meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  15.04.2023
  167


Автор: Қожа Ахмет Яссауи

ОМАР ХАҚЫНДА

Сәни* досы Расулдың әділетті Омар-дүр,
Мүмін жары асылдың әділетті Омар-дүр.
Біләлге азан айттырған,
шариғатты хат қылған,
Дін шырағын жақтырған әділетті Омар-дүр.
Қағба есігін аштырған,
барша пұтты ылақтырған,
Расул көңілін хош қылған әділетті Омар-дүр.
Шариғатқа күш-қорған,
тарихатты ұстанған,
Ақиқатты түс таныған әділетті Омар-дүр.
Әділеттің жолында
құрбан қылған ұлын да,
Қалған шындық шыңында әділетті Омар-дүр.
Шырақ болып парлаған,
дін жолынан танбаған,
Жөнсіздікке бармаған әділетті Омар-дүр.
Міскін Ахмет, жол алғын,
әлсіздікті доғарғын,
Сонда рухы болар – нұр әділетті Омардың.


------------------
Сәни* – екінші.





Пікір жазу