Қонақжай бұл еліміз
Қазақ елі өте қонақжай, «су сұраса, сүт беретін» қолындағы барымен бөлісіп, өзгелерге көмек беретін бауырмал болып табылады. Татулық пен бірлікті көрсететін, ынтымақ пен сыйластықты білдіретін мерекелі, берекелі күн осы 1-мамыр «Бірлік күні». Бұл күн несімен ерекше деген сұраққа жауап іздер болсақ, бұл күні Қазақстанда тұратын, елімізде мекендейтін түрлі өзге ұлт өкілдерінің бір-біріне деген сыйластығын, бір-біріне деген құрметі мен ризашылығын, ақ жарма тілектерін жеткізетін күн. Әрбір ұлт өкілдері өздерінің салт-дәстүрлерін көрсетіп, ұлттық тағамдарынан дәм ауыз тигізетін күн. Түрлі ұлттардың әндері орындалып, нақышына келтіріп би билеп, көздің жауын алатындай ерекше сәттерін көрсетер мерекелік шаралардың орын алатын күні.
Қазақстан жерінде мекендейтін әрбір ұлттардың татулығы мен сыйластығы, бір-біріне деген құрметтері мен ризашылық көңілдері көп ұлтты мемлекет үшін үлкен жетістік дер едім.
Өсіп келе жатқан, өкшемізді басып, алдыға ұмтылып келе жатқан жастарымыз бен өскелең ұрпақ осы татулықты әрі жалғастырады, себебі бейбітшілік ынтымағы бар, тыныштық пен татулық сыйластығы бар — ол біздің Отанымыз Қазақстан елінің кейінгі ұрпақтарға қалдырар өшпес мұрасы деп білемін.
Мына бес күн жалғанда сыйласып, сырласып, ынтымақ пен бірлікті ұран етіп еліміздің көркеюіне, жеріміздің дамуына титтей де болса үлес қоса білсек «көп түкірсе көл» демекші, ынтымағы мен бірлігі жарасқан біздің ел үшін ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан татулық пен бірлік, ынтымақ пен сыйластықтың тамыры тереңге жайылып, оның жойылып кетуіне жол берілмес еді.
Еліміздегі өзге ұлт өкілдері болсын қазақ бауырларымыз болсын әрбір Қазақстандық азаматтар мен азаматшалар ынтымақ пен бірлікті, сыйластықты сақтай білсе, әрбір жүректің төріне қимастық пен ризашылық пәк көңілдер орныға білсе біздің елде елу жыл өтсе де, тіпті 100 жыл, бір ғасыр өтсе де ынтымақ пен бірлік күні 1 мамыр Ынтымақ, Бірлік күні өз жүрісінен жаңылмай, әрбір жыл сайын тойлана беретініне бек сенімдімін!
«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан» газетінің бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы