09.05.2023
  68


Автор: Мәжит Дәулетбаев

БҮКІР КЕМПІРДІҢ АЖАЛЫ

 


Гүргірейдің үйі, қаланың ең шетінде еді. «Суббота базары» күні кешке ымырт жабылған кезде Алпысбай Тарас Иванович екеуі де салт, қораның түкпіріне әкеліп аттарын байлады да, ақырын басып Гүргірейдің үйінің ішіне кіріп кетті.


Олардан бұрын Жақып бір келіп, «Гүргірейдің үйінде бүкір кемпірден басқа еш адам жоқ. Баласы Матвей подвод айдап кетті» деп хабар берген болатын.


Алпысбай мен Тарас Иванович кіріп барған кезде, бет-аузы қатпарланған, көзі ілбиген бүкшеңдеген кәрі кемпір қолын кеудесіне қойып, бұрыштағы суретке қарап шоқынып тұрды. Есік ашылар-ашылмас-ақ бұрылып жалт қарады.


— Бұл кім?


Сол қолының алақанымен қабағын қалқалап, кемпір бері ауыз үйге қарай шыға бергенде, Алпысбай мен Тарас екеуі қасына жетіп барды.


— Біз шешей! Біз Алпысбай, Тарас...


Кемпір аңтарылып аузын ашып тұрып қалды да, бірдеңе деп міңгірлеп, кірген адамдарды басынан аяғына дейін көзімен бір сүзіп шықты.


— Амансыздар ма?.. Ә, Алпысбай!.. Пожалуйста, жоғары шығыңыздар! Әй, шіркін-ай! Матвей үйде болмады-ау, ол сендерді алдыңғы күні ғана айтып отырып еді.


Алпысбай, Тарас екеуі ішкергі үйге кірді де, бірі пештің қасындағы үлкен сандықтың үстіне, бірі терезенің түбіндегі тақтай отырғышқа отырды.


Үйдің іші жалаңаш. Отырғыш үстел, ағаш керует, бетін шыбын-шіркей ыластаған сынық айна. Бұрыштағы шоқынатын сурет. Осылардан басқа дәнеңе жоқ. Келген екеуі үйдің ішіне біраз көз жүгіртіп шығып, есіктің қасында тұрған бүкір кемпірмен әңгімеге кірісті.


— Шешей, тұрмыс қалай?


— Несін сұрайсыздар, дүние бүлінді ғой!.. Тұрмыс күннен-күнге нашар. Жалғыз ат болмады, пәле болды. Матвейді екі күнде бір подводқа айдайды да тұрады. Осы жолы кезегіне де қарамай жіберді. Е-е-қ, бала-лар-ай!


— Бұл үйлерге тегі казак-орыстар жоламайды ғой?


— Ойбай, жоламағаны қалай? Бүгін ғана босап отыр. Поселкедегі үйдің бәрі де «постоялый двор» сияқты. Күнде бірі келеді, бірі кетеді.


— Нәрсеге тимейтін шығар?


— Несін алсын енді! Алатындарын алып болды. Ең аяғы, асырап отырған бірен-саран тауық, үйрегі бар үйлердің онысын да қойған жоқ. Келген солдаттар сойып жеп бітірді. Үйдің ішіндегі киім-кешек ол әлдеқашан көзі жойылған. Шұбырып жүргендер, күтпеген жерден келген «меймандар» алып қойды.


— Матвейді алысқа әкетті ме?


— Құдай білсін қай жерге дейін алып баратындарын. Қару-жарақ тасуға әкетті. Түнеугүні көршідегі Тимофей «анау деревнядан қайтарамыз» деп, фронт жатқан жерге дейін алып барыпты ғой! Масқара қып Матвейді де сүйте ме деп қорқып отырмын. Үйде атына жем де қалған жоқ. Қаладағы казак-орыстар қораның сыртында тұрған шөпті таратып, тасып алып кетті. Бермеймін деп жүріп таяқ жеп қалдым!— деп бүкір кемпір көзінің алдындағы қара, күйген ісікті көрсетті де, жылап қоя берді.


Алпысбайдың көңіліне осы бір жерде бұдан екі жыл бұрын өлген кәрі шешесі елестеді. Бұл 1917 жылдары еді. Алпысбай ол кезде Шоғалалы ауылында бақташылық етіп жүретін. Бір күні елден шығын жинап жүріп болоснай Шоңайдың Ысқағы бұлардың ауылына тиіп жатты. Шығын Алпысбай үйіне де салыныпты. Алпысбай төрдегі ақ отауда жатқан болоснайдың «дидарын» көруге барды. Есік алдында отырар-отырмаста болоснайдың қасындағы шабарман Алпысбайдан шығын сұрады. «Жоқ» деді Алпысбай. «Табасың!» деді көзі жайнаңдап болоснай. Сол бойымен Алпысбай шығып кете барды. Екінші күні таңертең қайтып келсе, шешесі боздап жылап отыр. Қолдағы жалғыз тайыншаны «Алпысбай шығыннан бас тартты» деп протокол жасап, болоснай алып кеткен. Бас жіптен ұстап айырылмаған кемпірді болоснайдың «жігіттері» қамшымен бір тартып, талдырып тастаған. Алпысбай шешесінің иығындағы қамшының ізін көрді. Дірілдеп-қалшылдаған ернін, мөлтілдеп аққан көз жасын көрді. Осыны ойлап келіп: «Қайда қарасаң бір қорлық»!— деді Алпысбай өз-өзіне.


— Шешей!.. Сізде подвал бар ма?— деді самауыр қойып жүрген бүкір кемпірге Тарас Иванович.


— Бар, балам, бар!..


Тарастың мұны сұрағандағы ойы — сақтық еді. Алда-жалда қауіпті сағатқа кездесе қалса, баспана іздеудің амалы еді. Алпысбай Тарасқа қарап аз ғана жымиды да, тұра келіп үстіндегі тоқыма қаптал шекпенді шешіп шегеге іліп қойды.


— Кеш болғанда мұнда енді ешкім келмес. Бұл үйде не бар деп келеді?— деді міңгірлеп Тарасқа.


Бүкір кемпір Тарас пен Алпысбайдың беліндегі мылтыққа, домалақ қыртыс-қыртыс бомбыларға қарап-қарап қойды. Бірақ үндемеді.


Бұлар шай ішуге үстел басына отыра бергенде есік алдында тықыр білініп еді. Тарас ұшып тұра келіп есіктің түбіне қолына мылтығын ұстап тасаланып тұра қалды.


— Бұл кім?


— Мен, Жақып.


Жақып күлімсіреп кіре бергенде, Тарас оның иығына қолын салып, қарқ-қарқ күлді.


Біраздан кейін үй ішіндегі адамдардың саны он-он бес, жиырма шамалы болды. Үйдің іші тартқан темекінің түтіні болып буланып кетті.


— Мен бүгін Михайловтың дүкенінің алдында Саналыны көрдім,— деді бір жігіт, Алпысбайға жақындап. Алпысбай Тараспен күбірлеп сөйлесіп отырған жерінен жігітке қарап жалт бұрылды.


— Е, неғып жүр?


— Мырзасымен базарға келіпті.


— Е, мана айтқан жоқ па едің?


— Соны айтам-ау..


Жігіт бірдеме айтуға оқталған адам құсады да, төмен қарады.


— Ал?


— Байдың үйін баспана қып қатарға қосыла алмай жүр. Сол немененің өзі ізге түсуден сау ма екен?..


Алпысбай Тарас Ивановичке мойын бұрды. Жігітке дәнеңе айтқан жоқ. Әрі-беріден соң жерге «шырт» етіп бір түкірді де:


— Саналы ма?.. Саналыдан күдіктенуге болмайды.


Оның жайын мен білемін. Саналының пайдасы елде жүрсе де тие отырады. Түнеугүні бізді жаудан құтқаруға себепші болған сол емес пе? Егер оның қатыны келіп хабар айтпаса, желкеміз қиылатын емес пе еді? Ол есіңнен шықты ма?..


Отырғандар:


— Рас, рас!— деп басын изеді.


Алпысбай сөзін жалғастырып:


— Мен Саналыны жақсы білемін. Ол үйінің ішін қимайды. Онда қатын-бала бар.


— Е, басқамызда жоқ па?


Жігіттің бұл сөзіне отырғандар орындарынан қопақтай түсті де, Алпысбай мен Тарасқа қадала қарады.


— Тыста аттарға көз-құлақ болатындар бар ма?— деді Алпысбай есіне жаңа ғана түскендей. Артынан неге айтқанына өзі де түсінген жоқ.


— Бар, бар! Ол жағынан уайым жеме!— деді Тарас Иванович.


Біз аттарымызды шеттегі үй-үйлердің сыртына қойып күзеттіріп тұрмыз!— деді орыс жолдастар жағы.


Манағы Алпысбаймен сөйлескен жігіт орнына отыра бергенде Тарас Иванович өзінің Герман соғысындағы көргенін айта бастады.


1917 жыл. Біз Герман фронтында, окоптамыз. Онда әскер мұндағыдай ма? Бір-бір қатарының өзі тізіліп отырып жүз шақырымдарға барады. Миллиондаған қол зеңбіректің оғы түсіп отырған жерге, қырылған жүздеген, мыңдаған адамның орнына айырбасталып келіп отырады. Қысқасы, зеңбіректің жемі болдық та жаттық. Басыңды қылтитсаң болды, пулемет сатыр-сұтыр етеді. Оқ оңды-солды зуылдап өте шығады... Пулеметтің оғы былай тұрсын, қит етсең-ақ ауыр-ауыр зеңбіректен атады. Тіпті жер солқылдайды... Айналаң, аспан өртеніп тұрған тәрізді. Қызыл шоқ болады да тұрады... «Бетпе-бет найза ұстап атакіге шықпайсыңдар!» деп офицерлер, жандаралдар бізге ұрсады. Қайда саған, оңай ғана жер бетіне шығу! Немістер маңайына келтірмейді, жапап тастап отырады. Міне, большевиктер сөйткен миллиондаған аш жалаңаш әскерлердің арасында жүріп те өздерінің жұмыстарын жүргізді. Ондағы біздің көбіміз большевик жолын анықтап білмейміз. Кейбіреулеріміз «Е бізді кім үйге қайтарып жіберсе, сол жақпыз» деп соғатын едік. Менімен бір ротада болған бір жолдасым большевиктердің жасырын ұйымына қатынасып жүрді. Ол екеуміз окопта жатқан солдаттардың арасында большевиктердің үндеу жазған қағазын да таратып едік. Сол айтатын: «Біз мұнда зеңбірекке жем болып жатырмыз. Біздің үйдегі қатын-бала не күйде екен? Біз кім үшін соғысамыз осы? Өзің ойлашы!» дейтін. Мұны ойлайтын жалғыз мен ғана ма екен? Мұны мың миллион аш жалаңаш солдаттар ойлайды. Мұны ойлай-ойлай мыңдаған, миллиондаған бас дал-дал болды. Онда большевиктердің үндеу қағазында «Соғыс жойылсын! Мылтықтарыңды байларға қарсы кезеніңдер. Жиһангерлер соғысын азамат соғысына айналдырып, байларды жойыңдар. Үстем болыңдар!»— деп жазылған ұрандар болды. Біз бұл туралы көп ойладық. Аяғы келіп большевиктердің айтқаны дұрысқа шықты. Қазір.. Байқайсыңдар ма? Большевик жеңіп келеді. Қазіргі қызыл әскерлердің көбі сол күні аш жалаңаш окопта жатқан солдаттар. Олар қазір большевиктер. Ә, біз кім. Біз солардың алдынан шығушылар. Біздікі солардың алдынан шығуға істеген дайындық. Е-е-еқ, құрбылар! Олар тез келсе екен! Менің ойымша, біз ол күнге әлі-ақ жетеміз!


— Тарас Иванович бұл сөзді қазақша-орысша бытыстырып сөйлесе де, отырғандар ұқты. Алпысбай Тарастың бұл сөзіне бір көтеріліп қалды. Өңі құбылып, қысық көзі күлімсірей түсті. Жымиып еді, тістері ақсиып, шамның жарығымен жылтырап тұрды. Алпысбай басқаларға қарағанда Тарастың бұл сөзін анық ұқты. Неге? Өйткені, Тарас бұл жүрісте құр жай көмекші емес, ақылгөй ұстаз боп жүрді. Тарас Иванович онша үлкен төңкерісшіл болмаса да, соғыстың ащы-тұщысын, елдің бақытсыздығынан басқа дәнеңе қызығын көрмеген қара шаруаларынан анағұрлым бұрын көрген болатын. Оның «қызығы», оның басынан кешірген сабақтары, азғантай болса да, төңкерістің күшті рухы, келешекке сенушілік ой еді. Тарас Иванович өзінің осы сияқты болмашы бір өзгешелігімен, жалбыр тонды, көң етікті, ескіліктен қажыған, мұқалған бір уыс қана қазақ, орыс қара шаруа партизандарының арасында қылтиып қана жанған шам тәрізді еді. Бірақ ол шам осы жүрісте төңірегіне әлденеше шам жақты. Әсіресе, Алпысбай мұны жақсы түсінетін. Сондықтан да ол Тарас Ивановичтың берген ақылынан бір минут те айырылмайды. Ол онан сабақ алды, ол сабақты өз арасына талдап түсіндірді. Бұл арадағыларға жігер берді. Қайрат берді.


Түн ортасы болған кезде үйдегілер біртіндеп жоғала берді. Бүкір кемпір үлкен бір тұлыпты ауыз үйдегі ақ пештің үстіне жайып салып, ұйқыға жатты. Біраз уақыттан кейін ішкергі үйде Тарас Иванович пен Алпысбайдан, Жақыптан және Кузьма деген ұзын бойлы еңгезердей бір партизаннан басқа ешкім қалған жоқ.


— Біз таң атар-атпаста бұл қаладан шығуымыз керек!— деді Тарас бір есінеп алып, шашын салалап.


— Да!— деді Алпысбай.


Ауыз үйдегі кемпір күрк-күрк жөтеліп, әлдене айтып сандырақтап жатты.


— Апырмай, әлгілер казак-орыстардың қарауылына кездесіп қалмаса жарар еді,— деді Алпысбай әрі-бері ойланып. Сүйтті де, көзі жұмылып үстелге басын сүйей берді.


Тыста аттардың қасында түкпірде отырған Жақып пен Кузьма екеуі бір-біріне сыбырлап сөйлесіп отырды. Көшеде тықыр білінсе құлақтарын салып тыңдап тұрды да, өшкен кезде тағы да біріне-бірі сыбыр-күбір етеді. Бұлар Михайловтың лавкесін бүгінгі түні аршуға тиісті. Отряд адамдарының не күйде екендігін ойлап отырды. Кім біледі? Мүмкін қолға түсіп қалар. Өздерінің ғана қолға түскенімен қоймай, отрядтың түгел табылуына, казак-орыстардың қолына түсуіне себепші де болар. Егер сүйтсе... Қой!


— Бір көйлек-дамбал киіп қалсақ екен.


— Қайдан?


— Кездеме қолға түссе...


— Кім тігіп бермек?


— Әлде әйел аз ба?


— Әй, қойшы Жақып!


Түнгі сағат үш кезінде аспаннан ақырындап ақша қар түсе бастады. Біраздан кейін азғантай жел үрледі...


Тастай бірдеңе кеудесіне батқаннан кейін пештің үстінде жатқан бүкір кемпір көзін ашты. Үйдің іші қара көлеңке, терезеден атып келе жатқан таңның сәулесі ағараңдады.


— Ә, ә, Алпысбай... Тарас...


Ақырындап басын көтергенше болған жоқ, дәл құлағының түбінен ақырған дауыс шықты.


— Әй, мыстан кемпір! Бандылар қайда? Оларды қайда жасырдың? Айт жылдам!


Бүкір кемпір көзін ашып, дауыс шыққан жаққа қарады. Есіктің алды толып тұрған қылыш-мылтықтылар, арасында қазағы да бар. Дәл бас жағында жирен мұртты, секпіл бетті бір казак-орыс тұр. Кемпір оны таныды. Оның ойына бұдан бір күн бұрын қораның сыртындағы шөпті тасып әкеткен казак-орыстардың ішіндегі қоразданған осы жирен мұртты түсті.


— Мен білмеймін!— деді кемпір пештің үстінде отырып ақырын ғана.


— Балаң қайда?— деді тағы біреуі.


— Балам подвод әкетті. Оны өздеріңіз жіберген жоқсыздар ма? Әйтеуір сендердің кісілерің жіберді.


— Балаңды қайда жібергенін көрсетерміз біз саған!


Балаң банды, большевик. Өзің большевиктерді тығасың. Оңбаған кемпір! Айт жылдам, олар қайда кетті.


— Кім? Құдай сақтасын...


— Құдай сақтасын?!.. Көрсетермін мен саған! — Кемпірдің көз алдында қамшы ойнақтады. Бірнеше адамдар ішкергі үйді астан-кестең қып жүрді.


— Алпысбайдың белгілі бір тамыры осы Гүргірей болса, осында болған,— деді түлкі тымағы бар ілбиген көзді бір қазақ. Ол Салмақбай еді.


Қасындағы шоқша сақал кемпірдің қасында тұрған жирен мұртқа қарап күбір ете түсті.


Ол шоқша сақал — Тұқпат қажы еді.


Казак-орыс Самародовтың атын атап қажыға бас изеді.


— Сен кәрі ит, бандылардың қайда екендігін айтасың ба?— деді кемпірді қамшымен бір тартып қалып.


Кемпір өкірді. Жаурынын ұстап барып пештің басынан төмен қарап құлап, сылқ ете түсті де, бүктетіле қалды. Казак-орыс оған қараған жоқ, үйдегілерді ертіп тысқа жөнелді.


Бүкір кемпір, сол жатқаннан тұрмады.


Қала у-шу. «Михайловтың лавкесін талапты» деген хабар қала халқының барлығына естілді. Жұрттың көбі таңертең у-шу шыққанда-ақ бірінің соңынан бірі жүгіріп лавкенің алдына тоқтады. Бай Михайлов жұртты иіріп қойып әлдене сөйлеп, аузынан ақ көбігін ағызды. Біресе, қабағын қарс жапты, біресе жұдырығын түйіп көкке сермеп ант-су ішіп тұрды.


— Большевиктердің, бандылардың тұқымын құртуға бар малымды аямаймын!— деді бай Михайлов көзін алартып, құтырынып.


Қаланың кедей шаруалары, бірін-бірі нұқып қалып, іштен тынды. Кейбіреулері мырс етті.


— Тұқпат қажы бай Михайловтың қасына келіп қолын ұстады да, көңіл айтқандай болды.


— Құдай тірлік берсе, мал-бас садақасы. Тек, Михайлов тамыр, тірі бол! Ие соны айт!— деді.


Михайлов бай төмен қарады.





Пікір жазу