңғартып өтті.


— Күні ертең, жеме-жемге келгенде ыбылжып айнып кетпесе.


— Сен бұл күдікті қой деймін. Ертең бір қалт еткенде Жәмимен сөйлес, не ойы бар екен, біл.


— Сіз айтқан соң болмас, болмас, Барайын.


* * *


Түн. Ауыл-ауылдың терезелерінде оттар сөнген. Меншікті қыстауларына жайғасқан қалың ел түнгі бейқам тыныштық құшағына кірген.


Елемес екеуміз кеңседе отырмыз. Кеңсе Сеңгірбай ауылының Тереңсай жақ шетінде. Беркімбайдың үйінде. Мана күндіз Елемес әдейі барып Жәмимен тілдесіп келген. Осы түнде Бәкібайды қасына қосып беріп, қалаға асырып жібермекпіз. Жәми бізден осыны тілек еткен. Тура уездік атқару комитетінің өзіне барып, басына ерік алмақ. «Ақыр, тегі, қалада біреуге үй күтуші боп жалдансам да енді қайтып үйімнің бетін көрмес едім», — депті


Жәми. Менің ойымша, Жәми әзірінше қалаға барып, басына ерік ала берсін, алып қашты шаң-шұң аяқсығанда әдейі іздеп барып, ең болмағанда, сондағы бір мектепке оқуға орналастырармын.


Сөйтіп бүгін түнде Тоқсанбайды, оның қызын алғалы келген күйеу-құдаларды тотитып кетеміз. Жәмидің жай-жапсарын біліп келуге Бәкібайды жібердік. Тез барып келе қояйын деп кеткен


Бәкібай ұшты-күйді жоғалды. Бұған не болды? Бәкібайдың артынан Елеместі жіберейін деп ойлап едім, оның да қисынын таба алмадым.


— Сұмдық-ай! Жәмиді жын соғыпты. — Бәкібай маңдайынан сорғалаған терді шолақ қолымен сыпыра сүртіп, ентігіп тұра қалды. — Аузынан ақ көбік ағып, талып жатыр... Шешесі басын сүйеп жылап отыр. Ауыл адамдары жиылып қалыпты. Зәрем зәр түбіне кетті.


— Жынданыпты?! — Елемес қайталап сұрады.


— Жын соғыпты. Өтірік айтып тұрсам, иманым бұйырмасын. Осы, әлгі әзірде ағасының отауында жалғыз отыр екен. Жеңгесі келсе, көгеріп, сазарып, талып жатыр дейді.


— Сұмдық болған екен, — дедім ыңғайсызданып, — қой, басқа бір себебі бар шығар!


— Оншасын қайдан білейін, — деді Бәкібай алақтап.


— Қаракемерге дереу кісі жіберіп, дәрігер алдырамыз ба, қайтеміз — дедім.


— Жо-жоқ, мұғалім! — Бәкібай басын шайқады. — Жынданған кісіге доғдыр дым да істей алмайды.


Елемес бейтарап күйде төмен қарап отырған.


— Жарайды! — Қолымды оқыс сілтеп қалдым. — Себебін кейін біле жатармыз. Әзірге осы әңгімені доғара тұрайық.


— Сіздерді Тоқсанбай үйіне алып барайын ба? — Бәкібай жалтақтап есікке қарады.


— Барғанда оған не істейміз? — дедім.


Менің Тоқсанбай үйіне барудан бой тартқандағы ойымды ұқты ма, әлде баруға өзі де қорқып отыр ма, оншасын қайдан білейін, Елемес мені қостап:


— Бармай-ақ қояйық, — деді.


— Бұдан басқа айтатын не хабарың бар? — Жәми жайына байланысты әңгімені бұдан әрі өршіткім келмей, Бәкібайға сөз тастадым.


Қорқынышты сезімнен шамалы арылып, сабасына түсе бастаран Бәкібай бұл сапар көңілді ыңғай көрсете:


— Сейсенбектің келіншегі қолақпандай ұл тауыпты, бүгін... Бұдан басқа дәнеңе естіген жоқпын, — деді.


— Күлжанның ұл тапқанын білеміз, — деді Елемес назырқанған сыңаймен. — Ана жақтағы Нұртайлардан не хабарың бар?


Бәкібайдың жүзі салқын тартып, реніш реңі қалқып шыға келді.


— Көресімді әкемнен көретін болдым, — деді де, кеудесіне ұялаған ашу-ызаны ортайтып алғысы келгендей ауыр күрсінді.


— Не боп қалды? — Елеместің бұл тікшіл сұрағы көңіліндегі кірбеңді қаузап жіберді ғой деймін, Бәкібай сұрланып, салқын шыраймен қарады бізге.


— Нұртайдан ада-күде бөлінсін, елге көшіп келсін деп, кеше Көлбаршынға барған біреуден әкеме сәлем айтып жіберсем, жерден алып, жерге салып, ұрсып жатыр дейді. Әуелі өз күнін көріп алсын, менен аулақ жүрсін депті. Нұртай соның басын айналдырып қойған ғой деймін.


Бір жағынан Жәми басына түскен пәле мазалап барады. Оның үстіне, Күреңбай мен Бәкібай арасындағы шимай-шатақтың тамыры тереңде жатқандай сезіледі. Әйткенмен Бәкібайды құр бет алды желіктіріп жібермейін деген оймен тоқтау айттым:


— Өкпелеген шығар. Тулап-тулап басылар. Қайда кетер дейсің.


— Әкемнің сыры өзіме мәлім ғой, — деді Бәкібай мұңайып, — барып тұрған қыңыр адам. Нұртайдан кетсе өлетіндей көреді. — Бәкібайдың сөзін Елемес іліп әкетті.


— Көңіліңе келсе де айтайын, сенің әкең Нұртайдың қарғылы төбеті болып кетті.


Сәрсенбай мен Біләл бір адамды сүйреп алып келгенде сасып қалдық. Оң жақ босағада ұйлығып тұрмыз. Басынан бақайына шейін ақпен оранған масқара адамды дырылдатып сүйреп әкелген Біләл мен Сәрсенбайда үн жоқ. Масқара адам олардың ыңғайына көнбей, жұлқынып, шалқайып кейін тартады. Бет-аузы қазанның түп күйесіндей. Көзі жылтырайды. Тістері ақсиып, ықылық атады.


— Ағатайлар-ау, мыналарың не пәле? — деп қалды Елемес.


Бәкібай менің артымда тасалап тұрған. Жүрегіме сұмдық қорқыныш кірді. Ішім мұздап кетті.


— Қорықпаңдар! — деді Сәрсенбай бізге назар аударып. — Бұл кәдімгі адам. Өзіміздің Күреңбай.


— Күреңбай!


— Иә, Күреңбай! Дәл өзі!..


Сәрсенбайдың бұл сөзінен күш алған біздер әлгі масқара адамға жақындап, айнала қоршап тұра қалдық.


— Кәні, Бәкібай! — деді Біләл тістеніп, — сыпыр алжыған әкеңнің бет пердесін. Көрден тіріліп шыққан адам қандай болады екен, көрейік.


Біләл мен Сәрсенбайдың Күреңбайды әшкерелей келген ашық шырайларын көрген соң жүрегім орнына түсті. Көз жіберіп қарасам, Елемес пен Бәкібай бастапқы қорқынышты қалыптарынан онша айни қоймаған екен. Сенер-сенбестерін білмей, бейжай күйде үнсіз-тілсіз қатып қалыпты.


— Босат деймін! Құдай үшін босатыңдар! — Үйдің ортасында мелшиіп отырып алған тірі аруақ қинала дыбыс шығарды. Әкесі екенін дауысынан таныған Бәкібай оған шүйіліп келіп, үстіндегі ақ шүберегін жалма-жан сыпырып алды. Кебінін сыпырып алғанда бір қабат көйлек-штанымен қалған Күреңбай суық суға батып шыққандай қалшылдап отыра кетті. Ақтық рет рақым күткендей бәрімізге жалбарынып қарайды.


— Шөлдедім... Бір жұтым су беріңдерші?..


— Нұртайыңа барып қымызға қанарсың, — деді Біләл сұстанып, — сумен аузыңды былғамай-ақ қой.


— Елді ала тайдай бүлдіріп, сені мұнша не қара басты, көктөбет! — Сәрсенбай қос жұдырығын тастай түйіп алып, Күреңбайға төне бергенде, араға түсе кетіп, арашалап алдым.


— Ойбай-ау, масқара-ау, мынауың не сұмдық? — Бәкібай шыжалақтап әкесін жұлқылай бастап еді, анау үн қатпай, оның қолын қағып жіберді. Келесі сәтте Бәкібай шиыршық атып тұрып қалды да, тісін шықырлатып, басын шайқады.


— Әттең, не керек...


Төтеннен пайда болған шырғалаң уақиғаның түпкі шешімін асыға күтіп, түтігіп тұрмын. Жүрегімді ыстық қан басып, тынысым тарылды. Күреңбайдың жер-жебіріне жетіп ұрсайын деп, оқталып едім, көмейіне қиыршық тас тұрып қалғандай, үнім шықпады.


— Ал сөйле! Бұл істеп жүргенің не масқара? — Елемес Күреңбайдың бетіне ежірейе қарап, төніп барды. Анау тіс жарып үндеген жоқ. Мал ұрлап, кісі өлтіріп қолға түскен қанды балақ қарақшыдай мысы құрып отырып қалды.


— Кәні, сөйлеңіздер! — Біләл мен Сәрсенбайға сұраулы кескінмен қарадым. — Бұл кісімен қай жерде кездестіңіздер?


Қоңырқай қысық көзінің қарашығын төңкеріп, жеңілтек денесін қунақ қозғап, Сәрсенбай сөйлеп кетті:


— Біләл екеуміз Байжан аулынан келе жатыр едік. Ойымызда түк те жоқ. Қыраттың үстіндегі ескі моланың ішінен бір жылқы пыр етіп осқырып қалды. Бұл қайдан жүрген жылқы болды екен деп, сезіктеніп тұра қалдым. — Қыз алып қашайын деп жүрген біреу болмаса неғылсын.


— Молада жасырынып жатқан ұры бар шығар деп ойладым, — деді Біләл ләппай таппай. — Сонымен, не керек, әлгі жылқы бірдеңеден сескенді ғой деймін, үш-төрт дүркін ішін тартып осқырып қалды. Осы мезетте: «Тек, арамқатқыр!» — деген ызалы дауыс шықты моладан. Елеңдеп тұрмыз. — Мынау таныс дауыс, — дедім Сәрсенбайдың құлағына сыбырлап.


Алабұртып Сәрсенбай сөзге араласты:


— Күреңбай екенін даусынан тани кеттім.


Біләл тақат тауып тұра алмай, Сәрсенбайдың сөзін бөліп жіберді:


— Қорқып тұрсың ба? — дедім мына сабазға. — Молаға кірейік. Бұл антұрған неғып жүр мұнда? Қашан айттың деме, жүрісі суық. «Әй, Күреңбай, шық бері», — деп дауыстап жібердім. Үн жоқ. Тек әлгі жылқының тыпыршыған дүбірі келеді. Адам көрінбейді. Мына Сәрсенбай барып тұрған су жүрек екен, біреу жеп қоятындай шегіншектей береді. Аяғын баспайды. Зып беріп моланың есігінен кіріп кеттім. Жанының тәттісін қарашы, мынау сыртта қалып қойды. Оң жақ босағада қаңтарулы тұрған атқа көзім түсті. Нұртайдың күрең қасқасы. «Кімсің?» — деп ақырдым, аттың ар жағында бұғып жатқан ақ киімді адамға. Құдды өлік. Қозғалмайды. Дәл бөксе тұсынан теуіп жібердім. «Әй, Біләлмысың, аманбысың?» — дегені бар емес пе? Күреңбай! Сыртта қалған Сәрсенбайды шақырдым.


— Әй, қорықпа, бері кел, өзіміздің Күреңбай екен, молаға түнеп жатқан.


— Расында да, зәрем ұшты. Біләлдың даусы еркін шыққанда барып шамалы жүрегім дауалап, бой тоқтатып алдым да, молаға кірдім, — деп Сәрсенбай қорқақтығын мойындап қалды. — Күреңбай-ау! Молада неғып жүрсің? — деп, малдас құрып отырған ақ киімді адамға тіл қаттым.


— Ұзын сөздің қысқасы, — деді Біләл толқынып, — Күреңбайды моладан суырып алып, осында әкелдік. Байжан аулына кетіп бара жатқанымызда, іңір кезінде кеңседе от көрініп еді. Дәуде болса, мұғалім мен Елемес кеңседе отырған шығар дедік те, өзінің шүберек белбеуімен аузын тұмшалап Күреңбайды алып келдік.


Тұзаққа түскен шымшық торғайдай бүрісіп отырған Күреңбайды айнала қоршап тұрмыз. Осы сәтте Күреңбай менің көзіме көрден тіріліп шыққан «аруақтай» қорқынышты да жексұрын көрінді.


Күреңбайдың жан терге түскен масқара кескініне тесіле қарап тұрмыз. Құлағы тарс бітіп, жағы қарысып қалғандай, жуық маңда үн қататын түрі жоқ. Шеке тамырлары көгеріп, көзі аларып, кіріптар пішінмен жалтақ-жалтақ қарайды бізге.


— Кеудеңде жаның бар болса, сөйлесейші! — дедім ызаланып.


— Тартасың сазайыңды. Көресің көресіңді, — деді ызаға булыққан Елемес.


— Мұндай боларын білмедім ғой, — деді Күреңбай күйбеңдеп.


— Саған бұл масқараны істетіп жүрген кім, соны айтшы? — дедім мәселенің төтесіне көшіп.


— Шатастым, адастым, — деді екі езуінен ақ көбік ағып, көзі жасаурап, қалжырап отырған Күреңбай. — Мені өлтіремін деді, пышақ ала жүгірді, тірідей көрге көмемін деді... Қашып шықтым.


— Бос былшылды қой да, шыныңды айт! — деді Біләл сілкініп.


— «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деген осы. Аспаннан аяғың салбырап түссең де жамсатайын ба, өзіңді, — деп, бір жағынан Сәрсенбай сөзбен төмпештеп жатыр.


Күреңбай сүйретіле тұра беріп, етпеттеп жата кетті. Өксіп жылап жатыр.


— Құдай-ау, қандай күйге түсірдің мені.


— Сенің бүйтіп әке болғаның құрысын. Құдайыңмен қоса мүрдем кет! — Бәкібай өксіп жылап жатқан әкесін жұлмалап тұрғызып алды.


— Шынын айтпаса, — дедім зілденіп, — қол-аяғын байлайық та, қазір қалаға жөнелтейік.


— Маған не істе дейсіңдер? — Күреңбай ширай қалды.


— Жан керек болса, шыныңды айтасың, — деді Елемес зіркілдеп.


Біздің шамалы бәсеңдеп қалған түрімізді дәтке қуат көрді ғой деймін, Күреңбай иман таразы қалыпқа келіп, шынға көшті:


— Өлтірсеңдер де өз еріктерің... Шынымды айтайын. Тоқсанбайдың қызын қорқыттым, талып қалды.


— Қара мұның істеп жүргенін, — деді Елемес таңдайын қағып, — Қап, бәлем.


— Мен сіздерге ара ағайындық айтайын, — дедім Елеместің сөзін бөліп.


— Айтыңыз,— деді Елемес құптап.


— Жан керек болса, өмірден үміт қылса, Күреңбай, ең әуелі, Нұртайдан бөлініп келсін. Оған шейін жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыра тұрайық.


— Болсын, сөйтейін, келейін. — Күреңбай көзі шырадай жанып, ширап кетті.


— Ал туысқандар! — дедім, — бұл әңгіме осы арада қалсын. Ал, егер бірде-біреуіңіздің ауыздарыңыздан шығатын болса, өкпелемейсіздер.


18


«Жәми жынданыпты!» — деген хабар найзағайдай зымырай дүйім елге тез тарады. Тоқсанбай сол күні күйеу-құдаларды еліне қайтарып жіберіпті. «Әзірге бара тұрыңдар, осы аурудан қызымның жаны қалса, кейін хабар айтармын, келерсіңдер», — депті.


Жәмидің кенеттен ауыр науқасқа ұшырап қалғанын ел әр саққа жүгіртіп, өтірігі, шыны аралас көпірме дақпыртты судай сапырып жүр. Әр қилы жорамал, жортақы өсектің арасынан бір бұлыңғыр шындық бұлттың тасасындағы күн сәулесіндей бөлек шыға береді. «Жәми сүймеген адамына зорлап бермек болған әкесінің ызасына шыдай алмай, жеті түнде үйінен қашып бара жатқан жерінен ұсталыпты. Содан былай өксім-өксім сөйлеп, сандырақтай бастапты».


Арада екі күн өтті. Жәми күндіз-түні көз ілмей қиналып жатыр. Тоқсанбай елдегі көзі қарақты молдалар мен тәуіптерді үсті-үстіне шақырып, ем-дом істетіп көрген екен, солардың ешқайсысынан қайран болмапты.


Тоқсанбай енді әбден торығып, Төлек еліндегі Жеңсікбай бақсыға қос атпен кісі жіберген екен. Бүгін-ертең келеді деп күтіп отырған көрінеді.


Ел аузына қақпақ қоюға бола ма, Елемес екеуміздің анадағы бір түнде Жәмимен кездесіп, сөйлескенімізді біліп қойған біреулер ағаш аттың басына мінгізіп, әр түрлі өсек таратып жүр. Тоқсанбайдың қызын азғырып, желіктіріп жүр дей ме, не керек, әйтеуір өңшең жел ауыздар бізді күстаналап жүрсе керек. Қыздың жындану себебін ел бір жағынан бізден көреді.


Батқан күннің құбыла жақ көкжиекті алаулатқан алқызыл шапағы жып-жылмағай сөнген шақ. Күндегі дағдысымен ел бейқам жым-жырт. Күндізгі тымырсық ыстықтан титықтап қалжырағандай, бір мезгіл тыншығысы келгендей, бар табиғат қыбырсыз мүлги қалыпты. Іңір әлетіндегі салқын жел қуаң тартқан, жүдеу өсімдік атаулыны жайлап тербетеді.


Бұлыңғыр аспандағы жұлдыздар бүгін қашықтан, селдіреп кеткен. Жұқалаң қоңыр бұлттардың арасынан салқын, самарқау жылтырайды.


Бақсыға арнап босатып қойған Тоқсанбай үйінің айналасы ығы-жығы. Тоқсанбайлар көріпкел үкілі бақсыны құрметтеп қарсы алып, қонақасыға марқа бағылан сойып тастапты.


Қайтсе де әзірге Күреңбайдың сырын елге жария етпейміз. Елемес, Бәкібай, Сәрсенбай, Біләлдан басқа жан білмейді. Қаладан қайтып келген соң Сәметке ғана айтқанбыз. Кеше Сәмет Біләл мен Сәрсенбайды кеңсеге шақырып алып, Күреңбай уақиғасын тістеріңнен шығарсаңдар, сот алдында жауапкер боласыңдар деп, қолдарынан тіл хат алып, қатаң ескертіп жіберген.


Сегіз кессе сіркедей қан шықпайтын топас әкенің сорақы қылығына ішім күйеді. «Асықпай тұра тұр, Тоқсанбай, қыбыңды бір табармыз», — деп сырттан кіжінемін. Әлдебір жақсылықтың шарапатынан мақрұм қалғандай ішім қоңылтақсып, ауыл кеңес кеңсесінде жалғыз отырмын.


Дер кезінде қимылдап қалу керек. Жазатайым аяғымызды шалыс бассақ, Жәмидің жас өмірі біржола қиылып кеткелі тұр. Жеме-жемге келгенде бір қызды азаптан құтқарып алуға шамамыз келмесе, шетімізден жілігі татымайтын жасық болғанымыз дағы. Азаматтық ар-ұжданымызға нұқсан келмей ме? Не амал істейміз, қалай құтқарамыз? Істің бар тетігі осында. Бақсының зікірі мен сілікпесінен Жәми өліп кете қоймас. Сәметпен тағы да кеңесейін. Не керек, пұшайман болдым. Қалай да бақсының алдамшы қылығын ел алдында әшкерелеп, масқаралауымыз керек. Бақсы қырық күн, қырық түн сарнаса да, онысынан түк өнбейді. «Қолыңда құбыланамаң болмаса, орманға барма» деген нақыл еске түсті. Менің қолымдағы құбыланамам Совет түзілісі, арқа сүйер асқар белім Коммунист партиясы. Ендеше неден қорынамын? Ескі әдет-ғұрыптың залалды көріністеріне кем-кемнен шабуыл жасай берсек, улы арам шөптерді бір-бірлеп жұлып тастап, оның орнына хош иісті гүл ексек...


Іңір кезінде кеңседе бас қосайық деген уәдеміз бар еді, Елемес Сәметтен бұрын келді. Сәмет кешігіп келмей жатыр. Бір шаруасы болып кідіріп қалған шығар.


Елемес апақ-сапақта маған биязы шекпен, күлдәрі белбеу, қоңыр елтірі бөрік, кебіс-мәсі, кең тері шалбар әкеп берді. Бұл киімдерді қайдан алғанын қазбалап сұраған жоқпын. Ырғалып-жырғалып отыратын уақыт қайда, жалма-жан шешіндім де, Елемес әкеп берген қазақы киімдерді тез киіп алдым. Сөйтіп, ауылдың қатарлы сары кідір адамы болып шыға келдім.


Ентіге кірген Сәмет өзгеріп киініп алған мені көргенде секем алып тұрып қалды.


— Бәтір-ау, мына киіміңе жол болсын? — Сәмет көзі жайнап, бетіме таңдана қарады.


— Бақсыға көмекші болайын деп едім.


— Айтпасаң да біліп тұрмын. Зікірге жиналған жұрттың арасына білдірмей кіріп кетейін дейсің ғой.


— Біздің Сәкең адамның ойындағысын айтпай табады, — деп Елемес оны қолпаштап жатыр.


— Ойымның дәл үстінен түстіңіз, — дедім шынға көшіп өмірімде бақсының бетін көрген жан емес едім, қызықтарын көрейінші бір!..


— Байқа! — деді Сәмет алдын ала сақтандырып, — Бәлекет біліп қойып, жазым ғып жүрмесін өзіңді.


— Бақсы маған не істер дейсің, тәйірі.


— Сірағысын айтам. Кім біледі, нойыс неме, ызаланып зияндап жүрмесе дегенім ғой.


Елемес толқулы екен. Қанша дегенмен Сәмет пен Елемес ескіліктен әлі қол үзе қоймаған ауыл адамдары емес пе, бақсыдан сескенетін қалыптарын осы арада сездіріп алды. Сөз тыйылды.


Ауыл-ауылдың сыртын айналып өтіп, Тоқсанбай үйіне беттеп келе жатырмыз.


Жолшыбай мықтап сөз байластық. Сәмет пен Елемес зікірді қызық көріп келген бала-шаға, жігіт-желендерге араласып, сыртта елеусіз тұрып қалатын болды. Мен қарбаласта зікіршілерге араласып, Тоқсанбай үйіне кіріп кетпекпін.


Айтқандай-ақ, Тоқсанбай үйіне білдірмей кіріп, жиын-топыр зікіршілерге араласып кеттім. Төргі үйге екі жерге шөлмекті аспалы шам іліп қойыпты. Жиналған жұрт үн-түнсіз отырып жатыр. Әркім өзімен өзі болып, тіс жарып үндемей тымырая қалысты. Қоңыр елтірі бөрікті көзіме баса киіп, қималы биязы шекпеннің жағасын желкеме көтере түсіп, қара көлеңке босаға жаққа отыра кеттім. Кең үйдің ішіне бір жапырақ бұйым қоймай жинап алыпты. Есіктен төрге шейін алаша, текемет төсеп тастапты. Жәмиді үйдің ортасына сұлатып, төсекке жатқызып қойыпты. Әрі-беріден кейін бақсыны ертіп Тоқсанбай келді. Отырған қырық шақты адам орындарынан дүрліге тұрып, бақсыға бас иіп тәжім етті. Басқалар не істесе бәрін де айнытпай қайталадым. Бақсыны төр жаққа өткізіп жібердік те, үш қатар боп, алқа-қотан отыра қалдық.


Бақсы жұқа өңді, аласа бойлы, құс тұмсық, қара сұр кісі екен. Жылмағай көсе. Үстіндегі киімі де бір жосық. Кестелі қызыл көзел мәсі, жеңіл кебіс, айыр балақ қара шалбар, қысқа жең, шолақ етек қара шапан, қара тақия киіпті. Киім киісі молдаларға ұқсайды. Ақ дабы кең көйлегінің тік жағасын ағытып қойыпты. Тіктеп қарағанда көзі өңменіңнен өтеді. Көз ілеспейтін шапшаңдықпен Жәмидің бас жағына шарта жүгініп отыра қалды. Ауыздарына тас салғандай сазарып отырған адамдардың жүздерінде үрей бар. Артқы, үшінші лектің босаға жақ шетінде отырмын.


Бақсы қобызының ысқышын қыл үстіне ерсілі-қарсылы жүгіртіп, біраз желпініп алды да, қырылдап, үйреншікті бәдігін бастап жіберді. Кәрі қобыз құдды адамша сөйлеп кетті. Күзгі шақта аспан кеңістігіне шырқап шығып алып, жылы жаққа үдере жол тартқан үйірлі тырнаның мұңды тырауындай, сыңсып басталған әуен кем-кемнен күшейіп, сыңқылдап кетті. Қобыз күйі бір мезет құйқылжып төмен сорғалап, жер бауырлап сарнайды да, енді бірде шиыршық атып аспанға әуелеп кетеді. Бақсының нәзік саусақтары етікшінің бізіндей сумаңдап, қобыздың қылдырықтай мойнына қарай ойысып кеткенде, күй сарыны булыға қалады. Қақпағына қарай кілт шегінген сәтінде аңырай жөнеледі. Күйіне келген кәрі қобыздан шыққан алуан нақыш шартарапқа атой салады. Біресе әуелеп ұшқан тырна болып тырауласа, біресе айдын көлде таранған аққудай сұңқылдайды. Енді бірде алыстап бара жатқан бір топ қаздай қаңқылдайды. Тағы бір сәтте ботасы өлген боз інгендей боздап кетеді. Тыңдаған жанның көңілін босатып, егіле еңірейді. Бір ауық тасыған өзендей гүрілдеп барып, баяулап тына қалады. Нәзік саусақтар ерсілі-қарсылы ойнақ салғанда кәрі қобыз ышқына ыңыранады.


Бақсы екі көзін тарс жұмып алып, қобызын аңыратып отыр. Өмір тірліктің бар тетігі осы қаршадай қара сұр бақсының қолында тұрғандай-ақ, зікіршілер оның қан-сөлсіз қушық бетіне телміре қарайды. Бақсы бір заматта қаймыжықтай аузын кең ашып, сирек біткен ұсақ тістерін жанға тие шықырлатып, селкілдеп басын шайқады. Зікіршілерді басы бүтін баурап алғысы келгендей, көзін ақшаңдатып, шиқылдай берді. Көзінің қарашығын ойнақшытып, ғажап шапшаңдықпен үш-төрт мәрте шыр көбелек айналып түсті де, аһ ұрып қиналып жатқан Жәмиге төнді.


Шапалақпен жарына осып-осып жіберді. Әупілдеп түрегеліп, қолындағы қобызын бет алды лақтырып жіберді. Қол басындай тоқпақты жерден ала салып, сіресіп, шалқая тұра қалды да, өз кеудесін ышқына соғып-соғып жіберді. Сәлден кейін қолтоқпақты лақтырып тастай берді. Жерден қобызын алып, оны бар пәрменімен көкке сермеп лақтырып жіберді. Зырлай ұша түсіп, төмен құлдыраған қобызды жерге түсірмей қағып алды.,Шарта жүгініп отыра қалып, қобызға қосылып сарнай бастады бақсы:


— Жын атасы Көзбембет, е-е-еу,


Батырым Шойлан жылдам жет, әй,


Алладан болсын керемет, у-у-ау,


Біз қылайық қызмет...


Бақсының әуезесіне еріп жаппай сарнап кеттік.


— Сұбыхан алла!


— Сұбыхан алла!


— Ләһиләһа иллалла!


— Ләһиләһа иллалла!


— Мұхаммади-расулалла!


Әрі-бері зікір салып басыла бергенімізде, бақсы дік етіп ортамызға тұра қалды да, бет-аузын қисаңдатып, ышқынып айқай салды:


— Ақ сөйлеңдер, жамағат! Арам ойлы адамды таппай қойман сірә да... Зияндасты ашармын, заһарымды шашармын.


Тағы да жабыла шулап кеттік.


— Астағпыралла, астағпыралла!


Бақсы қобызын ойнатып, тағы да сарнап кетті:


— Кербалақ атты ер, Шойлан


Шақырғанда, кел, Шойлан,


Абырой маған бер, Шойлан!


Шақырғанда келмесең,


Абыройды бермесең,


Басар мені шер, Шойлан...


— Сұхбан алла айтыңдар!..


Бақсы тепсініп барып, қобызымен Жәмиді жасқап-жасқап жіберді. Қыздың бойына ұялаған жын-шайтан атаулыны үркітіп жібергісі келгендей, бақырып айбар көрсетті. Қиқылдап-шиқылдап, ғайыптағы пірлеріне ұран салды. Бақсы атаулының «киелі атасы» Қойлыбайдың атын атап, зарлап кетті:


— Желмаямен жарысқан,


Жын-шайтанмен алысқан,


Тұлпардан қобыз оздырған,


Зияндасты тоздырған,


Дархан бабам Қойлыбай,


Медет бер, маған бір өзің.


Бақсы осыны айтып, Жәмиді білегінен шап беріп ұстап сүйреп тұрғызып алды. Ортадағы ашық жерге шыр көбелек айналдырып жүгіртіп әкетті.


— Ойна, ойна! — деп қақсайды бақсы.


Жәми бақсының ыңғайына көніп, ақ көйлегінің ұзын етегі көлеңдеп, айнала дедектеп безіп жүр. Бір мезетте бақсы Жәмиді төсегіне құлатып тастады да, қобызын көкке сермеп, секіріп билеп кетті.


Ыңқылы жиілеп, дөңбекшіп жатқан Жәми бір кезде жыламсырап әлсіз тіл қатты:


— Су! — Оның өтінішіне құлақ асқан жан болған жоқ. Қыбыр етсе, бақсының пірлерін үркітіп жіберетіндей, тас-түйін боп қатып қалған.


Бақсы қобызын әрі-бері безілдетіп, сарнап алды да, орнынан атып тұрып, есік жаққа ұмтылды. Қол бұлғап әлдекімді шақырады. Есік алдында қалта қарап тұра қалды да, көзін алартып, тамағынан басыр болғандай, қырылдап сөйледі:


— Келді, әні ер Шойлан,


Келе жатыр Көзбембет,


— Сұбхан алла айтыңдар.


Жол беріңдер, халайық,


Пірлерді қарсы алайық,


Зияндасқа ойран салайық...


Жарылып жол босаттық. Бақсы жанталасып есікке жетіп барды. Басын бұлғаңдатып, қолын ербеңдетіп, езуінен ақ көбігі бұрқырап, көзі ақшаңдап кілт тоқтай қалды да, бебеу қағып қайтып келді.


Сабырлы қалпымды сақтауға қаншама тырыссам да, бақсының әсері маған да тимей қойған жоқ. Жүрегім қобалжып, мазам кетті. Қорқыныш, ашу-ыза араласқанда ақыл-есің күңгірт тартып, жар басында қалт-құлт етіп тұрғандай, бір қатерлі күйге түсесің.


Бақсы Жәмиді жұлқылап-жұлқылап, екі үш дүркін төмпештеп алды да, «әупірім, әупірім!» — деп, тағы да бақылдап кетті.


Жәми дөңбекшіп, ышқына сөйлеп жатыр. Қара көзі от шашып, әлсіз күбірлейді.


— Өлемін... өлдім. Сәмет ағай қайда? Мұғалім неге келмейді?.. — Шашы дудырап, басы жастықтан түсіп кетті. Көзіне әлдебір сұмдық елестегендей, аунай беріп, бетін басты.


Булығып кеттім. Жазылар ма екен сорлы? Құтылар ма екен осы науқастан? Әттең дүние-ай, әлде осылай арманда өліп кете ме? Ыстық жүрегім суынып, тұла бойым тастай қатып, жұлын-тұтамды ашу-ыза бүрістіріп әкетіп барады. Сөйткенше болған жоқ, бақсы қобызын безілдетіп, қайта сарнап кетті:


— Айналайын ақ мерген,


Іздегенде тап келген,


Кереге бойлы жыланмен


Кеселін мұның тап мерген.


Жаңадан шыққан жас перім,


Арыстандай аш белің,


Жын десе жайнап құтырған,


Жүрегі қара тас, бөрім,


Азу тісі ақсиған,


Айналайын ақ бурам,


Жерді тұсап, жынды қу,


Желкілдеп көкте ақ шудаң.


— Келді, міне, Көзбембет, келді, әне ер Шойлан! Ашыңдар жолды, ашыңдар!


Зікіршілер тастай қатып тұрып қалды. Жеңсікбайдың пірлері сау етіп үйге кіріп келгендей, есік жаққа үрпие қарасты, бәрі. Қан тамырлары мен жүректерінің соғуы баяулап, буындары талмаусырап, дәрменсіз күйге түскендей.


— Тараңдар, неменеге таңырқап тұрсыңдар, түге! — Тыстан Сәметтің өктем даусы құлағыма шалынды. — Ал не тұрыс бар, жігіттер, кіріңдер үйге...


Бес-алты жігіт сау етіп кіріп келді. Алдарында — Бәкібай. Зікіршілер үрейленіп қарай қалғанда, бақсы көзі алақтап, бүкшиіп отыра кетті. Жігіттер апырып-жапырып ұмтыла бергенде, бақсы орнынан атып тұрып, олардың алдында кесе-көлденең тұрып қалды. Бақсы жан дәрмен жұлқынып, алдыңғы Бәкібайға жармасып еді, Бәкібай оны төбеге бір қойып мұрттай ұшырды. Қолындағы қобызын тартып алып, табанына басып, ортасынан қақ бөліп, ауыз үйге атып жіберді. Мына оқыс әрекеттің қалай басталып, қалай өрістеп келе жатқанын қапелімде пайымдай алмай естері кеткен зікіршілер қуыршақтай сіресіп, әр жерде қалшиып тұрып қалыпты.


— Тараңдар, кетіңдер! — Сәмет есіктен ентелей кіріп келіп, шамырқанып айқай салды. Зәресі ұшқан зікіршілер Сәметке ләм-мим деген жоқ. Іннен шыққан суырдай сүмірейіп, біртіндеп үйден шыға бастады. Уақиғаның түпкі мәнісін енді ғана аңғарған Тоқсанбай бет алды ойбайлап, бажылдап жүр.


Көптің дүрмегімен тысқа шықтым. Төрт жігіт Жәмиді төсегімен қоса көтеріп алып шығып, қос ат жеккен тарантас арбаның қорабына алып ұрды. Әлгідей болған жоқ, Жәмидің шешесі Сындыбала қараңғы түнді басына көтеріп, шетімізден сыбап, жер-көктегі қарғысты жауғызып жатыр.


Сонда Сәмет тұрып, жамыраған көптен даусын асыра:


— Бақсы тұтқынға алынды. Жауабын өзім беремін! Ал жөнеліңдер, Елемес, Бәкібай! — деді.


Жұрт аң-таң. Шаптығып Сәметке тіл тигізген бірен-саран әйелдер де әрі-беріден кейін басылып қалды.


Таң бозарып атып келеді. Бәкібай қозлаға қонды.


Жанжал шығып кетіп, шимай-шатаққа кездесіп қаламыз ба, қайтеміз деп күдіктеніп тұрмын. Бір жақсы жері, қараңғыда көп ішінен мені ешкім таныған жоқ.


Сәметтің бұл шұғыл әрекеті көңіліме пәлендей қонып тұрған жоқ. Күні бұрын ақылдасып алмай, нойыс қимылға басқаны несі екен? Тыңғылықты шешім деген осындай бола ма? Айтпай, дәнеңе етпей, осы істеп жүргенің не, өзіңнің деуге батылым бармады. Зікіршілерге араласқанда бақсының бар пәле-сұмдығын біліп алайын, күні ертең ел арасында жүргізетін үгіт-насихатыма тиек етейін деген едім. Сәмет менімен ақылдаспай, өз білгенімен осындай ұшқары қимылға барады деген ой болған жоқ-ты менде. Әрі ойлап, бері ойлап, ақырында, іштей көніп қалдым. Мейлі, осылай-ақ болсын. Қайтсек те Жәмиді құтқарсақ болғаны да.


Сәмет шамырқанып әмір берді:


— Келген пәлесі болса өзім-ақ көріп алайын. Кәні, тартыңдар, қалаға!


Елемес Сәметтің осыны айтуын күтіп тұрғандай-ақ, арбада сұлап жатқан Жәмидің қасына отырып алды. Қозлада қоқиып отырған Бәкібай шірене шалқайып, делбегені сірестіре қағып қалғанда, ауыздығымен алысып, тыпыршып тұрған қос ат тарантасты қалбағай ойнатып ала жөнелді.


Қатын-қалаш, шал-шауқандар ойбайын салып қала берді. Шығыс көкжиектен рауандап таң атып келе жатыр. Күлдірлеп ауылдан ұзай берген тарантас сәлден кейін көзден ғайып болды. Сәмет екеуміз көп ішінен сытылып шығып, өз жөнімізге кеттік...


19


Сәскелікте көтерілген күн сәулесі алты қанат ақ үйдің жарым-жартылай ашып қойған түндігінен мол түсіп тұр. Таң сәріден тұрып, қара малдары мен қойларын өргізіп, бие байлағанда басы-қасында болып келген Нұртай қаймақ құйған күрең шайға қанып алды да, бала жіберіп Күреңбайды шақыртты.


Тор алдында мамық жастыққа көміле шынтақтап, оң жамбасымен қырын жатқан Нұртай Күреңбай келгенде басын көтеріп алды. Жылы шыраймен тақыл-тұқыл амандық айтысып, үздіге сөйлеп кетті:


— Түрің келіспей тұр ғой, бір жерің ауырып жүр ме?


— Әзірге денім сау, — деп күңк етті Күреңбай.


— Тақыртөбе жаққа барып келгелі түсің қашып, күйсіз жүрсің... Әй, білмеймін-ау, — деді анау жайсыз қозғалақтап.


— Кеудеме шаншу қадалып жүргені, — дей салды Күреңбай өп-өтірік.


Күреңбайдың бұрнағы күні Тақыртөбеде қолға түсіп арандап қалғанын Нұртай білмейтін. «Не бітіріп қайттың, барған шаруаңды тындырдың ба?» — деп сұрағанда: «Бәрі де орындалды, тапсырған шаруаңызды тап-тұйнақтай тындырып келдім», — деп, қысқа жауап берген.


Күреңбайды қарсы алдына жақын отырғызып, әуелі «Тақыртөбе» жақтан тыңнан не хабар бар?» — деп шыжымдап сыр тартты. Әрненің басын бір шалып, көр-жерді сұрағыштап, қутыңдап отыр еді. Күреңбай оның сөзін немқұрайды тыңдады. Нұртай жылдырмалатып отырып, бір кезде мақсатты әңгімесін қозғады.


— Әдейі сеніп тапсырған шаруамды жеріне жеткізе орындап келгеніңе бихисап разымын. Біреу-міреудің көзіне түсіп қалып, мерт бола ма, қайтеді деп ішкен асым бойыма тарамап еді. Аман келгеніңді көргенде барып жүрегім орнына түсті... Жарайсың, жарайсың! Жігіт екенсің. Жолыңда жүк қалдырмайтын нар екенсің.


Күреңбай түсін суытып, бар ашу-ызасын қабағына жинап, кенет өзгерте қалды. Жан боп жаралғалы көзге шалынбаған бір айбат танытып, қатал сипатқа ауысты.


— Сізге істеген ақырғы жақсылығым осы болар, — деді Күреңбай дүмпу көрсетіп.


Нұртай беті қызара қалып, обаған көзінің титімдей қарашығын ойнақшытып, Күреңбайдың өңменінен өткізе қарады. Бұрынғыдай ығына жығыла кетпей, оқыс өзгере қалған қатал кейпінен секем алып:


— Неге олай дейсің? Алла тағала, қалған ғұмырымызда нәсіп болашақ жақсылықтарды бірге керуге жазсын, — деді.


— Жетер тәлкегің, жетер! — деді Күреңбай онан сайын бетіне ызғар жинап. — Нұртайды зілді сөзбен осылай бір нұқып алды да, қолымен жасқап тұрып, сөзін жалғап жіберді: — Баяғыдан бергі істеген бар жақсылығыңды өзің қайтып ал да, зәбір-қиянатыңды арқалатып жібер!


— Жазған-ай, жөніңмен жазғырсаң етті, тап осы арада кінәласудың не керегі бар? — Қапелімде ту сыртынан біреу келдекпен соғып жібергендей мұқалып қалды.


— Жаман да болса балам ғой. Кетемін Бәкібайыма, елге барамын.


— Япырай! — деді Нұртай кірпіше жиырылып, — мына сөз қайдан шықты?


— Бұл сөз мына менен шықты... — Күреңбай сұқ саусағымен кеудесін түртіп, көкірегін керіп шалқая түсті.


— Сен осыны шын айтып отырсың ба? — Нұртай сылбыр күймен мойнын бір қылқың еткізді.


— Шын айтпағанда сенімен қалжыңдасып тұр ғой дейсің бе...


— Мен саған қатын әперіп, енші беріп, бөлек үй ғып шығарайын деп жүрсем. Бас жоқ-көз жоқ кетем дегенің қалай, бәтір-ау!


Күреңбай тамыры көгере адырайған сом білегін сыбанып шімірікпей:


— Баяғыдан бергі жарылқағаның да жетер, ендігі жақсылығыңның керегі жоқ маған.


— Жарайды! Өз алдыңа түтін түтетіп, үй болам дегенің теріс емес, — деді Нұртай жынды кісіше ерсі күлімсіреп. — Ал, бірақ біржола бөлініп кетем дегеніңді құптамаймын. Тіл алсаң, үйіріңнен айырылма.


Күреңбай жұқалаң қара қасын жиырып, мығым дауыспен:


— Жас болса келіп қалды. Қалған аз өмірімді жалғыз баламның қолында өткізейін, — деді.


— Адасып отырсың, Күреңбай! Әлі де болса ойлан! Менен бөлініп кеткенде не барқадар табасың!


— Адассам көппен бірге адасайын. Бел байладым осыған.


— Алдыңа бір қарасаң, артыңа бес қарайтын сақ кісі едің. Азғындардың қармағына қалай түсіп қалып жүрсің? Ашуыңның арынын бас та, аяңдап ақылыңа түс! Ара-тұра өкпе-панаң болса да, кегің жоқ еді. Терең ойланып алып, дәл шеш! Қыздырманың қызыл тіліне ерме, Күреңбай!


Күреңбай терең сезіммен тебірене:


— Ертең жағама жармасады екен деп қорықпай-ақ қой, — деді.


— Отыз жыл отандасып, бір адамдай болып кетіп едің. Бөлініп кеткенің естір құлақтан ұят болады. Ең болмаса, биылша шыдашы, Күреңбай! — Нұртай осыны айтып тыныстап алды да, дәм-тұз, тілек-бата, ата-баба, салт-сана турасынан сөз қозғап, шығанға шығып кетті.


— Арғы-бергіні қазбай-ақ қой! — Күреңбай кең балақ тері шалбарының ышқырын көтеріп құнтыңдап түрегелді. — Әкесі өлгенді де естіртеді. Не десең о де, күркемді жалғыз сиырыма тиеп аламын да, кетемін қазір...


— Бұл қалай болды, бұл қалай болды? — дей берді Нұртай шапанының етегін қымтай түсіп.


— Қанжығаңа байлап жүрген жанторсығың емеспін ғой мен.


Екі сөз жоқ менде. Кетемін! — Алды-артына қарамай шыға жөнелді.


Нұртай сазарып отырып қалды.


20


Нұртай іле-шала үйінен шықса, Күреңбай құрым күркесін апыл-құпыл жығып жатыр екен. Күреңбайдың аяқ астынан апыр-топыр бола қалған оқыс әрекетін көрген ауыл адамдары жан-жақтан анталап жиналып қалған.


Көлбаршын алабы кенет тебіреніп, толқып кеткендей. Салқын тартқан сарабдал күз күні самарқау жылжып қара көк мұнар басқан көкжиектен жоғары асып, аспан шоқтығына өрмелеп барады. Жыңғыл, қамыс-құрағы туырыла жайқалған айдын шалқар көлдің ық жағына алқа-қотан қоныстап отырған екі ауыл жүдеу. Көл жағасына таяу төрт жердегі ұзын желіге қарайлап, бытырай жайылып жүрген үйір-үйір жылқы, күншығыс беткейдегі қыраңда топ-тобымен өрістеген марқа бұзаулар, қозы-лақтар болмаса ауыл маңында басы артық мал көрінбейді.


Аласа бойлы қартаң әйел қолындағы ұршығын жол-жөнекей иірген бойымен келіп тұра қалып, бетін жыртып, аузын сылп еткізді: «Сұмдық-ау, мына Күреңбайға не болған, іс-міс жоқ қайда кеткелі жатыр!» Теке сақал, қатқан қара шал бақшия алақанын жайып: «Бар бол, бар болғыр! Мұның не?» — деп Күреңбайға жанаса берді. Күреңбай азын-аулақ шоқпыттары мен қазан-аяқтарын жинастырып буып-түйіп алды.


— Бәтір-ау, мынаған не болған? — деп Нұртайдың бәйбішесі Бәдіғұл түйенің жарты етіндей болып, қорбаңдап келіп барқылдай сөйледі. Нұртай қара таяғына иіле таянып, Күреңбайдың алдында бүкшиіп тұра қалды. Күреңбайдың манағы жағымсыз әңгімесін жай қоқан-лоқы деп білсе керек, оның шынайы мұрат-мақсатына енді көзі жеткендей ұрты суалып, дағдарып тұрғанда, бір бүйірден Жетібай сумаңдап жетіп келіп, әй-түйге қарамай Күреңбайға ауыз салды:


— Уа, байеке, көш көлікті болсын! Қай жердегі жайлауыңа көшкелі жатырсың?


Күреңбай құрым-шоқпыттарын жерге қоя салған, Жетібайды оқты көзімен атып:


— Көк майсалы кең жайлауыма көшейін деп жатырмын! — деді.


— Саған не болды, қара басқыр! — Мәжікеннің шешесі Жанбала кемпір шүңірек көзінен сорасы ағып, арық қойдай бүрсеңдеп қалды.


— Қалжың өз алдына, — деді Жетібай ақылына түскендей болып, — байғұс-ау, расында, қаңғалақтап қайда бармақсың?


— Менде сенің не жұмысың бар! — Күреңбай Жетібайдың алдына сіресіп тұра қалды.


Жетібай әнтек ыңғайсызданып, жасқана қарады. Екі қолының саусақтарын қайшы айқастырып, құр бет алды сыртылдата берді. Бет-аузын қисаңдатып, дағдарып тұр.


Қазіргі Күреңбай күні кешеге шейін Нұртайдың айбынынан ығып, әмірін бұлжытпай орындай беретін Күреңбай сияқты емес. Иесінің бұйдалы тайлағындай елпең қағатын көнбіс сипатынан белкүллі айнып, жаңа бір қайсар мінез тапқандай.


— О, жасаған! — Нұртай таяғын шошаң еткізіп, күңірене сөйледі. — Қоянның көжегі құсап әр бұтаның түбіне бытырап кетеміз бе осылай?!


Ағасының ауыр күйзелісі көңіліне жақпай қалды ғой деймін. Жетібай біреу шымшып алғандай тыржыңдап:


— Аға, сіз жоқты айтады екенсіз. Күреңбай кетсе ырысым кеміп қалат деп қорқасыз ба? — деді.


— Жап аузыңды, зәнталақ!..


Сол екі арада Күреңбай шоқпыттарын екі будаға бөліп, қыл арқанмен буып, сиырына артуға ыңғайлап қойды. Айнала қоршап тұрған ауыл адамдарының арагідік ащы қаңқуына дес берер емес.


Бір сұрланып, бір қызарып, берекесі қашып тұрған Нұртай жеме-жемге келгенде, Күреңбайдың оқыс қимылынан арты қиын шырғалаң істің нышанын көргендей, түтеп кетті. Жиі күрсініп, көзі жыпылық қағады. Күреңбайды бұрынғыдай ықтырып, қорқытып тоқтатуға дәрмен қайда. Әйткенмен оның мына ойда жоқта пайда болған қатал мінезі, тапа тал түсте сілкініп кете бастағаны жанына батып кеткен сияқты. Баяғыдан бері ашса аясында, жұмса жұдырығында болып, жел қуған қаңбақтай қайда айдаса сонда кете беретін Күреңбай қазіргі сәтте оның көзіне торды бұзып шыққан аш арыстандай көрінді.


— Барғанда қысқы баспанаң да жоқ, осы күздің суығында жыртық лашықпен не күн көресің? — Нұртай Күреңбайға телміре қарап, біртабан жақындай түсті. — Бүгінше аялдашы, тым құрмаса, азын-аулақ енші бөліп берейін.


— Бір мезгіл тіл алсайшы, мына түріңмен қайда барасың, ел-жұрттан ұят емес пе? — Жетібай Нұртайдың жаңағы ат өтті қолқа сөзін еселеп жіберді.


— Тараңдар, түге, барыңдар? — Бейберекет даурығып бара жатқан кәрі-жасқа ақырып, таяғымен жасқап қуып жіберді Нұртай.


Елге әдейі көшкен соң адам сияқты азын-аулақ қара-құрамен қомпиып барғанын Күреңбай іштей жек көрген жоқ. Нұртайдың өзі біліп бөліп беретін мал-мүлкі болса, азырқанбай алып кеткісі келді. Жантақ мүйіз қара ала сиырға тиеп ыңғайлап қойған кәкір-шүкір нәрселерін, күркесінің құрымы мен шаңырағын қатарлап бір жерге үйіп қойды.


— Жарайды, бүгінше тоқтасам тоқтайын, — Күреңбай райдан қайтып Нұртайға бет бұрды. — Сізден бір тілегім бар: Мына Жетібай маған тиісе бермесін. Енді қайтып, аузын ашса тура қол жұмсаймын! Мұрнын бұзамын!


— Жетібайдың жарасы жеңіл ғой. — Нұртай ернін жымырап, көзін алартып, Жетібайға сұстана қарады: — Зәнталақ, сен жайыңа жүр. Күреңбай екеуміздің арамызға қыстырылма. Бұған бір ауыз жаман сөз айтсаң бар ғой, менен жақсылық күтпе!


Нұртайдың оп-оңай жеңіліп қалған солқылдақ түрін көрген Жетібай ретін тауып оны шағып алды:


— Күреңбайда алты аласы, бес бересім жоқ менің. Сіздің намысыңыз ғой жыртып жүргенім, — дегенде, «болды, сөз біттіні» ишаратпен ұқтырып, таяғын сілтеп калды Нұртай.


Күреңбай «ас панды алақандай, жерді тебінгідей еткен» қатал райынан қайтып, имантаразы қалыпқа келді. Қаптесер тышқандай жылтыңдап тұрған Жетібай шімірікпей Нұртайға сөз тигізді:


— Кетем деген кісіні несіне жолынан қалдырасыз? Барсын; сапары оң болсын, — деді.


Өмірінде басынан сөз асырып көрмеген Нұртай, Жетібайға жекіріп тастады:


— Саған қалған сөз жоқ, зәнталақ! Аулақ жүр. Бар, үйіңе бар. Ақылың басыңнан асып бара жатса, атқа мін, ел биле!..


Жетібай аузына құм құйылып, солбырайып тұра жөнелді.


21


Күреңбай буыншақ-түйіншектерін астына төсеп, жастанып, күркесінің ескі жұртына жатып қалды. Нұртайдың біздің үйге рақаттанып қонып шық дегеніне көнбеген. Іңір шайына шақырғанда да бармай, Жаубасар үйінен бір тостаған айран ішіп, жатып қалды.


Түн салқын. Аспан ала бұлттанып, көл жақтан суық жел соғып тұр. Бұлыңғыр түнде табиғи түсі өзгеріп, қара қошқылданып толқып жатқан айдын көл-ық жағынан қарағанда шетсіз-шексіз аспан кеңістігімен тұтасып көрінеді. Оқта-санда көлден сымпылдап ұшқан белгісіз құстар, қорықтағы бақалардың беймаза бақ-бақпағы сергек жатқан Күреңбайды мазалай түседі. Көпке шейін көзі ілінбеді. Әлдебір бұлдыр ойлар алды-артын орап алып, басы мең-зең болды. Екі жақ жамбасына кезек аунап түсіп, жайсыз жатыр.


Енді көп кешікпей таң атады, жер бетіне жарық сәуле түседі, алаулап күн шығады. Бұйырса, Күреңбай Тақыртөбеге жол тартады. Бәкібайымен қауышып, көзайым болады. Мұғалімге, Сәметке және басқа жандарға ағынан жарылып сыр айтады. Сөйтіп тапа тал түсте жолдан адасып, саз балшыққа белшеден батқан ауыр күнәсін жуатын болады. Ондағы ел-жұрт не дер екен? Азар болса Нұртаймен араздасып келіпті дер. Мейлі, айта берсін.


Күреңбай елең-алаңнан тұрып, сақадай сайланып алды да, сынық мүйіз қара ала сиырға бас жіп тағып, оның қызыл қасқа бұзауын қасына әкеп қойды.


Осы кезде қолына жез құман ұстап Нұртай тысқа шықты. Дәрет алып болғасын анадай жерден қол бұлғап Күреңбайды шақырып алды.


— Жылқының бабын білетін нағыз жылқышы атаның өзі едің, — деп қынжыла сөз бастады, — жазғы жайылымын, қысқы тебінін көзіңнің қырымен танитын едің. Бір мондыбасты жалдап алармын-ау... үйреніскенше не заман. Амалым бар ма, қайтейін. Өлімге де көнеді кісі. Мезгілі жеткенде бастан жақ та айырылады. Әмишә, ақыры қайырлы болсын. Алла тағала саған ұзақ ғұмыр берсін, бақытқа жеткізсін. Біз өзіңе мағлұм болған себеппен амалдап Көлбаршында қыстап қалатын болдық қой. Үш-төрт үйіміз екі даяр қораға бөлініп қыстап шығамыз. Қалғандары келесі аптада Тақыртөбедегі қыстауларына көшіп барады. Бір күн дәмдес болғанға қырық күн сәлем демей ме. Сенімен біздің дәмдес болған күндерімізді хисапқа алсақ, сан жетпейді.


Күреңбай көңіл жықпас пішінмен:


— Құдай сақтасын, сізді неге ұмытайын, — деді.


Нұртай сүңгіп шыққан үйректей мойнын бір қылқың еткізіп, кешірім сұрағандай:


— Көп бермеді деп өкпелеме. Бөліп қойған аз ғана еншім бар еді, азсынбай ала кет, — деді.


Күреңбай анау не айтса да қостап, құптай берейін деген байламға бекініп алды.


— Не берсеңіз де ризамын.


— Алла тағала әр пәндәсіне тауфық берсін. Дүние шіркін кімге жолдас болар дейсің. — Күбірлеп арабша сөйлеп кетті: — «Уаддүния жипатун, уа талабун кәлбун». — Айтып тұрған балдыр-батпағына Күреңбай пәлендей мән бере қоймаса да, өзі іле қазақша мағынасын қоса түсіндірді. — «Дүние деген бір боқ, оны қуынып, іздеген адам ашқарақ итпен барабар», — дейді арабтар, — мен соны айтып тұрмын, — деді.


— Мен дүние қуып, баюды көздеп жүрген адам емеспін ғой, — деді Күреңбай кірбең алып.


— Сірағысын айтам... Әр нәрсеге қанағат қылмақ керек.


Тебіренген терең ойды әрең тежеп тұрып, Күреңбай:


— Ертерек аттанайын, жүрейін, — деді.


— Нәрселеріңді мынаған тиеп ал. — Нұртай бір бүйірде тұрған ескі жадағай тарантасты таяғымен нұсқады. — Ана тұрған өгізді жек! — Осы арбада байлаулы тұрған қисық мүйіз қоңыр өгізге көз жіберді. — Бір кесек киізге көрпе-жастық, бір алаша будырып қойдым, арбаңа салып ал.- Дауыстап әйеліне әмір берді, — Әй, Бәдіғұл, ана, Күреңбайға беретін нәрселеріңді әкпелші бері!..


Күреңбай «өзім барайын», — деп жылжи жөнелгенде, қиралаңдап үйден шыға келген Бәдіғұл атырынып:


— Керек болса, өзі алып келсін, — деді.


Қаздаңдай басып үйіне қарай жөнелген Нұртайдың соңынан Күреңбай селқос еріп кетті. Нұртайдың үйіне жақындай бергенде Күреңбайдың денесіне діріл кіріп, маңдайынан ыстық тер бұрқ етті. Бәдіғұлға үн қатпай дел-сал күйде тұрып қалды. Бай адамның қолынан садақа алғалы тұрған қайыршыдай сезінді өзін. Артына шұғыл айналып, келген ізімен кетіп қалғысы келді. «Мүлкің де, егізің де өзіңе», — деп баз кешкісі келді. «Өзің бір болмаған тоң мойын адам екенсің. Алып кет деп жік-жапар болып тұрғанда бергенін ала бермейсің бе? Нең кетіп барады. Дұшпаннан түк тартсаң да олжа емес пе?» — деп көкірек түкпірінен бір дауыс саңқылдап тұр.


Тышқанмен арбасқан жүндес мысықша күржиіп, алқа-салқа боп тұрған Бәдіғұл тесіле:


— Дәм-тұзымызға түкіріп кетіп бара жатқан кісіге осынша жағынып, не күн туды саған, — деді.


— Былшылдама!  — Нұртай таяғымен жасқап қалып, айбар көрсетіп еді, Бәдіғұл одан бетер адуындап кетті:


— Айтпады деме. Түбіңе осы Күреңбай жетеді әлі. Ойбай-ау, бұл тегін кетіп бара жатыр дейсің бе!


— Құр бет алды сөйлей бермесейші, бәйбіше! Күреңбайда сенің нең бар? Жолы оңғарылсын, қайда жүрсе де аман болсын.


Бәдіғұл сөйлеген бойымен шатқаяқтап үйге кіріп кетті.


Ауыл адамдары жиналып келуге Нұртайдан бата алмай, әр жерден, үй-үйдің алдынан баспалап қарап тұр. Күреңбайдың ендігі қимылын аулақтан бақылауға пәтуаласқан сияқты. Бұрын шөптің басы қимылдаса от алып қашып, лыпылдап тұратын Жетібай да бүгін үйінен шықпай қойды. Кім біледі, «жаның шықсын, өлмесең өрем қап!» деп Нұртайды табалап жатқан шығар. Мәжікен үйде жоқ.


Күреңбай босағада теңкиіп жатқан ақ киізді оң иығына салып алып, Нұртай берген тарантасқа апарып салып қойды. Қисық мүйіз қоңыр өгізді тарантасқа жекті де, күркесінің жұртына апарып, буыншақ-түйіншектерін дереу тиеп, сиырын арбаның артына тіркеп қойды.


Бәдіғұл үйінен шыға келіп, туырлыққа арқасын жапсырып, бақшиып қарап тұр. Нұртай еңкеңдей басып, таяғымен жерді шекіп келді де, өгіздің бас жібін оңтайлап ұстап, енді жүргелі тұрған Күреңбайдың иығына қолын артып, қиыла:


— Сапарың оң болсын, Күреңбай! Ақырғы тілегімді айтып қалайын. Өзіңнен басқа жанға сездірмеген құпия сырларым бар еді. Аузыңа берік болғайсың, — деді.


Күреңбай құптаған болып бас изеді. Қоңыр өгізді жетелеп, ілгері жылжып жөнеле берді. Нұртай қарасы үзілгенше Күреңбайдың артынан бақшиып қарап тұрды...


* * *


Күреңбайдың бізге баяндап берген әңгімесі осымен аяқтала бергенде, Сәмет, Елемес, Бәкібай бар, үшеуміз енді Жәмидің ойда жоқта дертті боп қалуына себеп болған шырғалаң жайды білуге асығып соны айтуын өтіндік...


22


Күреңбай жылқы күзетінен келіп, бие байлап болған соң күркесінде қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр еді. Біреу бүйірге түртіп оятты. Шошып ояна келсе, ыржия күліп, қасында Мәжікен тұр екен.


— Жай ма? — деді Күреңбай ұйқылы көзін уқалап.


— Көкем саған келіп кетсін деп жатыр


— Ұйқымды қандырып кейінірек барсам қайтеді? — Наразы пішінмен, керіле есінеді Күреңбай.


— Жүрсейші... Тез келсін деп жатыр.


— Пай-пай, не боп қалды? Жүре бер, қазір киініп барайын.


«Асығыс шақыратын қандай тығыз шаруасы бар екен?» — деп ойлады Күреңбай. — Ұйқымды бұзып, берекемді кетіргенін қарашы әлгі қырсықты шошқаның».


Кейінгі кезде Нұртай Күреңбайды өзгеше сыйлағыштап, жылы ұшырайтын болған. Бұрын сынықтан сылтау тауып, оқ жыландай ысқыра келетін Нұртай бұл күнде Күреңбаймен шүйіркелесе сөйлесетін. Апыл-құпыл киініп жатқан сәтінде Күреңбай Нұртайдың кейінгі кездегі оқыс өзгерген осы құбылмалы мінезіне ой жүгіртіп еді, бірақ оның да ұшығына шыға алмады.


«Мейлі, не де болса бара көрейін». — Қолын үмітсіз сілтеп, Нұртайдың үйіне келді.


— Шақырған екенсіз? — Төр алдында қалшиып отырған Нұртайға кезінің астымен қарап, әмір күтіп тұра қалды.


— Сенде пәлендей бөтен шаруам жоқ. — Тот шалған көне мыс іспетті ұсақ тістерін көрсете, солғын шыраймен күңк етті Нұртай.


Нұртайдың имантаразы ыңғайын көріп, көңілі демдеген Күреңбай ендігі айтарын сабырмен күтті.


— Отыр, Күреңбайым! — Қолын шошайтып өзінің оң жағынан орын нұсқады. — Алла тағала әмиша рахым етсін. Анадағы төтенше науқастан құлан-таза арылғаныңа қисапсыз шатпын. — Мекіреніп Күреңбайдың басынан бақайына шейін шолып өтті. — Басқа тепсе кетпейтін ырысымсың ғой.


Күреңбай Нұртай нұсқаған қадірлі орынға отыруға батылы бармай, қарсы алдына бір тізерлеп отыра кетті.


— Нақа, жай шақырған жоқ шығарсыз?


— Қапелімде не боп қалды дейсің, — деді Нұртай қутыңдап, — ұйқың бұзылды ғой. Бойың сергісін, шидің ішіндегі тегенеден қымыз құйып іш! Маған да құйып бер!


Күреңбай қызыл-сары өрнекті биік шидің ішіне құрдай жорғалап кірді де, дәу сары ала аяққа шүпілдете қымыз құйып алып, Нұртайға әкеп берді. Шағындау қоңыр аяққа толтырып өзіне қымыз құйып алды. Оң жақтағы жасаулы ағаш кереуеттің алдына отыра қалып, сыздықтап қымыз іше бастады. Екі көзі Нұртайда. Не айтар екен?


— Қымызға бір хос тәуір едің ғой. Неге шабандап отырсың? — деді Нұртай көзінің сұғын қадап. — Ішіп қой. Қанбасаң, тағы да құйып іш.


Күреңбай қымызды сарқып ішті де, аяқты жерге қоя салып, екі алақанын бірдей жайып бата қайырды.


— Алла әкбар!


Оған ілесе Нұртай да қолын жайып, бетін сипады:


— Тілегің қабыл болсын!..


Нұртай үй ішін көзімен айнала тінтіп шықты да, ұшатын күшігендей қомданып, қоқиып отырды.


— Әлгі нәнжауғыр кемпірдің келмей жатқанын қарашы. Кешеден қалған жылы-жұмсақ бірдеңесі болса жеп кетер едің.


— Шаруаңызды айта отырыңыз...


— Әссабыр аррахман, бессабыр асшайтан, Аз ғана тағат ете тұр, Күреңбайым. — Екі иығы бүлкілдеп, бет-аузы жыбырлап, бар денесімен тұтас қозғалды.


Нұртай құрмалдыққа шалынатын көк тоқтыдай сілейе қалып, іші-бауырын қайғы-қасірет жайлап жатқандай аһ ұра күрсінді.


— Тырнақтай жазығым болса, қылша мойным талша демес пе едім. — Нұртайдың даусына діріл кірді. — Өсектеп, жамандыққа ұшыратып, осынша жасқа келгенше естіп көрмеген сөзімді естіртті, бұлар. Бұл не деген масқара! Көзімді бақырайтып қойып, жерімізді аламыз дейді түге. О, падиша хұда, бәдбахыттарға мында қабақат ғаламатыңды жібер! Тас төбелерінен жасыл түсір! — Екі алақанын теріс жайып, бәддұға оқыды. Жаны шығарманға тақап қалғандай, булығып отырып қалды.


Күреңбайдың көңіліне күдік кірді. «Бұл көк ұрған неге мұнша күйзеліп отыр? Жерін алса қайтейін? Онда менің не шаруам бар?


Не айтпақ ойы бар екен? Кәмөнестерден Бәкібайды бөліп ал, жөнге сал демек болады ғой, сірә...»


Нұртай күйіс қайырған сиырдай ыңыранып, күңірене сөзін жалғады:


— «Торыққан адам мелшиген қара тасқа да жалбарынады» деген екен, бақи дүниеден мәңгілік жай тапқан ата-бабаларымыз... — Етегі тізесіне түскен дабы көйлегінің қолбыраған жеңін шынтағына жеткізе түріп қойды. — Білемін... Сен тастай қатып қалған мейірбансыз адам емессің, Күреңбайым. Дәм-тұзымыз араласқалы биғайни отыз жылдан асты. Содан бері қылдай қиянатыңды көрген жоқпын...


Отыз жылдан бері зая кеткен еңбегінің мол есесін қайыратын енші бөліп беруге шақырғандай-ақ, егіле еміреніп, сөзін тыйып тастады.


Нұртайдың осы шұғыл өзгерісіне қайран қалған Күреңбай, енді қайтер екен деп, келесі әрекетін асыға күтіп отыр еді, анау қас-қабағы жадырап, танауының астынан мырс етті:


— Тақа сараңдығың ұстап кетпесе, сенен бір қолқа сұрағалы отырмын, Күреңбайым!


— Сұраңыз! Бойымда сіздің кәдеңізге жарайтын бірдеңе болса, аяймын ба?


— Қолқаның да қолқасы болады ғой. Мен сенің ар-намысыңа, қайратыңа қолқа салғалы отырмын. Меселімді қайырмассың.


Күреңбай Нұртайдың мына тұспалына іштей қынжылып, түйлігіп қалса да, басталған сүреңсіз әңгіменің арты немен тынар екен, қай жерге апарып соғар екен, біліп алайын деген мақсатпен ыңғайына көше берді.


— Бұл тұспалыңыз ненің жөні, ненің аңғары? Ашыңқырап айтыңызшы, Нұреке?


— Құмарта тыңдар құлақ болса, айтатын сырым да көп, мұңым да көп...


Міне, қызық. Осы ант атқан не деп отыр өзі? Неге ашып айтпайды? Не болса да ақырына шейін шыдап тыңдайын.


— Айта беріңіз, құлағым сізде...


— Аузың сараң еді, Күреңбайым! — Бір құпия сыр айтқысы келетінін аңғартып, сәл кідіріп қалды. — Ішке сыр сақтаудың өзі зор өнер, кім көрінгеннің қолынан келе бермейтін абзал қасиет деген ғақлия бар араб жұртында...


Ой шегіне жете алмай, әр тарапқа ауытқып отырған Күреңбай өрекпіп:


— Сырыңызды сыртқа шашып, сізді ұятқа қалдырған жерім жоқ еді ғой, — деді.


— Сірағысын айтам. Обалың нешік, ондай пасық мінезіңді көрген жоқпын. Саған зәрредей қастық ойласам, бір аллаға тапсыр. Пәнде болғасын, хаталаспай тұрмайды, Кей-кейде өзімсініп тілім тисе, ғафу өтінемін. Дүниедегі саған істеген қиянатымды қиямет-махшарға арқалап кетпеспін.


Отыз жылдан бергі сансыз жәбір-жапалар, тұщы етке тиген ащы таяқтар, ар-намысқа нұқсан келтірген небір қылмыс, қиянаттар Күреңбайдың көкейіне тастай орнап қалған-ды. Жастау кезінде көрген қиянатының көбісін жіпке тізе бермей, жұртқа сыртын қампитып жүре беретін. Бертін келгенде, жасы елуден асып, шар тартып, сақал-шашына ауыр бейнеттің қалың қырауы түсе бастағанда Нұртайдың ащы тілі қит етсе жүрегіне тікендей қадала кететін. Көбіне-көп зығырданы қайнап, іштей тынатын. Әсіресе кейінгі жылдарда, істігі ұшына шыққан бір төзімсіз сәттерде Нұртайдың бетінен алып, шақ ете қалған кездері де болған.


Енді, міне, Нұртай Күреңбай алдындағы ауыр қылмысын мойындау, көзі тірісінде кешірім сұрағысы келген ыңғайын танытып отыр.


— Фани дүние кімге тұлға болады дейсің, Күреңбай! — Нұртай кеудесін кере қатты күрсінді. — Тірлікте бір-бірімізді қадірлеп, сыйласып өткеніміз абзал.


«Мына байғұс кешікпей өлетін шығар, — деп ойлады Күреңбай, — тәубаға келіпті ғой өзі».


— «Аңдысқан ауыл болмайды, есептескен дос болмайды» деген бар ғой, Нұреке, — деді Күреңбай, — осы арада кінәласпай-ақ қояйық.


— Кінәласудың жөні бір басқа. Тірлікте кешірім сұрау пайғамбар жолы, бір алланың бұйрығы.


— Әлпетіңізде кейістік бар. Неге осынша қиналдыңыз, неге мұнша налыдыңыз?


— Менің бар халым саған мағлұм ғой, Күреңбай? — Анау, қабағына ұялаған қайғы бұлтын сыпырып тастағысы келгендей оң алақанын жайып жіберіп, көзінің құйрығынан бастап, кеңсірігін қоса қапсыра сипады, — Жер астында бұғып жатқан жауым көбейді, басқан ізімді аңдиды. Осыған қайғырамын.


Дәл осы арада айтып. отырған жауларының кім екенін байыптай алмаған Күреңбай риясыз көңілден бір сөз айтып қалды:


— Сізден бақ-талайы асқан кім бар бұл елде?! Жау деген не сізге? Тыйым салмайсыз ба, сазайын тартқызбайсыз ба?


— Осы бастан ішіне түйіп ал, Күреңбайым! — деп түпкі мақсатының аңғарына қарай жақындай түсті Нұртай. — Кәмөнестер алдыңа мал салып, басыңа үй тігіп бермейді. Кедей-жалшыға теңдік тиді екен деп бет алды әуліккеннен басқа бітірері жоқ олардың.


— Жалғыз баламды бөліп әкеткен жоқ па солар. — Күреңбай өзін көптен мазалап жүрген бір қытымыр жайды осы арада ірікпей айтып салды.


— Бәсе, соны айтсайшы! О заман да,бұ заман, әкеден баланың бөлініп кеткенін кім көрген? Бұ да болса заманақыр пышаны. «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген рауаят бұлжымай келіп тұр! Өңшең бәдбахыттар қазіргі күнде балаңды әкеден бөліп алып азғындық жолға түсірсе, күндердің күнінде жұрттың қойынындағы қатынын тартып алады әлі. Көзің жамандық көрмесін. Осы сөзіме бақ, Күреңбайым! Айтқаның аумай келді дерсің...


Күреңбайдың көкірегіне жылы леп кірді. Оның бер жағында, Нұртайдың түпкілікті сыр-сипатын айқынырақ біліп алғысы келіп:


— Сол кәмөнестеріңізге мен де қатты наразы боп жүрмін, — деді.


— Бек жақсы, бек жақсы... — Күреңбайдың қыбын тапқанына көңілі көншіген Нұртай әңгімесін соза түсті. — Сенің Бәкібайың кәмөнестерге еріп, мүттәйім бұзылып кете ме солай? Шыбындап, шыбындап, желігі басылғанда қайта айналып келер ме екен? Әй, білмеймін-ау сиқы жаман. Жұртқа қайтқан қызыл көз бұзау сияқты ғой ол. Қайтарып алу қиын болар, сірә. Ылайым сенің аталық қарызың ұрсын, оны. — Бет-аузы жыбырлап, екі ұрты шұқырая бүлкілдеп, Күреңбайға қарай тізесімен жылжып отырды. — Я ханнан, я маннан! Кәрім алла, өзің мәдет бер!..


Бәкібай жайынан сөз қозғалғанда Күреңбайдың ішіне от түсті. Ол шындап та баласына қатты наразы болып жүрген. Нәкібайдың жалшылықтан баз кешіп, ауыл кеңеске шабарман болғанын ұнатпайтын. Одан да басқалар қатарлы кісі есігінде жүріп, аз да болса мал тапқанын тәуір көретін. Осы оймен қатты айтып ұрысқанда Бәкібай қасарып көнбей қойған.


Ойлы пішінде түнеріп отырған Нұртай бір мезгілде қабағы жадырап, көңілдене:


— Хасыл кәлам, мақсатты шаруамды айтар алдында, саған бір жақсылық хабар жеткізейін, — деді.


— Қандай хабар?


— Ұлбосынды ақыры көндірдім... Көп жыл дәмдес болған Күреңбайға тимесең, екі дүниеде риза еместтін, бәддұға оқимын, теріс батамды беремін дедім. Несін жасырайын, бір жағынан күш көрсетіп, қорқыттым да. Әйел заты осал халық қой, мойын бұра алмады.


Күреңбайдың есіне Ұлбосын жайы түсті. Нұртайды сағалап көшіп келіп, екі-үш жылдан бері қоңсы қонып отырған Беркімбай деген кісі былтыр сүзектен қайтыс болған. Артында қырықтан асқан Ұлбосын деген әйелі, ересек қызы, он екі жасар ұлы қалған. Беркімбай жеңіл үйір жылқысы, бес-алты сиыр, отыз шамалы қой-ешкі тұяғы бар дөңгелек шаруа болатын. Түбі Ақан-Борлық бойындағы жаулыбай қарауыл екен. Тұқым қуып келгенде Нұртайға алысырақтан қосылатын жиендігі болса керек. Ұлбосын былайынша жас өңін бермеген, жүріс-тұрысы пысық, өз шаруасына мығым, бір көрмеге бәденді әйел.


Күреңбайдың Ұлбосыннан көңілі барын Нұртай білетін. Бұрнағы жылы Нұртайдың асау биесі теуіп, басы жарылып қансырап өлген әйелі Кенжеқыздың жылын өткізгеннен кейін Күреңбай ел арасынан әйел қарастырғанда лайықты адам кездесе қоймаған. Лажы таусылып далбасалап жүргенде Ұлбосын жесір қалды.


Күреңбай бойы атан түйедей, кесек денелі, қара торы кісі. Алпысты қусырса да, жас өңді, көзінің оты қайтпаған. Мығым әлпетіне қарағанда қырықтан жаңа асқан жігіт дерлік. Ұлбосын Күреңбайды онша шет көре қоймаса да, құлақкесті құл атанған жоқ-жітікке басын байлағысы келмей, ретім келмейді деп бірден меселін қайтарып тастаған. Көмескі тартып, ұмыт боп бара жатқан осы үміт-мұратын Нұртай қайта жаңғыртты. Риясыз көңілден тілектестік білдіріп, келешектегі бақ-талайына дәнекер болғысы келеді.


— Қалған ғұмырыңда рақат көр! — деп қойды Нұртай, — дүниеден кісі есігінде өтуді алла тағала лаухыл махфузда маңдайыңа жазып қойған жоқ шығар.


Күреңбай көңілденіп жымың етті.


— Аузыңызға май. Айтқаныңыз келсін.


— Рас айтам. Бірақ... — Нұртай ар жағын ішке бүгіп, аңтарылып қалды. Күреңбайдың жүрегі төмен тартып, көкірегіне әлденендей күдік-күмән лебі шымырлап кіре бастап еді.


— Айта бермейсіз бе?..


Нұртай оңтайлы қолын айқастырып кеудесіне қойды. Ғайыптағы тәңірге жалбарынған пендедей дәрменсіз алақанын жайды. Жасық шықты сөздері.


— Мен саған, ләкин, пәлендей қиын соқпайтын бір іс тапсыруға ниет етіп едім... Ана Тоқсанбай қызын ертең ұзатқалы жатыр дейді. Өзің білесің, екі жылдай сөйлесіп, біздің Мәжікенге сұрағанымды маңайына дарытпай, қалың малды көп берген айдаладағы бір шалға атастырып қойды. Күйеуі кеше келіпті. Пәтшағар, жүрек жұтқан неме ме өзі. Жап-жас қызды алам деуге ұялмас па кісі деген. Я ханнан, мұндай да түйсіксіз адам бола береді екен. Тағы да бір қызық жағдай болғалы жатса керек. Сәмет пен мұғалім Тоқсанбайдың қызын күйеуінен қағып алып, қалаға алып қашамыз деп айтады дейді.


— Мұны кімнен естідіңіз? — деп сұрады Күреңбай тықыршып.


— Мұны кім айтқанын қайтесің. Кейін біле жатарсың. Осы қызды алуға келген күйеуіне де, алып қашамыз деп жатқан Сәметтерге де бұйыртпай, үп дегізейік.


— Құрамай қаптырғыңыз келе ме?


— Әлбәттә... Тап солай. — Нұртай осы мезетте Күреңбайдың қобалжулы бетіне сынай, барлай қарап отырды. — Немене, ұнатпай отырсың ба? Неге тымырая қалдың?


— Неғыл дейсіз? Тоқсанбайдың қызын өлтір дейсіз бе?


— Жо-жоқ, құдай сақтасын. Оның басқа амалы бар. Оп-оңай тіпті. Үстіңе кебін киіп, бетіңе шикі өкпе байлап барасың да, жатқан жерінде қызды тарпа бас саласың...


Жүрегін қобалжытқан қауіп-қатерден арыла алмай жүні жығылып жүдей қалған Күреңбай:


— Қолға түсіп қалсам, су түбіне кетем ғой, — деді.


— Қорықпа, Күреңбай! Иншалла, аман-есен келерсің. Мен сенің ақыл-айлаңа, қайратыңа кәміл сенбесем мұндай шаруа тапсырмаған болар едім.


Тақыртөбеде осы шаруаға дәнекер болатын Нұртайдың сенімді адамы бар. Ол — өзінің немере қарындасы Жібек. Ол Тоқсанбайдың үлкен баласы Сейітқазының келіншегі. Мәжікенге тимедің деп, Жібектің Жәмиге деген қыжылы бар екен. Сейтқазының отауы Тоқсанбай үйімен іргелес, бір қорада. Жібек есебін тауып, Жәмиді өз отауына оңаша жатқызатын болыпты. Күйеу келгелі әбігерге түсіп, әбден шаршап жүрген Жәми төсекке басы тиісімен ес-түсін білмей қатып қалады. Сол мезетте Жібек тайып тұрады да, Тоқсанбай үйінің шаруа жабдығымен айналысады. Ұзатылатын қыздың жасау-мүліктерін әзірлеседі. Сейтқазы үйде жоқ. Шұбардан ағаш әкелетін кірекештерді бастап кеткеніне бір айдан асып барады.


Күреңбай қыр басындағы молаға атын байлап тастап Тоқсанбай үйінің іргесіндегі жырада жата қалды. Жібек сол жерге келіп Күреңбайға хабар берді. Күреңбай жалма-жан ақ кебін киіп, қара елтірі жалбыр тымағын айналдырып киіп, бетіне шикі өкпе байлап алып, оның бір шетін тістеген бойымен барып Тоқсанбай қорасының ашық жапсарынан қарғып ішке түсті де, жымып Сейтқазының отауына кіріп кетті.


Екі ашпалы ақ шымылдықтың бас жағында, жүктің үстінде балауыз шам сықсиып жанып тұр екен. Жәми қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Күреңбай ентелеп барып, қызды бүйірге түртіп оятып алды. Қыз ұйқылы көзімен еш нәрсенің парқын айыра алмай, мең-зең боп отырғанда Күреңбай оны бас салды. Әлденендей сұмдық дыбыс шығарып, шиқылдап, қылғына күбірлеп, жұлқылай бастады. Осы мезетте Жәми құлындағы дауысы құраққа шығып, жан түршіктіре бір шыңғырып қалды да, сылқ етіп құлай кетті. Күреңбай ата жөнелді.


23


Жәми ауруханада. Сәмет Жеңсікбай бақсыны үш күн үй тұтқынында ұстап, бұдан былай бұл жалған кәсіптен баз кешемін дегізіп, қолынан тілхат алып босатып қоя берген. Тоқсанбай қасына әйелін ертіп, Атбасарға барып қайтқан екен: «Қызының беті бері қарады, енді аз күнде құлан-таза сауығып шығады», — деп, емші дәрігер жақсылық хабар айтыпты. Қанша жылағанмен әке-шешесін қызына кездестірмепті. Тегінде, Жәми дәрігерлермен күні бұрын келісіп, әкем мен шешем іздеп келсе жібермеңдер, кіргізбеңдер деген болар. Тоқсанбай біреуге жаздырып хат жіберген екен, оған Жәми қысқа жауап беріпті.


Қылышын сүйретіп қыс келді. Қар екі жауып, күн суытқан. Нұртай Көлбаршындағы қорасына қыстап қалды.


Октябрь айының он бесі. Күн жалған аяз. Естен кетпейтін елеулі күн. Бүгін мектепте оқу бастаймын. Көктемдей көрікті, жастық дәуреннің алғашқы қызық ләззатындай тәтті күн.


Сәмет Қызылжарда ашылған алты айлық курсте оқып жатыр. Оның орнына болыстық атқару комитеті уақытша Елеместі тағайындаған. Күреңбайды қалдырамыз дегенімізге ризалық бермеген. Елемес тораға мен хатшының міндетін қоса атқарып жатыр.


Қояр да қоймай жүріп, Жәмиді Орынбордағы бір жылдық әйелдер курсіне жіберттік. Тоқсанбай аттана шауып, қалаға әлденеше рет барғанымен, ешкімнен медет ала алмай, қызын көндіре алмай қайтқан. Әбден сілесі қатып, шаршаған соң, өзі де енді бой салып қуынуды қойған-ды. Бұрын күйінішті болып, ашынып, ашық қимылдап жүргендер бұл кезде бір шама жуасып, жатып атар, бүкпе харекетке ауысқан.


Күреңбай бізге бар сырын ақтарған-ды. «Алдыңа келсе атаңның құнын кеш» деген емес пе, біз оның өткендегі қате-кемшілігін бетіне баспай, кешірім жасадық.


Таң сәріден тұрып, мектептің іші-сыртын мұқият көріп шықтым. Ел ортасынан кесімді ақы төлейтін болып Досымбек дейтін әлді шаруаның «қоржын үй» аталатын үш бөлмелі кең кірпіш үйін жалдап алдық. Төргі бөлмесі мен отау бөлмесі асты-үстін тақтайлаған, кең екі терезелі, төбесі биік. Қораға шығар есігі ортадағы жұпыны шағын бөлмеде. Ауыз үйдің еденіне жарым-жартылап биік сәкі орнатқан. Ортадағы кіре беріс бөлменің күншығыс жағындағы «отау үй» төргі бөлмеге қарағанда сәл кішіректеу болғанымен, салыну тәртібі, асты-үсті, терезесі дәл сондай.


Іші-сыртын ақтатып, жаңа терезе орнатып, пештерін қайтадан ықшамдап салғыздық. Ортадағы ауыз бөлменің сәкісін алып тастадық та, киім ілгіш, қол жуғыш орнаттық. Елдегі іске оңтайлы үлкен-кішінің басын қосып, мектепті екі аптада жөндеп алдық.


Жиырма шақты парта мен жазу-сызу тақтасын уездік оқу бөлімі арқылы Атбасардан барып алдық. Әзіме арнап төрт сирақты биік стол, тоқал отырғыш істеттім. Қол басындай қоңырау, ақ борға шейін сайлап алдым.


«Атаның еккен ағашы ұрпаққа сая болар» деген екен ата-бабаларымыз. Мектебіміз кейінгі жас ұрпаққа арнап еккен саялы ормандай көрінді маған. Ақылмен іс қылып, алғашқы мақсатымызға жеткендей болдық.


Оқуға келетін балалардың ауыл молдасынан шамалы оқыған, әлім-берім хат танитындарын екінші класқа, оқуға жаңа келетін жасаңдарын бірінші класқа бөлдім.


Мектебіміз қалың елдің иен ортасында. Самсаған бес терезесі күн жаққа қарайды. Алдындағы қорасы солтүстік жағында.


Тақтай қақпаның маңдайына жіңішке шырша шегелетіп қызыл жалау ілдіріп қойдым. Бұл балаларды оқуға шақыратын белгім.


Қағаздарымды реттеп, тысқа шықсам, бір топ бала мектептің қорасында жиналып тұр екен. Балалар киізден, шүберектен жалғаған ала-құла кітап дорбаларын мойындарына асып, іліп алар тәуір киімдерін киіп, әрқайсысы өз әлінше бой түзеп келіпті. Олардың арасында жалбыр тонды, жаман тымақты күйсіз балалар да жүр.


Балалар келген беттерінде мектепке бірден кіре қоймай, қораға иіріліп тұрып қалды. Мені көргенде көбісі қымсынып шетке қарай ойысты. Әсіресе үш кішкентай қыз бала шоғыр топтан бөлініп шығып, беттерін басып теріс айналып кетті. Балалардың арасынан өзімізге таныс Желдібай шалдың кенжесі Ақмырзаға көзім түсті. Ол үстіне үр жаңа ақ тон, басына шошақ төбелі сұр елтірі құлақшын киіп келіпті. Менің «кіріңдер!» деуім-ақ мұң екен, Ақмырза балаларды бастап, мектепке алдымен кірді. Сырт киімдерін шешіндіріп, орта бөлмедегі ағаш киім ілгішке ілгізіп қойдым.


Ақмырза басқалардан бұрын шешініп, тонын іліп үлгірді де, маған жақындап келе беріп, кілт тоқтап қалды. Маған бірдеңе айтқысы келіп тұрған сыңайын байқап қалдым.


— Оқуға келдің бе? — Ып-ыстық қоңырқай маңдайынан сипап, арқаға қақтым.


— Иә, аға, оқуға келдім, әкем жіберді! — Ақмырза өзімсінген пішінмен еркін сөйледі.


— Жарайды, жігіт екенсің! Ал балалар, төргі үйге кіріп, бір партаға екі-екіден бөлініп отыра қалыңдар. — Қаздың балапанындай шүпірлеп, төргі бөлмеге кіріп, әр партаға бөлініп отыра калды. Жалма-жан санап едім, бірінші класқа жиырма алты бала келген екен. Екінші класқа жазылған 15 бала оқуға түстен кейін келеді...


Қаз-қатар монтиып отырған кішкентай оқушыларым менің көзіме аққудың көгілдіріндей көрінді. Алды он екі, он үшке келген, арты сегіз, тоғыз жастағы бүлдіршіндердің асыл арман, тәтті үміт нышанын танытқан шадыман жүздеріне сұқтана қарай бердім.


Балалар тына қалды. Мөлдіреген жаудыр көздерде тасқынды қуаныш оты жайнайды. Жүрегім алып-ұшып, толқып кеттім. Алқа-қотан отырған қалың көптің алдына өмірінде бірінші рет шығып сөз сөйлегелі тұрған жас жігіттің көңіл күйіне ой жүгіртіңізші! «Қисынын келтіріп дұрыс сөйлеп шыға алам ба, әлде сөзімнің бір жерінен жаңылып қалып, жұрт алдында ұятқа батам ба?» — Осындай толқымалы ой оның өзек-қолқасын жарып өтіп, жүрегі май ішкендей қобалжып кетпей ме? Оқу басталар алдындағы санаулы минуттерде мең дәл осындай аумалы-төкпелі күйді бастан кешірдім.


— Балалар! — дедім дауысымды қатты шығарып. — Оқу басталар алдында сендерді қуанышты жүректен құттықтаймын! Алғашқы қадамдарың қайырлы болсын!..


Өмірдегі бар игі жақсылықты менен күткендей, бақ-талайларының кілті менің қолымда тұрғандай, маған телміре қарай қалды бәрі.


Алдыңғы екі қатар партаның оң жағындағысында, ішкері отырған Ақмырза елден ала-бөтен қозғалақтап, басқа балаларға қарағанда тым сергек. Дөңгелек тарғақ беті гүл-гүл жайнап, қиықты қара көзі мөлдіреп, қайқы біткен үстіңгі ерні ашылып, өзгеше бір ыстық шыраймен күлімсірей қарайды маған.


Ақмырза менің алдымда столда жатқан дәптерлер мен қарындаштарды көзімен ішіп-жеп барады. «Дәптерлері, қарындаштары неткен әдемі еді, мұғалім ағай маған бұлардың қайсысын берер екен? — Қарашығы қимылсыз тоқтап қалған мөлдір қара көзінен мен осы бір ынтық сезімді айқын көріп отырмын. «Мұғалім ағай, қарындаш, дәптеріңізді тезірек беріңізші!» — деп еркелеп сұрағысы келетін сияқты. «Қой, асығыстық істеуге болмайды. Қарағым, Ақмырза-ау, мен сені адам болатын ақылды бала деп жүрсем, өзің бір қаңбақтай ұшып тұрған жеңілтек екенсің ғой деп, мұғалім кейіп қалар». — Кім біледі, осы сәтте осыны ойлап отырған шығар.


Балаларды көзбен айнала шолып еттім. Тізім дәптеріне бір қарап алдым да, іле-шала орнымнан тұрып, салмақпен сөйлеп кеттім:


— Мен қазір сендерді тізім бойынша түгендеймін. Аттарың аталғанда «мен» деп қысқа жауап беріңдер.


Жайлап түгендей бастадым.


— Алдоңғарұлы Мұқатай!


— Мен! — деген нәзік дауыс шықты.


— Әзімбайұлы Жұматай!


— Айтбайқызы Бибіжамал!


— Қосайұлы Кенжебек!


— Қарасайұлы Кәмел!


— Рахымжанқызы Күлән!


Әр жерден «мен!» — деген дауыстар қоңыраудай сылдырап шықты. Қайсыбіреулері лып етіп түрегеліп ұн қатса, енді біреулері отырған жерінде «мен!» — деп тақылдайды. Тізім кезегі Ақмырзаға жеткенде, ол көз ілеспейтін шапшаңдықпен дік етіп тұра қалып, «мен!» — дегенде бөлме іші жаңғырығып кетті. Әлденеше Ақмырзалар өздерінің өмірде барлығын мәлімдеп, жарыса сұңқылдап тұрғандай.


— Отыр, Ақмырза! — Қолымды көтеріп ишарат білдірдім.


— Балалар, сендер біздің Ақмырзаны білесіңдер ғой, — дедім аз тыныстап алғаннан кейін, — бұл жігіт осы мектепті өз қолымен жөндесті ғой... — Ақмырза кеудесін көтеріп, күпілдеп мақтанып отырғанын байқап қалдым. Мақтанатын реті бар: осы мектепті жөндеген кезде, күздің суық күндерінде атпен балшық айдап, кірпіш құйысты, екі аяқ арбаға кеспек тиеп алып, құдықтан су тасыды.


Ақмырза оқудан кейін жүгірген бойымен үйіне барады. «Қалай Ақтай, оқуларың басталды ма? Мұғалім саған бүгін қандай сабақ оқытты?» — деп сұрайды әкесі. Ақмырза мақтанып бүгін мектепте көрген қызықтарын, оқыған сабағын айтып береді. Желдібай сонда Ақмырзаны қапсыра құшақтап алып, бетінен сүйіп: «Оқуыңды жақсы оқы, құлыным! Адам бол!» — дейді. Әжесі қалбалақтап: «Өмір жасың ұзақ болсын, қарғам, ұзағынан сүйіндірсін!» — дейді де, тапқан-таянған дәмді асын Ақмырзаның аузына тосады. Қазіргі сәтте осы бір тәтті сезім баланың титімдей жүрегін баурап алғанын біліп отырмын.


— Балалар! — дедім дауысымды созып, — оқуымызды бастайық. — Жүрегім толқынып, буын-буыныма діріл кірді. Қылқан кескендей жас балаларға сүйсіне қарап, үнсіз тұрып қалдым. Баяғыдан бері осы бір «бастайық» деген сөзді айтар сәтіме жету жолында өмір кешіріп келгендей, шынайы тірлігімнің дарбазасын жаңа ғана еркін ашып кіргендей бір ғажап сезімге бөленіп, бойым балқып кетті.


— Балалар! Сендер Ленинді білесіңдер ме? — дедім бір мезетте дауысымды нәштеп.


— Білеміз, білеміз! — Қосарлана, жарыса шулап қоя берді бар бала.


— Бүкіл жер жүзі еңбекшілерінің дана көсемі Лениннің есімімен бастайық алғашқы сабағымызды!


— Жарайды! — Балалар гулеп кетті.


Жүрегімнің аласапырап толқынын әрең басып, сабама түстім. Столда жатқан қызыл сақтиян тысты қалың кітапты қолыма алдым. Бұл Лениннің таңдамалы шығармалары еді. Кітаптың бірінші бетін ашып, Лениннің суретін балаларға қаратып ұстап тұрдым.


— Мынау —Ленин.


— Ленин, Ленин! — балалар жаппай ду ете қалды.


Кітапты жауып столға қойдым. Тұнық ойлы, пәк ниетті балалар көк өрім тал шыбықтай бұрылып, менің аузыма қарайды. Жаудыраған көздері құштар сезімнің айнасындай, мұңсыз бет ажарлары қуанышты.


— Ұлы көсеміміз Ленин жасасын! деп, барлығың қосылып айтыңдаршы!


— Ұлы көсеміміз Ленин жасасын! — Кең бөлменің іші күмбірлеп кетті.


Әр баланың аты-жөнін, оқитын класын күні бұрын сыртына жазып қойған дәптерлерді, түбіне ақ қаңылтырмен қаптаған өшіргіші бар әр түрлі қарындаштарды үш-үштен үлестіріп бердім.


Қолдарына әдемі қарындаш, дәптер тиген соң балалар жайнаңдап, бір жасап қалды. Бірі артық, бірі кем емес. Сонда да әркім өз қарындашын, өз дәптерін басқалардікінен ерекше жақсы деп ойлайтын болса керек, біріне-бірі мақтана көрсетеді. Кейбіреулері менен алған үш бірдей дәптері мен үш қарындашын жоғары көтеріп ұстап, өздерінен қашықтау отырған бір балаларға анадайдан көрсетіп жатыр.


— Мұғалім ағай! — Дәптерлері мен қарындаштарын кеудесіне қысып ұстап, нұр жайнап отырған Ақмырза құлшына тіл қатты. — Кітап бермейсіз бе?


— Әуелі әліппені үйреніп алдыңдар! Кітапты содан кейін беремін.


Бір кесек борды оң қолыма қысып ұстап, төргі қабырғаға ілінген қара тақтаға бардым. «А» әрпінің таңбасын жаздым. Соның артынша әріп таңбасы мен дыбыстың айырмасын ұғындырдым. Әр баланың қасына барып, партада отыру, қарындаш ұстау, дәптер сызықтарына әріпті қалай жазу тәртібін түсіндірдім.


— «А» әрпінің таңбасын дәптерлеріңнің бір жолына толтырып жазыңдаршы!


Балалар құнжыңдап жаза бастады. Парта-партаны аралап жүріп әрқайсысының жазған әріптерін мұқият көріп шықтым. Ақмырзаның таяқтай серейтіп жазған жуан әріптері дәптер жолының сызығынан шығып, қисайып кеткен екен.


— Кәне, Ақмырза! — дедім столдың сол жақ бүйіріне тұра қалып, — жаңағы үйренген әрпіңді қара тақтаға жазшы! —Ақмырза қара тақтаға бірден шыға қоймай, орнында қипақтап тұрып қалды. Бар бала өзіне қадала қарай қалған соң, самарқау жүріп келіп, борды менің қолымнан алды да, сылбыр жаза бастады... «А» әрпінің арабша таңбасы қара тақтаның бетіне жыпырлап толып кетті. Жазған әріптерін шүберекпен сүртіп тастады да, ізінше орнына барып отырды.


— Ақмырза жақсы жазды ғой, — дедім әдейі көңілін аулағым келіп.


— Жақсы жазды! — десті балалар шулап. Бірнеше баланы кезекпен қара тақтаға шығарып, «А» әрпін жаздырдым. Қара тақтаның бетінде құжынап тұрған әріптерді көргенімде мені ауызбен айтып жеткізе алмайтын бір ғажап сезім билеп әкетті. Жас балалар ебетейсіз нәзік қолымен жазылған әріп таңбалары маған үлкен өмірдің шыңына алып шығатын баспалдақтай көрінді.


— Балалар! — дедім столдың шетіне қолымды тіреп тұра қалып, — жаңа өлең білетіндерің қолдарыңды көтеріңдерші!


Алдымен Ақмырза қолын көтерді. Әр жерден самсап көтерілген қолдарын санап едім, 7 бала жаңа өлең білетін болып шықты.


— Жарайды, қолдарыңды түсіріңдер! Кәні, Ақмырза, балалардың алдына шығып, білетін өлеңіңді бізге айтып берші!..


Ақмырза ширақ қимылдап, адымдай басып, қара тақтаның алдына келді де, қаздиып тұра қалды.


— Әнеугүні мектеп жұмысында жүргенде Елемес аға бір өлең үйретіп еді, соны айтып берейін.


— Айта ғой!


Ақмырза кеудесін керіп, басын шалқайта ұстап, тұра қалды да, өлеңді бастап жіберді:


— Жаңа батыр жас қазақ,


Еңбекші тап ұланы.


Бай, мырзаға қас қазақ,


Жалпы теңдік ұраны...


— Айта берейін бе? — Жалтақтап маған бір, балаларға бір қарады.


— Айта бер! — дедім.


— Жеткіншегім, жас батыр,


Маркс, Ленин — ұраның,


Ұмтылып алға бас, батыр,


Барлық өнер құралың...


— Жігіт екенсің, Ақмырза! — дедім арқасынан қағып, — орныңа барып отыра ғой.


Ақмырза алшаңдай басып, орнына барып отырды.


— Жаңағы айтқаның кімнің өлеңі, білесің бе, Ақмырза?


Ақмырза басын шайқады.


— Бұл өлеңді Сәкен Сейфуллин деген ағаларың жазған, балалар! Біліп алыңдар!..


— Сәкен Сейфуллин!


— Сәкен Сейфуллин! — Балалар тағы да гулеп кетті.


Газеттерден, кітаптардан әкелері, ағалары үйреткен әр алуан жаңа өлеңдерді білетін бес-алты баланы алға шығардым. Олар өздері білетін өлеңдерді айтып берді.


— Жақсы оқысаңдар сендерге талай-талай тамаша өлеңдер үйретемін. Ең алдымен, жаңағы Ақмырза айтқан «Жас қазақ» өлеңін бәрің үйреніп алыңдар! Ертеңгі сабағымыздың соңында қосылып айтатын болыңдар!


— Үйренеміз.


— Үйренеміз.


— Қосылып айтамыз.


— Ендеше осы өлеңді мен сендерге қазір бірнеше рет қайталап айтып берейін. Зейін қойып тыңдап отырыңдар!


Балалар тына қалды. Мен «Жас қазақтың» әр сөзін, әр жолын жіктеп, жеті-сегіз рет қайталап айтып бердім. Үйреніп алдық деген бірнеше балаға айтқызып көрдім. Шала білетіндері жақсы білетін балалардан үйреніп келетін болды.


Сабақтың соңында тәртіп, тазалық жайын, дәптерлер мен қарындаштарды күтіп ұстау қажеттігін айттым.


Мектебіміз табиғи қалпынан зорайып, молайып кеткендей. Жас өрендерді жаңа күнге, жақсы заманға шақырып тұрғандай. Көпшілік қауымның бірлік-ынтымағымен мектепке айналып, көрікті сипатқа ие болған шағын үйге жас өмірдің, жаңа дүниенің нұсқасы орнағандай.


— Тараңдар! Ертең мектептің маңдайына қызыл жалау көтерілісімен оқуға кешікпей келіңдер!..


24


Айтқандай-ақ, Күреңбай өз алдына түтін түтетіп, өз бетімен күн көре бастады. Бәкібай болса, бұрынғы қалпымен ауылдық кеңестің шабарманы. Бір жағынан саужой мектебінде оқып, сауатын ашты.


Бұрнағы жылы әйелі қайтыс болғанда Күреңбай Жақыбай деген кенже баласын алыстағы нағашыларына апарып тастаған екен. Тақыртөбеге көшіп келіп, орналасысымен әдейі өзі барып, Жақыбайды нағашысынан алып келген. Жұрттың балалары қатарлы оқуға берген.


Күреңбай Нұртай қорасының жанына шымнан соққан, аңғал-саңғал жер үйінде тұратын. Сығырайған жалғыз терезеден түскен күн жарығы жартымсыз. Үй іші күндіздің өзінде күңгірт тартып тұрады. Терезенің әлдеқашан сынып қалған төменгі көзін қойдың қарынымен жамап қойған. Оны шынымен жамап алайын деген ой Күреңбайда болған жоқ-ты. Үй ішіндегі іліп алар тәуір мүлкі анада Нұртай берген бір кесек ақ киізбен көнетоз алаша, Жантақ мүйіз қоңыр өгіз, сынық мүйіз қара сиыр аяқ аузындай күрке қорада байлаулы. Сиырының биылғы бұзауымен үш қарасы бар. Аз ғана малын көптей көріп көңілге тоқ санайды.


Жиырма төртінші жылдың қысы осылай өтіп жатты.


Күреңбай бір күні үйіне аса қуанышты қайтты. Ауыл еңбекшілерінің жалпы жиналысы оған зор сенім білдіріп, кедей-жалшылар комитетінің бастығы ғып сайлады.


Октябрь революциясы жетінші жылға аяқ басты. Өкімет кедей-жалшыларды бауырына тартып, қанатының астына жинай бастады. Осы мақсатпен жер-жерлерде кедей-жалшылар комитетін ұйымдастырды. Міне, біздің Күреңбай осындай комитеттің бастығы боп сайланды. Ол өмірінде бірінші рет құлдық қамытын сыпырып тастап, енді өзі ел басқаратын болды. Бұл міндетті қайтсе дұрыс атқарады? Ел сенімін қайтсе ақтап шығады? Нұртайдың әзәзіл тіліне еріп, аяқ астынан істеген ауыр қылмысын қалай жуады? Осы жайды терең ойланып алып, білек сыбанып іске кірісу керек.


Асыға басып, толқына үйіне кірсе, Жақыбай мектептен әлі қайтпаған екен. Қап, Жақыштың келмей жатқанын қарашы! Қуанышымды білдіріп, бір жасап қалар едім. Бәкібай да бүгін үйде жоқ. Сәметке еріп, ауылдарды аралап кеткен.


Күреңбай терезенің ернеуіне жақын отыра қалып, екі жұлығы түсіп қалған ескі етігін жамауға кірісіп кетті. Кедей адамның уақыты алтыннан да қымбат. Тықыл-таяң шаруаңды қыстың қысқа күнінде тындырып тастамасаң, түнде отыруға жарық қайда?


Қанша отырғанымен етік жамауға мойны жар бермей-ай қойды... Ісі өнбеді. Жүрегін кернеп бара жатқан зор қуаныш алаңдата берді. Тысқа құлақ түрді. Қарды сықырлатып, шапшаң басып Жақыбай келе жатқан жоқ па екен. Жамап отырған етігін жинап қойды. Терезенің шаңытқан боз қырауын лебімен үрлеп, түйенің көзіндей жерін мөлдіретіп тазартып алды.


— Ал қызыл көрінеді қашқан түлкі,


Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі,


Биікке ойда тұрып қол созамын,


Болсын деп шіркін көңіл көтеріңкі.


Шиыршық қарға аяғын тық-тық басып біреу келе жатыр. Лездің арасында жақындап келіп қалды. Есік ашылды. Жақыбай бір қора суықты үйге ала кірді.


Өзін үлкен бастық сайлағанын баласына қалай айтудың жөнін Күреңбай күні бұрын жете ойланып алған. Айтуға оңтайланып, аузын аша беріп еді, Жақыбай алдынан кес-кестеп сөйлетпей қойды.


— Қоя тұр, әке! Қоя тұр деймін! — Анау алқынып келген бойда мойнындағы киіз дорбасын ағытып алып, жерге қойды. Үстіндегі шекпен күпісі мен басындағы күрең елтірі жалбағай тымағын шешіп, оларды бір жерге тастай салды. Сөйтті де кітап дорбаны ақтара бастады.


— Оқуды көбейттің бе, Жақып? — деді әкесі елжіреп.


— Қоя тұр, әке! Кейін айтамын, — деді Жақыбай маңғазданып.


— Жарайды ендеше. Қазір көже жылытып берейін...


— Бір шеге тауып берші, әке? — деді Жақыбай әкесіне жақындап келіп:


— Жоқ шегені қайдан алайын, — деді әкесі болмашы ренжіп қалып.


— Ендеше бір ағаштың жұқа сынығын тауып берші! «Не боп қалды екен!» — деп ойлады Күреңбай іштей толғанып. Ағаштың қатты сынығын әкеп берді. Оның неге керегін білгенше жаны байыз таппай, тынышы кетіп тұр. Баласының жайдарман әлпетіне қарағанда, пәлендей қысталаң бола қоймаған сияқты. Үлкендік қалпын сақтап, қашан баласы өзі айтқанша, шыдауға бекінді. «Қайдағы жоқ бірдеңеге мәз-мейрам боп қуанады да жүреді ылғи, — деп ойлады Күреңбай. — Мектепке барып, оқу оқып жүрсе де, әлі баяғы қалпы, басында тинақтай ақыл жоқ...»


Ағаштың сынығын қазық сияқтандырып әкесіне жондырып алды Жақыбай. Оны өзі айналдырып көріп, мінсіз болғанына қуанып тұр.


— Көзіңді мықтап жұмшы, әке! — деді Жақыбай қулана күлімсіреп.


— Мынау не дейді! Әкеңмен жасырынбақ ойнайын деп жүрсің бе, өзің?


— Рас айтам, жұмшы көзіңді!


— Күреңбай баласының көңілін жыққысы келмей, іле көзін тарс жұмып алды.


— Теріс қарап отыр!


— Тіпті қаласаң, теріс қарап, бұғып жатып қалайын.


— Сөйт...


Күреңбай осы арада баламен бала болып, қорбаңдап теріс қарады да, көзін тарс жұмып алған бойымен етпетінен жата қалды.


— Енді қашан?


— Ашпа көзіңді, теріс қарап жата бер! — деген Жақыбайдың дауысын естіді Күреңбай. Бір мезетте бала әкесіне сұңқылдап:


— Аш көзіңді! Көр, міне, біздің үйге кім келгенін! Біздің үйге Ленин келді! — деді.


— Балам-ау, саған не болған? Неге алдайсың әкеңді? Ұят емес пе? — деп сөйлеген бойымен Күреңбай көзін ашты. Аң-таң боп жан-жағына қарады.


Төменгі көздерін қойдың қарынымен жамаған, сығырайған жоғарғы кішкене көздерінен мардымсыз жарық түсіп тұрған сықсима терезеге сүзіле қарады. Қайран боп тұрып қалды. Келесі сәтте мойнын бұрып, төргі қабырғаға көз қиығын тастады. Аяғын бір басып, екі басып, ақырын жақындап барып, таңданып қарап тұрды.


Күреңбай Ленин есімін бұрыннан білетін. Әр кезде естігені бар. Ленин оның ұғымында бүкіл әлемде теңдесі жоқ ұлы адам, кедей-жалшылардың досы. Күреңбай Нұртайдан бөлініп шыққаннан бері өзінің бұдан былайғы бар мұрат-мақсатын, үміт-арманын осы ұлы адамның есімімен тығыз байланыстырып жүретін. Ленин қандай адам? Оның кескін-келбеті қандай? Анада бір күні Елемес Күреңбайға ескі газеттен бір сурет көрсеткен. Газет тозып қалған екен. Ажырата алмаған. Қарай, қарай көзі талып, ақырында анықтап көре алмай қойған. Сондағы көрген көмескі суреттен бар есте қалғаны: биік маңдайы, сәл қысықтау келген көздері ғана.


Енді, міне, дидары қысқы күннің мардымсыз сәулесімен жарқырап Күреңбай үйінің төрінде отыр. Ұлы адам Күреңбайға тура қарайды. Болмашы жымиып: «Халың қалай, кедейкомның бастығы? Байларды жеңіп шығамыз ба?» — деп тіл қатқандай болады.


Дәл газеттегідей. Биік маңдайы, сәл қысықтау көзі сондағы көрген суреттегісінен айнымайды. Енді Күреңбай оның бүкіл бет бейнесінен біздің қазаққа ұқсастық іздеп, үңіле қалды. Көзінің қиығы мол екен! Осы үлкен кісінің бойында қазақтың бір тамшы Каны бар секілді көрінді оған. Бәрінен де бұрын бір ғажабы — ұлы адамның жүзінде тәкаппарлықтың титімдей нышаны жоқ. Расында да Ленин Күреңбайдың ит байласа тұрғысыз аласа үйіне жеркенбей кіріп, хал-жайын сұрап, жылы лебіз білдіріп тұрған сияқты. Ақылы әлемнен асқан кемеңгер кісі ғой, тегі. Көздері неткен қырағы! Ернінде, миығында мейірбанды, мархабатты күлкі бар. Дос, дос! Үлкен дос, ұлы мәртебелі дос!


Күреңбай суреттен көзін алмай, баяу сөйлеп тұр:


— Осындай екен ғой! Мың жыл жасасын! Өркені өссін! Дүниенің бар жақсылығы осы кісіге орнасын!.. Әлден уақытта Күреңбай баласына назар аударып, аса бір мейірімді шыраймен тіл қатты:


— Қайдан алдың? Кім берді саған?


— Жақсы оқығаны үшін мұғалім ағай сыйлыққа берді.


— Сыйлыққа берді дедің бе?


— Иә, әке, мұғалім сыйлыққа берді. Оқуың көбейгенде Лениннің кітабын беремін дейді.


— Өскенде сен Лениннің кітаптарын оқисың, ә? — деді Күреңбай таңдануы мен сүйініші аралас бір ерекше пішінмен.


— Бізге оқы деп Лениннің өзі айтыпты ғой.


— Солай ма? Балаларды оқыт деп осы кісі айтып па?


— Мұғалім айтады. Ленин оқы деп үш рет айтқан дейді. Былай болыпты. Лениннің алдына көп-көп жастар жиналып барса керек. Сонда Ленин оларға: «Сендердің міндеттерің — оқу, оқу және оқу» деген екен дейді мұғалім.


Күреңбай Ленин суретіне бетін тақап тұрып, екі қолын кеудесіне айқастырып ұстап, бір түрлі мүләйім пішінде сөйлеп кетті.


— Жолдас Ленин! Менің ұлым Жақыбай оқу оқып, үлкен кәмөнес боп шығады. — Үш мәрте басын иіп тәжім етті. Баласына бетін бұрып, сөзін жалғап жіберді. — Бүгін қай күн?


— Сәрсенбі! — деді Жақыбай іле.


— Бәсе! Сәтті күн екен ғой. Сен не білдің? Мені кедейлер комитетінің бастығына сайлады. Бұл да Лениннің әмірімен болған іс! — Күреңбай құрмет көрсеткен пішінмен суреттен көз алмай қарап тұрды. — Енді мен Нұртайға бас имеймін. Тіліне ермеймін. Байларға тіпті де жалынбаймын. Жетер тәлкегі! Қорғаушымыз бар біздің. Мен әзір намайы қараңғы адаммын. Бірақ кеңес өкіметі орнағалы бергі алты жылда өмірімде көріп-білмеген жаңалықтарды білдім. Ал балам, сен болсаң, он екі жастасың. Бірақ менен анағұрлым көп білесің! Біз ақ пен қараны, дос пен қасты айыра білетін болдық. Демек, қалай өмір сүруді, не істеуді де үйрендік. Әттең не керек, қолы құрғыр хат білмейді. Әр нәрсенің парқын айыра білу үшін қағаз танымасаң болмайды, тегі... — Жақыбайға жақындап келіп, үстіндегі жеңсіз камзол тонын шешіп тастады. — Ыстықтап кеттім!..


— Мен саған хат танытайын, — деді Жақыбай үздігіп. — Мен бар ғой, әке, оқу құралын оқитын болдым, аздап жазамын да.


— Мақұл, кәні, балам, сен өзің білген оқуыңды маған бірте-бірте үйретші. Хат білмесем, қызметті қалай атқарамын?


Күреңбай мен Жақыбай текеметке етпеттеп жата қалды. Жақыбай оқу құралының бетін ашты. Киіз дорбадан дәптерін алып, оның беттеріне самсап тізіліп тұрған әріп таңбаларын, жеке сөздерді әкесіне оқып берді. Сәлден кейін бірнеше әріптен құрап сөз жазды.


— Не деп жаздың? Оқышы!


— Тыңда! Оқиын. «Біз енді құл болмаймыз. Біз енді құл емеспіз». — Содан кейін бала дәптердің бір жолына «Мұны жазған Жақыбай Күреңбайұлы» деп жазды. Әкесіне мұны да оқып берді.


— Иә, енді біз байларға кіріптар болмаймыз! — Күреңбай тікенектей қатқыл алақанымен баласының ыстық маңдайын сипады. Дәптер бетіндегі қисық түскен жазуларға сүйсіне қарады.


Таңғажайып іске тап болғандай терең сезіммен толқына тебіреніп кетті Күреңбай.


Әке мен бала осылайша ұзақ отырды. Күреңбай дәптердегі таңбаларды да, оймен жорамалдап, көңіліне тоқи берді, тоқи берді.


Кеш болды. Шырағдан шамның күңгірт жарығымен Лениннен көз алмай үнсіз ұзақ отырды Күреңбай. Ертең қайтсе де керосин ішім тауып алу керек. Терезенің сынған көздерін шынымен жамап алса қандай жақсы болар еді.


Жақыбай үйдің төрінде сабағын оқып отыр. Терезеден жел гулеп тұр. Күн кенет бұлттанып, жаяу борасын жүре бастаған. Түн ортасына таяп қалды.


Есікті жұлқып ашып, ентігіп Нұртай кіріп келді. Адымдай басып, аш бөрідей жалақтап келіп, үй ортасында қалшиып тұрып қалды. Үстіндегі қорбиған қасқыр ішігінің жағасын кейін қайырып қойып, еліре сөйледі:


— Жетіскен екенсің! Тасыған екенсің! Қанды шелек!


— Сен не айтып тұрсың? — деді Күреңбай сілкіне түрегеліп.


— Сен опасыз екенсің! Зұлым екенсің!


— Түсінбеймін... Алжығанбысың өзің?


— Басыңды қағып алайын ба, зәнталақ!.. — Нұртай сілтідей тұнды.


— Оңайлықпен мен саған басымды кескізем бе? — Күреңбай екі аттап, екі аттап, жұдырығын түйіп тұр. Анау қару қылса, қылқитып соғып жіберуге әзір тұр.


— Сені дәм-тұзым ұрсын! — Нұртай тісі-тісіне тимей сақылдап кетті.


— Дәм-тұзыңды басыңа езіп жақ.


Нұртай осы мезетте сәл бәсеңдеп қалғандай болды.


— Айтпаймын деп ант бергенің қайда?


— Нені?


— Хазовты жасырды, Ұлбосынның інісін өлтірді деп үстімнен арыз беріпсің ғой... — Әжім торлаған қара сұр жүзіне ашу-ызаның ызғары ойнап шыға келді.


Жақыбай сескеніп, бұрышқа барып бұғып отыра қалды. Нұртайдың тентек мінезін, қит етсе қол жұмсайтынын ол біледі. Күреңбайдың Нұртай алдында қорқып-пысып жүретіні де оған мәлім. Бірақ бұл сапар әкесі Нұртайдан тайынбады. Ә десе, мә деп алдында қасқиып тұрып алды. Тіпті жұдырық жұмсауға да әзір тұр.


— Маған неге осынша зіркілдейсің? — деді Күреңбай ызғарлы пішінмен түйіліп. — Мен бұрынғы ынжық Күреңбай емеспін. Біліп қой! Кедейкомның бастығымын мен!


— Қолың жеткен екен? Комитетіңмен қоса құртайын көзіңді. Ала жығылайын. — Нұртайдың көзі төрде ілулі тұрған суретке түсті. Аузына ақ ит кіріп, қара ит шығып, Күреңбайды сөгіп тастады.


— Мынауың не тағы да? — Нұртай сұс көрсетіп, қытымырла сөйледі. Күреңбайға асқан мейірімді қабақпен, ыстық шыраймен қарап отырған суретке тұра ұмтылды. — Басыңдағы мына үйің менікі екенін білемісің сен. Босат шапшаң үйімді. Жаман да болса, менің малыма салынған үйдің қабырғасына сурет іліп, масқаралай алмаймын. — Нұртай суретті жұлып алмақ болып қолын соза бергенде, қас қағымда бір малаған басталып кетті. Жақыбай тышқанға бас салған мысықша атылып келіп, Нұртайдың қолын шап беріп ұстай алды. Нұртай қапелімде баланың оқыс қимылынан тайлығып, кейін шегініп кетті.


— Мына сімілтір неменің істеп жүрген қылығын көрдің бе? — деп Күреңбайды тілдеп тұр. Әлгі әзірде не істерін білмей тартыншақтап тұрып қалған Күреңбай ашулы арыстандай шиыршық атып бар пәрменім ұмтылып келіп Нұртайдың алдына қасқайып тұра қалды:


— Шық үйімнен! Кет жаныңның барында.


Нұртай бұлқан-талқан боп сөйлеген бойымен кіжініп шыға жөнелді.


Әрі-беріден кейін Нұртай солбырайып, терезенің алдынан өтін бара жатты. Күтпеген жерден кездескен шырғалаң уақиғадан қатты тебіреніп, ашу-ызаға булыққан Күреңбай әлден уақытта сабасына түсіп, Жақыбайға баяу тіл қатты:


— Егер мен нәсіп болып, Ленинді көрсем, Нұртайдың есігінде қанша күрек тоздырғанымды, қанша қысқы түнді айдалада ұйқысыз өткізгенімді айтар едім...


Жақыбай үнсіз тұрып қалды. Жүрегі орнына түсіп, салдарлы қалыпқа ауысқан Күреңбай баласына:


— Балам, енді жатпай-тұрмай бір жөні түзу үй тауып алып, соған көшейік. Лениннің суретін іліп қоюға біздің мына үйіміз қолайсыз ғой, — деді.


Жақыбай үнсіз құптап, бас изеді.


— Жат, ұйықта құлыным! Мен де ұйықтайын. Ертеңнен бастап Нұртайдың ізіне шырақ алып түсермін...


* * *


Бұл әңгімені кейін Күреңбайдың өз аузынан естіп, дәптеріме жазып қойдым.


25


Екі арада біраз айлар өтті. Көктем шықты. Қыстан күйсіз шыққан ел мимырттап, Қамсақты көліндегі жайлауына көшті.


Оқуын бітіріп, Сәмет те елге оралған. Бұрынғы қызметіне қайта кіріскен. Нұртайлар әлі Көлбаршындағы қыстауына ұзап көшпей, сол жерге тұспа-тұс Егіндікөл деген жерге қоныпты.


Нұртайды кінәлауға бір сылтау табылды. Бықсыған шала қайта тұтанды. Хазовтың бар бәле-сұмдығын, қай жерде қашын жүргенін Нұртай біледі. Оның түп қазығы — Нұртай... Егерде жатпай-тұрмай Хазовты әшкерелеп, ашып бермесек, шоқпардың басы өзіміздің маңдайымызға сарт ете қалуы кәдік.


Болыс орталығына барып, қайтып келе жатырмын. Қасымда Елемес бар. Салт мінген аттарымызды сау желдіріп, жортып келеміз. Елемес атының жүрісін кенет іркіп, құлан бүлкекке басты. Мен де оның ыңғайына бағып, атымның тізгінін тежеп ұстап, қатарласа жүріп келемін.


Жасқаншақтығымнан қорлықты. көрдім-ау, әйтпесе... — деп ауыр күрсінді Елемес.


— Мәнісін айтшы? — деп елеңдей қалдым.


Елемес жаңа көргендей маған таңырқай қарап қойып:


— Сізге бір сыр айтайын, — деді.


— Айт, тыңдайын...


Іле бастап жіберді.


— Бір тығыз жұмыс болып қалса, ел жатып, тыныштық арпаған шақта, кеңседе оңаша отырып тындырып тастайтын әдетім бар. Сәмет ағай бүгін қалайда бітіріп қой деп, әдейі тапсырып кеткен тығыз-таяң қатынас қағазды жазып тастағалы ел жатқан кезде кеңсеге келдім. Түндіктен мол кірген салқын самалға бойым сергіп, көкірегім шайдай ашылып кетті.


Сергек отырмын. Бұрын болып көрмеген бір тасқынды сезім билеп алды. Арагідік тыста қыбыр еткен болмашы сыбдырға құлақ түремін. Салқын самал молырақ кірсін деп үйдің есігін жарым-жартылап ашып қойдым. Біраздан кейін шамалы бой жазып келейін деп тысқа шықтым. Мойнымды созып аспанға қарап тұрдым. Айналада қыбыр еткен тіршілік белгісі білінбейді. Тұңғиық қара көк аспан аясындағы селдір жұлдыздар қиян алыстағы оттай сиқырлана жылтылдайды. Әлден уақытта қайтып келіп қағаз жазуға үртіс кірістім. Хат-қаламға жаттығып қалған оңтайлы саусақтарым қағаз бетіне еркін жүйткіп жүре берді.


Кейінгі кезде жазу-сызуға төселіп алғанмын. Бұрын әр сөзге, әр сөйлемге бір қадалып, жазғанымнан өшіріп тастауым көп болатын. Қай жерінен жаңылып кеттім екен деп дүдәмалдана беретінмін. Бір жазғанымды әлденеше қайтара оқып шығатынмын. Екі-үш дүркін жөндеп жазған қағазым көңіліме пәлендей қона қоймаса, ерінбей-жалықпай қайта көшіріп жазатынмын.


Жуықта өткізілген шаңырақ санағында мал жасырған байлардың үстінен болыстық атқару комитетіне жолданатын құпия мәлімдеме еді оным. Нұртай, Кенжеқара, Елубай қатарлы ірі байлардың санақтан жасырып қалған малдарын түлік-түлікке бөліп жаздым.


Қағазды шамның шөлмегіне жақын ұстап көріп тұрмын. Күлгін түсті көк сиямен маржандай тізіп түсірген әріп таңбалары бейне бір ақ жібек матаға шеккен кестенің әсем өрнегі сияқты. Мәлімдеме қағаздың төменгі жағына бадырайтып жазған «Ауылдық кеңестің төрағасы С.Томайұлы, хатшысы Е.Төлемісұлы» деген жазулар осы сапар тағы да мақтаныш сезімімді тасқындатып жіберді.


Бұдан бұрын әр алуан мәселелер жайында жиі-жиі жазылып жүрген талай қағаздардың аяғына дәл осылай қол қоятынбыз. Неліктен екенін қайдам, мына қағазға қойған қолымыз өзгеше бір сипат тауып, жүрегіме ыстық сезілді.


Бұл күнде мен қанаты қатпаған сары үрпек балапандай жас емеспін. Ортан қолдай жігітпін. Өзім құралпы жас жігіттерге еліктеп, көңілім сүйген қыздарға бірнеше хат жазып та көргенмін. Осыдан екі-үш жыл бұрын қыздарға жазған хаттарым: «Ғиззатлу, уа хұрматлу, қадірден көргуші құрбым...» деген секілді ала-шұбар сөздермен басталатын. Ал, енді бертін келгенде, қыздарға жазған хаттарымның жөн-жосығы түбірімен өзгеріп кетті. «Абзал құрбым пәленше, саған жүрегімнің тұңғиық тереңінен қайнап шыққан жалынды сәлеміммен қатар сүйіспеншілік сезімімді білдіремін...» деген сияқты нәзік көңіл күйінен бастаймын да, қай-қайдағы әдемі теңеулерді үсті-үстіне төкпелеп жіберемін.


Сізге мұны мақтанып айтып отыр екен деп ойлап қалмаңыз. Талаптанып өсе бастағанымызды, ойда тұрып, биікке қол сермегенімді білдірейін деген оймен әдейі айтамын. Әйтпесе құр мақтаннан не шығады дейсіз.


Ертең таңертең кеңсеге келісімен мына жазған қағазымды Сәмет ағай шұқшиып көреді.


— Кәні, не деп жаздың, Елемес? Оқып көрші! — дейді ол сонда. Тамағымды кенеп алып, дауысымды созып, нәшіне келтіре оқи бастаймын. Сәмет ағай шибарқыт қоңыр бешпентінің омырау қалтасынан добалдай қызыл қарындашын жалма-жан суырып алып, қағазға төндіріп апарады да, шошып кеткендей селк етіп, қарындашты кейін тартып ала қояды.


— Жетімегім, сен, мына қағазыңды қайта оқып берші! Бір жерінен шатасып кеткен жоқсың ба? Састабымызбен ұшып түспейміз бе? — деп шындап күдік айтады. Хат танымаса да, қағазды көзіне тақап ұстап, аузын жыбырлатып оқыған болады. Маған екі-үш мәрте оқытып алады да, дұрыстығына әбден көзі жеткенде барып, қонжитып қол қояды. Сәмет ағайдың қол қойысы елден ала-бөтен. «Сәт» деген сөз құрайтын арабша үш әріпті міңгестіріп тізеді де, олардың айналасын шығыршық таңбамен қоршап қояды. Өзінің сөзімен айтқанда, «бір жаққа қашып кетпестей етіп, кісендеп тастайды».


— Қолды өстіп қиындатып қоймасаң, — дейді Сәмет ағай мені әрдайым сақтандырып, — бір қулар подлок жасап, тырапай асырады. Әмсе сақ болған жақсы...


Сәмет ағайға еліктеп кейінгі кезде мен де қолымды қиындатып қоятын болдым.


Үйге қайтайын деп қағаздарымды жинастыра бастадым.


Елеместің сырын манадан бері ұйып тыңдап едім. Шарықтау шегіне жеткенше дәтім шыдамай:


— Сөзіңнің шырайы жаңа кіріп келе жатыр, айта бер, — дедім.


— Мен сізге ішімде жүрген бір құпия сырымды айтқалы отырмын, — деді Елемес осы арада.


— Сенсең, дос санасаң айт, — дедім.


— Бұл уақиға сіз келерден бір айдай бұрын болып еді, — деп бір тоқтады.


— Иә, сонымен...


— Сол күні кешке таман қаладан бір жігіт келіп, оны Досым дейтін байшікештің үйіне түсіргенбіз. (Сәмет ағай ауылдық кеңестің бір тығыз шаруасымен кеше Саршакөл қоғамына кеткен). Сол жігіт бейуақта кеңсеге жетіп келді. Сыпайы амандасып, аты-жөнін айтты. Сөйтіп Қозыбағаров. Уезден келген тергеуші.


Бейтаныс адамның жосығына бағып, тоң-торыс сыңаймен сарабдал сөйлесті. Маған көзінің астымен қарап қойып, әр сөзін аузынан сыздықтатып шығарады.


Алдында жатқан қалың сұр папкасын тез-тез ақтарды да, сындарлы шыраймен:


— Осы бастан ескертіп қояйын. Екеуміздің арамызда айтылған әңгімені тісіңізден шығарушы болмаңыз, — деді.


Үнсіз бас изедім. Анау күн ілгері әзірлеп қойған тергеу протоколына қолымды қойдырып алды.


— Егор Хазов деген кісіні білесіз бе? — деп сұрады сәлден кейін түсін суытып.


Тергеушінің тұтқиыл сұрағы жүрегіме тікенектей қадалды. Менен жауап күтіп бедірейе қалды. Хазовтың жексұрын бейнесі құмыраға салған көлбақадай бұлқынып, көзімнің алдына келіп тұра қалды. «Аңғал ақымақтың кебін кигің келмесе, казіргі жағдайды дұрыс пайымда, — дейді көкірегімнің түкпірінен сампылдаған бір дауыс. — Хазов жайынан бар білгеніңді тергеушіге қалдырмай айтып бер». Неден бастарымды білмей дағдарып отырғанымда, тергеуші маған қозғау салып жібергісі келгендей:


— Хазов жайынан білгеніңізді еркін айтып беріңіз! — деді.


Күңгірт тартып, тоза бастаған көне деректер бетіндегі тозаңын сүртіп алған қара тастың жазуындай аңдыздап шыға келді.


— Айтайын, — дедім бекем сыңаймен. Тергеушіден сөз тостым.


— Айта беріңіз!


Әдепкіде аузыма сөз түспей, аңтарылып отырып қалдым. Ойланып алсын дей ме, кім білсін, тергеуші бол-болдың астына ала қоймады.


— Міне қызық, Хазовтың менімен қандай байланысы бар?


— Қысылмаңыз, айта беріңіз? — деді тергеуші кең танауынан дем алып, — мен сізден жауапкершілік ретінде сұрап отырған жоқпын. Саспаңыз...


Көңіліме түйткіл кірді. Берген жауабымнан шатасып қалып, масқара болмасам неғылсын. Тергеушінің қатыңқы қас-қабағына емен-жарқын жылы леп жүгіргендей болды. Ар жағында маған деген зілі жоқ сияқты.


— Хазовтың дәуірі жүріп тұрған кезде жас едім. Кейін ара-тұра естігенім болмаса, толық білмеймін...


— Білгеніңізді айтып берсеңіз, маған со да жетіп жатыр.


— Құп болады.


— «Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз», — деп, білгенін жасырып, мұз қара көк танып кететіндер де болады. — Сынай күлімсіреп тына қалды тергеуші.


— Хазов дегеніңіз беті-жүзін көрген адамым емес. Әйткенмен, естіген-білгенімді түгел айтып берейін.


Қанша дегенмен күмәнданып отырмын, кім біледі, әлдебір қулар мені сұрқия қашқынмен байланыстырып, үстімнен шағым берді ме екен? Толқулы күйімді көрген тергеуші алдындағы қағаздарын жинастырып қойды да, мені алдарқатқысы келгендей, жымың етті. Шапшаң қимылдап орнынан көтерілді. Бастапқы кездегі ресми қалпынан тез айныды. Менімен тіл табысын, ұғынысқысы келгендей жақындап келіп:


— Қысылмаңыз! Білгеніңізді айтып беріңіз? — деді.


Қозыбағаровтың жұмсарған райын көрген соң шамалы еркіндеп қалдым.


— Хазов турасындағы тергеуіңізді менен бастағаныңызға түсінбей отырмын, жолдас Қозыбағаров! Осыны білгім келеді...


— Мен сізге мана атап ескерттім ғой, — дегенде тергеушінің үні қатал шықты. — Сізден мен жауапкер ретінде жауап алым отырған жоқпын... Егерде шынын айтпай, өтірік мәлімет берсе, жай куәнің жауапкерге айналып кетуі оңай екенін есіңізге салын қояйын.


— Ол не дегеніңіз? Бар білгенімді айтып берейін, — деп құлдық ұрып, құлдыраңдай қалып едім, тергеуші мені мақсатты шаруасының ыңғайына қарай икемдеп жіберді.


— Қорқатын түгі де жоқ... Осы елдің бір сенімді ақ жүрек жігіті болғандығыңыздан, бірсыпыра жайларды сізден анықтап біліп алғым келіп еді.


Қозыбағаровтың бұл сөзіне сенбедім. Мені ұтылап, алдымнан тосқауыл құрып отырғандай көрінді.


— Неден қорқайын, — дедім тұтана бастаған намыс отым өршітпеуге тырысып, — Хазовпен тинақтай байланысым болмаса оны жасырмасам...


— Жолдас Төлемісов! — Бұл сапар тергеушінің даусы тым зілді шықты. — Мен сізбен мыршым ойнайын деп отырған жоқпын... Сөз бұйдаға салмай, шыныңызды айтыңыз!..


Хазов — Мариновка қаласының зиялы казак-орысы. Біздің Амантай болысында он бес жыл ұдайы волосной управитель болған Секеман шонжарда тілмаш болған. Секеман революция алдында өз ажалынан өлген. Болыстықты Жанабайдың Баймырзасы алғанда, Хазов біздің елден кетіп, көршілес Атабай болысына тілмаш болыпты.


Атбасар уезінде ақтар үстемдік құрып тұрған кезде Хазов Мариновкада аудандық милиция бастығы болып, маңайдағы елді бір шыбықпен айдап, қырып-жойып, қан-жосасын шығарған.


Мариновкамен аралас-қоралас елдер Хазов жайынан қилы-қилы қауесет айтатын. Мариновка партизандарының он тоғызыншы жылғы көтерілісін күшпен басуда жан сала әрекет істеген. Ақтардың мың сан қарулы жасағын басқарып, көтерілісші шаруалардың қанын судай ағызған. Большевиктерге тілектес болған талай адамдарға жұрт алдында дүре соғып, бірсыпырасын өз қолынан атып өлтірген.


Хазовтың ойдағы орыс, қырдағы қазақ еңбекшілеріне көрсеткен зәбір-қиянатын, революцияға қарсы сойқанды қылмыстарын өз білгенімше келістіріп айтып бердім.


Хазовтың өлі-тірісінен не хабарыңыз бар? — деп сұрады тергеуші төтеннен.


Хазовтың өлі-тірісін шындап та білмейтін едім. Елдің алыпқашты қауесетіне сенсек, басым көпшілігі оны өлдіге санайды да, дейді біреулер Қорғалжын жақта балықшы боп жасырынып жүрген дегенді айтады. Бірақ бір пәлеге ұшырап қалармын деп мұны айтпадым.


Хазов он тоғызыншы жылдың күзінде ұшты-күйді жоғалыпты ғой... Революция сотының үкімімен атылып кетті ме, әлде амалдап бір жерде қашып жүр ме, оншасын біле алмадым.


Тергеушінің шарасынан шыққан өткір қара көзі өңменімнен өтіп барады: «Дос пен қасты ажырата алмайтын, хош иісті гүл мен улы арам шөптің сасық исін бір-бірінен айыра білмейтін ашық ауыз екенсің», — деп кінәлап тұрғандай.


— Егер Хазов тірі болса?.. — Тергеушінің қатыңқы қабағынан мысқылды күлкі көрінді.


— Тірі жүрсе ұстап алып құртып жіберу керек емес пе?..


— Елдеріңіздің маңайында жасырынып жүрген қауіпті жауды қалай білмей қалдыңыздар?


Тұйыққа тіреліп қалдым.


— Жоғалып кеткен Хазовты тауып берсем, не дер едіңіз? — Тергеуші ернін жымырып, мысқылды пішінмен жымың етті.


— Оны біз нағып білмей жүрміз? — дедім сасқанымнан.


— Қырағылықтарыңыз нашар болғаны ғой.


Хазов қылмысының бар ауыртпалығы менің басыма түскендей-ақ денем ауыр тартып, дел-сал болдым. Аңқам кеуіп, ернім кеберсіді.


Дегбірсіз түр-тұрпатымды көріп, бұдан әрі жанын қинай бермейін деді ме, әлдеқашан қазбалап тергей бергенмен езі білетін деректеріне қосатын жаңалығым жоғына көзі жетті ме, тергеуші істің айқын аңғарына түсті.


— Көздеріңіздің алдында жүрген қорқау қасқырды көрмей, жаралы қала жаздапсыздар!


Зығырданым қайнап, намысым келді. Тергеушіден ұялғанымнан, не айтарға білмей дағдарып қалдым. Айтты айтпады, жар астында бұғып жатқан қатерлі жауды осы уаққа шейін қалай сезбей жүрдік екен?


— Сіз жас адамсыз ғой. — Тергеуші менің кінәмды біраз жеңілдеткісі келгендей имантаразы қалыпқа түсті. — Осындағы бас көтерер азамат Сәмет Томайұлының ашық ауыздығына қайранмын...


— Елді тасқаяқтай қағыстыратын пысық кісі еді. Осы тұста нағып босаңдық істегенін...


— Басының амандығын көздеген ғой, тегі. — Тергеуші сұраулы көз қараспен сөз салмағын маған тастады.


— Пәлен деп кесіп айта алмаймын...


— Жарайды, жолдас Төлемісов! Істің жайын анықтаңқырап алайын. Хазов жайында ел не айтады? Ара-тұра құлағыңызға шалынған жоқ па?


— Хазовтың жаңағы айтылған қылмыс-қиянатынан басқа түк те естіген жоқпын.


— Жаңағы айтқан жауаптарыңызға қосатын деректеріңіз жоқ па? — деп сұрады тергеуші, — ойлансаңыз қайтеді?


— Жоқ, — дедім.


— Осы мәселеге Нұртайдың қандай байланысы бар? Бұл жөнінде не білесіз?


Қара басып күмілжіп қалдым. Бастан құлақ садаға дедім де, Нұртайға шық жуытпадым. Нұртай Хазовпен байланысты деген сөз миыма қонбайды деп отырып алдым. Жатқан жыланның құйрығын баспайын деп, түлкі бұлтаққа салдым.


— Осы айтқаныңызға әзірінше сене тұрайын. — Қозыбағаров терең сырын ішіне бүккендей тымырая қалды. — Мен қазір Нұртайдан жауап аламын. Сіз ішінде болыңыз. Отырыңыз.


Нұртай бүкшиіп келіп таяғына таянып тұра қалып, тергеушімен биязы амандасты:


— Денің сау ма, шырағым!


— Ш-шүкір. — Тергеуші ернін жыбырлатты. — Отырыңыз! — Столдың алдындағы тоқал орындықты нұсқады. Нұртай қос қолдап ұстаған таяғын жерге нық тіреп, столдың бір жақ шетіне жанаса, есікке бетін бере бір қырын отырды. Қозыбағаров қағазына үңілді. Нұртай тергеушінің түр-тұлғасын ұрлана барлап алды да, «түсің суық екен, жөпшенділікпен уысыма түсе қоймассың» дегендей, қабағын қарс жауып түнере қалды.


Тергеуші ортасынан қақ бөліп, құлақ шекесінің үстін бастыра қарсы қайырған көмір қара шашын алақанымен сипап, жөндеп қойды. Қиығы мол өткір қара көзі қайсар мінезін танытқандай Кездік пышақтың жетесіндей қырлы кеңсірігінің оң жағындағы титімдей қара меңі сұсты ақ сұр жүзіне жараса қалыпты. Тік жағалы қара шұға бешпенті, торсық жамбас жасыл шалбары шолақ қонышты көзел етігі, белін қынай буынған жез тоғалы, жалпақ, былғары белбеуі толықша белін тырсылдата қысып, шымыр денесін ширата түскендей.


Тергеуші заңның ресми тәртібі бойынша, әуелі Нұртайдың аты-жөнін, ұлтын, жасын, білім дәрежесін сұрап жазып алды. Бірнеше жанама сұрақ беріп, оларға орай Нұртайдың берген жауабын тергеу протоколына түртіп алды. Өтірік айтып, жалған мәлімет берсең, қылмысыңа қылмыс жамалады деп, алдын ала мықтап ескертіп, тергеу протоколының бірінші бетіне қол қойдырды.


— Сіз бірсыпыра жасқа келіп қалған адамсыз, оның үстіне ғұлама молдасыз. Тағы да ескертемін: шыныңызды айтпасаңыз, қылмысыңызды ауырлатып аласыз.


Нұртай ежелгі томырық мінезіне басып, салған жерден күрт кетті:


— Тергеуге алатын мен не қылмыс істеппін? Әуелі, жөніңді айтып өлтірші! — Екі беті күйдірген қыштай қызара қалды. Ендігі сәтте жүзі сұрлана қалып, тергеушіге сұқтана қарады.


— Оп-оңай құтылып кетем деген пікірді басыңыздан шығарып тастаңыз. — Оң қол Жағында теңкиіп жатқан жылтыр қара портфельден суырып алған қағазын оң алақанымен басып, Нұртайға тесіле қарады тергеуші.


— Мүбәрәк алла!


— Жақсы! — Портфельден және бір қағазды суырып алды тергеуші. — Мына мәселе жөнінде не айтасыз? Өткен қыстағы ауылдық кеңес сайлауында Өткелбай Жамансарыұлы деген туысқаныңызды тізімге енгізіп, бір қауым сайлаушыларға пара беріп, біреулерін қорқытып, дауыс жинапсыз. Сайлау үстінде қиян-кескі төбелес шығарып, Жақан Сарманұлы, Мақамбет Тұралыұлы дейтін кедейлерді соққыға жыққызыпсыз. Өткелбайға қарсы дауыс берген кедейлер Жанақмет Жамантік құлының, Секей Қаражанұлының сүттей ұйып отырған әйелдерін сіздің сөзіңізге еріп төркіндері шығарып алыпты...


— Елдің жаманаты алдымен маған келеді. Өткелбайдың маған туыс екені рас. Ләкин, ауылнай сайлауында оны шарға түсіруге мен ешкімді зорлаған жоқпын. Қолы хат білетін пысық жігіт деп, оның атын атаған осындағы көпшілік қауым. Сайлау үстінде кім жанжал шығарғанын, осы елдің кез келген адамынан сұрасаңыз расын айтады. Бір-бірімен шекісіп қалып жүрген кедейлердің өздері болатұғын.


— Сіз шындықтан жалтарып кеттіңіз.


— Істемеген қылмысты істедім деп қалай айтайын?


— Түптеп келгенде, қылмысыңызды мойындайсыз. Одан да осы бастан шыныңызды айтып, кінәңызды мойындаңыз, ақсақал...


— Шылғи өтірік. Жала, жала!.. Аузына келгенін тантып арыз берген адамның аты-жөнін айтсаңыз екен?


— Оның сізге не қажеті бар? — Тергеуші мысқылды пішінмен жымың етті. Нұртай өндіршегі бүлкілдеп, жан дәрмен:


— Арыз иесінің аты-жөнін айтпасаңыз, онда жауап беруден бас тартамын, — деді.


Тергеуші салқын қанды пішінмен отырып-ақ Нұртайды тойтарып тастады:


— Сіз бет алды байбаламды қойып, менің сұрақтарыма дұрыс жауап беріңіз!


Аттыға сөз, жаяуға жол бермейтін шылбыр қашаған Нұртай дәл осы сапар қалжаурап қалған екен. Tic жарып үндемей, қара терге малшынып, өліп отыр.


— Өліп қалған Хазовты қалай тірілтіп алдыңыз? Соны айтыңызшы!


— Астағпыралла! — Нұртай шыпжыңдап қалды. — Бұл не деген сұмдық?


— Қылмысты істеу оңай болғанымен, мойындау қиын, әрине!


Тергеуші Хазов жайына байланысты мәселені тереңнен қозғады. Нақтылы деректер келтіріп, Хазовты Нұртайдың қалай жасырып сақтап келгенін бұлтартпай айтып берді. Анау азар да безер боп аяғына отырғызбады.


Тергеуші қағазына үңіле бергенде, Нұртай тұқыра төмен қарап, ойға кетті. Сөзге араласпай тым-тырыс отырмын. Тергеуші мені осында неге отырғызып қойды? Оның бұл әрекетінде сірә бір терең сыр бар. Сөкті, балағаттады деп Нұртай жала жауып жүрер, әлде Нұртайдан пара алып ақтап жіберді деп, біреу болмаса біреу пәле салар деген күдігі бар ма, кім білсін.


— Иман жүзді бала екенсің, шырағым...


— Бос сөзді қойыңыз! Өзіңізге тікелей қатысы бар іс турасында нақтылы жауап беріңіз.


— «Иттің аузы жесе де қан, жемесе де қан» дегеннің кері ғой, бұл! Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбым жоқ еді. Ғайбатшыл біреулердің жаласына бола нахақ күйіп кетем бе? — Жеңімен көзін сүртіп, таяғымен жер шұқып, бедірейіп отыра берді.


— Хазовты төрт жылдан бері жасырып келгеніңізді мойындайсыз ба?


Нұртай сүттен ақпын, судан тазамын деп жығыла танды. Хазовты жасырып, асырап-сақтап келгенін бірнеше нақтылы дәлелдермен төндірсе де, бойына дарытпады. Тергеуші алдында міз қақпай отырып алды. Хазовпен төңкерістен бұрын шамалы таныстығым болғаны рас, соншалықты ішек-қарынымыз араласқан дос емес-тұғынбыз деп жылдырмалатып бара жатыр еді. Тергеуші оның алды-артын орап, нақтылы деректерді тағы да мойнына төндіріп қойды. Опық жеп қиналып отырмын. Бағана Хазовтың Нұртаймен титімдей байланысы жоқ деп неге айттым екен.


— Осы сырыңды бұдан бұрын неге айтпадың? — деп кірбеңдеп, қадала қалдым.


— Аузыңнан шығарсаң соттаймын деп, шегелеп кетті ғой, сол тергеуші. Әйтпесе...


— Қызық екен!


— Сені куә есебінде кейін шақырамыз. Соған шейін жан адамға айтушы болма деп, қолымнан тілхат алған.


— Шақырды ма?


— Қайдан шақырсын. Өзі ұшты-күйді хабарсыз кетті.


— Сенің бір тебіренетін кезің келген екен, осы жайларды тайсалмай айтуың керек...


— Қорқатын түгім де жоқ, айтамын. Сол Қозыбағаров Атбасарда әлі тергеуші екен ғой. Кейін білсем, қаны шығып тұрған бай баласы екен. Бәсе, Нұртайдың ісін жым-жылас жауып жібергені тегін емес қой. Антұрған әуелде тек менің көзімше өп-өтірік қатал болғанын көрмеймісің.


— Ол Қозыбағаровыңды мен де білемін. Әлі де болса аузыңа берік бол. Нұртай құласа, Қозыбағаровтардың талайын бірге ала жығылады.


Елемес өткен іске өкінген пішінмен үнсіз ойға кетті.


26


Нұртай абақтыға түсті. Күреңбайға істеткен сұмдығы бар,оның үстіне Хазов қашқынды жасырып, паналатқан кінәсы бар, қыл мойнына бұғалық түсіп, тоңқалаң асты. Тергеуде кім көрінгенді былғап жатса керек. Көбіне-көп Сәметке тісін қайраулы дейді. Оған мың түрлі пәле жауғызыпты.


Нұртай уақиғасынан ел қатты дүрлігіп қалған. Жетібай бастаған бас көтерер туыстары Нұртайға азық апарып беріп, бір я ағынан оны тез босатып алу қамын қарастырып, табан аудармай қалада жатыр.


Арада бір ай өтті.


Көлбаршын басына мектеп сала бастағанымызға төрт күн. Мектепті көлдің ық жақ қабағына таяу жазыққа, былтыр күзде землемерлер кесіп берген жерге салып жатырмыз. Уездік оқу бөлімі арнайы жасатып берген жоба бойынша мектеп үйі төрт бөлмелі болады. Мұндай үлкен үй бүкіл бір болыс елде бұрын болған емес.


Әуелі мектепті салып алып, содан кейін алдымен кедей шаруаларды Тақыртөбеден Көлбаршынға көшірмек ойымыз бар. Көшеміз деп әзірге көңіл білдірген — 55 үй. Оларға қора-қопсы, үй-жай салып алуға үкімет тарапынан ұзақ мерзімді қарыз ақша берілетін болған. Өздері қалап, өз күштерімен қыстау саламыз дейтін қырық шақты орта күйлі шаруалар және бар. Жалпы ел-қауымның ауқымына еріп, жұрт қатарлы Көлбаршын басына көшіп орнығуға көңіл білдірген отыз үй байлардың да бетін қаққан жоқпыз. Сонда әзірше Тақыртөбеде отырып қалуға бекем бел байлаған жиырма бай мен қырық үйлі кедейлер қалып отыр.


Мектеп айналасында қаптап жүрген адамдар дабырласа сөйлесіп, қауырт қимылға басып жатыр.


Бүкіл қауым болып жаппай жұмылған мұндай игілікті істі Тақыртөбе елі өмір бойы көрген емес-ті.


Жұмысты Сәмет өзі басқарып жүр. Елге саба-саба қымыз жинатып, ортадан күнде екі қой сойғызып, тамақты бір жерден бергізіп тұрмыз. Өңкей қарулы жігіттер мектепті бес күнде дендеп еңсеріп тастады.


Мектеп үйінің қабырғасы белуардан асып, әжептәуір биіктеп қалған. Әлекедей жалаңдаған қырық шақты адамның пәрменді қимылына көзің мен көңілің тойғандай. Әр жерге текшелеп үйген кірпіш лезде ойсырап, орны үңірейіп қалып жатыр. Жерден әперген кірпішті үйші шеберлер дембе-дем қағып алады да, шелектегі саз балшықпен шылап өбістіре қояды.


Өзара бәсеке-жарысқа түскендей, мәреге бұрын жетуге асыққандай пәрменді қарқынмен қауырт қимылдайды. Бір шетте томаға тұйық қарап тұрған ұзынтұра қара сұр жігітке көзі түсіп кеткен Сәмет қасына жетіп барып, сөз тигізді:


— Болдырып қалған аттай неге сілейіп тұрсың, Серкебай? Күн жаумай су болып, саған не көрінді антұрған!


— Аяғыма кірпіш түсіп кетіп... — Жігіт кінәлы пішінмен төмен қарады.


— Жігіт жалқау болса, істеген жұмысы селкеу болады, әрине! — Оның қатарындағы бір жігіт сөзге киліге кетті.


Әлгі жігіттің сайқы мазағы шымбайына батып кетті білем, ұзынтұра бұртия күңкілдеп оқшау шықты да, тізесін құшақтап сілейіп отырып алды. Оңтүстік жақ қабырғаның орта тұсында, жоғарыда кірпіш қалап жатқан шоқша сақалды, жұқа өңді, шымыр денелі аласа сары шалдың қимылына көз ілеспейді. Үстіндегі тері кеудешесінде қызыл арай күн сәулесі ойнайды. Кең жағалы ақ көйлегінің жеңін сыптығырлап шынтағынан жоғары асыра түрім алыпты. Қолының бұлшық еттері қозғалған сайын торсия бұлтылдап, шиыршық атады. Бұл мектеп салу жұмысына өз ықтиярымен жазылған үйші шебер Сәрсенбай.


— Күн батқанша тағы да бір рет қалап шығайық! Бол, бол! — дейді Сәрсенбай төмендегі жігіттерге. Қоңырқай қысық көздері жайнап, қутың-қутың етеді. Тізесіне түскен қоңыр шекпен алжапқышына жабысқан сауыс балшықты қолымен үгіп-үгіп жібергенде, сау етіп жерге түсіп жатыр. Басындағы сырма қара тақиясы ұйысып қалған қалың шаш сияқты.


— Сәрсеке-ау, шаршадыңыз ғой, жерге түсіп, бір мезгіл тыныстап алсаңызшы! — дедім қасына жақындап барып.


Сәрсенбай күлім көзінің қиығымен қарап, бір түрлі іш тартқан әлпетпен жымия:


— Әуелі мектебімізді салып бітірейікші! — Тынығармыз содан кейін. Мұғалім, қарағым, төмендегі жігіттерге айтшы, балшықтары кеуіп кетіпті! Кірпішке жұқпай жатыр. Сумен шылап, еселеп берсінші!


— Жарайды, айтайын.


Мектептің солтүстік жақ тұсынан біреудің кірбің даусы шықты.


— Қырсыз антұрған, күректің сабын сындырып алғаны несі, әй! Ауырдың астымен, жеңілдің үстімен қимылдайсың?


— Мектепті дұрыстап салып алсақ, абыройына бәрің де ортақсыңдар! Қимылдаңдар, жігіттер!..


— Ой, ерім-ай, бүгін тіпті үдеп кеттің ғой. Жарайсың!


Мектеп іргесінің айналасына, әр жерге тау-тау боп үйілген кірпіш, сырғауыл, бөрене, тақтай, қаңылтырдан ине шаншар жер жоқ. Мектептің оңтүстік бүйірінде он бес-жиырма қадамдай аулақта үш адам қалың тақтайды үрдіс сүргілеп жатыр. Олардың оң жағын ала, жуан дөңбектен мәтке шауып жатқан екеудің балталары күн сәулесімен жарқ-жұрқ етеді. Қағаздай ақ жаңқалар кеудемде үйіліп қалып жатыр. Бұларға тақау екі кісі есік жақтауларын өбістіріп, тікесінен тұрғызып қойып, екі жағынан ұстап тұрып, айналдыра көріп тұр.


— Әйбәт болды! — Қою қара мұртты, дорба сақал қартаң кісі жақтауға еңсесін сала үңіледі.


— Табалдырығы мен маңдайшасы әнтек дөрекілеу болған ба, қалай? — дейді кесек денелі, бадырақ көз жігіт.


— Әп бәрекелді, көзің жіті жассың ғой, байқап қалғаның жақсы болды! Мұғалім мен Сәмет алдында, сірә, ұятқа бата жаздаппыз ғой! — Шалдау кісі есіктің ол жер, бұ жеріне көз жүгіртіп көріп жатыр.


— Көпшілік қауымның игілікті жұмысына жүрдім-бардым қарауға болмайды. Бейсеке, — дейді жігіт, оң жағына басын қыңырайтып. — Мінсіз болғаны жақсы.


Көлдің солтүстік жағын айналып, бір салт атты құйғытып шауып келе жатыр.


— Астына мінгені Бәйкеннің күреңқасқасы ғой, жүрісі суыт... Бұл кім болды екен? — Жоғарыда тұрған Сәрсенбай алақанымен маңдайын қалқалап, келе жатқан салт аттыға қарай қалыпты. Әне-міне дегенше оқтаудай жұп-жұмыр күрең қасқасын қара терге сабылтып Бәкібай тура Сәмет екеумізге жетіп келді. Ол кеше болыс орталығына қағаз әкеткен. Бәкібай атынан қарғып түсіп, бізбен қол ұстасып амандасты. Бір газетті қалтасынан алып маған ұстата берді.


— Осы газеттің ішінде қызық-тамаша бар, оқыңыз!


— Ал оқып көрейік.


Губерниялық «Бостандық туы»газетінің жуырда шыққан бір саны екен. Газеттің үшінші бетіндегі «жер-жерден» деп ірі әріппен басқан жазуға көзім түсті. Оның астындағы «Зор талап, игі мақсат» деген хабарды шолақ қолымен түртіп көрсетті Бәкібай.


Сәмет құлдық ұрып:


— Оқышы, тез оқышы, не депті газетің? — деп тұр.


Дауысымды шығарып оқи бастадым: «Атбасар уезіндегі Амантай .болысы 6-санды ауылдық кеңеске қарасты Тақыртөбе елінің кедей-жалшылары күш біріктіріп, Көлбаршын деген жерге қоныстанып жатыр. Алдымен орталарынан зәулім мектеп салуға шұғыл кірісті.


Бұлардың алған жері сол елдің атақты байы, әрі молдасы Нұртай Бекей баласының қонысы болатұғын. Еңбекші бауырларымыздың алғашқы қадамдары қайырлы болсын. Көздеген мақсаттарына тез жетулеріне тілектеспіз. Шынтай Мұқаұлы».


— Осының өзі жақсы, мақтапты ғой, — дегенде Сәметтің өңі құлпырып кетті.


Күн батуға таянғанда құрылысшылар қимылды үсті-үстіне үдетіп, жұмысты өндіріп тастады.


Басына ақ орамал байлаған, үстіне жырым-жырым қоңыр көйлек-станы бар, ат жақты, сидам қара бала алты қанат киіз үйдің аумағындай шұқырды сыпсың құйрық көк атпен шыр айналып, балшық айдап жүр. Су көп құйылғандықтан мидай езіліп, иі қанып қалған қара қошқыл лай балшықта ат тұяғы шөлмектен зордың күшімен атылып шыққан тығындай күмпілдейді.


Дабырлаған көп адамның дауысы, жұмыс істей жүріп, әндеткен сергек жастардың майда қоңыр әуездері келеді. Барша елдің тегеуірінді күш-қуаты, асқақ әні мен әсем жыры осы жерде тоғысқандай.


— Күн кешкіріп қалды ғой, атыңды шапшаңырақ айда бала! — Темір күректің сабына салмағын сала бүкшиіп, шұңқырға үңіліп тұрған ұзын бойлы, қартаң қара кісі ат үстіндегі қаршадай қара балаға бұйыра сөйлеп жатыр.


— Арамқатқыр, болдырып қалды, аяғын баспайды, ата!


Әлгі кісі темір күрегін лай балшыққа тез-тез бойлатып жіберіп, араластыра бастады.


— О несі, жануардың әлден болдырып қалғаны.


— Тоқтасақ қайтеді, ата? Шаршадым, басым ауырды! — бала атты сипай қамшылап, қара кісіге жалынған пішінмен қарады.


— Еріншектігің ұстады ма, сайтан бала? Қараңғы түскенше тоқтамаймыз. Астындағы кесек балшықтары әбден езіліп, араласқанша айдай береміз.


Болдырып қалған көк ат бүйірін соғып, тәлтіректеп басады аяғын. Бала тірсегі тілім-тілім етжеңді аяғын үзеңгіге шірене түсіп, келте сапты қамшысымен атының жамбасына осып-осып жіберді.


Сәмет қауырт қимылға басқан көпшілікке сүйсіне қарап тұр.


— Әзірге қарқындары жаман емес! Енді ең көп дегенде он шақты күнде мектебімізді мұнтаздай ғып салып бітіреміз! — деді.


— Иә, Сәке! — дедім қостап. — Бітіреміз!


— Сонан кейін үй-қора сала бастаймыз!


— Бірте-бірте бәрі де түгенделеді.


Сәмет көңілденіп, миығынан күлді.


27


Мектебімізді әйбәттап салып алдық. Көптесіп, көлемдесіп, Сәрсенбай, Біләл, Бәшім және басқа кедейлер күш біріктіріп, Көлбаршын басына қора-қопсы орнатты. Осында он шақты үй-қораның басы көрініп қалды. Бұ да болса келешек жаңа қоныстың ұйтқысындай көрінді, бізге.


Сәмет екеумізді қалаға шақырған бұйрық келді.


Сәмет екеуміздің Атбасарға келгенімізге үш күн. Бүгін ерте тұрдым. Елең-алаңда пәтерімнен шығып, қаланың күншығыс жақ іргесіндегі Жабай өзеніне қарай тарттым. Жаңа шығып келе жатқан күннің шаншыла тарамданған қызыл арай сәулесі өзен бетінде ойнайды. Әр жері үңірейе опырылып қалған биік жардың түйетайлы қабағына төнген бір қабат, екі қабат ала-құла бөрене, кірпіш үйлердің терезелері күн көзіне ұстаған айнадай жарқылдайды.


Жалғыз-жарым сиырларын қақпалап, жетелеп, қала сыртына табынға қосуға апара жатқан әйелдер таңертеңгі тымық ауада сампылдай сөйлеседі.


Бас-аяғы бір-ақ уыс шағын қала баяу жылжып, көтеріліп келе жатқан күннің қызыл-жалқын шұғыласына малынып құбыла жарқырайды. Тұрқы ұзын болғанымен, көлденеңі үш жүз метрдей алаңда төрт күмбезді зәулім көк шіркеудің крестері мөлдір аспан аясында алтындай жалтылдайды.


Қаланың оңтүстік-батыс жақ шетіндегі мешіт ежелгі ісләм дінінің түз қаласындағы сенімді қарауылындай оқшау мелшие қалыпты. Қанық бояулы жасыл мұнараның ұшар басындағы қола айшығы сапсыз қол орақ іспетті.


Қала байларының жасыл, қызыл төбелі екі қабатты биік ағаш үйлері әр алуан ығы-жығы үйлерден бойлары асып, әр жерден боталы түйедей арбиып көрінеді.


Қалалық бақты көктей өтіп келіп, жардың қабағына отыра кеттім. Осы жерде кездесейік деп Сәмет екеуміз кеше сөз байласқанбыз. Оңаша кеңесіп алатын тығыз-таяң шаруамыз бар...


Жадау жүзімді айнадай жарқыраған тұнық өзенге төндіріп томсара қалдым. Басыңқы көңіл күйімнің елесін Жабай өзенінің ертеңгілік шақтағы мөлдір суынан көргім келгендей, көз айырмаймын.


Көк шұға пиджагымның қойын қалтасынан бір парақ қағаз алып, оқи бастадым. Жазған кісінің аты-жөні көрсетілмеген домалақ хатты кеше біреу пәтеріме әкеліп тастап кетіпті. Осы хатты қайта оқыдым; «Айшуақтың алаңғасары, — деп басталыпты хат сөзі,-жалғызыңнан жайрайтын кезің жақындады. Кебініңді қамдай бер. Барған еліңе лаң салдың. Сәмет деген бір қуға еріп, істемеген сұмдығың, шығармаған пәлең қалған жоқ. Елдің берекесін кетіріп, мазасын алдың. Осы қылмыстарың аяқсыз қалады екен деп ойлама. Сазайыңды тартасың. Әлі де болса ойлан. Жан керек болса, мұғалімдіктен безіп, есің барда еліңді тап. Егерде көзжұмбайға салып, райдан қайтпасаң, тәубаға келмесең, құрисың, су түбіне кетесің...»


«Бұлары бос қоқан-лоқы ғой, — деп ойладым, — қорқытып-үркітіп қолға оңай түсіріп алмақшы болады. Оттай берсін...»


Байлардың сойылын соғатын өңкей сұмдар, Нұртайдың абақтыға түскеніне намыстанып, жетсе малымыз, жетпесе басымыз, қалай да тұтқыннан шығарып аламыз деп жанталасып жатса керек. Нұртайдың немере қарындасын алған күйеуі Қанай Қабанбаев деген қу жігіт, уездік жер-су бөлімінде қызмет істейді. Осы антұрған намысқа қызып, біздің сыртымыздан неше түрлі пәле қарастырып жүр дейді. Қанайдың жай-жапсары бізге айдан айқын. Ұлытаудағы асқан бай адамның баласы. Есебін тауып бұрнағы жылы уездік мекемеге жауапты қызметке орналасып алған. Мына құбыжық хатты осылардың жыртысын жыртатын бір қу жазған болар...


Атбасарға келгеннен бергі жерде ойлап қарасам, елде сәл ағат кеткен екенмін. Азулы байлардың дау-дамайынан, қиян-кескі жанжалынан аулақ болайын деп, Хазов оқиғасын дер кезінде ашып бермедім. Өткен іске өкінгеннен не пайда. Алдағы жақсы күндерді аңсаймын, көңілдің дауалар шағын ынтыға күтемін. Келер мезгілдің маған арнап тартар асыл сыйы бар ма, немесе арылмайтын қырсық-сор әкеле жатыр ма?


Қалада Сәмет екеумізге қырын қараушылар көбейгенін де білемін. Осы бір шәлкем-шалыс жайтқа ой жібердім, көңілімдегі қауіп-қатер бұлтын серпіп тастап, нар тәуекелге бел байладым.


Сәметті бір сағат күттім. Ұзақ отырып ішім пысты. Келе қоймаған соң пәтеріме қайтып кеттім. Пәтер үйіме жете бергенімде Сәмет алдымнан шықты.


— Сізді өзен жағасында көп күттім, неге келмедіңіз? — Сәметтің абыржыған бет ажарын байқап қалдым.


— Масқара болдым, Сәлкен, — деді сұрланып тұрған Сәмет. — Өзіміз елден мініп келген екі атты өткен түнде қорадан алдырдым.


— Қалада мұндай алды-жұтты жоқ еді ғой.


— Ойымда түк те жоқ. Науаға жем салдырып, қораға байлап қойып едім. Ертеңгісін алагөбеде тұрсам, орнын сипап қалдым.


— Мынау сұмдық екен! — Қобалжып тұрғанымды сездірмеуге тырыстым.


Тәпелтек қақпаның босағасына, тас қораның іргесіне жапсыра орнатқан тақтай орындыққа қатар отыра қалдық. «Елден мініп келген аттарын өздері құртып жіберді деп жала жапқысы келетін шығар?» Бұл ойымды Сәметке білдірген жоқпын.


Сәмет менің пішініме қарап отырып:


— Менің білуімше, аттарды алдырып отырған солар, — деді.


— Кімдерді айтасыз?


— Қабанбаевтарды айтам...


— Ылайым, бар қырсық осы аттармен бірге кетсін.


«Домалақ хат» жайын әзірше Сәметке айтпай тұра тұрайын.


Лука-Белаш көшесінің базар алаңына жетіп, бітер жерінде түрме бар. Соған іргелес тұратын, ұсақ-түйек саудагері Ғайнолла дейтін татардың үйінде тұратынмын. Сәмет Әбжан деген қасапшы туысқанының үйіне түскен.


Ғайнолламен бұрыннан көже тамырлығым болушы еді. Ана қылдары қалада жүрген кезімде бұл үйге келіп-кетіп жүретінмін. Қашан келсем де құшағын жайып, құрметтеп қарсы алатын. Тақыртөбе еліне мұғалім боп барғалы бері екі-үш дүркін қалаға келіп қайтқанымда, ұдайы осы кісінің үйінде жатқаным бар. Үй иесі пәлен деп мезіреті білдірмесе де, менен пәтер ақы, ас-су шығынын дәмете қоймаса да, өз білігіммен сый-сауқат, азды-көпті ақша беріп кететінмін. Менің осы секілді ілтипатыма, достық ықыласыма дән разы болған Ғайнолла мен оның әйелі Меңсұлу апай «қалаға келгеніңде басқа үйге түссең өкпелейміз» деп ескертіп қоятын.


Ғайнолла қаладағы ұсақ саудагерлердің арасындағы ең бір күйкісі. Жыл сайын жер аяғы кеңіп, жаз шығысымен шатырлы тарантас арбасына тор шолақ атын жегіп алып, қырдағы қазақ елдеріне ұсақ-түйек нәрсе қыдыртып сататын. Ел адамдары оны «Бақалшы Ғайнолла» деп атайтын. Соңғы жылда сауда-саттығы қожырап қалып, биыл ғана шамалы жал біте бастапты. Екі бөлмелі аласа ағаш үйі, аяқ аузындай шағын тас қорасы бар. Қалаға келген қыр қазақтарын пәтерге түсіріп, жыл сайын июль айында өтетін Атбасар жәрмеңкесі кезінде шала байып қалады. Ғайноллада атымен бала жоқ. Ғұмар деген жалғыз баласы он төртінші жылғы соғыста хабар-ошарсыз жоғалып кетіпті.


Оңашалығына қызығып, бұл сапар Сәметтен бөлініп, осы үйге пәтерге түстім.


Ғайнолла Сәмет екеумізді көргеннен-ақ қалың қабағын қарс жауып, тұнжырап төмен қарай берді. Меңсұлу апай ауыз үйде күйбеңдеп шаруа істеп жүр. Бізді жылы шыраймен қарсы алып, Сәметпен жарқылдап амандасты.


Ғайнолла Сәметті кісі келді екен-ау деп елеген жоқ. Берген сәлемін селқос қабылдап, тоң-торыс күйде төргі үйдің терезесінің ернеуіне бетін бере, арқалы орындыққа салмағын сала отыра қалып, қол басындай есепшотты сыртылдатып қаға бастады. Шала күйген терінің жүні тақылеттес күрек сақалы шошаңдап, өзінен-өзі күбірлеп сөйлеп отыр.


— Хәзіретіңізге мағлұм болса... утыз дәфтәр үшәр тиіннән туқсан тиін була.


Терезе алдындағы абажадай сары ала әбдіренің үстінде қатар отырмыз. Ара-тұра бізге көзінің қырымен қарап қойып, есепшотты ерсілі-қарсылы сыртылдатып, тиын санаудан бір танбады Ғайнолла.


— Жігірмі дистә инә, биш тиіннән бір сум бола...


Ғайнолланың сыңайын бағып отырып ішім пысты. Сәмет қыл үстінде отырғандай қолпылдап, бүйіріме түртіп, құлағыма сыбырлап:


— Ұрысқан кісіше отыра береміз бе? — деді.


— Шай болса, тез ішіп кетер едік, әбзи... — Ғайноллаға сыпайы тіл қаттым.


— Келмеген соң, қарамай ішіп қойып едік, қайта қайнатпаса. — Ғайнолла төмен қараған күйінде күңк етті. Есепшотын терезеге қоя салып, ауыз үйге шығып кетті.


— Ғайнолла кешеден бері сабынша бұзылды, — дедім Сәметке жалтақ-жалтақ қарап,-не ойы барын қайдан білейін, маған салқын қарай бастады.


— Мейлі, саған одан келер-кетері жоқ қой.


— Дұшпандардың отына май құйып жүрмесе.


Сәмет ойланып қалды: «Ондай ішмерез адам сияқты емес еді ғой. Шырайы өзгеріп, сырттауына қарағанда, дұшпандарымызбен ауыз жаласып, бізді іштен шалғалы жүрмесе неғылсын? Олай болғанда, қайта түлкіше жылмаңдап, сырын білдірмесе керек еді ғой?».


— Сәметтің толқулы пішінінен мен осы екі ұшты ой нышанын ұқтым.


— Осы үйден кетсейші! Бүгіннен бастап менің пәтеріме шық, кеткенше бірге болайық...


Ғайнолланың қырғи-қабақ әлпетін көріп, Сәмет қарадай шыдамсызданып отыр. Сәмет айтты екен деп, бас жоқ, көз жоқ, түк себепсіз кетіп қалудың жөні келе қоймас.


— Тағы да бірді-екілі күн байқайын. Тіпті болмай бара жатса, кетуім оңай ғой...


— Мына ант атқанның түрі жаман екен. Жөнділікпен шай берер деймісің... Жүр, менің пәтеріме барайық.


— Меңсұлу апай шай қайнатып жатқан болу керек. Ішіп кетіңіз...


Ашық тұрған екі терезеден салқын самал еседі. Көшенің арғы бетіндегі көк шатырлы, жасыл шарбақты аласа ағаш үйде бір жас жігіт гармонын безілдетіп, ән шырқап жатыр. Ұйып тыңдай қалдық.


— Әш тәрәзәң жиләк бирәм,


Жиләктән қайтып киләм,


Синің нурлы юзляріңні


Мин қашан қайтып курәм?


Гармон сазы бір мезгілде баяулап барып, кілт басыла қалды.


Меңсұлу апайдың тәтті тоқаш, шек-шекей, өрік-мейізді төгіп, әйбәттап жасап берген қою шайын қанып іштік.


Сәмет өз пәтеріне кетіп қалды. Тысқа шығып көшеде біраз бой жазып келдім де, бір сағаттай жатып тыныстап алдым. Іңір кезінде Сәметтің пәтеріне барып қайттым.


Жатуға ыңғайланып отырмын. Ғайнолла қолына жез құман ұстап, камзолшаң тысқа шығып кетіп еді.


— Кімсің? — деген Ғайнолланың дауысы шықты.


— Ашыңыз! — деп біреу қақпаны ұрғылап жатыр.


— Кімсің?


Ашық терезеден басымды сұғып, білдірмей қарап тұрмын.


— Қылмыс зерттеу бөлімінен келіп тұрмыз, — деп жатыр екеудің бірі зіркілдеп.


— Пжалти! — Ғайнолла бәсең дауыспен үн қатты. — Кіріңіздер.


Жалма-жан ауыз үйге шықтым. Ортадағы екі ашпалы есіктің алдына қалшиып тұрып қалдым. Қылмыс зерттеу бөлімінің адамдары жеті түнде бұл үйге неге келді? Сөйткенше болған жоқ екі адамды Ғайнолла бастап үйге алып келді.


Өздеріне таңырқай қарай қалған Меңсұлумен қысқа-қысқа амандасып, ауыз үйде сәл кіріп қалып еді, Ғайнолла сақалы шошаңдап, шегір көк көзінің қарашығы ойнақшып, төргі бөлменің есігін ашты.


— Рахим итігіз!


Белдеріне наган байлаған екі қазақ жігітімен қосарланып төргі үйге кірдім. Босағада тұрып қалдым.


Қолағаштай имек мұрнының астына бір шоқ мұрт қойған, ұзын бойлы сүлік қараны тани кеттім, — қылмыс зерттеу бөлімінде істейтін — Әбен Азынабаев. Қасындағысы орта бойлы, қалың бет, жасаңдау қара, бейтаныс адам.


Әбен бір ұртында майы, бір ұртында қаны бар зұлымның өзі. Қанай Қабанбаевтың жездесі. Осы қызметіне Қанайдың қолдауымен қолы жеткен. Қызмет бабын пайдаланып, ойда орыс, қырда қазақ еңбекшілерін қан қақсатқан аты шулы ала аяқ. Біреудің түймедей қылмысын түйедей есіріп, оң жамбасына деп келгендерден пара алып дәндеген жемқор. Әбен бейуақта бұл үйге тегін келді деймісің. Басыма неше түрлі сұмдық ойлар үймелей қалды.


Әбен мені оқты көзімен ата, сұстана қарады. Тіл қатпай сұрланып тұрып қалды. Қасындағы жігіт оның әуезесіне еріп, тіс жарып үндемей, оң жағында сұлық тұр.


— Төрлетіңіздер! — Бір сұмдықпен келгендерін сезсем де, сыр бермей ілтипат көрсеткен болдым. Өзім төрге қарай озып кеттім. Әбен бір табан алға шықты да, маған ежірейе қарап тұрып, зіркілдей сөйледі:


— Қолымызда ресми рұқсат қағазымыз бар. Осы үйді тінтеміз. Кәні, іске кірісейік. — Қасындағы жолдасына мойын бұрды. — Зекен, давай, тінтейік! — Белін жалпақ былғары белбеумен қынай буынған сұр гимнастеркасының омырау қалтасынан бір жапырақ қағазды суырып алып, маған ұсынды. Қағазды үнсіз оқыдым. Ішім әлем-жәлем боп, әбдіреге отыра кеттім: «Осы рұқсат қағазды ұсынушы Ә.Азынабаев, З.Болтаев - Атбасар уе здік әкімшілік бөлімінің қылмысты істерді зерттеуші агенттері. Бұларға белгілі бір қылмысты ашатын айғақты деректерді айқындап алу Мақсатында, Атбасар қаласы Лука-Белаш көшесіндегі 3-үйде тұрушы Ғайнолла Ғұбайдоллаевтың пәтерін тінтуге рұқсат берілді.


Уездік Әкімшілік бөлімінің


началънигі —


Уездік прокурор —


Қойған қолдарын тани алмадым. Қағазды Әбенге қайтып бердім.


— Тінтуге қандай дәлелдеріңіз бар? — Даусым толқындап шықты. — Не мақсатпен тінтесіздер? Білуге бола ма?


— Мен саған қазір түсінік бермеймін. Тінтудің нәтижесінен көре жатарсың, — деді Әбен кекетінді пішінмен.


Оң қолымның жұдырығын түйіп алып, Әбенді періп жіберуге оңтайланып, ширыға түрегелдім. Қаныма қарайып кеттім.


— Лай судан балық аулайын деген екенсің. Қармағың майысып, құр қол қайтып жүрерсің...


— Аузын қу шөппен сүртіп тұрғанын қарашы. — Әбен мұқата мысқылдады. — Сәмет Томайұлының байлардан параға алған асыл мүліктерін осы үйге әкеліп тықтырып қоясың да, енді түк көрмегендей бола қаласың, ә!


— Арандатайын деген екенсіңдер! — дедім ашуға булығып, — аққа қара жаға алмайсыңдар... Түбінде бізге қазған орларыңа өздерің түсесіңдер.


— Жап аузыңды! — Әбен қалшылдап маған ұмтыла беріп, сескенгендей кейін шегініп кетті.


Төргі бөлменің есігін жартылай ашып қойып, баспалап тың тыңдап тұрған Ғайнолла мен Меңсұлуға көзім түсті.


— Ой-ой-ой, міскін малай хараб болды бит! — Меңсұлу маған аяныш білдіріп, естірте сөйлеп тұр.


Сәлден кейін көңілім шамалы орнығып, басыма төніп тұрған пәленің ыңғайын топшылап алдым. Мен келіп түскен күннің ертеңіне төтеннен пайда болған шатынауық үлкен сары ала әбдіренің жұмбақты сыры бар-ау, тегі. Содан бері маған жатар орын болған бұл әбдіреге тәу баста пәлендей көңіл бәле қоймап едім. Көлденең табыстан түскен басы артық ақшаға дүкеннен сатып алған кәліпкі мүлікке санап едім.


— Мейілдерің, тінтіңдер. Егер осы үйден бір жапырақ мүлік тауып алсаңдар. — Айтуын айтсам да бұл жазықсызға жала жабуға әбден кәнігі болып алған зымияндардың тосқауылы ғой деген ой көкірегіме тастай түйіле қалды.


— Айғақты зат табылмаса, жөнімізге кете береміз ғой, — деді Әбен сызданып. — Үйдің иесін, әйелін шақыр, Зекен!


Болтаев ауыз үйге барып, Ғайнолла мен Меңсұлуды шақырып әкелді. — Ғайнолла көзі алақтап, тышқан аңдыған мысықша аяғын аңдап басып, төргі үйге қорына кірді. Қушық иегіне жапсырып қойған жабағы іспетті теке сақалын быртық саусақтарымен кеңірдегіне жапсыра умаждап қойып, мүләйімсіп:


— Хүкумат закуны бит, қаршы харакәт итәргә ярами щул... Қарағыз... — деді.


Әбен Ғайноллаға қатал ескерту айтты:


—Табылған мүліктерге өтірік иелік етсеңіз, немесе заң орнының әрекетіне қарсы келсеңіз, жауапкер боласыз, парашыл қылмыскерлермен бірдей сотқа тартыласыз.


— Мына Сәлкен Айшуақов минің дус кішім, — деді Ғайнолла, — зинһар хүкумат закунына муафик булмаған ішкә мин бармим.


Әбен оң қолының сұқ саусағын шошаңдатып, Ғайноллаға айбар көрсетті:


— Егерде досыңызға бұрып, өтірік куәлік берсеңіз бізге өкпелеуші болмаңыз. Қылмыскерлермен бірге кетесіз.


Меңсұлу көзі жасаурап, келген жігіттерге қарғанып жатыр.


— Сендер әлденені сөйлеп тұрсыңдар... Оллаһи, біздің үйде ешкімнің тыққызып қойған бір жапырақ мүлкі жоқ. Зинhap...- Ғайнолла оны ауызға қағып сөйлетпей қойды.


— Жайыңа тұр, қаршық, тінтсін, қарасын.


— Әбдіреңізді шапшаң ашып беріңіз! — Әбен кемсеңдеп тұрған Меңсұлуға бұйыра сөйледі.


— Хұдайым! — Меңсұлу жыламсырап әбдіреге қарай аяқ басты. — Әшкіші юқтыр мұнысының. Бұл әбдірені әлде нинди қазақлар узім үйдә юқ уақытта китіріп қуйған...


Ғайнолла ым қағып, қолын созып әбдіренің астыңғы жағын нұсқап көрсетті.


Әбен мен Зекен әбдірені көтеріп, астынан екі кілт алып шықты.


Әбен менің көрпе-жастығымды қобыратып лақтырып тастады да, әбдірені ашып, ішіндегі мүліктерді біртіндеп ала бастады.


— Мынау кімдікі? — Шиыршықталған шымқай қызыл кілемді суырып алды.


— Әлбәтте, шул Сәмет Томаевнікі! — Ғайнолла қипақтап төмен қарады.


— Мынау да сонікі ме? — Әбен жасыл мауытымен тысталған жанат ішікті жоғары көтеріп ұстап тұрды.


— Әйә, бу да шунікі.


— Мына сағат кімдікі? — Алтын баулы, қақпақты алтын сағатты Ғайнолланың көзіне тақап алып барды.


— Ишанығыз миннің сүзімә, һәммәсін шуші кішіләр тыққызып қойғызған. Біләзігі тағын да бар, — деп әбдіренің түбінен алтын білезікті алып берді.


— Осылай ез малтаңды. — Ызаға булығып еденге түкіріп тастадым. — Тыққызып қойған мүліктерің азырақ болған екен, — дедім Әбенге тесіле қарап.


— Қысқарт тіліңді!.. — Әбен ашуға басты.— Осы тінтуде табылған мүліктер Сәмет Томайұлынікі екенін сіз растайсыз ба? — деп сұрады Болтаев менен.


— Оны менен несіне сұрайсыз? — Ыстық демімді ішіме тартып, жігіттің бетіне тесірейе қарап тұрдым.


— Харап, харап! — деп үн салған бойымен Меңсұлу ауыз үйге шығып кетті.


— Зекен, сен қызық екенсің, — деді Әбен зілденіп, — оңайлықпен мойындай ма бұл?


— Тапқан мүліктеріңді алып кете бермейсіңдер ме? — Есік жаққа қолымды сілтедім.


— Сенен ақыл сұрамаспыз, — деді Әбен кекетіп.


— Мәймөңкелемей турасын айтайын, — дедім қайнаған ызаға булығып тұрған бойымда. — Бұларың барып тұрған зұлымдық.


— Суға кетіп бара жатып тал қармап тұрсың ғой? — Әбен қолын сілкіп қалды. — Кәне, не тұрыс бар, жаз протоколыңды, Зекен!


Болтаев төрдегі дөңгелек столға отыра қалып, тінту протоколын жазып, понятой ретінде Ғайноллаға қол қойғызып алды.


«Сәлкен Айшуақов арқылы Ғайнолла Ғұбайдоллаевтың үйіне тыққызып қойған Сәмет Томайұлының төмендегі мүліктері айғақты зат есебінде тінтуде тауып алынды...»


— Басқа жерге тықтырып қойған мүліктері бар болса, білсеңіз оны да айтыңыз. Біле тура жасырсаңыз, түбінде жауапты боласыз, — деп Азынабаев Ғайноллаға қадалды. Екі бөлмесін, қорасын, сарайын түк қалдырмай тінтіп шықты. Ақырында қаладан еш жаққа кетпеймін, шақырған уақытта кешікпей келіп, тиісті куәлік беремін, бүгінгі берген жауабымнан танбаймын дегізіп, күні бұрын даярлап қойған қолхатқа Ғайнолланың қолын қойғызып алды.


Тінту протоколының аяғына қолыңды қой деп маған бұйырып еді, бас тарттым. Әрі айтып, бері айтып көндіре алмаған соң, қол қоюдан бас тартты, заң орнының өкілдеріне қарсылық көрсетті деп акт жасап алды.


Осыдан кейін Әбен мен Зекен қаладан руқсатсыз кетіп қалмауға, шақырған мезгілде тергеу орнына кешікпей келуге міндеттімін деп қолыңнан тілхат бер деп еді, одан да бас тарттым.


— Егерде жөн білетін адам болсаң, сенімен басқаша сөйлескен болар едім, — дедім Әбенге қолымды сілтеп, — сенен не үміт, не қайыр. Бара бер, бар, қират, жой, қолыңнан келсе...


Іште өшпенділік қайнады. Көзім қарауытып, үй ішін қара көлеңке жапты. Әбен кетерінде тісін шықырлатып, маған айбат шекті:


— Қаладан рұқсатсыз кетіп қалма!


28


Сәмет жаламен ұсталғалы бір жеті өтті. Қалада Сәмет жайында өтірігі, шыны аралас сан қилы қауесет тарады. Біреулер — жақын арада соттайын деп жатыр екен» десе, енді біреулер — «бірнеше жыл бойына Хазовты тығып ұстаған Қорғалжындағы Ахметжан байдан параға мүлік алды деген айыбы мойнына қойылмапты, босайтын болыпты», — деп жақсы лепес айтады.


Түс кезінде Сәметке тамақ апарып беріп, әлгі әзірде Әбжан үйіне қайта оралып едім. Қымыз құйып апарған торсықтың тығынына бір жапырақ қағаз орап жіберіпті. «Сәлкен, мен үшін уайым жеме. Ақты-қарамды айыратын әділ адамдар табылар. Тиісті жерлермен сөйлес. Аянба. Шындығын айтып арыз жаз. Қапыда дұшпандардың құрған торына түсіп қалып жүрме, бекем бол, адалдығыңа сенемін», — деп жазыпты.


Хатты оқығанда көңілім босады.


Әлден уақытта талып ұйықтап кетіппін. Шошып ояна келсем үй іші күңгірт тартып қалған екен. Үй адамдары кешкі шаруа қамымен тыста жүрсе керек. Дел-сал күйде, жетілік шамды жағып, төргі бөлменің ортасына құрулы қазақы дөңгелек столға қойдым. Столға оң шынтағымды төсеп отыра кеттім.


Хазовты жасырды, ел арасында бүлік салып, үкіметтің күнделікті саяси істеріне қарсылық істеді деген айып тағылып, үш ай тұтқында жатқан Нұртай кеше сопаң етіп абақтыдан шыға келді. Нұртай абақтыдан шығысымен тура ауылына жөнелмей, қалада кідіріп қалыпты. Құрыққа сырық жалғап, неде болса Сәмет екеумізді бір жайлы ғып кетем деп айтады деген сыбыс бар.


Ауыз үйдің есігінен жарыса сөйлей кірген біреулер ойымды бөліп жіберді.


Екі адам кіріп келді. Төргі үйдің есігінің алдында аңтарылып тұрып қалдым.


Келгендер — біздің елдің белгілі шонжарлары Бөжен мен Жұматай. Саптама етіктерін есік алдына суырып тастай беріп, төрге киімшең отыра кетті. Екеуі менімен жарыса амандасты. Немқұрайды үн қаттым. Төргі бөлменің оң жақ босағасына арқамды жапсырған күйімде тұра бердім.


«Денің сау ма, Сәлкен? Неге сонша жүдегенсің?» деген сияқты сұрақтары аяқсыз қалды.


Бөжен бөлменің ішін көзімен айнала тінтіп өтті де, Жұматайды бүйірге түртіп, маған әдейі естірте: «Айшуақтың мына баласына не болған, неге үндемейді?» — деді.


«Алдын ала ойланып айтылған сөз ұтымды болады» деген нақыл келе қалды басыма. Бөжен мен Жұматайдың не мақсатпен келгенін ішім сезіп тұр. Тастай бекініп алдым. Орайы келсе айтатын кесімді жауаптарымды сайлап қойдым.


Істік мұрын, қысық көз, шикіл сары, мол денелі Бөжен ыңыранып отырып сөз бастады:


— Сәлкен шырағым, біз саған келдік! Әуелі жүз көрісіп амандасайық деп келдік. Аз ғана шаруамыз да бар еді.


— Шаруаларыңызды айта отырыңыздар!


— Ел-жұртыңды ұмыттың, ата-бабаңның аруағын сыйламадың. — Бөжен өкпе-наз айта бастағанда, Жұматай олжадан құр қалып бара жатқандай жұтқыншағы бүлкілдеп, оның сөзін киіп әкетті:


— Елінен, халқынан безіп, аруақ аттаған жігіт екі дүниеде оңбайды, шырағым Сәлкен! Атандай атымыз, тұлпардай дүбіріміз бар, бір тайпа елдің ақсақалы едік. Бір қиын істің түйінін шешіп алғалы келіп отырмыз. — Ендігісін айт дегендей Бөженге иек қақты.


— Маған неғыл дейсіздер?


Бөжен екі иінінен дем алып, бақшия қарады.


— Әкең Айшуақ марқұм қой аузынан шөп алмайтын жуас адам еді. Әкеңе тартқан біртоға ақылды бала едің. «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» депті ғой бұрынғылар. Ат жалын тартып мініп, саналы азамат болғаныңа қуаныштымыз. Қойымызды құрттап, айран-шалабымызды ұрттап, қырда бейқам жатқан қазақ едік. Арамызға жарықшақ түсті. Бұл да болса бір алланың бұйрығымен болып жатқан іс шығар. Қала менен даланың игі жақсылары кеңесіп, Жұматай екеумізді саған жіберді, Сәлкен қарағым!


— Қолқаларыңыз болса сұраңыздар.


— Біз саған бүкіл елдің дұғай сәлемін алып келдік. Сағымызды сындырмас, сөзімізді жерге тастамас, сыйлар, деп алдыңа әдейі келіп отырмыз.


— Жассың ғой, ет қызумен білмей жүрген шығарсың! — Бөжен маған көзінің астымен қарады. — Ақылыңа түс, есіңді жина, үйіріңді тап.


— Сәлкен қарағым, аяғың талды ғой! — деді Жұматай езеуреп, — отыршы!


Көз тартар бір жапырақ асыл бұйымы жоқ тар бөлменің оң жақ қабырғасындағы аласа темір кереуеттің ернеуіне қалай болса солай отыра кеттім.


— Сәлкен, сен неге қисық сөйлейсің? — Бөжен иығын қомдап көтеріліп қойды.


— Қисық сөйлеп мен сіздерге не дедім?


— Шырағым, көз қарасың келіспейді. Сөз сарыныңда кереғарлық бар ғой. — Жұматай жүзіне ызғар жүгіріп, ырсылдай қозғалып, қыбыжықтап қалды.


Бөжен осы екі арада ойындағы мұрат-мақсатын бір жүйеге салып, тынысы кеңейіп қалғандай, сөз кезегін қағып әкетті:


— Біз саған қатар жатқан екі болыс елдің сөзін ұстап келіп отырмыз. Даудың кілті сенің қолыңда. Имандай сырымыз бұл. Елің үшін, мына біз үшін қи бір жолдасыңды.


— Шіренбе, Сәлкен, шіренбе! — Жұматай көзі аларып ашу шығарды. — Мың жерден кәмөнес болсаң да ел-жұртыңнан безіп кете алмайсың.


Үлкенді сыйлау, ағайын туысқанды ренжітпеу атам заманнан келе жатқан дәстүр екенін, кім көрінгеннің әуеніне еріп, көпе-көрінеу жолдан таю шариғат рауаятына, ел салтына қайшы қылық екенін Бөжен қисындырып айтып көріп еді, дес бермей, қасарып отырып алдым.


— Сеніп жүрген азаматың істі болып қалыпты. Енді қайтып жарық дүниеге шығуы екіталай көрінеді. Жаны қысылғанда кімді кім аяйтын еді. Сені де сотқа іліктіріп әкете ме деп қауіптенеміз. Әлгі Хазов деген ақтың атаманын жасырған байдан пара алғаны мойнына қойылыпты... Параға Сәлкен де ортақ еді деп былшылдайды дейді.


Бөженнің жаңағы сөзін еселей түскісі келгендей Жұматай іліп әкетті:


— Адаспа, Сәлкен! Өз басыңның амандығын ойла. Сәмет сені аямайды.


— Айттым ғой, — дедім тіксініп, — мені шіріген бір жұмыртқаға санаңдар да, санаттан шығарып-ақ тастаңдар.


— Осынша неге қырсықтың, шырағым? — деді Жұматай қиылып.


— Мен елден әлдеқашан кеткен адаммын, — дедім онан сайын қатуланып, — маған бола қызыл май болмай-ақ қойыңыздар.


— Айтпады деме... Кейін өкінесің. Қосақ арасында бос кетесің. Екі оттың арасында босқа күйіп кетесің.


— Маған жандарыңыз ашымай-ақ қойсын.


— Мынау бәлекет оңудан кеткен екен, — деді Бөжен сілтідей тұнып. — Кетейік... Бұдан не үміт, не қайыр!


— Адаспа, Сәлкен! Жынды торғайша торға өзің барып түсесің бе? — деді Жұматай налып, — біле-білсең, биік жардың қабағында қалт-құлт етіп тұрсың.


Өлімтікке ауыз салған ашқарақ төбеттей күжірейіп отырған Бөжен мен Жұматай осы сәтте көзіме жыртқыштай көрінді. Қай-қайдағы былапыт сөздерді жаудырып, балағаттап қуып шығайын деп бір тұрдым да, ұят сақтап бой тарттым.


Жыпылық қағып сөнуге шақ тұрған шамның керосинін шайқап-шайқап жіберіп, білтесін шығарып, жөндеп қойдым. Маздап жанған шамның жарығы үй ішіне молырақ түсті.


— Мүдделі сөздеріңді айтып болдыңдар ма? — дедім тіксініп.


— Не айтайық, сөз бітті. — Жұматай қоңқақ мұрнын қос-қосынан тартып, жабырқай сөйледі. — Ойлан әлі де болса, кейін опық жеп жүрерсің. Айтпады деме... Сәметпен бірге құрып кетесің.


— Үлкен басымызды кішірейтіп алдыңа келгенде бір ауыз жылы сөзіңді қимадың ғой, — деді Бөжен зілденіп, — ар-ұяттан біржола безген екенсің, Сәлкен!


— Ар-ұяттан аттап өтіп, баланың ісін істеп отырған өздерің ғой, — деп екеуіне тіксіне қарадым. — Қайталап айтайын, мен үшін босқа арамтер болмай-ақ қойыңдар.


— Ойпыр-ай, Сәлкен қарағым-ай, мүттем шығаннан шығып кеткен екенсің. — Бөжен бұртаңдап, ебетейсіз қозғалды. — Болмаса, жүр, кетейік, Жұматай!


— Жолдарыңыз болсын, бара беріңіздер!..


29


Сәмет абақтыға түскелі айдан асты. Әнеугіде Сәметтің пәтерінен алдырған екі ат ұшты-күйлі құрып кетті. «Байтал түгіл бас қайғы» болып, жоғалған аттарды қудалап іздеген де жоқпыз.


Нұртайды ұзақ мерзімді кепілдікке босатыпты деседі. Ант-су ішіп, қолдарынан кепілдік қағаз беріп, Қанай Қабанбаев пен қаланың белгілі саудагері Тілеубек Жолдыбаев шығарып алған көрінеді. Нұртай абақтыдан шыққан соң елге бірден аттанып кетпей, қаладағы пәтерінде шіреніп жатып алыпты. Көрдік деген қала тұрғындарының айтуына қарағанда, Нұртай көтермеге шалдыққан ешкідей имиіп, бетінің нұры қашып, мейлінше жүдеп шығыпты.


Табан аудармай қалада жатырмын. Сәметтің ісі бір жайлы болғанша кетпеуге бел байладым. Елге бір сенімді адам жіберіп, Күреңбайды қалаға шақыртып алдым. Жатқан пәтерім Кәрібай деген қасапшы шалдың үйі, қаланың оңтүстік жақ шетінде, Октябрь көшесінде.


Күреңбай салып ұрып, елең-алаңда жетіп келді. Жіберген адамыма еріп келіпті. Ол Күреңбайды менің пәтеріме әкелді де, іле кетіп қалды.


Күреңбай көңілді келді. Қызара бөртіп, миығынан күледі. Біздің мұнда істі боп қалып, басымызға таудай пәле түсіп жатқанымен ісі жоқ. Жарқын қабақпен, жадырай сөйледі:


— Келдім, жеттім, Сәлкен! Бердібайдың бес теңгесіндей сарт ете қалдым!


Күреңбайдың тасқынды көңіл күйін бұзбайын деген оймен, оның ыңғайына көштім.


— Әттеген-ай, мына сөз қайдан шықты дейтін еді, біздің елдің Толысбай деген бір қуақы шалы.


Күреңбай сирек біткен қара мұртының келте суағарын шікірейте қайырып, әжімді жазық маңдайына мөлдіреп шыға келген терді шекпенінің жеңімен сыпыра бір сүртіп қойып, төрге шығып жайланып отырды.


— Бердібайдың бес теңгесі жайындағы қалжың әңгімені, Сәлкен, сен білесің бе? — деп сұрады.


— Білгенде қандай! — дедім бірден сендіре, — сіздің елдің Бердібай деген бір суайт шалы шығарыпты ғой. «Былтыр Мойнақ қаласына базаршылап бара жатқанымда қалтамдағы бес теңге ақшамды жолшыбай жоғалтып алып едім. Арада бір жыл өткенде, былтырғы жоғалған бес теңгем дәл сол күні, сол жерде мұрнымның үстіне сарт ете қалды. Бұйырған малға дауа жоқ, қалтама сүңгітіп жібердім», — депті ғой.


— Естіген екенсің ғой. Дәл солай!..


Күреңбайдың өмір бойы Атбасарға келіп тұрғаны осы екен. Бас-аяғы бір-ақ уыс, көрік дейтін көркі жоқ, жұпыны қала оған ертегілерде көп айтылатын перілердің алтын шаһарындай көрініпті. «Керемет қала екен, үйлер не деген тамаша, қызыл-жасыл бояулары көзіңді талдырады», — деп, қалаға қайран қалды. Келген бетінде балаша қуанғаны да осыдан екен.


Ел жайын тәптіштеп сұрап, Сәметтің жағдайын айтып, біраз отырып қалдық. Күреңбайдың ойынша, бұл уақиға сұрапыл дауыл артынан шелектеп құя салып, лезде басыла қалатын нөсер жауынмен тең. «Аз күндік өткінші бәле-сұмдық қой» дегеніне қарағанда, осылай ойлайтын сияқты.


— Тоқсанбайдың қызынан не хабар бар? — деп сұрады Күреңбай.


— Орынборда оқып жатыр ғой, — дедім, — оқуының бітуіне енді бес-алты ай қалды.


Осы мезетте Күреңбай ауыр күнә арқалаған қылмыскер жандай майырылып, кібіртіктеп қалды. Мойнын бұлғақтатып, тістене басын шайқады. Сәлден кейін есіле сөйлеп кетті:


— Жәмиге істеген ауыр қылмысым ішімде шемен боп қатып жатыр. Аман көрісер күн болса, аяғына жығылып, кешірімін алар едім.


— Жөн, жөн!..


— Мен бір нәрсе ойлап жүрмін, — деді Күреңбай қымсына сөйлеп, — түбінде Жәми құс боп сенің қолыңа қонса деймін...


— Тірлік болса құс табылар, — дедім етек-жеңімді молырақ жайып, — кімнің қолына қонса да әуелі оқып адам боп келсінші.


Күреңбай әуелгі пікірінен танбады:


— Сенің оған еңбегің көп сіңді. Тегінде, жек көрмейтін де шығарсың.


— Жәмиден кеше хат алып едім, сізге соны оқып берейін!


— Оқышы, оқышы!


Жәми Орынбордан маған уездік оқу бөлімінің адресіне хат жазыпты. Кеше алғамын. Осы хатты Күреңбайға оқып бердім:


«Аса құрметті Сәлкен аға! Алдымен сізге өз халымнан хабар берейін., Өлкелік әйелдер курсында оқып жүрмін. Оқу мерзімі бір жыл. Оқуымыз көңілді. Саяси сауат, ана тілі, есеп, география сабақтары жүреді. Тырысып оқып жатырмын. Сіздің соңғы жазған хатыңызды кеше алдым. Қатты қуанып қалдым. Сәмет ағайға, Елемеске және елдегі сұраған жанның бәріне менен сәлем айтыңыз.


Мені құрулы тордан құтқарып, еркіндік алып бергеніңіз үшін Сізге, Сәмет ағаға, Елемеске дән ризамын.


Оқуды бітірген соң Атбасарға қайтып кел деп жазыпсыз. Ұшқан ұяма қайта оралмағанда қайда кетем. Тағы да бір ойға кетіп жүрмін. Бір жылдық оқу не болады. Оқи түссем, қандай жақсы болар еді. Ақылыңызды айтып хат жазыңыз. Елдің хал-жағдайын жазыңыз.


Жәми,


1924 жыл 15 июнь».


Сәмет жайына қайта оралып, екеуміз ұзақ-сонар кеңеске түсіп кеттік.


Сәметті үш рет тергепті. Ондағы тағылған кінәсы баяғы Хазов жайы. Оның бар жаласын Нұртайлар өздерінің ежелгі жауы Бердіқожаның Ахметжанына жауыпты. Ахметжанда Нұртайдың қанды кегі бар. Ана жылы екі үйір жылқысын ұрлатып алып, теңдік бермей сіңіріп кеткен Ахметжан Қорғалжын елінің ірі байы, әрі бірнеше жыл болыстық құрып, ақырында төңкеріс алдындағы бір партиялы сайлауда түсіп қалған. Бір жағынан ығай мен сығай бір топ жігіт ұстап, күні бүгінге шейін ат жетер жердегі елдердің жылқысын қудырып алады. Нұртайлардың айтуына қарағанда, Хазовты осы Ахметжан жасырып келіпті. Қыр соңына түсіп, біліп қалған Сәметке ауыз бастырық пара беріпті. Былтыр күзде Хазовты Ахметжан Ақмешіт жағына асырып жіберіпті. Сәметке тағылған кінә жалғыз Хазов пен Ахметжан шаруасы емес екен: елдегі байлардан пара алды, момын шаруаларға қиянат істеді, кейбір қылмыстыларды сотқа бермей сақтап қалды деген сияқты шатты-бұтты айыптарды жіпке тізіп, үсті-үстіне еселеп жатса керек.


— Менің ойымша, Нұртай осал жау емес, — дедім алдағы қауіп-қатерді аңғартып, — оның тамыры тереңде жатыр.


— Тамыры тереңде жатпақ тұрғай, жеті қабат жердің астында жатса да, түбірімен суырып тастармыз бұйырса! Мен солай ойлаймын.


— Ылайым, айтқаныңыз келсін, аузыңызға май!


Күреңбай қималы шекпенін жұлқына шешіп тастады. Күреске түсетін түйе палуандай алақанына түкіріп, белсеніп отыр.


— Тіктім басымды осы жолға! Аянар жаным қалған жоқ. Ашып берем күмәнін, әшкерелеймін бар қылмысын! — Қабағын түйіп, қолы дірілдеп, маған тура қарады. Байқаймын, жаңағы шұғыл шешіміне орай менен жауап күтіп отыр.


— Мейлінше ызаланып келген екенсіз, Күреке! — дедім.


— «Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деген мақал бар ғой. Үйірімді таптым, қара-құра үй болдым. Дұрыс-ақ! Ал енді, тура жолдан адасып, қолыммен істеген масқара қылмысымды жумасам, адам болғаныма қара жер!


Нұртайдың терең тамырын енді қайтып өрбімейтін етіп суырып тастаудың қандай әдіс-айласы бар? Сәметті біржола ақтап алудың жолы қандай! «Ғайнолла шынын айтса, жақсы болар еді, қанша ит болса да, өлерін білетін шығар», — дегенімде; «Гәп жалғыз Нұртайда ғана емес, оның ту сыртында талай қорқаулар самсап тұрған жоқ па?» — деп, Күреңбай ойында жүрген күдігін айтты. «Ең мықты куәсі Ғайнолла болса, оның да қауқары белгілі», — деп бір сенімді жайды аңғартып өттім.


— «Сөз сөзден шығады, сөйлемесе қайдан шығады», — деп мәтелдеп кетті Күреңбай. — Қалада да, далада да жексұрындар көп екен. Сол көк соққандар ғой елді ала тайдай бүлдіріп, оңай олжа тауып жүрген.


— Сіз айтқан сұмырайлардың ең бір дөкейі Қабанбайдың Қанайы десем, оған не дер едіңіз?


— Сен Қабанбаевты айтасың! — Сәл бөгеліп қалды. — Одан да зорлары бар! Қабанбаев бер жағындағы шыбыш балапаны ғой. Менің білуімше, дәу күшігендері ана жақта! — Сұқ саусағын шошайтып терезе жақты нұсқады.


— Қай жақты айтасыз?


— Ана Орынбор, Қызылжарларыңда да сүйенішім көп деп ылғи күпсіп отыратын Нұртай.


— Әділін айтып, ақты-қараны айыратын адамдар да бар шығар? — дегенімде, Күреңбай елегізіп, терезеге қарады.


— Арыз жаздың ба? Ұлықтармен сөйлестің бе?


— Сөйлестім. Бар жағдайды қалдырмай жазып, арыз апарып бердім. Сізді куәға салдым!


— Жақсы болған екен! Менің білуімше, өкімет бізді жақтайды. Зұлымдардың көмейіне құм құяды әлі.


— Сол бір қайырлы шаққа жеткенше қиын болып тұр-ау.


Күреңбай шамырқанып, шаншыла сөйледі:


— Сендерді көре алмаған көп дұшпанның көзі шықсын!


— Біржола құрып кетсін десеңізші!


— Осы шатақтың бәрі Нұртайдың жері мен Тоқсанбайдың қызынан шықты ғой. — Күреңбай күрсініп, күсті жалпақ алақанымен бетін сипады.


— Біз бел буып, айқасқа түскенде жауымыздың күші мен айласын білгенбіз.


— Әрине! Сайып келгенде, өтіріктің құйрығы шолтаң етіп үзіледі де, адалдық жеңеді!


— Мен бұған сенемін!


— Мен бұған иманымдай сенемін!


— Сіз осы үйде бола тұрыңыз! Мен бір жерге барып келейін. Сағат онға шақырып еді.


Сағатыма қарап едім, онға 15 минут қалған екен.


— Бес минут қалғанда шықсам дәл барамын! — Сағатымның қақпағын сырт еткізіп жауып, қалтама салып қойдым. — Ал, кеттім! Бұйырса осы жолы бірталай шаруаны тындырып келетін шығармын.


— Кім шақырып еді? — деп сұрады Күреңбай қобалжып.


— ЧЕКА шақырып еді!


Күреңбай ыңылдап ойланып қалды.


— ЧЕКА! Иә, жаңа есіме түсті. Әлгі өкіметке қарсы контрлардың көзін құртатын кеңсе ме?


— Иә, сол кеңсенің бастығы шақырған.


— Мені де шақырды ма?


— Қажет болса шақырар. Тегінде, сізден уездік тергеуші жауап алатын болар. Асықпай, саспай Нұртайдың қылмыстарын ойыңызға тоқи беріңіз!


— Тоқитын дәнеңесі де жоқ, — деді Күреңбай құлдыраңдап. — Бәрі де көкірегімде сайрап тұр. Хазовты жасырып сақтағанын, былтыр Сыр бойына асырып жібергенін, Ұлбосынның інісін бұрнағы жылы қыста өлтіріп, Есілдің суатына тастап жібергенін, не керек, қылмыстарын түк қалдырмай түгел айтып беремін! Анада өздеріңе айтып едім ғой, сол Кенжебек байғұстың Нұртайға істеген қылдай қиянаты жоқ еді. Бір қатты тілі тигенде, сен Хазов контрды тығып отырсың, өкіметке барып айтамын дегені үшін көзін құртты ғой. Аһ, найсап, түбіне жетті ғой талайдың.


— Осы айтып отырғандарыңыздың бәрін арызға жаздым!


— Қалдырмай жаздың ба?


— Жаздым.


— Мен білсем, Нұртайдың әуселесін оп-оңай басамыз. Басқа қылмыстары өз алдына, контрды қорғаған, кісі өлтірген қылмысы бір басын жоюға жетіп жатыр! Бар, бар, қарағым! Жолың болсын!..


30


Сәске түс кезі. Қала іші ығы-жығы қаптаған адам. Біреу-міреудің көзіне түсіп қалмайын деп, өзен жақтағы шеткі шолақ көшемен айналып бардым.


Уездік Төтенше комиссияның таяуда келген жаңа бастығы Иван Петрович Зарубин кабинетінде жалғыз отыр екен. Дағарадай кең бөлме. Жалтырауық сары сырлы еденге маса тайғанап жығылғандай. Бөлмеде басы артық бір нәрсе жоқ.


Төргі қабырғада Дзержинскийдің әскери киіммен түскен портреті ілулі тұр. Оның маңдай алдында үстіне шымқай қызыл шұға жапқан, алдыңғы ернеуіне жақындатып қоңыр мәрмәр сия сауыт әбзәлі қойылған үлкен стол. Зарубин мені көрген жерден лып етіп түрегеліп, алдымнан шығып қарсы алды.


— Сәлеметсіз ба, жолдас Айшуақов! — деп қолын ұсынды.


Жүрегім суылдап, сескеніп тұрмын. «Отырыңыз!» — деп, жазу столының алдындағы арқалы жұмсақ орындықты нұсқады. Үн-түнсіз отыра кеттім. Зарубин өз орнына барып отырды. Жүрек тоқтатып, көзімнің қырымен Зарубинге қарадым. Қоңқақ мұрынды, тік қабақты, маңдайы кере-қарыс, сақал-мұрты жып-жылмағай. Шықшыты шығыңқы, сопақ ақ сұр жүзінде айбат бар. Жас шамасы көп болса қырықтың үстінде болар деп шамалаймын.


— Халыңыз қалай? Көңіліңіз хош па?


— Хал шәп, көңіл жақсы, жолдас Зарубин!


— Шаруаларыңыз онша мәнді емес көрінеді ғой! Біздің орысша айтқанда, шляпінің ішінде болса керек!


Бойымды бекітіп алып, жаңағы тұспалына сәйкес жауап айттым:


— Дұрыс айтасыз, жолдас Зарубин! Біздің шаруамыз қазақша айтқанда, бір тарының қауызына сыйып кетті!


Тік жағалы сұр шұға бешпентінің жоғарғы екі жез түймесін ағытып, үрпиген бұйра сары шашын күректей жалпақ алақанымен жатқыза сипап, аз-кем отырды да, сынаған кейіппен:


— Бір тарының қауызына оп-оңай сыйып кеткендеріңіз, бір есептен қолайсыз болған екен! — деді.


Тұйыққа тіреліп, үнсіз отырып қалдым. Менің дағдарып қалған күйсіз қалпымды көрген Зарубин әлгі сыншыл сыңайынан тез айнып, бастаған сөзінің арқауын түйіп тастады:


— Негізгі мәселе жайын кейінірек сөйлесерміз. Шамалы пікір алысып, сырласайықшы!


«Шамалы пікір алысып, сырласайықшы!» — дейді. Осы сөзінде бір үлкен мән бар. Ел жағдайын сұрап, өткен-кеткен істерді қазбалап, мені сынағысы келетін шығар?.. Осы оймен зәрем кетіп, сасып отырғанда Зарубин көз жанарында күлкі ойнап, бәсең дауыспен:


— Жолдас Айшуақов! Қабағыңызды ашып, көңілді отырсаңызшы! — деді.


Ыңғайсызданып қалдым. Үнім жасық шықты:


— Жай ғой, әшейін...


Еңбекші халықтың өміріндегі зор жаңалық болып отырған мәдениет, елдің соғыстан күйзеліп қалған шаруашылығын шұғыл қалпына келтіру міндеттерін қозғап, желдей есіп кетті. Бұл ретте Лениннің сөздерінен нақтылы мысалдар келтіріп, тартымды пікір айтты.


— Біздің жігіттер сізден және басқа тиісті кісілерден жауап алған болар, — деді Зарубин әңгімесінің сарынын кілт өзгертіп. — Соған қосатын жаңа деректеріңіз болмаса, былайынша кеңесейік, сырласайық!


Ішкі сарайым шайдай ашылып, тынысым кеңейіп сала берді.


— Мақұл! — дедім.


Менің ой өрісімді, білімімді барлап білгісі келді ғой деймін, сөз арасында кейбір саяси мәселелерді де жанап өтті. Қазақ әйелдерінің бас бостандығы, әмеңгерлік, ел арасындағы ұрлық, барымта сықылды жағымсыз әдеттерді еске түсіріп, қынжылып басын шайқады. Еңбекші ел өміріне емен-жарқын ене бастаған жаңалықтарды бірте-бірте өркендете беру керектігін, жол-жөнекей кездесетін көлденең қиындықтар мен шаргез қырсықтарды байсалдылықпен жоя беру қажеттігін айтты.


— Еккеніңе, сепкеніңе мәз болып, қол қусырып қарап отырсаң, баптап күтпесең, егін шықпай қалады. Күтімсіз, бапсыз егінге құрт-құмырсқа, бақа-шаян, арам шөп үйір келеді. Еңбекші ел өміріне ене бастаған мәдениет жаңалығы да осы егін іспеттес. Көктеп келе жатқан мәдениетті желге, күнге тигізбей өркендете беру керек! Ел ішінде революция заңын бұлжытпай іске асыру үшін қас қақпайтын қырағы көз, қажымас қайрат керек! Сіз білесіз бе? Күн жаңа шыққан кезде жер бетінде көлеңке мол болады. Күн бірте-бірте жоғары көтерілген сайын көлеңке басы қысқарып, бара-бара жойылып кетеді.


Зарубиннің астарлы сөзіне түсіне қойып, іле жауап бердім.


— Дұрыс айтасыз, жолдас Зарубин! Қазіргі өміріміздің кем-кетігі толып жатыр әлі!


Зарубин Тақыртөбе елінің жай-жапсарына қанық екен. Іштей қайран қалып отырмын.


Зарубин бір келелі пікір айтқысы келетін сыңаймен көзін төңкеріп, маған назар аударды.


— Шындық көзге инедей қадалады, — деп бастап, бір есептен бізді кінәлағалы отырғанын алдын ала аңғартты да, ақылға біткен үлкен көкшіл көзінің қарашығын төңкеріп, менің кескін-келбетімді шолып өтті. — Сіздер ағаттық істеп алған екенсіздер! Ет-қызуымен қателесіпсіздер.


Саусақтарымды бет алды сыртылдатып, төмен қарадым. Зарубиннің соңғы кінә сөзіне берер жауабымның қисынын таба алмай, қипақтап отырған күйімде:


— Дұрыс айтасыз! — дедім.


Зарубин көтеріңкі ресми қалыпты қаламайтын, кішіпейіл адамның жөн-жосығымен, жарқылдап сөйледі. Ретті жерінде де бөтен-бастақ сөз қоспай, көбінесе мақұлдап бас изей бердім. Ойымдағы өкініштерімді, Сәметтің дұшпандардың пәле-жаласынан көрген қысастығын айтып, кең пікірлескім келсе де, мазасын алып қайтем, мән-жайды өзі де білетін көрінеді ғой деген ойға сайып, ретті жерінде қысқа-қысқа жауап айтумен болдым.


— Ендігәрі аяғымызды аңдап басатын болдық... Аз күнгі көрген қысастығымыз талай жылға жететін өмір ғылымын үйретті, жолдас Зарубин!..


— Менің ойымша! — Иван Петрович келелі ойдың бет ашарындай болған екі сөзінің әр әрпіне шейін нықтап айтты. — Сіз оқыған, өмір көрген саналы жігітсіз! Жауды аяймын деп аздап жараланып қалдыңыздар!


Ақталғым келіп, сылтау айта бастап едім, Зарубин оныма мән бере қоймай, әңгімені негізгі мақсаттың арқасына қарай бейімдеп жіберді.


— Адасқанымыз рас, — дедім төменшектеніп, — жаңа жолға ескі сүрлеумен барып түсеміз ғой деген ойымыз ағат екен...


— Тура жолдан сәл шығып кетіпсіздер, — деп елеулі қате-кемшіліктерімізді атап-атап айтты. Елде Сәметтің көбінесе тік кеткенін, орынсыз жерде дінге, байларға шұғыл қарсы келе бергенін біледі екен.


— Талай ғасырдан бері тастай орнап қалған дінді, халықтың қанына сіңген әдет-ғұрыпты бірден жойып жіберуге болмайды.


Зарубиннің әділ сынына қарсы дау айта алмадым.


— Шала сауатты адамның ойы қанша дегенмен тайыз болады ғой, — деп, бар кінәны Сәметтің білімсіздігіне аудармақ болып едім, Зарубин бұл желеуіме де орынды жауап айтып, шырмап тастады.


— Менен не тілегіңіз бар? Айтыңызшы! — деді.


— Бар тілегімізді арызымда көрсетіп едім, оған қосарым жоқ, — дедім.


Ұмытқан бір маңызды мәселесі кенет есіне түскендей селт етіп, маған тік қарап, шапшаң сөйледі:


— Әлгі, Кедейкомның бастығы Күреңбай деген шалыңыздың күйі қалай?


— Күйі жақсы! Өзі осы қалада!


— Тегінде, байлардың алдамшы сөзіне еремін деп шатасып барып, кейін опық жеген, былайынша айтқанда, шекесіне тағдырдың таяғы тиген адам тез түзеледі.


— Рас, Күреңбай тез түзеліп кетті. Нұртайдың ірік-шірік қылмыстарын ашып берді.


— Ол кісінің өткендегі қате-кемшіліктерін бетіне баса бермей, мәпелеп ұстаңыздар! Тіпті, қызық болсын, күш салып жеке оқытып, хат танытыңыз!


— Осы тілекті өзі де айтып еді, — дедім.


— Енді ең маңызды мәселеге көшейік, — деді Зарубин ресми пішінмен. — Қоңырау соғып көмекші жігітін шақырып алды. — Қабанбаевты жіберіңіз! Жолдас Айшуақов сіз қозғалмай отыра беріңіз!


Сәлден кейін үстіне жұқа қоңыр костюм киген, басында өзбекі ала тақиясы бар, орта бойлы қара сұр жігіт кіріп келді.


Иван Петрович орнынан тұрып, оған қолын ұсынды. Кабанбаев суға малшынып шыққан егеу құйрық тышқандай бүрісіп, жүдей қалыпты. Ат жақты, қағілез қара сұр беті жыбырлап қыл үстінде отырғандай қылпылдай бастады. «Мынау пәле мұнда неғып отыр?» дегендей, күдіктене қарады маған. Қабанбаевты менің орныма отырғызды. Мен бір бүйірдегі орындыққа отырдым.


— Мен сізбен мына Айшуақов жолдастың көзінше сөйлесемін... Бұл кісімен таныс боларсыз?


Қанай құптап бас изеді. Маған көзінің сұғын қадап отыр. Зарубин Қабанбаевқа тіксіне қарап отырып, сөзін жалғап жіберді:


— Кәні, Қабанбаев! Сырласайық! Шыныңызды айтарсыз деп сенемін сізге!


— Кешірерсіз! Мына сөзіңізді ұқпай қалдым, — деді Қабанбаев көңілінде титімдей ақауы жоқ адал адамның кейпіне кіріп. — Ашыңқырап айтсаңыз екен?


— Менің адам танитыным шын болса, сіз түбірі шіріп, қаусаған ағаштың бұтағысыз! — Иван Петрович сұстана қалды. Қабанбаев түтіге төмен қарап, екі-үш минуттей үнсіз отырды. Әлден уақытта шошығандай сілкіне басын көтеріп алды да, Иван Петровичтің бетіне тура қарап, тайсалмай сөйлеп кетті:


— Шіріген ағаштың бұтағы болсам, неге кесіп тастамайсыздар?.. Өмірге керексіз ондай адамды осы күнге шейін неге аман қойдыңыздар!..


— Әңгіменің беті қай жаққа ауып бара жатқанын сеземін, — деді де, Зарубин қырандай шүйіле түрегеліп, ерсілі-қарсылы жүре бастады. Адымдай аттап, көзіне түсе берген маңдай шашын серпіп тастап, зіркілдеп сөйлеп жүр. Жуантық мойнының тамырлары көгере білеуленіп кетіпті.


— Революция заңы баланың ойыншығы емес, Қабанбаев!.. Тозған кезде лақтырып тастап, жаңасымен алмастыра қоятын қол орамал да емес. Ар-ұжданды, заңды саудаға салып жаман үйренгенсіңдер әбден! Мұндай қылықтарыңыз іске аспайды! Біліп қойыңыз!


— Олай дейтін болсаңыздар, айыбымды мойныма қойып, революция заңы бойынша қатал жауапқа тартыңыздар!


— Сіздің бар пәле-сұмдығыңызды дәл бүгін қопарайын деген ойым жоқ еді. — Иван Петрович екі қолын артына ұстап, Қабанбаевтың қарсы алдына келіп қасқайып тұрып қалды. — Отты өзіңіз бастыңыз. Асықпасаңыз бұл тілегіңізді де орындармыз! Еңбекші елді іштен үңгіп жүргендеріңізді біз білмейді ғой деп ойлайсыз ба? Үшкір біз қап түбінде жатпас болар!


Осы мезетте Қабанбаев жанталасып салғыласа бастады:


— «Бас кессе де, тіл кеспек жоқ» дейді біздің қазақ! Мені не себептен зәбірлейсіз? Ашып айтыңыз!.. — деді қанын ішіне тартып сұрланып.


Иван Петрович мысқылды пішінмен мырс-мырс күліп, Қабанбаевтың жаңағы ілгешек сөзіне орай жауап айтты:


— Соның керісінше болып жүрмесін, көгершінім! Бас кесілмес-ау! Революция дұшпандарының жырын жырлап сайрап жүрген қыршаңқы тілдердің қырқылатыны ақиқат!


Қабанбаев жеңер ақынға бір сөз айтып салды:


— Мен қандай жаудың жырын жырлаппын? Егер, тиісті куәлар мен нақтылы деректер арқылы қылмысымды мойныма қойсаңыздар, маған жалғыз оқтарыңыз жалынсын! Болмаса, жазықсыз жазғырмаңыз! Менде де ар-ұждан бар.


— Ар-ұждан дейсіз! — Зарубин орнына барып отырды. — Осы қасиетті сөзге қалай аузыңыз барады?


Зарубин алыстан сермеп, қиядан орағытып, Қанайдың ауыр кінәларын мойнына төндірді. Уездік жер-су мекемесінде жауапты қызметте отырып алып, елдегі байлармен жең ұшынан жалғасатынын, қай-қайдағы қылмыскер сұмдардан пара алып, қорғап қалғанын нақты деректермен жүйелеп айтып берді. Бір ғажабы, Нұртай жайынан бір ауыз сөз айтқан жоқ. Менің асыға күтіп отырғаным осы бір қиын шаруа еді. Зарубин одан көпе-көрінеу аттап өтіп, Қанайдың тіпті мен білмейтін басқа қылмыстарын әшкерелеп кетті.


Қанай қайдағы бір қисынсыз дәлелдер айтып, ақталмақ болып еді, Зарубин оны қия бастырмай шырмап тастады:


— Сіз, Рязань әйелдерінің мылжың сөзімен жем демеңіз мені! Шыныңызды айтыңыз! Нұртайды түрмеден босатқаныңызды мойындайсыз ба? Бұл бір! Екінші — адал коммунистерге жала жауып, революция заңына қайшы әрекет істегеніңіз жөнінде не айтасыз? Басқа шаруаны кезінде көре жатармыз. — Бұл айтып отырғаны Қабанбаевтың сан қылмысының бір бөлшегі ғана екенін аңғартты.


— Бұл айтқандарыңыз жөнінде қазір жауап бере алмаймын, — деді Қабанбаев, — ақ едім, бейкүнә едім дермін, оған сіз бәрібір иланбайсыз.


— Жоқ, көгершінім, мұныңыз бос сандырақ! Революция заңына, еңбекші халықтың бостандық мүддесіне қайшы келетін іске не себептен араластыңыз? Соны айтыңызшы?


— Сонда мені революцияның қас жауы дегіңіз келе ме? — деді Қабанбаев ар-намысына от түскендей шыбжыңдап.


— Атбасар уезінің қай шұқырында қандай ит өліп жатқаны да мәлім бізге.


— Маған мұндай ауыр күнә тағуға қандай нақтылы дәлелдеріңіз бар?


— Бұдан басқа айтарыңыз бар ма? — Зарубин қарындашымен столды тықылдатты.


— Кінәмді мойныма қойсаңыздар екен. Кім болса да шындыққа жүгінеді ғой.


Зарубин алдында жатқан қызыл тысты жұқа папканы ақтарып, төрт бүктеулі қағазды жайлап суырып алды.


— Мінекей, сіздің Орынбордағы досыңызға жазған сәлем хатыңыз! Не жазғаныңыз есіңізде бар шығар?


Қабанбаев сазара қалды. Бірдеңе айтайын деп оқталып еді, аузына сөз түспей, көзі бақырайып отырған күйі, көтеріңкі етті мойнын әрең бұрып, Зарубинге қырындап қарағанда, жайшылықта жөнді білінбейтін жұтқыншағы өзектене бүлкілдеді.


— Ұмытқан шығарсыз, есіңізге салайын, тыңдаңыз! — Зарубин орысша жазылған хатты оқи бастады: — Құрметті досым Оразалы! — деп басталыпты хат. — Тамақтың тоқтығына, киім-кешектің бүтіндігіне мәз болып, жапан түздегі кішкене қалада қалқақтап жүріп жатырмын. Қала тұрмысында, ел өмірінде айта қалғандай өзгеріс жоқ. Иә, қандай өзгеріс болсын. Ағынсыз қара судай тұнып жатырмыз деп те айта алмаймын. Жаңалықтардың біразын бұдан бұрынғы хатымда жазған едім. Оған қосымша айтайын дегенім Нұртай ақсақалдың жайы. Қартайған шағында абақтыда шірітейін бе, ісі қисық болса да, ебін тауып шаруасын реттеп жібердім. Өзіңе мәлім, өңкей қулар Нұртайды құртып жіберуге күш салып бағып еді. Қолымнан келіп тұрғанда аянып қалайын ба, сопаң еткізіп шыңыраудан шығарып алдым. Мен болмағанда, біржола құрып кететін еді. Әйтеуір, күш салып, құтқарып жібердім. Бүкіл елге лаң салған Сәмет Томаевты тиісті жеріне аттандырғанбыз. Анықтап айтқанда, қылмысына қылмыс қосып абақтыға жаптырдым. Елдегі дау-дамайдың шығуына себепші болып, бүкіл жұртты шулатқан Тоқсанбайқызы Орынбордағы әйелдер курсында оқып жүр. Өзің білесің, мен біреудің тәлкегіне көнбейтін бір бет адаммын ғой. Тоқсанбай асып кеткен бай кісі емес. Шындығында күн көргіші өзіне мол жететін орта күйлі шаруа. Әйткенмен, оның қызын Орынбордан тайдыру керек. Байдың қызы деп үстінен домалақ қағаз түсірсем, саудасы тез бітіп жатыр. Сондай бір қағазды сен де түрте сал.


Далаға ішкі жақтан бір «кәрі қыран» ұшып келді. Шалқар көлде сайраңдаған еркін құстардың шетінен топшысын қиып жайратып тастай ма деген қаупіміз бар. Қызылжар қаласындағы досым Марғаскин Махметтен кеше хат алдым. «Аса сақ болыңдар, байқаусызда «кәрі қыранның» шеңгеліне ілініп қалып жүрмеңдер», — дейді.


Өзің білесің, Тақыртөбе елінде Сәлкен Айшуақов дейін бір жарымес мұғалім бар ғой. Сәмет Томаевты абақтыдан құтқарып алам деп қазір аласұрып, қалада шабуылдап жүр. Ендігі кезек сонікі. Бұйырса, оны да қалпақтай түсіретін шығармыз. Сен де қамсыз болма. Олардың арыздары губерниядан асып, Орынборға да жетер. Ондағы заң орындарында сыбайлас адамдарың болса керек еді ғой. Ар жағын айтпасам да түсінерсің...


Амантай қаласының ажалдан құтылып кеткен сары орысы бар еді ғой. Оны Қорғалжындағы Ахметжан байға қолбала ғып бергенбіз. Мүсәпірдің обал-жазығы соның мойнында болады. (Не туралы айтып отырғанымды түсінерсің! Бұдан бұрынғы хатта анық айтылған!)... Досың Қанай. 1924 жыл, 25 июнь».


— Осы хат жөнінде не айтасыз? — деп зілдене сұрады Зарубин. — Факт дегеніміз — қыңыр нәрсе, қанша жалтарғаныңмен, бұлтартпайды, көгершінім! — Хатты төрт бүктеп папкасына салып қойды.


Қабанбаев сот үкімін тыңдап тұрған айыпкердей, қанын ішіне тартып, ашу-ызасын талақтай сазарған бетіне жиып, үнсіз қатып қалды.


Қабанбаевқа найзадай қадалған жайсыз әңгімені ұзаққа созғысы келмеген Иван Петрович:


— Сізбен сөз бітті! Мықты болсаңыз кәрі қыранның шеңгелінен құтылып көріңіз! — деп сұсты пішінмен сөзін түйді.


Иван Петрович түрегелді. Сырлы еденге тық-тық басып барып, кабинетінің сол жақ бүйіріндегі жасыл пердені жалма-жан ашып жіберді. Перденің ар жағындағы есік ашық тұр екен. Иван Петрович есікке төне түсіп:


— Шығыңыз, бері келіңіз! — деп сөз қатып еді, аяғын созалаңдап басып, жасқана жылжып, Сәмет шыға келді. Зарубин оған терезе жақтағы оқшау тұрған орындықты нұсқады. Сәмет самарқау пішінмен орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Зарубин өзінің орнына барып отырып, столдағы қағаздарын, қалам-қарындаштарын жиыстыра бастады.


Қанай Сәметті көргенде қақпанға түскен суырдай бақшиып, беті қуара қалды. Көзі Сәметті тесіп барады. Мен бұл ғажайып өзгеріске қайран қалып, үнсіз отыра бердім. Сәметтің қан-сөлі кетіп жүдеген сұрқай жүзіне сұқтана қарадым.


Зарубин аса бір инабатты қияпатпен Сәметке көз тастап:


— Қалай, жолдас Томаев? Жалғыз отырып зерігіп кеткен жоқсыз ба? — деді.


— Неге зерігейін! — деді Сәмет баяу үнмен.


Зарубин жымия күліп:


— Біздің не айтқанымызды, қандай мәселелердің бетін ашып алғанымызды тыңдап отырған боларсыз? — деді.


Сәмет сынық шыраймен қысқа жауып айтты:


— Өзіңіздің әміріңізге сәйкес тыңдадым, бәріне де қандым.


— Білгеніңіз жақсы! «Кәрі қыранның» осындай айла-тәсілі де болады, — деп бір жұмбақ жайтты аңғартты Зарубин.


Қанай құты қашып, жүрегі құм болып, сілейіп отыр. Мен болсам, бір керемет жақсы шақтың, қайырлы жаз күнінің жақындап келе жатқанын сезіп, іштей толқынып отырмын.


Бәріміз енді Зарубин жолдастың аузына қарадық. Не айтар екен? Ол түсін суытып, көкшіл көзінен ызғар шашып Қабанбаевқа қарады. Сәлден кейін түйлігіп, орнынан көтерілді. Екі қолын алға созып тұрып, өктем сөйледі:


— Жолдас Томаев! Жолдас Айшуақов! Сіздер бара беріңіздер! Алаңсыз қызметтеріңізге кірісіңіздер. Ал, Қабанбаев, сіз және сіздің сыбайластарыңыз біздің астыңғы үйімізде жатқан революция дұшпаны Егор Хазовпен қауышасыздар!..


Сәмет екеуміз бір-бірімізге жымыңдай қарастық. Қабанбаев төбесінен жай түскендей бетін басып, бұға берді.


Зарубин жолдас жазу столының сол жақ шетіне шығып, төрдегі Дзержинскийдің портретіне қарап, сіресіп тұрып қалды. «Әміріңізді бұлжытпай орындадым, Феликс Эдмундович! Енді не бұйырасыз?! — деп тұрғандай оның отты көздері.


Мен ішімнен: «Қайырлы жаз, қайырлы жаз!» — дей бердім.





Пікір жазу