27.04.2023
  174


Автор: Ертай Жұмағазиев

ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРДIҢ ЗЕРТТЕЛУI ТУРАЛЫ

1864 жылы немiс ғалымы Георг Бюхман (1822-1884) немiс әдеби тiлiне енген қанатты сөздердi жинақтап, «Қанатты сөздер» деген кiтап шығарды. Бұдан кейiн «қанатты сөздер» деген термин әдеби тiлге енiп, басқа да адамдардың еңбегiнде көрiне бастады. Атап айтқанда, немiс жазушысы Томас Карлейльдiң (1795-1881) еңбектерiнде кездестi. Бюхманның «Қанатты сөздер» атты кiтабы 1926 жылға дейін 27 рет басылым көрдi. 1882 жылы оның 13-шi басылымында Г.Бюхман «Қанатты сөздер» деген терминнiң басқа тiлдерге термин есебiнде ене бастағанын жазды.


Ал орыс тiлiне бұл терминдi енгiзген беллетрист-этнограф С.В.Максимов (1831-1901). Ол 1890 жылы «Крылатые слова по толкованию С.В.Максимова» деген атпен кiтап шығарды (25).


Сергей Васильевич Максимов - орыс жазушысы, этнографы, Петербург Ғылым Академиясының құрметтi академигi (1890). Жоғарыдағы аталған кiтаптан басқа «Лесная глушь» (1871), «Бродячая Русь Христа ради» (1877) атты кiтаптары жарық көрген (26).


Н.С.Ашукин мен М.Г.Ашукинаның «Крылатые слова» атты кiтабы 1955 жарық көріп, 1960 және 1987 жылдары қайта басылды. Бұл кiтапта орыс әдеби тiлiнде қолданылатын, қолданылған қанатты сөздер жинақталған.


Н.И.Кондаков пен Л.А.Кленовскаялардың Мәскеу қаласының «Знание» баспасынан 1989 жылы «Крылатые аргументы» атты кiтабы жарыққа шықты. Онда В.И.Лениннiң, К.Маркстiң, Ф.Энгельстiң сөздерiнде, баяндамаларында, кітаптарында, мақалаларында қолданылған қанатты сөздердiң жинағы берiлген.


В.П.Фелицына мен Ю.Е.Прохоров 1979 және 1988 жылы «Русские пословицы, поговорки и крылатие выражения» (Лингвострановедческий словарь) атты кiтап шығарды. Онда орыс халқының көбiрек танымал 450-ге жуық мақал-мәтелi, қанатты сөздерi жарияланған. Оның барлығы орыс тарихының, әдебиетi мен мәдениетiнiң негiзiнде түсiндiрiледi.


А.С.Шофманның «Древний мир в лицах и образах» атты кiтабы 1990 жылы Қазан университетiнiң баспасынан жарыққа шықты. Онда ежелгi дүние тарихына байланысты қанатты сөздерге, ырымдарға, дәстүрлерге түсiнiк берiлген.


1980 жылы Мәскеуден «Словарь латинских крылатых слов» атты енбек жарық көрдi. Бұл кiтапта латын тiлiнен алынған қанатты сөздердiң жинағы жарияланған.


1958 жылы М.А.Булатовтың «Крылатые слова» атты кiтабы жарық көрдi.


2005 жылы Мәскеу қаласынан «Энциклопедический словарь крылатых слов и выражений» атты В.Серовтың кітабы жарық көрді.


Ал ендi қазақ тiлiнде 1959 жылы әдебиетшi ғалым Нысанбек Төреқұлов қазақ әдебиетi мен фольклорындағы қанатты, нақыл сөздердi жинақтап, кiтапша жасап шығарған. Оқушы жұртшылықтың сұрауы бойынша оның екiншi басылымы «Қанатты сөздер» деген атпен Алматыдан 1977 жылы жарық көрдi. Онда автор көптеген жаңа қанатты сөздер, нақыл сөздер қосып, оларды анықтама, үзiндiлермен нығайтып, соңғы деректермен толықтырған (28).


Ғалым Балтабай Адамбаевтың 1976 жылы жарық көрген «Халық даналығы» атты кiтабында қазақ ауыз әдебиетiнiң ең аз зерттелген екi саласы: мақал-мәтелдер мен шешендiк сөздердiң жанрлық табиғаты, жасалу даму жолдары ашылады, мазмұны, құрылысы және көркемдiк ерекшелiктерi анықталады (29).


Бақытжан Хасанов 1972 жылы «Қанатты сөздер» атты кiтапша жазды. Онда жалпыхалықтық мұраға айналған қанатты сөздер, мақал-мәтелдер, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлерiнiң қаламынан туған афоризмдер талданған.


Бұлардан да басқа 1912 жылы М.И.Михельсонның «Русская мысль и речь. Свое и чужое» атты кiтабы, 1930 жылы С.Г.Займовскийдiң «Крылатые слова», 1966 жылы А.М.Бабкин мен В.В.Шендецовтың «Словарь иноязычных выражений и слов», 1969 жылы Н.О.Овруцкийдiң «Крылатие латинские выражения» атты кiтабы және 1971 жылы В.Н.Куприянова мен Н.М.Умнованың «Краткий словарь латинских слов, выражений» деген кiтаптары жарық көрген.


 


ҚАНАТТЫ СӨЗДЕРД ТӘРБИЕЛIК МӘНI


Бейнелi сөздер қатарына халықтық мақал-мәтелдер, нақыл, қанатты сөздер, фразеологиялық тiркестер, идиомдар және метафора, эпитет, теңеу, аллегориялар, сарказм сияқты көптеген көркем сөз құралдары жатады.


Аталы сөздердiң – тәлiм-тәрбиелiк мәнi зор. Кiмде-кiм болмасын өзiнiң көпшiлiк алдында айтайын деген немесе қағаз бетiне түсiрейiн деген ойының әрi өткiр шығып, тыңдаушы көкейiне қонымды болу жағын қарастырады. Ендi сол қанатты сөздердiң    атқаратын эстетикалық-тәрбиелiк қызметiн бiрнеше тақырыптарға бөлiп талдап көрейiк:



  1. Отан, туған жер және халық туралы


«Отан үшiн отқа түс күймейсiң», «Отан оттан да ыстық», «Отан үшiн жан пида» деген көптеген нақылдарды қайталаған сайын Отанға деген сүйiспеншiлiк, патриоттық сезiм арта түседi. Халық Отанын сатқан опасыздарға, туған жер қадiрiн бiлмейтiндерге «Опасызда отан жоқ», «Кiсi елiнде сұлтан болғанша, Өз елiңде ұлтан бол» деп те айтады. Мұғалiмдер осы айтылған нақылдарды жас жеткіншектің өнегелi сөздерге арналған дәптерiне жаздырып, жаттатқаны мақұл. Отан туралы қанатты сөздердi қай ақын, жазушы қандай шығармасында қалай қолданған, соған дәлелдер келтiру керек. Мысалы, ақын Қ.Аманжолов 1937 жылы жазған «Кызыл әскер маршы» атты өлеңiн:


Ел үшiн,


Жер үшiн,


Отан үшiн жан пида» – деген   қанатты сөзбен аяқтаған.


2.Ерлiк, батырлық жайында


Оқушыларды патриотизм рухында тәрбиелеуде халқымыздың батырлық, ерлiк, жауынгерлiк туралы нақыл сөздерiнiң орны ерекше. Ұстаздар өздерiнiң кезектi дәрісінде  халқымыздың ерлiк күрес жолдарын, тарихи жеңiстерiн сөз еткенде тарихи қанатты сөздердi қолданса өте әсерлi болған болар едi. Мысалы, Бауыржан Момышұлы «Әдiссiздiк - әлсiздiк, ептiлiк те ерлiк», «Қарабет болып қашқанша, Қайрат көрсетіп өлген артық» деген қанатты сөздерi сол кездердегi майдандық газеттерде, кейiн Бауыржанның өзiнiң айтуымен жазушы Александр Бектiң «Арпалыс» романының әр тарауына эпитет, эпиграф болып барлық елге жайылды.


Бұндай қанатты сөздер «Қобыланды», «Алпамыс» «Ер Тарғын» және тағы басқа батырлар жырында көп кездеседi.



  1. Еңбек, кәсiп жөнiнде


Еңбекке байланысты тақырыпты өтер алдында мұғалiм еңбектiң адам өмiрiнде атқаратын рөлiн айта келiп, жас жеткіншекті  еңбек сүйгiштiкке, оны қадiрлеуге тәрбиелейтiн қанатты сөздер айтса, артық болмайды.


«Адамды адам еткен – еңбек» деген Ф.Энгельс айтқан нақылда адамзаттың, адам қоғамының даму заңдарын, адамның ақыл-ой, психологиясын аңғарамыз.



  1. Достық, жолдастық жайында


Достық, жолдастық қарым-қатынас, өз ара сыйласу, құрмет көрсетуге байланысты қанатты сөздерден де оқушылар ғибрат алады. Мысалы, «Платон менiң досым, бiрақ шындық одан да қымбат», яғни «қанша дос болғанмен шындық, әдiлдiк бәрiнен де жоғары тұрады».



  1. Тәлім-тәрбие, үлгі өнеге жайлы


Жас ұрпақтың жеке басын тәрбиелеуде мұғалiмдерге үлкен мiндет жүктеледi. Осы орайда қанатты сөздердiң орны да ерекше. «Тәрбиешi адамның өзi де тәрбиелi болуы керек», - деген болатын К.Маркс.


Қанатты сөздердiң патриотизм мен гуманизмге, өнер-ғылымға жетiлу, еңбек сүйгiштiкке тәрбиелеудегi педагогикалық және эстетикалық мәнiнiң күштi екенi байқалады.


Қанатты сөздер тарихшылар мен этнографтарга, заңгерлер мен философтарға өткен мәдениетiмiзден, тарихи оқиғалардан, дәуiрдiң және табиғи құбылыстардың өзгерiп, даму заңдарынан, халықтар тұрмысының этникалық нормаларының, әдет-салттарынан мәлiмет бередi.





Пікір жазу