09.05.2023
  66


Автор: Мәжит Дәулетбаев

БҰРҚАН МАҒЗҰМ

 


Есіл бойындағы қыстаулардың бірінен, кашава шанаға, жеккен пар ат, аласа бойлы, сидаң шіліктердің арасына кіріп біраз жоғалды да, әрі-беріден соң сопақ етіп, батысқа қарап шыға жөнелді.


Кашаваның үстінде екі-ақ адам. Бірі — ұзын қара тұлыпқа оранған көшір. Бірі — төрде кашаваның бір мүйісіне жантайып жатқан сұр шенелді, үлкен сеңсең бөрікті жас жігіт. Өңіне қарағанда татарға ұқсайды. Кашаваның бір жақ мүйісінде тік сүйеніп қойылған карабин мылтық тұр.


Жақынырақ келіп қарағанда адамға кашаваның алдыңғы жағы орта белінен орап-орап тасталған тәптіштеулі сары қағаздар. Бұл «Қ» қаласында ақтардың шығарып тұрған, татар тіліндегі «Отан» және қазақ тіліндегі «Жас азамат» газеттері еді.


Кашавада отырған жас татар жігіті осы газеттерді таратып, әрі өзінше «уағыз-насихат» айтып большевиктерге неше түрлі пәлені үйіп-төгіп жүрді.


Көшір боп отырған жігіт «Қ» қаласындағы жатақтардың бірі Бөгенбай Нүсерұлы деген қазақ еді.


Шанадағы татар жігіті басын жоғары көтеріп жан-жағына бір қарап алды да, Бөгенбаймен әңгімелесуге кірісті.


Бөгенбай алдындағы қарды қамшының сабымен біраз қаққыштап алып, атты біраз аяңдатып, шанадағы жігітке бұрылыңқырап отырды.


Бара жатқан беттері қар басқан жазық дала. Бір жағында Есілдің биік жары көрінеді. Жардың төбесінде, тар ғана сарғайып жатқан жолда, олай-бұлай өткен жалғыз-жарым атты, жаяу қара көрінеді.


— Әй, сенің есімің кім?— деді Есілдің биік жарын көзімен сүзіп келе жатқан көшірге татар жігіті.


— Бөгенбай Нүсербаев!


— Шолаймыни?— Мен сенің өзіңні Нүсербай деп жүрмін әлі. Алай екен!.. Әй, Нүсер... Иоқла... Бөгенбай, қазір ненди ауылға барамыз?


— Қазір алдымызда жеті-сегіз шақырымнан кейін «Қойсойған» ауылы келеді, онан кейін «Тайсойған» бар, онан кейін «Түйесойған» келеді...


«Осы не айтып отыр өзі?» деген кісіше, татар жігіті Бөгенбайға біраз аңқиып тұрды да:


— Әй, Бөгенбай, сен миыңа әлләнеләрні боташтырдың аңламай қалдым... Өзің сен мұндағымы?


— Осындағы.


— Шәһәрдә көптен тұрасыңмы?


— Е, әлдеқашан бала жасымнан бері.


— Сен, бұ жерлерні қайдан білесің?


— Е, қатынап тұрған соң...


— Қатын алып тұрғаш дейсіңмі? Қатынны шошындан алдыңмы?


— Жоқ, ойбай, қатынап, араласып тұрған соң деймін!


— Ә-ә-ә...


Біраз жерге дейін біріне-бірі сөз қатқан жоқ. Танауынан ақ көбігі атқан аттар анда-санда пысқырып қояды. Басылып қалған қар шананың табанын жалап ысқырып, аттардың тұяғы кірт-кірт басады. Анда-санда шана окопқа ұрынады да, отырғандарды олай-бұлай теңселтеді, бастарын сылқ-сылқ еткізеді.


Шанада отырған жас татар жігіті көзін біраз жұмады да әлгідей болмай, селк ете түсіп қайта ашады. Ол, Бөгенбайға сенбейді. «Освободительная армиядағы» газетші жігіттер ел арасындағы түрліше ғұрып−әдеттерді, қауіпті оқиғаларды айтып, оның үрейін алған болатын.


— Қырғыздар алар бегірәк қайлакер болалар. Іслам дінінің ең өткір жазаларын айтып қорқытмасаг болми. Мүфти, ақон имам, молла... Міне аларның риғая ете тұрған адамлары. Шоңа кәрә, нишикте болса дини яғынан көбірек сүйле, әсер берерге тырыш. Яқса қарап боласың!— деп еді оған «Отан» газетіндегілер.


«Жас азамат» газетіндегілер де, «алашшылар» да бұған соны айтқан. Елге шыққанда, әсіресе, қазақтың байларымен, қажыларымен, молдаларымен мықты байланыс жасауды түсіндірген болатын.


Татар жігіті Бұрқан Шиябутдинов ақтың «Освободительная армиясына» фронт Уфадан недәуір әрі жатқанда кіріп қосылған бір молланың баласы мағзұм еді. Ақтар газеті мұны сонда-ақ инструктор қып алған еді. Жолшыбай ақтар Сібірге қарай шегінердің алдында сол төңіректегі башқұрт ауылдарына шығып, башқұрт солдаттарын ақтар жағына еліктіруге себепші болғандардың бірі де осы мағзұм Бұрқан Шиябутдинов болатын. Атышулы қызыл әскер шабуылды күшейтіп, ақтар қолындағы қала бірінің соңынан бірі қызыл әскердің қолына көше бастағаннан кейін-ақ ақтың «Освободительная армиясы» баспасөзін күшейтіп, қызыл әскер туралы неше түрлі өтірік-өсекті таратты. Оларға көмекші ретінде бері келе, алашшылар «Жас азамат» газеті қосылды. «Батан» газеті не десе, «Жас азамат» газеті соны неше түрлі қып «нәштап» қазақ байларының тілімен сөйледі.


Міне, Бұрқан мағзұмның да мойнына жүктелген «міндет» осы еді.


Кеш. Ымырт жабылып қас қарайып бара жатқанда, пар ат жеккен кашава шана Сапақ ауылына келіп тоқтады.


— Молда әбзи қайда тұра?— деді, шолпысы сылдырлап аяғының ұшымен ғана басып, бір қораға кіріп бара жатқан жас қызға татар жігіті.


Қыз үндемей аңтарылып тұрып қалғанда Бөгенбай сұрады.


— Мешіттің сыртындағы анау ағаш үйдің қасында,— деп қыз қораға кіре берді.


Бұлар қыз нұсқаған жаққа қарай жүре бергенде манағы қыз кірген қораның ішінде бірнеше кісілер қақпаның алдында бұларды қарап тұрды.


Сапақ ауылының имамы Телпекбай молла Бұрқанның мағзұм екендігін білгеннен кейін, астына төрт қабат көрпе салып, жанбасына жұмсақ жастық тастады. Шорам үйдің ішіндегі асқан қазанға ет үстеледі, самауыр қойылды. Ауылдың дағдысы белгілі, ауылға жолаушы келсе, біртіндеп бала-шаға жиналады. Мұнда да сөйтті. Үлкен-кіші аралас молланың үйіне жұрт жинала бастады. Бәрінің де таңданғаны татар жігіті. Жас балалар аузына бас бармағын салып таңданып, біресе Бұрқанның сыртында жапсарда тұрған карабин мылтыққа, біресе есік алдындағы тәкпештеулі сары қағаздарға, газеттерге қарайды. Айналып келіп бәрі де көзі кіртиіп, анда−санда есінеп қойып отырған татар жігітіне қарайды.


— Сүйтіп, большевиктер бұл араға келмейтін болды ма?— деді Телпекбай молда Бұрқан мағзұмға.


Бұрқан мағзұм ұзақ есінеп, аузын жабар-жаппас:


— Ие, молла абзал. Біз жеңеміз... аларыны дінсізлерні біз жеңеміз. Міне, шоңар көрә «уағыз-насихат» айтіргә шықтым,— деді де. Газеттерді әперші деген түр көрсетті анадай отырған Бөгенбайға. Бөгенбай сары бунақ газеттерді әперіп, манағы орнына барып қайта отырды.


— Міне, босы «Батан», міне, босы «Иаш азамат», оқыңыз таратыңыз!— деп бастап Телпекбай молдаға, онан кейін маңайдағыларға лақтырып-лақтырып тастай берді.


«Жас азамат» газетінде «Соғыс майданынан» деген ірi жазудың астында, мынандай хабарлар тұрды. «Большевиктер енді ұзақ жасамайды. Енді көп болса, жеті-ақ күн өмірі қалған шығар. Колчак, Дутов, Юденич, Деникин... сияқты ардагерлер тұрғанда, біздің «Алты алаш» большевиктерге жем болмайды.


— Ә, бәрекелді! Бәрекелді!— деді Телпекбай молда хабарды оқып болып.


Есік жақта отырған жұрт, біріне-бірі қарады, түсінбеді.


— Е, әлі ақтар күн сайын шұбап қашып жатқан жоқ па? Әлде олар бөлек пе?— деді аңқаусымақ бір кедей шал, қасындағыларға алақ-жұлақ қарап.


Бұрқан мағзұм күлімсірей түсті. Бірақ оның күлкісі ызалы күлкі еді. «Енеңді ұрайын башыңны бітіриммі!» деген ашулы күлкі еді. Телпекбай молла Бұрқан мағзұмның көзқарасын байқады да, жаңағы сөзді айтқан шалға қарап:


— Тәйт, былшылдама, Құдаке! Дәнеңенің иісін білмейсің, құр бекер сөз қып...


Шал айыпты болған адам құсап, азғантай қопақтай түсіп, төмен қарады.


Телпекбай молда, ел ішінің тиышсыздығын айтып келіп, Алпысбай мен Тарас Иванович деген бір «қашқынның» партизандар отрядын ұйымдастырғандығын, оған қарсы Тұқпат қажының отрядын айтты. Партизандар отрядының кейде алыстан, кейде жақыннан қалатындығын айтты. Тыңдап отырған Бұрқан мағзұмның көзі тасырая берді.


— Бізге бо қақта хәбәр иоқ!— деді тамағын кенеп... сыртында тұрған карабинге бір қарап қойып. Әйтсе де білдірмеген болып:


— Әй, постяк!.. Тұтып аларға керек!— деп қойды.


Бұрқан мағзұм тыстағы дыбысқа құлақ қоюшаң болды. Ең аяғы кенеттен тыста ит үрсе де селк ете түсті.


Алпысбайдың отряды туралы, қызыл партизандар туралы сөйлегенде есік жақта отырған манаты шал және оның қасындағы бірнеше жалбыр қаудыр тонды жігіттер құлағын тігіп, Телпекбайдың аузына қарады. Мағзұм тұтып аларға керек деген кезде, олар біріне-бірі қарап мұрттарынан күлген сияқты болды. Оны ешкім байқаған жоқ.


— Тұқпат қажының отрядын Салмақбай бастап әкетіпті ғой, ол соқыр, пәле соқыр!— деді молланың қасында отырған Бұзаубай қажы.


Сонан кейін, сөз саябырлады. Есікте отырған кейбіреулер өздері шыға жөнелді. Шықпағандарын Телпекбай молланың қасындағы Бұзаубай қажы балағаттап, ұрысып, шығарады:


— Бұл иттерге сөз не керек екен? Ауылға біреу келсе дамыл бермейді. Тесірейіп сөз аңдып қарайды да отырады. Әлде маған сол!..


Қайнаған қазан әлдеқашан түсірілген, ет желінген. Еттің артынан біраз шай ішіп, далаға шығып келді де, Телпекбай молланың үй іші төсекке жатты. Бұрқан мағзұм бәрінен соң жатып еді, көпке дейін ұйықтамады. Оның көз алдына әлденелер елестеді. Телпекбай молланың манағы сөзі, партизандар туралы әңгімесі Бұрқан мағзұмның көңіліне қобалжу кірді. Ол партизандар туралы оқиғаны армия арасынан естіп қана білетін. Оның көз алдынан әр жерден үйір-үйір боп шапқылап шыққан партизандар келді. Өңі, түстері қорқынышты. Беттерін түк басқан. Белдерінде неше түрлі қару-жарақтың барлығы да бар. Олар қабағын түкситіп ентелеп келіп, Бұрқан мағзұмның кеңірдегінен алайын деп тұрған тәрізді.


Бұрқан мағзұм көпке дейін ұйықтай алмады. Біресе тұрып отырды, көзінің алды қараңғы шым үй. Дәнеңе көрінбейді. Төңірегінде қорылдап ұйықтап жатқандар. Тағы қайта жатты. Оның көзіне есік алдында отырған манағы кедей қазақ шалы елестеді. Ол көзінен сорасын ағызып Бұрқан мағзұмға мөлиіп қарап тұрған тәрізді. Ерні әлдене деп қимылдайды. Әне... Жағасынан алғалы келе жатыр. Бұрқан мағзұм шегініп барады.


Бұрқан мағзұм ұшып тұра келіп, жапсардағы мылтығын қойнына алып жатты.





Пікір жазу