09.05.2023
  149


Автор: Дархан Қыдырәлі

ПЕТЕРБОРДА

Гимназияны алтын медальге бітіріп, жоғары оқу орнының құқық факультетіне құжаттапсыру үшін Түркістан өлкелік оқу-


ағарту бас инспекциясының келісімін алған Мұстафа 1910 жылы 21 маусым күні императорлық Петербор университетінің ректоры аты-на өтініш жазды. Оның өтініші оқу орнында сол жылы 30 маусымда қаралып, 6 шілде күні оқуға қабылданғаны туралы шешім шықты. Петербордан осы ақжолтай хабарды жеткізген ашық хат алған күні Мұстафаның қуанышында шек болған жоқ.


Дала қазағына арман болған, «ақ патша» отырған империяның астанасына оны бүкіл ауыл болып шығарып салды. Әншейінде қонақ арылмайтын үйінде үлкен дастархан жайылып, жан-жақтан келген сыйлы кісілер бұған бата берді. Мұстафа туған жер топырағынан жүрегі лүпілдеп, астанаға асыға аттанды.


Кезінде Шоқан Уәлиханов қызмет жасаған үлкен шаһарда ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Мұхаметжан Тынышбаев,Жақып Ақпаев,Бақыткерей Құлманов,Сан-жар Асфендияров, Жаханша Досмұхамбетов, Халел Досмұхамбетов, Райымжан Марсеков сынды қазақтың серкелері түрлі салада білім алып, саясат сахнасында шеберлік шыңдап жатқан еді. Ағаларының соңына құлдыраңдап ерген Мұстафа аз уақыттың ішінде көшке ілесіп, қатарға қосылды.


Петербордағы әр түрлі орта жас Мұстафаның қай мәселеде болма-сын өсіп-жетілуіне, ысылып,төселуіне өте үлкен ықпал етті. Империя астанасында оқуына үлгере жүріп,ғылыммен және саяси мәселелермен шындап айналысуға бетқойды.Гимназияда оқып жүрген жылдары-ақ түркология және тарих ғылымдарына қызығушылығы оянған ол Пе-терборда саланың майталман мамандарымен кездесіп,таныса баста-ды. Мұстафаның алғаш танысқан ғалымы — профессор Самойлович еді. Диваевтың бағыттауымен профессорға барып жолыққан қағілез қарасұр жігіт Түркістанның ірі білгірін тез баурап алды. Ол кейінірек Самойловичтің сұрауы бойынша фольклор үлгілерін жинауға да атса-лысты. Мұстафадан «Базардан алдым боқжама: мен боқжама алмай, кім боқжама алады?» деген жаңылтпашты жазып алған Самойлович, мұны алғаш естігенде түсінбей қалып, кейін ішек-сілесі қата күлген еді.Содан кейін арадағы байланыс күннен-күнге арта берді.Түркістан халқының ауыз әдебиет үлгілерін жинап жүрген ғалым бірде одан бәдік сөз туралы мысал сұрады. Мұстафа ойланып жатпастан өз ауы-лында «бекер би» аталып кеткен Дүрімбет Қазыбекұлының бір үйді бүргеден тазарту үшін жалма-жан жанынан шығарған:


Бүрге бүргеден батыр, Бүрге көрпеде жатыр. Көрпені суға матыр, Сүйтіп сілесін қатыр.


Куф, шық!» — деген өлең жолдарын айтып берді. Өлең жолдарын жазып алып, «Живая старина» жинағында жариялаған Самойло-вич арада көп уақыт өтпей Мұстафаны әйгілі шығыстанушы-ғалым, түрколог Вильгельм Радловпен таныстырды.


Жас жігіттің бойындағы қабілетті байқаған Радлов Мұстафаға заң факультетін тастап, Петербор университетінің шығыс тілдері факультетіне ауысуына бірнеше рет ұсыныс жасайды. Жас досын көндірмек ниеттен туса керек,тіпті ол Мұстафаға өзінің академиялық сөздігін де сыйға тартты. Алайда Радловтың үміті ақталмады. Мұстафа жас кезінен бастап өмірлік мұрат ретінде таңдаған заң са-ласын шығыстану ғылымына ауыстырған жоқ. Ол жақыннан таныған сайын әйгілі ғалымнан да іргесін аулақ сала бастады.


Мұстафа алмандардан басқа ұлттарға шынайы жаны ашы-майтын, күштінің әлсізді билеп-төстеуін заңдылық деп білетін Радловтың бойынан ориенталист ғалымның бейнесін көрген еді. Кейін бір мақаласында ориенталист-ғалым туралы «биолог-ғалым көбелектерді зор ынтамен жинап, коллекция дайындағаны сияқты, Радлов та бізді дәл сондай зерттеу объектісі ретінде ғана көрер еді. Оның түрік халықтарына деген сүйіспеншілігінің бар-жоғы осы ғана болатын»,—деп жазған Шоқай әділін айтып отыр. Расында, шығысты экзотикалық көрініс, фольклор мен этнография мұражайы ретінде ғана көргісі келетін ориенталистерге бұдан артық баға беру мүмкін емес. Тіпті «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деп тамсанатын әйдік ғалымның өзі шығыстың тірі әрі ірі болуы-на, өзіндік мәдениет пен өркениет жолын одан әрі жалғастыруына мүлдем мүдделі емес еді. Империяның отаршылдық пиғылына қызмет жасайтын ориенталист «заманның ыңғайына бейімделе алмаған шығыстың надан адамы өз жолын, даму бағытын таңдап алуға қабілетсіз. Сондықтан, олар тек батыстық құндылықтарды қалтқысыз қабылдағанда ғана көгермек» деп ойлайды.


Шығыстанушы-ғалымдармен белгілі арақатынас сақтап араласқан Мұстафа бар ықылас-зейінін заң саласын жетік меңгеруге арнады. Ол көп ұзамай факультеттің алдыңғы қатарлы, озық студенттерінің қатарына енді. Заң факультетінде императорлық дәрежесі бар жоғары оқу орнының алдыңғы қатарлы профессорлары дәріс оқитын. Мұстафа мұнда Рим құқығының тарихы, Рим құқығының догма-лары, Орыс құқығының тарихы, Халықаралық құқық, Азаматтық құқық, Сауда құқығы, Саяси экономика, Статистика, Философия та-рихы сияқты пәндерді оқыды. Бұларға Халықаралық құқықтан про-фессор Ф.Ф. Мартенс, Азаматтық құқықтан профессор, ректор А.Х. Голь, Азаматтық құқықтан профессор, бұрынғы ректор В.И. Сергее-вич дәріс оқитын. Ойын-сауықтан, уақытын босқа өткізуден бойын аулақ ұстайтын Мұстафа сабақты мұқияттыңдайтын.Қыр баласының алғырлығы мен оқуға деген ынтызарлығы факультет профессор-лары мен студенттерін таң қалдыратын. Мұстафаның біліктілігін теріс пайдаланғысы келетін кейбір жолдастары одан сынақ кезінде көмектесуін, тіпті орнына сынақ тапсырып беруін қиылып өтінетін. Ақкөңіл, досқа адал Мұстафа олардың өтінішін жерге тастай алмай-тын. Ал Мұстафаның білімі мен парасатына иек артатын профессор-лар Мұстафаның сөзіне, оның өтірік айтпайтынына сенетін. Бірде профессор Петрожицкий мұны байқап қалып:


Сіз сынақты тапсырған жоқ па едіңіз? —деп сұрады.


Қапелімде не айтарын білмей қалған бұл тез бойын жиып ала қойып, қайта тапсыруға келгенін айтты. Осылайша амалсыз жалған сөйлеуге мәжбүр еткен оқиғадан соң, ол екінші рет мұндай жағдайда қалмауға бекінді.


Көп ұзамай Мұстафаның аты қазаққа белгілі бола бастады. 1912 жылы «Айқап» жорналының 13-санында Мұстафа туралы: «Осы күнде Петербург университетінде Перовский уезінің Гродековский болысының Шашты Қыпшақ руынан Мұстафа Шоқаев деген жігіт оқып жатыр. Бұл жігіт Перовский уезінде жоғары жерден оқыған бірінші қазақ болса ке-рек» деп жазылды.


Мұстафа саяси тұрғыдан ағартушы-публицист Мұхаметжан Сера-лин басшылығындағы «Айқап» басылымын емес,Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов және Ахмет Байтұрсынов басшылығындағы «Қазақ» газетінің бағытын таңдап алды. Мұстафаның «Қазақ» газетінің бағытын таңдап алуына Әлихан Бөкейхановтың ықпалы зор болды.Сондықтан «Қазақ» газетінің жарық көруін ерекше қуанышпен қарсы алған Мұстафа Шоқай, Петербордағы бір топ қазақ жастары-мен бірге хат жазып, редакция алқасына жолдады. Көп кешікпей га-зет бетінде жарияланған ашық хатта былай деп жазылған еді: «Біздің жұртқа газеттің артықша мұқтаждығы күмәннан тысқары екендігі кімге болса да анық белгілі.Соның үшін Оренбургта «Қазақ» атты газет шықпақшы болды деген хабар құлағымызға тиіп, біз, Петербургтағы қазақтар қуанышымыз қойнымызға сыймай, осы хат арқылы өзіміздің, жұртымыздың әдеті бойынша «Қазақтың» қадамы қайырлы,бауы берік, өмір жасы ұзақ болып мақсұтқа жетпегіне тілектестігімізді білдіреміз. Біздің қазақ халқы ғылым, өнері аз болғанын дүниенің хайласына келген-де басқа,өзінен өнері артық халықтан күші кем болып,олардай тіршілік амалын істей алмай, олардың айтқанын істеп, айдағанына жүретұғын қаратабан құлы сияқты болып жүр. ...Біз Петербургте тұрған алты-жеті қазақ баласы әрқайсымыз әр жақтан, әр рудан екенбіз. Бірақ түп қанымыз бір болғасын ойымыз да, мақсатымыз да бір болып, біреуіміздің қуаныш, қайғымыз бәріміздікіндей көрініп, қолдарымыз азырақ жұмыстан босағандай болса, көрісіп, сөйлеспесек көңіліміз ор-нына қонбайды. Қазақ халқы алтау, жетеу ғана емес, алты, жеті мил-лион деп айтылады. Мұндай көп жұрт көзбен көрісіп, ауыз-ауыз сөйлесе алмайды. Бірақ жаңа туған «Қазақты» бір жағадан бас шығарып, бір ауыздан сөз шығарып, жас та болса бастай көріп, халық ортасына «қарақшы» қылып,әркім шын көңілмен батасын беріп,хәлінше не көмегі де болса тигізіп тұрса — біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да «Қазақтың» жәрдемі аз жетпес еді деп ойлаймыз...».


Мұстафаның студенттік өмірі қым-қуыт қарекет үстінде өтті. Сондықтан университеттен алған азын-аулақ стипендия әруақытта қажетіне жете қоймайтын. Ауылдан жәрдем сұрамайтын Мұстафа, сондай қаражаттан қысылған кезде «Петерборда оқып жатқан түркістандық студенттерге жәрдем беру қоғамы» немесе қысқаша «Туркестанская землячества» деп аталатын Түркістан студенттері жерлестігінен көмек сұрайтын. Негізін Түркістаннан барған студент-тер, жәдитшілдер мен ауқатты кісілер қалаған бұл қоғам келешегінен көп үміт күттіретін жас жігітке қол ұшын беріп, көмектесіп тұратын. Мұстафа да осында келіп әуелі мүшелікке қабылданды, артынша қоғамның хатшысы болып сайланды. Оның жағдайын жақсы білетін жерлестік қаржылай көмек беріп отырды.


Мұстафа сырттан көмек алып, қаражатты қанша үнемдеп ұстағанымен, елден келген кісілерді алып жүруге едәуір қаражат жұмсайтын.Сондықтан оған бірнеше ретпәтер ауыстыруға тура келді. Әуелі Церковная көшесінің бойындағы 4-үйдегі 42-пәтерде тұрған ол кейінірек Провиантская көшесіндегі 10-үйдің 25-пәтеріне көшті.


Заң саласында білім алып, мемлекеттік қызмет пен саясат тура-лы ой-танымы толысып келе жатқан Мұстафа, саяси қозғалыстарға да араласа бастады. Оның үстіне, Петербордағы сол кездегі сая-си жағдайдың өзі студенттерді осыған итермелейтін. Әсіресе, 1912 жылы бұрқ ете қалған Осман мемлекеті мен Болгария, Гре-кия және Сербия арасындағы Балқан соғысы Петербордағы сту-денттер арасындағы толқуларды тіпті қыздырып жіберді. Ресей шовинистерінің осман түріктеріне қарсы жасаған митингілері, олардың «Аясофия мешітінің үстіне шармық (крест) асу» туралы көтерген ұрандары Петерборда жоғары оқу орындарында оқып жатқан түрік-мұсылман жастарының ашу-ызасын тудырды. Осыған байланыстыполицияныңқатаңбақылауындаболғанынақарамастан, Мұстафа мен достары түрлі ереуілдерге қатысып, үкіметке қарсы де-монстрациялар ұйымдастыратын. Кейде орыс жолдастарымен, енді бірде поляк жастарымен бірге қимылдайтын олар бәрібір бір айқын мүдденің жетіспей тұрғанын айтып, келе-келе бөлініп, жеке жинала бастады.


Мұстафа бірде Петерборда тұрып жатқан ақмешіттік адвокат Серәлі Лапинге өтініш айтып барды. Лапин ауылдас інісінің өтінішін жерге тастаған жоқ, студент жастарға үйінің есігін ашты. Осылай-ша, кездесіп мәжіліс құратын үй де табылды. Алғашқы басқосуда татарлардан Ілияс Алкин, Нежип Құрбаналиев, Сұлтанбек Мәмлиев, азербайжандықтардан Мирякуб Мехдиев, Шейхислам-заде сияқты студенттер болды. Мәжіліске түркістандықтар атынан Мұстафа мен түрікмен Какажан Бердиев қатысты. Қатарынан бірнеше рет өткізілген басқосулардың күн тәртібі бір ғана тармақтан тұратын: Егер Балқан соғысына Ресей араласатын болса, мұсылман-түрік студенттерінің бағыты, ұстанымы қандай болмақ? Олар, міне, осы тақырып төңірегінде пікір алысатын. Әңгіме ұзаққа созылып, қызу талқылаулар түн ауғанша жалғасатын. Мәжіліске жиналғандардың әрқайсысы өз пікірін айтып, соны дәлелдеуге тырысып бағатын. Әсіресе қызба, қызуқанды кавказдықтар қолдарын сермеп, даурығып сөйлеп, мұндай жағдайда төзіп отыруға болмайтынын айтып, айқайлап кететін. Татар Ілияс Алкин де олардан қалыса қоймайтын. Сондай жағдайда Мұстафа ақырын сөз бастап,әңгімені иіп әкеп,олар-ды сабырға шақыратын. Олардың мәжілістері осылай бірнеше күнге созылды. Соңында бәрі бір бәтуаға келіп, ортақ қаулы шығарды. Ол қаулы бойынша түрік студенттер өздері оқып жатқан оқу орындарын-да үкіметке қарсы митингілерге белсене қатысуға, славяндар пайда-сына жәрдем жинап жүрген ұйымдарға тосқауыл қою шараларын ұйымдастыруға және түріктерге көмектесу мақсатымен астыртын қаржы жинауға көмектесуге тиіс деп атап көрсетілді. Сонымен қатар, қаулыда Ресей түріктерге қарсы соғысқа кіре қалған күнде темір жол-дарын, телеграфтарды, көпірлерді бұзу мақсатында Кавказ шебіне бару керек деп айқын жазылды. Тіпті жиын аяғында темір жолдар мен телеграфтарды бұзуға қатысатын студенттердің тізімі де тіркелді. Жиынға қатысқандар арасында тап сол арада майдан даласына атта-нып кетерлік сыңай танытқандар да бар еді.Жаратылысынан соғысқа қарсы,қандай жағдайда болмасын мәселенің бейбітжолмен шешілуін жақтайтын Мұстафа да достарының арасында Османлы елінің тілеуін тілеп,қажет болған жағдайда ол үшін басын бәйгеге тігуге даяр тұрды. Көп ұзамай Мұстафа еліне барып қайтты. Онда әртүрлі кездесу-


лер өткізіп, достарына өздері қабылдаған шешімдер туралы айтты. Әңгімелері әсерлі болса керек, Петерборға қайтып келгеннен кейін ол артынша Өтеген Садықұлы деген досынан телеграмма алды. Онда досы өзінің Петерборға келмек екенін жазған екен. Келетін күні Мұстафа вокзалға барып, досын күтіп алып, үйіне әкелді. Өтеген оған жолай келгендегі мақсатын айтып берді.«Аздаған алтын ақша әкелдім. Түрік елшісіне өз қолыммен табыс етуім керек», — деді ол аптығын ба-сып алмай жатып.


Ол кезде Османлы елінің Петербордағы елшісі Турхан паша бо-латын. Тура тартып барса — көзге түсіп қалуы мүмкін. Сақтық жа-самаса, болмайды. Садыққа осыны түсіндірген Мұстафа біраз күту керектігін ескертті. Арада екі күн өткеннен кейін, кешке қарай, жұрт аяғы саябырсыған кезде Мұстафа жанына Садық досын ертіп, түрік елшілігін бетке алды. Оларды Турхан паша оңаша қабылдап, айтқан сөздерін мұқияттыңдады.Садық оған түрік жаралыларын емдеу үшін шалғайдағы түркістандық қандастарынан азын-аулақ алтын ақша әкелгенін айтқанда, елші шыдай алмай жылап жіберді. Ол өзін-өзі ұстай алмай,әсерленіп,көңілі босап,ұзақ жылады.Оны көріп Мұстафа мен Садық қосыла жылады. Арада ұзақ үнсіздік орнады. Әңгіме ба-рысында белгілі болғандай, Турхан паша қазақтар жайында ештеңе білмейтін болып шықты. Оның әсіресе «сіздер мұсылмансыздар ма, әлде христиансыздар ма?» деген сауалы Садықты ойландырып тастады. Содан кейін Мұстафа елшіге Түркістан жайлы және оны мекендейтін түрік халықтары туралы баяндап берді.


Мұстафа Ресей астанасында оқып жатқан чех, поляк, фин жаста-рымен тығыз байланыста болды. Ол Әлихан Бөкейханов, Алимардан Топчыбашев, Садри Мақсуди, Сәлімгерей Жантөрин сияқты түрік халықтарының қайраткерлері ұйымдастыратын саяси сұхбаттардан қалмауға тырысатын. Орыс демократтарымен де пікір алысып, ой жарыстыратын. Оған Ташкенттен бері танитын Александр Ке-ренскиймен әңгімелескен ұнайтын. Рухани ағасы Әлихан мен мектептесі Александрдің себеп болуымен бірнеше Мемлекеттік дума мүшелерімен танысқан Мұстафа көп кешікпей орыс ақсүйектерінің де назарына іліге бастады. Нағашы жұрты арқылы хан ордасына жақын болғандықтан, ол елден келген қонақтарға аудармашы болып, пат-ша сарайына да бірнеше рет бас сұғып шықты. Патша төңірегіндегі ақсүйектер де жас жігіттің білімі мен біліктілігін байқап, оны көбіне-көп Шоқанға теңеп жататын.


Саясат сахнасында тәжірибе жинақтап, ысыла бастаған ол заң факультетінің төртінші курсына көшкен жылы І дүниежүзілік соғыс басталды. Жалпақ жаһанды қамтыған бұл соғыс көкірек көзі ашық түркістандықтардың көңілінде азаттықтың үміт отын жаққанымен, алаңдаушылық та туғызбай қоймады.Алапатсоғыс Түркістанда ұлттық сана-сезімнің оянып, қанат жаюына түрткі болды. Ұлт зиялылары соғыста патша өкіметі жеңіліс тапса, империя ыдырап, Түркістанның тәуелсіздік алуына жол ашылар еді деп те ойлады.Дегенмен,соғыстың тым ұзаққа созылып кетуі, оған Түркия мемлекетінің араласуы және майдан даласында жеңіліп жатқан патшалық Ресейдің соғысты сыл-тау етіп түркістандықтарға ауыр салықтарын салып, қанаушылықты арттыра түсуі ұлт зиялыларын едәуір алаңдатты.Ауыр езгіден арқасы жауыр болған ұлы далада кез-келген сәтте өрт шығып, ол лап етіп алауға айналуға дайын тұрды.


Солай болды да. Шұрайлы, құнарлы жерлері тоналған, өзі қорлық көріп, қаптап келген қарашекпенділердің қанауына түскен халықтың осы уақытқа дейін іштей тынып келген ашу-ызасы за-пыран болып ақтарылып, шемен боп қатқан кегі атылып сыртқа шықты. Көтерілістің бұрқ етіп басталып, бірте-бірте ұлғая түсуіне патшаның 1916 жылы 25 маусым күні Түркістанның және ішінара Сібірдің «бұратана халықтарының» 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын майданның тыл жұмыстарына «реквизициялау тура-лы» жарлығы тікелей себеп болды. Халықтың ашу-ызасын туғызған, әсіресе,патшаның өздеріне сенбей,қолдарына қару ұстатпай,соғысқа қара жұмысшы ретінде алуға пәрман шығаруы еді.


Шілде айының орта тұсында бүкіл Түркістанда аса ауыр жағдай қалыптасты. Бір жағынан «қара жұмысшы етіп майданға баламды жібермеймін»деп халық көтерілсе,екінші жағынан «берсең —қолыңнан, бермесең — жолыңнан аламын» деп, үкімет орындары күш көрсетуге дайындалып жатты. Тіпті Торғай облысының вице-губернаторы: «Бірде-бір қырғыз тірі қалмаса да, патша бұйрығы орындалады», —деп халыққа сес көрсете сөйледі.


Көтерілістің          алғашқы        ошағы       Жетісу       жерінде        басталды. Шілде-тамыз айларында патша жарлығына қарсы шыққан аза-маттар қолдарына найза, сүңгі, қылыш, шоқпарлар алып, шиті аңшы мылтықтарымен қаруланған сарбаздар топталып, жасақтар ұйымдастырды. Мұны байқаған ресми орындар 17 шілде күні Түркістан өлкесінде соғыс жағдайын жариялады.


Шілде айында тұтанған көтеріліс оты тамыз айында өрши түсіп,көп ұзамай бүкіл Түркістан өлкесін шарпыды. Жетісу өлкесінде басталған көтерілісті басуға патша үкіметі 8750 штыктан тұратын 95 рота, 3900 қылыштан тұратын 24 жүздік, 16 зеңбірек пен 47 пулемет жіберді. Жын ұрған адамдай құтырған олар қарапайым халықты қынадай қырды. Ауылдарды қиратып, үйлерді өртеп, мыңдаған жазықсыз адамды өлтірді. Шошынып, үдере көшкен ел сеңдей соғылысып, ауа кетті. Жетісу облысының жергілікті халқының шамамен төрттен бір бөлігі, дәлірек айтқанда үш жүз мыңға тарта адам Шығыс Түркістан жеріне табан тіреді.


«Қазақ» газетіне Міржақып Дулатұлы «Жұрт сеңдей соғылды. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. Әне келеді, міне жетеді деп өлім жазасына бұйырылып, үкімнің орындалуын күткен тұтқындай бо-лып жүрді», деп жазғандай, ұлы дүрбелең басталды. Алаштың серкесі Әлихан Бөкейханов бұл күндерді былайша суреттеді: «Түстігінде Хантәңірден Арқада Тобылға дейін, батыста Астраханнан шығыста Алтайға дейін үйінен өрт шыққандай алаштың ұлы қозғалды. Ерлері ұйқы да жоқ, дамыл да көрмей қала барып, дала барып тоқым кеппей жортады...».


Алаштың ұлы қозғалды. «Қара жұмысшы болып, майданның өтінде текке өлгенше, жастығымды ала жығылайын» деп, арғымақтың құйрығын шарт түйіп, білектерін сыбанып, жігіттер атқа қонды. Ке-несары хан тұсынан қалған көнерген шоқпарларын белдеріне бай-лап, «иә, аруақ, қолдай гөр!» деп жасамыстар жағы жастардың алды-на түсті. «Жастар өлгенше, біз өлейік! Балаларымызды тірідей ажал оғына байлап бергенше, оларды соғысқа қарусыз жібергенше, осы жерде, өз жерімізде, кіндік қаны тамған отанымызда шейіт боламыз!» деген дауыстар Түркістанның түкпір-түкпірінен естіле бастады. Алтай мен Атырау, Торғай мен Самарқан, Арқа мен Әндіжан, Жетісу мен Жызақ арасын жайлаған жұрт қолына қару алды.Осылайша,отарлық езгісіне түскеннен бері Түркістан халқы алғаш рет біріге бас көтерді. Қазақ пен қырғыз, өзбек пен түрікмен тізе біріктірді.


Көтеріліске шыққан халыққа қарсы өкімет орындары қатаң шаралар қолданды. Олардың озбырлығы солтүстік майданның қолбасшысы, генерал Куропаткин 21 шілде күні Түркістан өлкесіне генерал-губернатор болып тағайындалғаннан кейін тіпті өршіп кетті. Самарқан, Хожент және Жызақ қалаларында да қиян-кескі соғыстар болды. Ферғана губернаторы полковник Иванов көтерілісті басып-жаныштау үшін 3 тамыз күні мұздай қаруланған әскердің күшімен қарапайым халыққа тұтқиылдан шабуыл жасап, мыңдаған бейбіт тұрғынды өлтіріп, қаланы қиратты. Осыған масаттанған генерал Ку-рапаткин губернатор Фольбаумға жолдаған жеделхатында Жетісудағы қазақ пен қырғызды қырып салу үшін жіберілген күштерді тізбектеп келіп «Черняев, Романовский, Кауфман, Скобелев Сырдария, Самарқан және Ферғана облыстарын бұдан аз күшпен жаулап алған», — деп мақтанды.


Бір жағынан жергілікті халықты жусатып, қажет болса қынадай қырып, осылайша бір тықсырып алуды көздеген Куропаткин, екінші жағынан беделді кісілерді араға салу арқылы патша бұйрығын орын-дауды ойлады. Жанына генерал Абдулазиз Дәулетшинді қызметке алған Куропаткин, жас та болса көпшілікке танылып қалған Мұстафа Шоқайды да жанына шақырады.Әрине,Мұстафа қанды қол жендеттің жанында жүруден бас тартты.


Мұстафаға 1910 жылдың 14 маусым күні Ташкенттегі Сырда-рия облыстық басқармасынан «Әскери Ереженің 42 бабына сәйкес әскер қатарына алынбайды» деген № 250806 нөмірлі арнайы куәлік берілген еді. Оның үстіне жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Сондықтан жеке басына төнген қауіп жоқ болатын. Оны қарапайым жұрттың жағдайы алаңдатты. Қолында қаруы жоқ, қара жұмысқа алынған түркістандықтар оқтың өтінде қалып, оққа ұшпайды ма? Бұған қарсы келіп, патша жарлығын орындамай майданға барма-са, тағы қырылады. Не істемек керек? Ойлана келе Мұстафа «Қазақ» газетінің ұстанымын қолдады. Текке қырылмай, майданға барған жөн, бірақ өкімет оларды әскерлікке баулып, қолдарына қару берсін. Бұлай болған жағдайда жауынгер рухы бар жұрт жаңа қаруды игеріп, өзінің әскерін жасақтай алуға да қабілетті болады.


Арада көп уақыт өтпей «Қазақ» газетінде Әлихан Бөкейхановтың Мемлекеттік дума мүшелерін қырғын болған жерлерге шақыру тура-лы ұсынысы жарияланды. Оның ұсынысы бойынша Түркістандағы жағдайды тексеру үшін Мемлекеттік думаның жанындағы мұсылман фракциясының жетекшісі Құтлық Мұхаммет Тевкелеев, мұсылман фракциясының мүшесі Шәкір Мұхамедияров және танымал депутат Александр Керенскийден құралған делегация жолға шықты. Түркістан өлкесіне тамыз айында келген делегация құрамына Мұстафа аудар-машы, хатшы әрі маман-зерттеуші ретінде енді.


Самарқан, Ферғана және Сырдария облыстарында болып, тексе-ру жұмыстарын жүргізген делегация мүшелері болған оқиғалардың іздерін көздерімен көріп, тұла бойлары түршікті. Әсіресе жермен-жексен болып қиратылған, үйіндіге айналған, айнала қан сасыған Жызақ қаласын көргенде, олар шыдай алмай кетті. Үлкен мазарға айналған қалада жүре алмай,мұрнын тұмшалап алып келе жатқан Ке-ренский Мұстафадан қала орталығына қашан жететінін сұрады. Сон-да өздерінің қаланың нақ ортасында тұрғанын айтқан Мұстафаның жауабына сенер-сенбесін білмей аңырып тұрып қалған Керенский «Не деген сұмдық! Қандай тағылық! Жетер енді, мұндай көріністі көріп тұруға бұдан әрі төзімім жетпейді! Кері қайтамыз!», — деп шалт бұрылып, қайтып кетеді. Олар араға екі күн салып Әндижанға келеді. Жас кезінде Түркістанда өскен, әкесі осы өлкенің оқу-ағарту саласын басқарған Керенский 1916 жылы 22 тамыз күні Әндижан мешітінің ауласында түркістандықтар мен орыстардың достық, адамгершілік қатынастарына арнап дұға бағыштады. Ол сол жерде тұрып сөйлеген сөзінде патша өкіметінің керітартпа саясаты үшін орыс демократиясы өз мойнына ешқандай жауапкершілік жүгін ала алмайтынын,орыс де-мократиясы мемлекет басқару құқығының тікелей халықтың қолына өтуі үшін күресіп отырғанын жеткізе отырып, түркістандықтардың орыстармен тең болып, бірдей құқықтар пайдалану керектігін алға тартты. Мұндай сөздер сонда жиналған халықтың жүрегіне жол тауып, едәуір серпін туғызды.


Арада бір апта өткен соң Ташкенттегі «Регина» қонақүйінде берілген қонақасыда сөз алған Керенский әуелгі екпінін баса алмаған күйі Түркістандағы жергілікті тұрғындардың құқықтарын қорғау жолында өздерінің демократтық міндеттерін өтей алмай келе жатқандары үшін орыс демократтарын біраз жазғырып та алды.


Осыдан кейін түркістандықтар Керенскийге ерекше үміт ар-тып, арыз-шағымдарын соның атына жөнелте бастады. Оны патша өкіметімен арада келісімге жүруге үгіттегендер де болды. Мұстафа 1916 жылы қараша айында Торғай қазақтарының өкілдерімен бірге Керенскийдің үйіне барды. Сонда түркістандықтардан алынатын жұмысшылардың орнына он мың жылқы бергісі келетіндерін айтқан өкілдерге қарап отырып Керенский: «Орыс өкіметіне сенуге болмай-ды. Ол сіздің атыңызды да алады, одан кейін жігіттеріңізді де жұмысқа жегеді» деп жауап берді.


Мұстафа көтеріліс кезінде халықты қырғыннан аман алып қалудың қамын ойлаған азаматтармен тізе қосып әрекет жаса-ды. Осы мақсатта Түркістанға жиі-жиі келіп, жергілікті зиялылар-мен пікірлесіп, түрлі үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Түркістан жәдитшілерінің көрнекті өкілдерінің бірі Убайдулла Хожаевтың басшылығымен құрылған «Түзем комиссиясына» мүше болған Мұстафа, негізінен, өкімет орындарының жөнсіз әрекеттері мен ка-зак жүздіктерінің, қоныс аударушылардың жүгенсіз тірліктеріне қарсы шығатын. Ол осылайша ресми биліктің арандатуымен құтырып алған қарулы топтардың жергілікті халыққа жасап жатқан түрлі зұлымдықтарына қарсы күресе білді. Адам құқығын айтып, заң тілімен орысша тақылдап тұрған жас жігітті көргенде шошаңдаған шенеуніктердің өзі монтиып қалатын. Қара жұмысқа жегілетін жігіттерге басшылық жасау, оларға жөн-жосық үйрету, тізім жасаған ресми орындардың түрлі әділетсіздіктерін жою сияқты жұмыстармен айналысқан Мұстафа түрлі шараларға да қатысып отырды.Ол қираған ауылдарды қалпына келтіруге және үдере көшкен елді кері қайтаруға арналған қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, халықтан қаражат жинады.


Ол туған халқының тағдыры талқыға түскен осындай алмағайып кезеңде алаңсыз оқи алмасын білді. Оның үстіне материалдық жағдайы да біршама қиындап кеткен болатын. Науқас әкесі бұған көмек бере алмады. Сондықтан ол 15 қыркүйек күні заң факультеті деканының атына өтініш жазып, уақытша үзіліс алды. Оның арызы қанағаттандырылып, арнайы куәлік берілді.


Заңгер Мұстафа өкімет орындарымен заң арқылы күресу үшін көп тер төкті.Мемлекеттік думаның мінберін тиімді пайдаланғысы келген ол,он алтының ойранын ұйымдастырған өкіметадамдары мен қанды қол қарақшылардың тізімін жасап, бүліншілік кезінде Түркістанның қаншалықты зардап шеккенін нақты сандар арқылы дәлелдеп, Керенскийдің алдына қойды. Осы мәселеге орай 13 желтоқсан күні Мемлекет думаның жабық мәжілісінде сөз сөйлеген Керенский «бұл іске жауапты жалғыз патша өкіметі» екенін ашып айтты.


Құқық саласын жақсы меңгерген Мұстафаның ширақ қимылдап, батыл әрекет етуінің тағы бір себебі — бұл уақытта ол Мемлекеттік думадағы мұсылман фракциясы жанындағы бюроға өкіл болып қабылданған еді. Оның бюроға кіруіне «Қазақ» газетінің басшыла-ры, әсіресе Әлихан Бөкейханов көп еңбек сіңірді. Мұстафаны бюроға алу туралы олардың өтінішін мұсылман фракциясының төрағасы Мұхамет Тевкелеев те мақұлдаған болатын. Ол Түркістан сапары кезінде өздеріне аудармашы болып ілескен Мұстафаның білімі мен біліктілігін, парасаты мен пайымын, қос тілге бірдей жүйріктігін және жергілікті халық арасындағы беделін көріп, риза болып қайтқан еді. Сол сапарда Мұстафа Керенскийдің де көзіне түскен болатын. Сондықтан, олар Мұстафаның бюроға өкіл болуын қызу қолдап, қажетті көмектерін берді. Бұл туралы көп кешікпей «Қазақ» газетінің 1916 жылғы № 203 санында «Бюроға екінші адам қою туралы» деген хабарландыру жарияланды.Онда былай деп жазылған еді: «Мұсылман фракциясы қасындағы бюроға қазақтан кісі қоюға жұрт қаулы қылғанда Бөкейханов баруын ұнатып, екінші адамның баруын қаржы қанша табылуына қаратып еді.Қазірде екі кісінің жылдық қаражатына жетерлік ақша табылса да, жұрт екінші кісіні атамай тұр еді. Сөйтіп тұрғанда бюро адамдарынан хабар келді. Олар Бөкейхановтан басқа дайын қызмет ететін екінші адамның қазірге өте керектігін білдіреді. Себебі 25 июнь жарлығы тақырыпты бюрода қазақ ісі көбеюі һәм тез арада Г.Дума ашылуы.Осы екінші кісіге бюро адамдары студент-юрист Мұстафа Шоқаевты лайықтады.Мұстафа Шоқаев мұсылман комитеті ашылғаннан бері сонда қызмет етуші еді. Бюро адамдары Мұстафаның осы қызметке кәміл жарайтындығын біліп лайықтап отыр.Олар жара-тып жұмысқа шақырып отырған адамын біз де жарайды деп білеміз һәм бюроға қойылатын екінші адам Мұстафа Шоқаев болуын ұнатамыз».


 


Осылайша Шоқай бидің шоқтығы биік шоң баласы сол жылы 1 қараша күні мұсылман комитеті жанынан ашылған бюродағы жұмысын бастап кетті. Алайда Мұстафаның араларынан суырылып шығып, оза шауып Мемлекеттік дума жанындағы бюро жұмысына кірісіп кетуі Петерборда бірге жүрген кейбір достарына ұнай қоймады. «Неге Мұстафа? Біздің одан қай жеріміз кем? Бізді лайық көрмесе Мұхаметжан Тынышбайұлы, Райымжан Марсекұлы сынды азаматтар бар емес пе? Мұстафа қандай еңбек сіңіріпті?» деген сумақай ой қылаң берді.Мұстафаны күнде көріп,онымен қоян-қолтық араласып жүрген кейбір достары қызғаныш отының арбауына түсіп қалды. Сөйтіп «Қазақ» газетінде Сейілбек Мейрамұғлы бастаған бір топ шәкірт қол қойған хат жарияланды. Петербордан жолданған хат авторла-ры Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясы жанындағы бюроға екінші кісі ретінде «Қазақ» басқармасының ұнатуымен Мұстафа Шоқаевтың енгенін газет бетінен оқығандарын айта келіп, сөздерін былайша сабақтайды: «Бұл істі ешкім біле алмай қалды, қазақтың оқығандары да және бюроға қазақтан баратын адамның қаражатына деп ақша жиып жібергендердің көбі-ақ біз секілді «Қазақтың» 203 нөмірінен біліп отырған шығар. Бұл Мұстафа Шоқайұғлын бюро-да отыруға жарайды, жарамайды демейміз, бірақ мұндай жұрттың жұмысы болатын жерге жоғары айтылған тәртіппен кісі жіберуді дұрыс емес дейміз...».


Сол қалпы берілген хаттың соңына «Қазақ» газеті басқармасының жауабы қоса жарияланды: «Бюроға екінші кісі қойылу туралы Сейілбек һәм жолдастарының бұл хатына жауабымыз: бұлар бюроға қойылған екінші кісі көптің қалауымен қойылғаны дұрыс еді, олай болмады бюро кісілері һәм «Қазақ» басқармасы өз беттерімен Мұстафаны сайлады, мұны халық білмей қалды, әлі де болса да газет арқылы жұрт болып лайықтаса екен дейді. Бюрода қызмет ететін кісі жұрттың қалауымен болғаны дұрыс еді дегендерін біз теріс демейміз, солай болу керектігін көптен білеміз.Бірақ қазіргі басымыздан кешіріп тұрған саясат қалпын олар хат жазарда естеріне алған болса, олай демес еді. Бұл жағын ойлаған болса, біздің «жасырып» кісі сайлағанымызды мінемес еді. Жал-пы саясаттың күйі өз алдына, оның доносшы-шағымшы бауырларымыз (бұлардың кім екенін түбінде бір айтармыз) «Қазақ» газеті пәлен қылып жатыр, түген қылып жатыр деп, донос үстіне донос айдап жатқанда һәм бұл жалған доностың бірі ілтипатқа алынып, 3 мың сом штраф салынып тұрған кезде, бір жақтан сендер «жиылған ақша!» ... «жұрт болып сайлау!» ... деп дәлел қағуларыңның мәнісіне түсінбейміз. «Былай тартса арба сынады, былай тартса өгіз өледі» деген осы да. 25 июнь жарлығы тақырыпты көп іс, есепсіз уақиғалар туды. Г. Дума ашылуы-на қарсы мұсылман фракциясы һәм оның бюросына қазақ облыстары һәм Түркістан уалаятында болған уақиғалар жайынан көп матери-ал жинақталып, мұны реттесу, басқарысу үшін қазақтан тағы да бір өкілге Мұстафа жарайтындығын бюро адамдары білдірді. Жұртпен ақылдаса алмағанымыздың негізгі себебін жоғарыды айттық. Оның үстіне Дума ашылуы шұғыл келіп қалып, сырлас бюро адамдары жа-райды деп тұрған соң, даяр Петроградта тұрған Мұстафаны «таз таранғанша той тарқамасын» деп біз де лайық көрдік. Егер Петро-градта тұрған жоғары хатты жазушылардың біреуін бюро адам-дары, істес болдық, қызметке осы жарайды деген болса біз олардың біреуін лайық көрер едік. Мұнан басқа Мұстафаны лайық көргендегі толық бір себебіміз мынау болды: Биыл 10 апрельде Торғай һәм Орал облысының кейбір зиялылары өзара кеңесіп, бюроға кімді қоямыз де-генде, мынадай қаулы қылысқан еді. Бір кісі болса, Әлихан болсын. Егер жеткілікті ақша табылып, екінші кісі қойылатын болса, ол кісі басқа қазақ облыстарынан, тұрмыс-шаруалары бөлегірек Түркістаннан болсын деп. Онан кейін Түркістан қазақтарынан кейбір оқыған һәм бас адамдарының пікірін сұраған едік. Түркістан жағынан едәуір сома тапсырған һәм бұл жұмыс тақырыпты басшылық қылып жүрген Қожахмет ақсақал да, Түркістаннан кісі қойылса Мұстафа болуын жөн көрген еді. Және де мынау мырзалардың атап отырған кісілердің бірі Мұхаметжан Тынышбайұғлының өзі де Түркістаннан Мұстафа болуын лайық көрген еді. Ол жақтан Мұстафаны ұнатқан басқалар да болған еді. 25 июнь жарлығы тақырыпты болған уақиғаларды Мұстафа депу-тат Тевкелеевпен бірге Түркістан уалаятын аралап өз көзімен көріп, бірсыпыра мағлұмат та жинап қайтқан еді. Міне, біздің Мұстафаны лайықтауымыздың себептері осы. Болмаса Мұстафа құрдастарымыз емес, бүйрегіміз бүлкілдеп бәйгеге жақынымызды қосып отырғанымыз жоқ...».


Мұстафа Мемлекеттік дума жұмысына қызу кірісіп кетті. Ол мұсылман     фракциясының     мүшелері     мен думадағы     мұсылман депутаттарға түрлі баяндамалардың мәтіндерін даярлап беретін. Орысша нашар білетін кейбір депутаттарға көмектесіп, олардың жұмыстарын        жеңілдететін.                             Думада                    өкілдері      жоқ               мұсылман халықтары да елгезек Мұстафаны тауып ала қоятын. Қызметіне кіріскен күннен бастап Мұстафа майданға қара жұмысшы ретінде алынған түркістандықтардың мәселелерімен де жақыннан айналыса бастады. Ол Әлихан Бөкейхановпен бірге майдан даласына аттанып бара жатқан жігіттердің жай-күйімен танысып, олардың жағдайына байланысты үкімет орындарымен келіссөздер жүргізіп отырды. Артынан Керенскийдің көмегі арқылы мұсылман фракциясының башқұрт өкілі, 1913 жылдан бері танитын досы Зәки Уәлидимен бірге түркістандық жұмысшылардың жағдайын білу үшін майдан даласына да барып қайтты.


Мұстафаның саяси сауаттылығы мен ерекше жігерін байқаған мұсылман депутаттар көп ұзамай оған әріптес ретінде қарай баста-ды. Оның Мемлекеттік думаға мүше болып енуін жақтайтындардың саны да күн сайын арта түсті.Тіпті сұлтандардың сарқыты Сәлімгерей Жантөрин өзінің Уфадағы жерінің бір бөлігін Мұстафаға тарту етуді жөн көрді. Ірі жер иесі болған жағдайда оған Думаға мүше болуға мүмкіндік туар еді. Алайда ақпан төңкерісі қайырымды жанның жоспарын іске асырмай тастады...


 





Пікір жазу