09.05.2023
  246


Автор: Қуаныш Оспан

Өмір — өлім

Босаған құмсағат — ғұмырың,
Ақтық дем — түйір құм ең соңғы.
Мен үшін екеуі — бір ұғым
Өмір де, өлім де белсенді!

Құмсағат ортаяр біртіндеп,
Төменге алар да бағытын.
Жүргенмен қуана күлкің кеп,
Жап-жақсы өмір де — табытың!

Мезетте келмейді ажалың,
Сәт сайын, сәт сайын жерлейді.
Қалқиып қалғанша мазарың,
Өлімнің әлдиі тербейді!

Оның да бар күні, ай, жылы,
Тіпті, өлше минутпен өлімді.
Ажалың болмас тек қайғылы,
Ажал да кей кезде көңілді!

Көзіңді бір жола жұмғаннан,
Бір күнге жазғанмен көмуді.
Ажал да басталған туғаннан,
Туа сап бастаймыз өлуді!

30.06.16





Пікір жазу