09.05.2023
  199


Автор: Дархан Қыдырәлі

МҰХТАРИЯТТАН МҰҒАЖЫРЛЫҚҚА

Соғыс жылдарында Ташкентте біршама уақыт ерікті мед-бике болып істеген Марияны қаладағы жоғары шенді


қызметкерлердің біразы танитын еді. Сондықтан ол күдік тудыр-мас үшін Мұстафаны ауыр жаралы етіп көрсетіп, қаладан алып шығу жағын ойластырды. Дегенмен, Мария Яковлевна бұл ойын жүзеге асырғанша ешкімге,тіпті, ерінің өзіне де айтқан жоқ еді.


Темір жол басқармасында қызмет атқаратын ескі таныстары арқылы Мұстафаға рұқсат қағазы мен билет алған Мария, қаладан шығып кету үшін ең ыңғайлы күн ретінде пасха мерекесінің алғашқы күнін таңдап алды.Өйткені бұл күні ресми орындар жұртпен бірге ме-рекелеп, думандатып жатқанда, көзге түспей кетіп қалу мүмкіншілігі туатын еді.


Пасха мерекесі 1 мамыр күніне дәл келді.Бұл күні Орынбор арқылы Мәскеуге баратын пойыз бар болып шықты. Пойыз түстің шамасын-да жүреді екен. Жолға шығардың алдында Мария Мұстафаның атына жалған құжат жасатып, оны адам танымастай киіндіріп, басын орап, дәкемен таңып тастады. Ташкентте ми қайнатар ыстық болғанына қарамастан, солай жасауға тура келді. Пысынап, ауа жетпей, алқына дем алғанына қарамастан, Мұстафа бұған төзе білді.


Тексеріс ұзаққа созылды. Тынысы тарылған Мұстафаның шыда-мы таусыла бастады. Ыстыққа жаны қысылып, қинала түсті. Медбике сияқты киінген Мария да бәрінің сәтті өтіп кетуін тілеп, үнсіз отыр-ды. Расында, Алла олардың тілеуін беріп, тексерушілер қапелімде жаңылысып кетіп, олар орналасқан вагонның жанынан өтіп кетті.


 


Оның үстіне, Мұстафа мен Мария екі кісілік купеге тап келген екен. Осының бәрін жақсылыққа жорып, Тәңірге шүкіршілік айтқан Мария енді пойыздың тезірек қозғалуын күтті.


Көптеген күткен сәт те келіп жетті. Кешкі сағат бестің шамасын-да пойыз орнынан қозғалды. Сол кезде барып еркін тыныстаған жас жұбайлар,өздерінің Ташкенттен аман шыққандарына сенер-сенбесін білмей, қуанып, келер күндерге де сәттілік тіледі.


Пойыз Ақмешітке келіп тоқтағанда Мұстафаның жүрегі атқақтап кетті. Кіндік қаны тамған қайран туған жер! Енді қайта айналып келе ме, жоқ па? Мұстафаның еліне соңғы рет барған сапарын есіне алды. 1917 жылдың тамыз айында әкесі Шоқай бидің асын өткізуге келген еді. Алдын ала өтініш айтып, қыркүйекте өтетін асты тамызға өзі алдырғандықтан, арнайы ат басын бұрған Мұстафа туыстары-мен соңғы рет сонда сұқбаттасқан екен. Шіркін, үш жүздің баласы тегіс жиылған астың соңы сонда үлкен тойға айналып, Сыр сүлейлері жыр айтып, әйгілі ақындар айтыстың көрігін қыздырып еді. Сонда өмір мен өлімнің арасында жүргенін біруақ ұмытқандай болып еді. Ас тарқағаннан кейін Ташкентке қарай жолға жиналған Мұстафа от-басымен іштей қош айтысқан еді. Сонда туыстары да Мұстафаның біржола кетіп бара жатқанын сезгендей, қимай, ұзақ қоштасқан. Сол жолы Мұстафа бір қалтаға топырақ толтырып, жасы ұлғайып, кәрілік меңдеген анасы өзі жоқта өмірден өткен жағдайда сол топырақты қабірге алдымен салуды табыстап,аттанып кеткен болатын.Енді міне, одан бері де жылға жуық заман өтіпті. Содан бері туған жерін көріп тұрғаны осы.Алайда ол қазір пойыздан түсіп, еліне бара алмайды. Ол тұрмақ,туған жерге табанын тигізіп,кең ауасымен еркін тыныстаудың өзі мұң. Қара ниетті қаскөй біреу Мұстафаны бірден танып қоюы әбден мүмкін. Қандай өкініш. Дегенмен, жақын жолдастарының бірі де кездесіп қалуы ғажап емес-ау.Онда аз қаражатпен ұзақ жолға кетіп бара жатқан Мұстафаға біраз септігі тиер еді. Ол осындай оймен, та-ныс біреуді кездестіріп қалармын деген үмітпен терезеге көз салуы мұң екен, сол сәтте өзіне ең керекті адамды көре қойды. Міне, кере-мет! Мұндай сәттілік болар ма? Әлгі кісіні купеге шақырып сөйлескен Мұстафа оған өзінің жасырын жолмен Мәскеуге қарай шыққанын, алайда мұны ешкімнің білмеуі керектігін және өзіне жол қаражаты қажет екенін жеткізді. Мұқият тыңдаған досы көп күттірген жоқ, тез шығып кетті де, қайдан алғаны белгісіз, табан астында 500 рубль әкеліп,Мұстафаның қолына табыс етті.Оған қоса өзінің пальтосын да шешіп берді. Бұл — ол кезде үлкен ақша болатын. Мұстафаға сәттілік тілеп, қолын қысқан досы жұрттың назарын өзіне аудармау үшін,пойыздан түсіп кетті.Ал мұның бәрі Мария үшін жұмбақ болатын.Бұл кісі кім,қалай кездесе кетті,осыншама қаражатты қайдантауып келді? Бәлкім, жұрт айтатын Қызыр ата осындай болар? Ол осындай ойдың жетегінде отырып, ақырын-ақырын қозғалған пойыздың терезесінен сыртқа ақырғы рет қарады. Қош бол,Ақмешіт!


Пойыз Ақтөбеге жеткеннен кейін тоқтап, мұнда алаңсыз тұратын болды. Орынборда соғыс жүріп жатқандықтан, жолдар жабық екен. Пойыздардың бәрі иіріліп, тоқтап тұр екен. Станция болса, лас. Апта-лап жатқан жолаушылар арасында неше түрлі аурулар тарай бастапты. Сондықтан, Мұстафа мен Мария пойыздан түсіп, қалада тұрмақшы болды. Осындай шешімге келіп, қалаға жол тартқан олар күтпеген жерден ескі таныстарын ұшыратып, Ақтөбеде 10 күн тұрды. Осы 10 күннің ішінде біраз қиындықтар көрген Шоқай отбасы, «мұнда Жлобаның отряды келеді екен» деген сыбысты естігеннен кейін, жақын маңдағы Темірге кетіп қалды. Темір — уез орталығы бола-тын. Мұнда Мұстафаның досы уез басшысы еді. Мұстафа мен Мария тіке соның үйіне барды. Ескі достар құшақтасып табысты. Дегенмен, мұнда да ұзақ қалуға болмайтын еді. Уезге келіп, белгілі адамдардың бәрін тұтқындап, ойына келгендерін істеген Жлобаның адамдары мұнда қайта айналып келуі мүмкін.


Арба жалдап,таңсәріде жолға шыққан Мұстафаның ендігі бағыты Орал қаласы болатын. Ол үшін қазақ ауылдарының үстін басып өту керек. Сондықтан күн ысымай тұрғанда жолға шығып, межелі жерге жетіп алуды ойлаған Мұстафа тағдырын Тәңірге тапсырып, шөл даланы бетке алды. Жол бойы көргендерін електен өткізіп, Мұстафаның тегін адам емес екеніне толық сенген Мария да ендігі тағдырын ойлап жатпады. Бірнеше күн бұрын ғана өзін еуропалық деп санайтын ол таным-түсінігі бойынша әп-сәтте шығыс әйелі бо-лып шыға келген еді. Ақырын ғана ілбіп жылжыған арбада отырған Мария шөлдің ауасын құшырлана жұтып отырып, өзіндегі өзгерісті байқап, таң қалды.


Жол бойы арбакеш қазақпен сөйлесіп келген Мұстафа алыстан қарауытып ауыл көрінгенде ғана Марияға бұрылып: «Біз қазір имамның ауылына аялдаймыз. Дала қазақтары арасында үлкен беделі бар бұл кісі өте тақуа болғандықтан, діннің әмірлерін қатаң сақтайды.Сондықтан сен оны жүзбе-жүз көре алмайсың.Әдеп бойын-ша қазір оның ауылына жаяу жүріп баруымыз керек. Ауылға басыңа жаулық салып, қол-аяғың көрінбейтіндей киін» деп, ескерту жасады. Мұстафаның айтқандарын айна-қатесіз орындаған Мария орамалы болмағандықтан, басына төсек жаймасын байлап алды.


 


Имамның     ауылы     Мұстафаны     ерекше     қабылдап,     мәртебелі қонақ ретінде күтті. Мал сойылып, ауыл адамдары тегіс жиналды. Бәрі Мұстафаның аузына қарап, оны тыңдаумен болды. Қазақша түсінбейтін Мария үшін бәрі де таңсық еді. Мұстафадан сұрау бы-лай тұрсын, онымен тіл қатыса алмай кешті батырды. Бірақ ол осы өмірді ұнатып қалды.Таза ауадан басы айналып,мас болып,өздерінің қуғында жасырынып жүргендерін ұмытып кеткендей күй кешті. Өзін бала жастан дала төсінде туып-өскендей сезінді.


Мария Мұстафамен күн батып, қараңғылық түскенде ғана сөйлесе алды. Үлкен үйге жиналған жұрт тысқа шығып, мал жайғап жүргенде Мұстафа Марияны жанына шақырып алып,әрлі-берлі серуендеп жүріп сөйлесті. Мұстафа жарының іс-әрекетіне риза болған еді. Ол Марияға сыбырлап «Бұл уақытқа дейін олар орыс әйелі туралы басқаша пікірде болған екен. Менің өз ұлтымнан біреуге үйленбеуіме олар алғашында ренжігенімен, аз уақыттың ішінде еуропалық әйелге шығыстық салт-дәстүрлерді қабылдата алғаным үшін олар мені кешіріп, саған құрметпен қарай бастады. Мен имаммен Петербордағы өмірім тура-лы көп әңгімелестім. Ол өте ақылды, парасатты кісі. Үш рет Меккеге қажылыққа барған. Түрлі елдердің адамдарын танып, араласқан. Ол бізге дән риза кейіппен, некеміздің баянды болуы үшін ақ батасын берді. Көрдің бе сүйіктім, екеуіміздің некемізді тақуа, рухани адам-дар да қостап отыр. Сондықтан олар бүгін бізді сыйлап, ақ киіздің үстіне отырғызып, жаңа дастархан жайды. Қандай керемет!», — деді. Мұны айтқанда Мұстафаның даусынан қуаныштың лебі есіп тұрды. Марияның бақыттан басы айналғандай болды.


Сол түні Мұстафа мен Марияның құрметіне жасалған той-думан одан әрі жалғасты. Ақ дастарханға ет келіп, қымыз сапырылды. Ал дастархан жиналғаннан кейін палуандар белдесіп, күміс көмей әншілер ән айтып, оның арты айтысқа айналды. Ен далаға қоныс тепкен кішкене ғана қазақ ауылында түні бойы ән шырқалып, әңгіменің тиегі ағытылды. Ақпан төңкерісінен бері бой жазып сергімеген, іштей ширығып, үнемі әрекет үстінде болып саясат пен мемлекет істерінен қолы босай қоймаған Мұстафа да өзін бір сәт дүниеден тысқары жатқан шаттық пен бақыттың аралында жүргендей сезінді.


Ертеңіне таңсәріде жолға шыққан Мұстафа Қызылқұрт де-ген     ауылға     келіп,     мұнда     Алаш     қайраткерлерінің     бірі     Халел Досмұхамбетовтің үйінде қонақта болады. Одан әрі қазақ ауылда-ры мен орыс қоныстарының үстінен басып өтіп, Самара арқылы Уфа шаһарына жетті. Уфада олар башқұрт халқының аяулы ұлы, тек Башқұртстанның ғана емес, Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының да көрнекті өкілдерінің бірі Зәки Уалидидің үйіне түседі.


Уфада Зәки Уалидимен кездесіп, алдағы атқарылатын жұмыстар жайлы сөйлескеннен кейін олар көп бөгелмей, бірге Орынборға бар-ды. Орынборда Мұстафа ескі достарын көріп қуанып қалды. Мұнда оның жақын серіктерінен Убайдулла Хожаев пен Мир Мухсин бар екен. Сондай-ақ Бұхара үкіметінің әскери министрі Абдулхамит Ари-фов, әйгілі ақын Абдулхамит Сүлейман Шолпан және Бүхара мен Хиуадан келген бірнеше кісіні көрді. Олар Башқұрт үкіметінің бас-шысы Зәки Уалидимен кеңесуге келген екен. Кейбірі осында қызмет атқаратын көрінеді.


Көптен көрмеген достарымен шұрқырай табысқан Мұстафа тамыздың соңы мен қыркүйек айының басын Орынбор мен Са-мара қалаларында өткізді. Мұнда Алашорда үкіметінің басшыла-ры Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Башқұрт үкіметінің басшысы Зәки Уа-лиди және Түркістан үкіметінің атынан Мұстафа Шоқай мен Убай-дулла Хожаевтың қатысуымен бірнеше жиналыс өтті. Бұл басқосуды Зәки Уалиди «үш үкімет мүшелері арасындағы екінші құрылтай» деп атауды ұсынды. Алғашқы құрылтай шілде айында Семей шаһарында өткендіктен, солай деп атауды өзгелер де қолдады.


Құрылтай жиналыстарында бірнеше мәселе қаралды. Олардың ең бастысы — туысқан үш үкімет арасында «Оңтүстік-шығыс мұсылман өлкелерінің федерациясын» құру туралы келісімге қол жеткізу еді. Сонымен қатар бұл федерацияның өміршең болуы үшін башқұрт және қазақ жасақтарын біріктіріп, үлкен армия құру; уақыт талабын ескере отырып, одан кейін федерацияның шеңберін кеңейтіп, Сібір және Самара үкіметтерімен және Орал, Орынбор казачилерімен ынтымақтасып «Шығыс Ресей одағы» конфедерациясының негізін қалау сияқты пікірлер де қолдау көріп,оң шешімін тапты.Құрылтайға қатысқандар Уфада өтетін Ресей мемлекеттік мәжілісіне ортақ плат-форма негізінде, бір пікірдің төңірегінде топтасып қатысуды жөн көрді.Осылай ортақ пәтуаға келгеннен кейін,олар Башқұртүкіметінің меншігіндегі пойызға жайғасып,Уфаға тартып кетті.


Сібір уақытша үкіметі мен Самарадағы Құрушы Мәжіліс (Комуч) өкілдеріұйытқыболғанмемлекеттікмәжіліс1918жылы8қыркүйеккүні салтанатты жағдайда ашылды. Мемлекеттік мәжіліске Сібір уақытша өкіметі,ҚұрушыМәжілісөкілдері,ІшкіРесейменСібіртүрік-татарлары ұлттық өкіметі, Алашорда өкіметі, Башқұрт өкіметі, Түркістан өкіметі, Екатеринбург өлкелік комитеті, казачилер және большевизмге қарсы түрлі тәуелсіз топтардың өкілдері қатысты. Мұстафа Шоқай больше-виктертарапынан күштептаратылған Түркістан автономиясының рес-ми өкілі ретінде қатысып,мәжіліс хаттамаларына қол қойды.


Өздерін «Ресейдің құтқарушылары» деп есептеген мемлекеттік мәжілісті    ұйымдастырушылар                Ресейде    большевиктік          биліктің орнығуын қаламайтын шетелдік алпауыт мемлекеттердің де назарын аудара біліпті. Мемлекеттік мәжіліске АҚШ, Ұлыбритания, Италия және Францияның президенттері, сондай-ақ Жапония, Бельгия және Сербия премьер-министрлері аттарынан құттықтау телеграммалары келіп түсті.


Мұстафа мен серіктері Уфадағы мемлекеттік мәжілісті шақырудағы негізгі мақсаттың бүкілресейлік жоғары өкімет құру екенін жақсы түсінді. Сондықтан олар бұл мәжілісті пайдаланып, Орынбор мен Самарада қабылданған шешімдерді іске асыру үшін жұмыла кірісті. Олар әуелі туыс татар өкіметінің өкілдеріне барып, өз жоспарларын бөлісті. «Сібір» қонақ үйінде өткен басқосуда татар өкіметінің басшы-лары федерация құру туралы бұл ұсынысқа қарсы шығып, келіспей қойды. Башқұрттардың өздерінен бөлініп кетуін әсте қаламайтын олар өз жоспарларын алға тартты. Аяз Исхаки бастаған топтың пікірінше Ресейдің тұтастығына қылау түсірмей, оның «Азия филиа-лын» ұйымдастыру керек екен.Әрине,тәуелсіздік үшін күресіп жүрген топтың мұндай ұсынысты қабылдауы мүмкін емес еді. Сондықтан олар көмек сұрап Жүсіп Ақшораға барды. Исмаил Гаспыралының жақын серігі әрі туысы ретінде Ресей қоластындағы халықтардың оянуына қызмет етіп жүрген, жәдитшілдік қозғалысына басшылық жасаған, сонымен қатар түрікшілдік идеясының негізін қалап, оның манифестін жазған, сондықтан Ресейде ғана емес, бүкіл дүниедегі түрік ұлтшылдарының үлкен құрметіне ие болған Жүсіп Ақшора бұларды үлкен ықыласпен тыңдап, оған тілектестік білдірді. Өзіне ұсынылған федерациялық үкіметтің Сыртқы істер министрі қызметін белгілі себептерге байланысты қабылдай алмайтынын жеткізіп,сенім білдіргендеріне рахметін айтты. Сосын федерация идеясына байла-нысты өзінің пікірін білдіріп,бұл одақтың атын «Шығыс түріктері фе-дерациясы» деп өзгертуді ұсынды. Әлихан Бөкейханов бұл ұсынысқа байланысты сөз алып, өздерінің түрікшілдікке қарсы емес екенін, алайда қазіргідей аласапыран уақытта мұндай атаудың «пантүркизм» деген дақпыртпен көп жұртты үрейлендіретін жеткізіп, келешекте, уақыты жеткенде мұндай атауды да қабылдауға болатынын айтты.


Осылайша, федерация құру туралы көтерілген нақты ұсыныс қолдау таба алмады. Керісінше, мемлекеттік мәжілістің шешімімен елді большевиктік биліктен құтқару үшін құрылған жоғары өкімет — Директория Ресейді қайта біріктіруді, бытыраңқылыққа, бетімен ке-туге жол бермеуді басты мақсат етіп алды. Бұл — түрік халықтарын тұтастық арқылы тәуелсіздікке бастайтын автономиялар бірлігі идеясының келмеске кетуі деген сөз еді. Расында да солай болып шықты. Шовенистік пиғылдағы Директория басшылығы мәжілістен кейін іле-шала Алашорда үкіметін тарату туралы бұйрыққа қол қойды. Директорияның шовинистік пиғылын сезгеннен кейін, Мұстафа Шоқай кейбір Құрушы Мәжіліс мүшелерімен бірге 24 қазан күні Ека-теринбург қаласына келеді. Екатеринбург қаласына жиналған Ре-сей демократтары большевиктік билікті танымайтынын, оның заңсыз екенін мәлімдеп, оған қарсылық ретінде Бүкілресейлік Құрушы Мәжіліс депутаттары атынан бір комитет құрды. Комитет төрағалығына Виктор Чернов, ал комитет төрағасының орынбасары


болып Мұстафа Шоқай сайланды.


Екатеринбург қаласында осындай жиналыс өтіп жатқан кез-де екінші жақтан Мұстафа Шоқайдың ұйытқы болуымен жасырын ұйым құрылды. Құрамында қазақ, өзбек, татар және башқұрт мүшесі болған бұл жасырын ұйым Түркістан, Татарстан және Башқұртстанды біріктіруді көздеген еді. Жасырын ұйымның басқосуында төраға бо-лып бірауыздан Мұстафа Шоқай сайланды. Алғашқы мәжілісін 1918 жылы 19 қараша күні өткізген астыртын ұйым мүшелері Америкаға барып, ел президенті Вильсонмен кездесуді жоспарлады. Олардың қолында визалары, билеттері және жеткілікті қаражаттары бар еді.


Алайда олар жолға жиналып жатқанда күтпеген оқиға болды: кешкі сағат 5-тердің шамасында құрылтай мүшелері тұрып жатқан «Россия» қонақ үйінен күшті жарылыстың даусы шықты. Жарылыс болған жерде серіктері тұрып жатқандықтан, Мұстафа Шоқай сонда бармақ болды.Мария да ақшасын жасырып,оған ере шықты.Олар жа-рылыс болған жерге келгенде ғана байқады: қонақ үйдің айналасын чех әскерлері қоршап алған екен. Мұстафа оларға өзінің ішке кіргісі келетінін айтты. Қару асынып, үйді күзетіп тұрған чех әскерлері оған ішке кірсе, қайтып шыға алмайтынын, тұтқынға алынатынын ескертті.Ойланып жатпастан келісім берген Мұстафа қонақ үйге кіріп кетті.


Мұстафа мен Мария ішке енгенде комитет төрағасы Виктор Чер-нов диванда отыр екен. Көйлегінің жағасы екі жақта, шашы ұйпа-тұйпа Черновтың кескінін көріп Мария шошып кетті. Сәлем беріп кіріп келген Мұстафаны көрген бойда Чернов жын ұрған кісідей еліріп «Бұл жерге неге келдіңіздер? Бұл не деген ақылсыздық? Адмирал Колчактың бұйрығы бойынша біздің бәріміздің тұтқынға алынғанымызды білмейсіздер ме, не? Мен мұны чехтардан естідім. Бізге қазіргі жағдайда бостандықтағы адамдар қажет. Ал сіздер болсаңыздар тек қана ынтымақты ойлау арқылы өз бастарыңызды өлімге тігіп келіп отырсыздар. Бұдан ешкімге келер пайда жоқ» деп айқай салды. Оның қатты толқып, ашуға булығып отырғанын көрген Мұстафа сабырға шақырып еді, көнетін Чернов көрінбеді. Ол одан бе-тер өршеленіп: «Әр адам өз басын аман алып қалудың амалын жасау керек.Колчак өзін диктатор деп жариялапты.Жағдай өте қиын.Біздің бәрімізді тұтқындап, Екатеринбургтен Шадринскіге алып кетеді» — деп барып тоқтады.Мұны естіген Марияда ес қалмады: ол көз жасына ерік беріп, жылай бастады. Мұстафа оны жұбатып, отырғандарға басу айтты. Вольский де есін жиып, мәжілісті шақырып, кеңес өткізу тура-лы ұсыныс айтты.


Расында жағдай күрделі болып шықты. Омбымен арадағы бай-ланыс үзіліп қалды. Черновтың Омбымен байланыс құру әрекетінен түк те шықпады. Не істерін білмей қорқып, үрейленге бой алдырып, сары уайымға салынған адамдардың мінездері де өзгере бастады. Құрылтайға қызмет етіп жүргендер өздерінің аш-жалаңаш екенін ай-тып, айлықтарын талап ете бастады. Оларға айлық төлерлік жағдай тұрмақ, ішерге ас табылмай қалды. Құрылтай мәжілісіне келген 120 шақты адам аш-жалаңаш қайда барады. Суығы ерте түсетін Сібірдің ызғырығы үдеп, сынық терезелерден жел гулеп, аш адамдар тоңа бастады. Мұны көрген Мұстафаны да көңілсіздік жеңді. Қолдағы қаражатпен қашып кету оның ойына да келген жоқ. Америкаға бару туралы тіпті ұмытып кетті. Оның есіл-дерті тұтқынға түскен жазықсыз жандарды құтқару болды. Сондықтан ол «көппен көрген — ұлы той» деген халық мақалын еске алып, өз тағдырын көпшілікпен байланыстырып, жоғарыдан түскен бұйрыққа мойынсұнып,тұтқынға түскендермен бірге станцияға кете барды. Әйтсе де оны тұтқындаған, күзеткен немесе жүруге мәжбүрлеген ешкім жоқ еді.


Олар көрсетілген вагонға мінгеннен кейін, пойыз орнынан қозғалды. Жайғасқан орындары «вагон» деген аты болғанымен, атқораға көбірек ұқсайтын. Азынап соққан жел кеу-кеулеп, вагон іші тоңазытқышқа айналды. Жылынбақ болып, қағаздарды жағып көріп еді, бойларына біраз қан жүгіргендей болды. Алайда олар енді сусай бастады. Әбден шөлдеген олар қар жеді.


Түн болып, вагонның ішін қараңғылық жайлағанда Мұстафа құпия жиналыс өткізді. Ол жанындағы серіктері Ілияс Алкин мен Вадим Чайкин үшеуі сыбырласып сөйлесіп, бір жайттарды ақылдаса бастады. Марияны шақырған жоқ. Вадим Чайкин Марияның жанына келіп, құпия жиналыстың шешімін жеткізді. Шешім бойынша олар Марияны жалғыз тастап, сол түні қашып кетпек екен. Марияның вагонда қалғанын жөн көріпті. Хабарласу қағазға түсірілмей, ойда сақталу арқылы жалғасады. Мұны естігенде, өзінің жат жерде жалғыз қалатынын ойлағанда Мария қорыққаннан қалшылдап кетті.Расында шешім өте қатал еді.Сондықтан оны Марияға жеткізу Мұстафаға ауыр соқса керек.


Сұраған алпыс мың рубль ақшасын Чайкинге бергеннен кейін Ма-рия Мұстафаның жанына отырып алып,жылады.Оны ешкім жұбатқан жоқ.Марияның басына түсер ауыртпалықты барлығы да түсініп отыр-ды. Мұстафа үнсіз ғана Марияның қолын қатты қысып қойды. Оның жүзіне ақырын көз салып қараған Мария, Мұстафаның жыламау үшін өзін әрең ұстап отырғанын сезді. Уақыт сырғып осылай өте берді. Пойыз Челябинскіде едәуір тұрды. Олардың вагонын күзетіп отырған екі чех әскері ұйықтап қалғаннан кейін Мұстафа мен серіктері пойыз-дан бір-бірлеп түсіп,ақырын жылыстап,қараңғылыққа сіңе берді.Бой-ын үрей билеген Мария олармен қоштаспай,орнында отырған қалпы, іштей егіліп, өксіп жылай берді. Ол таңды көзімен атырды. Ал таң ата Юсуф Минор бастаған әскерлер келіп, пойыздағы тұтқындардың барлығын босатып жіберді. Мария босап шыққаннан кейін білді, бұл көтерілісті Мұстафа, Ілияс Алкин және Вадим Чайкиннің адамдары ұйымдастарған екен.


1918 жылы 22 қараша күні достарының жәрдемімен тұтқыннан қашып шыққан Мұстафа Шоқай серігі Вадим Чайкинмен бірге желтоқсан айының басында Орынборға келді. Бір ай бұрын ғана Уфа-да өткен мәжілісте бірге жүріп, ортақ үкімет құруды ойластырған, сол мақсатты жүзеге асыру үшін жасырын ұйым құрған топтың ішінде болған Зәки Уалиди қонақжайлық танытып, Мұстафа Шоқай мен Ва-дим Чайкинді құшақ жая қарсы алды.


Мұстафа Шоқай Орынборға жайдан-жай аялдамаған еді.Бір кездері қазақтың астанасы болып, игі жақсылардың басын қосқан Орынбор шаһары сонымен қатар Ресей мен Түркістанның арасын бөліп тұрған, тоғыз жолдыңторабындағы стратегиялық қала еді.Оның үстіне,Орын-борда орналасқан казачество жүздіктері мен башқұрт әскерлері ара-сында Зәки Уалидидің айтарлықтай ықпалы бар болатын. Сондықтан, Колчактыңазапвагонынанқашыпшығып,ажалаузынанқалғанШоқай ендігіжерде«ақорыстардан»қайранжоғынбіліп,жаңаүкіметкенаразы, большевиктік билікке қарсы башқұрт және казачество әскерлерімен ымыраға келіп,одақтасуды көздеген еді.


 


Мұстафа Шоқай Орынбордағы казачество және Зәки Уалиди басқаратын башқұрт үкіметімен 1917 жылдың желтоқсан айында Қоқандағы Түркістан уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі бо-лып тұрған кезінде байланыс орнатқан еді. Жоғарыда баяндалғандай, ол кезде «Оңтүстік-шығыс казачество одағы» Түркістан ұлттық комитетіне хабар жіберіп, Түркістан уақытша үкіметімен бірлесіп әрекететуді ұсынған болатын.Міне,сол ұсынысты есіне алған Мұстафа Шоқай мен серіктері бірлескен одақ құру үшін әлі де кеш емес екенін алға тартты. Олар Орынбордағы әскердің күшімен Түркістан мен Мәскеудің арасындағы байланысты үзіп,Түркістандағы большевиктік билікті орталықтан бөліп тастауды ойластырды. Егер жоспар жүзеге асатын болса, байланыссыз һәм қолдаусыз қалған қызылдардан Түркістанды қайтарып алуға жол ашылар еді.


Орынбор казачествосының басқа жерде соғысқа қатысуын мүлде қаламайтын және монархияны жақтайтын атаман Дутовтың бұл жоспарға қарсы болары белгілі еді. Сондықтан, Шоқай мен серіктері әуелі атаман Дутовқа қарсы астыртын төңкеріс ұйымдастыруды жоспарлайды. Олар атаман Дутовтың көзін жойғаннан кейін қазақ, башқұртжәне казачествоның бірлескен ортақ үкіметін құруға сөз бай-ласады. Мұстафа Шоқай мен Вадим Чайкин жаңа үкіметтің құрамына кіретін болды.


Дутовтың билігін жойып, басшылықты ауыстыруды жоспарлаған төңкеріске Орынбор казачествосының әскери басшыларынан Каргин мен полковник Махин, Вадим Чайкин, Зәки Уалиди және Мұстафа Шоқай қатысады. Большевизмге жаны қас Каргин мен Махин салған жерден Дутовтың билігін құрту үшін төңкеріске дайын екендіктерін жасырмады. Атаман Каргин Дутовтың орнына басшы болуға келісім берді. Ал Ақтөбе майданының қолбасшысы болып тұрған Махин көзқарасы тұрғысынан солшыл-революционер еді. Жалпы, сол кез-де большевизмге қарсы үлкен күшке ие болған Ақтөбе майданында атаман Дутовқа да қарсы наразылық бар болатын. Сонымен қатар, башқұрт әскерлері де Махинге сенетін еді. Ал Зәки Уалиди басшылық жасайтын Башқұрт үкіметі жоспардың жүзеге асуы үшін аянып қалмайтынын білдірді.


Ақтөбеден Махинді Орынборға шақырып, атаман Дутовты үкімет басынан тайдыру жолын қарастыра бастаған топтың астыртын жи-налысы желтоқсанның 2-сіне қараған түні қаладағы Керуенсарайда өтті. Өте құпия жағдайда өткен бұл мәжіліске Зәки Уалиди, Вадим Чайкин және Мұстафа Шоқай ғана қатысуы керек еді. Дегенмен, бұл ұстанымды елең қылмаған Зәки Уалиди құпия мәжіліске Әлиахмет Уәлиев атты татар жігітін көмекші ретінде ертіп келді. Бәлкім, ол өзінің үкімет басшысы екенін сездіргісі келген болар?


Қалай болған күнде, ертеңгі күнге жоспарланған әрекет бір опасыздық нәтижесінде сәтсіздікке ұшырады. Опасыздық кімнен келді? Сөмке арқалаған серіктен бе, жоқ әлде құпия өтуі тиіс болатын мәжіліске серік ертіп әкелген Зәки Уалиди тарапынан ба?


Досын жаманатқа қимайтын Мұстафа енді Зәкиден күдіктене бастады. Дегенмен, бәрі де кеш еді. Қан төгілуін қаламаған Махин қолға түсіп, жазаға тартылды. Каргин қаладан қашып кетті. Мұстафа Шоқай мен Вадим Чайкин де Орынбордан жасырын түрде қашып шығуға мәжбүр болды.Башқұртүкіметінің басшысы Зәки Уалиди бол-са Орынборда, атаман Дутовтың жанында әрі ешқандай жаза көрмей қала берді...


«Өмірімде        басымнан         өткен       қайғылы        оқиғалар        арасында қабырғама қатты батқаны осы Орынбор оқиғасы болды», — деген Мұстафа Шоқаймен еріксіз келісесіз. Өйткені, бұл оқиға Түркістанды қызылдардан азат етуге мүмкіндік беретін соңғы әрекеттің бірі еді. Ендігі жерде большевиктік билікке қарсы тұрарлық күш-қуат қалмады.Үміт үзілуге айналды.


Осы оқиғадан кейін, Мұстафа жанындағы серігі Вадим Чайкинмен бірге машақатты жол жүріп, 17 желтоқсан күні Орал қаласына келеді. Олар Оралда көп аялдамай,Маңғыстау өңіріне өтеді.Маңғыстауда То-банияз Әлжанов пен Отарбай Иманғазиевтің үйлерінде қонақ болады. Аз-кем ат шалдырып алғаннан кейін, көп кешікпей түрікмен даласы-на аттанып кетеді.


Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін әр мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысатын Мұстафа Шоқай Маңғыстау арқылы Түрікменстанға барады. Бұл кезде Түрікмен даласында Чаржой көпіріне дейінгі аймақ ағылшын әскерлерінің бақылауында бола-тын. Ағылшындар бұл жерге Иран арқылы келген еді. Ел астанасы Ашхабад қаласында ағылшындардың қолдауына сүйенген социал-демократтардан құралған үкімет билік басында тұрды. Үкімет деген аты болмаса, шын мәнінде ол ағылшындардың қолында қуыршақ еді. Өз еріктерімен шешім қабылдауға қауқарсыз үкіметтің тәуелсіз әскері де жоқ болатын. Соған қарамастан солшылдардан құралған үкімет мүшелері ұлттық мемлекеттерге аса жаулықпен қарайтын. Ашхабадтағы үкімет мүшелері әсіресе Османлы мемлекетімен жақын қарым-қатынас орнатқан Әзірбайжан ұлттық үкіметін барынша жек көреді екен. Бұл — әрине, ағылшындардың ықпалынан туған нәрсе еді.Оның үстіне,ағылшындарды ұнатпайтын жергілікті халық,соның ішінде әсіресе темір жол жұмысшылары үкіметке наразылығын білдіріп,ереуілге шығып жатты.Жұмысшылар арасында большевиктік партияға ықылас танытқандар да едәуір көп болатын.


Ашхабад шаһарына 1919 жылы ақпан айының басында келген Мұстафа Шоқай,мұнда «Түркістан Құрушы мәжілісін жинау комитеті» деген ұйым құрды.Ұйымның негізгі қызметі азаттық жолында күреске шыққан ұлттық топтарды Түркістанның тұтастығы мен тәуелсіздігі жолында біріктіру және осы мақсатта шет елдік күштерден, соның ішінде әсіресе ағылшындардан жәрдем алу болатын. Алайда, ағылшындар мен оның одақтастарының большевиктік Ресейге қарсы күресте түркістандықтарды емес, ақ гвардияшылдарды қолдайтыны белгілі болып қалды.Закаспий облысы бойынша ағылшын күштерінің бас қолбасшысы генерал Маллесонмен кездескен Мұстафа одан алдағы жоспарлары жайында сұраған еді. Генерал Маллесон ойланып жатпастан,түрікмен даласына уақытша келгендерін,мұнда түпкілікті қалуға ниеттері жоқ екенін және түбінде бұл аймақты патша генералы Деникинге табыстайтынын айтты.


Бұл ағылшындардың ғана ойы емес-тін. Бұл кезде Ресей-ге оңтүстіктен дендеп еніп келе жатқан одақтастардың бірлескен күштері түрікмен даласын тезірек Деникиннің армиясына та-быстауды жөн көретін еді. Олардың барлық ойы Ресейді тезірек аяқтандыру, алмандардың Түркістанға кіруіне жол бермеу, Орталық Азияда мұсылман-түрік мемлекетінің құрылуына мүмкіндік таны-мау және Османлы мемлекетін бөліске салу еді. Сондықтан, Мұстафа Ашхабадтағы үкіметтің ынтымақтастық туралы ұсынысын қабыл алған жоқ.


Ашхабадта жүріп одақтастармен байланыс орнатқан Мұстафа халқының шынайы еркіндігін халықаралық саяси сахнада әлемдік қауымдастыққа білдіру үшін күш салды. Бұл орайда ол 1919 жылы 21 ақпанда Түркістан Құрушы мәжілісін жинау комитеті атынан Париждегі Версаль келісім конференциясына жеделхат жолдады. Же-делхатта «Ресейде бүкіл ел болып мойындаған үкіметболмағандықтан, Түркістан     халықтарының     еркін     қалауын     Ресей демократиялық федеративтік республикасы шеңберінде қамтамасыз етуді» сұрады. Версалькелісімконференциясыныңтүпкімақсатындөпбасыптаныған Мұстафа Шоқай жіберген жеделхатта Түркістанның тәуелсіздігі ту-ралы сөз қозғаған жоқ. Өйткені, американ, ағылшын және француз өкілеттіктерімен кездесіп, олардың ойларын білген Мұстафа Шоқай одақтастардың Ресейді бөлшектеуге әсте разы болмайтынын түсінген еді.Сондықтан,олтым болмаса Ресейдіңдемократиялық федеративтік сипатта құрылып, Түркістанның мәдени тәуелсіздік алуына қол жеткізуді ойлаған болатын. Алайда, оның сұрауы Парижге жетпей жа-тып конференция өз жұмысын аяқтап қойды.


Мұстафа Шоқайды түрікмен даласына жетектеп барған себеп бір бұл емес еді. Ұлт-азаттық күрестің ұйытқысы сол ұлттың өзі болуы керектігін жіті сезінген Шоқай мұнда Бұхара әмірінің арнайы өкілімен келіссөзге келген. Бұл кездесуге үлкен үміт артпағанымен, Шоқайда соқыр сенім де жоқ емес еді. Үміт пен күдіктің құшағында болған ол әмірдің өкіліне бар мәселені жайып салды.Түркістанның бар тағдыры түркістандықтардың өз қолында екенін айтты. Бұхара әмірінің ұлт-азаттық күреске басшылық жасауы керектігін түсіндіруге тырысты. Уақытты оздырмай мұсылмандардың өзара қадымшыл-жәдитшіл болып қырқысқанын қойып, ортақ дұшпанға қарсы жұмыла күресуі керектігін ескертті. Мұның соңы қасиетті ғазауат соғысына айналып, Түркістанның тәуелсіздігі мен тұтастығына бастайтынын дәлелдеуге тырысты...


Алайда кездесу көңілсіз аяқталды. Шоқайды селсоқ тыңдаған өкілге кінә артуға болмас. Көш ілгерідегі тұрмақ, көзінің алдындағы шындықты көре алмайтын әмір өзінен өткен ақылды адамды өкіл қояды ма? Оның үстіне өмір бойы патшаға сеніп, «патша әскерінің генералы» деген атаққа мәз болып келген Бұхара әмірі бұл кезде ұлт-азаттық күрестің көсемдерін «жаңашылдар, жәдитшіл кәпірлер» деп, қойша қырып жатқан болатын.Халқының қамы емес,жеке отбасының алдамшы бағы мен астындағы алтын тағының тағдыры толғандырған әмір ұлт-азаттық күреске жетекшілік жасауды тіпті де ойлаған емес. Ол үшін Ресейдегі биліктің ауысуынан немесе отаршылдық қамытынан құтылудан көрі өз ішіндегі «басбұзарларды» жөнге келтіру әлдеқайда маңызды еді. Оның үстіне, халықтың күшіне сенбейтін Бұхара әмірі әлі де болса патша әскерінің қолдауына сүйенуді ойлай-тын. Сондықтан, әмірдің арнайы өкілі Шоқайға Солтүстік Кавказдағы Деникин,Қырымдағы Врангельсияқты патша әскерлерімен байланы-сып, олардың қол астында әрекет етуді артық санайтынын жеткізді.


Жағдайды түсінген Мұстафа бұл жерден тез кету керек деп шешті. Әмірдің адамдары керітартпа қадымшыларға хабар жіберіп, Маңғыстауда жүргенін хабарлайтын болса, өзінің өміріне қауіп төнерін ол Ферғанада алған тәжірибесінен жақсы білетін еді.Жәдитшіл қазақты большевиктен айырып қарамайтын қадымшылдардың оны бұл жолы тірі жіберуі екіталай болатын.


Мұндай жағдайда не істеу қажет? Түркістан ұлттық орталығымен байланыс орнатқан Шоқайдың ұсынысы қолдау тапты. Шоқайдың шетелге кету туралы Екатеринбург шаһарында қабылдаған шешімі мақұлданды. Мұнда әуелі Кавказда құрылған ұлттық мемлекеттердің бірінде жұмыс жүргізу қажеттігі, егер оған мүмкіншілік болма-са, Еуропаға кету туралы айтылды. Мақсат айқындалды. Енді уақыт оздырмай жолға шығу керек. Осылайша, сипат-тұрпаты мен мүдде-мұраты ұлттық тұрғыда болмай толық тәуелсіздіктің келмейтінін, келсе де нық орнықпайтынын көңілге түйіп, отаршылдармен жаңаша күресу керектігін жіті түсінген Мұстафа Шоқай «Түркістан ұлттық орталығының» тапсырмасы бойынша шетелге бет алды.


Ол есебінде жаңылған жоқ еді. Расында, Ұлттық орталықтың шешімімен Мұстафамен кездесіп, содан кейін Версаль конференци-ясына бірге бару үшін жолға шыққан жәдитшілдердің көсемі мүфти Махмұт қожа Бехбуди 1919 жылы 26 наурыз күні Бұхара әмірінің ескішіл     адамдары тарапынан     айуандықпен     азаптап     өлтірілді. Ал бұл кезде Мұстафа жанындағы серігі Вадим Чайкинмен бірге Красноводскіден кемеге отырып, теңіз асып кеткен болатын. Бет алған бағыт— Баку шаһары еді.





Пікір жазу