15.04.2023
  97


Автор: Сүлеймен Бақырғани

ӘЗІРЕЙІЛ ТҰТСА ЖАҒАҢНАН

Не қыларсың ей, міскін жан! –
Әзірейіл тұтса жағаңнан?!
Өтермісің, байғұс, сыннан –
Әзірейіл тұтса жағаңнан?
Байлығыңды мақтан қылдың,
Әр сөзіңді батпан қылдың.
Өз-өзіңе қақпан құрдың –
Әзірейіл тұтса жағаңнан.
Салмақ салып жаға-жеңге,
Сыймаушы едің бар әлемге.
Сыярмысың қара жерге –
Әзірейіл тұтса жағаңнан?!
Көрген пенде қайран қалар
Шексіз байлық, пайдаң да бар. –
Бәрі сол күн ойран болар
Әзірейіл тұтса жағаңнан?!
Ей, міскін құл, қорық – Хақтан,
Шайтаннан қаш торып-баққан.
Кеш қаларсың, желік қаққан,
Әзірейіл тұтса жағаңнан?!





Пікір жазу