09.05.2023
  130


Автор: Дархан Қыдырәлі

МӘҢГІЛІККЕ СЕРТТЕСУ

Наурыз айы болатын. Күйеуімен ажырасқан Мария Яковлевна Ташкенттен тез арада кетіп қалу үшін халықаралық вагонға


билет алып қойған. Енді Орынборға жету үшін ресми орындардан рұқсат алса, болғаны. Жол жабдығын қарастыра бастаған Марияның жанына бәрінен бұрын үстіне киетін киімінің жоқ екені қатты батты. Екі ай бұрын,қыс уақытында үйінен кеткенде,ештеңе алмай,үстіндегі киімімен ғана шығып жүре берген еді. Ал қыстық киіммен жолға шығуға болмайды. Жаздық киім алуға жағдай көтермейді. Бұрынғы үйіне баруға да намыс жібермейді. Енді не істеу керек? Мария ойла-на келе, тастап кеткен жаздық киімдері мен керекті өзге де заттарын алмақ болды. Бірақ, үйге күйеуі жоқ кезде баруы керек еді. Осын-дай байламға келген Мария күйеуіне телефон соғып, үйге заттарын алуға баратын айтып, бірақ өзімен жүздескесі, кездескісі келмейтінін ескертіп, сол кезде оның үйде болмауын өтінді. Карта құмар күйеуіне бәрібір болатын. Ол келісті.


Құрбысы Марусия бірге баруға келіспегеннен кейін, оған ренжіп, үйге жалғыз баруға шешкен Мария, бір кешқұрым сәтте Петро-град даңғылының бойындағы генерал Еникеевтің үйіне орналасқан бұрынғы пәтеріне келді. Ол бақша жақтан кіріп, верандаға шықты. Бақша мүлгіген тыныштыққа оранған. Үйде ешкім болмауға тиіс. Келісім солай. Мария бұрын өзіне тиесілі болған асхананың үлкен терезесінен үңілгені сол-ақ екен, перденің арт жағынан көлбеңдеген екі бейнені көзі шалып қалды. Әуелгіде бұдан секем алып, қорқып қалғанымен, өз-өзіне келіп, ақырын басып барып, есікті қақты. Есік ашыла қойған жоқ, ал үйдегі болмашы жалп етіп сөніп қалды. Сәл кешігіп барып, іштен еркектің дауысы «Бұл кім?» деп сұрады. Мария жөнін айтып, жауап берді. Есік ашылып, іштен ескі шаһарлық өзбек шықты. Мария таңданыс білдіріп, оның бұл үйде не істеп жүргенін сұрады. Өзбек жауап беріп үлгермеді, ішкі бөлмеден таныс бір кісі шыға келді де, ерекше қуанышты дауыспен: «Мария Яковлевна, сізді көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Он күннен бері сізді іздеп жүрмін. Мекен-жайыңызды ешкім білмейді» деді. Мария дауыс иесін бірден тани кетті: «Құдай-ау, мынау Мұстафа ғой»! Күтпеген кезде-су Марияның төбесінен жай отын түсіргендей әсер қалдырды. Иә, иә, қарсы алдында тұрған 1916 жылы генерал Еникеевтің үйінде танысып, ұғысқан Мұстафаның дәл өзі. Қалай ұмытсын? Сымбатты, астанада білім алған, аса мәдениетті, білімі мен парасаты келіскен Мұстафаны кейде ойлап та қоятын. Оның Қоқанда құрылған үкіметке басшы болғанын, артынан большевиктер тарапынан өлтірілгенін естіген бо-латын.Ол сөздің жалған екенін,Мұстафаның басқа емес,өзінің үйінде және өзін іздеп жүргенін естіп-білгенде Мария ерекше күй кешті. Ол құлағы мен көзіне сенер-сенбесін білмей дал болды.Мұстафаның түрі мен киімінде аздап өзгеріс болғанымен, даусы сол қалпы: саңқылдап тұр. Қуаныштан есі кеткен Мария аузына сөз түспей: «Мен сізге не үшін керек болдым? Сіз бұл жерде не істеп жүрсіз?» деп сұрай берді. Әбден сасқалақтап, не үшін келгенін де ұмытып қалған Марияның абыржулы түрін көрген Мұстафа, оны тыныштандыру үшін ақырын дауыспен: «Қазір сөйлесетін уақытемес.Мен жасырынып жүрмін.Тек түн ортасында, таза ауамен тыныстау үшін ғана сыртқа шығамын. Ал мынау менің қорғаушым болады, өзі өзбек, орысша білмейді» — деп, жанындағы серігін таныстырды.


Мұстафаның өзімен кездесіп, еркін сөйлескісі келгенін аңғарған Мария оған өзінің мекен-жайын берді.Мұстафа өзінің тек түнгі екілер шамасында ғана келе алатынын айтты.


Түн жамылып Белодедовтардың үйіне келген кезде Мария бір қазақтың үстіндегі күйік жарасын емдеп отырған еді. Мойны мен жамбасының арасын түгелдей күйдіріп алған бейшараның жарасы құрттай бастаған екен. Соны жиіркенбей тазалап отырған Марияның ісіне Мұстафа таң қалды. Өзінің адамгершілік борышын өтеп отырғанын айтқан Мария, Мұстафаны құрбысы Марусиямен танысты-рып, содан кейін жөн сұрады. Мұстафа басынан кешкен жайттарды қысқаша баяндап берді. Сөз арасында ол жасырынып жатқанын, бір пәтерде ұзақ аялдауға болмайтынын,сондықтан паналайтын жаңа жер іздеп жүргенін жеткізді.Жергілікті халықтың арасында жасырын жүру қиын,өйткені танып қойған жатпиғылды біреу айтып қоюы ықтимал. Бәрі де түсінікті болды. Мұстафаны еуропаша киіндіріп, Ташкенттен алып шығу керек екен.Мария Мұстафаға жәрдем беретінін айтты. Ма-русия да оған көмектесетін болып келісті.Сөйтіп олар Мұстафаға әуелі бір әскери киім тауып берді. Аяқ астынан әскери болып шыға келген Мұстафа адам танымастай өзгеріп сала берді.Уақытша тұратын орын да табыла кетті. Майданда жүрген таныс адвокаттың үйі бос бола-тын. Ол үй Ташкенттің шет жағында, оңашалау ауданда орналасқан еді. Үлкен бақшасы бар, бөлмелері кең, оның үстіне келім-кетімі аз, сондықтан жасырынуға өте ыңғайлы жер болатын. Мария Мұстафаны түн ішінде сонда апарды. Адвокатың әйелі Екатерина Ивановна Марияға сенетін еді, сондықтан ол Мұстфа туралы ештеңе сұраған да жоқ. Осылайша сенімді жерге орналасқан Мұстафаға Мария жиі барып тұрды. Ол Мұстафаның сұраған заттарын әкеліп беріп тұрды. Қажет кезінде керекті кісілермен байланыс орнатуына да қолқабыс жасады. Марияның көмегі арқасында Мұстафа ештеңеден тарыққан жоқ. Мария арқылы хабарласып, «Свободный Туркестан», «Новый Туркестан» және «Ұлығ Түркістан» сияқты басылымдарға бүркеншік аттармен саяси мақалалар жариялаған Мұстафа Шоқай тіпті қашып, жасырынып жүргенін де ұмытып кеткендей еді. Сонда да болса уақыт оздырмай Ташкенттен кету керек болатын.


Марияның қолында Мәскеуге бір билет және Ташкенттен кету ту-ралы рұқсатқағаз бар еді.Марияның қолындағы құжатбар болғаны бір ғана кісіні Ташкенттен алып шыға алатын. Ал Мұстафаның қолында ештеңе жоқ болатын. Тіпті жасырынып жүрген оның жолға шығуы да қауіпті еді. Өйткені, Ташкенттен шыққан күннің өзінде, Орынбор мен Самара арасында қанды соғыс жүріп жатқандықтан, қызылдар жағы пойыздарды үнемі тексеріп тұратын. Қолдарына түссе, олардың Мұстафаны аямасы анық...


Қалай болғанда Ташкенттен бірге кетуді ойластырған Мұстафа мен Мария үйленбекші болып шешті. Мұсылмандық тәрбие алған Мұстафа некеге тұрмай, жесір әйелмен бірге ұзақ жолға шығуды жөн санамады. Олардың еркін кездесіп тұру үшін де ақ неке керек болатын. Мұстафаның бұл ұсынысына Мария да келісті. Осылайша сәуір айының он сегізі күні көнелеу күймеге отырып Ташкенттің ескі шаһар бөлігіне барған Мұстафа мен Мария жергілікті екі өзбектің куәлік етуімен, имамның құзырында некелерін қидырды. Неке туралы қысқаша уағыз айтып, артынан дұға оқып, екі жастың келісімін сұраған имам, куәлік етушілердің қостауымен неке қиып, оларға мәңгілік бірге болудың кілтін ұсынды. Отау тігіп, шаңырақ көтерген қос жүрек үндесіп, бұдан былай айрылмасқа анттасып, қол ұстасты. Мұстафаның тегін адам емес екенін білген Мария,ендігі өмірін Түркістанның ұлы тұлғасына қызмет етуге арнауға іштей серт берді.


Мария сертіне берік болып шықты. Ол Мұстафаға адал жар бола білді. Кейін қиын-қыстау күндері жападан жалғыз қалып, қақаған қыстың ортасында ұлы сахараны кесіп өткенде де ол сертінде тұра білді. Әйгілі декабристердің әйелдері сияқты ерін іздеп, жердің қиырына барды. Оның табандылығына жергілікті халық та, құрбы-құрдастары да, жолда танысып, жөн сілтеген адамдар да өз таңданыстарын білдіріп жатты. Күйеуінің мемлекет басқарған қазақ екенін естіген қазақ ауылдары оны «ханша жеңгей» деп құрметтеп, шығарып салып жатты. Шынында да Мария Мұстафадай ханға лайық ханша жеңгей бола білді. Оның әр ісіне қол үшін беріп, қысылған сәтте демеп, ақылына ақыл қосты. Қол ұстасып Еуропаға бірге бар-ды. Эмиграцияда жүргенде Мұстафаның ең жақын серігі болды. Ол сүйікті Мұстафасынан көз жазып қалғанда да сертінен тайған жоқ. Мұстафаның мұраларына адал болып, оның келешекке, тәуелсіз Түркістанның жеткіншектеріне түгелдей аман-есен жетуіне жағдай жасады. Содан кейін Алладан пәрмен жетіп, ажал уақыты келген кез-де, уақытша көз жазып қалған Мұстафасына қауышу үшін мәңгілікке сапар шегіп кете барды.


 


 





Пікір жазу