09.05.2023
  127


Автор: Ғаббас Қабышұлы

Бір дорба арман

Арман шіркіннің не екенін адам атаулы әу бастан білсе де, түр-түсі қандай екенін, немен өлшенетінін білген, айтқан тірі жан жоқ. Осы менің... «жыныма тиді» демей-ақ қояйын, но намысыма тиді. Сонсоң қолыма түскен-түспеген ескі-жаңа, арзан-қымбат, қалың-жұқа кітаптарды, әрине, ғасыр ғұламалары жазғандарын, бір күн, бір түн түп-түгел ақтарып, «арман» деген аққудай әсем сөзді авторлардың ешбірінің аузынан таба алмадым. Тым болмаса арманның түсі аппақ екенін біздің ақындар ғұрлы айтсашы!.. Қаным қайнамағанмен, күлкім келді. Оп-оңайды қиындата салғышпыз-ақ! Кәнеки, мен бір арманды аңыратайын, оны немен өлшеуді мен тоқтағаннан кейін кеңесерміз. Менің заулатпағым – бір аудан әкімінің арманы.


Облыстың әкімі Шөмшекбайдың таңдауымен аудан әкімі атағын алған Көмірбай қоғамдық міндетін жарты жыл бойы жалықпай атқарды да, бір күні оразасын арманмен былайша ашты: «Уа, жалған дүние, сен өтерсің де кетерсің, білем ғой, білем! Ал менің сенімен бірге өткім де, кеткім де келмейді. Мынау жарық әлемде тірідей өзім қала алмасам да, атымды қалдыруым керек! Қашан?.. Қалайша?.. Та-а-ак... Әлде тарихи сөздеріммен бе... әй, оны қоя тұрайын, екінің бірі сарқыратып жүрген су сөз, бұрқыратып жүрген бу сөз ешқайда қашпайды, таусылып қалмайды, значит, мен сөзден іске көшейін. Мысалы, мен «Ауданның ардақты азаматы» атағын алсам... «Бейбітшілік көшесі» делінген бас көшеге менің атым қойылса... мен тұрған үй «Аудандық мұражайға» айналдырылып, алдына гүлді алаң жасалып, оның қақ ортасына менің тік тұрған кескін-ескерткішім орнатылса... ауданның құрамындағы он төрт ауылдың орталық көшелеріне менің атым берілсе... менің ауылымдағы бастауыш мектепке, аудан орталығындағы онбіржылдық мектепке менің атым қойылса... е, иә, айтпақшы, - ауылдағы мектеп алаңына менің қатты ойланып отырғандай ескерткішім орнатылса... зейнетке шыққаныма дейін қалайда академик болып алсам... ата-бабам, әке-шешем, аға-апайларым, өзім жайында анау Нүркүсше жазғыш біреуді жалдап алып, әрине, ешкімге білдірмей, қалың-қалың кітаптар шығартсам... ақын атағы шыға бастаған Шүңгілбаймен шүйіркелесіп, буын-буынын босатып, таңдаулы өлеңдерінің біріне қосымша автор ақын болсам, Дүңгілбайдың тілін тауып, жаңа романына қосымша автор прозаик болсам... осылай істеуім керек! Облыс әкімдерін, құдайға шүкір, асықша қақпақылдап отырған, маған жол ашып беріп жүрген Нәкең аман-есенде менің бетіме жел тимейді, только ақылдасып алып, тез кірісуім керек! Кірісер қарсаңда қалта мәселесін шешіп алуға тиіспін. Ешкімге жалтақтамас үшін. Бірталайға жетер жинағаным бар, әлі де жинай беремін. Мендегідей төрт бөлмелі үй, үш гектар жер, үш қабат коттедж, «Тойото» мен «Ауди» бар әкім сәпсем аз. Ай-хой, шіркіно-о-ой, облыстың ойы мен қырын тегістеп талтаңдап жүрген миллионерлердің бірімен құда болсам ғой!.. «Қатын алма, қайын ал» деген аталы сөзді ұқпай қойған ұлыма солардың бірінің, тіпті байдан қайтып кеп отырған қызы болса да, алып берсем... қызымды да сондай бір шылқымай жерге қондырсам... сәті түсіп, премьер-министрмен, президентпен құда болсам, ех-хе-хе... екі дүниеде арманым болмас еді!.. Оған дейін парламентің сенатына депутат бола қалсам!..».


Жә, ауданбасының әләуләйін осы тұсында тоқтатайын, бүйтпесем, хәләуләйін ешқайда, ешнәрсеге сыйдыра алмаспын, осынысының өзі бір дорба болды. Иә, бір дорба! Сенбегендер, пажалыста, өздері өлшеп алсын!





Пікір жазу