09.05.2023
  113


Автор: Әлия Іңкәрбек

Өмір

Ойларым жолдас боп алды түндермен кілең,
Тағатсыз іздеп келемін күн-бейнеңді мен.
Кезіге қалсақ, жүрегім нұрланса-дағы,
Көрсетем жұртқа сұрланып үлгерген рең.

Бақыт та, бақ та біздерді таниды делік,
Екеуміз жайлы айтпады фәни күрмеліп.
Ауада ұшқан асқақтық ұлпалары да,
Бұл күні менің жанымды қариды келіп.

Өзіңнен өзге кімге енді тағармын айып,
Салқындығыңнан қалса егер жанар мұңайып.
Сағынышыма тұншықсам, кетер ма екен -
Басымнан бағым, қолымнан қаламым тайып.

Қалмайтындығын ешқашан көңіл ұқтырып,
Мен емес,тағы мен болып сені күтті үміт.
Өмір дегенің - жұлдызға тілегіңді айту,
Орындалмасын білсең де егіліп тұрып!





Пікір жазу