17.04.2023
  81


Автор: 365 күн

4 маусымда қандай айтулы оқиға болды

4 маусым – Қазақстанның мемлекеттік рәміздері күні. 1992 жылғы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Ту, елтаңба және әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері болып саналады. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков. Елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков және Шота Уәлиханов.

Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Қазақ елі тәуелсіздігін алған соң, 1992 жылы Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Нәтижесінде Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, әнұранның үздік мәтініне жарияланған байқауда белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.

2006 жылы елімізде жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал "Менің Қазақстаным" әні таңдалып алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Ал 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан парламенті палаталарының бірлескен отырысында "Мемлекеттік рәміздер туралы" жарлыққа тиісті түзету енгізіліп, еліміздің жаңа мемлекеттік әнұраны бекітілді.

Бүгін - агрессияның жазықсыз құрбандары болған балалардың халықаралық күні. Бұл күн 1982 жылы 19 тамызда Палестина мәселесі бойынша өткен БҰҰ бас ассамблеясының төтенше арнайы сессиясының шешімі бойынша аталып өтеді. 1982 жылы 4 маусымдағы Израиль қарулы күштерінің Бейруттағы тұрғын үй аудандарын бомбалауының бір жыл толуына байланысты бұл күн 1983 жылдан бастап аталып өтеді.





Пікір жазу