САТЫНДЫ САЛМАҚБАЙ
— ...Маған наныңыз қажы!.. Менің ақ патшаға сіңірген еңбегім аз емес еді ғой! 1916 жылы Жамантұз болысындағы шабармандық еткен кезімде ақ патшаның жарлығына мойын сұнбаған талай қуларды кристьянский нашандікке ұстатқызып бергізгем. Оны енді өзіңіз де білерсіз. «Алпысбайдың отрядында болған» деуіңіз қате. Оларды көргенім рас, бірақ қосылғаным жоқ. Мынау орыстарыңызға айтып түсіндіріңіз. Ақ патшаның өмірінен әлде болса таймаймын, қолымнан келген көмегімді беремін...
Алпысбай отрядын іздеп жүріп Тұқпат қажы отырды «Шілікті» қыстауына қонып отырғанда, Салмақбай бай деген қу Тұқпат қажыға осыны айтып отырды.
Қазан асулы. Ауылдың «игі жақсы» адамдарының көбі Тұқпат қажының үйінде, қажымен қатарласып төрде отыр. Самародов пен бірнеше казак-орыс карта ойнады.
Тұқпат қажы күпісін жамылып, сақалын салалап, тамағын қайта-қайта кенеп алып:
— Нанбасқа да болмайды. Нанбай отырған күнде де ат пен шапан айып тартқызатын ой тағы да жоқ. Әкең Шектібай марқұм менімен құрдас адам еді, жаны жаннатта болғай-ақ. Алпысбайды көрдім деп өзің айтып отырсың ғой. Нақақ екендігіңді ісіңмен ақта. Әуелі құдай, екінші, ақ патшаның жолына қиянат еткен Алпысбай тәрізді мұңдарларды ұстап беруге көмек ет. Ат арытып, ізденіп жүргендегі мәніміз осы... «Себабіл мұсаппап» дегендей, себепкерлік ет, мақсұт қасыл болсын, ия, сүйт!
Қажының қасында отырған «игі жақсы» ауыл ақсақалдары «енді не айтар екен» деген кісілерше, барлығы да Салмақбайға қарады.
— Ия,қажы Қарамейін дұрыс айтады.
— Тұғырың төмен болғанмен де, атқа мінген атағың бар. Әлде болса ақта!
— Құдай үшін, дін үшін деген.
— Ия, Салмақбай шұбыртпалық ет, жолдасың қызыр болсын!
— Аумин!
Қатарда отырған ауыл ақсақалдарының біразы сөйдеп көңілдесіп қойды.
Салмақбай төмен қарады. Оның манадан тосып отырғаны да осы сөз еді. Ол ежелгі қара жүз тыңшы еді. «Ұлықтарға» жағыну, бірдің сөзін бірге жеткізу, ұстап бергізу — оның ең жақсы көрген кәсібі болатын. Оның ойына осы жөнмен істеген талай жұмыстары түсті. Әсіресе, 16-жылы Жамантұз болысында шабармандық етіп жүргендегі еткен «еңбегіне» крестьян начальнигі арқылы алған жез медаль оны толғандыра берді. «Мұны да көрсін» деген кісіше қойнын аша түсіп еді, қызыл ала бауға жапсырған кеудесіндегі жез медаль көрінді.
Адал еңбектің белгісі анау ғой!— деді медальді алдымен көрген ақсақалдардың бірі.
Тұқпат қажы оны көріп күлімсірей берді Салмақбай көзінің астымен қарап қойды да:
— Мен ертең сіздермен бірге аттанамын. «Осында» деген күдікті жерлерге түсіремін, құдай қуат берсе, себепкерлік етемін. Басым садаға!— деді.
Біраздан кейін Салмақбайдың кеудесіндегі медальді төрде бір жақ түкпірде отырған казак-орыстар кезек-кезек тамаша етті.
Қажыдан медаль алғандықтың мәнісін сұрап еді, қажы нобайлап түсіндіріп айтып берді.
— Значит, біздің кісі!— деді Салмақбайды арқаға қағып Самародов.
Салмақбай, жымиып тісін ақсита қойды.
Қажы имамдық етті, отырған ақсақалдар ясиқ намазын оқып алды. Кірі айғыз-айғыз дастарқан жайылды. Ет отырған жұрттың алдына келіп еді, кейбіреулер қол жуатын оймен түрегеле бергенде, Салмақбай шылапшынды алдарына әкеп, үлкен қара құманмен қолдарына су құйды.
Ет желініп болып, әрі-беріден соң жұрт далаға шықты.
Ай қараңғы, қара бұлттар бөлшек-бөлшек болып аспанда түксиіп тұр. Қыстау жым-жырт. Ешқайдан дауыс білінбейді. Тек сыртта иттер ғана абалап үреді. Әлдекімнің қорасында, плетен сыртында от жарығы көрінді. Онда казак-орыстар, отряд жігіттері қонып жатқан, аттарын қарап, жем салып жүр еді.
— Әй, тиыш, тиыш!
— Так, так, так!..