МИХАЙЛОВТЫҢ ЛАВКЕСІ
...Неге екені белгісіз, базарға келушілер бұрынғыдан анағұрлым көп. Қойдың, сиырдың стәгі, ұн, бидай... Шана-шана боп қатар түзеген. Аяқтың асты — малдың тезегі, шөп-қоқым...
Әр жерде бірі алып, бірі сатып жатқан, дабырлаған халық. Төңіректегі он бес, жиырма шақырым жерлердегі ауылдардан келген қазақ шаруалары «Суббота базарында» толып жүр. Оның ішінде бай мырзасы, алыпсатар сәудегері, әсіресе көп. «Суббота базары» сайын дәндеген. Тұра қалған жерлері сарт-сұрт шапалақ. Не сатып алады, не сатады, не айырбастайды.
Базардың бір жақ түкпірі бас жіп, ноқтаға тізген мал, бұл мал базары. Мұның ішінде казак-орыстар да аралас. Казак-орыстар мұнда мастір де, «базарбай» да, сатып алушы да, тартып алушы да, қит етсе боқтап балағаттап, желкелеп ала жөнелуші де болып жүр.
Бұлардың аузынан түспейтін дағдылы сөзі:
— Ей, енеңді... Атаңды... Шірік! Сатсаң осы бағаға сат, сатпасаң, айда, жүз басыға жүр!
— Сволочь! Ертең большевик келе қалса, астына жұмсақ көрпе салып, май-мақан беріп, қалай қошеметтер едің! Қане, бері жүр!
— Тимошке! Сол қырғызбен несіне саудаласып тұрасың. Аузына бір қой да, алып жүре бер. Не қамшымен бір сал! Шабаш!
— Саған базар керек, ақша керек, а бізге подвод керек. Бері алып жүр атшанаңды! Айда, скотина! Таңдайы тақ-тақ етіп, түлкідей бұлаң құйрыққа салып, көзі ойнақтап тұрған қу саудегерлерге, бай-мырзаларға казак-орыс тие де қойған жоқ. Барын, жан ашыр малын базарға салып, киінуге тұрған кедей шаруаларға, крестьяндарға казак-орыстың қара жүректері, дігір таяқты көп ойнатты.
Егер жұғыса кеткен казак-орыстар болса, қу саудегерлер, мырзалар «ық жағына» шығып:
— Әй, тамыр!.. Сен бізге жақынсың... Сен мені «көбеш» базарында талай көрген боларсың! Прокофийді білемісің?.. Ол біздікінде болған. Біздің ауыл осы жерде, жақын. Келіп, мақан же!— деп ақшаларын сытырлата қояды. Ақша ауыздарына тығын салады. Оны місе тұтпағандарына шанада тұрған стактен ет шауып береді, ұн болса одан өлшеп береді, қалайда көңілдерін аулайды, жарамсақтанады.
Базардан аз-ақ қашық тұрған көк күмбезді, ақ тас шіркеу қоңырауды ерте-ақ қағып-қағып қойып еді. Базарға жұрт жинала берген сайын шіркеудің де қоңырауына дамыл болмады. Біресе даңғырлатады, біресе шіңгіл-шіңгіл етеді. Біресе қаланы өрт шалғандағы қоңырауындай болып, қатты-қатты қағады.
Саналы шіркеудің даңғыр-дұңғырына мазасы кеткен адам құсап, бетін тыржитып, жоғарыға бір қарады да, ішінен «Осы не қыл деп тұр? Жар шақырғаны ма? Бұзаубай қажының дәкпіріндей дәкпір ме? Базарға жұрт жиналған түрі ме?» деп қойды.
Саналы Бұзаубай қажының үйінен бір шана бидай артып әкеліп еді. Онан арылғанша қажының мырзасы мен екеуі базардағы у-шудың ең ортасында тұрды.
— Қалған бір қапты босатсаң, Михайловтың лавкесіне барып кездеме, қант-шай алар едік!— деді, қажының мырзасы, арық қара шұбар, жас жігіт. Аты Ботай еді.
Саналы үндемеді. Оның ойына Алпысбайдың отрядына жазылып тұрып, байдың бидайын артып, базарға келіп жайланып жүргендігі түсіп отыр еді. Ол отрядтың басшыларымен жолығып қалғанына, міне бүгін бір жұмадан асты. Сонан бері партизандар отрядынан ешкімді көрген жоқ. Олардың қайда кеткендігі осы күні қайда жүргендігі белгісіз. Оларды кім біледі? Әлдебір жерде көп ақтардың қолына кездесіп, жазатайым қырғынға ұшырады ма? Әлде қолға түсті ме? Әлде бір жерде бұғып жатыр ма? Бұл Есіл төңірегінде бүкіл бір отряд бұғып жататындай саялы жер бар ма? Қалың ағаш бар ма? Тау бар ма? Биік құз бар ма? Жоқ! Ендеше, олар қайда жүр?..
Мал базарының төңірегінде олай-бұлай ат шабыс болып жатты. Әсіресе, қара сақалды, бұйра шаш бір сыған доп-домалақ бір қара жорғаны олай да, былай да жіберіп, жіберіп алды. Жұрт бірте-бірте мал базарына қарай ағылып барады.
Саналы мен Ботай бидайды сатып тауысып, мал базарында біраз жүрді де, шіркеудің бір жақ бүйіріндегі, бір көк дүкенге, Михайловтың лавкесіне келді.
Михайлов Евгенге поселкесіндегі бай да, амалқор да, жауыз да болатын. Ол ел қазақтарымен көптен ашына. Ол сол төңіректегі Ырсай елінің атақты атанған байларының, қажыларының барлығымен де істес, барлығымен де жақын таныс. Ол поселкедегі крестьянға өтпеген товарын сол өзінің елдегі бай таныстары, тамырлары арқылы оп-оңай өткізетін, қонған түстенген байларды, ол өзінің үлкен қорасының ішіндегі пілегір үйіне жатқызатын; етпен, арақпен, шаймен, жұмсақ қалашпен сыйлайтын. Аяғында барып, сауда жұмысындағы амалқорлығын жүргізетін, мақсұтын орындайтын. Елдің бала оқытқан мұғалімдері шеттен хатты, газет-журналды сол Михайловтың адресі арқылы алатын. Өйткені оның адресі арқылы түскен почта жоғалмайды — бір; екінші — оны поселканың барлығы біледі, әсіресе почта тез біледі!
Қажының мырзасы Ботай Михайловтың лавкесіне кіре жөнелгенде, Саналы сыртта тұрды.
Түс ауған. Базардағы жұрт бірте-бірте қаланың көшелеріне тарам-тарам болып тарқай берді. Анда-санда топталған атты казак-орыстар найзаларын тік ұстап шапқылап өтеді...
Михайлов-еңгезердей, буырыл сақалды, поптарша ұзын өсіріп, сыртына қайырған, үлкен сұр көзді, мұрны қол тоқпақтай, қарынды орыс.
Лавкеде приказчигі мен екеуі ғана. Алушының көбі ел қазақтары еді. Михайлов қысқа көйлегінің артқы етегін бір тартып қойды да, есіктен кіре сала күлімсірей түскен Ботайға қол созды.
— Ә, здарстый, здрастый! Бұзаубай аман ба? Қалаға неге сирек келеді қартайды ма? Алжи бастады ма? Екеуміз жасты едік қой! Мен әлі алжығаным жоқ, қа-қа-қа... Айда, қош келдің!
Ботай қойнын ашып, қызыл шыт белбеуді босатыңқырап, езу тартып жымия қойды.
— Кемпір-шалға шай керек, қант керек. Етікке ұлтан керек. Бар ма?
— Табылады. Әзір Михайлов тірі тұрғанда, не табылмайды. Басқаға таппасақ та Бұзаубайға табамыз!
Басқа жұрт аласа бойлы, жирен сақалды приказчиктің төңірегінде түрлі товар сұрап дабырлап жатты:
— Анау қызыл сәтенге не сұрайсың?
— Барқыт бар ма?
— Анау шұбар сисаңды көрсетші!
— Шылиялық қайысқа не сұрайсың?
— Шайың не тұрады? Нешінші?
— Маған бес өлше!
— Былғары жоқ па? Көзел...
Михайлов Ботайдың сұраған товарын алдына қойып, шот қақты.
Далада шананың үстінде отырған Саналының қасында түйе жүн шекпен киген, ескі елтірі тымақты салт біреу тұрды. Кескіні анық көрінбейді, көзі жылтырайды. Сыртқы түріне, атқа отырысына қарағанда, былай өтіп бара жатқан адам, «тәйір, Ырсайдың көп ұрыларының бірі шығар»,— деп ойлар еді.
Бұл салт атты белгісіз кісі мен Саналының екі ортасында кейде сыбыр, кейде күбір сияқтанып мынау сөздер естіліп тұрды. Маңайдан өтіп бара жатқан адамға тек Саналы ғана мойын бұрып қарайды.
— Саналы, сен әлі Алпысбайдың отрядынан хабар-ошарсыз жүр екенсің.
— Е, қайдан білейін... Құр көңіл білдіргенім болмаса, өзім әлі күнге отрядқа араласып, жаумен бір жағаласып көрген емеспін.
— Әуелі — құдай екінші, сен себепші болдың ғой, өйтпегенде түнеугүні Тұқпат бастап әкелген ақ банды жігіттердің қолына оңай-ақ түсетін едік. Тарас пен Алпысбай әлі күнге осыны айтып қоймайды. Бірен-саран өлгендер болмаса, басқамыз аман құтылдық.
Саналы шанадан түсіп, салт атты адамның торы төбел атының жалынан ұстады. Салт атты адам Саналыға қарап тағы да төменірек еңкейе түсті.
— Қазір өздеріңде күй қалай?
— Күй онша қауыпсыз да емес. Жер-жерге бытырадық. Бірталайымыз Ақжар төңірегінде, бірталайымыз Андреевкенің күн батысында, Тарас, Алпысбай және бірнеше адам осында бытырап, жер-жерде баспана қып жатырмыз.
— Әй, казак-орыстар тосып жүр ғой!— деді, селк ете түсіп Саналы,— көзге түсіп қаларсыңдар...
— «Суббота базары» сылтау болды. Анау қаланың сыртындағы тиірменді білесің ғой?
— Жеті тиірмен бе?
— Ия, соның бер жағындағы бұзылған қорада. Гүргірейдің жесір қатынының үйінде жатырмыз. Тарас Гүргіреймен тірі күнінде өте достас болған екен.
Шіркеу тағы да қоңырау қақты. Бірнеше мас орыстар, мосқал қатындар бірі мен бірі құшақтасып ән шырқап, теңселе басып өтіп бара жатты. Саналы салт атты адаммен қоштасып, оны көзімен шығарып салды. Желе жортып, қарды артқы екі аяғымен кірт-кірт басып, лақтырып тастап бара жатқан аттың тұяғына салт атты адамның екі жақ бүйірін сабалаған екі қолының тіркесіне Саналы ұзақ қарап тұрды.
— «Әттең, бала-шаға... Әйтпеген күнде бұлардан қалатын не бар?»— деді ішінен Саналы. «Е, олардашы!.. Оларда бала-шаға жоқ па екен? Сөз бе екен?» — деді артынан тағы өз-өзінен.
Көп ұзамай Ботай да Михайловтың лавкесінен шықты. Сыртқы шұға күпінің қойны, саба қарынды үлкен, семіз бәйбішелердің кеудесіндей. Жиегін қызыл пүлішпен тыстаған ұзын қонышты байпақтың біріне қолды салып жіберіп шақшасын алды да, үлкен шақшаны ерінге көтерді. Артынан шақшалы қолын ұсынып тұрған Саналыға берді де:
— Жылдам ауылға жөнелейік. Соғысты жаман атап тұр ғой!
— Кім?
— Михайлов шал.
— Не қыпты дейді?
— Не қылғаны сол. Атты бұршы!
Саналы атты оқысырақ бұрып қалғанда, кашво шана бір жағына қарап аударыла түсті.
— Байқап, байқап бұрсаң болмады ма?
Ат Есілдің биік жарынан төмен қарай шананы алып ұшып бара жатты. Есілден әрмен өтіп шыққанша шанадағылар біріне-бірі ым қаққан жоқ.
Саналы қажының мырзасы Ботайды иттің етінен жек көретін. Оның мәнісі — Ботай өлгенше монтаны, боқтампаз, қит етсе-ақ Саналыны әкесіне шағыстырғыш келетін. Былтырғы жылы Ботай «Саналы қотаннан қой ұрлап сойып жепті» деп, соның кесірінен Саналы қажының шөбін шауып беріп, егін орып, соғып, үш-төрт айдың ішінде құннан әрең құтылған еді. Әйелі қажының үйіндегі күңдіктен әлі құтылған жоқ. Сондықтан, Саналы Ботайға, оның үй-ішіне өте жексұрын көзбен қарайды. Оның жүрегіндегі кек, ыза баста осы жөнмен барып, ұлғайды.
«Не Бағаналы, Тама елдерінің бірі болсам, басыңды әлдеқашан боқтыққа жастап кетер ем, әттең араңда отырмын»,— дейтін өз-өзінен ызаланып Саналы. Төңкерістің тарихи алғашқы толқынымен бір аударылып түскенге дейін, жүрегінде алғашқы рет тап сезімі оянғанға дейін, Саналының кегі, ашулы түйіні, өзіне ғана жәбірлік еткен Бұзаубайда ғана болды. Бері келе, Саналы өзі құсағандардың тіршілігін, тұрмысын салыстыруға кірісті. «Шорман» аулындағы Жақып Қыстаубайұлының, «Мәтен» ауылындағы Алпысбай Сүтемгенұлының, Тоқан, Салық, Көмекбай, Мергенбай батырақтардың ауыздарынан естіген, көрген жәбірліктері, жүректегі түйінді кекті ұлғайтуға себепші болды. Бірақ ол ойды іс жүзінде біріктіру ұйыстыру деген мәселеге Саналы жете алған жоқ. Мұны поселка байларының бақташыларында орыс крестьяндарымен араласып өскен Алпысбай, Жақып сияқты батырақтар ғана ұғына білді.
1918—1919 жылдары азамат соғысының окоптарына төңкеріс рухын жұқтырып әкелген жабайы солдаттар ғана поселка-поселкаға әкелді.
Алпысбай, Жақып сияқты «қой аузынан шөп алмас, момын» деген қараңғы қара батырақтардың саңылауын ашып оларды пысық батырақ еткен, сонау сырттағы Қостанай партизандарының арасына алып барып қосқан себептері де, осы болатын.
Саналы жолшыбай шұбырған казак-орыстарға, көліктерге жол беріп, жолдан бұрылып:
— Келіп жатыр, келіп жатыр. Жаным-ау, осы немелер қайда бұғып жатқан халық? Осылар біздің жақтың халқы емес, ішкергі жақ болуға керек!— деді.
Анығында Саналы мұны жаңа ғана таңсық көріп таңданып отырған жоқ еді, мұндайды ол үш жетіден бері көріп келеді. Тек әшейін Ботайдың тілін шығару, манағы Михайловтан естіген әңгімесінің шет жағасын байқау еді.
Ботай тамағын кенеп, кеудесіндегі қақырығын тартып, жерге бір түкірді:
— Соғыс жақындап қапты. Большевиктер Үпіні алып, ақтарды бері серпіп келе жатыр дейді.
— Михайлов айта ма?
— Енді кім дейсің?
— Е, ол пәле шал. Біліп айтады.
— Большевиктер ақтардан анағұрлым тиышсыз көрінеді.
— Қойшы?
— Қатыннан қатын, малдан мал қоймаса керек. Әсіресе, мешіт пен шіркеуге, молда мен попқа өш дейді.
— Қатындарды қайтеді екен? Соғысқа тамақ пісіруге алатын шығар?
— «Моя-твоя, твоя-моя» дегені бар дейді.
— Ол не дегені?
— «Сенің қатының менікі, менің қатыным сенікі» дегені дейді.
— Бекер емес пе екен?— Саналы көзінің қиығымен Ботайға бір қарап қойды да, езу тартты: Біздің қатындарға өзі де қызықпас. Ақ отаудағы бұрала басқан қыз-келіншектер болмаса...
Ботай Саналыға қарай жалт бұрылғанда, Саналы атқа қарап қамшы салды.
«Осы иттің сөзі қалай?» деді ішінен. Оның ойына келіншегі түсті. Қиылған қасты, таспа белді торы әйел көзінің алдында тұрған сияқтанды. Саналының әлгі сөзі жүрегін қызықтап өткен тәрізді болды. Саналыға жалт бұрылып тағы бір қарады. Саналы оны байқады, бірақ білдірмеді, жауап қатқан жоқ.
Оң жақ қолда, Иау ауылының төбесін көк сырмен сырлаған ағаш мешіті қалып барады. Әлдекімдер ағаштың ішінен отын теріп жүр. Ауылдың иті қатты-қатты үріп қала берді.
Саналының ойына манағы өзімен сөйлескен салт атты адамның сөзі түсті.
«Апырмай, бұлар не қып быт-шыт боп тозып жүр екен?»— деді ішінен. Оның көз алдына жалпақ бұжырлау бетті, жалпақ мұрынды, қырма сақал, тікірейген күрең мұртты етегі білтеленген, түйе жүн шекпенді, көптен басынан түспей келе жатқан кішкентай қара қалпақты Алпысбай елестеді. Осы түрімен Саналы бұдан екі жұма бұрын, түнде өзінің жаман шым үйінде көріп еді.
Алпысбайдың осы кескінін көзіне елестетіп тұрып Саналы партизандар отрядын, ондағы таныс адамдар да бірте-бірте есіне түсіре берді. Біресе оның көз алдына үнемі қуанышы қойнына сыймай тұрған кісіше күлімсірей беретін Жақып елестейді. Ұзын бойлы, ат жақты, селдір мұртты, қошқар тұмсықтылау келген жігіт. Мойнында сылып тастаған бездің тыртығы бар. Көзі үнемі күлімсіреп тұрады. Отрядтағы батырақтардың көбі оны «пірадар» деп атап кеткен. Сөйткен түрмен Саналы бірталай адамдарды көзінің алдынан елестетіп шықты да, «бұлар қайда бытырап жүр екен?» деді тағы да ішінен.
— Тұқпат қажы жігіттерін казак-орыстарды ертіп аттаныпты дейді ғой!
— Кім?— деді ерінген кісіше Саналы.
Ботай, көнтектенген ерніндегі насыбайын бас бармағымен тырнап түсіріп, шырт-шырт етіп бірнеше түкірді. Біраз барғаннан кейін:
— Әлгі Алпысбай итті іздеуге аттаныпты.
Күн батып бара жатқанда бұлар ауылға жетті. Бұзаубай қажының үйіндегі қатын, бала-шаға базаршылардың алдынан шығып, Ботайдың қойнын босатып жатты.
Ауыл үйлері түн ортасына дейін ояу отырды. Базар әңгімесі бірталайға созылды.
Ертеңгі күні Евгенге қаласына қаптап келген ауыл адамдары, «өткен түнде Михайловтың лавкесіндегі барлық товарды сыпырып әкетіпті» деген хабар әкелді.
Мұны әркім әр түрлі жорыды. Бірақ көбі анықтап жори алмады. Мұны жалғыз Саналы ғана білді. Үйде шай ішіп отырып, ащы құртты «кірт» еткізіп бір тістеді де, мырс етіп мұртынан күлді.
— Не көрінді?— деді әйелі Кәтіш, бесіктегі баланы шешіп жатып.
— Жәй, әшейін... Біздің кейбір жігіттер Михайловтың лавкесін кәдеге асырған екен,— деді.
Кәтіш «арасында жүрсең сен де үлес алар едің, несіне, күлесің» деген кісіше, өкпе көрсеткен түрмен, аузын торситып, Саналыға бір қарап қойды.