03.05.2023
  103


Автор: Сахариев Баламер

МҰХТАР ƏУЕЗОВ – ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ

Мұхтар Əуезов өзінің дарқан дарынын ел өмірінің сан саласымен қиюын таба ұштастырып, орнымен жұмсай білген жан-жақты, халық айтатын «сегіз қырлы, бір сырлы» қаламгер болғаны баршамызға аян.


Қазақ халқының əдебиеті мен өнерінде оның назарынан тыс қалған саласы шамалы деп айтуға болады. Қазақ театр өнері жаңа ғана аяқтанып, аяғын апыл-тапыл, қаз-қаз басып келе жатқан сонау алғашқы жылдардың өзінде-ақ М. Əуезов пьесалар жазып, дүниежүзі мен орыс драматургиясының классикалық үлгілерінен кейбір таңдаулыларын қазақ тіліне аударып, оның репертуарына мол үлес қосты. Театр зерттеушілерінің, сондай-ақ қазақ өнерінің босағасын арнайы профессионалдық білімсіз аттаған қарт актерлердің айтула-рына қарағанда, Мұхтар Əуезов театр өнерінің, сахна заңының сан салалы құпияларын түсіндіретін лекциялар оқып, мақалалар жазып, қыруар еңбек еткен. Қазақ өнерінің көпке дейін кенжелеп келген саласының бірі – кино өнері болды. Бұл салада да ол еткен еңбек өз алдына бір төбе. Əңгіме оның студиядағы көркемдік советтің мүшесі болып, əр алуан талқылауларға белсене қатысуында ғана емес, он-сыз да тапшы уақытының бір мезетін арнайы бөліп «Райхан», «Абай əндері», «Əйел тағдыры» сияқты кинодраматургиялық шығармалар жазуында.


Ал қазақтың ұлттық музыка өнерін алып қараңыз. Қазір ұлттық операмыздың тұрақты репертуарынан орын алып, оның таңдау-лыларының бірі болып отырған «Абай» операсының либреттосы да, Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров ерлігін жырлайтын «Бес дос» операсының либреттосы да Мұхтар Əуезов қаламынан туды. Міне, соның бəрінде де ол мəселеге таза қоғамдық тұрғыдан, туған халқының мəдениетін жетілдіріп, алдыңғы сапқа шығаруға деген жанашырлық қамқорлық тұрғысынан қарады.


Дəлірек айтқанда, ұлттық əдебиетіміз бен мəдениетіміздің қай саласы кенжелеу қалып бара жатса, дəл сол салаға арнайы көңіл бөліп, өз көмегін, қол ұшын беруге құлшына кірісіп отырды, халқының олқысын толтырып, жыртығына жамау болуға барын салды. Демек, жазушының айдай əлемге əйгілі творчествосын ғана емес, оның жарқын өмірінің осындай жан-жақты, көп қырлы өнегелік-үлгілік жақтарын да арнайы сөз ету абзал.


Мұхтар Əуезов қоғамдық өмірге тіпті ерте, жастай араласты.


 


Оның творчестволық жолында, қаламының ұшталып, талантының шырқау биікке кетерілуінде əуелгі кезде əр алуан əлеуметтік, қоғамдық, проблемалық мəселелер көтерген ғылыми, сын жəне публицистикалық мақалаларының мəні өзгеше. Ол өзінің «Қазақтың өзгеше мінездері» деп аталатын тұңғыш мақаласында («Алаш» га-зеті, 1917 жыл, 30 март, № 16) қазақ арасындағы «ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партиягершілік, əділетсіз билік, əйел жолы жіңішкелік» сияқты неше түрлі болып жататын ауыр халдердің түпкі төркіні əлі баспасөз бетінде кеңінен сөз болып, талқыға түспей келгенін атай отырып, халықтың «мінезін түзеу» керек деген пікір ұсынды. «Адам баласының жаман құлқы жаратылыстан емес, өскен орта, көрген үлгі, өнеге билейді» – деп жазды. Ал 1917 жылы Семей қаласында «Сарыарқа» газетінің 5 сентябрь күнгі санын-да жарияланған «Адамдық негізі – əйел» атты мақаласында қазақ əйелінің əлеуметтік жағдайы жайында проблема көтерді. «Əйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағлымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, əйелдің халін түзе» – деп жазды ол.


1918 жылы Семейде «Абай» журналын шығарушылардың һəм белсенді авторларының бірі болған Мұхтар Əуезов ол журналдың беттерінде өзінің қоғамдық көзқарасының айқындала түскеніне айғақ боларлық əр алуан мəселелерге арналған: «Ғылым», «Мəдениетке қай кəсіп жуық», «Философия жайында», «Ғылым тілі», «Мəдениет һəм ұлт», «Оқу ісі» сияқты т. б. мақалаларын жариялады.


Содан бастап қазақ жастарының оқу əдісі, ғылым тілі (науч-ный термин), мəдени кəсіппен шұғылдану қажеттігі сияқты сан салалы проблемалық мəселелер жайлы мақалалар уыздай жас Əуезов қаламынан бірінен соң бірі туындап жатты. Сол кездің өзінде Абай ауылы жастарының, сондай-ақ Семей қаласындағы қазақ жастарының мəдени, драмалық үйірмелерге топталып, Затон жұмысшыларына спектакль, концерттер қойып берулері, олардан жиналған қаржыны əр алуан қоғамдық мақсаттарға пайдаланула-ры, футбол командасын құрулары, қоғамдық кітапханалар кұруға ұмтылулары т. б. мəселелердің бəр-бəрінің басы-қасында жас М. Əуезов жетекшілік жасады. Бұған сол кездегі баспасөз деректері, сондай-ақ қарт пенсионер, мұғалім Ғ. Төребаевтың, дербес пен-сионер, республикамыздың еңбек сіңірген экономисі Ишмұхамет Əлиннің, сондай-ақ жазушының өз туысы марқұм Ахмет Əуезовтің жарияланған естеліктері айғақ бола алады. Əрине, бұл арада біз жазушының 1919-1922 жылдар арасында атқарған ресми мемлекет-тік қызметін сөз ғып отырғамыз жоқ.


Жас Əуезов сол тұстарда көшпелі елдің отырықшылыққа ауысуы-на да көп еңбек сіңірді, ол туралы мақалалар жазып қана қоймай, ті-келей практикалық іске де араласты. Бұл туралы республикамыздың еңбек сіңірген экономисі, дербес пенсионер Ишмұхамет Əлин былай деп еске алады:


«1923 жылы мен Семейдің уездік атқару комитетінің президиум мүшесі жəне уездік жер бөлімінің бастығы болып қызмет атқарып тұрғанымда күзді күн Архам Исхақов (Абайдың туысы) маған Мұхтардан бір хат əкеп тапсырды.


Мұхтар хатында: «Сенің уездік жер бөліміне бастық болғаның дұрыс болған. Ауыл шаруашылығынсыз өмір жоқ. Өкіметтің мақсаты қазақ халқын көшпеліліктен отырықшылық тұрмысқа ауда-рып, поселке салдырмақ екені өзіңе белгілі ғой. Бірнеше үйлер бір жерге жиналып поселке салса, мал кəсібімен бірге егін егу кəсібін де істеуге болады. Мал тұқымын асылдандырып, мал шаруашылығын өркендетуге болады. Бала оқыту жағына да пайдалы. Бір жерге жи-налып поселке салған қазақтарға өкіметтің беретін көмек-жəрдемі де көп. Жер бөлімінің бастығы болған, бұл жұмыстардың барлығы сенің қарауыңда ғой.


Мен өзіміздің ауылдың шаруаларын үгіттеп, бір жерге жиналып поселке салуға көндірдім. Жерлері өте жақсы. Бақанас өзенінің жиегінде Байқошқар деген жер. Поселке салу жөніндегі шаруалар-дың өкілі мына хатты апарып тапсырушы Архам Исхақов. Менің сенен сұрайтыным поселке салуға жəрдемдес, үкіметтің заңы бойын-ша берілетін көмек-жəрдемдерін бер» депті.


Мен жер бөлімінің бастығы болып тұрғанымда Байқошқар посел-кесін салуға тиісті көмек-жəрдем көрсетіп тұрдым.


Бұдан əрі ол арада жыл еткен соң сол поселкеде Мұхтар Əуезовпен жолығып, дидарласқанын баяндайды.


Жазушы өмірінің ташкенттік кезеңі деп аталатын сонау жиырма-сыншы жылдардың аяғы мен отызыншы жылдардың басында сол кезде əр тарапта оқып жүрген қазақ жастары мен интеллигенттеріне М. Əуезовтің қоғамдық негізде оқыған лекциялары, мұқтаж студент-терге стипендия бөліп беру жөнінде құрылған комиссияда істеген еңбектері, Ленинградта оқып жүрген кезіндегі қоғамдық қызметтері де документальды түрде ізденіп, өз алдына дара зерттеуді қажет ететін келелі мəселелер.


 


Тіпті қазіргі Қазақ мемлекеттік университетінің жазушы есіміне ие болып отырған əдеби-ғылыми бірлестігінің іргесін де бір кезде, осыдан жиырма-отыз жыл бұрын М. Əуезов қалағаны мəлім. Ал сол бірлестіктен қазір қаншама түлек түлеп ұшып, қаншама қаламгер қатарға қосылып, қаншама ғалым сапқа тұрды?!


Көркем сөз зергері, əдебиетші-ғалым Мұхтар Əуезов, сонымен қатар Совет Одағының аса көрнекті қайраткері де еді. Ол бейбіт-шілікті қорғаудың советтік комитетінің мүшесі, үнді-совет достығы қоғамының мүшесі, əрі сол қоғамның Қазақстандық бөлімінің председателі, Азия-Африка елдері ынтымағы комитетінің мүшесі болды. 1958 жылы февральда болған бүкілодақтық конференцияда М. О. Əуезов Совет Одағының шетелдермен достық жəне мəдени байланыс жасау советінің мүшелігіне сайланды. Ал оның Лениндік сыйлық Комитетінің мүшесі ретінде атқарған қызметі жайлы белгілі əдебиетші Каиповичтің естелігін еске алсақ та жеткілікті.


«Ересен ақылы, батыс пен шығыс мəдениетін төл емген шалқар білімі, өзіне де, өзгеге де қатал талап қоятындығы, басқаның өнеріне деген ілтипат-ықыласы, советтік əдебиеттің мүддесі мен Лениннің ұлы есімімен аталатын сыйлықты аса қадір тұтатындығы комитет мəжілістерінде сөйлеген сөздері мен білдірген пікірлерінің қай-қайсысынан да бой көрсетіп тұратын. Комитет құрамында совет мəдениетінің жетпістей шеберлері, барлық республикалардың да өкілдері, сан-сала мамандыктың иелері бар. Солардың арасында М. Əуезов аса қадірменді болумен қоса, ол дегенде комитет мүшелерінін ықыласы ерекше бөлек еді. Оның əдеби лекцияларын, комитет пленумдарында шығып сөйлеуін тағатсыз тосып, көңілдері құлай тыңдайтын», – дейді Книпович. Бұдан əрі ол Расул Ғамзатовқа, Мұса Жалилге, Шолоховтың «Адам тағдыры» əңгімесіне сыйлық беру жөніндегі талқылауда Əуезов сөзінің əсері ерекше болғандығын айтады. Мəселенің бұл бір ғана ресми жағы.


Зерттеу демекші, М.О. Əуезовтің творчествосы мен ғылыми еңбектерін түбегейлі зерттеп жүрген əдебиетшілеріміздің назарынан қаға беріс қалып жүрген бір жай – жазушының осы қоғамдык қызметі екендігін орынды жерінде еске ала кету артық емес. Жазушының қоғамдық қызметін бағалай келіп Николай Тихонов: «М. Əуезовтің Азия елдері ынтымағы комитетіндегі, бейбітшілікті қорғаудың со-веттік комитетіндегі ерекше еңбектері – халықаралық ең бір жауап-ты кездесулерде бейбітшілікке қауіп төндірушілерге қарсы, халық-тарды бір-бірімен жақындастыру жолындағы жұмыстары – қазіргі тарихтың жанды да жарқын беттері болып саналады. Ол көп елдерде болды... Ол жүрген жерлеріне халық достығы рухын, ынтымақ ру-хын, бейбітшілік үшін күрес рухын əкелуші еді. Басқаша болуы мүмкін де емес еді. Оның дарқан жүрегі əлемде, əсіресе шығыста бо-лып жатқан оқиғалардан тыс қала алмайтын. Оянған жəне жарыққа талпынушы Азия елдерінің өмірін білмесе, ол ұлы Абай туралы эпопеясын жаза алмаған болар еді» – деп жазды. Шынында, Əуезов – бейбітшіліктің жаршысы.


Ия, бұл солай. Жазушы əлемде, əсіресе шығыста болып жатқан халықаралық оқиғалардың ешқайсысынан жайбарақат күйде қалып көрген емес. Ол 1956 жылы «Литературная газетаның» 7 ноябрь күнгі санында жарияланған «Отаршылдарға лағнет» атты мақаласында Израиль басқыншыларының Египетке қарсы соғысын айыптап, Александрияның аты əлемге əйгілі кітапханасы мен Каирдың Əл-Азхар университеті сияқты мəдениет, ғылым ошақтарын қорғау үшін гуманистік ұлы жүрекпен қаһарлы үн қатты. Бейбітшілік жолындағы күрескердің сол үні күні бүгінде əлем жұртшылығына дəл бұрынғысындай қуатты естілуде. Ал американ қарақшылары азаттық сүйгіш қаһарман Кубаның күн нұрына шомылған мөлдір аспанына бұлт үйірілтіп, теңіз тұнығын лайламақ болғанда, М.О. Əуезов: «...империалистердің жалдампаздары біліп қойсын, Куба мұхиттың салқын суы мен суық толқыны қоршаған кұр ғана арал емес. Ол – бостандық бесігі, ұлы еркіндік үшін күрескен айбынды да жалынды ерлердің Отаны» деп əлемге жар салды.


Қоғамға қызмет етудің мықты құралы əдебиет екенін терең түсінген жазушы: «Əдебиет азаттық дабылын қағады, сондықтан да біз колониализмге қарсы күресте оған үлкен міндет жүктейміз...», – деп жазды.


Халықаралық империализм қаншама жанталасқан.


Мен, адамзат қоғамының жарқын болашағына нық сенген гу-манист жазушы халықтар келешегіне зор үмітпен қарадым. Қаза болардан бір жыл бұрын, 1960 жылы, советтің төрт жазушысы: Л. Леонов, С. Щипачев, М. Əуезов, О. Гончар – Америка Құрама Штаттарына барып қайтқаны белгілі. Бұл сапардан аңғарып түйген жайларын жазушы өзінің «Америка əсерлері» атты очерктерін-де жан-жақты баяндап берген болатын. Американың қарапайым халқына жазушы зор үміт артып: «Соғыс өртін тұтандырушылардың сұрқия мақсаттары айқын болып отырған Американың өзінде мен қарапайым адамдардың опат əкелуші ядролық соғысқа қарсы қатты наразылығын көзіммен көріп, құлағыммен естідім» – десе, 1957 жылы августа Токиода болған атом жəне сутегі бомбаларына қарсы III халықаралық конференциядан қайтқан бетінде: «Мен сəулелік апаттың дəл осы күнге дейін белгісі бар Японияда, Хиросиманың жан шошырлық қасіретін шеккен Японияда болдым. Сол сұмдық соғысқа, соғыс отын тұтандырушыларға деген өшпенділік, жек көрушілік сезімі атом лаңының жаңа қаупіне қарсы күресіп жатқан еңбекқор Япония халқының жүрегінен мəңгі орын теуіпті» – деп жазды.


Əрі жазушы, əрі қоғам қайраткері, бейбітшілік жолындағы күрескер ретінде М. О. Əуезов Индия, Япония, Герман Демократиялық Рес-публикасы, АҚШ, Чехословакия сияқты көптеген шетелдерде болып, халықаралық мəжіліс-форумдарда жалынды сөздер сөйледі. Қай са-пардан болса да, ол өзіне байтақ Отаны, елі жүктеп жіберген совет əдебиетінің, совет азаматының өкілдігін асқан абыроймен ақтап қайтып отырды. Əрине, бұлардың бəрі де бүгінгі ұрпақ үшін, Əуезов мұрагерлері үшін тек мақтаныш қана емес, сонымен бірге сан-қилы зерделі зерттеулердің де объектісі боларлық ғажайып сапарлар еді. Жазушының бір ғана «Индия очерктерінде» ежелгі мəдениет ошағы – үнді уəлаятының қаншама ғажайып ғаламаттары қамтылған? Ал сол сан сапарларда сөйленген сөздер, үлкен қалалар мен штат-тарда болып, сан елдің саяси жəне мемлекет қайраткерлерімен, творчестволық интеллигенция өкілдерімен, қарапайым еңбек адам-дарымен бас қосып құрған мəжіліс, сұхбат, кездесулер, жазысқан хаттар қаншама қыруар дүние. Міне, жазушы өмірі мен еңбегінің осы бір бөлінбес байтақ саласын зерттеу аса маңызды іс.


Жазушы Японияға барып қайтқан сапарынан кейін мынадай бір хат алыпты. Қазір М. Əуезов музейінде сақтаулы осы бір хатты жоғарыдағы сөзіміздің дəлелі ретінде келтіре кетуді жөн көрдік:


«Аса қадірлі профессор Мұхтар Əуезов! Біздің қаланың тұрғындарына СССР азаматымен жүзбе-жүз жолығып əңгімелесу сəті тұңғыш рет туғандықтан, Сіздің сөзіңіз оларға естен кетпсстей терең əсер етті.


Кездесуден кейінгі күндердің газеттері Сіздің жұртшылық сұрауларына берген жауаптарыңызды егжей-тегжейіне дейін хабар-лады. Сіздің сөзіңіз газет беттері арқылы мəжілісте бола алмаған ондаған мың оқушы қауымды қозғады. Біз əлі күнге дейін Сіздің аса бағалы мəслихатыңызды тыңдай алмай қалғандықтарына өкініш білдірген қала тұрғындарын əр жерде кездестіріп жүрміз. Біз, Уцуномия қаласындағы япон-совет қоғамы филиалының барлық мүшесі, Сізге осы жылғы 24 августа біздің қалаға ілтипат білдіріп келіп қайтқаныңызға тағы бір мəртебе рахмет айтамыз.


Аса зор құрметпен. 19 сентябрь, 1957. Уцуномия қаласы, Точиги префектурасы, Япония...». Бұдан əрі хат иелері жазушының Ленин орденімен наградталуына байланысты құтты болсын айтып, оның мəңгі өлмес шығармаларымен бүкіл адамзаттың игілігі үшін қызмет етуде творчестволық табыстан-табысқа жете беруіне тілектестік біл-діріпті. М.О. Əуезовтің қоғамдық қызметін көрсететін документтер толып жатыр. Олар күні бүгін де дүниежүзі халықтарын берекелі бір-лікке, ыстық ынтымаққа, баянды бейбітшілікке шақырып тұрғандай сезіледі.


1967.





Пікір жазу