04.05.2023
  144


Автор: Сахариев Баламер

ЖЫР ТАСҚЫНЫ

«Елу жылда ел жаңа» деген халық нақылы қандай əділ айтылған. Белгілі ақынымыз Тайыр Жароковтың сауаттысын саусақпен санарлықтай қараңғы ауылдан білім дүниесін аңсап алыс сапарға алғаш аттанғаны да кеше ғана тəрізді сезіледі.


«Басқанда алыс жолға алғашқы адым, Тұлымым желкілдеген жап-жас шағым, Есімде: жетім тайлақ өркешіне Жарбиып қаршадай боп жармасқаным. Туған кез өмір бізге нұрын шашып. Оқуға кеттім елдің өрін асып, Жаутаңдап жетім тайлақ желе берді Құмға тек табанының мөрін басып».


Жетім тайлақтың өркешіне жарбия жабысып, туған ауылынан білімге сусап шыққан сол қаршадай бала қазір өресі мол өскен əдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің, еңбегін ел таныған кексе ақындарымыздың бірі.


 


Ойын-тойға,      думан-сауыққа,    өлең-жырға     жастайынан-ақ құмар Тайырдың ақын болсам деген талабы өте ерте оянады. Бұған оның 1923 жылы қазақтың халық ағарту институтына келіп түсіп, соның қабырғасында оқып жүріп Абай поэзиясымен, сон-дай-ақ қазақ поэзиясының жақсы үлгілерімен, орыстың классик ақындарының творчествосымен танысуы едəуір себеп болады. Ол енді өзі де өлең жаза бастайды. Бірақ бұл алғашқы бір байқау сияқты тұңғыш өлеңдерінің ажарсыз, тартымсыз болғандығын, оларында шəкірттіктің ізі айқын көрініп тұрғандығын кейін ақынның өзі де атап көрсетті.


Тайырдың шын мəніндегі творчестволық жолы 1927–28 жыл-дардан басталады. Сол жылдары баспасөз қызметкерінің алдына «Күлімдеді күміс күн де», «Аэроплан» атты тұңғыш өлеңдерін име-не ұсынып, балғын жырының жарық көруін асыға күткен атжақты, қараторы жігіт – Тайыр Жароков бүгін елу жасты еңсеріп артқа тастап отыр.


Тайыр содан бергі көп жылдық творчестволық жолында жыр нөсерін төккен, дарынды да кесек тұлғалы ақын екендігін танытты, қазір профессионалдық, байсалды, салиқалы искусство дəрежесіне көтерілген қазақ-совет поэзиясына алуан-алуан поэмаларымен жəне маржандай төгілген лирикаларымен айтулы үлес қосты.


Ақынның бүкіл творчествосы еліміздегі социалистік құрылыстың өркендеуімен тығыз байланысты. Оның қаламы ел көшіне, заман ағымына ілесе, мүдірмей жүгірді. Тұңғыш өлеңдерінің өзімен-ақ совет адамдарының күнделікті өмірін, олардың еңбектегі ерлік іс-терін, жігері мен қайратын, қоғам өміріндегі жаңалықтарды жырлау үстінде көрінді.


Азамат соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтіру, индуст-рия, ауыл шаруашылығын коллективтендіру, Советтік конституция, кешегі Ұлы Отан соғысы, бесжылдыктар кезеңі, бейбітшілік үшін күрес, табиғатты өзгерту сияқты ел өміріндегі елеулі оқиғалардың, саяси жəне шаруашылык науқандардың ішінде ақын қаламына ілін-бегені жоқ десе де болады.


Тайыр Жароков əдебиетке халық шаруашылығын қалпына кел-тіру кезеңін аяқтай, алғашқы бесжылдықтардың қарсаңында келіп қосылған ақын. Бұл дəуірде партиямыз ауыр индустрияны өркендету, социалистік жарысты ұйымдастыру, сөйтіп еңбекте жаңа қарқын тудыру мəселелерін көтерген болатын. Еңбекшілердің осы зор мін-деттерді орындау үстінде туған, бұрын-соңды тарих біліп көрмеген ерліктері, жаңа қоғамдық кұрылыстың мұншама зор пафосы жаңаша жыр, жаңаша күй тіледі. Əдебиетімізге осы тұста асқақ, жігерлі екпінмен, тың үнмен келіп қосылған Тайыр Жароков өрге серпіген қанатты жырын тасқындата төкті. Ақынның өз сөзімен айтқанда, «мың тілді машинаның билегені ақынды да, қаламды да бірге ой-натты». Творчестволық қызмет ең алдымен халық үшін қызмет ету екендігін айқын түсінген ақын жаны өмірдің өзі ұсынып отырған мынадай ұлы істерге селсоқ қарай алмады. Адамның өзі «көкте кұс, суда балық болып», экспреспен зыр жүгірген заманда:


«...Сол күшті, сол ұлы істі көре тұра,


Қаламды жөн бе ойнатпай мүдірткенім», – деп түйді ақын өз ойын.


Көз алдыңда болып жатқан ұлы өзгерістердің куəсі болған ақынның алғашқы өлеңдерінің езегі өндіріс тақырыбы болуы əбден заңды да орынды еді. Қазақстанда алғашқы бесжылдықтың тұңғышы болған Түркістан – Сибирь төмір жолының салынып бітіп, іске қосылуына байланысты ақын «Түрксибтің дабылы», «Темір жол», «Бесжылдықтың балғасы» т. б. өлеңдерін жазды. Сол сияқты «Шахта», «Болат балға», «Еңбек дабылы» өлеңдерінде ақын са-лынып жатқан алып заводтарды, жер астының кен байлығына жол ашқан шахталарды, ондағы бар еңбегін индустрияландыру ұранын іске асыру үшін жұмсап отырған жұмысшыларды шаттана жырлады. Тайырдың өндіріске арналған өлеңдері тақырыпты еркін меңгеріп, дұрыс көркемдік шешімін тапқан жəне ақын есімін ел ішіне, халыққа кеңінен жайған өлеңдер еді. Оның «Бесжылдықтың балғасы» атты өлеңі сол тұста жұрт аузында жатқа айтылған, үлкен үгіттік маңызы бар аса ұтымды, саяси өткір лирика болды. Ақынның «Герб» дейтін өлеңіндегі бір жұмысшының:


«Не көрмеген біздің мынау, біздін мынау қолымыз, Біздің қолда құрыш балға, құрыш балға көріңіз! Не көрмеген біздің мынау, біздің мынау балғамыз, Бұл балғаны талай-талай майданға да салғамыз.


Теңдік бағын, теңдік бағын, жарқыраған нұр шамын,


Осы балға күшіменен миллиондар боп алғамыз», – деуі де осын-дай ұтымды ойдың жемісі. Ақын мұнда жаңа дүние, жаңа заман орнатқан, социалистік кұрылыстың іргесін қалап, нығайтып отырған жұмысшы табының күшін əсем бейнелейді.


Ақын жырлаған күрделі тақырьштың бірі – ауыл шаруашылығы. Ол өзінің алғашқы кезде жазған бірсыпыра өлеңдерінде ауыл кедейлерінің колхозға ұйымдасып, тұрмысты жаңаша құруға бой ұрғандығын осы зор қуанышты сезіммен атап өтсе, басқа бір топ өлеңдерінде сол шаруалардың еңбектегі табыстарын, санада болған өзгерістерді жырлайды. Ақынның «Қызыл қырман», «Қызыл керу-ен», «Нұра бойында», «Көз толтыра қарадым», «Алтын дəн» сияқты өлеңдерінде республикадағы астық үшін күрес мəселесі көтерілсе, «Таудың қызы», «Қаскөлең түліктері» сияқты өлеңдерімен «Екін-ші тың» деп бағаланып отырған мал шаруашылығын өркендету ұранына үн қосады.


Тайыр Жароковтың творчествосына тəн бір ерекшелік – қай тақырыпты жырласа да, атой сап көрініп тұратын лептілік, көтеріңкілік сарыны. Бұл қасиет ақынның Москваны, Отанды, туысқан Коммунистік партияны, еліміздің қол жеткен қыруар мол табыстарын жырлауда тіпті айқын көрінеді. Оның «Кремльде», «Қызыл алаң», «Партия туралы жыр», «Партия газеті» сияқты өлеңдерін оқушылар өз кезінде саяси тақырыпқа жазылған лирика-лық өлеңдердің ең ұтымдыларының қатарында қабылдап баға бер-ген болатын. Бұл өлеңдерінде ақынның заңды мақтаныш сезімі, шат-шадыман өмірімізге қуанған көңіл күйі еседі.


Кешегі қаһарман Ұлы Отан соғысы жылдарында Тайыр Жа-роков, үстіне əскери шинель кие жүріп, көптеген шағын өлеңдер жазды. Ақынның «Днепр», «Саған сəлем, туған ел», «Жеңіс туы», «Ленин қаласы», «Жұлдыздай жанған Москва» өлеңдерінде еліміз-ді фашистік жендеттерден қорғап қалуға шақыру үні мен біздің халқымыздың жеңетіндігіне нық сенім айқын аңғарылады. Ал соғыстан кейін тарих алдында жер жүзінде баянды бейбітшілік ор-нату үшін күрес ұраны қойылған кезде де Тайыр соғысқа қарсы, қатардағы совет азаматы ретінде, ақындық өктем даусын естіртті. Оның «Əлемге бейбітшілік қанат жайған», «Орыстың ұлы өзені», «Греция», «Достық туының астында», «Өлеңмен қойдым қолымды» сияқты өлеңдерінде соғысқұмар империалистік жыртқыштардың айуандық бейнесі əшкереленіп халықтардың соғысқа қарсы қаһарлы үн қатқаны жырланды.


Тайыр Жароков тек лирикалық ұсақ өлеңдердің гана шебері емес, ол сонымен бірге кесек дастандар жазуға да ерте кіріскен жəне бұл салада да мол еңбек сінірген ақын. Ол өзі қалам тар-та бастағаннан бері 20-дан астам көлемді поэма жазды. Олардың басты-бастылары: «Нефтьстан», «Күн тіл қатты», «Мұз тұтқыны», «Шекарада», «Тасқын», «Нарын», «Жапанды орман жаңғыртты», «Астық», «Қырда туған құрыш», «Құмдағы дауыл» т. б. Ақын бұл поэмаларының кейбіреуінде социалистік жаңа құрылыс, советтік жаңа заман қалыптастырған жаңа адамды көрсету талабын жүзеге асырса, енді біреулерінде еліміздің басынан кешкен елеулі тарихи оқиғалардан елес береді. Бұл ретте ақынның «Күн тіл қатты» поэ-масын ерекше атап көрсету қажет. Шығарма тарихи болған бір ғана нақтылы тақырыпқа арнала тұрса да, ақын тақырыптық тар шеңберден əлде қайда ұзап шығып, жалпы советтік социалистік құрылыстың артықшылығын сипаттайтын біртұтас романтикалық поэма жасаған.


«Қарыңды қағып су қылдым, Суыңды сілкіп бу қылдым, Түніңнен таң атқыздым. Жеріме жұлдыз жаққыздым... Өзенді өрден өргіздім, Өрелеп қолдан жүргіздім. Кісендеп күшті дендерді,


Құрсадым болат шеңберді...». –


дейді поэманың лирикалық геройы. Бұл, əрине, совет адамының мақтанышы. Ақын совет адамдарының бұл ерліктерінің негізін со-циалистік құрылыстың артықшылығынан іздеп, дұрыс түйін, нық байлам жасайды.


Тайырдың советтік жаңа заманды мақтаныш ету сезімі «Тасқын» поэмасында да айқын көрінеді. «Тасқында» алынған тақырыбы жəне жеке адамдардың тағдырын қоғамдық-əлеуметтік мəселелермен байланыстыра жырлау жағынан Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасының əсері бар. Бірақ Жароков поэмасының геройы Қайсар «Мыс салт аттының» бас кейіпкеріне мүлде ұқсамайды. Рас, мұның екеуінің де үйлерін тасқын басып кетеді. Бірақ олардың бұдан соңғы тағдырлары екі бөлек. Евгений өмір сергелдеңінің соққысына душар болып, ақыры өледі. Ал Қайсарды мұндай трагедиядан құтқарып қалған – Совет өкіметі деп қорытады ақын өзінің айтайын деген пікірін.


Поэмада Қайсар да, оның сүйген қызы Жамал да советтік тəрбиенің жемісі, жаңа заманның жастары болып көрінеді. Олардың бойында ата-анасындай тəрбиелеп өсірген Отанына деген шексіз ма-хаббат бар. Олардың бұл сияқты жылы сезімдері іс-əрекет үстінде, шиеленіскен оқиғалар арқылы, талас-тартыс арқылы айқындалады.


Ақынның келемді шығарма жазуда көп өскендігін танытқан шығармасы – «Жапанды орман жаңғыртты» поэмасы. Мұнда ақын революциядан бұрынғы, сауырын күн күйдіріп, аспаннан тамшы сұрап, алаулаған аңызақ жел сөлін сорып алып, сұрғылт тартқан Сарыадырдың (туған жерінің) аянышты да ажарсыз өткендегісін советтік заманда өзгерген бүгінгісімен салыстырады. Туған жеріне сапар шеккен ақын Сарман шалдың жыртық үйінің орнында тұрған жаңа қаланы, еңбек өмірі қайнаған колхозды ауылдың орталығы болған Сарыадырды, көзіне ағып жатқан су мен гүл ғана елестеп, қара лашық ішінде мұңайып отырған кешегі кішкентай қара қыздың орнына бүгін жоғары дəрежелі білім алып, орман маманы болған комсомолка Майраны, бау-бақша мен тоғайға толған даланы таба-ды.


Бұл параллель арқылы ақын оқушысына бір кезде тұрмыстың ащы, ауыр жағдайы еңсесін басып келген халықтың жарқын ойла-ры мен арман-тілегінің тек социалистік қоғам жағдайында ғана іске асқандығын сездіреді. Бой көрсете алмай, жарып шығуға мүмкіндік таппай келген күштің тиегін социалистік қоғам құрылысы ағытты, сөйтіп халық совет заманында жасампаз зор күшке, шешуші факторға айналды дегенді аңғартады.


Ақынның бұл поэмасы қазақ-совет поэзиясында лайықты орны бар, кесек те құнды шығарма деп бағаланды.


Тайыр Жароковтың ақындық еңбегінің күрделі бір саласы көркем аудармалары. Ол орыстың ұлы ақындары Пушкиннің, Лермонтовтың, Некрасовтың көптеген өлеңдерін, украин халқының ұлы ақыны Т. Шевченконың «Кавказ», «Түс» деген шығармаларын, грузин ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған ба-тыр» дастанының үзіндісін, В. Маяковскийдің көптеген өлеңдерін, т. б. ұлт ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Бұл арқылы Тайыр жоғарыда аталған поэзия алыптарының шығармаларын халқымыздың игілігіне айналдырып қана қоймай, сонымен бірге сол ақындардың шығармаларының мазмұн, мағына, түр жағындағы игі дəстүрлерінен өзі де үйренуге талаптанды.


Жароковтың өзіне əсіресе ұстаз тұтқан ақыны В. Маяковский болды. Оның шығармаларындағы əрбір сөзге ерекше бір кетеріңкі күшті мағына, екпінді леп бере сөйлеуге талаптану, өлеңнің жаңаша түр, формасын табуға талпыну осы Маяковский поэзиясының ықпалынан туған еді.


Қазір жас қаламгерлерге ақылын айтып, талмай ұстаздық етіп жүрген ақынның творчестволық қуаты əлі де мол. Елуден асып, егде тартса да, енжар тартқан жоқ. Ол əлі де əдебиетімізді талай тамаша шығармалармен молықтырады.


Заманымыз – жақсы жырдың заманы. Жырла, Тəке!


1958.





Пікір жазу