09.05.2023
  126


Автор: Мәжит Дәулетбаев

«ЧОНДА»

 


1923 жыл. Қызыл әскерлердің Бесінші армиясы Колчактың бандыларын алдақашан кеңес жерінен aйдаған. Көбі қырылып, жойылып, қалғандары Қытай шекарасынан өткен. Одан бергі болған бандылар көтерілісі де басылып, банды көтерілісіне басшылық еткен бай-кулактар төңкеріс, сотынан жазасын алған кез.


«Қ» қаласының бір көшесіндегі биік ағаш үйде «Чонның» күзетіне келген бірнеше адамдар «кезекші» бөлмеде кезектерін күтіп әңгіме соғып отырды. Қабырға тұсында әдейілеп мылтық қоюға жасалған ағашта, винтовкалар тізбектеліп тұр.


— Ал, сонан соң қайда болдың?— деді тапалтақ қызыл шырайлы бір жас қазақ жігіті, қасында отырған табақ бетті бұжыр қара жігітке.


— Онан соң ба?— деді сөз бастап қара бұжыр жігіт. Андреевке қаласында қызылдарға барып қосылдым. Алдымен қызылдың командирі менің партизан екендігіме нанған жоқ. «Өтірік айтасың» деді. Бірақ мен мұны іс жүзінде анықтадым. Менің қасыма Жақып та келіп қосылды. Қызылдың командирі «Үш күн ішінде Көбешті ал!» деп Жақыпты Көбешке жіберді.


Мен жолмен таныспын. Айса тоғайында қызылдарды Мүсінге өткіздім. Онда Есіл үстінде көпір жоқ еді. Колчактар біздің бір сақшымызды атып түсірді. Мен Колчактың бір бастығын атып түсірдім. Мүсінді бір сөткеде алдық. Таңертең Шоңайда атыстық. Жәнібек мешітінде екі сағат алыстық. Онан кейін Капсотин қаласын алдық. Ақтар «Оразға» бекінді, онда да алыстық. Үш сағаттан кейін ақтар шегінді. Бес шана етік, бір шана мылтық, бір шана бөрік біздің қолымызда қалды. Ровлевкеде жарты сағат, Балтевкеде бір сағат алыстық. Балтевкеде көп қырғын болды. Мен Омбыға дейін қызылдармен бірге бардым. Омбыда ауырып, кейін қайттым. Онан ел ішіне барып, ячейке болдық,— деді қара бұжыр жігіт.


— Михайловтың лавкесін талау неліктен болды?


Сүйдегенде, бұжыр жігіттің маңдайы қатпарланып, қабағы шытынап қоя берді.


— Ол арадағы кейбіреулердің қараңғылығынан, өз бетімен істегендігінен, аш-жалаңаштықты көтере алмағандығынан шыққан нәрсе. Соңынан, төңкеріс үшін күрестің маңызын талау деп түсінген ондайларға сот құрдық.


— Жақып қайда қалды?


— Жақып соңғы Қарашекпен базы станциясында өлді.


— Тарас Иванович...


— Ол поляктармен соғысуға кетіпті. Сонан бері хабар жоқ... Енді, міне, сендердің араларыңда «чон» адамы боп отырмын!— деп қара бұжыр жігіт, қалтасынан алып, 2429 номерлі «Чон» кәртішкесін көрсетті де, күлімсірей түсті.


Алпысбайымыз осы еді.





Пікір жазу