09.05.2023
  100


Автор: Иоганн Вольфганг фон Гёте

Айға

Сәуле түсті дірілдеп,
Сай-салаға, орманға.
Сейілгендей бір-бірлеп,
Бастағы ой, арман да.
Аласапран шерімді,
Ай әлдилеп жұбатты.
Сол серігім сенімді,
Шың басынан ым қақты.
Өткен күннің дүрмегі,
Кеудемде тұр жаңғырып.
Қайғы, шаттық жүр мені,
Жолда жалғыз қалдырып.
Шула, шула, уа суым!
Оралар ма маған бақ?
Ізсіз менің асуым,
Кетті рахат, махаббат.
Артық еді сын бағам,
Өтті бірақ сол шағым.
Енді ащы, сыбағам,
Өткенді ойлап сорладым.
Жырла суым, гүрілде,
Тыныш дала тербелсін.
Қос шуыңды үніме,
Даусың маған дем берсін.
Кейде күздей түнеріп,
Буырқанып ағасың.
Не көктемдей нұр беріп,
Гүл суарып бағасың.
Бақытты сол, еш кімге
Ойламаған өштікті.
Достарының ішінде
Көңлі соның хош тіпті.
Құйын ойлар жасырар,
Күндіз талай арманды.
Дарқан түнде есіңе ал,
Сол бір ұмыт қалғанды.





Пікір жазу