Туындылар ✍️
Білім көшін бастаған ҚазҰУ
Білім алу - адам өміріндегі ең маңызды кезеңдердің бірі. Мектеп бітірген соң, жоғарғы оқу орнына түсу әрбір жастың арманы. Дәл осы тұста универсиетті дұрыс таңдау болашағыңызға тікелей әсер етеді. Қазақстандағы білім берудың озық үлгісін қалыптастырған әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті кәсіби маман даярлау ісінде көш бастап тұр. Оқу орнының тарихы тағылымға толы, ғылыми зерттеулер жүргізу мен сапалы білім беруде өзіндік құндылықтарға ие.
Жетекші ұлттық университетке Әл-Фараби сияқты ұлы тұлғаның атын беру үлкен мәртебе. Әлемдік ғылым мен мәдениет тарихында Әл-Фарабидің орны ерекше. Оның еңбектері тек түркі және қазақ философиясының дамуына ғана емес, сонымен қатар Батыс пен Шығыс мәдениетін жақындастыруға себін тигізіп отыр.
ҚазҰУ туралы көп нәрсе айтуға болады, бірақ бұл атмосфераны тек сезіне білу керек. Расында университетте барлығы бар: мықты оқытушылар құрамы, таза ауа, көрікті мекен, дамыған инфрақұрылым, қызықты студенттік шақ. Қара шаңырақта таңдаған мамандық бойынша теориялық тұрғыдан ғана білім алып қоймай, қалашық ішінде орналасқан ғылыми зерттеу зертханаларында жобалармен айналысуға да мүмкіндік бар. Мұнда әрдайым кеңес беруге, бағыт көрсетуге асығып тұратын тәжірибелі мамандар жетерлік. Әр студент өзіне керегін алып, қызығушылығы бойынша кез келген іспен шұғылдана алады. Сабақтан тыс, өзін-өзі басқару ұйымдары ҚазҰУ студентінің өмірін одан әрі қызықты ете түсері сөзсіз. Әр адамның ерекшеліктерін көре білетін және соны дамытуға сеп болатын Сұңқар, Сенат, Көмек, Студенттік кеңес сынды ұйымдар соның дәлелі. Орта қалыптастыратын, өмірлік достар табатын, махаббатын кездестіретін сүйікті жерімізге айналған қара шаңырақ әлі талай жастың жүрегінен орын табады.
Сонымен қатар, әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті туралы мүйізі қарағайдай шетел қонақтарының пікірлерін мақтанышпен айта кеткен жөн:
–Сіздердің университетте жоспарланып іске асырылған және мұражайларда соншалықты шебер көрсетілген технологияларға тәнтіміз. Сіздің мұражай – Қазақстанның ғылымы мен білімінің ұлттық мақтанышы, – дейді Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті, академик Олег Кузнецов.
ҚазҰУ-дың көп деңгейлі білім беру жүйесі жоғары базалық білім (бакалавриат), жоғары арнайы білім, магистратура және докторантурантураны құрайды. Оқуға қабылдау мемлекеттік білім беру гранттары бойынша және келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай білім беру базасы мен әрдайым жаңарып отыратын әдеби материалдарды да баса айтқан жөн. Осылайша, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «елдің басты университеті» мәртебесін сақтап келеді. QS рейтингінде 158 орынға тұрақтап, Орталық Азияда теңдессіз университеттер қатарында.
Қазақ ұлттық университетінің негізгі мақсаты – білім беру сапасын ұдайы жақсартып, оқытушылармен студенттерді халықаралық деңгейде оқыту.Қазақстандағы ең беделді оқу орны білім сапасы жағынан әлемдік деңгейге сәйкес келеді. Көптеген талапкерлер өздерінің қабілеттеріне байланысты Қазақ ұлттық университетіне оқуға түсіп, оны бітіріп шығады. Асқақ армандарға жол ашатын ҚазҰУ-дың орны әрдайым бөлек.
Иса Төлен , Абдуманап Гаухар, Абдрай Фариза
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Философия және саясаттану факультетінің
4 курс студенттері