1 маусымда қандай қызықты оқиға болды
Бүгін - Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл мереке 1950 жылдан бастап аталып өтеді. Оның мақсаты - балаларға жақсы көңіл-күй сыйлау ғана емес, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне қоғамның назарын аудару.
Сондай-ақ бүгін Бүкіләлемдік ата-аналар күні аталып өтеді. Бұл мереке 2012 жылдың қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясында бекітілген болатын. 2013 жылдан бастап мейрам жаздың алғашқы күні - 1 маусымда тойланады. Ата-аналар күні бүкіл әлемнің тұрғындарына адамзатқа ортақ құндылықтарды еске салып, оларды берік және үлгілі отбасының негізі ретінде қалыптастыруды көздейді.
Бұдан бөлек, бүгін – Дүниежүзілік сүт күні. Көптеген елдер бұрыннан ұлттық сүт фестивальдерін өткізеді, ал Дүниежүзілік сүт күні тек 2001 жылдан қана аталып өтеді. Сүт мерекесін 1 маусымға белгілеуді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы ұсынды. Бұл мейрамды әлемнің 45-тен астам елі тойлап жүр. Әр мемлекетте түрліше аталып өтеді. Сүт мерекесінің арқасында адамдар дұрыс тамақтанудың қажеттілігін түсінеді. Ал дұрыс тамақтанудың маңызды элементтерінің бірі сүт болып қала беретіні анық.