09.05.2023
  121


Автор: Мәжит Дәулетбаев

«СІЗ, БОЛОСНАЙҒА ЖӨНЕЛТІЛЕСІЗ!...»

 


«Н» ауылы дуанмен қатынасып тұратын үлкен жолдан аз-ақ қашық. Жоғарғы елдің кіре тартқан адамдары, қалашылар, жазы-қысы сол жолды басып жүреді.


Биыл қыс бойы да жол үстінен қалашы арылмайды. Таңертең ерте тұрып ауылдың сыртына, жол үстіне, қараған адам аттарын шулап айдап, сықырлап өтіп бара жатқан не шөпшілерді, не қазна кірешілерін, не қалатын ет, бидай алып бара жатқан ауыл адамдарын көреді.


«Н» ауылындағы мұғалім Байсалбайұлы бір күні дағдылы әдеті бойынша ерте тұрды да, қораның сыртына шығып қарап тұрды. Үстінде арқасына жай жамыла салған түйе жүн күпі, басында қара елтірі пұшпақ бөрік... Ауылда мұғалімнен басқа ерте тұрған жан жоқ. Тек ауылдың арғы шетінде отырған бір шым үйдің қорасынан күйентесі мен шелегі бар бір жас келіншек қарды кірт-кірт басып шықты да, құдыққа қарай жөнелді. Күйентенің екі басындағы шелек кезек-кезек шайқалып шиқылдайды:


Шиқ-шиқ... Шиқ-шиқ...


Келіншектің аяң басуынан, шелектің шиқылдағанынан шошып ауыл арасындағы сидаңдаған биік-биік қайың ағаштардың басындағы отырған ала қарғалар қарқылдап, жан-жаққа бытырап ұша жөнелді.


Қарқ-қарқ... қарқ!...


Оның артынан құдық қасына барған келіншектің құдыққа тастаған шелегінің қаңғыр-күңгір етіп суға қарай түскен дыбысы естіледі.


Мұғалім Байсалбайұлы күнде таңертең тұрғанда ауылдың осы көріністерін байқайтын, зерттейтін. Бұл тұрысында да сүйітті.


Онда ел сағыну, туған, өскен жерді сағыну, жабырқау деген нәрсе жоқ еді. Оның бір ғана мақсаты бар: «оқыту, іштегі бар білімді, тұла бойын тыр-тыр қасынып, кім көрінгенге көзін мөлитіп қараған жарлы үйдің балаларына үлестіріп беру. Сонда ғана олар көзін ашады, сонда ғана тұла бойдағы кірден тазарынады, дүниені таниды, өзіңдей болады» деп ұғынатын еді.


Оның табан тұрақтатып тұрған ауылы — өзінің ауылы. Оның өсетін, өрбитін үрім−бұтағы да, жұбанышы да, қуанышы да оқып жүрген кедейдің балалары «жылтыраған танаулар» еді. Ол, бұл кезде тап жігін талдап ұғынбайтын. Бүкіл жер жүзінде таптар жігінің бар екендігі, ол таптардың соңырағы күні бірімен-бірі жұлқыласып екі ұдай болатындығын, бірін-бірі жеңетіндігін жете білмейтін еді. Бірақ, неге екені белгісіз, оның көңілі-тұрмысы, күн көрісі кедей, ескіліктің соққысын, озбырлығын, көп көрген жаққа — шаруаға беретін.


Ол бұдан біраз уақыттар бұрын Алпысбаймен де әңгімелескен болатын. Анығын айтқанда Алпысбаймен ол құрдас кісі құсап ойнайтын, әзілдесетін. «Әй, осы сен жұрым-жұрым боп жүргеннен не таптың? Сен оқы! Мен оқытайын» дегенде Алпысбай мырс етіп күліп: «Мені оқытпақпысың? Қой, шырағым!.. Сенің оқытқаныңды мен әліпті таяқ деп білемін» деп қулық сөзге бұратын.


Мұғалім Байсалбайұлы ойланып, ұзақ қарап тұрып, стол үстінен тізбектенген шаналарды қалашыларды өткізді. Жол үстіндегі қарайған қара бірте-бірте алыстап, ауылдың сыртына түсіп жоқ болды.


Бұдан екі күн бұрын бұл ауылға қазақ арасында бала оқытып жүрген башқұрт мұғалім Қалиболла (патша тұсындағы солдаттықтан қашқан кісі) келіп, Байсалбайұлымен күліп ойнап, жатып кетті. Ойбой! Қой, енді ол Қалиболланы! Неше түрлі сөздерді айтып адамның ішек-сілесін қатыратын. Әсіресе, жаздыкүні қызық. Не ол Байсалбайұлы бала оқытқан ауылға, не Байсалбайұлы Қалиболла жатқан ауылға баратын. Түстен кейін бала оқытып, қол босаған кезде, ауылдан әрі өріске шығып екеуі әңгіме соғатын. Қалиболла жырға шебер. Ол кең сахарадағы башқұрт елдерінің неше түрлі жырларын айтатын. Оның ұзақ жырды бірте-бірте көтеріп әкеп шырқап, аяғында:


«Мәдинекей, гүлкей "будра сәні»!—


деп қойғанда, Байсалбайұлы қызығып тыңдап отыратын еді. Байсалбайұлы ойынан сергіп, қораның аузына жетіп келе бергенде, көрші-қолаңдардың есігінің алдында жұрт жыбырлап жүріп жатты.


Таңертеңгі шай ішілген. Ауыл үй адамдары әрқайсысы әр жаққа жұмыстарына кірісті. Зергер Мұсаның жағында ауыр балғаның темір шыңдаған дауысы, Қарымсақ ұстаның қорасында ағаш қаққыштаған, жонған дауысы үйдің ішінде отырсаң да естіліп тұрды. Мұғалім Байсалбайұлы балаларды әлдеқашан жинап алып оқытып отыр еді.


Зада мұғалімге қарап, күлімсірей түсті. Оның мұғалімге қараған көзқарасында, күлімсіреуінде «сіз білесіз бе? Менде бір жасырын сыр бар. Сіз неге оны осы күнге дейін сезбей жүрсіз?» деген сияқты мағына бар еді.


Мұғалім Заданың бетіне тура қарап тұрды да, үндемеді. Төңірегінде отырған бөтен балаларға мойын бұрды.


Зада — сол ауылдағы бір кедей шаруаның қызы. Ол бұл мұғалімге өткен күзде сабақ оқуға келді. Балалардың арасындағы естияры да, үлкені де, сөзді сыпайылап сөйлейтіні де Зада еді.


— Неге күлдің, Зада?— деді, оның қолындағы кітапты өзіне тартып мұғалім. Зада ұялып төмен қарады.


— Жай... Әшейін...


Артынан қадала қарап тағы да күлімсіреді.


Мұғалім Заданың қасына жақындай бергенде, сыртында отырған кішкентай қара бала, ұры мысықша көзін тесірейтіп, қарап тұрды. Ол, мұғалім мен Заданың екі ортасында қандай жақындық бар екендігін бұдан бірнеше уақыттан бұрын байқаған бала болатын. Өзінше пысық, таңдайы тақ-тақ етіп, өсек айтып, ауыл үйді бүлдіргіш аталып жүрді. Балалар оны «қара мысық» деп келемеж қылатын. Дұрысында-ақ, қазанның қара күйесіндей еді. Сабаққа түк ынтасы жоқ. Бір сөз айтсаң көзі жасқа толып, ерні бүлкіл қағып, қашып шыға жөнелетін. Сол бала бір күні кешке мұғалім мен Заданы құлан қораның ішінде сыбырласып, сөйлесіп тұрғанда көріп қалды.


Анығында, мұғалім Байсалбайұлы мен Зада екі ортасында шектен тыс шығып кеткен ешбір теріс «жұмыстар» жоқ еді. Әрине, мұғалім Заданы ішінен жақсы көреді, ұнататын. Зада енді бір жылдан соң бойжеткен ауыл қызы қатарына қосылатын бала еді. Мұғалім ішінен ойланып: «Өзім тәрбиелеп өсіріп көңіл жарастырармын, жүрек қосамын!» деп жүрді. Бірақ... Өсекке таңғандай «ауыр қылмыс» істеген жоқ болатын.


Зада мұғалімнің нұсқаған сабағын қадағалап оқуға кірісті.


Бала қалаға бара, қала сала...


«Мұғалім Сәни» әліппесі бірден бірге көшіп, ернеуі бүктеліп, түте-түте болып, жыртылып, кірленіп қалған. Мұғалім кітапты саусақпен түртіп «кірлетіп оқымаңдар, таза ұстаңдар» дегеннен кейін, балалардың барлығы да, ауыл шәкірттеріндегі дағдыны қолданып, қағаздан әріп нұсқағыш істеп алып еді.


Мұғалім орнына келіп отырды да, сол кезде Орынборда татар тілінде шығып тұрған «Яна уақыт» газетінің ескі бір номеріне қадала қарады. Бірақ көзі газеттің жолдарын сүзсе де, көңілі әлдеқайда болды. Оның көңіліне ой түсті. Көзінің алдына оқушылық кезі, Троицкідегі «Рәсүлие», «Уазипа» мектептері, онда оқыған жолдастары елестеді. Сөйтіп отырғанда даладан у-шу дауыс естілді. Орнынан тұрып, сығырайған кішкентай әйнектен үңіліп қарағанша болған жоқ:


— Мұғалім, мұғалім! Тысқа шығыңызшы! Солдат келіпті!— деп бір әйел есікті ашып, асығып қайта жапты.


Мұғалім Байсалбайұлы үйден шығып, қорадан тысқары барғанда, найзаларын шошаңдатып, бүкіл ауылды бастарына көтеріп айқайлап боқтап, балағаттап тұрған казак-орыстарды, олардың төңірегінде жуасыған қойдай боп тұрған ауыл адамдарын, қатын-қалаштарды көрді.


— Не болды?— деді қолында қашауы, аузы аңқиып, сақалын салалаған Қарымсақ ұстаның қасына жетіп келіп.


— Мынау... Әлгі... подвод сұрап тұр. Бірдеңе деп боқтайды. Тіліне түсінбедік. Аттар ауылда жоқ еді. Қалаға подводқа жегіп кетіп еді, соны...


— Сізге не керек еді?— деді аты тыпыршып, үстінде қопақтап аласа бойлы, сеңсең бөрікті қара бұжыр казак-орысқа.


— Сен ауылнай ма?


— Жоқ, мен мұғалім.


— Ие, ие... Мұғалім біздікі молда, бала оқытады,— деді Қарымсақ, мұғалімді арқаға қағып.


Басқа тұрғандардан шалдың айтқандарын дұрыстап бастарын изегендей болды.


— Ауылнайларың қайда?


— Бізде, мұнда ауылнай жоқ. Ол бұдан он шақырым. Көбек ауылында тұрады.


— Бізге подвод тап!


— Ауылда ат-шана жоқ. Қалаға бидай тартқыза кеткен. Подвод әкеткен. Ауылдың қожайындары да сонда кетті. Мұнда қалған кемпір, шал, бала...


Мұғалім сүйдегенде казак-орыстың бірі тепсініп, ожырайып мұғалімді найзамен басқа қағып қалды:


— Сен неге өтірік айтасың? Әлде сені большевик үйретті ме? Банды үйретті ме? Байқа! Шалтай-балтай не керек, подвод табасың!


— Тақсырлар, мен қалай табамын. Мен мұнда оқытушы ғана. Ауылдың расын айтып тұрмын, ат шана жоқ.


— Әй, молла... Сенің ауылың — бай ауыл. Ақша да көп, мал да көп, мақан да көп, маржа да көп, айда бізге подвод бер? Әйтпесе, біз тауып алсақ, сенің басыңды жоямыз!— деді кейіндеу тұрған бір казак-орыс.


— Иттердің қазақша судай біліп тұрғанын көрдің бе?— деді зергер Мұса төңірегіндегілерге міңгірлеп.


— Қап! Енді бұларға не амал?— деп мұғалім Байсалбайұлы жиылғандарға қарады.


— Жаным-ау, бұлар өлтіре ме? Осы күні кеше ылау аттандырып отырмыз. Осы «подвод-подвод» деп айналдырады да, осы ауылға келеді. Бас-аяғы алты-жеті-ақ үйміз. Анау сыртта отырған бай ауыл неге ылау бермейді. Әлі осы күнге дейін бір ат терлетіп көрген жоқ. Барсын сол ауылға!— деді, күйініп, ыза болып зергер Мұса, тұрған жерінде тыпырлап, шыжалақтап.


— Сен енеңді, әкеңді!.. Неге айқайлайсың. Қазынаның жұмысынан бас тартасың ба! Өй енеңді, алжыған шал! Мен сені найзаның ұшына іліп, қарныңды ақтарып жіберейін бе?— деп қара бұжыр казак-орыс зергер Мұсаға төне бергенде, мұғалім тізгінінен ұстап алды.


— Тақсырлар! Мынау ауыл — ең бай ауыл. Қажы да, бай да, молла да сол ауылда. Ол ауылда ат та көп, май да көп. Олай-былай өткен сіздей адамдарды сыйлап тойғызып жіберіп тұрады,— деді жұмсақтау түр көрсетіп күлімсіреп.


Казак-орыс сыртындағыларға қарап күбір ете қалды. Бір уақытта қамшы «сарт» ете түсіп еді, мұғалім кейін серпілді.


— Байқа, бұл есіңде болсын! Енді бұдан былай бізді алдаушы болма!— деді казак-орыс атының басын кейін бұрып.


Ақ казак-орыстар қарқ-қарқ күліп шауып кете барғанда, түсінен шошынған адам құсап мұғалім көзін жыпықтатып, олардың кеткен ізіне қарап тұрды.


— Ұрды ма?— деді төңіректегілер мұғалімнің қасына жетіп келіп.


— Ұрды. Кетті ме өздері. Кетсе болады!


Қарымсақ шал казак-орыстардың кеткен жағына мойнын бұрып қарап тұрды да, қашау ұстаған қолын көтеріп, зекіп күбір етті.


— Жазаларыңды құдай берсін! Большевиктер берсін! Еншалла, өздерің де енді көп ұзамассыңдар.


— Жең ұшынан жұдырық көрсету осы болады!— деді зергер Мұса Қарымсақтың қасына келіп, шақша сұрап.


— Мені айтасың ба?— деді Қарымсақ.


— Бәрімізді айтам.


— Алпысбай жағы қайда жүр екен осы? Осы немелерді...


— Е, олар аз бұлар көп. Алпысбай не қылмақ? Алпысбайдың артына түскен жау аз боп па! Тұқпат қажының отряды да оның артында; казак-орыс та, поселканың, елдің байлары да сол Алпысбайдың артына түсіп, іздеп жүр.


— Тек, құдай жазып, большевиктер келетін болсын. Бәлем, талай шұбар төстің таңбасын бетіне бастырармын!— деді зергер Мұса.


Әрқайсысы үй-үйіне тарады.


— Күпі ғой, қамшы өткен жоқ шығар?— деді қораға кіріп бара жатқан мұғалімге жөнеле беріп Қарымсақ.


Мұғалім күлді.


— Кетсе болғаны ғой!..


Түс ауған. Мұғалім Байсалбайұлы үйде тынығып ұйықтап жатты. Түрткілеген біреудің дауысына көзін ашып қараса поштабай Мақан.


— Е, ал!


— Мынау біреуді ауылнай сізге оқысын деп еді. Қолындағы пакетті мұғалім Байсалбайұлының алдына тастай берді де, үйдің ішінде жіп иіріп отырған Қадишаға амандасты.


— Мал-жан тиыш па?


— Шү-ш-шү-кір... Өздерің мал-жандарың аман ба?


— Құдай деп, құдай деп...


Қағазды алып оқи бастағанда-ақ мұғалім ағараңдай берді.


— Не депті, мұғалім, қарағым?— деді Қадиша. Мұғалім үндемеді. Әлден уақытта мынаны оқыды:


8-ауылдың ауылнайына!


Жамантұз болысының концелары осы қағазды жазды, нақыманың үшінки, қол астыңызда бала оқытып тұрған жырық етік мұғалімдер болса, үшбу қағазды алысыңызбен сол айтқан жырық етіктерді, қысаны кісі ертіп болыс концеларына жөнелтесіз. Ешбір кешеуілдетпей жөнелтуіңіз керек. Әйтпесе, мировойға берілесіз. Жоғары ұлықтардан келген бұйрық солай.


Даяов жазғушы Жамантұз волоснойы: Шонаев


Тілмаш: Мыржақбайұлы


— Соны сізге нарычнаймен жіберіп отыр. Тыста ат күтіп тұр, киіне қойыңыз!— деді, түрегеліп поштовой Мақан.


— Мұғалімді қайтеді екен?— деді Қадиша үрейленіп, ұршығын қойып, ақырын түрегеліп.


— Қайдам... Біздікі алып тапсыру...


Ауыл адамдары көздерін мөлитіп, мұғалімді шығарып салды. Бұлар ауыл сыртына шыға бергенде, қарсы алдарына пар ат жеккен кашава шанада екі кісі жолықты, олар Бөгенбай мен Бұрқан мағзұм еді.


— Ә, шошы кім ауылы?— деп айғайлап қалды қолына карабинды ыңғайлап ұстаған мағзұм өтіп бара жатқандарға.


— Мұқаш, Мұқаш ауылы!...


Кашавалы пар ат ауылға кіре бергенде, бұлар ағаштан әрмен асып көрінбей кетті.


Ертеңінде мұғалім Байсалбайұлының «тағдыры» туралы хабар ауыл-ауылға дүңк ете қалды.


— Волосной Шонайдың ЬІсқағы мұғалімді қолына кісен салғызып «Кегерін» қаласына жаяу айдапты! — деді көрші ауылдан келген біреу.


Мұқаш ауылының шаруалары, күрсініп төмен қарады.





Пікір жазу