ҚАШАН-ҚАШАН?..
Қызыл әскердің 5-армиясы «Челябіні» алып, Қорған қаласына қарай ақтарды ығыстырып келе жатты.
Фронт бері қарап жақындаған сайын, қашқан-пысқандардың да саны артты. Елдің молда-қожалары, байлар «алласына» мінжат қып большевиктерге қарғыс айтты. Ақтардың тырнағы батып әбден соққы жеп көресіні көріп қалған кедейлер, орта ауқаттылар минут сайын, тілек сайын тілек тілеп большевиктердің келіп қалуын күтті. «Қашан?.. Қашан?..» десті...
Байлар да қарап жатпады. Дуаннан келген ақ газеттердің хабарын әлденеше құлпыртып, неше түрлі өсекті таңып, жұртты үрейлендіре сөйлеген болып жүрді.
Бір күні, кешке таман Сапақ ауылының ақсақалдары Қожамберді байдың үйінде жиналысып отырып мынадай әңгімені соқты.
— Осы большевик деседі, соның өзі қандай екен? Кәдімгі біз сияқты екі қолы, екі аяғы бар ма екен? — деді жасы жетпіс бес-сексен шамасындағы бір шал, басын әлсін-әлсін селкілдетіп.
— Осы, Тайлақбай, сен айтшы! Түнеугүні «дуаннан естіп келдім, біліп-көріп келдім» деп бірдеңе айтып ең ғой. Соныңды анығырақ айтып түсіндірші!— деді екінші біреуі, қасындағы бурыл сақалды Шымбайұлына.
Шымбайұлы қақырынып, түкірініп сөзге кірісті.
— Большевик дегеніңді білмеймін, оның нағыз үлкені соңынан келеді дейді. Аттары коммунист болады деген. Оларды қылыш та кеспейді, оларға оқ та батпайды дейді. Жердің жүзін қайыстырып, жолына кесе көлденең тұрған тауды, тасты жайпап, тас-талқанын шығарды дейді.
Тыңдап отырған Шоқан молла сақалын салалап, орнынан қопаңтай түсті:
— Алла тағала сақтай көр...
— Е, ал!— деді маңайда отырғандар Шымбайұлына тағы да.
— Менің естуімше, солай. Олардың тағы да бір орасан жұмыстары болса керек, оны айтуға аузым да бармайды...
— Е, айт!
— Несі бар?
— Жақсылық-жамандықты біле отырайық.
— Айт, айт!
Шымбайұлы шырт еткізіп жерге бір түкіріп, көзінің құйрығымен Шоқан молдаға бір қарап қойды.
— Құдай жазбасын, айтуға аузым бармай отыр.
— Е, әкесі өлгенді де естіртеді кісі, айт! Несіне іркілесің? Тыңдайық.
Большевикті қолына ұстап тұрақтауға отырған кісідей Қожанберді бай жуан қарнын керіп шалқия түсіп:
— Айт, айт,— деп кимелей түсті.
— Бүкіл жер жүзінің хабарын бір өзі ғана білетін кісідей Шымбайұлы әрі-бері бұлданып алып:
— Айтсам айтайын енді... Дінге қарсы дейді. Барлығы да шетінен дінді білмейді дейді. Моллаларды алдымен өлтіреді дейді.
— Алдымен дейді?!.
Отырғандардың барлығы да орындарынан қозғала беріп, молдаға қарады. Молланың көзі ақиған, аузы балықтың аузы құсап ашыла қалған. Сасқаннан қолына ұстап отырған тәпсіні жылдам-жылдам тартып жіберді. Дәнеңе деген жоқ. Қасындағыларға жалтақ-жалтақ қаранады.
— Тағы да сорақысы бар,— деді Шымбайұлы.
Бұл жолы ешқайсысы да «айт» деп аузын ашқан жоқ. Біресе ағараңдаған, біресе қуараңдаған молдаға қарай беріп отырды.
Бір ыдыстан ас ішкізеді, менікі, сенікі деген болмайды дейді.
— Ойбай, жап аузыңды, жел алсын!— деді шыдамай Қожанберді бай.
Соны ғана іздеп отырғандай-ақ, Шымбайұлы алақанымен аузын басты.
Отырғандарда ешбір үн жоқ. Бірталай уақытқа дейін ешқайсысы аузын ашпады. Өз сөздерінен өздері шошынғандай болды. Өз дауыстары өздеріне жат көрінді.
Даладан үсті-басын қаққыштап сықырлап кіріп келген Телпекбай ғана үйдің ішіндегі «тиыштықты» бұзды. Отырғандар иегін көтеріп, бәрі де Телпекбайға қарады. Телпекбайдың подводқа барып, жаңа ғана келіп тұрғаны осы еді. Оның артынан «Ойбай қарағым» деп Қожанбердінің әйелі Қамила бәйбіше кірді. Телпекбайдың аман келгендігін көзбен көріп оңды-солды қарап алғаннан кейін үйдегілер тағы да аз тым-тырыс отырды. Қамила оны-мұны сұрай берді.
— Қарағым, жолға пісіріп алған бауырсағың жетті ме?
— Жетті.
— Қол басындай шыртылдақ та салғызып ем.
— Жедім.
— Ет те...
— Жедік.
Шымбайұлы манадан бері тек отырған кісі, тамағын кенеп Телпекбайға қарады.
— Жолшыбай не естідің? Не білдің? Большевиктер қайда дейді?
— Большевик келе жатыр дейді ғой. Алыс емес білем,— деді күңгірлеп Телпекбай.
— Қай жерге келгенін біле алмадың ба?.. Жоғары жақтың адамдары Сарыоба болысына біраз большевиктер келіп қалды деп жүр еді ғой, оны естіген жоқсың ба.
— Жоқ, оны естігем жоқ. Алпысбай отряды туралы естідім.
— Е, ал, Алпысбай дейсің бе?
— Ие... Қойлыбай түбегінде жатқан бір топ казак-орыстармен атысып, казак-орыстарды жеңіп, қырып-жойып кетіпті дейді. Түнеугүні осында газет таратып жүрген бір ноғай бар еді ғой?!
— Ие, ие...
— Бұрқан мағзұм ба?— деді Шоқан молда қозғала түсіп.
— Соны Алпысбай отряды ұстап алып, жанындағы қаруын сыпырып алып, сойып-сойып қоя беріпті,— дейді.
— Жаяу қоя беріп пе?
— Жаяу, ат-қосшы қазағы аттарымен сол Алпысбайлардың қолында болса керек.
— Қап! Мына құдайдың жазғанына амал болмас. Байғұс неме. Әлгі молла баланы айтам, жақсы бала еді. Осында отырғанда «Мен большевиктерден қорықпаймын!» деп-ақ отыр еді. Масқара болған екен!—деді Қожанберді таңдайын қағып.
— Ол сол бойымен тұрсын. Көбеш пен екі ортадағы қара жолда бір топ казак-орыстарды түнде басып, аттарын, қару-жарақтарын алып кетіпті. Казак-орыстардың өздерін қайда қоя бергені белгісіз.
— Ә, бұл бейбақтарды қарай көр. Нысапсыз немелер! Алланың, дін-исламның дұшпаны болғаны ғой. Колчак газеттерінің дүкіментіне қарсылық қой. Бұларды дін-ислам «баги» деп атайды. Яғни бас тартқандар дейді,— деді Шоқан молда.
Ол күні бұлардың ермегі көрген-білгенді өздерінше жору болды.
Ертеңгі күні, Алпысбай отрядының күшейгендігі ар жағында қызыл әскердің бері таман жақындап келе жатқандығы, ауыл-ауылдың барлығына да жайылды. Әр ауылдан подвод тартып барған шаруалар естігенін соқтыртып жатты. Тепкі көрген кедей үйлер бұл хабарға қуанды.
— Енді қашан келер екен? Большевиктер аман-есен келсе екен? Айтатын мұң көп!—десті өзара жиналысып отырғанда.
Бірі, Шонайдың Ысқағының 16-жылы баласы окопқа жібергендігі туралы, екінші біреуі, Тұқпат қажының күшпен мал сойып жегендігі туралы айтып, әрқайсысы өздерінің түрліше зәбір көргендігі туралы айтып ол зорлыққа большевиктер жағынан ауыр жаза күтті.
— Олардың жәбір көрсетпейтіндігін қайдан білесіздер?— деді кейбір күдікті немелер.
Бірақ көпшілік, кедей шаруа келе жатқан қызыл әскер жағында болды, олардың тез келуін күтті.