18.04.2023
  77


Автор: 365 күн

14 маусымда қандай қызықты оқиға болды

Бүгін – Дүниежүзілік қан доноры күні. Бұл мерекені атап өту бастамасын бір мезетте бірнеше ұйым көтерген болатын. Атап айтқанда, Халықаралық қан құю қоғамы, Қызыл крест халықаралық федерациясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы. Бүкіләлемдік мерекенің датасы ретінде 14 маусымның таңдалуы кездейсоқтық емес, дәл осы күні әйгілі ғалым, австриялық дәрігер-иммунолог, адам қанының тобын алғаш ашқан Карл Ландштейнер дүниеге келген еді. 1930 жылы медицинадағы жетістігі үшін Нобель сыйлығын иеленді.

Сондай-ақ, бүгін АҚШ тұрғындары Америка байрағы күнін атап өтеді. Жеті қызыл және алты ақ жолақты тудың бір жақ шетінде 50 бесбұрышты жұлдыз бар. Байрақтағы 13 жолақ тәуелсіз мемлекетті құрған 13 британиялық колонияны (Делавэр, Пенсильвания, Нью-Джерси, Джорджия, Коннектикут, Массачусетс, Мэриленд, Оңтүстік Каролина, Нью-Гэмпшир, Виргиния, Нью-Йорк, Солтүстік Каролина, Род-Айленд) білдіреді. Ал жұлдыздар саны штат санына сәйкес келеді. Қызыл түс төзімділік пен батырлықты, қара көк түс – зейінділік, әділеттілік және сақтықты, ал ақ түс пәктік пен тазалықты білдіреді.

Бүгін, сонымен қатар, интернет қоғамдастығы Халықаралық блогер күнін мерекелеуде. Бұл күнді атап өту идеясы 2004 жылы пайда болған. Әлемнің 40-тан астам елінен 500 адам бір мезгілде бірігіп, төл мерекені бекіту керек деген шешімге келеді. Блогер – интернет-күнделігін жүргізіп, өміріндегі оқиғалармен, суреттермен үнемі бөлісіп, қоғамдағы мәселелерге қатысты ой-пікірін білдіріп тұратын адам. Бұл мереке әлемнің түпкір-түкпірінде әртүрлі тілде блог жүргізетін жандарды жақындастыра түседі.





Пікір жазу