09.05.2023
  100


Автор: Қуаныш Оспан

Білем сенің мүлде басқа байламың

(Ү)
Білем сенің мүлде басқа байламың,
Жағдайымды ұқтыра алмас жайдамын.
Кісікиік боп барады тағдырым,
Айтам сосын жұлдызға сыр, Айға мұң.

Бәлкім солай жақындармын құдайға,
Жұлдыз ақты, аспан да анау жылай ма?
Шыныменен әрбір жұлдыз өмір ме?
Пенделердің күні бітсе құлай ма?!

Құлайтұғын шақ келеді-ау бәріне,
Аспан төрін бөлеп мұңды әніне.
Әне, тағы жұлдыз ақты жарқ етіп,
Кім өлді екен жас па, әлде кәрі ме?

Жас жуады аспан жүзін айғыздап,
Дұға тілеп қолын жайды Ай мұздап.
Жоқтау үні сарнап кетті қайсы үйден,
Семіз молда сұңқылдай ма, ей, байғыздап...

Құлақ неге шуылдайды, о, тоба-ай,
Шығарып сап, келесісін тосады Ай.
Жер бетіне ағып түсіп жұлдыздар,
Құлпытасқа айнала ма, оп-оңай?!

Жә, несіне өлмеймін деп бәлденем,
Мен де солай сырғанармын сәулемен.
Пайда болар тағы да бір төмпешік,
Жұлдызы жоқ адаммын ба әлде мен?!

Мен кетейін, мейлі, қайғы-күйіктен,
Тауды салсаң көтерейін иықпен.
Нұр ойнатып менің құлпытасыма,
Сен жарқырап тұрсаң болды биіктен...

31.05.16


 





Пікір жазу