09.05.2023
  72


Автор: Мәжит Дәулетбаев

24 САҒАТТЫҢ ІШІНДЕ

 


Таң бозарып атты. Ауыл арасында біртіндеп қара көрінді. Әлдеқай үйдің қорасынан айырылып шөп алып төмен қарай тастап жатқан біреу есігінің алдында ала ту желпілдеп тұрған Тұңғат қажының үйіне, оның төңірегіндегі байлаулы тұрған, арқасынан ер-тоқымы алынбаған аттарға қарап қол былғады.


— У-у-уай!


Таңертеңгі жым-жырт дала да айғайға қосылып жаңғырыға қалды: У-у-уай!


Әлгідей болмай, бірнеше казак-орыстар мойындарына асқан қылыштарына сүріне-жығыла, шөп тастап жатқан қораның бұрышына келіп, құшақтап-құшақтап шөп көтерді де, қораның ішіне кіріп жоқ болды.


Тұңғат қажының үйіндегілер, әлдеқашан ұйқыларынан оянған. Тұңғат қажының тоқалы Күмісай құлаң қораның ішінде үлкен жез самаурынды шұқылап, түтінді бұрқыратып жатты.


Қай үйдің есігінің алдына қарасаң да қылыш, мылтық асынған казак-орыстар. Қонышы тізесін соққан ұзын бітеубас етікті, белін қынай бунаған жас жігіттер. Олардың да кейбіреулерінің белінде қылыш, кейбіреуінің қолында мылтық бар. Бұлар — Тұңғат қажының жігіттері.


Тұңғат қажының өзі қайда? Түндегі «жорықта» ол не қып аман қалды?.. Оның ең аяғы мұрны да қанаған жоқ па? Ол, аман қалған күнде, не күйде? Не қылмақ боп жатыр?.. Әлде, ол райынан қайтып қалды ма? Енді большевиктерге, партизандарға қарсы шықпайтын болған шығар?..


Бірақ Тұңғат қажы аман қалды. Түнде партизандардың алғашқы бомбасы тасталғанда-ақ, ол бірнеше жігітті ертіп, алды-артына қарамай қаша жөнеліп еді. Екі жақ біріне-бірі айқасып, найзаласып, қылыштасып қалғанда, Тұңғат қажы, Төлеңгүт қажының баласы Жұмағұл, Сәтбай сәудегер, ол айқасқан арасында әлдеқашаннан жоқ еді. Бұлар Мерошкин офицердің бөліне қашқан кезінен бұрын кеткен. Сүйтіп, көзге де түспей қалып еді.


Ұзын бойлы, шикі сары, шоқша тұмсықтылау келген алпамсадай бір казак-орыс самауыр жанындағы еңкейіп тұрған Күмісайдың бөксесіне алақанымен қағып қалып:


— Маржаныкі құйрық жақсы. Біздікі де маржа осындай болған.


— Кет, өй қағынды келсін сол! Онысы несі, жазған басым?


Күмісай қолындағы самауырдың ішін түрткіштеген тал шыбығымен казак-орыстың қолына ұрды да:


— Өй, тамыр. Жарамайды. Біздің закон қоспайды. Қажы моклашке береді!— деді, жымия қараған казак-орысқа.


Казак-орыс шегір көзін қыса түсіп, мұртын сылап-сипап қарқ-қарқ күлді.


Мұны байқап тұрған қара бұжыр, пұшпақ бөрік қазақ жігіті жетіп келіп, казак-орыстың жауырына бір қағып қалып, күлімсірей түсті.


— Бұл қажынікі қатын... Свой человек... Бұған тиме, мырза... Қажы өкпелейді. Сен мейман... Жарамайды...


Казак-орыстың ожырайып қараған түрін көрген соң-ақ жігіт зыта жөнелді.


Күннің көзі жоғары өрледі. Далада ақ қардың үстінде қыбырлап, жыбырлап жүрген мал да, жан да көзге анық көрінді. Ауыл арасында олай-бұлай жүрушілер тағы да күндегі қалпына түсті. Әр жерде айқай-шу...


— Петро!.. 28-батальонның обозы Есілге қарай жөнелді.


— Малашкин!.. Қане, аттарды суар!


— Братья! Бұл ауылда өзіміз бармыз, алдағы ауылға тартыңдар!


Бұл қай ауыл?


— Тұңғат қажы... Тұңғат...


Батыстан бері қарай шұбырған атты, арбалы жаяу халықтың ішінде казак-орыстардың өлеңі де естіледі.


Пошли, девки, на работу,


Пошли, девки, на работу...


Артынан бірнешеуі шулап қосыла кетіп, даланы бастарына көтерді.


На работу, кума, на работу...


Тұңғат қажының жүріс-тұрысы, бұрынғыдай емес, өзгерген. Басын әлденеге таңып алған. Бірнеше казак-орыс төрелерімен, қазақтармен араласып үйден шықты да, ақырын басып отырып, шабағы қирап, доңғалақтарының бірі бар, бірі жоқ көсіліп жатқан өгіз арбаның қасына келді. Қасындағылар да сол жерге иіріліп тұра қалды.


Қолындағы шолақ қамшымен етігінің қонышын сартылдатып ұрып бір казак-орыс тұр. Бұл жасауыл Самародов еді. Орта бойлы, сүйір мұрынды, қабағы қарс жабылған, беті қатпар-қатпар. Жәй тұрған түрінің өзі, шаш ал десе, бас алатын адам екенін анық көрсетеді. Қанталаған көзін құтырған иттің көзі құсатып, бір төңкеріп тастады да, Тұқпат қажының жауырынынан сипады.


— Бай, сен неге уайымдайсың?.. Біз жаяу солдат емес, атты адамбыз. Біз дәнеңеден тайсалып көрген емеспіз. Сен біздің большевиктен қорқып кетіп бара жатқан деп ойлама. Біз әшейін, уақытша, соғыстың бір тәсілімен шегініп бара жатырмыз. Что, бізге сенің қызыл бандыларың, два счета, біз оларды жоқ қыламыз. Міне, әлі атамандар келсе,.. Фу, шіркін! Ойнаған екенсің бізбен. Раз ұрдың ба, четыре зубы ваших нет! Жиырма төрт сағаттың ішінде красный банды ту-ту!..


Тұңғат қажы осы шын айтып тұр ма деген кісіше, жасауылдың бетіне қарай қалды. Артынан күлімсірей түсіп, жасауылдың иығына қолын салып, жасырын сыр айтатын адам құсап, басын жақындатты.


— Алпысбай, Тарас деген бандыларды тез жою керек. Олар тірі тұрғанда бізге атар таң, шығар күн жоқ. Алпысбай мошенник, Тарас та мошенник! Біздің бірталай адамды солар өлтірді.


Бұлар иіріліп тұрғанда, ауылдың сыртынан бір шана қатын, бала-шаға қастарына жақындап келіп қалды да, әлгідей болмай, жоқтау айтқан, боздаған қатындар шанадан түсе сала қажыға қарай бет бұрды.


— Аллай, аллай, аллай!


— Құрмалдың-ай, жасаған-ай!


— Қарашығым-ай, құлыным-ай, боздағым-ай, арыстаным-ай!


— Аллай, аллай, аллай! Алла-ай!


Бүкірейген, бүкшеңдеген кәрі кемпірлер ауылды бастарына көтеріп, еңіреп қоя берді. Тұңғат қажы барар жерін таппады. Бұлар түндегі жорықта Тұңғат қажының отряды жағынан өлген жігіттердің үй ішіндегі кемпірлер еді. «Ел құлағы елу» дегендей, түндегі болған оқиға бірталай жерге жайылып қалды. Ең аяғы, кімдердің өлгені, кімдердің тірі қалғанына дейін естілген болатын. Тұңғат қажы шыдамады, қолын бір сермеп, жылағандарға ақыл айтты.


— Ай, қойыңдар енді! Мұндай өлім бақытты өлім. Алла тағаланың тағдыры сол. Бұлар — дін жолында шәйіт болған ерлер. Қаһармандар. Бұған, қайта, қуану керек. Соңыра ол бәріңе де шапағатшы болады...


Казак-орыстар «бұларға не жоқ! Неге жылайды» деген кісілерше, таңырқап қарап тұрды. Бір жасауыл Самародовқа қарап, күйінген іспетті болды:


— Е, Василий Васильевич, осылардың неге маңырағанын түсінесіз бе? Мен түсінбеймін. Тіпті, тұрпайы-ақ қой өздері... Анау кемпірді қара, ерні, тісі жоқтығынан, мүлде ішке кіріп кеткен. Анау біреуін қара, бір көзі жоқ, не поймешь!


Самародов қолақпандай қып ораған махорке шылымын қатты-қатты сорып, былш еткізіп жерге бір түкірді.


— Не поймешь, Иван Сидорович! Тіпті аяншақ халық...


Жылап-шулаған қатындар ауылдағы үй-үйге тарасты. Тұңғат қажы оларды тарқатып жіберіп, сақалын салалап терең ойға шомғандай түр көрсетті.


— Бай!.. Байымданба!.. Бүгін бір әбден тынығып алайық. Ертеңнен бастап біз ол бандылардың күлін көкке ұшырамыз. Ертең бізге бірталай қол келеді. Соны тосып алайық. Онан соң бір айтатын жұмыс мынау: бізде қазір оңды ат жоқ. Бәрі де соғыста жүріп қалжыраған, болдырған аттар. Сен бізге бірнеше жігіттеріңді ертіп бер, біз олармен жүріп ат жинаймыз, кімде жақсы ат болса соны біз алатын болайық.


Самародовтың бұл сөзін естіген Тұңғат қажы қолын кеудесіне қойып, қошемет көрсеткен түр берді.


— Баракалла, айтқаныңыз орындалды. Тек жалғыз большевиктер құритын болсын!..


Айнала үйіріліп тұрған казак-орыстар қарқ-қарқ күлді. Самародов бір көзін қыса түсіп, бір көзін бір нүктеге қадады да, қажының қасына келіп қолын ұстады.


— Нока, бай! Сенің ол мерзавец бандыларыңды ертең жиырма төрт сағаттың ішінде жоқ қыламыз. Біз жаяу солдат емеспіз. Біз атышулы, казак-орыс аталамыз. Әзір жасауыл Самародов тұрғанда, бұл маңайдан тышқанды да жүргізбейміз.


Күмісай құлаң қораның есігінен шығып тұрып қажыға бірдеңе дегендей болды. Қажы Самародовқа қарап езу тартқан бойымен:


— Ал, қане, тамырлар, үйге кірейік. Қолдарыңды жуыңдар,— деді.


Бес-алты казак-орыс қылыштарын сартылдатып, тез-тез аттап Тұңғат қажының соңынан еріп жөнелді.


Күн түс уақыты. Ауылдың бір шетінде бір топ казак-орыстардың ән шырқаған дауыстары естіледі. Әлдеқайда қой маңырайды, ешкі бақылдайды. Үш-төрт жас қыздар қарды кірт-кірт басып, шолпылары сылдырлап, көршідегі үйлердің біріне бара жатты. Жан-жаққа жалаңдап қарайды, аяқтарын асығып басады.


— Әне, ойбай келіп қалды. Қамила!


— Әу!


— Жүр, жылдам, жүр!


Көршідегі құлаң қораның есігі сықырлап ашылды да, қайта жабылды. Қыздар сонда кірді.





Пікір жазу