09.05.2023
103
Күтпеген көктем
Туды ма, расымен,
Жарқырап шуақ күн?
Жайнады жасыл кең
Аясы гүл бақтың.
Мынау не, ну айдын —
Егін бе, тоғай ма?
Бұлақтар тулайды,
Асыр сап маңайда.
Көгім де, көлім де,
Күмістей жайнайды.
Қанаты алтындай,
Балықтар ойнайды.
Бұлттармен жарысып,
Құстар да масайрап,
Мәз болып бәрі, ұшып
Ән шырқап жүр сайрап.
Жағада, ну белде,
Мәз болып еркелеп,
Сүңгіді гүлдерге,
Әуесқой көбелек.
Елтисің жұтқанда,
Хош ауа бал исін;
Маужырап ұйықтауға
Рахатпен қалғисың.
Жел шіркін ойнақтап,
Шоқыны тербейді.
Сондай-ақ ой қаптап,
Мені де меңдейді:
Жібектей сөз шырмап,
Кеудемді буады.
Бақытты сонырқап,
Наз жырым туады.
Дел-салмын сол бір шақ,
Ұмытып өзімді.
Жыр-бикеш, жай құшақ
Биледің сезімді.